ЖЫП-ЖЫЛТЫР АДАМДАРДАН ЖАЛЫҚТЫМ МЕН…

Дейсің бе, әлде,
ұғына алсаң, ғаламды ұқ?
Мұнша сұлу болармысың, адалдық?!
Неге біздер, ғарышта емес, жердеміз,
Неге біздер қанатсыз боп жаралдық?

Жанарыма жазықсыз бір жас тұнды,
Жан-тәнімде бір сағыныш асқынды.
Іңкәрлікте болмайды екен басқа жол,
Нәзіктікте болмайды екен басқа үлгі!

Жер менен көк қайталамас сәт дедім,
Жаратқаным, сен осынша пәк пе едің?
Періштенің сезіндірген шын хәлін,
Күнәһардың сезіндірген әттеңін.

Қандай қуат, жаратты екен,
жан, арды?
Қандай қуат, жалт еткізді жанарды.
Қандай тұнық, біздің осы сағыныш?
Қандай сұлу, біздің осы адалдық?!

Сені жырлау болсын енді маған құт!

* * *
Бір күндері,
Біз жәй ғана малтатасқа айналып,
Жәй тастардай уақыт мүжіп, шайналып.

Көзден ұшып,
бал-бұл күндер шалқыған,
Арқыраған қуат кеміп нарқыңнан.

Географтың картасындай қолдағы,
Жер бетінің секілденіп соңғы әні.
Біз жәй ғана өткен болып қаламыз,
Біздер жайлы айтыла ма бар аңыз?

Солтүстіктің ендігіндей жырақтап,
Варварлардың мұздағында тұрақтап.

Біз бір күні жәй елестей мұнартып,
Өткен күнге,
кеткен күнге мұң артып.

Күмілжумен күрсінгенде даламыз.
Біз жәй ғана сағыныш боп қаламыз.

Сағымға ұқсап із жатады артыңда,
Өлгендердің болар ма құн даңқында?!

Ұрпағымыз бір ұлағат іздесе,
Үркердейін бір үмітті үзбесе.

Кім біледі,
артар мүмкін бағамыз?
Ал, әзірше,
өткен күннің бәрі аңыз.

* * *
Көрдің бе анау,
қараңғы кәрі ағашты?
Қатал күзге бар тәнін жалаңаштап.

Жапырағын жоғалтқан жесір қалпы,
Көз жасымен ұқтырып өмір даңқын.

Дат айтпақшы болады мына әлемге,
Қайран жастық,
ол мәңгі тұра бермес.
Біз кейде байқамаймыз айналаны,
Кәрі ағаштар тербелген
қайғы алаңын.

Мәңгі сұлу болардай, мәңгі жасыл,
Ұшырамыз көңілдің қарлығашын.

Қанатынан қайрылған өмір құсын,
Көрсең дағы сен қалай, көңілдісің?

Сезбейсің бе,
Тым қатал өмір заңын,
Көз алдыңда мезгілдер құбылғанын.

Анау кәрі ағаштай ертең бәрі,
Қуаныш пен
бақыт та, келтең дәмі.

Құлпырып бүгін жүрсең,
көктем болып,
Қартайғанда күдікке өкпең толып.

Қимай-қимай іздейсің жастығыңды,
Сұлулыққа, сезімге мас күніңді.

Оралмайды ол көктем,
жаз да сұлу,
Жылап қалған өмірде аз ба сұлу?!

Неге, ендеше, қашамыз ақиқаттан?..

* * *
Қарашы,әне!
Өлеңнің періштесі,
Аңғалдығын ғаламның  сеніп кешіп,
Адалдықты сүюден жалықпайды.
Қанатымен қауырсын қалықтайды.
Алданбаған  арманның  иесіндей,
Мөлдір таза бір  мұңның киесіндей,
Жараланып жатса да нәзіктігі,
Іздеймейды ол, кінәлі, жазықтыны.
Сатқындықты сезінсе, жылап қалып,
Тағдырының әр сәтін сұраққа алып,
Сол періште күйімен кешірімді,
Өлең болып тербейді бесігіңді.
Өмір болып оятып  сәби күнді,
Өмір болып жұбатып фәни мұңды.
Саф ауасы секілді  ғаламыңның,
Тұнықтығы секілді жанарыңның.
Аңғырттығы күн кешіп  бала шақта,
Үміт сыйлап барады болашаққа.
Көзің салшы, періште жыр құсына…
* * *
Жүз жыл уақыт,
Болсаң да  көзден жырақ,
Бойымда әлі, сол бір күн сезген қуат.
Өмір сүрдің жүректің түкпірінде,
100 жыл уақыт,
дәл  бұлай  күтті кімдер?!
Құрсақтағы сәбидей ең кінәсіз,
Кеудемдегі сенімдей ең шүбәсіз,
Өмір сүрдің, жазықсыз өлеңімде,
Саған сенген риясыз әлемімде.
Мен ұнатқан аяулы таң шығында,
Жанарымнан сырғыған тамшы мұңда.
Мезеттерде  алғаусыз ғашық болған,
Сәттерімде бақыттан  тасып, толған.
Үміт артқан  кезім боп  елжіреген,
Қарашықта сезім боп мөлдіреген.
100 жыл уақыт –
өлмеген ғасырымдай,
100  жыл  бойы  аңсаған  асылымдай.
Сыр сандықта жасырған алтынымдай,
Жанардағы сөнбеген жарқылымдай.
Өмір сүрдің мәңгілік арман болып,
Мені алдаған ең сұлу талғам болып,
Мен өзіңе серт берген сағыныштай,
Қалай жүргем,
сонша жыл алып ұшпай?
100 жыл уақыт ,
Аз емес тағдырыма,
Жасынына, жүректің жаңбырына.
Сен мәңгілік екенсің, Құдайым-ау,
Мен тағы да тәнтімін жарлығыңа!

* * *
Адалдық жайлы айтылса бір сөз,
Келесің көздің алдына.
Келеді бейнең, келеді көзің,
Болады оған жан куә.
Алдамас аппақ аңсар үміттей,
Тұрады сенің шық бейнең.
Арылып сосын күллі күдіктен,
Алдарқата алмай көп күйбең,
Ақжелкен мұңның жалауын құшып,
Арзу айтқым кеп аспанға.
Адалдық жайлы ешкім жазбаған,
Жазғым келетін дастанға.
Қайталап айтып, сенің атыңды,
Күбірлеп іштей Тәңірге.
Мінәжат етем, мінәжат етем,
Сен туған көктем, сәуірге.
Алғыс айтамын, Ғаламға сосын,
Өзің боп құшқан мезгілге.
Адалдық жайлы жыр жазып жүріп,
Өзіңді таптым, сездің бе?
Алладан басқа құдірет жоғын,
Тәу етіп тағы мойындап,
Сен туған күнді, өлкені, жылды,
Сүйген сәт, уайым жойылған.

* * *
Cағыныш дейтін алапат мұңның,
Шарпыса бір сәт жалыны.
Тағы да сенің көздерің тұрады,
Қиылып қарап, сағынып.
Көздерің тұрар, соншалық сұлу,
Соншалық таза, күнәсіз.
Сол қарашықтың ішінде қалған.
Сезім де сұлу, шүбәсіз.
Өзгенің бәрін тәрк еткім келер.
Сол арман, сол күй, аңсарға.
Көзіңде сенің жалт еткім келер,
Жалт еткен әр күн, жан сауға.
Тұп-тұнық ардың ұстынындай боп,
Тұрады сенің кескінің.
Жалғыз-ақ сені құшқым келеді,
Ақ сезім жырды кешқұрым.
Сүйініп кешсем, ғұмырды мына,
Тап-таза ғаламшарыңды.
Өзіңе ғана ақтарып айтсам,
Жасырмай жан аңсарымды.

Адалдық десе, өзіңді ойлаймын,
Жоқ сынды өзге ешкімім.
Ақжауын күндей сезімді ойлаймын,
Болса да жалған бес күнім.

Бейопа күннен, бейопа жылдан,
Бодау күй кешкен арманнан.
Шын бақыт тілеп, шын бақыт сұрап,
Қол жайып күткен таңдардан.

Жаратқан сені жолдаған сынды,
Ақжүрек мендік қалыпқа.
Ақжүрек сенің болмысың, білсең,
Ұқсайды мендік жарыққа.

Безбені бақтың немен өлшенген?
Байыбын оның кім білген?
Бағамы, оның сәттерде, бәлкім?!
Бақытты болып үлгерген…

* * *
Иесі болмасаң да бесігімнің,
Киесі болмасаң да есігімнің,
Адалдықтың еншісі секілденген,
Әр әрпі ізгілік қой есіміңнің!
Көкжиектен қарайтын
Күн көзіндей,
Сен тағы күліп тұрсың, Кешірімдім!
Сен тағы күліп тұрсың,
Жан-Жүрегім!
Жан-жүрегім!
Сен неткен тағдыр едің ?!
Мені мұңаймасын деп күн кешетін,
Сенің нәркестігіңде бар тілегім.
Мен өзіңмен биікпін, аспан тектес,
Сен жаңбырсың,
сүйетін жанды керім.

Ұғындырған ең сұлу ар қадірін,
Ұғындырған ең тұнық жан қадірін.
Жаратқаным секілді тым кінәсіз,
Сен өлеңсің,
сыйлайтын жанға тыным.
Арманымның алауы секілденген,
Сен бар жерде, үміт бар,
Жап- Жарығым!

* * *
Сені көрсем,
рухым түлеп,
жан күліп,
Күйкі мұңды қыр астына қалдырып,
Жадырайды мына мендік бар болмыс,
Рауандайды таң күліп.
Ғұмыр күннің жалғыз сендей иесі,
Қарашыққа сіңіп қалған таңғы үміт.

Қанатыңды көк аспанда талдырып,
Қияларды шалдырып,
Сен келген сәт,
Мен ғаламға айналам,
Жер-жаһанды махаббатым
таң қылып.
Өзің болып өлең құшар кеудемді,
Ғайып болып бар күдік.

Хақ Тәңірдің қабыл алып жарлығын,
Елеместен дүниенің тарлығын.
Тәрк етемін тіршіліктің бодауын,
Тәрк етемін бар мұңын.
Сені көрсем, алаулайды бір арман,
Жанарымды шырағдандай жандырып.

Жыр-қанатым!
Алқаракөк жолдаған,
Бақытым сен,
базарымсың болмаған.
Мәңгі көктем жүрегімсің сен менің!
Жан гүлісің солмаған.
Жаратқанның шуағысың білемін,
Мені мәңгі қолдаған,
Мені мәңгі қорғаған.

Толқын ҚАБЫЛША




ПІКІР ЖАЗУ