ЖЫЛАННЫҢ УЫ
Бірінші хикая
1
Байшұбар мен Шертай Саратанға сапар шегердің алдында Сырдарияның бір иінін мекен еткен он жеті үйлі Ұзынарық ауылында біреулерді күлдіріп, біреулерді күрсінткен екі түрлі оқиға болды.
Біріншісі – өздеріне үшінші атадан қосылатын Сағынжан деген ағаларының бір жыл бұрын қайтыс болған әкесі Жұрқа жайлы еді. Жұрқаның өлгенін бұл ауылда білмейтін жан жоқ. Он жеті үйлі Ұзынарықтың үлкен-кішілі еркек кіндіктілері жиналып барып, ауыл шетіндегі молаға көмген. Құран оқылып, соңынан алақандарымен беттерін сипаған… Сосын Жұрқаның үйіне қайта келіп, жамыраса сөйлесе отырып асын жеген. Одан кейін де жетісі деп бір, қырқы деп екі, жүзі деп үшінші рет… Сағынжанның қоржын тамына дүмеп жиналып, тағы да әрқайсысы әр жерден жамыраса сөйлесіп отырып, қарындарын тойғызып қайтқандары естерінде. Басқасы басқа… ауылдың шалақұрсақ адамдары қарындары шіреп тойған күндерді ұмыта қоймайды. Оның үстіне, соңғы жылдары кісі өлімі, әлде той-томалақ болмаса, маңайдағы ауыл адамдары да ат басын бұрып жинала бермейтіні тағы бар. Ал оңаша ауылдың адамдарына алыс ағайын-жегжаттарын осындайда көріп қалып, шүйіркелесіп сөйлескендері де көпке дейін ұмытылмай, өзара айта жүретін көп сыр, көл-көсір әңгіме…
Жағдайы келмегендіктен, Сағынжан әкесінің жылын кешіктіріңкіреп алғанда да, әншейінде «бәріміз ағайынбыз» деп, бірінің-бірі намысын шапқан болып отырып-ақ: «Әй, әкесінің жылы болып қалды ғой… болып қалды деймін …тіпті өтіп барады екен-ау?!», «Е, батырыңыздың жағдайы келмей жатыр ма, немене?» десісіп, күңкілдескендері, мысқылдағандары да бар.
Не керек, Жұрқаның жылы деп берген асты да жеп болып, енді ұмыта бастаған шақта, оқыс оқиға сол шалды қайта естеріне түсірмесі бар ма… Естеріне түскені сол – жаз, күз бойы Ұзынарықтан өзге ауылдардың да, тіпті аудан орталығының да әңгімесі марқұм Жұрқа болды.
Мәселе бір жыл бұрын өлген әкесінің зейнетақысын Сағынжанның әлі алып жүруінде еді. Ауыл бір жақта, ауылсовет бір жақта болған соң, ешкімнің ескермегендігі болар, аудандық газетке «Жұрқаның зейнетақысы» деген фельетон жарқ етіп шыға келгенде барып, жұрт ду-у ете қалмады ма? Бәлкім, әңгіме мұнша асқынбас па еді, сыбыс сөз жетіп, ауылсоветтің бір өкілі тексере келгенде, Сағынжан сасқанынан Пірәлі деген шалды төргі бөлмесіне жетелеп апарып, төсекке жатқызып: «Әкем – осы. Әлі тірі жатыр», – деп масқара болды емес пе?
Әлгі өкіл ауызғы бөлмеден ас жеп, шай ішіп, «әкесі тірі екен» деген бекем пікірмен аттанбақ болып отырғанда, Пірәлі шал төрдегі бөлмеден жөтеледі. Шалдың мұнысына үй иесі түгілі, өкілдің өзі де қуанғандай болып: – Шалға суық тиіп қалған екен-ау, – дейді.
Сонда Сағынжан да қостай кетіп: – Иә, дәл таптыңыз. Суық тиді, – дейді. Осы кезде Пірәлі тағы жөтеледі.
– Суық тигенде де, оңбай тиген екен-ау, – дейді өкіл шалға жан ашу білдіріп.
– Тағы да дәл айтып отырсыз. Суық оңбай тигені ақиқат, – дейді Сағынжан.
– Дәрі ішкізу керек болар.
– Өзіміз де солай қорытып отырмыз. Қалайда дәрі ішкізетін шығармыз… Бүгін-ертең…
Кезінде Жұрқа жантәсілім еткен төсекте Пірәлі әрі бір аунап, бері бір аунап жатады да, ауызғы бөлмедегі Сағынжанға:
– Әй, Сағынжан, сен ғой маған Жұрқа бол дейсің… Ол не дегенің, а-а? Жұрқаға ұқсап өліп қал дегенің бе? Сөйдегенің ғой. Ал менің өлгім келмейді, – деп айқайлапты.
Пірәлінің осы айқайынан кейін, бар құпияның беті ашылған.
…Жұрт Жұрқаның осы жырын жамыраса айтып тауыса алмай жүргенде, Тоқашбай деген ағаларының үйінде аяқастынан тағы бір оқиға болғаны.
Совхоздар жаппай тараған кезде бір бензовозды иемденіп қалған Серқара деген жігіт алыс ауылдарға бензин сатып, нәпақа табатын әдетімен Тоқашбай жездесінің үйіне келе қалады. «Ауылға май сататын келді» деген хабар үріккен малдай бытырап, әрқайсысы әр жерде отырған он жеті үйге түгел тараймын дегенше, Серқара Сырға апасы қайнатқан шайды ішеді. Шайдан соң қазан көтеріледі. Апасы қазан көтерген соң-ақ, Серқара асықпай жайғасып, төрдегі қызыл көрпешенің үстіне ұзынынан түскен күйі ұйқыға кетеді.
Май сатып алатын ақшасы болмағандықтан Тоқашбайдың «қайным ғой» деп ойнағансып, әрі-бері қатынап, аяғын артып жүрген екіаяқты мотоцикліне жететін бір шелек, жарым шелек май алып қалатын айласы болатын. Бұл айласы – бетіне көн жамап тұрып сұрау немесе ұрлау. Сұрай-сұрай қайнысын ығыр еткенін іші білетін Тоқашбай бұл жолы ұрлауға бел байлайды.
Шу бастан жұртта қалған ескі машинадан алып, мал қораның ішіне көмген багы бар болатын. Сол бакты толтырмаса да, орталап алуды көздеген ол қараңғылық үйіріле бере-ақ іске кіріседі. Әйелі де оның теріс пиғылын түсінеді. Бірақ түсінсе де, ештеңе аңдамағандай, қазан-ошағымен бола береді.
Ескі шелекпен бензовоз бен мал қораның арасына Тоқашбай жеті қатынады ма, әлде сегіз қатынады ма, қалған бөлігі жерге көміліп, аузы ғана үңірейген багының толған-толмағанын қараңғыда анық біле алмай, есебінен жаңылысып тұрып, алас-қапаста қайдан есіне түсе кеткенін… оттық жаққаны. Содан лап еткен от май толы багіне қосып, мал қорасын түгел алып кеткен. Жаз бойы тырбанып, кейде есек арбамен, кейде мотоциклімен тасып жинаған шөбі, май ұрлардың алдынды ғана қораға қамалған бес-он қой-ешкісі түгел қызыл жалын оранып, құдай сақтағанда, өзі мал қораның есігінен сыртқа қарай шалқасынан құлап, екі аунап, үш аунап, әйтеуір, аман қалғаны.
Айнала жыңғылмен, шеңгелмен қоршалған отыны мен шөбі де қой-ешкілерімен бірге әп сәтте-ақ от ортасында қалды… Өртеніп кетті.
Жұрт Жұрқаның жырынан Тоқашбайдың өртенген мал қорасына енді ауысып, бірі күліп, бірі аяп, екеуара, үшеуара, кейде тіпті бір қауым ел болып, жоқ жерден ермек тауып, күндізді қойып түнде де әңгімелеп бітіре алмай жүргенде, «Ералы тағы да үйіне бес жүз мың теңге ақша салып жіберіпті» деген хабар ыбыр-сыбыр, ырық-жырық көп әңгіменің бәрін жаншып жібергендей болды. Бұл жайды үшінші оқиға десе де, жарасқандай еді. Енді марқұм Жұрқа да, айдың күні аманында бар жиған-тергенінен айырылған Тоқашбай да жайына қалды.
Ендігі әңгіме – Ералының әйелі Сиякүлдің бес шақырым жердегі теміржол станциясындағы поштаға барып, бес жүз мың теңгені қалай санап алғаны… дүкенге кіріп сауданы қалай жасағаны жайлы еді.
Зейнетақы алатын үш кемпір, төрт шалынан өзге теңгені қолдарына ұстап та көре бермейтін бұл ауылдың адамдары үшін осыдан асқан байлық та, мәртебе де болуы мүмкін емес сияқты.
Ералыдан ақша жазда да келген… Өткен қыста да келген… Ол жолғыларының көлемі екі жүз мың, үш жүз мың теңге көлемінде еді. Ауылдағылар соның өзіне де тамсанып, таңдай қағып: «Ойпырымайдың жолының болғышын-ай… Жалақысы көп жұмыстың өзіне оп-оңай табыла кетуін қарашы…» десісіп, қуанудан гөрі қызғанып қалғандар көбірек болған. Қызғанғандары көздерінен көрініп, бет-ауыздарынан білініп тұрған сол ағайындарға ендігі жерде «бес жүз мың теңге…» деген сөз сойылмен соғып қалғаннан кем болмады-ау шамасы… Естіген бойда солардың қайқайсысы да таңданыстарын айта алмай, әйелдері еріндері түртиіп, еркектері үнсіз төмен қарасып, үрпиісіп қалғаны.
Ералының әйелі Сиякүл мен Байшұбардың әйелі Шырай бір ауылдың қатар өскен қыздары болғандықтан да, екі үйдің бір-біріне тілектестігі мен қыбыр-жыбыр араластары үзіліп көрген емес. Байшұбардың үй іші Ералыдан келген әлгі ақшалардың санын былай қойғанда, Сиякүлдің ол қаражатқа не сатып алғанынан да хабардар еді.
Алғаш екі жүз мың теңге келген тұста-ақ, оныншыны бітіргеніне жыл толса да, не оқуға түсе алмай, не қандай да бір жұмысқа кірісіп те кете алмай, қарадай іші пысып, ауылға сыймай жүрген інісі Шертай: «Аға, сол жаққа біз де барайықшы… Ералыны тауып алайықшы… Бәлкім біз де орналасып, жолымыз болып кетер…» – деп Байшұбарға қыңқылдап біткен.
Байшұбар әуелде інісінің сөзіне елп етпеді. Елп етпегені «Ұзынарық ауылын бір бай сатып алады екен. Сол бай Ұзынарықтан сиыр фермасын ашады-мыс» деген қауесет сол шақта ауылда да, аудан орталығында да желдей гулеп жүрген шағы еді. Оның үстіне, «Оу, ол Ералы хат жазып, мені өзі неге шақырмайды, таусылмайтын қазына-байлыққа жолыққаны рас болса… Ағайындығымызды былай қойғанда, көңіліміздің жақындығы бар емес пе еді? Түскі асты біздікінен, кешкі асты ол үйден жеген араластығымыз ше?» деген базына-өкпесі де жоқ емес-ті.
«Ералыдан тағы бес жүз мың теңге келіпті» деген хабарды алғаш естігенде, Байшұбар мен Шертай есік алдындағы сәкінің үстінде кешеден қалған-құтқан нанды сүтке жібітіп жеп, қант орнына құрт қажап шай ішіп отырған.
Сатушыдан «Арзан шайың бар ма?» деп сұрап алған соң-ақ, шай да не оңсын, әйтеуір, түсі қызыл бірдеңе.
Хабарды айта келген Шырай болғандықтан, әңгіменің растығына екеуінің де шүбәсі болған жоқ. Сондықтан болар жұмыссыздық пен үй ішіндегі жетіспеушіліктен қорланып жүрген Шертай бірден бұрқ ете сөйледі.
– Кетейікші, аға-а!
– Кеткенде аяқастынан қайда… кімге? – деп Байшұбар әңгімені үйреншікті кібіртік аяңына сала беріп еді, ағасының осы марғаулығынан да жалыққанын аңдатып:
– Ой, осы әдетіңіз-ай! Үлкен болып бастамайсыз да, қостамайсыз да… Әне, Ералы ешкім шақырмаса да кетті ғой. Жұмысты да тапты ғой, – деп Шертай түтіге сөйледі.
– Әлгі сиыр фермасы болады-мыс деген сөз.
– Өй, аға, соны да сөз деп малданып… Ол бай бұл ауылды қашан сатып алады? Сосын қашан сиыр қора салады? Оған сиырларды айдап әкеліп, қашан қамайды деп жүргенде… үй ішімізбен аштан қатпаймыз ба?
– Солайына, солай ғой…
– Ендеше, көктен ақша жауады деп күтіп отырсыз ба? Әлде үкімет азық-түлік пен киім-кешекті үйіп әкеліп, тегін таратады деп ойлайсыз ба?
Байшұбарға інісімен сөз таластыру мүмкін болмай қалды. Өрекпіп тұр. Әншейінде бетіне келмейтін жуас баланың осылай бұрқырап сөйлеп отыруының өзі – оның кәдімгідей сағын сындырды.
– Сонда ай-шай жоқ, жүре береміз бе?
– Жүре береміз. Жүре бермегенде… ауылды жинап, депутатпен кездескендей жиналыс ашпақ па едіңіз?
Байшұбар көтере ұстаған кесесіндегі шайды ұрттарда әуелі нан тістеуі керектігін ұмытып қалғандай, нанды бір, құртты бір ұстап, сосын аузына апара берген кесесін қайтадан дастарқан шетіне қойып, дегбірі қашқан күйде отырып:
– Е, ендеше, көрейік, – деді жуасыған үнмен.
– Сондағы ойың бүгінгі пойызға шығу ма, әлде ертеңгі пойыз-з?..
– Бүгінгі пойыз-з!
Шертай жұдырығымен сәкінің тақтайын дүрс еткізді. …Осыдан кейін-ақ ағайынды екеуінің арасындағы әңгіме түйінделіп те қойған еді.
Қыс кезінде Ералыдан әйелі Сиякүлге келген жалғыз хатты Байшұбар да оқыған. Қысқа жазылған хат соңындағы: «Менің адресім: Саратан қыстағы. Пошта. 17-ші жәшік. Бірақ сен хат жазбай-ақ қой. Тәртіп солай. Хабар өзімнен болады» деген сөйлемдерді оқып, «17-ші жәшік» деп те кісіге әдріс айтады екен-ау. Бәлен деген көше, түген деген үй деп жатпаушы ма еді, осы жұрт, – деп қойған ішінен. – Тәртіп солайы несі? Әскери қызмет пе, немене? – деп те таңданды.
Ағайынды екеуінің аяқастынан жол жүретіндіктері шешілген кезде, сол «Саратан қыстағы. Пошта. 17-ші жәшіктен» өзге Ералыны табатындай амалдары да жоқ еді.
Ералыны іздеп, жолға шығатындарын да Сиякүлге ғана айтқан. Ол байғұс аяқастынан Ералыға беріп жіберетін ет, бауырсақ пісіріп, әлек-шәлек болды. «Біз де аман-есен жүріп жатырмыз. Балалардың өзіңді өлердей сағынғаны болмаса…» деген торкөз дәптердің бір парағына жазған хаты мен балаларымен түскен алақанның аумағындай суреті бар.
– Бүктеліп, яки шеті сынып қалмасыншы… Ералыға біреуден беріп, әлде хатқа салып жіберермін деп аудан орталығына балаларымды пойызға мінгізіп, шұбыртып барып, әдейі түсіп едік, – деп Сиякүл суретінің жайын айрықша тәптіштеді.
Шырай да күріштен ботқа пісіріп, нан көміп, бұларды тойдырып аттандырудың қамында жүр еді.
2
Теміржол бекетіне екеуі жаяулап, кештетіп жетіп, түнделетіп өтетін пойыздың көпшілік вагонына билет алды. Бір жағынан, ешкімге жөн-жосықтарын айтпай, апақ-сапақта аттану өздерінің қалаулары еді. Құдай біледі, ауылдарында да қайда, неге сапар шеккендерін Шырай мен Сиякүлден өзге ешкім білмей де қалды. Байшұбардың үлкені екінші класқа енді барып, кішісі әлі мектепке де ілінбеген екі ұлы – Әліқұл мен Бейсен де бұлардың ойда жоқта зым-зия жоқ болғанына әлденеше күн аң-таң қалып жүрер-ау.
Вагонда кісі көп екен. Бекет сайын аялдайтын пойыздың жолсеріктері жомарт келеді. Вагонда орын бар ма, жоқ па, онымен шаруалары жоқ. Жолақысын қолма-қол бергендерді, билетпен кіргендерден де гөрі жақын тартып, есіктен алдымен кіргізіп жатты.
Қапырық вагонның жоғары төсегінде жатқандар ұзынынан түсіп ұйықтап, төменгі орындағылар бір-біріне сүйеніп қалғып отыр. Ал ешқандай орын тимегендер ортадағы жақтау қабырғаларға, жоғарғы төсектердің ернеулеріне сүйеніп тұрып-ақ қалғып кетіп, қалғып кетіп… сосын шошып оянып тұрғандары қаншама…
Отыратын орын табылар ма екен деп кимелей жылжып, вагонның түкпіріне дейін жеткен Байшұбар мен Шертайдың ақыры жолдары болды. Соңғы қуыста құстың балапандарындай шүпірлесіп отырған өңшең жас қыз-жігіттер сығылысып жылжып, біреулері тұрып кетіп, бұларға орын тиді.
Мынадай сапырылыста құйрық басып отырар жер табудың өзі кішігірім бақыт сияқты еді. Сондықтан Байшұбар мен Шертай вагон енді жылжи берген сәтте, қатар жайғасып отырып, аз-кем езу тартқан қалыптарымен бір-біріне қарасқанда, жүздерінде «бұған да шүкір» дескендей сыңай бар еді.
Сапырылысқан, тығылысқан мына халде артық-ауыс сөзге орын жоқ екенін де олар жақсы түсінді. …Таң ата Байшұбар мен Шертай қалғып-шұлғыған күйлері Саратаннан түсуге дайындалды. Жолсерік жігіт те қалғып-шұлғып жүріп вагон есігін ашты. Бұларды жаңа көргендей ешкікөзденіп, жаратпай қарады. Әлде билетпен кіргендерді жаратпай қабылдап, көңілсіз шығарып салатын әдеті ме екен.
Саратаннан түсіп тұрып, Байшұбардың байқағаны – бұл өзі едәуір үлкен елді мекен секілді. Оны перронда ерсілі-қарсылы сабылып жүрген көп адамның нобайынан-ақ байқады.
Байшұбар Шертайды ертіп күту залына кірді. Мұнда да ерсілі-қарсылы сабылғандар мен ұзын-ұзын орындықтарда ұзынынан түсіп ұйықтап жатқандар… Қол сөмкелерін, жол сөмкелерін құшақтап қалғығандар… Жанындағы серігінің иығына басын сүйеп отырып ұйықтағандар…
Шертайды ертіп Байшұбар да бір шеттен орын алды. Шертайды ертіп дейтіндей де бар… Не дегенмен жас емес пе, таңғы ұйқының әсерінен әлі де толық арыла алмай, былқ-сылқ жүріп, былқ-сылқ еріп келе жатқан інісі ендігі жерде, ағасының бастауына, соның айтқанына ғана көнген көнбіс жан секілді. Вагоннан түскенде де, күту залына енгенде де, ештеңемен ісі жоқ, қаперсіз біреу. Білетіні – қайда да болса, ағасының бастап келе жатқандығы ғана секілді.
Сөмкелерін ортаға алып, ұзын орындықтың шетіне отыра кеткенде де: «Қайда келдік… Неге отырдық…» – деп жан-жағына зер де салмастан, орындықтың биік арқалығына басын сүйеген күйі қайтадан ұйқыға басты…
Інісінің қазіргі қалпына қарап отырып Байшұбардың ұққаны – қазірден басталғалы жатқан жолдарының да, істерінің де бар жауапкершілігі өз иығында ғана қалғандығы еді. Шертайдікі – еру ғана.
Басына түскен тауқыметті оқыс сезінгендей, кәдімгідей еңсесі түсіп уайымдап отырып, оның өзі де қалғып кеткен екен, оянып, көзін ашса – күту залының іші де, сырты да жап-жарық. Әуелде: «Мен осы қайда келгенмін?.. Қайда отырмын?» деп таңданып әрі шошып та қалғандай еді. Сосын барып жол жүріп келе жатқаны, Ералы туысын тауып алу керектігі еміс-еміс есіне түсті. Шертай қаперсіз. Орындықтың биік арқалығына жабысқан күйі, аузы үңірейіп әлі ұйықтап жатыр.
Күту залында адамдар да көбейе түскен. Шамасы пойыз келді ме, әлде кетейін деп тұр ма, сондай бірдеңе… Өйткені оянуының өзі сондай бір самбырлаған қатты дауыстың әсерінен еді.
Шеткі бұрышта кафе де жұмыс істей бастаған екен. Жұрт оны-мұны сатып алып, бөлек-бөлек қойылған дөңгелек столдарда шұқырласып, ішіп-жеп жатыр.
Байшұбар да сабырмен орнынан тұрып, сол маңайға беттеді. Жаңадан пісірілген самсаның иісі мұрнын жарып, сосиска, колбасалармен бірге әртүрлі тәтті нандар көз жауын алып, солардың бәрінен алғысы келіп, аңсары ауып біраз тұрды да, тағы да ақылға келді. «Ералыны бүгін таба аламыз ба, әлде таба алмай бірнеше күн сандалып қаламыз ба?.. Жұмыс та бола қоя ма, әлде қайтадан пойызға мініп, ауылға қайтып жүреміз бе? Қанша рет тамақты сатып жеуімізге тура келетінін Алла білсін…»
Байшұбардың басында дәл қазір ой көп еді және сол ойлардың көбінің үміттен гөрі күдігі басым сияқты. Тіпті уайым секілді.
Ол ойлап-ойлап екі стақан шай ғана алды да, қайтып орнына келді. Бұл кезде Шертай да оянып, жан-жағына таңырқағандай, көздерін ашып-жұмып жатыр екен.
Сөмкесін ашып, ақтарып еді, бір таба нан, бауырсақ, піскен картоп шықты. «Шырайдың салғандары ғой», – деп ойлады Байшұбар келіншегін есіне алып, әрі соншалық жақсы көріп отырып. Сиякүлдің Ералыға беріп жіберген сәлемдемесіне тиіскен жоқ.
Бұлар да бір дөңгелек столды иемденіп, Шырайдың ас-ауқат салған ақ қалтасын орталарына алып отырып, інісімен екеуі енді тамақтануға кірісті.
Пошта үйін табуға бұлар аса қиналған жоқ. Теміржол вокзалынан екі аялдама ғана жер екен. Жас емес пе, оңаша ауылда ештеңе көрмей өскендіктен де болар, Шертай автобусқа мінгенді де таңсық көріп, аялдамаға қарай ұмтылып еді, Байшұбар ыңғай танытпады. «Жаяу-ақ барамыз» деген емеурінмен сөмкесін бұлғай көтерген қалпы алға түсті. Шертай да амалсыз оның соңынан ерді.
Байшұбардың мұнысы тым тақыстығы әрі сақтығы еді. «Үлкен қалаларда реті келгенде сөмкелерді ала қашады екен. Автобуста ұрылар қалтаға да түседі екен» деген алып-қашпа сөздердің санасына әбден сіңіп қалғанынан да болар… Бір жағынан, «тиын-тебенді де оңды-солды шаша бермейін» деп өзінше қатты бекінгендігінен де.
Екеуі жаяулап, асықпай жеткеннің өзінде – пошта үйінің есігі әлі ашылған да жоқты. Үй маңайын сыпырып жүрген шал бұлардың осынша ерте келгеніне таңғалғандай қайта-қайта бұрылып, қарағыштай берді де, ақыры жөн сұрады.
– Поштаға келдіңдер ме?
– Иә, поштаға келдік, – деді Байшұбар.
– Осынша ерте-е… – деп шал өзінше күңкілдеп, қолындағы сыпырғысын жоғары көтере беріп, тағы да: – Не шаруа? – деп қалды.
– Осында-а… Жай бір-р, – деп Байшұбар сөзін тұтыға бастай берді де, кенет батылданып: – Он жетінші жәшік-к… – деп қалғаны.
Үй сыпырушы бірауық аңырып тұрды.
– Он жетінші жәшігі несі?
– Солай… Шаруамыз… біреуді іздеп… Ералы деген.
Үй сыпырушы енді сыпырғысының сабын құшақтаған күйі үнсіз тұрды… тұрды да: – Ә… ие-е, – деді кенет есіне түсе кеткендей. – Ол жәшікті ашатын әйел сағат онда келеді, – деді де, одан арғы әңгімені керек етпегендей, сыпырғысын бұлғаңдатып ауланың төр жағына беттеді.
Енді Байшұбар аң-таң. Жәшіктің иесінің Ералы емес, қайдағы бір әйел болып шыққаны ол үшін күтпеген жай еді.
Байшұбар аула тазалаушы шал қалайда Ералыны біліп қалар, білмесе есіне түсер деп үміттенген. Ол үміті адыра қалды.
Енді Байшұбарды уайым басты. Сонша жерден сандалып келген шаруалары бұлдырап, алдамшы сағымға айналып бара жатқандай.
Шертайда ешқандай ой жоқ секілді. Өз-өзінен теңселіп, әрі бір жүреді, бері бір жүреді. «Ол ой ойлап қайтсін, жанында ағасы тұрғанда», – деп ойлады Байшұбар. Сосын басына үлкен іс түскен кісіше сөмкесін бұлғақтата көтеріп, бұл да бір әрі жүрді, бір бері жүрді. Сөйтіп жүргенде басына тағы бір ой келді: «Осы Шертайды мен ештеңе ойламай жүр деймін, оның басындағы ой, менің басымдағы ойдан да ауыр болып жүрмесін…»
Пошта ашылысымен Шертайды ертіп ішке кірген Байшұбардың байқағаны – үйдің бір қабырғасын түгел алып нөмірленген жәшіктердің ұзын саны үш жүз он екімен бітеді екен. Жұрт ішке кіреді екен де, қалталарынан кілт шығарып, сол жәшіктердің бірін тысыр еткізіп ашып, ішінен газет-журнал әлде хаттарды алып, жәшікті тысыр еткізіп қайта жабады екен де, кете барады екен.
Осының бәріне Байшұбар соншалық ұқыппен қарап, байсалды мән беріп отырды.
Бірақ әзірге он жетінші жәшікті ешкім ашқан жоқ. Пошта үйіне, әсіресе әйелдер кіріп келе жатқанда үмітпен қарағанымен, ол әйелдер басқа жәшіктерді ашып, болмаса ақша, хаттар қабылдап, оларды жөнелтіп жатқан бөлімдерге бұрылып кетеді де, әлдебір үміті орындалмаған жанша Байшұбар ақырын күрсінеді. Оған ендігі жерде сол он жетінші жәшікті қандай әйелдің ашатындығы соншалық таңсық әрі маңызды сияқтанып кеткені.
Өзі отырған орындықтың тұсындағы үлкен терезеден көше бетке сүзіле қарап отырған Байшұбар пошта үйінің жанына келіп тоқтаған әсем қара машинаны (оның шетелдік джип екенін де білген жоқ) байқаған. Әрине, оның қазіргі халінде жеңіл машинаға қызығатындай шама жоқты. Бірақ сол қара машинадан сұлу келіншек түскен кезде, бұл кәдімгідей мойнын бұрған. Өйткені келіншектің ұйқыдан жаңа тұрғандай албыраған жүзі де, соншалық жарасымды қырыққан шашы да көзі түскен еркектің мойын бұрмасына қоймастай еді. Үстінде, ине жіптен жаңа шыққандай, үлбіреген ақ көйлек. Аяғына киген туфлиі мен қысқалау юбкасы да ақ. Сол өңшең ақ киімге оранған келіншектің білектері мен тоқ балтыры да, өмірінде күн көрмегендей, аппақ еді… Көзді де, көңілді де арбаған өңшең ақ түс…
Дәл осылай киімі денесіне, денесі үстіндегі киіміне әр берген осындай жанды Байшұбар өмірді былай қойғанда, осы уақытқа дейін көрген көп киноларынан ұшыратты ма, ұшыратпады ма… анығы есінде жоқ. Қайсыбір киноларда сұлу келіншек көріп, сүйсініп, тіпті есі кете ұнатса қызарақтап, қозғалақтаса, жанында отырған келіншегі Шырай ұнатпай «немене, сонша сұғынып» деп жаратпай қалатыны бар-ды. Сондағы сұлу деп жүргендері мына келіншектің жанында адыра қалды.
Байшұбардың көздері әлгі келіншекпен ілесіп, пошта үйінің аузына келді. Келіншек есікті айқара ашып кіріп келгендегі мұның тағы байқағаны – қап-қара көздері де кісі жасқағандай екен. Байшұбар өз-өзінен төменшіктеп, қарадай абдырап қалды. Саратанға бүгінгі келісін былай қойғанда, өздерінің аудан орталығына, облыс орталығына талай барып жүр ғой. Әртүрлі себептермен өзге де үлкен қалаларда болып көргені бар… Сонда осыншалық әсер еткен әйел баласы… болды ма, болмады ма, анығы есінде жоқ. Сондықтан Байшұбар келер-кетері болмаса да, төменшіктеп отырып та әлгі келіншек жайлы ойлап: «Өзі, сірә, көрші елдерден келген біреу шығар-ау» деп топшылады. «Өзбек әлде қырғыз болып жүрмесін» деп те жорамалдады.
Келіншек аяқтарын тық-тық басып бұлардың дәл жанынан өте беріп, жәшіктер орналасқан қабырғаға қарай бұрылды да, дәл он жетінші жәшіктің тұсына жете бере тоқтап, қолындағы әр жері асыл заттармен безендіргендей жалт-жұлт еткен қол сөмкесін ашып, әлденені асығыс іздей бастады. Саусақтары да сүйріктей екен. Және сол саусақтардың әрқайсысында бір асыл жүзік. Өзгені сұлулығымен таңдандырған жан саусағымен де жасқай ала ма, немене, бұл келіншектің қол сөмкеге бір кіріп, бір шығып тұрған саусақтарына да ұзақ қарай алған жоқ.
Келіншек ақыры бір кілтті шығарды да, сол кілтпен он жетінші жәшікті тысыр еткізіп ашты.
Келіншек он жетінші жәшікті ашқан кезде Байшұбар кенет есін жинағандай халде еді. «Көріп тұрсың ба?» дегендей жанындағы Шертайға алақтай қараған. Шертай да аңдып-ақ отыр екен. «Көрмегенде ше? Әңгімені бастамайсың ба?» дегендей ол да бұған бұрылды.
Келіншек он жетінші жәшіктен газет-журналдармен бірге ораулы хаттар алып, қол сөмкесінен су жаңа пакет шығарды да, бар затын соның ішіне ұқыптап салды. Сосын қолындағы кілтімен тысыр еткізіп жәшікті қайта жапты.
Келіншек енді қайта бұрылып, аяқтарын тық-тық басып есік аузына беттей бергенде, кенет орнынан көтерілген Байшұбардың тұла бойында айрықша батылдық пайда болғандай еді.
– Сіз он жетінші жәшіктің…
Келіншек Байшұбарға бұрылып, қалт тұра қалды. Бірақ бейтаныс жігіттің мына сөзін анық түсінбесе де, сыпайылық танытқандай болып, езу тартты.
Айтарын айта алмай, қарадай тұтығып тұрып-ақ Байшұбар келіншек туралы тағы да: «Өзі тіпті ұйғыр болып жүрмесін», – деп те ойлаған. Әсіресе келіншек өзіне қарап күлімсіреген сәттегі сасқаны-ай. Сасқаны не, берекесінің әбден қашқаны емес пе, тағы да інісіне бұрылғаны. Шертай болса: «Өй, енді сұрасайшы, жаны бар адамға ұқсап» дегендей өңін суытып отыр екен.
Інісінің сол қалпы мұның ептеп есін жиғызды-ау шамасы.
– Сіз… Ералыны білесіз бе? – деп, сұрауын төтесінен бірақ сұраса да, өзі қарадай абдырап тұр.
– Ералы-ы… Ол кім?
Келіншектің күлімсіреген әдемі өңі бір сәт суығандай болды. Әлде қысылды ма-ау… Әйтеуір, жүзінен алабұртқан өзгерістер аңғарылғандай еді.
– Біз Ералының ауылынан келген… Ералының туыстары едік.
Келіншек алабұртқан күйі әуелі Байшұбарға, сосын Шертайға қарады. Бірақ жауап қатқан жоқ.
– Біз жұмыс іздеп келіп едік, – деді енді Байшұбар шаршау жанның кейпімен. Келіншек қап-қара көздерін төмен төңкере беріп, әр жері жалт-жұлт еткен қол сөмкесін кеудесіне дейін көтеріп тұрды да:
– Жоқ. Ералыны білмейді екенмін, – деді де, аяқтарын тық-тық басып, шығар есікке беттей беріп, кенет қайта тоқтады. Сосын бұларға бұрылды.
– Жұмыс іздеп келдік дедіңіздер ме?
– Дедік… Иә, жұмыс іздеп жүрміз, – деді Байшұбар аптыға сөйлеген қалпы, оған қарай ұмтыла түсіп.
Келіншек екеуіне кезек-кезек қайта қарады.
– Мен ақылдасайын… Осында болыңыздар… Бәлкім… – дей беріп әлденеден, әлдекімнен абайлағандай бір сәт бұлардың сыртында әртүрлі шаруаларымен сабылып жүргендерге де көз салды. Сосын барып:
– Иә, осында болыңыздар, – деді қайта анықтап. Бұлардың қатар тұрып бас шұлғығандарына да мән беріп жатпастан, бірден сыртқа беттеді. Қара машинаға жақындағанда шофері оған есік ашты. Сосын қара машина күн көзімен жалт-жұлт етіп шағылысып, жылжып кете барды.
Ағайынды екеу бір-біріне қарасып, болар-болмас үмітке аса сеніңкіремегендей, бірауық үнсіз, үрпиісіп тұрды да, сөзді Шертай бастады.
– Ералы ағамды білмеді ғой.
– Е, білмесе қайтеміз… Бізге жұмыс табылса болғаны емес пе?
Келіншектің «ақылдасуы» әп-сәттік іс болмады. Ол кеткелі сағат тілі он бірді көрсетіп өтті. Сосын он екі де болды.
Пошта қызметкерлерінің бірі:
– Сіздер неғып жүрсіздер? – деп жаратпай қараған соң, бұлар сыртқа шыққан. Ендігі бар бітіргендері – әрлі-бері жүру ғана. Және жай жүріс болса кәнеки?.. Байшұбар үшін бұл бір сарыуайымға толы, азапты жүріс еді. «Әлгі келіншек қайтып келе ме, келмей ме? Келмесе, неге келмейді? Ал келе қалған күнде не айтып келеді? «Сіздерге лайық жұмысымыз жоқ екен» дей қойса, ар жағында біз не істемекпіз? Бірден ауылға қайтып кетуіміз керек пе, әлде бірер күн…» Байшұбар ештеңе ойламауға да бекініп көріп еді, болмады. Бір ойдан соң бір ой… Сосын тағы…
«Дүниеде адамның басынан төзімді, кең нәрсе жоқ шығар. Қандай ауыр, азапты ойлар сияды оған? Сол азапты ойларға шыдас бермей, тарс жарылып кетпей жүре беретінін айтамын-ау. Әй, бірақ сорлыға біткен бастың да сорлы болмасқа амалы не… Әйтеуір, шыдайды дағы…»
Байшұбардың ойлары шым-шытырық еді. Екі қолын артына қайырып, басын төмен салып жүрген інісіне де: «Осы сен не ойлап жүрсің?» деп айта алмады. Өйткені оның басындағы ойлардың да өз басындағы ойлардан гөрі сорақы, тіпті тым қорқынышты екеніне Байшұбардың ешқандай шүбәсі болған жоқ.
Неге екенін… Байшұбар келіншекті келмейдіге жорыды да, ендігі жерде «Қайтып кетуіміз керек пе, әлде көше аралап, жұрттан жұмысы бар жерді сұрасақ па екен?» деген ойдың төңірегінде әуреленіп жүрді. Інісімен ақылдасуға да батпады. Еңсесі түсіп кеткен Шертайдың қатулы қабағынан дәл қазір кім де болса шошығандай еді.
Байшұбар түскі ас ішу жайын да ұмытқан жоқ. «Әлдебір асхананы тауып алып, ыстық тамақ ішсек пе екен, әлде таңертеңгідей шай ғана алып, Шырай берген нан мен бауырсақты талғажау етсек пе екен?» дей беріп, есіне кенет Сиякүлдің Ералыға беріп жіберген сәлем-сауқаты түсе кеткені. «Ойпырым-ай, сол бар екен ғой. Бәрібір Ералы табылмады. Піскен ет дегенің аса көп сақтауға да келмейді ғой. Бәлкім бұзылып, көгеріп кетуі».
…О, құданың құдіреті… Ол осылай ойлай беріп, көңілі аз-кем орнына түскен күйде «Әй, Шертай, Ералы табылмаса, жұмыс болмаса, өміріміздің… бүкіл арман-үмітіміздің біткені болмас… Әкеміз бүгін өлгендей еңсеміз түсіп… Жүр кеттік… Бір жерден тамақтанайық» деуге оқталып, енді бұрыла бергені сол еді, таңертеңгі күн сәулесімен жалт-жұлт еткен әсем қара машина сырылдап келіп, жандарына тоқтай салғаны… Шертайдың қандай күйде болғанын кім білсін, Байшұбардың қуаныштан есі шығып кетті. «Иә, сәт-т… ата-бабамның әруағы!» деді ішінен өзіне-өзі әл бергендей.
Ойлағанындай-ақ машинаның алдыңғы есігі ашылып, таңертеңгі келіншек түсті де, сұқ саусағын бүгу арқылы – бұларды өзіне шақырды.
Сөмкелерін көтере ентелей келген ағайынды екеуге машинаның артқы есігін ымдады. Мұндай сәнді машинаға бұрын-соңды мініп көрмеген ағайындылар осы бір құрметке әлі де толық сенбегендей кібіртіктеп қалып еді, олардың абдырауын жүздерінен-ақ аңдаған келіншек енді дауыстап:
– Отырыңдар! – деді.
«Ойпырым-ай, дауысы да қоңыраудайын сылдырап тұр екен-ау», – деп ойлады Байшұбар артқы есіктен машина ішіне асыға-үсіге кіріп жатып.
Машина қозғалып кетті. Артқы орында қатар отырған ағайынды екеуде үн жоқ. Қуаныштан гөрі үрейлері басым секілденіп, қолға түскен торғайдай үрпиісіп отыр.
– Жұмыс іздеп шыққан екенсіздер ғой, – деді келіншек әңгімені сыздықтатып бастап.
– Жұмыс іздеп шықтық, – деді Байшұбар.
– Екеуіңіз де…
– Екеуміз де…
– Түрлеріңіз де ұқсас.
– Ағайынды жандармыз. Менің атым – Байшұбар, інімнің аты – Шертай.
– Сонда қай ауылдансыздар?..
– Ұзынарық… Жаңақорған ауданы.
Ауылының атын айтса дағы Байшұбар: «Сонда қай ауылдарды біліп жатыр өзі?» – деп ойлады ішінен.
Машина бір көшеден екінші көшеге өтіп, зырлап келеді. Шофер әлденені бұрап, әдемі бір әуенді ойната беріп еді, келіншек аз-кем қабақ шытып, сол қолын көтере бергенде, шофер әлгі әуенді қайта өшірді.
– Ауылдан екендіктеріңізді байқап, жұмыс қарастырып жатырмыз. Қожайынмен ақылдастым, – деді келіншек үзілген әңгімені қайта жалғап. Сосын торға түскен торғайдай болып отырған бұларға аппақ мойнын бұрып, мұқияттап қарады.
– Менің атым – Лиза…
Келіншектің дүдәмалдау «жұмыс қарастырып жатырмыз» дегеніне Байшұбардың көңілі аса толыңқырамай отырса да, атын айтқан кезде кішкене іші жылығандай болды. Сосын іштей: «Қожайыны кім тағы да?» – деп ойланып қалды.
Одан әрі үнсіздік орнады. Машина бір ұзын көшемен зырлап келеді. Тіпті қыстақтың шетіне де шыққандай ма, немене. Ақыры, әлгі ұзын көшеден оң жақ, сосын сол жақ көшеге түсіп зырлап келді де, машина көрнекті салынған екі қабатты үйдің жанына жете бере тоқтады.
– Түсіңіздер, – деді Лиза. Сөйтті де, лып етіп алдымен өзі түсті.
Әрқайсысы тұсындағы есіктерін ашып, бұлар да апыр-топыр жерге түскен. Жерге түскен бойда Лиза Байшұбардың қолындағы сөмкеге қарады да, Байшұбар аз-кем қысылып қалды. Өйткені қолындағы сөмке ескілігінен бұрын әйелдерге арналған дүние секілді еді. Адалын айтар болса, Байшұбар бұл сөмкенің үйіне қайдан, қалай келгенін де анық білмеуші еді. Әйтеуір, жолға шығарда Шырай осыны қолына ұстатқан. Бітті…
Екі қабатты үйдің сәні айрықша екен. Қабырғалары сары түспен ақталып, терезе кәсектерінің көк түспен сырлануы ерекшелігін былай қойғанда, жалпы үлгісінің өзі көз сүйсіндіргендей. Терезе, балкондарының айнала жиегін оймыштаған өрнектерді Байшұбар еш жерден көрген еместі. Отыз беске келгенше бұл да осы маңайдың біраз қала, қыстақтарын шарлады ғой. Бірақ дәл қазіргідей біреудің үйіне сұғын қадаған сәті есінде жоқ.
Келіншектің өзі сияқты, екі қабатты үй де Саратанға өзге жақтан келгендей әсер етіп тұр еді.
Бұлардың машинадан түскен бетте іркіліп тұрып, үйдің сәнін тамашалап қалғаны – Лизаның шоферге қайта бұрылып ұзақ тапсырма беруінен де еді.
Лиза күбірлеп әлденелерді айтып жатыр… айтып жатыр… Шофер басын изеп отыр… изеп отыр…
Ақыры келіншек Байшұбар мен Шертайға бұрылып:
– Жүріңіздер, – деді де, сәнмен жасаған темір қақпаға қарай бастады.
Аула ішінің көркі де бөлек екен. Айнала арнайы жасалған темір шарбақпен қоршалған аумағы бір гектардай жердің жартысы бау-бақша да, бір жағы ұзыннан-ұзақ етіп салынған үй. Оның ар жағында тағы бір үй ме, әлде қора ма бірдеңе… Ортада толтырылған суы көгілдір тартып жатқан киіз үй орнындай дөңгеленген хауыз. Оның жиектеріне де ерекше нақышпен төселген мәрмәр тастар. Сол мәрмәр тастарды жағалай егілген қызылды-жасылды әртүрлі гүлдер де тосын жандарға ертегілерден ғана елес бергендей ғажайып көрініс еді…
Лиза бұларды екі қабатты үйден бөлек, әлгі ұзын-шұбақ салынған үйдің бір есігінен кіргізді де, жолкілемшелер төселген дәлізден өтіп, төріне екі төсек қатар қойылған бөлмеге келгенде, Лиза:
– Әзірге осында жайғаса беріңіздер. Аспаз тамақтандырады, – деді де, өзі шығып кетті.
Бөлмеде ұзынша диванның, бірнеше орындықтардың қатар тұрғанына қарамастан, бұлар тізе бүкпей, бірауық бөлме ортасында селтиіп тұрды. Өздерінің жүздерінде де қуаныштан гөрі әлі таңдану мен үрей басым еді. Аға болып жол бастап жүрген Байшұбардың өзі де қолындағы көне сөмкені жерге қоюға да батылы жетпегендей, қарадай дегбірі қашып тұр. Бұл арада жас та болса өз-өзіне алдымен келіп, ес жинаған әрі батылдық танытқан Шертай болды.
– Аға, отырайық, – деді шеткі орындыққа отыра беріп. Байшұбар да ілесе отырды. Қарсы қабырғада апандай диван, өзге тұста да орындықтар тұрғанда, дәл Шертайдың жанындағы орындыққа отыруы да, қазіргі есі шыққан қосүрей күйінің белгісіндей еді.
– Үйлері қандай жақсы еді? – деді Шертай терезеден сыртқа қарап, сосын бөлменің төрт қабырғасын түгел шолып шығып.
Расында, бөлме іші кешелі-бүгін ақталғандайтын. Төбеге ілінген қыздың сәукелесіндей дөңгеленген шырақшамның өзі де анау-мынаудың еңсесін басардай.
– Жай үйінің өзіне хан орналасса жарасқандай, – деді Шертай тағы да.
– Енді-і, – дей беріп, Байшұбар да інісіне ілесіп қабырғаларға, төбеге қарады. Бірақ інісінен асырып теңеу айта алмайтын болған соң, сол ыңырсыған күйі басылып қалды.
Екеуі бөлмелеріне жайғаспақ түгілі, үйренісе алмай әлі үрпиісіп отырғанда, үстеріне Лиза кіріп келді. Әлгіндегі ақ көйлек, ақ юбка, ақ туфлилерінің орнына көкшулан, жарасымды көйлек, аяғына жайтабан, маңдайы зермен оймышталған жаздық аяқкиім киіпті. Сұлуға не кисе де жараса бере ме, әйтеуір, Байшұбарға Лиза бұрынғысынан да құлпырып көрінді.
– Әлі жайласпай отырсыздар ғой, – деді Лиза бұлардың үрпиісіп отырған қалыптарына езу тартқандай болып. Бұлардың жауап айтардай халдерін байқамаған соң тағы да сөзді өзі жалғастырып: – Жұмысқа алындыңыздар. Қожайын әлгінде келісімін берді. Сіздерге көңілі толыпты, – деді.
«Ол кісі бізді қайдан көріп жүр?» дегендей, осы сәтте Байшұбар мен Шертай бір-біріне қараса қалып еді, келіншек те осыны аңдай қойып: – Ол кісі сіздерді екінші қабаттың терезесінен көрді, – деді, бұлардың көңіліндегі дүдәмал, күдіктерді біржола басқандай болып.
– Жұмысқа таңертеңнен кіресіздер. Осында Асаділлә деген ағамыз бар. Атбегі, қарауыл әрі аула сыпырушы. Моншаны да сол кісі жағады. Істейтін жұмыстарыңызды түсіндіріп береді. Түскі астан соң моншаға да апарады.
Ағайынды екеу ауыздарын ашып, Лизаны үнсіз тыңдап отыр.
– Жатын жерлеріңіз – осы, – деді де, аз-кем үзілістен соң келіншек тағы да: – Ал қандай сұрақтарыңыз бар? – деді екеуіне кезек қарап.
Байшұбар мен Шертай дәл қазір тыңдауға ғана жаралғандай.
– Айтпақшы сіздерге ең басты нәрсені айтпаппын ғой. Жалақыларыңыз әзірге жетпіс мың теңгеден. Әрқайсысыңызға… Бір айдан соң көтереміз. Демек, сіздер үшін бір ай – сынақ мерзімі… Уайым жемеңіздер, бір айдан соң жұмыстан шығарып жібереді екен деп… Сіздерді өте тындырымды, ұқыпты жандар деп ойлаймын. Қожайын да осы ойда. Әзірге айтарым – осы.
Осылай деді де, көкшулан көйлегінің етегі дөңгеленіп, келіншек ауызғы бөлмеге шығып кетті.
Ағайынды екеу көздерімен оны шығарып салысымен-ақ, бір-біріне қараған. Қарағандары да қызық. Әлгінде ғана «Не болар екен?» деп айналаға үреймен, күдікпен қарап отырған жандар, кенет ойлары оп оңай-ақ жүзеге асып кеткендегі қуанғандары да, қорыққанның ар жақ-бер жағындағы бірдеңе болып шықты. Екеуінің де күліп жібергілері келіп тұрып-ақ, күле алмауларының өзі де бет әлпеттерін түсініксіз, қызық күйге түсірген еді… Содан «ана келіншек ұзап кетті-ау, енді маңымызда ешкім де жоқ-ау» деген шамада:
– Аға, жетпіс мың деді ме? – деді Шертай осы қуанышты әңгіменің ішіне сыймай бара жатқанын жасыра алмай.
– Иә, мен де солай естідім, – деді Байшұбар.
Екеуі тағы үнсіз қалды. Бірақ бұл үнсіздік қарқылдаған күлкіге де, жарыса, таласа дабырласқан әңгімеге де бергісіз еді.
Енді екеуінің де көздері күлді. Күлдісі несі, тәңірім-ау, жайнап кетті. Беттеріне қан жүгірді.
Ағайынды екеу өмірлерінде осындай бақытты сәттер болғанын, болмағандығын да естеріне түсіре алмай, ерекше толқып, қуанып отырғандарында үстеріне жасы елулер шамасындағы, соған қарамастан, әлі өңді көрінетін қара торы әйел кіріп келгені.
– Саламатсыздар ма? – деді ол бұларды бұрыннан білетін жандай күліп сөйлеп. Кешелі бері дүниенің бәріне жатырқап, жасқанып қарауға ғана үйренген бұлар сәлем қайыруға да жарамай қалды. Шертай ойлады: «Ағам амандасар», – деп… Ал Байшұбардың не ойлап қара басқанын сайтан білсін, қарадай абыржып, асып-сасып отырған біреу.
– Тамаққа жүріңіздер, – деді қара торы әйел бұлардың абдырап отырған осы күйлеріне езу тартқандай болып.
Ағайынды екеу орындарынан көтерілді. Қара торы әйелдің ізімен еріп, бұлар әуелі дәлізге шықты. Сосын дәлізбен жағалап барып шеттегі есікке кірді. Жол-жөнекей түгел жолкілемше. Ағайынды екеудің мұрындарын жарып, дәмді ас-ауқаттың иісі келуіне қарағанда, кірген бөлмелері асхана секілденді.
– Отырыңыздар, – деді әйел үстіне ваза толы алма мен жүзім қойылған столды нұсқап.
Бұлар жан-жағына тосырқай қарап, аяқтарын абайлап басып барып столға отырды. Аяқтарын абайлап басудың да себебі барды. Байшұбардың оң аяғына киген нәскидің жыртығы бар-тын. Шығарда Шырай кебеже-жәшіктерін түгел ақтарып шыққанда тапқаны сол болды да, келіншегін ренжітіп алмас үшін Байшұбар: – «Пойыздан түскен бойда, алдымен нәски сатып алармын», – дегенді.
Байшұбардың кібіртігі сол жыртықты аспаз әйелге көрсетіп алмаудың қамы да, Шертайдың кібіртігі – ағасының алдына түспеу ғана. Болмаса, оның нәскиі бүтін ғана емес, жаңатын. Анда-санда болатын ауылдағы той-томалаққа киермін деп жақында ғана қалтасындағы жарытусыз теңгелеріне аудан орталығынан сатып әкелген.
Әйел екеуіне бір-бір тостақ ыстық борщ құйып әкеліп тұрып:
– Мен аспазбын. Атым – Лолахан, – деді.
«Дұрыс екен» дегендей Шертай аспазға қарап басын изеді де, Байшұбар меңірейген күйі отыра берді. Ендігі сасуы ол аяғындағы жыртық нәскиден де емес, алдына келген ыстық борщты ішуге асыққандай алаң көңілден еді.
– Бүгіннен кейін не ішкілерің келетінін алдын ала айтатын боласыздар, – деді Лолахан сәлден соң бұлардың алдына буы бұрқыраған палауды қойып жатып.
Осындай тәртіпті бұрын-соңды көріп, әртүрлі ас-ауқатты да ішіп-жеп жүрген жандай тағы да Шертай басын изеп жатты да, Байшұбар меңірейген әдетінен жазбай қала берді.
Тамаққа ыңқиып тойып, екеуі қаздай тізіліп бөлмелеріне келді. Абайлап барып төсектеріне жантайды. Болған жайға екеуі де сеніңкіремегендей халде жатып, бір кезде Шертай:
– Аға, мынау бір керемет жер ғой! – деді.
– Иә, Алла сәтін салып-п… – деді Байшұбар да оқыс жолы болғанына абдырап қалған жандай самарқау үнмен.
– Айына екеуміз жүз қырық мыңнан алсақ, Ералыдан да асып кетпейміз бе?
– Иә, солай. Бірақ бір ай сынаймыз деді ме?
– Сынаса сынай берсін. Беретін жұмыстары, әйтеуір, адам істейтін жұмыс шығар.
– Әлбетте, – деді Байшұбар әлі де өз-өзіне келе алмай отырғандықтан ғана самарқаулау үн қатып. Болмаса, оның қуанышы тіпті алапат еді. Жанына әлгі Лолахан секілді серік табылса, секіріп билеп, әндетіп кетуге де әзіртін. …Сәлден соң-ақ түнгі шала ұйқы мен күндізгі пошта маңындағы сенделген көп жүрістен, уайым мен ойдан қажып, сілелері қатып шаршаған ағайындылар екі төсекте ауыздары ашылған қалыпта пысылдап ұйықтап жатты.
3
Ертемен бұлардың есігін біреу тықылдатты. Дәл осындай мәдениетті күтпеген ағайынды екеу әуелі таңданысып, сосын қорқыңқырап бір-біріне қарасты. Сосын орнынан абайлап тұрып, кішілік жөнімен, Шертай барып есік ашты. Лиза екен.
– Қалай, жақсы жатып, жайлы тұрдыңыздар ма? – деп кірген бойда соншалық етене жақын кісідей бұлардың іші-бауырына кіріп барады. Бүгін үстіне қызыл-сарғыш түстес көйлек киген екен. Келіншектің сұлу мүсініне сусылдап жабысып, анадайдан еркек біткеннің сұғын қол бұлғап шақырып тұрғандай.
Байшұбарға Лиза кешегіден гөрі көңілділеу, сұлулау көрінді. Кірген беттегі емен-жарқын амандасуымен-ақ жаңа ортаға үйренісе алмай, томаға-тұйық отырған екеудің еңсесін көтеріп тастаған. «Ойпырым-айдың көйлегінің көбін-ай», – деп ойлады кеше жоғалған малының жайын тап қазір ойлап отырған қойшыдай болып. Кешегідей емес, келіншекке бұлар да еркіндеу үн қатты.
– Жақсымыз.
– Рақмет! – десіп жапырласып қалды.
– Асаділлә ағайдың қолы тимей жүр екен. Сіздер істейтін жұмыстың жағдайын айтуға келдім… – деді келіншек босаға жақтағы орындықтардың біріне лып етіп отыра беріп.
Ағайынды екеу ентелесе тыңдады.
– Мал қорада үш ат бар. Сіздердің қазіргі міндеттеріңіз – сол аттарды бағу, тұрған жерлерін тазалау, уақытылы суғару. Аттарды көрсету, оларды бағып-қағудың жайын айту – Асаділлә ағайдың міндеті. Кейінірек жұмыс түрі өзгереді. Оны кезінде көресіздер.
Өзін жуас, сүйкімді шәкірт баладай мұқият тыңдап отырған екеуге күлімсірей қарап, Лиза әңгімесін одан әрі жалғастырды.
– Көшеге шықпайсыздар. Рұқсат жоқ! Қажет нәрселерді маған айтасыздар. «Келдік. Жұмысқа орналастық» деп біреуіңізге хат жазуға рұқсат. Бірақ ол хатты әуелі мен оқып шығамын. Поштаға апарып салатын да өзім. Сонан соң хат жазбайсыздар. Ал келген хатты мен жеткізіп тұрамын. Сұрақтарыңыз бар ма?
Ағайынды екеу солбырайысып отыр. Келіншектің айтқандары түсінікті де секілді… Түсініксіздеу де секілді… Бірақ «мынауыңа түсініңкіремедік» деуге екеуінің де батылы жетпеді.
– Сұрақтарыңыз жоқ болса, қазір Асаділлә ағаны жіберемін, – деді де, Лиза шығып кетті.
Лиза шығып кеткен соң ағайынды екеу бір-біріне қарады. Жүздері, әлбетте, қуанышты еді. Бірақ азын-аулақ күдіктен де құралақан емес секілді.
– Аға-ау, бұлар бізге ат бағуды неменесіне түсіндіреді? – деді Шертай балаңдығына салып алдымен тіл қатып.
Байшұбар бәрін сабырға жеңдіріп, салмақтап ойлап отырған жандай сәл сабырлылау күй сақтап, жауапты да інісін күттіріп барып берді.
– Жұмыстың түрі кейінірек өзгереді демеді ме? Сабыр етелік «бұл неғылған оп-оңай майшелпек» демес бұрын… Артық-ауыс хат жазбайсыңдар… Көшеге де шықпайсыңдар дегені…
– Расында, жұмысы оңай болғанымен, тәртібі қатал ма, немене? – деді енді Шертай да өз екпінін өзі басқандай болып. Сосын екеуі де бірауық үнсіз қалды.
Асаділлә дегені артық-ауыс сөзі жоқ, шоқша сақал, домаланған қара шал екен. Бұларды мал қораға ертіп апарып, байлауда тұрған үш атты, сосын шөптің, жемнің тұрған жерлерін көрсетіп, аттардың астын тазалайтын күрек пен сыпырғыларын қолдарына ұстатты да, жөніне кетті.
Одан әрі Асаділләнің бірдеңені түсіндіріп жатуы бұлар үшін артық та болар еді.
Су ішетін науа аттардың алдында тұр. Сұлысы бір бөшкеде… бидай бір бөшкеде. Жылы суы мен салқын суы қатар ағып, аттарды жуатын жерлері де сай тұр. Ауланы былай қойғанда, ағайынды екеуге осы мал қораның ішінен шығуға желеу де жоқ секілді.
Сол күні кешкісін Байшұбар Шырайға хат жазуға отырған сәтте, Шертай тұрып:
– Аға, несіне асығасың? Айлығымыз бен хатымыз бірге барсын да, – деп еді, Байшұбар ыңғай бермеді.
– Шертайжан-ау, жеңгеңе ақшадан да гөрі екеуміздің амандығымыз қымбат шығар. Айлықтарын қоса жібермепті деп өкпелемес.
Ол осылай деп қағаз-қаламын оңтайлай берді де, Шертай қайтып тіл қатпады.
Әрине, ат бағу деген бұларға жай ермек сияқты істін. Оларды үш мезгіл суарып, алдарына жем-шөп салса болғаны. Тіпті бұлар қолдарының бостығынан зерігіп, іштері пысқан сәттері аула тазалап, гүлдерді, ағаштарды суарысып, шоқша сақал Асаділләнің көмекшісі болып кете баратын. Келгелі бергі екеуінің бар арманы – қожайындарын бір көру. Асылы, қожайынның шын аты Ахмет екен. Қожайын, мырза дегендері қарауындағылардың қолпаш-құрметі көрінеді. Мұны айтқан Лолахан болды. Сол қожайын Ахмет, мырза Ахмет бұлар үшін қол жетпес арман, жұмбақ сыр болды.
Кейде екеуі екі төсекте қатар жатып: «Ойпырым-ай, осы қожайынымыз қандай адам екен өзі?» – деп әңгімені бастап жібергенде, Шертай жатып: «Ой, бұл дүнияның жүзінде ондай мейірімді, ондай ақкөңіл, қолы ашық жан жоқ шығар», – деп мақтап ала жөнеледі. Шертайдың айтқанына сенсе, жұрт айта беретін коммунизм деген – осы! Адам баласында бұдан артық өмір болмайды. «Кім білсін, тәртібі қаталдау екен, әліптің артын бағайық та» деген Байшұбардың күңкіл сөзін де басып тастайды.
– Ой, аға-ай, сіз де тырнақ астынан кір іздеп… Оның жақсы адам екені сол тәртібінің мықтылығынан шығып тұрған жоқ па? Қарауындағы қызметкерлері қандай жайдары, қандай кішіпейіл… Осыдан-ақ байқамайсыз ба? Қожайын оңбаған, қаныпезер адам болса, қызметкерлері қайдан жайдары, кішіпейіл бола алмақ.
Байшұбар үндемей қалды. Бірақ үндемегендігі інісінің ырқына біржола көнгендігі де еместі.
Осылай екеуі қожайындарын сыртынан әңгімелеуін тауыса алмай, кейде таласып қалып, соңынан қайта түсінісіп жүргенде, ақыры қожайындарын көрді-ау.
Бұлар ертемен тұрып аттарды суарып, алдарына шөп салып болып, сосын аулаға шығып хауыздың жанындағы су ағатын шүмекке қолдарын жуып жатқан. Мұрты едірейген бір қара дәу екі қабатты үйдің есігінен шыққанда, Байшұбар мен Шертай оған жапақтасып қараған. Өйткені – қожайындарының анық осы екеніне екеуінің де күмәні болған жоқ.
Жаңа ғана ине-жіптен шықты деуге келетіндей, үстіне мол пішілген көк жолақ пижама киген тұлғалы кісі бұларды көріп, бірауық жүзін осылай бұрып тұрды да, қайтадан үлкен үйдің есігіне кіріп кетті.
Артынша ағайынды екеу өз бөлмелеріне енген соң әлденеден қорқып қалғандай бірауық үрпиісіп отырды да, Байшұбар бір кезде:
– Қожайынды көрдің ғой, – деді Шертайға.
Шертай үндеген жоқ.
– Мақтай бергенше әліптің артын бағайық дегенім осы ғой… Қожайын – өте суық кісі… Солай.
Шертай тағы да ағасына жауап бере алмай төменшіктеп қалды. Бұлар Ахметті көрген күннің кешіне қарай күн райы бұзылды. Бұзылатын жөні де барды. Бұл кезде қараша ортасынан ауып, желтоқсанға жетуге қолсозым ғана қалған.
Ауа райының бұзылуы да бұларға ой салған. Өйткені киіп жүрген киімдері жылы мезгілге ғана жарайтындай, әрі көнелеу еді. Бірақ көшеге шықпай бөлмелері мен мал қораның арасында ғана жүретіндіктен бұлар сондайлық дірдек қағып та кеткен жоқ.
Үлкен болғандықтан осы жағдайларын да ойластырып, Байшұбар «Лизаға айтуым керек пе екен, әлде сабыр сақтай тұрамыз ба?» деп өзінше күпті болып жүргенде, қожайынның шофері, бір кісі ентіге көтергендей, үлкен ала сөмкені бөлмелеріне кіргізгені. Жанында Лиза.
Ағайынды екеу «Бұларың не?» дей алған жоқ. Не де болса сыпайылық сақтаған.
– Сіздердің киімдеріңізді жаңартайық деп, – деді Лиза әдеттегідей жарқырай күле сөйлеп. – Размерлеріңізді дұрыс шамалаған секілдімін. Дегенмен киіп көрерсіздер. Кәне, киініңіздер.
Осылай деді де, Лиза шофермен екеуі шығып кетті. Бұлар бір-біріне таңданыспен қарап аз-кем отырды. Әрине, екеуі де аса қуанышты еді. Сабырлылық танытулары да, «Енді не істейміз? Сөмкенің аузын сен ашасың ба, әлде мен ашайын ба?» деген сияқты сыпайылықтың төңірегінде ғана болатын.
Ақыры, сөмкенің аузын ашуға Байшұбар тәуекел етіп, орнынан көтерілді. Сонда сөмке ішінен нелер шықты десеңші… Екеуіне екі пардан алынған ішкі киімдерден бастап, екі жылы бәтеңке, екі костюм, екі жылы куртка, екі құлақшын… Тіпті жылы қолғапқа дейін ұмытылмаған.
Екеуі шыттай киініп алып, бөлмелерінде әрлі-берлі жүрді. Бірінікін бірі мақтау ойларында жоқ. Өйткені әрқайсысы өзімен-өзі. Жылылығына бір сүйсініп, қонымдылығына, жаңалығына екі сүйсініп мәз. Қуаныштан екеуінде де ес жоқ. Осы күйлерінде мақтанып, жүгіріп аулаға шығып кетуге шамалы-ақ қалғандай.
– Әне, айттым ғой саған… Біздің қожайын дүниедегі ең мейірімді, жомарт кісі деп… Айтқаным айдай келмеді ме? – деді Шертай қайсыбір күнгі араларында болған әңгімені қайта жаңғыртып.
Бұл жолы Байшұбар үндеген жоқ.
Желтоқсанның бас кезінде Шырайдан хат келді. Конверттің ішінде Шырай, Әліқұл, Бейсен үшеуі түскен сурет те бар. Хатты алдымен бұлардың рұқсатынсыз-ақ Лиза оқыпты. Бірақ «Ол неге бізден бұрын оқиды?» деп ешқайсысы бұртиған жоқ. Ағайынды екеуіне Лизадан кейін оқудың өзі де теңдессіз бақыт секілді еді. Әсіресе суреттерін жібергендеріне қуанғандары-ай!
«Хаттарыңды алып, есіміз шықты. Балалардың шаттығында тіпті шек болған жоқ. Алланың бәрімізді жебегені ғой…» деген сөйлемдерді оқып көңілдері толқып қалды. Және хатты әлденеше қайталап оқығандары ше? Әуелгіде «Әйел менікі ғой» дегендей, Байшұбар оқитын да, Шертай үнсіз монтиып отырып тыңдайтын. Келесі күні Шертай бұл дағдыны өзгертті:
– Жеңешемнің хатын өзім оқиыншы. Әкелші, – деп хатты қолына бірауық үнсіз ұстап отырды да, бастай жөнелді. Оның дауысы ашық әрі тұнық. Сондай дауыспен оқығанда хат өте әсерлі шығады екен. Байшұбар үшін енді Шырайдан келген хатты оқу емес, тыңдау әсерлі еді. Кейде түскі астан кейін демалып жатып та, жатар алдында жартылай шешініп отырып та: – Әй, Шертай, жеңгеңнен келген хатты тағы бір оқып жіберші, – дейді. Сонда Шертай: – Аға, сол хатты тыңдаудан әлі жалыққан жоқсыз ба? Яки, оны он рет, жүз рет оқи бергенде майы шыға ма? – деп бұлданып, қарсылық етпестен, орнынан елпілдей көтеріліп, ұстай-ұстай шет-шеті ақжемделе бастаған, стол үстіндегі торкөз дәптердің бір бетіне тұра ұмтылып, ол оқып, Байшұбар тыңдап болған соң, суретті де жаңа көргендей, кезек ұстап, қарап, әлден уақытта барып төсектеріне қисаяды.
Хатты қайта-қайта оқулары – бұрын ауылдан шықпаған жандардың бір айдың ішінде-ақ үй ішін әбден сағынғандығымен қоса, оларды қуантып, үміттерін ақтағандары мәртебе сияқты еді.
Бір жолы: «Жеңешемнің хатты осынша қысқа жазғаны несі?» – деп Шертайдың күңкілдеп, бұртиғаны бар. Тап бір, осы өкпесін жеңгесінің өзіне айтып отырғандай болып.
– Е, кім білсін… – деді Байшұбар да оны қостағандай үнмен.
– Жеңешемнің өңі неге шаршау? – деді тағы бірде Шертай суретке үңіліп отырып.
– Біздің ауылда шаршамай жүрген жан бар ма өзі?
– Шаршағаны басына орамал тартуынан-ақ байқалады. Камзолының омырауын да жөндеп түймелесе етті… Тоғайдан әлгінде ғана отын арқалап келген әйелдей алқа-салқа бірдеңе…
Байшұбар бұл жолы үндеген жоқ. Бірақ ішінен: «Ол байғұс алқа-салқа болмағанда қайтсін. Күндіз-түні ойлағаны уайым болса…» – дегенді. Сөйтіп отырып қапелімде Сиякүлдің Ералыға беріп жіберген суреті есіне түсе кетіп ерінбей орнынан тұрып, ішкиімдері ағараңдап жүріп, босағадағы киімілгіште тұрған костюмінің ішкі қалтасынан суырып алып, бірауық Ералының әйелі мен балаларына қарады.
Енді екеуінің қолында екі сурет. Екі үйдің әйелдері мен балаларын салыстырғандай болып, алмастырып та көреді. Қатар қойып та көреді.
…Ақыры, әрқайсысы өз ойларымен болып, төсектеріне жатты. Үнсіздіктерінің өзінде де мұң аралас қуаныш бар секілді. Сағынып, іздейтін жақындарының болуы да адамға күш, қуат әрі үміт сыйлайтынын да сезінгендері осы шығар-ау.
Қалай болғанда да, ауылдан алғаш хат алулары – ағайынды екеудің есте қалар бақытты күндері еді…
Желтоқсанның ортасында Байшұбар мен Шертай алғашқы жалақыларын алды. Бұл да екеуінің төбесін көкке жеткізген қуаныш еді. Қуанбағанда ше? Әрқайсысына жетпіс мың теңгеден салынған екі конвертті Лиза бөлмелеріне әкеліп, қолдарына табыстаған сәтте екеуінің қуаныштан естері шығып кеткен. Көп жылдардан бері теңгенің жүзін көрмеген жандар Лиза табалдырықтан сыртқа аттар-аттамастан-ақ, әрқайсысы өз конверттерінің аузын ашып, фабрикадан әлгінде ғана шыққандай су жаңа теңгелерді саусақтарымен ұстап, сипап көрді. Сосын санады. Алдын ала ақылдасып алғандай, әлденеше реттен санады. Қайсысы қалай санаса да, сусылдаған теңгелер жетпіс мың болады да тұрады. Сондағы екеуінің жүздеріндегі нұр мен көздеріндегі күлкі-ай! Екеуі де жарыса сөйлеп қожайындарын мақтасты. Асыл сөздерін Лизадан да аяған жоқ… Дүниедегі әділетті жандар солар… Жомарт, шашпалар да солар… Тіпті қыза-қыза сөйлеп, лепіріп отырып Шертай: «Ағатайым-ау, осындай қожайыны бар жандар да дүниедегі ең бақытты, мұратына жеткендер емес пе?» дегенде, Байшұбардың есіне Кеңес өкіметі кезіндегі таусылмайтын жиналыстардың жалынды сөздері есіне түсіп, қол ұрып та жіберген.
Теңгелерін ауылға жіберу мәселесіне келгенде ғана араларында аздаған дүрдараздық болды. Байшұбар отырып: «Өз қалталарымызда да бірдеңе қалсын, он мың теңгеден алып қалайық», – дегенде Шертай оп-оңай ашуланып, шарт ете қалғаны…
– Жеңгем анау-у… екі баланың тамағы, киімі деп… уайым жеп, тоғайдан отын арқалап келгендей, алқа-салқа болып жүргені. Көрші-қолаңдарға азды-көпті қарыздарымыздың бар екенін де білесіз… Ал біз болсақ, патшалардың өмірін кешіп жатырмыз. Лолаханның дәмі балдай астарын тауыса алмай жатқанымыз анау… Киім мынау… Сондағы істеп жүргеніміз, тәйірі, ат бағу ғана. Иісі қазақтың тарихында жетпіс мың теңгеге ат баққан кісі болды ма екен өзі? Аға, өзің біл, мен бір теңгесіне де тиіспеймін. Шырай жеңгеме түгел жіберемін.
Шертай қандай көңілшек еді, осылай деп отырып үй ішін әбден сағынғандығынан ба, балаша өксіп жылап қалғаны.
Байшұбар інісін жұбатқан жоқ. Бірақ елеуреген екпіні кәдімгідей басылып қалды. Сосын, әйтеуір, бір уәж айтқысы келгендей: – Ендігі жерде мұндағылар бізді де айлық алған жандар деп есептейді емес пе? – деп міңгірлеген күйі бес мыңдықтың біреуін ғана алып, төсқалтасына салды да, өзгесін конвертке қайта салды. Шертай болса, жетпіс мыңның мұртын да бұзған жоқ.
Ертеңіне Лиза бұлардың үйлеріне салған ақшалары үшін пошта берген анықтама қағазды қолдарына ұстатып тұрып, өзі де қуанып, бұларды да қуантқандай тағы бір хабар айтты. Ол хабар – бұлардың бір айлық мөлшерінің жүз мың теңгеге өскендігі жайлы еді…
Әу баста науқас жандардай ілмиіп, жұпыны киінген екі жігіт аулаға кіріп келгенде, Асаділлә мен Лолахандар қатты мүсіркеген Байшұбар мен Шертай жеңіл жұмыс пен мол ас-ауқаттың арқасында кәдімгідей қоңайып, оңалған. Әсіресе Байшұбар аппақ болып толып, енді аз уақытта қарын салуға да оңтайланғандай. Оның жөні де түсінікті. Ертелі-кеш үш атты суарып, жем-шөпке қоятын, астын тазалайтын Шертайдың жалғыз өзі. Ал Байшұбардікі – таусылмайтын ұйқы. Ұйқыдан қолы босай қалған күндегі ермегі – теледидар. Кейде тіпті теледидардың тәуір деген киносын көріп отырып та, қор-р етіп ұйықтап кететіні бар. Неткен таусылмайтын ұйқы екендігіне өзі де, Шертай да таң.
Алайда Байшұбардың ойында ұйқы мен теледидардан өзге ештеңе жоқ деген кісі де қатты қателесер еді. Байшұбардың соңғы кезде әйел іздейтін әдетке тап болуын әзірге біреу біліп, біреу білмейді. Әйелді аңсауы соншалық күшейгендіктен қорадағы аттардың жайын Шертайдан сұраудан да қалған. Лизадан қоймай сұранып жүріп, бір жолы Саратанның базарына да барып келді. Сондағы мақсаты – Саратанның базарындағы нарықты білу, яки сауда жасау да емес, көңілі қалайтын әйел табу еді.
Саратанның базарын әрі шарлап, бері шарлап, шеткеріректе шемішке сатып тұрған өңі жүдеулеу бір келіншекті қолай көріп, енді ғана сөзбен айналдырып, бетін бері қаратып тұрғанда, ойда жоқта әйелдің күйеуі келіп қалып, әңгімесінің насырға шапқандығы сондай, төбелес бастала жаздап барып, басталмай қалғаны. Дес болғанда, әлгі өңі жүдеу деп тұрған келіншегі – кісі шақ келмейтін көк долы бетпақтың өзі болып шығып: «Сауда жасағалы тұрған кісіні бекер жазғырып, мені несібеден қақтың» деп күйеуін бетінен алып, мұны оп-оңай-ақ құтқарып жібергені. Содан кейін Байшұбардың Саратанның базарына да зауқы соқпай қалды.
Ендігі жерде құмарын басар жанды ауланың ішінен табуға бекінген тәуекелі де жоқ еместі. Сондағы ойына алары – Лолахан. Өзінен көп үлкен болса да, ол – ажарын бермеген әйел. Бір жағынан, осындай етженді әйелмен ашына болу әуелден-ақ аңсары еді. Лолахан да өзіне теріс қарамайтын секілді. Шертайдың көзін ала бере, асханадағы оңаша сәттерде білегінен ұстап, бетінен сүйген сәттері де болған. Кет әрі емес. Өңі қызарып, ұялшақтап, күле берген.
Ал Лизаға сүйкенуге батылы жетпеді. Тіпті олай етуді қатерлі қадам деп те ойлады. Жұмақтай болған мына өмірінен, мол айлықтан бір сәтте-ақ айырылудың сол Лизаға байланысты екеніне Байшұбардың титтей де күмәні болған жоқ. Болмаса, екеуінің де күйеуі жоқ екенін шоқша сақал Асаділләдан әлдеқашан-ақ біліп, көңіліне түйіп қойған.
Бір қызығы – мұны Лизаның өзі төңіректейтін. Шертай мал қорадағы аттармен болып жүрген кездері бөлмесіне келіп, жуықта теледидардан көрген киноларын әңгімелеп немесе ауладағы әлдебір шаруалардың жөнімен ақылдасқан болып ұзақ шүйіркелесіп қалатыны да бар. Әлбетте, әдемі келіншектің ара-тұра сүйкімді күлкісі де, аңқыған әтір иісі де мұның сезімін қытықтап, кәдімгідей арбайтын. Сол арбаудың әсері болар, Байшұбар қатты қызыққан сәттері көзін-көзіне қадап, оның да білегінен ұстап, сезім дірілін де өлшеп баққан. Шошынған жоқ. Сөйтсе дағы бетінен сүйе алмады. Тәуекелге бармағаны – әуелден-ақ Лизаға жанасуды нағыз қатерлі қадам деп есептеп, соған мүлде сеніп қалуынан да секілді еді. «Маған осы да жетіп артылар» деп қорытып, тамақ ішіп отырғанда да, аулада да, дәлізде де ұшырасқан сәттерде де көздерімен ғана сүйісіп, бар ықыласы Лолаханға біржола ауып енді аймаласып, құшақтасып отырар оңаша бөлме іздеген сәтте, ең үлкен кедергі – Шертаймен бір бөлмеде жататындығы болды. «Інімнен бөлек жатқым келеді» деп Лизаға өтініш айтуды ұят та көріп, бірақ онсыз амалы жоқ екенін де ойлап, қарадай сасып жүрген күндердің бірінде: «Осы сіз маған бірдеңе айтқыңыз келіп, айта алмай жүргендейсіз» деп мұны Лизаның өзі екі қабат үйге қарай жетелегені.
Бұл қожайынның үлкен қалалардың біріне іссапармен кеткен кезі еді. Болмаса, сол үйдің бірінші қабатында бөлмесі бар Лиза мен үш мезгіл қожайынға шай, ас таситын Лолаханнан өзге жандардың ол үйге кірмек түгілі, сондай ойды ойлауларының өзі екіталай болатын.
Сондықтан Байшұбар ойда жоқта үлкен үйге кіру мүмкіндігіне ие болғанына қуанды, әрі қорықты. Сыртқы қос есіктен кірген бойда оңға да, солға да, екінші қабатқа бастаған баспалдақтарға да төселген әр жерінде қызыл-жасыл гүлдері бар аппақ жолкілемдерді көріп, бірауық аңырып қалды. Дәліз толы қолдан өсірген гүлдер мен ағаштар. Қабырғаны тұтас алып салынған суреттер де, төбедегі моншақтай тізілген желбезектері асыл тастардай жалт-жұлт еткен аспалы шамдар да үлкен үйдің құдіретін биікке көтеріп тұрғандай. Кинолардан көргені болмаса, Байшұбар осындай сұлу әрі бай көріністі өзі босағасынан аттаған үйлердің ешқайсысынан ұшырастырған жоқты.
– Мұнда жүріңіз, – деп, Лизаның өзі қолтығынан іле жөнелмегенде жан-жағына аңыра қарап қанша тұрарын кім білсін… Келіншек бір тұстан қоңыр түсті есікті аша беріп қайта жапқанда, үлкен үрей сезгендей жүрегі дүрсілдеп тұрғанды.
«Бұл бөлмеде не бар екен?» деп жан-жағына көз салып үлгерген де жоқты. Кенет Лиза мұны қатты қысып құшақтап алғаны. Құшақтап қана қойған жоқ, өліп-өшіп сүйді.
– Бөлек бөлме сұрайтыныңызды білдім. Түсіндім-м… Бірден түсіндім, жаным… Бірақ олай етуімізге болмайды ғой… Мен өте… өте… ұялшақ жанмын.
Байшұбар үшін бұл бір көктен өз-өзінен құлаған арман секілді… бақыт сияқты… көрген түстей бір сәт еді. Сәлден соң-ақ әлдеқалай батылдық жеңіп Лизаның албыраған бетінен, аққу мойнынан сүйіп жатқанда, тұла бойы өз-өзінен дірілдеп… буындары босап кеткендей… әсерде еді.
Ұмар-жұмар құшақтасқан күйлері былғарымен қапталған диванға құлап түскен сәтінде де, түсі әлде өңі екенін анық болжай алмаған. Бірақ бір ақылы жеткен жері… дәл сол сәтте ештеңені ажыратып жатудың қажеті де жоқ екендігі жайлы еді…
…Екеуі сол түні Лизаның бөлмесінде түнеп шықты. Ертеңіне ертеңгілік асқа ғана Байшұбар амалсыз келген. Лолахан бірдеңе сезген секілді. Қасық пен шанышқыны мұның алдына тарс-тұрс еткізіп, лақтырып тастағандай етіп қойды. Күндегідей жайдары күлкісі жоғалған. Қабағы қатулы. Бірақ тамақтарын берді.
Шертай мал қора жақтан асханаға кешеуілдеп келген. Ол да бірдеңе сезгендей. Бірақ ләммим деместен ағасына бір қырындап, тоң-теріс отырды. Байшұбар да оған бірдеңе деуге асықпады.
Екеуі бөлмелеріне келіп, бірауық демалған болып, төсектеріне қатар жатқан сәтте де артық-ауыс сөзге барған жоқ.
Бұл күні Лиза да үлкен үйден шықпай қалды. Өзгелерге көрінуге ол да ұялған секілді.
Інісімен екеуі екі төсекте қатар жатқан сәтте де Лизадан басқа ешкімді ойлаған жоқ. Лизаның алабұртқан ақ сары жүзі мен күлімдеп тұратын қап-қара көздерінен басқа ештеңені көрмеді. Мына дүниені… өзгелерді түгел ұмытты…
Анда-санда орнынан түрегелгендегі айналысатын ісі де қызық.
Шығаберіс қабырғаға ілінген дөңгелек айнаның алдында тұрып, өз пішінін енді көрген жандай ұзақ қарайды. Сосын төсқалтасынан шолақ тарағын шығарып, шашын тарайды. Кейде бетінің әр жерін саусақтарымен сипап тұратыны да бар.
Ауылда жүргенде айнаға қараса-ақ, қап-қара боп тозып, әлдеқайда қашуға бейімделгендей, үрпиген шаштарының өзі үрей туғызғандай жүдеу жүзінен шошып кететін де, екі-үш айға дейін қайтып айнаға қарамай қоятын. Ендігі түр-тұрпаты басқаша… Рең кірген. Қазіргі қалпында жай әдемілікті былай қойып, «осы мен сұлу жігіттердің қатарына қосылмас па екенмін» деп те дәмеленуіне болатын секілді.
Байшұбардың осылай ойлаған сәттері де болды да.
Сәске кезінде үлкен үйге Байшұбар өзі кірді. Жұрт не десе о десін, қалай ойласа, олай ойласын, оның барлық ынта-ықыласы дәл бүгін Лизада ғана еді. Басқа нәрсе ойына кіріп те шығар емес. Қандай да бір іс атқаруға да ынтасы жоқ. «Жұмыстан ойда жоқта шығып қалып жүрмеймін бе?» деген қатерлі ой да тоқтата алмады. Елеуреп, ентелеп алған қазіргі қалпында өзін алаңдатар күш бар деп те ойламады.
Лиза бөлмесінде жалғыз екен. Мұның келуін күтіп және қалайда келетінін біліп, сеніп отырған жандай, Байшұбар қоңыр есікті айқара ашып кіре бергеннен-ақ орнынан үнсіз түрегеліп, құшағын жайып, қарсы жүрді…
Түскі тамақтан соң да інісімен екеуі төсектерінде ұзақ уақыт үнсіз жатқан. Үнсіздікті Шертай бұзды.
– Таң ата түсімде Шырай жеңешемді көрдім, – деді ол өкпелеген үнмен тоңтеріс сөйлеп.
Байшұбар үндемеді. Мырс етіп күліп жібергісі келіп жатып-ақ өзін-өзі тоқтатты. Ішінен: «Ақымағым-ау, ағаңның сондай келіншекпен көңілдес болғанына мақтанбайсың ба? Алақайлап қуанып, қол шапалақтап мәз-мейрам болмайсың ба? Сондай аруды аймалап құшқан мына жаман ағаңды пайғамбардай сыйлап, құрмет тұтпайсың ба?» – деп ойлады. «Ойда жоқта жеңгесі түсіне кіре қалыпты. Ойбай-ау, Лиза кім? Шырай кім? Тоғайдан жаңа ғана арып-ашып отын арқалап келгендей алқа-салқа жеңгесін…»
Байшұбар бір аунап түсіп, теріс қарап жатқан күйі өз-өзінен күлімсіреді. Інісінің айтқаны да, Лолаханның таңертеңгілік алдына қасық пен шанышқыны лақтырып тастағандай етіп тарс-тұрс қойғаны да, қыртына кірсе кәнекей… Тап қазір де көз алдында ұйқыдан жаңа оянғандай албырап, аққу мойынды Лиза оның көз алдында тұрды.
Байшұбар Лизадан өзге ешкімді көрмеді. Тыңдамады. Естімеді.
Естімедім дейтіндейі де бар. Інісі таң алдында көрген түсінің жыры біткеннен кейін де, бырқ-бырқ бірдеңелер айтып жатқан. Сол сөздердің біреуі де мұның құлағында қалған жоқ.
Байшұбар теріс қарап жатқан күйінде-ақ рақат сезімге бөленді. Жын соғып кеткендей, тағы да өз-өзінен күлімсіреді. Аяғын созып, сондайлық ләззатпен керіліп, есінеді. Сосын түнімен шала ұйқы болған бейбақ өз-өзінен маужырап, пыс-пыс етіп рақат бір ұйқыға кетті.
…Бұл Байшұбардың мына дүниенің ешқандай да бақытына айырбастамайтын ғажайып күні… таңғажайып сәттері еді…
Орыс жаңа жылының қарсаңында Шырайдан тағы хат келді.
Әуелі Лиза оқып шығып, сосын бұларға әкеліп, Байшұбарға ұсына берген хатты Шертай жолдан жұлып алды. Бұл – Лизаға емес, «сенің бұл хатты оқуға хақың жоқ» дегендей Байшұбарға көрсеткен сесітін.
Лиза «қайнысының» бұл мінезіне кеңдік танытқандай, езу тартып күлді де қойды. Ал Байшұбар кәдімгідей бүгежектеп, төменшіктеп қалған. Бүгежектегені ғой: «Иә, сен оқышы, Шертайжан, мен тыңдайын» деп міңгірлегені.
Шертайдың қисықтығы да едәуір еді. Ағасына ерегісіп, хатты әдейі ішінен оқыды. Бұл жолғы хат өте ұзақтын. Өйткені Шырай бұлардан барған ақшаны алу қуанышымен бірге ақшаға не сатып алғанын, кімдерге қарыз бергенін, кімдердің алашағынан құтылғанын қалдырмай жазыпты. Жеңгесінің қанша килә ұн, күріш, картоп, қант сатып алғандарына дейін тізіп айтқан соң-ақ не дейсің… Бірақ соның бәрін түгел айтуы Шертайды жалықтырған жоқ. Қайта сол ұнды да, күріш пен картопты да үйге өзі арқалап апарып кіргізіп бергендей қуанып, әлденіп отырды. Жеңгесі мен інілері үшін босағаға осынша ризық кіргізгеніне кәдімгідей марқайды. Мақтанды. Ал Шырайдың өзіне, Әліқұл мен Бейсенге алған киім-кешектері ше? Інілерінің екеуі бірдей күпәйкелі болыпты. Екеуіне бірдей іші жылы бәтеңке, костюм-шалбар, көйлек пен ішкиімдер… құдайым-ау, жеңгесінің осынша мылжың екенін бұрын-соңды аңғарсашы… Оралып келіп өзінің алғандарына қайта тоқталыпты. Көйлек-жаулық… Үй маңына қыста киетін жеңіл куртка, жүруіне жайлы жайтабан етік…
Осынша шұбаған тізімді оқығанда Шертай ішінен: «Біз осының бәріне жететіндей мол ақша жіберіп пе едік, өзі?.. Жүз қырық мың теңге… Оның да бес мыңын Байшұбар алып қалған. Сонда жүз отыз бес мың теңгеге осынша мүлік сатып алып жүрген Шырай жеңешемнің қолы қандай берекелі еді? Енді екі жүз мың сомды салған кезде жеңешем Ұзынарық ауылындағы ең бай келіншек болып отыратын болды-ау. Бәрінен де ауылымыздың… көрші ауылдардың бәрі жеңешемнен қарыз алуға шұбайтынын айтсайшы», – деп ойлады.
Хатта ауылдағы өзге ағайындардың жай-күйі де егжей-тегжейлі айтылыпты. Тұмауратып жатқандар… Тұмаудан енді басын көтергендер… Ұрыға мал алдырғандар. Азық-түлігін тауысып, жүгерікөже мен асқабаққа қамалғандар.
Ең соңынан соғымдарын сойып, уайым-қайғысыз отырған екі-үш тоқ отбасы жайлы айтуды да ұмытпапты.
Осының бәрін ішінен көңілі толып, қуанып отырып оқыған Шертай, Шырайдың хатын оқу үшін өзінен кейін ағасының күтіп отырғанын да ұмытып кеткен еді.
Ол оқып болған соң да, хатты бірден Байшұбарға ұстата салған жоқ. Хаттың әзер оқылатынын шимай-шатпақ жазуларына қарап отырып езу тартты. «Осы Шырай жеңешем нешінші класты бітіріп еді, өзі? Әй, төрт кластан аса қоймаған-ау». Сосын шимай-шатпақ жазуларды менсінбей отырып-ақ інілерінің есі шығып қуанған, шаттықтан қосыла тақпақ айтып кеткен жерлерін шұқшиып қайтадан оқыды.
Сосын кезек күтіп телміріп отырған ағасының қолына хатты ұстата салып, өзі асығыс сыртқа шыққанда Шертайдың ақ құба жүзінде қуаныштан қан ойнап, бүгін ғана Ұзынарықтан келген жандай көздері нұр шашып, күліп тұр еді. Аяғын кең адымдап мал қора жаққа жүре бергенде, ағасының ауылға жіберілетін ақшадан бес мыңдықты қымқырып қалғаны сап етіп есіне қайта түсе кеткені.
«Ойпырым-ай, сол кездің өзінде-ақ ағамның ойында арам бірдеңелер бар екен-ау. Қалайша аңдамағанмын, ә?» деп ойлап келе жатып, бес мыңдықты сол сәтте-ақ ағасының қолынан жұлып алмағанына қатты өкінді.
«Сонда сол бес мыңға Шырай жеңешем тағы қаншама нәрселер сатып алар еді? Мәселен, тұтынатын кесе-шәйнек, ыдыс-аяқ, тәтті-құтты деген сияқты».
Осылай ойлай беріп, ол кенет есіне оқыс бірдеңе түсірген жандай бір орнында қалшиып тұрып қалды. «Расында да, Шырай жеңешем жылы қолғап, жүн шұлықтар туралы хатында ештеңе айтпаған ғой. Демек, жүз отыз бес мың теңге жылы қолғап, жүн шұлықтарға жетпей қалған… Бәсе, мен білетін жеңешем ештеңе ұмытпаса етті. Ештеңені ұсақ-түйек деп қарамаса еді».
Әлгінде ғана Шертайдың қан ойнап, күліп тұрған жүзі бірауық сұрланып, түтігіп кеткендей болды да, бойын буған осы бір ашу екпінімен ол мал қораға қарай қайтадан қатты адымдап кетіп бара жатты.
Шырайдың бұл хаты алдыңғы хаттай екеуінің арасында абыр-дабыр талқыланған жоқ. Әрқайсысы өзінше оқып, өзінше қуанып, өзінше қиялдады. Бір қызығы – хат өз атына ғана келгендей, Шертай оны сәнмен бүктеп, ішкі қалтасына салып алды. Байшұбар үлкен үйге, Лизаға қыдырыстап кеткенде, мұның сол хатты қалтасынан алып, оңашада оқып отырғаны. Оқып отырып күледі. Тасып қуанады. Сол хатты бірде мал қорада оқып отырып ауылын, үй ішін өлердей сағынғандығынан болар, ағыл-тегіл жылағаны да бар. Бірақ жылап болған соң, әп-сәтте-ақ қайта көңілденіп, үш аттың ақырларына айырмен кезек шөп салып жүріп, ысқырып әндеткенін айтсайшы.
Қалтасындағы хатты Байшұбардың екі-үш рет ұрлап алып оқығанын да байқады. Бірақ үндеген жоқ.
Шырайдан хат алғандарына бір жетідей уақыт өткен шамада, түскі астан соң төсектерінде қатар демалып жатқанда, Шертай оқыс сөз бастап:
– Шырай жеңешеме жауап жазамын, – дегені.
Төсегінде бір бүйірлеп теріс қарап жатқан Байшұбар шошып кеткендей болып:
– Ол не дегенің? Бізге хат жазуға болмайды ғой, – деді.
– Неге болмайды?
– Тәртіп солай…
– Менің ағам тәртіпті бақылайтын жанның өзімен ашына емес пе?
Байшұбар бұл сөзге жауап бере алмады. Жауап бере алмағаны сол – екі беті өз-өзінен алмадай қызарып, абдырап қалса болар ма?
Бұл да бір Шертайдың ағасына жасаған өзінше айбаты еді.
…Хат жазу жайлы әңгіме екеуінің арасында одан әрі жалғасқан жоқ. Кейіннен де естеріне алмады.
Желтоқсанның соңын ала бастаған қар, орыс жаңа жылынан кейін де үздік-создық жалғасты да, үлкен жұмыс аула тазалауға арналды. Шоқша сақал Асаділләмен қосылып, Байшұбар мен Шертай да ертеден кешке дейін қар күреумен болды.
Осы күндері алыс қалалардан сапардан қайтқан қожайынын бұлар екінші рет көрді. Сәске уақыты болатын. Таңертеңнен қар күреп жатқан екеу бусанып терлеп, бір сәт тыныстаған. Байшұбар мен Шертайға қосылып күрегінің сабына сүйеніп тұрған шоқша сақал Асаділлә кенет иегін үлкен үйге қарай шошаң еткізіп:
– Қ-қо-ожжа-ай-ын-н, – деді сыбырлап әрі тұтығып.
Қожайын басқыштан төмен түсіп келеді екен. Жүріс екпініне қарап, тура өздеріне келетіндей болып та іштерінен дәмеленіп еді. Жоқ, келмеді. Тіпті жүзін бұларға бұрмастан ауланың темір қақпасына қарай беттеді. Үстінде қоңыр дубленка. Аяғында қыстық етік. Таза ауа жұтуға шыққандығы болар, темір қақпаны жағалап әрлі-берлі жүре бастады. «Барып сәлемдессек қайтеді?» дегендей Байшұбар қозғалақтап інісіне қарағыштап еді, Шертай сыр бермеді. Ахмет қожайын да бұлардан сәлем дәметіп әуре болмағандай әрлі-берлі жүрді… жүрді де, аяздаған қарды қарш-қарш басып келіп, қайтадан басқышпен жоғары көтеріліп, үлкен үйге кіріп бара жатты.
Асаділлә қожайынның көзіне түсіп қалғысы келгендей, әуелде ол төмен түсіп келе жатқанда-ақ қар күреуге қарқынмен қайта кіріскенде, оған Байшұбар да ілескен. Қожайынның жүрісін бағып, оған кірпік қақпай ұзақ қараған Шертай ғана болды. Қожайын үйіне қайта беттегенде барып қар күреп жүргені енді есіне түскендей, қолындағы күрегін омбы қарға қарш-қарш салып іске кірісіп кетті.
Ахмет үйде болған кездері Байшұбар мен Лизаның арасындағы байланыс біраз үзіліп қалды. Өйткені ендігі жерде үлкен үйдің табалдырығынан аттау туралы ойлаудың өзі қатерлі еді. Бөлмеде, болса да, Шертай бар. Осылай бірін-бірі сағынысқан күндердің бірінде Лиза таза ауа кіргізу үшін терезесін ашқан сәтте, Байшұбар да қабаттасып өмірі істемеген әдетін жасап, терезесінің бір жақтауын ашқан. Сондағы бір-біріне ұзақ сүзіліп, үздігіп қарағандары-ай… Терезелерінің бір-біріне қарама-қарсы болғаны да қандай бақыт еді. Ләм-мим тіл қатысу жоқ. Бар болғаны – бір-біріне қарады да тұрды. Содан бір кезде Лиза бұған күлімсіреп оң қолын ептеп көтеріп, бұлғап еді. Байшұбар да асып-сасып, әуелі сол қолын, сосын оң қолын көтергені. Лизаға ұқсап күлген де болды.
Ғашықтық дегеннің не екенін де Байшұбардың анық сезінгені осы сәт болды-ау шамасы. Екеуінің солай қанша тұрғандары да анық есінде жоқ. Ақыры Лиза оң қолын қайта бұлғап, күлімсіреп тұрып терезесін жапқан кезде, бұл да терезесін жауып қоюды ұмытқан жоқ.
Артынша күні бойы қар күреп, бөлмеге кірген інісі: «Терезені осынша ашқан кім? Бөлменің іші даладай азынап кетіпті ғой», – дегенде де, Байшұбар үнсіз тұра берді. Не деп уәж қайтаруды ойлаған да жоқ. Өйткені оның барлық ынта-ықыласы ана үлкен үйдің қарсы терезесінде болатын.
Сол күннің кешінде Шертай аттарға жем-шөп беру үшін асығыс тамақтанып, асханадан ертелеу шығып, Байшұбар жалғыз қалып қойғанда, Лолахан қызғанышын білдірмеген болып, жанында отырып шай құйып, ұзақ әңгімелесті. Сондағы сыпайылап жеткізген бір сыры – Лолахан қожайынның әуелгі нақсүйері екен де, Лиза кейінгісі екен. Тіпті Лизаның шын атының Ләйләгүл екенін де Байшұбар осы жолы Лолаханның аузынан естіді.
Әуелде ол «қызғаныштан шатып жүргені ме екен» деп іштей Лолаханды кінәлаған. Бірақ ғашығының жайын көзі ұйқыға кеткенше ойлап, ертеңіне ояна сала тағы ойлап ақылға салса, өтірік құрастыратындай ештеңе жоқ сияқты. Бір қызығы – осы әңгімеден кейін де Лизаны жек көріп, болмаса, Лолаханды жақсы көріп кеткен ештеңесі жоқ. Ал қожайыны туралы көп ойлаудың өзі үрейлі секілді көрінді де, қайтадан Лизасын есіне алды. Есіне алмасқа амалы да жоқтай халде еді…
Ағайынды екеуінің арасындағы дүрдараздық көктем шыға беріп басылды. Оған себеп болған жай Шырайдан келген үшінші хат еді. Хаттағы жазуына қарағанда, бұлардан барған кезекті екі жүз мың теңге бүкіл ауылды дүрліктіріп жіберген. Шырайдың берген құдайы шайының үстінде: «Ойбай, Қауынбайдың екі баласы бірдей табысты жұмысқа кезіккен екен. Енді Ұзынарықта олардан бай ешкім болмас» деп дабырласыпты. Тіпті бұлардың салған екі жүз мың теңгесін екі миллионға айналдырып жіберіп, ана ауылға, мына ауылға апарып гуілдетіп таратқандар да табылыпты.
Шырай конверттің ішіне екінші класта оқитын Әліқұлдың шимайшатпақ жарты бет хатын да қоса жіберген екен. Бұлардың көңілін бұзған осы хат болды.
«Көке, Шертай аға» деп бастапты ол хатын. «Сендер неге Каныколға келмейсіңдер? Біз сендерді қатты сағындық. Кеше Бейсен «Көкеме, ағама барамын» деп жылады. Сосын апам да жылады. Ол екеуі жылаған соң мен де шыдай алмадым. Мен де жыладым. Сендер неге хат жазбайсыңдар? Жұмыстан қолдарың тимей ме? Каныколға келсеңдерші. Бейсен екеуміз алдарыңнан шығар едік. Әліқұл».
Шырайдың хатын оқыған тұста, ауылдастарының даңғойлығына да дән риза болып, желпініп отырған ағайындылар Әліқұлдың хатының тұсында басылып қалды. Екеуі екі жаққа қарап томсырайып, бірауық үнсіз отырысты да, бір кезде Шертай пырс-пырс жылады.
Әуелде үнсіз егіліп отырып өз кереуетінің бас жағындағы тумбаның үстінде сүйеулі тұрған жеңгесі, інілерінің суретін қолына алуы мұң екен – қатты еңіреп қоя бергені.
Байшұбар інісін жұбатарын да білмей, өзі қосылып жылай берудің де ретін таппай, абдырап қалған. Шертай сол жылап отырған қалпы, бір кезде бұған оқыс бұрылып:
– Кетейікші, аға! – деп қорс ете қалғаны.
– Қайда?
– Ауылға-а… Осы істегеніміз, осы тапқанымыз да жетер…
Тап осындай әңгіме басталарын күтпеген Байшұбар қапелімде сасқалақтап қалды.
– Шертай-ай, мұндай жұмысты қайтып таба алмаймыз ғой.
– Табылмаса қойсын. Осындайда жұмыс бола ма? Ауылыңа хат жазуға болмайтын… Суретке түсіп, оны үй ішіңе жіберуге болмайтын.
Шертай пырсылдаған күйі есіктен шығып кетті. Ағайынды екеуінің арасындағы осы әңгіменің немен тынарын да білмеген Байшұбар әрі-сәрі күйі бөлмеде жалғыз өзі үрпиіп отырып: «Шертайдың жылап жүргенін көріп қалса, аналар не ойлайды?» деп үлкен үй жаққа да көзінің астымен анда-санда бір қарап қояды.
Осы оқиғадан кейін ағайынды екеу қайта жақындасты. Алғашқы хаттың тұсындағыдай асханада ас ішіп отырып та, бөлмелерінде демалып жатып та, шүйіркелесіп, күбір-күбір әңгімелесетін болды. Сондағы айтатындары – Ұзынарық ауылындағы ауылдастары, үй іші жайы еді.
Араларының жақындасқаны соншалық, екеуі мал қорада аттардың астын тазалап, жем-шөп салып жүріп те, ағаш астаулардың ернеуіне қатар отыра кетіп ауылдары жайлы бұрын да әлденеше айтқан әңгімелерін қайта айта беретінді. Сағыныштан құса болған осындай бір сәтінде Шертай: «Бізді ел-жұрттан бөлген осы мал қораны Тоқашбай ағама ұқсап лаулатып өртеп, кетіп-ақ қалар едім… шөп пен жем кетсе қайтер дейсің, байдың мүлкі ғой. Мал кетсе де, басқа тұлпарлар табылар… Қапияда Лиза жеңгем күйіп қала ма деп уайымдап жүрмін…» дегенде, Байшұбар қатты қызарақтап қалды. Туған інісінің алдында осынша төмендеуі де кішігірім қорлық сияқты еді.
Інісі біле білсе… үлкен үйдегі бөлмеде омырауынан әтір иісі аңқыған сұлуды құшып жатып та, бұл екеуінің қамын жеп жатпады ма? Қожайындары жайлы сыр тартып, жыланның уынан дәрі жасайтын кісі екенін білді ғой. Бірақ бұл жаңалықты естігенде «ел-елдің арасына сауда жасайтын алпауыт бизнесмен бе десем…» деп Ахметті қомсынып қалған. Байшұбардың осы ойын құшағында жалаңаш жатып-ақ анық аңдаған келіншек: – Сіздерге керегі ақшасы емес пе? Қожайынның немен айналысатыны не үшін керек? Солай емес пе? – деп сиқырлы, сыңғыр күлкісімен мұны негізгі әңгімеден алыстатып әкеткен.
Бірақ Байшұбар қожайын жайлы ойдан қанша алыстап кетсе де, ол Лизаның сыңғыр, мол күлкісінен соң да қайта оралып келіп: – Бізді ауылға аз күнге жіберіп алмайсыңдар ма? Қайтып оралмайды деп қорқасыңдар ма? Ақша адамды алыстатпайды. Қайта ораламыз – дегені бар. Сонда келіншек бірауық үндемей қалды. Тіпті көзін, жүзін мұң шалғандай болып жатып:
– Күзде барасыңдар ғой, – деді қайта-қайта мазалай берген баланы жұбатқандай күйде, болмашы езу тартқан болып.
Лизаның айтуы бойынша жыл сайын у дәріге сұраныс артып отыр екен. Адамдар бай елдерден де, кедей елдерден де келіп жүрген көрінеді. «Мәселен, мына жігіт табысты үлкен фирмасы ойда жоқта банкротқа ұшырағаны үшін дәрі сатып алуға келіп отыр» деп ұзын бойлы жігітті сыртынан көрсетті.
Байшұбар сонда терезеден әлгі жігітке ұзақ қарап тұрғаны бар. Бірақ сонша қарағанда, әлгі жігіттің өлмек болған себебін түсіне алмады. Өйткені оның үстіндегі дубленка, костюм-шалбары мен аяғындағы жалтыраған қара туфлиді базарға апарып сатса, түскен қаражатпен Ұзынарық ауылының бір үйін екі жыл асырауға болар еді.
Тағы бірде Лиза Байшұбарға «Мәселен, мына әйел өмірден әбден түңіліп, жеті баласымен бірге о дүниеге аттану үшін у дәріге келіп отыр» деп өңі жүдеу әрі реңсіз қара қатынның суретін көрсеткені бар.
Суретті қолына ұстап қарауын қарағанымен, екінші қолымен келіншектің жұп-жұмсақ денесін құшақтаған күйі отырып:
– Біржұтым уды бере салмайсыңдар ма? Қайыр-садақаларың болмай ма? – деген әлдебіреудің қайғысына қара жамылмайтын жанның әдетімен күле сөйлеп. Лиза күлген жоқ.
– Ол не дегенің? – деді бірден шап етіп. – Удың әр тамшысы бір түйір алтын!
Сосын ол бір сәт ойланып қалып:
– Алайда ол әйел де құралақан емес. Әжесінің әжесінен қалған күміс білезігі – сапалы құйылған, сирек кездесер зат. Қазір қожайынның қолында.
Сонда бұл Лизаның жұп-жұмсақ денесін құшақтап, сипап отырып фирма бастығының өлімін жарасымдылау көріп, әйелдің үй ішімен қырылу мақсатына бәрібір қайран қалған.
Тіпті әйелдің бұл ісін ақымақтық көрді. Бірақ құшағынан Лизаны босатып жіберген соң әйелдің жүзіндегі, көзіндегі терең мұңға қайта мән беріп үңілсе, оны ақымаққа балай салуы ретсіз екен.
Өзінің миы анық жетпеген осындай бұлдыр тағдырлар туралы үш-төрт күн басын қатырып жүрді де, сосын мұндай жайларды қайтып ойламасқа өзіне-өзі серт бергендей болып тыйылды.
Тыйылуы да қызық еді. Үстінде дубленкасы, аяғында жалтыраған қара туфлиі бар жігіт есіне түссе-ақ, Байшұбар сол ойларды жау тигендей етіп басынан бықбырт қуып шығады да, оның орнына өзінің Лизасын ойлап кетеді. Егер әлгі жігіт ойынан оңайлықпен кетпей қойса, бұл Лизаны жалаңаш елестетеді де… жаны біржола жай табады. Өйткені мұның қиялындағы жалаңаш Лиза кімді де, нені де болса бездіріп жіберетіндей, тіпті біржола ұмыттыра алардай алапат сиқырлы күш еді.
Ал жеті баласын өзімен бірге өлтірмек болған реңсіз қара қатын елестей қалса, бұл екі баласын ерткен әйелі Шырайды ойлай қояды. Алқа-салқа болып жүрсе дағы Шырайдың да күйеуін анау-мынау ауыр ойлардан құтқарып алуға құдіреті жететін… Бұл құпияларының ешқайсысын да Байшұбар інісіне айтқан емес… Айтпақ та емес. Ақыл тоқтатқан аға болмаса, есі әлі кіресілі-шығасылы Шертай секілді бозбалаға естіп-білуге ертелеу әңгімелер деп есептеген.
Майдың ортасында Шертай жиырмаға толатын. Інісінің көңілі өссін деп осы жайды Лизаның есіне салуы-ақ мұң екен, шын ықыласы ма, әлде Байшұбарға ұнай түскісі келгендігі ме: – Оһо!.. Үлкен қуаныш қой, – деп ерекше ықылас танытып, Лолахан екеуі бірден стол жасау қамына кірісіп те кетті.
Кешкі асқа сәйкестендіріп жасаған столдың төріне Шертай отырды да, Байшұбар, Асаділлә, Лиза, Лолахандар төмен жайғасты. Ең бастысы – бәрі де көңілді еді.
– Қожайын қатыса алмағанына өкініш білдіріп, мынадай сыйлық беріп жіберді, – деп, Лиза әдемі коробкадан шетелдік коньяк шығарып, жағалай құйып шықты. Шертай дәмін татып, өзгелері әлгі коньяктан кәдімгідей ішті. Әрі-беріден соң музыка қойып, Байшұбар Лизамен, Асаділлә Лолаханмен биледі. «Өзімізде де ақша жүрсін де» деп баяғыдан сақтап жүрген бес мың теңгесіне Байшұбар жаздық шолақжең ақ көйлек сатып алған. Соны сыйлады. Лиза өз атынан еркектер пайдаланатын одеколон берді. Тіпті өзгелері де құралақан келмепті. Асаділлә шахмат тақтасын, Лолахан ойнайтын карта сыйлады. Түн жарымына дейін созылған осы отырыста бимен бірге жекелеп, жұптасып ән айтушылар да табылды.
Бір жақсысы – шоферімен қонаққа кеткен Ахмет мырза түн жарымына дейін келмеді де, бұлар думандатып емін-еркін отырысты.
Ептеп қызып, екпіндей сөйлейтін дәрежеге жеткен Байшұбар інісі екеуі оңаша қалған сәтте: – Ризасың ғой! Туған күнің жақсы өтті емес пе? – деп өзінше қолпаш жасамақ болған. Бірақ Шертай аса қуанбағандай. Қуанбақ түгілі төменшіктеп, жабырқап отырып: – Қайдан керемет болсын, аға… Менің туған күніме арналған дастарқанның бір шетінде Шырай жеңешем мен Әліқұл, Бейсен інілерім отырмаған соң… – дей беріп, пырс-пырс жылап қалғаны.
Әйелі мен балаларының аттары аталған соң Байшұбардың да көңілі бұзылды.
– Шертайжан-ау, әрине… Айтқаның рас қой. Шырай мен Әліқұл, Бейсендер отырмаған соң – дей беріп, абдырап, кемсеңдеп қалғаны. Одан әрі екеуі бірін-бірі жұбатпады да. Бірі жылап, екіншісі пырсылдаған күйі төсектеріне қисайысып, тап бір өкпелескен жандардай теріс қарасқан күйлері ақыры ұйқыға да кеткен.
…Қалай дегенде де, бұл кезең екеуінің де бақытты күндері еді… Өйткені екеуінің де жұмысы бар. Айлықтары ауылға кетіп жатыр. Қарын тоқ. Көйлек көк… Бұл шақта екеуі де толған. Әттең, суретке түсуге рұқсат жоқ. Болмаса, Ұзынарықтағылар бұлардың ақ сазандай дидарларын көріп те бір шуласар еді.
Байшұбарды ерекше бақытты десе де болар еді. Өйткені оның Лизасы бар… Екеуінің арасын ауладағылар үшін жариялы десе де болғандай. Бұл жайды Ахмет мырзаның өзі де біледі. Білетін себебі – екеуін жуырда шөп қораның ішінде көріп қалған. Екеуінің сереңдесіп жатқан аяқтарына қалың қабағының астынан қарап, ол біраз тұрды да.
Қожайындарының солай қарап тұрғанын Байшұбар мен Лиза да аңдады. Бірақ аңдағанда не істесін?
Қожайын тұрды-тұрды да, үлкен үйге қарай маң-маң басып кете барды.
«Енді шаруамыз шалқайған болар. Жұмыстан кететін болармын» деп Байшұбар абдырап, көпке дейін қорқып та жүрді. Тіпті «Ондай жағдайда, тым болмаса, ініме залалым тимесе екен» деп уайымдаған.
Бірақ қожайыннан хабар болған жоқ. Ертеңіне де… Оның ертеңіне де… Лизаның да көңіл күйі бұрынғыша секілді.
Сонда Байшұбар іштей «Ойпырым-ай, сабаз неткен кең кісі еді… Болмаса, мені ауладан ит қосып қуатын жері ғой. Ит қосқаны не, ойбай-ау, гүрс-с еткізіп атып тастағанда не істер едім? Мен үшін кім, қалай дауласа алады?» – деп ойлаған.
Лизаның айтуына қарағанда, қожайынның кешірімділігі қазіргі көтеріңкі көңіл күйіне байланысты секілді. Қожайынның у дәрісіне шетелдерден де сұраныстар көбейіпті. Ол – ол ма, у дәрінің бағасы соңғы айларда бес есеге өсіпті.
– Қазір мырзамыздың асығы алшысынан түсіп тұр ғой, – деді Лиза қымбат былғарымен қапталған диванда аймаласып, құшақтасып ерекше көңілденіп, қатар отырған бір сәтінде. – Егер биыл у дәрісін жеткілікті дәрежеде әзірлеп алса, бір жылдың ішінде-ақ бес-алты миллион доллар, бәлкім он миллион… табыс таба алады, – дей беріп, Лиза әуелі терезеден сыртқа, сосын қоңыр есікке қарап алып, сыбырлағандай ақырын күбірлеп: – Мен сізге өте құпия әңгіме айтайын… Жақында мырзамызға бір президент кісі жіберіп, біздің у дәріні сұратыпты. Өте қымбат бағаға-а! Есіңізде болсын ол у дәрі таба алмайтын да… қаражат үнемдейтін де кісі емес… Демек, біздің у дәрі-і…– деді де, Лиза бірауық Байшұбарға күлімдей қарап, үнсіз отырып қалды. Бұл бірден шап етіп: – Қай елдің президенті? – деген.
– Осто-оро-ожно-о! – деді Лиза оң қолының сұқ саусағымен жаңада боялған ернін қалқалай беріп. Қараған жанның сөзсіз сүйгісі келіп кететін сүйкімді еріндерін былай қойғанда, сүйріктей сұқ саусақ пен ол саусақтағы жалт-жұлт еткен гауһар жүзікке де бірауық ерінбей қарап отыруға да болар еді. Бірақ Байшұбардың қазіргі бар ынта-ықыласы әлгі өлгісі келіп, қожайыннан у дәрі сұратып кісі жіберген президент туралы болғандықтан да:
– Қай елдің президенті? – деді ол әлгінде ғана айтқан сөздерін сөзбе-сөз қайталап. Ентелеген екпіні – сол президентке есесі кетіп жүрген оппозиция серкесін еске салғандай.
Жан-жағына онсыз да үреймен қарап отырған келіншек әуелде сыбырлап болса да, бір құпия айтардай дәмелендіріп бұған қарай шамалы еңкейе берді де, Байшұбардың соншалық ықыласпен, есі кете сұрауын оп-оңай күлкі еткісі келгендей, аузын мұның құлағына тоса беріп, кенет шөп еткізіп сүйіп алды. Сосын сыңғырлап күлді. Және соншалық ұзақ күлді. Ал түсініп көр, Лиза ханымды!.. Ашуланып көр Лиза ханымға…
Абдырап қалған Байшұбар енді оған амалсыз ілесе езу тартты.
Лизаның сол жолғы сыбырлап айтқандарын дәлелдегендей соңғы кезде Ахметтің ауласында бірсыпыра өзгерістер болды. Ендігі жерде сыртқы есіктің алдында қарулы күзет тұратынды шығарды. Бұрынғы қара джип Лиза мен Лолаханның қалаға қатынауларына, өзге де әртүрлі шаруаларына бөлініп, мырза енді ақ джип алды. Өте қымбат секілді. Ішінде теледидары мен тоңазытқышы бар екен деп естіді. «Маркісі мынадай» деп Лиза бұған айтуын айтып еді, құлағына жат, шетелдің сөзі Байшұбардың есінде қалмапты. Өздері жақындап барып қарауға да тәуекел еткен жоқ.
Жазға қарай әртүрлі сәнді машиналарымен қожайынға келіп-кетушілер көбейді. Олардың қайсыбірлері онымен мәслихат құрып ұзақ отырады да, енді біреулерінің үлкен үйге кіруінен, шығуы тез.
Ұзақ мәслихаттасатындардың кезінде үлкен үйдің екінші қабатына шай мен шай жабдықтары, жемістер мен әртүрлі шарап, сусындар тасып Лолахан мен Лиза да аяқтарының ұшымен басып жүргендері…
Сондай ұзақ мәслихат құрулардың кезекті тобы кеткеннен кейін, Лиза ағайындылардың бөлмесіне кіріп: – Көп ұзамай жұмысқа аттанасыздар, – деді аса сақтықпен биязы сөйлеп. Байшұбар үндеген жоқ. Шертай көптен күткен хабарын ақыры естігеніне ерекше қуанып, қол ұрып та жіберді. Қуанғандығы сондай жүзінде қан, көздерінде от ойнап шыға келді.
Бозбала жігіт өздеріне қапас-қамал болған мына ауладан, қайда болса да, аулақ кетуді іштей арман ететін. Және сол арманын жанындағы жалғыз ағасынан жасырған да емес. Енді ол сол шаттығын Лизаға да білдіріп, қолын шапалақтаумен бірге «Ур-ра-аа!» деп айқайлап та жіберген. Лиза кәдуілгі әдетімен тап бір сәбиді еркелеткендей жұмсақ қана езу тартты.
– Лиза тәте, сонда кім-кім барамыз? Неше атпен? Менің Қасқаторыға мінуіме болар ма екен? – деп өзі жақсы көретін атқа әуелден-ақ ен салып, бәрін де қазір біліп, қазір шешкісі келгендей асығып, аптығып отырған бозбалаға Лиза тағы да езу тартты.
– Оның бәрі кезінде белгілі болады.
Осылай деді де, келіншек еденді тық-тық басып есіктен шығып кетті.
Інісі мен нақсүйерінің алдында байсалды қалпын сақтағысы келгендіктен болар, Байшұбар Шертайдай еліріп қуанған жоқ. Бірақ бұл хабарға ренжімеді де. Қалай дегенде де, аула ішінен жалығу сезімі онда да бар-ды.
Ағайынды екеу Лиза әкелген сабын, тіс жуғыштарын, ыстықта күн өтпес үшін беті-қолдарын майлайтын маймен бірге, әрқайсысы өз тумбаларына тыққыштап жүргенде, Шертай тумбасының түбіне клеймен әлде тәтті бірдеңенің шырышымен жабысып қалған дәптердің жарты бетін тауып алғаны. Жабысып қалған дейтіні, қағазды қатты тартқанда, оның бір шеті жыртылып қалған. Қағаздағы жазуларға Шертай атүсті қарай салып, сосын умаждай бергенде, Байшұбар інісінің қолынан ұстай алды. Ұстай алғаны – көк сиямен жазылған қағаздағы жазулар оған соншалық таныс сияқтанып, жылы ұшырап көрінгені.
Ала салып қараса, Ералының жазулары. Үйіне жазған хаттарын оқып жүргені өз алдына, екеуі бірге оқыған. Бір партада отырған. Жазулары маржандай әсем болғандықтан, оған оқушылардың бәрі де қызығатын. Оқытушылардың өздері де «Ералыдай жазу керек» деп, реті келгенде, мақтап жататын.
Жарты беттегі тізім – Ералының ауылдағыларға, көрші ауылдағы таныс-туыстарына бересілері мен аласылары болып шықты. Бересілері аласыларынан әлдеқайда көп екен. Аты жазылған кісілерді де Байшұбар жақсы таныды. Жарты бет қағаздың Ералыдан қалғандығына ол енді шүбәланған жоқ.
«Сонда Ералы осы аулада болған екен-ау. Осы бөлмеде… Мына Шертайдың төсегінде жатқан… Сонда ол қазір қайда жүр? Ол туралы мына ауладағылар бізге неге айтпайды?» деп ойлады Байшұбар қолындағы жарты парақ қағазды ұзақ ұстап отырып. Бір жамандықты іші сезгендей еңсесі түсіп те қалған. «Айтпақшы, тізімдегі қарыздарының біразынан Сиякүл құтылды емес пе? Құтылды ғой», – деп ойлады Байшұбар қағаздағы тізімге қайта үңіле беріп. «Мәселен, мына Тоқашбай, Пірәлі, Сағымбайлардан құтылды… Демек, бұл тізім Ералы алғаш келген бетте…».
Байшұбар қағазды бүктеп, ішкі қалтасына салды. Бірақ інісіне тіс жарып ештеңе айтпады. «Ол не қағаз екен?» деп Шертай да сұрамады.
Кезекті кездесуінде Лизаға: «Сен Ералы деген жігітті танымайсың ба? Ол да Ұзынарықтан еді…» – дегенде Лиза бірауық үнсіз қалды. Сосын аз-кем қызарақтап тұрып: «Білмейді екенмін… Бәлкім ұмытып қалған шығармын…» – дей берді де, осындайда оп-оңай жымия салатын әдетіне салған.
Бұл жолы Байшұбар келіншекке еріп күле қоймады. Тіпті бірінші рет оны осы бір жасанды мінезі үшін жаратпай қалғандай сезімде отырды.
Есіне оқыс бірдеңе түсе кеткендей, Лиза кенет орнынан асығыс тұрып, есікке қарай беттегенде де, Байшұбар келіншектің соңынан көз алмай қарап отырды. Бірақ қызығып емес, күдіктене қарауы бірінші рет еді.
Жол жүрерден екі күн бұрын Лиза ағайындыларға, үйлеріне екеуі үшін төрт жүз мың теңге жіберілгендігін анықтайтын поштаның мөрі басылған анықтама қағазын әкеліп берді. Шертай тағы да еліре қуанып, қол шапалақтап жіберуге әзірлене бергенде, Байшұбар байсалды қалпын өзгертпей Лизаға:
– Ақша қалайша көбейіп кеткен? – деді.
Лиза да сасқан жоқ. Сүйкімді жымиып тұрып:
– Қожайынның қамқорлығы… Мынадай ыстықта жауапты жұмысқа баратындықтан, сіздерге бір айлық мөлшерінде сыйақы берді. Ризасыздар ма?
Байшұбардың таңданған күйде бірауық аузы ашылып қалды да, Шертай ендігі жерде шыдай алмай, әуелден дайындап отырған алақандарын аямай шапалақтады. Және қуаныштан есі шыққан жүзін көрсең… Сәби де мұндай қуана алмас, сірә.
– Жасасын қожайынымыз!
– Молодец! – деп Лиза да оны қостап қол ұрды. Сосын Байшұбарға бұрылды. – Сіз немене, қуанбайсыз ба?
Осылай деп келіншек әлі де поштаның анықтама қағазына үңіліп отырған Байшұбардың иығына қолын салды. Қылығында жаны бар еркектің жүрегін елжіретпей қоймайтын еркелік бар. Сондай сырлы назды Байшұбар да сезбей қалған жоқ. Сондықтан да:
– Әрине, әрине, қуанамын, – деді ол қапелімде асып-сасып.
– Ендеше неге қол ұрмайсыз? Сіздердің әсерлеріңізді мен қожайынға жеткізуім керек емес пе? А-аа?
Келіншек енді еркек түгілі, сайтанның да есін шығарып жіберердей сылқ-сылқ күле беріп, жігіттің қақпақтай жауырынан бір салып қалғанда, өзін байсалды-ақ ұстап отырған батырыңыз күректей алақандарын бір-біріне қалай соғып жібергенін де аңдамай қалды. Бір жағынан, осы ісіне ыңғайсызданып, өңі қызарып, алабұртып та кеткен. Бірақ бұл қысылу қол ұру себебінен ғана емес-ті. Өздерінше жасырғансып жүрген келіншекпен арадағы сезімнің ойда жоқтағы жариялылығын одан әрі жарастырып жіберген тағы бір жай болды.
Ағайынды екеу жарыса қол соғып отырған сәтте, Лиза «Сендердің қуаныштарың менің де қуанышым ғой» дегендей ортаға шығып, өзбекше мәнерде дөңгелене билеп, бөлме ішін бір айналып, сосын осы бір ісіне өзі қатты ұялғандай қызарақтап, алмадай қызарған жүзін алақандарымен көлегейлеп жасырған болып, бөлмеден шығып кетті.
Келіншек шығып кеткен соң да, ағайынды екеудің елірген қуаныштары бірден басыла қойған жоқ. Алақандарын ұруды қойса да, алып-ұшқан көңілмен көкке ұшып кетердей, екпіндері басылмады. Бір-біріне қарағандары да сондай мейірімді әрі қуанышты еді.
– Аға, мына жаңалық тіпті керемет емес пе? Айтпадым ба, қожайынымыз осы дүниедегі қолы ашық әрі мейірімді жан деп…
– Расында да-а…
– Аға, төрт жүз мың теңгені қолдарына алған жеңешем, Әліқұл, Бейсендер қалай қуанар екен, а-аа? – деді Шертай ағасының иығына басын сүйей беріп. – Құдай біледі, Әліқұл тағы да хат жазатын шығар. Жаңадан үйренген әріптері болса, Бейсен де аянбас. Алла қаласа, мына жұмыстан қайтып оралған бойда, солардың хатын оқып отырармыз.
Інісінің бақытты жүзі мен жақсы сөздеріне Байшұбарда марқайды. Кәдімгідей ет-бауыры елжірегені ғой, иығына сүйенген інісін қапсыра құшақтап, кеудесіне басты. Мұндай әдет – балалықтан арылғалы бері болмағандықтан ба, ойда жоқта екеуінің де көздерінен бырт-бырт жас та шыға кеткені.
Байшұбардың тағы бір қуанышы бетіне шіркеу болып жүрген Лизамен арадағы байланысына да інісінің кешірімді кең мінез танытуы еді.
– Аға, менің Әліқұл мен Бейсенге хат жазғым келіп отыр. Тіпті қазір жазсам, – деді кенет қуаныштан жеркөкке сыймай шаттанып, жүзі алабұртып отырған Шертай. Дәл қазір әншейінде ұстамды, сақ көрінетін Байшұбардың өзі де тым көңілшек еді. Бір жағынан, інісінің көңілін де қимағандығы болар:
– Шертайжан-ау, жақсы басталып тұрған ісімізді бүлдіріп алып жүрмесек.
– Бүлдірмеймін, аға-а…
– Өзің біл… Бірақ бүгін сені поштаға ешкім жібермейді де ғой.
– Пошта жәшігіне келген соң-ақ салармын. Бірақ жазуын қазір жазып қояйыншы…
Шертай енді ағасының жауабын да күтпестен, стол суырмасынан бір бет қағаз бен қаламды шығарған бойда інілеріне соншалық құпия сыр айтатын жандай теріс қарап отырды. Қаламының екінші ұшын ерніне тақап бірауық ойланған болды. Сосын қаламы қисаңдап ақ қағаздың бетіне әлдебір сөздерді жаза бастады.
…Ағайынды екеудің өмірлеріндегі бұл да бір айрықша есте қалардай бақытты күндері еді…
4
Ұзақ сапарға шығар түні бұлар әдеттегіден ерте жатқан. Лиза арқылы айтқан қожайындарының сәлемі осылай болды. «Қожайын айтты» деген соң-ақ екеуі де сөзге келмей, шешіне бастағанды.
Таң алдында Байшұбар түс көрді.
…Ағайынды екеуі ауылдарын іздеп жол жүріп барады екен-ау шамасы. Бұларды бастап келе жатқан жалғызаяқ жол, кенет бір қараңғы үңгірге кіріп кеткен. Байшұбар дағдарып қалса да, Шертай тайсалар емес. «Аға-ау, бұл жол үңгірден қайта шығады» деп қойды да кетті. Бұл да інісіне еріп бағып еді, үңгір бітер болмады да, бұл қорқып, алқына жүгіріп, қайта шығып келе жатқанда гүрс-с еткен мылтық үні естілді.
Сол ащы үннен шошынған Байшұбар қараңғы үңгірге қайта қаша беріп, оянып кеткен…
…Көзін ашса, Ахметтің өзі төбесінен төніп тұр екен. Қолында мылтық. Түсі суық.
Байшұбар көзін асығыс уқалай беріп: «Әлгінде түсімде атылған мылтық осы мылтық па, әлде-е…» деп ойлай беріп, бірақ анығына көз жеткізе алмады. Тіпті бұларды қожайынның өзінің келіп оятуы да күтпеген жай еді… Бір есептен, Байшұбарға әлгінде көрген түсі жалғасып жатқандай да әсер қалдырды. Олай дейін десе, Шертай да орнынан асығыс тұрып, апыл-ғұпыл киініп жатыр.
Үшеуі асханаға кіріп, үш үлкен кесеге құйылған айранды түрегелген қалпы, қатар тұрып сімірді де, бірден сыртқа шығып, мал қораға қарай беттеген. Асаділлә аттарды ерттеп, Лолахан аттарға тиелетін қоржындардың біріне ас-ауқат, екіншісіне әртүрлі қажет ыдыстар салып әуреленіп жатыр екен.
Кімнің қай атқа мінетінін де ағайынды екеуге жатар алдында Асаділлә түсіндірген. Бозбесті Ахмет қожайындікі… Жирен дөнен Байшұбардікі… Қасқаторы Шертайдікі…
Қасқаторының өзіне тигеніне де бозбала жігіт қандай қуанып еді.
– Ойпырым-ай, құдай бар екен ғой, аға-ау, Қасқаторының ақыры өзіме бұйырғанын қарашы, – деп, ұйықтар алдында өз-өзінен тасып күліп, шалқып сөйлеп, соншалық риза көңілмен төсегіне жатқаны бар.
Әрқайсысы өз аттарына мініп, тізіліп ауладан шыққанда, таң әлі саз бермеген де еді. Көшелерден жан баласы көрінген жоқ. Бұларға көрші аулалардың иттері де үрмеді. Шамасы ерінді… Әлде олар да ұйқылы-ояу халде жатыр.
Бірден алға түскен Бозбестінің бүлкіліне еріп, тізілген қалыптарында қыстақ сыртына шығып, қалың өскен жыңғыл, жантақты беткейді қиып өтетін жалғызаяқ жолға түсе берген шақта барып таң да саз берді. Қыстақ шетінен мөңіреген сиырлар мен үрген иттердің дыбыстары естіледі. Олар да марғау. Таңғы ұйқыларынан толық арылмағандары үндерінен аңғарылып тұрғандай. Әлде ұйқылы-ояу жандарға дүние түгел ұйқылы-ояу болып көрінетін сиқыры болса да, өзі білсін… Өйткені көктен, жерден естілген торғайлардың үнінен де шала ұйқылы күй сезіліп тұрғандай еді.
Ауладан шыққан бетте таңғы ауаның салқындығынан ағайынды екеу тоңазығандай болды да, көп ұзамай өздері үйренді ме, әлде ат бүлкінің дене жылытуға әсері болды ма, қабақтары да, көңілдері де жадырап сала берді.
Бірнеше ай бойы сырт дүниеге бөлменің терезесінен ғана қарап, қапаста отырған құстай іш пысты болған жандарға атқа мініп, иен даланы бетке алып шыға келгенде, кенет жаңа бір дүниенің мол есігі айқара ашылғандай әсер қалдырады екен. Ағайынды екеу ат үстінде келе жатып-ақ, кейде көздерінің астымен қарасып қойып, осы қуаныштарын бір-біріне білдірісіп жатты. Былай шыға-ақ жыңғыл бұтақтары балақтарын сызып, қайсыбір биік өскен жантақ, қамыстардың ат бауырын жалап жатқаны да оларды кәдімгідей қуандырды. Көзі түскен шөп, бұталарға да, жүріп келе жатқан шаңдақ жолына да жолаушылардың осыншалық сүйіспеншілікпен қараулары да, бір есептен, таңданарлық жай еді.
Төбеде шөкімдей де бұлт жоқ. Әлгінде ғана жуып, кептірген көкшіл матадай, шайдай ашық аспан күннің ыстық боларының белгісі-тін.
Қапастан әзер шыққандай сергек көңіл жолаушы жігіттерден ғана емес, аттардан да байқалған. Жыл бойы бағылып, жем мен шөптен қоңайған аттардың жүрісі де екпінді еді. Қай-қайсы да ауыздығымен алысып, «еркіме бір жіберші» дегендей жұлқынып-ақ келеді.
Басқаның ойында не бар екенін кім білсін, дәл Шертайдың жыңғыл мен жантақ аралас өскен беткейге жеткенде Қасқаторының басын бірауық жіберіп-ақ алғысы келген. Ет қызуы басылмаған бозбаланың басына бұл ойдың түсуіне де, Қасқаторының кенет жұлқынып, ауыздығымен алысып, өз-өзінен алға ентелеуі себепші болған. Бірақ ағасы қабағымен жасқап, иегімен Бозбестінің үстінде бара жатқан Ахметті мегзеген соң-ақ, аттың да, ат үстіндегі жігіттің де тәйтік мінезіне жол жоқ екенін енді ескергендей, «Айтпақшы, тәртіп дегені бар екен-ау» деп ойлаған Шертай ат тізгініне әзер ие болып келе жатып. Сосын «Аулада да тәртіп… далаға шықсаң, далада да тәртіп» деп ол іштей күңкілдеген болды. Ойлап келе жатқан тәртібіне өзі оп-оңай-ақ бағынса да, Қасқаторы оңайлықпен көнбестен адыр мінез танытып, Жиреннен озып барып, Бозбестімен құйрық тістесе бергенде, үстіндегі бозбала иесін ол да енді есіне алғандай болды. «Жөніңе жүрмеймін, өзімше тартамын» деп арындап тұрып-ақ, Бозбестіден озбақ түгілі, жанасып, қатар жүруге де болмасын ақыры сезгендей болып, Қасқаторы да тәртіпті мойындады.
Жолаушылар осы суыт жүрістерімен қалың шеңгел мен жабайы жиделердің арасынан әзер өтіп, дария жағасына жеткенде, күн де шығып, дүние ай-жай болған шақ еді.
Сырдарияның бұл тұсында жолаушылар өтетін паром да, көпір де бар екенін Байшұбар Лизадан естіген. Бірақ мұның байқауынша, қожайын адам аяғы тиген жерге жолайтын емес. Жолдарында кезіккен бес-алты үйден тұратын шағын ауылдың өзін орағытып өтті. Бұларды ол ауылдың адамдары түгілі, анда-санда ұшырасар жүргіншілерге ермек үшін үретін саққұлақ иттерінің өзі де біле алмай қалды. Өйткені әлгі ауыл жақтан қыңқ еткен ит дауысы да естілген жоқ.
Дарияның да суы қайтып, екі бөлініп ағып жатқан кезі екен. Қожайын жағаға да аса бөгелместен, жайылыңқырап аққан тұсынан Бозбестіні суға салды. Сонда ағын су Бозбестінің үзеңгілігіне кейде тиіп, кейде тиген жоқ. Артынша Жирен мен қасқаторы да Бозбестінің соңынан ерді.
Ахмет қайырға шыққан соң, бірден дарияның екінші бөлігіне ұмтылмай қайырмен жағалап, жарты шақырымдай төмен жүрді. Ағайынды екеудің ісі – оған еру ғана. «Неге былай етпейміз?» деген ой бастарына келе қалғанда да, бәрібір сұрауға батылдары жетпес еді.
Жарты шақырым шамасында жүріп барып, қожайын атын тағы да суға салды. Келесі бөліктің суы молдау екен. Үшеуінің де аяқтары суға батып отырды. Бағу көрмеген қоңы төмен аттар болса, бәлкім ағыспен бірге біраз ағып та кетер ме еді, әлде қайтер еді… Ағайындылардың қыс бойы, көктем бойы берген жем-шөптерін жануарлар ақтады. Бозбестінің өзі бастап, Жирен мен Қасқаторы қостап, дарияның ағысын қақыратып тілді де отырды…
Жағаға шығып, аттар суларын сілкінісіп тұрғанда Байшұбар іштей: «Мына қожайын дариядан жылына неше мәрте өтіп жүрген болды-ау», – деп ойлады. «Қай жерінде қанша су бар екенін де шелекпен өлшеп қойғандай ғой…»
Шертайдың ештеңемен шаруасы жоқ. Оған судан өткен де, жағаға шыққан да… бәрі-бәрі ғажайып ертегі секілді. Езуінде күлкі. Алыс көкжиектерден көз алмайды. Енді бірде төңіректі қызықтап бітіргендей, аузы ашылып, көктегі ала шарбы бұлттарға қарап отырғаны.
Дариядан өткен соң да аттылылар мүлдем жолсыз жерлермен жүріп, тағы да жабайы жиделердің, қалың өскен шеңгелдердің арасынан өтті. Сосын жыңғыл мен жантақ араласа біткен кең алқаппен ұзақ жүріп барып, аумағы атшаптырымдай көлге кезікті. Шамасы дарияның жыл сайынғы көктемгі тасуынан қорек алса керек, жағасы шалғынды. Әр жерде қауқайып өскен кәрі жиде ағаштары. Сол көлеңкесі мол, кәрі жиде ағаштарының біріне жете беріп, қожайын атының тізгінін тартты.
Әуелі ат үстінде отырып әлденеден абайлағандай, ол жан-жағына ұзақ қарады. Сосын атынан түсті де, ат тізгінін қатарласа бере тоқтаған Байшұбардың қолына ұстатты.
Байшұбар мен Шертай қабаттаса жүріп, аттардың үстіндегі қоржындарын алды. Жүгендерін сыпырып, көлге жетелеп барып суарып қайтқан соң, ертоқымдарын сыпырып, аяқтарын тұсап, шалғынға қарай айдады.
Бұл кезде күн тал түске таянып, күннің қызуы күшіне енген шақ еді.
Қожайын мылтығын асынған күйі барып, көл суына беті-қолын жуып, жиденің қалың көлеңкесіне жайғасқан соң, саусағын шошайтып, қоржындарды алдына алдырды. Өзге мүліктерге тиіспей, азық-түлік салынған қалталардың ғана аузын ашты. Онда да көпке шыдайтын тұз сіңген жылқы еттері мен әртүрлі шетелдік консервілерді кейінге сақтап, ыстық күнде тез бұзылатын көкөніс, картоп, тауық еттеріне қол салды.
Байшұбардың жол бойы баққаны Ахмет қожайын еді. Таңданарлығы «бірге жол жүріп бара жатырмыз-ау» деп әліге дейін ағайынды екеуге түсі жылып, шүйіркелескен емес. Шүйіркелеспек түгілі, түске дейін бұларға бірауыз тіл де қатқан жоқ. Айтқысы келгенін иек қағып әлде сұқ саусағын шошайтып мегзейді.
Көлеңкеде бірге тамақтанып, демалып сергіген соң аз-кем ашыла ма деген үміті де адыра қалды. Тамақ жеп отырғанда да, сол қатыңқы қабақ… жантайып жатқанда да, сол қатыңқы қабақ.
«Шамасы, қожайын осы қабақпен туған, осы қабақпен, бәлкім, өлер де…» – деп ойлады Байшұбар оның жылы ұшырауынан біржола күдерін үзген шақта.
Олар тоя тамақтанып алған соң, кәрі жиденің астында күн еңкейгенше жатып, тыныстады.
Күн еңкейіп, ыстық қайтты-ау деген шамада қожайын мылтығын асынып барып, көлге жуынды. Ағайынды екеу де оған ерген. Бірақ қожайынның дәл жанына жуынуға батылдары жетпей, аулағырақ барып жиденің бұтағына тасаланып, шешініп жатты.
Демалатын жерлеріне қайтып оралысымен, қожайынның мегзеуімен тағы да тамақтанып алып, жолға әзірленді.
…Бұлар кеш бойы, сосын ай жарығымен түні бойы жол жүрді.
Әуелде ағайынды екеуді даланың көрінісі мен ауасы қатты қуантып, айналаға қараумен болған. Әттең алған әсерлері мен алапат қуаныштарын бір-біріне айта алмады. Өйткені үнемі алда келе жатқан қожайындары үнсіз болған соң, Байшұбар мен Шертай да абыр-дабыр әңгімелерге бара алмай, тіл қатулары «мынаны қара, ананы қарадан» асқан жоқ.
Атқа көптен мінбегендіктерінен бе, әлде ұзақ жүрістен шын қалжырады ма, түн ортасы ауа-ақ екеуі де қалғып-шұлғи бастаған. Әсіресе түнгі ұйқыға Шертай тым әлсіз екен. Қалғи бастайды да… шошып оянады. Сосын бірауық есін жинап, алда бара жатқан қожайыннан сескенгендей аз-кем бойын тіктеп, жан-жағына қарағыштап отырады да, тағы да қалғып, артынша шошып оянады…
Бір жолы ат үстінен кәдімгідей аударылып құлап бара жатқанда, абырой болғанда, Байшұбар ұстап қалып, құлағына: «Абайла, қожайынды ренжітіп алармыз», – деп сыбырлады.
Шертай енді шын абайлағандай, бойын тіктеп, бет-аузын алақанымен қайта-қайта сипады. Өйткені «қожайынды ренжітіп алармыз» деген сөз оны кәдімгідей үрейлендіріп жібергендігінен болар, алда кетіп бара жатқан боз аттың үстіндегі боз жадағайлы қожайынға бірауық көзін алмай қарап отырды. Кейде төңірекке… аспандағы жарты айға қарап та аузы ашылды. Есінеді. Содан бір сәтте қайтадан қалғыды. Тағы да атынан аударылып құлап барып, есін жиғаны. Өйткені бұл кезде бас-көз болып келе жатқан ағасының өзі де ат үстінде басы бірде төмен түсіп, бірде көтеріліп, желмен шайқалған күнбағыстай қалтақтап отыр еді.
Таң атар шақта төңірек салқындады. Байшұбарды қайдам, Шертай кәдімгідей тоңды да. Бірақ «мен тоңдым» деп айтуға ағасынан ұялды ма, әлде қожайыннан сескенді ме, анығы өзіне де түсініксіз еді.
Әйтеуір, күндізгі ыстығына әзер шыдайтын даланың түнде осынша салқындауына бозбала жігіт, бір жағынан, қатты таңырқап та отырды.
Көз жетер жерде қылтанақ шөп атаулы бітіп, аттар анда-санда ғана ұшырасар бұйра төбелі тақыр даламен келе жатқан. Енді аттардың тұяқтарының тақұр-тұқыры ұйқылы-ояу кісіге айналаны көшіріп жіберердей үреймен естіліп келе жатты да, нағыз құм төбелерден өтерде аттар батпақтап келе жатқандай малтыға бастады.
…Бұл атақты Қызылқұмның шеті еді.
Ағайынды екеу де, олардың астындағы аттар да болдырып шаршап, ілбіп басып келе жатқанда, шығыстан таң да саз берген-ді.
Алдан әлдебір бұта-қылтанақтар қарауытты. Бұлар тағы біраз жүргенде әлгі қылтанақтар іріленіп тал болып, тарбиып көрінді. Сол тарбиған тал – сексеуілдердің ара-арасымен де біраз жүріп барып, ерекше биік өскен топ сексеуілдің түбіне жете беріп, қожайын мініп келе жатқан Бозбесті тоқтады. Бозбесті тоқтаған кезде, Жирен мен Қасқаторы да ілесе тоқтады.
Ағайынды екеу «Ойпырым-ай, ақыры жеттік пе?» дегендей ұйқылы-ояу көздерін қайта-қайта уқалап, жан-жақтарына қараған еді, бәрібір ештеңе түсінбеді. Түсінгендері – қожайындарына еріп аттарынан түсіп, ертоқым, қоржындарын алып, аттарды асығыс тұсай сала, өзді-өздінің ер-тоқымын бастарына жастанып, қисая-қисая кетіскендері…
Таза ауада ұйқысы тез қанды ма, әлде шаруа ыңғайын ойлағандағысы ма, қожайын күн көтерілісімен-ақ алдымен оянды. Оянып қана қоймай, орнынан тұрды. Жан-жағына қарап, тұсаулы жүрген аттарын бағдарлады. Сосын өз атына салынған қоржыннан «Кока-коланың» босаған қалбырына құйылған сумен беті-қолын жуды.
Оянса да, әлі ұйықтаған болып Байшұбар қожайынның істерін аңдап, бақылағандай халде біраз жатты да, орнынан тұрды. Әуелі есінеп, керілді, сосын қолдарын оңға, солға сілтеп, денесін шынықтырған секілді бірер қимыл жасады да, бұл да анда-санда алға бір секіріп, үшеуі үш жерде жайылып жүрген аттарға қарады.
Қожайын жуынып болған соң, «сен де жуын» дегендей қалбырды ортаға қойған. Соны алып жуынды. Таңғы салқын ауамен су да салқындаған екен. Денесі кәдімгідей жадырап қалды. Өз қоржынынан Лиза берген су жаңа сүлгіні шығарып сүртініп тұрып, тағы да тұсаулы аттарға, сосын әр жерде топ-топ өскен айыр бұтақты сексеуілдерге қарады. Өсіп тұрған сексеуілді бірінші рет көруі.
Күн енді көтеріліп жатқанымен қызуы алапат. Жанып шығып, жанып бататын күнді бұл да көрген. Бірақ мына жанудың тәрізі бөлек еді.
Ұйқысы қанбай орнынан тұрып үйренбеген балаңдығына бағып, әліге дейін тұяқ серіппей жатқан – Шертай ғана. Тіпті оған мына алаулап шыққан күннің жалыны да әсер ете қоймағандай.
Ахмет қоржынынан шолақ күрек шығарды. Сосын «соңымнан ер» дегендей Байшұбарға иек қақты да, өзі бір иығына мылтығын іліп, алға түсіп, анадайдан көрініп тұрған топ сексеуілдерге бастады.
Байшұбар соңынан ерді. Топ сексеуілдің маңында ошақ аумағындай жерде шөп өсіп тұр екен. Ахмет сол шөптің түбіне жеткенде, шолақ күрегін құмға екі-үш батырды да, «енді сен қаз» дегендей Байшұбарға ұстата берді. «Құмнан құдық қазу оңай. Тайыздан шығады» деген сөзді Байшұбар талай естіген. Сондықтан қожайын қолына шолақ күрек ұстаған бойда-ақ мұның ойына құдық қазу жайы түсе кеткенді.
Құдық қазуға Байшұбар тіпті де қиналған жоқ. Ысылдаған құмды оңды-солды лақтыру ол үшін ермек етер іс қана сияқты еді.
Құдық тізеге жеткенде құм ылғалданды. Ылғал құмды сыртқа лақтыру тіпті де оңай-тын. Оның үстіне, ылғалдың лебі мұны күннің алаулаған ыстығынан қорғағандай болды да, құдық ішіне Байшұбар тізесін бүгіп, аз-кем тыныстап отырды. Жанын жай таптырған сол сәттегі рақат-ай!
Ол тіпті іштей құдайдан одан әрі «өзім қазайын» деп қожайынының күрекке жармаспауын, інісінің де әзірге ұйқыдан оянбауын тілеген.
Құдық тереңдігі кіндікке жеткен кезде, құм суланды. Одан әрі күрек бойы қазғанда, ана бұрыш, мына бұрыштан көз жасындай саулап шыққан суды қызықтап, әрі даладағы аптапқа да асықпай Байшұбар құдық түбінде ұзақ отырған.
Бұл түнеген жерге қайта оралғанда, Ахмет пен Шертай қалың сексеуілдің көлеңкесіне газет жайып, таңертеңгі ас қамына кірісіп жатыр екен. Қожайын бұл жолы тұз сіңген жылқы етінен, әсіресе қазысынан мол турапты. Сиыр етінің консервісін де ашыпты. Маңдайына қытай әріптері жазылған, шамасы төрт әлде бес литрлік термос та қоқиып дастарқан шетінде тұр.
Қожайынның қолының ашықтығына бұрын да риза Байшұбар, бұл жолғы мәрттігіне айрықша тәнті болғаны… Тым болмаса, ұзақ жолсапарда үнемшіл шығар-ау деп ойлаушы еді, сөйтсе әлі де ағыл-тегіл…
Байшұбар ішінен «Сонда қожайынымыз бізге қайтар жолда не бермек?» деп ойлай берді де, тағы да мылтыққа көзі түсе кетті. Мылтықты көрген соң-ақ көңілі орныққандай болып, қалбырда қалған суға қолын шайып, дастархан шетіне жайғаса берді.
Асықпай ас жеп, одан соң қожайын құйып, ұсынған көкшайдан да анда-санда бір ұрттап қойып, Байшұбар өзіне бір қырын отырған қожайынының жүзіне ұзақ қарады. Бір аулада көптен бірге тұрып жатырмыз дегенімен, дәл жақыннан емін-еркін көз тоқтатуы да осы жолы-ақ шығар. Жол-жөнекей үнемі алда жүріп отырды. Ал анда-санда бұған бірдеңені нұсқап әлде жұмсағысы келіп бұрылған сәтінде, бұл батылы жетіп, тіктеліп қарай да алмайды. Неге екенін… әйтеуір, жасқаншақтап, төменшіктей қалады.
Қазіргі алысқа қарап, жеген асын ұзақ шайнап, соңынан қантсыз көкшайдан ұрттап қана отырған сәтінде де, Ахмет мырза өте сұстытын. Жиектерін ақ шалып, ара-жіктері қосылып кеткен өсіңкі сақал-мұртына қарап та, оның анық жасын дәл басып айту өте қиын еді. Елуде деуге де, алпыста деуге де болады. «Жетпісті жағалап қалған-ау» десең де баз біреулердің бас шайқап, күмән қылуы екіталай. Ширақтығы мен әлі де күш-қуатының барлығына қарап секем алмаса…
Қазір ғана Байшұбардың анық байқағаны – оның жолбарыстың көзіндей қанталаған, көкшулан көздері тым өткір екен. Сол көздерге қырынан ұзақ қарап отырып, қожайын өзіне оқыс бұрылған кезде неге жасқаншақтап, төменшіктеп қалатынын бұл енді түсінгендей болды.
Қожайынның бұл байқаған тағы бір тосын әдеті – үйден алып шыққан қол радиосының бар екенін, кеше көл жағасында демалған кезде-ақ байқаған. Анда-санда сағатына қарап алып, хабарлар берілер кезде ғана құлағына тосып тыңдайды да, қайтадан құлағын бұрап жауып қояды. Ән-әуенге зауқы жоқ. Қазір де тамақ жеуді бұлардан ерте бітіріп, үстіндегі шолақ жең, жұқа боз бешпентінің жанқалтасынан орамал шығарып, асығыс қолын сүртті де, төсқалтасындағы шынжырбау қалта сағатын шығарып, бір қарап, қол радиосының құлағын бұрады.
Радио ел президентінің өзге бір елге жасаған сапары, парламенттің кезекті мәжілісі жайлы айтты. Байшұбар білмейтін бір ауданда жаңа мектеп іске қосылғанын да сөз етті. Сосын диктор ауа райын айта берген сәтте қожайын қол радиосын өшірді де, оқыс Байшұбарға бұрылды. Қарағаны қандай суық. Байшұбар қапелімде қарадай абдырап, сасқанынан інісіне бұрылғанда, Шертай шайнаңдап әлі де ет жеп отыр екен.
Әлден уақыттан соң барып Байшұбардың есіне құдық түсті. «Қожайын маған құдықты мегзеп қараған шығар-ау», – деп ойлады ол орнынан асығыс тұра беріп.
Көлеңкеден шыға бере байқағаны – күн жанып тұр екен. Мына түрімен тал түсте, түс ауа қандай алапат ыстық боларын бір Алла білсін.
Құдықтың суы тұнған екен. Қолына алып түскен қалайы тостақпен Байшұбар әуелі өзі ішіп көріп еді, құмның салқын, таза суы жан дүниесін ғажайып рақатқа бөлегендей болды. Тіпті тұла бойынан тер шықты. Сыртта төменге төне қарап отырған Шертай да бір тостағын алып ішіп, тағы бір тостақ су сұрады.
Сәлден соң Шертай тұсаулы аттарды айдап келді. Байшұбардың құдық түбінен алып берген су толы тостағын Шертай іле көтеріп, шайқалып төгілмес үшін аяғын абайлап басып, аттың аузына апарады. Тәйірі, тостақтағы суды ат су десін бе, бір-ақ сіміреді. Ат аузынан босаған тостағын ала сала, Шертай ағасына қайта жүгіреді. Бірте-бірте молайып келе жатқан судан Байшұбар тағы іліп береді. Шертай тағы да аяғын абайлап басып, тостақ толы суды аттарға ұсынып жатқаны…
Осы әдіспен бұлар үш атты шамасы бір сағат бойы суарған шығар-ау.
Сонан соң Шертай аттарды сексеуілдің көлеңкесіне қарай айдады да, Байшұбар бір тостақ мөлдіреген суды аяқтарын дақ-дақ басып жүріп қожайынға жеткізген.
Ахмет ішпес бұрын, тостақтағы суға ұзақ қарады да, Байшұбарға бұрылды. Қарасында бұған күдік келтіргендей бірдеңе болды ма, немене…
Сосын барып суды ішті. Қожайынның да рақат күйге бөленгенін, оның тостақты бұған бірден ұсынбай, бірауық риза пейілмен төңірекке үнсіз қарап отыруынан аңғарды. Бірақ тіл қатпады. Байшұбардың өзін болмаса да, құдықтың суын мақтар деген үміті де адыра қалды.
Ол үндемеген қалпы бұған тостақты қайта ұсынғанда: «Тым болмаса, жолға шығар уақытымызды айтар ма екен» деп те дәмеленген. Ол дәмесіне де жауап болған жоқ.
Бар болғаны аз-кем қозғалып, сексеуілдің көлеңкесі қалыңдау тұсына жантая берді де, мұнысы «енді ұзақ демаламыз» деген емеуріні сияқтанды.
Қожайынның сексеуілдің түбіне қарай жантаюында да мән бар екен. Ұлы сәске кезінде күн жанды. Мұндай ыстықта жолаушы жүрмек түгілі, көлеңкенің өзінде шыдап отыру мұң болды. Әзірге жандарын алып қалып отырған – құдықтың суы. Ағайынды екеу қайта-қайта ішеді. Бірінің үстіне екіншісі тостақпен су құйып жуынды. Бұл істері, бір жағынан, жан бағу болса, екінші жағынан, екеуіне жетіп-артылған ермек те еді. Қожайын қимылсыз. Анда-санда қол радиосының құлағын ашады. Сосын қайта өшіреді. Одан өзге ойы да, ермегі де жоқ жандай.
Түс ауа құмды жалаңаяқ басу мүмкін болмады. Құм-құм емес, жайнап жатқан шоқ секілді. Арбиған сексеуілдердің көлеңкесі де пана бола алмаған кезде, ағайынды екеу тағы бір айла ойлап тапты. Ол айла – құдыққа екеуі кезек түсіп, отырып, денелерін салқындатып тұру еді.
Кезектің осылай бірнеше рет қайталанғаны да естерінде жоқ. Әйтеуір, қыбырлаған жандыны отсыз-ақ қуырардай кәрі Қызылқұмның шілдедегі айта берер бір күнгі аптабын олар осындай айла-амалмен өткеріп жатты. Жолаушылар күн батқан соң барып жолға шықты. Тағы да Бозбесті алда, Жирен мен Қасқаторы соңында. Шоқ-шоқ сексеуіл өскен құмды даламен жүріп келеді… жүріп келеді…
Төңіректі қараңғылық басты. Әуелі әр тұстан жұлдыздар самсады. Сосын ай туды. Жолаушылар дамыл көрместен жүріп келеді.
Құмды даланың кешкі көрінісін қызықтап, аспандағы жұлдыздарға зер салып, аппақ болған айға қарап, сыр алдырмай отырған ағайынды екеуді түн ортасы ауа бере тағы да ұйқы жеңе бастағаны. Қалғып, енді болмаса ат үстінен құлап бара жатқан Шертайды ағасы екі рет қамшысының сабымен түртіп оятып, абырой болды. Шертай да қарыз болып қалмай ағасын бір рет қамшысының сабымен түртті.
Бітпейтін жүрістен қажыған сәттерде Байшұбар арқан бойы алда бара жатқан қожайынына қатты таңданып отырады. Абыржып жер де шолмайды. Тіпті жан-жағына бұрылып, зер салып та жатпайды. Қызылқұмның құм төбелерін, өсіп тұрған сексеуілдеріне дейін көңіліне жаттап алған жан секілді, Бозбестінің бірқалыпты бүлкіл жүрісімен сыдыртады да отырады. Бұларға бұрылып қарап: «Шаршаған жоқсыңдар ма? Көңіл күйлерің қалай?» – деу ойына кіріп те шықпайтындай.
Байшұбар тағы бір ойлап қараса, қасиет қожайынында ғана емес, оның астындағы Бозбестіде ме деп қалады. Өйткені, кейде болса да ат басын бұрып, яки қамшы салып отырған Ахмет жоқ. Құм төбелерден асып бара жатқан да Бозбестінің өзі… Қызылқұмның жан баласы ұғып болмайтын құпия жолдарымен қанша рет күн жүріп, түн жүріп, көкірегіне тоқып алған сыралғы жануар сылт етіп сыр бермеді. Жирен мен Қасқаторынікі де оның соңынан салпаңдап еріп отыру ғана секілді.
Таң енді бозарып келе жатқанда бұлар оңтүстіктен солтүстікке қарай созылған биік құм белдеуден өткенде, арғы жағы қара ормандай қаптаған сексеуілдер екен. Сол қалың сексеуілге кіре бере, Бозбесті шұғыл батысқа қарай бұрылып, аз уақыт бүлкілдеді де, биік өскен топ сексеуілдің ық жақ бетінде кепкен шөптермен, сексеуіл бұталарымен бастырылған аласа төмпешіктің жанына жетіп тоқтады. Қожайын атынан түсті. Оған ілесе Байшұбар мен Шертай да аттарынан түсіп, аттарының үстінен қоржындарды алды. Сосын Шертай аттарды тұсады. Байшұбар қожайынның ымдауымен кепкен шөптер мен сексеуіл бұтақтарын ысырған кезде, астынан есік шықты. Есікті ашып еді, ар жағы әр жерін сексеуілмен тіреген кепе екен. Терезе, тесігі болмағандықтан кепе әуелде үңірейіп суық көрінсе де, қоржындарды кіргізіп, өздері де жайғасқан сәтте көздері үйренді ме, әйтеуір, бұларды аптаптан сақтай алар, салқын мекен болып көрінді.
Кепенің сән-салтанатын түгендеп жататындай ағайынды екеуде мұрша да жоқты. Кірген бойда әрқайсысы өз қоржынын жастық етіп, ұзындарынан ұшып түскен бойда ұйқыға кеткен.
Байшұбар ұйқыдан оянған кезде қай мезгіл екенін де анық аңдай алған жоқ. Әйтеуір, кепе есігінен түсіп тұрған жарық мол. Жарықпен бірге ыстық ауаның да лебі ұрып тұр екен. Тағы бір байқағаны – қожайын тұрып кетіпті. Шертай болса, үстінде мәйкі мен түрсиден өзге лыпа жоқ, аузы ашылып, қалың ұйқыда жатыр.
Ол орнынан тұрып, сыртқа шықты. Төңірек ай-жай күйге енген. Күн тағы да жанып шығыпты. Қожайын кешегідей тағы бір «Кока-коланың» қалбырына құйылған сумен жуынып-шайынған екен. Қалған сумен бұл да беті-қолын жуа бастады. Ара-тұра аузын да шайып еді, ыстық күнде қоржында екі тәулік жүрген су өз-өзінен айнып кетіпті. Қайтып жерге түкірді. «Мүмкін, бүгін де құдық қазармын» деп ойлады ол қайтадан кепеге кіріп, жүресінен отырған күйі Лиза берген сүлгімен сүртініп жатып: «Қазу керек болса, несі бар… қазамын!»
Қайта кірген кезде көзі үйренгендіктен бе, кепе іші бұрынғыдан анық көрінді. Жүрелей отырған күйі төбеге қарады. Кепенің төбесіне арбитып-арбитып сексеуіл бұтақтарын салып, шөп-шаламмен аямай бастырып, сыртынан құмды да қалың төккеннен болар, еш жері бүлінбеген. Қар мен жауын суы да өтпеген секілді.
Ойдан ой туып, бірауық «Осы Қызылқұмға қар мен жауын жауа ма өзі, әлде жаумай ма?» деген сұрақтың төңірегінде басын қатырып жатып, Байшұбар қаракөлеңкеге әбден көзі үйренген шақта, түкпір жақтан қарауытып жатқан бірдеңелерді байқады. Тізерлей жылжыған бойда ол әлгі қарауытып жатқан нәрсеге де қолын жеткізген. Ұстай беріп қараса, жаздық еркек туфлиі. «Е, жай нәрсе екен ғой» деп қайта тастай беруге оңтайлана беріп, туфлиге кенет тағы бір үңілгені…
– Ойбай-ау, мынау-у, – дей беріп, айналдырып мұқият қарады. Сосын «Бұл – Ералының туфлиі ғой» деді іштей сенімді түрде. Сенімді болатыны – дәл осындай екі туфлиді Ералы екеуі Түркістаннан бірге сатып алған. Мұныкі былтырғы жазға жетіп пе еді, әлде жетпеп пе еді, әйтеуір, быт-шыты шыққан. Тозбасына да қойды ма, бұл бір жаққа барып келіп, аяғынан енді шеше бергенде, Шертай аяғына іліп алып кетіп бара жатқаны. Орталарындағы жалғыз оңған аяқкиім болғандықтан мойындары қылқиып, тағы бір жаққа шығуға Шертайдың қайта оралуын күтіп, аяғы қырқылып бұл отырады.
Ал мына Ералынікі тозбапты. Тозғаны не, бүп-бүтін. «Апыр-ай, сонда Ералы осында болғаны-ау», – деп ойлады Байшұбар қуанып, әрі іштей қатты толқып отырып: «Осында жұмыс істеп жүрген болды ғой. Е, бәсе, соқталдай жігітті жер жұтсын ба? Біз шамасы оны алмастыруға келген шығармыз».
Байшұбар енді туфлидің екінші парын да еңкейіп алып, оның да іші-сыртын ақысы қалғандай қараған… Сөйтіп отырып, іші бірдеңеден кіпі алды. Аяқкиімдер көптен бері киілмеген еді. Оны аңдағаны – былғарысы қаңсып, ұлтаны қайқайып кеткен. Биыл киілгендігі былай тұрсын, бір жылдан бері әлдекімнің қолы тигендігіне де күмәндітін. Өйткені – аяқкиімді құм басып кеткен.
Байшұбар кепенің төбесін, бұрыш қуыстарын жіті көзбен қайта шолып шыққан. Сондағысы «Ералының осында екенін айғақтайтындай тағы бірдеңелер табылып қалмас па екен» деген далбасатын. Көзіне ештеңе түспеді. Бір бұрышта аузы бұрап ашылып, бұрап жабылатын шыны бидон тұр. Байшұбар жаңылмаса қожайын дәл осындай ыдыстың тағы екеуін алып келді.
Осы бидонға Байшұбардың мән беруінің де себебі барды. Екі жыл бұрын ол Шиелінің уран зауытында жұмыс істеген кезі болды. Сонда бір топ жұмысшы үстеріне арнайы киімдер киіп алып, азот қышқылы құйылған осындай шыны бидондарды вагоннан түсіріп, зауытқа тасыған.
Байшұбар еңкеңдеп барып, асықпай бұрап, бидонның қақпағын ашқанда, түбінде қалған болмашы сұйықты да аңдады. Бірақ түсі азотты қышқылдан бөлектеу сияқты.
Төбені тінтіп қарағанда көргені – сексеуіл бұтағының қуысынан бір орам кендір жіп пен оттық қорапшасы еді. Тағы бір қуыстан ерекше тігілген қолғап та тапты. Бірақ Байшұбарға керегі – Ералыға ғана тиесілі мүлік болатын.
Ақыры ол жүрелей жылжыған күйі өз қоржынының жанына келіп қисайды. Қисайып жатып ойлағаны да Ералы жайлы болды. «Бәрібір ол осында. Туфлиін кисін, кимесін, туфлиі тозсын, тозбасын, ол осында болмағанда қайда болады? Сонда өзі нендей жұмыс істеп жүр екен деші? Айтпақшы қожайын оған жұмысына ыңғайлы басқа аяқкиім сатып әперген ғой. Біздің қожайын керек еткен адамына бір емес, бірнеше аяқкиім сатып әперер-ау. Е, бәсе-е» деп ол ақыры Ералының осында жұмыс істеп жүргеніне өзін-өзі толық сендіргені сондай, ендігі жерде зәредей күдігі де қалмаған секілді-тін.
Ойының осылай қорытылғанына риза болғандай шалқалай жатып, әр жерінен шөп салбырап, сексеуіл бұтақтары арбиған кепенің төбесіне қарап жатып, ол ақырын ысқырып әндетіп де жіберген-ді. Ысқырған әуені де өзіне сондайлық ұнап еді, бірақ ойда жоқта Шертайдың оянып кеткені… Ол оянғандығын бір аунап түсіп сездірді де, әлі де ұйықтай бергісі келгендей маужырап жата берді.
Байшұбар өз қылығына аз-кем ыңғайсызданғандай біраз үнсіз жатты да, сәлден соң еңбектей жүріп, сыртқа шықты.
Кепені бір айналып шығып, ормандай болып өскен сексеуілдерге үнсіз қарап тұрған. Сәлден соң кепеден Шертай да шығып, бірауық керіліп, есінеді. Ұйқысы әлі қанбаған секілді. Сосын қалбырды қолына алып, ол да айнып кеткен сумен беті-қолын жуды.
Осы кезде қалың сексеуіл арасынан мылтық асынған Ахметтің шыға келгені. Әлдебір шаруа тындырып келе жатқандай жүрісі суыт. Екі балағын түрініп алған. Өзін күтіп алу үшін шыққандай, иіріліп тұра қалған бұларға қожайын бірден «кепеге кіріңдер» дегендей сұқ саусағын шошайтты. Өзі едәуір жер жүріп келген кісіше, маңдайы тершіген.
Үшеуі отырып тамақтанды. Қожайынның бұл жолғы қоржынынан шығарып газет дастарқанға салған тағамының да түрі бөлек болды. Ол тарыдан жасалған бір қалта жент шығарып, ортаға қойды.
Ендігі жерде қоржында татымды бірдеңе қалды деу де қиындау еді. Сондықтан Байшұбар жентті ұзақ шайнап отырып, еріксіз: «Сонда қанша күн осында жұмыс істейтін болсақ, не жемекпіз? Ауылға қайтар болсақ ше?» – деп алдағы күндердің қамын ойлай бастаған. Бірақ ештеңеге ақылы жетпеді де, өзін-өзі алдартқандай болып: «Е, мылтық бар екен ғой», – деді аузындағы жентін одан әрі шайнап жатып.
Жол-жөнекей әрлі-берлі зытып қашқан қояндарды көрген. Ал дария жағасында оңынан да, солынан да қырғауылдар парылдап ұшып, есін шығарғандары ше?
Байшұбар осы жолы қожайыннан «Ералы осында ма?» деп сұрауға да оңтайланған. Бірақ Ахметтің бүгінгі кейпі тіпті салқын еді. Біржола қанталап кеткен көкшулан көздері мен сақал-мұртпен жарыса өскен қылқыбыр басып кеткен суық жүзіне қарап отырып: «Бұл біреуді өлтіріп келгеннен сау ма, әлдебіреуді өлтіруге оңтайланып отырғаннан сау ма?» деп ойласа да жарасқандай еді.
Байшұбардың қандай да бір сөз бастауға батылы жетпеді. Оның үстіне, мұның әлденеге оқталған сыңайын танығандай болып, қожайыны жолбарыстың көзіндей өткір де ашулы жанарын бір аударып қарағанда, сөз бастамақ түгілі Байшұбар жеп отырған асына түйіліп қала жаздап, қайта-қайта жөтеліп барып зорға құтылғаны.
Ас соңынан Ахмет термосын шығарып, бұларға бір-бір кеседен көкшай құйды. Бір кесесін өзі ішті.
Ол шай ұрттап отырып та, шынжыр баулы қалта сағатын шығарып бір сәт үңілді де, жанқалтасынан қол радиосын алып, құлағын бұрады. Радио ел президентінің қайсыбір елдердің елшілерін қабылдағанын, парламенттің жазғы демалысқа кеткенін айтты. Сосын бір ауданда көпір, тағы бір ауданда жаңа мейрамхана салынып біткендігінен хабардар етті. Облыстық театрдағы жаңа бір қойылым жайын да сөз ете бастап еді, Ахмет ойындағысын айтпағанына ашуланған жандай құлағын бұрай қойғанда, қол радионың әңгімесі шорт кесілді.
Астан кейін Ахмет бұларға «демала беріңдер» дегендей емеурін жасады да, өзі мылтығын асынып, кепеден шығып, қалың сексеуілдің арасына кіріп кетті. Өте бір маңызды шаруамен айналысып жүргендей жүрісі тым суыт әрі күдікті еді. Бірақ күдіктенген – Байшұбар ғана. Шертайдың ойында ештеңе жоқ секілді. Малжаңдап әлі де жент шайнап отыр. Қожайын көрінбей кеткен кезде, термостан тағы бір кесе шай құйып алды. Бірақ рұқсатсыз жасаған осы ісіне ұялғандай, қызарақтап отырып, Байшұбарға бұрылып қарады. Бұл қылығы «ұрлығымды жасыруға жарарсыз» деген емеуріні сияқты еді. Байшұбар үндеген жоқ. Оған Ералының аяқкиімі жайлы да ештеңе айтқысы келмеді. Мұндай құпия әңгімелерді айтуға оны баласынды. Сосын қоржынын жастанған күйі шалқалай жата кетті де, тағы да кепенің төбесіне қарап жатып ысқырып әндетті. Бұл жолы ешкімнен қысылмай, қымтырылмай-ақ ысқырып еді, салған әуені тым мұңлы болып шықты.
Қоржындарын жастық етіп, салқын кепеде екеуі әңгімелесіп жатқан. Әңгімені бастаған Шертай:
– Аға, күзде ауылға қайтар болсақ, ақшаларымызды поштамен салдырмай, қолымызға алайықшы, – деп қайдағы бір арманын айтып кеткені…
– Қолымызға алдық не? Үйге барды не? Бәрібір өзіміздің ақшамыз емес пе?
– Жоқ, аға, қолымызға алайықшы… Барған соң Лизаға осылай айтыңызшы.
«Өзі мені Лизаға салғысы келеді» дегендей, Байшұбар кепенің төбесіне қарап жатып, кекесінмен жымиып алды. Лизаның менің айтқанымды істейтінін біліп қойған.
Біраз үнсіздіктен соң, Байшұбар інісіне қарай бұрылды.
– Ақшаны қолыңа алғанда не істейін деп едің? – деді өзінше сыр тартқан болып.
– Әліқұл мен Бейсен екеуіне екі белесебет алайын деп едім.
– Екеуіне бір белсебет аздық ете ме?
– Екеуіне екеуін алайықшы, аға… Естері шығып, бір қуансыншы. Белсебеттерімен ана ауыл, мына ауылдың арасына жайлауға шыққан тайдай шапқыласыншы бір-р!
Осыны айтқанда Шертайдың көздері өз-өзінен күліп, қиялында белесебет айдап бара жатқан Әліқұл мен Бейсен қосарланып, өзі де бір белсебетке қосыла мінгендей есі шыға қуанып жатыр еді.
– Одан өзге не сатып алмақсың? – деді Байшұбар қазбалап.
– Аға, ауылға базардан қайтқандай болып барайықшы. Киіп те жарымай, ішіп те жарымай отырған аш-арық ауыл ғой. Біз барған күні той болсыншы. Ұзынарық… Ұзынарық болғалы естерінде қалатындай… «Қауынбайдың балалары Саратаннан келетін күні ше?» деп кейінгілерге жыр етіп айта жүретіндей оқиға болсыншы…
Байшұбар жауап орнына күлді. Бұл күлген сәтте інісі де қосыла күлді.
…Сол сәтте төбесін арбиған сексеуіл бұтақтарын салып, қырық түрлі шөп-шаламмен жапқан Қызылқұмның бір түкпіріндегі жеркепенің іші қандай бақытты күлкіге бөленіп еді. Туыстық сезім мен мейірімдері де қандай жарасып жатты. Бір-біріне күліп, қуанып қараған көздері сол жартылай қараңғы кепенің ішіне нұр шашып, жарқыратып тұрды емес пе? Шертай аңқылдаған, баяғы… бала күнгі мінезіне салып ағасының белінен де құшақтады-ау… Сөйтіп жатып бұған күбірлеп: «Пірәлі атамның үйіндегі әжеме, Тоқашбай ағамның үйіндегі жеңешеме… Алдияр ағам мен Бибітай қарындасыма… Сиякүлге…» деп ауылдағыларға сатып алар базарлықтарының да нобайын айтып, бұл тыңдап жатқан. Ар жағы Байшұбардың есінде жоқ. Қор-р етіп ұйықтап кеткен… Ағасы ұйықтап қалған соң да ауылға апаратын базарлықтарын түгел тізіп, күздің қамын да, қыстың қамын да түгел ойлап, қиялымен семіріп, әрлі-берлі дөңбекшіп біраз жатты да, Шертай да қалғи бастады.
…Байшұбар бір кезде жамбасына тиген қатты бірдеңеден оянып кеткені. Апыл-ғұпыл көзін ашып қараса – Ахмет! Бұларды мылтығының дүмімен ұрып, оятып тұр екен. Шамасы қатты батса керек. Шертай қыңсып жылағандай болды. Бірақ оны қожайын мылтық дүмімен екінші рет ұрғанда, үні өшті… Пырс-пырс еткен дыбысының өзі тұншығып, аянышты естілді.
Әуелде Байшұбар қожайынының бұл қылығына қатты шамданған. Ашумен уәж қайырғысы келіп те тырсыйып бағып еді, бірақ оның жүзіне қарай беріп, өз-өзінен басылып қалғаны. Тіпті үні шықпай қалды. Қожайындарының ымымен есіктен ағайынды екеу бірінен соң бірі атып шыққанда, соңынан шыққан Байшұбар күннің тал түс екенін де, бесін екенін де толық айыра алған жоқ. Әйтеуір, жанып тұрған пешке кіргендей әсерде қалды. Асығыста болса да Байшұбар аяғының басына сүйретпесін іліп үлгерді де, жалаңаяқ шыққан Шертай шоқ басқандай құмды бірде аяғының басымен, бірде өкшесімен басып, шығарда босағадан іле шыққан көйлегінің жеңіне қолын жолай сұғып, түрсишең бұты сидиып, қаздаңдап кеткен. Есесіне екеуі де жалаңбас. Бас жақтарында жатқан күнқағарлары ойларына да келмеген. Бастарына да біреу шоқ басып жатқандай.
Қожайынның дәл қазір бұлардың хал-жайымен шаруасы жоқ секілді.
Ахмет сұқ саусағын қалың сексеуілдің арғы жағына сілтеді де, бұлар қожайын сілтеген бағытқа қарай жүгіре басып келе жатты. Біраз жүріп барып, Байшұбар соңына бұрылып қарағанда, Ахмет те соңдарынан өкшелей басып келеді екен. Мылтығын бұларға кезей ұстап алған. Түрі кісі өлтіргендей, болмаса енді өлтіретіндей. Бұл Байшұбар күтпеген көрініс еді. Бір жамандықтың боларын сезгендей, жүрегі су-у ете қалды. Әлгінде ғана оп-оңай тасып шыға келген ұшпа ашу да өз-өзінен сөніп, әншейіндегі қайрат-қуаты да семіп, қатты жасып қалғандай. Дегбірі қашқан бозөкпе баладай, әйтеуір, далаңдап, жүгіре басып келеді.
Құм бетінде Ахметтің әлгінде ғана жүрген іздері білініп жатқан. Байшұбар сол ізден жазбады. Шертай қабаттасып желе-жортып келеді.
Кепеден шыққан бетте-ақ күннің ыстықтығын байқадым дегені де әншейін-ақ екен. Кепеден жарты шақырымдай ұзап шыққанда сезінді, нағыз ыстықты. Төбелерін отпен қарып, табандарына от төсегендей бірдеңе… Шертай енді желе-жортып емес, аяқтарын әр жерден бір басып, аяғы кеміс жандай шойнаңдап келеді…
…Кенет алдарынан кірпіштен өрген жерошаққа орнатылған қазан шықты. Байшұбардың бір мән бергені – қазанның астына мол етіп сексеуіл бұтақтарын үйген. Жанында өздеріне таныс шолақ күрек пен екі тілді айыр, сосын өзі әлгінде кепеден көргендей шыны бидонның екеуі жатыр. Құлап жатқандарына қарағанда ішіндегілері қазанға құйылған. Айыры айырдан гөрі шанышқыға ұқсаған, арбиған бірдеңе…
– Тоқта! – деді бұлар қазанға жақындай бергенде Ахмет соңдарынан айқайлап. Үні де кісі қорыққандай гүрілдеген бірдеңе. Байшұбар жаңылмаса, қожайынның бұларға тап осылай айқайлап дауыстауы да осы жолы шығар-ау.
Байшұбар тоқтады. Бұған ілесіп Шертай да тоқтаған. Бірақ құмның ыстығынан ол аяқтарын жерге нық қоя алмай, әуелі өкшесімен, сосын басымен тұрып, аяқтарын дамылсыз қозғаумен болған.
Тоқтаған кезгі Байшұбардың алғашқы байқағаны – анадай жердегі ішін сексеуілдің бұтақтарымен өрген құдық еді. Ернеуіне қауға шелек ілінген. Жанында жартысы оралып, жартысы тарқатылып кендір арқан жатыр.
Ахмет бұларға жақындаған жоқ. Мылтығын кезей ұстаған күйі анадай жерден: «Байла-а!» – деді тағы да гүжілдеген дауысымен. Сұқ саусағы Байшұбарға, жолбарыстың көзіндей қанталаған көздері Шертайға қадалып тұр.
Құдыққа түсу үшін бірінің беліне екіншісі арқан байлауы керектігін Байшұбар алғашқы айқайдың тұсында-ақ ұғынғантын. Бірақ құдыққа не үшін түсетіндігі дүдамал болды. Құдықтың түбін аршу керек пе? Әлде су алуы керек пе? Оның үстіне, бойын билеген үрей, ендігі жерде біржола есін шығарып жібергендей. Қожайынына бұрылып қарағаны да алақ-жұлақ бірдеме… Аяғының астындағы кендір жіптің тарқатылып жатқан ұшына соза берген сол қолы дірілдеді. Сол қолы ғана емес, бүкіл тұла бойы дірілдегендей сезінді де, есі шыққаны сондай, қожайынның сұқ саусағының нені аңғартып тұрғанын да толық болжай алмады. «Сен жіпті ініңнің беліне байла…» дегені ме… әлде «Сенің беліңе байласын» дегені ме? Абдырағаны сондай, кендір жіпті өз беліне өзі байлауға оңтайлана бергенде, інісі: – Аға-а-а! – деп қалғаны. Дей салып, үстіндегі ақ көйлегін жалма-жан шешіп, сексеуілдің бұтағына ілді.
Шертайдың «Құдыққа мен түсейінші» дегенді аңғартып тұрғанын Байшұбар түсінді. Бірақ «Қожайын мені түссін деп тұр емес пе?» дегендей қожайынына жалтақтай қарап, жіптің ұшын інісіне берерін де, бермесін де білмей тұрғанда, Шертай ерекше батылдықпен жіпті жұлып алып, өз беліне асығыс байлай бастағаны.
Інісінің бұл қылығы – өзіне деген құрметтен бе, әлде төбесінен де, табанынан да қуырып, қарып бара жатқан аптап күннің әсері ме, анығын түсіне алмады. Бас қатыруға мұршасы тағы жоқ еді.
Шертай құдыққа түсіп бара жатты да, бұл оның беліне байланған кендір арқанды бірте-бірте босатып жатты.
Шертайдың төбесінің құдыққа енді бата бергені де сол еді, кенет оның ұзақ шыңғырған дауысы естілгені. Байшұбар өмірінде мұндай ащы, үрейлі дауысты естімеген шығар. Қатты далбырап сасып, әрі есі шығып кеткендіктен болар, қожайынына қарады. Ахмет бұрынғыша мылтығын кезеніп, бұған ежірейе қарап тұр екен. Оның қазіргі түрінен рақым күтудің өзі үмітсіз әурешілік еді.
– Жібер арқанды! – деді ол барынша қатқыл үнмен. Байшұбар абдырап тұрып, кендір арқанды одан әрі де жібере беруді ұмытып кеткенін енді аңдап, арқанды босата берген. Шыңғырған ащы дауыс, енді о дүниеден естілгендей, күңгірлеп төменнен шықты.
Осы сәтте барып Байшұбардың есіне жыландар… және көп жыландар түскені.
Ақыры шыңғырған ащы айқай төменге түскен сайын тұншығып барып басылды. Бірақ ол айқай Байшұбардың құлағынан әлі кеткен жоқты.
Бір сәт Байшұбар інісінің соңынан құдыққа құлағысы келді. Қолындағы қарғыс атқыр арқанды тастай беріп, құла түзге қашуды да ойлады. Бірақ соның екеуін де жасай алмай, жаутаңдап қожайынға қарап тұрып, өзінің әншейін-ақ сужүрек қорқақ жан екенін де мойындады.
Байшұбардың осылай жаутаңдап қарарын да біліп тұрғандай Ахмет кәрленіп: – Тарт арқанды! – деді, бүкіл құмды далаға әмірін жүргізіп тұрған жандай. Өйткені бұл Ахметтің дауысы ғана емес-ті. Ахметпен қосыла Байшұбарға мың-миллион адам айқайлағандай болған. Құдайым-ау, мың-миллионың не? Бүкіл дүние… Қызылқұмның самсаған атам заманғы кәрі сексеуілдері мен жыл сайын, кейде ай сайын қоныс аударып, көшіп жүретін құм төбелері де осылай деді…
Сол айқайлардан құлағы шуылдап тұрып, Байшұбар енді дегбірі қашқан күйде, кендір арқанды өліп-өшіп жоғары тарта бастады. Бірақ өзінің есі кіресілі-шығасылы. Кендір арқанды құдыққа жіберіп тұрғанын да, әлде құдықтан жоғары тартып тұрғанын да анық білмейтін сияқты.
Оның бір байқағаны – адамның есі шығып, абыржыған сәттерінің өзінде ұят санасында тұрады екен. Және ол бар ісіңе, ойлаған ойың мен пиғылыңа биіктен қарайтындай. Жан дәрмен күйде кендір арқанды жоғары тартып жатып, Байшұбар өзінің дүниедегі ең опасыз жан екенін де мойындаған.
Қанша опасыз болса да, оның қайтадан інісін көруге деген ынтызар ықылас-мейірімі де болды. Осындай ниетте тұрып ол құдықтың ернеуіне енді жақындап келе жатқан Шертайға ентелеп қарай бергені сол еді…
О, сұмдық!.. Шертай түгілі, адам сыйқына жобасы жақындамайтын бір құбыжық көзіне түсті.
– Шерта-аай! – деді Байшұбар сондай бір азалы үнмен айқайлап. Бірақ одан әрі ештеңе дей алмады. Не деуді білмеді де. Ол енді басының жалаңбас екенін де ұмытты. Денесін өртеп бара жатқан күннің алапат отын да сезінген жоқ. Дүние суып кеткендей болды… Тұла бойы да мұздап кетті.
«Мүмкін мен Шертайды емес, басқа бірдеңені тартып шығарған болармын» деп ойлады бір сәт… Олай деуіне келмеді… Қолының саусағы, аяғының башпайы сияқты жерлерінің болмашы нобайы бар.
Ахмет құдықтан шыққан құбыжыққа алыста тұрып қарады. Ол үшін ештеңе бүлінбегендей. Тіпті шаруасы ойдағыдай орындалып жатқан жандай, байсалды кейіп танытып, құбыжыққа саусағын шошайтып, иегімен қазанды мегзеп тұрып:
– Са-ал! – деді.
Байшұбар есеңгіреп қалған. Әуелі шолақ күректі ұстады. Сонан соң оны неге ұстағанына түсінбегендей, мең-зең күйде аңырып тұрып, шолақ күректі жерге қайта тастады. Қолына не ұстау керектігін есіне түсіре алмай тұрғанда, қожайыны кісі шошырлық үнмен тағы да гүж-ж етіп:
– Айыр-рр! – деді.
Сонда барып Байшұбар бірдеңені ұққандай болды. Тәлтіректеп барып, қазанның түбінде жатқан айырдың сабынан ұстады. Бірақ ұстауын ұстағанымен, онымен не істеуі керектігін тағы есінен шығып кеткен жанша меңірейіп тұрған.
– Шаншы-ы! – деді Ахмет тағы бір гүж-ж етіп.
Байшұбар айырды әлгі құбыжыққа шаншуы керек екенін ұғынған сәтте, әуелі көзін жұмды. Сосын барып қолындағы айырдан гөрі – жайын балыққа салар шанышқыға ұқсас құралды құдықтың ернеуіне қарай сілтеді.
…Құбыжықты тайқазанға салып болғаннан кейін барып, Байшұбар өксіп жылады. Бәлкім, жылауы керектігі де есіне енді түскен шығар…
Өксіп жылаған күйі, сенделе жүріп барып, жуан сексеуілдің түбіне отыра кеткен. Ахмет бұл тұста қызметшісіне кеңшілік жасағандай болып, оның емін-еркін жылауына қарсылық білдірмеді. Өзі жақындап келіп қазанның астындағы үюлі бұтаққа от тұтатты. Сосын отқа тағы да бірнеше сексеуіл бұтақтарын тастады. Кейінірек тастайтын бұтақтарды да әзірлеп қойған екен.
Анадай жерден басына мақта мата секілді бірдеңелер ораған ұзын таяқты әкеліп, қазанға сүйеді.
Бәрі де алдын ала жоспарланғаны көрініп тұр. Қожайынның жүрісі нық. Өзін тіпті байсалды ұстайды. Істеген ісіне сасқан, әлде алдағы уақытта саса қоятын жанға ұқсамайды. Дүниеге келген күннен бері осы кәсіппен ғана айналысып жүрген жандай. Сәлден соң қожайын қайтадан бұрынғы орнына тұрды да, мылтығын Байшұбарға қайта кезеді.
– Бұлға-а!
Өксіп, егіліп жылап, бірауық өзінше отыру, бір жағынан, Байшұбардың есін жиғызғандай еді. Саратандағы үлкен үйдің ауласындағылардың «жұмыс-с… жұмысқа барасыңдар»… деп қақсап айтып жүргендегі жұмыстарының мәнін енді ұққандай болды. Ералы туысқанының қайда жоғалғанын да енді түсінгендей…
Ептеп есін жинағандығы ғой, қожайынының айқайына бірден тұра салмай, кежірейіп, орнынан әзер көтерілді. Бірақ әзірге қарсыласа кетудің де жөні болмасын ақылға салды. Бұлғауыштың сабының ұзындығын пайдаланып, қазаннан алыстау тұрып, қазандағы құбыжықты әрі-бері бұлғай беріп, аз-кем тіктеліп, қожайынның жүзіне қарады. Осы қараудың өзі де жігерін жанып, бойына әл бітіргендей еді.
Күн жанып тұр. Бірақ Байшұбар ендігі жерде күннен де қорықпады. Дүниені түгел өртеп жіберердей алаулаған күн оған осы сәтте қожайынынан қауіпті көрінген жоқ. Ол өлер болса, Қызылқұмның мына аспанды жерге түсірердей ыстық күнінен емес, Ахмет мырзаның қолынан өлетіндігін де жақсы түсінді.
Ендігі жерде Байшұбардың қолы бұлғауышта болғанымен көзінің қиығы қожайында еді. «Бұған не істей аламын?» деген өшпенді ой санасын біржола жаулап алғандай. Бірақ ешқандай амалы жоқ секілді. Және осы шарасыздығына іштей қатты қорланды да.
Қазандықтағы құбыжық та көлемі бірте-бірте азайып, қоймалжыңдана бастаған. Ахмет бір қолымен мылтығын ұстаған күйі жақындап келіп, қазанның астына сексеуіл бұтақтарын тастады да, қайтадан орнына барды. Бұрынғыша бұған мылтығын кезеді. Бірақ мылтық та Байшұбар үшін тап әуелгідей үрейлі емес-ті.
Қазан түбінде құлап жатқан шыны бидондарда азот қышқылы болмағанын да ол ойша бажайлады. Азот қышқылының адамның еті мен сүйегі түгілі мына шойын қазанды да тесіп жіберетіндігінен ол хабардартын. «Сонда не?» – деп іштей таңырқады да. Бірақ қожайынының өз пайдасы үшін қандай керемет зат табамын десе де, қолынан келетіндігіне шүбәланған жоқ.
Байшұбардың санасына неше түрлі ойлар кіріп-шығып жатты. Сол ойлардың ең бастысы қожайынын өлтіру еді… Егер оны өлтірмесе, өзін өлтіретініне де күмәні болған жоқ. Бәлкім інісінің кебін киюі де…
Қазандағы қоймалжың түс бірте-бірте көгілдірленіп, анда-санда жан-жаққа бырт-бырт ыстық тамшылар ұша бастаған. Бірақ Байшұбар оның ешқайсына да мән беріп жатпады. Өзінің міндеті қазанды бұлғау екенін ғана білді. «Қазан бұлғау жұмысын бітірген кезде, ол маған не істетпек?» деген ой да Байшұбарды кәдімгідей мазалады. Қарсы айла-әрекет жайлы да ойында болғанымен анық не істеу керектігіне тірелген жерде… ол дәрменсіз еді. Бірақ қожайынынан тап әуелгідей қорыққан жоқ. Бойындағы алапат үрейді өшпенділік бірте-бірте жеңіп келе жатқан.
Кенет Байшұбар үшін күтпеген жай болды. Жан-жаққа бырт-бырт ұшқан тамшылар көбейе келе, мұның сол қолының алақанының сыртына тиіп, тесіп өткені. Кәдімгідей сол қолы алақанының ортасы үңірейіп, үңірейген тесіктің ар жағынан жердегі құм мен шөп қиқымдарын көргенде, алақанының безілдеп ауырғанына да қарамастан, таңдану сезімі басым еді. «Сонда менің бұлғап, қайнатып жатқаным – бір тамшысы бір адамды өлтіре алатын, кәдімгі у болды-ау. Ана сексеуілдің бұтақтарымен өріліп жасаған құдықтың іші толған улы жыландар болмаса қайтсін?..»
Қалай екенін… сол қолы алақанының жан шыдатпастай дызылдап ауырғанына да қарамастан Байшұбар өз-өзінен жігерленіп, әрі қуанғандай болды. «Сонда у менің иелігімде тұр-ау, – деп ойлады бір сәт… – Ендеше Ахмет мырзадан неге зәрем ұшады?». Ол енді ақылға келіп, кәдімгідей сабырлы күйге түсті.
Бұл кезде қазанда қайнап жатқан у түгел көгілдірлене бастағанды. Қазанға алыстан көз салып тұрған қожайын осы кезде жақындап келіп, удың түсін анығырақ көргісі келгендей еңкейе бергенде… қолындағы бұлғауышты ептеп көтере беріп, Ахметке қарай лақтырып жібергенде, осы ойдың басына қалай ғана ғайыптан сап ете қалуына, Байшұбардың өзі де таңданулы еді.
Әлгінде ғана әзірейілдей көрінген қожайынның басы мен кеудесі адам айтса сенгісіз құбыжыққа айналып, серейіп қазанның түбінде жатты.
Қожайын шалқалай берген кезде, қолындағы мылтығы бір жаққа, қалтасындағы қол радиосы екінші жаққа ұшып түскен.
Байшұбар ауыр дем алды. Демінің ауырлығы сондай, құдай біледі, сол дем дүниені өртеп бара жатқан мына күннің алауынан әлдеқайда ыстық болып сезілді.
Дүниедегі ең үлкен арманы орындалған жандай – ол енді төрт-бес қадам шегініп барып жүресінен отыра беріп, бір сәт өзін мұратына жеткен жандай, тіпті ерлік жасағандай бақытты сезінді.
Енді бірде көз алдына Саратандағы үлкен үйдің ауласы елестеді. «Қызылқұмның құла түзіндегі сексеуіл бұтақтарымен шегенделіп, өрілген құдықтың басында қандай майдан болып өткенін ғой олар білмейді… – деп ойлады ол ауыр шаршаудан әлде жеңіс ләззатынан көздерін бір ашып, бір жұмып отырып. – Қайдан білсін… Лолаханның әзірлеген дәмді мантысы мен лағманын таласып жеп, қожайындарының олжалы, көңілді оралуын күтіп отыр ғой олар. Қожайындарыңды мен бұл жолы оралтпадым… Қожайындарыңды біржола жоқ қылдым… Ал сонда маған не істейсіңдер? Қожайындарыңның орнына Бозбестіні мініп, Жирен мен Қасқаторыны жетекке алып, ауланың сәнмен жасалған темір қақпасынан мен кіріп барсам қайтер едіңдер, а-а-а? Не дер едіңдер, а-а-а? Көздерің шығып қорқып, жүректерің жарылып кетер ме еді? Ендігі жерде үй де, аула да менікі, осы ауладағы бар байлық та менікі, сен де менікісің… Лизатай!.. Көрпеңді ашып, қойныңа кіріп барсам Лиза сұлу не дер едің, а-а-а? Қарға аунаған түлкідей бұлаңдап, қойнымда жатып жымиып күлер едің-ау, ә…
Ауланың жаңа өмірін мен осылай өзіңнен бастар едім. Алдымен сенің атыңды өзгертер едім… Ләйлагү-үл – деп. Сен сонда барып гүл-гүл жайнар едің… Ләйла ханым. Лиза дегенің немене, тәйірі… Орыстың аты ма, немістің аты ма, сайтан білсін…
Сен жымиып күліп жатып, менің қожайынды өлтіріп қайтқанымды да түсінер едің… Және ол жайында бірауыз да сөз айтпақ емессің… Солай ғой. Өйткені саған бәрібір… Бәлкім Ахмет мырзадан да гөрі менің керек болуым… Сондықтан да сен тағы бір жымиып күлер едің… Сен, шын мәніндегі, нағыз бұлаңдаған қызыл түлкісің… Ләйла-гүлім!»
Байшұбар Ахметті қыс кезінде-ақ өлтіргісі келген. Ол шақ – кейде Лизаның былғарымен тысталған диванында, кейде мал қорадағы шөп жиналған алакөлеңке қуысында құшақтасып, сүйісіп, сонда да құмары қанбай, өз бөлмесінде жатып та Лиза сұлудың үлкен үйден шыққанын, сосын қайтып кіргенін аңдып жататын, саудан гөрі есуас, есер шағы ғой!
Сонда төсегінде шалқасынан түсіп, ұзақ жатқанда ешкімге де пайда-зияны жоқ, құр қиялды серік ететіні бар еді-ау.
…Қиялында… қалайда Лизаға үйленіп, сонымен ғана тұрғысы келеді. Лизаны біржола меншіктеп алған соң-ақ, Шырайдың рұқсатын алу үшін ауылына пойызға мінеді. Шыраймен сөйлесіп, жоқтан өзгені әңгімелеп отырып, Саратанда әйелі бар екенін, сонымен тұра беруге рұқсат сұрай келгенін айтады. Шырай әуелі ағыл-тегіл болып жылайды. Ол жылаған кезде, бұл Шырайды құшақтап бетінен (сүйгісі келмесе де) сүйеді. Бәрібір Ұзынарыққа жиі-жиі келіп тұратынын, балаларын жетімсіретпейтінін айтады. Әрі-беріден соң сол балалардың арып-ашпасы үшін осындай іске барып отырғанын да қосып жібереді. Сонда Шырай ағыл-тегіл жылап отырып бұған рұқсатын береді. Бұл тағы да Шырайды құшақтап, бетінен (сүйгісі келмесе де) сүйеді.
…Қиялының соңында тағы да пойызбен Саратанға көңілді келе жатады.
Сосынғы бір қиялы – қожайынды өлтіру жайлы болатын. Оны кейде үлкен үйдің екінші қабатында, кейде мал қораның шөп жиналған алакөлеңке қуысында өлтірмек болады. Кейде атып, кейде буындыруға бел байлайды. Бірақ «қожайынның жуан мойнына менің қолым жете қоя ма екен» деп ойлап, оң қолының саусақтарын көзімен өлшеп, оң қолының саусақтарына көңілі аса тола қоймаған сәтте, сол қолының саусақтарын көзімен өлшеп отырып, «екі қолымды алқымына бірден салсам… бәлкім, мақсат-мұратыма жетермін» деп тұжырымдайды да, бірауық рақат бір күйде маужырап жатып, мызғып та кететіні бар…
Егер ұйқысы келе қоймаса, ешкімге пайдасы да, зияны да жоқ осынша қиялына өз-өзінен мырс етіп күліп, тағы да бөлмесінің терезесінен үлкен үйден бұрала басып, былқылдап шығып келе жатқан Лизаға, қайтадан кіріп бара жатқан өзінің Лизасына телміріп қарап отырғаны…
Кенет Байшұбардың көзі қазанға, оның түбінде жатқан құбыжық – қожайынына түсіп кетті де, бір сәт оң қолының алақанымен басын қысты. Бұлай етуі шықылдаған шілденің ыстығынан қорғану ма, әлде неше түрлі ойлармен қатқан басын аяп, демегені ме, болмаса «Құдайым-ау, мен осы не істеп отырамын…» деп өзін кенет жазғырғаны ма, анығын өзі де білген жоқ. Қазанның астындағы от та өшіпті. Ұшып кеткен бұлғауыштың басы тиген жер де бұған анадайдан шұқырланып көрінді.
…Кенет Байшұбардың көз алдына Шертайдың жүзі елестей кеткені. Жүзі ғана елестеп қойса да жақсы еді, құдыққа түсіп бара жатқан сәттегі інісінің шыңғырған үнін қоса естуі-ақ мұң екен, Байшұбар қайтадан өкіріп жылап қоя бергені.
Жылап-жылап басылған соң, ол көзінің жасын көйлегінің етегімен сүртіп, орнынан тұрды. Әрлі-берлі жүрді. Бірақ ендігі жерде қазанның ішіндегі уға да, сыртында жатқан құбыжық-қожайынға да қарағысы келмеді. Өйткені қазіргі бар ойы мен өкініші – тек қана інісі жайлы еді.
«Ініңнің сүйегі қай жерде дегендерге не айтамын» деп ойлады ол қайта кемсеңдеп… «Мүмкін қазандағы уды көмермін. Шертайымның қаны мен тәні соның ішінде…» деп.
Осы ойға тоқталуы-ақ мұң екен, шолақ күректі қолына алып, бірден іске кірісіп кетті. Сондағы жасағаны – қазанның түстік жағынан үлкен шұқыр қазды. Сусылдаған құмды қазу аса қиынға да түскен жоқ. Он минут қимылдады ма, он бес минут қимылдады ма, әйтеуір, шұқыр дайын болған кезде шанышқыға ұқсас айырмен қазанды қатты итеріп қалғанда, ішіндегі көгілдір уы шылп-шылп төгіліп, қазан шұқырға құлады да, жан-жақтағы үйілген құмдар көгілдір умен бірге өз-өзінен-ақ сусылдап құйылып, әп-сәтте шұқыр толды. Бұл іске тіпті Байшұбардың араласуының қажеті де жоқ еді.
Тізерлеп отырып, ол інісіне бағыштап Құран оқыды. Оқып болып бетін сипап, орнынан тұрған сәтте, інісінің алдындағы соңғы парызынан құтылғандай бойы жеңілдеп қалды. Ісі ойынан шыққанда ысқырып, әндетіп кететіні бар еді, сол әдеті есіне түсе тұра, олай етпеді. Адамның тәні өлгенімен де, жаны өлмейді дегенді Байшұбар талай естіген. Сондықтан барлық ісін, ықылас-пейілін інісінің көріп тұрғанына да күмәні болған жоқ.
«Енді Ахметтің денесін не істеуім керек?» деп ол бір сәт ойлаған. Бірақ ықылассыз еді. Осы тәсілмен қожайынды да көміп, басына Құран оқыған күнде, өзін былай қойғанда, Шертай кешірмейтіндей көрінді. Бәлкім о дүниеде де бұған теріс қарап кетуі… Дәл қазір Шертайды ренжіту – Байшұбар үшін кешірілмес күнә. Ал Шертай үшін бүкіл дүниені ренжітсе де, жарасатын секілді.
Бәрібір Ахмет туралы да ойламай тұра алмады. Жұрқа деген атасы тірі кезінде ас құдайыларда кейінгілерге насихат айтқан сайын: «Адам әдейі жасаған бір күнәсі үшін өмір бойы жинаған сауабынан айырылады» дейтін. Жұрқа атасының айтып кеткеніне де аса иілмей тұрғанда; кенет құбыжық-қожайынның денесін ұшып жүрген құстардың шұқитыны, аңдардың иіскейтіні, сонда тұмсығы тиген аң-құс атаулының бәрі уланып өлетінін ойлап бірауық мұңайып қалғаны. Көз алдына Қызылқұмның адырбелес құмдарында, қалың сексеуілдердің түбінде пырдай болып уланып, қырылған аң-құстар елестеген кезде, Байшұбар амалсыз қолына шолақ күректі ұстаған…
Құбыжық-қожайынның іргесінен құмды бұрқыратып қаза бастады. Әрине, шөкімдей болып қалған құбыжық-қожайынға үлкен шұқырдың қажеті де жоқ еді. Шұқырды тізесінен келгенше ғана қазып, айырмен құбыжық-қожайынды итере салды. Бар болғаны осы ғана… Шұқырдың шетіндегі үюлі құмдар өз-өзінен сусылдап құйылып, сәлден соң толды да… Бірақ Байшұбар қожайынның басына Құран оқыған жоқ. Осы ісі үшін, егерәки, Жұрқа атасы тіріліп келіп реніш айтса да, илікпестей, діні қатты жанның кейпінде көгеріп-сазарып тұр еді.
Бұл кезде күн көкжиекке таянып ыстық беті қайтқандай болған. Байшұбар енді қожайынның бір жерден мылтығын, бір жерден қол радиосын алып, құдыққа тұмсығын тірей созылған құм төбеге қарай беттеді.
Құм төбенің басына шыққан кезде, күн де батты. Күн батқанымен аспанның көкжиегінен қызыл алау тарқар емес. Байшұбардың білуінше бұл ертеңгі күннің де ыстық боларының белгісі еді.
Айнала көзжетер жерге дейін құм… сексеуілдер… Қыбыр еткен жанды нәрсе байқалмайды. Мүлгіген меңіреу дала. Дызылдап ауырған сол қолының басын кеудесіне дейін әзер көтеріп тұрып, кепе жаққа да қарап, аттарын іздеп еді, тұсаулы аяқтарын секіріп басып, жануарлар құдыққа қарай келеді екен.
Байшұбар ойлап-ойлап қожайынның таңертең аттарды суарған-суармағанын да анық біле алмады. Біліп тұрғаны – бұлар ұйықтап жатқанда қожайынның тыным көрмей қызмет жасағандығы, оның ақыры былай болып бітетіндігі еді.
Кенет Байшұбардың ойына қол радиосы түсіп кетіп, құлақшасын бұрай қойған. Симфония әлде контата секілді шуылы көптеу әуен ойналып жатыр екен. Байшұбар онысын аса түсінбей, әрі жаратпай, тағы бір құлақшаны бұрағанда күй дауысын естіді. Домбыраның үнін соншалық сағынып та қалған екен, елітіп тыңдай бастады. Бірақ көп ұзамай күй бітіп, сағат тілі сыртылдады. Бұл – соңғы хабарлардың белгісі. Премьер-министрдің бизнесмендерді қабылдағаны, депутаттардың жер-жерлерде кездесулер жасағаны айтылды. Содан соң Байшұбар атын ести қоймаған бір ауданда бір әйелдің тұрмыстың қиындығына шыдай алмай, әуелі жеті баласын, соңынан өзін улап өлтіргені жайлы хабар етіп, істің егжей-тегжейімен жергілікті прокуратура орындарының айналысып жатқандығына тоқталды.
Байшұбар қол радиосының құлағын бірден жауып тұрып «Мынасы ана жолғы Лиза айтқан…» деп ойлады бірден. «Сонда біздің қожайынның уымен өлтіріп тұр ғой».
Байшұбардың әлгі хабарға таңданысы ерекше болды. Тіпті одан әрі ештеңе тыңдағысы келген де жоқ. «Бәсе, жол-жөнекей қол радиосының құлағын қайта-қайта ашып, неге хабарлар ғана тыңдайды десем… Оған керегі осы екен ғой… Сонда оған сатқан уының жұртты қалай өлтіргені де мақтаныш болғаны ма?»
Бірауық ол өлген әйелдің әжесінің әжесінен қалған күміс білезік жайын да есіне алды.
Жеті баласымен бірге өзін қоса улап өлтірген әйел туралы Байшұбар тағы нендей ойлармен әуреленер еді, егер құдық жақтан оны таңдандырып қана қоймай, зәресін зәр түбіне жеткізген оқыс көрініс болмағанда…
Әуелі құдықтың ернеуінен лап етіп тасып аққан су ма деп қалған. Су емес, жыландар… Және де өңшең сұр жыландар екен… Олар құдықтан шығып жатыр… шығып жатыр. Осынша көп жыланды оның бірінші көруі еді. Сондықтан айдалада отырып-ақ Байшұбардың үрейден жақ жүндері үрпиіп кетті.
Ол қазанды бұлғауышпен бұлғап тұрған сәтінде, інісін шағып, адам танымастай құбыжыққа айналдырып жіберген жыландарға кектеніп, «қолыма мылтық тисе, шетінен бытырлатып атар ма едім» деп те қиялдаған. Енді, міне, қолында мылтық… Ал жыландар көз алдында ақтарылған судай жайрап жатқаны…
Байшұбардың қолы да, аяғы да, тіпті бүкіл тұла бойы дірілдеп кетті. Ол енді «Құм төбенің басына дер кезінде шығып алғаным да қандай ақыл болған» деп қазіргі халіне шүкіршілік етті. «Шамасы ордалы жыландар-ау», – деп те ойлады.
Жұрқа атасы тірі кезінде «Ордалы жылан, я үлкен баққа, болмаса үлкен сорға көрінеді» деуші еді…
Мына жыландардың өзіне баққа көрініп тұрғанына Байшұбар күмәнді-тін. Соры болып біткендей. «Бүгінгі бастан кешкендерім сор емей, немене…» деп ойлады ол сұр сексеуілдерден аумай қалған сұр жыландардың қозғалып, жайылып, көбейіп жатқанына әлі де зәресі ұшып тұрып. Жыландар жылжып Шертай көмілген, сосын Ахмет көмілген үйінді құмның үстіне шықты. Құдық маңайындағы жер бедерінің өзгерісін аңдап, соған аялдағандай сыңайлары бар.
Жыландар Шертай мен Ахмет көмілген жерді тастап, енді қалың сексеуіл арасына қарай шұбады. Бір ғажабы – олар қашан көзден таса болғанша, кешқұрым аққан өзендей болып жарқырап, шұбап бара жатты. Сол жарқырап аққан қалпы құрдымға кеткендей, ақыры ізім-қайым жоғалды да…
Жыландар мүлде ғайып болған соң да, Байшұбардың бойынан үрей арылмады. Ойша, бір атқа мініп алып, алды-артына қарамай, шығысқа қарай қашқысы да келген. Бірақ аяқтары қозғалмайды. Сол жыландар сәлден соң өзі тұрған құм төбеге өріп шыға келетіндей, төңірегі түгел үрейге айналып кетті. Құм басып жатқан кең дала да… сексеуілдер орманы да…
Байшұбар өзінің өте қорқақ, бозөкпе жандардың қатарында екендігіне, ендігі жерде зәредей де күмән келтірген жоқ.
Ол оң қолымен ұстаған мылтығының ұшын шошайтып жүресінен отырды. Осылай отырғызған да үрей еді. Түрегеліп тұрса, жыланның да, өзге мақұлықтардың да көзіне шалынатындай, зілдей күш иығынан басқандай болғаны…
Сол қолы қимылға келмеген соң (зарлап ауырғаны өз алдына), оң қолындағы мылтығын жерге қоя тұрып, қол радионы қолына қайта алдырған да үрей еді. «Әйтеуір, адамның дауысын естіп отырайыншы» деген алдамшы жұбаныш ойына келе қалғаны.
Құлағын бұрап жіберсе, радио да жыландар туралы айтып жатыр екен. «О, Алла, не болып кетті. Бұл дүние жыландардың ғана мекеніне айналып кеткеннен сау ма өзі?» деді ол іштей таңырқап, әрі үрейленіп отырып. Бірақ жыландар туралы хабарды мұқият тыңдады.
«Әлемде аштық пен апаттар әсерінен зардап шеккен халықтың кедей топтары арасында өзін-өзі өлтіру жағдайлары өрістеп отырғаны белгілі. Сондай-ақ өзін ажалға қию бай адамдар мен биліктегілер арасында да бұрын-соңды болмаған деңгейде көбейіп отыр.
Ең азапсыз өлім – у ішу деп танылуда. Сондықтан әлемде удың бағасы қатты көтеріліп кетті. Әсіресе соңғы жылдары Қызылқұм жыландарының уына деген сұраныс күрт артты. Ең сәтті әрі тәтті өлім осы Қызылқұм жыландарының уын ішкеннен кейін болатынына ғалымдардың зерттеулері көз жеткізуде. Сөйтіп, жылан уы бұл өмірден баз кешетіндердің арманы мен ләззатына айналып отыр».
Хабардың біткендігін әлдебір әуен ыңылдап, қыңси бастаған кезде Байшұбар қол радиосын өшірді.
«Құдайым-ау, мына хабарды Ахмет естігенде не болар еді? Есі шыға қуанғандығынан билеп кетер ме екен… ән саламын деп гүжілдеп, әуре болар ма екен… Әйтеуір, сондай бір қызық күй кешер еді-ау, бейбақ!»
Қол радиосын өшірген бойда оның ойлағаны осы болды. «Әкелген адамдарын улы жыландарға талатып, сосын қазанға қайнатып алған уын мөлдіретіп әлденеше бидонға құйып алған соң, құм төбенің басына шығып отырып мынадай хабар тыңдаса, одан бақытты, қуанышты адам болар ма еді? Одан бай адам да болар ма еді мына жалғанда?! Бәсе…»
Бір есептен, осы хабарды тыңдай алмай кеткені үшін-ақ бұл Ахметті бақытсыз жан деп ойлады. Дәл қазір оны сондайлық жек көрген де жоқ. «Бақытына қолсозым жер қалғанда ажал құшқан ол да бір бейшара, бейбақтағы…» деп ойлады.
Кенет есіне кісілері арқылы Ахметтен у алдыратын президент түсіп кетті де, қол радионың құлақшасын бұрады. Радио күй беріп жатыр екен. Әншейіндегі бар ынта-ықыласы күй тыңдау болса да, бұл жолы соншалық әсем әуенге де Байшұбар елікпеді. Ол тек қана жыланның уына байланысты хабарлар күткен. Сондықтан қол радионың құлақшасын бұрап өшіріп жатып, оны кеш ашқанына қатты өкінді. Қол радионың бүгін ол президент туралы айтқанына ешқандай да күмәні болған жоқ. Жол бойы қожайынның қол радиосына дамыл бермеуін есіне түсіре отырып ойлағаны Ахмет мырза сол президенттің де қашан, қай күні өлетінін білген секілді. Бақытсыз патша болады. Ол да өлу үшін у іздейді дегенді Байшұбар бұрын-соңды естіген емес… Сондықтан өзіне келер-кетері болмаса да, белгісіз патшаның қасіретіне іштей қатты елеңдеген. Әуелде ойлады: «Халқын ашаршылыққа ұшыратып алды ма екен?» – деп… Әлде, балалары қатыгез, қаныпезер болды ма екен?» осылай төсегінде шалқасынан жатып, оңаша қалың қиялға шомғаны да бар. Тіпті ол патшаға іштей қатты жаны ашыған-да…
Енді ойлап отыр. «Мүмкін ол Ахметтің уын өзі өлімі үшін емес, өзге біреуді өлтіру үшін алдырған шығар. Олай болса, ол патшаның Ахмет мырзадан несі асты? Ол да бір, бұл да бір-р…»
Кенет патшаны да жек көріп кетті. Патшаны ғана емес-ау… дүние түгел зұлымдықтың мекеніне айналып кеткендей… іштей таусылып, шаршап отырды.
Енді қол радиосын да тыңдағысы келген жоқ. Тіпті ешкімді де, ештеңені де керек етпеген күйде томсырайып отырып қалған. Қожайынын төмен қойып, өзін одан бақыттырақ санағаннан кейін, үрейден де арылғандай.
«Ералының қаны мен тәні араласқан жыланның уына қол жеткізе алмай таласқандары рас болса, Шертайымның қаны мен тәні араласқан удан кейін ол жұрт қайтер екен? Қырқысып, бірін-бірі жұлып жеп тынар ма?» деп ойлады Байшұбар әлі де у жайлы хабардың әсерінен біржола шыға алмай отырып.
Лиза мен Лолахандардың аузынан: «Қожайынымыз қыстақтың керемет жерінен жер алды. Ол жерге салынатын үй бес қабат болады. Және ауласының сән-салтанаты да бөлекше жоспарлануда. Егілетін бау ағаштары мен гүлдерге, әртүрлі ем-дәрілік шөптерге Еуропадан маман алдырмақ» деген әңгімелерін де естіген.
…Сол әңгіменің де сыры Байшұбарға бүгін, қазір… түсінікті болып отыр.
Төңірекке қараңғылық үйіріліп, шығыстан болмашы леп есті. Күндізгі алапат ыстықты мүлдем ұмытып, құмды дала енді жандыға да, жансызға да жайлы бір шақты басынан кешіріп жатқандай.
Аттар құдыққа жақындады. Олар осы арада құдықтың барын әуелден-ақ білетін секілді. Жаңылмай, жазбай тауып, тұсаулы аяқтарымен-ақ өңмеңдеп-ақ келеді. Мылтықтың бауын иығына, қол радионы жанқалтасына салып, Байшұбар енді құм төбеден төмен түсіп, құдықтың басына да аттармен қатар жетті.
Қауға шелекті құдыққа сала бергенде ол ештеңе ойлай қойған жоқты. Мол суға шым батқан шелегін сыртқа тартып жатқанда ғана кенет шелекпен бірге жүздеген, мыңдаған жыландар ілесіп келе жатқандай денесі тітіркеніп, шелектің ернеуі көрінгенше ол осы сезімнен арыла алмай тұрғаны. Бірақ ойындағы сол көп жыланның орнына мөлдіреп құмның бір шелек суы ғана шықты.
Аттар суды көп ішті. Тіпті әрқайсысы үш шелектен ішті ме, әлде төрт шелектен ішті ме, анығы есінде жоқ. Әйтеуір, құдықтан суды тартып жатыр… тартып жатыр… Аттар сораптап ішіп жатыр…
Аттардың бас көтерместен су ішуіне қарап Байшұбар ішінен «жыландар мекендеген құдықтың суы тәтті бола ма екен» деп те ойлады.
Су ішіп болған соң аттар шыға жайылып, сексеуілдердің ара-арасында аптаптан жасырынып, аман қалған шөптерді қоймай орып жеп, күтірлете күйсеп бара жатты.
Байшұбар жуан сексеуілдің түбіне отыра кетіп, көйлегінің етегін оң қолымен түріп әкеліп, жіпсіген маңдайын сүртті. Құнарлы жерге бөртіп шыққан егіндей болып, көкте жұлдыздар да самсап қалыпты. Және бұл өңірде жұлдыздар қолсозым жерде ғана тұрғандай болып, анық көрінеді екен.
Сәлден соң ай да туды. Толған шағы екен, айдың толған кезде сұлу көрінетіндігіне де Байшұбардың мән беруі осы жолы шығар.
…Кенет бір ой санасына сап ете қалды. «Оу, осы мен неғып отырмын? Кімді күтіп жүрмін? Аттар су ішті. Енді кепедегі қоржындарды ат беліне салып алып, кете бермеймін бе?»
Осы ойдан соң ол солбырайып орнынан тұрған. Аттарға қарай жүрген. Әуелгі ойы өзінің жиреніне жету болатын. Бірақ алдынан Шертайдың Қасқаторысы шыға келгені. Және жануар жерден басын алып, тап бірдеңе сезіп тұрғандай, бұған қарағаны.
Байшұбар еріксіз бұрылып барып, Қасқаторының мойнынан құшақтай алды. «Шертайымның жыл бойы әспеттеп баққан тұлпары… Алты қырды айналып бәйгеге шапқанда үстінен су төгілмес жорғасы… Саған не дейін? Не бетімді айтайын?.. Құдай біледі, бәрін де біліп тұрсың-ау».
Байшұбар егіл-тегіл болып жылады. Құдай біледі, Қасқаторы да жылап тұр. Жұбату сөздерді түсініп қана қоймай, демеу тұтқандай, басын мұның кеудесінен алар емес.
«Ауылға қайтамын деймін… Сонда қайда барамын? Не деп барамын? «Шертайың қайда?» дегендерге айтар уәжім не? Айтшы Қасқаторы… сенен өзге ақыл сұрарым жоқ. Сенен өзге жақын тұтарым да жоқ. Шертайымның қолынан жем-шөп жедің ғой… Су іштің ғой… Шертайым, кекіліңнен, жалыңнан қанша рет сыйпады. Сүйді. Басыңды кеудесіне басып «менікісің» деп меншіктенді. Айтшы… адам болмасаң да, дос тұтар жануарым…»
Қасқаторы үнсіз тыңдады. Байшұбардың құшағынан басын да тартқан жоқ.
«Саратанға бармаймын. Саратаны құрып кетсін. Өзіміздің Ұзынарыққа барамын. Айтпақшы алдымнан әйелім Шырай, балаларым Әліқұл мен Бейсен шығады екен-ау, жүгіріп… Сонда оларға не айтамын? Балаларым «Шертай көкем қайда?» дегенде «Қызылқұмның ортасына апарып, өлтіріп қайттым» деймін бе? «Қолыңа не болған» дегендерге ше?
Әйел-балаларымды да қойшы. Бұл сұрақтарды маған жүздеген, мыңдаған адам қояды ғой. Сонда мен бейбақ жүз рет, мың рет жерге қараймын ба? Жүз рет, мың рет өлейін бе? Қасқаторым-ау, адам баласы үшін бұдан өткен қасірет жоқ. Қорлық та жоқ. Одан да осы арада бір-ақ рет өлмеймін бе? Жануарым-ау, жүз рет, мың рет өлген абырой ма, әлде бірақ рет…»
Қасқаторы үнсіз…
«Жо-жоқ… мен Саратанға да, Ұзынарыққа да бара алмайды екем. Тағдыр оны маған жазбаған екен. Мен осында Шертайымның жанында-ақ қалайын. Алланың маңдайымызға жазуы шығар; бірге сапарға шыққанымыз… сосын бірге өліп, қатар жатқанымыз… Сенің… сендердің жолдарың болсын. Қиыны – Әліқұл мен Бейсенім жетім қалады. Несі бар, жетім қалып Шертай екеуміз де ержетіп, ел қатарына қосылдық қой. Олар да бірін-бірі жетелеп, бірін-бірі біздей жақсы көріп есейсін… Бізге ұқсап, олар да жұмыс іздеп Ұзынарықтан ұзап шықсын. Соның ар жағы – өмір деген ұзақ жол… Сол жол бал татыра ма, у татыра ма оны тағдырларынан, маңдайларына жазылған несібелерінен көрсін…»
Байшұбар ат жалынан, сауырынан соңғы рет сипап, өзі де жылап, Қасқаторының тұсауын шешті. Жиреннің де, Бозбестінің де тұсауларын алды. Бозбесті мен Жирен тұсауларынан құтылған бойда-ақ аялдамай, жүре жайылып кете барды да, жануар Қасқаторы бұған қарайлағандай болып, аз-кем тұрды. Мұның көйлегінен иіскеді. Сосын барып өзге аттардың соңынан ерді.
Сүзектен тұрғандай аяқтарын сүйрете басып, Байшұбар қайтадан құдықтың жанына келді. Отырды. Жұлдыздарды санаған кісіше меңірейіп аспанға қарады. Шығыстан ескен қоңыр салқын леп үдеді. Бір сәт жаны жай тауып, көңілденгендей болды. Сөйтіп отырып «Осы менің неге өлгім келіп отыр» деді кенет өз шешімінен өзі шошығандай. «Мен неге Саратанға бармаймын. Менің неден бетім күйіп тұр. Ахмет тірі қалса, ағайынды екеуміздің қанымыз бен тәніміз араласқан уды аттарға тиеп, жеңіспен оралған жауынгердей болып қайтар еді… Ал мен… Қожайын бар шаруасын, байлығын маған тастап кетті» десем, кім не дей алады? Маған қарсы келе алатын кісі бар ма өзі? Тіпті сол ауладағыларға қожайынға қызмет етті не, маған қызмет етті не… бәрібір емес пе?
Айтпақшы, Ахметтің сыбайластары бар екен ғой. Бар болса ше? Жайдан-жай өле салғанша, мен аңдысып, солармен атысып неге өтпеймін мына дүниеден.
Ахметтің сыбайластарымен шайқасу туралы ойлағанда, Байшұбар әлдеқалай қуаттанып, жігерленіп отырды да, аттардың тұсауын асығыс шешкеніне өкінгендей болды. Бірақ артынша өзін-өзі жұбатты. «Аттар кетіп қалған күнде де мен неден сасамын… Керек болса, жаяу-ақ барамын. Күндіз ұйықтап, түнделетіп жүріп отырсам… үш күн жүрермін… төрт күн жүрермін. Қанша күн жүрсем де, мылтық мені асырамай ма? Қорғамай ма?»
Ойының осылай оқыс өзгере кететінінен де бір сәт секем алғандай күйде тұрып, Байшұбар іштей «Мен осы шатыса бастаған жоқпын ба?» деп те ойлаған. «Бәлкім, шатыссам, шатысқан да шығармын. Адамның басына түскен қасірет пен қайғыдан шатасып, әлде мерт болары рас болса, бүгін соның бәрі басымда болған жоқ па? Сормаңдай басымда әлі тұрған жоқ па?»
Оң қолымен бірауық басын қысты. Бірақ осынша ауыр ойлардан есеңгірегендей мең-зең күйде тұрып та, ол Саратанға қайту туралы шешімнен жаңылған жоқ… Бәрібір сол ойға белін бекем буғандай, ол «аттар ұзай қойды ма екен өзі?» деп отырған жерінен оқыс көтеріліп бұрыла бергенде, Шертайдың құдыққа түсер алдында сексеуіл бұтағына іліп қойған ақ көйлегі көзіне түсіп, қайта көңілі босап, әуелі кемсеңдеп, соңынан өкіріп қоя бергені.
«Желбіреп алға ұмтылған ақкөңілім менің! «Аға, бәрін де өзім істеймін. Мен жүрген жерде сіз отырыңызшы… Тіпті уайымсыз, жантайып жатыңызшы…» деп мені патшадай сыйлаған ақ жапырақ көңіліңді қайтейін… Елжіреп, елпілдеп тұрған жүрегіңнің лүпілін қайтейін…
Мен үшін елпілдеп, желбірегенде, ақыры, міне… не таптың? Құдыққа мен түскенде, сен аман қалып, жар тауып, атыңды кейінгіге қалдырар ұл-қыз сүйер ме едің? Жаныңдай жақсы көретін інілерің Әліқұл мен Бейсенге ес болар ма едің?»
Байшұбар қайтадан ебіл-тебіл жылап отырып, көктемде інісімен арада болған оңаша сырды есіне алды. «Көп ақшамен ауылға барған соң не істейміз?» деген әңгіме баяғы…
Шертайдың мектепті көрші ауылда тұратын Серғазы деген кісінің Мира есімді қызымен бірге бітіргенін бұл білетін. Інісінің оқып жүрген кітабының арасынан ол қыздың суретін де көрген. Пішімі келген бала екен, сүйсініп қалды. Шырайдың да сол қызды ұнатып, пыш-пыш бірдеңе дегені құлағында қалған.
– Бара салысымен Серғазының қызына құда түсемін, – деді бұл інісі күте қоймаған әңгімені бастап. Шертай қызарақтап қалды.
– Оқуым бар ғой, аға, – деді қыз жөнінде бірдеңе айтуға ұялғандай болып.
– Е, оқуың болса қайтейін. Үйленген жігітті оқу қабылдамай ма екен?
Шертай одан әрі үндей алмай, қызарақтаған күйі жүзін бұрып әкетті.
Бірақ Байшұбардың мына әңгімесін жек көрмеген секілді. Қайта қуанып, сүйсініп қалды ма-ау, немене…
Бұл сонда-ақ ойлаған. «Бітті. Сүйеді екен. Енді ауылға жеткен бойда Серғазының қызының құлағына алтын сырғаны іле салармын-ау» деп.
…Түн ортасы ауа құмды дала мүлдем салқындады. Байшұбар тісі-тісіне тимей қалшылдап отырып «Я, Алла, үсіп өлсем екен» деп тіледі ішінен. «Шықылдаған шілдеде Қызылқұмда үсіп өлу бұрын-соңды болмаған шығар. Сол болмаған өлімді мен қалар едім… Сұрар едім»…
Сөйтіп отырып-ақ, бір жағынан, күндізгі аптабы кісі шыдатпайтын Қызылқұмның қазіргі мінезіне қатты таңырқап та отырған.
Орнынан тұрып барып, ілулі тұрған Шертайдың ақ көйлегін алып, иіскеді. «Осы сапарға, аға, сіз сыйлаған көйлекті киейінші» деп ырымдап, қуана киіп, желкілдеп, желпілдеп-ақ шыққан сапары еді ғой, қарағымның…»
Екі күн аптапқа киген көйлектің тер иісін жел кептіріп жіберіпті. Бірақ інісінің денесіне тиген көйлекті ұстаудың өзі Байшұбарды едәуір жұбатты. Сәлден соң-ақ Шертайдың көйлегін сыртынан киіп алып, кәдімгідей бойы жылынғанда: «Жаураған денемді де өзің жылыттың-ау… Шертайжаным-ай», – деп ойлады. Бір жақсысы – бұл жолы жылаған жоқ.
Ұйқылы-ояу қисайып жатқан. Әуелде елес пе, әлде түс пе, анығын біле алмады. Бір жағынан, анық шатысқандығының белгісі ме, немене?
…Бұлдыр-бұлдыр сағымның арасында Шертай екеуі Қызылқұмның даласында атпен қатар жортып келе жатыр екен-ау деп ойлады… Екеуі де сондай көңілді. Өзінше бірдеңелерді айтып, Шертай сақ-сақ күледі.
Содан соң сексеуілдің бұтақтарымен өріліп қазылған құдықтың жанына аттарынан түсті. Екеуі де қаталап шөлдеген екен-ау, шамасы… Байшұбар қауға шелекпен су тартайын десе, «белімнен байлап түсір, суды өзім алып шығуым керек» деп Шертай көнбейді. Бұл амалсыз келісіп, інісінің беліне кендір арқан байлап, оны құдық түбіне жіберіп, арқанды бірте-бірте босатып жатқанда Шертайдың шыңғырған дауысын естігені.
…Шошығаны сондай, аяқтарын бауырына алып, жуан сексеуілдің ығында жатқан жерінен оқыс атып тұрды. Әуелі қайда, неге тұрғанын түсіне алмағандай меңірейіп жан-жағына қарап тұрды да, сексеуіл бұтақтарымен өрілген құдыққа, құдық жанындағы інісінің төмпешігіне қарады. Шыңғырған үн төңіректен әлі де естіліп тұрғандай бір сәт құлағын басты.
О, ғажап-п! Құлағын басқан сәтте де, шыңғырған үн құлағына естіліп жатты. Қалай, қайдан естіліп жатқанын түсінсе бұйырмасын… Оңына қарады… солына қарады… Аң-таң… Бірауық бүкіл дүниеге түсінбегендей, әлде бүкіл дүние мұны түсінбей тұрғандай, менсінбегендей, айналадағы құм төбелер мен сексеуілдерге меңірейе қарап тағы біраз тұрды да, кенет шұғыл шешім жасаған жандай, қолына шолақ күректі алып, інісінің төмпешігінің жанын боратып қаза бастады.
…Таң саз бере Қызылқұмның бүкіл дүниеден бір бөлек жатқан ми даласының есін шығарғандай гүрс-сс еткен мылтық дауысы естілді. Бұрын-соңды естімеген дыбыстан берекесі қашқан шолақ кесірткелер, тоңқаңдаған қоңыздар мен қарақұрттар індерінен зытып шықты… Зытып қайта кірді… Сексеуіл жапырақтары шайқалды…
Арада көп уақыт өтпей-ақ сәбидің жылағанындай шығыстан сыңсып соққан қоңыр жел сексеуілмен өрілген құдықтың басына үшінші төмбешікті де қарайтып үлгерген еді…
5
Күн тал түске таянған шақта жыбырлап жылжыған көп жылан өзендей ағып, құдықты бетке алып келе жатты. Ыстық кешегіден де қатты еді. Құмның шоқтай жалынына шыдай алмаған бала жыландардың біразы аударылып түсіп қайта жылжып, қайсыбірлері биікке шапшып атылып, әлденеден, әлдекімнен шошығандықтан емес, еркін де тоқ өмірден масайрап, мәз-мәйрам болғандай, ерке қылықтарын көрсетіп келе жатқан.
Олар құдық маңындағы үшінші төмпешікті де көрді. Көріп қана қоймай, өрмелеп басына шықты. Сосын төмен түсті. Қылығы тәтті тағы бір бала жыландар жай түсе салмай, бауырлары ағараңдап, құлап-аунап, сосын қайта жыбырлап жылжып, түбіне дейін сексеуілмен өрілген құдықтағы салқын мекендеріне асығыс кіріп жатты.
Атажылан асыққан жоқ. Кеше екеу, бүгін үшеу болған төмпешіктерді асықпай аралады. Соңғы төмпешіктегі ұшы көміліп, дүмі сыртта қалған мылтыққа да мән берді. Қол радиоға да қарады. Ауада екі аяқтылардың ғана иісі қалыпты. Төрт аяқтылардың иісі жоқ. Атажылан екі аяқтылардан ғана сескенетін. Сондықтан тілін жалт-жұлт шығарып тұрып, ауаны тағы ұзақ иіскеді. Оның өзі де өлі иіс… Тірі екі аяқтының иісі білінбеді.
Атажылан екі аяқтылардың жақсы-жаманын да иістерінен аңдайтын. Жыл сайын зиянсыз екі аяқтының өлі иісі осы жерде қалатын да, зияндысы қайтып кететін. Атажылан сол зиянды екі аяқтының иісіне айрықша мән беретін. Өйткені ол қанша жылдан бері келіп-кетіп жүр… Енді сол айрықша танымал екі аяқтының да иісі өлі…
Атажылан енді жер бетіндегі екі аяқтылардан түгел құтылғандай, өзін қауіпсіз сезінді. Сонда да сақ еді… Таң алдында құмның ысылдаған желімен ілесіп келіп, құдық маңайына тоқтаған қаңбақ шөпке де, жібі шұбатылып, құлап жатқан қауға шелекке де секемдене қарады. Оны шошытатын – қандай да бір төңіректегі өзгерістер еді. Ауаның да… жер бедерінің де… Болған оқиғаға қайғырып, әлде қуануды да ол білмейтін. Білетіні – еркіндігі мен жауын әлде қаупін жеңген сәттерде ғана болатын тәкаппарлығы еді. Қазір де сол тәкаппар мінезін қайта тауып, көп жыландардың соңынан барып, құйрығы құлаштай болып, паңдана жылжып салқын құдыққа кіріп бара жатты.
…Екі аяқтылардан біржола құтылу құмды өңірдегі жанды мақұлық атаулының бәріне әл беріп, жадыратқандай, кешелі бергі үрейден өліп-өше бастаған үміттерін қайта тірілтіп, жалғағандай күй аңғарылды. Ендігі жерде мұңсыз тіршілік кешер, өсіп-өнер жаңа бір кезеңнің табалдырығынан аттағандай қуанған шолақ кесірткелер індерінен зытып шығып, зытып кірді. Қызылқұмның тоңқаңдаған қарақұрт, қарақоңыздары да көлеңкелерден бой көрсетті. Әншейінде осындай алапат аптап кезінде өлімсіреп, салбырап қалатын сексеуіл жапырақтарына да оқыс жан бітіп, әлсіз қимылдап, жаңарып, жалтылдай қалыпты…
Тынымбай НҰРМАҒАНБЕТОВ