«ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ» ПӘНІН ОҚЫТУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Мейрамгүл НҮСІПБЕКОВА 

Қазақ әдебиетін мектепте оқытудың әдістемесі жасалған. ЖОО-дағы болашақ педагогтар онымен толық танысып, терең білім игеріп шығады. Ұлттың жаны болатын қазақ әдебиетін оқыту теорияға қарағанда тәжірибелік жағынан алғанда басқа қырынан танылатыны да рас. «Қазақ әдебиеті» пәні жалпы білім беретін мектептерде білім «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысымен бекітілген Орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына» сай Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 12 наурызда № 18382 болып тіркелді) бекітілген үлгілік оқу бағдарламалары негізінде тақырыптық күнтізбелік жоспар жасалынып оқытылады. Әдебиет – сөз өнері. Адам жүрегін тербетіп, ақылын таразылап, тілін кестелеп айтқан сөз орнында тұрса ғана әдебиет деген өнер пайда болады.
Сол өнерді қалай оқытып жүрміз? Оқыту процесінде мынадай екі түрлі қызмет жүзеге асады. Бірінші мәселе – мұғалім оқытуы, екінші мәселе – оқушының оқуы. Әдебиетті оқытуда әдіс-тәсілдер мол-ақ, бұрыннан келе жатқан дәстүрлі зерттеу әдісі, өзіндік жұмыс әдісі, мәтінді көркемдеу, мәнерлеп оқудың орны ерекше. Заман талабына сай жаңартылған білім мазмұнына сай жүзден астам тәсіл сабақтарда кеңінен қолданылады. Мектепте «Қазақ әдебиеті» пәні көркем әдебиетті, әдебиет тарихын, әдебиет теориясын, әдебиет сынын қамтиды. Жағартылған білім мазмұны бағдарламасы да осыған негізделген. (1-сурет)
Жоғарыда айтылған «Стандарт» пен «Бағдарламаға» сәйкес оқулықтар жасалған. Сөзім нақты болу үшін 5-сыныптың «Қазақ әдебиеті» оқулығынан мысал келтірейін, 5-сыныпта аптасына 3 сағат, жылына 102 сағат оқытылады.
1. «Қазақ әдебиеті» пәндік білімнің мазмұны бөлімдерге бөлінген: түсіну және жауап беру, анализ және интерпретация, бағалау және салыстырмалы анализ, сонымен қатар, дағдыларды қалыптастыратын бөлімшелерден тұрады. Бағдарламаның бұл бөлімі пән бойынша оқу мақсаттарынан тұрады:
1) Түсіну және жауап беру: әдеби шығармаға сюжеттік-композициялық талдау жасау арқылы идеялық мазмұнын түсіну, әдеби шығарманың жанрлық табиғатын тану, көркем шығармадағы кейіпкерлер жүйесін жинақтау мен даралау, көркем шығармалардан алған үзінділерді шығармашылық жұмыстарда қолдану, ұлттық құндылық-тардың маңыздылығын контекстермен үндестіру;
2) Анализ және интерпретация: әдеби шығар-маның әртүрлі композиция лық ерекшеліктерін талдау, автор бейнесінің шығармадағы белгілі бір оқиғадағы көрінісі, шығармадағы көркемдегіш құралдардың орны мен қызметін ашу, көркем шығармада көтерілген мәселелерге талдау жасау арқылы шығармашылық жұмыс жазу, қазақ әдебиеті мен әлем әдебиетіндегі ортақ құндылықтарды анықтау;
3) Бағалау және салыстыру: шығарманың тарихи және көркемдік құндылығын анықтап, бағалау, көркем шығармадағы көтерілген мәселелердің жаңашылдығына баға беру, шығарманың идеясын адамгершілік құндылық тұрғысынан талдап, әдеби эссе жазу, ғылыми еңбектерді негізге ала отырып, әдеби сын жазу.
Бұл сыныпта оқуға қамтылған шығармалар «Таза, мінсіз асыл сөз» бөлімінде «Керқұла атты Кендебай», «Қобыланды батыр», «Асан қайғының жерге айтқан сынын» оқиды. «Тәрбиенің қайнар бҧлағы» бөлімінде Дулат Бабатайұлы «О, Ақтан жас, Ақтан жас» өлеңі, Ы. Алтынсариннен «Қыпшақ Сейітқұл» шығармалары оқытылады. Оқу мақсаттары:
5.Т/Ж1. Әдеби шығарманың жанрына қарай фабуласы мен сюжеттік дамуын сипаттау
5. Т/Ж2. Әдеби шығарманың тақырыбы мен идеясын анықтау
5. Т/Ж3. Көркем шығармадағы кейіпкерлер портреті мен іс-әрекеті арқылы образын ашу
5. А/И1.Әдеби шығармадағы екі нәрсені салыстыра суреттеулер мен қарама-қарсы суреттеулерді табу
5.Т/Ж3. Көркем шығармадағы кейіпкерлер портреті мен іс-әрекеті арқылы образын ашу.
5.Б/С3. Шығармадағы кейіпкерді өзіндік құндылығы тұрғысынан талдап, әдеби эссе жазу.
5. Б/С2.5 Кейіпкерлерді шынайы өмірмен салыстырып бағалау
5. А/И3. Шығармадағы тілдік бейнелеу, суреттеу құралдарының (теңеу, эпитет, ауыспалы мағынадағы сөздер, қайталау, өлең құрылысы) мағынасын анықтау;
Бұл жерде біз алдымен көркем шығармамен танысамыз, берілген бір үзіндіні оқимыз да әрі қарай талдауға көшеміз. Аптасына 3 сағат берілген соң, оқушы оқулықтағы әр жерден алынып, берілген үзіндіден ұққанына қарай талдайды, әрине, мұғалімнің көмегіне жүгінеді. Мақсат орындалғандай болады. Көркем шығарманы оқыту – оқушының сөз қадірін түсінерлік ойлау әрекетін дамыту, рухани дүниесін байыту, эстетикалық талғамын жетілдіру, адамгершілік қасиетін қалыптастыру,» – деген болатын әдебиет зерттеуші, ғалым, белгілі жазушы, ұлағатты ұстаз Қажым Жұмалиев. Оқушы әдебиет сабағында көркем шығарманы қабылдау керек. Бұл оңай үрдіс емес. Қабылдау деген сіз бере салғанды ол ала қоятын зат емес. Ол – оқушының өзінің жан қалауымен, жүрек сезімімен, рухани әрекетімен жүзеге асатын дүние. Қандай жақсы көркем шығарма болса да оқушы қабылдау үшін әрекет жасамаса, автордың жай күйзелісін, шалқар шабытын бойынан өткізіп, көркем суретті көз алдына елестетіп, келтіре алмаса бәрі бос сөз. Оқушыдағы осы сезімді ояту – мұғалімнің қолында, яғни, оқушыға әдеби білім беру, әдеби, эстетикалық, адамгершілік қасиеттерін дамыту үшін мұғалім әдебиетті оқыту барысында әдіс-тәсілдерді орнымен қолданады. Бір сөзбен айтқанда, жеке тұлғаны дамыту, қалыптастыру болып табылады.
– көркем шығарманы оқуға деген қызығушылығын, ынтазарлығын ояту, жоғары эстетикалық талғам мен қажеттілікті қалыптастыру;
– сөз өнерінің ерекшеліктерін түсініп, тануға, ой көзімен зерделеуге негіз болатын білім, білік, икем-дағдылар қалыптастыру;
– ойын сауатты ауызша (жазбаша) айта да, жаза да білу, байланыстырып сөйлеудегі тіл мәдениетін қалыптастыру және дамыту, өзіндік ой-пікірін дәйекті, жүйелі айта білуге баулу. Әдебиет – ұлттық танымның қайнаркөзі, сондықтан көркем шығармадан алынған үзінділерді оқулыққа ендіруде төмендегідей қағидалар басшылыққа алынғанын білеміз.
– Оқушы тілін дамыту негізінде оқырмандық біліктілікті қалыптастыру;
– Оқушылардың тілдік қатынасын коммуникативтік түрде дамыту;
– Ой, ойлану, ойлату барлық пәндерге де керек.
Ойсыз өмір сүру мүмкін емес. Бірақ бұл жердегі ерекше бір еске алатын мәселе өзіндік пікірде жатыр. Көркем туындыны оқытудың ең бастысы, сол көркем туынды туралы оқушы пікірі, ойына ерекше көңіл бөлген жөн. Бұл пәннің басқа пәндерді оқытудан өзгешілігі де, күрделігі де осында.
Көркем туындыны оқу бар да, талдау бар. Талдау оқусыз жүзеге аспайды. Оқу баланың өз еңбегімен жүзеге асыруы, талдау мұғалім, оның ұйымдастыруы, жобалауы, тиімді жағын ойластыруы арқылы жүзеге асады. Көркем мәтінді оқушы қалай оқып, қабылдайды, қандай ой туады, өз көзқарасын қалай жеткізеді – бұл оқушы мен мұғалімнің бірлескен еңбегінің жемісі болмақ.
Қазіргі әдістемеде талдау жасаудың 4 түрі жүзеге асырылады.
Қандай талдау түрі болса да не мақсат көзделеді? Бұл сұраққа әдіскер Қ.Бітібаеваның сөзін негізгі ала жауап берсек:
— оқушының туындыны қабылдауы, әсері, эмоциясын тану,
— эстетикалық талғамын қалыптастыруға сеп болу,
— таным қабілеті, ойлау белсенділігі мен дербестігін ҧштау,
— ең бастысы, көркем туынды бойынша талдау жасау, пікір айту жолдарын меңгерту /тақырыбы, авторлық идея, образдар жүйесі, сюжеттік-композициялық ерекшелігі, көркемдік-эстетикалық жағын т.б. кешенді түрде қарастыру/.
Көркем туындыны оқытып, сауатты талдауға қол жеткізу үшін автордың мақсат-мұратын, ойын білдіретін әрбір деталь, көркемдік тәсілді дәл танып, жазушы шеберлігін оқушыға дұрыс таныта білу керек. Енді 6-сынып қазақ әдебиеті пәніне тоқталайық: Абай Құнанбайұлының «Ғылым таппай мақтанба», «Бірінші сөз», «Жетінші сөз» «Отыз бірінші сөз» шығармаларын оқытуға төмендегідей оқу мақсаттары қойылған:
6.Т/Ж1. Әдеби шығарманың жанрын, фабуласын, сюжетін анықтау.
6. А/И1. Шығарма композициясындағы белгілі бір эпизодтың алатын маңызына негіздеме жасау.
6.Т/Ж4. Көркем шығармалардан орта көлемді үзінділерді мәнерлеп оқу, жатқа айту
6.Б/С4. Шығармада көтерілген мәселенің әлеуметтік рөлі туралы сыни хабарлама жасау.
6.Т/Ж4. Көркем шығармалардан орта көлемді үзінділерді мәнерлеп оқу, жатқа айту;
6.А/И1. Шығарма композициясындағы белгілі бір эпизодтың алатын маңызына негіздеме жасау;
6.Т/Ж2. Әдеби шығармада көтерілген әлеуметтік қоғамдық мәселені идеясы арқылы түсіндіру;
6.Б/С3. Шығармадағы кейіпкерлер қарым-қатынасын отбасылық құндылық тұрғысынан талдап, әдеби эссе жазу;
6.Т/Ж4. Көркем шығармалардан орта көлемді үзінділерді мәнерлеп оқу, жатқа айту;
6.А/И1. Шығарма композициясындағы белгілі бір эпизодтың алатын маңызына негіздеме жасау;
6.А/И4. Әдеби көркемдегіш құралдарды пайдаланып шығармадағы табиғат көрінісін, оқиға орнын, кейіпкер бейнесін сипаттап жазу;
6.Б/С3. Шығармадағы кейіпкерлер қарым-қатынасын отбасылық құндылық тұрғысынан талдап, әдеби эссе жазу;
6.Т/Ж2. Әдеби шығармада көтерілген әлеуметтік-қоғамдық мәселені идеясы арқылы түсіндіру;
6.А/И1. Шығарма композициясындағы белгілі бір эпизодтың алатын маңызына негіздеме жасау;
6.Т/Ж4. Көркем шығармалардан орта көлемді үзінділерді мәнерлеп оқу, жатқа айту;
6.А/И2. Эпикалық, поэзиялық шығармалардағы автор бейнесін анықтау;
Міне, өздеріңіз көріп отырғандай бағдарлама мақсаты, көркем әдебиеттің мазмұнын меңгеруден гөрі теориялық талдау жасау жағын молынан қамтыған. Бұл мақсаттар көркем мәтінді толық оқытудан гөрі, оқушыны өзге пікірді қабылдауды көздейді. Әрине, ғалымның пікірі құнды. Бірақ оқырманның көркем туындыдан алатын әсері қашан қалыптасады. 6-сыныпта оқитын баланың ұғымы осыны қабылдауға әзір ме?!
10-сынып (қоғамдық-гуманитарлық бағыт) «Қазақ әдебиеті» пәні бойынша (жылына 102 сағат, аптасына 3 cағат) дәл осы тақырыптар мен мақсаттар қайталанады. Бұл сыныпта Абайдан «Сегіз аяқ» өлеңі, «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Болыс болдым, мінеки», «Лай суға май бітпес қой өткенге», «Он жетінші қарасөзі», «Отыз екінші қарасөзі», «Отыз үшінші қарасөзі», «Ескендір» поэмасы, «Әлем және қазақ әдебиетіндегі ортақ құндылықтар» деген тақырыптар берілген. Оқу мақсаттары:
10.1.1.1 Әдеби шығарманың сюжеттік-композициялық құрылысын талдау арқылы идеялық мазмұнын терең түсіну;
10.2.2.1 Шығармадағы авторлық идеяның өмір шындығымен байланысын айқындау;
10.1.2.1 Әдеби шығармадағы көтерілген мәселелерді ұлттық мүдде тұрғысынан ашу;
10.1.4.1. Көркем шығармалардан алған үзінділерді ғаламдық тақырыптағы өзекті мәселелермен байланыстыру;
10.2.3.1 Шығармадағы көркемдегіш құралдар мен айшықтау амалдарының қызметін талдау;
10.3.2.1 Көркем шығармадағы көтерілген мәселелердің жаңашылдығына сыни тұрғыдан баға беру;
10.2.1.1 Әдеби шығарманың композициясын уақыт пен кеңістік тұрғысынан талдау;
10.2.4.1 Көркем шығармадағы көтерілген мәселелерге талдау жасау арқылы өзіндік пікірін қосып, шығармашылық жұмыс (эссе, әңгіме, өлең, әдеби және еркін тақырыптарға шығарма) жазу;
10.1.5.1 Шығармадағы ұлттық құндылықтардың әлемдік тақырыптармен үндестігін ашу;
10.3.4.1 Шығарманы идеялық жағынан мазмұндас туындылармен салыстыра отырып, әдеби сын жазу;
10.3.1.1 Шығарманы мазмұндас туындылардың үлгілерімен салыстырып, тарихи және көркемдік құндылығын бағалау;
10.3.2.1 Көркем шығармадағы көтерілген мәселелердің жаңашылдығына сыни тұрғыдан баға беру;
10.2.1.1 Әдеби шығарманың композициясын уақыт пен кеңістік тұрғысынан талдау;
10.1.4.1. Көркем шығармалардан алған үзінділерді ғаламдық тақырыптағы өзекті мәселелермен байланыстыру.
Оқу материалы мен оқу мақсаттарына қарап отырып, игерілетін материалдың оқушы ұғымына қаншалықты сай екендігіне ойланып қаласың. Мазмұн мен идеяны меңгеретін шығар, ал қалған талдаулар болашақ журналист, әдебиет пен тіл маманы болатын оқушыға ғана қажет екені анық, ал алдына ондай мақсат қоймаған оқушыға артық жүк екені де рас. Материалдың мұндай күрделі болуы көпшілік оқушыны құр жаттауға итермелейді. Мұның аты – білім негізін түсінбеу деген сөз. Ал жеңіл материалдың тез ұмытылу да мүмкін. Себебі, оны оқушы оңай игереді де, кейін оған оқушы көп назар аудармайды. Бұл сияқты көріністермен күресуде көптеген әдіс-тәсілдер қолданылып келеді. Оқушы білімінің тиянақты болуы, түсінігінің дұрыс қалыптасуы үшін жаңа сабақты түсіндіру процесінде оларды үнемі тартып, әрекетке араластырып отыру қажет.
9,10,11-сыныпта «Қазақ әдебиеті» деген оқулық әңгіме, хикаяттан бастап, атышулы роман, дилогия, трилогия, драмалық жанрларды, поэма, дастандарды, жырлар 78 мен айтыстарды түгел қамтиды. Былай қарағанда бәрі дұрыс сияқты, бірақ осы пәнді оқыту үрдісі мектептегі оқушының сөздік қорын дамытуға қаншалықты үлес қосады?! Отыз жыл сабақ берсем де, өзегімді өртейтін бір өкініш бар. Оқушыларым сол көркем шығарманың өзін, түп негізін оқымайды. «Отыз жыл сабақ беріп, енді неге оқыта алмай отырсың?» деген сұрақ көкейлеріңізде тұрғанын білемін. Бір сөзбен айтқанда, бағдарлама да оқулық та тек теорияға негізделген. Оны игеру үшін көркем шығарманың өзін оқып, негізінен нәр алу керек. Әр сабақта көркем шығарманы ғалымдардан кем талдамайтын оқушылардың ойында бірде бір жазушының, не ақынның бейнесі қалмайтыны қалай? Бұл аз ғана уақытта көп нәрсені оқытудан шығып отырған жоқ па?! Ары бармай-ақ, мынаған көз жүгіртейік. 1980 жылдары 5-сыныпта қазақ тіл мен әдебиеті пәнін аптасына 8 сағат оқыттық. Қазақ тілі 5 сағат, қазақ әдебиеті 3 сағат оқытылды. Оқыту әдебиеттік оқуға негізделді, бала ұғымына сай ғана талдаулар жасалды. Ал қазір 5-сыныпта 5 сағат оқытылады, оның 3 сағаты қазақ тілі, 2 сағаты әдебиет. Сол 2 сағатта көркем әдебиетті емес, әдебиеттің тарихы мен теориясын және әдебиет сынын оқытып кеттік, стандарт та, бағдарлама да, оқулық та соған негізделіп жасалып отыр. «Әдебиет» дейтін ғылымның көркем әдебиет, әдебиет теориясы, әдебиет тарихы, әдебиет сыны деген салаларын түгел осы 2 сағатта қамтитын болдық та, көркем әдебиет ысырылып шетте қалды. Әр аптадағы қазіргі 80 минут оқушыға не береді?! Қазіргі баланың өздігінен көркем шығарма оқымайтыны бәрімізге белгілі. Әр жыл сайын қазақ балаларының туған әдебиеттің нәріне қанатын уақытын неге қысқартып жатырмыз? Балаға таза көркем туынды оқытатын уақытты мектеп бағдарламасына енгізетін күн туа ма? Бұрынғы 80 жылдардағы 8 сағаттың бәрін орыс тілі мен ағылшын тіліне үлестірдік. 8 сағатты қысқартып, өзге пәндерге бердік. Сабақтан кейін түрлі спорттық үйірмеден (баскетбол, воллейбол, күрес, дзюдо, каратэден) шықпайтын балаларға дене қимылы қажет деп, тағы осы пәндердің есебінен сағат үлестірдік. Себебі ағылшын тіліне, орыс тіліне, дене шынықтыру пәндерінің сағаты көбейтілгенімен, оқу жоспарына артық сағат қосылған жоқ. Қосылған сағаттар қазақ тілі мен әдебиетінің бұрынғы 8 сағаттық апталық сағаттарды қысқарту есебінен жүрді. Ал, бүгінгі бала рухани жүдеулікке ұшырады десем артық айтпаймын. Енді аздан соң, бар ақыл-ойынан тоналғандарды отызында бесікке таңып отырмасақ жарады. Осы келеңсіздікті жою үшін мектептің оқу жоспарын қайта қарап, оқу жоспарына «Көркем әдебиет» пәнін енгізіп, бағдарлама жасау керек-ақ. Біз мектепте көркем әдебиетті емес, әдебиет тарихын, әдебиет теориясын, әдебиет сынын оқытып жүрміз. Өйткені «Көркем әдебиет» пәні оқу жоспарында жоқ, бағдарламада да жоқ, оқулықтар тек теорияға негізделіп жасалған. Бұл бағдарламаның оқу мақсаттары тек арнаулы тереңдетілген мектеп пен мектеп лицейлерінің оқушыларына лайықты. 2,3,4-сыныптарда да бұл бағдарламаны меңгеретіндей негіз жасалмаған. Қала оқушыларының ойы орысша, тілі қазақша екенін ескерсек, 5-сыныпқа келеген оқушы кең көлемді шығармаларды 40 минутта ежіктеп оқып үлгермейді. Сөздік қоры аз болғандықтан, көркем туындының мазмұнын да меңгере алмайды. Олай болса, біздің алдымызда бірнеше міндет тұр:
1. Орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сай мектептің оқу жоспарына «Көркем әдебиет» пәні енгізіліп, бағдарламасы жасалуы керек;
2. «Қазақ әдебиеті» пәні 2, 3, 4-сыныптардан оқытылып, ертегі, аңыз, мақал-мәтел, шағын көлемді әңгіме (Ы.Алтынсарин әңгімелері) жанрын қамтыған, тек мазмұнға құрылған, тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдыларымен жасалуы керек (теориясыз, тек мазмұн, сөздік қор, кейіпкер);
3. 5-6 сыныптың жас ерекшелігіне қарай ертегінің түрлері, аңыз, шағын көлемді хикаяттар, өлеңдер көркем мәтін мазмұны, оқиға желісі, жоспар құру;
4. 7-8 сыныптарда көлемді әңгіме, хикаят, тарихи жырлар мен эпостық жырлар;
5. 9, 10, 11 сыныптарда қазақ әдебиеті туындыларын кезең-кезеңімен көркем мәтін және теория, әдеби сынды алуға болады. Оқу мақсаттары да соған негізделуі керек.
Білімді жаңғыртудың басты мақсаты білім беру жүйесінің тұрақты дамуынан және оны ХХІ ғасыр қажеттілігіне сай қамтамасыз етуден тұрады. Қазіргі таңдағы білім беру саясатының ең бірінші міндеті – жоғары сапалы білім беруге қол жеткізіп әрі оны тұлғаның, қоғамның және мемлекеттің өзекті де, өміршең қажеттілігіне сәйкестендіру. «Білім – дүниенің ең үлкен қазынасы» екенін ескерсек, баланың көркем әдебиетті оқып, өзі талдап, өзі ойлауына, өзі шешім шығаруына жағдай жасайық.

Пікір қалдыру