ЖЫЛОЙДЫҢ АЙТҚЫШТАРЫ

                   Өткен ғасырда  Жылойда  ойы орамды, сөзі салмақты, тілі өткір, әзілі ұтқыр айтқыштар аз болмаған. Олардың бір тобын көпшілік «Жылойдың жеті қуы» деп атапты.

БАҚТЫБАЙ АҚЫН

      Бақтыбай толықша, орта бойлы, бетінде шешек дағы бар бұжыр қара кісі болыпты. Өлеңді табан астында шығарып, өзіндік әуезбен, орташа қоңыр дауыспен термелете  айтатын болған.

АМАНБЫСЫҢ, СҰРАУБАЙ

    Шегем Бақтыбай ақын бір жиынға келсе ақын Сұраубай Үттібаев өлең айтып отыр екен. Бақтыбайды танымайтын жас ақын өлеңді төкпелете, толассыз айтып, кезек бермепті.

      Сұраубай бір тыныс алғанда  Бақтыбай домбырасын қаттырақ шетіп-шертіп жіберіп, термелей жөнеледі:

—           Аманбысың, Сұраубай,

Жарамадың,  шырағым,

Амандық, саулық сұрауға-ай,

Өлең айтсаң дұрыс айт

Сөз айтпа мұндай құранды-ай!

             Сол кезде Сұраубай ұшып тұра келіп, Бақтыбайдың қолын алып, кешірім сұрапты.

 ҚҰРДАСЫНЫҢ ӘЙЕЛІНЕ АЙТҚАНЫ

               Бақтыбай Жем бойында отырған Хасен құрдасына кездеседі, Хасен үйіне ертіп келіп, есіктен кіре:

             -Қатын, көрпе сал, қонақ келді, — деп дауыстағанда әйелі:

            — Қайдағы қонақ, сенің қонағың таусыла ма,- депті.

           Артынан келе жатқан Бақтыбай сол сөзге орай  былай деп  өлеңдетіпті:

                                     Хасен сорлы неғылсын,

                                    Мені сыйлап шақырды.

                                    Есіктен аттай бергенде,

                                    Есектей қатын ақырды.

                                    Осындай қатын алғаннан

                                    Хасенжан-ау, алмағаның мақұл-ды.

               Ұялып қалған әйел:

—           Ойбай, құрдас екен ғой, — деп, әзілге айналдырып, қызыл қуырдақ, күрең шәймен аттандырыпты.

ҮЙІНЕ АСАНҒАЛИ КЕЛІП ЖЕТТІМ

        Бақтыбай Доссор кентіндегі «келсең, соқпай кетпе» деп жүрген Асанғали құрдасының үйіне барады. Келген жерден әйелі ананы айтып, мынаны айтып, кетер деген оймен көже ғана береді. Асанғали көрінбейді. Оның үйде барын сезген Бақтыбай әндетіп қоя береді:

                                      Доссорға барайын деп талап еттім

                                      Көңілімді бөтен ойдан талақ еттім.

                                      Ағайын, қатар, жүрген құрдасым деп,

                                      Үйіне Асанғали келіп жеттім.

                                      Әйелі «ет жоқ еді» деп  баян етті,

                                      Көрмедім Асанғали қарабетті.

                                      Әйелі көже берді жәйін айтып,

                                      Көжеден бір-екі ұрттап бердім қайтып.

                                      Асанның мүшкіл етіп күйі-жәйін,

                                      Салғаны мен келгеннен сары уайым,

                                      Есептеп шотқа соғып қойған екен

                                      Айтады жаман қатын берген шәйін.

Бұны естіген Асанғали түкпірдегі бөлмеден шыға келіп, құрметпен қой сойып, көрші-қолаңды шақырып думандатыпты.

           -Артында әзілі қалмаса құрдастың несі құрдас, — депті кейіннен.

   БОЗДАН ЖАДЫРАБАЙҰЛЫ

     Боздан колхоз құру ісіне белсене араласып, ауыл совет төрағасы, колхоз бастығының орынбасары, ферма меңгерушісі болып жұмыс жасаған. Әзілқой, тапқыр, қулығы мол кісі екен. Жаратпайтын адамының атын атамай «кертпенқұл», «тегіс жуан», «жылансырт», «шойнақ», «кесік құлақ» т.б. деп атайтын болыпты.

МЕН ӨЛГЕНДЕ…

         «Бозекең қатаң ауру» дегенді естіп, Құлсары мешітіндегі намаздан кейін «дүмшесі» бар, «сымағы» бар, Уәли бастаған бес-алты молда Бозекеңнің көңілін сұрауға келеді. Келсе кең бөлменің қақ ортасында Бозекең жатыр екен. Бетін селдір ақ матамен жауып қойыпты. Бұлар келіп Бозекеңді айнала отырады.  Бозекең қимылдамайды.  Тым-тырыс, үнсіз жата береді. Бұлар аңғарып қараса екі қолы екі жағында, екі саусағының арасынан бас бармағын шығарып жатыр.

            Біраз отырғасын Уәли молда нөкерлеріне шығуға ымдайды.

                       -Не білдіңдер? – деп сұрайды Уәли сыртқа шыққасын қасындағылардан. Олар иықтарын көтереді.

                      — Боздан «жарлы адаммын» деп жатыр, — дейді Уәли. — Бармағын шығарғаны — «ертең мен өлгенде мынауымды аларсыңдар» дегені.

АУЫЛҒА ЖЕТУДІҢ АМАЛЫ

        Боранқұлда Боздан мен Сағындық көрші тұрыпты. Екеуі әзілдес, қатар адам, бір-бірімен қатты ойнайды. «Қарақұм» совхозының директоры Әміров Ешмұқан деген кісі Сағындыққа күйеу екен. Түнгі пойыздан түскен Бозекең таң атпай Опорныйдағы директор Ешмұқанның үйіне келіп:

       — Мен Құлсарыда жүр едім. Рациямен шұғыл хабар салыпты. Ауылға тез жетсін, «Сағындық қатаң» депті. Ендігі жүріп кеткен болар, байғұстың бала-шағасына қиын болды-ау! Боранқұлға тез жетейін, көлігіңмен көмектес, — депті директорға.

      -Қатаң десе, кім біліпті, тұз-дәмі таусылмаса тірі болар, бізге де жекжат қой, жаманат болса хабарлауы керек еді, — деп, Ешмұқан өзінің «ГАЗ-69» машинасын беріп, Бөкеңді Боранқұлға аттандырыпты. Ол кезде Опорный мен Боранқұлдың арасына көлік сирек қатынайды, алпыс шақырым далалық. Келгесін Бозекең ат басын тура Сағындықтың үйіне тіреп, шоферге:

             -Сен кідіре тұр. Тыныштық сияқты.  Сағындық сірә қайтпаған болар. Мен кіріп шығайын, — деп, үйге кіріп, біраздан соң қайта шығып:

           -Паралич соғып қатты құлаған екен, жас сорпа, қою шай ішіп терлеп, беті бері қарапты, директорыңа сәлем айт, — деп шоферды қайтарып жіберіпті.

             Сағындық бұл кезде бұраубай басында жұмыста жүрген көрінеді.

ҚҰТЫЛУДЫҢ АМАЛЫ

      Бозекең Боранқұлда үйіне келе жатса, көрші Кейкіннің әйелі жолығады.

         -Ауылда кім бар? — деп сұрайды үй сыртындағы машинаға көзі түсіп.

          -Ой, әлгі Мырзағұл антұрған ғой, Кейкіннің құрдасы. Разведкаға жұмысқа келген екен. Мас. Үсті-үстіне арақ сұрап мазамызды алып болды. Кетер емес, — дейді.

         Кейкіннің одан құтыла алмай отырғанын сезген Бозекең екі үйдің арасында әрлі-берлі жүгіріп, ентігіп Кейкіндікіне кіреді. Қара тер, үсті-басы алқа-салқа.

        -Жай ма, жарқыным? — деп үйдегілер үрпиісіп қалады.

       -Қайдан жай болсын. Бүгін үш күн болды. Сағындық құтырып ауырып, кол-аяғын байлап, құдыққа салып бағып отырмыз. Ауылда машина жоқ еді, мына машина жақсы келді ғой. Құдай сәтін салар, пақырдың бағы бар екен. Осы машинаға саламыз. Барғанша үш жігіт ұстап отырады. Құлсарыға барғасын әрі қарай мелисамен апарар, бізге тек Құлсарыға жеткізсек болды.

          -Апара алмаймын, — деп Мырзағұл шоршып түседі.

         -Е, неге?

         -Бұл машина разведкіге жұмысқа келді.

         -Шырағым, мында келгесін Сәбеттің қарауындасың. Мына Сәбеттің қаулысы саған да, маған да заң. Қане, Кейкін, мына шөпірге қаулы шығарып бер.

          -Ойбай, машинам Құлсарыға жарамайды. Өзім де ауырамын.

         -Мынау қиқандап отыр ғой. Қане, қаулыңды шығар, қиқаңдаса рациямен Құлсарыға хабарлаймын! Осыдан құтырған Сағындық кісі өлтірсе мына шөпір жауап береді.

           -Мөрім кеңседе қалды, мөрсіз қаулы пайдаға аспайды ғой, — деп Кейкін шарасыздық білдіргендей болады.

          Сол екі ортада Мырзағұл жылыстап шығып кетеді де машинасымен тайып тұрады.

          Бұларға керегі де осы еді.

ЫҚСАН АТШЫБАЙҰЛЫ

              Ықсан Атшыбайұлы  40-ыншы жылдары «Киров» колхозында басқарма болған,  тілге ұста, әзіл сөзге шебер кісі екен. Боздан Жадырабайұлымен дос-жолдас болып өткен. Екеуінің арасындағы әзіл-қалжыңдар, өнегелі әңгімелер халық арасында кең тараған.

ҮШ САЙ ҚАЛАЙ БӨЛІНГЕН

               1946 жылдың ерте көктемінде Маңғыстауға қарайтын Үш сай, Шиланды деген жерлерге Жылыой ауданы малдарын төлдетпек болады. Сол жердегі Маңғыстаулық малшыларға қыстауларынан ерте көшуді хабарлауға басшылар Боздан мен Ықсанды жібереді. Олар ертесіне  жолға шығады. Екі күн жол жүріп, Үшсайға құлайды. Бір малшы ауылға келсе, шай қайнаулы, бұларды күткен Маңғыстаулық жігіттер бар екен.

            Қиын кезең, елдің негізгі қорегі тары мен сүт, сары май. Бұлар келген соң бес-алты қонақтың алдына үлкен зереңмен бөріткен тары әкеледі. Ортасына сары май құйылған. Екі күн бойы жөнді тамақ ішпеген Бозекең мен Ысекең  бір-біріне қарапты. Ойлары — сары майды қалай бұру. Сол кезде Боздан Ықсанға қарап:

—           Сен кеше байқадың ба, Үш сай қалай бөлінген?- деп сұрайды.

—           Жоқ, байқамадым.

—           Менің байқауымша былай бөлінген сияқты,- деп, Боздан қолындағы қасықтың қырымен зерендегі үюлі тұрған тарыны үш тіліп, ортасындағы сары майды өздерінің алдына қарай ағызып алыпты.

 НАҒАШЫЛАРЫМ АШТАН ӨЛГЕН-АУ

          Ертеңіне Маңғыстаулық жігіттермен ел аралап келе жатқанда әр жерден  молалар кездеседі.  Кездескен сайын Боздан:

—           Бұлар менің нағашыларымның моласы, — деп, айта беріпті. Оның нағашылары Адай екен. Кеште бір ауылға қонуға келгенде Ықсан:

—           «Аштан өлген адамның моласы болмайды» деуші еді. Бүгіндікке нағашыларымның моласы көрінбеді ғой, — депті.  Оның нағашылары Таз руынан екен, Боздан сол рудан. Тапқыр сөздің өзіне қарата айтылғанын бірден аңғарған руы Боздан күліп жіберіпті.

 КОЛХОЗДЫҢ АЛАЖАҒЫ

            Жылыой өңірінде Дүйіс, Сары деген ауқатты кісілер болған. Олар заманында әзіл сөзге жүйрік, қалжыңды түсіне білетін адамдар екен.

            1946 жылы колхоздан қарызға тары, мал алған адамдардың бермектерін 10 күн ішінде жинап алу туралы қаулы шығып, әр колхоздан алажақтарын жинауға өкілдер шыққан. Солардың бірі  болып Бозекең, оның қасына өшетшік (счетчик) болып  Кейкін Ықсанұлы ерген. Олар тізім бойынша елді жағалап, колхоз дүниесін жинастырып бола келгенде Сарқырауықта отырған Дүйіс шалдың үйіне кез келеді. Боздан қасындағы Кейкінге:

—           Қазір Дүйістің үйіне барамыз. Мен колхозға бережағың  бар деймін, сен мені мақұлда. Тізімде жоқ боса да үндеме, — дейді.

           Кешке қарай екеуі Дүйістің үйіне келеді. Есік алдында оншақты жандық бар екен. Жолаушылар Дүйіске амандасып, Боздан:

—           Елдің колхозға бережақтарын он күн ішінде жинау туралы қаулы шықты, соны жинап жүрміз, сіздікі де бар көрінеді, — депті.

—           Әй, Боздан қу, сенің сөзіңе сенбеймін, менің басқарма ініме бережағым жоқ сияқты еді, әй балам, сен де бір сазарып қалған неме екенсің, мына қудың сөзі шын ба? — деп  сұрайды Дүйіс. Бозекеңнің сөзін қия алмаған Кейкін:

—           Мен ештеңе білмеймін, алажақты жинау үшін ғана еріп жүрмін, осы кісі біледі, — деп Бозданға сілтейді.  Сонда Дүйіс шал:

                     — Әй, қу, сенің сөзіңе сеніп отырған жоқпын, бірақ інім қысылса көмектесемін. Ана есіктің алдында он шақты жандық бар, соны алыңдар, — депті.

                    Бозекең он саулықты Құлсары базарына әкеліп сатып, сол мезгілдегі қат заттарды  алып, ауылдағы жоқ-жітікке бөліп беріпті.

ІНІМЕ КӨҢІЛІМ ТОЛДЫ

          Жемнің төменгі бойында сөзге шешен, ескі әңгімелерді, тарихты жақсы білетін Шарға таз Әжмұхан деген кісі болған.  Баласы Сұлтан көп жылдар есеп қызметінде болды. Кәзір Әжекеңнің немерелері Ақтау, Жаңа Өзен қалаларында тұрады.

            Сол Әжекеңді сөйлетейін, Бозекеңді сынатайын деп Ықсан:

—           Әжеке, Жемнің жоғары бойында Келдібай Боздан деген бар, төменгі таздарды таз деп есептемейді, — дейді.

             Әжмұхан оған:

—           Сол Бозданды маған кездестірші, өзінің қандай адам екенін көрейін, — дейді.

            Ықсан Бозданды ертіп әкеліп, екеуін жүздестіреді. Боздан жөнінде әңгімені көп естіген  Әжекең онымен әңгімелесіп, інісінің ақылына көңілі толып:

—           Өрелеген атты өрге жібермейтіндерді қозғалтпайтын балам екенсің, — деген екен. Сонда Ықсан қалжыңдап:

—           Ә, қорқайын дедің бе, — дегенде, Әжмұқан:

—           Қорықсам інімнен қорықтым. Көрдім, көңілім толды, жай сайқымазақ емес, ел азаматы екен, — депті.

АРЫЗҚОЙЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ

             Ықсан колхозға басқарма болып көшіп келе жатқанда Боздан қасына үш-төрт арызқой адамды ертіп, «көш көлікті болсын» айтайық, апайға сәлем берейік деп Бақаның (жер аты) тұсынан қарсы алыпты. Ықсанның жиырма шақты қойы, тауықтары, екі есегі, екі иті бар екен. Бес-алты жыл колхозға басқарма болған Ықсан басқа жұмысқа ауысып, кейін көшеді. Боздан тағы да баяғы көшті қарсы алған адамдарды ертіп келеді. Қоштасып тұрып:

                -Ә, ә… колхозымыздың малы түгел екен, — депті қасындағыларға қарата. Бес-алты жыл басқарма болғанда Ықсан досының артынан «жеп кетті, алып кетті» деген сөз ермесін деген әдісі екен.

            Бозекеңнің ертіп жүргендері атақты арызқойлар болған.

 ЕШТЕҢЕ ДӘМЕТУГЕ БОЛМАЙДЫ

     Ықсан қайтыс болғанда  Бозданға хабар береді. Қайғылы хабарды естіген Бозекең:

—           Ықсанды  алған құдайдан енді ештеңе дәметуге болмайды, — деп теріс қарап жатып қалыпты.

ИСА МАЙЛЫБАЕВ

      Колхоз бастығы, совхоз директорының орынбасары болып ұзақ жылдар жұмыс істеген аулшаруашылығы маманы. Адамға қатты айтпайтын, бірақ біреудің әдепсіздігі, орынсыз мәселе қоюы жөнінде айтайын дегенін жай қақпай сөзбен шебер жеткізетін кісі болған.

ЕСКІШЕ МЕ, ЖАҢАША МА?

      1962 жыл екен. Оның алдыңғы жылы ақша ауысқан болатын. 10 сомға бір сом. Адамдар дүкенге барып товар сатып алайын дегенде, не сауда жасарда алмақшы затының арзан-қымбатын анықтарда әуелі ескі ақшамен мөлшерлеп, сосын жаңа ақшаға аударып жүрді. Міне, сол кезде жайлауға малшылар көшеді. Жүк тиеп-түсіретін, мал айдасатын, қысқасы малшыларды көшірсетін қосымша адам күші қажет болады.  Сондай шаруамен совхоз директорының орынбасары Исекеңе бір ферма басқарушысы келеді. Шаруасын айтып малшыларды көшірісуге 30 адам сұрайды. Исекең ондай адам жоқ екенін, сұраныстың орынсыз екенін меңзеп;

—           Қосағасы, мына сұрап тұрған адамың ескіше ме, жаңаша ма? — депті.

 БАЙҚАП ҚОЙ

             Исекең темекі тартады екен. Ол кезде баласы Қабдеш 9 класта оқитын. Әкесінің үйдегі папиросынан ептеп алып тартып жүреді екен. Исекең оны сезіп қалып:

—           Қабдеш, екеуміздің темекіміз азайып қалыпты, біреу-міреу алып жүр-ау, байқап қойшы, — депті.

 КАДР ТАҢДАУ

              70-ші жылдардың бас жағында Гурьевте ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің облыстық мәжілісі болыпты. «Коммуниз таңы» совхозының директоры Тұрдығали Мәмбетов еңбек демалысында болады да оның орнына Исекең барады. Жиналғандар қонақүйге орналасады. Кеште Исекең орналасқан люкс бөлмеге бір топ директор жиналады, қонақ болады, преферанс ойнайды. Екі мәрте ойында Теңіз ауданынан келген совхоз директоры ұтыпты. Үшінші партия басталғаннан оның қолы жүрмей, мизер айтқанда құлап, бес алыпты. Ол ашуланып, картты жыртып лақтырып, «ойнамаймын» деп кетіп қалыпты. Қалған ойыншыларға қарап Исекең:

              -Осы облыстық партия комитеті кадр таңдауды дұрыс білмейді. Совхозға директор тағайындау үшін әуелі преферанс ойнатып, тексеріп алу керек қой, — депті.

 ЕНДІ КЕЛМЕЙ-АҚ ҚОЙШЫ

           Исекең ауырып жатады. Ондайда дәстүрге сай ауыл адамдары, ескі таныстары көңіл сұрап келіп тұрады ғой. Өзімен құрдас біреуі 2-3 рет келіпті. Келген сайын:

—           Ойпырмай, Исеке-ай, жүдеп қалған екенсіз, әлсіреп қалған екенсіз, — деп айта беріпті. Исекең әлгі сөзге төзе алмай:

—           Енді менің көңілімді сұрамай-ақ қойшы, топырақ салуға бір-ақ келерсің, — депті.

ҚАЖЫМҰҚАН ДЕП ЖҮР МЕ ЕКЕН?

            Бірде Исекең гаражда қызметкерлерге тапсырма беріп тұрса алдында тұрған машина кейін жүріп кетіп, аяғын басып қалады. Содан бір айдай үйде емделсе керек. Көңілін сұрай келгендерге:

—           Антұрған, Жәрдемхан (жүргізушінің аты) мені Қажымұқан деп жүр ме екен, — деген екен.

ОЛАРДЫ ҰРЫП ҚОЙМАСА БОЛМАЙДЫ

Ферма орталығы Майкөмгенде тәңертең кеңсеге келе жатқан Исекеңді шала мас бір шофер тоқтатыпты. Кеңсе алдында Исекеңді күтіп тұрған кісілер алыстан манағы кісінің қолын сермеп, Исекеңе бірдеңелер айтып, қайта-қайта құлап-тұрып жүргенін көрген.

          Исекеңді күтіп тұрғандар:

—           Исеке, жаңағыны қатты ұрдыңыз ғой, — депті. (Иса кішкентай кісі болатын).

—           Исекең:

—           «Е, оларды сөйтіп ұрып қоймаса  болмайды», — деген екен.

ҚАРНЫҢНЫҢ ЕТІ

            Ауылдас, жеделдес ағасы Айсекең жақсы ішетін кісі екен. Бірде дәрігерлер:

—           Қарныңда жара бар,- дейді. Содан Айсекең:

—           Мұнан былай арақты қойдым, — депті. Бір аптадан кейін қызара бөртіп келе жатқанда оны көрген Иссекең:

—           Қарныңның еті қандай жақсы еді, аға, жарасы тез біте қойған, — деп, жеңіл әзілдесе керек.

 ХАЛТ, ХЕНДЕ ХОК!

           Ұлы Отан соғысына қатысқан Исекең соғыстағы бір ерлігіңізді айтыңыз деген балдыздарына:

            -Күзетте түн ортасында қалғып отырған дос орыс жігітін қорқытпақ болып, немісше:- «Халт, хенде хок!»- деп айқайлап, орныма келіп жата қалдым. Қорыққан күзетші аспанға оқ атып, полкты аяғынан тік тұрғызды.

            Осындай бір «ерлік»  жасап едім, — деп, балдыздарын күлкіге қарық қылыпты.

АЙТҚАЛИ СҰЛТАНОВ

       Атырау өңіріне атағы жайылған ақжүрек ағалардың бірі. Қызылқоға ауданында аупарткомның бірінші хатшысы, Жылойда ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы  қызметтерін атқарған.

 ІШКЕ ОТЫРҒЫЗЫП АЛАМЫЗ

       Айтекең бірде облыс орталығына жиналысқа барып, сол сәтті пайдаланып Новобогаттағы жекжаттарына сәлемдесіп қайтуды ұйғарыпты. Хатшы жалғыз жүре ме, қасында шөпірден басқа тағы бір жолдасы бар екен. Оны астауға мінгізіпті. Қаладан шыға бере милиционер тоқтатып, шөпірге ұрса бастапты.

—           Жабдықталмаған қорапқа неге адам мінгізесің, праваңды әкел, — деп жекіріп жатқанда Айтекең:

—           Қарағым, қазақ баласысың ғой, мына шөпірге ұрсып-ұрсып қоя бер, былайырақ шыққасын ана кісіні кабинге мінгізіп аламыз ғой, — деп ара түсіпті.

             Милиционер күліп жіберіп:

—           Аға, ішке үшінші кісіні отырғызғанның айыбы астауға мінгізгеннен екі есе ауыр болады. Ал, сіз таза қазақ екенсіз, сол үшін босатайын, — депті.

           МОТОРЫ ТҮСІП ҚАЛЫПТЫ

            Жұмыс бабымен кештетіп сиыр ауылға соққан Айтекең әрі жүрейін десе, шөпірі:

—           Айтеке, жаңа байқамап па едіңіз, жолда көлденең жыраға кездескенде машина қатты шоршыды ғой, — депті. Сонда Айтекең:

                -Е, байқадым, төбемді соғып алдым деп айттым ғой саған, — дейді жайбарақат.

               — Сол жерде моторым түсіп қалыпты, көлікпен барып алып келмесем машина қозғалар емес.

                — Ой, ақымақ,  тоқтап  моторды салып алу керек еді ғой, бар, алып кел, — деп өзін қоярда қоймай дәмге шақырып тұрғандарға ілесіпті.

              Сөйтсе, қу шөпірдің осы ауылда алайын деп жүрген қалыңдығы бар екен…

КӨЙЛЕГІҢ БАСҚА ЕДІ ҒОЙ

              Ертеректе машина жоқ, бастықтар атпен жүретін болған. Шаруашылықты аралап түнделетіп ауылға оралған Айтекең қатты шаршап, ат үстінде мызғып кетіпті.              Көлігі кілт тоқтаған кезде көзін ашса, ат бір ағаш қақпаға келіп тұр екен. Қараңғыда әрі ұйқылы-ояу Айтекең қайда келіп тұрғанын анық айыра алмай тұрғанда үйден бір әйел шығыпты. Бұл:

           -Қарағым, аупарткомның бірінші хатшысы Айтқали Сұлтановтың үйі қайсы? — деген екен.

           Әйел үндеместен қақпаны ашып, атты жетектеп, үйге кіргізе беріпті. Ат үстінен еңкейіп өз жұбайы Ғайниды таныған Айтекең:

—           Ғайнимысың, әй, антұрған, тәңертең көйлегің басқа еді ғой, — депті.

ҚОЙЫС ШОТЫҚБАЕВ

     Мұнай барлау саласында ұзақ жылдар басшы болған, беделді, қатарға жағымды, ілтипатты азамат болған кісі. Әсіресе әзілқойлығымен, юмормен сөйлеуге шеберлігімен танымал болған.

ШӨЛДЕСЕҢ СУДЫ БАЙҚАП ІШ

         Бірде жаздың ыстықтау кезінде бір топ барлаушы бұрғылау алаңына кетіп бара жатады. Жолшыбай су атқылап жатқан бұрқаққа (фонтан) тоқтайды. Автомашинадан Қойысекең шелек алып тезірек барып су ішіп жатады. Қойысекеңмен қатар, әрі әзілдес Алдоңғаров Құмар ілесе жетіп:

—           Ау, қашаңғы ішесің, біз де ішейік, — деп Қойысекеңді асықтырады. Бұл ішіп болмайды. Су жерге төгіліп жатады. Біраздасын Қойысекең:

—           Мә, тіпті дұрыс ішкізбедің ғой, — деп қауғаны бере салады. Сөйтсе бұл адам ішпейтін ащы су екен. Қойысекең суды ішкен болып, жерге төге берген ғой. Аңқаулау Құмекең мұздай суды ащы екенін сезбей тартып алады да жолшыбай  іші кетеді.

МЕКТЕПТІ ҮЙГЕ ЖАҚЫНДАП

            Жылыойда бұрғышы, барлау тобының бастығы, орталық қызмет бастағы болып, Қараарна, Прорва, Теңіз кен орындарын ашуға үлес қосқан барлаушы Ержанов Жұмабай мен Шотықбаев Қойыс құрдас, дос, жұмыстас болған. Екеуі техникумда бірге оқыған. Қара-арнада разведка бастығы болып тұрғанда бір күні әйелі Жұмабайға:

—           Осы анау шеттегі мектепті біздің үйдің жанына көшіріп салуға болмай ма? — депті.

—           Е, неге?

—           Кеше қалаға барып едім, Қойыс жалғыз баласы Сүлейменнің оқуы үйдің қасында болсын деп школды үйінің жанынан салдырып жатыр екен. Сен де дырдай бастық емеспісің. Тым болмаса бес балаңа пайдаң тисін, олар сөмке арқалап ел шетіне қашаңғы барып жүреді?!

            Пәленің Қойыстан келгенін білген Жұмабай:

—           Қой, шалабыңды шайқама. Қойыс сені алдаған ғой, — депті.

САПАРБЕК СӘРСЕНОВ

        Ұзақ жылдар бойы «Кең Жылой» газетінде еңбек етті. Балаларға арналған төрт өлең кітабы шыққан. Сәкеңнің суырып салмалығы да бар еді. Сәкең айтты деген шумақтар оны білетіндер арасында кең тараған.

ТҰМСЫҚ ТУРАЛЫ

         Бірде Сәкең бір құрдасының үйінде өткен тойда үй иесінің өтінішімен асаба болады. Дастархан басындағылар небәрі жиырмашақты  адам екен. Әуелі қонақтардың үлкендеріне рет-ретімен сөз беріледі. Алты-жеті тостыдан кейін шеткірек отырған біреу қызыңқырап қалса керек, Сәкеңе қарата:

—           Әй, тамада, күйеу бала, тұмсығың қоқайып, өзгені көруден қалдың ғой, — деп маған неге сөз бермейсің дегендей кейіп танытады.

Сонда Сәкең:

                    Қайнаға-ау, пұшықтықтың қырсығынан,

                    Көп мұрын жапа шекті қыршынынан.

                    Қалауын қарындасың тапқан жоқ па,

                    Не зиян көріп едің тұмсығымнан? — деп әлгі қайнағасына сөз береді. Жұрт жарасымды әзіл-қалжыңға  риза болып,  дастархан басы қыран-топан күлкіге бөленіпті.

ОТЫЗ ЖЫЛ ОЗА ШАУЫП

               Наурызға орай өтіп жатқан мерекелік кеште Сәкеңді «жезде»  деп әзілдесе беретін бір келіншек «Ағажан» әнін шырқайды. Әншінің әуезді үніне елтіген Сәкең:

                               Шіркін-ай, әнің дертке ем-дәрі екен,

                               Төрінен жүрегімнің алған мекен.

                                  Өзіңмен қатар тумай айналайын,

                                  Отыз жыл оза шауып нем бар екен, — дейді.

Осы сәтте отырған қыздардың бірі:

             -Ағай, қатар туғанда не болар еді? — деп қалады. Ақын мүдірместен:

                                     -О-о, онда қаным ойнап сынаптайын,

                                    Алысып ауыздықпен құр аттайын.

                                    Оралып көк шалғынға шомылар ек,

                                    Ар жағын сен сұрама, мен айтпайын, — деген екен.

              Отырғандар тосын да ойнақы жыр шумағына риза болыпты.

Ел аузынан жиып-теріп жорналға жолдаған: Нұрдәулет Ақназаров,

Жылыой аданының Құрметті азаматы.




ПІКІР ЖАЗУ