Қайым-Мұнар Табеев. ҮЙІР ІЗДЕГЕН КӨКЖАЛ

Қайым-Мұнар ТАБЕЕВ

Бір жылы Алматының «Самал» ықшам ауданында «Евразия» деген сауда-саттық кешені бой көтеріп, алты қабат алып ғимараттың бірінші қабаты тұтастай кітап дүкеніне болып ашылды. Қалың мейрамхана, қызылды-жасылды от шашқансауықхананың ортасындғы жалғыз рухани орталық. Іздегеніңнің бәрі табыла қоймаса да, қазақ тілінде шыққан әдеби, ғылыми, танымдық дүниелердің қарасы мол-ақ. 

Бір жолы осы жерден тұлымды ұлды жетелеп, үш-төрт кітапты көтеріп, жайдарлана шығып келе жатқан сатирик, ақын Қажытай Ілиясовтықарсы жолықтырдым. «Ассалау…», «Әликсалам!». Амандықтан кейін: – Әй, мынау бір көрім болды-ау, – деп, риясыз мәз болып, дүкенді нұсқады.
– Өткенде Ғабиден Құлахметтің «Үйірі жоқ көкжал» романын сатып алдым. Керемет. Оқыдың ба?– деді ағамыз, менің онымен ауылдас екенімді білетіндіктен. «Иә, оқыдым». Ғабиденнің бұл шығармасын бір демде оқып шыққам. Қазақ әдебиетіндегі ұмытыла бастаған детектив жанрын қайта тірілткен,сюжеті тартымды, шытырман оқиғалы шымыр дүние.
– Кел мында отырайық. – Қажекең дүкен алдындағы қызыл ағаштан ойылған орындықты нұсқады. Отырдық. – Мен жақында Шұбартау жақтағы ағайындарды аралап келдім. Пойызбен бара жатып, осында айтылатын әлгі Қопаның қамысы, Шыңыраудың құмы дейтін жерлердің тұсынан басып өттік. Былай қарасаң, алып бара жатқан керемет ештеңесі жоқ. Елсіз дала. Бірақ, соның өзін Ғабиден дала тағысының көзімен қалай суреттейді, а? Қамысы – қашқанға пана, құмы – бауырыңды жылытатын ыстық от. Меніңше,туып-өскен мекенінде аласұрған,үйірі жоқ көкжалың сол Ғабиденнің өзі сияқты!
– Мүмкін. – Мен де өз ойымды қостым. Бір оқығанда, бүгінгі қоғамдағы тамыры тереңге кеткен жемқорлық пен аярлықтың жазықсыз құрбаны болып, басы бұлғаққа түскен қашқынның өмірі мен дала тағысының тағдыры неге қатар өрілетінін түйсіне қою,аң көрмеген жай оқырманға қиындау тиеді. Айтылған ойдың астары терең. Азулы көкжал кейде жер қорыған адам бейнесін елестетеді.
– Гәп сонда! Қашқынсың ба, қасқырсың ба, бәрібір, сен ең алдымен, туған жеріңнің қожайынысың. Білдің бе? Қалың елдің ортасында жүр, елсіз мекенде жүр, мейлі, кейде ойлы пенде өзін жалқы сезінетін сәттер болады. Ойсызға бәрібір. Жылтырағы көпмына алдамшы қоғамда Ғабиден жалғыздықтан қатты құлазыған секілді.Сол ойымды қағазға түсірсем деп, толғатып жүрмін.
Сөйтіп тұрғанда, қол телофоны шырылдады да, әлдебіреумен гүжілдей сөйлескен Қажекеңжанындағы бізді ұмытып, шұғыл тұрып кетті. Әлгі аяқсыз қалған тақырыбын жазды ма, жазбады мабілмеймін. Бірақ, ол кісінің Ғабиден туралы пікір қозғауы кездейсоқтық емес еді.
1964 жылдың күзінде Қажытай Ілиясов біз оқитын «Жүзағаш» орта мектебінде әдебиеттен, суреттен, дене шынықтырудан бір тоқсансабақ берді. Жүріс-тұрысы шалт, сөзі от, бесаспап ұстазымыз қалай келді, солай бір күнде жоқ болды. Ол кезде оның мәнісін кім біліпті?Алтайдың аржағынан қашып өтіп, «аса қауіпті элемент» ретінде үш әріптің қуғынында жүргенін кейініректе, Алматыға келгенде бірақ естідік қой. Бір ғажабы, аз ғана күн дәріс берсе де, сол Қажекеңәппақ қағаздай балалық жан-дүниемізде мәңгі жазылған, жалт еткен сәуледей әсер қалдырып кетті. Ұстазымыздың елден ерек қасиеті –қоңыр үнді домбырадан бастап, сырнай, мандолина, балалайка, гитарада ойнай береді екен. «Қара жорғаны» былқылдатып билегенін айтсайшы. Ғажап! Гитарамен күй орындаған қазақты бұрын-соңды біздің ауыл көрмеген еді. Ал, баянмен қосылып, қазақ, ұйғыр, орыс, қытай әндерін, әсіресе татардың частушкаларын құйқылжытқанда, арқасы қозбайтын жан қалмайтын. Өкшемізді сатырлата соғып, ағаш еденді тепкілеп, ұлдар жағы тіпті еліріп кететінбіз.
Жырла, жырла дип әйтәсиз,
Сізгә ниндей жыр кирәк?
Сізнәң үшін жыр жырларга
Сандугаш тили кирәк!
Ай жаным, вай жаным,
Сандугаш тили кирәк!.. – деген желдірме жолдар арада елу жылдан аса уақыт өтсе де, құлағыма әлі жаңғырығы келетін сияқты.
Осындай алуан қырлы өнері иесі, таусылмас білімі бар, күш-қайраты бір басынан артылып жығылатын Қажытай ағамыз өте қарапайым болды. Үлкенмен үлкендей, кішімен кішідейтіл табысып, сөйлесіп кете беретін. Мектеп ішінде жүрген басқа паң оқытушылардай емес, маңына өлең-жырға, әнгебейімі барұландарды көптеп тартатын. Оларды қалай тап басып, танитынын білмеймін.Сірә, жасына емес, талабына қарайтын болу керек. Әйтеуір, домбыра, гитараға ебі барұлдар да, би үйренгісі келетін ақ бантикті қыздар да шабақтай үйіріліп жүретін. Солардың бірі – төртінші кластың оқушысы Ғабиден Құлахмет еді.
Төңкерілген тостағандай шағын болғанымен, біздің тоқсан жылдық тарихы бар «Шолпан» ауылы мың сан тарау бұлағы мөлдірей аққан Тарбағатайдың күнгей баурайындаорналасқан.
Сағынышпен сенделтіп мың сан ағын,
Өкініштен ішем де жыр шарабын.
Шолпан деген ауылды есіме алып,
Шолпан жұлдыз,
Өзіңе мұң шағамын, – деп, Ғабиденніңуниверситетте бірге оқыған үзеңгілес досы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулет тебіреніспен жырға қосатын ауылымыз осы. Шұрқыраған жылқының дауысы жетер жердегіАй, Таңсық, Мыңбұлақ, Тасбұлақ, Лайбұлақ, Текебұлақ… деп кете беретін, сулы да, нулы, мамыражай тірлігі бар көп ауылдардың бірі. Ерекшелігі – жыршылыққа, күйшілікке құмар жандар көп еді.
Әлі есімде, қу соғыстың зардабынан екі көзі бірдей көрмей қалған соқыр Нұрғали атты күйші мен молда Жақып, Байдрахман
Әбжан-Ысқақұлыдейтін қиссашы қариялар болды. Күн ұзақ көлеңкеде домбырасын бебеулетіп, күй тартып, одан қалды, біз естімеген әуендерді сұңқылдай термелетіп отыратын Нұрғали атамызды талай көргенбіз. Өзі шығара ма, жоқ жадында жатталғаны ма, білмеймін, үні соншалықты зарлы, мұңды еді. Солардың айтқандарын Ғабиден көшіріп әкеліп, өзі де соларға еліктеп, бірдеңелер шимайлап, Қажекеңе жақын жүретін.
Шежіре қарттан аумаған,
Шекпенін шешті тау маған.
Ақ сақалынан төгілді,
Ақ моншақтары саулаған.
Дария тасып, сең жүрген,
Сатырлап мұздар бөлінді.
Кіреуке сауыт жер киген,
Шығыршығынан сөгілді…
Арада көп жылдар өткен соң, осылайша екпіндете, әдебиеттің төріне саң­қыл­дай көтерілген Ғабиденді жасұлан кезінде тап басып танып, қаршығадай бау­лыған, сөз өнеріндегі алғашқы жол көрсетушісі осы Қажытай ағамыз болатын.Бұл ақиқат. Сондықтан, «үйірі жоқ көкжалдың өзі – Ғабиден»депайдар тағып, шығармасына да, өзіне де ағалық көңілден баға беруіне толық хақысы бар еді.
Ал, Ғабиден Құлахмет туралы айтылар әңгіменің ұшығы сан тарау.«Алыс-алыс кетіпті бүгін бәрі, жапырақтар солай деп сыбырлады. Жолдар да көп, жылдар да, есімдер көп, олар әлі біздерді кешірген жоқ…» депті бір өлеңінде ол. Не нәрсенің қадірін көзден ғайып болғанда түсінесің.Асылдың қиығы, алтынның сынығындай ғазиз жандармен бірге жүргеніңді, қайталанбас керемет сәттерді бастан кешіргеніңді уақыт өте келесезінесің.Адам бойындағы пенделік болмыс деген осы.Өмір қырқасында көкжалдай жалт етіп, артына бір қараған күйі қыр асқан Ғабиденмен тай-құлындай жарысып, алысыпөскен күндеріміз де сағым жылдардың тасасында қалып барады.
… Төбе ғой деп, қомсындың суық күлдің,
Көзге ілмей бұл жердің Қоңыртауын.
… Жан аға, бұл сөзіңе жабырқадым, – деп Ғабиден айтқан, өзімізге әлемдегі ең биік тау көрінетін «Утөбе» шоқысы, көктемде тасып, жазға қарай жуасып қалатын, балық ұстайтын Қарақол өзені, ауылдың кіреберісіндегі өз қолымызбен өсірген шоқ тоғай – балғын шақтардың кейбір елестерін ғана еске түсіреді.
Осы кішкентай ауылдан бір қолдың саласындай бірқатар белгілі ақын, журналистер шықты. Ең бірінші болып, қаламгерлік арнаға жол салған Нұркенже Хасенов деген ақын болды. КазГУ-дің тіл-әдебиет факультетін бітіріп, «Жалын» баспасында қызмет істеп жүрген кезінде бірнеше рет көргем. Тұйық, көпке қосылмай саяқтау жүретін жігітағасы, неге екенін білмеймін, біз сияқты інілерін жанына тартпады.Білетіндер таланты мойындалғансыршыл ақын еді дейді. Бірақ, көпке аса таныла қоймады.
«Есіме туған жер түсті,
тырналар шулап ұшқанда.
Мен сағынған Ертісті,
сағынады екен құстар да», – дейтін бір өлеңімен елді елең еткізгенімен, толық ашыла алмады. Артына «Сырлы толқындар», «Туған топырақ» дейтін жыр кітаптарын қалдырып,өмірден ерте өтті. Іздеушісі болмаған соң, бүгінде есімі мүлде естілмей қалды.
Одан кейін,іле-шала Аманжол Арғынгелдин дейтін ағамыз журналистикаға түрен салды. Ол да бастапқыда өлең мен қара сөзге дес бермейтін жорға сияқты еді. Бірақ, бойындағы бар талантын аудандық газеттің тынымсыз қара жұмысы мен науқаншылдығы жеп қойды. Ұзақ жыл «Алға-Вперед» газетінің жауапты хатшысы, бас редакторы, Аягөз ауданы әкімінің орынбасары, Мамырсу ауылдық округының әкімісияқты жауапты қызметтерде болып, зейнетке шықты. Өмірінің соңғы кездерінде Мамырсу шежіресін зерттеуді қолға алған еді. Баяғы тарихтан мәлім, Абылай хан мен Ер Жәнібектің қатысуымен 1754 жылғы «Қандыжап бітімі» жасалған атақты Мамырсу ғой. Өкінішке орай, оны да бітіре алмай кетті.
Сол Аманжол аға КазГУ-де оқып жүрген кезінде, каникулға келген сайын, мектебіміздегі өлең-сөзге таласы барбозөкпелерді жинап алып, шүйіркелес­кенді жақсы көретін. «Ал, қырандар, бастаңдар! –дегенде, біз кезек-кезек саңқылдап:«Сүйем деуге мен өзіңе батпадым, жазған хатты жыртып-жыртып таптадым» деп, иі қанбаған балаң шумақтарды төгетін едік. Қазір күлкілі естілетін шығар. Ал, ол кісі күлмейтін. Маңдайына түсе беретін қайратты қара шашын оң қолымен сипап қойып, беріле тыңдайды. Тыңдап болып: «Мына бір жерін әдемі бір сөзбен ауыстырып жіберсек, қатып-ақ кетейін деп тұр» деп, қанаттандырып жібереді. Әлгі естіген жылы лебізден кейін жерге қона алмай, біраз уақыт көкте ұшып жүресің. Бұрқырата жазып, аудандық, облыстық, республикалық газеттердің қоржынын көміп тастайсың. Шығатыны шығады, шықпағаны қалады. Оған бола көп мұңаймаймыз да. Жазсақ болды, әйтеуір.Балаң көңіл асқақ та,оң-солға қаратпайтын тымтарпаң екенғой, шіркін! Тек, жасытып алмасаң болғаны.
Сол ағалық ыстық ілтипаттың, қосымшакөрген тәрбиенің мол әсері тигендігінен болар, уақыты келгенде,Ғабиден Құлахмет, тележурналист Тілеген Ахметов, кейінгі буыннан біз (осы жолдардың авторы), Болат Көкенайұлы іркес-тіркес журналистика факультетінің табалдырығын аттадық. Қазір, тіпті көбейді ғой. Жазбайтын, асса асаба, тек смартфонда отыратын болғандықтан, олардың есімдерін біле бермейміз. Мейлі ғой, заманы солай шығар. Біздің заман басқа еді.
Бір жолы Аманжол ағаның қолдауымен Ғабиден бастап, жас талапкерлер қостап, «Жүзағаш» орта мектебінің радиохабар тарату нүктесін ашуды және «Жауқа­зын» әдеби-өнер қолжазба журналын шығаруды ойластырдық. Бақсақ, айтуға оңай болғанымен, радио торабын құру, журнал ұйымдастыру оңай шаруа емес екен. Біріншіден, радиохабар жүйесін тіркетіп, эфирге шығару үшін жоғары жақтың (құпия органдардың) рұсатын алу керек екен. Екіншіден, радио нүктеге қажетті техникалық аппаратураларды іздеу, сатып алу, орнату, оған қоса журнал түптейтін шағын станокты табу, әкелу, іске қосу,айналып келгенде, қаржыға тіреледі екен. Мұндайда кімнен көмек сұраймыз?
Абырой болғанда, мамандығы физик болса да, әдебиетті өте жақсы көретін өнердің жанашыры, мектеп директоры, «Қазақстанның білім беру ісінің үздігі» Әділет Өзбеханов ағамыз бізді баласынған жоқ, бастамамызды қызу қолдады. Қаржыны да тапты. Өзі де жүгірді.
«Жүзағаш» орта мектебінің шағын радиосы ауладағы биік бағанада орнатылған репродукторарқылы мектеп көлеміндегі жаңалықтардыб.кіл ауылға таратып, жақсы оқыған оқушыларды дәріптеп, ұл-қыздар шырқаған әсем әуендерді төгілтіп, ата-аналардың да мерейін тасытты. Ал, әп-әдемі болып түптеліп, жарық көрген «Жауқазын» журналын әдебиет пәнінің мұғалімі Биғайша Әбілова (белгілі ақын Дихан Әбіловтің қарындасы) аудандық оқу бөлімінен өкілдер шақыртып, ауыл зиялылары мен мектеп ұстаздарын, оқушыларды қатыстырып, таныстырып, тұсаукесерін өткізді. Аманжол Арғынгелдиннің «Тайшабыс» атты өлеңімен ашылған қызық журналдың дақпырты сонау астанадағы Қазақ радиосына, республикалық балалар газетіне дейін жетті. Аудандағы басқа мектептерден де сұратып, оқитындар шыға бастады.
Қарапайым ауыл мектебіндегі осындай шығармашылық бастама әдебиетке, өнерге деген құлшынысты оятты, ұл-қыздар рухани өміргежаңаша көзбен қарай бастады. Музыкалық училищеге, консерваторияға, журналистикаға қарай ойысқан талапкерлердің қарасы көбейді. Солардың қатарынан ақын, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреатыҒабиден Құлахмет, біз пақырыңыз – Қайым-Мұнар Табеев,Қазақстанның Еңбек сіңірген әншісі Майра Ілиясова, Құрманғазы атындағы Консерваторияның түлегі, флейташы, композитор Дәлелхан Біләлов, «Ақ жауын» ансамблінің белді мүшесі, әнші, домбырашы Азамат Нәдірбеков, республикалық байқаудың жүлдегері, суретші Мұхамедкәрім Құндақбаев, бокстан спорт шебері Балтақай Тұрсынтай сынды (басқа да көптеген) тұлғалар өсіп шықты. Олардың барлығы да руханият әлеміндегі алғашқы әлппесін мектептегі осы бір қарапайым үйірмелерден үйренгенінде дау жоқ.
Әрине, бұл қадамқазақтарды ауылдан ұзатпай,тек мал бақтыруды ғана көздеген Мәскеулік жымысқы саясатқа мүлде кереғар болса да, ұстаздарымызоны айналып өтудің жолын тапты.Өнерді дәріптеген болып, байыппен бағыт көрсетіп, мектеп бітірушілердің басым бөлігін сол «Екінші тыңның» дүрмегінен аман алып өтті. Жасыратыны жоқ, қойшының тегін ақ тоны мен майшелпегіне қызығып, көніп қалғандар да болды. Өмір ғой. Ал, негізінен, өз қатарластарым түгелдейқалаға кеттік. Өзіміз аңсаған білім ошақтарына түстік, мамандық алып,қал-қадірімізше түрлі биіктерді бағындырдық. Сол үшін де,асыл ұстаздарымызға мәңгілік қарыздармыз деп ойлаймын. Ол қарыз, әрине, шәкірт мойнына артылған ұстаздық сенімді ақтаумен, елге адал қызмет етумен ғана өтелмек.
Ғабиден мектепті алтын медальмен бітіріп, КазГУ-ге түсіп кеткен соң, Сенбі Нұркенов, Сейсен Төлегенов, Едіге Абдрахманов, Рыскелді Жобалаев сынды жаңаталапкерлермен бірігіп, «Жауқазынды» одан кейін де тоқсан сайын үзбей шығарып тұрдық. Радиомыз саңқылдап, жаңалықтардың соңын алаАбайдың қара сөздерінен үзінді, жас өнерпаздардың өз шығармаларын орындатып, өлеңоқытуды дәстүрге айналдырдық.Алаңсызжастық шақтығы сол қызық күндердің, жазу-сызу әлеміне талпынған қарлығаштардың ұмытылмаскейбір сәттері осындай еді.
Жас талдар жапырақ жайғасын,
Естілмей кетті ертектер.
Парталас қыздар қайдасың,
Қайда екен қара тентектер?..
Кездеспей кеткен айлардың,
Көптігінен қалқам, күрсінбе,
Ауылда болған тойлардың,
Төрінен іздеп жүрсің бе?.., – деп, Ғабиден жырлағандай,қайран уақыт жүректерге сағыныш ұялатып, бірге өскен бәрімізді бір-бірімізден алыстатып жіберді.
* * *
Ақын ретнде Ғабиден Құлахмет шығармашылық ортаға ерте танылды. Алғашқыөлеңдері 1966 жылдан бастапбаспасөз беттерінде, «Жыл он екі ай» (1969), «Көктем тынысы» (1975) жинақтарында топтамалары жарияланды.Соның ішінде Аягөз, Тарбағатай өңірінен түлеп ұшқан қаншама жас таланттың қанатын қатайтып,қаламымызды ұштаған аудандық «Алға»газетінің орны бөлек еді. Ғабиденнің де әр сенбілікнөмірдегі әдебиетбетінде ерекше ырғаққа толы, әуезді өлеңдері жиі жарияланатын.
Ауылдың маңы, баурайы белі,
Жамырай өскен тал-қайың еді.
Тырналар қайтқанда тыраулай ұшып,
Жапырағы түгел сарғайып еді…
Күзеудің оттары шет-шетте жанып,
Көктемнің исі көкпекте қалып.
Қоғалы көлдер қабыршықтанғанда,
Інілер жүр-ау мектепке барып…
Ғабиденнің тұнық бастаудай мөлдіреген, толқынды жырлары, «Көзімнің қарасы», «Ақ бастау» атты алғашқы жыр жинақтары қазақ поэзиясына ұлттық нақыш дарытты. Одан кейінгі «Ұрпағың үзілмесін», «Көл түбіне кеткен ел», «Ердің сыны», «Жалғыз бөлтірік», «Серінің соңғы сәлемі» хикаяларымен «Үйірі жоқ көкжал» романы проза саласын жанрлық тұрғыдан түрлендірді. Оның жарқын жемісі – Ғабиденнің республикалық «Жалын» баспасы ұйымдастырған жабық бәйгенің екі дүркін жүлдегері, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері атануы.Мұның бәрі қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешкен шығармашылық иесіне аз мәртебе емес.
Журналистика факультетін бітірген соң,Ғабиден Құлахмет «Жалын» баспасында редактор, Қазақстан баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде бас маман, Қазақ теледидарында редакторқызметтерін абыроймен атқарды. Бір күні Мәскеуге М.Горький атындағы Әдебиет институтының Жоғары курсына оқуға кеткенін естідік. Ол кезде табиғаты да, тұрпаты да ерек бұл оқу орнына түсу екінің біріне бұйырмайтын бақыт еді. Үміткерлер идеологиялықтұрғыдан аса сақ,қылышы қайраулы үкіметтік органдардың сүзгісінен өткен соң барып, жолдама алатын.
1989 жылдың сәуірі еді. «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясында бір топ жігіт – Дидахмет Әшімханов, Еркін Жаппасұлы, Жаңабек Шағатай, Жүсіпбек Қорғасбеков бар, бәріміз түс мезгілінде әңгімені соғып отыр едік, қасында кепкен қайыңдай сұрқай өңді, қалақтай біреу бар Ғабиден кіріп келді. Мәскеуге  кеткелі көрмеген біздер атып тұрып, жамыраса амандастық.
– Ал, бауырлар, танысып қойыңдар. Менімен бірге әдебиет институтын бітіріп, Қазақстанға қоныс аударып жатқан моңғолиялық талантты ақын Қуанған Жұмаханов, – деп таныстырды мейманды. Қол алыстық. Аты-жөнімізді айтып жатырмыз. Құданың құдіреті,алыстағы шет мемлекетте жүрсе де, қонағымыз бәрімізді сырттай жақсы білетінін айтып, әрқайсымыздың не тақырыпта жазатынымызға дейін сыдыртып тұр. «Сен Желтоқсанды жазатын інімсің ғой?» деп, маған кезек келгенде,бұрыннан білетіндей тіл қатып.
– Замандас боларсың, өзің не жазасың? – деп сұрады жасы үлкеніміз Дидахмет ағамыз іштартып.
– Мен қазір әдебиет тарихы, оның ішінде, Баян-Өлгейде тұратын қалың қазақтың сіздерге беймәлім бай әдебиетін зерттеп жүрмін. Осы сапарымда кандидаттық диссертациямды Алматыда қорғасам ба деп, соның жолымен ақылдасу үшін кеп қалдық.
– Е-е, жөн екен. Ақ жол болсын!
– Ағаларыңзерттеушілігімен бірге үлкен ақын. Кезінде айтысқа да қатысып, жүлде алғаны бар, – деп сөзге араласқан Ғабиден серігін көтермелеп қойды. Қуанған аға ешкімді жатырқамайтындай, әлде атамекенге аяғы алғаш тиіп тұрғандағы сағыныш сезімі түрткі болды ма, әңгіме тиегін ағытты.
Сол жолыМоңғолиядағы қазақ зиялыларының көшбасындағы Ақыт қажы Үлімжіұлының есімін, оның «Ахуал-қиямет» атты насихат толғауы, бірнеше дастандары бар екенін Қуанғанның аузынан бірінші рет естідік. Кейін қазақ әдебиетіне жаңа леп әкелген Жамлиха Шалұлы, Кəкей Жаңжұңұлы, Қабидаш Қалиасқарұлы, Қаржаубай Сартқожаұлы, Құрманхан Мұхамадиұлы, Жүкел Қамайұлы сияқты үлкенді-кішілі қаламгерлердің де көп екенін, олардың бәрі атамекенге елеңдеп, құйысқандары көтеріліп отырғанын білдік. Ол кездері жеке мемлекет болса да, Кеңес өкіметінің «16-шы республикасы» болып есептелетін моңғол елінде біздегідей саяси толқулар басталып жатыр еді. «Жариялылық» пен «қайта құру» оларға да жетіпті.
Кетерде Қуанған аға бәрімізге Баян-Өлгейдегі қазақ жазушыларының айына бір рет шығатын басылымы «Шұғыла» журналының бірнеше нөмірі мен «Моңғолдың құпия шежіресін» сыйлады. Қолымызға түскен Құпия шежіренің үзіндісін «Қазақ әдебиеті» газетіне жайлап ұсынып көріп едік, тұтастай жариялауды сұраған оқырмандардың хаты жауып кетті. Ақыры, моңғол еліндегі баспаның келісімін алып, кітапты бір жыл бойы .збей жариялап отырдық. Қуанған Жұмаханов арада екі жыл өткенде, Ұлттық Ғылым академиясында кандидаттық тақырыбын сәтті қорғап шықты. Кешкілік жайылған ақ дастарханда Ұлықбек Есдәулетов, Ғабиден Құлахметов, Серік Негимов сияқты танымал ақын, әдебиетші, ғалымдар, басқа да қонақтар бар, ақ ниетімізді айтып, ауыр да, қызықты ғылым жолына бет бұрған Қуанған ағамызға сәттілік тіледік. Алайда, бес-алты жыл бедеріндегі отбасынан жырақта күн кешкен кездердің, Мәскеудегі оқу мен Алматыдағы архивте өткен мазасыз күндердің шырғалаңы, мыңдаған шақырым қашықтағы туған елмен арадағы тынымсыз жүріс Қуанған Жұмахановты бір-ақ күнде құлатты… Артында аз ғана болса да, теңізге қосылған тамшыдай жазған-сызғандары қалды.
Қазақстанға қарай бет бұрғанмыңдаған қандастарымызға жол ашқан ұлы көштің бастауында сол кезде Қуанған Жұмаханов сияқты ақын-жазушылар тұрғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. 2002 жылдың 3 сәуірінде Одақтың әдебиетшілер үйінде өткен Қытай мен Моңғолиядан атамекеніне оралған ақын-жазушылардың «Алыстан аңсап келген ағайын» атты бас қосуында Қазақстан жазушылар Одағының хатшысы Ғабиден Құлахмет шетелдегі қазақ әдебиеті туралы үлкен шолу жасай келіп: «Шенеуніктердің тілінде айтылатын «оралман» сөзі әдебиетке жүрмейді. Қалам ұстау – ең алдымен ұлтқа қызмет ету. Ұлттық әдебиеттің гауһар қазынасы – әлемдік руханиятқа барып қосылатын үлес» дегенді айтқан кезде, олардың арасында жан досы Қуанғанның орны бөлек екенін меңзеген еді. («Қазақ әдебиеті», 12 сәуір 2002 ж.).
Жалғыз Қуанған емес, алыс-жақын шетелдерде елеңдеп, зарығып жүрген ондаған қандас қаламдастардың атамекенге көшіп келуіне, қатарға қосылуына, қызметке тұруына қол ұшын берген Ғабиден Құлахметтің еңбегі аз болған жоқ. Оның шапағатын көргендер реті келгенде айтып та жүр. Соның біреуі«Алаш айнасы» сайтында жарияланған мына бір кішкентай естелікте шынайы көрсетілген.
«Бізді бастап барған аузымен құс тістеген ақын Серік Ақсұңқарұлы алдымен, Жазушылар одағының сол кездегі хатшыларының бірі Ғабиден ағаға таныстырды…Менің «Бесбоғда Алтай» дейтін әдеби есіммен жазатынымды көлікке мінген кезде ғана естіді. «Жіберген әңгімелеріңді оқығанымда, Мәскеуде бірге оқыған жан досым, марқұм Қуанған Жұмаханұлы есіме түсе берді. Сөз саптауың ғана емес, мінез-құлқың да қатты ұқсайды екен. Шіркін, топырақ-ай…», – деп ақырын күрсінді. Дауысындағы болар-болмас өзгерістің өзінен ол кісінің қалай толқып кеткенін аңғарып қалдым…». (https://alashainasy.kz/culture)
Ол Мәскеуден мүлде басқа Ғабиден боп оралды. Туған халқына деген шексіз сүйіспеншілігі артып, барымызды екшеп, жоғымызды түгендеуге ден қойды. Ұлттық болмысымыздың еңсесін көтерудегі өлшеусіз қызметі қайраткерлік қабілетінің ашылуына алып келді. Бұл уақытта коммунистік әміршілдік жүйе шайқалып, бүкіл Кеңес Одағынгиперинфляция, жаппай жұмыссыздық жайлап, кедейшілік пен басқа да әлеуметтік ауыртпалықтар туындап, халық наразылығы белең алып тұрды. Жетпіс жылдан астам қызыл империяның темір бұғауында болған бауырлас республикалардағы ұлттардың сана-сезімі оянып, азаттық жолындағы қозғалыстар шеруі басталды. Осы бұлғақты кезеңде Ғабиден «Қазақ жастары және бизнес» бейресми орталығын құрып,  ұлт мүддесін ұлықтау жолындағы бітіспес күреске шындап кірісіп кетті.
Біз көппіз. Тұтаспыз. Жөн білсең,
Біз жоқпыз, емінсең, бөлінсең.
Біз азбыз шындықтан шегінсең,
Біз бармыз, асқақ рух, өміршең!
Ел-жұрттың намысын қайрап, қоғамдық жұмыстағы алғашқы қадамын өзі тұратын «Айнабұлақ» ықшам ауданынан қазақ мектебін аштыру үшін қол жиыстырудан бастады. Тұрғындары он мыңға жетіп қалса да, бұл аудандағы мектептің бәрі орыс тілді болатын.
Бұл көрсеткіш – бір аудан емес, сол кездегі тұтас Алматыға ортақ көрініс еді. Қазақтың тілін, ділін тұқырту саясатының зардабы орасан зор болғаны соншалық, бір миллион халқы бар ел астанасында үш-ақ қазақ мектебі (оның екеуі мектеп-интернат) жұмыс істегенін бүгінгі ұрпақ ұмытып қалды.Ал, соның алдында үш-ақ жыл бұрын, 1986 жылғы Ұлы Желтоқсанда негізгі ұран болған тақырыптың көкесі осы еді – Тәуелсіздік пен Ана тілдіңтағдыры! Осыдан кейін, Ғабиден бастаған ынташыл топ, басқа да жазушы, журналистер, зиялылар жаппай қол жинау науқанына белсене қатыса бастадық. Сондай бір топтың алдында әйгілі сатирик, ақын Шона Смаханұлы жүрді. Соның нәтижесінде, «Айнабұлақта» бүгінгі Мағжан Жұмабаев атындағы қазақ орта мектебі ашылғанда, қуанбаған жан жоқ шығар! Ұлт жанашырларының айқай-шусыз тірлігімен қазақ мектебінің қарасы өсіп, қазіргі таңда 100-ден асты. Олардың қатарында Шона Смаханұлы аштырған, бүгінде өз есімі берілген орта мектеп те бар. Бұл шын мәнісіндегі, ұлттың мерейін өсірген үлкен жеңіс еді! (Өкінішке орай, ұшқындай жарқ еткен сол ұлттық жалын, күрескерлік рух бүгінгі ұрпақ бойынан көп байқала бермейді).
Қоғамдық саладағы азаматтық белсенділігімен жұрт назарына іліккен Ғабиден Құлахмет Алматы қалалық Кеңесінің депутаты, қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Сайраш Әбішеваның шақыруымен орынбасар болып сайланды. Жаңа қызметте жаңаша ойлар туындады. Енді үй аралап, көше кезудің уақыты өтіп бара жатқанын көңілге түйген Ғабиден қоғамды оятудың сыннан өткен демократиялық үрдістерін пайдалануды жөн көрді. Ана тілінің рухын көтеру мақсатында «Азамат» газетін шығаруды қолға алып, өзі Бас редакторлық міндетті атқарды. ЖанынаТұрсын Смақов, Армиял Тасымбековсияқтысөз ұстарлық қабілеті бар журналистерді тартты. Әрине, қоғамдық ұйымның аппаратын ұстау, газет шығару ісі оңайға соқпады. Уәде етілген қаржының арты сұйыла берді. Соған байланысты,ғұмыры қысқа болған газеттің ұжымы жалақысыз қалған кездеріҒабиден ауылдан қой-тоқты, картоп алдыртып, тығырықтан шыққан сәттеріне куә болған қаламдастар арамызда жүр.
* * *
Бұдан кейін Ғабиден Құлахмет Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың «Қазақ әдебиеті тарихы» кафедрасының ғылыми тобында өнімді жұмыс істеп, ел арасында сақталған фольклорлық жыр-дастандарды, жәдігерлерді жинақтау мақсатында Ұлы Даланың біралай өңірлеріне ғылыми экспедициялар ұйымдастырды. Мысалы, 1991 жылы Аякөзге барған тіл-әдебиет факультетінің студенттерінен жасақталған зерттеушілертобы 12 әдеби мұраның көзін тауып әкелді. Олардың арасында кеңестік жүйе қалыптастырған «Саяси талаптарға сәйкес емес» деген желбуаз тұжырыммен ауыз әдебиетінен сызылып қалған, «Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіретін» шешендік сөз иелерінің, ақын-жыраулардың асыл мұралары (өлең, жыр, қисса, бата, тілек, мақал-мәтел, нақыл, қанатты сөз, жұмбақтар)бар еді.Сөйтіп, рухани жаңғырудың аясында өмірге келген «Қазақ фольклоры мен әдебиетінің тарихы» ғылыми тобы осы өңірдің қоғамдық-әдеби тарихи мұрасын жүйелі түрде зерттеуге ден қойды.
Соның бірінде,1993 жылы қыс айында, ХІХ ғасырдағы біртуар сөз зергері Дулат Бабатайұлының шығармашылығын жаңғырту мақсатындағы сапарнамаға Ғабиден мені де қатысуға шақырды.
Тегімді менің сұрасаң,
Қалың Найман нуынан.
Жырымды менің сұрасаң,
Сары алтынның буынан.
Сырымды менің сұрасаң,
Тұманың тұнық суынан…
Тау биігінен құлағандай жыр нөсерін сорғалатқан зар заман ақындары­ның көшбасында тұрған Дулаттың есімі «Бес ғасыр жырлайды» жинағында аталғанымен, жалпақ ел арасындатым көмескі естілетін. Оның басты себебі, орыс империясының шеңгелінде қалған атамекені мен ел тағдырын, патша шенеу­­ніктерінің басқыншылық әрекеттерін айқайлап, ашық айтқан жырларды кеңестік жүйе де жақтыра қоймады.
Өксігіңді ойласам,
Ұйқы беріп, қайғы алам,
Ел құлағы саңырау,
Кімге айтамын сөзімді?
Дулат сынды сорлыда
Ұйқы, тыныштық бола ма?
Дулат Бабатайұлы Аягөздің Сандықтас өңірінде дүниеге келген.Ақынның190 жылдығына арналған ғылыми шаралар сол туған жерінде өтетін болып белгіленді. Экспедицияны белгілі әдебиетші, ғалым, сыншы, филология ғылымының докторы, ҚазМҰУ-дың профессоры, кафедра меңгерушісі Тұрсынбек Кәкішев бастап барды. Экспедиция құрамы да салмақты еді. Ғылыми ортада беделі зор, Дулат шығармашылығын жақсы білетін әдебиетші-зерттеушілер, ғылым докторлары Рәбиға Сыздықова, Дандай Ысқақов, Серік Негимов, жастардан айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабеков, жалпы жиыны онбестей адам бір апта бойы Аягөздің түтеген ақ боранына қарамай, ауылдарды аралап, жұртпен кездесу өткізіп, ел есінде сақталған аңыз-естеліктерді молынан жинақтап қайтты. Осыншама тірі академиктер мен профессорларды алғаш көрген біздің жақтың адамдары өз әсерлерін бертінге дейін ұмытпай, айтып жүрді. Жас ұрпаққа берер тағлымы мол, ғалымдарымен қоса айтыскер ақындары бар, әнші-термешілері бар өзгеше экспедиция туралы «Қазақ әдебиеті» газетінде сол жылы жарияланған «Дүбірлеп қайта туды Дулат ақын» атты жолжазбамызда толық баяндап бергенбіз.
Бұл ұмытылмас сапар жайында 2003 жылы күзде, тағы да сол Аягөзде өткен Дулат Бабатайұлының 200 жылдық мерейтойында Рәбиға Сыздықова апамыз тебіреніп тұрып, толғана еске алды. Белгісіз себептермен ұлы жиынға қатыспаған Ғабиденді сұрастырып, келе алмағанына өкініш білдірді.Аягөз өлкесінің арғы-бергі тарихын шолып келіп, Қозы-Баян, Еңлік-Кебек жай тапқан, осы қасиетті өңірдегіатақты Дулат, Ақтамберді жырау, Қу дауысты Құттыбай сынды ақындардың, Қаракерей Қабанбай, Би Боранбай, Баймұрат, Шыңғожа, Қазымбет батырлардың, басқа да ұмыт болған көнекөз сөз зергерлерініңалтын көмбелерінзерттеуді тапсырып,ел азаматтарын осыған қолдау көрсетуге шақырды.
Осы ақ тілектің әсері болар, Ғабиден Құлахмет кейінірек «Аякөз ақындары» антологиясын жасауды қолға алып, есімі көпшілікке беймәлім ақын-жыраулардың есімдерін жүйелі түрде жарыққа шығара бастады. Ең алдымен, Арғанаты бөктеріндегі елге тізесін батырған озбыр болысты жазалаймын деп, 1906 жылы қаңтарда нақақтан абақтыға түскен Тобағұл Мұсабайұлының патша түрмесіндегі суретін іздеп тауып, «Сібірден жазылған өлең-хаттар»атты топтамасын жариялады. Соның бір шумағы төмендегідей:
Күлдір де, күлдір кісінеген,
Ауыздық шайнап есінеген,
Күреңге мінер ме екенбіз!
Кенеп жейде, көк шекпен,
Ырыстан деген өсектен,
Құтылып шығып далаға,
Құстай түлер ме екенбіз!
Өзінің бұлғақты ғұмырында біршама өлең-жыр жазған арынды ақын туралы Ғабиден мынандай бір қызықты естелік қалдырған екен. «Тағдыр Тобағұлды 1936 жылы Ораз Қиқымұлы Жандоспен кездестіріпті. Бұл кездесу жөнінде Тасарық ауылының қариясы Мұқан Байбатырұлы марқұм айтады: «Үржар ауданын аралаған сапарында Ораз Тобағұл туралы естіп, Тасарыққа келеді. Тобекең ұлы Қанағат екеуі бақта көшет отырғызып жатқан еді. Әкім атаулыдан запы болып қалған ақын бастапқыда бой тарта сөйлесіпті. Жандосов сүйкімді, иманжүзді жігіт көрінеді.
– Ақсақал, біреу сізді батыр дейді, екіншілері ақын дейді. Тіпті сыртыңыздан жау дейтіндер де бар екен. Өзіңіз айтыңызшы, кім боласыз? – деп күле сөйлейді. Сол кезде Тобекең бойын тіктеп, қолындағы күрегін Қанағатқа беріп жатып:
Ақындеп, батыр деп те ел айтады,
Біреуіартық, біреуі кем айтады.
Қайауыздықақпақбопжапқандаймын,
Өзіңсұрапбілсеңші, неге айтады? – депті».
Тобағұлдың соңына қалдырған мұраларын қызыға, талмай іздестірген Ғабиден тоталитарлық жүйенің тас қамауынан шыға алмаған ақынныңмың жолға жуық өлең, сөздерін жиыстырып, оқырманымен қайта қауыштырды.
Сондай-ақ, 1917 жылдың жазына қарай Лепсі уезінде құрылған тұңғыш қарулы қазақ жасағы – «Торыала атты Алаш полкы» туралы да жан-жақты зерттеулер жүргізіп, бірқатар танымдық мақалалар сериясын жазды. Өз мүддесін ғана ойлап,халыққа тізе батырған Уақытша Үкіметтің әккі саясатын әшкерелеп,елді көтерген ұлт көсемдерін іздестірді. «Торыала атты Алаш полкын»құруда белсенділік танытқан айтулы күрескер, орақ тілді шешен Балтабек қажы Байсұлтанұлы, сарбаз жинап, көмек көрсеткен Меңдеке елінің старшыны Жақыпбек Бекбайұлы сияқты ондаған тұлғаның санқилы өмірі туралы шындықтардың беті ашылды.
Бұл тараптағы бір жазбасында Ғабиден Құлахмет аспандағы аққуға үнін қосқанәнші Әсет Найманбайұлының«Жүзағаш» бекетінде осы қосынның құрамында сарбаздар қабылдау комиссиясына мүше болғанын айта отырып, ел сөзін сөйлеген ақынның бұлтақсыз көзқарасы аққа да, қызылға да неге жақпағанын көрсетеді. «Арқалы ақын Әсет Найманбайұлының шығармаларына деген салқын көзқарастың түп төркіні, Әсет ақынның «Торыала атты Алаш полкіне» сарбаз жинаған комиссияның мүшесі болғандығынан шықпап па еді?» деп, кеңестік жүйенің құйтұрқы былықтарын ашып, тың пікір білдіреді.
* * *
Тәуелсіздіктен кейінгі елең-алаң кезеңде, іргесі ашық-шашық қалған елдің бүйірінен тиген нарықтың заңы баршаның санасын сансыратып жіберді. Ал, оның капиталистік қоғамға тән қалыпты көрініс екенін түсіндірудің орнына, Елбасыдан бастап, жоғары жақтағы белсенділер «Өз күндеріңді өздерің көріңдер» деген біртүрлі көзқарас ұстанып, жаппай жекешенедіруді бастап кетті. Қазан құлағында отырған биліктегілер мұнай, кен өндіретін алпауыт кәсіпорындар мен зауыттардан бастап, алыс түпкірдегі колхоз-совхоздарға дейін қырғидай тиді. Мыңғырған қой, үйірлі жылқыны пышақ үстінен бөлісіп алды. Соның кесірінен, тұтас ел құрық ұстап қалды. Жаңа заман ағымы туғызған нарықтық ауырпалықтар экономиканы ғана емес, мәдениетті де, шығармашылық ұйымдар мен өнер бірлестіктерін де тұралатып тастады.
Міне, осы өтпелі кезеңде, 1996 жылыҚазақстан жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің ұсынысымен Ғабиден ҚұлахметБасқарма төрағасыныңорынбасары болып жауапты қызметке кірісті. Жаңа команда келген кездегі қаламгерлер ұйымының, Одақтың аянышты мүшкіл халі туралы баспасөзде аз жазылған жоқ. Оған көп сөз шығындамайын.Негізгі айтайын дегенім – сот пен оттың арасында жүгіріп жүріп, көлденең көк аттының құзырына өтіп кеткен Одақ ғимаратын, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен дүние-мүлкін қайтаруда Ғабиденнің жұмсаған күш-қайраты бөлек еді. Оған ешкімнің дауы болмас. Жоқ пен барды түгендеп, істің басын бері қаратқан жаңа басшылық тыңнан тағы бір істі бастауға тәуекелге барды. Алматы қаласының сол кездегі әкімінің қолдауымен «Барахолкадан» едәуір көлемде жер теліміне ие болды.Соның көмегімен жазушылар ұйымының күнделікті тіршілігіндегі керек-жарағын айырып отыру мақсатында«Аягөз» базарын ашуға қалталы кәсіпкерлерді тартты. (Қиын кезде жанашырлық танытқан бұл мәрт жігіттер өз аты-жөндерін атамауды өтінді). Мейлі, қалауы білсін. Сөйтіп, қаламгерлердің қара шаңырағындағы азын-аулақ қызметкелердің айлық-шайлығын, ғимараттың жылуы мен жарығын төлейтін нәпақа түсе бастады. Қосшыларға жетпесе де, басшыларғазаманға лайықты жаңа автокөліктертиді. Керегесі сықырлап, іргесі шайқалған шығармашылық Одақ еңсесін тіктеді,қатарға қосылды. Алайда,Ғабиден сынды арда азаматтың жар құлағы жастыққа тимейжүгіргенесіл еңбегі, төккен тері әріптестерінің тарапынан дұрыс бағаланбағаны өкінішті.Аралық құрылтайда тізгінге таласқан әртүрлі ымыралас топтардың ешқайсысына қажеті болмай,ол қызметтен шеттетілді.
Иә, солай,қатал тағдыр кейде біреулер үшін тым әділетсіздік танытады. Қаламдастар ортасынан көңілі қалған даланың өр перзентіқаладағы істің бәрін тәрк етіп, туған жердің төсіне қайтып оралды.Өзі зерттеген«Торыала атты Алаш полкының» сарбаздары атой салған Жүзағаш өлкесінің бойындағы Ерденбек базында жеке шаруашылық қожалығын ашты. Шынында да, ата кәсіпті жаңаша жаңғыртақан бұл ортадаол бәріне өзі би, өзі қожа еді.Сөйтсе де, тумысынан пенделікмінезден ада Ғабиден астамшылыққа бармады. Қарамағындағыларға кішіпейіл болды. Көмек сұраған ағайындарды қанатының астына алды, жұмыс берді. Қабылахмет Жылқышиев, Бөкен Нағасбеков, Жексенбай Шөңкин сияқты сенімді кластастарын тартып, шаруашылыққа жұмылдырды. Өзі емін-еркін шығармашылықпен шұғылдануға мүмкіндік алды. Тынысы кеңіді. Бұл жайында сол жарқын істің бір куәсі болған бауыры, белгілі ұстаз, Көлденең мектебінің директоры Кенжебай Жаңғұлы Мәйкенің естелігінен үзінді ұсынайын.
– 2003 жылдың шілде айының 30-ы күні «Шолпанға Ғабиден аға келіпті, Қарақол өзенің бойындағы «Жүзағашта» шаруашылық құрып, ауылдың жігіттерін жұмыспен қамтып, өзі шығармашылық жұмыспенен айналысып жатыр екен» деген жылы хабарды естіп, Тарбағатай бауырындағы «Көлденең» ауылынан сол уақыттағы ауыл әкімі Болат ағаменен бірге, сәлем бере барғанымыз әлі көз алдымда. Түс ауа Үржардан шыққан біздер түс қайта Қарақол бойындағы  фазендасына барғанымызда, қайнап жатқан тіршіліктің үстінен шықтық. Өзенді бойлап үйездеп тұрған жылқы үйірі, Утөбеге қарай жамырай жайылып бара жатқан ақтылы қой отары, фазенданы айнала дүркіреген күркетауық пен тауық жыртылып айырылады. Өзендегі ақ шағаладай қаз-үйректен көз алмай қарап қалыппыз.Ғабаң кейіннен өзіне арнап салдырған үйде отыр екен. Сәлем беріп кіріп барғанымызда, жусанды тұтатып түтін салып (cірә масалар маза бермеген болуы керек) дөңгелек стол басында жазу жазып отырған бетінің үстінен түсіппіз. Құшағын ашып, бауырына тартып: «Кенжебайым келді ғой, мал алдыртып бата жасатыңдар, мал келгенше қазан көтеріңдер, қазан қайнағанша қымыз әкеліңдер»  дегенінде, қазақтың керемет бір қонақжайлылығының ертедегі көрінісіндей әсер қалдырып еді» дейді. (http://Sholpanym.kz).
Иә, өмірде де, өлеңде де тек тазалықты, адалдықты ұнататын Ғабиден бірдеңені сезгендей, қалған өлшеулі ғұмырындақаламмен ғана жолдас болды. Әдеби ортадан жырақта,үйірінен адасқан көкжалдай,өзі таңдаған шығармашылық азабын бір өзі тартты. Ой азабы, жан азабының емін халық мұрасынан іздеді. Ежелгі жыр бұлақтарыныңқайнарынан сусындады. Тау-таспен тілдесті, тал-қайыңдармен сырласты.Бойына жинаған бар байлығын туған елінің рухани қазынасына қосу үшін жаза берді, жаза берді…
Ойланумен өтті осында әр күнім,
Халқы барда қашан ұмыт қалды, кім?
Ең соңғы демі үзілер сәтте де, ғасырлар белесінде ұмыт қалған қазақтың бір батыр бағыланын тірілтпек болғанқолжазбасы жанынан табылды. «Шейіт» атты тақырыппен жарияланған, сотсыз, тергеусіз, үштіктің үкімімен атылып кеткендала рыцары Балтабек қажы Байсұлтанұлы туралы «Жас Алаш» газетіндегі бұл соңғымақаласын өзі оқыды ма, жоқ па, белгісіз… (22тамыз2006 жыл). Білетініміз бір ғана ақиқат – жазу үстелінде жарық дүниемен кенеттен қоштасқаны.
Қыс қандай әсем еді, қара, далам,
Бір арман-ақ боз жеккен шана маған.
Ағызып жұлдыздайын
Дүниенің
Не жетсін күніне бір аралаған… – деген арманшыл, сыршыл ақынның өмірге, өлеңге құштар жүрегі оттан да ыстық қаламның қуатына шыдамай, өзі табиғатта ерекше ұнататын ақұлпа қарға да жете алмай, тамыздың соңғы бір кешінде сыр берді.
* * *
Кез-келген қазақтың баласы ұлан-ғайыр Ұлы Даламыздағы жұлдыздай шашыраған көп ауылды біле бермесе де, Аягөз өзенінің бойына қонақтаған әппақ шағаладай осы бір Таңсық ауылын білсе керек деп ойлаймын. Бұл ауылдың аты со-онау 1500 жылдық тарихы бар көне ескертікішіміз «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырынан бастап, әртүрлі жазбаларда кездеседі. Сол жырды оқыған әрбір жанның есіне Таңсық бірден түсері хақ.
Жол түсіп, ұрпақ, Таңсыққа барсаң тегінде,
Бір соқпай кетпе күмбезге сонау көрінген.
Қазақтың осынау қасқайып тұрған төрінде,
Бабаларыңның махаббаттары көмілген… –деп Мұқағали Мақатаевтың ізі мен сөзі қалған сол ауылға өткен жылы барудың сәті түсті. Мені қарсы алып, жол көрсетіп жүрген Сәбит Разақов деген кәсіпкер інім: – Аға, біз сізге мектеп түлектерінің жасаған «Махаббат аллеясын» көрсетейік, – деді бір бұрылыста.
Машина шағындау шарбақпен қоршалған әдемі, жасыл бақтың жанына келіп тоқтады. Бесіктегі кездерінен Қозы мен Баянның жырын тыңдап өскен тарлаулылық өрендердің туған жеріне деген ізгі сезімінің белгісіндей, үкілеп орнатқан аққуы, гүлзар бақтың көркі шынында да көзтартарлық екен.
Ертеректе, 1995 жылы осы ауылдың күйеу баласы Ғабиден Құлахметпен бірге­қонаққа келгенімде, бұл аллея жоқ еді. Сонда,оның «Таңсық» деген өлеңін оқығаны есіме түсті. Қасымдағы серіктеріме сол оқиғаны айтып, сол өлеңді оқып бердім:
Көшеңмен көп жүрмедім,
Ақ қар жауған түніңде аяулы ән сап.
Хаттарындай Сәуленің мөлдір ме едің,
Махаббаттар ең алғаш оянған сәт…
– О-о, керемет өлең екен! Ғабиден ағаны жақсы білеміз ғой. Біздің үйде бірнеше рет болған. Білесіз бе, ол кісінің есімін менің Ыразыбек атам қойған, – деді Сәбит шын қуанып.
– Солай ма? Атаң осыдан жүз шақырым жердегі Шолпанға қалай тап болып жүр?
– Баяғыда, 1955 жылы біздің атамыз Шолпан кеңшарына жолдамамен барып, Ойтас деген фермасында қызмет жасаған екен. Ғабиденнің әкесі Садық мұғаліммен бұрыннан таныс, әрі жерлес, әрі құрдас болған. Соны ескерген болар, осы перзенті туғанда Сәкең замандасы Ыразыбек атамды құрметтеп шақыртып, балаға ат қою рәсімін ұсыныпты. «Сәбидің есімін Зейнел-Ғабиден қойдым» деп, отырушы еді жарықтық.
– Иә, ып-ырас. Ғабаңның шын есімі Зейнел-Ғабиден болатын.
Екі әженің, екі ананың таласы ем,
Кешіре гөр, шынымды айтсам, аға сен.
Он ұлы бар Жошы емес, Садықтың
Қырыққа кеп, жылап көрген баласы ем, – дейтін өлеңі де бар болатын. Ес біліп, етек жапқанға дейін атасы Жошының бауырында тәрбиеленгенін, оны мәңгілік ұмытпайтындығын, қадірлейтінін,бірақ өмір шындығынан аса алмайтынын меңзеп отыр ғой.
Ал, Таңсық ауылы Ғабиденнің тағдырында ерекше орын алатын қастерлі мекен екені рас. Ол осында өз сүйіктісін, ғашығын, болашақ жары Светаны жолықтырды. Сағынышпы жырларын арнады.
Жеткізгенде аққу дауысын желдің,
Толқындай билеп, алып-ұшып едім.
Сары алтын жолда сағыммен ойнап,
Сарғайып күтті-ау сағынышым менің…
Бірден айтайын, мектепте жүргенде де, университетте де тілінен бал, жүзінен нұр тамғанкөрікті жігітке көз салмайтын бойжеткендернекен-саяқеді.Қос бұрымы ойнап, қос жанары жайнап, бұлғақтап өтетін арулардыҒабиденнің де көзімен ұзатып, қимай қарап қалатын кездері аз болмаған. Әрине, бұл соншалықты кінә артатын қылмыс емес, лүпілдеген жас жүректердің бәріне ортақ балауса сезім ғана. Жастық шақтың тек өзіне ғана жарасар бір қызығы сол – ғашық болу! Сүю. Кездесу, қоштасу. Қуанту, жылату.
Кірпігін кеткен шылап таң,
Жауқазын әлем оянды
Төсіне сіңген шуақтан!
Су алып қайтар бұлақтан,
Қайда екен, қайда сол бақыт,
Бір кезде өзім жылатқан!
Қайталанбас, қусаң да жеткізбейтін жастық белесіндегі аңсарлы сәттер. Мұны бастан кешірмеген, шын ғашық бола білмеген жаннан ешқашан ізгілік, махаббат, сағыныш жырлары тумайды. Ақынға жар болғысы келген ақ жаулық иесі,қалам ұстаған жанның бойындағы осы бір нәзіктікті жан-дүниесімен түйсіне алғанда ғана, жар жүрегіне жол таба алады.
Кәусар көңіл, күндер-ай, тымық, тұнық!
Қайда сені қалдырдық ұмыт қылып.
Адалдықты кей-кейде елемейміз,
Сүйген жардың пәктігін сүйіп тұрып…
Жыр арнаған сұлулар көп болғанымен, Ғабиденнің маңдайына бұйырған (бәлкім керісінше), сұлулардың арасынан бақ жұлдызы жанып, Светаға бұйырған– екеуінің дара да, мөлдір сезімдері болар. Оны Ғабиденнің өзінен артық түсініп, өзінен асыра ешкім жырлағанемес.

Комментарий (1)

  1. Reply
    Баймадиева Нурипашговорит

    приложенияга кирмей тур

Пікір қалдыру