Заманауи кезеңде адамзат қоғамындағы рухани дағдарыстардың ішіндегі, «ғаламдық рухани мәселелер» деп арнайы атап көрсетуге болатын келеңсіз жағдаяттардың ішіндегі маңызды мәселелердің бірі – ажырасудың еселене көбеюі және оның елімізге кері әсерін тигізуі. Зерттеушілердің пікірі бойынша, бүгінгі қоғамымызда ажырасу әлеуметтік феномен ретінде қалыпты жағдайға айналып бара жатыр. Ендеше, бұл құбылысты бір қырынан ғана емес, жан-жақты зерттеп, себептерін анықтап, алдын-алу шараларын ұсыну бүгінгі гуманитарлық бағыттағы ғылыми қауымдастықтықтың әлеуметтік жауапкершіліктерінің бірі .
Ажырасуды әлеуметтанулық тұрғыдан ғана емес, философиялық тұрғыдан зерделеу бүгінгі әлеуметтік философия мен антропологиялық бағдар нысандарының бірі болғандықтан, қоғамдық өмір сұранысының талаптарына сай тоғысады. Соңғы кездегі әлеуметтанушылардың зерттеулері ажырасу себептерінің мынадай кең таралған қалыпты жағдайларын талдап көрсетеді: отбасы мүшелерінің ішімдік пен нашақорлыққа салынуы, қылмыс жасауға байланысты, материалдық жағдай, жыныстық қанағаттанбаушылық, бас қосардағы күтпеген жүктіліктен құрылған жанұяның уақыт өте келе, бір-бірінен теріс айналуы, яғни, әуелгі ырықсыз отбасын құру, көп жағдайда ерінің әйеліне зорлық-зомбылық көрсетуі, албырт шақта неке құру, бастапқыдағы таныстық, өзара білістік мерзімнің тым аздығы, көзге «шөп салу», бастапқы махаббат сезімінің жоғалуы секілді көптеген себептері бар. Бұл көрсетілген жағдайлар негізінен түп себептер болып табылмайтындығын, тек алғышарт немесе сылтау, түрткі ғана екендігін пайымдай келе, оның философиялық түп негізі мен негіздерін іздеуге тырыстық. Яғни ажырасудың әлеуметтік-психологиялық қырларымен қатар, психофилософиялық себептері бар екендігін зерделедік. Демек, кей жағдайда ажырасушы субьектілер түрткілер мен сылтаулар іздеуге талпынатындығын және оны себеп ретінде атап көрсететіндігін бағамдай аламыз.
Алдымен, ауытқушылық және аморальді құбылыс болып қабылданып қалған ажырасуды «антигумандық» және «гумандылыққа қайшы келмейтін» деп шартты түрде екіге бөліп қарастыруымызға болады және оның антигумандық бағдарын ғана зерттеу нысанына айналдырып жолға қойғалы отырмыз. Антигумандық өздігінен-ақ түсінікті бағдар. Гумандылыққа қайшы келмейтін ажырасуға мыналарды жатқызуымызға болады: ұрпақ болмаған жағдайда екі тараптың өзара келісімі, ұрпақтарының, ата-анасының екі жақты келісімді талап-тілектері бойынша ажырасу, тұтас ел үшін тиімді болып шығатын саяси-әлеуметтік маңызды мәселеге айналған еріксіз ажырасу, т.б.
Ендеше, біз жоғарыда аталған дәстүрлі ұғымдардан тыс, антигумандық ажырасудың түп себептеріне барынша үңіліп, оларды сараптай келе, алдын-алудың да бағдарларын көрсетуімізге болады.
1. Жауапкершілікті сезінбеу мен өмірді байсалды тұрғыда түсінбеушілік. Өмір жеңіл-желпі «жетпіс-сексен жылда әйтеуір сүріп тастайтын» шоу емес. Осыған постмодерндік өмірді театрландыру мен прагматистік индивидуализм жаһандану жағдайында біздің сана-сезіміміз бен ділімізге айтарлықтай ықпал етуде. Сондықтан, бұл тұста ең басты түйін: жанұялық өмірдің өмірмәнділік жауапкершілік екендігін жастардың санасына сіңірумен түйінделеді және мұндай насихаттың жүргізілуі ата-ананың басты парызына айналуға тиісті. Бүгінгі күнгі біздің қоғамымыздағы жастар арасындағы суицидтің белең алуының түп себептерінің бірі де – осы ғаламдық жауапкершіліктерді ұғынбаудан туындап жатады. Осы тұста Ж. Молдабековтың қазіргі заманғы руханияттық мәселелерді толғана келе: «Олай болса, елдің берекесі – ынтымаққа, әр азаматтың еңсесін көтеретін жетістіктерге, үндестік пен ұмтылысты үйлестіретін жауапкершілікке мұқтаж», – деген тұжырымдарының маңыздылығы өздігінен-ақ көрініс береді.
Өмір – ғарыш заңдылығына негізделген, түпмәні ұрпақтар сабақтастығы мен сандық-сапалық дамуды қамтамасыз ету қызметін атқаратын, бүгінгі адамзаттың «бар болуын» әрі қарай жалғастыру үшін тағайындалған обьективті қағида. Жауапкершіліктерден қашып барып ажырасу – түптің түбінде басқа жазықтықтағы ғаламдық жауапкершіліктердің бұзылуына жетелейді.
2. Ақиқатты ашу, шындықпен ғана өмір сүрудің кезеңі келгендігін ұғынбаушылық. Әйел мен ердің жалпылама мінез-құлқының осы отбасы мен ажырасуға қатысты психоаналитикалық талдаулар нәтижесінің ащы шындығын ашып көрсетіп, көпшілікке паш етуге тиіспіз. Себебі, бүгінгі өркениет аясындағы адамзат әртүрлі әлеуметтік мифтерден, идеологиялардан, сендірулерден бойын аулақ ұстауға тырысады, сондықтан бұрынғыша алдамшы өмірмен қанағаттанудың дәуірі де өтіп бара жатыр. Екі жұптың бір-бірін іргелі өмірмәнділік мәселелерде алдаусырату, жалған ақпараттармен сендіру, түптеп келгенде, ажырасуға алып келеді. Сондықтан, ішкі шынайы мазмұны мен болмысын, алдымен, болашақ жұптардың өздері-ақ бүкпесіз түрде баяндаулары қажет, тіпті «айтылмайтын ақиқаттарды» да бір-біріне жариялауы тиіс. Осындай ақиқаттарға қаныққаннан, тіпті оған көндігіп, келіскеннен кейін ғана отасы құруға бет бұруы қажет. Сәйкесінше, біз күн сайын қайталап жүрген демократиядағы саяси жариялылық пен мөлдірлік (прозрачность) тек мемлекеттік деңгейде қалып қоймай, отбасылық өмірдің соңына дейін оның өн бойынан табылуы тиіс. Себебі, «мемлекет – үлкен, шағын мемлекет» қағидасын ұмыт қалдырмауымыз қажет.
3. Ұрпақты дискриминациялаушылық түсініктерден де туындап жатады. Оған деген жалаң сүйіспеншілік пен қайырымдылық кей жағдайларда, баланың болашақтағы жеке тұлғалығын ескермеумен келіп тоғысады. «Бүгінгі бала – ертеңгі біз, бүгінгі біз – бұрынғы бала» деген қарапайым қағиданы басшылыққа ала отырып, оның ішкі мағынасына үңілген сайын баланы дискриминациялауды жоюға қарай бет түзейтін сана қалыптасуы керек. Баланы бастапқыда тек қана ата-ананың, яғни, өздерінің эмоционалдық қуаттарын қанағаттандыратын биологиялық құрал ретінде түйсіну мен есейгенде, қартайған шағында асырайтын, қолдау көрсететін өзінің болашағының адами «капиталы», «ресурсы», «құралы» деген таптаурын түсініктерден саналы түрде бас тартуымыз керек.
Бала дискриминациясы тек жанұяда ғана емес, қоғамымызда да антигумандық деңгейде орын алуда: тастанды бала, мемлекетіміздегі балаларды шет жұртқа сату, ұрпақтарымызға жасалып жатырған түрлі рухани-саяси тәжірибелер, т.б.
4. Дәстүрлі атастыру түрлерінің де тиімділігін ескермеу. Біз соңғы уақыттарда «өткеннің барлығын тұтастай ескінің артта қалған сарқыншақтары, бүгінгі заман басқа, ол баяғыда солай болған» деген сияқты бағалаулармен ғана шектелеміз, тарихи рухани құндылықтарымыздың ішкі терең мағыналарына үңілгеннің өзінде, оларды өмірде қолданысқа енгізуді ойламаймыз, тек экспонат, шоу, ойын түрінде ғана атап өтіп жүрміз. Әдет-ғұрпымызды «бейне бір басқа бөтен көне халықтың болмысы» түрінде елестетіп зерттейміз, зерттеудің негізгі мақсаты – бүгінгі өмірде оларды әркім өз жеке басынан бастап қолдану екендігін көп жағдайда ұмыт қалдырамыз. Сондай көне дәстүрлердің бірі – атастыру. Оның түпкі мәні – жас жұбайлар үшін екі жаққа да «болашақ жұбың кім болса да, сүйсең де-сүймесең де сонымен бірге мәңгі бақи өмір сүресін, ең бастысы, махаббат емес, ұрпақ қалдыру» деген өмірмәнділік философияны санаға сіңірумен келіп тоғысады. Ол өз кезегінде жастардың ажыраспауының кепілі болған, махаббаттың әлеуметтік мифтік қырын елеп-ескермеуге табан тіреген. Сондықтан, қазақ халқында сүйіспеншілікке қатысты алғанда отбасы құрудың екі нұсқасы әйгіленген: біріншісі, қалыпты махаббатпен үйлену, екіншісі, махаббатсыз үйлену. Осыған байланысты, екінші жолды насихаттайтын лиро-эпостық жырлардағы нәтижесіз махаббат бір қарағанда трагедия, екінші бір қырынан алғанда, «махаббатшылдықпен адасу» екендігін ниеттейді. Сондықтан бүгінгі күнгі қосылған жастар арасында, уақыт өте келе: «мен махаббатымды таппадым-ау» деген сезім сақталып қалады.
Ал атастырудағы халқымыздың астыртын жатқан ой түйіні мынаған келіп саяды: «жастар үйленетін жасқа жеткенде, өздерінің болашақ жұбын өз бетінше дұрыс таңдауға ақыл-ой мен таным-талғамы жағынан әлі қабілетсіз болады, ал қабілетті жасқа жеткенде үйленуге кеш болады». Сондықтан, жастар үшін үйлену, болашақ жұбының қандай адам екендігі – тәуекел мен жазылып қойылған тағдыр болып есептелетін және ата-анасының кесімді бұйрығы ретінде ата-салты болып бекітілген. Ал ата-аналары үшін, болашақ келіні немесе күйеу баласының таңдалуы ол тәуекел емес, келешек барынша айқын бағдарлама іспетті. Олай болса, бастапқыдағы «сүйіп қосылу – сүйіп қосылмау» деген дихотомиялық өлшем бұл жерде маңызды болмай шығады және жастардың санасына енгізілмейді немесе мүлде ығыстырылады. Себебі, «сүйіп қосылу мифі» көп жағдайда өзінің оңды нәтижесін беруге кепіл бола алмайды.
5. Қанағатсыздық. Ол тек материалдық жағдайға ғана қанағаттанбау емес, өзінің жұбына және жалпы өмірге деген қанағатсыздық, өзінен жоғарырақ мәртебеге көтерілгендермен өзін салыстыру және бастапқыдағы өмірдің шаттығын асыра бағалау мен бүкіл өмірді «қызықты шоу» деп танудан туындап жатады. Осындай адамның өзі біле де, сезе де бермейтін бейсанадағы жалпы қанағатсыздықтардың қандайда бір қобалжуларға жетелейтіндігі, сайып келгенде, отбасының бұзылуына алып келері хақ. Егер бұл қанағатсыздық сезімі күшейіп кеткен жағдайда, ол психоаналитикалық тұрғыдан зерттелетін және сауықтыруға жататын ауытқуға да айналады. Әрине, материалдық тұрғыдан қанағатсыздық белгілі бір деңгейде, ізгілікті бағытта жүргізілсе, дәулетті тұрмысқа ұмтылу үшін қажетті сапа. Бірақ бұл жердегі мәселе, жалпы экзистенциалдық, тіпті онтологиялық деңгейдегі қанағатсыздықта болып отыр, яғни, бұны «жалпы барлық нәрсеге қанағаттанбау синдромы» деп атауымызға да болады.
Осы қанағатсыздықтың екінші бір қыры – бастапқыда болашақ жары туралы идеалды модель құрудан туындайды. Мифологиядағы «асыл ханзада», «сегіз қырлы, бір сырлы жігіт» немесе «хор қызындай сұлу жар», «он екіде бір гүлі ашылмаған қыз» сияқты арман-мұраттарды бүгінгі күнгі шынайы өмірмен «алмастырып алады». Сайып келгенде, өмірдің шындығының бұндай еместігінен, өзінің идеалы мен нақты жұбының үндеспейтіндігінен екеуінің бір-біріне деген көңілі толмаушылығы мен қанағаттанбау сезімі басталады. Алдын-алу жолы: «өмір деген ертегі емес» деген нақты тұжырыммен шешімін табады және осы бейсанадағы адамның өзіне де аңғарылмай қалатын «идеал қуушылықты» санадан шығарып, түсіндіріп берумен, тіпті әрбір адам өзіне-өзі түсіндірумен де жалғасын табуы тиіс. Ұлттық таным-түсінік бойынша «шүкіршілдік», «алтынның қолда барда қадірі жоқ» қағидалары үстемдік етуі тиіс.
6. Өмірдегі әркелкілікті отбасылық жұбына да қолдану, яғни, өмірдегі біркелкіліктен, бірсарындылықтан жалығуды жұбынан жалығуға апарып тели салу. Жанұялық жұп жалықтыруға және жалығуға мүлде тиеселі емес әлеуметтік құбылыс, керек болса, өмір бойғы тұрақтылық пен әлеуметтік ақиқат. Зерігу, абсурдтылық сияқты ХХ ғасырдағы батыстық экзистенциалистік сарындар, адамзаттың өнері арқылы тұрмыс салтына еріксіз түрде енгізіле бастады, бейсаналы болса да қабылдануға мәжбүр болды. Шындығында, бұл мүлде керісінше, батысша айтсақ, сол өмірдің абсурдтылығына бірден-бір мағына енгізуші «дәрумен» осы – отбасымен мен ұрпақ болып табылады. Ал постмодернизмде сол мағына енгізушінің өзін мағынасыздандыру белең алды, бұл да адамзат руханиятына батыстық философия мен мәдениет, өнер мен идеология арқылы бірте-бірте сіңірілді де, бүгінгідей нәтижеге жеткізді. Сондықтан «жанұяның өзі құндылығын жойып бара жатыр» дегенге келіп саятын түсінік қалыптасты. Бұны шындап келгенде, адамзаттың көбеюі мен дамуына, ер мен әйелдің рухани ынтымақтастығына қарсы өзіне-өзі жасаған «рухани бомбасы» деп түсінген жөн.
7. Тағдыр мен табиғаттың заңы тағайындаған бірін-бірі толықтырушылық, бірін-бірі жетілдіруге тоғысатын, табиғи сұрыпталу да көп жағдайда отбасына қатысты болып келетіндігін жете ескермеу. Қазақта «тең-теңімен, тезек қабымен» деген қанатты сөз бар, бұл жердегі теңдік, түптеп келгенде, керісінше, «тең еместердің теңдігі», сол «тең еместердің қосылу теңдігі» болып шығады. Осы тұста, генетикадағы мынадай бір заңдылық бар екендігін есімізге алайық; егер интеллектісі жоғары екі жұп қосылса, олардың ұрпағының интеллектісі ата-анасынан төмендеу болып келеді. Ендеше, қосылған екі жұп та бірін-бірі тәрбиелеумен, тұлғалығын қалыптастырумен айналысатын андрагогикалық рухани өндіріс болып құрылады, сондықтан адамзаттың өркениеті мен дамуы үшін табиғи заңдылықтың шарты да, көп жағдайда, сәйкессіздік пен қосылған жұптардың дүниетанымдарының алшақтығы бойынша жүріп отырады. Қарапайым ғана бір мысал, бұрынғы кезде, мектепте сабақ үлгерімі жақсы оқушы нашар оқушыны үйрету үшін оларды бірге отырғызатын дәстүр болды. Бұл, әрине, мұғалімнің өзінің жұмысын жеңілдету үшін қолданылған гумандық емес тәсіл. Ал қоғамдағы осындай екі жұптардың қосылуы табиғатта «гумандық» сипат алатын сыңайлы және адамзат өркениетіне деген ішкі жауапкершілік болып табылады деп айта аламыз.
Олай болса, қарама-қарсылықтардың бірлігі тек жыныстық жағынан ғана емес, жұптардың тұтас болмысы, мазмұны жағынан да құрылуы тиіс. Бірақ ол түпкілікті қарама-қарсылық болмағандықтан, отбасылық жұпты «айырмашылықтардың бірлігі» деп қайтадан оңтайландыра аламыз. Ендеше, отбасылық субьект – эволюциядағы қатал тәжірибе алаңының сынақшысы емес, әлемдік қарама-қайшылық заңдылығының қажетті, мәнді, маңызды іске асырушысы болып табылады. Яғни, әрбір адам осы табиғи ерікті орындаушылыққа тағайындалған рухани-биологиялық-әлеуметтік жан иесі екендігін терең түйсіну – отбасылық жұпты сақтаудың кепілі болмақ.
8. Қазақ дүниетанымында және басқа да халықтарда жұп құру – өзіндік бір тылсым, өздігінше сакральді, қастерлі құбылыс болып табылатындығын бүгінгі тарихи жадының ұмытуынан. Себебі, адам өндірісіне құрылған отбасы, тек репродуктивті қызмет қана атқаратын әлеуметтік институт емес, ұрпақтардың толыққанды тұлға болып қалыптасуы үшін жауапты және ол өндіріс жұмысының заңды, қажетті жалғасы, тіпті соңғы нәтижесі десе де болады. Бұл ахуал өмір мағынасынан, әзірге нақты шешімін таппаған жалпы өмірдің мәні мәселесіне бәсекелес болуға да құқылы. Нақтырақ айтқанда, өмірдің мағынасы жалпы өмірдің мағынасына жуықтайды немесе оған сәйкестеніп кетеді немесе керісінше, жанұялық өмір тұтас өмірге мағына енгізеді.
Сондықтан, халқымызда үйлену салттары барынша күрделі және онда тылсым ғұрыптар жиі қолданылған. Мысалы, отқа май құю, бата мен тілек, ақ төсек, т.б. Осы қастерлі салт-дәстүрді терең түйсінбеу, жанұяны жай ғана жұп құру деп құрғақтай ұғынушылық оның тұтастығын бұзуға жетелейді. Ендеше, жанұяның қасиеттілігін, «шаңырақ», «отбасы», «қара қазан қамы» деген сияқты ұғымдардың тіпті діни-астарлы да тылсымдығын түркі-қазақ дүниетанымы тұрғысынан ұғындыру да бұл тұста маңызды іс болып табылады. Отбасы ұғымы тек екі жұптың бірігуі ғана емес, ұрпақ жалғастығымен толыға түседі. Осы орайда, Қорқыт ата кітабындағы ханның барша халықты қонаққа шақырып тұрып: «Ұлы барларды ақ үйге кіргізіп, ақ қойдың етін тартыңдар, қызы барларды қызыл үйге кіргізіп қызыл қойдың етін тартыңдар, ал ұлы-қызы жоқтарды қара үйге кіргізіп, қара қойдың етін тартыңдар. Ұлы-қызы жоқтарды біз де қарғаймыз, Тәңрі де қарғайды» деген сөздерінің ішкі терең мағынасын ұғына аламыз және оған «жалпы адамзатқа арналған жоққа теріске шығарылмайтын, мүлтіксіз мәңгілік жолдау» деп баға беруімізге болады. Ендеше, жанұяның «мәдени-руханиятты-сакральданған институт» дегенге келіп саятын ресми емес «атауын» кері қайтару керек. Осы тұста, құндылық пен сакральділіктің «сирек кездесетіндігі» оның бірден-бір маңызды қасиеті емес, күнделіктілікті құбылыстардың өз мәнін неғұрлым жоғары сапада қайталай алуы ғана басты көрсеткіш болып табылатындығын атап өтуіміз керек.
Қорыта айтсақ, тірі жетімдердің бойындағы психологиялық күйзелістер мен жетіспеушіктер оларды адамгершілік қасиеттерден алшақтата түседі, ол бейсаналы-саналы түрде обьектісі беймәлім потенциалды реваншист. Осыдан-ақ болашақтағы қоғам субьектілерінің, бауырластықтың психологиялық жылу энергиясы мен мейірімін бастан өткізбеген толыққанды емес субьектілердің болмысын, қандайда болмасын зұлымдықтан тайынбайтын, мейірім мен қайырымдылықты маңызды деп санамайтын және өзінің түпкі өшпенділік есебін түгендеуді мақсат тұтатын мінез-құлқын елестетуге болады және бұл жаппай сипат алған жағдайда қаншалықты қауіпті екендігін болжаудың өзі қиын. Бұл кезде біз ізгіліктілік-өркениеттілік ретінде ұстанып жүрген мораль, заң, діни құндылықтар, гуманизация қағидалары, т.б. әлеуметтік институттар құрғақ схоластикаға, қажетсіз қағаз жүзіндегі шартты догмаларға айналуы ықтимал, тіптен олардың кейбір шарттары айналып бара жатыр десе де болады. Біз осы тектес өткір мәселелерден қашқақтағаннан, оны бүркеп тастағаннан ешнәрсе ұтпаймыз, ол турасын айтқанда, жеке адамға қатысты айтылған «ауруын жасырған өледі» дегеннің әлеуметтенген кейпі, демек, «ауруын жасырған қоғамның болашағы бұлыңғыр». Сондықтан, келесі кезекте мәселелерді төтесінен қойып, мынадай шешімін табуы тиіс түйткілді сауалдарды топтап ұсына аламыз, яғни, еркін мәселелер алаңын құрастырып, оны пікірталастар кеңістігіне ұсынамыз:
1. Биологиялық-табиғи тұрғы: «Батыс қоғамында жеке өмір сүрулер мен ажырасулар өмір салтына айналғандай, отбасы шындығында, адамзат эволюциясының бүгінгі кезеңінде өзінің құндылығын түбегейлі жойды ма?», «Бүгінгі адамзат қоғамында ер мен әйелдің ұзақ уақыт бірігіп өмір сүруі шындығында, мүмкін емес жағдайға келіп тіреліп отыр ма?», «ажырасу құбылысының хайуанаттық жұптардың тіршілігіне ұқсас болып келуі табиғи-биологиялық негіздерге сүйенген әлем заңдылығы болып табыла ма, олай болса, адамның неліктен техника, экономика, экология салаларында бастапқы табиғи қалыптарға оралуы байқалмай отыр?»
2. Ұлттық-әлеуметтік тұрғы: «қазақ қоғамындағы отбасының бірлігі мен тұтастығы жағдайында жаңашылдық пен дәстүршілдік қағидасындағы жаңашылдықты қалай түсініп жүрміз, қайсысы үстемірек тұруы тиіс?»,«қоғамымызда дін мен салт-дәстүр институты неғұрлым күшейген сайын, ұлттық тәрбие жанданған сайын ажырасудың саны неліктен соғұрлым артып келе жатқан парадокс қалай шешімін табуы тиіс», «ажырасудың ер азамат тарапынан болғандығы мен әйел тарапынан болғандығын мүлде екі басқа мәселе ретінде бөліп тастап қарастыруымыздың уақыты келіп жетті ме?», «жаппай ажырасу жайлаған қоғамның болашақтағы келбеті қандай болуы мүмкін?»
3. Құқықтық-моральдік тұрғы: «Неліктен қазіргі қоғамымыздағы кейінгі буындар арасында ажырасып кетпесе де, бейбіт, тыныштықта, ізгілікті сыйластықта, үйлесімділікте өмір сүріп жатқан жұптар мүлде аз, тіпті жоқ десе де болады», «өзі үшін өз баласын тірі жетім жағдайында қалдыруды құрбан ететін сана адамгершіліктің шектен шыққан түрі ме?», «ажырасуды заңмен мемлекеттік тұрғыдан реттеудің заманы келіп жетті ме?», «Қоғамымыздағы дін, мораль, ағарту, заң сияқты әлеуметтік институттардың топтасқан легі ажырасу беталысына қаншалықты бей-жай қарап отыра алмақ?»
4. Мистикалық-магиялық тұрғы: «әлемдегі және біздің қоғамымыздағы ажырасудың мистикалық себептеріне қаншалықты деңгейде көңіл аударуымыз қажет: дуалап ажырату, үйлесімді жанұяға көз тию, тіл тию дегендерге көңіл бөлмеу қажет пе, әлде?», «егер, жанұяны магиялық тұрғыдан сақтап қалу рас болса, ол – қара магия, әлде ізеттілік магиясы бола ала ма?», «Ажырасудың көбейе түсуіне қандайда бір геоғарыштық, астрономиялық құбылыстар әсер етіп отыр ма?»
Міне, бұл мәселенің шешімін табу үшін ең алдымен осы сұрақтарға жауап табуымыз қажет. Сонда ғана көшіміз түзеліп, жүрер жолымыз айқындала түспек.
Л. Ә. АСҚАР,
философия ғылымдарының кандидаты
Б. М. АТАШ,
философия ғылымдарының докторы