ЖАРАЛЫ ЖАНДАР ЖАБЫРҚАМАСЫН
Жаратқан Иеміз Жер бетіндегі адамдардың әрқайсысына әртүрлі тағдыр жазады. Құдіретті күшті Алла пенделерінің барлығының қолына бақыт кілтін ұстата бермейді. Олай етсе қам сүт емген пенделер бақыт пен қуаныштың, рахат сезімнің қадірін білмес еді. Сондықтан да әр адамға әрқалай тағдыр жазатын сыңайлы. Бірақ қалай дегенде де адамнан адамның артықшылықтары болмауы тиіс. Олардың артықшылығы алған білімі мен тәрбиесінде ғана ерекшелініп тұрса керек.
Сонау өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші жылдары біздің алақандай ауылда бір қолы, бір аяғы жоқ адамдар көп болушы еді. Бір ерекшелігі, олардың барлығы да өздеріне жүктелген жұмысты тап-тұйнақтай етіп орындайтын. Және шаршау дегенді білген емес. Қай жерде адам күші жетпей жатыр, сол жерлерде жаңағы аталар жүреді.
Қоныс деген атамыз әлі есімде. Бір аяғын жуан саннан фашистің оғы жұлып кеткен. Аяқтың кем жерін толықтыру үшін атамыз ағашаяқ киеді. Онысы қара ағаштан жасап алған дүмбілездеу дүние. Қолайсыз да қораш көрінеді. Бірақ қазіргідей жеңіл де ыңғайлы протез қайдан болсын, сол дөңбекті атамыз аяғына жалғап жүреді. Оны кию үшін әуелі ағашаяғының үстіне киіз қояды. Бұл кесілген жерге батпасын деген амал. Сосын қолдан жасалған «протездің» жамбасқа дейін жалғасып тұрған екі айыр белдігін матамен жақсылап орайды. Сосын орнынан тұрып, аяғын ауыр қозғап жұмысына кетіп бара жатады. Әлгі ағашаяқ жүрген сайын қолайсыздау дыбыс шығарып, онсыз да жаны күйзеліп бара жатқан атаның жүйкесіне тиеді. Бірақ, Қоныс атаның еңсесі тік. Көңілі жайлаудағыдай.
Қоныс ата ағашаяғын сүйретіп жүріп атын ерттейді. Сосын оны арбаға жегеді. Осылай жүріп кеңшардың барлық жұмысына жегіледі. Бірде қарасаңыз, мал қораға жем апара жатады. Енді бірде шабындықтан шөп әкеле жатады. Әйтеуір, жыл он екі ай тынбайды.
Ал, Құттыбай атамыздың бір қолын немістердің бомбасы жұлып кеткен. Құттыбай ата жалғыз қолымен жұмысты жапырады. Оның бір қолымен шөп орғанын көрсеңіз ғой. Шалғының сабын бір иығына байлап қойып, жалғыз қолымен жоңышқаны зыр-зыр еткізіп орып бара жатқанда комбайн ба дерсіз. Осы атамыз бригадир қайда жұмса да іркілмей барып, шаруаны тап-тұйнақтай етіп орындап қайтады. Бір таңырқайтынымыз, Қоныс ата да, Құттыбай ата да ешқашан шағымданып көрмепті. Олардың біреуге шағымданып тұрғанын айтып келгендер де жоқ.
Ауылда соғыстан жараланып келген көкелеріміздің татулықтарында мін жоқ еді. Олар кеңшар жиындарында үнемі жақсы аттарымен аталып жүрді. Кеуделері орден, медальдарға толы оларды көрсек, алдарынан жүгіріп шығып, сәлем бергенді мәртебе санайтынбыз.
Олар мектепке кезегімен жиі шақырылады. Әсіресе, Жеңіс күні мерекесі қарсаңында аталармен түрлі кездесу шаралары ұйымдастырылады. Мұндайда олар соғыста көргендері мен ерліктерін айтып береді. Жеңіс жауынгерлерінің барлығы бізге батыр болып көрінеді. Олардың әңгімелерін ауызымыз ашылып тыңдаймыз. Жеңіс жауынгерлерін пионер қатарына қабылдап, мойындарына галстук байлап жіберген күндеріміз естен шығар ма?
Ауылымызда Дүйсенхан деген жігіт ағасы жасындағы мылқау кісі болды. Оның не айтпақ болғанын ымынан бәріміз түсіне беруші едік. Өте ақ көңіл жан еді. Мектепке бара алмады. Оқи алмады. Бірақ, білмейтіні жоқ. Өте сезімтал болды. Жасы келгенде кеңшардың жұмысына шықты. Жүрген жерін қыран-топан күлкіге қарық етіп жүретін. Оның айналасынан балалар да топырлап қалмайды. Дүйсенханның әрбір қимылы күлкінің кені.
Әрине, тең теңімен, тезек қабымен. Осы Дүйсенхан ағамызға да өзіне лайық жар табылды. Әкесі ауыл-ауылды аралап жүріп, бір үйдің қызына құда түсіп қайтты. Жеңешеміздің де тілі жоқ демесеңіз, шаруаға өте мығым еді. Қайныларымен қатты қалжыңдасатын. Дүйсенхан екеуі бірін-бірі жақсы түсінетін. Өзара қалжыңдасқандары да жарасымды көрінетін. Бір таңырқатарлығы, осы екеуінен туған бауырларымыздың тілдері жастарына жетпей шықты. Бұған ауыл болып қуандық.
Әкем мен шешем соғыстан жараланып келген аталар мен Дүйсенхан сияқты ағаларды үнемі құрметтеу керек екенін есімізге күн сайын салып отырды. Біздің тәрбиеміз осындай еді.
Міне, Тәуелсіздік алғанымызға отыз бес жылға жуықтады. Еліміз сол Қазақ елі. Ешкімді жатырқамайтын, ешкімді алаламайтын мейірмандық пейіліміз сол қалпы. Мемлекетіміз де ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау, қорғау керектігін үнемі айтып келеді. Айту бір басқа да, жүзеге асыру бір басқа. Мемлекетіміз ерекше қажеттілігі бар адамдарға қамқорлық көрсету туралы көптеген қуанарлық бағдарламалар жасады. Мәселен, «Кедергісіз келешек» бағдарламасын алыңыз. Қазір қай мекемеге (аурухана, емхана, прокуратура, полиция, сот, әкімшілік, оның бөлімдері, тағы басқалары) барсаңыз да ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған арнайы баспалдақ бар. Сол баспалдақ жанындағы түймені баса қойса, мекеменің бір қызметкері алдынан жүгіріп шығады. Мұндай баспалдақтар еліміздегі барлық мекеме алдарында бар. Сондай-ақ көше бойларында көлік көп жүретін жол бойларына аспалы көпір орналастырылған. Оның үстіне жеделсатымен шығасыз. Қалалардағы әр бағдаршам жанында радио жұмыс істеп тұр. Ол зағип жандарға арналған. Бағдаршамның қандай түсі жанғанын үш тілде хабарлап отырады.
Бүгінде қай қалаға, аудан орталығына барсаңыз да инвотакси зырылдап жүйткіп жүр. Ерекше қажеттілігі бар адамдар барғысы келген жерлерге осы инвотаксилермен барады. Олардың жолақысы мемлекет есебінен.
Елімізде сонымен қатар көптеген зағиптар және мүгедектер қоғамдары жұмыс істейді. Олардың барлығы да мемлекет қолдауына ие. Олар өз кәсіптерін ашқан. Сол арқылы қоғамның белді мүшесіне айналған. Ерекше қажеттілігі бар адамдар өздерінің бос уақыттарын тиімді өткізеді, бала-шағаларына нәпақа табады. Мұндай жандар арасында өнер-білімге бейімдері де жеткілікті. Зағиптарға арналған кітапханаларды әр қаладан табуға болады. Сол кітапханаларда ерекше қажеттілігі бар адамдар өз өнерлерін ортаға салады. Сондай-ақ осында кітап оқиды. Алған әсерлерін ортаға салып, бөліседі.
Қазір кез келген жиындарда ерекше қажеттілігі бар адамдар да отырады. Оларды арнайы шақырады. Олардың арасында талантты, білімді жандар көп. Шығармашылықпен айналысатындары да жеткілікті. Олардың шығармашылық жұмыстары кеңінен насихатталып тұрады. Әңгімеміз нақты болуы үшін бірнеше дерекке сүйенейік.
Түркістан облысында да ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз ету үшін бірқатар шаралар жүзеге асып келеді. Ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтарын қорғау және олардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында көптеген мемлекеттік және қоғамдық бағдарламалар жүзеге асырылуда. Түркістан облысындағы ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған бағдарламалар мен олардың нәтижелері көңіл көншітеді.
Ерекше қажеттіліктері бар адамдар қоғамның ерекше қамқорлық пен қолдауды қажет ететін тобына жатады. Түркістан облысында да осындай адамдар саны аз емес. Олар түрлі медициналық, әлеуметтік және экономикалық қиындықтармен бетпе-бет келеді. Сондықтан, мемлекет және үкіметтік емес ұйымдар тарапынан ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолдау көрсету мақсатында арнайы бағдарламалар қабылданған. Айталық, «Қазақстан Республикасында мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қорғау туралы» мемлекеттік бағдарлама үнемі басшылыққа алынып келеді.
Аталған бағдарлама ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтарын қорғауға және олардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Бағдарлама аясында ерекше қажеттілігі бар адамдарға медициналық көмек көрсетумен қатар медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру бағытында арнайы іс-шаралар жоспары түзілген. Бұл мақсатта арнайы медициналық орталықтар ашылып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында тұрғын үймен қамтамасыз ету, азық-түлік, киім-кешек және басқа да қажеттіліктерін қадағалау, демеушілердің күшімен оларды қамқорлыққа алу ұйымдастырылған.
Тағы бір атап өтер жәйт, ерекше қажеттіліктері бар балаларға білім беру саласында тең мүмкіндіктер жасау үшін арнайы бағдарлама түзілген. Бұл мақсатта арнайы мектептер мен білім беру орталықтары ашылған.
«Мүмкіндігі шектеулі адамдарды еңбекпен қамту туралы» мемлекеттік бағдарлама аясында ерекше қажеттіліктері бар адамдарды еңбекпен қамту және олардың экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында бірқатар игі істер атқарылған. Айталық, жаңа жұмыс орындарын құру айтарлықтай деңгейде жүзеге асуда. Бұл ретте олардың мүмкіндіктеріне сәйкес келетіндей жұмыс қарастыру басты назарда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Осыған орайластырып ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арнап кәсіптік даярлау курстарын ашу көзделген. Бұл курстар олардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Қалай дегенде де кімде болсын, қаржысыз кәсіп аша алмайды. Сондықтан ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қаржылық қолдау көрсету үлкен мәнге ие. Бұл көмекке мемлекеттік жәрдемақылар мен гранттар кіреді.
Үкіметтік емес ұйымдар да осы мәселеге назар жығып, бағдарламалар түзген. «Ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған білім беру бағдарламалары» аясында ерекше қажеттіліктері бар балаларға білім беру саласында тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған. Бағдарлама аясында бірнеше негізгі шаралар жүзеге асырылған. Атап айтқанда, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы мектептер ашылмақ. Бұл мектептер олардың білім алуына қолайлы жағдай жасап қана қоймай, олардың өмірге деген құштарлықтарын арттырады.
Мүмкіндігі шектеулі балаларға инклюзивті білім беру де маңызды. Оларды жалпы білім беру жүйесіне қосу көзделген. Бұл әдіс олардың қоғамға бейімделуіне және әлеуметтік дағдыларын дамытуға көмектеседі.
Жаны жаралы жастарды психологиялық жағынан қолдау да ұмыт қалмаған. Осы ретте ерекше қажеттіліктері бар балаларға және олардың ата-аналарына психологиялық қолдау көрсетіліп келеді екен. Бұл қолдау олардың эмоционалдық жағдайын жақсартуға бағытталған.
Қоғамның толық мүшесі ретінде жаны жаралы жандарды кез келген қоғамдық іс-шараларға қатыстыру керек. Бұл шаралар олардың қоғамға бейімделуіне және әлеуметтік дағдыларын дамытуға көмектеседі.
Түркістан облысында ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған бірнеше орталықтар бар. Бұл орталықтар олардың медициналық, әлеуметтік және психологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған. Солардың ішінде оларға медициналық көмек көрсету мақсатында ашылған арнайы медициналық орталықтарда жоғары білікті мамандар жұмыс істейді.
Облыста мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында әлеуметтік орталықтар ашылған. Бұл орталықтарда түрлі әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.
Жаралы жандар қашанда күйзелісте жүреді. Сондықтан оларды әрқашан психологиялық жағынан қолдап отыру керек. Осы мақсатпен ерекше қажеттіліктері бар адамдарға психологиялық қолдау көрсету мақсатында психологиялық қолдау орталықтары ашылған. Бұл орталықтарда психологиялық кеңес беру және терапия қызметтері көрсетіледі.
Тағдырдың ауыл сынына ұшыраған адамдардың да баратын, келетін жерлері болады. Олар емханаларға барып, дәрігерлерге қаралады. Сондықтан оларға қолайлы көлік және инфрақұрылым қамтамасыз ету маңызды. Түркістан облысында бұл мақсатта бірнеше шаралар жүзеге асырылған. Мәселен, арнайы көлік қызметтері ұйымдастырылған. Бұл қызметтер олардың қозғалуын жеңілдетуге бағытталған.
Қимыл-қозғалысы кем адамдар үшін қолайлы инфрақұрылым нысандарын көптеп салу да маңызды. Бұл нысандарға қолжетімді кіреберістер, арнайы пандустар, лифтілер және басқа да қажетті құрылғылар кіреді. Бүгінде Түркістан қаласынан бастап, барлық аудандарда, қалаларда бұл мәселе оңтайлы шешілген.
Түркістан облысында сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтарын қорғау ешқашан естен шыққан емес. Осы мақсатта оларға құқықтық кеңес беру қызметтері көрсетіледі. Бұл қызметтер олардың құқықтарын қорғауға және заңнамалық базаны түсіндіруге бағытталған.
Құқықтық қорғау ұйымдары ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтарын қорғауға бағытталған жұмыс тізбегін жасаған. Бұл ұйымдар олардың құқықтарын қорғауға және заңнамалық нормаларды сақтауға көмектеседі.
Қоғамдық қорғау ұйымдары ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтарын қорғау үшін арнайы жоспар жасапты. Түркістан облысында бұл мақсатта мүмкіндігі шектеулі адамдардың мәселелерін шешу мақсатында қоғамдық кеңестер ұйымдастырады. Бұл кеңестерде олардың мәселелері талқыланып, шешу жолдары қарастырылады. Сонымен бірге ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтарын қорғау мақсатында түрлі қоғамдық акциялар ұйымдастырылады. Бұл акциялар олардың мәселелерін қоғам назарына жеткізуге және шешу жолдарын іздеуге бағытталған.
Бұған қосымша тағы қосарымыз, Түркістан облысында ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз ету мақсатында көптеген мемлекеттік және қоғамдық бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Бұл бағдарламалар олардың өмір сүру сапасын жақсартуға, әлеуметтік, медициналық және психологиялық қолдау көрсетуге бағытталған. Ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтарын қорғау және олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау маңызды. Түркістан облысында бұл мақсатта мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі қуантады.
Таяуда Парламент Сенатының спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Түркістан қаласының ерекше мәртебесіне қатысты заңдарды қарады және өздерінің сауалдарын жолдады.
Отырыс барысында Сенат депутаттары «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңды және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңламалық актілеріне Түркістан қаласының ерекше мәртебесі және шет елдегі мәдениет орталықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қарады. Осы заңдарда мүгедектігі бар адамдар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге және инклюзивті туризмді дамытуға арналған түзетулер де қамтылған. Бұл ретте инфрақұрылымның кедергісіз қолжетімділігін қамтамасыз ету көзделіп отыр. Сонымен, ҚР Парламенті Сенатының 2025 жылғы 13 ақпандағы отырысында «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңы мақұлданды.
Бұдан шығатын қорытынды, мүгедектіктері бар адамдар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету қашанда назарда. Бұл ретте мемлекетіміздің сара саясаты қуантады әрине.
Сонымен қатар елімізде ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдаумен қатар оларды қоғамның барлық саласына араластыру да ұмыт қалған жоқ. Айталық, туабітті мүгедектігі бар және өмірдің қатал сынына ұшыраған адамдарды қоғамға бейімдеу үшін оларды спортқа қатыстыру жалғасып келеді.
Әрине, туабітті немесе түрлі себептермен мүгедек болып қалған адамдардың дене тәрбиесі және спортпен айналысуы олардың қоршаған ортаға үйренісуіне, психикасының түрлі жағдайларға бейімделуіне әсер етеді. Спортпен айналысып, денсаулықтарын нығайтады. Жарыстарға қатысу оларды барлық жағынан шыңдайды. Белсенді өмірге құлшындырады. Көптеген елдерде, оның ішінде Қазақстан Республикасында да мүгедектер спортының халықаралық талаптарға сәйкес нормалары мен ережелері бекітілген. 2001 жылға дейін саңырау адамдардың Бүкілдүниежүзілік ойындары өтіп келген еді. Бұдан кейін де басқа да ерекше қажеттілігі бар адамдардың спорт ойындары ұйымдастырылды.
2000 жылдан бастап паралимпиядалық ойындар өтіп келе жатқаны белгілі. Қазақстанда мұндай спорт жарыстары 1992 жылдан бастап өте бастады. Осы жылы өткен мүгедек адамдардың I республикалық спартакиадасында 25 адам ХДШС-інің, 60 адам CШ-нің нормаларын орындады. Мұның өзі республикалық мүгедектер спортының республикада халықаралақ аренаға шығуына жарқын жол ашты. Елімізде мүгедектер арасындағы алғашқы спортшылар жарысы 1998 жылы Қарағандыда, 2001 жылы Астанада өтті.
Еліміздің мүгедек спортшылары арасында ең таңдаулыларды іріктеу де маңызды еді. Сол үшін де есту органдары бәсең, қимыл-қозғалыстары шектеулі мүгедектер арасында жарыстар өткізу қолға алына бастады. 2001 жылы 1-ші паралимпиялық ойындар өтіп, республиканың құрамасы жақсы өнер көрсетті. Сонымен қатар республикамыздың мүгедек спортшылары түрлі чемпионаттар мен Азия ойындарында көзге түсіп, түрлі халықаралық бірлестіктерге мүше бола бастады.
Республиканың мүгедек шахматшыларын, дойбышыларын, жеңіл атлеттерін, волейболшыларын, бадминтоншыларын, т.б. спорт түрлері өкілдерін ел тани бастады. Бұлардың барлығы халықаралық жарыстардағы табыстарымыздың арқасында болатын. Қазір де мүгедек спортшылар шетелдердегі жарыстарға қатысып, жеңіс жалауын желбіретіп, үлкен табыстармен оралып жүр. Мұндай мысалдарды мыңдап келтіруге болады. Иә, біздің елде ешкім де сырт қалмайды.
Қазір жаһандық өзгерістерге байланысты балалар арасындағы ақаулар әлемді алаңдатып тұр. Бұл белгісіз кеселден Қазақстан да қашып құтыла алмай тұр. Балалар арасында аутизм ауруына шалдыққандар көп. Дүниежүзі бойынша аутизм белгісіне шалдыққан сәбилердің қатары жылдан жылға өсіп келеді екен. Аутизм ауытқуы бар балалар әсіресе жас отбасыларында көп кездеседі.
Бірақ бұл бала дамуындағы ерекшеліктер Қазақстанда толық зерттелмегендіктен, көп ата-аналар өз баласынан аутизм белгісі бар екенін білмеуі де мүмкін. Олай дейтініміз, қазір қоғамда 3-4 жасқа келсе де тілі шықпаған балалар өте көп. Ал мамандар бұл белгіні «аутизмнің бір белгісі болуы мүмкін» деп те санайды. Осы орайда, «аутизм белгісі бар» баланың айырмашылығы қандай? Бұл ауытқудан қалай айығуға болады? Елімізде бұл дертпен күресу үшін қандай жағдайлар жасалған? Осы сауалдарға жауап іздеп көргенде мамандардан төмендегідей жауап алдық.
Аутизм шын мәнінде ауру емес. Бұл баланың дамуындағы ерекшеліктер, ми дамуындағы бұзылыстардың салдары. Бала бойындағы алғашқы байқалатын белгі – бала сөйлей алмайды. Көп жағдайда аутизм белгісі бар сәбилер 5-6 жасқа дейін айналадағы адамдармен қарым-қатынасқа түсе алмайды екен. Содан барып, өзінің бөлек әлемінде өмір сүреді. Сырт көзге олар әуелі дені сау бала болып көрінеді. Ойнайды, күледі. Жүреді. Бірақ, ауытқуы бар екенін оның ерекше қылықтарынан, мінез-құлқынан аңғара аласыз. Ал оның алғашқы белгілері баланың 1-3 жасында анық байқалады. Яғни, бала көзге тік қарамайды, толық сөйлемейді, тамақты талғап жейді. Басқа балалармен ойнамай, әркез оқшауланып жүреді. Ойыншықтармен де ойнамайды. Тек бір затты бір сызықтың бойымен қатар тұрғызуға әуес болады. Мұндай балалар не гипербелсенді, не пассивті болуы да мүмкін. Тағы бір ерекшелігі, өзінің атын атап шақырғанда, қарамайды. Тіпті ешқандай реакция да білдірмейді. Егер бір жері жарақаттанып қалса, не болмаса қарны ашып, тоңса, оны да сезбейді. Үйдің ішінде бағытсыз әрі-бері жүре береді. Кейде терезенің алдында бірнеше сағат бойы өз-өзімен отыра береді. Ал оның тыныштығын бұзып, назар аудартуға тырыссаң, айқайлап, жылап, тістеп, төбелесіп болса да қарсылығын көрсетеді. Киім кигенде де өзіне ұнайтын бір киіммен жүреді. Одан бөлек, басқа адамның өзінің денесіне қол тигізгенін ұнатпайды.
Енді бұл аурудың қашан, қайдан пайда болғанын ешкім нақты айта алмайды. Кеңес үкіметі тұсында да мұндай балалар болған. Бірақ оларға тап «аутист» деп емес, «шизофрения», «деменция», «умственная отсталость» т.б осыған ұқсас диагноздар қойылып келген. Қазір диагностика дамығаннан кейін оған нақты диагноздар қойып, «аутизм» екенін бірден анықтай аламыз. Дегенмен, «аутизмді» шизофрениямен байланыстыруға да болмайды. Өйткені, ол екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Мұны ауру деп емес, психологиялық дамудың бұзылуы деп қарастырады дәрігерлер.
Шындығында «аутизмнің» көбеюіне нақты себеп жоқ көрінеді. Оның шығу себебін өзге мемлекеттің ғалымдары әлі де зерттеп жатыр. Өкініштісі сол, Қазақстанда әлі ешқандай зерттеулер жүргізіліп жатқан жоқ болып шықты. Ал енді әлемдік тәжірибеге сүйенсек, олардың дәрігерлеріне құлақ түрсек, қазір техноген, экология факторлары әсер етуі мүмкін екенін айтады. Сондай-ақ жүктілік кезінде анасы тұмаурату секілді аурулармен ауыратын болса, баланың миына зақым келтіруі мүмкін. Кейін бала өсе келе, ол аутизмге айналады деген тұжырымдар да бар. Бірақ бұл да нақты дәлелденген фактор емес.
Дамыған елдерде, оның ішінде Израильде нәресте кезінен, яғни баланың 3 айлық кезінен байқауға болатындай жағдайлар жасалған. Ал Қазақстанда тек 5-7 жаста, яғни бала сөйлемегеннен кейін ғана оның себебін анықтай бастайды. Сондай-ақ бізде бала сөйлемесе, көп отбасы «ол ерке бала» деп айтады. Сол үшін «еркеліктен сөйлемей жүр, не оның әкесі, атасы мен әжесі де кеш сөйлеген» деп өздерінше болжам жасап, уақыттарын өткізіп алып жатады. Емдеуге байланысты ең маңыздысы АВА терапия, сенсорика, адаптивті спорт секілді әлем бойынша дәлелденген 3 әдіс-тәсіл бар. Өкініштісі, бұлар Қазақстанда қолжетімді емес. Тек жеке түзету орталықтарда ақылы түрде қызмет көрсетеді. Сол себептен, еліміздегі мұндай балалар үшін жақсы жағдай қарастырылған деп айта алмайды екен дәрігерлер мен психологтар. Елімізде еш жағдай жасалмағандықтан, аутизм белгісі бар балалардың ата-аналары арнайы ұйым ашып, жағдайларын айтып, Үкіметке үндеу жасаған.
Қырсыққанда, бұл ауытқудың ешқандай емі де, дәрісі де жоқ болып шықты. Әрине, баланың ауытқуларын кеш біліп, оны сауықтыруға әрекет етсе, оны түзету өте қиын болады. Ал бала 2-3 жаста сөйлемей, «аутизмнің» белгілері болса, арнайы мамандарға дер кезінде баруы керек. Сонда бала мектепке дейін түзеліп, жалпы білім беретін мектепке бара алады екен. Одан бөлек, кейбір ата-аналардың арасында баласының бұл дертке шалдыққанын біле тұра, мамандардың көмегіне жүгінбей, жасырып жүретіндер де табылады. Себебі, «мүгедектігі жөнінде психдиспансерден анықтаманы алсам, ертеңгі күні балам мектепке қалай барады? Қалай жұмыс істейді?» деп қорқатын ата-аналар да жеткілікті. Ондай ата-аналар «балама бір дәріні берсем, ертең сап-сау балаға айналып шыға келеді» деген бос қиялдарымен айлап-жылдап жүреді. Бірақ бұл ауытқудан қорықпау керек. Арнайы мамандар ата-аналарға «балаңыздың дертін мойындап, тезірек мамандарға апарып, жұмыс істеңіз» деп кеңес береді. Баласының ауытқу жағдайын кей дәрігерлер өз бастарынан да өткізеді екен. Олар да біраз уақыт сиқырлы дәрі іздеп, елде жоқ емші күтіп дегендей, қымбат уақыттарын өткізіп алған. Басқа басқа дәрігерлердің өзі жаңылысқанда, басқалар не істемек? Бала – бауыр етің. Оның болашағы сенің қолында. Болашағыңның тағдырымен ойнама. Олардың әр қимылын қалт жіберме.
Тағы бір ескертетін мәселе қоғамдық жерлерде ерекше балаларға арналған ақпараттандыру аз болғандықтан, дәрігерлерге білдіретін наразылықтар да болып тұрады. Үйде алаңдаушылық байқалған кезде ғана «балаңды дұрыс тәрбиелемейсің, қандай анасың?» деген сауалдар көлденең шығады. Сонда ғана ата-аналар баласының сөйлемейтінін, аутизм дерті бар екенін айтуға мәжбүр болады. Оқыс жағдайлар дегенде, бала ойын алаңдарында шыңғырып жүгіруі мүмкін не болмаса ерекше мінезін көрсетеді. Алайда, кейбіреулер мұны еркелік не отбасында бетімен кеткендік деп түсінеді. Тағы бір айтар мәселе, мектептерде мұндай балаларды кемсітпеу, ерекше балаларға, мүгедектігі бар балаларға қалай қарау керектігі оқушылардың естеріне жиі салынбайды. Бұл ретте арнайы тәрбие сабақтары өтіп тұруы тиіс. Кей мектептерде сөйлей алмаған қызды басқа балалар «дурочка» деп кемсітеді. Бұған ол қалай шыдап тұра алады? Балалар нені біледі? Олар қасындағы баланың ауру екенін, оған ықыласпен қарау керектігін қайдан біледі? Сондықтан әр ата-ана баласына класында сондай оқушы болса оған құрметпен қарау керектігін үнемі естеріне салып отырулары тиіс. Ал, сырқат бала қасындағылар кемсіткенде шыдай алмайды. Ерсі қылықтар көрсетіп, қорғанулары мүмкін. Тіпті, кейде шыңғырып, қасындағыларды теуіп, әлек салады. Мұндай кезде оларды кінәламай, түсіністік таныту керек.
Түбінде бұл кеселдің де емі табылады деп тілейік. Медицина қарыштап дамып жатқан мына заманда мұның емі табылмайды ғой деймісіз. Алайда, «Сақтансаң сақтаймын» демекші, мына мың құбылған замана ауанына қарай сақтық шараларын ұмытпауымыз керек.
Енді әлемді бір шарлап көрелік. Ондағы жағдайлар да адаңдатады. Мінекейіңіз. Соңғы мәліметтерге сәйкес, әлем бойынша 2022 жыл бойынша 44-те 1, 2023 жылда балалардың 36-да 1-інде аутизм белгісі бар деген болжам шықты. Бұл Америка Құрама Штаттарының статистикасы. Ал біздің Қазақстанда мұндай статистика мүлдем жоқ. Сол үшін әркім әртүрлі болжам айтады. Мысалға, Денсаулық сақтау министрлігі өздерінде тіркелген дерек бойынша нақты ақпарат берсе, Еңбек министрлігі мүгедектігі жөнінде тіркелген мүгедек балаларға қатысты ғана ақпарат береді екен. Ал Оқу-ағарту министрлігі ерекше білім қажеттілігі бар балалар деп бөлек статистиканы алға тартады. Бірақ «аутизм» белгісі бар деген нақты статистика жоқ. 2018 жылдан бері қоғамдық ұйымдар мен осы саланы зерттеп жүрген ұйымдар үкіметке бұл жөнінде айтудайын айтып келеді. Бірақ, әлі өзгерген ештеңе жоқ. Бұл жаңағы айтқан үш министрліктің құзырына кіретін сұрақ. Дегенмен, олардың өзара ортақ байланыстары жоқ. Сондықтан деректер әрқилы. Ал эксперттік болжам бойынша, 300 мыңдай бала аутизммен ауырады. Бір ғана мысал. Алматыда өткен конференцияда «Қазақстанда балалардың 6 пайызында осы белгі болуы мүмкін» деген қорқынышты дерек айтылып қалды. Қарапайым есепке жүгінетін болсақ, Қазақстанда 5 жарым миллион бала болса, оның 6 пайызы 300 мыңды құрайды. Бірақ бұл тек болжам ғана. Ал нақты ресми деректерге келсек, Денсаулық сақтау министрлігінде шамамен 9 мыңнан астам аутизм диагнозы бар балалар психдиспансерлерде есепте тіркелген, Еңбек министрлігінде жалпы мүгедектігі бар балалардың саны 98 мың деп айтылады. Ал Оқу-ағарту министрлігінде жалпы 140 мыңға жуық ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар бар деген дерекке жүгінген. Осы сәйкессіздіктерді ойластыра келгенде барлық деректі бір жерге шоғырландыратын ортақ кешенді бағдарламалар қажет. Тап осы бағдарлама арқылы балаларға қолдау көрсетіп, шаралар жүргізілгені жөн.
Қалай дегенде де аутизм және менталды бұзылыстары бар адамдарды қолдауда үкіметтің кешенді бағдарламасы болғаны жөн. Егер барлық сұрақтың жауабын сол кешенді бағдарлама арқылы шешіп отырса, жұмыс жүйелі түрде жүреді. Айталық, балаларға ерте диагностиканы Денсаулық сақтау министрлігі қадағалауы керек. Бұл орайда олардың нақты іс-әрекеті керек. Қашаннан балалар бақшасы, мектеп, колледж – Оқу-ағарту министрлігінің құзыреттілігінде. Ал Еңбек министрлігі мүгедектерді әлеуметтік қолдау мәселесін қолға алса, Ғылым және жоғары білім министрлігіне мамандарды даярлау және ғылыми зерттеулер ісі кіреді. Еуропа мемлекеттері жақындары қайтыс болып, қараусыз қалған «аутизм» белгісі бар балаларға (сонымен қатар 18 жастан асқан ересек адамдарға), арнайы үйлер салып, күтушілерді бөледі. Мұндай жағдай біздің елде бар ма? Бар болса қай қалаларда? Біздің мемлекеттің ендігі бір қолға алар шаруасы осы болса керек. Мамандар «Аутизмге» қатысты нақты жүйелі бағдарлама жасалынып, осы мәселенің барлығы орнымен тезірек шешілсе деп тілейді.
Ерекше қажеттілігі бар адамдарға инклюзивті білім беру мен жұмысқа орналастыру мәселелері шешімін тауып келеді. 1992 жылы 5 мамырда Еуропа елдерінің ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтарын қорғау және физикалық, психикалық немесе сенсорлық шектеулері бар азаматтарды кемсітудің алдын алу күнін алғаш рет кең көлемде өткізген еді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бағалауы бойынша әлемде 1 миллиардтан астам азамат ерекше қажеттілікке ие адам, бұл әлем халқының 15%-ын құрайды, оның 100 миллионнан астамы балалар. Бұл ретте мүмкіндігі шектеулі жандардың 80%-ы дамыған елдерде тұрады. Алайда, мүмкіндігі шектеулі балалардың 50%-ы денсаулық сақтау саласында өздеріне қажетті қызметтерді ала алмайтын көрінеді. Сонымен қатар, олар білім алуда, жұмысқа орналасуда, инфрақұрылым нысандарына қол жеткізуде қиындықтарға тап болады екен.
Бірақ әлемдегі жағдай солай екен деп босқа дүрлігудің қажеті жоқ. Қуанарлығы, біздің мемлекеттің әлеуметтік саясатында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тең құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері ерекше маңызды. Біздің елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жәрдемақы мөлшерін кезең-кезеңімен ұлғайту жұмыстары жалғасып келеді. Сол сияқты ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін қолайлы жағдайлар жасау бағытында жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл – арысы алыс ауылдардағы инфрақұрылымдарды жақсарту, мүгедектік алу рәсімдерін оңайлату, оңалту жүйелерін жетілдіру, оларды жұмысқа орналастыруды жеңілдету, осы орайда оларға көмектесу арқылы да көрініс береді. Мұнан соң мүмкіндігі шектеулі азаматтар білім алуға тиіс. Оларға жанашырлық таныту керек. Ең бастысы, қоғамда ерекше қажеттілігі бар адамдарға құрметпен қарау үрдісін қалыптастырған абзал. Осы тұрғыда барлық мекемелерде семинар-сабақтар өткізіп тұру артықтық етпейді.
Мүмкіндігі шектеулі жандар қашан да мемлекет қорғауында келеді. Мемлекетіміз оларға мүмкіндігінше барлық жағдайды жасауда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша, бүгінгі күні Қазақстанда мүгедектігі бар 750 мыңнан астам адам тұрады. Айталық, 421,5 мың адам – еңбекке қабілетті жас (59,8%), 181,9 мың адам – зейнеткерлік жас (25,8%) және 101,6 мың адам – 18 жасқа дейінгі балалар (14,4%). Осы санаттағы азаматтарды әлеуметтік қорғау Қазақстан Республикасының Конституциясымен, «Қазақстан Республикасындағы мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі. 2022 жылдың жазында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойылды. Ел заңнамасындағы соңғы Нормативтік-құқықтық актіде «мүгедек», «мүгедек бала» термині өзгеріске ұшырады. Еңбек министрлігі Заң жобасын қабылдау қажеттілігін негіздей отырып, «мүгедек» сөзі ағылшын тілінен «әлсіз, ауыр» мағынасын білдіретінін атап өтті. Қазір «ерекше қажеттіліктері бар адам, мүмкіндігі шектеулі» деген ұғымдар қолданысқа енді.
Мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға интеграциялау мәселелерінде білім беру мен жұмысқа орналасу маңызды рөл атқарады. Қазақстанда 2021 жылы инклюзивті білім беруді көздейтін заңнамаға өзгерістер қабылданды. Түсінікті болу үшін айтқанда, бұрын ерекше қажеттіліктері бар балалар үйде немесе мамандандырылған орталықтарда жалпы орта білім алуы керек еді. Ал Қазақстанда инклюзивті білім енгізілгеннен кейін балалардың бұл санаты басқа оқушылармен бірге қарапайым мектептерде оқи бастады.
2015 жылдан бастап «Әрбір бала мектепке лайық» жобасы аясында «Болашақ» корпоративтік қоры Қазақстанның 17 өңірінде инклюзивті қолдаудың 43 кабинетін ашты. Аутизммен және басқа да даму ерекшеліктерімен ауыратын 500-ден астам бала мектепке баруға мүмкіндік алды. «Әр бала мектепке лайық» жобасының тьюторлары, мұғалімдері, кураторлары баланың жеке басына және оның ерекшеліктеріне құрметпен қарайды.
Инклюзивті білім беру мүмкіндігі шектеулі кішкентай қазақстандықтарға тезірек әлеуметтенуге мүмкіндік береді, ал олардың айналасындағыларға осы санаттағы адамдардың құқықтарын құрметтеуге және оларды қоғамның толыққанды мүшелері ретінде қабылдауға үйретеді.
Мүгедектігі бар адамдар үшін қоғамдағы кедергілерді жоюдың тағы бір шарасы оларды басқа азаматтармен бірге ұжымдарға жұмысқа орналастыру екені белгілі. 2022 жылдың шілде айында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мүгедектігі бар еңбекке қабілетті адамдардың 100 мыңнан астамы немесе төрттен бір бөлігі еңбек қызметін жалғастырып жатқанын мәлімдеді. Бұл ретте Еңбек министрлігінің басшысы мүгедектік тобы адамның еңбекке қабілеттілігінің немесе еңбекке жарамсыздығының көрсеткіші болып табылмайтынын атап өтті.
Министр кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 9 мың мүмкіндігі шектеулі адамды жұмысқа орналастыру мәселесі қойылғанын хабарлады. Бүгінгі таңда олардың 3 мыңға жуығы тұрақты жұмыс орындарында қызмет атқарады. Электрондық еңбек биржасында ерекше қажеттілігі бар адамдарға ұсынылатын кәсіптер мен сабақтардың атласы көрсетілген. Онда 5 мыңнан астам бос жұмыс орны орналастырылған. Азаматтардың осы санаты үшін мемлекет субсидиялайтын әлеуметтік жұмыс орындарын қайта бағдарлау процесі басталды. Бүгінде 6 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды. Мүгедектігі бар адамдар үшін жаңа арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілерді субсидиялау жөнінде шаралар қабылданды. Былтыр осы мақсаттарға бюджеттен 59 млн теңге бөлінген.
Ендігі бір мәселе, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларды әлеуметтік қолдаудың жаңа шараларына халықтың белгілі бір топтары үшін білім беру гранттарын бөлу квоталарын жатқызуға болады. Бұл шара Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылды. 2021 жылдың тамыз айының соңында Ғылым және білім министрі кезекті мемлекеттік гранттарды бөлу туралы бұйрыққа қол қойды. Соның нәтижесінде жыл сайын елімізде 50 мың адам грантпен білім алуға қол жеткізді.
Осы жерде ерекше бір назар аударарлық жағдай, Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін омбудсмен пайда болуы мүмкін. Мұндай институтты құруға арналған арнайы құжат Ашық НҚА порталына орналастырылды. Қаулы мәтінінде әлеуметтік осал топтардың құқықтарына байланысты мәселелер бар. Мәселен, ерекше қажеттілікке ие азаматтардың заңды мүдделерінің кепілдіктері мен құқықтарын қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың бостандықтары мен құқықтарын қоғамдық және мемлекеттік институттармен бірге қалпына келтіру керектігі нақ па нақ айтылады. Олардың қатарына Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен сол азаматтарға жеңілдіктеріне байланысты теңестірілетін ардагерлер, ерекше қажеттілікке ие адамдар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізгендер, асыраушысынан айырылғандар, зейнеткерлер, қандастар және «Алтын, Күміс алқа» иегерлері мен «Батыр ана» атағын алғандар, I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған көп балалы аналар, отбасылар жатады.
Естеріңізде болса, бұған дейін ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтары жөніндегі Омбудсмен институтын құру мәселесін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында айтқан болатын. Бұл орайда, Мемлекет басшысының: «Бірінші кезекте мемлекет барлық адамдар үшін мүмкіндіктер мен әділдікті қамтамасыз етеді. Қоғамдық игіліктердің жоғары деңгейіне және халықтың әлеуметтік осал санаттарын, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдауға кепілдік беріледі. Президент жанынан тиісті омбудсмен институты құрылады», – деген сөзі көңілге демеу.
Мемлекет басшысының осы кепілдігін басшылыққа ала отырып, біз халықтың осал санаттарын, соның ішінде тағдыр тауқыметін тартып жүрген қандастарымызға ерекше қамқорлық жасауымыз керек. Бұл сайып келгенде, ата-бабаларымыздан қалған азаматтық борыш.
Көз алдыма сол өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші жылдары келеді. Бір аяғы, бір қолы жоқ аталардың алдынан шығып, аттарынан түсіріп, үйге бастап кіргізуші едік. Олар келе жатқанда жолдың бір шетіне ығысып, жол беріп, қашан өтіп кеткенше қозғалмай тұратынбыз. «Атаңның қолына су құй», «Галошын алдына қой» деп әкелеріміз оларға қызмет етуге үйретті бізді. Қазіргі үлкендер балаларын неге осындай ізеттілікке үйретпейді деп кейде таңырқаймын. Кейбір кеуделеріне жел біткен шіренбайлар мүгедектерді былай қойғанда, мен деген адамдардың өзін қағып-соғып өтеді. Міне, соларға әдептілік, көргенділік дәрісін оқу керек-ақ. Міне, осындай ұрда-жық адамдардың перзенттері сыйластық жібін аттап өтіп жатады.
Біздің қоғамда адамдардың ала-құласы, бөтені болмауы керек. Мейлі ол кім болсын, көмек қолымызды созу басты борышымыз. Мұны әркім жүрегінің түкпіріне бойтұмардай сақтауы керек.
Түркістан облысы Бәйдібек ауданындағы Боралдай бойында шағын ғана ауыл бар. Сол ауылды бүкіл облысқа танытып отырған қарлығаштай қыз. Расын айтайық, ол анасынан басқашалау туды. Сол кемшілігіне қарап мектепке бара алмады. Ол сауатын үйіне келіп оқытатын ауыл мұғалімінен ашты. Қыз бойжетіп келе жатты. Ол өмірге ғашық еді. Білмекке ғашық еді. Қоларбамен жүрсе де тыным таппайтын. Ауылындағы клубқа барып, түрлі мәдени шаралардан қалмайды. Сөйтіп жүргенде оның ақындық қабілеті ашылды. Балауса жырлары аудандық, облыстық газеттерге жариялана бастады. Аудандық әкімдік талантты қыздың жігерін жасытпау әрі қолдау үшін алғашқы жыр жинағын шығарып берді. Сол қыздың үш жинағы шықты. Демеушілер көмектесті. Бірақ, ақын қыз демеушілердің көмегіне қарап отыруды өзіне ар тұтты. Кішкентайынан оған анасы қолына ине мен жіп беріп, түрлі кесте тігуге машықтандырған еді. Ол сол машығын жетілдіре түсті. Оның қолының еп-себі бар екенін білген ата-анасы тігін машинасын сатып әперді. Эльмира әуелі көрпе-жастық тіге бастады. Алғашқы бұйымы тәуір шыққан соң оларды саудаға шығарып көрді. Жақсы дүниеге кім қызықпайды? Әуелі қыздарын ұзататын ауылдастары тапсырыс бере бастады. Эльмира ендігі жерде жалғыз өзі қыр аса алмасын білді. Ол мемлекеттен қайтарымсыз несие алуға болатынын білді. Қайырымды адамдар оған қол созды. Қайтарымсыз несие де қолға тиді. Бұған ол тігін машиналарын, басқа да керек-жарағын алды. Бұдан былай тар бөлмеде жұмысы жүрмейтінін біліп, кең бөлмеге шықты. Ауылда жұмыс таппай жүрген қыз-келіншектер баршылық еді. Солардың тігіншілікке икемі бар оншақтысы жұмысқа келді. Тапсырыс та, жұмыс көлемі де артты. Олар қыз жасауын, бесік жабдықтарын да тіге бастады. Сырмақ, кесеқап, мес, шапан, түрлі сәнді киімдер тігуді меңгерді. Базардағылар көтерме саудасына олардың тіккен бұйымдарын өздері келіп әкететін болды.
«Мүмкіндігі шектеулі адамдарды еңбекпен қамту туралы» мемлекеттік бағдарламаның ізгілігін көріп отырған жандар көп. Мен де осы бағдарлама арқылы аяғыма тұрдым. Маған өмір ауыр сын артты. Бірақ, меммекеттік қолдау арқылы жетекшілік биікке көтерілдім. Тағдырыма разымын, – дейді бүгінде оншақты қыз-келіншекке жұмыс беріп отырған ол.
Ол шабыты келгенде қоларбасымен далаға шығып, Қостұраның биік шыңдарына қарайды. Тау шыңы оны биіктерге шақырып отырғандай болады…
Сабырбек ОЛЖАБАЙ