ЖЫЛ ҚҰСЫН АҢСАП ТОСАМЫН…

САҒЫНЫШ КӨКТЕМ

Құс келді міне шұрқырап

Көктем келген сияқты.

Арайлы таңнан бұрқырап

Төгіп тұр алтын шуақты.

 

Тәңірдің мынау сыйын-ай

Тірлікке берген қуатты.

Селдеген сезім тыя алмай

Ақыннан маржан жыр ақты.

 

Жырламай қалай тұра алам

Боялып әлем гүл далам.

Боз торғай ән сап бөктерде,

Бұлдырық ұшқан жылғадан.

 

Көк мұзы еріп көк тоңның

Көсегесі жердің жібиді.

Бөлтірігін ерткен көк белдің

Көк бөрісі жиі ұлиды.

 

Боз жусан иісі бұрқырап,

Боз қоян орғып ойнайды.

Бозарған өңі жадырап

Боз далам гүл-гүл жайнайды.

 

Иті үріп тірлігі ауылдың,

Түліктің төлі шулайды.

Сіміріп алтын таң нұрын,

Бойында қаны тулайды.

Төсеніш етіп күпісін,

Жантайса дөңде қария.

Шұбатып түтін үкісін,

Етекте ыстық жан ұя.

 

Шыбыққа мінген балалар,

Жейдешең асыр салады.

Көркемдік тұнған далаға,

Мейірің шіркін қанады.

 

Өмірді талай өткердім,

Алыс қап жастық көктемім.

Кәрілік дейтін өткелдің,

Қырқалап келем бөктерін.

 

Аққуы кеткен көк көлдің,

Айдыны жетім сияқты.

Кетерме жастық көктемнің,

Сағыныш дейтін сызаты.

 

Аңсайды жастық көктемін,

Жазады жүрек бұла жыр.

Кеужірге келіп кемсеңім,

Көзімнің алды буалдыр.

 

Тағы бір көктем келсе екен,

Жыл құсын аңсап тосамын.

Қасымда аман жүрсе екен,

Жан-жарым менің қосағым.

 

ЖҮРШІ ДОСЫМ ТАУҒА

БАРЫП КЕЛЕЙІК

Жүрші досым тауға барып келейік,

Таудың салқын самалын бір өбейік.

Бүлдіргенін бірден үзіп терейік,

Терейік те бала қызға берейік

Жүрші досым тауға барып келейік.

 

Жүрші досым бет жуайық бұлаққа,

Жылқыларда түскен шығар суатқа.

Бойымызда сергіп қалар жеңілдеп,

Жуынайық, аунайықшы құраққа

Жүрші досым бет жуайық бұлаққа.

 

Жүрші досым аралайық орманды,

Ойрандалған орман қалай сорланды.

Бал қарағай, бала қайың бар ма екен,

Мекен еткен аң-құс қайда қорғанды,

Жүрші досым аралайық орманды.

 

Жүрші досым шоқыларға шығайық,

Мұз құрсанған мұң-мұқтажын ұғайық.

Қайыспайтын қара таудай ұлы елім,

Біз солардың құрметіне құлайық

Жүрші досым шоқыларға шығайық.

 

Жүрші досым тауға барып келейік,

Барымызды таулықтарға берейік.

Не көрсекте таулықтармен көрейік,

Өлсек бірге соларменен өлейік

Жүрші досым тауға барып келейік.

 

ҚАРАШАДА ҚАРА ШАЛ

Қарашаның қатулы қабағы тым,

Өңірінен жел кеулеп шапанымның.

Жапыраққа шық қонып шөпке қырау,

Жал-құйрығы қылаулап  қара атымның.

 

Қарашаның ақ таңы тұманданып,

Қарияның самайы қырауланып.

Қайтқан құстың    соңынан ұзақ тұрды,

Көз айырмай кірпігі бұлауланып.

 

Қайтқан құстың қария тізбегінен,

Қатар ұшқан аққуын іздеді ме.

Жапырақсыз жапанда жалғыз емен,

Шыдар қалай үскірік күз желіне.

 

Өмір кейде қатыгез қарашадай,

Кәрілікке кейіме қара шал-ай.

Алпысымды айқыштап әжімменен,

Ағарып бара жатыр қара самай.

 

Желмен ұшып сарала жапырағым,

Андыздап бара жатыр атырабым.

Қаһарлы қыстан ызғар қорықпа шал,

Көктемде жыл құстарын шақырамын.

 

ҚЫЗЫМА

Қызым менің тәп-тәттісің кәусәрім,

Алыс кетсең арман болар аңсауым.

Туған жердің жұпар иісін сімірген,

Гүліндейсің көркем еткен тау сәнін.

 

Сен туғанда  шаттандым да шалқыдым,

Тәңір берген айдай көркем алтыным.

Сүйкімді еді сәби кезің, қылығың,

Әке деген, шеше деген бал тілің.

 

Тұрушы еді төбеңде айдар тұлымың,

Ұзарыпты қысқа түйген бұрымың.

Кермедегі кер бестідей бұлқынып,

Бұлағынан сусындадың білімнің.

 

Шалқұйрығын бәйгеге әкең қосты-ау бір,

Мұқалма әсте болса қиын тосқауыл.

Өмір жолы бұрмасы көп бұралаң,

Бұраң жолда жүгіңді артпа досқа ауыр.

 

Сапарыңда өткел бермес өзен бар,

Қабырғаңды қайыстырар кезең бар.

Толқынымен белді шешіп айқас та,

Асуларын бағындырып есеңді ал.

 

Алмас қылыш ата жолын ұстанғын,

Жігеріңді қайратыңмен ұштағын.

Ізгілікті жан бойыңа сіңіріп,

Адасқанды тура жолға нұсқағын.

 

Ғылым биік қиясына самғайсың,

Несібеңді маңдай термен алғайсың.

Еңбегіңмен сүйіндіріп еліңді,

Үмітімді арманыма жалғайсың.

 

БАҚЫТ ДЕГЕН

Бақыттысың, досым-ау, бақыттысың,

Тұрғанда тұла бойда тасып күшің.

Жарың, балаң, ыстық ұяң, бәр-бәрі,

Келіп қонған басыңа бақ құсың.

 

Бақыт деген анаңның табанында,

Бақыт деген әкеңнің қабағында.

Отбасының ұйытқы, берекесі,

Бақыт деген жарыңның жанарында.

 

Бақыт деген күлгенің, шаттанғаның,

Шарқ ұрып табысыңа мақтанғаның.

Ұрпағыңның телегей қуанышын,

Досыңменен бөлісіп мастанғаның.

 

Бақыт емес күнде тапқан шайлығың,

Бақыт емес байлығың мен айлығың.

Бақыт деген денсаулығың емеспе,

Бақыт деген қам-қайғысыз жәй күнің.

 

АДУЫНДЫ АЛПЫС ЖАС

Алпыстан адуынды астым белес,

Аңғарлы абыз қарттан алдым кеңес.

Жағаңдағы жақұттай жарқыраған,

Жақсылармен жайдары айттым кеңес.

 

Жаманмен де дос болдым жылмаңдаған,

Қолға үйреткен итіңдей бұлғаңдаған.

Деген сөзді кезінде ескермеппін:

«Сыртынан жүрме аттың сыр алмаған».

 

Әккі жау қызықса жер сонысына,

Дос болып қонар келіп қонысыңа.

Қашанда жасырулы жүреді екен,

Жағымпаздың қанжары қонышында.

 

Дәмдес болдық үлкенмен, кішімен де,

Салем бердік иілген кісілерге.

Шекірейсе шен біткен шекпенділер,

Адам таппай қаласың түсінерге.

 

Суларды да, кешіппіз өзенді де,

Қырқаларды, асыппыз кезеңді де.

Ақымақтар атыңа таласқанда,

Аяғымыз тұрыпты үзеңгіде.

 

Сүйек тастап, шәйінді берген итің,

Қапияда алады балтырыңнан.

Қас дұшпаның көрсетпей жауыз сыйқын,

Аңдамасаң алады алқымыңнан.

 

Мақтау сүйіп өспейді нағыз еркек,

Болған соң санасында ойламдылық.

Өшпестей өміріне салады өрнек,

Болған соң жүрегінде байламдылық.

 

Білімді ер тат баспайтын алтындайын,

Жатсада қап түбінде жарқылдайтын.

Ұрпаққа нәр беретін мөлдір бұлақ,

Еліне суат мәңгі сарқылмайтын.

 

Айтқаным жақсыларға болсын кеңес,

Надандар көкейіме қонсын демес.

Асылдың қасиеті асыл мәңгі,

Жарқырап, ақ жақұттай көркін бермес.

Еркін ЯДОЛЛАҰЛЫ




ПІКІР ЖАЗУ