ЖЕР САУЫРЫ – ТҮП МЕКЕН

 

Франц ХОЛЕР

Бірде жазу үстелімде отырғанымда терезеден қарама-қарсы үйдің теледидар антеннасына қыран бүркіт қонғанын көрдім. Айта кетейін, мен Цюрихте тұрамын. Қырандар тек Альпіде, ең жақын дегенде қаладан шамамен елу шақырым жердегі Гларус тауларында кездеседі. Соған қарамастан бұл бүркіт екені анық. Оның таңқаларлық өлшемі, басын асқақ ұстағаны бала күнгі мектеп көрмесіне қойылған құс тұлыбын есіме салды. Ондағы картонда «бүркіт» деген жазу болатын. Біздер ылғи да спортзалға бара жатып сол тұстан өтетінбіз. Көрші үйдің антеннасында бүркіт қонақтап отырғаны айдан анық. Мүмкін, ол хайуанаттар бағынан әлде құстар үйінен қашып кеткен шығар. Десе де, әдетте қырандардың қанаттарын кесетіндіктен, оларға пыр-пырлап ұшудың өзі мұң ғой. Құс атаулы бір рет адасуы мүмкін болғанымен, заңғар көкте қалықтайтын қыранның мұндай әрекеті миға қонымсыз. Тіптен қыранның үйлердің біріне жайғасқаны таңқаларлық. Бұған дейін біздер ауылда бірнеше жыл тұрдық. Мен шырқау биікте қалықтайтын сұңқарлардың бақшамыздағы тышқандарға ауыз салмайтынына ішім ашитын. Жыртқыш құстар үйлерге жақындамайды десті жұрт. Тіптен қырандар өздеріне лайықтап үйден жыраққа орнатқан сырығыма көз салмады. Жылдар бойы олардың бірде-бірінің ылдиға түсуге жүрегі дауаламады. Енді кеп міне, бүркіт қарама-қарсыдағы шатырдың ортасында отыр. Басын сәл еңкейтіп, өзіне әлі ешкімнің көзі түсе қоймаған көшеге қарады.

Мен әйелімді шақырмақ болып, үйдің төменгі қабатына түстім. Бірақ біз қайтып келсек бүркіт жер жұтқандай ізім-ғайым жоғалыпты. Тереземнен «International» қонақ үйінің үстінде оның айналып ұшып жүргенін көрдің бе десем, әйелім бұл бәлкім сұңқар немесе тіпті шағала болуы мүмкін деді. Сөзінің жаны бар сияқты.

Арада бірер апта өткенде әлгі қыран жұбымен қайтып оралды. Бұл жолы олар көрші үй шатырының ең қауіпсіз дерлік шағын күмбез қабысатын антеннаның түбі мен каминнің арасына ұя салуға кірісті. Абдыраған көршілер оларды біраз уақыт жайына қалдырды. Іле бүркіттер ұя салып, онда бірі отырса, екіншісі тышқан, тиін және кішкентай мысықтарды аулады.

Әдетте қияда ғана қалықтайтын қырандардың мұнда қонақтауы өзге құстарды дүрбелеңге салды. Қаланың түкпір-түкпірінен жаңадан салынған бүркіт ұялары жайлы хабарламалар келіп жатты. Орнитологиялық бірлестік анықтамалық жасап, оны үнемі жаңартумен болды. Биологтар осы сирек кездесетін құстардың әдеттерінің кенеттен өзгеруін зерттегенімен, себебін біле алмады. Олар жануарлар әлемінде бірде-бір тіршілік иесі әдетте байырғы мекенін мұншалықты табан астында өзгертпейді деген тұжырымға келді. Жұртқа кішкентай үй жануарларына жақсы күтім жасау, мүмкіндігінше иттерді қарғыбаумен ұстау және теңіз шошқалары мен қояндардың ашық қоршауларда жүруіне жол бермеу ескертілді. Жергілікті билік бүркіттерге шыдас беруді ұйғарды. Олардың біздің қалада өріп жүретін егеуқұйрықтармен қоректенетіні белгілі болды.

Қазірдің өзінде жұртшылық көшеде бүркіттің үйсіз-күйсіз жүрген қаңғыбас мысықты бүріп өлтіру үшін кенеттен биіктен көз ілеспес жылдамдықпен құлдилап келіп іліп әкетуіне де үйренді. Енді кеп мына оқиға адамдардың құтын қашырды.

Бір күні таң құлан иектенгенде Цюрихтегі көлік көп ағылатын «Belleview» қонақ үйінің тұсындағы бағдаршам жанынан бұғы мүйізі табылды. Бұл сол түні тасталған бұғының мүйізі екені анық. Әрі бір ғажабы, жиырма төрт ұшты мүйіз. Швейцариялық аңшыларға жүргізілген сауалнама нәтижесінде ең ересек бұғы Банн Беверин аймағын мекендейтіні әрі оның жиырма екі жаста екені анықталды. Банн Беверин болса Граубюнден кантонында орналасқан және бұғылар осы ғасырда Швейцарияның кіндік тұсынан толығымен дерлік жойылған жануарлардың қатарында. Бірақ бұл бұғыны ешкім байқамағандықтан және оны келесі күндер мен апталарда еш жерде көрмегендіктен, қалада да, оның айналасындағы ормандарда да жақында мүйіздерді біреу сол жерге қойған деген болжам жасалды. Сайып келгенде, мүйізді таяуда таулардан тауып алған адам оның жоғары құндылығын білмеген сияқты.

Сондықтан, үш айдан кейін, жаздың алғашқы күндерінің бірінде не болатынын ешкім күтпеді. Таңғы сағат 4-те полицияға қоңырау шалған жаяу жүргінші бірнеше бұғы Бюрклиплатц маңындағы саябақта жаяу жүргіншілер жолын жауып тастағанын хабарлапты. Келіп жеткен екі полиция қызметкері бұл айтылғанды растап, атой салады. Неге десеңіз, олар бұталардың арасынан бірер бұғы ғана емес, тұтас үйірді көрсе керек. Олардың нақты мөлшерін анықтау қиын болғанымен, жүздеп саналатыны ықтимал. Саябақ аумағы бір жағынан көл жағасымен, екінші жағынан екі кең көшемен шектелгендіктен, полиция хайуанаттар бағының директорымен кеңесе келе, саябақты жауып, содан кейін жануарларды бір-бірлеп ұстауды немесе атуды ойластырды. Әп-сәтте олардың жайылымын қоршауға арналған электр сымдарының үлкен орамдары әкелінді. Ал таңертең сағат жетілерде көлік қозғалысы басталғанда, саябақ зарядталған электр сымдарымен бірнеше рет бекітілді. Ондағы бұғылар болса көгалдарда, гүлзарлар мен ағаштар арасында алаңсыз жайылды. Жұртшылық әрі қарай әрекет ету жағын ойластырып жатқанда, конгресс ғимаратына қарама-қарсы тұрған алпамсадай бұғы мүйізімен сымдарды жұлып алмасы бар ма. Алайда зарядталған сымнан зақым алған ол жоқ. Осы бір жиырма төртінші жануар бүкіл үйірдің көш басында көшеге шығып, Бельвюге қарай тұра шапты.

Тірі пенде бұғыларға қалай жетуге болатынын білмеді. Құралайды көзге ататын мергендер шақырылды. Оларға аңшылар мен бақылаушылар қосылды. Бірақ адам аяғы қалың көшеде аң ату тіптен мүмкін емес. Бұғылар үйірі болса тек нөпір халық жүретін көшелерді кезді. Полиция көліктері соңдарына ілескен бұғылар Бельвю алаңын кесіп өтіп, жайбарақат Лимматкуай көшесіне түсті. Шым-шытырық жағдай орын алды. Трамвайлар кептелісіп, жолаушылар тысқа шығуға жүрексінді. Автокөлік жүргізушілері көліктерін тротуарға шығаруға ұмтылды. Енді бірі көлігін жолдың қақ ортасына қалдырып, үйдің кіреберісіне бой тасалады. Басқалары терезелерін көтеріп қарады. Жұрт тасқын су астында қалған тас сияқты жануарлардың арасында көзден ғайып болды. Бүкіл шеруді біртүрлі үнсіздік биледі. Барлық жерде мотор атаулы сөндірілді. Асфальттағы жүздеген тұяқтардың тарсылдаған дүбірі ғана естілді. Ара-тұра терезе сынып немесе көлік кузовтары сызылғаны болмаса, адамдар үнсіз әрекет етті. Полиция қызметкерлері үйір алдынан жаяу жүгіріп шығып, жұртты алдын-ала ескертуге тырысты. Бұғылар арасында дүрбелең болмас үшін хайуанаттар бағы директорының айтуымен дауыс күшейткіштер іске қосылмады. Өйткені, бұғылардың ортасынан қақ жарып өтудің өзі қиямет-қайым дерлік қауіпті. Бұғылар қаладан шығып, қайтадан айналадағы орманға беттейді-ау деген үміт ақталмады. Жануарлар бейне бір қаланың көрікті жерлеріне саяхат жасап жүр ме дерсің. Орталықта олар кенеттен оңға қарай – қаланың халық көп жүретін көне тұсы дерлік Нидердорф жағына жалт бұрылып, іле одан қайтадан Предигерплац алаңына атып шықты. «Pfauen» неміс театры жанындағы жасыл көгалға кідіріп, жайылған соң оңға қайта бұрылып, Рэмиштрасседен ылдиға қарай Бельвю алаңын тағы бір мәрте кесіп өтті. Бәрі күткендей Уетлиберг тауына қарай емес, қаладағы тұрғын үйлер тұсынан Банхофштрассені бетке алды. Параде алаңындағы ірі банктер есіктерін бітесе, зергерлер мен жүн саудагерлері есіктерін жауып, жұрт дүкен терезелерінен көшеге толып кеткен қоңыр түсті денелерге үреймен қарады. Бұғылар табыны Модисса-Хауста оң жақтағы Рудольф Брун көпіріне қарай бұрылғанда, Орталық теміржол вокзалының шлагбаумы ашылды. Біраздан соң жануарлардың бастапқы легі көпір астындағы негізгі күзет жанына жеткенде, қатты нөсер селдетсін кеп. Сол сәтте бұғылар кілт тоқтады.

Табынды бастап келе жатқан жиырма төртінші бұғы басын жоғары көтеріп, жан-жағына қарады да, Урания автотұрағына қарай беттеді, өзгесі оның соңынан ерді. «Көктен сұрағаным жерден табылды» дегендейін, бұғылар ішке кіре салысымен, гараждың кіреберісі мен шығысы жүк көліктерімен қоршалып, үйір қақпанға түсті.

Іле бұғыларды ату туралы шешім қабылданды. Дауыс күшейткіш арқылы гараждағы адамдардан көліктерінде қалу, кіру және шығу қақпаларынан аулақ болу айтылып жатты. Соған қарамастан, елдің бәрі бірдей үлгермеген сыңайлы. Қалаға кіретін және шығатын қақпаға қарама-қарсыға мерген полиция сарбаздары автоматтарымен жайғасты. Енді жаңбырдың аяқталуы күтілді. Жүк көліктері қақпадан шығып, гаражға жарылғыш бомба лақтырылды. Жарылыс өз әсерін тигізді. Жиырма төрт жасары ашық дөңгелек баспалдақтың үшінші қабатынан жерге қарғып түсті. Сол-ақ екен бұғылар тобы әлгінің соңына түскені сонша, аңдыған мергендер жанталаса орындарын ауыстырғанымен, тек біреуін ғана жайратып үлгерді. Бірақ Линденхоф кварталындағы үйлерге байланысты пулеметпен дөп тигізу мүмкін болмады. Төменгі шыға берісте өзгелерінен көз жазып қалған ұрғашы бұғы жанар-жағармай бекетіндегі жанармай сорғысында қолға түсті. Жантәсілім еткен жануардың қаны көлікке құятын маймен араласқанда қызыл-қоңыр түс судай ақты.

Енді қалаға тарап кеткен табын екі-үштен ыдырады, басым көпшілігі жападан-жалғыз да қыдырыстады. Ауыз толтырып айтарлықтай емес, бүгін таңертең небәрі он бір бұғы оққа байланды. Сайып келгенде, олардың жалпы саны кем дегенде отыз есе көп делінді. Оған қоса, гаражда төрт адам жарақат алды, солардың арасындағы бұғы таптап кеткен әйелдің халі мүшкіл көрінеді.

Бұғылар енді қаладан кетпеді. Кеткен күннің өзінде сау етіп жетіп келгендіктен, оларды бақылау үшін арнайы полиция бөлімшесі құрылды. Атыс қаруын қолдануда адамдарға қауіп төндірмей сауысқаннан сақ болу міндет болғандықтан, кейбір ер азаматтар Америкаға жіберілді. Онда ковбойлар оларды құрық салуға үйреткеніне қарамастан, бұғыларды қаладан қуып шыға алмады. Полиция қызметкері аядай көшеде атпен шауып шалма лақтырып, тықсыра қуып келе жатқан бұғы бейнесіне жұрттың тіпті көзі үйренді.

Әрине, мұндай әсерлі көрініс қалаға ерекше шырай бергенімен, әлдебір үрей жануарлармен бірге қайта оралды. Мәселен, қыран бүркіттің шабуылынан қорғанған мысықтың шарылдаған жантүршігерлік ащы дауысы адам төзгісіз. Күздің ала таңында тас қабырғалардан шыққан жаңғырықтай үйдің қасбеттерінен бұғылардың терең де тынымсыз гүрілі жұртты шырт ұйқысынан оятты. Қаланың қай тұсында болмасын бір-біріне тұра ұмтылған қос бұғы мүйіздерімен сүзіскенде, көшедегі жүргінші зу етіп көзден ғайып болады.

Бәрін айт та, бірін айт, қыран мен бұғы атаулы күзге дейін мекендегені өз алдына, қыс түсе тіптен жаңа қонақтарды ілестірді. Тұман көмкерген таңертеңгілікте «Hardturm» стадионының ортасынан терісі мен сүйегінен басқа қанға бөккен ішек-қарны ғана қалған бұғы табылды. Оның айналасындағы қар қызыл қанға боялыпты. Бастапқыда бұғыға иттер шабуыл жасады делінгенімен, кантонның мал дәрігері іздерді көргенде, екіұдай күй кешіп, бірнеше биологты шақырды. Енді олар оқиға болған жерді зерделей келе, хабарландыру жариялады. Биологтар қапаланғанда, кантондық ветеринар бұл қасқырдың ізі әрі бір қасқыр емес, тұтас үйірі деген байламға келді.

Көпке дейін жұрт әккі қасқырлардың тек іздерін көргені болмаса, өздері көзге түспеді. Шамасы, олар бұғының соңына түскен сияқты. Өйткені «Hardturm» стадионында жалғыз бұғы емес. Шамамен екі-үш күн сайын қаланың бір жерінен осындай жараланған жануар табылатын. Қасқырларды алғаш менің сегіз жасар ұлымның класындағы балалар көрді. Бірде таңертең олар Кэферберг орманының шетіндегі жаттығу орнында шанамен сырғанап жүргенде, ғайыптан пайда болған бөрілер топтың ең артында келе жатқан югославиялық баланы тарпа бас салыпты. «Ол тек бір рет баж етті», – деді бойын үрей билеген мұғалима. Бөрілер баланың күре тамырына ауыз салған сияқты. Келіп жеткен полиция орманға апаратын қан іздерін ғана көрді. Ильяның қалдығы ғана жатты. Бірақ қасқырларды жер жұтқандай. Оларды үйретілген иісшіл иттер де таба алмады. Қасқырлардың іздері Нордхайм зиратында жоғалып кетті.

Осыдан кейін Цюрихте төтенше жағдай жарияланды. Аяқ астынан орын алған келеңсіздіктен мектептер сабаққа балалардың ата-аналарымен бірге келуін қолға алды. Сөйтіп балалар ересектерге ілесе топтасып жүретін болды. Әскерге шақырылған жас жігіттерге балаларды оқталған мылтықпен ертіп жүруге рұқсат етілді. Менің ұлым класының басына түскен оқиғаға қатты алаңдады. Бұрын тым қауіпті болып көрінген былғары сапты барлаушы пышағын сатып алғанымда ғана көңілі жайланды. Ол енді басқа балалармен бірге мектепке барғанда, беліне пышақты қоса байлап алып жүретін болды. Айтқандайын, қатты күйзелген мұғалімі апталап үйден шыға алмай қалғанда, оның орнына басқа мұғалім сабақ берді.

Билік осы бір әдеттен тыс жағдайды бақылауға алуға көп күш жұмсады. Балалардың жыл сайын көліктердің астында түсіп, жантәсілім ететіні қалыпты жағдай. Қала болған соң өлім-жітім болмай тұрмайды. Ал балаларды қасқырлардың парша-паршасын шығаруы Цюрих сияқты қалада миға қонымсыз. Тұрғындардан ұсыныстар енгізу сұралып, оларды дағдарыс тобы зерделеді. Қасқыр, бүркіт пен бұғы атаулы бір-бірімен байланысты болғандықтан, аң аулауға патенті бар адамдарға атуға рұқсат берілді. Әрі мергендер өмірге нақты қауіп төнбеген жағдайда ғана атуы шарт. Ақыр аяғында жағдай біршама жақсарды. Көзді ашып-жұмғанша мергендер бірсыпырасын баудай түсірді. Өйткені, қасқыр үйірін тұзаққа түсірудің орайы келді. Жаралы бұғы жеткілікті азықпен қамтамасыз етуге болатын Фризенберг кварталына жеткізілді. Ал шын мәнінде, таңертең ойда жоқта пайда болған қасқырлар үйірі әлгі бұғыға тап бермесі бар ма. Сол-ақ екен терассалы үйлердің жоғарғы қабаттарына жайғасқан пулеметшілер 33 қасқырды әп-сәтте жайратып салды. Цюрих тұрғындарының иығынан жүк түскендей болды. Осылай әрекет етуді ойға алған орман күзетшісіне жеделхаттар мен құттықтаулар қарша борады. Кешкісін ел еңсесі көтеріліп, жадырап, көптеген мейрамханалар көпшілікке тегін сыра ұсынды.

Келесі күні таңертең әуежайды жабуға тура келді. Өйткені ұшу жолағы мен қону жолағының қиылысында жартылай желінген бұғы қалдығы жатты. Кейін оны дала көкбөрісінің азық еткені анықталды.

Осы кезден бастап жұртшылық бұл жануарлардан құтыла алмайтынын түсіне бастады. Енді олардың әрекетіне мойынсұнуға тура келді. Дала тағыларының қайдан келгені былайғы жұртқа беймәлім. Хайуандарды күткен жан жоқ. Көкбөрілерден Швейцарияда да, Еуропаның басқа өңірлерінде де басқа ешбір қала зардап шеккен жоқ.

Неге екенін тірі пенде білсе бұйырмасын. Олар тек Цюрих халқының аза бойын қаза қылды…

Неміс тілінен аударған Рауза МҰСАБАЕВА




ПІКІР ЖАЗУ