ЖЫР ЖАЗУ ДЕГЕН – АЗАП, ОТ…

Фариза Оңғарсынова

 

КАСАҢСЫП КЕТКЕН

КЕЗІМДЕ

Қасаңсып кеткен кезімде

қайрақ тастардай қашалған,

кездесіп, сендік сезімге,

көзіме балқып жас алғам!

Жас алғам — жаным жасарған,

көктемгі жердей қан жібіп.

Көрініп тұрды тасаңнан

сәулесі шалқар нәрлі үміт.

Қаңтарып тарпаң ғұмырды,

шаршадым ба әлде безуден,

өзімнің осалдығымды

қайта бір сонда сезінгем.

Жүйкемді тарап, жіктедім,

көңілімнен, сірә, шықпай ел

Өзінің әлсіздіктерін

сезінуімен мықты әйел

Өмірі жұмбақ, сөзі үлгі

айналғам мылқау мүсінге,

табындым саған

өзімді

сезіндіргенің үшін де!

Қашықтап кеткен Күн нұрын

қайтадан құйып жанарға…

Байқасам, Жердің тірлігін

қайталайды екен адам да!

 

Өмірдің желе-жортағы

Өмірдің желе-жортағы

толтырып шаңмен қолқаны,

тілдегенменен ортаны,

адамның бәрі өлердей

жалғыз қалудан қорқады.

Тұрса да мәңгі шам жанып,

самайы терлеп, сандалып,

біреуді іздейді қарманып,

жалғыз қалғанда

сөнердей

дүниедегі бар жарық.

Жалғыздық бейне жаман бай,

қамшымен қақтап сабардай,

мысық пен итке адам бай,

жабырқау жалғыздығыңнан

құтқарып солар қалардай.

Талпындың, адам, қашанда

көппенен ғұмыр жасарға,

қаншама тыпырласаң да,

қолында қатқыл құрығы

серігің тұрар тасаңда.

Жан-жағың толы жас бала,

жақының, жарың, жақсы аға,

кенде еместейсің досқа да,

бәрібір, адам, құлсың сен

жалғыздық атты патшаға!

 

Өз-өзімнен өртеніп

 барам жанып

Өз-өзімнен өртеніп барам жанып,

жүректен жас ағады тарамданып.

Менде жай жоқ бұл күнде тым болмаса

ақтарылар алдыңда саған барып.

Жасқа ғана толады жанар налып,

мен үшін тұр дүние қараң қалып.

Қақ төбемде жалт ойнап жатыр бүгін,

қалай тұрмын, япыр-ау, аман қалып?

Шырқап, шалқып жүрген бұл кезім менің,

қалай сонша күйгенім, езілгенім?

Бұл өмірдің азабы — ар алдында

күнаң болмай кінәлі сезінгенің.

Дөңбекшідім, түндерде көз ілмедім,

көз ілмедім, таусылды төзімдерім.

Алдамшы боп бара ма мынау жалған,

түсінбесең жанымды өзің менің.

Әттең, оттай сезімім шыдатпады,

суалғандай таудың да бұлақтары.

Арман алға сағым боп шақырғанмен,

көп екен ғой тірліктің сынақтары.

Сенуші едің сәбидей маған, көкем

(сенім артар бұл күнде адам да кем).

Біздегі үміт, сенімді өшіргендер

өкінбей-ақ рахат табар ма екен…

…Сүйген жүрек кешеді дейтін еді,

бұдан соң да кешіре алар ма екен…

 

Ерме

Сөзге ермес жолдас. Ол да – арман,

ермеден басыңды алып қаш.

Өзіндік пікірі жоқ жаннан

адамдық шығып жарытпас.

Тіккеннің жұртқа құлағын

адалдығы да күмәнды.

Күн туса дайын бұларың

нанды аттап алуға құранды.

Ондайлар таймас, тайсалмас

үндемей тастауға өрт іштен.

Қиянат жасаудан жасқанбас

жұрттың сөзімен тон пішкен.

Ерменің жайы жұртқа әйгі,

сен одан елдік салт күтпе:

өлтірсең де, одан шықпайды

мәніс білу де, мәрттік те.

Сөзі мен серті бораған,

болмысы бейне күн қысқы.

Өзіндік пікірі жоқ адам

қылмыскерден де қылмысты.

 

Өлген ойлар

Дүние ғапыл, өткінші тағдырың-ай,

кім шығарған жалғанда заңды бұлай?

Болды-толды, өмірден өтті-кетті…

Жер бетінде жүрсе етті жан құрымай.

Көзім салсам төмпешік, обаларға,

түседі еске екі өмір жоғы адамда.

Қоғамдар да, тәңірдей тұлғалар да

құм құйылған обадай жоғалар ма?

Адамды өмір мамыққа орағанда,

мәңгілік деп қарайды о дағы алға.

Құлағанын құрдымға қалар сезбей

бір күні ажал-қарақшы тонағанда.

Ұқсайды өмір – пенде ме, ерен ер ме –

мұхиттардан оралмас кемелерге.

Мәңгілікке маздатып от беретін

мәңгі Күндей ғұмыр жоқ неге жерде?

Бұл баянсыз ғұмырдың – өкінерім –

жоқ па бір күш әперер соты, кегін?

…Обалардан қайысқан жер секілді

өлген ойлар сірескен көкірегім.

Менің құйттай далам-ай!

Перзенттігім рас болса, қалай өтем қарамай,

көлің мынау шарадай,

тауың асқақ ел сүйенер ағадай.

Аяқ бассам, молалар мен обалар

және жатыр жағалай.

Көзбен көріп, оймен шолып даланы,

жүрек көзім талады,

сарғайтамын, шаршатамын сананы.

Тірлігімнің тегершігі шиқылдап,

қырылдайды домбырамның сағағы.

Көк жүзінде мен ұмтылған мәңгі Күн

жылдарымды домалатып барады.

Күн алаулап, түнгі көкте Ай жанып,

тылсым күштер түнектерге қайралып,

біреу жүдеп, ал біреулер айла ғып,

қылымсиды-ау мынау жалған сонда да

екі езуі майланып.

Мен өзім де ойларымдай бір күні

қалар ма екем обаларға айналып?..

***

Ойнап келген баурап ап бір нұрлы үміт,

талай ойды өлтірдім қылғындырып,

саусақ жайып сәбидей ұмтылғанда,

тұншықтырдым, көкірегім – шынжыр, құлып.

Ол тыпырлап жан беріп жатқанында,

жаным жылап, өңіммен тұрдым күліп.

Сәби-ойлар шырылдап маза бермей,

шетінеуде күн көрмей, дала көрмей.

Соның бәрін жүрегім жатыр жұтып

қанға, өлімге тойымсыз қара жердей.

Ойларымның өлігін үйген сайын,

мен өзім де қалам тек әрең өлмей.

Кеудем – көгал көгершін-жыр ұшардай,

сезім – сәуле шашатын нұры шамдай.

Сана – дұшпан, жүрегім – көзсіз батыр,

келеді әлі бір-бірін жығыса алмай.

Жан дүнием арпалыс, қантөгісте,

әзір оған тумай тұр ұғысар жай.

Адамзатта іс туар ойдан алып.

Тұла бойым — кереғар, ойран. Анық.

Қапелімде шапқандай ашкөз арлан

кең қораға тұрғанда қой қамалып.

Бұл қайдағы дүлей күш сұсы басым

ой тууға еркімді қойған алып?

 

Мен сізді ұнатамын

Мен сізді ұнатамын.

Сізді ойлаумен атады бұл ала таңым.

Жалғыз арман жанымды жайлап алып,

сенделемін, үмітпен бүр атамын.

Түк еместей әлемдік айыптаулар,

не ұмтылған асқарым – жыр, атағым.

Мүмкін ессіз осы бір сезіміммен

біреулерді өксітіп жылатарым,

не өзімді даңқтың тұғырынан

мүмкін тіпті біржола құлатарым.

Жанса бағым,

бәріне де дайынмын – қарсы аламын,

қарсы аламын үзіліп қалса да әнім –

біреулердің қүңкілін, жазғыруын,

мысқылы мен өсегін – баршаларын.

Соның бәрі тұрмайды жалғыз ғана

сәтімізге қауышар, аңсағаным,

бірге жұтар ләззатты таң самалын.

Жырлап өтем,

белді будым алдағы сынға бекем,

арпалысам, асудан-мұңнан өтем.

Сізге жетер жолымда кешем бәрін.

мені тоқтата алмайды тұлға бөтен.

Арпалыссыз, армансыз, мұңсыз күндер —

жайбарақат тірліктің құндағы екен.

Соның бәрін, бәрін де сезімімнің,

сезіміңнің жолында құрбан етем!

 

Жұрт мені қатал дейді

Жұрт мені қатал дейді

найзағайдай мінезі шатырлаған,

біреулері айтады ақыл маған:

өркөкірек, тәкаппар, менменсіген…

ұнатпайды дәл мұндай ақынды адам

(одан сайын мен шіркін қатуланам).

Біреулер қиялдайды:

мұндай адам ешкімді сүйе алмайды;

өтірік өлең жазады талықсыған,

қайдан ғана бал сезім таныс бұған?

(Түсініксіз қалпыммен байғұстарды

ойларымен өздерін алыстырам).

Біреудің жаны ашиды:

ол ақын ғой өзгеше, дара сыйлы:

ал ақындар сезеді барлығын да,

ақылды да болады, данасиды.

Жастар

жара түспеген жанына әлі

түсінгендей жанымды табынады;

менің асқақ ән мұңды жырларымды

іздеуі хақ солардың, сағынары…

Мен кешпеген дүние жоқ екенін

сезеді олар. Сезеді бәрі-бәрі.

Мен солай көрінемін,

Жер секілді құбылтқан өмір өңін.

Міз бақпайтын адамдай жүре берем,

күйіп-жанып жатса да төңірегім.

Білмейді жұрт (білмесін көңіл емін)

Менің барлық бал қылық, нәзіктігім

сенің ғана алдыңда төгілерін!

 

Ақжайық

Қыстағы байсалдылық былай қалып,

Жайықтың суы жатыр ылайланып.

Бұлқынған сағынышпен жүректердей,

соғады жарға толқын шыр айналып.

 

Толқынын Ақжайықтың тамашалап,

қиялдар жетелейді қарасам-ақ.

Кейде үнсіз, кейде долы – ерке мінез,

өзіңе осы кейпің жарасады-ақ!

 

Жайығым – ата қоныс, игі мекен,

ақ бурыл толқындарың жүйрік екен.

Құшасың құмарлана жағалауды,

өзіңді о да бір кез сүйді ме екен…

 

Кей сәтте  байсалдысың, ақылдысың,

кей сәтте  сескендірер батыл күшің.

Қаншама ұмтылсаң да кең далаға,

аса алмай жаға-жардан жатырмысың?!

 

Сыр

Елді ойламас ағаңның

оқ тілінен не пайда,

тамшы тамбас далаңның

от күнінен не пайда?

Бірлігі жоқ ұлыстың

көптігінен не пайда,

ұстары жоқ қылыштың

өткірінен не пайда?

Өз басынан аспайтын

азаматтан не пайда,

тасқа салсаң ақсайтын

қазан аттан не пайда?

Суарылмас семсерің

жарқылынан не пайда,

арта алмаса Ел сенім

жарқын ұлдан не пайда?

Бір-біріне от шашқан

ерлеріңнен не пайда,

құлқын үшін топтасқан

ездеріңнен не пайда?

Тыңдар құлақ болмаса

сөздеріңнен не пайда,

сертте тұрақ болмаса

төзгеніңнен не пайда?

Өресі жоқ ханзада

тақ мінгеннен не пайда,

қыран тұрып, қарғаға

бақ бергеннен не пайда?

Ошағыңда жылу жоқ –

ай көркіңнен не пайда?

Жан-әлемде тыным жоқ –

Ай мен Күннен не пайда?

Анаңның тілі – жанарың,

бабаңның жыры – жарағың,

татулық – таудай қамалың,

қасиетін қорғап даланың

қаламын десең Ел болып,

сөзіме ой сал, саналым!

 

Ер-тұрман

Өртейді бір өкініш жиі мені…

Киіз үй. Мекеніміз қиыр еді.

Анамның алданышы, сүйінері –

әкемнің ер-тұрманын күніне бір

тазалап, қайта-қайта иіледі.

Көзінің тірісінде қайран әкем

қастерлеп қадір тұтқан бұйымы еді.

Қырда едік, көп жайлардан жырақта едік.

Мен жүрдім ер-тұрманды мұрат көріп.

Үзеңгі күмістеген, күміс жүген,

соқтырған Сәрсен шалға құр ат беріп.

Әкемді сағынғанда, ер-тұрманын

сипалап отырушы ем жылап келіп.

Күміспен бағдарлаған өмілдірік,

қараушы ем құйысқанға өңім жібіп.

Тоқымы тобылғы түс былғарыдан,

тұрғандай, шылбырды алсам, қолымда үміт.

Шап айыл, төс айылды шірей тартып,

жүйрікпен жол тартатын көңіл-жігіт.

От тұяқ кең даланы дүбірлетіп,

терлікті терге малар со күнді күт!

Көңілімде бір сыр жатты жанға айтылмай,

сол сырмен әке үмітін жалғайтындай

сезіндім, атқа мінсем әкеміздің

шаң басып ер-тұрманын қалмайтындай.

Сол тұлпар, тізгін тартсаң, қаршылдатып

шайнайды ауыздығын таңдай тынбай.

Мұз шатқал, тау-тасты да тұлпар тұяқ

тағасыз тіліп өтіп самғайтындай!

Соғыстан соңғы кезең, жүдеткен ең,

нан тапшы, қуыршақ жоқ, тірек те кем…

Жанашыр, мейірімді еді адам біткен,

сол ғана аш қарынға, жүрекке де ем.

Түндерде жүйрік мініп, қиял қуып,

қараумен ер-тоқымға күн өткерем,

ат мініп, адам болып, әке арманын

жалғасам деген жалғыз тілекпенен.

Әкеміз елге сыйлы кісі еді арлы,

білмейтін жағынуды, күш-амалды.

Әкенің абыройын оранып ап,

кешпедік жетім күйді, құса-зарды.

Бір күні сәске түсте үйімізге

сау етіп төрт-бес атты түсе қалды.

Басқарма! Танитын жұрт оны тегі,

қаһарлы дейтін жүрген жолы пері.

Олардың айтуынша, ауылдағы

жүйрік ат, асыл бұйым соныкі еді.

Қадалды анамызға Құрман кенет:

«Бар қазақ ата салтын қылған медет:

ағаның ер-тұрманын мен ұстайын,

не пайда үйде босқа тұрғанда», — деп.

Жылады, шырылдады анам көнбей,

мен тұрдым сөз айтуға шамам келмей.

Әкетті ер-тұрманды.

Біз қосылып  жыладық

әкем сонда жаңа өлгендей.

Сол күні әкеміздің қосын керіп

бір құйын ойрандады тосын келіп.

Жыл-ұршық зырылдады. Біз әйтеуір

ошағын әкеміздің өшірмедік.

Өмірдің бұл да заңды күйі ме еді…

Ойласам, жанымды жел үйіреді.

Сол күнгі жасты, ызаны кішкене қыз

кішкене жүрегіне түйіп еді.

Сол күннен басталған-ды оның және

шарасыз күйден күйреп, күйінері.

Мен сонда дертті болдым. Сол дертімнің

өмірде табылуы қиын емі.

Өртейді өкінішім жиі мені.

Әкемнің көзіндей бір бұйымы еді…

 

Үміт және үкім

Биіктерге қомдайтын қанатыңды,

түседі еске кей жәйлар бала күнгі.

…Ағамменен жарыса домбыра алып,

тартқан болам «Абылды», «Нар атуды».

Төкпе күйлер талдырып саусағымды,

бірақ құрбыластарым тамсанулы.

Тым жасаңдау болсам да,

сол әуендер

әкететін көңілімнен қанша мұңды!

Кетер сіңіп уақытқа ғасыр-бұлақ,

өнер ғана өлтірмес асыл мұрат.

Үйірме ашты ауылда Ханым апай

домбырашы жастардың басын құрап.

Мен де бардым, ағама ер қарамын,

демеді ешкім: «Сен мұнда келме, жаным!»

Күйшілердің ішінде жасы да жас

әрі бойы бір қарыс мен ғанамын.

Кеңесуге ауылда жалыға ма еш –

басқаратын кім бар деп – тағы кеңес.

Қала жақтан әйтеуір біреу келді –

жас дейтұғын жас та емес, кәрі де емес.

Басшы болу – сын дейтін бекер-ді ұғым,

кім көрінген игеріп кетер бүгін.

Жетекшіміз домбыра тарта алмайды –

бишілерді басқарған екен бұрын.

Ауызды ашып қараймыз дана екен деп,

күй шертеміз жамырап қара тер боп.

Күңкіл шықты: «Бұл құрғыр әйел көрсе,

текешіктеу мінезі бар екен», — деп.

Аңғармайсың көр-жерді бал шағыңда,

бірбеткеймін, ермеймін әр сарынға.

Озып кетіп отырам оркестрден,

басқалардан жүйріктеу саусағым да.

Анам теңегендіктен мақтап ұлға,

қыңырлаумын, сонымнан жақпадым ба –

жынын құрыстырады жетекшінің

өзгелерден жақсылау тартқаным да.

Қала деген қиялдан алыстамыз,

намыс та аңыз ауылда, ғарыш та аңыз.

Күндіз-түні күй тарттық оркестрмен

баратын боп аудандық жарысқа біз.

Бір күні айтты жетекшім күлкімді үзіп:

«Сен бармайсың ауданға – құлқың бұзық,

алып-ұшып саусағың отырасың

оркестрдің ылғи да шырқын бұзып».

Аудан – Мекке. Талпынар бала бұған.

Менен төмен басқалар барады, ұғам,

«Кеңесті» де тарта алмай терлеп-тепшіп,

отыратын шыға алмай сағағынан.

Ата-баба қалдырған мол мұраны

бап білместің белгілі қор қылары.

Атанып ем ауылда «күйші бала»,

кеттім содан ұстамай домбыраны.

Ұяттыны тынбайды жеңбей сотқар,

жүгенсізді жазалар нендей сот бар?

Тағдырыма әлі үкім жүргізуде

сол жетекші секілді кездейсоқтар.

 

Тілеулестерге

Уайым көп, ойым да алаң, жаным да алаң,

жырым жоқ баяғыдай жалындаған.

От сезім, өрт күтетін тілеулестер,

жазғырып қарамаңдар бәрің маған.

Жүргенде жүйке тозып, шаршаулы үнмен,

сендерді ойыма алып,

аңсап жүрген берер деп жыры жігер, қажығанда

өрті жоқ, дауылы жоқ сарсаң күннен.

Жанымды қаншама жыл қамшыладым!

Сендердің сенімдерің – жан шырағым.

(Тілеулестерім болса, жетеді сол –

атын да, атағын да – алшы бәрін).

Жанымды аластаумен от қоймаға

жұқардым және да ылғи көпті ойға ала.

Жанартау көресіңдер мені бәрің –

атқылап, жанып-жанып, шөкпей ме о да?!

Біреудің қарны шығар, тойса жаны,

ал мені шындық мүжіп, ой сорады.

Жан көрсем жәбірленген, қалам шөгіп,

өзімді алтынға орап қойса дағы.

Жүрсем де кекірікті тоқ ортада,

жүрегім айниды ылғи содан, тоба!

Жанымда жалыным аз, жарқылым аз,

ұқсайды жырым бүгін қоламтаға.

 

Жетімхана

Сәбилер үйі толы бар асылға:

кілем бе, күйсандық па, ағашың ба,

ылғи бір шытынбайтын жылы жүздер,

байлық та, мейірім де – бәрі осында.

Қыз бала ойнап тұрды алаңдамай,

сәбиге қадалмайды жанар қалай?

Даладан кіріп келген мені көріп

кілт тұрды, ұмтылды да маған қарай.

Құшағын ашатындай айқара кеп,

ұмтылып, тоқтап қалды қайта кенет.

Білмеймін дәметті ме: осы кісі

«Құлыным!» – деген сөзді айта ма деп…

«Лас, – деп ұрысса ана, –

басы, қолың»,

сәбиге ашуы да асыл оның.

Жүректің бар жылуын саусағына

жиып ап кім өреді шашын оның?

Айналып Айға теңеп, Күнге теңеп,

«Тұра ғой, киіне ғой – жүр, көкелеп»,

жайраңдап жанына ертіп ертең оны

мектепке апарады кім жетелеп?

Кейбіреу құм шашқанмен елге, тілге,

сүйкімсіз сәби болмас жер бетінде.

Булығып мен өзім де тұрып қаппын,

білмеймін ол жетім бе, мен жетім бе…

Қадірлі ем қазақ деген құндағыма,

ұрпаққа ұл да мұра, жыр да мұра.

Лақтырған өзін күлге сол әйелдің

татымай тұрғаным-ай тырнағына.

Білмейді ол ана тілін, әкесін де,

адам ба, әке әлде зат есім бе?

Көрмеген ешқайсысын, қайдан, қалай –

қалып жүр – «папа» деген ат есінде?

Жарқ етіп анам бір күн келе ме деп,

құйттай қыз бір үмітке сенеді ерек.

Балаңа бере алмаған жан жылуың

дүниеде кімге керек, неге керек?!

Шаршадым шалқып айтар жырым қалмай…

Қаншама қайшылықтар ғұмырда, Алла-ай?!

Бес жасар бүлдіршін қыз. Жетімхана,

ішінде шыбын тайып жығылғандай.

 

Туған жердің топырағы

Көк мөлдір аспанды мекенім!

Көгіңнен сенің қайтқанда қаздар   қаңқылдап,

шарқ ұрып іздеп саялы дария, салқын бақ;

көгілдір жанарлы көлдерді аңсаған   құстардың

қиқуларынан қалушы ем мен де зар тыңдап.

Жанарымда бір от жарқылдап…

Ақша бұлттарға мүңдарын шаққан аққуға

сазарған далам, сая болмадың — бал құндақ.

Тарихтың салған тақсіретіндей мүжік    таулардан

ақтарылмады айна бұлақтар жалтылдап.

Қасиетті менің, қасіретті менің мекенім!

Атой салғанда ата жауларың сан жақтан,

бабаларымның қаһарына сонда

елең де болмай қарлы ақпан,

кеңдігіңді сақтар, елдігіңді сақтар айқаста

төсіңді тұлпар тұяқтарымен шаңдатқан.

Еркіндігің үшін егеулі найза алған ұлдарың

таңдайларына талықсығанда қан қатқан.

Сонан соң… сонан түнектердің түні қақырап,

ақ армандардың үміті болған таң да атқан.

Маңғыстау!

Мұңды мекені “тағылар” атанған Адайдың,

Мен бүгін саған жанарым жайнап қараймын:

арпалысып өлген бабамның армандарындай

көгінде күлген шапағатты шуақ арай Күн.

Ақ шаңқан мынау мұнарлардан лаулаған

сансыз алаулар, көкірегіндегі бұрқанып

жатқан тағы айдын..

Зәулім көктермен жарысып тұрған сәнді үйлер

қиялына да кірмеген еді-ау талайдың^

Жасампаз дәуірдің қаһарманына басыңды игенде,

көңіліңнен сенің тарқамасын да-ау қалай мұң!

Заводтар менен қомбинаттарды самсатып,

Үстіреттеріңе бұрғыларды әлі қадаймын.

Көзімді салсам дәл бүгін

осынау байтақ көгілдір дария мекенге,

қанат біткендей шарықтап шырқап кетем мен.

Қазақтың байтақ даласын

“достықтың алтын ордасы бұл” деп

айтпаған екен бекерге.

Сені көрмесем, осы шындыққа

ешқашан көзім жетер ме!

О, жомарт менің мекенім,

сонау бір сұрғылт қатыгез дала — шатқалдан

көл-көсір байлық ақтарған!

Ұлдарың көзін ілмейді сенің қамыңмен,

олардың отты көкірегі тұнған тәтті арман!

Көрем мен сенің аласармас асқақ тұлғаңды

қиялда жүрген сәулетті болашақтардан!

 

Жеңеше Әсимаға

Ауылдың сол бір-кезі-ай самала күн.

Жасаңмын, көңілім шат. Дала жаным.

Бетіме шаң тигізбей жүруші еді

қырандай қайран менің ағаларым.

 

Бұл өмір өтеді екен тәтті мұңдай,

сол жылдар бүгін бізге жат ғұмырдай.

Ең алғаш ағам сізді әкелгенде

көркем ең айдын көлдің аққуындай!

 

Атамыз біздің елдің көсемі еді,

дес бермес көркем сөзге шешен еді.

Атаға жаққан келін өзің болдың

көңілін табу қиын десе де елі.

 

Алтынды ұстай білсең биік, қымбат,

өзіңді аялады ел сүйіп, бұлдап.

Талғампаз Әз-атам да отыратын

сен тартқан “Байжұманы” ұйып тыңдап.

 

Ақылды келін — үйдің күні күлген,

от басын жарқыратар нұры бірден.

Алғысын алдың ауыл қарттарының

ісіңмен, ізетіңмен, қылығыңмен.

Шерткенде домбыраны сіз бір дарын,

ақ көңіл, жарқыраған жұлдыз жаның,

ошағын ағамыздың өшірмедің

жеткізіп алтын тұяқ ұл-қыздарын.

 

“Жеңеше, қойшы маған ғажап ат!”— деп,

кешірдің, еркелесек мазалап кеп.

Ұлыңды ел таниды бұл күндері

халқына тірек болар азамат деп.

 

Жеңеше, шалқи берсін бақ талабың,

өзіңе жетсін алыс жақтан әнім.

Ай көрік жеңгелерім осындай деп

мен жұртқа мақтанамын!

 

Үйім – менің отаным

Үй – сарай өткізердей хандар күнін

(мұндай жай – біраз жұртқа арман бүгін),

сыңғырап бұлақ үні, Күн әйнектен

төгеді біздің үйге таңнан нұрын.

Балкон ба? Балкондағы елес бөлек!

Гүл мұнда жайқалады ерекше бек.

Ойлайсың осы жерге орман-дала

біржола көшіп келген емес пе деп.

Бөлмеден сәби күлкі шашылса – құт,

төменгі көршілердің басын шағып,

жүреді біздің үйдің патшалары

қырдағы қозы-лақтай асыр салып.

Бәрі үйде: ас, су, кино, білімің бе,

қонақ жоқ келіп-кетер мыңы күнге.

Үйіңе бір енгесін, қияметтей

далаға қайта шығып, кіруің де.

Көршімен отырмаймыз сыр ағытып,

үнсізбіз – қойғандаймыз сына жұтып.

Уақыт жоқ амандыққа кей көршінің

жүреміз түсін ғана шырамытып.

Туса да қилы-қилы басыма күн,

осында сан қуанып, жасығаным.

Әйтеуір бір рахат күтетіндей

мен ылғи ошағыма асығамын.

 

Ғұмыры бітпес үйдегі

Ғұмыры бітпес үйдегі

тірліктің жайы талдырып,

сезімді нандай иледі,

үміт пен арман қалды ұмыт.

Баланың қамы, үй қамы,

Әйтеуір бітпей күйбеңі,

жұмысың тағы қинады,

жазбаған жырың ми жеді.

Ұмытар өзің өзіңді

бір сәтті сонда аңсадың,

күйбеңдер қажап төзімді,

жұқарып жүйке, шаршадың.

Достар ма құяр күлкі үнін,

қырдағы туыс, бауыр ма,

жаныңа берер бір тыным

әлде бір шалғай ауыл ма –

әйтеуір дайын тұрасың

кетуге кейде үйіңнен.

Мұраттан сүйтіп шығасың,

кездесіп талай жиынмен.

Жеткізбей бірақ таң-үміт,

өтеді думан,

нұр күнің,

кетесің сосын сағынып

таусылмас ошақ тірлігін.

 

Жыр жазу деген – азап, от

Жыр жазу деген – азап, от

әйел боп туған болмысқа,

жаныңда титтей маза жоқ,

жолың да тайғақ, қол қысқа.

Табиғатыңнан шыға алмай,

әйелдігіңе тұсалып,

талантың арбап жыландай

шағады сені құса ғып.

Көңілің өсер, жоқ тағат,

құштырар дауыл, өртін де.

Әйелдік тағдыр ноқталап

сүйрейді болмыс-төркінге.

Жазымыштың әнін тыңдатқан

балапан – балғын балаң бар.

Күймесі жырдың бір жақтан

қоңыраулатып тағы арбар.

Екі ұдай сезім. Шарқ ұрып,

ғұмырың солай тынады-ау.

Бір өрттен қашсаң шарпылып,

алдыңнан шығар бір алау.

Азаппен атқан таң аз ба,

жарқ етіп кейде жыр-үміт.

Беттегім келмей қағазға,

ас үйге кетем жүгіріп.

Пікір қалдыру