Жазушының ерлігі хақында
Келімді-кетімді тұрғындардың көптігінен едені әбден тапталып, кір басып кеткен, неше түрлі теңізшілер мен сан қилы экспедиция мүшелері толып жүрген, бірақ жанға жайлы Архангельскі қонақүйінің ескі қанатындағы бөлмемізде терезенің алдында мұңайып отырмын, жаңа ғана әдебиет туралы ауыр да түкке керексіз пікірталас болып өтті; түн іші, жан-жағымда ауызы ашық қалған рюкзактар, етіктер мен сигарет қораптары, ұстаралар, мылтықтар, патрондар, тағы бірдеңелер шашылып жатыр, бұйығылау ақ түн осымен нешінші рет бойыма баяу сіңіп, удай таралып барады, әлдебір алысқа шақырғандай; ыза-ренішім басылар емес, дегенмен ертең теңіз жануарларын аулайтын кемеге мініп Жаңа Жерге ме, одан да әрі Карск теңізіне ме – тартып кетеміз деген ойдан бойым жеңілдеп, көңілім көтеріле бастады.
Терезеден алыс көкжиекке көз жіберіп, үйлердің шатырларының үстінен көрініп тұрған қызғылт бұлтқа қарап отырмын. Шатырлардың арасынан әредік жылт етіп көрініп қалатын Двина өзенінің бойында рейдте тұрған бөрене таситын әйдік кемелердің сұлбасы қарауытады, кеме қазандықтарының оты әлсіз жылтырап, ара-тұра қазандықтың кеңірдегінен қарлыға шыққан будың шырылы естіледі, кемелердің қаңғалақтары құмыға күңгірлесе, буксирлердің ащы даусы иттің ұлығанына ұқсайды, сапарға аттанып бара жатқан кемелердің қоштасу гудогы күңірене гуілдейді.
Төменнен сиреп қалған автомашиналардың дөңгелегінің сыбдыры естіледі, кейде салдыр-күлдір етіп трамвай өте шығады. Астыңғы қабатта ресторан дүрілдеп тұр, оркестр аспаптары шиқылдап, дүңкілдеп, ызыңдап, барын салып жатыр (музыкалық аспаптарда кешқұрым мұнда ылғи зейнеткерлер ойнайды), ресторанның терезесі аулаға қараса да әуені анық естіледі. Төменде ешкім ешқашан алмастырып көрмеген мәңгілік Вася ағай сәнді өмірге құмартқан селтеңбайларды ресторанға кіргізбей тұр, ал онда менің бақытты досым румын циркінің өнерпаздарымен бірге тойлап отыр, олармен испан және эскимос тілінде сөйлеседі, ал мен жалғызбын, жаңа ғана жергілікті білімпазбен әдебиет туралы айтысқанымды еске алып, жазушының ерлігі туралы ойлап отырмын.
Жазушы ержүрек болуға тиіс деп ойладым, өйткені оның өмірі қиындыққа толы. Ақ қағазбен оңаша қалғанда оған күллі әлем қарсы шығады. Өзіне дейін жазылған сан миллион кітаптардың бәрі қарсы – ойласа зәресі ұшады – бәрі туралы баяғыда жазылып қойған, неңді жазасың деген ойы да қарсы. Бір күні басы ауырады, басқа жолы өзіне деген сенімі жоғалып кетеді, енді жаза бастағанда біреулер хабарласады, біреулер келеді, басқа да толып жатқан шаруалар мен істер бар, бәрі маңызды – солардың бәрі қарсы, негізінде, бұл сәтте ол үшін алдындағы жұмысынан маңызды ештеңе болмауы керек еді. Күн жарқырап тұр, неге қыдырып қайтпасқа, бір жаққа тартып кетсе қайтеді, жаңа нәрселерді көреді, жаңа бақытқа тап болуы мүмкін – бұлар да қарсы. Жаңбыр да жүйкесіне тиеді, ол да қарсы, табиғаттың түксиген қабағы жанын жабырқатады, жұмыс істеуге қайдан зауық болсын!
Айналасы қызу өмір, қым-қуыт қозғалыс, зыр айналған дүние, бүкіл әлем бір жаққа асығып барады. Өмірге келген сәттен бастап ол да осы әлемнің тұтқыны, солармен бірге болуға тиіс, бірақ дәл қазір оңаша қалуы керек. Өйткені осы сәт оның қасында ешкім – сүйгені де, анасы да, балалары да емес, қиялынан туған кейіпкерлері мен құдіретті сөз және бар ғұмырын арнаған құштарлығы ғана қалуы керек.
Жазушы ақ қағазбен бетпе-бет қалғанда дүниенің бәрі оған қарсы өре түрегеледі, олар тым көп, бәрі өзіне шақырады, өзін еске салады, ал ол өзі ойлап тапқан әлемде өмір сүруге тиіс. Ешкім ешқашан көрмеген адамдар нақты өмір сүріп жүрген сияқты, жазушы оларды өзінің ең жақын адамдары деп біледі. Терезеден далаға қарап қойып немесе қабырғадан көз алмай отыра береді, түк көріп тұрған жоқ, көз алдында шеті-шегі жоқ күндер мен парақтар, алдында да, артында да солар, сәтсіздікке ұшыраған сәттері мен кері қайтқан тұстары – олар әлі де болады – содан қиналып, әлдебір жайсыздықты сезінеді. Көмектесетін ешкім жоқ, өйткені ол жалғыз ғой.
Мәселе сонда, ешкім ешқашан көмектесе алмайды оған, қаламын немесе жазу машинкасын алып ешкім жазып бермейді, қалай жазуға болатынын көрсетпейді. Соның бәрін өзі істеуге тиіс. Істей алмаса – құрығаны, онда ол жазушы емес. Аурусың ба, саусың ба, шынымен сенің шаруаң ба бұл, ақырына дейін шыдауға төзімің жете ме – онда ешкімнің жұмысы жоқ, міне, ерліктің шыңы. Нашар жазсаң – бұрынғы атақ-даңқың да, алған марапат-сыйлығың да, жеткен жетістігің де құтқара алмайды. Кейде атағыңа қарап кейбір туындыңды жариялауы мүмкін, достарың да мақтайды, қаламақы да аларсың; бірақ енді жазушы емессің…
Бәрін басынан бастау үшін шыдам керек, ерлік керек. Кенет талантың тастап кетеді, жазу үстеліне отыруды ойласаң жүрегің айниды, соның бәріне төзіп, асықпай күту үшін ержүректік керек. Бойдағы талантың кейде ұзақ уақыт бойы оралмауы мүмкін, бірақ ержүректік танытсаң қалай да қайтып келеді.
Шын жазушы күніне он сағат жұмыс істейді. Көбінесе жазуы тоқтап қалады, бір күн өтеді, тағы бір күн, сосын тағы талай-талай күндер зуылдап өте шығады, ал ол әлі жаза алмай жүр, сонда да тастамайды, онсыз да аз қалған күндері босқа өтіп жатқанын ойлағанда құтырып кете жаздайды, көзіне жас үйіріледі.
Ақыры жазып болып, соңғы нүктесін қояды. Көкірегі босап қалған, қаңырап тұр, енді қайтып ешқашан ештеңе жазбайды, өзі солай ойлайды. Мейлі, қайтеміз енді, деп ойлайды ол, жұмысымды бітірдім, міне бір бума қағаз жатыр алдымда, бәрін өзім жазып шықтым. Маған дейін ондайды ешкім жазған емес. Толстой мен Чехов менен бұрын жазған болар, бірақ мынаны мен жаздым. Бұл басқа нәрсе. Бәлкім нашар шығар, бірақ соншалықты жаман да емес, қайсымыздікі жақсы екені белгісіз әлі. Басқалар мен сияқты жазып алсын!
Жазып болған соң жазушы осылай ойлауы мүмкін. Соңғы нүктесін қойды, демек өзін-өзі жеңіп шықты, неткен қуанышты күн! Көп ұзамай жаңа дүниесін жазуға кіріседі, ал қазір қуану керек. Өйткені қуаныш ұзаққа созылмайды ғой.
Кенет мынаны аңғарады – мысал үшін алайық, көктем өтіп кетіпті, сәуірдің басында, түнге қарай батыс жақтан қара бұлт көтерілген, сол тұстан жылы леп есіп тұр, сіресіп жатқан сірі қардың шеті кеміріле бастапты, арада қанша уақыт өте шыққан! Сең жүріпті, су тасыған, бұлақ суы сылдырлап ағып жатыр, алғашқы шөп баяғыда шығыпты, енді міне, бидай басы ауырлап, сабағы сарғайған – тұтас бір ғасыр өтіп кетіпті, ал ол ештеңе аңғармаған, солардың бірде-бірін көрмепті. Осы уақыттың ішінде дүниеде қаншама оқиға болды, адамдар неше түрлі жәйттерді бастан кешті, ол бас алмай жұмыс істей берген, ақ қағазды бірінен соң бірін толтырып, кейіпкерлерінен басқа ешкімді көрмепті. Бұл уақытты ешкім қайтарып бермейді оған, мәңгі жоғалтты оны.
Содан кейін жазушы су жаңа шығармасын журналға жолдайды. Оны бірден қабылдай қойсын, тіптен қуана қабылдасын делік. Жазушыға телефон соғады немесе жеделхат салады. Құттықтайды. Басқа журналдардағы әріптестеріне шығарманы көрсетіп мақтанады. Жазушы редакцияға келеді, өзін еркін ұстайды, көңілді. Оны көргеніне бәрі қуанышты, ол да қуанып қалады, ылғи жақсы адамдар екен. «Қымбатты автор! – дейді оған. – Басамыз. Басамыз! Журналдың он екінші санына басатын болдық!» Он екінші саны желтоқсанда шығады. Қыста. Ал қазір жаздың ортасы…
Бәрі жазушыға жымия қарап, күліп қояды, қолын қысады, иығынан қағады. Жазушының алдында әлі бес жүз жыл ғұмыры бар сияқты. Жарты жыл күту деген ол үшін алты күнге тең секілді.
Жазушы үшін бұл тым ұзақ. Енді ол тағатсыздана күтеді. Күзі түскір өтіп болмайды! Ал оған желтоқсан керек. Жазушы желтоқсанды күтіп сарғаяды.
Сөйтіп жүріп қайтадан жазуға отырады, қаламы біресе жүреді, біресе тоқтайды, сөйтіп жүргенде бір жыл өте шығады, уақыт тегершігі тынымсыз айналып жатыр, тағы да сәуір келді, енді сыншыларға кезек тиіпті – бұрынғы жазған шығармасын талдаған.
Жазушылар өздеріне қатысты жазылған сынды оқиды. Кейбір жазушылар өздері туралы не жазып жатқанына мән бермейді деген бос сөз. Міне, жазушының ерлігі керек болатын жер тап осы. Ұрсып-даттауға, қиянатқа шыдау үшін. Жүрегі қатып, өшігіп кетпеу үшін. Жаппай мансұқтап жатса да жазуды қойып кетпеу үшін. Мақтаушылардың мақтағанына сенбеу үшін. Өйткені мақтағаннан жаман ештеңе жоқ, мақтау мен қолпаштау жазушының өзін шынайы қалпымнан артық екенмін деп ойлауға итермелейді. Енді ол өзі үйренудің орнына басқаларды үйрете бастайды. Кезекті туындысы қаншалықты жақсы болып шыққанымен одан да жақсырақ болатын еді, бұл үшін ержүректік керек, үйренуден қашпау қажет.
Ең жаманы мақтау да, даттау да емес. Ең жаманы – сен туралы ештеңе айтпау. Кітаптарың шығып жатыр, олардың бәрі шынайы жазылған нағыз кітап екенін біліп тұрсың, бірақ ешкім ештеңе айтпайды – міне, сол кезде мықты болу керек!
Әдеби шындық әманда өмір шындығынан бастау алады, жазушының ерлігіне ұшқыштардың, теңізшілердің, жұмысшылардың – Жердегі өмірді маңдай терімен өзгертіп жатқан адамдардың, өзі кім туралы жазып жүрсе солардың ерлігі де қосылуы керек. Өйткені ол мүмкіндігінше алуан қилы адамдар туралы, барша адамдар жайында жазады, сондықтан олардың бәрін көріп, солармен бірге өмір сүруге тиіс. Белгілі бір уақыт ішінде солар секілді геолог, ағаш кесуші, жұмысшы, аңшы, тракторшы болғаны дұрыс. Жазушы балық аулайтын сейнердің кубригінде теңізшілермен бірге отырады, геологтар партиясына еріп тайганы аралайды немесе полярлық авиация ұшқыштарымен бірге аспан кезеді, кейде кемеге мініп Ұлы Солтүстік жолымен сапарға аттанады.
Жазушы Жер бетіндегі зұлымдықтың кісі өлтіру, адамдарды ең басты бостандықтарынан айыру, зорлық-зомбылық, құртып жіберу, ашаршылық, фанатизм мен топастық, соғыс пен фашизм тәрізді түрлерінің әлі де жойыла қоймағанын естен шығармауға тиіс. Осының бәріне шамасы жеткенше қарсы тұру керек, жалғандық пен мүләйімсуге, қылмыс атаулының бәріне қарсы дауыс көтеру – ерліктің ерекше түрі.
Ақыр аяғында жазушы керек кезінде солдат болуға тиіс, оның ерлігі тірі қалса, қайтадан жазу үстеліне отырып, ақ қағазбен тағы да оңаша қалуға жететіндей болуы керек.
Жазушының ерлігі жоғары деңгейде болсын. Ерліктен бір сәтке де айырылып қалуға болмайды, өйткені ол күн сайын, өмір бойы жұмыс істейді. Әр жолы бәрі қайтадан басталады және бұрынғыдан да қиындай түседі, ол мұны жақсы біледі.
Егер жазушыға ерлік жетіспесе – онда құрығаны. Талантты болса да құриды. Бойында ерлігі жоқ жазушы қызғаншақ болады, қаламдастарын жамандайды. Ызадан жарылардай болып, ана жерде, мына жерде мені атамай кетті, сыйлық бермеді деп өкпелейді… Сөйтіп жазушының нағыз бақыты не екенін білуден мақұрым қалады. Ал жазушының өзіне тән ерекше бақыты бар.
Кейде бәрі ойдағыдай болып шығады, кеше маңайлай алмаған нәрсеге бүгін еш қиналмастан қол жеткізеді. Жазу машинасы пулеметше тарсылдап, таза қағаздар оқшантайдағы патрон секілді бірінен соң бірі атылып жатады. Жұмыс жеңіл әрі алаңсыз жүреді, жазушы өзін әрі адал, әрі құдіретті күштің иесіндей сезінеді.
Сұрапыл әсерлі парақты жазып шыққанда кенеттен «әуелі Сөз болғаны, Сөздің Құдай болғаны» (Библияда айтылатын қағида – ауд.) есіне түседі! Ондай сәт кемеңгерлердің өзінде сирек кездеседі, бірақ тек ержүрек жазушыларда ғана болады, Құдайдың сөзі бүйтіп кенеттен ойға оралуы – ауыр еңбек пен тынымсыз күндер, өз-өзіне қанағаттанбау, ашыну тәрізді қиналыстар үшін берілген сый. Жазушы сол парақты қағазға түсіргенде оның мәңгі сақталып қалатынын біледі. Басқалары қалмауы мүмкін, бірақ бұл парақ қалады.
Сонда ол шындықты ғана жазу керектігін, өзін шындық қана құтқаратынын түсінеді. Бірақ сол шындықты жұрттың бәрі сөзсіз қабыл алады деп ойламауы керек. Өзің танымайтын, кім екенін де білмейтін көптеген адамдар үшін жаза беруге тиіссің, өйткені сен соларға арнап жазып отырсың. Редактор үшін де, сыншы үшін де, ақша үшін де емес. Әрине, барлық басқа адамдар секілді саған да ақша керек, бірақ сен ақша үшін жазбайсың. Ақшаны басқа жолмен, жазбай-ақ табуға болады. Ал сен сөздің Құдай теңдес екенін және шындықты ғана жазуың керектігін есте ұстай отырып жазасың. Жазып отырып әдебиет деген адамзаттың өзін-өзі тануы, сен арқылы өзін-өзі танытуы екені жайында толғанасың. Осыны ешқашан естен шығармайсың және өз талайыңа осындай абыройлы қызмет тап болғаны үшін өзіңді бақытты сезініп, мақтанышқа бөленесің.
Кенет сағатқа қарайсың да түнгі екі немесе үш болғанын бір-ақ білесің, қазір Жер бетінде түн, басқалар ұйықтап жатыр немесе махаббат қызығын бөлісуде, олар өзара құштарлықтан басқаны білгісі келмейді; енді біреулер өзгелерді өлтіріп жатыр, бомба тиеген ұшақтар аттанып барады; тағы бір жердегілер билеп жүр; неше түрлі радиостанциялардың дикторлары электр қуатын жалған сөз, халықты алдаусырату, мазасын алу, көңілін көтеру немесе көңілін қалдыру яки үмітін ояту мақсатында шығындап жүр. Ал сен жалғызсың және сондай әлсізсің, ұйықтамастан әлем туралы толғанып отырсың, Жер жүзіндегі барша адам бақытты әрі азат болса, теңсіздік, соғыс, нәсілшілдік, кедейлік атаулы біржола жойылса, адамдарға адал еңбек ауадай қажет болса деп армандайсың.
Бірақ сенің ең басты бақытың – дәл осы сәтте, түн ортасында ұйықтамай отырған жалғыз өзің емессің. Сенімен бірге басқа жазушылар – қаламдастарың ұйқысыз отыр. Бәріңе керегі бір-ақ нәрсе – әлемнің жақсара түсуі мен адамның адамгершілігінің арта беруі.
Дүниені өз қалауыңша өзгерте алмайсың, оған әмірің жүрмейді. Бірақ сенің шындығың бар, өз сөзің бар. Басыңа түскен қиындықтарға, сәтсіздіктерің мен жолыңның болмауына қарамастан адамдарға қуаныш сыйлап, өмір жақсара түсуге тиіс деп тоқтаусыз айта беру үшін ерлігің, ержүректігің бұрынғыдан үш есе арта түсуі керек.
1966 жыл.
(Ю. Казаков, «Вечерний звон». 3 томдық. «Русский мир» баспасы).
Юрий КАЗАКОВ