Жазушы және жад

 2022 жылы Томск мемлекеттік университетінің хабаршысында жарияланған В.Н. Сыровтың «Жадты зерттеудің жаңа үрдістері: бұл не нәрсенің белгісі?» атты зерттеу мақаласында әлеуметтік жад, тарихи жад, мәдени жад, протезді жад және постжад сынды терминдер сараланып, жаңа заман талабына сай жад ұғымы қоғамдық санадағы қабылдау мен қарым-қатынас құрудың симптомы (белгісі) ретінде қарастырылады.

Әлеуметтік желілер, жасанды интеллект пен цифрланған ақпарат тасқынының үздіксіз дамуы, расымен, жад концепциясына гуманитарлық салаларда (тарих, әлеуметтану, мәдениет, өнер, әдебиет) қалыптасқан академиялық пайымдарға жаңаша талдау жүргізу қажеттігін айқындай түсетін сияқты.

Америкалық зерттеуші Элисон Ландсберг ұсынған протезді жад – яғни адамға тікелей қатысы болмаса да, кино, мұражай, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мәдени контекст аясында қалыптасатын жад – көркем әдебиетте қалай көрініс табады немесе әдебиеттің протезді жад қалыптастырудағы рөлі мен болашағы қандай деген ой осыдан кейін туындайды.

Протезді жад құбылысы мемлекеттердің ішкі және сыртқы саясатында үлкен рөл атқарады: мысалы, Вьетнам соғысы туралы фильмдер мен архивтік фотосуреттер Америкадағы әскери саясатқа әсер етсе; ал нацистік режимге қатысты ақпараттар неміс халқы туралы стереотиптік образдың қалыптасуына ықпал етуі ықтимал. Мұндай тақырыпты коммуникация теориясы арқылы медиадағы түрлі манипуляциялардың лингвистикалық талдауы арқылы зерттеуге болатыны – табиғи заңдылық. Алайда жад мәселесі, оның концепциясы мен өмір сүру, түрлену формалары коммуникация теориясының шеңберінен асып, өзге салаларға да оңай таралатынын болжау қиын емес.

Протезді жад адам жадының табиғатына еніп, оған  біте қайнасып, күрделене түсетін құбылыс. Егер бұқаралық ақпарат құралдарындағы немесе медиадағы мәдени жаңалықтардың (Голливуд кинематографы, виртуалды трендтер) өмір сүру мерзімі қысқарып, ұмыт қалу ықтималдығы жоғары болса, өнер, оның ішінде әдебиет саласындағы протезді жадтың шынайы жадтан айырмашылығын анықтау уақыт өткен сайын қиындай түсері сөзсіз.

Жадымызда сақталған көркем образдардың кейпіне телінетін шын адамдардың әрекеті немесе өмірлік ұстанымдары жаттанды фабула арқылы тұжырымдалатынын кездестіріп жүрміз ауызекі тілде. Алайда адамның жаны – күрделі мәтін екенін ұмытпау керек. Адам табиғаты формулаларға сыймайды. Қоғамдық жад қалыптастыратын әдебиет туралы сөз бастаудың маңызы да осындай ойлар арасында арта беретінін байқаған боларсыз.

Әлем әдебиеті һәм қазақ әдебиетіндегі жад немесе ұмыту тақырыптарын тереңдеп талдасақ, оның түбіне жету мүмкін еместігі анық. Бұл ұғымдардың әдеби көркем символ, сюжеттік қаңқа, көркем әдіс немесе мотив ретінде көркем сөз өнерінде сан алуан кейіпке еніп, түрлене түсетіні де белгілі. Оның үстіне, әдебиетпен тамырлас өрбіген кинематографияда аталмыш ұғымдардың көрініс табуы мен қайта өңделуінің соңынан ілесу кейде мүмкін еместей көрінеді.

Алайда протезді жадты қалыптастыратын көркем әдебиет табиғатын тереңірек түсіну және әдебиеттегі жад ұғымының кейбір құбылмалы болмысын ашу мақсатында өзіміздің оқырмандық рецепциямызға сүйене отырып, бірнеше нақты мәтінге жүгіну арқылы иллюстрациялық талдау ұсынғымыз келеді.

Көне Грек мифологиясында тоғыз музаның анасы – жад тәңірі Мнемозина мен ұмыту немесе естен шығару құдайы Летаға қатысты бірқатар аңыз-әфсаналар бар екенін білеміз. Мнемозина мен Летаның мифологиялық бейнелері Платон еңбектерінде өзінше түрленіп, автор тезистерінен де орын алатыны бар. Мәселен, Платон шығармашылығының алтын діңгегі – оның диалогтарын еске алғымыз келіп отыр. Мәселен, мәңгілік өмір туралы «Федон» диалогі немесе жан, махаббат және риторика жайлы сыр шертетін «Федр» диалогі – осы екі мәтінде «еске түсіру» ұғымы өзін табу, шындыққа оралу, шынайы махаббатты сезіну тақырыптарымен сабақтасып, ойлы оқырманды терең толғамдарға жетелейді. Ал «Менон» атты диалогтің фабуласы ізгілік тақырыбына негізделгенімен, онда күмәндану, еске түсіру, тану һәм ақиқатқа жету әрекеттері сияқты қарапайым, әрі мәңгілік ұғымдар төңірегіндегі ойлар кеңірек қозғалады.

Әсіресе, бұл сауалдардың уақыт шындығымен жаңаша формаға еніп, бүгінгі күн тұрғысынан қайта ой елегінен өткізуге мүмкіндік беретіні де анық.

Әлқисса, «Менон» диалогінде Менон (жас мырза), Сократ (Платон диалогтарының басты кейіпкері) және Анит (саясаткер) арасындағы әңгіме негізінде ізгілік формуласы мен оның атадан балаға даритын табиғаты сынға алынады. Әрине, тектілік тақырыбы бүгінде де талқыға түсуге тұрарлық қызықты тақырып болып көрінуі мүмкін. Алайда әңгіменің нағыз майлы тұсы – Платонның «анамнезис», яғни еске түсіру феноменінен бастау алады. Платонша, адамның жаны – мәңгілік, және ол ақиқатқа өмірлер арасындағы қайта оралу (реинкарнация) арқылы жақындай алады. Демек, ілім – танымнан бұрын, еске түсіру процесі. Нағыз білім адам жанының тереңінде сақталып тұрады. «Менон» диалогі шеңберінде бұл тұжырым парадоксқа әкеледі: ізгіліктің тұқым қуалау арқылы даритыны туралы пікір сынала отырып, жадтың ақиқат құтысы ретіндегі тұжырымымен қарама-қайшылыққа түсені бар. Бірақ диалогтің ең тартымды тұсы да осы – соңында нақты жауап берілмейтінінде. Бізді қызықтырып отырған да – осы «еске түсіру» концепциясы. Диалог барысында Сократ (бас кейіпкер) Менонның құлын (білімсіз, академиялық білім алмаған жас бала) әңгімеге тартады: белгілі бір сұрақтар қою арқылы интервьюерді геометриялық формуланы өз бетінше айтып беру деңгейіне дейін жетелейді. Ілім көрмеген құл – түрлі дүниелерді еске түсіру арқылы академиялық тұрғыда дұрыс жауап береді.

Әлқисса, грек мифологиясына оралсақ: адам жаны жер асты әлеміне түскенде, жад тәңірі Мнемозинаның қолынан су ішіп, бәрін еске түсіреді-міс; ал бұл дүниеге қайта оралғанда, Лета өзенінен дәм татып, өткеннің бәрін ұмытып қайтады екен… Платон «Менон» диалогінде осы көне мифологиялық мотивті жаңа философиялық деңгейге көтеріп, «анамнезис» феномені арқылы адамның жадына үңілудің маңыздылығын алға тартады.

Бұл ой – ғасырлар өтсе де өзектілігін жоғалтпаған, адамның танымы мен рухани болмысы арасындағы байланысты зерделейтін мәңгілік сауалдардың бірі. Ал біздің әдебиеттегі жад тақырыбына ой толғауымыз да, бәлкім, осы эволюциялық ілімнің көркем мәтіндегі бір көрінісі болар…

Психология, когнитивті ғылымдар, нейробиология, философия сынды түрлі бағыттарда зерттелетін жад процесіне бір жақты анықтама беру қиын һәм мүмкін емес. Біздің ойымызша, жад феноменін жан-жақты талдап көру әрекеті аясында Ж. Делез, Ф. Гваттаридің «Мың жота» кітабында ұсынылған «ризома» – көне грек тіліндегі «тамыр жүйесі» концепциясын қолдануға болады. Биологияда кеңінен танымал ризома термині – жер астымен көлденең таралатын өсімдік тамырының табиғаты жад феноменінің өнер әлеміндегі даму әрекеттеріне ұқсас келеді. Жалпы, ең қарапайым тілмен айтқанда, ризома әдісі күні кеше (ЖИ қолданысына дейін) біршама ұрпақтың таным жүйесіне айналған Википедия тәсіліне ұқсайды емес пе? Гиперсілтеме арқылы Холокост тақырыбынан пингвиндердің тамақтануы туралы ақпаратқа апаратын жолдың таралуы – заманауи «таным» тәсілдерінің ризомалық сипатын айқындап тұратын сияқты. Бірақ ризоманың табиғатында кез келген нүкте екінші нүктемен байланысын жоғалтпайтын болса, әдебиет әлеміндегі жад концепциясының таралуы одан да күштірек иллюстрация болар еді. Образ, метафора, эпитет, теңеу, цитата, эпиграф, одағай, тыныс белгісі – көркем мәтінге тиесілі кез келген компоненттің функциясында жад опциясы іске қосылады. Көркем мәтінмен қарым-қатынастағы басты құралдардың бірі де – адамның жады. Сол себептен де болар, бір шығарма рецептивті эстетика заңдылығына сай он адамға он түрлі әсер береді. Оқырманның жинаған ілімі мен танымынан бөлек, жадтың симптомдары немесе сөз басында айтып өткен протезді жадтың қалыптасуы оқырман мен мәтін арасында ризомалық (тамыр жаймасы) концепция тудырып, әдеби процесс табиғатының эволюциясына үздіксіз әсер етіп отырады. Әлем әдебиеті деп танылған классикалық туындылар немесе адамзат тарихында ерекше орын алатын көне мәтіндер мен фольклор шығармалары – осындай категориялардың шындалып, қалыптасуында табиғи жад ризомасы ерекше қызмет атқарса, оның жалғасы ретінде сан тараулы көркем сөз әлемі протезді жад қалыптастырудың діңгегіне айнала барады. Көпшілік «идеология» терминіне сыйдыратын күрделі процестің ең шытырман тұсы да – осы жад феномені, жад ризомасы.

Жад туралы әдебиеттің классикалық үлгісін Гомердің «Одиссея» эпопеясы жақсы демонстрациялайды. Әр әдеби ғасырдың өз Одиссейі болады деген сөз бар. Одиссей – сөзсіз өнер әлеміндегі басты кейіпкерлердің бірі. Төл шығармадағы кейіпкердің болмысы – туған елі, туған жері, отбасы туралы естеліктермен көмкерілетінін еске алыңыз. Одиссейді күтуден тапжылмайтын Пенелопаның жадындағы Одиссей – кейіпкердің альтер эгосын қалыптастырады: мықты саясаткер, әділетті қолбасшы, мейірімді әке, сүйікті жар. Пенелопа сұлудың жадындағы дәл сол образдың қабырғасынан тағы бір танымал мотивтердің бірі – мәңгілік сағыныш туындап, жер бетіндегі ақиқаттарға бой ұрмастан, ұзақ уақыт теңіз жағасында белгісіздікті күтуге себеп болады. Алайда еліне оралған Одиссейді ешкім бірден есіне түсіре қоймайды, Пенелопа жадындағы образдың қуаты шын Одиссейдің бейнесін қабылдауға өз әсерін береді. Кейбір немесе көп оқырман Гомердің шығармасындағы осы шырмауыққа түсіп, Одиссейді Пенелопаның жадындағы образбен қабылдауы да мүмкін. Пенелопаның өзі бірден тани алмайтын Одиссей – расымен басқа Одиссей болатын. Оның жадындағы Одиссей – мәдени жадтың бір көрінісі һәм оқырманмен қауышқаннан кейін протезді жадқа дейін өсірілген ризомалық концепция. Одиссей туралы естеліктер Одиссейден де өміршең болатыны сияқты, әр аралда өзі жайлы жад жаратқан образдар қатары уақытпен бірге таусыла берген Одиссейдің өзінен де күштірек бола алатыны рас. Сезімге берілген адамның жадында жаңғыратын адамның өзі емес, оның образы екенін осындайда еске түсіреді. Фройд схемасына салғанда, Одиссейдің саяхатта өзін өзіне еске салып тұратын Супер-Эгосы – Пенелопа жадындағы образ деп айтуға себеп аз емес. Ал саяхаттағы Ид пен Эго арасындағы құбылмалы өмір, оны әлдеқашан өзге етіп жіберген еді…

«Құдіретті комедиядағы» сюжетінде жоғарыда айтып өткен анамнезис – еске түсіру арқылы оралу, саяхаттау тәсілі қолданылады. Жәннатқа апаратын жолда кейіпкерлер Летаның летаргиялық суынан ұрттап, барлық қиянатты ұмытып, таза кейпінде Жәннатқа енуі тиіс болатын. Алигьери поэмасында коллективті, тарихи жадтың шығармашылық қуаты ашыла түседі. Бұл шығарманың әр көркем компоненті келесі нүктемен тамырласып, ризомалық жадтың тағы бір көркем иллюстрациясын көрсете алады. Тарихты зерделеуде әдебиетті қолданатын ізденімпаздар үшін әдебиеттегі жадтың түрлі формасын зерделеу арқылы қалыпты танымның көкжиегін кеңейтуге болады. Құдіретті комедияны» ризомалық жад концепциясы тұрғысынан талдайтын болсақ, бұл шығарма шексіз түрлену мүмкіндіктерімен ерекшеленіп, оның интерпретация кеңістігіне терең бойлауға жол ашар еді. Грек мифологиясындағы Мнемозина мен Лета образдарының эволюциясы туралы сөз еткенде, тоқсаныншы жылдары феномендік танымалдылыққа ие болған «Матрица» фильміндегі Морфеустің (көне грек мифологиясында Гипностың ұлы, түс көру құдайы) қызыл және көк дәріні ұсынатын атақты көрінісі еске түседі. Бұл кадр қоғамдық жадтың жаңаша ойлануына түрткі болып, өзінше жаңа мәдениетті де қалыптастырған еді. Аталмыш киносцена, шын мәнінде, Л. Кэрроллдың «Алиса ғажайыптар елінде» мәтініндегі эпизодты қайталайтынын ескерсек, осындай шығармаларды біріктіретін ортақ желінің бірі – Мнемозина мен Лета образдарына қайта-қайта оралуымызда заңдылық екенін байқауға болады. Данте шығармасының циклдік сипаты көл бетіне тамған титтей тамшының шеңберлерге толқындалып, су бетіндегі көріністі сәт сайын өзгертсе де, оған үңіліп тұрған ақиқаттың болмысын өзгертпейтін процесс сынды адам баласы жадының тазаруынан рух тазалығына дейін теңеулерді көре алатындаймыз.

Шыңғыс Айтматов «Боранды бекет» романында Мәңгүрт туралы аңызды мысалға келтіре отырып, ұмыту мен еске түсіру ұғымдарының заманға сай, алайда уақытқа бағынышты емес сауалдарын алға тартады. Мишель Фуконың «Қадағалау және жазалау» кітабындағы қазіргі адамға сенгісіз, қатігез жазалаудың ортағасырлық үлгілерінен асып түсетін – «басқа көн қаптау» тәсілі туралы Айтматов асықпай әңгімелеп береді. Асылында, мәңгүртке айналатын құлдардың тек жады ғана өшірілмейді, сонымен қатар есі де ауысып қалады. Азат адамнан бағасы үш есе қымбат құл жасап сату үшін санадағы ең қымбат дүниелер – тегі, мәдениеті, наным-сенімі  жойылуы тиіс еді.  Шыңғыс Айтматов өз заманына сай иллюстрация арқылы азат ойды аңсау жырын осылай жазса, одан бұрын осы сарында қазақ ақыны Міржақып Дулатов өзінің әйгілі «Оян, қазақ» өлеңінде жадты жаңғырту ұғымын тарихи үдерістегі басты күреске теңеген еді. Бұл шағын ғана мәтіннің рухани қуатын бағалау мүмкін емес те шығар, алайда әдеби талдау аясында Мнемозина образының Дулатовтың тілінде шебер өрілгеніне көз салыңызшы: «…Қараңғыда жетектеп, Терең судан өтер ме…» деген қос метафора арқылы Орфейдің күмәнмен уланған жер асты патшалығынан Эвридиканы жетектеп келе жатқан бейнесін, Лета өзенінің адам жадын жойып жіберетін алпауыт күшін һәм осының бәріне қарсы бағытталған «оянудың», «еске түсірудің», «өзіне оралудың» арманын көреміз. Бұл – біздің мәдени жадымызда өзгеше һәм заңды түрде жаңғыруы тиіс бейнелер. Әңгімемізді жан-жақты өрбітіп көрелік…

1966 жылы ағылшын драматургі Том Стоппардтың «Розенкранц пен Гильденстерн өлді» атты абсурдты трагикомедиясы сахналанып, авторға бірден әлемдік танымалдылық алып келді. Шекспирдің «Гамлет» трагедиясындағы екінші дәрежелі кейіпкерлер – Розенкранц пен Гильденстерн Стоппардтың пьесасында басты кейіпкерлерге айналады. Шекспир туындысында олар Гамлеттің жақын достары ретінде бейнеленеді. Бұл қарым-қатынасты Клавдий патша өз пайдасына жаратып, Гамлетті Англияға жіберу кезінде оларды бірге аттандырады. Клавдий екеуі арқылы Англия короліне арнайы хат жолдайды. Хатта Гамлеттің ақыл-есінен ауытқығанынан қауіптенетінін айтып, патшадан оны өлім жазасына кесуді сұрайды. Алайда достарының әрекетінен күмәнданған Гамлет хаттың мазмұнын өзгертіп, Клавдийдің бұйрығының орнына Розенкранц пен Гильденстерннің өздерін өлім жазасына кесу туралы нұсқау қалдырады. Шекспирдің пьесасында бұл екі кейіпкер сахна сыртындағы хабаршының: «Розенкранц пен Гильденстерн өлді» деген бір ауыз сөзінен кейін жоқ болып кетеді. Ал Стоппардтың деконструктивтік сипатта жазылған туындысында бұл кейіпкерлердің тағдыры егжей-тегжейлі сахналанады.  Олар Англияға сапарға аттанады, алайда не үшін, қайда бара жатқандарын, қандай мақсатпен жолға шыққандарын ұмытып қалған. Пьесаның алғашқы көрінісі Розенкранцтың тиынды аспанға атып, қайта-қайта бүркіт жағы түсіп кетуінен басталады. Бұл – абсурд театрының классикалық элементі ғана емес, сонымен қатар тағдыр мен қисын арасындағы қатынастың үзіліп қалғанын, әлемнің бейсаналық құрылымын меңзейді.

Классикалық пьесадағы екінші дәрежелі кейіпкерлерді контекстан бөліп алып, олардың есінен басты сюжет желісін өшіре отырып, «кішкене адамның» трагедиясын ирония мен абсурд арқылы жеткізу – Стоппард туындысының бірден таныла кетуінің басты себебі болды. 1989 жылы бұл пьесаны Джозеф Бродский орыс тіліне тәржімалайды, ал 1990 жылы Том Стоппард өзі экранизациялап, оқиғаға тағы бір жаңа интерпретация ұсынады.

Жад бейнесі жеке кейіпкер деңгейіне көтеріліп, бүкіл сюжетке тірек болатын шығармалар да аз емес. Солардың бірі – ағылшын жазушысы Кадзуо Исигуроның 2015 жылы жарық көрген «Жерленген алып» романы. Бұл туынды – автордың Нобель сыйлығына жету жолындағы шығармашылық заңғарлардың бірі екені сөзсіз. Философиялық сарындағы хикаяның оқиғасы альтернативті мифтік кеңістікте, Артур патша дәуірінен кейінгі уақытта өрбиді. Аксель мен Беатрис – есте сақтау қабілеті уақыт өте көмескіленіп, адамдар жадына тұман үйірілген әлемде өмір сүріп жатқан қарт жұп. Бұл әлемде өткенді толық ұмытқан жандар көп, ал жад пен шындық арасындағы шекараның аясы күннен-күнге тарылып бара жатқандай. Естеліктер біржола өшіп кетпей тұрғанда, ұзақ жылдар бойы көрмеген, көрші ауылда өмір сүретін жалғыз ұлдарын іздеуге жолға шығады.

Олардың сапарында кездесетін тағы бір кейіпкер – Артурдың немересі Гавейн – ұмытуды тыныштық пен бейбітшіліктің белгісі ретінде қабылдайды. Ал еске түсіру – адамзатты жаңа ауыр сынақтарға жетелейді деген ұстанымымен бөліседі. Кульминация сәтінде ұмыту эпидемиясына себепкер болған айдаһар өлтіріліп, тұман сейіле бастағанда халық өткенін еске түсіре бастайды. Сонда еске оралған оқиғалар әркімнің жарасын жаңадан тырнап, өкініш пен қайғыны қайта тірілтеді.  Аксель мен Беатрис те жалғыз ұлының бұрында көз жұмғанын біртіндеп естеріне түсіре бастайды. Араларындағы салқындық та бірте-бірте естеріне түсіп, жүректеріне тағы бір қанжар сұққандай әсер етеді. Бұл роман арқылы жад пен есте сақтаудың  адам баласына артылған ауыр жүк екенін терең сезінеміз. «Уақыт емші» деген жұбату сөзінің тамыры да сол жаққа қарай бойлайды. Бірақ сол ауыртпалықпен бетпе-бет келгенше катарсистің туындауы мүмкін емес екенін де түсінеміз. Сонда жад – адамның ары болмақ.

Әңгіме басында айтып өткеніміздей, жад мотиві көркем шығарманың кез келген формасынан өзіндік көрініс таба алады.  Қазақ әдебиетіндегі жад тақырыбы мифтік ойлау жүйесінен хабар беретін кейіпкерлер образы немесе фольклорлық интертекст арқылы өзінше түрленеді.  Алайда көп мысалдардың ішінен өне бойы ерекшеленіп тұратын бір символ қазақ прозасына аса қымбат екені сөзсіз. Ол үшін алдымен Марсель Прусттың «Жоғалған уақытты іздеу» атты ХХ ғасыр әлем әдебиетіндегі ең әсерлі шығармаларының бірін еске түсіргеніміз абзал. Француз қаламгерінің философиялық ізденісімен қанат қаққан бұл классикалық шығарманың жеті томға дейін созылған сюжетінде басты кейіпкер өткен өмірін кері ақтарып, еске алу мотиві арқылы жадтың уақыттан үстемдігін өнердің өміршеңдігімен теңестіріп, тебірене түседі. Осы шығарманың бірінші томында әлем әдебиетіндегі ең әсерлі сахналардың бірі осылай суреттеледі: «…И как только я узнал вкус печенья, пропитанного липовым чаем, всё воскресло во мне: Комбре, дом тёти Леони, утренние прогулки…».

Жөке шайына малып жеген мадлен күлшенің дәмін татқан сәтте автор (кейіпкер) әп-сәтте балалық шағындағы эпизодты дәлме-дәл есіне оралтады. Мәтінде дәм арқылы мадлен күлшесі сәттің қуаты мен күшін айшықтайтын символға айналған. Әдебиеттануда, жалпы өнерде «мадлен әсері» деген терминнің қалыптасқаны да осыдан. Мадлен символы адам бойындағы ырықсыз жадты (mémoire involontaire) оятуымен құнды. Кейбір естеліктер адамның физикалық ерекшеліктеріне, материалдық ауқатына, денсаулығына немесе маңыздылығына қарай сұрыпталып сақталмайды. Сәт деген патша сөздің мағынасы да сол жаққа қарай жол ашады.

Морис Симашконың «Емшан» атты баллада-повесінде Мысырда ауызын айға білеген Бейбарыс сұлтанның бейуақта «Көке» деген сөзді естігенде жанына оралатын ырықсыз жад картиналарымен бірге жусанның иісі де анық сезіле бастайтындай: «Куке-е!.. Слово вдруг разорвало ему горло. Горькими сразу сделались губы. И он все вспомнил… Это высокая горькая трава пахнет так, красная от вечернего солнца. И красный песок становится чернее. А на песке лежит человек, и это его куке. И плачет мальчик, и тянет своего куке за большую руку. Только стрелу он боится трогать с черными жесткими перьями… Чернеет песок. И все вокруг чернеет. А запах становится гуще, и такой уже горький он, что нельзя облизать сухие губы. И зеленые точки совсем близко в горькой темноте. Их все больше вокруг, и все ближе они. И он прижимается к большому холодному куке, и тепло ему, и не страшно так…».

Жусан иісін туған елдің бейнесімен байланыстыруды қазақ әдебиетіндегі ерекше мотив деп тануға болады. Қоғамдық жадты, протезді жадты қалыптастыруда жусан символын зәйтүн бұтағы секілді өзінің ризомалық табиғатын тереңге жайған символ ретінде қабылдауымызға да себеп көп.

Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» повесіндегі жад мотиві де бала Аянды қауіпсіз әлемге (ата-анасының қамқорлығындағы кезеңге) жетелейтін жалғыз жол еді.  Оның ертегі айту тәсілі де жадындағы соғыс зұлымдығынан ада әлемнің тазалығын сақтау талпынысын суреттейді. Сонда жад – қорғанышымыз, үйіміз һәм отанымыз.

Әдеби шығармада орын алатын соғыс тақырыбын зерттеу барысында жад мотивінің орынын ерекше екенін атап өткіміз келеді. Бәрімізге белгілі, әйгілі қаламгер Дж. Р.Р.Толкин Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін, 1937 жылы «Хоббит» атты шығармасын жарыққа шығарды. Көпшіліктің ықыласына бөленген бұл ертегінің бағы жанған соң 1937-1949 жылдар аралығында «Сақиналар әміршісі» трилогиясын жазып шықты. Соғыс тақырыбының рефлексиясын көркем сөзге қондырған классикалық шығармалар арасында Толкиннің ертегілер әлемі өзіндік ерекшелігімен дараланады. Біріншіден, бұл шығармалар ертегі аясынан шығып, зұлымдықтың табиғатын тереңнен танытуға ұмтылады. Автор бейбітшілікке жетелейтін күрескерлік табиғат туралы ойды фольклорлық және неофольклорлық бейнелер арқылы көркем әрі шебер жеткізе білген.

Екіншіден, бұл туындылар – соғыстан кейінгі өмірден жарық сәуле іздеген, көңіл сынығын бейнелейтін рухани жыр деуге болады. Бұқаралық мәдениетте ерекше танымал образдардың бірі – Голлум кейіпкерін еске түсірейік. Оның тағдыры – сананың улануы мен жадтың жасанды құндылықпен (сақина/билік) алмастырылуы нәтижесінде туындаған ұмыту мотивінің шынайы көрінісі. Бұл өзгерістер тіпті кейіпкердің физикалық болмысына дейін әсер етеді. Голлум образынан соғыстан кейінгі өмірдің сынық айнасынан жарымжан жалғыздықты, тіршілікке сыймаушылықты көруге болатындай. Оның болмысы – ұмытылған «адамгершілік» пен жоғалған «меннің» көрінісі.

Бүгінде аса танымал еуропалық жазушылардың бірі Иэн Макьюэннің 2001 жылы жарық көрген бестселлері – «Өтеу» (Atonement) романы жад мотиві басты орын алатын туынды ретінде осы әңгіменің өзегіне сұранып тұрғаны анық. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі өмір мен жад, есте сақтау мен ұмыту арасындағы күрделі байланысты көрсету тұрғысынан ағылшын қаламгері бұл шығармасында еуропалық Bildungsroman (қалыптасу романы) дәстүрін постмодернистік сипатпен ұштастыра білген.

Оқиға 1935 жылдың жазынан басталады. 13 жастағы Брайони есімді қыз болашақта жазушы болуды армандайды. Қиялы шарықтаған, сезімтал мінезді, ауқатты отбасында өсіп келе жатқан бала кейіпкер қызметшінің ұлы Роббиді жан досы ретінде көреді – бәлкім, балалық сезіммен алғашқы махаббаты деп те қабылдаған болар. Бір күні ол Роббиді өзінің туған әпкесі Сесилиямен бірге болған сәтте көзі шалып қалады. Бұл көрініс оның бойында беймәлім сезімдерді – ашу, қызғаныш, қызбалықты оятады. Өз жан дүниесін түсінбей қалған Брайони бір мезетте балалық ашу мен әлеуметтік иерархияны (Роббидің әлеуметтік шыққан тегін) ескере отырып, оған ауыр айып тағып жібереді: қызметшінің ұлын зорлық жасады деп көрсетеді. Беделді отбасының мүшесі ретінде оның сөзіне ешкім шүбә келтірмейді де, Робби ешқандай тергеусіз түрмеге түседі. Осы тұста Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, Робби темір тордың арғы жағындағы өмірін майдандағы күндерге алмастырады.  Сүйіктісінен айырылған Сесилия медбике болып жұмыс істейді және әр палата, әр жаралы адамның арасынан Роббиді іздеуді тоқтатпайды. Оларға жасаған опасыздығын, әділетсіздігін Брайони тек есейген кезде ғана толық түсіне бастайды.  Кейіпкер өзінің ішкі ар-ұжданы алдындағы жазасын өтеу үшін жазушылық жолды таңдайды және Робби мен Сесилия туралы роман жазады. Бұл романда – яғни Брайонидің өзі жазған нұсқада – қос ғашық ақыры бірін-бірі тауып, қайта қауышып, соғысқа қарамастан қарапайым бақытты өмір сүріп, отбасы құрады, ата-ана атанады. Оқиғаның осы сәттері оқырманға әлдебір үміт сыйлағандай болады. Алайда шынайы жадтың аяқталып, оның орнын Брайонидің өтеу мақсатында жазған жасанды жады басатын тұсын бірден аңғару оңай емес. Бұл – метатекстік әдіспен жасалған құрылым. Жазушы оқырманды алдымен сендіреді, сосын шындықтың орнына ұсынылған нарративке күмән тудырып, сананы қайта оятады. Осы әдіс арқылы шығарма жады мен өтелмеген кінәнің, өнер мен ақиқаттың, өтірік пен шындықтың шекарасында тербеліп, оқырманды да бірге тебірентеді. Оқиғаның соңына жеткен сәтте ішкі көз жасыңмен бірге шынайылық пен өтем, әділет пен қиянат жайлы біршама сұрақтардың да еріп кететінін сезесің…

Әдебиеттегі жад мәселесін талқылау формасының өзі ризомалық табиғатқа ұқсас келетінін аңғарған да сияқтымыз. Жоғарыда үлгі ретінде таңдалып, шағын шолу жасалған шығармалардың экранизация, иллюстрация, саундтрек сияқты шексіз репрезентациялары мен репродукциялары барын ескерсек, әңгімеміз әлі талай тарауға жол сілтейтін кіріспенің басы екенін аңғарған болармыз.

Адамзат баласының жады – әдебиетті қалыптастыра алатын алпауыт күштердің бірі. Бұл күшке әркімнің қаламы бара бермейтіні де содан. Жасанды интелектінің дәрменсіздігін де осындайда анық болжауға болады. Әдебиеттің қоғамдық жад пен протезді жадты қалыптастыру мүмкіндіктері – теңіздің екпінді толқындары сияқты: олар әртүрлі жағалаудағы жартастардан жаңғырып, қайталанбас туындыларға айналып барады.  Махаббат, отбасы, соғыс, туған ел, болашақ сынды сан түрлі тақырыпты қамтитын әдебиеттің ең қарапайым, бірақ ең тылсым тұсы да – жад тақырыбы екеніне күмән келтірмейміз. Әсіресе, жад концепциясының көркем шығармаларда түрленуі Прусттың мадлен күлшесі секілді кездейсоқ сәттерден бастау алып кетеріне еш күмән жоқ. Сондықтан да көркем әдебиет әлемінде көз бен көңілден тасалау болып келген осынау тәсіл сырын меңгеру бүгінгі жас қаламгерлеріміздің қаперінде болғаны дұрыс-ау.

Ақерке АСАН,

әдебиеттанушы




ПІКІР ЖАЗУ