Қасымхан БЕГМАНОВ. МҰСТАФА ШОҚАЙ


Тарихи драма
(1 бөлімді, 7 көріністі)

ҚАТЫСУШЫ КЕЙІПКЕРЛЕР:
Мұстафа Шоқай – Мемлекет қайраткері.
Мария Яковлевна Шоқай – Мұстафа Шоқайдың зайыбы, опера әншісі.
Байбөрі Бек-Арыстан – М.Шоқай үшін Өскеменде соттасқан ақын.
Еділ Жақанұлы Асқаров – Сот
Данияр Берікұлы Ермеков – Сот
Артем Миронович Осипов – журналист
Юрий Егорович Родионов – журналист
Вадим Чайкин-эсер, журналист, саяси қайраткер, М.Шоқайдың жолдасы.
Ахмет Салихов-социал-демократ партиясының мүшесі.
Ной Николаевич Жордания-Грузин Демократиялық Республика үкіметінің төрағасы.
Шалва Зурабович Элиава -Түркиядағы Кеңестер Одағының елшісі.
Максим Макарович Харитонов – Біріккен Мемлекеттік саяси басқармасы БМСБ (Объединенное Государственное политическое управление – ОГПУ) тергеушісі.
Николай Викторович Иванов – БМСБ тыңшысы.
Михаил Петрович Кулагин – БМСБ тыңшысы.
Александр Федорович Керенский – Ресей Уақытша Үкіметінің бұрынғы төрағасы, эмигрант.
Алимардан Топчыбашев – Әзірбайжан ұлттық Мәжілісінің төрағасы, көрнекті қоғам қайраткері, түрік халықтарының тәуелсіздігі үшін күрескен. Саяси эмигрант.
Мехмет Емин Расулзаде – Әзірбайжан ұлттық үкіметін басқарушы, Мұстафаның үзеңгілес жолдасы. Саяси эмигрант.
Тахир Шағатай – «Яш Түркістан» журналының жауапты редакторы.
Неміс офицері.
Неміс солдаттары.

І КӨРІНІС
Өскемен қаласы. Сот залы.

Еділ Жақанұлы: Бүгінгі сот отырысын бастауға рұқсат етіңіздер. Ақын Байбөрі Бек-Арыстан өзінің «Мұстафа Шоқай жолымен» атты деректі фильмінің Өскемен қаласында өткен тұсаукесерінен кейін фильм кейіпкері саяси эмигрант, Кеңестер Одағының хас дұшпаны Мұстафа Шоқаевқа қатысты осы қаладан шығатын орыс тіліндегі газетте жарық көрген мақалаларда келтірілген деректерге түбегейлі келіспей мақала авторларының үстінен шағым түсіріп, Өскемен қалалық сотына берді. Бірінші мақала авторы Осипов Артем Миронович «Мұстафа Шоқай-Қазақстан мен Орта Азияның бола алмай қалған әміршісі, фашистік ұйымның басшысы, «Түркістан легионын құру үшін фашистермен сыбайласқан» деп жазған. Ал, екінші мақаланы жазған журналист Родионов Юрий Егорович «Мұстафа Шоқай-бұл қазақтың Власовы», – деген.
ҚР 217-221 ГПК сот істі қарай келе төмендегідей шешім шығарды. 1.Мақала авторларының жазғандарында арыз беруші фильм авторы Байбөрі Бек-Арыстанның жеке басына, абыройына және моральдық ақуалына нұқсан келтіретін әрекет жоқ екендігі анықталды. 2.Ақынның Мұстафа Шоқаевқа жақын туыстығы болмағандықтан, бұдан былай оған қатысты өтіп жатқан сотқа қатысуға құқы жоқ деген шешім қабылдады. 3.Шағым беруші Байбөрі Бек-Арыстан мақала авторлары тарапынан осы сот үшін шыққан 20 000 теңге көлемініндегі шығындарды төлеуге міндеттелді. 4.Арыз беруші Өскемен қалық соты арқылы, ШҚО облыстық сотқа он бес күн ішінде істі қайта қарауға аппеляциялық шағым түсіруге құқы бар екенін хабарлайды.
Артем Миронович: (Шаттана күліп, мәз болады. Жүгіріп барып соттың оң қолын қос қолымен ұстап, асқан ризашылықпен алғысын айтып жатады) Сот заң бойынша әділ шешім шығарды. Біз сіздің шешіміңізге тәнтіміз.
Юрий Егорович: (Ақынға қарап, сенімді түрде) Тағы мың деректі фильм түсіріп, он мың кітап жазсаңдар да Мұстафа Шоқаевтың «қап-қара» жүзі ешуақытта ағармайды.
Ақын: Байқап сөйлеңіз.
Юрий Егорович: Өтірік пе? Ол окоптың ар жағында фашистермен бірігіп «Түркістан легионын» құрып, өз Отанына опасыздық жасады. Ал, енді окоптың бер жағында сол фашистерге қарсы (көрермендерге қарап) сіздер мен біздердің әкелерімізбен, аталарымыз соғысқан жоқ па?
Ақын: Бұл жала. Мұстафа Шоқай Кеңес үкіметін мойындамаған адам. Ол бұл елдің азаматтығын қабылдаған жоқ. Өзі мойындамаған елге қалай опасыздық, сатқындық жасайды?
Артем Миронович: Шоқаевты ешқашан да ақтай алмайсыз.
Ақын: Мұстафа Шоқайдың ғазиз есіміне ешқашан қара күйе жаға алмайсыздар. Сіздердің жеңістеріңіз, уақытша жеңіс.
Артем Миронович: Сіз бұлай артық сөйлеуші болмаңыз. Оны әлі көреміз.
Ақын: Мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, еліміздің бас прокуратурасына, Шығыс Қазақстан облыстық сотына жазбаша түрде қайта шағым түсіремін.
Юрий Егорович: Босқа әбігерленбеңіз. Шоқаев сізге кім болады? Туысыңыз ба?
Ақын: Маған ешқандай да туыс емес. Мұстафа Шоқаев қазақ халқының, бүкіл түркі дүниесінің ардақтысы. Мен бұл істі соңына дейін жеткізу үшін оның көзі тірі ең жақын туыстары Нәмина Нұртазақызынан, Болат Қалымбетовтен сотқа қайта шағым жасауға сенімхат аламын. Айыппұлды мен емес, сіздер төлеп, қазақ халқынан кешірім сұрайтын боласыздар.
Артем Миронович: Біз ешкімнен, ешқашан да кешірім сұрамаймыз. Менің осы сөзім есіңізде болсын.
Ақын: Иә, сіз осы жолы дұрыс айтып тұрсыз. Сіздерде кешірім сұрау, обал деген ұғымдар жоқ қой. Ендеше мен де алған бетіменен қайтпаймын. Қажет жағдайда, екінші адвокатты сотқа дайындап, іске қосамын. Мұстафа Шоқаевтың арын соңына дейін қорғайтын боламыз.
Сахна ақырындап қараңғылана береді, ақын тас түйін шешімге келген түрде шығып кетеді.

ІІ КӨРІНІС

БМСБ тергеушісінің кабинеті. Төрде Лениннің портреті ілінген. Үстелдің үстінде «Лич. дело» деген папкалар жиналып тұр. БМСБ тергеушісі Мұстафа Шоқайдың жеке ісі бойынша жиналған құжаттарға шұқшия қарап сөйлейді. Әскери киімдегі 5-6 БМСБ қызметкерлері одан көздерін алмай тыңдап қалған.
Максим Макарович: (алдындағы адамдарға зілдене қарайды) Сендер тағы да Мұстафа Шоқаевты ұстай алмадыңдар. Ай қарап жүрсіңдер ме, а?
Николай Викторович: Оныңыз рас, Максим Макарович кінәліміз. Қоқандағы қырғын басталған күннен бастап соңына түстік. Енді ұстаймыз дегенде жер жұтқандай жоқ боп кетті.
Михаил Петрович: Сенсеңіз, бүкіл Ферғана тауларының адам өтетін жықпыл жықпылына қарауыл қойып бақыладық.
Николай Викторович: Соны айтсаңызшы, қаптаған тыңшыларға, соңына шырақ алып түскен қаншама қуғыншыларға білдірмей Ташкентке қалай аман жеткеніне таңқаламын.
Михаил Петрович Иә, Ташкенттен қалай сытылып кеткенін де сезбей қалдық. Бүкіл көшелерде міз бақпай қарулы жасақтар тұрды. Вокзалға кірген шыққандарды түгел тексердік. Поездың вагондарын тінттік. Бірақ қолға түсіре алмадық.
Максим Макарович: (ызадан жарылатындай болып, ызбарлана тіл қатады) Мүмкін араларыңда онымен байланысып отыратын біреулер бар шығар? (Барлығының жүзіне қарап шығады. Отырғандар бастарын төмен салбыратып, үнсіз қалады). Байқаңдар, ескертемін, онымен байланыстарың бар екенін анықтасақ, табанда атып тастаймыз.
Николай Викторович: Максим Макарович, біз Кеңес үкіметіне қалтқысыз қызмет етеміз. Мұстафа Шоқаевты қайтсек те, тауып алдыңызға әкелеміз.
Максим Макарович: Мен бұған сенбеймін. Сендер Мұстафаның қайда жүргенін білесіңдер ме? (Отырғандар бастарын шайқайды). Міне, ештеңеден де хабарларың жоқ. Ол кеше түнде Грузияға жүретін кемелердің біріне отырып кетіпті.
Михаил Петрович: (Сасқалақтап) Неткен сұм! Қаншама тосқауылдан қалай өткен?
Максим Макарович: (Дауысын көтеріп) Сендер дұрыс жұмыс істемейсіңдер.
Николай Викторович: Қолға түссе қолқасын суыратын едік. (Екі қолын уқалайды). Ол басқа мемлекетке өтіп кеткен болса, қалай ұстаймыз?
Максим Макарович: Михаил Петрович, Николай Викторович жолға жиналыңдар. Мен Грузиядағы өз адамдарымызға телеграмма жолдаймын. Сендерді күтіп алады. Екеуің Шоқаевтың соңына түсіп, ізін аңдисыңдар.
Михаил Петрович: Шоқаевтың көзін сол жақта жоямыз ба?
Максим Макарович: Жоқ. Шоқаевтың басқа елге кетуіне байланысты, жаңа бұйрық алдық. Біздің оған деген үкіміміз өзгерді. Енді оны елге қайтарудың барлық амал-тәсілдерін жасайсыңдар.
Николай Викторович: Оның жазасы елге қайтарылған соң берілетін болды ма?
Максим Макарович: Кеңестер Одағының мейірімді екенін ұмытпаңдар. Кімде-кім өз қателігін мойындап, кешірім сұраса, бәрі басқаша болуы мүмкін.
Михаил Петрович: Егер ол елге қайтудан бас тартса ше?
Максим Макарович: Олай болса, өз обалы өзіне. Қай қиырға кетіп қалса да, оның жазасы өлім болады.
Николай Викторович: Шоқаевтай қайсар ұлтшылдың бізге керегі бола қояр ма екен?
Максим Макарович: Дәл қазіргі кезде Шоқаевтай білімді адамдар өте қажет. Ол көптің бірі емес. Кеше ғана өзіміз талқандаған Түркістан мемлекетінің көсемі екендігін ұмытпаңдар.
Михаил Петрович: Ол қайткен күнде де түбінде Түркістан мемлекетін қайта құруды көксейді.
Максим Макарович: Өте дұрыс айтасың. Соны болдырмау үшін елге қайтару керексіңдер.
Николай Викторович: Бұл өте қиын тапсырма болды ғой.
Максим Макарович: (Ойланып, қалған қызметкерлерге қарап) Мұстафа жердің қай нүктесінде жүрсе де, бұл жақтағы өзінің сыбайластарымен байланысуын тоқтатпайды. Бүгіннен бастап сендер оның туған-туыстарының, достарының, таныстарының тізімін жасаңдар. Бәрін түгел зерттеңдер, соңдарына тыңшы қойыңдар!
Дауыстар: Құп болады!
Тбилиси қаласы. Грузия үкімет басы Ной Жорданияның резиденциясы. Ол Мұстафа Шоқайды қабылдайды. Екеуі үстел басында отырып сөйлеседі.
Ной Жордания: Біздің елімізге хош келдіңіз, Мұстафа мырза! Сізді аман-сау көргеніме өте қуаныштымын.
Мұстафа: Армысыз, Ной Жордания мырза! Мен де сіздің есіміңізге сырттай қанықпын. Туған Отанымнан уақытша кетуіме тура келді. Қоқанда біз құрған Түркістан үкіметі, небәрі екі ай өмір сүріп, құлады. Жеңілдік.
Ной Жордания: Бұл қайғылы хабарды естідім. Оқиға қалай болды?
Мұстафа: Қорғап қалатындай не әскеріміз, не қару-жарағымыз, не одақтастарымыз болған жоқ. Большевиктердің қанды шеңгеліне тап болдық.
Ной Жордания: Қап, әттеген-ай! Сіздерге көмек қолын соза алмадық. Көріп отырсыз, бізде де ырың-жырыңы шыққан жетіспеушілік етектен алып тұр.
Мұстафа: Пейіліңізге, мың алғыс. Қоршауда қалдық. Халықты өз жағымызға тарта алмадық.
Ной Жордания: Мұстафа мырза, менің естуімше сіздерді кеңес үкіметі алдап соққан сияқты.
Мұстафа: Оныңыз рас. Олар Түркістан автономиясын қолдаймыз деген уәделерінде тұрмады.
Ной Жордания: Большевиктердің осындай екіжүзділігі туралы көп естіп жатырмыз.
Мұстафа: Мен олардың делегаттарын Қоқандағы үкімет мүшелерімен бірге қабылдадым. Большевиктер қаланы атқылауын тоқтатса, Қоқан әскери революциялық комитетіне жеңілгенімді мойындауға дайын екенімді айттым.
Ной Жордания: Олар бұған келісті ме?
Мұстафа: Большевиктердің өкілдері үнсіз шығып кетті. Ертеңінде Қоқанды жан-жақтан қоршады. Самарқанд, Ташкент, Ферғанадан большевиктердің әскерлері үздіксіз ағылды. Шоқпар, балта, пышақпен қаруланған біздің адамдар қарсылық көрсете алмады.
Ной Жордания: Жағдай өте қиын болған екен. Олар сіздермен келіссөз жүргізуге талпынды ма?
Мұстафа: Қоқанды қоршап алған күні таңертеңгі он бірлер шамасында большевиктер жаңа талаптар қойылған ультиматум алып келді. Онда, кеңес өкіметін мойындауымызды талап етіпті. Біз келіспедік.
Ной Жордания: Өте дұрыс жасапсыздар.
Мұстафа: Басқаша шешім қабылдау мүмкін емес еді. Кеңес үкіметін мойындап, билікті өз еркімізбен большевиктерге берсек, ұлттық күрес басшысы болғанымыздан не пайда?
Ной Жордания: Дұрыс айтасыз.
Мұстафа: Мен мұндай сұмдықты бұрын көрген емеспін. Қызыл әскер Қоқанды қорғап тұрған аз ғана мұсылман әскери бөлімшелерін таптап өтті.
Ной Жордания: (Басын шайқап) Неткен жауыздық?
Мұстафа: Үш күнге жалғасқан жаппай қырғын мен ұрлық, талан-тараждан кейін басқыншылар қаланы өртеді. Еңбектеген сәбиден, еңкейген қарияға дейін түгел қырып тастады. Он мыңдай жазықсыз адам жер жастанды. Сұмдық болды!
Ной Жордания: Біз сізді қолға түсті деген хабар естідік.
Мұстафа: Большевиктер біз отырған үйге оқ жаудырды. Қолымда ешқандай да қару болған жоқ. Мені польшалық офицер Юниша Гзовский аман алып қалды.
Ной Жордания: Нағыз ер екен.
Мұстафа: Иә, оның ұлттық қозғалысымызға көрсеткен қызметіне шын жүректен разымын.
Ной Жордания: Басқа жолдастарыңыз не болды?
Мұстафа: Көпшілігі сол шайқаста қаза тапты. Тірі қалғандары тұтқындалды. Олардың жағдайы не болғанын күні бүгінге дейін белгісіз. Есіме түссе өзегім өртеніп, жанымды қоятын жер таппай кетемін.
Ной Жордания: Мұстафа мырза, қаншама қиындықтарды бастан кешіріп, біздің елімізге табан тіреген екенсіз, сізге нақты қандай көмек керек?
Мұстафа: Ной Жордания мырза, мені кездесуге шақырып, жылы ілтипат білдіргеніңізге алғысым шексіз. Большевиктердің қарқыны қатты. Осында олардың екпіні басылатын күнді тосқым келеді.
Ной Жордания: Сізден несін жасырайын, біздің еліміз де Кеңес үкіметінен қатты аяқ тартып отыр. Түркістан мен Грузин халықтары большевиктерге қарсы тізе қосып күрес жүргізуге келісім-шарт жасасуға қалай қарайсыз?
Мұстафа: (қуанып) Тіпті аузыма сөз түспей қалды ғой. Әрине, сізбен бірігіп күрес жүргізуге қашан да әзірмін.
Ной Жордания: Түркістанның саяси мәселелеріне қатысты жеке журнал ашуыңызға да демеушілік көрсетеміз.
Мұстафа: Сіздің ел мені жатсынған жоқ. Дәл қазір Ахмет Салиховтың «Вольный горец» газетінде қызмет істеп жатырмын.
Ной Жордания: Грузин үкіметі сізді қашанда қолдайды. Қазір «На рубежье» деген жаңадан ашылатын журналға сізді бас редактор болсын деп тапсырма беремін.
Мұстафа: Шынымды айтсам, бұл мен үшін күтпеген қуаныш болды-ау!
Ной Жордания: Мұстафа мырза, қысылмаңыз. Журналды тұрақты қаржыландырып тұрамыз.
Мұстафа: Туған елімді кеңес империясының шеңгелінен құтқаратын күн де келер.
Ной Жордания: Сондай қуаныштарда бірге болайық!
Мұстафа: Амандықпен жолыққанша, сау болыңыз!

Мұстафаның соңынан аңдып жүрген БМСБ тыңшылары оны Ной Жорданиядан резиденциясынан сәл ұзаған кезде қуып жетеді. Қарапайым киім киген екі жігіт Мұстафаның жолын кес-кестеп тоқтатады.

Михаил Петрович: Шоқаев жолдас, сәл кідіріңіз.
Мұстафа: Сіздер кімсіздер?
Николай Викторович: Біз Кеңестер Одағының Біріккен мемлекет саяси басқармасының қызметкерлеріміз. (Қалталарынан құжаттарын алып көрсетеді)
Мұстафа: Кім болсаңыздар да менің сіздерде шаруам жоқ. Менен сіздерге не керек?
Михаил Петрович: Сіздің Тифилиске келгелі немен айналысып жүргеніңізден өте жақсы хабардармыз.
Мұстафа: Мен сіздерге жауап беруден мүлде бас тартамын.
Николай Викторович: (Ашуланып, түсін суытып, тістеніп тұрып) Қасарыспаңыз, ерегісетін болсаңыз, дәл қазір қақ маңдайыңыздан атып тастаймын.
Мұстафа: (Сабырлы қалыппен) Өзекті жанға бір өлім. Атып тастаңыз, атыңыз.
Михаил Петрович: Коля, сабыр сақташы. Шоқаев жолдас, Ной Жорданиядамен не үшін жолықтыңыз?
Мұстафа: Мен Сіздерге ештеңе де айтпаймын. Босқа уақыт кетірмеңіздер. Атыңыз!
Николай Викторович: Сіздің жазып жатқан мақалаларыңыздан жанымыз түршігеді. Кеңестер Одағын себепсіз осыншама қаралауға бола ма?
Мұстафа: Мен бар болғаны шындықты жаздым. Кеңестер Одағы бүкіл Түркістандықтарды өзіне құл етуді көздеп отырғаны ақиқат емес пе?
Михаил Петрович: Сіз қателесіп тұрсыз. Қазір біздің елімізде өмір сүріп жатқан түркістандықтардың жағдайлары өте жақсы.
Мұстафа: Жоқ, мен бұған сенбеймін. Менің білетінім, Кеңестер Одағы оларды бөлшектеп, билеп, төстеп, қорлап отыр.
Николай Викторович: (Ашуланып, беліндегі қаруын сыртынан сипайды, өзін әрең ұстайды) Сізге қатаң түрде ескертеміз. Егер осы қалыптан өзгермесеңіз жуырда ажал құшасыз.
Мұстафа: Мен талай рет ажалмен бетпе-бет келгенмін. Өліммен мені ешкім қорқыта алмайды.
Михаил Петрович: (Амалы құрып) Бұл жолы сізді босатамыз. Келесіде қолға түссеңіз аямаймыз. Бұны ескерту деп түсініңіз.
Мұстафа нық басып кетіп қалады.

Николай Викторович: Шоқаевты Тифлисте аңдығанымызға бір жылдан асып барады. Бірнеше рет итше атып тастаудың да сәті түсті.
Михаил Петрович: Мен де, талай рет шүріппені баса салғым келді. Амал не?
Николай Викторович: Большевиктік үкіметке қарсы шыққандардың қарасы Грузияда күн сайын көбейіп барады.
Михаил Петрович: Оның рас. Мына сұм Ной Жордания дегенің сақтық шараларын күшейтіп-ақ жатыр.
Николай Викторович: Бірақ Кеңестер Одағының алмайтын асуы жоқ. Ной Жордания қанша қорғанса да, алып күшке, тасқынға төтеп бере алмайды.
Михаил Петрович: Біздің мақсатымыз Шоқаевты райынан қайтару. Бірақ ол көзқарасын өзгертпейтін сияқты.
Николай Викторович: Қауіпті жаулардың бірі Вадим Чайкинмен бірігіп алып сайрандап жүр.
Михаил Петрович: Ол екеуі Европа елдерінен Түркістан халықтарының демократия жолындағы жұмыстарын қолдайтындарды іздеп жатыр.
Николай Викторович: Жақында Шоқаев Француз социалистерінің жетекшісі Пьер Ренодтың Тифилиске келгенін пайдаланып, кездесті. Маған осының бәрі ұнамайды.
Михаил Петрович: Вадим Чайкин эсер партиясындағы достарын жиып, Шоқаевтың пәтерінде жиі жиналыс жасайтын болды.
Николай Викторович: Әліптің артын бағайық. Олардың қандай мәселелерді талқылайтынын қалайда білуге тиіспіз.
Михаил Петрович: Иә, бұны ойластырайық. Дәл қазір мына жерде көп тұрып қалдық. Тез кетейік.
БМСБ қызметкерлері жан-жақтарына барлай қарап, Мұстафа кеткен жаққа жүреді.

Тблисидегі Мұстафа Шоқай жалдап тұрып жатқан Першкенің пәтері. Мария дастархан дайындап жүр. Мұстафаның жанында Вадим Чайкин, Ахмет Салихов бар, ол үйдің есігін қағады.

Мария: Мұстафа, бұл сенбісің?
Мұстафа: Иә, жаным, менмін. Қасымда қонақтар бар.
Мария: (есікті ашады) Хош, келдіңіздер! Төрлетіңіздер!
Вадим Чайкин: О, Мария ханым! Сәлеметсіз бе? Сізді аман-есен көргеніме қуаныштымын. Сіздің келуіңізді асыға күттік.
Мария: (қатты қуанып) Вадим Афанасьевич, бұл шынымен сізсіз бе? (Қолын ұсынып амандасады. Вадим Марияның қолын алып, бетінен сүйеді.)
Вадим Чайкин: Сіз баяғы декабристердің әйелдеріндей үлкен ерлік жасадыңыз. Біздің соңымыздан сонау батыс-сібір жазығын жалғыз өзіңіз жүріп өтіп, Мұстафамен қайта қауышқаныңызды сөзбен жеткізу мүмкін емес.
Мария: (көзіне жас алып) Вадим Афанасьевич мен де біразға дейін сенбей жүрдім. Бәрі көрген жаман түс секілді.
Вадим Чайкин: Айтпаңыз, сол күндер есіме түссе, денем түршігеді.
Мария: Сіздермен Челябинскіде қоштасқан соң, Мұстафа жазып қалдырған хаттар бойынша іздеріңізден жүріп отырдым. Жол азабынан әбден қажыдым. Сонаға да, шыбын-шіркейге де таландым. Ыстыққа да, суыққа да бір Мұстафа үшін төздім.
Вадим Чайкин: Мұстафа, сенде арман жоқ қой. Мариядай хас сұлу сен үшін жанын беруге дайын.
Мұстафа: Вадим, расымен де солай. Мені Ташкенттен Мария аман алып шықты ғой. Егер оның керемет жоспары болмағанда, менің сүйегім қай сайдың ішінде шашылып қалары бір жаратқанға ғана аян болатын еді.
Мария: (Вадимге қарап) Менің сондағы жоспарым өте қауіпті болды. Ташкентте Мұстафаға құрылған қанды қақпанды бұзып шығудың бір ғана амалы бар еді. Ол үшін қайткен күнде де қаладан кету.
Мұстафа: Сенің батылдығыңа қазірге дейін қайран қаламын.
Мария: Менің азамат соғысы кезінде мейірбике болғанымның пайдасы тиді. Соғысқа қатысқан жоғары қызметтегі бастықтар мені мейірбике ретінде жақсы танып алған еді. Соны пайдаланып теміржол басқармасында істейтін ескі таныстарымның біреуінен рұқсат қағазын алып беру үшін өтініш айттым.
Мұстафа: Оларға сөзіңді өткізу де оңайға түспеді.
Мария: Дегенмен де, солардың көмегімен оп-оңай билетті де, рұқсат қағазды да алдым. Вадим, мен мейірбике киімінде, Мұстафаны жаралы солдат етіп киіндіріп, вокзалға поезд жүрерден екі-үш минут бұрын ғана келдік.
Вадим Чайкин: Туу, жүрек жұтқан батыр екенсіңдер. Қақпанға қалайша түспей кеттіңдер?
Мария: Басқа амал болмады. Барлық құжаттарымыз қолымызда еді. Алайда, егер де бет-жүзімізге қарап тексере қалса, Мұстафаны бірден танып қояды.
Мұстафа: Онда біттік қой. Бір жақсысы ол кезде құжаттарға сурет жапсырылмайтын.
Мария: Мен рұқсат қағазды бір қайтыс болып кеткен адамның атына жаздыртып алғанмын. Науқасына байланысты операция жасатуға алып бара жатқанымды айттым.
Мұстафа: Мария, сен менің мұрыным мен аузымды ашық қалдырып, басымды жақсылап таңып тастадың. Сол күні ми шыжғырылатындай өте ыстық болды. Маған ауа жетпей әрең шыдап жаттым. Қас қылғандай тексеру жұмыстары ұзаққа созылды.
Мария: Иә, иә, дәл солай болатын. Шыдамымыз таусылды. Тексеру кезегі дәл бізге келгенде, тексеруші артына бұрылып біреумен сөйлесіп тұрды да, жаңылысып, біздің купеден өтіп кетті.
Вадим Чайкин: Міне, керемет!
Мария: Осылайша біз тексеруден құтылдық, поезд да қозғалды. Кейбіреулер ғажайыпқа сенбейді, егер ғажайып жоқ болса, осы оқиға Алланың әмірінен басқа не болуы мүмкін?
Вадим Чайкин: Мынау, шынымен де ғажап оқиға екен. Мұстафа, Жаратушы сені өзі ажалдан қаққан ғой. Олай болса, сенің атқаратың жұмыстарың әлі көп.
Мұстафа: (Марияның иығынан құшақтап, мейірлене қарайды) Сен менің құтқарушы періштемсің. Бұдан былай қандай жағдай болса да, сені жалғыз қалдырмаймын.
Вадим Чайкин: Бәрекелді! Жұптарың жазылмасын!
Мария: Шай дайын, дастарханға жайғасыңыздар.
Мұстафа: Соңғы кездері Тифлис шаһарында да тыныштық бұзыла бастады. Большевиктердің бұл жаққа келу қаупі күшейіп кетті.
Вадим Чайкин: Байқа, Мұстафа сақ бол. Сенің басыңа Ташкентте мың рубль тігілгенін ұмытпа. Сақтық жасағаның артық болмас.
Мұстафа: Вадим, пейіліңе рақмет! «Аңдыған жау алмай қоймас». Олар менің соңымнан қалмай өкшелеп келеді. Бірақ, мен соңғы демім таусылғанша Түркістан үшін күресуге дайынмын.
Вадим Чайкин: Тифлиске келгелі көп іс тындырдың.
Мұстафа: Вадим, асығу керекпіз. Большевиктер іс басына келер алдында бүкіл Ресей мұсылмандарына және түркістандықтарға өз қалауы бойынша өздерін басқару керек дегені есіңде ме?
Вадим Чайкин: Әрине есімде.
Мұстафа: Алайда қызыл сөздерге боялған мұндай үгіт-насихаттың нәтижесі іс жүзінде орыстың ұлттық рухына негізделген пролетариат диктатурасынан басқа ештеңе болмай шықты.
Вадим Чайкин: Мұныңа толық келісемін.
Мұстафа: Вадим, көз алдымнан Қоқанда жазықсыз мерт болған адамдардың елестері кетер емес.
Вадим Чайкин: Бұл өкінішіңді түсінемін. Бәрімізге оңай болған жоқ.
Мұстафа: Жүрегім – сондай жаралы, көңілім – сондай қаралы. Еңсем көтерілер емес. Туымның жығылғанын көргенше, сол арпалыста өліп кеткенім жақсы еді.
Ахмет Салихов: О, не дегеніңіз, Мұстафа мырза. Сіз қайта болаттай қайралып, бастаған ісіңізді соңына дейін жеткізіңіз.
Мұстафа: Әрине, шыбын жаным кеудемде тұрғанда күресімді ешқашан тоқтатпаймын.
Ахмет Салихов: Міне, сізге осындай қайратты болған жарасады. Сіздің білім-парасатыңыз, жүйелі ойларыңыз мұндағы зиялы қауымды елең еткізді.
Вадим Чайкин: Шынымен де, Мұстафа сонау Петерборда оқып жүрген студент кезіңнен бастап, өз біліміңмен төңірегіңді таңқалдырып келесің.
Мұстафа: Мен өз еліме оралғанға дейін, Түркістан мемлекетін қайта құрудың барлық мүмкіндігін жан-жақты ойластыру керекпін.
Вадим Чайкин: Кеңестердің құрылтайлары мен партия комиттерінің конфе­рен­цияларында большевиктердің іс-әрекеттері ашықтан-ашық дәріптеліп жатыр.
Мұстафа: (Қабағын түйіп) Орыстардың Түркістандағы саяси басшылығы күннен-күнге нығайып барады.
Ахмет Салихов: Мырзалар, Мария ханым біздің әңгімемізден шаршап кеткен тәрізді.
Вадим Чайкин: (көзі залдың бұрышында тұрған пианиноға түседі) Шынымен де, Мария Яковлевна сіздің әсем дауысыңызды сағындық. Есіңізде ме, Ташкентте Мұстафа Петербордан келген кезде бас қосқан кешіміз? Сонда шырқаған әніңіз әлі күнге дейін көкейімде тұр.
Мұстафа: Иә, Мария сен ән салған кезде бүкіл дүние құлпырып кетеді. Бір ән орындап берші.
Мария: Менің ән айтпағаныма да біраз болды. Дегенмен де, байқап көрейін.
(Мария пианиномен орыстың атақты романстарының бірін орындайды. Ән аяқталар кезде жарық ақырын азая бастайды).

Николай Викторович өз кабинетіндегі үстелде қағаз жазып отыр. Есік қағылып, асығыс Михаил Андреевич кіреді. Екеуі қол алысып амандасады.
Николай Викторович: Максим Макаровичке хабарласып Тифлисті большевиктер толық басып алғанын айттым.
Михаил Петрович: Шоқаевқа қатысты бұйрық алдың ба?
Николай Викторович: Иә, Шоқаевты бақылауды күшейтіңдер деп қатаң тапсырды. Ол кешеден бері үйінен шыққан жоқ.
Михаил Петрович: Жоқ, Николай Викторович, қателесесіз, олар Батуми арқылы Түркияға өтіп кеткені жайлы түнде мәлімет алдық.
Николай Викторович: (Өңі бозарып кетеді). Онда екеуіміз де құрыдық қой.
Михаил Петрович: Сөз еститініміз рас. Бірақ, мына аласапыран кезде одан да маңызды тапсырмаларды орындадық қой.
Николай Викторович: Максим Макаровичке телефон шалып, мән-жәйді түсіндірейін.
Михаил Петрович: Ең дұрысы, сол. Осы Шоқаев екеуіміздің түбімізге жететін сияқты.
Николай Викторович үстелде тұрған телефонның номерлерін тере бастайды. Қолдарында сәл діріл бар. Максим Макарович телефонның трубкасын көтереді.
Николай Викторович: Жолдас, Максим Макарович, сәлеметсіз бе?
Максим Макарович: (телефоннан дауысы естіліп тұрады). Қалымыз жақсы. Баяндай беріңіз.
Николай Викторович: Максим Макарович, кешегі аласапыран соғыс кезінде Мұстафа Шоқаев Түркияға өтіп кетіпті. Енді не істейміз?
Максим Макарович: Ақымақтар. Не істеп жүрсіңдер? Тез соңына түсіңдер. Сендерге қанша рет айтамын. Табыңдар да, одан көз жазбай аңдитын болыңдар. (Телефон тұтқасын қоя салады)
Михаил Петрович: Қапаланба, Николай Викторович. Қайда барса да, тауып аламыз.
Николай Викторович: Түркиядағы жағдай өте қиын. Ыстамбұлда жағадан алған қымбатшылық. Олар бұған төзе алады деп ойлайсың ба?
Михаил Петрович: Менің білуімше, Шоқаев қайда барса да тез арада жергілікті халықпен тіл табысып кетеді.
Николай Викторович: Мұндай өте қауіпті жауды үкімет неге тірі жіберіп отыр? Осыны ұқпай-ақ қойдым.
Михаил Петрович: Оны түсінбейтін ештеңесі жоқ. Ол Кеңестер Одағына қайтатын болса, соңына миллиондаған адамдарды ертеді.
Николай Викторович: Қашанғы шетелдерді паналайды дейсің?
Михаил Петрович: Иә, шетелде өмір сүру оңай емес. Содан соң, қайдағы бір қазақ мың жерден көсем болса да, ол жақта кімге керек?
Николай Викторович: Мен олай ойламаймын. Шоқаевтың жеті-сегіз тілде еркін сөйлейтінін білесіз ғой. Барлық түріктердің басын біріктіре алатындай қасиеті бар.
Михаил Петрович: Сондықтан ең дұрысы оның көзін жою.
Николай Викторович: Бірақ біз сол күнге жете алмадық қой. Айтпақшы, Вадим Чайкин Шоқаевпен бірге кетіп пе?
Михаил Петрович: Чайкин Кеңестер Одағына қайтты. Олардың жолдары екіге айырылды. Бірақ кім білсін?
Николай Викторович: Тезірек жиналып, жолға шығайық.

Екеуі кабинеттегі өз заттарын жинастыра бастайды. Жарық ақырындап азая береді.

ІІІ КӨРІНІС
Түркия. Стамбул.

Мұстафаның Стамбул қаласында Шалва Элиавамен кездесуі. Элиаваның кабинеті. Ол қайтсе де Мұстафаны Кеңестер Одағына қайтаруға тырысады.

Шалва Элиава: Хош келдіңіз, Шоқаев жолдас!
Мұстафа: Сәлеметсіз бе?
Шалва Элиава: Сізді шақырған шаруама бірден кірісейін. Маған жолдас Сталин сізге арнайы кездесуімді тапсырған еді. Елге қайтсаңыз, кеңес үкіметі сізге кешірім берілетінін ресми түрде мәлімдеуімді ерекше қадап айтқан болатын.
Мұстафа: Шалва мырза, алтын уақытыңызды бөліп, менің жағдайымды сұрап, жылы ықылас танытқаныңызға ризашылығымды білдіремін. Бірақ, мен Кеңестер Одағына қайтпаймын.
Шалва Элиава: Осылай бөтен елде, бөтен жерде қиналып жүре бересіз бе? Өз елімізде білімді, оқыған адамдар өте аз екенін жақсы білесіз. Кеңестер одағында үлкен ауқымды істер қолға алынып жатыр. Бұндай ірі жұмыстар кемшіліксіз болмайды. Көп қателіктерге де жол беріп алдық. Сондықтан біліміңізді, ақыл-парасатыңызды кеңес үкіметінің гүлденуіне жұмсасаңыз, бәрімізге пайдалы болар еді.
Мұстафа: Ұлттық еркімізден айырып, ұлттық міндеттеріміздің орындалуына қанды тосқауыл қойған большевиктер үкіметінің саясатын жек көремін.
Шалва Элиава: (Сәл тосылып қалады) Кеңес Социалистік Республикасы өз қарамағындағы барлық ұлттар мен ұлыстарға еркіндік берді. Сіз айтып отырған кемшіліктерді білімсіз басшылардың жібіріп алғаны рас.
Мұстафа: Жоқ, олай емес. Біз, түркістандықтарды ұлттық автономия туы астына жинағанымыз үшін, жазықсыз халықты қырып тастады.
Шалва Элиава: Иә, өте өкінішті.
Мұстафа: (Басын шайқап) Шалва мырза, қайда жүрсем де, большевиктердің еліме ғана емес, басқа ұлттарға да жасап жатқан қиянаттарын біліп отырмын.
Шалва Элиава: Қандай озбырлықты айтасыз?
Мұстафа: Бір ғана мысал келтірейін. Кеше ғана тып-тыныш жатқан бүкіл Грузияны қанға бөктірді. Сондықтан еріксіз ол елден де кетуіме тура келді.
Шалва Элиава: Сіз жолдас Сталиннің көреген саясатын терең түсінбейтін сияқтысыз?
Мұстафа: Мен нақты деректермен сөйлегенді тәуір көремін. Кеңес үкіметі «орыс емес халықтардың азаттығы» деген сөзді желеу етіп, түрлі жауыздықтарды жасап жатыр. Осы зұлымдықтардан Сталиннің хабары жоқ дегіңіз келе ме?
Шалва Элиава: (Таңданып) Сіз большевиктерге түбегейлі өштесіп, сонда өз отаныңызға қайтудан бас тартасыз ба?
Мұстафа: Менің отаным өз орнында, тәңірі жаратқан, халқым өмір сүріп отырған ежелгі өз жерінде жатыр. Атамекенімізді өзімізбен бірге арқалап әкеткен жоқпыз.
Шалва Элиава: Дегенмен де, өз еліңізге ештеңе жетпейтінін ұмытпаңыз.
Мұстафа: Біз отанға деген мәңгі сүйіспеншілігімізді жүрегімізде сақтаймыз. Осы жолда жан беруге дайынбыз.
Шалва Элиава: Жасырмай-ақ қояйын, кейбір пікіріңіз маған басқаша ой тастады. Сізге өз тарапынан ешқандай да қысым болмайды.
Мұстафа: Түсінгеніңізге рақмет!
Шалва Элиава: Айтпақшы, Вадим Чайкин деген жан досыңыз сізге хат беріп жіберді. Елге оралсын деп ауызша сәлем айтты. (Үстелдің үстінде тұрған конвертті Мұстафаға ұсынады).
Мұстафа: (Хатты қолына алады) Мен өз елімнің бостандығы үшін күреске бел буған адаммын. Вадимге менен сәлем айтыңыз.
Шалва Элиава: Мен сіздің түбі елге оралатыныңызға сенемін.
Мұстафа: Түркістандағы большевиктер билігі құлаған кезде елге қайтамын.
Шалва Элиава: (Сәл ойланып). Мұстафа жолдас, бұған сенімдісіз бе?
Мұстафа: Большевиктер үкіметінен Түркістанды азат ететін күн алыс емес деп ойлаймын.
Шалва Элиава: Бұған менің үлкен күмәнім бар. Қандай болғанда да, амандықпен жолығайық. Сау болыңыз.

Екеуі жылы қоштасады. Шалва Элиава Мұстафаның соңынан аса бір қимастықпен ұзақ қарап қалады. Мұстафа шығып кетісімен Шалваға БМСБ қызметкерлері кіреді.

Николай Викторович: Шалва Зурабович, Шоқаевтың табаны Түркия топырағына тигеннен бастап, соңынан қалмай жүрміз.
Шалва Зурабович: (Қабағын түйіп). Шоқаев кеңес үкіметін мойындамайтынын, елге қайтпайтынын ашық айтты.
Михаил Петрович: Дәл қазір Түркияны ағылшындар билеп отырғанына қарамастан, Шоқаев түрік зиялыларымен, саяси қайраткерлермен кездесуін тоқтатар емес.
Шалва Зурабович: Менің білуімше, Түркия өзінің мемлекеттігін сақтау үшін күресіп жатыр. Мынандай қиын тығырықтағы аласапыранда түріктер Шоқаевқа қолдау көрсете алмайды. Сондай білімді адамның соны ұға алмағанын түсіне алар емеспін.
Николай Викторович: Дәл солай, жолдас Шалва Зурабович. Ағылшын басқыншылары артық қимыл жасатпайды. Ыстамбұл Шоқаевқа саяси жұмыс жүргізуге қолайлы емес.
Михаил Петрович: Большевиктерден қашқан эмигранттар осында ағылып келіп жатыр. Біздің босқындардан көшеде жүру мүмкін болмай қалды.
Николай Викторович: Шалва Зурабович, жоғарыдан тапсырма келді ме? Шоқаевтың шаруасын осы жерде бітірейік пе?
Шалва Зурабович: (Оларға жақтырмай қарап) Жоқ. Оның бір тал шашы жерге түспесін. Шоқаевқа ойлануға тағы уақыт берілді. Бұл жоғары жақпен келісілген шешім.

ІV КӨРІНІС

Франция. Парижде жүрген эмигранттардың жиналысы. Әртүрлі ұлттардың өкілдері аралас. Арасында Мұстафаны аңдып жүрген БМСБ қызметкерлері де бар. Олар қарапайым киім киген. Александр Керенский бастаған «Дни» газетінің қызметкерлері де қатысып отыр. Мұстафа мен Мария қолында домбырасы бар Әміре Қашаубаевты ертіп келеді.
Мұстафа: Қайырлы күн ханымдар мен мырзалар! Қазақ халқының атақты әншісі, жерлесім Әміре Қашаубаевты таныстыруға рұқсат етіңіздер.
Мехмет Емин Расулзаде: О, Әміре мырза, сізді көргенімізге өте қуаныштымыз. Кешеден бері бүкіл Париж халқының аузында тек қана сіздің салған әндеріңіз жәйлі болып жатыр. Неткен дауыс!
Тахир Шағатай: Ғажап дауыс! Бүкіл ұлы сахара Парижге көшіп келгендей әсерге бөлендім. Көңіл күйіңіз болса, бізге бір ән салып бермес пе екенсіз? Мұндай сәт, мұндай мүмкіндік бес ғасырда бір-ақ рет болатын шығар? Соны пайдаланғым келгеніне ғафу етіңіз.
Александр Керенский: (мысқылдап, Әміреге жақтырмай қарайды) Мырзалар, мырзалар! Біз мұнда әлдекімнің түсініксіз тілде салатын әнін тыңдауға жиналмаған шығармыз? Негізгі тақырыбыздан ауытқымайық.
Мұстафа: Александр Феодорович, кеше концертке келмедіңіз ғой. Біз сол концерттің әдемі әсерінен әлі арыла алмай отырмыз.
Дауыстар: Рас айтасыз, Мұстафа мырза. Александр Феодорович, тыңдап көріңіз.
Александр Керенский: (немкеттілеу) Қоймадыңыздар ғой. Тыңдасақ, тыңдайық.
Мұстафа: Ал Әміре, мұнда жиналып отырғандар саяси ірі қайраткерлер. Тартынба. Аңыратшы бір әніңді, бауырым! Көрсетші, қазақ әнінің құдіретін!
Өзі де арқандаулы асау аттай тықыршып тұрған Әміре Қашаубаев тамағын жөткірініп, домбырасын күйлеп алып сағынышқа толы ән салады. Отырғандар сілтідей тынады. Керенский есінен таңғандай Әміре мен домбырадан көзін алмай сілейіп қалған. Ән орындалып біткен кезде тыңдаушылар ду қол шапалақтап, әншіге ерекше құрмет көрсетеді.
Мұстафа: (Ерекше толқып, тебіреніп) Айналайын, Әміре бауырым, қайда жүрсең де бір Алла өзіңе жар болғай! Келесі жолы ата мекеніміз Түркістанда кездесейік деп тілеймін. Сол күнге бәріміз аман-есен жетейік! Бар бол, нар бол! Бүкіл түркі дүниесінің мәшһүр әншісі болу бақытына жеткейсің!
Мехмет Емин Расулзаде: Міне, түріктің ұлы сарыны! Асқақ рухы! Ата-бабаларымыздың таңғажайып жорықтары, аттардың шапқан дүбірі, өзен суларының сарыны, аспандағы қаздарының қаңқылы көз алдыма елестеп қатты толқып тұрмын. Жолың болсын, бауырым!
Алимардан Топчыбашев: Туысқан түрік халықтары бас қосқан ерекше салтанатында ән салатын санаулы саңлақтарымыздың бірі екенсіз. Сол ұлы тойда басымыз қосылсын деп тілеймін.
Әміре: Сіздерге қазақ сахарасының әнін тыңдатқаныма өзім де ерекше толқып тұрмын! Аман болыңыздар! Кезекті репетицияма баратын уақытым тақап қалыпты. Сіздер рұқсат берсеңіздер, мен жүрейін.
Дауыстар: Бүгін кешке Кеңестер Одағынан келген әншілердің концертіне барамыз. Сау болыңыз, Әміре мырза!

Әмірені екі жігіт шығарып салуға бірге кетеді. Көпшіліктің арасында қарапайым киіммен жасырын отырған БМСБ тыңшылары Әмірені суретке түсіріп алады.

Александр Керенский: (жанындағы көмекшісіне, сыбырлап сөйлейді) Түркі халықтарының бір-біріне осыншама бауыр басуы мені қатты шошытады.
Керенскийдің көмекшісі: Иә, бұл жақсы емес.
Александр Керенский: Жаратқам ием, бұлардың басын біріктіре көрме. Мұндай идеяның тас талқанын шығару үшін, қас жауыма айналған большевиктермен бірігуге де дайынмын. (Олардың бұл сөздерін Мұстафа естіп қалады)
Мұстафа: (Жиналған көпшілікке қарап, дауысын көтеріп сөйлейді) Біздің мақсатымыз Түркістанды Кеңестер Одағынан бөліп алу. Бұл ұлттық мұратымыз, ұлттық арман-мүддеміз.
Александр Керенский: Мұстафа мырза, сағым қууды қою керек қой.
Мұстафа: Александр Феодорович, біз осы идея үшін қызмет етіп келеміз. Атамекеніміздің ішкі және сыртқы күштерін осы идея төңірегінде жұмылдырамыз.
Александр Керенский: Бұл сағым. Күлкілі былшыл. Босқа әуре болмаңыздар.
Мұстафа: Александр Феодорович, сіз өзіңізді әлі Ресейдің үкімет басшысы сезінетін сияқтысыз.
Александр Керенский: Мұстафа мырза, мен сізді сауатты, іскер тұлға ретінде танушы едім.
Мұстафа: Мен кім көрінгенге ұнау үшін мақсат-мұратымды өзгерте алмаймын.
Александр Керенский: Өз басым қайда жүрсем де халқымның мүддесіне қызмет істеймін.
Мұстафа: Соңғы кездері түркістандықтарды ашық кемсітіп, өзіңіздің шынайы пиғылыңызды көрсете бастадыңыз. Бұған өз газетіңізде менің халқымды кемсітіп жазған сауатсыз, білімсіз адамдардың мақалаларын басып жатқаныныз дәлел.
Мехмет Емин Расулзаде: Дұрыс айтасыз, Мұстафа мырза. Газеттің өткендегі санындағы бір мақалада қазақтарды «орангутанға» теңеген оспадарсыз дүниені оқып таңдандым.
Мұстафа: Міне, мәселе осында. Александр Феодорович, бізді «хайуан», «орангутан» атандырып, одан тәуірлеу теңеулерді қиғысы келмеген ойы бұзық адамның мақаласын өз газетіңізден ерекше орын бергеніңіз түркі дүниесіне деген көзқарасыңызды аңғартады. Бұған төзу мүмкін емес.
Александр Керенский: Кешіріңіз Мұстафа мырза, менде сіздерді кемсіту деген ой болған емес. Газетте жарық көрген мақалалар бас редактордың көзқарасын білдірмейтінін есіңізге саламын.
Мұстафа: Александр Феодорович, бұлай жалтармаңыз. Сіз түркі халықтарының бірігу саясатына ашық қарсылық білдіріп жүрсіз.
Александр Керенский: Оныңыз рас. Мен Ресейден бөлінгісі келетін ұлттардың болашағына қатты алаңдаймын. Олардың дербес, өз алдына ел болып кететініне сенбеймін. Халық босқа қырылады.
Мұстафа: Бұған қандай дәлелдеріңіз бар?
Александр Керенский: Түркі халықтары экономикалық реформалар жасауға қабілетсіз. Төңірегіндегі өктем елдердің жетегінде кетеді.
Мұстафа: Қатты қателесесіз.
Александр Керенский: Мұстафа мырза, сөзімді бөлмей тұра тұрыңыз. Ұлы орыс империясы оларды аман сақтап, аялы алақанына салып отыр. Осы жағын неге ойламайсыз?
Мұстафа: Түркі дүниесі қаншама ғасырлар өз көршілеріне салық төлетіп, дұшпандарын шекарадан аттатпай қуып тастап отырған батыр, жауынгер халық екені есіңізден қалай шығып кеткен?
Александр Керенский: Ол бәлкім бірнеше ғасыр бұрын болған шығар. Қазіргі жағдай мүлде басқаша, ескіріп кеткен ертегілер халыққа тамақ, киім, қорған болмайды.
Мұстафа: Сіз тарихи деректерді бұрмаламаңыз. Түркістанның басындағы қазіргі қиын жағдай мәңгілік емес. Түбі түркі халықтары бірігеді.
Александр Керенский: Мұстафа мырза, сіз не деп сандырақтап тұрсыз? Сіздер ешуақытта жеке мемлекет құра алмайсыздар. Бұған ешкім жол бермейді.
Мұстафа: Мен емес, сіз сандырақтап тұрсыз. Біз тәуелсіздік жолындағы күресімізді әлдекімдердің әсерімен жүргізіп отырған жоқпыз. Сіздердің Ресейден бөлінгісі келетін халықтарға қарата айтқан үндеулеріңізге сенбейміз.
Александр Керенский: Байқаңыз, Мұстафа мырза! Сіз отпен ойнап тұрсыз. Қырық бірінші есікті қағуға болмайтынын ұмытпаңыз.
Мұстафа: Александр Феодорович, екеуіміз сөйлесетін ортақ мәселе қалмапты. Сізбен бұдан былай біздің жолымыз екіге айырылады. Хош болыңыз!
Александр Керенский: Байқаңыз, Мұстафа мырза, кейін қатты өкінетін боласыз.
Керенский жанындағы серіктерімен шығып кетеді. Олардың соңынан БМСБ қызметкерлері де шығады.
Николай Викторович: Мына Керенский адам танымастай өзгерді.
Михаил Петрович: Иә, Шоқаев екеуі ашық айқаса бастады. Бұл бізге тиімді.
Николай Викторович: Керенский Ресейдің мүддесін қорғауға бел байлапты. Бұған осы жолы көзім анық жетті.
Михаил Петрович: Орыс эмигранттарының қолдауына ие болмаса, Шоқаевтың жағдайы өте қиын болады.
Николай Викторович: Михаил Петрович, ол соған қарамастан Керенскийге оқтай атылғаны несі?
Михаил Петрович: Соңғы кездері Шоқаев біресе Германияға, біресе Польшаға жиі барғыштап кетті.
Николай Викторович: Мұнысы тегін емес. Бір гәп бар-ау!
Николай Викторович: Михаил Петрович, менімше Шоқаев тығырыққа тірелді.
Михаил Андреевич: Жоқ, ол кез-келген қиын жағдайда да жол тауып кетеді. Қу түлкі ғой.
Николай Викторович: (басын шайқап) Меніңше, ол дәл қазір жалғыз қалды.
Николай Викторович: Шоқаевты қаншама жылдар аңдып жүрміз. Еш нәтиже жоқ.
Михаил Петрович: Бұны баяғыда жер жастандыру керек еді. Енді тым кеш болып кетті.
Николай Викторович: Оның есімі өз елімізге құбыжық болып естілгенімен де, бүкіл Европа оның пікірлеріне құрметпен қарайтынын байқадым.
Михаил Петрович: Иә, бұл эмигранттардың арасындағы белгілі саяси тұлғаға айналды.
Николай Викторович: Оған қастандық жасалатын болса, бірден Кеңестер үкіметіне сөз келеді.
Михаил Петрович: Иә, елде Шоқаевпен байланысы бар адамдардың барлығы да қамалды, айдалды, атылды.
Николай Викторович: Сәті түсер, мұның да кезегі келер. Бірақ оны сен екеуіміз емес, басқа біреулер орындайтын сияқты.
Михаил Петрович: Екеуімізді Мәскеуге неге шұғыл түрде шақырып жатыр екен?
Николай Викторович: Ол жағын білмедім. Соған қарағанда бізге Шоқаевтан да маңызды бір іс тапсыратын болар.
Екеуі бір-бірне сұраулы жүзбен қарап қалады. Жарық ақырын өшеді.

V КӨРІНІС

М.Шоқай Париждегі кітапхана залында өзінің ең жақын достарымен жасырын кездесу өткізіп отыр.
Мұстафа: Мырзалар, барлығыңызды аман-есен көргеніме шын жүректен қуаныштымын. Бүгін Түркістан ұлттық бірлігі ұйымының жұмысын ары қарай қалай жүргіземіз, соған ақылдасу үшін шақырған едім.
Мехмет Емин Расулзаде: Өте орынды, бұл бәріміздің көкейімізде жүрген өзекті мәселе ғой.
Мұстафа: Өздеріңіз жақсы білесіздер, Кеңестер Одағы Ұлттар Қоғамына мүше болғаннан бастап бізді қолдаушылар азая бастады.
Алимардан Топчыбашев: Дұрыс айтасыз. Біздің наразылығымызға ешкім құлақ аспады.
Мұстафа: Өкініштісі, сол меморандумға ешбір мемлекеттің мән бермегендігі, бізге үлкен соққы болды.
Мехмет Емин Расулзаде: Көпшілігі Кеңестер үкіметінің уақытша еместігіне көздері жеткеннен кейін, онымен санаса бастады.
Мұстафа: Иә, Түркияның «Яш Түркістан» журналын кіргізуге тыйым салуы біздің сағымызды сындырды.
Тахир Шағатай: (Ашынып) Бүкіл түркі дүниесімен біріктіріп тұрған журналымызды кіргізбегені бізді есеңгіретіп жіберді.
Алимардан Топчыбашев: Дүниежүзілік қайшылықтар шиеленісіп барады. Мына соғыстың немен тынары әлі белгісіз.
Мехмет Емин Расулзаде: Польша мемлекеті бізді жақсы қолдап еді. Амал не, Германия мен Кеңестер Одағының қысымына ұшырады.
Мұстафа: (Мұңайып) «Прометей Одағында» бірге жұмыс жасаған біраз жігіттермен байланысымыз үзілді.
Мехмет Емин Расулзаде: Барлық мемлекеттерден тыныштық кете бастады.
Мұстафа: Сондықтан бірлігімізді нығайту керекпіз. Қазір бізге жан-жақтан төнген қауіпті білесіздер.
Алимардан Топчыбашев: Біздің әрбір іс-қимылдарымызды большевиктік баспасөз өзінің назарында ұстап отыр. Олардың біз туралы жазғандары бір-біріне өте ұқсас. «Фашистер», «империализм малайлары», тіпті «Шоқай фашистері» деген сөздері де бар.
Тахир Шағатай: Мұның бәрі кеңес халқын шатастыру мақсатында большевик идеологтары тарапынан әдейі құрастырылған жалған дақпырттар ғой.
Мехмет Емин Расулзаде: Бұл атамекендегі бауырларымызбен байланысымыздың күштілігіне олардың күйініп отырғанын байқатады.
Мұстафа: Сол ғой, біртіндеп халықтың санасын улап жатыр. Менің отандастарымның осындай жалған сөздерге сеніп отырғанына жаным ауырады.
Мехмет Емин Расулзаде: Сондықтан да біздің күресімізді шпиондыққа теңейді.
Мұстафа: Олар ұлттық рухымызды өшірумен тоқтамайды. Ол бәрінен бұрын өзімізге түрікшілдікті ең жексұрын, ең залалды нәрсе етіп көрсетіп отыр.
Мехмет Емин Расулзаде: Шынымен де, қыспақта қалған түркі тектес халықтардың аз мерзімде орыс рухын сіңіре бастағаны мені қатты алаңдатады.
Мұстафа: Мехмет, алдағы уақытта бұдан да зор қиянаттар жасалады.
Мехмет Емин Расулзаде: Осы екпінмен кете берсе, солай боларына шүбәм жоқ.
Тахир Шағатай: Мұстафа мырза, сіздің пікірлеріңізбен келіспей жүргендерді білеміз.
Мұстафа: Менің көзқарасыммен келіспейтіндер жоқ деп айта алмаймын.
Мехмет Емин Расулзаде: Сіз осы жолға қаншама уақытыңызды сарп еттіңіз ғой.
Мұстафа: Тізе қоса отырып күрессек, халқымыз сарғая күткен азаттыққа қол жеткізе аламыз.
Алимардан Топчыбашев: Қазір европа үшін негізгі қауіп коммунистер емес, фашистер бола бастады.
Мұстафа: Менің ойымша Сталин мен Гитлер екеуі де билікқұмар қанішерлер. Олардың бұл «достықтары» ұзаққа созыла қоймас.
Мехмет Емин Расулзаде: Ал екеуі бірігіп соғысса, не болар екен?
Мұстафа: Онда оларға ешкім қарсы тұра алмайды.
Алимардан Топчыбашев: Біздің күдігіміз ұлғайып барады. Егер соғыс болған жағдайда, түркістандықтардың тағдыры не болмақ?
Мұстафа: Қандай жағдай болса да, біз алған бетімізден қайтпаймыз.

Жиналыс күтпеген жерден үзіледі. Есік қағылып, қолдарында қаруы бар неміс солдаттары оқырмандар залында отырған барлығын таратып жібереді.

Мұстафа Шоқайдың Ножан-Сюр-Марндағы пәтері.
Мұстафа үстел басында терең ойға шомып отыр.

Мұстафа: (Монолог) Мен қолымнан келгенше елге қызмет еттім. Шет жерде жүріп, түркістандықтардың бас қосатын күнін аңсадым. Туған ел мен жерге деген шетсіз-шексіз алапат сағыныш, ағайын – туыстан үзіліп қалған хат-хабар, белгісіздік күн сайынғы Кеңестер Одағындағы жан шошытатын сұмдықтар жанымды жегідей жеді. Туыстарымның, таныстарымның қуғынға ұшырауы, түрмеге жабылуы, жазықсыз атылулары мені қатты қамықтырды. Кеңес үкіметі қазақтың кілең жақсы мен жайсаңдарын баудай қырды. Қайран, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мұхамеджан, Сұлтанбек, Хайретдин, Серәлі, Жақып, Жаһанша, Халел, Ғазімбек, Райымжан қайсыбіріңді айтайын, қайсыңды жоқтайын? Мен түркістандықтардың басын біріктіру жолындағы күресімді бір сәтке тоқтатпадым. Бүкіл дүниежүзіне түрік деген ұлы халық бар екенін, олардың құлдықта қалғанын айтумен, жазумен болдым.
Алла елімнің тәуелсіздікке қол жеткізгенін көруді нәсіп етсе, мен тек үгіт-насихат ісімен ғана айналысар едім. Жастар үкімет құрса, мен елімнің тарихын, басқа өзге халықтар туралы тамаша кітаптарды жазумен шұғылданар едім. Адамдар бір-бірімен араласуы керек. Халықтар өзара білім алысып, бірін-бірі терең танып, түсініп, жарасымды қатынас дәрежесіне көтерілсе, сонда ғана халықтар федерациясын құруға жол ашылар еді. Әттең!
Мария Мұстафаның сөздерін естіп, жылап тұрады.
Мария: (Мұстафаның жанына келіп, иығынан сипайды, құлазып тіл қатады) Иә, менің сүйікті Мұстафам! Сенімен бас қосқалы бір сәт қол қусырып бос отырғаныңды көрген емеспін. Мен сенің ішкі жігер қайратыңа, күрескерлігіне екі дүниеде тәнтімін!
Мұстафа: Кеудемді ауыр мұң басты. Соңғы кездері, дүниежүзіндегі дүрбелеңге қарап туған елге қайта алмайтын сияқты бір ойлар басымнан шықпай қойды.
Мария: Германия Францияны басып алғаннан бері көптеген эмигранттар Америкаға кетіп қалғанын білесің ғой. Біз не істейміз?
Мұстафа: Маған қиын сәтте пана болған мемлекетті тастап кету, өз отаныңды тастап кетумен бірдей. Ешқайда да бармаймын.
Мария: Мен сенің ешқайда да кетпейтініңді іштей сезген едім. Қандай шешім қабылдасаң да, сенімен біргемін.
Мұстафа: Қандай жағдай болса да архивімді аманатқа сақтау камерасына тапсырамын да, Ногентте қаламын.
Мұстафа: Соғыстан бас тарту керек, соғысты болдырмау керек. Жер бетінде барлық адамға орын жетеді.
(Кенет сыртқы есік қағылады. Мария есікті ашқан кезде қолында қаруы бар үш неміс солдаты Мұстафаның тез жиналуын талап етеді).
Мұстафа: (сұраулы жүзбен солдатқа қарайды) Мені қайда апармақшысыздар?
Неміс солдаты: Германияның Кеңес үкіметіне соғыс ашуына байланысты, большевиктерге қарсы болған эмигранттарды «Кампиенге» жер аударып жатыр. Сіз де сол үшін тұтқындалдыңыз.
Мұстафа: (мазасызданып) Германия Кеңестер Одағына қарсы соғыс ашса, менің түркістандықтарым не болар екен?
Мария: (қатты шошып кетеді. Қолына түскен Мұстафаның киімдерін асығып сумкаға сала береді.) Мұстафа, қайда барсаң да хат жазуды, хабар беруді ұмытпа.
Мұстафа: Алаңдама, жаным! Міндетті түрде саған хабар беремін.

Неміс солдаттары Мұстафаны алып кетеді.

VІ КӨРІНІС

Берлин. Мұстафа тұтқындардың мәселесін шешу үшін неміс офицерінің кабинетінде отыр.

Мұстафа: Офицер мырза, соғыс тұтқындары болған менің отандастарымның жағдайы өте ауыр. Олардың барлығы аш-жалаңаш күйде қырылып жатыр.
Неміс офицері: (Мұстафаға мысқылдай қарап) Біз үшін тұтқындардың барлығы бірдей. Оларды мәпелеп отыруға біз мүдделі емеспіз.
Мұстафа: Мен тұтқындардың жай-күйі мұнша нашар деп ойламаған едім. Аштық пен аурудан қынадай қырылып жатқан түркістандықтардың тағдырына бей-жай қарай алмаймын.
Неміс офицері: Соғыс ешкімді аямайды. Бұл соғыс уақытында болатын жағдайлар.
Мұстафа: Тұтқындар қазіргі қазан айының суықтығына қарамастан өздері қазып алған үңгірлерге түнеп жүр. Лагерь тәртібінен сәл ғана ауытқығандары үшін дүре соғылады немесе оққа ұшады. Мұндай жағдайлар басқа да лагерьлерде де болып жатыр.
Неміс офицері: Сізге ұнамаса, тұтқындармен айналысатын комиссия бастығына шағымданыңыз.
Мұстафа: Мен лагерьлерді аралап көрген сайын түңілемін. Бұл қорқынышты жағдайлардан соң менің тіпті де өмір сүргім келмейді.
Неміс офицері: Шоқаев мырза, сіздің Кеңес үкіметіне қарсы күрескеніңізді, Польшаның қолдауына ие болғаныңызды, Шығыс Түркістан мен Түркия еліндегі жоғары беделіңізді біз жақсы білеміз. Сол үшін де сізге қатты сөз айтпай, әдеп сақтап отырмын.
Мұстафа: Сіздер немістер, өздеріңізді Еуропадағы ең мәдениетті адамдармыз деп есептейсіздер. Егер сіздердің мәдениеттеріңіз менің көріп жүргенімдей болса, онда мен сіздерге де тұтқындардың шеккен азабын көрулеріңізді тілеймін. Сіздер ХХ ғасырда өмір сүре отырып, ХІІІ ғасырдағы Шыңғыс ханның жасаған зұлымдығынан асырып жібердіңіздер. Мәдениетті халықпыз деп айтуға хақыларыңыз жоқ.
Неміс офицері: (Орнынан тұрып, ары бері жүріп кетеді) Пікіріңізді өте тура, ашық айтып отырсыз, мұныңыз артық емес пе?
Мұстафа: Егер сіздер осыған байланысты маған ату немесе асу жазасын берсеңіздер де разымын. Мұндай мәдени қоғамда өмір сүргеннен гөрі өлгенім артық.
Неміс офицері: Сіз осы уақытқа дейін Кеңес үкіметінің, большевиктердің құлауын күттіңіз. Енді неге бізбен бірігіп, сол ойыңызды жүзеге асырмайсыз?
Мұстафа: Жоқ, мен ешуақытта да фашистермен ауыз жаласпаймын. Өз халқымның өзгелерге құл болғанын қаламаймын. Біз ұлан-ғайыр кең байтақ жерімізде ешкімге жалтақтамай еркін өмір сүретін боламыз.
Неміс офицері: (Мысқылдап) Арманыңыз тым асқақ екен! Бұлай бола қоймас.
Мұстафа: Көңіліңізге келмесін, тұтқындарға жасалып жатқан айуандықтардан жаным түршікті. Лагерьлерден әр қайтқан сайын басы мылжаланған бірнеше мүрделерді өз көзіммен көрдім.
Неміс офицері: Соғыс адамдарды аямайды. Жояды.
Мұстафа: Офицер мырза, түркістандықтар мен кавказдықтардың ішінде себепсіз атылғандары өте көп. Кеше 35 мұсылман тұтқынның сүндеттелгені үшін еврейлер ретінде өлімге бұйырылған жерінен әрең құтқарып қалдым. Мен көрмей қалғандары қаншама?!
Неміс офицері: (Мұстафаға жақтырмай қарап) Сізге айттым ғой. Соғыс тек жалмайды. Кімнің күші басым болса, әлсізді өлтіреді.
Мұстафа: (Қатты күйзеліп сөйлейді) Біз барлық халықты құрметтеуге тиіспіз. Мемлекет үшін бір халықтың өзге халықтан артықшылығы жоқ. Жаман ұлттар жоқ, жаман адамдар бар, мейірімді мемлекеттер жоқ, мейірімді адамдар бар.
Неміс офицері: (Мұстафаның жүзіне таңдана қарап, сүйсініп, еріксіз тыңдап қалады, бірақ онысын сездірмеуге тырысады) Сонда менен нақты не көмек сұрап отырсыз?
Мұстафа: Мен өз отандастарымның жазықсыз қырылуына жол бермеймін. Тұтқындардың лагерьлердегі жағдайларын жақсартуды өтініп басшыларыңызға ашық хат жаздым. Соны жеткізіп беруіңізді сұраймын.
Неміс офицері: Жақсы, қолымнан келгенше апарып беруге тырысайын.
Неміс офицері хатты алып шығып кетеді.

Мұстафа сахна ортасына келеді
Мұстафа: Қайран менің, отандастарым! Мен сендерді осындай күйде көремін деп ешуақытта ойламаппын. Барлық тілегіміз Кеңестік Ресейді, большевиктерді жеңіп, өз алдымызға Түркістан мемлекетін құру еді ғой. Енді менің көз алдымда жазықсыздан-жазықсыз соғыс құрбанына айналып жатырсыңдар. Менің қолымнан ештеңе келер емес. Бар болғаны неміс басқыншыларына жалынып-жалбарынып сендерді босатуларын өтіндім. Бірақ, олар сөз ұғатын халде емес. Мұны көргенше қара жерге кіргенім артық еді. (Қап-қара болып қатты түтігіп кеткен Мұстафа өзін өте жайсыз сезініп, жүрегін ұстап жерге жүресінен отыра кетеді.)

Сахнаға қара киім киген Мария шығады
Мария: Мұстафа үйге қайтып оралмады. Ол 1941 жылдың 27 желтоқсанында белгісіз жағдайда Берлинде қайтыс болды. 31 желтоқсан күні Мұстафаның мәйітін көруге «Виктория» ауруханасына бардым. Аурухананың кең ауласына жүгіріп кірдім. Морг подвалға орналасқан, іші жап-жарық екен. Мұстафа шыны қабырғаның ар жағында ағаш табыттың ішінде жатты. Үстіңде жібек пижамасы бар. Бетін ақ салфеткамен жауып қойыпты, қолдары айқасқан, ұйықтап жатқанға ұқсайды. Қарсы қабырғада табыттың қақпағы тұр. Мен Парижден құран мен сәлде әкелген болатынмын. Қолының үстіне құранды қойдым, тақия мен сәлдені мұсылмандардың әдетіндей басына кигіздім.
1942 жылдың 2 қаңтарында Мұстафаны Берлиндегі мұсылман бейітіне жерледік.
Хош бол, менің Мұстафам! Жаның жәннатта болсын, арманына жете алмаған ардағым!

VІІ КӨРІНІС

Өскемен қаласы. Сот залы.
Данияр Берікұлы: 2012 жылдың 18 мамырында болған сотта ақын Байбөрі Бек-Арыстанның Мұстафа Шоқаев туралы орыс тілінде жарық көрген мақалаларды жазған журналистерге қатыcты талап-арызы қанағаттанырылған жоқ. Сот үкіміне келіспеген ақын Шығыс Қазақстан облыстық апелляциялық сотқа қайта шағымданған болатын. Соған байланысты, 2012 жылдың 12 шілдедесінде өткізілген сотта қалалық соттың шешімі күшін жойып, төмендегідей үкім шығарылды: 1.Мұстафа Шоқаевқа байланысты журналистер тарапынан жазылған мақалалардағы «Мұстафа Шоқаев-Қазақстан мен Орта Азияның бола алмай қалған әміршісі, фашистік ұйымның басшысы», «Түркістан легионын құру үшін фашистермен сыбайласқан», «Мұстафа Шоқай – қазақтың Власовы, фашистердің құйыршығы» деген ғайбат айыптаулары негізссіз деп табылсын. 2.Газет редакциясы ақынға 100 000 тенге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Іс бойынша сот шығындарына жұмсалған Байбөрі Бек-Арыстанның қаражаты қайтарылсын.
Ал, бүгін 2012 жылдың 27 қыркүйегінде өткізіліп жатқан үшінші сотта Мұстафа Шоқаевтың ешқандай да фашистердің «құйыршығы», өз халқына қарсы ешқандай да ұйымның мүшесі болмағаны анықталды. Мұстафа Шоқаевтың қайраткерлік ісіне байланысты арнайы құрылған комиссия оның өз халқына, Отанына, жалпы адамзатқа қарсы ешқандай қылмыс жасамағанын анықтады. Қылмыскер болмағаны дәлелденді. Керісінше, Мұстафа Шоқаев күллі түркі халықтарының басын біріктіру жолында, шетелде эмиграцияда жүріп, үлкен істер тындырған ірі қайраткер екендігіне көз жеткізілді. Сондықтан Алматы, Қызылорда, Өскемен қалаларындағы көшелерге оның есімі берілген. Парижде, Ножан-сюр-Марн қалаларында оған арналып ескерткіш қойылған. Байбөрі Бек-Арыстанның «Мұстафа Шоқай жолымен» 4 сериялы деректі фильмі ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешімімен жалпы білім беретін мектептер мен оқу орындарының бағдарламасына енгізілген. Сондықтан ШҚО апелляциялық сот коллегиясы төмендегідей қаулы қабылдады: Сот үкімі бұрынғы қалпында өзгеріссіз қалады, жауап беруші журналистердің талап-арыздары қайта қаралмайды.
Ақын: Сот мырза, сіздің шешіміңізді тағатсыздана күтіп отырған халықтың, ел мен жердің атынан алғысымды айтамын.
Данияр Берікұлы: Қазақ халқының Мұстафадай ерлерінің тәуелсіздік үшін жасаған ұлы істері ешуақытта да ұмытылмайды.
Ақын: (жігерленіп, толқып оқиды).
Уақыт шіркін ағын судай өтеді,
Тарихымыз ұмытылмайды кешегі.
Мұстафаның қасіретін о, Алла-ай!
Әлі күнге ұқпайтындар жетеді.
Осы жолда қанша жанмен достастым,
Қанша доспен қимасам да қоштастым.
Алматыда өлең үшін алысып,
Өскеменде Шоқай үшін соттастым.
Ардақтым ол, есімнен бір шықпайтын,
Тұлға таптым бұл ісімді құптайтын.
Жанды көрсем пергім келіп тұрады,
Мұстафаның қасіретін ұқпайтын.
Шексіз сүйді ол Түркістанның тауларын,
От боп жанып, алау болып лауладың.
Ешқашанда илікпейтін, қайтпайтын,
Өскеменде сотта көрдім жауларын.
Даңқын оның аз ба адамдар күндейтін,
Аз ба адамдар түсінбейтін, тілдейтін.
Талай қандас пақыр көрдім, япырай,
Мұстафаның кім екенін білмейтін.
Бәйтергім, асқар тауым, еңселім,
Ойларыңнан қуат алам жеңсе мұң.
О, дүниеге ала кеткен өзіңмен,
Қасіретіңнен айналайын мен сенің.
Ғасырларға шашып тұрған жарығын,
Түсінбейтін пенделерге налыдым.
Соңғы түрік қалғанша сен тірісің,
Қасиетіңнен айналайын, Алыбым!

ШЫМЫЛДЫҚ ЖАБЫЛАДЫ

Пікір қалдыру