Қайым-Мұнар Табеев. ҚҰЙЫНҒА ТҮСКЕН ҒҰМЫРЛАР

І бөлім
ҚАРАҒАЙДЫҢ ҚАРСЫ БҰТАҒЫ
(Желтоқсан туралы әфсана)
Шу бойында

Сібірдің ну орманынан шығып, қазақтың сары даласын көктей өтіп бес тәулік бойы жұлдыз құрттай ирелеңдеген шабан пойыз салдыр-гүлдір етіп тоқтағанда, тар үйшікте ығыры шыға ширыққан Қайрат жерге секіріп түсті. Бойын жазып, қолын сермелеп сәл тұрды да, «Фрунзе – Алматы!», «Фрунзе – Жамбыл!» деп дамылсыз қиқулаған алқалы топқа қарай аяңдады.
Сол қапталында «Алладин» кафесі тұр екен. Бозбала кезінде әкесімен еріп келіп, талай рет дәм татқан құтты орын еді, тәтті тандыр нанның исі мұрынын қытықтап еріксіз бұрылды. Ыстық пештің ернеуінде жағалай тізілген, қабарта піскен сарыала күлшенің біреуін еппен алды да, құшырлана иіскеді.
– Түу-ух, шіркін, исі қандай десеңші!
Үстінде әскери формасы бар, сымдай тартылған сымбатты жігіттің мына қылығына сүйсінген тандыр иесі – қоңырқай өңді, толықтау әйел ұсынған тиынды алмай, қолын кері қайтарды.
– Ала ғой, бауырым. Жей ғой. Армияда менің де сен сияқты інім бар, – деді мейірлене көз тігіп.
Қайрат рахметін айтып, күлшесін тістеген күйі жеңіл көліктер тізіліп тұрған алаңқайға қарай беттеді.
– Сәлем бердік, туғандар!
– О-о, саламдашуу салтыбыз! Рахмат! Кел-кел, – десіп, такси жүргізушілері қауқылдасып қалды.
— Қордайға дейін қанша сұрайсыздар?
Шамасы осыларды басқаратын бригадирі болу керек, тырсылдаған жуан қарнының кіндік тұсындағы түймелері ағытылып кеткен мығым денелі, жалпақбет қырғыз сығырая қарады.
– Братан, акчасына карап, такси тандаба! Өзүңдүн жакшы көргөн көлигиңди тандап, ал аркылуу акчасын айт.
Жан-жағына барлай көз салған Қайрат күліп жібере жаздады. Көше бойында қиқы-жиқы тізіліп тұрған «Москвичтер» мен «Жигулилердің» түр-түсі кісі мақтанарлықтай емес еді. Ойға салсаң ойға, қырға салсаң қырға шапқылайтын аңғал-саңғал әмбебап көліктердің кейбірінің төбесінде қап-қап картоп, қарбыз тиелген. Иелерін күтіп тұрса керек. «Не болса да, көрейін» деп жақынырақ тұрған көк «Жигулиге» беттеді.
– Каякка чейин барасын? Кордай? Андай болсо отургула. – Жас жағынан кішілеу, бойшаңдау сіліңгір қара жігіт бұған көліктің алдын нұсқады.
Өзі ашық мінезді екен. Қозғала беріп есімін айтты: «Өмурбек!». «Қайрат!» деді жолаушы. Осы кезде құлақ түбінен сыңғырлай шыққан нәзік үн естілді. «Салабатсыз ба, аға?..» Енді байқады. Артқы орындықта бір әскери жігіт пен бойжеткен отыр екен. Бүкіл жарық дүниенің алтын шапағы қос жанарына құйылғандай, жас сұлудың көздері жарқ ете түсті. Бас изеп амандасты.
– Бул биздин карындашымыз. Аты Бегімай! – деді Өмурбек. – Жанында отурган Талайбек агам.
– А-а, танысқаныма қуаныштымын. – Қайрат артына бұрылып жігітке қолын созды. Талайбек те еңсесін тіктеді.
– А, сиз мурун биздин шаарга келип көргөн эмес белен?
– Фрунзеге ме? Талай рет келгенбіз. Мен мына іргедегі Мойынқұм ауданындағы Бірлік деген ауылданмын. Аса алыс емес. Жүз шақырымдай. Естуің бар ма? – Талайбек басын изеді. – Бала кезімізде апам, буырларымыз бар, бәріміз осы шаһарға талай рет келіп, киім алғанбыз. Сіздерде тоқыма киім арзан ғой. Ол да бір дәурен екен. Өтті-кетті.
– Иә, убакыт учкан куштай ото берет. Э, сен кайдан келе жатасын?
– Әскерден. Сібірдегі Амур облысында танк полкында болдым. Өзің қайдасың? Службаңды айтам?
– Мен Алматыдамын. Он кунге ес алууга келгем. Кайра бөлүмге барам.
– Армияда кызмат кылуу кандай жакшы! – деп Өмурбек те сөз қыстырып қойды. Өзі Ыстықкөл облысының Жетіөгіз ауданында мектеп бітірген соң, екі жыл қатарынан институттан құлап, әкесінің осы ескі машинасымен нәпақасын айырып жүр екен. Енді бар үміті әскерде. Үлкен оқудан күдер үзген сияқты.
– Капа болбо, бәрі жақсы болады, – деп жұбатып қойды Қайрат аз-мұз қырғызшасымен.
– Ооба, мен да ошондой деп ойлоймун, – деді осы кезде бағанадан үнсіз отырған сұлу бойжеткен де сөзге қосылып. – Баары кейүүн оңунан чыгат. Институтка да киресин.
Бауырының көңілі көтерілсін дегендей, радиодан төгілген ойнақы әуенге қосылып, ыңылдай жөнелді.
Таң ағарып атканда-а-а,
Тараза жылдыз батканда-а-а…
Бұл маңдағы қазақ, қырғыз ағайындардың ежелден ауылы аралас, қойы қоралас жатқандықтан, екі халықтың ұстанар салт-дәстүрлері де, ән-жырлары да ортақ. Той-томалақта еш бөтенсімей, қосыла ән шырқап, тонның ішкі бауындай бірге мәре-сәре боп тарқасатын. Машинаның ішін бір өзі нұрға толтырып келе жатқан сұлу Бегімайдың қосыла шырқаған мына әуені Қайраттың жүрек қылын қытықтап өткендей болды.
Шашылып келдик айылга-а-а,
Сиздерге салам айтканга-а-а….
Сыңғырлаған нәзік үн ауылдағы көптен көрмеген қалыңдығына деген сағынышын одан сайын үдете түскендей. «Жасұлан қайда жүр екен? Каникулға шықты ма екен?..»
Машина зулап келеді. Кенет, қырғызша әуен кілт тоқтап, сыр-сыр етіп барып қайта қосылған радио қазақша сарнап қоя берді. Терме сияқты.
Жақсыға айтқан ақылың –
шыңға тіккен тумен тең,
Жаманға айтқан ақылың –
құмға кұйған сумен тең…
– Кыргызда да ушундай жакшы сөздер бар. – Бегімай қаз мойнын бұрып, сыртқа көз салды. – Биз Казакстандын чекарасына киргенбиз.
Дәл қарсы алдарынан айдынды өзен жарқырай көрінді. Мәңгі қайтып оралмас тәтті балалықтың бал қызығын жағасында өткізген қайран Шу… Шымырлаған тымық толқындары көзді арбайтын сыйқырлы өзен, сырлы өзен…
– Бауырым, сәл тоқташы осы араға!
– Түшүндүм… – Басын изеген Өмурбек оң жаққа бұрылып барып, жайпақтау жағаға тоқтады.
Қайрат үстіндегі киімдерін тез-тез лақтырып тастап, шымырлай аққан толқынның құшағына қойып кетті. Көліктен бірге шыққан ағайынды екеуі оған таңырқай қарап, жағада қалды. Су сәл салқындау екен. Сонда да намысқа тырысқан ол құлаштай малтып барып, біраз жерден қайтты. Қақтаған күмістей жылтыраған денесінен су тамшылары сорғалап, жағаға риза кейіппен шықты. «Кере-ме-ет!». Жүк салғыштағы көк шабаданнан орамалын алып сүртіне бастағанда, десантшылар ғана киетін көк жолақ телняшкасына Өмурбектің қызыға қарап тұрғанын байқап қалды.
– Ұнап тұр ма?
– Ооба!
Ауылдағы інілеріне базарлық деп, төрт-бесеуін сала салғаны қандай жақсы болған! Қайрат біреуін іліп алып, бозбаланың қолына ұстатты. – Мә, Шу бойындағы кездесуіміздің естелігі болсын.
– Жарайт, жарайт. – Қолға көп түсе бермейтін сирек олжаға қатты қуанған Өмурбек қалбалақтап қалды.
– Ал, мынау сыйлық кішкентай сұлу қарындасыма! – Табиғаты қыз бала емес пе, иығына жабылған патсайы гүлді орамалға Бегімай да сүйсіне қарай берді. «Шоң рахмат, аға!».
Қордайдың автобекетіне жеткізіп салған соң, Өмурбек ақжарқын жігіттен жолақысын алудан бас тартты. «Сыйға сый, сыраға бал» деген. Қайрат мінген көлік көз ұшында көрінбей кеткенше Бегімай мен Талайбек үшеуі ұзақ қарап тұрды. Бұл 1986 жылдың көктемі еді…

* * *

Бірлікке кеш түсе жеткен Қайрат есік алдында қазандыққа от жағып, күйбеңдеп жүрген анасының төбесін алыстан байқады. Жүрегі лүпілдеп, мені көргенде қайтер екен дегендей, машинадан асықпай түсіп, шарбаққа жақын келді. Шешесі назар салар емес. Осы сәт қайдан сап ете түскені белгісіз, көзі тостағандай үлкен, жоны дөңестеу, делдең құлақты ақ тазы сидаң етіп қасына жетіп келді. Сескеніп қалған Қайрат өзінің ақ күшігін енді таныды. Күшік емес, тұмсығы қоңырқай, кеудесі кең, омыраулы, аяқтары ұзын, тұрықты жануар болып өсіп қалыпты. Өз иесін ол да таныды. «Ой, Сұркиік, қарашы ей, ұмытпағанын!»,– деп, еркелей жанасқан иттің жонарқасынан сипалап қойды. «Үстімді былғар» деген оймен одан ары жақындатуға батпады.
Есік алдындағы дабыр-дұбырға қора жақта жүрген ағасы Есентай бірінші болып назар аударды.
– Апа, Қайрат келіп қалыпты ғой!
– Көтек, не дейді? – Алдындағы алжапқышқа қолын сүрте-мүрте қақпаға қарай ұмтылған анасын Қайрат қапсыра құшақтаған күйі көтеріп алды.
– Апа, қалайсың? Сағындың ба?
Дәметкен апаның қос қолы ұлының мойнында. Еңіреп тұр.
– Сағындым, құлыным, сағынбағанда ше! Жарығым, күнім! Аман-есен келдің бе?
Әп-сәтте аулаға ағайын, бауыр, әпке, қарындастары мен көрші-қолаң толып кетті. Есентай, Гүлнәр, Талғат, Ришат, ең кіші інісі Алтай мен кенже қарындасы Меруерт – бәрі де мәре-сәре. Тек, әкесі көрінбейді. Ел-жұрттың аман-саулығы саябырсыған сәтте барып:
– Көкем қайда? – деді.
– Қырда, малда. Өткен күзде кеңшардың тайыншасын бағуға алғанбыз. Сенің келетініңді білген жоқпыз ғой, әйтпесе, ауысымға адам жіберетін едік, – деп, анасы мән-жайды түсіндірді.
Ертесіне көкшолақ атын тепеңдетіп, қырда тайынша бағып отырған Ноғайбай отағасы да жетті. Ердің алдына өңгеріп алған саулық қойы бар. Кешке қарай ауылдың ақсақалдарының басын қосып, қуанышын бөлісті, ақ батасын алды. Ел аяғы тарқап, бір аптадай тыныққан соң, Қайраттан сыр тартты.
– Ал, балам, әскерді тамамдадың. Үлкен азамат болыпсың. Енді не істемек ойың бар?
Қайрат архитектор-құрылысшының мамандығына оқуға барғысы келетінін жасырмады. Әке байламы қысқа болды: «Саған көмектесуге біздің шамамыз жете қоймас, өзіңе сенсең, қарсы емеспіз».
Оқуға дейін әлі екі айдай уақыт бар. Алматыда оқуда жүрген Жасұлан каникулға келмепті. Елдің бәрі қызу жұмыста. Егін, шөп шабу, мал азығын дайындау. Әйтеуір қарбалас. Қол-аяғы балғадай жігіттің ауылда сереңдеп бос жүргені қиын екен. Кластас достары алыс қыстақта шопандарға арналған баз құрылысын салуға шақырғанда, Қайрат бірден келісті. Жұмыс барысы да аса қиын емес. Үйреншікті кәсіп. Қызыл кірпіштен үй салу, құйма саздан ұзын қой қора тұрғызу. Бес жігіт білек сыбана кірісіп, төрт бөлмелі үйдің еңсесін тез-ақ көтерді. Құрылыс материалын тасып жүрген прораб та, осы шаруаның басы-қасында жүрген Байрамәлі деген түрік те есік-терезесі салынып, бой тіктеген саңғыраған биік үйге аса риза болды. Ал, қой қораның шаруасы қиындау тиді. Айналасы атшаптырым, биіктігі екі метрдей болатын алып қорған сияқты қабырғаны саз балшықтан түйіп шығу шынында да, оңай іс емес екен. Топырақты қазу бір бөлек те, биіктегі ағаш қалыпқа лақтырып, су шаша отырып, сабан араластыра түю бір бөлек. Шынын айтқанда, үлкен қара күшке түсті. Ыстық пен суықта шыңдалған ауылдың апайтөс жігіттері ай жарым дегенде оны да еңсерді. Арасында нөсерлеп жауған жаңбыр кедергі жасамағанда, одан да ертерек бітіруге болатын еді.
Бәрі де жақсы-ау, тек есеп айырысарда жігіттер мен басшылар арасында бір түсініспестік туындады. Құжат бойынша қора алдын-ала дайындалған «саз кірпіштен» тұрғызылыпты да, еңбекақысы соған сәйкес төмендеу төленіпті.
– Бұл қалай? – деді Қайрат таңырқанысы мен ренішін жасыра алмай. – Біз бір түйір кірпіш көрген жоқпыз. Олар қайда? Ала жаздай күрекпен алысып, жер ойдық, балшық кештік. Су тасыдық, сабан турадық. Мұның бәрі жұмыс емес пе?
– Әрине жұмыс. Бірақ бұл жұмыстар сметада көрсетілмеген, – деді Байрамәлі екі алақанын жайып.
– Сонда сметадағы кірпіштер қайда кетті? – Мынандай әділетсіздікке шыдамай Қайраттың өңі күреңітіп сала берді.
Құрылыс материалдарының сыртқа сатылып кеткенін жасырып қалған Байрамәлі іс насырға шабатынын аңғарып, өзін қоршаған жігіттерге аздап үстеме қосудан басқа амалы қалмады. «Келер жылы тағы да бірге жұмыс істейтінімізді ұмытпаңдар, кардаштар» деп алдап шығарып салды.
– Бұл қора-жайларды неге біз өзіміз салмаймыз? Неге біреуге жалданамыз, жем боламыз? Басшылар қайда қарап отыр? – деп Қайрат істі ары қарай қуынғысы келіп еді, оқудың уақыты таяп қалған соң, жылы жауып қоя салуына тура келді. Жұрт сенген колхоз, совхоз басшыларының осы бір құйтұрқы шаруада өздерінің мүддесі барын, шөміш құлағына Байрамәлі сияқтыларды әдейі отырғызып, өз үлестерін алып отыратынын қайдан білсін?!.

МҰЗ ҮСТІНДЕГІ АЛАУ

Желтоқсан дүрбелеңі кенеттен басталды. Кеңес Одағы құрамындағы қазақ елін ширек ғасырдай басқарған Дінмұхаммед Қонаевтың қызметінен алынып, орнына ешкім танымайтын бір орыстың келгені туралы жаңалық түс қайта радиодан айтылды. Сосын «ұзынқұлақпен» ілезде таралды.
– 16 желтоқсаннан 17-сіне қарағанда, шамамен сағат түнгі 12-лерден өте қатты шырылдаған телефон дауысынан оянып кеттім, – дейді Алматы сәулет-құрылыс институтының жоғары математика кафедрасаның меңгерушісі Зарпен Әбдібаев сол бір елең-алаң күндерді еске алып.
– Ректордың хатшысы екен. Дауысында бір үрей бар. Таңертең ертелетіп Алатау аудандық партия комитетіне шұғыл келуім керек екенін айтты. Сағат 9-дан өте бардым. Институт ректоры Павел Атрушкевич бастаған 30 шақты қызметкеріміз жиналып қалыпты. АДК, АХБК сияқты т.б. ірі кәсіпорындардан келген тағы да 80-дей адам бар. Біздерге білекке тағуға қызыл шүперек таратып беріп, екі автобусқа бөліп отырғызды.
Майданға баратындарды бастағандай, қабағынан қар жауған Алатау аупартком хатшысы Белоносова «Қазір сіздердің институттан жүз студент алып, алаңда тәртіп орнатуға барамыз» деді. Кейбір ұстаздар мұның арты жақсылыққа апармайтынын айтып, қарсылық танытып көріп еді, Белоносова өз айтқанынан қайтпады. Қосымша автобустар бөлдіріп, студенттерді де алаңға жеткізді. Алаңдағы көрініс тым қорқынышты еді. Бір жақта мұздай қаруланған қалың әскер шеп құрып, екінші тұста темір кесінділерін ұстаған жасақшылар команда берілуін күтіп, аш қасқырдай жалаңдап тұрды. Таңғы ас ішпеген біздің студенттер Сәтпаев пен Мир көшелерінің қиылысындағы асханадан тамақтанып алуды өтінді. Біз рұқсат бердік. Алайда олар асханаға жете алмады. Көше жағалай тізіліп тұрған миллиционерлер мен солдаттар оларға лап беріп, тас-талқанын шығарды. Мен бір полковниктен жәрдем сұрап едім, ол бұрылып кетті. Жан ұшыра қашқан жүз қаралы студенттің 15-і ғана ортамызға қайтып оралды. Біз, институттың доценті Шәріп Омаровпен бірге жанұшырып, оларды автобусқа отырғызып, жатақханаға қайтарып жібердік. Қалғандары оңбай таяқ жеп, қолға түсіпті».
Сол күні Алматы сәулет-құрылыс институтының студенттері алаңда көрген сұрапыл жағдайды жатақханада қалған басқа қыз-жігіттерге жарыса, жасырмай айтып барды. Ойда жоқ жерде бұрқ еткен қанды оқиға жүрегі қазақ деп соққан қаншама жастың жанын жаралап, ұлттық намысын оятты десеңізші! Бүкіл халықтың басына төнген зұлматтың қандай ауыртпалық әкеле жатқанын түсінбей толқыған жастардың арасында бірінші курс студенті Қайрат Рысқұлбеков те бар еді.
Өмірбаян дерегінен. Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков 1966 жылы 13 наурызда Жамбыл облысы, Шу ауданы, Бірлік ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Ноғайбай мен анасы Дәметкен мал бағумен айналысқан қарапайым шаруалар еді. Қайрат 1973-81 жылдары Новотроицк (қазіргі Төле би) ауылындағы мектеп-интернатта сегіз жылдық білім алып, кейін Бірліктегі С.Киров атындағы (қазір Қ.Рысқұлбеков атында) орта мектепте тәмамдайды. Мектептен кейін бір жылдай Көктерек совхозындағы тауарлы-сүт фермасында жұмыс істеп, 1984 жылы әскерге аттанады. Желтоқсан дүбірі басталғанда Алматы сәулет-құрылыс институтының бірінші курсында оқитын.
Қазақ тарихында азаттық жолындағы ең соңғы майдан атанған алаңдағы ереуілге қалай, не үшін барғанын Қайрат Рысқұлбеков 1988 жылы 6 наурызында інісі Талғатқа жазған хатында былай деп баяндайды.
«…Және де бәрін толық білуге ниетіңді білдіріпсің. Олай болса, бар шындықты қағаз бетіне түсірейін. 17.12.86 ж. күні мен алаңда болып жатқан жағдайды түске дейін естіп білдім. Бірақ ешқандай көңіл бөлген жоқпын және де ол жаққа бару ойыма келмеді. Сабақтан шығып жатақханаға келсем, бір топ студенттер сол жаққа баруға жиналып жатыр екен. Ішінде Ертай да бар. Ол маған барайық деп ұсыныс жасады. Мен қарсылық білдірдім. Ол топпен бірге жүріп кетті. Ал мен қасыма Арманды ертіп, КазГУ-ге Арғымбекова Жасұланға (ауылдас қызы – Авт.) барып, кешке жатақханаға қайттық. Сол күні кешке біздің жатақханада өз институтымыздың мұғалімдері болды. Солардың ішінде Әркен Уақов деген мұғалім біздің жатақхананың бар студенттерін алаңға шығуға шақырды. Одан басқа да жел берушілер бар еді… Құдайға шүкір, намыссыз ер қатарында ербеңдеп жүрген жан емеспін, менің кеудемде де еркекке лайық қазақтың қаны, қазақтың намысы баршылық. Сонымен намысымыз жетелеп, алаңға баруға бірауыздан келісіп, көзді жұмып «Алға!» деп атой сала ұмтылдық…»
Қысқаша түсініктеме. Мұндағы аты аталған Әркен Уақов деген мұғалім 1930 жылы Павлодар облысы, Сурюпинск ауданы, Тастүйген ауылында туған. Жастайынан орыстардың ортасында өскендіктен, олардың қазақтарды менсінбеушілігін бастан өткерген. Алматы сәулет-құрылыс институтының кафедра меңгерушісі болып қызмет істеген кезінде студенттерді алаңға барып, өз намыстарын қорғауға үгіттеген. Сол айыбы үшін 8 жылға сотталып, оның үш жылын Магаданның сұрапыл аязында өткізіп келген. Қатаң тәртіптегі колония әкімшілігі «саяси тұтқын» ретінде қысым көрсетіп, үнемі ағаш кесу, көмір тиеу сияқты ауыр жұмыстарға жегіп отырған. Сол қиыншылықта тапқан сырқатының кесірінен бостандыққа шыққан соң, көп ұзамай қайтыс болды.

* * *

17 желтоқсан күні таңғы алакеуімде Алматы шетіндегі №5449-шы  полк шұғыл дабылмен асығыс көтерілді. «Алматыдағы Брежнев алаңында ұлтшылдар бастаған аса қауіпті элементтер қақтығысқа шығып, кеңес өкіметіне қарсы наразылық білдіруде» деген суық хабар қысыр жыландай сумаңдап, әскерилер арасында лезде тарады. Экипировка: шинель, құлақшын, каска, керзі етiк, жүннен тоқылған қолғап, белдiк, қанжар және жорық күрегi. Жаяу әскер полкы көтерілісшілер келеді-ау деген тұсқа бес қатар шеп құрып, тұра-тұра қалысты. Бұлардан басқа да сақырлаған әскердің қарасы құмырсқадай мол екен. ОМОН, террористермен күрес отряды, ит жетектеген арнаулы жасақтар. Келіп жатыр, келіп жатыр…
Сол күндері Новосібір, Фрунзе, Ташкент қалаларынан алаңға жеткізілген әскерлердің қатары 10 мыңдай болғаны құпия деректерде сақталған. Қолдарына темір қалқан мен сапер күрегін ұстап, мұздай қаруланған, бастарына оқ өтпес шлем киген солдаттардың арасынан тышқан жорғалап өте алмасы хақ. Маңайдағы көшелердің бойында броневиктер мен су шашқыш машиналар, автозактар қаздай тізіліп тұр. Айналасы атшаптырым алаңның ортасы ығы-жығы жұрт. Қанша үңіліп қарағанымен, Талайбек алаңнан «аса қауіпті элементтерді» көре алмады. Керісінше, жайраң қағып жүрген студенттер мен жастар. Топтаса ән салып, бейбіт шеру құрған олар алаңсыз. Қолдарына «Қазақтың еркіндігіне қол сұғылмасын!», «Әр халыққа өз көсемі!» деген плакаттар ұстаған.
– Ғажап! Олар бизге окшоп, эркиндикти каалашат!.. Бугун бирге туугандар, эртен душман болбойлу. Қазақтар кыйналып турган убак. Кантип жардам бере алабыз? – деп ойлады жас жауынгер Талайбек Ылайтегін.
Ол өздерінің ұлттық құқығын сақтауды талап еткен бейбіт шерушілерді неге әскери күшпен ұрып-соғып таратуды бұйырғанын түсіне алмай, көп уақыт бойы жабырқаумен жүрді. Өзін өзі іштей қайрағанмен, қолдан келер қайран жоқ екенін де сезді. Түнге қарай, ақ қар, көк мұздың үстінде жазалаушы әскердің соққысынан жуадай жайрап жатқан қазақтың өрімдей қыздары мен жас жігіттерін көріп, жүрегі қан-жоса боп жылады.
– Күнөөсүз жаштарды урбаңдар! Урба деймін, урба! – деп айқайлағанын еліріп алған ұрда-жық солдаттардың ешқайсысы естігісі келмеді.
Қуатты прожекторлардың жарығы алаңға айқұш-ұйқыш төгіліп тұрды. Алаң күндізгідей жап-жарық. Бір қаға берісте еңгезердей милиция қаршадай бір бойжеткенді шыңғыртып шашынан сүйрелеп, олай бір, бұлай бір жұлқып, тепкінің астына алды. Осы сәтте ашу қысқан Талайбек тісін шықырлатып, арашалауға ұмтыла берген. Үлгермеді. Топ арасынан жүгіре шыққан шымыр денелі қазақ жігіті шыр айналып келіп, әлгі жендетті қос аяқпен аямай тепті. Қиралаң ете түскен майор борсықтай домалап, жерде ойбайлап жатты. Беймәлім жігітке риза кейіппен қадала қараған Талайбек пен оның көздері түйісіп қалды. “Сол ғой, сол!”.
– Қайрат!..
– Талайбек!..
Бас изесіп қана үлгерді. “Қош бол!» дегендей, жұдырығын көкке бір сілтеген Қайрат талықсыған қызды қапсыра көтерген күйі көптің ортасына сіңіп, жоқ болды…
Талайбек «Бул жигит азыр кайда болушу мүмкүн?» деп, өзен жағасындағы кездейсоқ жүздесуді есіне алды. Қарапайым малшының отбасында дүниеге келген Қайраттың жаз бойғы тыныс-тіршілігінен ол шынында да, мүлде бейхабар еді. Көкөзектегі әке-шешесіне қысқы жем-шөбін жинасып, қойшылардың үй-жайын салысып, жуырда ғана Алматыдағы сәулет-құрылыс институтына оқуға түскенін қайдан білсін?
Қалың әскердің екпініне шыдамай, жастар кейін ығыса бастады. Осы кезде Талайбек желке тұсынан тиген ауыр соққыдан есі ауып құлай берді. Құлап бара жатып, еңгезердей қара киімді біреулердің сұлбасын байқап қалды. Әне, жең ұшына жасырынған темір кеспекті әбжілдікпен шығарып, тағы бір солдатты ұрып сұлатты. Баспалап барып, дәл шүйдеден соққы жасағанына қарағанда, қара жаяу студент емес екені анық. Одан арғысы есінде жоқ…
Талайбек он шақты күн госпиталда ем-дом алып бөлімге оралғанда, өзі сияқты жүздеген солдаттың жараланғанын естіп, сенер-себесін білмей айран-асыр қалды. Кімдер жусатып салды оларды? Бұл жойқын әрекеттердің иесі үшінші күштер” екенін, әрі тегін жандар емес екенін іші сезеді. Қарсы беттегі қарусыз жастарды да жапырақтай жайпаған солар болуы ықтимал. Әрине, қолында ешқандай дәлелі болмаған соң Талайбек іштен тынған. Тек, «Қазақ бауырларды жазықсыз қырғынға ұшыратып, обалына қалдық-ау» деген ащы өкініштің табы көңілінен көп уақытқа дейін арылмады.
Ресми деректерден. Үш күннің ішінде алаңнан жедел жәрдеммен әкетілген 1233 адамның 774-і тәртіп сақшылары мен әскери қызметкерлер еді. Осыған байланысты, №7552 бөлімнің прапорщигі, қару-жарақ жөніндегі техник А.Волков дегеннің 21 желтоқсанда Орта Азия және Қазақстан бойынша Ішкі істер басқармасында өткен жиында айтқаны бар. «Ішкі істер басқармасы оперативті бөлімнің полковнигі Щербатов 168 адамның қайтыс болғанын хабарлады. Оның 8-і әскерилер, 4-уі шекарашы-курсанттар, 1-уі Алматы милиция гарнизонынан» дейді ол өзінің комиссияға жазған түсініктемесінде. Бұдан кейін прапорщик Волков Владикавказ әскери округы жақтағы бір бөлімге шұғыл ауыстырылды да, оның айтқандары сол беті жылы жабылды. Комиссия мүшелері де бұл аса маңызды мәселені ары қарай тереңдетіп қаузауға ықылас таныта қоймады.

АЛАҢДАҒЫ АРПАЛЫС

18 желтоқсан күні таңертең Қайрат Рысқұлбеков өзінің тобындағы (ПГС 86-6) бірге оқитын Ертай, Бауыржан, Абзал, Ербосын, Серік, Ерсін, Төреғали, Болат т.б. достарын бастап, алаңға келгенде жиналғандардың қарасы кешегіден де едәуір көп еді. Сәтпаев пен Мир көшелерінің қиылысында тұрған оларды біраздан соң, қалың әскер мен милиция қоршап алып, ығыстыра бастады. Көппен бірге ары-бері, жоғары-төмен қашқан Қайрат Абай даңғылының бойында сәл дем алып, сағат 10-нан аса алаңға Фурманов жағынан қайтып оралады. Жолай ағаштың қураған бұтақтарын сындырып, қорғаныс үшін таяқ жасап та алды. Дәл осы таяқпен аласұрып жүрген сәтін КГБ жансыздары суретке түсіріп алғанын, кейінірек соның алдынан шығатынын қайдан білсін.
Қайраттың 1988 жыл 6 наурызда інісі Талғатқа жазған хатынан: «…Сағат 10.30-да солдаттар бізді тықсырып тағы қуа бастады. Қолдағы таяқ жайына қалды. Сәтпаев көшесімен желе жортып, Ленин даңғылына қарай жеке тарттым. Осы кезде алдымнан шыққан Бауыржан, Ахметханов Талғат және сырттай таныс бір-екі жігіттермен қайта бас қостым. 11-30-ға дейін қуғыншылар мен қашушылар бір-бірімізді ары-бері қуып жүрдік. Содан СХИ-дың №5 жатақхана жағында итсілікпем шығып, өз-өзімді суытып тұрғанымда (қолымда қолғаптан басқа зат жоқ) Ленин проспекті жағынан Ертай шыға келді де «Бауыржанды айқастың ішінен шығарып алайық та, үйге қайтайық» деп ұсыныс жасады. Таңертеңнен нәр сызбаған мен келістім. Ол Бауыржанды тауып, шақырып келді. Сонымен үшеуміз Ленин-Сәтпаев қиылысына келгенде мыңдаған жастардың тобы кездесіп, соларға қосылып, көшемен төмен түстік…
Шынымды айтсам, алаңда және Тоғжандардың жатақханасының (СХИ) алдында менттердің талай қазақтың бейкүнә қыздарының шашынан тартып, сүйреп, ұрып-соққанын өз көзімізбен көріп, куә болдық. Әрине құр қарап тұрмадық, ажыратып, көмек көрсеттік. Мұндай жағдайда айуан болмаса, адам баласы қарап тұра алмас. Сотта Ертай албасты осыны да айтуға жарамағанын айтсайшы. Өлім!.
Содан Ленин проспектісіне түсіп, «Қазақстан» қонақ үйінің жанына жеткенде, бір қызды шашынан сүйрелеп бара жатқан бір «ментті» (бірінші болып ұрған – мен) Ертай екеуміз соқтық. Бар болғаны екі рет жұдырық иіскеттім. Ол құлады да, Ертай ішіне тепкілей бастады. Не дегенмен (өзің білесің менің «тышқан мұрынын» қанатып көрмегенімді) аяушылығым ұстап, жаным ашып, Ертайды ажыратып алдым. (Ал сотта Ертай бет-ауызы бүлк етпей, керісінше сайрады ғой. «Қайрат қылмыс жасамасыншы» деп ажыратып алдым және мен ұрған жоқпын, бар болғаны «ментті» кеудесінен итеріп жібердім» деп көпіріпті. Тергеу кезінде ұрғанын мойындаған болатын). Бізден соң басқалар жетіп келіп, «ментті» тағы тепкілеп «өлді екен» деп, фонтанға лақтырып тастап кетіпті. Оларды біз танымаймыз…
Мені «менттердің» (прокуратура) тіміскілеп, іздеп жүргенін 24 желтоқсанда білдім… Бар шындық осы! Біз соққан «мент» аман-есен зыр жүгіріп, қара жер басып жүр. Бұл қылмысымызды Ертай екеумізден басқа ешкім білмейтін. Білетіндер – бізден емстіген, айдаладағы лағып жүрген көлденең көк аттылар. Біреулері бірге болдық деп, мұрнының астынан міңгірледі (Ерсін мен Абзал). Бауыржан безгек тигендей тілін шайнап, шүлдірледі. Ал, Ертай болса, жалақорлармен қоса өзіме қарсы шапты. Барлық катушканы менің мойныма орап бақты. 30 желтоқсан күні кешке қарай ауылға тартып отырдым».

ҚОЛҒА САЛЫНҒАН КІСЕН

Үйге жаңа жыл қарсаңында келген Қайраттың суыт жүрісіне әке-шешесі де, бауырлары мен туыстары да мән берген жоқ. Студенттердің мұндай қыдырыстарына көздері үйренген ауылдағылар үшін жастардың барыс-келісі үйреншікті жайт секілді болатын. Бір шай ішкен соң: «Мен Фурмановкаға нағашыларыма барып қайтайын» деген Қайрат шұғыл аттанып кеткенде де, анасынан басқа көп ешкім алаңдамады.
Қайраттың анасы Дәметкен Асанбаева: «Сол жылы Қайрат пен Талғат оқуға бірге барып, бірге түсіп келген еді. Желтоқсанның соңында Талғат үйге жалғыз келді. Одан Қайратты сұрап едім, «келеді» дегеннен басқа ештеңе айтпады. Алаңға шыққандарын бізден жасырды. Жаңа жылда бір күні күттік – жоқ, екі күн күттік – жоқ. Ақыры келмеді. Үлкен балам мен келінімді ауылдағы милицияға: «Оқудағы бала ғой, қайда жоғалып кетті?» деп жіберсем, ол «Өй, оны 1 қаңтарда алып кеткен!» деп қарап отыр. Жаңа жылдан кейін менің ағамның үйінен алып кетіпті».
Қайраттың хатынан: «Сонымен ауылға жеттік, үйде бір сағаттай болып, ары қарай Ф-каға тарттым. Дискотекада болдық. Одан соң Ерғазы, Қайрат (Көктеректен), мен және т.б. жігіттер Гүлмәрияның үйіне барып, жаңа жылды бірге қарсы алдық. Мәкеңнің үйіне барып қондым. Сол үйден ертеңгі сағат 12.00-де төсектен тұрғызбай ұстады. Сөйтіп, 18 желтоқсан күнi Фурманов пен Абай көшелерiнiң қиылысқан жерiнде түсiрiлiп алынған фотосурет арқылы қамауға алындым…”
Желтоқсандықтарға қатысты қылмыстық iстердi жүргiзу ережелерiнiң өрескел бұрмалануы, ең алдымен, адам тағдырына қатты әсер еткенiн ескерсек, айыпталушының немесе күдiктінің болашақ өмiрiнiң қандай күйге ұшырайтыны осы – алғашқы таңылған тұжырымға тiкелей байланысты болмақ. Сол күндерi НКВД-ның iс-әрекетiн еске салатын осындай асыра сiлтеушiлiктiң салдарынан тергеуде күлкiлi (күлкiлi емес-ау, жылайтын) оқиғалар болып жатты. А.Галанов деген бiр куә өзi фотосурет арқылы ғана білетін Е.Жолболдиндi оның қасындағы Мұқашевпен шатастырса, екiншi бiр куә оны Мәженовпен шатастырды (Е.Жолболдин туралы № 27823 қылмыстық iс, 78-бет). Сондықтан Қайрат Рысқұлбековтың да тек фотосурет арқылы қамауға алынуы – бұл iстiң әу бастан-ақ шикi айғақтарға негiзделетініне жол ашты.
Заманының түсініксіз тәлкегіне ұшырап, әділет іздеген намысқой қазақ жастары аязы сықырлаған желтоқсанның ызғарына қарамастан, лек-легімен алаңға ұмтылған сайын жан-жақтағы биік үйлердің шатырына орналасқан камералар да дамылсыз видеоға түсіріп жатты. Қан-жоса болып, таяқ жесе де тайсалмастан «Менің Қазақстаным» әнін айтып, жаппай әндеткен желтоқсандықтардың бейне кадрлар мен суретке ілікпегені аз еді. Аш қасқырдай жалаңдаған жазалаушы әскер мен милиция отрядтары алаңға жақындатпай, дүркірете қуып шықса да, толқындай лықсып қайтадан соғып отырған жастардың қайсарлығына орыс генералдарының өздері де таңдай қағысыпты.
Мұны сол кезде Ішкі істер министрінің орынбасары болып істеген, генерал-майор Мұрат Қалматаевтың өз аузынан естігенбіз. «Қиын-қыстау шақта мен жастарымыздың көрсеткен адамгершілік қылықтарына қайран қалдым, – дейді генерал. – Күн өте суық болған соң, жақын асханалардан арнайы алдыртып, жауынгерлерге ыстық шай, пирожки сатуды ұйымдастырғанбыз. Қуғын-сүргін басталғанда сатушылар қорқып, тастап кеткен жаймалардағы иесіз тағамға бірде бір қазақ баласы қол сұқпады ғой! Қарындары ашқандары, қайта, тиындарын қалдырып, шай-су алып жатқанда шын сүйсіндік. Бойымызда ата-бабаларымыздан қалған адалдық ұшқыны әлі де бар екен-ау деген ой мені жат жұрттық шенділердің алдында мерейімді тасытты».
Інісі Талғаттың айтқаны: «Мен де алаңға барғаным үшін бірнеше студентпен бірге «үлгерімі нашар» деген сылтаумен политехтегі оқудан шығарылдым, содан желтоқсанның 29-ында ауылға тарттым. Ертеңінде аудан орталығы Мойынқұмдағы нағашымыздың үйінде Қайратпен кездестім. Екеуміз Жаңа жылды өз достарымызбен екі жақта қарсы алып, таңғы автобуспен ауылға бірге қайтататын болып уәделестік. Бірақ, таңертең олар кеш жасаған үйге іздеп барсам, басқа жаққа кетіп қалыпты. Мен ауылға кеттім. Қайратты сол күні тұтқындап, Алматыға әкеткенін артынан білдік».
– Иә, оны 1987 жылдың 1 қаңтар күнi туған нағашысы Мәдiбек Асанбаевтың үйiнде қонақта отырған жерiнен ұстады, – дейді туыс iнiсi Әлiбек. – Мен ол кезде бiр шаруалармен Жамбыл қаласына кеткен едiм. Үйде әкем Мәдiбек, шешем Рыскен, бауырларым – Шәлiбек пен Кәдiрбек бәрi мәре-сәре болып отырған кезде, органның адамдары іздеп келіпті. Бастап келген Естай Тiлеужанов дейтiн таныс милиционер. Келген бетте Қайраттың қолына кiсен салыпты.
“Бұларыңыз қалай? Оның не жазығы бар” деп әкем ара түссе, “Түнде бiр төбелеске қатысқан екен, анық-қанығын тексерген соң жiберемiз” деп алдапты. Үйден шығып бара жатқанда, оразасын ашсын деп, жеңгесі айран құйып беріпті. Соны жартылай ұрттапты да, шығып кетіпті. Сөйтсек, сол бетi Алматыға жөнелтiптi ғой. Оны кейiн бiлдiк. Содан кейін көргеміз жоқ.
Тұтқынға түстiм жаутаңдай,
Жоламай ешкiм қасыма.
Бара қалсаң сәлем айт,
Елдегi құрбы-досыма… – дейтін өлеңі ғана жетті бізге.
Қайраттың бүгiнде ел есінде сақталып қалған “Ақтық сөз” атты бұл өлеңiндегі жүрек тiлгiлейтiн өткiр сөз, ащы шындық, жырмен бiрге өрiлiп отыратын жастық леп, азаматтық асқақ үн ой-санаңды бiрден баурап алады. «Темір тордың iшiне сыймай буырқанған бұл жырдың иесi кiм болды?» деген екен жұмбақ сауал менi алға жетелей бердi.
…Қазақстан үкiметiнiң тоқырау жылдары арнайы ат қойып, айдар таққан отыздан аса “шалғай аудандарды” көзi ашық жандар жақсы бiлуге тиiс. Iшерге су тапшы, ыстықта көлеңке, аязда пана боларлық бұтасы жоқ, құм кешiп, шаң жұтқан өлкелерде тек жанкештi адамдар ғана тұратын. Жамбыл облысындағы Мойынқұм ауданы да осы тiзiмдегi отыздың бiрi еді. Мойынқұм десе, Мойынқұм! Жазы ыстық, қысы қатал. Бұл өңiрдiң адамдары көбінесе малмен күн көріп, тіршілік ететін. Аудан орталығынан алпыс шақырымдай жердегi Құмөзек ауылындағы Ноғайбай Рысқұлбековтың әулетi де өкіметтің малын бағатын. Сол себепті үйдiң үлкенi Есентайдан бастап, Гүлнәр, Қайрат, Талғат, Рашид бәрi Новотроицк (қазір Төле би) селосындағы мектеп-интернатта (қазiр С.Шәкiров атында) оқитын. Балалардың барлығы да өнегелі отбасынан шыққан тәрбиелі, үлгілі ұландар болғанын ұстаздары да, замандастары да осы уақытқа дейін ұмытпай орайы келген сәтте, ортаға сала жүреді. Солардың бірнешеуін көрейік.
Төле бидегі мектеп-интернатта 1966 жылдан бастап аға тәрбиеші істеген ардагер ұстаз Тұрсынбала Ебеева былай деп еске алады:
– Қайратты мен бірінші кластан бастап білемін. Көз алдымда қаншама ұл-қыз тәрбиеленіп, ұшып шықты. Солардың арасында Қайраттың бейнесі шоқтығы биік көрінетіні рас, ұмытылмастай есімде қалыпты. Ол сабақты жақсы оқыды. Сурет, сызу сияқты дәрістерге қызыға қатысатын. Әдебиетті жақсы көрді. Өте таза жүретін, әрі өз ісіне ұқыпты болатын. Мектеп комсомол ұйымының хатшысы, интернат кеңесінің төрағасы сияқты қоғамдық қызметтерге де белсене араласты.
Әріптесінің сөзін орыс тілінің мұғалімі Александра Полызкина да қостайды. «Қайрат өте тәртіпті, достарына адал, үлгілі оқушымыздың бірі еді. Ізденгіштігі үшін өзім оны ерекше жақсы көретінмін. Кез-келген тапсырманы уақытында тап-тұйнақтай орындайтын. Жазуы да маржандай еді. Үнемі өзгелерге көмектесіп жүруді жақсы көретін. Сол үшін де комсомол хатшылығына өзім ұсынып едім. Бәрі бірауыздан қолдағанда қатты қуандым. Қаралы желтоқсан күндерінде Қайратты «бұзақылығы үшін ұсталды» дегенде, мүлде сенгем жоқ. Оның ақ екеніне, ешқандай басбұзарлық қылыққа бармайтынына кепіл бере аламын».
Қайраттың кез-келген адамға жаны ашып тұратынын, әлсіздерге қолынан келген жәрдемін аямайтынын, өзінде барын өзгеге бөліп беруге бар ақ көңілдігін бірге оқыған кластастары да ұмытпапты. Бірде мынадай оқиға болыпты. Мектеп-интернаттың басшылары тұрмысы төмен отбасындағы оқушыларға жәрдем ретінде киім-кешек үлестіріпті. Сәлима Исаева деген қызға пальто мен етік тиді. «Өзім кішкентайымнан әкемнің туған апайының қолында өстім. Ол кісінің қайтыс болғанына көп уақыт бола қойған жоқ еді. Сонда мұғалімдер мені шешесі жоқ деп, мүсіркеп берген шығар деп, көңілім қатты құлазып, мұңайып қалдым. Бұл 6-шы сыныпта болатын. Сол кезде Қайрат менің қасыма келіп: «Сәлима, сен бұған ренжіме, бұл киімдерді түсіне білсең, ата-анаңа көмек ретінде беріп отыр ғой» деп жұбатқаны әлі есімнен кетер емес» дейді Сәлима.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бақытгүл Қасымованың айтуы бойынша, Қайрат қабілет, қарымы жағынан алдыңғы қатардағы шәкіртінің бірі болған. Ұстазы оның суретке бейімділігін, әрі тақпақ шығаратын өнері барын байқапты. Кейде қабырға газетін тұтас өзі безендіріп, мақала, өлеңдерінің басым бөлігін өзі жазып, тыным таппайды екен. “Ошақ үйдiң жүрегi, бұлақ – ауыл жүрегi”, “Жаман – табысқа, жақсы – талапқа құмар” деген сияқты нақыл сөздерді іздеп тауып, жариялап жүретіндігі біраз үлкен-кішінің есінде қалған.
– Класымыздың қабырға газеті мектеп ішінде үнемі бірінші орынды иеленсе, онда Қайраттың үлесі зор деп білемін. Бүгінде артына мәңгілік өшпес сөз қалдырған сол түлегімізді мектеп қана емес, бүкіл қазақ жастары үлгі тұтады, – дейді Бақытгүл апайы.
Иә, “Дән де құнарлы топырақта ғана өседi” дейдi халық. Аузымен құс тiстеген от ауызды, орақ тілді шешендер мен жыраулар өлкесiнде туып өскен Қайраттың сөз өнерiн қууға да қабiлетi болғаны анық. Ата-ана құшағынан алыста жүрiп, үй шуағын жиi сағынатын интернаттағы Қайраттың жазбаларынан осыны байқаймыз. “Ұстаздан – бiз, тұлпардан iз қалады”, “Кiшкентай ауыз үлкен сөздi де айтады, кiшкентай оқ үлкен кеменi де теседi”, “Аяғы лас төрге дейiн былғайды, ауыз лас көрге дейiн былғайды”. Балаң көңілдің ұнатқандарын ақ қағазға түсіріп қана қоймай, көп нәрсенi көңіліне түйе бiлетiн зеректiгін ұстаздары да дәл аңғарса керек.
Содан да болар, Қайрат домбыраның қос iшегiндей қатар өрiлген сөз өнері мен сәулет өнерiнiң арасындағы нәзiк үндестiктi сезініп, сәулетшілік мамандықты таңдаған сияқты. Бірақ, күрмеуі қиын тағдыр ол мақсатына жеткізбеді. Қолына, жоқ, болашағына кісен салынды!

ТЕРГЕУДЕ

Қайрат Рысқұлбековтың ісін қулығына құрық бойламайтын әккі тергеуші, Қазақ КСР прокуратурасының тергеу бөлiмiнiң бастығы Алексей Дубаев (бірнеше көмекшісімен) өзі бастап жүргізді.
Желтоқсан дүрбелеңі бастала сала КГБ-ның орталық аппаратынан Венгрия, Чехословакия, Ауғанстан елдеріндегі осындай бүліктерді басып-жаншып тәжірибе жинақтаған, от пен суда ысылған, қулық пен сұмдықты меңгерген 44 тергеуші жедел жеткізілген болатын. Іздеу жұмыстары мен қылмыстық істердің барлығын ССРО бас прокуроры Рекунковтың өзі тікелей қадағалауына алып, Горбачевтің келісімімен Қазақстанға бірінші орынбасары Сорока дегенді шұғыл аттандырды. Осылайша қолына шексіз билік тиген Сорока келген бетте жедел тергеу-тексеру тобын құрып, өз білгенін істеді. Дандайсығаны соншалық, жаңа құрылымды қадағалауға республика прокурорын емес, оның орынбасары А.Мызниковты ұсынып, жергілікті кадрларды көзіне ілмейтін өркеуделігін аңдатты.
Желтоқсандықтарды Тергеу тобының бастығы етіп, қазақ десе қояншығы ұстайтын, асқан айлакерлігімен, қатыгездігімен танылған Владимир Волтунов дегенді бекітіп, құрамына осы Чуприлин, Андреев, Комиссаров, Дубиняк, Дубаев сияқты ұлыорыстық шовинистік пиғылды пір тұтқан тісқаққан 15 тергеушіні іріктеп алды. Олардан басқа жергілікті құқық қорғау органдарынан 90 қызметкер жұмылдырылды. Ши бөрідей жаланған із кесушілер мен тергеушілер өздеріне жүктелген жауапты тапсырманы он есе артығымен орындады десе де болады. Прокуратура, МҚК, ІІМ жүйесіне қарасты тас ғимараттарда «Желтоқсанға қатысы бар» деген желеумен 8 мыңдай адам тергелді. Алғашқылардың бірі болып Қайрат Рысқұлбеков қамалды.
Інісі Талғаттың айтқанынан. «Мойынқұмдағы оқыс жағдай бәрімізді есеңгіретіп тастады. Үйдегі ата-анамның айтуымен мен Алматыға шұғыл аттандым. Келген бетте Қайрат оқыған институтқа барып, ағатайым жайында сұрастырдым. Ешкім ешнәрсе білмейді. Содан ГУВД-ға келдім. Қайта-қайта есіктерін тоздырып жүріп, Қайраттың осында уақытша тергеу изоляторында жатқанын білдім. Әуелі табылғанына қуандым. Сондай күндердің бірінде ұзын дәлізде кетіп бара жатқан Қайратты көріп қалдым. Қолы кісендеулі, екі жағында екі милиция. Сөйлесіп қалайын деп артынан еріп отырдым. Ол да мені байқап, тез-тез тіл қатып, ата-анамыздың, туыстардың хал-жағдайларын сұрап жатыр. Екі жағындағы қазақ жігіттер тұтқынмен тілдесуге болмайтынын біліп тұрса да, үндемеді. Дәліз бітіп, Қайрат ар жағындағы бөлмеге кіріп кетті.
Тергеушісімен бірнеше рет кездесіп, қажетті заттарын апарып тұрдым. Дубаев бастапқы жолыққанымда «Қасында жүргендер қылмыстарын мойындады, Қайрат болса мойындамай отыр» деді. «Оның қылмысқа мүлде қатысы жоқ болса, неге мойнына алуы керек? Мен білетін Қайрат кісі өлтірсе «өлтірдім» деп тура айтады. Жазадан қорықпайды, қолымен істегенді мойнымен көтере алатын адам» дедім оған тіке қарап. Ол маған Ертай Көпесбаев пен Бауыржан Қайранбековтың түсініктемесін алдыма тастады. Екеуі де Қайраттың алаңға барғаннан жатақханаға қайтқанға дейінгі әр қадамын жіпке тізгендей жазып беріпті!.. Қайраттың тергеу ісі ерекше тапсырмамен жүргiзiліп жатқанын сонда-ақ сезгенмiн».
Қайраттың анасы Дәметкен Асанбаева: «Сонымен не керек, іздеп Алматыға бардық. Тауып алдық. «Қамалған жеріне барып едік, тергеуші Желтоқсанда түсірілген суреттердің барлығын алдымызға ақтарып тастады. Қайраттың қолына таяқ ұстаған суретін түсіріп алыпты. Тергеуші маған «Аңшы аңға мылтығын ұстап не үшін шығады?» деді, мен «Аң ату үшін шығады» дедім. Ол тұрып: «Сол сияқты мына балаңыздың таяғын көрмейсіз бе, алаңға бәле іздеп шыққан. Бел ортасында жүрген» деп қояды. Тергеушіден шығып бара жатқанда Қайратты дәлізден көрдім. Қолында кісен, екі жағында екі милиция. Маған «Апа, уайымдамаңыз, Алла қаласа, ақталып шығамын» деді. Оны бізбен сөйлестірмеді, ары алып кетті…»
Келесі бір жолы ішкі істер бөліміне барғанда, Талғатқа сығырая қараған Дубаев кенет: «Осы сенiң ақ жиектi көк курткаң қайда?» – деп сұрақ қояды. «Менде ондай киiм болған емес». «Қарашы, мынау сенсiң ғой» – деп бiр фотосуреттi көрсетiп, ондағы ұран ұстап тұрған көмескi бейненi нұсқайды. Жасынан еркiндеу, тентектеу болып өскеннің пайдасы тидi ме, Талғаттың дауысы қаттырақ шыққан соң, Дубаев iшін жиып қалады. «Жәй, ойнағаным ғой“ дейдi ұялмай бұлт етіп. Адамдардың құқығын қорғайды деп сенген адамымыздың ойынының түрi осы болған соң, басқаларға не жорық!
Дубаевтың арнаулы топ құрамына енгені бекер болмапты. Дүниеде аты бар, заты жоқ «қылмыстық істі» құрастырудың хас шебері екенін тағы да танытты. Көлгірсіп күліп отырып, ақкөңіл, аңғал Қайратқа жаны ашыған болып, аз ғана күннің ішінде бірнеше қағазға қол қойдырып алады. Соның бірі – 8 қаңтар күні жазылған «явка с повинной» (кінәсін мойындап келуі). Бұл жазбасы Желтоқсан көтерілісін зерттеген комиссияның 10 томдық материалында тіркелген (3-ші том, 57-бет).
Биліктің сойылын соққан бишікештер арасындағы қулық-сұмдықтан хабары жоқ Қайрат талай кінәсіз жанның обалына қалған айлакер тергеушінің «Қылмысыңды өзің мойындасаң, жеңіл жазамен құтыласың…» деген алдамшы сөзіне сеніп қалғанын сол күндері бір камерада жатқан Құттыбекке өкінішпен айтып берген-ді…
Аймаханов Құттыбек Әуелбекұлы.1962 жылы 1 қантарда Оңтүстік Қазақстан облысында Алғабас ауылында туған. СМУ құрылысында жұмысшы болып істеген. Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 65-бабы (жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру) және 60-бабы (нәсілдік және ұлт араздықты қоздыру мақсатымен үгіт-насихат жүргізу) бойынша бес жылға сотталған. Үш жылын отырып шықты. 2020 жылдың 18 қыркүйегінде пандемия салдарынан ауырып, оған абақтыдағы сырқаттары қосылып бақилық болды. «Алматы ақшамы» газетінде ұзақ жыл қызмет еткен сәттерінде әртүрлі жиындарда кездесіп жүрдік.
– Ауылда туып-өскен әр қазақ баласы Алматыға келіп оқуға түсуді армандайтыны рас қой, – дейді ол бір әңгімесінде. – Сондай арманның жетегінде мен де Алматыға келіп, оқуға түсуге талпындым. Ол кезде оқуға түсу қиын еді, жолым болмады. Алаңға студент жастардың жиналып жатқандығын біз, цемент таситын машинаның жүргізушісінен естіп, білдік. Алаңда жастар наразылық танытып, өз үндерін жоғарыға жеткізуге талпынып жатқанда, жайбарақат жұмыс істеу қайдан болсын? Біз, төрт-бес жігіт жұмыстан қашып кеттік те, алаңға бардық. Желтоқсанның 17-сі еді. Келсек, жұрт деген теңіздей толқып тұр екен. Кешкі сағат 8-дер шамасында суық сумен атқылай бастады. Біреулер мұны өрт сөндіретін машина деп жүр ғой, жоқ ондай машина емес. Үстіне плащ, басына каска киген бір кісі суды адамдарға қарай бағыттап тұрады екен. Әлгі судың қуаттылығы соншалық, 20-30 метрдегі адамды қалпақтай ұшырады. Не керек, бәріміз малмандай су болдық.
Мен бұрын милиция ешкімді ұрмайтын шығар деп ойлайтынмын. Сөйтсем, бекер екен. Милиция дегендерің айуаннан бетер екен, қыздарды дойыр таяқпен төпелеп ұра бастады. Тіпті, шынашақтай бір қыз шүйдесімен жолдың шетіндегі цементке құлады. Әлгі жердің қары қып-қызыл қан болып кетті. Қыздарды таяқтап жатса, жігіттер қалай шыдап тұрсын, милицияға лап қойдық. Оларды біраз жерге шегіндіріп тастадық та қыздарды тұрғызып алыпкері қаштық. Әскер жан-жақтан қаусырып қуған кезде бірге барған жолдастарымнан адасып қалдым. Содан төмен қарай кететiн Күләш Байсейiтова көшесiндегi “Маржан” зергерлiк бұйымдары дүкенi жанындағы үйдiң бұрышындағы қуыста қуғыншылардан жасырынып отырдым. Бiрнеше қыз бен жiгiттi елу шақты солдат қоршап алып, шыңғырта сабап, тепкiлей бастады. Тура кинодағы фашистер секілді. Қан жоса болған шалажансар денелердi бiрiн шаштан, бiрiн аяқтан жұлқылап, тас тепкiшек бойымен жоғары қарай сүйрей жөнелдi. Мына көріністен өне бойым қалшылдап кеттi.
Содан түнге қарай сүлдерімді сүйретіп, өзім тұратын «Нұрлан» жатақханасына қайттым. Менен бұрын келген Нұрлан, Тұрсын және Сағадат төртеуміз үнсіз отырып шәй іштік. Бір-бірімізге тіктеп қарай алар емеспіз. Қолымыздан келер қайран жоқ. Дәрменсіздігіміз ішімізді удай ашытып барады. Әрине, бүгінгі болған оқиға қай-қайсымызды-ақ іштей жегідей жеп жатқанын түсінемін. Сондықтан, тамаққа тірелген ащы запыран аузымызды ашсақ, лақ етіп ақтарылып кетердей әзер шыдап отырмыз…
Бір кезде үстімізге жау қуып келе жатқандай есікті жұлқи ашып, бізбен араласып жүрген Байсынбай атты студент жігіт кіріп келді. Бәріміз: «Алаң жаққа бардың ба? Не болып жатыр?» деп, білмегенсіп орындарымыздан өре түрегелдік. Бірақ, студент досымыз бізге көзін аларта бір қарап өтті де, ләм-лим деместен дастарқандағы самсаның біреуін шеңгелдеп іліп алып, қомағайлана асап-асап жіберді. Бір кезде:
– Осы сендер-ақ демонстрацияларыңмен жұрттың тынышын алып бітірдіңдер ғой, түге. Кімнің секретарь болатынында не шаруаларың бар?! Арттарыңды қысып, жұмыстарыңды істеп жүрмейсіңдер ме?.. «Алаңға бардың ба?» дейді ғой, көрмегенім алаң болсын! – деді, аузындағысын жұта алмай, шашала сөйлеп.
Біз өзіміз дос тұтып жүрген мына бейбақтың сөзіне сенер-сенбесімізді білмей, есеңгіреп отырып қалдық. Шынымызды айтсақ, жанымыздағы «Нархозда» оқитын одан мұндай арсыздық сөздерді күтпеп едік. Ал ол үндемей қалған бізді байқап, одан әрі тұқырта түспек болып:
– Қазақ бола ма, шүршіт бола ма, онда менің не қатысым бар. Кеше қалай жүрсем, ертең де солай өмір сүре берем, білдіңдер ме?!. – деді сөзін жалғап. Сәл есімізді жиған біздер Байсынбайдың намысын оятпақ болып әрекеттеніп едік, ол айтқандарымызды тыңдағысы да келмеді.
Мені сол алаңда түсіріп алған суреттер арқылы 24 желтоқсанда ұстап, қамауға алды. Қазіргі Бостандық ауданының İшкі істер бөліміне алып келді. Кеңседе бір майор айғайлап қарсы алды. Мен алаңда болған жоқпын деп жалтарып едім, алдыма бір топ суретті шашып жіберіп, «Ендеше, мынау кім, иттің баласы!» деп ақыра жөнелді. Суреттердің бәрі бір жерде түсіріліпті. Мен алаңда бір-ақ жерде болғанымды ғана айттым да, басқа эпизодттарын жасырып қалдым. Мені кешке қарай «Целинный» кинотеатрының жанындағы уақытша тергеу изоляторына алып келіп, жауып тастады. №20 камерада жалғыз өзім сарылып біраз уақыт жаттым.
Бір күні, Жаңа жылдың 7 қаңтарында шамамен түс әлетінде, камераға сақал-мұрты өсіп кеткен (мен де «жетісіп» жатқан жоқ едім) ортадан жоғарылау бойы бар, тығыршық денелі қараторы жігітті алып кеп кіргізді. «Алғашында бір-бірімізбен бас изесіп, салғырт амандасқан екеуміз біршама уақыт бойы еркін тіл қатыса алмадық. Өйткені, ол күндері құқық қорғау органдары «желтоқсандықтар» арасына өз жансыздарын жіберіп тұратын. Біз содан секемдендік. Біраздан соң, екеуміз бір-біріміздің алаңға шыққанымызды естіген бойда-ақ жақын досымызбен кездескендей, бірден ашыла сөйлесіп кеттік. Қиындық адамды тез жақындастыра түседі екен. Өзара сырымызды шертісіп, мұңымызды ақтарамыз. Өткен-кеткенді еске түсіріп, болашағымыздың қандай болатынын армандайтынбыз.
Қайрат үнемі «ары кетсе бізді 4-5 жылға соттар…» – деп үміттеніп, шыққан соң қалай кездесетінімізді жоспарлап отыратын. Кейде жауап алудан қайтып келгенде, үстi-басында сау тамтық жер болмайтын. Бiраз жатып есiн жиғаннан кейiн:
– Жоқ! Шындықтың жеңiлуi мүмкiн емес, мүмкiн емес…» дейтiн қабырға жаққа терiс қараған күйi. Қазір сол күндерді ойласам, жаным егіледі.
Ей, тәкаппар дүние
Маған да бір қарашы.
Танимысың сен мені
Мен қазақтың баласы… – деп рухымызды қамшылайтын
жолдармен бір бірімізді жігерлендіре, қайраттандыра түсетінбіз. Қайрат екеуміз бір камерада отыз күндей бірге болдық. Осы аралықта екеуміздің бір-бірімізге бауыр басып кеткеніміз соншалық, қара нанды қақ бөлісіп, бір жемпірді басымызға кезек жастанып, ағаш тақтайда иықтаса ұйықтайтынбыз. Оның үстіне бұл күндер бізді шыдамдылықа, қайырымдылыққа тәрбиеледі десем, артық айтқандық емес.
Көрші камера жақтан: «…Жіберіңіздерші! Мен жұмыстан қалатын болдым. Апа, көке!.. алып кетіңдерші!..» деп түні бойы жағы талмай айқалап шығатын жігіттің жылу жүйесіне кісенделіп таңылғанын, содан ақыл есінен айырылғанын да естідік.
Менен Губченко деген есерсоқтау ұрдажық тергеуші жауап алды. Басында «алаңда болған жоқпын» деп жалтарып бағып едім, алдыма бір топ суретті шашып тастап: «Ендеше, мынау кім, иттің баласы!» деп ақыра жөнелді. Суреттердің бәрі бір жерден түсіріліпті. Мен сол жерде болғанымды ғана айттым да, басқасын жасырып қалдым. Губченко кейде тіпті, бір топ сыбайласымен жабылып тергейтін. «…Савицкийді өлтіргеніңді мойында, оңбаған фашист!» деп түні бойы жауап алып, ауыздарына келгенін құсатын. Соны айтып келгенімде Қайрат: «Бұл Савицкий деген бәріміздің басымызға бәле боп жабысты ғой» деп, өзіммен қоса қамығатын. Қанша қорлық-зорлық көрсе де, менi жұбатып: “Құттыбек, ертең бәрiбiр шығамыз, бүгiн бiздi ұрып-соғып қорлағандар әлi-ақ жауап бередi, заң алдында, ар алдында, Алла алдында!” дейтiн.
Темiр есiк сықырлап, салдырлап ашылатын, жабылатын…
Әлі есімде, 5 ақпан күні Қайратты кезекті тергеуге алып бара жатқанда ол неге екенін қайдам, маған қарап иегін көтеріп қалды. Шамасы, бұдан кейін бір-бірімізбен мәңгі кездеспейтінімізді сезген болуы керек. Темір есік оның бейнесін жұтып әкеткен соң, кенет есік шақыр-шұқыр ашылып, кезекші милиционер маған керек-жарағымды алып сыртқа шығуға бұйырды. Мен өзімді түрмеге әкететінін сезіп, Қайратпен қоштаса алмай қалғаныма өкіндім.
Өлеңімен бізге жігер беретін Қайратттың ату жазасына кесілгенін, соңынан опат болғанын алты айдан кейін естідім. Мені сұмырай тергеушілер өзім білмейтін 12 куәгерге «танытқызып», 5 жылға соттап жіберді. Жазамның екі жылын Қостанайдағы Құсмұрын түрмесінде өтеп шықтым. Абақтыда отырған кезімде менімен кездесуге келген ағаларым Келдібек пен Қонысбектің «Ана өзіңмен бірге мектеп бітірген С-ның баласы институт аяқтап, жұмыс істеп жүр…» деп жылап айтқан сөздері есіме түседі. Дәл қазір сол күндері қаншалықты балаң болсақ та ауыртпалықты қайыспай көтеруге дайын тұратынымызды, қиналғанымызды жасыруға тырысатынымызды ойлаған сайын қайран қаламын.
Содан бері, Желтоқсан айы жақындаса болды, 86-ның ызғарлы түнінде қандастарының тағдырына алаңдап, кең бөлмеге сыймай жатақхананың тар дәлізінде арлы-берлі сенделіп, күйінген Рахат Қомсабақовтың ызалы жүзі; қос жанары жасаурап, көңілі бордай езіліп, түні бойы домбырасын жылатып, күңіренген күйлерді шертіп отыратын Нұрлан Мыңбаевтың шаршаңқы әлпеті; алаңның қақ төрінде жастарды отырғызып қойып, жүрегін қысқан ашу-ызаға бой бермей, жұртты тыныштыққа, сабырлылыққа шақырған Тұрсын Қасабековтың тістене шыққан сөздері; жер қозғалса да «мыңқ» етпейтін Манап Хасеновтың ештеңеден тайынбайтын қатулы қабағы, тағы басқа сондай қаһарлы бет-бейнелер көз алдыма келіп, олардың жер теңселткен дауыстары құлағымда жаңғырып, қайта естілгендей болады да тұрады…

ОЯНҒАН ҚОҒАМ

1986 жылдың 31 желтоқсаны.
Қазақ қаламгерлерiнiң қасиеттi қара шаңырағы – Жазушылар үйiнiң мәжiлiс залы. Ине шаншар бос орын жоқ. Әдебиет әлемiне аты мәшһүр дуалы ауыз ақсақалдарымыздан бастап, осынау қасиеттi шаңырақтың табалдырығынан ендi ғана аттаған сары уыз талапкерлерге дейiн осында. Бейнетi сол, зейнетi аз жазу-сызу өнерiне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, бiрақ “олай жазыңдар, былай жазыңдар” деп нұсқау берудi жанындай сүйетiн әкiмшiлiк қызметтегi кейбiр ағайындардың да төбесi қылтияды. Президиумда – игi жақсылар. Дәл ортада қалың қасты, тар маңдайлы, толықтау келген отағасы отыр. Жанындағыларға жымия күлiп, жылы сөйлеп отырған бұл мейманды – Қазақстан Компартия ұйымын басқаруға Орталықтан келген жаңа бірінші хатшы Геннадий Васильвич Колбиндi мынау көпшiлiктiң бүгiн алғаш көруi.
Жылдар бойы қалыптасып, бұлжымас ережеге айналған ежелгi әмiршiлдiк дәстүр бойынша, республиканың жалғыз билеушii партиясына жетекшiлiк жасайтын көсемнiң еш қиналмастан-ақ бiрден барлық әкiмшiлiк-басқару жүйелерiндегi маңызды, негiзгi тұтқаларды иеленiп, сол арқылы көп ұлтты жергiлiктi халықтың тағдырын шешуде шексiз мүмкiндiкке ие болатынын жақсы бiлетiн қазақстандықтар бұл жолы сырттан келген 21-шi басшыны қалай қарсы алғанын тәптiштеп жату артық болар.
Әйтеуiр, Колбиннің келуiне орайлас бұрқ еткен, жалпақ әлемдi дүр сiлкiндiрген әйгiлi желтоқсан оқиғасының шарпуы әлi басылмаған кез едi. Алматының көшелерiндегi қос-қостан күшейтiлген күзет жасауылдары өз алдына, сол желтоқсан оқиғасына тағдыр айдап, кездейсоқ қатысып қалған пiкiрлерi “өзгеше” қыз-жiгiттердi жаппай “аулау” шұғыл жүргiзiлiп жатқан-ды. Жастарды жұмыс орындарынан қудалап, өздерi тұрған жатақханалардан, үйлерiнен түнде немесе таң алдында елең-алаңда ұстап әкету, көршiлерiнiң көзiнше жабық машинамен алып кету – үйреншiктi нәрсеге айналған едi.
Бiрақ, мiнбеге шығып сөйлеген шешендердiң көпшiлiгi бұл оқиғаның түпкi себептерi жайында жақ ашып ештеңе айта қоймады. Ол үшiн, әрине, қазiр ешкiмдi де кiнәлауға болмас. “Сақтықта қорлық жоқ”, “сақтансаң сақтаймын…” деген сан қырлы мәтелдердi санасына сiңiрiп өскен бiздiң жасқаншақ ұрпақтан ол күнi көзсiздiктi талап ету – “Жалаңаш қолмен неге от ұстамайсың?” дегенмен бiрдей едi.
Десе де, жалаңаш қолмен от ұстай алатын жүректi ағаларымыз да аз емес екен арамызда. Қоянның жымы секiлдi шым-шытырығы көп Желтоқсан оқиғасына тым асығыс және ұшқары баға берумен үзiлдi-кесiлдi келiспейтiндiгiн бiлдiрiп, ел басқарудың колбиндiк әдiсiне ашық қарсы шыққан қарт қаламгер Жұбан Молдағалиевтiң сөздерi мiрдiң оғындай едi. Терең теңiздiң түбiнен жел толқытып шығарған сан қырлы асыл тас секiлдi мөлдiр де мағыналы, ауыр да ащы, жүрек ауыртар ой-толғанысы сондағы бiр қауым елдiң көңiлiндегi сырын дөп басты.
Ол мiнберге көтерiлгенде қозғалақтап отырған қалың жұрт сiлтiдей тынған. Ақын асықпай, ұзақ сөйледi. Ешкiмнiң беделiне де, шен-шекпенiне де қараған жоқ. Әдiлiн айтты. Ақиқатын айтты. Туған халқына деген шексiз махаббатымен, сол халықтың ұл-қыздарын адал көңiлмен сүйе бiлген өзiне ғана тән мәрт мiнезбен, республика басшыларының көз алдында жылдар бойы қордаланып қалған мұңымыз бен мұқтажымыз, сорымыз бен сорлылығымыздың арғы-бергi тарихын ақтарды. “Бас кеспек болса да, тiл кеспек жоқ”. Алдымен улы өрмекшiнiң торы секiлдi қоғамымызды жайлап алған коррупцияны, халықты сүлiктей сорып, табан ақы, маңдай терiмен суарылған адал еңбегiн қанап отырған тойымсыз тоталитарлық жүйенi айыптады. Сосын сол жүйенiң сойылын соғып, мүддесiн қорғауға жан-тәнiмен тырысып бағатын басқару-бақылау аппаратының билiктi уыстан шығармау үшiн неден де болса тайынбайтын екi жүздiлiгiн әшкереледi.
«…Менi мына мәселелер толғандырады, — дедi ол өзегi өртенiп. — Өкiмет органдары тәртiптi қалпына келтiруге көмек көрсетуге шақырылғандардың және жуасытушы құралдармен қаруланғандардың барлығы етегiне намаз оқыған интернационалист екенiне бiздiң көзiмiз жете ме? Олардың арасында тәртiпсiздiкке қатысушыларды ызаландырып, ашындыру үшiн жағдайды пайдаланған және соның салдарынан ұлтаралық алауыздықты қоздырған жаны да, қолы да таза емес адам болмады ма екен?! Көзiмен көргендердiң айтқанындай – 17-18 жастағы қыздарды шашынан сүйреп сабаған солар емес пе екен?..»
Әрбiр аттаған қадамыңды аңдап баспасаң, аяғыңнан шалып түсуге әзiр тұрған сол алмағайып күндерi ұлтшыл атанамын-ау деп қаймықпастан “Мен қазақпын!” – деп айдай әлемге жар салып, ұран салған ақынның өр үнi, ғайыптан қазақ еліне басшы болып, топ ете түскен Колбинге ой салса керек едi. Амал не, олай болмады.
Өзге дегенде өзегiн жұлып беруге әзiр мәрт те жомарт, төбесi шошайған бiреу көрiнсе “Қырықтың бiрi – қыдыр” деп, жалғыз ешкiсiн қонағасына шалатын ақ көңiл халықтың, тiрiде ешкiмге есесiн жiбермейтiн намысқой халықтың күрделi де иiрiмi көп кешiрiмпаз мiнезiн ұғыну кездейсоқ бәдауиге қиын едi. Сондықтан да ол “Бәрi жақсы болады. Еш алаңдамаңыздар” деп оңай құтылғысы келдi.
Расында да, арада екi апта өтпей жатып-ақ, 7 қаңтар күнi жоғары оқу орындарының ректорлары мен бастауыш партия ұйымдарының хатшыларын шұғыл жинап алып, әңгiме өткiзген Г.Колбин ақын-жазушылар алдында берген бұл уәдесiн ұмытып та кеттi.
– Оқу-тәрбие процесiн ұйымдастырудағы өрескел ағаттықтар, кадр саясатындағы қателiктер студенттер ортасының дүниетанымдық көңiл-күйiне терiс ықпал тигiзуде, – дедi ол қатуланып. – Бұл жастардың кейбiр бөлiгiнiң правоға қарсы бұзақылық әрекеттер жасауына әсерiн тигiздi. Қазiргi кезде тиiстi органдар тәртiпсiздiк ұйымдастырушыларды анықтауда, жоғары оқу орындарының партия және комсомол ұйымдары оларға қатысқан адамдардың жауапкершiлiгiн қарауда.
Ал, демонстрацияға қатысқандардың жауапкершiлiгi қалай қаралғанын желтоқсан оқиғасын зерттеген комиссия қорытындысынан өздерiңiз бiлесiздер. Мысалы, КГБ 26 желтоқсан күні Қайрат оқитын институттың доценті Әркен Уақовты «оқиғаны ұйымдастырушылардың бірі» ретінде жедел тұтқындап, онымен араласқандардың соңына шам алып түсті. Ұстаздың бар жазығы – студенттерге Желтоқсан шындығын ашық айтып, алаңға бейбіт шеруге шақырғаны ғана. «Бұл оқиға Қазақстандағы ұлттар теңдігінің өрескел бұзылуын көрсетеді» деген сөзі үшін абақтыға қамалды. Оған бұрыннан тісін қайрап жүрген ректор Атрушкевич барлық партия, комсомол жиындарында Уақовты «халық жауы» ретінде көрсетуге тырысты. Жастайынан жағымпаздықтың дәмін татып үйренген Оспанов, Әбуов деген жылпос студенттерді сотта Әркен Уақов пен Қайрат Рысқұлбековке қарсы жалған куәлік жасауға итермеледі. Сол жағымпаздық қызметі үшін екеуіне жатақханадан жеке бөлме беріліп, кейін институтқа қызметке алып қалды.
Ал институттағы оқытушылар арасынан өз сөзін сөйлейтін таба алмаған соң, Атрушкеевич сол институттан моральдық азғындығы үшін қуылып кеткен Алтынбеков дегенді қайтадан қызметке алып, ұлтшылдарды соттау процесінде «қоғамдық айыптаушы» ретінде пайдаланды. Ал, ректордың бұл әрекетінің дұрыс еместігін бетіне басып, батыл айтқан Омаров Ш., Каро-Мадэ В., Әбдібаев З., Фокина Н.К., Тыныбеков Е. сияқты студенттерді қорғау принципін ұстанған ұстаздар түгелдей институттан қуылды.
Қазақстанға келген жаңа басшының iштей ненi қалап отырғанын әбжілдікпен сезiнген құқық қорғау, сот органдарындағы жаналғыштар орайЫ келген сәтте көрiнiп қалу жолында бір-бірінен қалыспады. 1987 жылғы қаңтар айының ішінде 12 адамға сот үкімі шығарылды.
Ең бірінші болып – Қазақ мемлекеттік университетінің 1-курс студенті, топ комсоргы Құрманғазы Рахметов заң құрығына ілінді. 4 қаңтарда республика Жоғарғы Сотына түскен қылмыстық iсi бiр күнге де кешiктiрілместен, сол күнi шұғыл түрде қарауға жiберiлді.
5 қаңтарда Алматыдағы №19 жұмысшы жастардың кешкі мектебінде ұстаздық ететін қарапайым қазақ әйелі Жансая Сәбитованың ісі қаралып, жас ананың емізулі кішкентай сәбиі барына қарамастан, бес жылға абақтыға кесілді.
7 қаңтарда Қазақ радиосының белді қызметкерi, журналист, композитор Хасен Қожахметовтың iсi Алматы қалалық сотында қаралды. Бұрыннан диссидент атанған ол «Одақ па әлде отар ма?», «Орыстардың дүниежүзілік жандарм болуға тырысуы» атты мақалалары үшін істі болған. Енді міне, төрт жылға тағы сотталды.
13 қаңтар күні Алматы ет комбинатының жұ­мысшысы Б.Жуандықов, 14 қаңтарда Алматы театр-көркем сурет институтының 4-курс студенті Ж.Тілегенов, №23 құ­рылыс басқармасының электрмен дәне­керлеушісі Е.Мейірбеков, жүргізуші Н.Рсалиев, 22 қаңтарда жұмыссыз Қ.Қал­мұратов, 28 қаңтарда Бас киімдер фабрикасының бухгалтері Н.Салихова, № 23 құрылыс басқармасының тас қалаушысы М.Мұзафаров, 30 қаңтарда жұмыссыз М.Асылбаев, Қазақ мемлекеттік университетінің 4-курс студенті О.Ысмағұлов бас бостандығынан айыру туралы сот үкімдерін арқалап шықты. Желтоқсаншылардың қаракеті Мәскеудің тікелей қадағалауында тұрғандықтан, судьялар да қоржынына түскен істерді күнбе-күн бітіруге барын салды.
Осы жылдың ақпан айында 20, наурызда 20 адамның істері жеделдете қаралып, одан кейін де заң құрығына іліккендер әртүрлі мерзімге бас бостан­дығынан айырылып, қатаң режимдегі түрмеге, қара жұмысқа кесiлiп жатты…
Желтоқсанның соңы жаппай қуғын-сүргінге ұласты. Ғасырлар бойы “бұратана” атанған халықтарға қарсы бүркеме жүргiзiлiп келген империялық қамқорсудың iрiп-шiрiген жамылғысын сыпырып алған қайран Желтоқсан! Жаңа басшымен iлесе келген зұлымдықтың лаңы аз болған жоқ. Оны мына мысалдан-ақ аңғаруға болады. Қазақстан КП Орталық Комитетiне 1986 жылы 17 мың 233 шағым-хат түссе, Колбин басқарған алғашқы төрт айдың iшiнде (1987 ж.) 23 мың 800 шағым-хат түскен. Бұл көрсеткіш НКВД стилін жаңғыртқандардан зардап шеккендердің мұң-зары мен “Құйын” салған ойранның екпiнiн танытса керек. Бірақ, билік бір қолымен жасаған қылмысын екінші қолымен жоя салады деп сену аңғалдық еді. Таудан құлаған қар көшкіні сияқты жолындағысының бәрін жайпап өтетін жазалау науқанын ұйымдастырушыларға осының өзі аз көрінді. Мәскеуге қарсы бас көтерген жас “ұлтшылдардың” меселiн қайтарып, аяусыз жасқап қою үшiн iрi бiр құрбандық керек едi. Ол Қайрат па, жоқ әлде басқа бiреу ме, бәрiбiр болатын.
Комиссиия материалынан. Жалпы Алматы қаласы бойынша «коммунистік идеологиялық қателіктерге ұрынған» 55 партия қызметкері, 758 комсомол мүшесі ұйым қатарынан шығарылды. 210 адам партиялық, 1164-і комсомолдық жаза алды. Бұдан басқа алаңда 8 мың адамға әкімшілік тұрғыдан, 1400 адамға тәртiптік тұрғыдан қатаң шара қолданылды. Алаңдағы бұзақылығы үшін 99 адам әртүрлі мерзімге қылмыстық жазаға тартылды, итжеккенге айдалды, еңбекпен түзу колонияларына жіберілді. Екі жігіт ату жазасына кесiлдi. Оның бiрi – жұмысшы-слесарь Мырзағұл Әбдіқұлов болса, екіншісі – Алматы сәулет-құрылыс институтының бiрiншi курс студентi Қайрат Рысқұлбеков едi.

(Жалғасы келесі санда)

2 комментария

  1. Reply
    Ырыскенговорит

    Өте тартымды, әсерлі жазылған. Бір демде оқып шықтым. Автор көп ізденіпті. Желтоқсан шындығына қашан жетер екенбіз, осы?!

  2. Reply
    Мирасговорит

    Қайым-Мұнар Желтоқсан тақырыбын түптей қазып жүрген жазушы ғой. Мына хикаяты да жан толқытарлық дүние екен. Сәттілік сіздерге!

Пікір қалдыру