Қайсар Қадырқұлов. ҮШ ТІЛДІ ЖЕТІК МЕҢГЕРУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Қайсар Қадырқұлов

Қазақ халқында балаға бата бергенде айтылатын тілектің «Қатарыңның алды бол!» дегеннен асқаны жоқ. Одан қала берді әр ата-ана баласын «қатарыңнан қалма» деп тәрбиелейді. Алдыңғы тілектің мәні алдына жан салмай, бәрінен озық болуды меңзесе, екінші бұйрық мәніндегі тіркестің мақсаты баланың намысын оятып, жігерін қайрау болып есептеледі. Әрине, қатардың да түр-түрі бар: баланың ауылдағы қатары, елдегі қатары, әлемдік деңгейдегі қатары. Елбасымыз сонау 2006 жылы «үш тұғырлы тіл» мәселесін күн тәртібіне қойғанда, жастарымыздың ауылдық қатарынан емес, елдік, одан әрі әлемдік қатарынан озық болуын, қала берді деңгейлес болуын көздегені – ақиқат. Содан бері елімізде осы «үш тұғырлы тілдің» тиімділігі мен кері әсері туралы бұқаралық ақпарат құралдарында тайталасқа толы пікірлер айтылып та, жазылып та келеді.
– Үш тілді бірінші сыныптан бастап оқыту – ұрпағымыздың келешегіне жарқын жол ашады. Жаһандану дәуірінде ғылым мен техниканың тілі осы үшеуінде. Шет елдерден білім алып, елімізге қат мамандықтарды меңгеріп, экономикамыздың кемелденуіне үлесін қосады. Бұл тұста қазақ тілі жетекші тіл болып қала береді, – дейді үш тұғырлы тілдің жақтаушылары. Бірақ сол үш тілді балаға қалай меңгерту керек, нәтижеге қандай жол арқылы қол жеткіземіз? Бұл туралы – ләм-мим.
– Ана тілін енді үйреніп келе жатқан балаға өзге жұрттың екі тілін қосарлап меңгерту –қиянат. Бала есейіп, жоғары сыныптың деңгейіне жеткенде ғана үш тілді оқыту мәселесіне оралайық. Орыстанып болып едік, енді ағылшынша шүлдірлейміз. Ұрпағымыз өз тілінің тамырынан қол үзеді, – дейді үш тұғырлы тілге қарсы өре түрегеліп жүргендер. Бұрын бізде үш тілді оқыту жүйесі болмап па еді? Сол тұста қалай оқып едік, бізді қалай оқытып еді, қазір қалай оқытып келеді? деген сұрақтардың жауабы туралы бұл жақтада – ләм-мим.
Шынында да, осы үш тілді (тұғырын ала тұрайықшы) бұрын да оқыттық, қазір де оқытып келеміз. Орыс тілін бірінші сыныптан бастап оқытсақ та, мектеп бітірген баламыздың дені орысша жазудан қашады. Сөйлегеннің өзінде де ережесіз, сөзінің соңын «жұтып-жұтып» міңгірлейді. Кеңес Одағының тұсында осылай болған, қазіргі таңда да осы көрініс қайталануда. Ауылдағы үлкендер ұлын «әскерге барсын, орысша үйреніп келеді», – дейтін. Сонда деймін-ау, он жыл мектепте орыс тілінен не оқытқанын біреуі сұрасайшы! Орыс тілінен сабақ беретін мұғалімнің ай сайын жалақыны не үшін алатынын біреуі білуге тырыссайшы! Жоқ, баласы әскерден орысша үйреніп келіп, өзіне қолайлы жұмыс тауып алатынына сенеді. Ауылдық, кейбір аудандық жерлерде әлі күнге дейін орыс тілін мектеп қабырғасынан меңгерудің деңгейі «нанын сұрап жеуден» аспайды. Оның дәлелі жоғары оқу орнына келгенде бастауыш және жалғастырушы топқа бөліп, орыс тілін тағы оқытамыз. Қазақ баласының өз тілін ұмытып, «орыстанып» кеткенін көргісі келетіндер сол оқу орындарына барып, облыстардан келген студенттермен ауызша орыс тілінде сөйлесіп, орыс тілінде бір бет ойын жаздырып көруіне болады. Ал ағылшын тілі туралы айтуға жүрексінесің. Бала есейіңкіреген тұста, бесінші сыныптан жалпы білім беретін мектептің бәрінде оқытылды. Бәріне сынып сайын оқулық таратылып, шет тілінің мұғалімі сабағын өтіп, айлығын уақытылы алып, тіршілігін жалғастырып келді. Тағы да «таусылмайтын оқу» ретінде жоғары оқу орнына келгенде бастауыш, жалғастырушы топқа бөлініп, сол бастауыш тобы – бастауыш, жалғастырушы тобы–жалғастырушы қалпында университетті бітіріп кетеді. «Оу, мына бастауыш топ оқу бітіргенше жетілмей ме?» деген сұрақ туындаған емес. Әрине, бәрі осындай екен деуден аулақпыз. Жаңағы жалғастырушы топта оқуға шамасы барлардың әдейі бастауыш топқа жазылып, сайрандап жүретіндері де бар. Сабақ орыс тілінде жүргізілетін мектептерде қазақ тілін оқыту үдерісі де жоғарыда айтылған екі тілді оқытудың кейпін қайталайды. Мемлекеттік дәрежесіне қарап жатқан ешкім байқалмайды. Балабақшадан бастап, мектеп бітіргенше оқитын мелекеттік тілді меңгеріп алатындары – бірен-саран. Солардың мектеп бітіргендегі аттестаттарында төрт пен бестен төмен баға болмайды. Одан төмен баға қойылса, басқа ұлт өкілдерінің «құқығы бұзылатындай» түйсік қалыптасқан.Қазақстанда мектепті орысша бітіріп, қазақ тілін менсінбей жүргендердің (өз ұлтымыздың ұрпақтары) бәрі –мектепте қазақ тілін бастауыш сыныптан аттестат алғанша оқып, одан жоғары оқу орындарында бастауыш топта жалғастырып, дым білмей шыққандар. Бұларды да жоғары білімді мұғалім оқытты, жалақысын нәтижесіне қарап емес, өткізілген сағатына қарап алды. Міне, біз осы соңғы, қазақ тілін меңгере алмағандардың деңгейімен үш тұғырлы тілді оқытудың тиімсіздігін дәлелдегіміз келеді. Мектептегі тіл оқыту сапасының жағдайына орай, осы үш тілді ақылы түрде қосымша оқытып, баласының мерейін үстем етіп жүрген ата-аналар қаншама!Ағылшын мен орыс тілін дайындық курстарына барып, ақылы түрде үйреніп, жетік меңгеріп алып жүрген азаматтарымыз ше?! Сондықтан үш тілді мектеп қабырғасынан бастап оқытпауды емес, қалай оқытудың жолын, тиімді әдістерін ұсынып, нәтижелі іске көшетін уақыт жетті. Тілдерді жетік меңгертудің қазақстандық жүйесін қалыптастыру керек. Әйтпесе, баламызды үш тұғырлы тілді оқыту үдерісімен мектепте – бір, сосын ақылы курста екінші рет қинаудан арылмаймыз. Тағы бір ескеретін жайт, қазақтың бар баласына үш тілді меңгертеміз деп жүріп ана тілінен қол үздіріп алатындығын айтып, «байбалам салудың» да қажеті шамалы. Мемлекет тарапынан білім берудің ережесіне сай келетін білім ордаларында ғана үш тұғырлы тілді оқыту бағдарламасына қолдау көрсетіп, оның жүзеге асуын қамтамасыз ететін талаптарды күшейтсе ғана нәтижелі іске қол жеткізе аламыз. Яғни қазақ, орыс, ағылшын тілдерін оқытуға мүмкіндігі бар мектептер іріктеліп алынуы керек. Әйтпесе, «Еліміздегі ең шағын мектеп Солтүстік Қазақстан облысындағы Бірлік ауылында ашылды…Бірлік орта мектебі бала санының аздығына байланысты үш жыл бұрын жабылған еді. Енді теріскейге Қытай мен Талдықорғаннан көшіп келген он отбасындағы бес бала оның қайта ашылуына сеп болып отыр…бес балаға сабақ беретін екі мұғалімнің бірі – осы мектептің түлегі. Ең шағын мектеп ғимаратын жөндеуге 3,5 млн. теңге жұмсалған екен. Оның сыртында 1,5 млн. теңгелік қазандығы бар. Ал екі мұғалім мен бес балаға от жағушы, еден жуушы, күзетші мен мейірбикені қосқанда 8 адам қызмет көрсетпек» («Жас қазақ» газеті, 09.09.2016) деңгейіндегі мектептердің талайын кездестіруге болады.Ал «Үш тілде білім беруді дамытудың 2015–2020 жылдарға аналған жол картасында» дарынды балаларға арналған 33 мектеп, 18 Назарбаев зияткерлік мектебі және 30 қазақ-түрік лицейі көрсетілген. Сонымен қатар 2020 жылы 700 мектептің шәкірттерін үш тілде оқытатыны аталып өткен. Осы тұста еліміздегі білім беру жүйесінің адами құқыққа, оның ішінде баланың құқығына нұқсан келетін тұстарын елей бермейміз. Өйткені жағдайдың бәрін аймақ-аймақтардан іріктеліп алынған дарынды балаларға жасаймыз. Олардың мектептері де іріктелген, мұғалімдері де іріктелген, мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы көлемі де іріктелген. Енді осы іріктеуден өтпей қалған оқушылары бар мектептердің бәрінде «Назарбаев зияткерлік мектебінің бағдарламасымен оқыту керек, үш тілді сонда жетік меңгертеміз» деген ұсыныстарды жүзеге асыруға талпынып жатырмыз. Еліміздегі дарынды, қабілетті оқушыларды жинап алып, білім саласында жоғары көрсеткіш иелену –мақтаныш та, жетістік те емес. Дарынды бала қай мектепте оқыса да, қатарының алды бола алады. Күні ертең өзі қалаған мамандық иесі болатынына да күмән келтірмейміз. Оларды сол мектептер іріктеп алғанша, яғни «дарынды» болғанша кім оқытқаны, ата-аналары барлық мүмкіндіктерін пайдаланып кімдерге дайындатқаны ескерусіз қалады.Егер үлгерімі орташа балаларды іріктеп, солардың үлгерімін, солардың үш тұғырлы тілді меңгеруін жоғары деңгейге жеткізсек, онда мемлекет тарапынан марапаттауға тұрарлық игі іс болар еді. Тіл үйрену үшін дарындылықтың қажеті шамалы. Баланың ынтасы мен мұғалімнің біліктілігі үйлесімін тапса, ата-ананың баласының болашағына деген қамқорлығы жеткілікті болса, нәтиженің ауылы алыс емес. Сондықтан үш тілді меңгерте алатын оқытушы кадры бар, оқушының білім алуына жасалған жағдайы бар білім ордаларының бәрі іске кіріскені абзал.
Ендігі мәселе «Қалай оқытамызға?» келіп тіреледі. Алдымен сол үш тілден сабақ жүргізетін мұғалімдердің білімі мен біліктілігіне талапты күшейткен жөн. Жоғары оқу орнын «үшке» бітіріп, диплом алған мамандық иесі баланы да сол «үштің» көлемінде оқытады.Әйтпесе, «Назарбаев зияткерлік мектебі АҚ басқарма төрайымы К.Шамшиддинова мұғалімдердің кәсіби деңгейі төмендеп кеткенін сынға алды. Оның сөзінше аталмыш мектепке байқаудан іріктеуге өту үшін жеті мың мұғалім талпыныс жасаған, алайда оның басым көпшілігі тестен өте алмаған.Тіпті олардың жетпіс пайызы он үш балдың өзін жинай алмаған. Зияткерлік мектеп басшысы мұғалімдердің әңгімелесу кезінде қарапайым сұрақтардан сүрініп жатқанын өкінішпен айтты. Мәселен, әдебиет пәнінің мұғалімі бір жол өлеңді жатқа айтпақ тұрмақ, авторын да білмеген. Тіпті соңғы рет кімнің кітабын, қандай кітап оқығанын да білмейді» («Алматы ақшамы» газеті, 23.05.2017) кейпіндегі мұғалімдермен үш тұғырлы тілдің көсегесін көгерте қоюымыз екіталай. Сонымен қатар, орыс тілі мен ағылшын пәнінің мұғалімдері қазақ тілін жетік меңгеруі тиіс. Осы екі тілді қазақша оқыту арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін жоғарылатады. Ана тілінде өзге тілді түсініп үйрену де, түсініп оқу да бала үшін жеңілірек. Кеңес Одағы тұсында орыс тілі сол тілде, ал ағылшын тілі орыс тілінде жүргізілгенін білеміз. Орыс тілін түсіне алмаған балаға сол түсінбейтін тілінде ағылшыншаны білдіргіміз келді ғой. Ережелері қазақ тілінде жазылған орыс тілі мен ағылшын тілі оқулықтарын көрдік пе? Орыс мектептеріне арналған қазақ тілі оқулықтарына ереженің бәрін орысша жазып береміз. Неге? Сондықтан үш тілді меңгертудің басты демеуші күші –білікті ұстаздар қауымы. Өз мамандығын жақсы меңгерген мұғалім оқыту әдістемесін қалауынша реттеп алады. Жаратылыстану пәндерінің мұғалімдерін екі айлық ағылшын курсынан өткізіп, «ағылышын тілінде сабақ бергіземіз» деу – қисынға келмейді. Төрт жыл университеттің шет тілі факультетін бітірген маманның бәрі бірдей оқытушы бола алмайды. Олардың орнына қазақ тілінен екі айлық курс ұйымдастырып, орыс тілі мен ағылшын тілінің мамандарының біліктілігін арттырған әлдеқайда тиімдірек болар еді. Үш тілдің басты өзегі қазақ тілі болсын десек, қазақ тілі арқылы меңгерілген қосымша екі тіл баламыздың өмір жолында қолғанаттық қызмет иеленеді. Қазақ тілінде танымдық дүниесі қалыптасқан, ұлттық құндылықтарымызды бағалай алатын ұрпағымыз орыс тілі мен ағылшын тілінің жетегінде кетпей, сол екі тілді елінің өркендеу қажеттілігіне пайдалана біледі. Өзінің ой-өрісінің ұлғаюына, парасатты пайымдай алуына жұмсай біледі. «Қалай оқытамыздың?» тағы бір қыры оқушының жас деңгейіне қатысты мәселені аттап кете алмайды. Бірінші сыныптан бастап үш тілді оқу, әрине, бүлдіршін үшін өте ауыр. Бірақ қазіргі білім беру жүйесінде бірінші сыныптан бастап ағылшын мен орыс тілдері үйрету сабағы деңгейінде жүргізіліп келеді. Бұл –тиімді әдіс. Бала қазақ тіліндегі сөздің орысшасын, одан соң ағылшыншасын ұғынып, есте сақтайды. Керісінше емес. Ой өрбіту қазақшадан басталады. Бастауыштан кейін жалпы ақпараттық ой бөлісу, пікірлесу, өз ойын жеткізе алу деңгейінде оқытылса, одан соң тоғызыншы сыныптан бастап белгілі бір жетекші пәннің ыңғайына бейімдеп, үш тілді салыстырмалы түрде меңгертсе, мектеп бітірген түлегіміз мамандық таңдау соқпағынан да қателесе қоймайды.
Баланың үш тілді ғана емес, білім жүйесіндегі жас деңгейіне қарай оқытылатын пәндерді игеруіне мұғаліміне дейін де, мұғалімінен кейін де қол үшін беретін жанашыры – ата-анасы. Қырық жылға жуық оқытушылық тәжірибемде (мектеп, колледж, университеттерде) ата-анасы үй тапсырмаларын тексеріп, түсінбесе, түсіндіре отырып орындатып жіберген шәкірттердің көздері жайнап тұратынын білемін. Ал дайындықсыз келген шәкірттің басын төмен салып, ешкімді көргісі, ешкімге көрінгісі келмей отыратыны белгілі.Бала дүниеге келгеннен кейін оны өсіру, тәрбиелеу, оқыту міндеттері ата-анаға Ата заңымызбен жүктелген. Баласы жарық дүниеге келгенде «Базарда арба айдайтын ұлды немесе ірі сауда орталықтарына кірушілердің басқан ізін сүртіп жүретін қызды»болдым деп адам қуанбайды. Сөзіміздің басында айтқан «Балам, қатарыңның алды бол!» деген тілегіміздің орындалуына дем беретін де – өзіміз.Ендеше, баламыздың тілін қазақша шығарып, қазақша сөйлетіп, керек десе, мектепке барғанша әліппені оқи алатындай деңгейге жеткізсек, біреу қолымызды, ойымызды байлап отырған жоқ. Ол үшін мемлекет тарапынан бағдарлама күтпейтін шығармыз?! Отбасында ана тілінде тәрбие алған, ана тілінде сөйлескен бала орыс тілі мен ағылшын тілінің жетегіне ілесіп,ұлттық болмысынан айырылатынына ешкімді сендіре алмайсыз. Кеңес Одағы тұсында орыс тілін сауатты оқыту емес, орыстандыру саясаты басым болды. Басқаны былай қойғанда, қазақ тілі ғылымында академик болып, қазақ тілінің намысын «жыртып жүрген» ағаларымыздың төл балалары қазақ тілін білмейтін болып шықты. Ал екі тілді еркін меңгергендер тұлғалы азаматтар еді. Қазақша оқымайтын билікке ел мұңын орыс тілінде жеткізуші де сол тұлғаларымыз болды. Бұл – тарихта беделге ие болған құбылыс. Алаш ардақтыларының еліне мақтан болуы да Ресей билігінің биік мінберлерінде қазақ ұлтының ар-намысын орыс тілінде қорғай алуында. Сондықтан бірнеше тіл меңгерудің астарынан саясаттың құпиясын іздеудің қажеттілігі шамалы. Тек науқаншылыққа бас ұрмасақ болғаны. Науқаншылық жалған ақпаратқа жетелейді. Артық сағат, артық қаражат алу үшін мүмкіндігі жоқ білім ордалары үш тілді оқыту бағдарламасымен «іске кірісіп» кетпегені жөн. Білім беру жүйесінде атам заманнан бері қалыптасқан бағалаудың нәтижелі үш межесі бар. Олар – білімі орташа, білімі жақсы, білімі жоғары. Үш тұғырлы тілді меңгерту де осы үш деңгейлік межеде жүзеге асырылады. Қазақша ойлаудың фразалық тіркесіне ауыстырсақ, «нанын сұрап жейтін», «нанын тауып жейтін», «еліне нан тауып беретін» деңгейлік көрсеткіш қой. Біреудің баласы қазақпен қазақша, орыс тілдімен орысша, ағылшын тілдімен ағылшынша сөйлесіп жатса, қызыға қарап, таңданысымызды жасыра алмаймыз. Өз баламыз сондай дәрежеге жетсе, неге қуанбауымыз керек. Тіл үйрену, тілді жете меңгеру дағдылану әдісімен қабыса байланысқан. Не нәрсеге болса да, егер тиімділігін байқасақ, баланы жас кезінен дағдыландырған орынды. Шет тілін меңгеру де осы тәріздес. Үш тұғырлы тілді меңгертуді – баланың тілін үш тілде шығару деп түсінбеу керек. Мектепке дейінгі алты-жеті жылда ана тілінде сөйлетіп, ана тілінде ойландырып, ана тілінде жаза білуге дағдыландырайық. Сосын баламызды мектепке беріп, онда мұғалімі, үйде түгел отбасы мүшелері белсенділік танытып оқытайық. Сонда үш тұғырлы тілді меңгеру дегеніңіз дағдылы іске айналады. Қашанда әр отбасының баласы «Қатарының алды болсын!»

3 комментария

  1. Reply
    Розаговорит

    Толық қосылам. Ел бесіктен басталады

  2. Reply
    Рахила Турсыновнаговорит

    Ұлағатты ұстаз Қайсар Шегебайұлы еліміздегі отандық тілді оқытудың өзекті мәселелерін шешудің жолы тек мұғалімге ғана байланысты емес екенін нақ басып көрсеткен. Керемет, өте дұрыс пікір.

  3. Reply
    Мәншүкговорит

    Үш тұғырлы тілді қолдау-бала бақпаған 1-сыныпқа баланы апарып оқытпаған адам ғана қолдайды, яғни өмірлік тәжірибесі жоқ адам ғана айтады! Әріп пен санды әрең меңгеріп жүрген балаға Орыс тілі мен ағылшын тілі миын ашытып неге керек?! Қазақ баласы сәл, оң солын білгесін кез келген тілді үйреніп, кәсібін нәс#п қып жүр. Бастауышқа үш тілді үйрету-бекер мал шашпақ! Қай мемлектте бар, осындай үш тілді әріп білмейтін балаға уйрету? Оның үсіне анау «тану» сабақтары өте көп, әріпті енді уйренген бала оларды қалай оқиды? Авторға — баласын, немересін бастауышта осылай уйретіп көрсін — сосын ұсынсын сайраған баланы-ана тілін ұмытып қалар-өзі қосылып!

Пікір қалдыру