ЖАТ ПЛАНЕТА ЖАҚЫНДАП КЕЛЕДІ
Бала емес, шаға емес, зіңгіттей жігітті шынашақтай Аршагүлдің үйде қамап ұстауға қайдан шамасы келсін. Оның үстіне қолды-аяққа тұрмай кішкентайы қыңсылайды. Емшек сүті тақыл-тұқыл, қанша тамақ ішсе де жұдырықтай сәбиін жарытпай-ақ қойды. Аздап тағдырына өкпелі. Бұған дейін көрген үш қара домалақтың өмір жастары ұзақ болғай, осылардың қызық-шыжығы да бір басыма молынан жетер, Алла Тағалаға иненің жасуындай ренішім жоқ деп, бәріне-баршасына шүкіршілік айтып, қаннен-қаперсіз жүргенде, көрмейсің бе, жасы қырыққа таяғанда ойламаған тұстан құрсақ көтерді. Балгер мен тамыршы, емші атаулыны адақтап, жанары жасқа толып, құп-құттай шарананың әлжуәз тырнағына зар болып жүргендерді көрмейді де, Құдайдан тілемесе де әлгіні айдаладағы Аршагүлге ақы-пұлсыз бере салады. Соған қарағанда бұ дүниеден әділдік іздеудің де реті шамалы-ау.
Түннен қалған тамақты жылытып, шынжау баланың аузына тыққыштайды. Қорадағы сиыр мөңірейді. Жалғыз сиырды қақтап сауып алмаса, кішкентайлардың сұйық көжесіне қатық қайда. Құм ішіндегі еспе құдықтан екі-үш мәрте иінағашпен су тасиды. Сөйтіп таң азаннан Арашагүлдің олай шапқылаған, былай шапқылаған әрі жуық маңда түгесілмейтін қым-қуыт тірлігі басталады да кетеді. Ентігіп, етегіне шалынысып жүрсе де, төргі бөлмеде тас бүркеніп тым-тырыс жатқан Қалиладан және көз айырмайды. Қалила қанша жерден күйеуі болса да, мейлі Аршагүлді жазғырған жұрт жазғырсын, тілегі қабыл боп, осы күйі төсегінен тұрмай қалса, мың жылғы арманы орындалғандай сырт көзге сездірместен іштей рақатқа кенелер еді. Бірақ ондай атты күн қайда.
Әне, Аршагүл де бітеу емес, сыртқа шығып келемін дегенше осы сәтті аңдып жатқандай, Қалила орнынан атып тұрып, қолына іліккенді шайнаңдап, есік алдында әйелімен соқтығысып қала жаздады.
̶ Қайда, оу, қайда барасың, кешегі уәде қайда? Сен немене, еркек басыңмен берген уәдеге тұрмайтын табаны тайғанақ біреумісің?! Оқымысты дейді-ау сені де! Эх!
Қалиланың ағынан қызылы басым қысық көздері алақ-жұлақ. Кейде мұның да өстіп, жоқ жерден Аршагүлдің қанша ұрысқанын елемей, дені-қарыны бүтін еркектерше өзінше еркелейтіні бар. Дені-қарны бүтін еркектерше дейтіні артық, әрине. Мұнысы Аршагүлдің көңіліндегі болмашы кірбің-дағы. Әйтпесе, Қалиланың екі иығына екі кісі мінгендей, еңгезердей бойы есік маңдайшасынан еңкейіп ішке әзер сияды, үнемі тықырлатып алып тастайтын шашы кірпідей, желке тұсы қыртыс-қыртыс. Ал бәрін айт та, бірін айт, алақ-жұлақ көздерінде адам түсініп болмайтын ерекше бір құпия сыр бар. Оның бірнәрсеге ренжіп, не қуанып тұрғандығын түсінбейсің. Асылында, «қауырт шаруам көп, бірақ соған қарамай, шамам жеткенше біразына үлгеріп қалайын, мен болмасам оларды кім істейдіге» саятын асығыстық әркез аңғарылып тұрады. Кейде түн ортасында астынан су шыққандай ұшып тұрады да, шұғыл киініп басы ауған жаққа қарай лағып кете барады. Аспанның түбі тесілгендей сабалап нөсер жауып тұр ма, көз аштырмайтын қарлы борасын соғып тұр ма – Қалилаға бәрібір. Және қайда, не жұмыспен баратындығын да Аршагүлге ләм деп ауыз ашпайды. Оның Аршагүлге де қажеті шамалы. Топсасы тозған есікке өмірі құлып салынбайды. Ұры-қары, не маскүнем біреулер түн ішінде адасып үйге кіріп кетпей ме, кіріп кетсе жалғыз өзім оны қайтіп шығарамын дейтін үрей-қорқынышты Аршагүл ұмытқалы қай заман. Қалила тірі тұрғанда жүрегіне жүн байлаған небір атпал азаматың да бұл табалдырықтан бері аттамайды. Сондықтан Аршагүлдің ұйқысы тыныш. Неге аттамайды, қорқа ма, Қалиланың пысы баса ма? Аядай ауылдың кәрі-жасы қанға сіңген дәстүр бойынша ағайынгершілікті алға тартып, мидай араласып жүргенге не жетсін! Жә-жә, бұл сұрақтарға жауап берейінші деп, Аршагүл де қиналмайды, тіпті қаперге алса не дейсің?!
̶ Сен де қызық екенсің, Аршагүл! Мен осы өңірдегі жібі түзу адамның бірі, әм бірегейі емеспін бе?! Ертең… жоқ, ертең емес, бәлкім бүгін, бүгін түнде дүниенің астаң-кестеңі шыққалы жатқанда «қайда барасыңа» жөн болсын! Жерге астероид жақындап қалғанда қаннен-қаперсіз қалай тыныш жатпақпын? Әрине, ол сойқаннан тірі қалатын пенде жоқ. Түгіміз қалмайды. Қораптан шашылған сіріңкенің талындай әрбіріміз бір нүктеге айналамыз да, ауаға сіңіп жоғаламыз.
̶ Жағың қарыссын!
̶ Жақ қарыссын, қарыспасын шындық солай. Сондықтан біздің ел әлі ұйқыда ғой. Көпшілігі менің ескертпемді елемейді. Елемесе, кибенематри, әйтеуір, арым таза болсыншы деп, шапқылап жүрген жайым бар.
̶ Сіріңкенің бір тал шиіне айналатын адамнан біреу бірнәрсе сұрай ма?
̶ Сұрайды, сендер нені білуші едіңдер, аспан әлемінен мүлде бейхабар, өй, өңшең боққарындар!
̶ Болдың ба?
̶ Болмағанда…
̶ Ендеше жолыңнан қалма. Мені жаңа көргендей неге тесіле қарап тұрсың?
̶ Жақсы көрем мен сені! Осыны түсінбейтінің ғана өкінішті. Бері келші, тамағыңнан бір иіскейін! ̶ Қалила дәл солай, «есі бар еркектерше» көзқарасынан ешбір өзгеріс байқатпастан Аршагүлді құшағына қысып, аймалағысы келеді; баяғыша шап-шағын денелі әйелінің «қой, қойына» құлақ аспастан аспанға атып, жерге түсірмей қағып алғысы келеді. Ой, дәурен-ай, бұлардың бастарынан да талай дүние өтті ғой. Бәрі кеше секілді-тін. Уақыт шіркінді тоқтатып қою кімнің қолынан келген. Күн артынан күн, жыл артынан жыл жылыстап, көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Өздерінің өзгергендерін; бетке әжім түсіп, есейе бастағандарын қойшы, бәрінен бұрын кері кеткен төңірегіндегі тіршілікті айтсаңшы! Ұлы теңіз іргелікті солқылдатып, түйе өркеш толқындары құм жағаны тынымсыз тепкілеп жатқанда жағадағы бұл ауыл қандай еді?! Ауыл емес, өнеркәсібі өркендеген кішігірім қалашық болатын. Балық зауытының өнімдері шекара асып, сонау Еуропаға жөнелтілетін. Тұзға піскен қаяздың майы қағаз қаптың сыртына шығып, бұрқыраған иісі мұрын жаратын. Тәттілігі тіл үйіреді. Өз майына өзі пісіп ысталған балықты жеген де арманда, жемеген де арманда. Балық зауытының биік мұржасынан ұшқан қою түтін айналаға тоқшылық әуенін шырқап жатқандай-тын. Және сол түтіннің де елден ерекше иісі бар-ды. Бәлкім, сол иіс Аршагүлдердің өмірге бейімделуіне зор ықпал етті. Оның үстіне жағалаудағы ауыл балалары ерте есейетін. Теңізден ескен самал және дауылды күнгі жарықтық ақжал толқындар сені қолтығыңнан демеп кеп жібергендей, ұйқыңды аша алмай манаурағаныңды кешірмейтін. Жағалаудағы тірі жанның жағасы жайлауға кетіп, ыбылжып жүретіндері санаулы. Әйтеуір, бәрі бірнәрсеге асығулы. Бұйырған несібеден құр қалуды атамаңыз! Ондай салақтығың мен керенаулығыңды Теңіз-ана кешірмейді. Жер-ана, ал бұлардың жүректеріне Теңіз-ана ұғымы жақын әрі жандарына жайлы-тын. Түрені теңіз маржандарына лық толы кемелер сауынға келетін мама биелердей екі жағына бірдей теңселіп, біртіндеп портқа жақындайды. Балық көп шығып, жылым майлаған жылдары жоғары сынып оқушылары сабақтарын доғара тұрып, порт үстінде алақандарын ысқылап, олжалы кемелерді бірінен соң бірін күтіп алатын. Себебі күннің ыстығына қалса балық шіриді. Балықты шірітпей ішін жарып, өңдеп, тұзды цехқа жөнелткенше күн мен түннің айырмасы білінбейтін. Адал еңбектеріне өтемақы алып, ащы тердің қадір-қасиетін ерте түсінгендер қай кезде де өмір сүруге бейім-ді. Бәлкім, Қалилалар да соның арқасында шынығып, бұлшық еттері білеуленіп ер жетті. Бұл жаға ұрпақ тәрбиелеудің елде жоқ ерекше үлгісін көрсетті. Жағалаулықтардың саналарына ерте сіңген түсінік – кеудеңде жаның барда, жүрегің соғып тұрғанда, ең бастысы, уақыттан ұтылма. Уақыттың алдын ора, бүгін істейтін шаруаны ертеңге қалдырма, тоқетері – сенің теңіз жағалауында туғандығыңды өзгелер қимыл-әрекетіңнен аңғарсын! Бұл өңірден кімдер шықпаған, біреулердің сенбегендерін ұрып қойыпты, омырауы орденге толы балықшылары екібастан ғой, қиян шеттегі балықшылар ауылының бір перзенті дүйім елді таңғалдырып, Мәскеуден білім алып, қазір бүкілодақтық космосты игеру орталығында қызмет істеп жүр. Ал керек болса, Қалила да сол Оңғарбай ағасының жолын жалғады. Астрономияға өлердей қызықты. Институт тауысты, аспирантурасын бітірді, кандидаттық еңбегін қорғауын қорғады… Бірақ соңына жетізе алмады. Жеткізе алмауына дәлел жеткілікті. Көз тиді ме, әлде көп оқығандықтың әсері ме, адам түсініп болмайтын жұмбақтау науқасқа шалдықты. Аршагүл байғұс Қалиладан несін аясын, соңғы тиынына дейін жұмсап, дәрігер атаулыны түгел адақтады. Бәрінің қойған диагнозы біреу – психикалық ауытқу белгілері белең алған, ертірек қамдану керек еді, ендігісі өзіне байланысты. Ми клеткалары зақымданған, қан тамырларына шамадан тыс күш түскен. Ендігі ем-дом – тыныштық, тек қана тыныштық, мұндайлардың жұлын-жүйкесі болмашы айқай-шуды да көтере алмайды. Ойбай-ау, Қалилаға еркек басыңмен үй шаруасына қолқабыс тигізбейсің деп шағымданған біреу бар ма. Шаңырақтың бар тірлігі; отын-су, күнделікті ішім-жем, балалардың оқуы, олардың киім-кешегі түгелдей Аршагүлдің мойнына жүктелген.
Адам итжанды. Күндердің күнінде мұнша ауыртпалықты көтере алмай, емен ағашының нәр жетпеген бұтағы секілді морт сынармын дейтін еді, жоқ, Аршагүл анау-мынау ауру-сырқауыңды елемей, дұрысы – төтеннен бір пәле жабыспаса, бөгде ойды ойлауға да мұршасы келмей, сүйретіліп әлі жүр. Құдай Аршагүлге қуат берсін дегеннен басқа не дейміз?! Болашақта мұнан да қиын күндер күтіп тұрған шығар, кім біледі. Психикалық дертке шалдыққан Қалилаға қарасаң, осы пікірім көрер көзге қиянат емес пе деп, ара-тұра өз-өзіңнен қысыласың. Үсті-басы жіптіктей, сақал-мұртын алып, олай-былай шыққанда аздап әтір сеуіп жүретіні және бар. Жұрттың бәрімен жылы амандасады, біреулер: «Қалиланы қойшы», – деп қарсы кезіккенде қолын сілтеп жалт бұрылса, Қалила оны көп ұзатпайды, ізінен бастырмалата қуып жетеді. Ашу-ызадан ада, баяғы қуанышын, не ренішін сездірмейтін жұмбақтау көзқарас: «Сізден қарыз ақша сұрағалы тұрған жайым жоқ. Үйдегі үлкен кісінің жағдайы қалай? Сіздерге ауырлығын салмай, түзге өзі кіріп-шығып жүр ме? Көрмегелі көп болды, Қалиладан сәлем айтарсыз…».
Ал осындай тілеуқор кісіні психикалық дертке шалдыққан деуге қайтіп дәтің барады. Қазір бір кездегі атақ-даңқы асып-төгілген ауылдың жағдайы анық тұйыққа тірелген. Мүмкіндігі барлар сулы-нулы жер іздеп, көшіп кетті. Жүз қаралы үйден мықтаса отыз-қырық қана түтін қалған болар. Олардың бар тірлігі Қалиланың көз алдында. Кімнің баласына суық тиіп, сырқаттанып қалғандығын да бал ашқандай біліп отырады. Оны айтасыз, жағалауға қоныстанған өзге ауылдағылар да Қалиладан еш құпиясын жасыра алмайды. Тіпті кімнің бойжеткен қызына кімнің және қашан құда түсетіндігіне дейін Қалиланың күнделігінде жазулы. Ал жүйке ауруына шалдыққан кісі осының бәрін қайдан біледі. Кейде отбасындағы әңгімелері жарасқан сәтте Аршагүлдің де күйеуімен аз-кем сырласатыны бар:
– Саған осының бәрі не үшін керек? Жеке басыңа көк тиын пайдасы жоқ көр-жерді тықпалап, миыңа жинай беретінің не? Одан гөрі пайдалы іспен айналыспайсың ба?».
– Бәли, Аршагүл-ау, бұл ақылыңды әзір артыңа қыса тұр. Жеке басыңа көк тиын пайдасы жоқ дегенді қайдан шығардың?! Мен ешқашанда елге пайдасы жоқ іспен айналыспаймын. Осы есіңде болсын! Менің кандидаттық еңбегімнің тақырыбын білемісің, «Өзге планеталардың Жерге жақындауының алдын алу шаралары». Телескопым сәл ескілеу, ал сен жаңасын алуға ақшаңды қимайсың. Марс пен Юпитер аралығында Нептун астероиды білгенін істеп, шарқ ұрып, лаңды салып жүр. Секундына он шақырым шапшаңдықпен жылжиды. Көзді ашып-жұмғанша, жыл сайын Жерге де біртіндеп жақындап келеді. Көлемін айтсам зәре-құтың тас төбеңнен шығар. Мен сендерге шаршап-шалдығып не айтып жүрмін? Нептун Жермен соғысса қораптағы сіріңкідей жан-жаққа шашылып қаласыңдар, білдің бе?! Өй, өңшең боққарындар!
̶ Енді не істе дейсің біздерге?
̶ Не істейтіндеріңді ескертіп жүрген жоқпын ба? Адал өмір сүру керек, Адал! Біреу-біреуді алдау, біреу-біреудің жолын кесу, түкке тұрмайтын ұрыс-керісті доғарып, анадан жаңа туғандай кейіпке еніп, періште қалыпқа түсулерің керек! Бәлкім сонда… иә, сонда Марс планетасындағылар сендерді бір жолға аяғандықтан, бір кезде бар тағдырымызды жіпке тізіп, Жер планетасын паналап ек қой, енді олардың бастарына қиын-қыстау күн туғанда біздің жұпар ауа жұтып, зәмзәм су ішіп, шалқақтап жүргендігіміз жараспас деп, қамқор қолдарын созулары мүмкін, мүмкін. Әзірге болар-болмасы белгісіз.
̶ Фантастика!
̶ Қақ маңдайыңнан қонжитсам білер ең фантастиканың не екенін?! Анау сенің нақ сүйерің бар ғой, оңбаған Беркімбай сболш өзінше білгішсініп, менің аргументтеріме түзету жасайды. Жерге жақындаған жат планетаның күл-талқанын шығаруға біздің техникалық әлеуетіміз молынан жетеді деп шырт-шырт түкіреді. Жат планетаның көлемі қандай? Ол оны қайдан білсін, өй өңшең боққарындар! Аузына келгенді көкуге шебер. Ал мен дәлелдерімді нақпа-нақ ғылыми ақпаратқа сүйеніп айтамын. Тыңда, тыңдама, Жерге жат планетаның жақындап қалғаны рас. Арым таза болсын деп жағалаулық жерлестерімнен білгенімді бүкпеймін. Және апаттың алдын алыңдар деп қатаң ескертемін!
̶ Ендеше жолыңнан қалма. Сәт сапар! – Аршагүл Қалиланың құшағынан сытылып шықты да, ошақ аузындағы шала жанған сексеуіл томарын ары ысырды.
***
Ара-тұра Аршагүлдің де Қалиланың қисынды әңгімелерін қызықтап, аузы ашылып тыңдайтыны бар. Қалила облыс орталығындағы психиатриялық емхананың есебінде тұрғандықтан олар арнайы көлік жіберіп, құстың қайтуы мен құстың келуінде, яғни көктем мен күзде ешкімнің рұқсатынсыз бір айлық ем-дом шаралары үшін «клиентін» салып әкетеді. Сірә, олардың пайымынша ауру осы кезде қозып, өзінің шарықтау шегіне жетеді. Және бұл сырқаттың елге таныс сыр-сипаты белгілі. Жазатайым біреулермен ілінісіп, жараған бурадай күш-қуаты бойына симай буырқанып жүретін Қалила әлгі пақырды жазым етсе оған кім жауап береді. Қалиланы сотқа сүйрей алмайсың, істеген әрекеті үшін статья қоя алмайсың. Ел ішінің амандығы – қоғамның да, қоршаған ортаның да басты міндеті. Сондықтан осы аралықта Қалиладан көз жазбаған абзал. Дәрігерлер келе сала Аршагүлді қалың сұрақтың астына алады: «Тамақ алысы қалай?» – Жақсы. «Ұйқысы» – Тыныш. «Айдалаға лағып, беталды сөйлемей ме?» – Ондайы жоқ, сөйлесе де орнымен. «Кімдермен араласады?» – Ауылдағы ағайынды алаламайды. «Той-томалаққа шақырыла ма?» – Шақырылады, бірақ көп адам жиналған жерге жоламайды. «Өзіңізге көзқарасы қалай, орынсыз балағаттамай ма? Мәселен, түстік ас дайын болмады деп, шат-шәлекейі шығып, шала бүлінбей ме?» – Жо-жоқ, барға да, жоққа да бірдей көнбіс. «Баланың аты – бала, үлкен ұлыңыз біреуден таяқ жеп келсе, Қалиланың ашуы басына теуіп, «олар менімен ойнағысы келген екен, әкесін көзіне көрсетейін» деп тысқа қарай тұра жүгірмей ме?» – Оған да сабырлы, алдымен баласымен ерлерше жеке сөйлеседі. Түсініседі, артынан бәрі реттеледі…
Аршагүл: «Айтқаныма сеніңіздер, Қалиланың айығып кетуіне жанашыр адамның бірі мен. Жалған сөйлеуден аулақпын, айтқанымның бәрі рас», – деп дәрігерлердің қағаздарына қол қойып береді. Ал мына секілді толғаныстан соң Қалиланы жынды деп көр! Керек десеңіз, дені сау пенденің бүйтіп ой қорытуы екіталай: «…Теңіз тартылды. Теңіздің тартылу себебін әркім сан-саққа жүгіртеді. Әйтсе де түйінді мәселені аңғармайды. Әлгі мен айтып жүрген күн сайын, сағат сайын, минут сайын Жерге жақындаған жат планетаның от-жалын қызуын ешкім елеп-ескермейді. Теңіз суын тез арада буға айналдыратын, кептіретін кесел сол! Менің дәлеліме айналамдағы өңшең боққарындар сенімсіздікпен қарайды, тіпті тыңдағылары келмейді. Мейлі, соның азабын ертең өздерің тартасыңдар, мықтап тартасыңдар! Соның бір нақты мысалы мына мен ̶ Қалила Жүгінісов. Өңшең боққарындар-ау, сендерге не болған, көз алдарыңда болған оқиғаға салғырттық танытасыңдар. Кеше Теңіз-анамыздың түйе өркеш толқындары күні-түн іргемізді соққылап жатқанда тірлігіміз қандай еді?! Үлкеніміз бар, кішіміз бар, толқын сарынымен ерте оянатын едік те, әркім шамасы келетін өз тіршілігімен айналысатын. Содан алыс-жұлыспен күн батқанша бір тыным көрмейтін. Жалқаулық, уақытты босқа өткізу атымен жоқ-ты. Қысыр әңгімеге де араласпайтын. Тырбың-тырбың, тау қопарып тастамаса да әркім маңдай терімен тапқан несібесіне риза еді.
Бүгін не болды? Теңіз тартылды, соқпа толқындардың екпінін ысылдаған қызыл құм жұтып қойды. Адамдардың өмір сүруге деген ересен құлшынысы аккумулятор тоғынан ажыраған мотор секілді өшті де қалды. Жә, бәрінен бұрын шыбын жанды бойкүйездік ауруы мықтап айналдырып, дендеп алды. Қазір ауру-сырқаудан құлан таза айыққан адамды табу қиын, қиынның қиыны. Мені де жындылардың санатына қосады. Мынадай өлі тыныштықта қайтіп жынданбайсың?!.».
***
Қалиланың желе жортып, қайда баратыны өзгелерге де қызық. Бұрын-соңды айтылмаған сәл қиялилау ертегі секілді әңгімелері ешкімді бейжай қалдырмайды. Айналамызда адам сенбейтіндей таңғажайып құбылыстар аз ба? Соларды Қалила қайдан біледі, әлде түнде біреулер құлағына сыбырлап, аян беріп кете ме? О жағына бекерге шаршаудың қажеті шамалы. Ең бастысы, Қалила адамдарды дуалап тастағандай бірнәрсе айтты ма, онда тірі жанды тыпыр еткізбейді. Аяғына дейін амалсыз тыңдайсың. Әрине, мұндай алғырлық көп оқығандықтың әсері болар, жұрт «жынды Қалила» деуден бұрын, кейде «оны оқу көтерген ғой» деп, бар пәледен ақтап алуға тырысады. Себебі, Қалила бір адаммен бекерге ілініспейді. Керек десеңіз, жынды дегендерге де алакөзденбейді. Естімегендей жүре береді. Бір тамашасы, сонша ғажайыптарға толы «лекциясына» біреуден соқыр тиын дәметсе екен-ау! Әлде бұл ішін босатудың өзіне тиімді тәсілі ме?
Ауыл сыртындағы бейіт маңында жүрген бір топ адам Қалиланың қара жолға түсіп алып, желе жортып бара жатқандығын көрді де, «оу, бері, бері бұрылсаңшы» деп қол бұлғап шақырды. Олар осындағы ауқатты азаматтың былтыр қайтыс болған әкесінің басына ақ кірпіштен зәулім кесене тұрғызып жатқан сәулетшілер болатын. Күнұзақты шаруа шаршатады, не күрделі құрылыстың аяқ алысын аңдып, аз-кем ақылдасып алу үшін үзіліс жариялайды. Үзіліс кезінде Құдай оңдап Қалиланы жолықтырғандарына іштерінен риза. Кесенені жаңа көргендей кейбіреулердің таңданыстарын жасыра алмай, бітпеген құрылыстың о жағына бір, бұ жағына екі шығып, көздері жайнаңдап әрнені сұрап, зықыңды шығаратыны бар. Болмаса тапсырыс берушінің қанша қаражат төлейтіндігін білгісі келеді. Ал Қалилаға ондай «проблема» қажетсіз.
̶ Жол болсын, Қалеке, қайда тартыңыз? Біраз ауылға табаныңыз тиген секілді еді.
̶ Сендер не білесіңдер, алдымен суларың бар ма, кішкене тамақ жібітейін.
Жастау жігіт қалайы күрешкімен бөшкеден мұздай су алып ұсынды. Қалила су жұтып жатып та, төңірегіне жіті көз тастап үлгерді. Жандарынан ығысып орын ұсынды. «Сендерді бұл ауылдан бұрын көрмегенмін» дегендей, отырғандардың аяқ-бастарын түгел «тінткіледі». Біреулердің іштей кіп алып, «жынды Қалиланы бекер шақырдық-ауды» кейінірек ойлап, кәдімгідей күдіктенгендігін жасырудың реті жоқ-ты. «Оқу көтерген адамға» алда-жалда бәлен деу қиын, кім біледі, аурудың дүлей күші дәл осы кезге тап келсе, мына еңгезердей кісі бәрін сөзге келместен жайратып салар. Бірақ ел Қалиланың ондай-ондай оқыстан жағаға жармасатын тосын мінезі болса айтар еді ғой; «қате аяқ астынан, Қалиланың қияли хикаяттарына елітіп, соңынан сан соғып қалмаңдар, асылы одан аулақ жүріңдер» деп ескертер еді ғой. Мейлі қанша жерден «оқу көтерсе» де Қалиладан келер қауіп жоқ.
̶ Аманөткелде тығыз шаруам боп… соған бара жатқаным, ̶ Қалиланың мұнысына ешкім күлмеді, әм күмән келтірмеді. «Қайдағы тығыз шаруа?» Соған қарағанда Қалила алым-берімсіз ауыл адақтаған тірлігін де «шаруа тындырып жүрмін» деп сезінсе керек. Бәлкім, өзін-өзі сөйтіп алдарқатар.
̶ Аманөткелге өткенде барып-қайтпап па едіңіз? ̶ Әлдекім артқы жақтан сыпайылап тіл қатты.
̶ Баруын бардым ғой, мен емес, екінші мәрте атізін салуыма өздері себепші.
̶ Өздері болғанда, аманөткелдіктер бізге келіп кетіңіз деп, телефон шала ма?
̶ Олардың телефон соқаны-соқпағаны маған көк тиын. Бастарыңдағы миларың толық қой сендердің. ̶ Сәл үнсіздіктен кейін үйреншікті толғанысын қайта жалғады. ̶ Бастағы мидың толықтығынан не пайда, керекті жерінде іске аспаған соң… ̶ Біреулерді кінәлаған секілді естілген. Кеудеге құлаған басын оқыс көтеріп алды: ̶ Білем, бәрін білем, «жынды Қалиланың ми қабаттары мықтап зақымданған…»
̶ Ондайды кім айтып жүр?
̶ Көздерің. Көз ̶ ішкі әлемнің кіршіксіз айнасы. Осы отырғанда да байқаймын, мен жайлы пікірлерің ала-құла. Айтыңдар, айта беріңдер. Сендерге содан біреу бірнәрсе берсе… Жақтарың талғанша айтыңдар.
̶ Су, су ішіңізші, ̶ Саусақтары дірілдеген біреу су толы қалайы күрешкіні Қалилаға ұсынды да, дереу кейін шегінді.
̶ Иә, иә, менің миым аз. Бірақ сендердікіндей емес, жан-жақты даму сатысынан сүрінбей өткен. Білем ғой сендерді, миларың толық бола тұра… біреу арттарыңнан мылтықтың ұңғысын қадап тұрғандай, ылғи асығасыңдар да жүресіңдер. Қазірде асығыссыңдар. Мына кесенені ылдым-жылдым бітіріп, тиесілі қаржы қолға тиген заматта «бұл ауылды енді желкеміздің шұқыры көрсін» деп, тұс-тұсқа тым-тырақай қашасыңдар. Ал мен… миым орташалау болса да, бұл ауылдан ешқайда кетпеймін. Осында тудым, осында өлемін. Менің басыма мынадай әңкиген кесене тұрғызылмайды. Оны бес саусақтай білемін. Аршагүлдің оған шамасы келмейді. Айтпақшы, Аршагүл де менің бүгін қайтыс болғанымды тілеп жүр. Амалсыздан бетіме қарап ыржияды. Арғы жағы суық. Бәлкім, мен өлген соң Беркімбаймен қайтадан шаңырақ құрар.
̶ Беркімбайыңыз кім?
̶ Білмей қалғандарың, анау қалада тұратын әкім Беркімбай ше.
Қалиланың есіне әлдене түскендей, екі көзін бір нүктеге қадап, үн-түнсіз отырып қалды… Беркімбай, Қалила, Аршагүл үшеуі бір-бірінен ажырамастай достар еді. Орта мектепті үшеуі де алтын медальмен бітірді. Мектеп бітірген жылы үшеуі де жоғары оқу орнына түсті. Ғашықтық сезім де теңіздегі ұйтқып соғатын дауыл секілді ғой. Обалы нешік, екеуі де Аршагүлді ұнатты. Кәдімгі Қыз-Жібек пен Төлеген , Бекежаннан бері желі тартқан үш тұғырлы ғашықтық дастан. Аршагүл екі жігітті де таразыға салып, талай рет безбендеген. Қалиланың мінезі шатыр-шұтыр, жауын алдындағы жарқылдаған найзағай. Бірбеткей, айтты – бітті, шешті – кесті. Өзгелердің ақылына құлақ қоюы сирек. Ал Беркімбайдың Қалилаға қарағанда мінезі жібектей, біреуге дауыс көтеру айып. Қолға алған жұмысты ақылмен аяқтайды. Аспайды-саспайды. Аршагүлге жазған хаттарын оқысаң, анау-мынау ақындарың жолда қалады. Үндемей жүріп үлкен іс бітіруге бейім. Десе де Аршагүл Қалиланы да жек көрмейді. Ашығын айтқанда, Беркімбайға көбірек бүйрек бұратын тәрізді. Түсінде де Беркімбайды көбірек көреді.
Оқу аяқталар жылғы алтын күз. Теңіз о кезде тартылудан аман-ды. Бәрі бірдей каникулге ауылға келген. Теңіз қолтығындағы ауылға автоклуб анда-санда төбе көрсетеді. Қамыстан тұрғызылған клуб ескі. Аршагүл сонда Беркімбай да киноға келер деп үміттенген. Үшеуі қатар жүргенде орта толатын. Үйіне қаладан ағайындары келіп қалған соң, оларды тастап киноға баруды жөн көрмепті. Сол түні нөсерлетіп жауын жауар ма. Клубтан шыққан Аршагүлдің көйлегі малмандай су. Шыт көйлек желімденіп, денеге жабысты да қалды. Қалиланың жауыннан қалқалаған әрекеті іске аспады. Не істемек? Аршагүлдің үйі ауылдың шетінде. Теңіз қолтығына жақын қоныстанған-ды. Қалила үйінің тұсынан өтіп бара жатқанда Аршагүлді тоқтатып, өлгенше жалынды: «Аршагүл, біздің үйге кіріп, көйлегіңді кептіріп ал. Суық тиіп, аурып қаласың».
Неге екендігін қайдам, Аршагүл біртүрлі табалдырықтан жүрексіне аттаған. Ұзамай екі әйел жетіп келді де, дереу басына орамал салды. Сонымен «бітті Бәтима!»
̶ Мен немене сол үшін Беркімбай сболштан кешірім сұрауым керек пе?! Маған әлі күнге дейін теріс қарайды. Қарамаса одан әрі! Кебенематри! Аршагүл маған бұйырған, мен одан неге бас тартуым керек. Байқаймын бірнеше бала тапса да Аршагүл әлі күнге дейін Беркімбайды ұмытпайды. Ғашықтық тілі ̶ тілсіз тіл.
̶ Қалеке, қайтесіз, Беркімбайы бар болсын. Болары болып, бояуы сінген істі қазбалаудың қажеті не? Одан да әлгі әңгімемізді жалғастырайық.
̶ Оның несін жалғастыратыны бар. Миға Аманөткелден сигнал түсті. Мені білесіңдер ғой, бүгін істейтін істі ертеңге қалдырмаймын. Ондағы қауырт шаруа туралы кейін естисіңдер… Жарайды, сендермен отырған жақсы, бірақ менің шаруамды кім істейді? Кетейін. – Қалила орнынан жылдам көтерілді. Жолға шығып бара жатып, қайта бұрылды. Бірнәрсесі ұмыт қалғандай, әлі толық бітпеген кесенені бір айналып шықты: ̶ Қап, қор болған есіл дүние-ай! Әбдіразақ ақсақал өлерінде басыма күншілік жерден көрінетін кесене тұрғызыңдар деп, аманат тапсырып па еді? Әбекеңді мен де жақсы көргем. Енді оған кесененің қажеті не?
̶ Баласы мүмкіндігі болған соң, әке алдындағы парызын өтегісі келген шығар.
̶ Шеттеріңнен әңгіме қиыстыруға шеберсіңдер. Бұл ̶ барып тұрған бәсеке. Бүйтіп дүниені бекер шашқанша маған жаңа телескоп сатып әпермеймісіңдер? Астероидтың Жерге қанша шақырым қалғандығын айтар ем ғой, ең құрығанда! Жерге жат планета соғысқанда мыналарыңның күл-талқаны шығады. Ал сендер… қораптағы сіріңке секілді жан-жаққа шашыласыңдар да қаласыңдар! Осы ма естігің келгендері? Жат планетаның Жерге қай кезде соғылатындығын мына мен ғана білемін. Жасың бар, жасамысың бар, менің ескертпеме мүлдем құлақ аспайсыңдар. Қауып-қатерден құтылудың ықтимал жолдарын да жағым талғанша қақсап айтып келемін. Құлақ асатындарың шамалы. Сөйтесіңдер де ешнәрседен күдіктенбестен аспан тірейтін күмбез соғасыңдар. Соғыңдар, соға беріңдер, ертең мұның бір кірпішін тапсаң жақсы.
̶ Енді бізге не дейсің, тірі адамның тірлігі түгесіле ме? Көппен бірге көретін ұлы той. Жат планета Жерге жақындағанда біз де қарап қалмаспыз.
̶ Не істемексіңдер сонда?.. Әне, не істейтіндеріңді білмей, бастарыңды шайқайсыңдар. Менің ескертпемді және тыңдамайсыңдар. Аспан әлеміндегі астероидтар бір-бірімен бекер соғыспайды. Адамдық ар аяққа тапталғанда, жұмыр басты пенделер Құдайын ұмытып, астамшылыққа ұрынғанда; біреуді-біреу қиянатқа батырғанда; ұрлық-қарлық етек алғанда; қысқасы ниет пен пиғыл тар қапаста қысылып қалғанда ̶ планеталардың қым-қиғаш сұрапыл соғысы басталады. «Бұдан аман құтылу үшін не істейміз?» Сендердің осы сұрақтарыңнан-ақ шаршадым. Ол оп-оңай, ол Перельманның шешімін таптырмайтын қиын есебі емес. Әділ, адами, тура жолды аттамай, тып-тыныш өмір сүріңдер! Ондай өңір елден ерекше нұрланып тұрады. Жат планета ондайларға соқтықпайды. Аман қалудың тағы бір жолы бар.
̶ Ол немене?
̶ Марс планетасында өмір сүру мәселесі толық шешілген. Қолы жеткендер қазірден сонда барып қоныстанып жатыр.
̶ Оу, Қалеке-ау, біз қашан қозғаламыз?
̶ Күтіңдер. Ол хабарды да түбі менен естисіңдер. Телескопым ескі, әйтпесе бар-ау… Ал жарайды, бұл сендерге ертегі секілді ғой, құлақтарыңа қыстырмайсыңдар. Уақыттарыңды алдым ба, ғафу етіңдер! Менде жолымнан қалмайын. ̶ Қалила біртіндеп бейіт маңынан ұзай берді.
***
Аманөткелдегі Ибайдулланың отбасы Қалиланы құдды жылан көргендей, тіксініп қарсы алды. Қазақылыққа салып, төрге шық деген де жоқ, онысын елеп жатқан Қалила ма, аяқ киімін шешті де осы шаңырақтың дәлгәр мәселесін шешуге келгендей, қақырынып-түкірініп дайын дастарқанның шет жағына қонжия кетті. Бір кесе ыстық шайды ұрттағаны сол, жаурын тұсы жіпсіп сала берді. Екінші кесені де ілгері оздырды. Қалтасынан кіршеңдеу орамалын алып, маңдай терін сүртті. Бір жаққа жолаушылап кетті ме қайдам, үй иесі Ибайдулланы көре алмады. Ержеткен екі ұлы көздерімен арбап, терлеріне сыймай сызданып, Қалиланы жеп жіберуге шақ отыр. Үлкені жазықсыздан-жазықсыз мына өлі тыныштық немен тынар екен деп, шай құйғаннан бұрын екі тізесі алма-кезек дірілдеген келіншегінің бүйірінен сұқ саусағымен нұқып қалды. Келіншегі түкті түсінбей және екінші кесеге шай құйсам ба, құймасам ба дегендей кібіртіктеп, тіп-тік боп, инедей шаншылып отырған енесіне жасқаншақтана қарап еді, қатпа қара кемпір, «құй, бұл сорлы да қайбір жетісіп жүрген дейсің, жыланның басына да ақ құйып шығарады, бұл үйден аман-есен кеткені олжа» дегенді қатулы қабағынан аңғартты.
Екінші ұл: «сені кім шақырды, осы тойғаныңмен тайып тұр-ға» салып, Қалиланы желкелеп сыртқа қуып шықпақшы. Өткен жолы да екеуінің дәм-тұзы жараспаған. Жараспағаны, Қалиланың бас жоқ, көз жоқ, жараға жуымайтын қайдағыны қолымен ұстап алғандай, беталды көкігені: «Ибеке, әзір менің құлағым саңырау емес, осы жұрт не айтып жүр, «түйелерің жоғалса Ибайдулланың қорасынан іздеңдері» не сөз? Кәне, осыған жауап берші!» Ибайдулла қипақтап, жауап беруден қашқақтады, көзкөрген ескі танысына еркелегендей, қанша бір күлкісі келмесе де өп-өтірік ыржалақтап, Қалиланың қақпақтай жаурынын қаққыштады: «Ел не демейді, Ибайдулла мен Қалила не жемейді. Сен оқыған азаматсың, оның үстіне арыдан қосылатын туыстығың және бар, бізге де бөтендігің жоқ. Сондықтан жұрттың өсек сөзіне ерме!» – деп Қалиланы ту сыртынан құшақтаған. Міне, мынаусы… Қалила оны нағыз қан ішер деп топшылады. «Әй, жынды, жап аузыңды! Осы тұрғанда жаныңды жаһанамға жіберейін бе, а?! Кімнің түйесін ұрлаппыз, ұстап алған жеріңді айт! Болмаса, тіліңді тарт! Мұныңды елге жаятын болсаң, тура ажалың менен!» – деп күдеге сүйеулі тұрған сүйменді ала сала, тап-тап берген. Әкесі араға түспегенде кім біледі. Ибайдулла да ұлының ығына жығылды: «Жындымен жанжалдасып, қайбір ұпай түгендемексің! Ай, ұлым-ай, қызбасың-ау, қызбасың! Дұрысы, мұндайларды алдап-сулап шығарып салған…».
Ұлы да үнсіз қалмады: «Сау адам қалды ма бұл жалғанда?! Жынды, жынды дейсіңдер, ал дүйім жұрт осының сөзін ұйып тыңдайды. Соған қарағанда жынды мен сау адамды ажырату қиын. «Қалила білгіш, Қалила оқымысты» … басқа секіруге айналды бұл жындың! Жерге жақындаған планетаның жырын айтып жүре бермей ме, бізде несі бар?!» Осыдан кейін Қалила бұл маңайдан қарасын көрсетпес деп еді. Қалиланы бұл жолы ажал айдап келді ме, кім білсін.
̶ Тағы да баратын жерлерің бар шығар, шайға қанып ал да, жолыңнан қалма! ̶ деді бәйбіше.
̶ Бүгінгі шаруам сіздермен дидарласу. Қап, Ибекеңнің үйде болмағанын қарашы! ̶ Шай құйған келінге басын изеп, ризашылығын білдірді: ̶ Сірә, байқаймын, Ибекең олжалы түйенің бірін сойып, етін базарға апарып сатуға кеткен болды-ау!
̶ Әй, жынды, тарт тіліңді! Не деп оттап отырсың?! Олжалы түйең қай түйе, кімнің түйесі?! ̶ Екінші ұл дастарқан жиегіндегі қазан пышақтың қолына қалай ілінгенін байқамай қалды. Қалила мұны көріп, тілін тартар десе керек. Ал жындың мүлде жайбарақат, құс жастыққа жантая кетіп, аяқ-қолын созды.
̶ Менің жаратылысым солай, миыма түскен сигналдарды тез қабылдаймын. Және соның оң шешім табуына барымды салып күресемін. Айтқандай, қолымнан да көп нәрсе келе қоймас. Бірақ кемшілікті айту міндетім. Арым тазарады, бойым жеңілдейді. Сендер мейлі, мың жерден жасыра беріңдер, түйе ұрлайтындарың маған баяғыдан белгілі. Жаңа үйге кірместен бұрын мойнымды созып, қораға қарап ем, екі-үш боталы түйенің сыртқа шыға алмай, аңтарылып тұрғанын көрдім. Жақында анау Әзбергеннің бұлақтай сауып отырған қос өркешті түйесі жоғалды. Байғұс ботасы жетім қалды. Ал Әзбергеннің түйесін іздеуге шамасы жоқтығын жақсы білесіңдер. Соқыр кісі жоғалған түйесін қайдан табады. Ана жолы Қаншайымның да биыл боталаған тұмса түйесі аяқ астынан зым-зия жоқ болды. Осының бәріне біреу жауап беруге тиіс қой. Бүйте берсе келешегіміз не болмақ?!
̶ Түйесі жоғалғандар милицияға арызданбай ма?
̶ Кім- кімге! ̶ Қалила төбеге қарап, қарқылдап күлді, ̶ Сенгендерің Бекайдар ма? Полиция дейтін болыпты ғой оларды. Ол жоғалған түйені іздемек түгілі, шалбарының ауын дұрыстап түймелеп алсын. Бейшара, әйтеуір, ілініп-салынып жүрген біреу. Ара-тұра Ибекеңмен бірге арақ ішеді дегенді де естігем.
̶ Естігеніңді айтып, бізден бірдеме дәметкелі отырмысың? ̶ Үлкен ұл да кеудесін көтерді.
̶ Құдай сақтасын, сендерден соқыр тиын дәметіп күнәһар болар жайым жоқ. Маған бергендерің болсын, әлгі пақырлардың түйелерін иелеріне қайтарыңдар. Обал. Ана жаққа барғанда қыл көпірден қайтіп өтпексіңдер?! Ойбай-ау, менің ескертпеме құлақ аспайтындарыңды айтам да! Ертең, бүгін аспаннан астероид құлағалы тұрғанда сендердің бүйтіп аспанға секіргендеріңе жол болсын! Секудтына он мың шақырым. Жерге қандай жылдамдықпен соғылатындығын өздерің-ақ шамалай беріңдер. Жиған-тергендеріңнің күлін таба алмайсыңдар. Ал өздерің қораптағы сіріңке секілді шашыласыңдар да қаласыңдар! Әзірге Марсқа барып қоныстану жағын армандамай қоя тұрыңдар. Марс адал адамдарды ғана қабылдайды. Оның басы ашық – ақиқат. Мені де түсінсеңдерші, өстіп сабылып жүре берем бе? Не болған сендерге?! Жерге жат планета кеп соғылғанда сол ұрлықпен тапқан боқ дүниені қай көттеріңе тықпақсыңдар?!.. Келін айналайын, мұның саған қатысы шамалы, мына боққарындардың бастарына бірнәрсе кіре ме деп айтып жатырмын. Қайтейін, қайтейін-ау, Ибайдулланың ұрлықшы ұлдары дегенде, қосақ арасында сен де кетесің-ау?!
̶ Әй, жынды, не деп оттап отырсың?! Осы тұрғанда мына кездікпен кеңірдегіңнен орып жіберейін бе, а?! Мейлі, содан кейін сотыңа бере бер! ̶ Қара кемпір ұлының қолындағы пышаққа жармасты. Үйдің іші аткөпір. Желке тұстан тиген ауыр соққыдан есеңгіреп, Қалила сыртқы есікті әрең тапты.
***
Облыс орталығындағы психиатриялық диспансердің күзгі шақыртуына дәл уақытында барған Қалила туған ауылына қайтып оралмады. Оның неден қайтыс болғандығы әлі күнге дейін беймәлім. Әркім сан-саққа жүгірткенімен, қолға ұстайтындай нақты дәлел шамалы. Дәрінің дозасы шектен тыс көп берілгендіктен ұйқыдан оянбаған. Істің ақ-қарасын ашамын, кінәлілерді жауапқа тартамын, өлген шыбын емес адам ғой, сұраусыз адам болмайды деп, екі иығын жұлып жеп, тепсініп шығатын жанашыр қайда? Мүрдені әкеп, күмбезді кесененің көлеңке жақ бетіндегі ашық алаңқайға жерледі. Топырақ үйілген томпешік көзге елеусіздеу күйде томпиып қала барды. Қазақы дәстүр бойынша жетісін, қырқын берген бойды тағы бір дәлелсіз күңкіл ауыздан-ауызға көшіп жүрді. «Осы өлімге Ибайдулла балаларының қатысы жоқ па?.. Тірі пендеге қиянаты жоқ Қалила кімнің егініне түсті…».
Сонан бері төңірек тым-тырыс. Жо-жоқ, есебінен жаңылмай таң атады, күн батады. Әркім өз тірлігімен әуре. Бірақ қалай дегенде де Қалиланың орны үңірейіп тұр. Жерге жат планета жақындап қалды деп, қияли әңгіме айтқан секілді болғанымен, ар-ұяттың шекарасынан асқандарды сәл-пәл тәубелеріне түсіретін. Құдайды ұмытпаңдар деп үндейтін. Адами түзу жолды нұсқайтын.
Енді не болды? «Қалиласыз қайтіп өмір сүреміз?» Бұл сауалдың әр көкіректі тынымсыз тырнамасы белгілі. Десе де мүлгіген тыныштықтың өзі кісіні жалықтыра ма қалай?! Қалиланың жүріс-тұрысын, ойындағысын бүкпесіз ашық айтатын турашылдығын сағынатындар, «тіпті оны жынды деуші ек, ал өзіміз ше, өзіміз?!..» дейтіндер барған сайын көбейіп барады.
Қуаныш ЖИЕНБАЙ