Қассаққа қасида
Жұдырық болып жұмылып,
Жауына жезден жай атқан.
Адалға ғана жүгініп,
Ас ішкен алтын аяқтан.
Жараған қыста үлектей,
Анадан батыр туылған.
Сай қылып сәнді тілектей,
Сәйгүлік мінген суыннан.
Тігілген үйдің киізі,
Түндігі аппақ түбіттен.
Уығы марал мүйізі,
Суығы қыстың үріккен.
Әдемі десең, кем түсер,
Әуені түнде ұйқы ашқан.
Өздері сырын шертісер,
Сөздері жырдай ұйқасқан.
Аспаны болса ашық көк,
Ақ самал ескен майса алдан.
Перінің қызы ғашық боп,
Шерінің өзі тайсалған.
Сары ала түсті ту іліп,
Сары ала шатыр тігетін.
Нұрына күннің жуынып,
Алп басып, шіркін жүретін.
Алдаспан болса балдағы,
Найзасы болса сабы алтын.
Айпара қыздың арманы,
Ай көлге түсер қамар түн.
Сабада қымыз сапырып,
Желіде бие байлаған.
Атадан әруақ шақырып,
Ақылдан патша сайлаған.
Шапқанда тұлпар көсіліп,
Шаттықтан жүзі жайнаған.
Үкілеп ұлан өсіріп,
Үйірлеп құлан айдаған.
Таулары бұлтпен таласып,
Бұлқынып аққан бұлақ та.
Кеп қалған қонақ бел асып,
Кіргендей болған жұмаққа.
Аттамай әдет-ғұрыпты,
Салтанат құрған санада ар.
Осылай өмір сүріпті,
Досым-ай, біздің бабалар.
Өзім туралы өлең
Ұлағатын танытқан тектіліктің,
Ұрпағында арман көп көк түріктің.
Жырға кесте, өлеңге өрнек салып,
Жиырма бесте от шайнап, шоқ бүріктім.
Қарашада көгімнен қазым көшіп,
Тамашаға бақыттың сазы үндесіп.
Кешті әніммен жалғадым таңғы арайға
Достарыммен алғаусыз әзілдесіп.
Тұғырлы едім, тұлпардай дүбірлі едім,
Күбірледім оқыса жырымды елім.
Бастықтарға бас иіп жалынбадым,
Мансап қуып артынан жүгірмедім.
Қиялымда қияға, биікке ұштым,
Қиянатқа шыдамай күйіп, пістім.
Сардарлықты санамда санатқа алып,
Жалғандықты қылыштай қиып түстім.
Білдім және болмасын өмір мәңгі,
Бірақ, кейде пендеден көңіл қалды.
Тістілерден қорғадым әлсіздерді,
Күштілерден қорғадым
момындарды.
Өткенімді саралап, бүгінгімді,
Өліарада болмапты ғұмыр нұрлы.
Әліппесін білмейтін адамдықтың
Әріптесім ақыры сүріндірді.
Көн кітаптай өрілген тысы әліппен,
Күндер жылға ұласты құсалықпен.
Асыл үміт сөнбеген жүргенде де
Жасырынып Ақтауда «үш әріптен».
Ерке күннен келте күн мүлде бөлек,
Ертеңімнен күтуші ем бір керемет.
Үш жыл өтті сенімді сетінеткен,
«Үй сыртында кісі бар, үндеме» – деп,
Тау басынан жатқандай қарғын құлап,
Таңым – мақсат болатын, алдым-мұрат.
Содырлар да сойылмен соқты талай,
Сол баяғы қалпымда қалдым, бірақ.
Жақсылардың жанымда жүр тілегі,
Жырлар жаздым – мұнартқан мұң түлегі.
Мүмкін еді ортаға оралмауым,
Мүмкін еді, бәрі де мүмкін еді.
Ашта жеген құйқаның таңдайымнан,
Дәмі кетпей, жоқ пенен барды айырғам.
Жайсаң жандар арқамнан қақты сонда,
Жампоз жандар сипады маңдайымнан.
Басшылыққа ап бабадан қалған заңды,
Басқа теуіп басынған жалған зарды.
Аспан куә, ай куә, кешірдім мен
Аяғымнан аяусыз шалған жанды.
Саралайды құдірет ақ-қарасын,
Ақын сосын жазады хаттамасын.
Жауым болса айналды жолдасыма,
Бауырыма айналды бақталасым.
Тағдырымның талқысы, кеселі есте,
Таңда шығар батқан күн кеше кеште.
Басың аман, жер қара, аспан ашық –
Бақыт деген, беу, халқым, осы емес пе?
Ақын болмыс
(Жұмекен)
Сәл қиындау ақынды
түсінбесе ортасы,
Сары майдай жыр жазды айырылмаған тортасы.
Сансыратқан санасын салқыны еді
мезгілдің,
Соры қайнап халқының сан
төгілген сорпасы.
Жүрді үстінде арманы
екі жүзді қанжардың,
Қаймықпады алдында
«Билік» – деген ағзамның.
Таңғы жырға таласар
тарпаң атын тірілтіп,
Жалғыз ұлға есімін қойған еді
Мағжанның.
Алтын нұрмен күн шығар сүрмелеген кірпігін,
Алашыңда арман көп,
кім жамайды жыртығын.
Ұясында ұлардың
жұмыртқасын шайқады,
Ұл шығар деп қамын жер
қамкөңілдеу ұлтының.
Арман баптап өсірді,
жетілдірді ар баптап,
Жантық болып көрмепті
жағалыға жалбақтап.
Дәлдүріштер ұқпады
қара сөзбен өргенде
«Даңқ пен дақпырт» арасын
тезге салып, салмақтап.
Іштерінде жатқандар
аз емес-ау ит өліп,
Қотыр тайлақ секілді жүреді
ылғи сүйкеніп.
Жыр маңғазы болмай-ақ
жаулар еді ел жанын
Құрманғазы піріндей
қу шанақтан күй төгіп.
Жарына адал тілегі,
көңілі бар досқа адал,
Тырнақ асты кір іздеп болмасын
жұрт босқа дал,
Дауларынан тірліктің
арашалап алатын,
Жауларынан сақтайтын
ең сенімді – қос қамал.
Саясатта ісі жоқ,
қарай берсін сызданып,
Самал ескен кеудесі,
ойлары да ізгі анық.
Дарындыны қолдаған
зор бақытқа лайық
Қарындының бақытын
көрмеген жан қызғанып.
Бауырына басады аруанадай иіп таң,
Ұрпағының болмысын
уыз нұрмен ұйытқан.
Атақ іздеп арзымас,
мансап қуып көрмепті,
Ақын басы тұрады
сәл биіктеу иықтан.
Қара мақпал аспаннан
тана көзді ай көшкен,
Тұлпарлардың тұсауын бір жарқ еткен жай кескен.
Көңіл бұлай толқымас,
көз алдымда бейнесі –
Тобылғыдай торым ғой,
тораңғылы сайда өскен.
Жеткізбеді желекті
жемісі мол арда күз,
Нарымызды айдадық
жантақ өскен жарға біз.
Ұлы дала төсінде
қасқа жолға айналған
Қара қазан астында
Қошалақта қалған із.
Қос ішектен төгілсе
ақ ұлпа әуен, саз жібек,
Қанат қағар қоғалы көлде
қалған қаз жүдеп.
«Мерейі үстем, мәрт көңіл
елім бар» – деп мақтанды,
«Менің Қазақстаным!» – деп
соққанда әз жүрек.
Өзіндей боп өлеңі жарылады ағынан,
Көзіндей боп көкке
анау самғайды енді ән-ұран.
Елге берген анты бар,
ел сыйлаған даңқы бар –
Мәңгілікке түспейді
ол абыройдың тағынан.
Имандылық ибасы
Жақсы ниеттен ататын
жарқын әр таңы,
Жау іздемейтін жақыннан
салты бар тағы.
Ұшырған нұры жүректен –
пейіште шалқыр,
Мұсылмандығы –
Тірліктің алтын арқауы.
Сағынған кез бар
Алласын сана шықтанып,
Сарғайған құран бетінен
таласып, танып.
Кемесін таттан тазартып
теңізге салмақ,
Енесін тапқан құлындай
адасып қалып.
Әуені емес бұл әуез қазанаманың,
Әдемі елес тыңдатар
саз аламанын.
Ғажаптың нұры
құйылып көкірегіне,
Қазақтың ұлы жатқандай
тазалап арын.
Мұңдана қарап кешегі
мұнар айына,
Маңдайын төсеп тағдырдың
тұр арайына.
Яссалық «Қожа Ахмет»
тілегін қолдап,
«Я, Раббым», – деген сенеді
ел ұлы Абайына.
Қаңқылдап көкте бұзбаған
қатарын қазы,
Аңқылдап ескен самалдай
батаның назы.
Құлдайды қырдан саумалдап
қаба сақалын
Құптан намазын оқуға
Шәкәрім қажы.
Тергенін айта жүретін,
жиғанын айта,
Түкпірінен ойдың сом алтын
құйманы байқа.
Ибалы жандар көбейді,
оралып жатыр
Исламмен бірге Алаштың
иманы қайта.
Соныдан соққан самалдай
сезім нұрлана,
Соқпаққа мен де түскенде
төзімді ұрлама.
Ұл болсам және ұлымын
Ұлы Отанымның,
Құл болсам, Алла,
құлыңмын өзіңнің ғана.
Мен туған ай
(Желтоқсан)
Жүре алмайтын жандармыз
жарқылдамай,
Семсерімнің жүзінде серпілді арай.
Бура мінез, тура сөз ұлдар туып
Буырқанып өтеді мен туған ай.
Ақша бұлтпен астасып таңда асқары,
Алғаш рет биылғы қар басқаны.
Шарананың кіндігін көкше мұзда
Ақиқаттың кеседі алдаспаны.
Ақ батасын береді абыз құптап,
Тобылғының тамырын
тамыздыққа ап.
Арсыланы алаштың жетіледі
Арыстанды мінетін ауыздықтап.
Адалдықтан емген соң ғұмыр-ғашық,
Айтуыңа болады сырыңды ашып.
Исін сезіп күндіктен сатқындықтың
Иттермен де жүреді ырылдасып.
Ақар-шақар шыңдардың көк сілемі,
Ақсақалдай беретін жоқ шүлені.
Елдік сұрап құдайға құлдық ұрар,
Теңдік сұрап патшаға тепсінеді.
Найза ұшына көтеріп жорықта айды,
Қансонарда қар кешіп солықтайды.
Желтоқсанда келгендер дүниеге
Оқ пен оттан әйтеуір, қорықпайды.
Мен туған ай – Желтоқсан – сәл ызғарлы,
Қажет етсең береді қарызға арды.
Ертеңіне барады, ілестіріп
Ертегідей ғажайып аңыздарды.
Жақсылықтан өмірге өрмек іліп,
Жандарынан көктейді жердегі үміт.
Желтоқсанда туғандар келе жатса
Жантықтар да кетеді көрге кіріп.
Көктем – көңіл, жаз – жүрек,
күз – белінде,
Қыстың өзі ериді қыз демінде.
Жыр еседі жамалдай жандарынан,
Гүл өседі жайқалып іздерінде.
Қарағайдай жетілген
ар бағында,
Тазалық бар армандай
таңғы арында.
Желтоқсанда туғандар –
тұлға кілең,
Ең осалы сөйлеп тұр алдарында.
Алаш арыстары
Бұлаңдап көз алдында
көрікті арман,
Жолында Жантықтар да
жолықты алуан.
Үміттің серігі боп түнде туып,
Үркердей таң алдында сөніп қалған.
О, шіркін, ниет ғажап, тілек керім,
Тізеден кешіп жүріп мұң өткелін.
Жарықтық, қазақ үшін қаза болар,
Жарылқап жеткен олар жүректерін.
Тағдыр да қасарысып, қитығады,
Сығады ел күпідегі битін әлі.
Ой онға, сана санға бөлінеді,
Оятпақ алты Алашты ұйқыдағы.
Қанаушы табылады қан соруға,
Талаушы қыл мойынды талша оруға.
Жамырап табысар жұрт бара жатыр,
Маңырап шаңға бөгіп, мал соңында.
Шарасыз тақыр басты шайқап қана,
Үн қосып иті үргенде айтаққа да.
Киесіз емес еді киіз үйлі ел,
Иесіз қалмас па анау байтақ дала?
Ұрады толқындарын жағаға көл,
Қасірет – болмаса егер сана кемел.
Аңсаған арманына жетер ме екен,
Абайдай ардақтысын сабаған ел.
Тізеден қасіретті ғасыр кешіп,
Тірліктен асыл көшіп, тасыр көшіп.
Алланың мархабатын алар ма екен,
Алған ел Махамбеттің басын кесіп.
Қөңілдің кереметке кезі ғашық,
Тентекке тексіздердің тезі ұласып.
Ғажаптың шуағына шомылдырар,
Қазақтың үлгермеді көзін ашып.
Қалтырап қалды қаннан ізінде қақ,
Бораннан бұрқыраған бұзылды алап.
Жырынды көккөз көрші қақ бөлініп,
Қырылды қең дала үшін
қызыл мен ақ.
Тұтатты бір алауды өмір шақпақ,
Төрелер төбе болар төрін сатпақ.
Жармаққа жанын жалдап
жетті Әлихан,
Қалмаққа елін сақтап, жерін сақтап.
Аз шықты ұлт ортасынан Ар ұрпағы,
Тағдырын талайының таныр таңы.
Асылға ақыл берер Ахметі,
Қасында ізін басар Әлімханы.
Кездегі тұтас халық қақ жарылар,
Арманын уақыт деген Ағзам ұғар.
Жарқылдар алдаспандай
Міржақыбы,
Артында жыр-дария Мағжаны бар.
Жандары кетсе ел үшін ұшып көкке,
Жанбайды ақ жалынға түсіп текке.
Тарихты Мұхаметжан таразылар,
Көркем сөз тапсырылар
Жүсіпбекке.
Мұхтар бар – қалам тербер
таласа ол да,
Көп екен солға қарап, қараса оңға.
Ақылдан сарай салып,
самғарсың-ау,
Атыңнан айналайын Алаш Орда.
Бір сәттік көңілімнің күйін нұрлы,
Ұмытпай, күтеді алуан қиын күнді.
Ұлылық сақтап қалды қазақ жерін,
Көсемін көрші аюдың иілдірді.
Халқым-ау, бауырың – мұң,
сауырың – қан,
Кенде емес шығарсың-ау
тәуір ұлдан.
Жат болып жақыныңа
шығарың бар,
Жауындай қанжар салар
жауырыннан.
Ел едің егілген мың, күрсінген мың,
«Желегің жап-жасыл боп тұрсын» дер кім?
Жонынан таспа тілгір
тарпаң тағдыр,
Қолынан кеткен олар күншілдердің.
Ұлтыңа айбар сана, айбат сана,
Айналар сары майға қаймақ сана.
Жылынып шуағына жүрмейміз бе –
Ұлылық ұнаушы еді қай патшаға.
Сонардай қардың бетін шиырлаған,
Сол кезде қазулы екен үйірге аран.
Тұтқасы тұтас ұлттың болса да олар,
Туған жер топырағы бұйырмаған.
Жалғанда ғұмыр қысқа, өмір мәңгі,
Арманға жалғап жүрміз көңілді әнді.
Алаштың арыстары арпалысқан,
Артымда елім қалды, жерім қалды.
Мұратын тапқан енді шын аңыздан,
Тұратын топ құрыпты кіл Абыздан.
Тірілтіп әруағын текті ерлердің,
Текті ұрпақ,
қалдырмаймыз дұғамыздан.
Ызғардай шықпай жүрген
мұң бар бойдан,
Зердем де елдік жайлы
нұрланды ойдан,
Бұл менің құлпытасым
сөзден соққан,
Бұл менің ескерткішім
жырдан қойған.
Мен туған жер
Атады арайланып таң киелі,
Мақамы мамырлаған ән-күй елі.
Аңызды шындық қылған
Кең Жылыой бұл,
Абызды, ақын, батыр, әулиелі.
Халқымның парызындай
мәңгі өтелген,
Жиналып әр аймақтан,
әр мекеннен.
Айшуақ ханды орап аққиізге,
Ауылым Ақкиізтоғай хан көтерген.
Мыңғырып төрт түлігі етекте өрген,
Ақбас нар арман-сынды
жетекке ерген.
Емінген ерке Жемге, Ақмешітте,
Дүниеге пірдің соңы Бекет келген.
Тарихты қабылдайсың жыр күйінде,
Иегін сүйеп жатқан құмды иінге.
Қазақтың тұңғыш мұнай
бұрқағы атқан,
Қалады Қарашүңгіл бір бүйірде.
«Қара алтын» бұрқылдаған
төсі бұлақ,
Қарасаң таңы – мақсат,
кеші – мұрат.
Қала тұр келешекке құшақ ашып,
Құлсары бабамыздың есімін ап.
Бақыттан жаралған-ау пешенесі,
Ел ғой деп көгеретін көсегесі.
Жылойдың өткенінің өрнегіндей,
Жұбан там, Мәтжан бидің кесенесі.
Қатепті қара нардың күшін беріп,
Дұшпан да сыйлар елдің ісін көріп.
Қатарға қосқан бағзы жырауларды,
Тұр әне Қабиболла мүсін болып.
Шаттықтан төгіледі шалқыған ән,
Жер қара, аспан ашық,
халқым аман.
Анау дөң біздің ауыл жайылысы,
Табылған ана жылы «Алтын адам».
Естисің қыздан шаттық,
мақтан ұлдан,
Бәрі де «қазақ» деген атқа құрбан.
Ерлігі Есқайырдың – мергендігі,
Ебі жыр Меңдекеш боп ақтарылған.
Аспаннан алтын нұрын
күн тұр құйып,
Өрелі өнерімен ұлтым биік.
Ойнаған домбыраның құлағында,
Күй абыз – ол Тоқсанбай Құлтумиев.
Бұл елде өмір еңбек, өмір думан,
Өнердің биігіне белін буған.
Айтқали Жайымов жүр Астанада,
Дирижер Ахаңдардың жолын қуған.
Адамның жүрегіне тұғыры ардың,
Бабамның өсиетін ұғып әр күн.
Мүсінші Серік досым он саусақпен,
Рухын тірілтіп жүр ұлылардың.
Кең Жылыой арғымақтай кермедегі,
Көркем бір суреттей көрмедегі.
Төсі арман, жүрегі әуен
жұлдыз қонған.
Аудан бұл шыққан талай Еңбек ері.
Бақыттың гүл егеміз біз бағына,
Дақ салмас ақ арманы, ізгі арына.
Ақындар теңеу таппай аласұрған,
Жылыойдың айдай сұлу қыздарына.
Айтасың байлығыңды
нарқы барда,
Болашақ күтеді де жарқын алда.
Арайлы кең Жылыой ғой
салып жатқан,
Атырау табысына алтын арна.
Табаның қара жерге басып тұрып,
Қайнарын «Қара Алтынның» тасыттырып.
Кең Жылыой көрінеді биіктерден,
Өзіне бар әлемді ғашық қылып.
Нәр берген жасыл шалғын,
көк егінге,
Жем суы тасып, толып кемерінде.
Алыптың мықтылығы – рухында,
Халықтың мәңгілігі – өнерінде.
Ақынның ақырғы
сапары
(Фариза апа рухына)
Сөз өрді молда мұңнан, қари зардан,
Безерді безеу бетті пәни-жалған.
Шағый жан ақша бұлт боп
ұшты көкке,
Фариза – ән, Фариза – жыр,
Фариза – арман.
Сертіне серік етіп сезім жырды
Дертіне дауа болып төзім жүрді.
Жоғалған алтын жүзік табылмады,
Көп арман көкірегінде көзін жұмды.
Армансыз саусағымен сылап таңды,
Алғаусыз алашына сыр ақтарды.
Қыз болып қауыз жармай
бір қызғалдақ,
Біздерге жауапсыз сан сұрақ қалды.
Құтын ап шыңылтыр күн,
шымыр ауа,
Шытынап тұрды аяздан шыны қала.
Өткені – өлең өмір, жұмбақ ғұмыр,
Беттеді қаралы көш құбылаға.
Қайысып келеді елдің қабырғасы,
Қар ұшып, алас-қапас қабір басы
Жамбасқа осы жердің
сызын баспақ,
Марғасқа Махамбеттің қарындасы.
Ақсиып Сары Арқаның күрес түсі,
Бақшиып күн тұр көкте түлеп түсі.
Қажап мұң енді жанын қинамайтын,
Қазақтың қыздарының жүректісі.
Жылдары тізбектеліп жыр кестелі,
Ырғағы болашаққа тұр көшкелі.
Жылайды ақын қыздар
жетім қалған,
Шылайды кірпіктерін күндестері.
Талпынар жақсылыққа
жанып ойын,
Халқы бар көтермеген әлі бойын.
Сақидың салтын ұстап сол қазағы,
Бақидың асқақтатты абыройын.
Жасқана жел сипайды қоңыр белді,
Тасқа да таңба салар қорым мөрлі.
Астана ақынына төрін берді,
Басқаға қиын болар өлу де енді.
Сөз өрді молда мұңнан, қари зардан,
Безерді безеу бетті пәни-жалған.
Шағый жан ақша бұлт
ұшты көкке,
Фариза – ән, Фариза – жыр,
Фариза – арман.
Алматы – 1973
Өріліп жүректе үміт, жанымда арай,
Көрініп мұнардан күн,
сағымнан – ай.
Жәннаты алты Алаштың
деп жеткенде,
Алматы қойып еді қабылдамай.
Шатыр боп Бас қалаға
тұр нар аспан,
Ақын көп бұл шаһарда
күнде адасқан.
Жөргемнің жөнін білмей
жолда ілігер,
Келгенмін әкемді де тыңдамастан.
Көңілім қайтпаған кез хан базардан,
Көзіме нұр құйылып таңғы ажардан.
Арда күн аймалаған Астана осы
Талдарын жел тербесе алма жауған.
Ойда анам, одан әрі көгіс дала,
Қоймаған көкірегім көп ыстала.
Тіліме түкірмейтін, діліме де
Түрі де, мазмұны да орыс қала.
Білгенмін бала күннен
сөз бағасын,
Сүйгенмін қазағымның
боз даласын.
Сынақтан құлап қалдым, саясатқа
Ұнатқан жараспай қап көзқарасым.
Қаламым нәзік еді
қауырсыннан,
Қадамым басталыпты
ауыр сыннан.
Оралмас оралы мол күндер ғой ол,
Ең алғаш осылайша
сағым сынған.
Пешенем жаз сүрініп,
күз сынатты,
Шешер ем, амалым не,
жүз сұрақты.
Алғашқы сезіміме
селкеу салған
Алматы сол бір
ару қыз сияқты.
Сарғайған сағынышым самал өрген,
Ар – майдан, арман – тұлпар,
сана – кермем.
Пышақтап жүрегімді сұлу шаһар
Құшақтап Алатауды қала берген.
Сұңқар қанат талмаса
Светқали Нұржанға
– Сұңқар,– дедім – қағатын
шыңға қанат,
– Тұлпар, – дедім тұрқына
бір қарап-ақ.
Кісінеуге болады кісенде де,
Түсінер ме ұлыны құл қағанат.
Абай мұңлық болғанда,
Мағжан ғаріп,
Арыстарды ұға алмай арзандадық.
Жағалауын жанымның
Атыраудың
Толқыны боп ұрады ол ақжалданып.
Шолақ пікір, олақ ой қайымаған,
Бар болмысы ұлтының
жайына алаң.
Бұрқылдаған кеудесі мөлдір бұлақ –
Арнайы кеп арымды шайып алам.
Көктем өтер көңілде, жазы қалар,
Сағыныштың өмірде сазын алар.
Миығында мысқыл бар, иығында
Қырық нарға жүк болар қазына бар.
Жібермейтін байтағын
жатқа байлап,
Ақтан қуат алады, хақтан айбат.
Үмітіне жағады сонша шырақ
Үш жүз алпыс әулие жатқан аймақ.
Тұз артпаған ел едік көк есекке,
Қызартпаған дидарын демесек те.
Көкірегі – көмбесі тас тарихтың,
Көзі менен көңілі келешекте.
Сөйлегенде самалдай серпілетін,
Сермегенде жамалдай желпінетін.
Шемен уақыт шерімен шегенделген
Шежіре бар қанша әлі шертілетін.
Адамдардың сұрынан аласуан,
– Аман болғай,– деп оны аласұрам.
Тантықтардың қорғайық табасынан,
Жантықтардың сақтайық жаласынан.
Белін тіктер кез келер бүгінік ой,
Балқытқанда бақыттың
қымызы бой.
Ақыл-кенен, ой-кемел
абыз шыққан,
Ақын деген ұлтыңның уызы ғой.
Абыройдың алауы жанар шақта,
Арман жүгін артыпты қаламсапқа.
Аңызыңды ап барар болашаққа
Абызыңды, ағайын, аман сақта!
Бүркіт Базарбаев