ЖИЫРМА БІРІНШІ ҒАСЫР

Сәбит ДОСАНОВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

ЖИЫРМА БІРІНШІ ҒАСЫР
Роман-эпопеяның бірінші кітабынан үзінді

Жазушы Сәбит Досанов «Жиырмасыншы ғасыр» роман-эпопеясының жалғасы «Жиырма бірінші ғасыр» атты жаңа роман-эпопеяның бірінші кітабын жазып бітірді.
Шығармада Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы басты оқиғалар, азаттық алған Қазақ Елінің қиындықтарды еңсерген қымбат кезеңінің көркем панорамасы жасалған. Райхан, Айбалта, Гүлнұр, Таңшолпан-Әмірхан тағдыры арқылы өрілген лирика мен драмаға толы оқиғалар, астарлы аңыздар, аса бай бейнелі тіл шығарма шырайын аша түскен.
Шығармада суреттелетін Ел өміріндегі елеулі оқиғалар Ақбас бүркіттің көзімен, ой сезімімен беріледі. Ақбас бүркіт бұған дейін кездеспеген жаңа образ.
Қарға бойлы Қарғабай мен Сұқсыр Сауысқан да айтары көп, айшықты, жаңа бейнелер.

Ұлы Даланың ұланғайыр өлкесі Торғай өңірінде «Қызбел» деп аталатын тау бар. Шалқасынан жатқан қыпша бел қызға ұқсайтын таудың ортасында арудың анарына ұқсайтын бірінен бірі айнымайтын екі шың тұр. Халық «Қыз емшек» деп атап кеткен қос шыңның ортасында туып, тауда өскен Ақбас бүркіт көп қанатының бірі емес ерекше жаратылған ерең. Өзі өте ірі. Өзге бүркіттер оның жанында тауықтың сары үрпек балапанындай ғана. Тұтас тұрқы арыстандай. Жұп-жуан етті сирақтарында білеуленген көкшіл тамырлары тарамыстай тартылып тұр. Тұяғы өзге бүркіттерден әлдеқайда ұзын. Төрт тұяқта аса күшті төрт саусақ бар, төрт саусақтың ішкі – жембасар, ортаңғы – сығым, сыртқы – шеңгел, артқы – тегеурін аталатын төртеуі де алмас қылыштай өткір. Жолбарыстай қайратты Ақбас бүркіттің еркін ұшар кеңістігі көсіліп жатқан кермиық, кербез Ұлы Дала, қасиетті қара Жер мен киелі Аспан арасы…
Тастүлек дейтін төрт жасты артқа тастап биыл Мұзбалақ атанған жеті жасқа иек артқан Ақбас бүркіт Ұлы Даланы үш күн бойы тынымсыз шарлап Қызбел тауына күн ертеңге ауғанда жетті. Қыз емшектің оң жағын ала қонған ол отты жанарымен айналаны шолып өтті.
Тау баурайынан құлай аққан құба бұлақ сымбаты бөлек сұлудың жүрек шымырлатқан күлкісіндей сыңғырлап, сылқ-сылқ күліп, төмен қарай құлыншақтай құлдырап барады. Мезгіл, тамыз айының аяқ шені болса да етектегі аласа, сирек шыршалар көкпең көк. Айнала аңылжып, табиғат тамылжып тұр.
«Қазақтар ешбір ұлт пен ұлысқа ұқсамайтын ғажап халық, – деп ойлады Ақбас бүркіт. – Ат қоюға өте шебер. Мына ұйқыдағы арудай керіліп жатқан керемет, керім, кербез, кермиық таудың атын Қызбел деп қалай дәл тауып қойған. Қызбел десе Қызбел емес пе? Нағыз қыпша бел! Қарасаң көзің тоймайтын сұлудың ойлы, мұңлы жалтаңы жоқ мөп-мөлдір жанарындай. Ал, мына Қыземшек жел етегін желпімеген хас сұлудың еркек ерінін өппеген бөбешігіндей»…
Ақбас бүркіт көк жүзіне көз тікті. Күл түстес күлгін аспанда ат тағасындай имек ай батысқа қарай баяу жүзіп барады. Өшуге айналған май шамның жартымсыз жарығындай өлеусіреген жұлдыздар анасыз қалған жетім баладай жыламсырайды. Ана бір жылы өзін өлтірмек болып жанталасқан қарашұбар жыланның суылындай суық жел екілене соғып тұр. Бір сәт ұлыған қасқырдың даусы жетті құлаққа. Тау етегіндегі ауыл оттары буырыл тұман арасынан бұлдырап көрінеді.
Ақбас бүркіттің көз алдына Көкдауыл келді. «Қайда менің Көкдауылым – жанып сүйген жанжарым – деп ойлады Ақбас бүркіт. – Бүгін келер деп күтіп ем, неғып кешігіп жатыр. Әлде… Жо-жоқ! Олай болуы мүмкін емес. Менің Көкдауылым өзім сияқты Финикс құстай тіріліп, қайта оралады мына жарық дүние деп аталатын өзі тәтті, діні қатты өмірге. Көлеңке түсірмейін көңілге. Мен Көкдауылымның қуатты қанаттарымен қара түнде қара бұлт-ты қақ жарып, жедел жететініне сенемін. Сергек сезімім ешқашан алдаған емес мені. Сағындым сені Көкдауылым! Сенде мені сағындың-ау, жарығым, жалғыз – Көкдауылым! Керегі маған екеу-ақ: Азаттық пен Махаббат! Иә, мен азатпын! Көк күмбездей төңкерілген көк аспанда еркін шарлап жүрген құспын. Қатардағы көп құстың бірі емес, бұлыңғыр бұлттан да асып, алпыс шақырымға дейтін көріністерді қалт жібермей ап-анық көретін көк еркесі қырағы қыранмын! Құзіреті күшті, мейір шапағаты мол Алла тағала мейі-рі түсіп сыйлаған азаттығым бойымды кернеп, күш-қуатым тасып тұр. Екі бақытымның бірі Көкдауылым келсе төрт құбылам түгел болар еді…»
Ақбас бүркіттің ойын қара түнді отты жанарымен қақ жарып ұшып келген Көкдауыл бұзды. Қатар тұрған «Қыземшектің» сол жағына қонған ол:
– Қалайсың жаным, сүйіктім – деді сызылып.
– Келдің бе, қалқам, келдің бе, өзіңсіз жабырқаған жанарымды көрдің бе?
– Келдім Пірім, асығып жеттім сабылып.
– О, Періштем – Көкдауылым мен күттім сені сағынып.
– Енді екеуміз біргеміз.
– Сызат түсіп, сөгілмейді іргеміз.
– О дүниеде не көрдің, соны айтшы Періштем.
– Өзің де болдың со жақта, өзің де көрдің, Пірім, жұмақ пенен тозақ дейтін екі есік, екі дүние барын. Бізді атқан губернатор Сухотын мен қазақ жеріне тың игерушілер легімен келген Алексей бастаған жауыздар тоғытылып жатты тозаққа. Нұрдәулет бай мен оның сүйіктісі Айжан бастаған топқа айқара ашылды жұмақтың есігі. Тозақ отына жанған топастар мен сатқындардың жанұшыра шыңғырған ащы даусы құлақ тұндырды.
– Осындай көріністерді мен де көрдім, Періштем.
– Сенімен қайта табысқан бүгінгі күн – менің екінші өмірімдегі ең бақытты күн, Пірім!
– Алыстан шаршап жеттің ғой, Періштем, түн ортасы болып қалды, енді демалайық.
– Әміріңе құлдық, Пірім!
Қатар тұрған қос шыңға жайғасқан ерлі-зайыпты екеу – Ақбас бүркіт пен Көкдауыл жақсы ұйықтап, таң ата сергек оянды.
– Қайырлы таң, Пірім!
– Қайырлы таң, Періштем! Қалай ұйықтадың?
– Өзің жанымда болғасын жақсы ұйықтадым, Пірім!
– Денем мұздап, жүрегім сыздап отыр, Періштем! Жүрегім сезеді біз тілеуін тілеп жатқан қазақ халқы көп ұзамай әлдебір рухани жұтқа ұшырайды-ау деп қорқамын.
– Жаман ойды қу, Пірім! Онанда мен о дүниеде жұмақта жүргенде ел өмірінде не өзгеріс болды, қандай жаңалық бар? сол жайлы айтшы.
– Өзгеріс те, жаңалық та көп, Періштем!Асықпай рет ретімен айтайын.
– Құлағым сенде Пірім!
Он тоғызыншы ғасырдың соңы мен жиырмасыншы ғасырдың басында патшалық Ресей өздерінің аграрлық проблемасын қазақ халқының есебінен шешпек болып Қазақстанға қарашекпенділерді қара шегірткедей қаптат-ты. Ұлы Даланың ұлт қамын ойлаған Әлихан, Ахмет, Нұрдәулет, Міржақып сынды ұлы тұлғалары қазақтың байырғы жеріне қаптаған қоныстанушылар көшін тоқтату үшін жанкештілікпен күресті. Столыпин реформасынан кейін Қазақстан мен Ресей арасындағы шиыршық атып, шиеленіске түскен, драмалық, кейде тіпті трагадеиялық халге жеткен күрмеуі қатты аса күрделі кезең – Қазан төңкерісі, аштық, үрейлі отыз жетінші жылға ұласты. Петерборда, Мәскеуде, Омбыда, Парижде, Орынборда және Жетісу мен Сарыарқадағы өзгерістер, жиырмасыншы ғасырдың соңғы он жылдығындағы Қазақ Елі бастан кешкен оқиғалар Тәуелсіздік жылдарындағы жылнамаға жалғасты.
Қазақтың жері үшін отаршылдармен арыстандай алысқан Ахмет, Әлихан, Нұрдәулет сынды тарихи тұлға жайлы сырды Жұмабек Тәшенов жайлы жырмен өрбітейін. Сен жұмақта жүргенде болған ел өміріндегі оқиғаларды.
– Жұмабек Тәшенов кім, Пірім?
– Ол алып империяның – КСРО-ның көсемі, айбатынан ай жасырынған Хрущевпен арыстандай алысып, Қазақстанның бес бірдей облысын сақтап қалған хас батыр, ұлттың ұлы тұлғасы! Тәшенов жайлы тебіреніп, терең толғаймын.

* * *

Бүгін жексенбі. Демалыс күні болса да ол әдеттегісіндей ерте тұрды. Душ қабылдап, шай ішіп болғасын кабинетіне келіп, креслоға отырып Абайдың «Қара сөздерін» алды кітап сөресінен. Төс қалтаға сыйып кететін шап-шағын кітапты алақанымен аялай сипады. Кітаптың сыртқы бетіндегі хакім бейнесін кеудесіне басты. Аллаға іштей мінәжат етіп азкем отырды да, кітап бетін парақтап арасына қағаз қыстырылған бетті ашып, ұйықтар алдында тоқтаған тұсынан бастап оқи бастады: «Он сегізінші сөз». Адам баласына жыртықсыз, кірсіз сыпайы киініп, һәм ол киімін былғап, былжыратып кимей, таза кимек – дұрыс іс. Ләкин өз дәулетінен артық киінбек, не киімі артық болмаса да, көңіліне қуат тұтып, тым айналдырмақ – кербездің ісі.
Кербездің екі түрлі қылығы болады: бірі бет-пішінін, мұртын, мүшесін, жүрісін, қас-қабағын қолдан түзетіп, шынтағын көтеріп, қолын тарақтап әуре болмақ. Біреуі атын, киімін «айран ішерім» деп, солардың арқасында сыпайы, жұғымды жігіт атанбаққа, өзінен ілгерілерге елеулі болып, өзі қатардағының ішін күйдіріп, өзінен кейіншілерге «әттең, дүние-ай, осылардың атындай ат мініп, киіміндей киім кигеннің не арманы бар екен?!» – дейтұғын болмаққа ойланбақ.
Мұның бәрі – масқаралық, ақымақтық. Мұны адам бір ойламасын, егерде бір ойласа, қайта адам болмағы – қиын іс. Кербез дегенді осындай кер, кердең немеден безіңдер деген сөзге ұқсатамын. Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық….
Есікті жайлап ашып, кабинетке ақырын кірген аққұба өңді, қызыл шырайлы, орта бойлы әйел кітап оқып отырған еркектің иығынан құшақтап:
– Тағы да Абайды оқып отырсың ба? – деді.
– Иә, Бәтесжан, тағы да Абаймен ақылдасып отырмын.
– Жұмабек, Мұқанов пен Мүсіреповті соғымға шақырамын демеп пе едің?
– Иә, дегенмін.
– Онда бүгін неге шақырдың?
– Жұма күні Сәбең телефон шалып: «Ақыл қосатын шаруа бар еді Ғабит екеумізді қашан қабылдайсың? – деді. Екі бірдей алыпты жұмыс орнында төрде төбедей болып ресми қабылдағаным кісілік болмас кішілігімді білдіріп, үйде тыңдайын әңгімелерін дедім.
– Өте дұрыс.
Бәтес шығып кеткесін сәлден соң бойы сымдай тартылған, шалқасынан қайырған көмірдей қап-қара шашы жазық маңдайына жараса кеткен бозбала кірді де:
– Папа, дәлізге шықшы. Бір кісі телефон шалып сізді сұрап тұр деді.
– Қазір, Саянжан деп орнынан тұрып, келесі бөлмеге өтіп, телефон тұтқасын құлағына тосты. Ассалаймағалейком, Сәбе! Даусыңызыздан таныдым, иә, дұрыс, сол жақ бұрыштағы көп қабатты үй, төртінші пәтер. Келіңіздер, күтіп отырмыз.
Жұмабек телефон тұтқасын орнына қойып Абайдың қарасөздерін оқуды жалғастырды ол. Он тоғызыншы сөз:
«Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады. Мұндай сөзді есіткенде шайқақтап, шалықтанып не салбырап, салғырттанып есітсе, не есіткен жерде қай- та қайырып сұрап ұғайын деп тұшынбаса, не сол жерде сөздің расына көзі жетсе де, шыға беріп қайта қалпына кетсе, естіп-есітпей не керек? Осындай сөз танымайтұғын елге сөз айтқанша, өзіңді танитұғын шошқаны баққан жақсы деп бір хакім айтқан екен, сол секілді сөз болады».
Жұмабек Абайдың жиырмасыншы сөзін оқи бастағанда Бәтес келіп бір бума газет берді.
– Мынау бүгінгі почта.
– Рахмет, Бәтесжан.
«Социалистік Қазақстан» газетінен «Ақбас бүркіттің ажалы деген мақаланы оқи бастады Жұмабек.
– Ақбас бүркіті самолетке шапты! Өзінің атамекенін өзеуреген өзгеден қорғаймын деп «Ил-18» самолетінің сол жақ моторына барып соғылды. Ақбас бүркіт ажал құшты. Бір моторы зақымданған самолет біресе оң, біресе сол жағына қисайып Алматы әуежайына әзер қонды. Қатты үрейленген жетпіс жеті жолаушы тура келген бір ажалдан аман қалғанына қуанып, бірін-бірі құттықтап жатты. Өткен аптада болған осы оқиғаға орай жазылған ақын Ғафу Қайырбековтің «Мықтылық туралы баллада» атты өлеңін оқушы назарына ұсынуды жөн санадық.
«Алланың жердегі елші ғой, ақын, – деп ойлады Жұмабек. – Алатаудың Ақбас бүркітін ақиық ақынның жырлауы – керемет бір кермиық келісім емес пе?»
Жұмабектің ойын есікті ақырын ашып кірген Аян бөлді.
– Есіңде ме, Аянжан, – деді Жұмабек – ана жолы Алатаудың Ақбас бүркіті өзінің атамекенінқорғаймын деп ажал құшқанын айтып ем ғой.
– Иә, есімде, папа!
Міне, «Социалистік Қазақстанның» бүгінгі санында арқалы ақын Ғафу Қайырбековтің Ақбас бүркіттің ерлігін жырлаған өлеңі жарияланыпты. Кәне, оқышы:
Серісі еркіндіктің, тазалықтың,
Демейтін «жаннан үркіп, жаза күттім».
Сонікі байтақ аспан баяғыдан
Қалмаса Ай таусылып, азайып Күн.

Қалықтап жүрді қазір бір дем алып,
Қанатын таңғы таза нұрға малып.
Әлі де еркін босап шықпаған кез
Алатау шыңдарына Күн қамалып.

Бір кезде шықты дыбыс гүрілдеген,
Бұрын-соң құлағына білінбеген,
Қарады Алатаудың тас қыраны,
Қайран көз қайда салса сүрінбеген!

Барады жалғыз қара көкпен ағып,
Алласын көрмегендей текке қағып,
Жат дауыс жыртады аспан тыныштығын
Жаңғырып қиыр шалғай шетке барып.

Барады анау әлі қозғалмай-ақ,
Дәл бүгін дәурен бастан озғандай-ақ.
Ал келіп керемет күш бүрді мұны
Бір кезде өзі бүрген көкжалдай-ақ.

«Мына аспан, мынау биік, бұл Алатау,
Қиғаштап қызық серуен салған талай,
Мөп-мөлдір тынық мекен, иен тыныштық,
Самсаған алтын сәуле дүние сарай!

Қайдасың, қайда кеттің, кімге кеттің?»
Дегендей жан-жағынан гулеп екпін,
Шеңгелдеп бауырына жинағандай
Салмағын жеті қабат жер мен көктің.

Есікті ашып, табалдырықтан аттай бере тоқтаған Бәтес.Аянның даусы ас үйге дейін естіліп жатыр.
– Бұл не айғай?
– Бұл айғай емес, поэзия кеші, Бәтесжан.
– Қалжыңын қалмайды ғой, папасы.
– Мама, папам екеуміз өлең оқып жатырмыз.
– Не туралы өлең?
– Ана жолы папам самолетке шапқан Ақбас бүркіт жайлы айтып еді ғой. Сол жайлы анада үйде қонақ болған ақын Ғафу Қайырбеков өлең жазыпты. Керемет өлең. Тыңдашы.
– Оқи ғой, құлыным.
Жөнелді болмаған бір зымыраумен,
Асты құз, үстіде құз шыңыраумен.
Түйгіштеп, топшысымен ауа тіліп,
Барады ата білмес үлкен даумен.

Білмеді өзі бар ма, дүние бар ма,
Тек қана тентек дене жүйткіді алға,
Біржола қорғасындай кетпек ағып,
Қорлықты батырғанша бүйтіп жанға.

Сөйткенше қалды дереу оған жетіп,
Шаншылып, шықты сорлың қайқаң етіп,
Мұрша жоқ енді ойлауға кетпейінше
Не өзін, не мынаны талқан етіп.

«Сарт та сұрт»…
Енді дыбыс жоқ маңайда.
Жарылмай аман қалған көк қалайда.
… Бірі үлкен, бірі кіші – екі қара
Төменде, құлдилайды әлде қайда…

… Жақсы ғой бейбіт күндер. Неткен ыстық.
Жатпайтын жау жиналып, дос кетісіп.
Кей-кейде мықтылықты аңсағанда
Толғанам осы оқиға еске түсіп!
– Шынында да керемет өлең екен! – деді Бәтес қабағын наздана керіп.
– Осы өлең ана жылы Хрущевпен бірге Қостанай облысына барған сапар кезіндегі бір оқыс оқиғаны ойға оралтты.
– Ол не оқиға, папа?
– Қостанай обкомның бірінші хатшысы Морозовтың бастауымен Хрущевті Москва совхозына алып бардық. Бұл топта менен өзге ЦК-ның бірінші хатшы Яковлев, екінші хатшысы Журин, Совминнің Председателі Қонаев бар. Бітік өскен егінді көріп көңілденген Хрущев: «Жолдастар, кәне, келіңдер, – деді оң қолымен ауаны осып, – мына бітік өскен бидайдың арасында тұрып суретке түсейік. Мәскеуге барған соң, – деп сөзін жалғады Хрущев қабағын кере күлімсіреп – мына жайқалған егін теңізінің арасында түскен суретті тың игерушілерге қарсыларға көрсетемін. Ал, жолдастар, сендер мені ұятқа қалдырмаңдар. Қанша қымбатқа түссе де қалайда биыл миллард болатын болсын!
– «Миллард болады. Оған алаң болмаңыз» деді Қонаев бастап, өзгелер, қостап. «Келесі жылы жүгеріні көбірек егіңдер! Біз Американы қуып жетіп, басып озамыз. Көрсін әлем социализмнің күшін. Біз капитализмнің әкесін әлі-ақ танытамыз. Біз патша үкіметінің жасай алмағанын жасадық. Тыңды игеріп, орыстандыруды қарқынды жүргіздік. Болашақта бірақ ұлт – орыс ұлты, бірақ тіл – орыс тілі болады. Капитализмді жойып, бүкіл дүние жүзін билейміз. Жиырма жылдан кейін елімізде коммунизм болады, – деп жұдырығын түйіп, шабыттана сөйлеген Хрущевтің көтеріңкі көңілі аяқ астынан нілдей бұзылды.
– Неге? – деді Саян.
– Хрущевтің сөзін төбемізден айнала ұшқан Ақбас бүркіттің саңқ ете қалған қуатты даусы бөлді. «Мынаның даусы қандай күшті» деді аспанға шайқалай қараған Хрущев. – Өзі өте үлкен екен. Атып алайын. Мылтық бар ма, мылтық? Сол сәт «Ақбас бүркітке қауып төнді-ау» деп зәрем зәр түбіне кетті. Құдай сақтап ешкімде мылтық болмай шықты. Соны сезгендей Ақбас бүркіт Хрущевтің тас төбесіне төніп-төніп келіп оны мазақ қылғандай қайқаң етіп қайтадан аспанға көтерілді. Сәлден соң тағы да төмендей ұшып, қанаттарын оқта-текте бір қаққан Ақбас бүркіт Хрущевтің тас төбесінде қалықтап тұрып алды. «Қап, мына құстың қорлығын-ай, – деп ызадан жарылып кете жаздаған Хрущев аспанға шалқалай қарап, жұдырығын түйді.
Жарайсың Ақбас бүркіт. Қазақстанға қырын қараған Хрущевтің көкесін көзіне көрсеткеніңе мың алғыс, – деді Бәтес.
Ақбас бүркіт жай құс емес – киелі құс, ата-баба аруағы ол. Ақбас бүркіт ел мен жердің иесі, ата-бабаның қасиеті киесі. Сол жолы Ақбас бүркіт оққа ұшса ұлттың рухы өшер еді, ел мен жерден кие көшер еді. Алла өзі жар болып бір қатерден аман қалды Қазақ Елі. Егер сол Ақбас бүркіт оққа ұшқанда… жо-жоқ. Айта көрме, оны ойлаудың өзі қорқынышты. Сол оқиғадан бері Ақбас бүркітті түсімде жиі көремін.
Әңгімемен отырып еттің көбігін алуды ұмытып барады екенмін. Қой, ас үйге барайын.
– Мен мамама көмектесейін. Саян шыға салып тез оралды.
– Папа, қонақтар келді.
– Жұмабек орнынан атып тұрып Сәбит пен Ғабитті қарсы алды.
– Ассалаумағалейком, Сәбе, Ғабе!
– Уағалейкумассалам, – деді Сәбит.
– Ғабит еріншектігі ұстап, басын изеп, ернін жыбырлатты.
– Қош келдіңіздер. Төрлетіңіздер.
– Қош көрдік, Жұмабек.
– Қонақтар қонақ бөлме арқылы кабинетке өтті.
– Мына пәтерің неше бөлме, Жұмабек?
– Үш бөлме, Сәбе.
– Әу, Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Төрағасының пәтері үш-ақ бөлме. Естіп тұрсың ба, Ғабит.
– Ақырын сөйле, саңырау емеспін.
– Ғабит, екеуміздің пәтеріміз төрт бөлме.
– Бізге осы да жетеді, Сіздерге он бөлме болса да көп емес.
– Оу, Жұмабек, – деді Сәбит орындыққа отырып жатып. – Оу, Жұмабек, мына кабинетің үлкен бір кітапхана ғой өзі. Ғабит қарашы, есік пен терезеден басқа қабырғаның бәрі еденнен төбеге дейін кітап. Тұр, Ғабит, мына қымбат қазынаны көрейік.
– Көрсек көрейік, – деді Ғабит орнынан созалаңдай тұрып.
– Пәлі, мына қатар қаптаған философтар ғой. Аристотель, Платон, Конфуций, Декарт, Кант, Гегель, Нище, Фейербах. Уай, Ғабит, қарашы, міне, мұнда Исак Ньютонның «Математические начала натуральной философиясы» тұр, – деді Сәбит кітап сөрелеріне көз жүгіртіп.
– Ойымды бұзба, Сәбит. Мен мына қатардағы «Махабхарата», «Илиада», «Калевала», «Манас», «Гильгамеш», «Алпамыс», «Қобыланды», «Қыз Жібектермен» сөйлесіп тұрмын.
– Сөйлес, сөйлес, Ғабит. Мен Шекспир, Анна Ахматовалармен сырласайын.
Кітап сөрелерін шолған Ғабиттің жанары том-том болып тізілген қазақ ақын жазушыларының кітаптарын шолып өтті.
«О, қайран қазақ қаламдастарым-ай, біріңмен-бірің иықтасып, қатар тізіле қалыпсыңдар ғой деп ойлады Ғабит. Көріп тұрмын, қатарларың қалың екен. Қандас, тағдырлас бауырларым-ай, сендер әдебиет алыптарымен иықтаса, қатар тұрғандарыңа мәз болмай, сол билікке жеттіңдер ме, соны ойлаңдар. Әуезовтен басқа қайсың бар, әлемдік әдебиетке, азбас, тозбас алтын қазына қосқан?! Бүгінгі алған атағың, арқадан қаққан мадағың бәрі де уақытша алданыш қана. Тарихта қалатын сенің еңбегің. Беу, бауырларым-ай, қызғаныштың қызыл итін айтақтап, бір-біріңді аяқтан шалғанша ертеңгі күнге анық барар шоқтықты шығарма туғыз. Оған өрең жетпесе, ана Олжас сынды оза шапқан бауырыңның шалғайына жармаспа, шашбауын көтер. Тым болмаса Мұхтар сынды данышпанға ор қазба. Қызғаныштың құлы болма, халықтың ұлы бол! Қызғаныштың қызыл иті қаппаған қай жақсың бар, айтшы, кәне, қазағым?! Аз болды ма, содан тапқан азабың?!»
– Уа, Ғабит, ұлылармен тағы да сырласа жатармыз. Тізе бүк, келген шаруамызды айта отырайық.Сәбит пен Ғабит диванға иық түйістіре қатар отырды.
– Екеуміздің айтарымыз бір сөз ғой, өзің айт, Сәбит, деді Ғабит еріне сөйлеп.
– Жұмабек бауырым, анау Бауыржан Момышұлының соғыстағы ерлігін өзіңде де білесің, халық та айтып жүр. Өкінішке орай, сол ерлік әлі өз бағасын алған жоқ. Бауыржанға Советтер Одағының Батыр атағын алып беруге сіз болып, біз болып әрекет жасауымыз керек! Әнеу күні Ғабит екеумізді қашан қабылдайсың дегендегі айтпақ өтінішіміз осы еді.
– Бұл айтқандарыңыз аталы, баталы сөз. Бұл менің де ойымда жүрген. Жөн сілтеңіздер, мен не істеуім керек? – деді Жұмабек.
– Оны мына Ғабит айтсын. Өзі еріншек болғанмен ойға жүйрік бұл.
– Меніңше, бұл істі Момышұлына қарсы болып жүрген маршал Қонаевтан бастау керек. Сосын Ворошилевқа қолқа сал, қолда, көмектес деп. Момышұлын соғыс кезінде геройлыққа ұсынған құжаттарды архивтен алғызуды ұмытпа! – деді Ғабит.
– Мақұл. Ертең іске кірісемін.
– Хрущев Қазақстанға тағы да келмек дейді. Сол рас па? – деп сұрады Сәбит.
– Рас. Бірақ қашан келетін әзір белгісіз, – деді Жұмабек.
– Бұл геройлық Момышұлынан да бұрын қазаққа керек! – деді Ғабит.
– Тапсырмаларыңызды орындауға күш саламын. Ұлт намысы үшін аянып қалмасыма сеніңіздер! – деді Жұмабек.
– Осы жасқа келгенше жаманды, жақсылы талай көсем көріп ем, бірақ мына Хрущевтей ұрдажық даңғой, мақтаншақ басшы көргем жоқ. Омырауына үш бірдей Алтын жұлдыз тағып алып, ойына келгенін істеп ойран салып жүр. Бәрінен бұрын Қазақстанның үш бірдей ауданын Өзбекстанға бергені барып тұрғаны ақымақтық, – деді Ғабит.
– Дұрыс айтасыз, Ғабе. Осы оспадар шешім, оқыс оқиға менің де жанымды жегідей жеп жүр. Қаным қайнайды. Қайтейін, көңілді арман көп, күресерге дәрмен жоқ. Бұрынғысы аздай-ақ Хрушев тағы бір «өнер» бастады.
– Ол не тағы? – деді Ғабит.
– Қолайлы бір сәтті пайдаланып солтүстіктігі бес облысты Ресейге қосу.
– Хрущев барып тұрған самадур! Бұл қатерлі қадамға жол бермеу керек, Сәбит.
– Қайтіп? Не істейміз, Ғабит.
– Бір амалын табуымыз керек.
– Қазақ үшін ондай қаралы күн тумасын деп тілеймін Алла тағаладан. Туа қалса кеудемді оққа тосып қарсы шығамын, – деді Жұмабек.
– Самадүр Хрущевтен бәрін күтуге болады. Жазушыларды абстракцинстер деп айыптап, сурет көрмесіне барғанда, «Мына әйелдің аяғы неге қисық, мұны қандай художник салған? Менің немерем бұдан әлдеқайда жақсы салады суретті» деп оттаған Хрущев қой бұл.
– Ол ол ма? Совнархозы елді өркендетпек түгі жұмысқа кедергі болғасын бір обкомды өнеркәсіп обкомы, ауылшаруашылық обкомы деп екіге бөліп, жұмысқа қолбайлау болып, елдің өсуіне кедергі келтірді емес пе?
– Осы екі обкомға байланысты анекдот сияқты бір қызық әңгіме айтайын, – деді Сәбит.
– Бірде біздің облыстың Қостанай қаласында бір семьяда жанжал болып күйеуі әйелін сабамай ма? «Шашы ұзын, ақылы қысқа әйел» емес пе жоғарғыға арызданды ғой. Сонда коммунистік үстінен түскен арызды екі обком біріне бірі жіберіп екі ай дауласыпты. Селолық обком: «Бұл арызды өнеркәсіп обкомы қарау керек. Өйткені арыз өнеркәсіп обкомында істейтін коммунист жайлы» десе өнеркәсіп обкомы: «Ол арызды селолық обком қарауға міндетті. Себебі – біз анықтадық коммунист әйелін балғамен емес, орақпен сабаған» депті.
– Мұндай жолсыздықтар көбейіп барады. ЦК-ның идиология жөніндегі хатшысы Нұрғали Жаманқұловтың қазақтың қасиетті қара домбырасына қарсы шығып жүргені сол Самадүр Хрущевтың ыңғайына жағылған жағымпаздықтың бір көрінісі, – деді Ғабит. «Жаманқұловқа мен соңғы жылдары Қазақстанда сегіз жүз қазақ мектебі жабылды. Бұл жолсыздықтың онан әрі жалғаса беруіне жол беруге болмайды!» дедім. Ал, ол «Бұл заңды құбылыс. Тың игеруге байланысты Қазақстандағы қазақтардың саны отыз-ақ процент» деп қарап отыр. Мешіттер жаппай қиратылып атқораға айналды.Бұлай бетімен кете берсе тілден де, діннен де, ділден де жұрдай боламыз. Бұлар құрыса қазақ та құриды.
– «Қазақстандағы аштық жайлы құдай да емес, құдайдан былай демес Сталинге ашық хат жазып, ЦК-дағы жиында «Бейімбет жау болса, мен де жау-мын» деп ащы шындықты қасқайып тұрып ашық айтқан, сол үшінқыстың көзі қырауда аштық жайлаған Қостанай облысындағы Аманкелді ауданына қуылған, сонда да билікке басын имеген қайран, қайсар Ғабең ғой. Қайтсын-ай, қазағы үшін қабырғасы қайысып, жүрегі қан жылап тұр ғой данышпанның!» – деп ойлады Жұмабек.
– Қайда барсаң ұзын очеред. Киім-кешекті былай қойып, күнделікті тұтынатын тұрмыстық заттарға дейін қат. Ақша да аз. Халық кедейленіп барады, – деді Сәбит.
– Оны айтасың Қазақстан миллиард пұт астық беріп, халық нанға жарымай отыр. Ақ нанды түсіңде ғана көресің. Ақ нанды айтасың қара нанның өзі қат. Сүт өнімдерін спец.магазиннен алды, мына Сәбит секілді атақтылар.
– Әнеукүні Димаш Ахметовичтің кабинетінде отырғанымда Совминнің зампреді телефон шалды Димекеңе. Сол сәт Димаш Ахметовичтің жүзі күреңітіп, ашуланып Жұмабаевқа ұрса бастады «Қазақстанда отыз миллион қой бола тұрып, халықты еттің очередіне тұруды үйреттік. Ол аз болғандай халық енді таң атпай сүттің кезегіне тұратын болыпты. Мен ерте тұрып екі күн бойы қаланы сүзіп шықтым.Сүттің кезегінде тұрған халықты көргенде ұяттан өртеніп кете жаздадым. Біздің жұмысымыздың нәтижесі осы болса мына жерде отыруға правомыз жоқ. Бұл не сұмдық! Масқара ғой бұл! «Адамнан ұялмасақ та құдайдан қорқайық та» деп Жұмабаевтың екі аяғын бір етікке тықты. Сұңқар Жұмабаев: «Қала іргесіндегі колхоз, совхоздардан келетін сүттен іркіліс болып жатыр» дей бастап еді, Қонаев оның сөзін бөліп, «Маған дәлел емес, нәтиже керек! Қалаға сүт беретін шаруашылықтарға бар да, жұмысты жолға қой. Алматыда сүттің кезегі жойылмаса мен сенімен сөйлеспеймін», деп телефон трубкасын сылқ еткізіп тастай салды. Ау, қазіргі халіміз осындай мүшкіл болса, Хрущев қай бетімен жиырма жылда коммунизмге жетеміз деп жүр, – деді Сәбит.
– Ол Самадүр Хрущевтің көп өтірігінің бірі
– Хрущев обкомның бірінші хатшыларын тағайындауда да көп қателік жіберіп жүр.
– «Государство погибают тогда, когда перестают отличить дурных от хороших» депті Антисфен.
– Сөздеріңізді бөлсем ғафу етіңіздер, – деді табалдырықтан бір аттап тоқтаған Бәтес. Өздеріңізге арнап жайылған ақ дастарханнан дәм татыңыздар.
– Келген шаруамызды да айттық, қонақта болдық. Екі жеп биге шықты деген осы. Тұр Ғабит енді қозғалайық, – деді Сәбит ас-су ішіліп болғасын.
– Қозғалсақ қозғалайық, – деді Ғабит ыңырана сөйлеп.
Бәрі орнынан тұра бергенде Саян келіп, Жұмабекке телефон тұтқасын ұстатты.
– Кешіріңіздер, «Телефон трубкасын срочно Тәшенов жолдасқа бер» деп тұр – деді Саян.
Телефон тұтқасын құлағына тосқан Жұмабектің өңі құп-қу болып кетті.
– Қашан, не дейсің? – деп асыға сөйлеген ол тізесі дірілдеп сылқ етіп орындыққа отыра кетті.
– Не болды?
– Не жағдай? – деп Сәбит пен Ғабит жарыса сұрады.
– Қаралы хабар…. Қар-а-лы….. – деді Жұмабек дауысы дірілдеп.
Үрей билеген халық үрпейісіп үнсіз тұр…

* * *

Жұмабектің Мәскеудегі Қазақстан елшілігінің қонақ үйінің люкс бөлмесіне кіргені сол еді, сол қанаттағы қара телефон қақсап қоя берді. Телефон тұтқасын құлағына тосқанда:
– Сәлеметсіз бе, Жұмабай Ахметович! Келуіңізбен. Мен Шевченкамын. Никита Сергеевич сізді күтіп отыр. Тез келіңіз! – деген асығыс айтылған сөз жетті құлаққа.
Шіңкілдеп сөйлейтін әйел дауысты бұл көзі көк, сөзі көп бұл шикіл сары Хрущевтің көп көлеңкелерінің бірі. Ана жыл өзінің жеке ұшағына рұқсатсыз отырып Целинаградтан ұшып шыққанда орта жолдан кері қайтарып алып, екі аяғын бір етікке тығып, тәубесіне келтірген. Содан бері ол мұны ұнатпайды. Ұнатпайды екен деп ол шіңкілдек шикілсарыдан айылын жиған бұл жоқ.
Жарты әлемді жалғыз өзің билеп, көрдегі Сталинмен алысып, төрдегі Маленьковтың жаназасын тірідей шығарған жөнсіз, жүгенсіздігіңмен қоймай, елдің екі аяғын бір етікке тығып жүрсің. Айналаңды алатайдай бүлдіріп болдың. Біріккен Ұлттар Ұйымында столды бәтеңкеңмен ұрғылап, елдің беделіне көлеңке түсірдің. Мені неге шақырғаныңдыбілемін, Хрущев. Енді, міне, Қазақстанның бес облысын бөліп алып, Ресейге қосамын дейсің. Басқаға көнсем де бұған келіспеймін мен! Ата-бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған қазақтың Ұлы Даласындағы ұлан байтақ жер үшін өліспей беріспеймін мен.
– Қош келдің, Жұмабек Ахметович! Қалай шаршамай жақсы жеттің бе?
– Хрущев орнынан тұрып, күлімсіреп жақсы қарсы алды Тәшеновті.
– Рахмет, Никита Сергеевич! Сіз шақырды дегесін жедел жеттім.
Хрущев жұмыс столын жалғастыра қойылған ұзынша столға отырып, Тәшеновке қарсысынан орын ұсынды.
– Ақылдасатын мәселе бар, – деді Хрущев жайраңдай сөйлеп – Қазақстанның бес облысын Ресейге қоссақ деп отырмыз.
– Не үшін?
– Қазақстанның жері кең. Бір республикаға оны игеру ауыр болады. Жұмыстарыңды біраз жеңілдетсек дейміз.
– Жер көлеменің көптігі жұмысқа кедергі келтірмейді.
Хрущев қып-қыса, жұп-жуан бас бармағымен стол үстіндегі қоңыраудың түймесін басты.
Ішке Шевченко кірді.
– Қонаев кірсін.
Қонаев Тәшеновтің жанына отырды.
– Қазақстанның бес облысын Ресейге қосу жайлы Қонаев жолдаспен келістік. Обком секретарлары да қолдап отыр. Сіздің пікіріңізді білсек деп едік.
Тәшеновтің ақшыл жүзі күреңітіп Хрущевқа суық жүзбен сұстана қарады.
Сол сәт Жұмабектің ойында екі ой – ақ арыстан мен қара арыстан айқасты.
Ақ арыстан: – Өте дұрыс! Бұл ойыңды қуаттаймын, құптаймын!
Қара арыстан: – Тәшенов, сен Ворошиловтың пенсияға менің орныма Тәшеновті отырғыз деп Хрущевқа айтқан өтінішін, Хрущевтің Қытайға барған сапардан соң саған өлердей риза болып, сен енді жақында СССР Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы боласың деген сөзін ұмытпа. Кремльдің Спаск қақпасына ақ арғымақпен кіріп, Саяси Бюро мүшелерімен бірге биік мінде қатар тұрып, әскери паратты қабылдайсың. Дүниежүзіндегі алып екі мемлекеттің бірі – Совет одағында үшінші тұлға боласың. Бұдан асқан бақ бар ма?!
Ақ арыстан: – «Өмірдің мәні – мансапта емес, мақсатта. Аққанатты тұлпарыңды ақсатпа! Қызмет деген қолдың кірі. Уақытша мансапқа қызықпа. «Бұл өмірден өткенше, жүректің оты жеткенше қазағыма – халқыма адал қызмет етемін!» деп өзгеге емес, өзіңе берген уәдеңді ұмытпа! Сен сертке соққан семсерсің. Халықтың құлы, елдің ұлысың!
Қара арыстан: – Қыздырманың қызыл тіліне ерме, Тәшенов. Бүгін сенің жалындаған алпысың, қайратың тасып, бағың асып жанып тұрған талтүсің! Ұшып кетсе бақ құсың, қайтып саған келмейді.
Ақ арыстан: – Өзің сүйген, өзіңді сүйген халықты ұмытпа! Сен болмасаң кім қорғайды қорғансыз, ақкөңіл, аңқау халқыңды. Хрущев көп болса айдаһар шығар, ал сені алысқанын алып та, шалып та, жығатын жымнан атылғанда қарсы келгенін сұлатпай тынбайтын шалт қимылды, қайратты жолбарыссың! Өзіңнің атамекенін қорғап, самолетке шапқан Ақбас бүркіт есіңде ме? Қаймықпа, қарсы шап қарысқан Хрущевке. Қайрат көрсетсең қаймығады ол сенен.
Қара арыстан: – Байқа, Тәшенов, айдаһардың аузына жұтылып кетпе.
Ақ арыстан: – Тәшенов, сен өзің жаныңдай жақсы көретін алашшыл ақын Ерасылдың:
Далам менің ту бастан-ақ сүйгенім,
Соның қамы тайталаста күйгенім.
Елсіз, жерсіз бола алмайсың бақытты,
Осы менің көңіліме түйгенім.

Маңғаз далам құт дарыған жер екен,
Демен «Қазақ басқалардан кем екен».
Сол даланы сойылмен-ақ қорғаған,
Бабаларым теңдесі жоқ ер екен….
Бабаларым ту қып ұстап ерлікті,
Басып кірген басқыншыны жер қыпты.
Менің енді жасық болар жәнім жоқ,
Далам өзі сыйға тартқан ерлікті.

Бұл өмірде әмірші көп жасыққа –
Билейді оны топастар та, пасық та.
Уа, Тәңірім! Арызым бар бір ғана
Тек солардың алдына әкеп жасытпа, –
деген өлеңін үміт еткен ұрпағын Саян, Саят, Болат, Мұратқа оқып беріп, «Бұл өлең менің өмірлік мұратым. Елсіз, жерсіз мен де, сендер де бақытты бола алмаймыз. Ата-бабаларымыз қанын төгіп, жанын берген қасиетті қазақ жерін сүю аз, қажет болғанда қорғай да біл» демеп пе ең!
Тәшенов. Иә, дегенмін. Кешегі алашыл ақынмен үндес бүгінгі ұлтжанды бір қазақ қызы жазған:
Какое счастье, что предки наш
Мечи свои так крепко в своих руках держал
Ведь что было бы с миром,
Если б вдруг была другая у него картина?!
Другая карта была б у мира.
Где б не было страны моей.
А лишь другие страны мира,
Где были б мы и где была бы я?! –
деген отты өлең оралып тұр ойыма! Арқалы ақындардың осы отты жырлары жүрегімде жұлдыз болып жанып тұр. Намысымды оятып, жігерімді жаниды бұл жырлар.
Қара арыстан: Байқа, Тәшенов, сен жанған отқа жалаңаш кіргелі тұрсың.
Көз алдыма ұшаққа шапқан Ақбас бүркіт келді. Жүрегімде намыс оты жанып тұр. Тәуекел етіп тас жұттым! Қасиетті қазақ жері үшін бәрі құрбан. Сарыарқаның сауырын сақтап қалу үшін бәйгеге тіктім басымды. Хрущев азуы алты қарыс қара арыстан болса мен оған қайраты жойқын, қимылы шат жолбарыс болып атылам! Атамекен жері үшін күрестен мені Хрущев тұрмақ ажал да қайтара алмайды.
Сол сәт Тәшеновтің көз алдына анасы Қазына келе қалды. Құлағына:
Ойың сенің қорғасын,
Қыдыр болсын жолдасың,
Жерің үшін шайқаста
Құдай өзі қолдасын! –
деген даусы жеттің анасының.
Ойланып қалдыңыз ғой, біз Сіздің пікіріңізді күтіп отырмыз, Жұмабек Ахметович, – деді Хрущев көзі сығырайып, Тәшеновке сынай қарап.
– Ойланатын түкте жоқ, Никита Сергеевич, бұл мәселенің шешілуі былай тұрсын, тіпті күн тәртібіне қойылуының өзіне үзілді-кесілді қарсымын.
– Саяси Бюроның шешіміне қарсы шығатын сен кімсің?! Әрберден соң бұл мәселені Қазақстанның келісімінсіз-ақ шешеміз. Совет Одағы тұтас бір мемлекет, қай жерді қай республиканың меншігіне беру СССР Жоғарғы Кеңесінің құзырында, – деді Хрущев Тәшеновты ала көзімен атып.
– Жоғарғы Кеңес жер мәселесін Одақтас Республикалардың келісімінсіз шеше беретін болса, КССО-ның және Республикалардың Конституциясын жоюы керек. Конституцияда әр республика өзінің тарихи жерін өз меншігім деп пайдалануға правасы бар деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Никита Сергеевич, алда-жалда сіз заңмен санаспасаңыз біз халықаралық органдарға, тіпті, Біріккен Ұлттар Ұйымына шағымданамыз.
– Бұл мәселеге кейін қайта ораламыз. Енді бос сөзді қойып, әркім өз жұмысымен айналыссын. Боссыңдар!– деп орнынан тұрды Хрущев.
«Жарты әлемді билеп тұрған көсемнің түрін-ай, – жеп іштей мырс ете Тәшенов – допша домалай бара жатқан Хрущевқа қарап – бұл пақырдың бойы ғана емес, ойы да аласа екен ғой».
Тәшенов Кремльден шыға бергенде Хрущевтің көмекшісі Шевченко ұшырасып қалды. Тәшенов пен екеуінің көзі түйісе кетті.
– «Құдай-ау мынау көз емес, алмас қой». – Қарсы келгенін қағып тастайтын арыстан ғой мынау. Іште қайнаған қайраты мына мығым денесін кернеп, жүрегі жалын шашып тұр. Мен тұрмақ, қаһарынан қара жер қалтыраған Хрущевтің өзіне қарсы шыққан хас батыр емес не бұл?! Отызында орда бұзып облыс басқарған, отыз тоғызында қара тасты қақ жарып шыққан шың басындағы шынардай Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесінің Төралқасының Төрағасы болған бүгінде Қазақстанның үкімет басшысы Тәшенов қазір қылыштай қиып түсер қырық бесте. Бұл осы бетімен кете беретін болса Қазақстанды былай қойып, Кремльдің төрінен бір-ақ шықпасына кім кепіл? Мына ұлтшыл қазақ бұлай өрлей берсе, орыстың өрісі тарылмай ма? Онда Қазақстан бізге майшелпек болудан қалады. Тезірек Кремльге арыз түсіріп мұның жолын кеспесе болмас. Әй, бірақ оған бас қатырып қайтем, бұл менсіз де орға жығылғалы тұр. Қызғаныш пен күншілдік дерті мендеген өз қазағы аяқтан бір шалса, өзіне қарсы келгенді қазық қып қақпай тынбайтын Хрущев екі шалады. Сталинді кешірмеген Хрущев мұны кешіре ме? Кешірмесі хақ. Әйтсе де, әліптің артын баққан жөн, – деп ойлады Шевченко. Кремльден шыға бере Қонаев:
– Енді ұйықтап жарытпаспыз. Біраз жүріп қайтайық, – деді.
– Дұрыс айтасыз. Бүгін жөнді ұйқы бола қоймас. Кремльге «ұйқы беріп, қайғы алып» шықтық қой, – деді Тәшенов.
– Ой, Жұмеке-ай, жүрек жұтқан көзсіз батырсың ғой. Жарты әлемге әмірін жүргізіп тұрған Хрущевқа қарсы шығу азуы алты қарысы арыстанмен қарусыз құр қол айқасумен бірдей ғой. Жанған отқа жап-жалаңаш қорықпай қалай түстің?
– Жүрек жұтқан батырсың деген сөзіңмен келіссем де, көзсіз батырсың деген сөзіңді қабылдай алмаймын. Көзсіз батырлық – барып тұрған ақымақтық, жүрек жұтқандық – ерлік. Екеуінің айырмасы жер мен көктей.
– Сіздің шалт қимылды шешімділігіңізге, тіпті Саяси Бюроның келісіміне де келіспеген батырлығыңызға тәнтімін.
– Батыр болып, атымды шығарайын деген ойым жоқ. Халқым үшін ажал менен тозаққа да дайынмын.
– Өте жақсы айттыңыз, Жұмабек Ахметович. Сіздің аргументті айтқан дәлелді сөзіңізге жауап қайтара алмаған Хрущев беті қызарып көзі аларып, жан-жағына жалтақ-жалтақ қарай берді ғой. Айтудай-ақ айттыңыз ғой.
– Айтсаң бел кетеді, айтпасаң Ел кетеді. Ел кеткенше бел кетсін дедім.
– Ана жолы бес облысқа әмірін жүргізіп, республика басшыларының сөзін құлағына қыстырмаған тың өлкелік партия комитетінің бірін-ші секретары Соколовқа: «Республика басшылығымен санаспасаңыз жиырма төрт сағаттың ішінде Қазақстаннан қуып жіберемін» дегеніңіз де батырлық еді. Бүгін ештеңеден жасқанбай, Саяси Бюроның өзінен де қаймықпай Хрущевқа айтқан сөзіңіз, тіптен жөні бөлек, жолы басқа ерлік болды. Хрущев ерте ме, кеш пе, жер мәселесіне қайта оралады. Енді не істейсің стратегиялық мақсат үшін тактикалық шегініс жасайсың ба?
– Айтылған сөз – атылған оқ. Еркектің екі сөйлегені – өлгені, «Малым жанымның, жаным арымның садағасы» деген қазақпыз. Екі сөйлеп тірідей өлер жайым жоқ. Атамекен жер үшін, бізге сенген ел үшін ақырына дейін аянбай айқасамын Хрущевпен!
– Мен жоғары дәрежелі қызметіме байланысты қарсы сөйлей алмадым Хрущевке. Сіз өте жақсы айттыңыз.
– Сіздің үйдей пәледен үндемей құтылғаныңыз дұрыс болды. Екеуміз бірдей құрбан болсақ Сіздің орныңызға бір келімсек шовенисті әкеліп отырғызады ғой.
– Түн ортасы болып қалыпты, гостиницаға барып демалайық.
– Тағы да ерте тұру керек, дем алсақ дем алайық, – деді Тәшенов.
Қонақ үйге келгенде екеуінің жолы, жөні бөлек болды. Тәшенов төменгі қабатта қалды да, Қонаев ең үстіңгі қабатқа көтерілді.
Жер мәселесінде Хрущевқа қарсы келген Тәшенов елге оралған соң Қазақстан үкіметі басшысының қызметінен босап, бес ай жұмыссыз отырды. Сосын Оңтүстік Қазақстан облысы атқару комитетінің қатардағы орынбасары қызметіне тағайындалды. Бірақ оған өкінген жоқ ол. Бел кетсе де ел кетпеді. Хрущевтің өзіне қарсы шығып, Қазақстанның бес бірдей облысын сақтап қалды. Бұл дегенің алты жүз мың шаршы метр территория, он Бельгия, бес Франция! Бұдан асқан ерлік бар ма?!
Аса көрнекті мемлекет қайраткері Жұмабек Ахметұлы Тәшенов 1986 жылы 18-ші қарашада Шымкент қаласында қайтыс болды, сонда жерленді. Арада жиырма бір күн өткенде Алматыда Желтоқсан көтерілісі болды. 1991 жылы он жетінші желтоқсанда Қазақстан Тәуелсіздік алды – халық ұлы Жұмабек Тәшеновтың Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болса екен деген асыл арманы орындалды!

* * *

Тәуелсіздік таңы атқанда Қызбел тауының Қыземшек шыңынан қанаттаса қатар ұшқан Ақбас бүркіт пен Көкдауыл Алатауға асығып жетті. Жүректері лүп-лүп соққан олар бір-бірін қуана құттықтады.
– Қуаныш ұзағынан болсын, Пірім, – деді Көкдауыл.
– Бұл қуаныш қана емес, бақыт, Періштем!
– Осы бақытты күнді ғасырлар бойы күтті ғой қазақ халқың Пірім! Солай емес пе?
– Иә, солай, Періштем, күтіп қана қойған жоқ азаттық үшін басын бәйгеге тікті.
– Иә, дұрыс айтасың, Пірім! Патшалық Ресейден көрген қорлық, зорлығы аздай-ақ Совет өкіметі отыз екінші жылы қолдан жасалған аштық қырық бірінші жылы Ұлы Отан соғысы дейтін қанды қасапқа салды ғой қазақты.
– Арғы жағын айтпағанда ғасыр басында Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Смағұл Сәдуақасов, Нұрдәулет Бабаханов, Досқан Қараманов, Ахмет Бірімжанов, Бақытжан Қаратаев, Халел, Жанша Досмұхамбетовтер сынды Алаш арыстары көрген зорлық, қорлық аз ба?!
– Иә, Періштем! Бәрі Алланың әмірімен десек те, көктен түсе салған жоқ бұл бақыт. Қаншама құрбандықпен келді десеңші Тәуелсіздік. Оңай бақыт болмайды. Оңайдың бәрі оңғақ. Ең бастысы Тәуелсіздік қазақтың рухын көтерді.
– Рухы мықты ұлт ұшпаққа шығады. Тәуелсіздік тарихтың жаңа бетін ашты. Жаңа дәуір басталды. Жаңа заман талай жаңалықтар әкеледі. Уақыт ұлы тұлғалар туғызады. Ұлттық рухы көтерілген қазақ халқы аз уақытта әлемді таңдандырып, әлі талай биіктерді бағындырады.
– Айтқаның келсін, Пірім!
– Әумин, Періштем!
* * *
Кеңес өкіметі қайтыс бола салысымен одақтас он бес республикалар бірінен соң бірі Тәуелсіздік туын желбіретіп жатты. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев асықпады. Ол өзіне тән сақтықпен әліптің артын бағып біраз уақыт өткізіп алды.
– Нұреке, Тәуелсіздік туын көтеру керек! «Уақыттан қалуға да тым асығыстық жасап, озып кетуге де болмайды. Нағыз саясаткер уақыттың тамырын тап басып, дер кезінде қимылдауы керек. Қазір саясат көрігі қызып тұр. Көрікті қызған кезінде соғу керек!» – деді өзі ақын, өзі саясаткер Олжас Сүлейменов.
– Нұрсұлтан Әбішұлы, Тәуелсіздік жайлы Декларация қабылдау қажет, – деді жазушы Ерасыл.
– Елдің бәрі Тәуелсіздігін жариялады, біз көштің соңында қалып қойдық, – деді белгілі заңгер, академик Салық Зиманов.
Ұлт зыялылары асықтырғанмен Назарбаев асықпады өзіне тән асқан сақтықпен әлі де ойланып, әлі де әліптің артын бақты.
«Желтоқсан айының басында «Қазақ Советтік Социалистік Республикасы» дегенді «Қазақстан» деп өзгерткен Назарбаевқа елдің көңілі қала бастады. Солардың бірі жазушы Мұхтар Мағауин: «Бізден басқа республикалардың бәрі Тәуелсіздігін жариялады, Назарбаевтың кежегесі неге кейін тартып тұр? Қайтыс болып кеткен Совет өкіметі тіріледі дей ме? Бұған төзуге болмайды!» деп күйіп пісті.
Зиялы қауымның сөздерін ой елегінен өткізген Назарбаев желтоқсан айының он жетінші жұлдызында Жоғарғы Кеңес сессиясында «Қазақстан Тәуелсіз мемлекет!» деп жариялады.
Қуанышы қойнына сыймаған қазақтар бөріктерін аспанға атып, бір-бірінен сүйінші сұрап жатты…
Арада екі сағат өткенде Түркия Қазақстанның Тәуелсіздігін бірінші болып таныды!…

* * *

Басқару жүйесі қалыптасқан экономикасы қуатты мемлекетті басқару да оңай емес. Кеңес өкіметінен мұраға қалған қирандының орнында жасапмаз жаңа мемлекет құру қиынның қиыны. Тарқататын түйіндер, жедел шешетін проблемалар көп. Өте көп. Азық-түлік тапшы. Дүкен сөрелері жұтап тұр. Завод, фабрикалар жұмыс істеуін тоқтатқан. Қазақстанды шикізат базасына айналдырып, өңдеу тұтқаларын қолдарына берік ұстаған Мәскеудің сұрқия саясаты қолбайлау болып тұр. Қазақстан өз бетінше ештеңе өндіре алмайды. Бірдеңе шығару үшін оған қажетті заттың бірін тағы бір елдерден алу керек. Әдейі осылай өрмекшінің торындай шырмап, орталыққа тәуелді етіп қойған. Жан-жақтан аш қасқырдай анталаған көп проблеманың қайсы бірін шешерсің? Заман өзгерісі туғызған қиыншылықтан қалай шығуға болады.
Тәуелсіздік таңы атып, ел басқару тізгіні қолға тигенде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты толғандырған осы жайлар еді.
«Уайым түбі – тұңғиық, батасың да кетесің,
Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің» демей ме халық даналығы, – деп ойлады Нұрсұлтан. – «Пессимист мүмкіндік болғанда қиындық туралы, оптимист әрбір қиындықта мүмкіндік жайлы ойлайды» депті Уинстон Черчил. Конфуцийдің: «Өзгеріс желі соққанда ақымақ адам желден қалқан болар қорғаныш тұрғызады, ал ақылды адам жел диірмен салуға кіріседі» – деген даналық сөзі Черчилдің ойымен үндес.
Бір сәт Нұрсұлтанның ойына Тәуелсіздік жарияланған күні ақын Олжас Сүлейменов айтқан әңгіме оралды.
Құдіреті күшті Әулие-Құдай әуелі әлемді жаратып, Табиғат-Ананы мінсіз мүсіндейді. Сосын жарық дүниеге адамдарды әкеледі. Әйтсе де адамның жан байлығын, ақыл-ойын шеберлік шыңына шығарып, барынша жетілдірмейді. Адамды мінсіз етіп жаратудан әдейі бас тартады. Ондағы ойы: Құдайдан кейінгі құдірет адамның көзін шел басып, жөнсіз асқақтатып, жосықсыз аспандап кетпесін, бақыттан басы айналған кезде өзін жаратушы құдіреттің бар екенін білсін, өз кемшіліктерін өздері көріп, өздерін-өздері үздіксіз жетілдіре берсін деген ниет еді.
Жансыз табиғат жанды адамдарға, жан-жануарға толып, ойдағысы орындалған Құдай енді өзіне орын таңдайды. Сонда оның сол құлағына:
– Өзіңізден кейінгі құдірет – өзіңіз жаратқан адамдармен бірге жүріп-тұрыңыз, не көрсеңіз де солармен бірге көріңіз, – деген сыбыр жетеді.
Сол сәт Құдайдың құлағына Періште сыбырлайды:
– Әмірші ме, ақын ба, бағылан ба, батыр ма, дара туған дана ма, кім болса ол болсын жер басып жүрген екі аяқты адамның бәрі пенде. Мына жарық дүниеде кемшілксіз адам жоқ. Ендеше олар Құдаймен жолдас бола алмайды. Адамдармен бірге жүріп, бірге тұрсаңыз олардың кейбір кемшіліктері жұғуы да мүмкін. Құдайдың орны – Көк Аспан, шаң жетпейін, тозаң тұтпайтын, кір жұқпайтын таза аспан. Құдайдың әмірі көк аспаннан жердегі адамдардың жүрегіне жетуі керек.
Құдай да сайтан сыпсыңға емес, періште сыбырға құлақ қойып, құлық танытқан.
Содан бері Құдай өзі жаратқан адамдардың әрекетін бір сәт қалт жібермей қадағалап отырады. Содан бері адамдар өз кемшілктерін өздері түзеп, үздіксіз өсіп, ұдайы жетіліп келеді. Жетілудің анық бір айғағы қол бастаған көсемдер, сөз бастаған шешендер, кемел ойлы кемеңгер ойшылдар, сабырлы, сырбаз ғұлама абыздар. «Басалқалыңыз бар болса жанған отқа күймейсің» дейді халық даналығы. Басалқы сөзді кім айта алады? Әрине, ең алдымен көргені мен көңілге түйгені көп, халыққа қадірлі, сөз өтімді ақылман Абыз айтады.
Абызы бар ел азбайды. Осы тұста қалам ұшына талай халыққа тағылым болған ескіден жеткен есті тәмсіл оралып тұр. Елден елге, ұрпақтан ұрпаққа көшіп, көп айтылса да көнермеген сол тәмсіл былай деп сыр шертеді. Аты белгісіз арғы дәуірде ел билеген әміршінің әділетсіздігіне шыдамай, қолдарына қару алған жастар көтеріліске шығыпты. Әміршінің әскері бір жақ, жастар бір жақ боп бетпе-бет келіп, қарулы қақтығыс болғалы тұрғанда ғұлама қария – ақсақалды Абыз қан төгілмес үшін ара ағайын болып, араша сұрапты «Ақыл – жастан, асыл тастан» емес пе?! Сонда ақылды жастардың ақылман көсемі араағайын Абызға:
– О, ғұлама, біздің Сізге қояр бір шартымыз бар, соны қабыл алсаң, бітімге келіп бітісеміз, қабыл алмасаң, қару жұмсап түтісеміз.
– Ол не шарт? – деп сұрапты Абыз.
– Шартымыз мынау: біз Сізге өте қиын, өте күрделі бір сұрақ береміз. Сол сұраққа дәл жауап берсеңіз, қаруымызды тастап, Сізге бағынамыз, жауап бере алмасаңыз, өзіңізде, әміршінің де басын аламыз. Қабылдайсыз ба, осы шартты?
– Қабылдаймын, – депті өз өмірінен ел тыныштығын артық көрген Абыз.
– Қабылдасаңыз, – депті білімді жастардың білікті көсемі дауысы Ақбас бүркіттей саңқылдап – менің уысымда кіп-кішкентай торғай бар. Сол өлі ме, тірі ме, соны айтыңыз.
Мұны естіген әміршінің зәресі ұшты. «Мына жастардың қулығына құрық бойламайды екен ғой. Оны білу мүмкін емес. Енді қайттік». Ал, ғұлама ойланып қалды. Ол өзіне тән телегей теңіз білім, терең сұңғылақпен жас жігіттің қолындағы кіп-кішкентай торғайдың тірі екенін білді. Бірақ, тірі десе, жас жігіт қуатты саусақтарын қатты қысып кіп-кішкентай құсты оп-оңай өлтіре салады. Өлі десе, торғайды ұшырып жібереді. Соны білген Абыз дауысы аңыздағы Ақбас бүркіттей саңқылдап сөйлеп кетті.
Жүзден асқан жасым бар, көпті көрген басым бар. Тарихты шолып айтсам, елімізге жау шапқан ана бір аласапыран заманда қара шегірткедей қаптаған қаһарлы жаудан ықпаған, ерлік туын жықпаған аға ұрпаққа сенемін, тағдырдың барлық тауқыметін халқымызбен бірге көтеріп келе жатқан ортан қолдай орта буынға арқа сүйеймін, еліміздің ертеңі – жастар сендерге үміт артамын. Уа, халқым бәрі өздеріңізге байланысты. Айналайын, білімді, жастардың білікті көсемі, саған айтарым: сенің уысындағы кіп-кішкентай торғайдың ғана емес, тап қазір түтісу де, бітісу де жастар өз қолдарыңда. Бәрі өз қолдарыңда!
Абыз айтқан аталы сөздің бүгінгі күнге де, мына күрмеуі қатты күрделі кезеңде өмір сүріп отырған бізге де қатысы бар…
– Иә, бәрі де өз қолымызда.
– Бұл әңгімені Олжас тегін айтқан жоқ. Есте жүрер есті сөз бұл.
– «Бәрін айтта, бірін айт, бәрінен бұрын коллективтің жырын айт» деп Бейімбет Майлин айтпақшы бәрінен бұрын елдің қазіргі жайын, жас мемлекеттің болашағын айт, жұмысты неден бастауым керек? Күрмеуі қат-ты көп проблемаларының алдымен қайсысын шешкен жөн? Мемлекеттің саясаты анықтап, жүрер жолымызды белгілеп алу да аса маңызды. Көп векторлы саясат ұстаймыз ба, әлде… Ақын Қадір Мырзалиев дұрыс айтады: «Алдыменен ел қамы, сонан кейін қалғаны. «Таңертеңгі ойым дұрыс: алдымен экономика, сосын саясат. Одан кейінгілерін рет-ретімен шеше береміз».
Тәуелсіздік алғашқы күні осылай толғанған Нұрсұлтан белді бекем буып, жұмысқа кірісіп кетті.

* * *

Тоқырау торындағы тоқсаныншы жылдар еңсені езіп тұр.
Кеңестік кеңістіктен қалған аса ауыр мұра-құлағалы тұрған завод, фаб-рика, құлазыған ауыл, құлдыраған өндіріс, құрдымға кеткен экономика… сынды сан кесел ел тізгінін ұстаған Нұрсұлтанның қабырғасына қатты батты. «Жалақы, жәрдемақы, зейнетақы ала алмай есеңгіреген елдің жағдайын қалай түзеуге болады, мына түпсіз тұңғиықтан қалай шығуға болады? – деп күн-түні ойлаумен болды ол.
Алдындағы құжаттарды ысырып тастап орнынан тұрып, терезеден сыртқа көз тастады. Қаланы басқан түтін тұман, аспанмен таласқан ақалабас шыңдарын көмірдей қара бұлт торлаған Алатау жүдеген жанын онан сайын құлазытты. Не істеу керек?
Нұрсұлтан кенет еңсені езген ауыр ойдан арылып, Ақбас бүркіттей дүр сүлкінді. «Ел сенген мемлекет басшысы мен сары уайымға салынып, еңсем езілсе былайғы халық не болмақ? Күрмеуі қатты көп проблеманы шешудің бір жолы – зиялы қауыммен, халықпен, көпті көрген ғұламалармен ақылдасу. Көп білсең де көптен артық білмейсің. Көп ақылы – көл». Осы ойға бекінген Нұрсұлтан жаңа әзірде өзі тұрған орындыққа отырып, нәрестенің бас бармағындай түймені бас бармағымен басты. Ішке имеке басып ұзын бойлы, аққұба қыз кірді.
– Ұзақбай Қарамановты шақырыңыз.
– Келіңіз, отырыңыз, – деді Нұрсұлтан жанына жете бере состиып тұрып қалған оған ойлы, мұңлы жанарымен ойлана қарап.
– Жағдай өзіңе белгілі. Мына қиындықтардан қалай шығамыз?
– Қайдам, – деді ол иығын қиқаң еткізіп – өзіңіз бір жол таппасаңыз.
– Мен мемлекет басшымын, Сіз тәуелсіз елдің тұңғыш Премьер-министрісіз. Басқару тізгінін ұстаған біз шарасыз болсақ бізге сенген елдің жайы не болмақ? Қиындықтан қиялап шығар жол таба алмасақ біздің құнымыз көк тиын. Онда мына орында отыруға құқымыз жоқ.
Нұрсұлтан Премьер-министрден жауап күтті. Ол үнсіз. Нұрсұлтан ойланып отыр. Хатшы қыз кірді.
– Нұрсұлтан Әбішевич, көмекшіңіз келіп тұр.
– Кірсін.
– Әңгімелеріңізді бұзсам кешіріңіздер, – деді ұзын бойлы сымдай тартылған, қара шашы шалқасынан қайрылған, қыран бақ, қара торы жігіт.
– Иә, Төреғали, жайшылық па, не жаңалық?
– Қарағанды шахтерлар жұмысты тоқтатып, алаңға шығыпты.
– Жалақы алмағанымызға алты ай.
– Аш, жалаңаш жүріп қалай жұмыс істейміз?
– Мемлекет басшысы не бітіріп отыр?
– Үкімет отставкаға кетсін! – деп ұрандатқалы екінші күн. Оларға басу айтқан облыс басшының сөзін құлақтарына да қыстырмапты.
– Не істеу керек? Қарағандыға барсам ба екен? Сендер қалай ойлайсыңдар?
– Баруға болмайды, – деді Қараманов.
– Неге?
– Ашулы адам тордан босаған арыстаннан да қауіпті. Ашу үстінде біреу-міреу жазым етіп жүрмесін.
Қарамановтың сөзін ұнатпаған Нұрсұлтан оған салқын қабақ танытты.
– Сен не дейсің? – Төреғали.
– Нұрсұлтан Әбішевич бару керек?
– Отырсаңшы, Төреғали, – деді Нұрсұлтан Қарамановтың төбесінен төне қарап түрегеліп тұрған көмекшісіне жылышұрай сөйлеп.
– Қазір отыратын уақыт па?
– Төреғали, жинал, тап қазір жедел жолға шығамыз.
– Жақсы, Нұрсұлтан Әбішевич, мен әуежайға хабар берейін. Облыс басшыларына телефон шалайын ба?
– Қажеті жоқ! Сән түзеп, салтанат құратын кез емес бұл. Таксимен барамыз шахтерлерге.
– Жалақы, жәрдемақы, зейнетақыны ала алмай есеңгіреген ел. Төзімі таусылған шахтерлер ереуілге шықты. Халық үріккен жылқыдай дүрлікті. Сол бір қиын кез, сын сағатта Президент Нұрсұлтан Назарбаев шұғыл Қарағандыға ұшып келді. Келді де, халықпен бетпе-бет кездесіп, ашық сөйлесті. Шахтерлердің талабы орынды екендігін, алайда тап қазір оны қанағаттандыруға мүмкіндіктің жоқтығын ашық айтты.
– Тәтті өтіріктен ащы шындық артық, – деді Президент. – Мен жағдай тез оңалады деп уәде бере алмаймын. Ертеден жеткен ескі сөз – есті сөз былай дейді:
– Ырыс қайда барасың?
– Ынтымаққа.
– Бақыт қайда барасың?
– Бірлікке!
– Ынтымақ болса, бірлік болса біз аспайтын асу, жоқ. Халық алмас қамал бар ма?! Бірлік болса тірлік те болады. Ынтымақты болсақ ырыс келеді. Төзім керек, сабыр керек. «Сабыр түбі – сары алтын» деп халық бекер айт-паған. Қиындықтан шығудың бірақ жолы бар, ол жұдырықтай жұмылып, жатпай, тұрмай еңбек ету. Еңбек – бәрін де жеңбек!
– Сонда қанша күтеміз? – деді алып ұшып тұрған бір албырт жас.
– Оны мен емес, өздерің айтасыңдар, сіздердің еселі еңбектеріңнің нәтижесі айтады, – деді Президент. Ал, мен сіздермен біргемін. Не көрсекте бірге көреміз.
– Үкімет ше, үкімет не бітіріп отыр? – деді жаңағы жас жігіт.
– Үкімет ұйықтаған жоқ, ояу. Олардың қалғуына жол бермеймін.
– Үлкендер жағы бірімен бірі күбірлесіп кетті.
– Кабинетте шалқайып отырып алмай, бізге жедел жетті, – деді көпті көрген көне көздердің бірі. Бұл да болса кісілігіне сай кішілігі емес пе?
– Иә, – деді екінші қария – жемісті ағаш жерге иіледі, жетелі жігіт елге иіледі деген осы. Патша басымен қарапайым халыққа иіліп тұр.
– Өзі сертке берік пе, соны айтшы.
– Осы уақытқа дейін екі сөйлеп көрген емес ол.
– О, онда жарады, жайсаңым! Осындайда Омар Хайям айтқан:
Мейлі ол болсын артық жаратылған.
Ол дана дейік дара туған
Сөзінде тұрлау бар ма?
Соған қара,
Өйткені сонда жатыр бар ақыл, мән, –
деген өз оралады…
Айналып өтейін, садағаң кетейін, алтын халқым! Ал, кәне, ақылдасайық. Барлық жағдай өздеріңе белгілі. Не істейміз енді? Осылай ереуілдетіп, онсыз да қиын жағдайды онан сайын қиындата береміз бе? Әлде, белді бекем буып, уақытша, қиындыққа төзіп, еңбек етіп, өзімізді өр, елімізді еңселі етеміз бе?
– Бәрі түсінікті, – деді ереуілді ұйымдастырушылардың бірі: – Президент дұрыс айтады: «Еңбек, бәрін де жеңбек! Жұдырықтай жұмылып еңбек етейік! Қалай, дұрыс па, достар!
– Дұрыс! – деп дүр ете қалды алаң толы халық. Байлам осы болды!
– Мойынан ауыр жүк түскен Нұрсұлтан көңілін бірдемдеп, құлшына кірісті жұмысқа.
– Премьер-министрдің жұмысы Сізге ауыр тиіп жүрген сияқты. Сізге жеңілдеу бір қызмет қарастырайын, – деді Қарағандыдан орала салып Қарамановты қырып алған Нұрсұлтан.
– Түсіндім. Өзім де Сізден сұранғалы жүр едім. Міне арызым, – деп компьютермен теріліп, қолы қойылған бір бет қағазды ұсынып.
– Жақсы. Әзірше, демала тұрыңыз. Жігіттер хабарласады, – деді Нұрсұлтан Қарамановтың арызына қол қойып.
Сол күні Нұрсұлтан Сергей Алексеевич Тимошенканы Премьер-министр қызметіне тағайындау жайлы Жарлыққа қол қойды.

* * *

Әбден шиеленісіп кеткен небір күрмеуі қатты күрделі түйіндерді шешіп, қиындықтардан қиялап шығып кетер сәттерде Нұрсұлтанның ойына әлдеқашан әлдебір жерден оқыған ойлы сөздер мен астарлы аңыздар орала кетуші еді. Бүгін жұмысқа күндегісінен де ерте келіп, кеңес өкіметінен мұраға қалған аса ауыр қиындықтардан шығудың жолын қарастырғанда экономиканың қан тамыры-ақша проблемасы қарсы алдынан қасқиып шыға келді. Әзірге Ресеймен бірге сом аймағында болу пайдалы болғанмен солтүстік көршіге сенім жоқ. Бұлаң құйрық саясатшылар бұлт ете қалса, бүтін бір ел, бүкіл бір халықтың табаны тайып кетері хақ. Әлде «Сақтықта қорлық жоқ» деп ұлттық валюта жасау керек пе? Бірақ, ол да оңай шаруа емес. «Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледінің» кері. Енді не істеу керек? Тұйықтан шығар жол іздеген Нұрсұлтанның ойына Наполеонның: «На французском языке нет слово «невозможно»» деген сөзі орала кетті.
Мұндайда не істеуге болады? Әрине, оңтайлы бір іс-әрекетке бару керек. Ең жаманы – әрекетсіз отыру. Нұрсұлтанның ойына Олжас Сүлейменов айт-қан аңыз-әңгіме орала кетті.
Құрамына бүгінгі Перу, Боливия, Солтүстік-Батыс Аргентина, Оңтүстік Эквадор кірген Инк мемлекеті ХV ғасырда қаймағы бұзылмаған аса бай, халықтық салт-дәстүрі бар Чима елін де бағындырып, қуатты державаға айналды. Сол замандағы анд тайпалары билік құрған Инк мемлекеті дамудың шырқау шыңына шыққаны соншалық, өмірдің барлық саласында ХХ ғасырдағыдай өркениет жетістіктеріне жетіпті. Алып кемелері мен қайықтары суда балықтай жүзіп, жерде жеңіл көліктердің сан түрі зырлаған. Аспанда алып ұшақтар самғаған.
Сәулет өнерінің үлгісі болған сәнді, салтанатты сарайлары да аз болмаса керек. Анд тауының биік шыңдарының үстінен галактиканың сүт сәулесі – құс жолы секілді ғажап сызық тартылып тұрады екен. Аспанның өзін ажарландырып, елге айбын берген сол галатика – құс жолы Инк мемлекетінің құты дейді аңыз. Аспан денелері мен жер қозғалысының әсерінен галактика – құс жолы 650 жылда бір жоғалып тұратын болған. Сол сәтте елге айбат, ерге қайрат беріп келген ұлы күш – алтын діңгек бірлік те ғайып болады. Бірлігі жоқ елден құт, береке қашатыны аян.
Осыны білетін Испания сол сәтті пайдаланып, Инк мемлекетіне шабуыл жасайды. Инкілер өзідерінен мың есе аз, жүз есе әлсіз испандықтарға еш қарсылық көрсетпей, өз еріктерімен беріледі. Өзің күн перзентімін деп санаған король Сола инкілердің жеңілу себебін галактика – құс жолымен бірге жоғалған бірліктің күйреуімен түсіндіреді. Инк мемлекетінің сонау ХV ғасырда ХХ ғасырдағы өркениетке жеткені аңыз болса аңыз шығар, ал алтын діңгек – бірлік құлағанда елден айбын, ерден қайрат кететіні ақиқат.
Инкілер өздеріне әлденеше жүз есе әлсіз испандықтарға еш қарсылық көрсетпей, өз еріктерімен берілу себебін елдің діни көсемі (жрец) аспандағы сүт сәулелі құс жолына ұқсаған галактиканың жоғалып кетуімен түсіндіреді. «Мемлекеттің құты құс жолы-галактика жоғалды, енді бәрібір, біздің жолымыз болмайды» деген қате ұғым бүкіл халықтық трагедияға алып барады. Сөйтіп ел басына күн туған шешуші сәтте әрекет етпеу салдарынан бүтін бір мемлекет жер бетінен жоғалады.
«Аңыз бен ақиқат егіз, – деп ойлады Нұрсұлтан. – Қандай қиын ситуацияда да қол қусырып, қарап отыру қылмыс. Тұйықтан шығар жол іздеу керек!..»
Бүгін де ауыр ойлардан айыға алмаған Нұрсұлтан жазу столынан тұрып, ұзындығы атшаптырым дерлік кең кабинетті кезіп кетті. Әбден шиеленіскен көп түйіндерді шешудің жолын іздеп, іштей шиыршық атқан ол оң қабырғаға ілінген дүние жүзінің саяси картасына үңілді. Солтүстікте Ресеймен, шығыста Қытаймен, оңтүстігінде Орталық Азия республикаларымен, шығысында Монғолиямен шектесіп жатқан он бес миллион халқы бар, екі миллион жеті жүз мың шаршы шақырым жері бар Қазақстан картасына қарап тұрып ойға кетті.
«Ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшы, ақ білектің күшімен қорғаған осынау ұлан байтақ Ұлы Даланы өртке шалдырмай сақтаудан, ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздік туын берік ұстаудан асқан мұрат та, міндет те жоқ, – деп ойлады Нұрсұлтан. – Саяси тәуелсіздік алдық. Енді экономикамыз да тәуелсіз болуы керек. Экономиканың қан тамыры-ақша. Бізге әзірге сом аймағында болу пайдалы. Сом аймағынан шықсақ бөліну, бөлектену басталады. Мәскеу жаңа ақша жасап шығарса ел экономикасына ол үлкен соққы. Ол соққыны әлсіретудің бірден бір жолы өз ақшамызды жасау. Ол оңай емес. Оған қыруар қаржы, ең бастысы уақыт керек. Уақыттан ұту үшін де сом аймағында қала тұру қажет-ақ. Әйтсе де, оның тетігі бізде емес, солтүстіктегі көршімізде. Ресей премьер-министрі Виктор Черномырдин Қазақстан да сом аймағында болады деп сендірді. Тіпті, Ресей Президенті Борис Ельцин екеуміз сом аймағында боламыз деп ресми мәлімдеме де жасадық. Осыдан кейін солтүстіктегі көршінің сөзіне сенбей көр. Алайда, тоқсан екінші жылдың екінші қаңтарында Ресейдің бізге алдын ала ексерту жасамастан бағаны бір жақты босатқанын қайда қоясың? Соның салдарынан бағаның он, он екі есе өскенін ұмытуға бола ма?! Ресей күтпеген жерден жаңа ақшаны айналымға шығарып жіберсе Қазақстанның кеңестік кеңістіктен мұраға қалған әлсіз экономикасының онан әрі тұралап қалары хақ. Қапы қалуға болмайды. Менің қолымда бір жанұя, бір өлкенің, бір аймақтың ғана емес, маған сенім артқан миллиондаған қазақстандықтардың тағдыры тұр. Қателесуге қақым жоқ! Жақсыға сен, Нұрсұлтан, жаманға дайын бол. Ендеше, 1992 жылы тәуелсіздіктің бір белгісі –ұлттық валютамыздың жиырма пайызын өте құпия түрде Англияда бастырып қойғанымыз ақыл болады. Әзірше, әліптің артын баққан жөн.»
Осы ойға табан тіреген Нұрсұлтан кезегін күткен тағы бір күрделі проблеманы шешуге кірісіп кетті. Өстіп қат-қабат келген қауырт жұмыстармен жүргенде күтпеген оқиға болды. Бір мың тоғыз жүз тоқсан үшінші жылғы сәуір айының бірінші жұлдызында Ресей жаңа ақшаны айналымға шығарды. Жағдай күрделене түсті. Енді не істеу керек? Мынау тұйық қана емес, тұншығып өлер тұңғиық қой. Сол сәт Нұрсұлтанның ойына Бертольд Брехтің: «Никогда не заглядывай в бездну, иначе бездна заглянет в тебя» деген сөзі оралды. Нұрсұлтанның құдай берген бір қасиеті бірін бірі кимелеген көп проблемалардың ішінен бірінші кезекте қайсысын шешу керектегін қапысыз танитын. Сосын небір қиын істің қиюын табатын. Бұл жолы да солай болды. Нұрсұлтан империялық астамшылықтан айыға алмаған Ресейдің бұл саясатының астарын алғыр аңғарды. Экономикалық жағынан тәуелді етіп, Қазақстанға қайтадан қанды шеңгелін батыруды ойлаған олардың жоспарын іске асырмау үшін Нұрсұлтан шұғыл шара қолданды. Дереу жеті миллион доллар тауып, ақшаның қалған бөлігін тездетіп бастырды.
Бұл оқиға бір мың тоғыз жүз тоқсан үшінші жылдың қазан айының он бірінші жұлдызында болып еді. Сол күні кезекті іс сапардан оралған Олжас кешкі асын ішпестен телевизорды қосты. Сол сәт көгілдір экраннан Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көңілге жақын, көзге ыстық бейнесі көрінді. Президент халыққа Қазақстан Республикасының жаңа валютаға көшкенін баяндады. Көгілдір экраннан ұлттық теңгемізде сәтімен салынған Абылай, Әл-Фараби, Әбілхайыр, Абай, Шоқан, Құрманғазы бейнелері көрінді. Олжастың қуаныштан алып ұшқан жүрегі атқақтай соқты…
Сол күні бақыттан басы айналған қазақ зиялылары бір-бірінен сүйінші сұрап жатты…

* * *

Айгүл босанғаннан кейін жиырма күннен соң Ерасыл мен Райхан нәрестесімен екеуін үйге алып келді…
Арада тағы жиырма күн өткенде таңертең Айгүл мен Райхан нәрестенің тырнағын, шашын алып, шомылдырып, қырқынан шығарды.
Кешкісін Ерасылдың үйінде шағын шілдехана болды.
– Бұл батырдың аты кім? – деді Олжас нәрестені қолына алып, бетіне үңіліп.
– Әлі аты жоқ, – деді Ерасыл.
– Жоғы қалай.
–Кювезден аман шыққанына қуанып ат қоюды да ұмытып кетіппіз.
– Сонда қалай?
– Шақалақ, шақалақ дей беріппіз. Мұның қазіргі аты – Шақалақ.
– Бұлай болмайды. Ат қою керек балаға.
– Олжеке, өзіңіз қойыңыз атын.
– Олжас ойланып қалды.
– Данияр десек қалай болады, – деді біраздасын. Осылай атасақ бола ма? Ұнай ма? Сендерге.
– Болады.
– Болғанда қандай.
– Ұнайды.
– Өте сұлу есім.
– Шілдеханашылар жамырай сөйлеп, жарыса қостады.
–Онда бұл батырдың аты – Данияр!
– Сенің атың Данияр.
Олжас нәрестенің оң құлағына үш мәрте айтты «Сенің атың Данияр!» деген сөзді.
Сонымен қырқынан шыққан нәрестенің есімі Данияр болды.
Табиғи заңдылық бойынша қырық күнде нәрестенің сүйегі мен еті қосылады. Бұл нәресте адам болды деген сөз. Қырық киелі сан. Ата-бабаларымыз киіз үй тіккенде, үй арасы қырық қадам болған. Қазақ «Қырықтың бірі Қыдыр» деп тегін айтпаған. Қырқынан шыққан Даниярдан да, босанғанына қырық күн болған Айгүлден де аурудың беті қайтады енді, – деді Олжас.
– Әумин!
– Айтқаныңыз келсін!
– Аузыңызға май.
– Тақымыңызға тай.
– Олжекеңнің аузы дуалы.
– Олжекең айтса тегін айтпайды.
– Ақынның аузына сөзді Алла салады!
Шілдеханашылар көңілдене қостады бірінің сөзін бірі.
– Құдай қаласа, Данияр тегін емес, ерекше азамат болады, – деді Олжас ойлана сөйлеп. – Бұл батыр туған күні – күні кеше осы 1991 жылдың қазан айының жиырма сегізінші жұлдызында табиғат өте сирек болатын тосын құбылыс байқалды. Данияр туған күні Қазақстан «Солтүстік шұғыласына» бөленді. Бұл жайлы газеттер жарыса жазды.
– Бір бала туса бір түп жусан артық өседі деген. Әр бала өз несібесін ала келеді, – деді Райхан.
– Данияр бұл өлшемге сыймайды. Ол өзінің ғана емес, елінің несібесін ала келгеніне өз басым кәміл сенемін. Даниярдың өмірге келуімен бірге елімізге бір ұлы жаңалық келетіндей сезінемін. Сезімім алдамаушы еді, лайым солай болса екен, – деп толқи сөйледі Олжас.
– Ақынның айтқаны айнымай келді. Арада бір жыл өткенде…

* * *

1993 жылдың маусым айында Ордабасыдағы ордалы Ұлы жиыннан оралысымен қазақ теледидарына сұхбат бере сала жазу столына отыруға асықты. Себебі, осы жасында алыс-жақын шетелдердің талайына барса да соңғы жылдары қазақ елінде өтіп жатқан ас пен тойдың көпшілігінен дәм татса да, қаншама қиындық пен қызық көріп, қанша толқыса да жан-дүниесі дәл Ордабасыдағыдай тебіренген емес. Оның да орайы бар. 1993 – тауық жылының мамыр айының 28-ші жұлдыз біздің тәуелсіз мемлекетіміздің өмірбаянына тарихи күн боп кіреріне талас жоқ. Кешегі тоқырау жылдарында «тарихи» дейтін қасиетті сөзді орынсыз қолданып қадірін кетіріп алдық. Содан да бүгінде содан ащы сабақ алып бұл киелі ұғым, қастерлі сөзді абайлап айтатын болдық. Ал, дәл бүгін тарихи дейтін ұлы да ұлағатты сөзді қолданудың орайы әбден келіп тұр» – деп ойлады ол.
Даланың дана перзенттері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сынды тұтастықтың символына айналған үш ұлы тұлғадан соң араға үш ғасырға жуық уақыт салып, ел сайлаған тұңғыш президентіміз Назарбаев бастап, халық қостап Ордабасыға оралды. Ордабасыға шығу қиынның қиыны. Себебі – ол әшейін бір төбеге көтерілу емес, халықтың тағдырын, арманын арқалап, жауапкершілік жүгін көтеріп, ар биігіне, бірлік шыңына шығу. Президент Назарбаев өз халқымен бірге сол ерлікті үш ғасырдан соң қайталады. Қуаныштысы – дала даналарының кемеңгерлерге тән кең тынысын, кемел ойлы ұлылығын тәуелсіз елімізді әлем таныған тұста жаңа биік, жарқын мағынада жалғастырды. Ордабасыға оралудың бүгінгі күн ғана емес, келер ұрпақ, кемел тарих үшін маңызы зор. Себебі – тарихтың дауылдары мен жауындарында тапқаннан жоғалтқаны көп қазақ дейтін халыққа бұл күнде керек нәрсе көп. Сол көптің ең бастысы – Бірлік. Ордабасыға оралу руға бөлініп у жұтпай, жүзге бөлініп жүдемей, ұлт боп ұюдың ауадай қажеттігін исі қазақтың санасына сол киелі жердің көз жасындай мөлдіреген таңғы шығымен, мөп-мөлдір ауасымен, барлық табиғи тазалығымен сіңірді. Бұл ұлы жиында сол ұлағатты ұғымды көкірекке құйып, жүрекке сіңірген жарасымды жайттар аз болған жоқ. Ордабасыдағы ордалы жиынға тағдыры бір, тарихы ортақ Өзбекстан Президенті Ислам Каримов пен Қырғызстан Президенті Асқар Ақаевтың, олардың Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Ордабасы мәлімдемесіне қол қоюы аса бір салтанатты сәт болды. Содан соң Нұрсұлтан Назарбаев XVIII ғасырдағы тарихи оқиғаның құрметіне қойылатын ескерткіш тастың пердесін түсіріп, тарихи таудың ең биік шыңына шығып, «Ордабасы ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорығын құру туралы» өзінің қаулысын жариялағаны қандай жарасымды.
Мемлекет басшысы Ордабасы тауының басында тұрып жазғытұры жасарған Жер-Ана мен жаңбырдан кейін шайдай ашылған Аспан-Атаның көгілдір түсіндей көк байрағымызды зеңгір көкке көтеріп, ұлы Бірлік жайлы ұлағатты сөз айтқан сәтте қатты толқып, жанарынан жалғыз тамшы жас үзіліп түсті Ерасылдың.
Президенттер тұрған, жаңа ғана Нұрекең сөз сөйлеген мінбеге қараса, Жоғарғы Кеңес төрағасы Серік Әбжанов та, Премьер-министр Айбалта Қаратаев та, қатты тебіреніп тұр екен. Президенттер жұбайларының да, әсіресе, өзіміздің Сара Алпысқызының да жанарлары да жасаурап, өзгеше толқып тұрғанын байқау қиын емес еді. Ал, Премьер-министрдің орынбасары, осы ұлы жиынды өткізу жөніндегі комиссияның төрағасы Асан Төлегенов сол сәтте сан аунаған жүрегін алаулаған жүзінен жазбай таныды. Қайран Азамат, қайтсін-ай, өзі ауыр жүгін арқалаған үлкен жұмыс, ұлы істің жемісін көріп толқып тұрған шығар-ақ!.. Оң жағына бұрылса, Қазақстанның халық депутаты Қуаныш Айтпаевты көрді Ерасыл, сол жағына бұрылса, осы жиынның ауыр жүгін арқаласқан ақиық азамат Жеңісбек Әсемқұлов тұр. Оңтүстік Қазақстан облысының басқару тізгінін ұстаған елге белгілі, халыққа сыйлы бұл ақылман азаматтардың да жанарлары жасаурап тұр екен.
– Апыр-ай, мынау бір ғажайып сәт болды-ау, – деді Жеңісбек ерекше толқып.
– Лайым, бүгінгі күн жүз бен руға бөлініп ыдыраған қазақтың ұлт боп ұюының басты болғай, – деді Қуаныш қатты толқып.
– Жазушы дос, сіз не дейсіз? – деді Ерасылдың университетте бірге оқыған досы. Жамбыл облыстық Кеңесінің төрағасы Әлжан Ысқақов.
– Ерасыл ойланбастан:
– Дәл осы күн, дәл осы сәттен бастап қазақты біріктіруге бастаған адамды даланың дана перзенттері Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің рухы қолдасын, ал, бір қазақты үш жүзге бөліп жұтатқан, руға бөліп у жұтқызғандарды ұлы бабалардың аруағы қарғасын. Халқымызға аспаннан Алланың нұры жауып, алдынан ақ күн тусын! – деді Ерасыл.
– Жақсы айттың-ау, – деді Қазақстанның сыртқы іскер министрі Райхан Мұратова.
– Жақсы айтсам, Алла аузыма салған шығар, – кейде жарқын ниетті білдіретін жақсы сөзді ауызға Алла салады, – деді Ерасыл.
Өзі де сол сәт қатты толқып тұрып іштей: – «Алла тағала ауызға өзің салған жақсы тілек өзіңнің құлағыңа шалынып, қабыл болғай» – деп тіледі Ерасыл.
Тағы бір жан толқытқан сәт ашық аспан астында, тау баурайында өткен театрландырылған көріністі тамашалу сәтінде болды. Сол көріністе жоңғар шапқыншылығына ұшырап, боз далада босып кеткен ана мен бала, өртенген жер, өксіген ел көптің көз алдынан өтті. Сондай ел басына күн туған қиын сәтте даланың үш дана перзенті осы Ордабасыда бас қосып, кеңескеннен кейін Әбілхайыр ханға үш жүздің қолын басқартып, Бөгенбай батырға қазақтың туын ұстатты. Сол сәтте даланың данышпан перзенті Төле би Бөгенбайға:
– Бөгенбай батыр! Сен көтерген бұл туда еңіреген елің мен жесір қалған жеріңнің, аңыраған ана мен көзінен сора, көкірегінен нала кетпеген баланың, кіндікке түскен сақалы қайғы-қасіретпен ағарған данаңның… көз жасы бар. Қасіретті ел үшін, қайғы жұтқан халқы үшін өлімнен де ықпайды, ерлік туық жықпайды деп қазақтың туын саған ұстаттық. Сол сенімді ақтасаң, ерлік дәстүрді сақтасақ ұлтың менен ұрпағыңның алғысын, ақтай алмасаң қарғысын аласың. Жолың болсын, батырым! – деген сәттерде тойға жиналған қырық мыңға жуық халықтың көңілдері толқып, жанарлары жасаурап кетті.
– Бақыттың атасы – Бірлік, анасы – Ынтымақ екенін ұқтырған мұндай сәттер аз болған жоқ.
Дәл қазір Ордабасы тарих болып тіл қатады. Оның ең биік шыңынан дара туған даналар сөйлеп тұр:
Жаңбыр жаумаса жер жетім,
Басшысы болмаса ел жетім.
Ұқпасқа айтқан сөз жетім, –
дейді Төле би. Қазыбек би оны іліп әкетті:
Арадан шыққан жау қиын,
Таусылмайтын дау қиын.
Шанышқылаған сөз қиын,
Дәл осындай жағдайда
Пана болмас өз үйің.
Екі ағасының сөзін Әйтеке би жалғастырды:
Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін,
Батыр болсаң жауға найзаң тисін.
Бай болып, елге пайдаң тимесе,
Батыр болып, жауға найзаң тимесе,
Елден бөтен үйің күйсін.
Жүсіп Баласағұнның:
Қамқор, шындық жақсы атағын таратар,
Жер-жаһанды бек аузына қаратар.
Саясатпен елін, жерін күзетер, –
деген өсиетіне бұдан асқан ақылды жауап болар ма?
– «Ал, далада туған даналар Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің аталы сөзіне бүгінгі ұрпақ не айтар екен? – деп ойлады Ерасыл.
– Ордабасыда осыдан үш ғасырға жуық бұрын өткен саяси кеңес сабағы да, күні кешегі ордалы жиын тағлымы да мынаған саяды. Бұл қазақтың басы бірікпесе құл болудан, қор болудан бөтен амалы жоқ, ұлт болып ұйыса алмайтын қамалы жоқ. Ордабасыда айтылған кемеңгер бабалар анты – бүгінгі кемел елдің салты. Ордабасыға оралудың ең үлкен қуанышы да, ұлағатты ұлы тағылымы да – Бірлік, бірлік тағы да бірлік! Ендеше Әлібекұлы Төле, Келдібекұлы Қазыбек, Бәйбекұлы Әйтеке сынды ұлы билер қақан бірліктің алтын діңгегі аласармасын. Өсер елдің арманы, өшер елдің жанжалы көп екенін ұмытпайық. 28-мамырды Бірлік пен Ынтымақ күні деп жариялап, жыл сайын тойлайық! Құр тойлап қана қоймай ұлт болып ұйып, ел болып ақыл қосайық! Араға бес ғасыр салып оралған тәуелсіздігімізді сақтап қалудың жалғыз жолы осы. Өзге жол жоқ».
Ақыл-парасаттың бүкіл әлем мойындаған Президентіміз Нұрекең – Нұрсұлтан Назарбаев Ордабасыға оралуға орай былай деді:
«Ордабасыға оралу Қазақстанның саяси егемендігі мен тәуелсіздігін нығайтуға, берекелі де молшылық жағдайға жеткізетін экономикамыздың қуатын арттыруға, қашанда республика үшін айрықша қажет ынтымақ бірлігіміз бен туысқандық асыл қасиеттеріміздің сақталуына қызмет етуге тиіс деп ойлаймын.
Мен өткен тарихымызда ата-бабаларымыз тұтастық туын желбіреткен Ордабасының әр жүрек, әр көкіректе азат Қазақстанның ертеңгі болып жалғасарына сенемін».
«Мұны біз сүйікті, иықты Президентіміздің ғана емес, қасиетті жер, киелі топырақ – Ордабысының аманаты деп қабылдауымыз керек, – деп толғанды Ерасыл.
Тарихта Ордабасы аманатынан қасиетті аманат жоқ, сол аманатты орындаудан асқан тарихи міндет тағы жоқ. Ордабасы аманатын орындап, Ынтымақ, Бірлігіміз артқанда ғана ел боламыз. Сонда ғана Алланың нұры жауады.
Алдыңнан ақ күн тусын, халқым!
Аман бол, Ордабасы аманаты!»

* * *

Бұл оқиға Тәуелсіздіктің құрдасы Даниярдың төрт жасында болып еді.
Даниярдың әпкесі Сүйінішбике өзі өскен үйде туған күнін тойлап жатқан болатын. Ол кезде тойлардың бәрі пәтерде өтетін. Үзіліс кезінде «зал» деп аталатын үлкен бөлмеде жастар бұрала билеп жатты. Өңкей жас, өңшең сұлу. Жастықтың өзі сұлулық қой. Сол сұлулардың ерекше сұлуы Жәмиланы қалады бес жастағы Даниярдың жүрегі. Жәмиладан көзін алмай қараған Данияр бір кезде батылданып оған:
Менің сенімен билегім келеді, – деді үлкендерден көрген үлгісімен басын иіп
Билегің келсе, кел билейік, – деді Жәмила жұп-жұмыр ұзын мойнынан аққудай иіп.
Ұзын бойлы, ашаң денелі, тік иықты, қоп-қою қасы мен ұп-ұзын қайқы кірпіктері кең маңдайына ерекше көрік берген, аласы аз, қарасы көп, үп-үлкен нәркес көзі көк шалғын басындағы тап-таза таңғы шықтай мөлдіреген, қос өрім болып жауырынан жауып тұрған қап-қара шашы тілерсегін қаққан, қып-қызыл, қысқа көйлегі аппақ өңін аша түскен жап-жас Жәмиланың жүрегі жанып тұрған өрт еді, Тәңірі өзі сыйлаған аса көркем, кермиық келбеті көрген жанның жандүниесін өртеді. Жәмиламен – сол сымбаты бөлек сұлулықпен Данияр өзгеше бір өрт сезіммен билеп жүр. Өзінен он бес жас үлкен қыздың етегіне оралып дөңгелене шыр айналғанда музыка ырғағынан жаңылған жоқ бес жасар бала Данияр.
Жәмила сол күннен бастап Даниярдың күндіз есінен, түнде түсінен шықпады. Оны анда-санда бір көргенде жүрегі асқақтай соғатын. Балалық махаббаты тордағы балапандай шырылдаушы еді…
Сөйтіп жүргенде оқуын шет елде жалғастыру үшін Қытайға аттанып кетті Жәмила…
Ерасыл мен Айгүл күндіз жұмыста. Үйде екі студент қыз тұрып жатқан. Оның бірі – Ерасылдың туған қарындасы Сәуленің үлкен қызы Назгүл, екіншісі – Даниярдың күтушісі – Жанар. Кешкісін жұмыстан келген Ерасыл ұлының жүзін мұң торлап, көңілсіз отырғанын көрді.
– Саған не болды, неге көңілсізсің? – деді Ерасыл ұлының басынан сипап.
– Кім ренжітті сені?
– Ана Назгүл мен Жанар, – деді Данияр жанарындағы жалғыз тамшы жасты әзер тежеп.
– Не дейді олар?
– Олар айтады: Жәмила оқуға кеткен жоқ, Қытайдың қысық көз жігітіне күйеуге тиіп кетті. Енді ол қайтіп келмейді дейді. Жүрегімді ауыртты екеуі.
– Қазір каникул ғой. Оқудан босап, үйде ерігіп, зерігіп отырғасын сені ермек етіп, қалжыңдағаны ғой. Сен оған бола көңіл күйіңді түсірме. Жәмила күйеуге емес, оқуға кетті Қытайға. Жақында каникулға келіп қалар. Ол сені жақсы көреді, – деп жұбатты ұлын Ерасыл.
– Мен де солай ойлаймын. Жәмила мені жақсы көрмесе, Қытайға кетерде ауруханада жатқан мені іздеп келмес еді ғой, – деді аққұба жүзі атып келе жатқан таңның шапағатындай қызғылт нұрға бөленген Данияр жанары жалын шашып.
Осы әңгімеден соң арада бір апта өткенде Данияр сырттан үйге айғайлап кірді:
– Ура, ура! – деді ол балғын жүзі балбұл жанып. Деді де екі қолын еденге тірей, екі аяғын жоғары көтеріп, бір аунап түсті. Цирк әртістерінен көргенін қайталап, шалт қимылмен шарық ұрған ол енді бір сәт шыр айналып, дөңгелене биледі. Сосын ентігін басып, сәл дем алды да уралап келіп, Ерасылды құшақтай алды.
– Не болды, айтшы құлыным! – деді Ерасыл ұлын бетінен сүйіп.
– Ура, Жәмила келді, Жәмила! – деді Данияр.
– Ол сені ұмытпаған екен ғой.
– Иә, ұмытпапты. Мен сұрадым: «Мені ұмытқан жоқсың ба?» деп. «Жоқ ұмытқан жоқпын» деді Жәмила.
Даниярдың әңгімесін Сүйінішбике жалғастырды.
Назгүл мен Жанар үйде болмағасын университетке Данчикпен бірге барған едім. Данчик менімен бірге лекция тыңдап отырған. Үзіліске шықсақ есік көзінде Жәмила күтіп тұр. Үшеуміз кафеге бардық. Біз Жәмила екеуміз тамақтанып отырмыз. Данчик ештеңе жемеді, сөйлемеді де. Екі көзі Жәмилада. Үнсіз отыр. Данчик бір кезде өзі отырған орындықтың үстіне шықты. Басын сілкіп, шашын қайырды да, оң қолын алға созды. Сосын:
Жәмила эту песню посвещаю тебе, – деді де шырқай жөнелді:
Я жил по старинной привычке
И свой ритуал не менял,
Но стал для меня целый мир безразличным,
Когда я тебя потерял…
Гу-гу, ду-ду болып дуылдап, шулап отырған кафе толы халық құлаққа ұрған танадай тып-тыныш болып тына қалды.
Я жил не святой не провидец,
Кутил и тебе изменял,
Всех женщин я до смерти возненавидел,
Когда я тебя потерял.
Данчик айтқан әнді ұйып тыңдаған халық оған сүйсіне қарады.
Позови меня в ночи приду,
А прогонишь прочь с ума сойду,
Всех из памяти сотру друзей,
Лишь бы ты всегда была моей.
Ән аяқталғанда дуылдата соғылған шапалақ зал ішін жаңғыртып жіберді.
– Балапандай болып пәлесін-ай мына баланың.
– Даусы қандай керемет!
– Болашақ ұлы әнші ғой мына бала!
– Ой, айналайын балақай, бақытты бол!
– Тегін емес, текті бала ғой мынау, – деп таңдайлары тақылдап таң қалды кафе толы халық. Ән аяқталған соң Жәмила орнынан тұрып:
– Рахмет! – деп Даниярдың бетінен сүйді… Осы әңгімеден соң Ерасыл Айгүлге:
– Бүгін жақсылап дайындалыңдар. Ертең Жәмиланы қонаққа шақырайық. Сүйінішбикеге ескерт, Құттыбекті де шақырсын, – деді.
– Басқа меймандар аздай-ақ енді жастарды күтуіміз қалды ма? – деді Айгүл.
– Басқаларды күтпесең де Жәмиланы тік тұрып күт. Ең үлкен, ең маңызды мейман сол!
– Қалай?
– Бізге ең қымбат адам кім? – деп Айгүлге қарсы сұрақ қойды Ерасыл.
– Ол менің Данчигім.
– Жалғыз сенің ғана емес, менің де ең басты бақытым, Тәңірден тілеп алған Данашымыз.
– Оған дау жоқ.
– Олай болса, ұлымызды қуанту, бір сәт болса да бақытты болуы үшін шақыр қонаққа Жәмиланы.
– Мұның да жөн екен, шақырсақ шақырайық.
«Жәмиланы қонаққа шақырдық, ол ертең кешке келеді» деген хабарға Данияр қатты қуанды. Өзі тұратын бөлменің шаңын сүртіп, жазу столында шашылып жатқан қағаздарды жинап, ретке келтірді. Әсіресе, өзінің «автомобиль шаруашылығына» баса назар аударып, моделді көліктердің көшірмелерін сарбаздай қазқатар тізіп қойды. Сол күні Данияр үшін уақыт өте баяу жылжыды. Жәмила келетін мезгіл – кешкі сағат алты болатын. Даниярдың екі көзі қабырғаға ілінген сағатта. Келісілген уақыттан он минут өтті, Жәмила келген жоқ. Сағат тілі кешкі алты он бес. Жәмиладан әлі хабар жоқ. Арада тағы бес минут өтті. Әлі хабар -ошар жоқ. Сол екі аралықта дәліздегі телефон үш рет шылдырлады. Данияр көзі көгеріп көк телефонға бір, есікке бір жаутаңдап қарап отыр. Арада тағы бір бес минут өткенде есік қоңырауы шылдырлады. Келген Жәмила екен. Оған арналып жайылған кең дастарханға бір топ жайғасты. Олар: Ерасыл, Айгүл, Құттыбек, Сүйінішбике, Наз-гүл, Жанар. Данияр мен Жәмилаға төрден орын ұсынды Ерасыл. Жәмила өзін күттіріп қойғанына қайта-қайта кешірім сұрап жатыр.
– Кешіккен себебім, – деді Жәмила – Даниярға сыйлық іздеп, дүкенде біраз бөгеліп қалдым. Данчиктің моделді автомашиналарды жақсы көретінін білем ғой. Оның коллекциясында жоқ мына бір автокөлікті табу көп уақыт алды. Ол міне, мынау. Бұл сенде жоқ қой, солай ма Данчик.
– Иә, бұл менде жоқ. Бұл «Мерс бес жүздің» айнытпай жасалған нұсқасы. Рахмет, Жәмила!
– Данияр осылай деді де, «Мерседес – 500-ді» терезе алдына қоя салды. Ол автокөліктің жаңа моделін көрсе өзге дүниенің бәрін ұмытып, тек соны ғана қызықтап кетуші еді. Бұл жолы ол әдетінен жаңылды. Бар назар, ынта– ықыласы Жәмилада. Бұған дастархан басында отырғандардың бәрі таң қалды. Таң қалмаған жалғыз Құттыбек қана. Бұл Құттыбектің Сүйінішбикемен шаңырақ көтермеген, екеуінің толық түсінісіп, болашаққа жоспар жасап жүрген кезі. Соданда ол Даниярды әлі толық танып, білген жоқ еді Құттыбек.
Даниярдың қазіргі отырысы, қимыл, қозғалысы, көзқарасы бес жасар балаға емес, жиырма, жиырма бестердегі бозбалаға ұқсайды. Жәмиланың тарелкасына тамақ салып, бокалына сусын құйып бәйек болып отыр. Кешкі қонағасындағы үзіліс кезінде Данияр Жәмиланы өз бөлмесіне апарып, моделді автомобилдердіне сипаттама берді, салған суреттерін көрсетті. Сәлден соң Жәмиланың алдына отырып алып, оған мектептегі қызық оқиғалар жайлы айтты.
– Сен жеті қазынаның не екенін білесің бе? – деп сұрады Данияр Жәмиладан.
– Жоқ, білмейді екенмін.
– Сен қазақсың оны білуің керек, – деді Данияр.
– Сен білесің бе? – деп сұрады Жәмила.
– Білемін. Мен айтайын, сен жаттап ал. Жарай ма?
– Жарайды.
– Жеті қазынаға жататындар:
Ер жігіт.
Сұлу әйел.
Ақыл-білім.
Жүйрік ат.
Қыран бүркіт.
Берен мылтық .
Жүйрік тазы (ит).
Ұқтың ба?
Ұқтым.
Ұқсаң есіңде сақта, ұмытпа.
– Жарайды ұмытпауға тырысамын, – деді Жәмила Даниярдың шашынан сипап.
– Жеті атаны білесің бе? – деді Данияр Жәмиланы көзімен аймалап.
– Оны да білмейді екенмін.
Жеті ата былай:
Бала.
Әке.
Ата.
Арғы ата.
Баба.
Тұп ата.
Тек ата.
Жеті атасын білген жеті жұрттың қамын жер, өзін ғана білген өзімшіл боп жанын жер дейді әкем.
Данияр мен Жәмиланың әңгімесін дастарханға шақырған Назгүл үзді. Ыстық ас пен шайдан соң жастар ән айтты, би биледі. Әсем бидің әдемі әуені басталғанда Даниярдың таңдауы тағы да Жәмила болды…
Сол күні әдеттегісінен әлдеқайда кеш жатқан Данияр тәтті қиял құшағында жатып ұйықтап кетіп еді. Асыл арман алып ұшты…
Сол күннен бастап Данияр Жәмиланы түсінде жиі көріп жүрді…

* * *

Күміс қанат, құс тұмсық ұшақ Внуково әуежайына келіп қонғанда ымырт үйіріліп қалған еді. Қас-қағым сәтте-ақ қараңғылық қоюланып шыға келді. Сумаңдаған суық жел алып ұшақтың жылы салонынан шыққан жо лаушылардың қойыны – қонышын кеулеп, денесін тітіретті. Шыңылтыр аяз бет шымшиды. «Алматыда ауа райы ашық, күн жылы еді, – деп ойлады ол. – Мәскеу аспанын қорғасындай ауыр, қарақошқыл бұлт торлап алыпты. Осындай көз байлайтын бұлыңғырлықты жаным сүймейді. Табиғаттың да, оның ең ғажайып туындысы адамның да ашық, жайдары болғанына не жетсін. Жүрегім асау аттай тулап, атқақтай соққаны несі? Сезімім алда- маушы еді, бұл ненің белгісі?..»
– Нұрсұлтан Әбішұлы, саламатсыз ба? Ол ой орманынан шығып, дауыс шыққан жаққа қарады.
– Саламатсыз ба?
– Мен Борис Николаевичтің тапсырмасымен сізді тосып тұрмын.
– Жайшылық па?
Аспан түстес көгілдір көзді, сұңғақ бойлы, сұлуша жігіт жарықшақ дауыспен жасқана сөйледі:
– Борис Николаевич шұғыл хабарласуыңызды өтінді.
Екеуі сөйлесе жүріп аса мәртебелі жолаушылар аяқ суытатын бөлмеге келіп кірді. Ельциннің өкілі Беловежге қоңырау шалды да, телефон трубкасын Назарбаевқа ұсынды.
– Нұрсұлтан Әбішұлы, дәл қазір шұғыл түрде Беловежге ұшып келуіңді өтінемін, – деді Ельцин.
– Не үшін? – деді Назарбаев Ельциннің асығыс сөйлеген даусынан әлдебір абыржушылықты аңғарса да қанына сіңген қашанғы әдетімен сабырлылық сақтап.
– Ресей, Украина, Белоруссия үштігі шұғыл түрде аса маңызды құжат әзірлеп, тап осы жерде соған қол қоямыз. Соған Қазақстанның төртінші болып қосылуын қалаймыз. Шушкевич пен Кравчуктың да өтініш осы.
– Ол құжат не туралы?
– Кеңес Одағын тарату туралы.
Ельциннен соң Белоруссия президенті Шушкевич те, Украина Президенті Кравчук та Назарбаевпен телефон арқылы тілдесті.
Ресей, Белоруссия , Украина Президенттері Қазақстан Президенті Назарбаевқа үшеулеп салмақ салғанда бәрінің айтатыны бір сөз-шұғыл түрде Беловежге ұшып келіп, аса маңызды құжатқа Қазақстан атынан қол қою. Жаратылысынан кеңпейілді болса да, Нұрсұлтан бұл ұсынысты қабылдай алмады. «Үш бірдей ірі мемлекеттердің атынан сөйлеп, тұрған аса мәртебелі, биік беделді ескі достарымның көңілін қанша қимасам да, қиналсам да ел сенімін ақтауым керек. Маған халқымның қамынан қымбат ештеңе жоқ!» Қас-қағым сәтте осыны ойлап үлгерген Нұрсұлтан шұғыл шешім қабылдады.
– Елмен ақылдасып, кеңесіп алмай ондай аса жауапты құжатқа қол қоя алмаймын, – деді Нұрсұлтан. Қазақстан Президентінің кесіп айтқан кесімді сөзінен кейін үштік одақ өз істеріне кірісіп кетті.
Ал Нұрсұлтан қайтадан ой орманына оралды.
«Сонда бұл қалай болғаны? – деп ойлады Нұрсұлтан. – Тұйықтан шығуға жанталасқан Горбачев елде қалыптасқан жағдайды талқылау үшін Украина, Белоруссия, Ресей және Қазақстан Президенттерін Кремльге шақырған жоқ па еді? Сол сәтте емес пе, Ельциннің маған телефон шалып «Мен Белоруссияға ұшпақпын. Кравчук та сонда келмекші. Сол жерде ақыл қосып, Горбачевқа нақты ұсыныспен келеміз» дегені. Горбачев одақтық шарттың барлық нұсқасында өзінің жеке билігін сақтап қалуға жанталасып бағуда. Ал, Ельцин бастаған топ оған жол бергісі жоқ. Осының соңы саяси тайталасқа апарып соқпаса жарар еді. Горбачевтің бұлаңқұйрық бұлыңғыр саясаты күмәнды көйбейтіп, тұманды қоюлатып барады. Соның салдарынан елдегі экономикалық қана емес, саяси реформалар да тұйыққа тіреліп тұр. Тұйықтан шығар жол қайда? Ельцин, Кравчук, Шушкевичтердің ойында не бар? Қазақстан үшін қай жол тиімді? Менің қандай байлам жасағаным жөн. Саясат та егін сияқты, не ексең, соны орасың. Әліптің артын да баққан жөн шығар, әйтсе де, қапы қалуға хақым жоқ. Өмірдегі өзгерістерге орай уақытпен бірге адымдайтын батыл да шұғыл шешімдер керек. Өрең жетсе оқиға мен уақыттың алдын орап кет. Саясатта асығуға да, кешігуге де болмайды…»
Айнымас серігіне айналған ауыр ойлар Нұрсұлтанға түн ортасына дейін ұйқы бермеді. Қанша кеш жатса да қанға сіңген қашанғы дағдысымен ерте оянып, төсектен сергек тұрған ол ертесіне күнілгері жасалған келісім бойынша Кремльге, Горбачевқа келді. Нұрсұлтан Горбачевтің жеке өзімен көзбе-көз сөйлесермін деп ойлаған, әйтсе де, Ельцин де сонда екен.
Кремльдегі үшеуінің арасындағы қиюы қашқан қиын әңгіме екі сағатқа жуық уақытты алды. Ең басты әңгіме Беловеж кездесуі жайлы болды. Горбачев пен Назарбаевтың сұрақтарына Ельцин толыққанды жауап берді. Әңгіме барысында –Беловеж қорығында бас қосқан үштіктің атынан Советтік Социалистік Республикалар Одағының таратылғаны және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы жарияланғаны айдан анық болды. Сол сәт Горбачевтің жалтыр басы сол жақ шекесіндегі қалына дейін тершіп, сұрғылт жүзі онан әрі сұрланып шыға келді…
Кремльден шыға салысымен Қазақстанның Мәскеудегі елшілігіне келген Нұрсұлтан шетел жорналшыларының үлкен тобымен баспасөз мәслихатын өткізді. Ол өзінің Мәскеуге уағдалыстық бойынша Одақтық шарттың жобасын талқылау мақсатында Ресей, Украина, Белоруссия басшыларымен кездесу үшін келгенін, алайда күтпеген жағдайға тап болғанын, Беловеж үштігіне ешқандай қарсылығы жоқтығын айта келіп, ұлттық, этникалық белгілермен саяси шоғырланудың аса қатерлі екенін қадап айтты.
– Атом қарулары, шоғырланған Ресей, Украина, Белоруссия, Қазақстан бір саяси одақта болғаны жөн. Мұның өзі бұрынғы кеңестік кеңістіктен ядролық қауіп-қатер болмас па екен деген дүниежүзілік қауымдастықтың күдігін сейілтер еді, – деп атап көрсетті Нұрсұлтан.
КСРО құрамында болған республикалардың тәуелсіздігін танып, саяси жаңаруды өркениетті жолмен жүзеге асыра отырып, олардың Біріккен Ұлт-тар Ұйымына мүшелікке өтуіне де жол ашуымыз керек деген ой баспасөз мәслихатының өзегіне айналды.
Желтоқсан айының оныншы жұлдызында Алматыда Нұрсұлтан Қазақ Советтік Социалистік Республикасы деген атауды Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы Жарлыққа қол қойды.
Сол тарихи күні бүкіл халық сайлаған Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өз қызметіне кірісуіне арналған Жоғарғы Кеңестің салтанатты мәжілісі болды…
Нұрсұлтан салтанатты мәжілістен кеш қайтса да бірден төсекке құлай кетпей жатар алдындағы желпініске шықты. Мезгіл желтоқсанның басы болса да солтүстікті қыса бастаған қыстан мұнда әлі бір белгі жоқ. Түнгі Алматыны самаладай жарқыратып жіберген электр жарығы ашық аспанда жымыңдаған сансыз жұлдызбен жараса жарқырайды. Алатаудың мына бір тұсы алға қарап атылғалы тұрған тау тағысы барысқа ұқсайды. Әне бір алқаракөк шыңның ұшар басына қона қалған ақшарбы бұлт қыз мойнына оралған ақ орамал сияқты. Айнала төңірек кешкісін жауып өткен жылы жаңбырмен шайынып, шаң, тозаңнан тазарып қалыпты. Байырғы бай теректердің сарғыш тартқан жапырақтары жұмсарып, бойшаң болып өсіп келе жатқан жас шыбықтар да ажарын аша түсіпті. Қасиетті қара жер жас босанған анадай бусанып жатыр. Тау жақтан соққан таза ауамен кеуде кере демалып, айналаға сүйсіне көз тастаған Нұрсұлтанды сауалы көп, жауабы жоқ самсаған сан ойлар билеп алды.
«Қазақстан мұхитта жүзген алып кеме, – деп ойлады ол. – Ал, оны мекендеген сан ұлт пен ұлыстан тұратын республика тұрғындары сол кемедегі шығарда жаны бір, тағдыры ортақ жолаушылар. Халық маған сол кеменің штурвалын ұстатты. Ал оның құрметінен көрі, салмағы басым, жауапкершілік жүгі аса ауыр. Бұл кеме социализм жағалауынан ұзап кетті. Әзірге аты белгісіз арғы жағалауға жеткенше алда ұзақ жол жатыр. Ал оның қауіп-қатері көп, қиындығы да аз емес. Жолдың азабына шыдармын ба? Күні кеше жай ғана толқыған мұхит бүгін арыстан жалды ақшулан толқындарын аспанға атып, жүген-құрық тимеген шу асаудай тулап жатыр. Көбіміз асау толқынның алғашқы дүмпуіне шыдамай, сыр бере бастадық. Кеудесін күнге сүйгізген көкала мұхит төсінде екпіні қатты тоғыз валдық дауыл тұрып, алып кеменің өзін асықтай атып, қақпақыл ғып қақпасына кім кепіл? Сондай шторм кезінде штурвалда кірпік қақпай тұруға шыдаймын ба?! Шыдауын шыдармын-ау, Теміртаудың темір пешінде екі мың градустық отты көсетіп, өмірдің талай тезінен өткізген қиын тағдырым төзімділікке де тәрбиелеген жоқ па? Мәселе тек қажыр-қайратта ғана ма екен, күрмеуі қатты күрделі ситуациялардан адастырмай алып шығатын ақыл-айла да керек емес пе? Ел тағдыры шешілер тұста жағдайлы жерде жанай, жағдайсыз жерде жарып өту парыз. Қандай қиын кезде де жол табуым керек. Қателесуге қақым жоқ…»
Ащы шектей шұбатылған ой желісін үзбей үйге кірген Нұрсұлтанға Сара телефон тұтқасын ұстата қойды.
– Кеш мазалағаныма кешірім, – деді алыстан сөйлесе де дауысы ап-анық естілген Түркіменстан президенті Сапармұрад Ниязов.
– Оқасы жоқ, – деді Нұрсұлтан, – қазір уақыт санайтын кез бе?
– Оның рас. Мына славяндар одақ құрып, осқырып тұр. Біз мұсылмандар бір әрекет жасамасақ болмас. Ақыл қосайық. Орталық Азия мемлекеттерінің басшыларын Алматыға шақыр.
– Ақылдасайық дегеніңіз жөн. Әйтсе де Алматыда емес, Ашхабадта жиналғанымыз дұрыс болар еді.
– Неге?
– Парсы тілінен енген Ашхабад деген сөз ғашықтар қаласы деген ұғымды білдіреді. Бірін-бірі сағынған ортаазиялық бауырлар ыстық сезімдерін ыстық жерде, ғашықтар қаласында айтса өртке тиген дауылдай өтімді болады.
– Нұрсұлтан Әбішұлы, қысылтаяң шақта да әзіл-қалжыңың қалмайды-ау.
– Әзіл – көңілдің ажары, Сапармұрад Ниязович. Ал сөздің шынын айтып, мәселенің мәнісіне үңілсек те, тап осы кездесудің Алматыда емес, Ашхабадта өткені өте орынды.
– Неге?
– Себебі жорналшы ағайындар қазірдің өзінде «Назарбаев мұсылман блогын құруға кірісті» деп жазып жатыр. Алматыда кездессек сондай жел сөзге жем боламыз. Дұрысы, біз сізге барайық.
– Онда келістік. Келіңдер, күтемін.
Осы әңгімеден кейін арада екі күн өткенде Өзбекстан Президенті Ислам Каримов, Қырғызстан Президенті Асқар Ақаев, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Тәжікстан Президенті Рохман Нәбиев Ашхабадқа ұшып келді.
– Ашхабадта күн ыстық, – деді Асқар Ақаев.
– Адамдардың жүрегі күннен де ыстық, – деді Ислам Каримов.
– Ғашықтар қаласында кездескен бауырлардың жүрегі бәрінен де ыстық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Әзіл-қалжыңмен басталған басқосу бүкпесіз пікір алысқан ашық әңгімеге ұласты. Бірауыздан мақұлданған мәлімдемеде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру барысында кеңестік кеңістіктегі республикалардың құқықтық теңдігі сақталуы қажеттігі қадап айтылды. Сонымен бірге Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының тең дәрежелі құрылтайшысы болайық деген ұсыныс та күн тәртібіне қойылды.
Назарбаев бұл жолы да қателескен жоқ.
– Славян одағына қарсы мұсылман мемлекеттер блогын құрсақ, оның соңы Балқан тауы мен Қарабахтағы қақтығыстан да асып түсетін қасіретке апарады, біз өз республикаларымыздың тұрғындарын ғана емес, Ресей мен өзге мемлекеттердегі қандастарымыздың да тағдырын, олардың ағат шешімнің құрбаны болмауын ойлауымыз керек, – деді Нұрсұлтан отты жанары жан-жағына сәуле шашып.
– Жүдә, дұрыс, – деп қостады Назарбаевты қуанса да, ренжісе де түсін билеп, сыр бермейтін Каримов қашанғы әдетімен сабырлы қалпын сақтап.
– Шоң қазақтың мына сөзі шовенистерді шоңқитып кетеді, – деді манадан бері қайта-қайта басын шұлғып үнсіз отырған Ақаев қоп-қою қап-қара қасын керіп.
Кеңесіп пішкен тон келте болмайды деген осы. Ашхабад мәлімдемесіне қол қойып, түркімендердің шөл басатын көк шайын ішіп, көңілдерін бір демдеген Орта Азия мен Қазақстан мемлекеттерінің басшылары Памир тауларын ғана емес, сол таулардан да биік саяси қиын асулардан асып, өз елдеріне оралды.
Ашхабад сапарында көңілін бір демдеген Нұрсұлтанның ойына жаңа бір идея келе қалды.
«Ашхабад мәлімдемесі, – деп ойлады ол-кеңестік кеңістікте ғана емес, бүкіл дүние жүзінде жылы пікірлер туғызды. Осы орайы келіп тұрған оң өзгерісті ұтымды пайдаланып қалу керек. Сәті түсіп, мұсылмандар одағына славяндар одағын тарта алсақ ол қазақ үшін ғана емес, кеңестік кеңістіктегі барлық халықтардың бақытына қызмет етері анық. Алапат өрт болып өршігелі тұрған тайталас отын тұтатпайтын ең тиімді тәсіл осы. Қазір уақыт қат, жұмыс шаш етектен. Біздің елімізге керек нәрсе көп-ақ., әйтсе де, сол көп керектің ішінен ең маңыздысын бірінші кезекке қоя білу аса маңызды. Халықтарды қарулы қақтығысқа соқтырмаудан, ел тыныштығын сақтаудан қымбат ештеңе жоқ. Қалған шаруаларға рет-ретімен кірісеміз. Мақсат айқын, міндет көп. Жедел іске кірісу керек!..»
Осы ойға мықтап табан тіреген Нұрсұлтан Ашхабад мәлімдемесінде көтерілген мәселелерді славяндармен бірлесіп талқылау үшін Алматыда кездесуді ұсынды. Басым көпшіліктен қызу қолдау тапқан бұл ұсынысқа, басында күдікпен қарағандар да болды. Соның бірі – Ресей Президенті Ельцин.
«Назарбаев алдағыны көретін, алысты болжайтын аса ақылды саясаткер, – деп ойлады Ельцин. – Ол өзге саясаткерлер сияқты жеті рет өлшеп, бір рет кеспейді. Ең кемі жетпіс рет өлшеп, жетпіс мәрте ойланбай шешім қабылдамайды. Оның не ойлағаны бар? Сырт көзге нәзік шығыстың қатпары қалың қалтарыстары да аз емес. Назарбаевтың қақпаны қатты. Ойлану керек, ойлану керек!..»
Сан түрлі ой сан тарауға алып қашқан Ельцин Кравчук пен Шушкевичке телефон шалды. Олар не де болса бара көрейік, егер бұл ұсыныстың астарында бір жақты ғана пайда ойлаған қулық жатса, келісімге келмеспіз десті. Ельцин бұдан кейін де ойланумен болды. Тек Нұрсұлтан екінші рет телефон шалып, ашық әңгімелескен соң барып, славян мемлекеттері басшыларының көшін бастап Алматыға ұшып келді.
Бір қарағанда ызаға толы көзімен сұп-суық ызғар шашып тұратын, қандай қиын сәттерде де сыртқы жүнін дүрдитіп сыр бермейтін даланың азулы да айбынды, қайратты да қайсар қасқырын көзге елестететін, өзінің шалт қимыл, шалымды іс-әрекетімен де нағыз көкжал көкбөріні еске түсіретін Ельциннің бойында ұлы державалық астамшылық дарытқан менмендік те, өзінің ақыл-қайратына арқа сүйеген сенім де, елінің қуатына табан тіреген серпін де бар еді. Соншалықты сом қасиеттермен сомдалған Ельцинді ұшақ баспалдағынан Нұрсұлтанның өзі қарсы алды. Нұрсұлтанның жұмсақ жымиған жылы жүзі мен орайын тауып айтқан орынды әзіл-қалжыңнан соң Ельциннің қасаң тартқан қасқыр жүрегі жіби бастады…
Қазақстан Республикасы Президентінің Алматыдағы резиденциясы сыртынан қарағанда онша ажарлы да аса айбынды да емес. Алғашында күн көсем Лениннің мұражайы болады деген жобамен салынған осынау төрт қабатты ғимараттың құрылысы аяқталып қалған тұста Нұрсұлтан онсыз да жетпей жатқан қаржыға аз да болса үнем болсын, деген оймен «Президент үшін жаңа резиденция салғызбай-ақ, осыны пайдаланайық» деген еді. Сол резиденцияның ішіне шетелдік әріптестерімен бірге кірген тісқаққан сақа жорналшы сән-салтанаты шетел мемлекет басшыларының сарайларынан қалыспайтын кең де биік мәжіліс залындағы үлкен хрусталь люстраға қызыға қарады.
«Бұл ғимараттың әрлеу жұмыстарын француздар жүргізді деген сөз рас болып шықты, – деп ойлады салтанатты сарайдың биік талғаммен әрленген ой-өрнектеріне қарап. – Қабырғаларға ілінген картиналардың біразы өзіміздің Қазақстан суретшілерінің туындылары екен. Батысқа бас шұлғи бергеніміз жетер. Елбасының өз таланттарымызға да бүйрегі бұрғаны қандай ғанибет…» Дүйсенбектің ойын салтанатты сарайға кіріп келген мемлекет басшылары бөлді. Аса жоғары мәртебелі мемлекет басшылары төрге озып жайғасып жатты. Дәл ортада Назарбаев пен Ельцин. Нұрсұлттанның жүзі жарқын. Жауар бұлттай түнерген Ельциннің бетіне қан жүгіріп, өңі кіріп қалыпты. Асқар Ақаев садақтай иілген қоп-қою қара қасын керіп, басын қайта-қайта изеп, күлімсіреп отыр. Қаршығадай Кравчук саптағы сарбаздай сыптай боп, Шушкевич қоян алған бүркіттей қазандай басын қақитып, Тер-Петросян бүкшиген екі иығын жазып, Ниязов кеудесін керіп еркін отыр. Өзге президенттердің де қабағында кірбің жоқ. Қуанышта тасымайтын, қиындықта жасымайтын Каримов қанына сіңген қашанғы әдетімен түсін билеп сыр бермей отыр. Жүзінен жұмсақ нұр төгілген Нұрсұлтан жорналшыларға былай деп хабарлады: «Алдын ала мұқият дайындалған құжаттар жобалары, жан-жақты талқыланғаннан кейін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру жөніндегі Келісімнің хаттамасына бұрынғы КСРО-ның құрамына кірген оны бір тәуелсіз мемлекет басшылары қол қойды».
Он бір мемлекеттің басшылары қатынасқан баспасөз мәслихаты аяқталысымен кеңестік кеңістік пен алыс шетелдерден келген ұзын саны бес жүзден асып жығылатын жорналшылар өз елдеріне шұғыл хабарлар жөнелтіп жатты. Сол шұғыл берілген шұғылалы хабарлардың мазмұны бір болғанмен тақырыбы сан алуан. Ассошиэйтед-пресс тілшісі жөнелткен хабардың тақырыбы: «Ғасырдың ғажайып оқиғасы» .
Француздың «Фигаро» газетінің тілшісі былай деп факс жөнелтті: «Тұйықтан шығар жол табылды».
«Назарбаевтың көрегендігі». Бұл Франс-пресстің берген бағасы.
«Санди Телеграфқа» «Мұсылмандар мен славяндар достығы» атты мақала жөнелтілді.
Ал қазақ жорналшысы Дүйсенбек Сыздықов өз материалына «Алматы декларациясы» деген сыпайы ғана ат қойып, Ашхабад мәлімдемесімен қандас құжатқа қол қойған Әзірбайжан президенті Ә.Мүтәлибовтан, Тәжікстан президенті Р.Нәбиевтен суыртпақтап сыр тартты.
Бүкіл дүниежүзілік қауымдастықты елеңдеткен ғасырдың ғажайып оқиғасы жайлы небір ажарлы ат қойылып, айдар тағылған шұғыл хабарлар төрткүл дүниеге түгел тарады.
Бұл жиырмасыншы ғасырдың соңғы он жылдығы басталған күрделі кезең – бір мың тоғыз жүз тоқсан бірінші жылғы желтоқсан айының жиырма бірінші жұлдызы еді.
Сол күні көңілін бір демдеген Нұрсұлтан үйге көңілді оралды. «Әйтсе де алғашқы сәтті қадамға тоқмейілсуге болмайды, – деп ойлады Нұрсұлтан. – Алда әлі алынбаған қаншама асулар бар. Қиын істердің қиюын табуым керек. Қателесуге құқым жоқ…» Жатар алдындағы желпініске шыққан Нұрсұлтан қашанғы әдетімен сол күні де ел тағдыры жайлы ойлаумен болды.

* * *

Бұл Даниярдың бес жасында болған оқиға.
Айгүл кеш жатса да ерте оянды. Алыс жолдан шаршап келіп қатты ұйықтағандықтан болары ұйқысы қанып қалыпты. Тұра беріп байқады, жанындағы төсекте жатқан Данияр жоқ. «Таң атпай қайда кетті? – деп ойлады ол. Сыртқа шыққан Айгүл Даниярмен бетпе-бет келіп қалды.
– Қайда жүрсің? – деді Айгүл.
– Байғабыл өзеніне бардым.
– Суға түстің бе?
– Жоқ.
– Енді не?
– Өзен жағасында отырып таңның атқанын тамашаладым.
– Өткен жылы «Алматы» санаторийінде демалыста болғанда тамашалап едің ғой таңның атысын.
– Мама, мен саған бір қызық айтайын ба?
– Айт ғой, құлыным!
– Қала мен даладағы таңның атысында біраз айырмашылық бар екен.
– Ол қандай айырма?
– Қалада күнді даладағыдай айқын көре алмайсың. Қалада таң атқанда күннің көзін бұл бүркеп, бұлыңғыр тартып тұрады. Ауылдың таңы ерекше, өте сұлу екен. Мұнда ұйқысынан оянған күннің қызғылткүрең шапағы бұлтсыз аспанға өзгеше көрік береді. Бетін бұлт бүркемеген күн де жарқырап, жайнап шығады. Тып-тыныш тұрған өзен суына түскен күн сәулесі таңғы самал желмен ақырын ғана діріл қағады. Дала таңы тұнып тұрған тап-таза сұлулық! Ертең тағы барам өзен жағасына. Сен де көрші сол сұлулықты.
– Мен үй шаруасымен айналысамын.
– Онда папам екеуміз барамыз.
– Сол дұрыс, ботам.
– Әкесінің туған жерін жанындай жақсы көретін Данияр бұл өңірде талай болған, – деп ойлады Айгүл. – Оның елге алғашқы сапары әлі есте. Ұшақ Арқалық әуе жайына қонған сәтте: «Ура! Менің Торғайым!» деп айғай салған. Салон толы халықты өзіне жалт қаратқан Данияр сонда үш жаста еді. Әкесінің туған жеріне деген бала махаббаты ерекше болатын. Даниярдың төрт жасында айтқан бір сөзі әлі есте. Ерасыл жанұясымен бірге жазғы демалыста, Ыстық көлде еді. Іргедегі демалыс үйіне қонаққа барған бұлар жаяу келе жатқан. Күн күйіп тұр. Жарты жолға келгенде «Шаршадым, мені көтер» деді Данияр анасына.
– Әкең көтерсін, – деді анасы.
– Жоқ сен көтер, – деді Данияр.
– Неге мен көтеруім керек?
– Папамның аяғы ақсақ. Ол тез шаршайды.
– Мен де шаршап келе жатырмын, жаяу жүрсеңші.
– Көтермесең Торғайға кетіп қаламын.
– Кетпе, құлыным, кетпе. Кел, келе ғой, – деп Даниярды көтеріп әкелді анасы демалыс үйіне. Сонда ол төрт жаста болатын.
Сол жылы бұлар тағы да елге келді. Онда Ерасылдың ата-анасы «Қазақстанның 40 жылдығы» деп аталатын кеңшардың орталығы Байғабыл селосында тұратын. Сәлем бере келген совхоз директорынан:
– Бұл совхозда қанша қой бар? – деп сұрады Ерасыл.
– Сексен мың, – деді шаруашылық басшысы – соншалық көп болмаса да жылқы мен ірі қара да бар. Сосын жиырма мың гектар жерге егін егеміз.
– Мына Қызбел тауындағы Ақбас бүркіт бар деген рас па?
– Рас. Бірде көршілес Жанкелдин ауданына бара жатып сол Ақбас бүркіттің Қамыстыкөл жағасында жусап тұрған жылқылардың үстінен айнала ұшқанын өз көзіммен көрдім.
– Апыр-ай, ә!
– Өзі бұрын-соңды біз көріп жүрген бүркіттерден әлдеқайда үлкен екен.
Үлкендердің әңгімесін зейін қоя тыңдаған Данияр сурет салып та отырған. Совхоз директоры қоштасып шыға бергенде «аға мынау сізге» деп екі парақ қағаз ұсынды. Анықтап қараса сурет. Біріншісінде директордың портреті. Тік иық, кең кеуделі қасқабас кісі жұмсақ жымиып отыр. Үстінде қызыл сызықты шолақжең көк көйлек. Бақытжан өз бейнесін айнытпай салған Даниярға сүйсіне қарады. Екінші қағазда Қамыстыкөл жағасында үйездеп тұрған жылқылар. Көлде екі аққу жүзіп жүр. Аспанда Ақбас бүркіт.
– Бұл суреттерді қашан салдың? – деп сұрады Бақытжан.
– Жаңа сіздер әңгімелесіп отырғанда, – деп жауап берді Данияр.
– Сен нешедесің?
– Бес жастамын.
– Тіл-аузым тасқа. Көрде тұр мына баламыз өсе келе ұлы художник болады, – деді Бақытжан өзін ұзатып салып тұрған Ерасылға.
– Оны уақыт көрсетер, кім болса аман болса екен, адам болса екен, – деді Ерасыл.
Келесі күні Данияр мен Ерасыл ерте тұрып, Байғабыл өзенінің жағасына келді. Ұйқысынан жаңа ғана оянған күн шығыс жақты қызғылт шапаққа нұрға бөлеп, көкжиекке баяу көтеріліп келеді. Өзен жағасындағы балауса көк құрақ пен балапан талдар арасынан қиғаштай құйылған күн сәулесі су бетінде ақырын дірілдеп, әлсіз толқынмен бірге тербеледі. Арғы беттегі Қамыстыкөл жақтан ұшып шыққан қос аққу сыбызғы үнмен сыңси ұшып Құмкешу жаққа беттеп барады. Төңірек құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Кермиық кең дала жас босанған анадай кеудесін кере еркін тыныс ала балбырап, өзгеше бір бақыт құшағында балқып, көсіліп жатыр. Ана бір тұстағы қалың қамыс арасынан шыға келген бір топ қоңыр үйрек су бетінде еркін жүзіп жүр. Су астынан секіріп шығып тереңге қарай сүңгіген алабұғаны ұзындығы төрті қарыс жуан шортан қуалай жөнелді…
Ет пісірім сәттен соң мойынын қызыл орамалмен ораған көк көйлегінің етегін жел желпіген сымбаты бөлек бір сұлу қыз келді. Ол әкелі-балалы екеуіне бас изеп амандасты да, бұдан желі жері ұзап барып тоқтады. Сосын иығындағы инағаш пен екі шелекті жерге қойды да аяғындағы көк шәркейін шешті. Бұларға көз қиығымен ұрлана қарап көк көйлектің етегін тізеден сәл жоғары көтерді. Күн нұрымен шағылысқан аппақ балтыр жарқ ете қалды. Әлдебір сұлу әуенді ақырын ғана әуелеткен сұлуға қадала қараған Данияр:
Папа, қараш, ана қыз қандай сұлу! – деді.
Бұл қыз біреуді күтіп отырған сияқты. Байқайсың ба, мойнын бұрып әлсін-әлсін ауыл жаққа қарап қояды, – деді Ерасыл.
Сонда кімді күтеді ол?
Кімді болушы еді, сүйген жігітін де.
Көзін сұлу қыздан ала қашқан Данияр су бетінде қалқыған үйректерге қарап, жеңіл күрсінді…
Сол сәт аппақ ақ арғымақты жетелеп сұңғақ бойы сымдай тартылған, қап-қара, қап-қалың шашын шалқасынан қайырған жас жігіт келді баяу басып. Бұтында көкшіл джинси, үстінде қып-қызыл шолақжең көйлек. Көк көйлекті қыз орнынан ұшып тұрды. Қызыл көйлекті жігіт сол қолын кеудесіне қойып, басын иді. Сосын қызды оң қолымен құшақтап, бауырына тартты. Көк көйлекті қыз қызыл көйлекті жігіттің құшағына еніп кетті… Осының бәрін көзінің бір қиығымен бақылап отырған Даниярдың ойын арқа тұсынан бірі кісінеп, бірі шұрқырап шауып өткен топ жылқының дүбірі бөлді…
Әкелі-балалы екеуі үйге қайтып оралғанда есік алдына үлкен сары самаурын қайнап тұр еді. Жер ошақтағы қазанда қайнаған еттің көбігін алып жатқан Мақпал:
Құлындарым, келдіңдер ме, таң атпай қайда жоғалып кеттіңдер? – деді ұлы мен немересіне мейірлене қарап.
Мына сенің ерке немерең ғой, таңның атысын өзен жағасында қарсы алайық деп болмаған. Ылғи осы, мені біржаққа жетелейді де жүреді. Еркелігі аздай тентектігі тағы бар мұның. Қазір бұрышқа тұрғызып қойсам ба екен?
Ерасыл Мақпалға қарап көзін қысып қойды.
Тиіспе менің немереме! Тентек болғанмен ақылды тентек бұл. Кел, ботам, бері кел! Етегіне оралған немересін әжесі құшырлана иіскеп маңдайынан сүйді. «Ал, енді маған тиісіп көр» дегендей әкесіне кеудесін кере қарады әжесінен мықты қорғаныс тапқан Данияр.
Сол сәт қарсы беттегі қорадан аппақ ақ лақ шыға келді ойнақтап. Тұра жүгіріп ақ лақты ұстап алды Данияр. Сосын оны мойынан құшақтап, арқасынан аялай сипады.
Ақ лақ екеуміз дос болайық, жарай ма? – деді Данияр. Ақ лақ «жарайды» дегендей басын шұлғады.
Мен сені Алматыға алып кетейін, барасың ба?
«Мө, мө» деді ақ лақ.
Осылай әрнәрсені бір айтып, ақ лақпен біраз сөйлесті Данияр. Сосын оны қоя берді де сәлден соң, қораны айналып кетіп бара жатқан ақ лақтың соңынан жүрді. Данияр «Ақ лақ қайда барасың? Тоқташы. Мен саған тимеймін. Менімен бірге Алматыға бармасаң бармай-ақ қой. Тоқташы, екеуміз жасырынбақ ойнайықшы» деп сөйлеп келеді Данияр. Оны елең қылған ақ лақ жоқ. Басы қайқайып кетіп барады.
– Тоқтамасаң тоқтама. Мен саған өкпеледім, – деді Данияр аузы бұртиып.
– Кім сені өкпелеткен, – деді сол сәт үйден шыға келген Айгүл.
– Анау ақ лақ қой, – деді Данияр. Менімен ойнағысы келмейді.
– Ойнамаса қойсын. Сен енді қасқа бұзаумен ойна.
– Онымен ойнамаймын.
– Неге?
– Ол ақ лақ сияқты сүйкімді емес.
– Жуын, тамағыңды іш. Сосын ойнайсың ақ лақпен, – деді Айгүл ұлын бетінен сүйіп…
Сол күні түнде Мақпал немересін жанына алып жатты.
– Әже, ертегі айтшы, – деді Данияр.
– Айтайын, ботам, айтайын, – деді Мақпал мейірленіп.
– Бүгін не туралы айтасың, әже!
– Тау көтерген жігіт жайлы.
– Адам тауды көтере ала ма?
– Көтергенде қандай! Ел үшін қажет болса сондай ерлік те жасайды ер жігіт.
– Сонда қалай?
– Ол былай болған, – деп тамағын бір кенеп алып кезекті ертегіні бастап кетті Мақпал.
«Ерте, ерте, ертеде ешкі жүні бөртеде Жиделібайсын жерінде, Жағалбайлы елінде жаз бойы жауын жаумапты. Көгеріп өскен көп егін сап-сары болып сарғайып, бидай масақтары қурай бастапты. Егін болмаса жер емшегін емген ел ертең аштықтан қырылады. «Енді не істеу керек?» – деп ақылдасады халық.
Бұл тығырықтан шығар бірақ жол бар. Ол – көрші елмен шекарадағы алып тауды егістікке арқалап әкелу. Тау бар жерде жауын бар. Жауын жауса құрғақшылық болмайды, астық болады, – депті көпті көрген көне көз қария.
– Тауды көтеру мүмкін емес, – депті біреу.
– Ел мен жерге деген махаббатың алмайтын асуы, жеңбейтін қиындығы жоқ. Елін сүйген ер болса қауіп-қатерден қорықпай, басын бәйгеге тігеді, – депті қария.
– Ол қандай қауіп-қатер?
Ақылы асқан, қайраты тасқан ер жігіт Алладан рақым болса алып тауды арқасына салып көтеріп-ақ кетеді. Қауіп-қатер дегенім – егістікке жеткізер жол тегіс емес, оның ойпаңы мен өрі, кедірбұдыр жырасы бар. Сол жерлерде сүрінбесе болғаны. Бар ма, кәне, елім деп еміренген ер жігіт?
– Бар!. – деп тау қыраны Ақбас бүркіттей саңқ ете қалыпты жиырма бес жастағы бозбала.
– Атың кім:
– Толағай.
– Бар бол, балам! – деп жанарынан от шашқан тау тұлғалы жігітке сүйсіне қарапты қария. – Ал, халайық, алақандарыңды жайыңдар, мен бата берейін батыр балама.
– Уа, ел үшін туған ер жігіт! Жортқанда жолың, жолдасың қыдыр болсын! Алып тауды арқалап, еліңе аман-есен оралғайсың. О, Жаратқан Ием, жолбасырстай жүректі, арыстандай қайратты хас Толағай батырдың жолын оңғара көр!
Елінің абызынан бата алған жас арыстан Толағай күні-түні тоқтаусыз жүріп көрші елдің шекарасына жетіпті. Сосын маңдайын күнге сүйгізіп, табанын тасқа тигізіп, «О, Жаратқан Ием бір өзің жара бола гөр» депті. Кеуде кере демалып ап, «Ауып» деп алып тауды тік көтеріп жүріп кетіпті. Түн қата жүріп түс қашып еліне аман-есен жетіпті. Жете бере әлдебірдеңегі сүрініп, құлапты да өзі тау астында қалыпты. Қалың ел қара жамылып, қайғы жұтып жоқтапты Толағайды. Арада апта өткенде ел армандаған жаңбыр жауыпты. Содан бастап алтын астықтан тау тұрғызған ел жоқшылық пен уайым-қайғыны ұмытып, тоқшылықта бақытты өмір кешіпті. Елін сүйген ердің құрметіне ол көтеріп әкелген тау Толағай деп аталыпты.
– Данияржан ұйықтап қалдың ба?
– Ұйықтаған жоқпын, әже.
– Неге үнсіз қалдың?
– Толағай жайлы ойлап жатырмын. Менің Толағайдай болғым келеді.
– Еліңді сүй. Еліңді сүйсең Толағай да, одан да зор боласың.
– Тағы бір ертегі айтшы, әже!
– Айт десең айтайын, құлыным, айтайын.
…Ол еңсесін жоқшылық езген тақыр кедей еді. Күші тасып, ақылы асып тұрса да өмірдегі әділетсіздіктен жолы болмаған тепсе темір үзетін жас жігіт тойып тамақ ішпей, үнемі түлкіқұрсақ болып жүретін. Сол жігіт сол күні тіптен аш еді. Қалтасын қағып, ең соңғы тиын-тебеніне бір тоюды армандаған ол көшеде өткен-кеткенге алақан жайып тұрған қайыршыны әудем жерден көріп келе жатты. Ерсілі-қарсылы ағылған адамдардың арасында қызылды-жасылды киініп, алтынға малынған әйелдер де, киген киімінің өзі бірқаралық құлпыдай құлпырған жігіттер де бар еді. Алайда, солардың ешқайсысы қайыршының қалтыраған алақанына тым болмаса бірер тиын тастамай, кеуде кере кердең басып өте берді, өте берді. Ал, сіңірі шыққан кедейдің қайыршыға қайырылмауға дәті жетпеді. Ол қалтасындағы соңғы тиын-тебенін алып, аштықтан көзі қарауытып, тізесі дірілдеп, қалт-құлт етіп құлағалы тұрған қайыршының күс басқан күрең алақанына салды. Сол сәт ол күтпеген ұлы оқиға болды. Кедей жігіт қиналғанда түсінде аян беретін Құдайдың сұлбасын көрді. Айнала аяқ астынан жап-жарық болып шыға келген қас-қағым сәтте аспаннан ақ жұлдыздай ағып түсіп, кедей жігіттің қарсы алдына тұра қалған Құдай қайыршының иығынан асыра оң қолын алға созды. Сол сәт аспанда ай мен күн шағылысып, құйрықты жұлдызға ұқсаған қызғылтсары шұғыла кедей жігіттің көз алдынан зу етіп өте шықты. Сол-ақ екен Құдайдың сұлбасы ізім-қайғы жоқ болды. Сол күннің ертесінде қайыршыға қарайласқан кедей жігіт құдайдың құдіретімен аяқ астынан ат басындай алтын тауып, бір-ақ сәтте байып шыға келді.
– Қайыршыға соңғы тиынын берген кедей жігіттің аты кім?
– Қайыржан. Қайырымды болсын деп Қайыржан қойса керек ата-анасы атын. Адам болып туғанмен адам болып қалу қиын. Адам болып қалудың бір шарты – Толағай сияқты елін сүйген ер болу керек, екінші шарты – қайырымдылық. Сосын өтірік айтпау, адал болу… Осылай жалғаса береді. Есіңде болсын, Данашым, ел үшін ерлік жасаудан артық бақыт, қайырымдылықтан асқан қасиет жоқ!
– Тағы бір ертегі… – дей берген Даниярдың сөзін бөлді Мақпал.
– Мен саған енді ертегі емес, өмірде болған бір ұлағатты ұлы оқиға жайлы айтып берейін.
– Иә, – деп елең ете қалды Данияр.
– Біздің ауылда Шәрипа атты жалғызбасты бір әйел бар еді. Өте ақылды еді, жарықтық қайтыс болып кетті. Иманы жолдас, жатқан жері жарық болсын марқұмның.
– Көп ауырды ма?
– Жоқ, ауырған жоқ.
– Машина қағып кетті ме?
– Жоқ.
– Сонда қалай?
– Өз еркімен өлді, байғұс.
– Қалайша? – деп таңданды Данияр.
– Күйеуі жол апатынан қайтыс болды. Бар бақыты – жалғыз ұлы еді. Оның өзі іштен ауру болып туды. Не деуші еді жүрек ауруын парах па, прох па?
– Порок сердца.
– Иә, иә, сол. Жиырма жастағы жалғыз ұлы бір күні кешкісін жұмыстан қайтіп келе жатып көшеде құлап қалыпты. Ауруханадан бірақ шыққан ол оғлан жайлы емдеуші дәрігер анасына: «Балаңыз мына қалпында көп өмір сүре алмайды. Тезірек жүрегін ауыстыру керек! Әйтпесе … – деп күмілжіпті. – Бұл тығырықтан шығу үшін жүрек табу, оны сатып алу керек. Ол аз ақша емес. Жесір әйелде ондай ақша қайдан болсын. Сататын да ештеңесі жоқ. Осы әңгімеден соң байғұс ана қатты қиналыпты. Ақыры ешкім күтпеген бір шешімге келіпті байғұс ана.
– Ол не шешім?
– Баласына өзінің жүрегін беріпті.
– Қалай сонда?
– Дәрігерлер операция жасап, анасының жүрегін баласына салыпты. Ауруынан құлан таза айыққан бозбала құлындай құлдырап шауып жүр.
– Сонда сол ана өліп қалды ма?
– Жүрексіз адам өмір сүре алмайды, балам.
– Ата кім оның?
– Гүлсана.
– Әже!
– Не, құлыным?
– Тағы да айтшы ертегі.
– Шаршадың ғой, ботам.
– Шаршаған жоқпын. Сізді тыңдай бергім келеді.
– Әке-шешең ертегі айта ма, саған.
– Мамам айтады, папам айтпайды.
– Папаң неге айтпайды?
– Ой, ол жұмыста, командировкада болады.
– Демалыс күні ше, бос емес пе демалыс, мереке күндері.
– Ол күндері ол кабинетінде отырып алып күндіз газет, кітап оқиды, түнде жазады.
– Сонда қалай, саған қарамай ма?
– Қарайды. Екеуміз шахмат ойнаймыз. Мен папамды жеңіп кетемін ылғи. Сен жақсы шахматшсысың. Түбі математик боласың дейді папам.
– Даниярдың даусынан мақтаныш лебін сезген Мақпал:
– Құлыным сол, – деп бауырыңа тартып, бетінен сүйді.
– Ал, анау папамның ақын досы бар ғой…
– Олжас Сүлейменов пе?
– Иә, сол кісі күшті ойнайды шахматты.
– Бір рет мен ол ағаға да мат қойдым. «Ой, қайтеді мынау?» деді. Сосын мына бала өте алғыр деп папама мақтады мені.
– Ботақаным, қошақаным сол. Енді ұйықтайық. Жарай ма?
– Жарайды. Сізге рахмет, әже.
Мақпалдың бауырына тығыла түсіп ұйықтап кеткен Данияр түсінде Толағай мен Қайыржанды көрді. Қайыржан Сейілхан жездесі сияқты шақпақ тастай шап-шағын денесінде бір жапырақ артық ет жоқ қаршығадай қагілез қараторы кісі екен. Даниярды қолынан жетелеп бір жаққа алып бара жатты.
– Қайда барамыз? – деді Данияр.
– Мектепке, – деді Қайыржан.
Толағай анасы айтқан ертегілердегі сияқты алып адам екен. Мектепке кетіп бара жатқан мұны ақбоз атпен қуып жетті де, жерден тік көтеріп алдына отырғызып алды.
– Аға, қайда барамыз? – деп сұрады Данияр.
– Тауға, – деді Толағай.
Бұлар Медеу мұз айдынын оралып өтіп, Алатаудың биік шыңын бетке алып өрлеп келеді. Бір кезде ақбоз ат сүрініп кетті. Данияр ат мойнынан аса ұшып түсті. Сол сәт әкесі айта беретін Ақбас бүркіт құлап жатқан Даниярды айнала ұшты…
Түстің осы тұсына келгенде оянып кетті Данияр. Түнде бірге ұйықтаған Мақпал жоқ. Ерте тұрып кетсе керек. Ұясынан сынық сүйем көтерілген күн бөлме ішін жап-жарық қып Даниярды жып-жылы шуағымен аймалап тұр…
Сол күннің ертесінде Данияр ата-анасымен бірге аудан орталығына келді. Мәдениет үйінде халық жазушысы Ерасыл Жақсыбековпен кездесуі өтіп жат-ты. Ат шаптырым үлкен залдың төрінде ата-анасының ортасында отырған Данияр сөйлеушілердің бірсарынды сөзінен жалыға бастады. Халықтың көз алдында тұрған әкесіне көз қиығын тастап қояды. Жан-жағына қарағыштап басындағы тақиясын бір шешіп, бір киді. Мына жиналыс тез бітсе екен деп тыпыршып отыр. Бір кезде кеше Байғабыл өзенінің жағасында қызыл көйлекті жігітпен кездескен көк көйлекті қыз орнынан тұрып.
– Маған Даниярға сұрақ қоюға бола ма? – деді.
– Сұрақ қоюға болады, – деді кездесуді жүргізіп отырған жергілікті ақын.
– Рұқсатты Даниярдың өзінен сұрайық – деді көк көйлекті қыз. – Данияр сенен бір нәрсе сұрасам бола ма?
– Болады, – деді жаңа ғана балалығына бағып, іші пысып, тапырлап отырған Данияр әп-сәтте салмақты бола қалып.
– Менің сұрағым мынау, – деді көк көйлекті қыз, – Данияржан, айтшы сен өскенде кім боласың, папаң сияқты жазушы боласың ба, әлде анаң сияқты ғалым боласың ба?
Данияр орнынан тұрып мінбеге келді. Қылдырықтай мойыны қылқиып микрофонға бойы жетпеді. Залдан біреу жүгіріп шығып орындық қойып берді. Орындыққа шыққасын бойы биіктеп, залдағы халыққа қыдырта көз тастады. Сұрақ қойған көк көйлекті қыз алдыңғы қатарда түрегеліп тұрған. Туған айдай толқысып тұрған арудың аққу мойнындағы тарыдай меңге көзі түсті Даниярдың. Аппақ иыққа төгілген қоп-қою, қап-қара шашы тілерсегін қағып тұр. Беті аппақ. Аласы аз, қарасы көп үп-үлкен көзге үйлесе кеткен кірпігі ұп-ұзын. Көк жапырақ түстес көк көйлегі тобыққа дейін төгіліп, ұп-ұзын бойына өзгеше көрік беріп тұр. Жіп-жіңішке белін қып-қызыл белбеумен буып тастапты.
Үлкендерден көргеніне бағып, микрофонды саусағымен тықылдатты. Сосын көзін көк көйлекті қызға қадап тұрып:
Мен папам сияқты жазушы болмаймын, мамам сияқты ғалым да болмаймын, – деді. Сосын сәл ойланып тұрып – Тоқтар Әубәкіров сияқты космонавт боламын! – деді үлкен кісілердей салмақты болып ап-анық сөйлеген Данияр. Сосын залдағы халыққа қарап басын иді де, орнына келіп отырды.
Сол күні-түні бойы түсінде көк көйлекті қызды көріп шықты Данияр.

(Жалғасы бар)

Пікір қалдыру