ҚАЗАҚ БОЛЫП КЕТКЕН ПИЛОШ

«Адамның басы – Алла­ның добы» деген сөз­де терең мағына бар. Мұны халық текке айтпа­ған. Өмірде тағдыр­дың жазуымен талай өткелдерден өтіп, қиындық­тар­дың қилы түрін көргендер, соның өзінде талайлы тағдырына тәубе деп, өмірге ғашық болып өткен жандар қаншама! Біз бүгін солардың бірін ғана сөз еткелі отырмыз.
1944 жылдың қақаған күндерінің бірі еді. Онда Әлиевтер отбасы Грузияның Аспиндзинск ауданы Фанны деген ауы­лын­да тұратын. Бір күні алашап­қын басталды да кетті. Мұртты көсем ахыска тү­ріктерін Орта Азияға жер аударуға пәрмен беріпті. «Ұлы көсем» бұйырған соң жандайшаптар қарап жата алсың ба? Мылтықты адам­дар
Ванны ауылын лезде-ақ қоршап алды.

– Сендерге 24 сағат қана уақыт беріледі. Осы мерзімде жиналып үлгерулерің керек. Жолға тек азық-түлік, киім-кешек, құжаттарыңды ғана алып шығасыңдар. Кешіккендер, қашқандар қатаң жазаланады. Оларға аяушылық болмайды. Сонымен, уақыт кетті! Дайындалыңдар! – деген жарлықты ауыл ішін аралап дауыскүшейткішпен айтып шыққан жендеттер әр үйді торуылдай бастады.

Ол уақытта Сталиннің құрығынан құтылып кетемін деп ешкім де тәуекел жасай алмайтын. Сондықтан ахыска түріктері тағдырдың салғанына мойынсұнып, жолға жинала бастады.
Қараша айы болғандықтан ауа райы өте қолайсыз еді. Қара суық өңмеңіңнен өтеді. Соғыс жылдарында кімнің тұрмысы түзу болсын, біреу жыртық пальтосымен, екіншісі ескі купайкесімен, тағы бірі жұлым-жұлымы шыққан тонымен келіп сапқа тұрды. Қолдарында – бір-бір түйіншек. Үлкендер қара суыққа шыдап баққанымен, балалардың тісі-тісіне тимей сақ-сақ етеді. Дір-дір еткен балақайларды жылытпақ болып шешелер оларды қойындарына тығады. Бәрібір одан жылынып тұрған бала жоқ. Суыққа шыққаннан соң ба, балалар ашыға бастады. Ата-аналар алып шыққан нандарын бөліп берейін десе, алда әлі қанша күн жол жүретіндері белгісіз.
Осындай абыр-сабырда оларды жүк пойызына қойша тиеді. Вагонның іші азынап тұр. Адамдарды үсті-үстіне тиегені сондай, жату былай тұрсын, тұратын да жер табу қиын. Адамдар басына іс түскенде неге де болса шыдауға тырысады ғой. Оның үстіне қалай да жан сақтап қалу керек. Ересектер шыдамды болуға тырысқанымен, балалар қыңқылдай бастады. Бірақ оларды елеп жатқан тірі пенде тағы жоқ. Вагон есігі тарс құлыптаулы.

Манағы-манағы ма, қиындық пойыз жүргеннен соң үдей түсті. Құрық-шұрық вагонның тесігінен суық жел азынап кіргенде шетте тұрғандар қалтырай бастады. Кемедегінің жаны бір. Олар бір-біріне жанашыр болуға, көмектесуге тырысып-ақ келеді. Әсіресе, балалар тонып қалмасын деп оларды орталарына алып тұр. Екпінін бір үдетіп алған пойыз сол жүргеннен жүріп отырып, апта бойы тыным таппады. Қамаудағылардан шыдам таусылды. Күні-түні табандарынан тік тұру, аштық оларды қалжыратып-ақ тастады. Сүйектері сықырлаған қарттарда қайбір денсаулық болсын, олардың алды құлай бастады. Аштық пен сырқат меңдеген соң тиелгендердің алды жан тәсілім ете бастады. Ал оларды вагоннан сыртқа шығарып, жерлейін десе, пойызы құрғыр бір тоқтасашы. Ортада дөңкиіп өлік жатқаннан соң, үрей де еңсе көтертпейді екен.
Арада он күн өтті ме, он бір күн өтті ме, кім білсін, пойыз әйтеуір бір станцияға тоқтады-ау. Тиелгендер «енді жолдан ас-су беретін шығар» деп үміттеніп қалған. Қайдағы? Вагонды қарулы күзетпен ғана ашып, өлгендерді малша лақтырып тастады да, есікті қайта тарс еткізіп жапты. Не нан, не су бермеді. Аш-ауру адамдар әлсірей бастады. Түңілді.
Әлдебір станцияға келгенде қарулы күзетпен қызыл жағалылар тағы келіп, орындарынан тұра алмай қалғандарды сыртқа сүйреп алып шығып, жол бойында тарс еткізіп атып тастады. Мұны көрген балалар түгілі ересектердің өздері естерінен танды. Біреулері құсып, екіншілері ыңырсып жатты. Пойыз тағы да қозғалды. Қайда бара жатқандарынан хабары жоқ тиелгендер бастарын ұстап мең-зең күйде отыра берді. Бірақ ешкім Сталинді қарғаған да, айыптаған да жоқ. Тап осылай болуы керек сияқты мына сұмдыққа шыдап бақты. Көздерінен көлдей жас ақса да көрсетпеуге тырысты.

Азап вагоны бір айдай Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерін аралаумен болды. Тағат таусылып, үміт шамы өшуге айналғанда бұлар Шымкент облысы, Сайрам ауданы Ленин жолы, Қызыләскер ауылдарына таратылды. Шымкент теміржол вокзалынан ат арба, өгіз арбамен келген бұлардың тыриған денелеріне, шүңірейген көздеріне, қылдай қол-аяқтарына қараған жандар аяныштан жылап жіберудің аз ғана алдында еді. Әсіресе, кішкентайлар шаштары оба-дода, беттері айғыз-айғыз, киімдері жұлым-жұлым тыриған басқа ұлттардың балаларын көргенде ауыздары ашылып қалды. Әлі есін білмейтіндері шешелерінің көйлектері арасынан сытылып шығып келіп «қуыршақ» бабаларды ұстап та көрді. Есі енді кіргендері өкіріп жылап қашты. Осындай азан-қазан болып жатқан тұста колхоз басшылары ортаға шығып, мән-жайды түсіндеріп жатты.
Пилош өмірінде мұндай мейірімді жандарды көрмеген еді. Осындай да дархан, жомарт халық болады екен-ау! Өздері қоржын үйлерде сыймай, тығылысып отырса да, бір бөлмелерін бұларға босатып берді. Әсіресе, бір айдай аш-жалаңаш келгендерге қолдарында бар ас-тұздарын бөліп бергендері жүректерін елжіреткен. Балалардың аш өзектеріне тамақ түсіп, жазатайым мерт болмас үшін көже мен талқанды шақтап беріп, оларды адам қатарына қайта қосып алғандағы білгірліктері әзірбайжандарды қайран қалдырды. Сондағы тамақтың дәмі таңдайдан қалай кетсін! «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» дегенді бабалар дұрыс айтқан екен-ау!
Күн өткен сайын алыстан келген адамдардың жағдайлары оңала бастады. Қазақтар оларға тап бір туыстарындай қарады. Қолдарындағы бір үзім нанды бөліп берді. Әйелдер бір-бірлеріне білгендерін үйретіп, шаруаны қатар атқара бастады. Үйренісе келе әзірбайжан балалары қазақ балаларымен аулаларда бірге ойнады. Тіл – қарым-қатынас құралы. Қазақ пен әзірбайжан халқының көп сөздері ұқсас болып шықты. Олар аудармашысыз да бір-бірлерімен түсінісіп кетті.

Ол қазақтың қара домбырасын жақсы көрді. Қазақ балаларымен бірге жүріп, қазақша сөйлеумен бірге ән айтуды да меңгерді. Сонау балалық шағында-ақ Пилош Махаметоғлының жан дүниесін әзербайжан халқының көне ұлттық аспабы саздың сиқырлы әуені баурап алған еді. Негізінде әзербайжандар Саз, Балапан – Зурна (сырнай), дауылпаз және барлық халыққа тән тілшелі, кларнет, аккордион, тағы басқа да музыкалық аспаптарды еркін пайдаланады. Адамның музыкаға құмарлығы ерекше қасиеттерінің бірі ғой. Жастайынан оның жүрегінде саз аспабына деген ерекше сезім ұдайы өрекпи беретін. Жылдар бойы қос ішекті, сиқырлы әуенді сазға деген іңкәрлік оған тыным тапқызбады.
Баласының музыкаға деген құштарлығын сезген әкесі Махамет бір жолы: «Пилош! Айналайын! Сен талабыңды ұштай білсең, бұдан жаман болмайсың. Сазшылық біле білген адамға туа бітті қонатын өнер. Халқымыздың ғажайып өнерін қайта жандандырып, орындаушылық нақышын елге, халыққа сыйлай білсең, одан үлкен бақыт жоқ. Осыны есіңе мықтап сақта. Кәдігі сазшы боламын десең, оны дәлелдеу өз қолында. Оны дәлелдеп шығуыңа тілектеспін», – деген болатын.

Уақыт шіркін бір орнында тұған ба? Жылжып жылдар өтті. Әкесі Махамет дүние салды. Әке өсиеті, әке тілегі Пилоштың жүрегінен бекем орын алды. Әзербайжан халқының дастандарын, жырларын нақышына келтіріп орындау тәсілін ескіден келе жатқан дәстүрге орай әр жыршы өзіндік орындаушылық мәнермен, әдіспен, қайталанбас стилімен мақам­дап, ерекшелеуге тырысатын. Жыр, хиссалар осы жағынан да әр орындау­шының атақ-даңқын, атын бүкіл халыққа паш ететін.
Пилоштың да халыцқтық орындаушылық мәнерін өзіне шым-шымдап сіңіре білді. Туған ағасы Ілияс ерекше дарынды жыршы әрі көркем сөз шебері болатын. Шабыт буған күндері екеуі қарсы отырып алып, ал келіп айтысатын… Ел іші екеуін сазшы, жыршы атап, жас та болса құрмет көрсете бастады. Әсіресе, Пилоштың ән, дастан, хиссаларды орындау шеберлігі оны бірден жыршылық айтысқа тарта берді.

Осындай бір айтыс Әзербайжан ССР-індегі Товгуз ауданында өтіп еді. Пилош осы жолы жыршы, хиссашы, суырып салма ақын, төгіліп тұрған шайыр Халықбердімен айтысқа түскен. «Түрлі-түрлі жүйрік бар» демекші, Халықберді ә дегеннен-ақ жай шабыспен, сазын тежеңкіреп, сараң аяңмен бастап, әуенін әуезге айналдырып, байсалды үннен түспеді. Ақыр соңында зар шеккен, запыран құсқан, азап көріп, соққы алған аяулы жанның тағдырын елестеткендей жыр маржанын төгіп-төгіп жіберді. Бұл сталиндік қуғын көрген халықтың мұң-зары еді.

Кезек Пилошқа тиді. Ол бірден қомданып, қос ішекті сазды бауырына қыса түсті. Аспап шертілген жырға сыйқыр байланғандай, қос қанаты қоламтаға күйген сорлы құстай, жан ұшырып шырылдағандай жан түршіктірерлік үн шығарды. Бұл жолы ерекше бір бөтен, жаңа екпін, көне ұлттық аспап саздың әр шегін қағуда, ырғақ дауыстары мағына мен мазмұнды бере білуде өзгеше машық танытты. Жұрт үргін-сүргін жылдардың елесін тап басып таныды. Етегі жасқа толып жылаған қауымда есеп жоқ. Пилош осылай өз халқының мұңың саз аспабымен жеткізген еді.

Үнемі саз аспабын арқалап жүре беруге тағы болмайды. Бала-шағаны асырау үшін Пилош түрлі жұмыстар істеді. Қолынан келгеннің бәрінен де тартынған жоқ. Қолынан саз аспабын тастамады. Сөйтіп жүріп жүрегінен жарып шыққан тұла бойы тұңғыш туындысы дүниеге келді. Ол бұл өнерін дамыта түсті. Әуелі оның әндерін өзі тұратын «ХХІ партсьезд» совхозының тұрғындары тыңдады. Олар әнді әуезе етіп айтып жүрді.

Дегенмен, әлі де болса жастардың жыр мен хиссаларға аса қызығушылық танытпауы Пилошты ойландыра берді. Ескі дастандарда, жырларда тәрбие тұнып тұрған жоқ па? Ендеше жастарды жырға, дастандарға қайта баулу керек қой. Пилош қарап отырса, айналасындағылардың көпшілігі дүние-мүлікке құмар. Дүние қуған жұрттың рухани дүниеге беті бұрылар ма? Осыларды ойлаған ол жағасын ұстап, қалың ойға кетті. «Дүние адамға дос, жолдас болады ма? Осыдан кейін барып соңғы уақытта бір-бірімізге қатыгездеу, тұрпайылау болып бара жатқан жоқпыз ба? Әр нәрсенің шегі, өлшемі бар емес пе? Бірлесе ойланайықшы, ағайындар!» дегісі келді. Осыған титімдей болса да жәрдем беру үшін ойлана, толғана келіп, Пилош өзінің жыр-дастандарымен тыңдаушылардың жүрегіне достықтың, туыстықтың шуағын төгуді армандады.
Осы арман жетегінде жүріп ол ақыры Әлиевтердің «АБО» отбасылық ансамбін құруды ойластырды. Дегеніне жетті. Бір бас қосқан кеште өз аға-інісін, балаларын жинап, ойын ортаға салды. Бәрі бірауыздан келісімін берді. Бұл 1975 жыл еді. Отбасылық ансамбльдің жетекшісі Пилош Махаметоғлы Әлиев болды. Ансамбльдің репертуарын жасау, музыкалық аспаптарын жинақтау оңай болған жоқ.

Қазақ «бұлақ көрсең көзін аш» дейді. Бұл тек қана бұлаққа ғана қатысты сөз емес. Бұл жердегі бұлақ халық арасындағы таланттар. Оларды жарқырата ашу Пилош сияқты ерлердің ғана қолынан келмек. Ол алғашқыда өзінің інілері мен балаларына саз шертудің, жыр, хисса айтудың қырлары мен сырларын үйретуге құлшына кірісті. Адамға эстетикалық әсерімен, өзінің тіл жеткісіз сұлулығымен, әуенімен бас идіретін қасиеті болмаса, өнер өзінің қызметін атқара алмаса керек. «Ал, оны тыңдаушыға жеткізетін сендерсіңдер, соны түсініп, өмірде өздерің де өнегелі бола білу ең үлкен парыздарың екенін ұмытпағайсыңдар» деп отбасылық ансамбль мүшелеріне үнемі айтып жүруді ол өзіне парыз санады. Осылайша отбасылық ансамбль аз уақыт ішінде аудан, облыс, қала берді республика жұртшылығына таныла бастады.

«Бүгін телевизордан Әлиевтардың «АБО» ансамблі 45 минуттық концерт береді екен» деген хабар аудан тұрғындарын елең еткізген еді.
Күткен уақыт та жетті. Көгілдір экран алдынан қазақ телевизиясының дикторы: «Құрметті көрермен достар! Бүгін сіздерді Шымкент облысы, Сайрам ауданындағы «ХХІ партсъезд» совхозының Қайтпас учаскесінен арнайы шақырылған Әлиевтердің «АБО» семьялық ансамблінің өнерін тамашалауға шақырамыз» дегенде тыңдармандар мен көрермендер бір желпініп қалып еді. Артынша концерт басталып та кетті.

Ортада ансамбль жетекшісі Пилош Махаметоғлы. Сазды бауырына қыса түсіп дүниенің барлығын ұмытқандай елітіп тұр. Ең сүйікті де талантты дауылпазшы, немересі Селимхан да сан бояумен саздың керемет үніне өзіндік шырай қосуда. «Отан махаббаты-халықтар достығы» хиссасынан үзінді. Жыр әуені мынаны айтады: «…жардан, достан айырса да адамды, жұмыр басты пендені Отаннан, халықтар достығынан айырма. Тұрлаусыз тірлікте достық пен махаббат көңіл хошын береді». Осылай деп жырлаған әуен көпшілікті тәнті етті, сүйсіндірді.

Артынша-ақ «Азаттық, бейбітшілік жолында» (Сөзі А.Наурыздікі, әні Пирош Махаметоғлынікі), «Келер жүзім, тәтті сөзім» (Сөзі Вали Мискинлидікі, әні Пилош Махаметоғлынікі) жырларын бірінен соң бірін төгіп-төгіп жіберді.
Концерт қыза түсті. Ортаға Пилоштың інісі Башат Әлиев шықты. Ол да өнер десе ішкен асын жерге қоятын жастың бірі. Саз шерту, әуен төгіп, мақам машықтауды үйренген Башат жырды, көне дастандарды ерекше нақышымен, мәністі мәнерімен орындады.

Халықтың көне дастаны «Көроғлы», «Кахроман» (батыр) дастандары қанат қақты. Әрбір дастан, жыр-хисса жатық орындалды.
Әсіресе, «Көроғлы» дастанындағы батырлық, Отан, туған жер, ел үшін жауға шапқан батыр бейнесі тыңдармандардың көз алдына келіп, оларды толқытты.
«Экранда «АБО» семьялық ансамбльдің жас мүшелері: зурна атты үрмелі аспапты Абсат (мамандығы – жүргізуші), гитарада Садияр (мұғалім), органда Жаңабай (суретші), дауылпазда жеті жасар Селимхан, сазда Пилош және Башат (милиция майоры) Әлиевтер» деп жүргізуші хабарлағанда көрермендер қозғалақтап қалды. Өйткені, таныс-бейтаныс ансамбльдің орындаушылық шеберлігі баурап алған еді.

Шымкент музыка училищесінің оқушысы Маханбет қазақтың «Қызылқұмда ауылым» әнін әуелете шырқады. Ол артынша «Әдемі-ау» әнін өзіндік нақышымен орындаған.
Келесі кезек әнші Мақсад (жұмысшы) тиді. Ол Муромовтың «Тамаша» әнің, әзербайжан халқының «Тәрәкнәма», «Гүлдесте» әндерін орындады. Мың бұрала билеген Айжамал мен Зият (екеуі де жұмысшы) көрермен көңілін жаулап алды. Айтпақшы, төрт жасар Дильфуза осы ансамбльдің мүшесі болғанын да айта кетуіміз керек.
Енді «АБО» деген атау қайдан шықты? Соған келейік.

– Ойлап-ойлап ансамбльдің атын «АБО» деп қоюға шешім қабылдадық. Бұл атауды таңдаған Пилош ағамыз. «Ата-баба оғландары» деген сөздердің бас әріптерінен алынды. Демек, ата-бабаларымыздың дәстүрлерін, өнерін дамытып, кейінгі ұрпаққа жеткізуді парыз санадық, – деп еске алады бүгінде Башат.
Осылай Әлиевтер отбасылық ансамблінің атақ-даңқы республика көлеміне кең тарады. Бірнеше рет аудандық, облыстық, республикалық отбасылық ансамбльдер байқауында суырылып алға шықты. Соның нәтижесінде алған дипломдары бүгінде бірнеше қоржын болды. Сайрам аудандық «Еңбек туы» (қазіргі «Сайрам»), облыстық «Оңтүстік Қазақстан», республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газеттерінде, «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналында «АБО» отбасылық ансамблі туралы талай мақалалар жазылды.

«АБО» ансамблі халық творчествосы Бүкілодақтың ІІ және ІІІ фестивальдерінде жүлделі орындарға ие болды. Қазақ ССР Мәдениет жөніндегі комитеттің шақыруымен Алматы қаласындағы В.И.Ленин атындағы сарайда өткен үлкен концертке қатысты. Концерттен түскен қаржы Армениядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге арналған көмек қорына аударылды.

1988 жылы отбасылық ансамбль «Тамаша» ойын-сауық отауының кезекті қойылымына қатысты. Қазақстан Ішкі істер министрлігінің арнайы ұйымдастыруымен өткен байқауға да жолдама алып, одан ақшалай сыйлық және вымпель алып қайтты. Осыдан соң Ташкент қаласында да Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған отбасылық ансамбльдердің байқауында тағы да топ жарып оралды.

Пилош саз аспабын шебер орындаумен қатар ән де шығарды. Жалпы, ансамбльдің репертуарында әзербайжан, қазақ, өзбек, чечен, курд, тағы басқа да халықтардың әндері мен билері болды. «Уч гул», «Тойн мубарак», «Туллар узум» сияқты әзербайжан тіліндегі әндерді халық сүйсіне тыңдады. Сонымен қатар, қазақтың «Қызылқұмда ауылым», «Жайдарман», өзбектің «Баригал» әндері тыңдаушыларының құлақ құрышын қандырды.

Өнер жолы – қиын жол. Сол жолды жеңе білсе, барлығы бір адамдай еңбектенсе, тер төксе ғана қиындықтарды жеңе алатынын ансамбль мүшелері жақсы білді. Сондықтан олар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, ынтымақтаса еңбек етті. Иә, ансамбльдің барлық жауапкершілігі әр уақытта Пилош ақсақалға жүктелді. «Театр киім ілгіштен басталады» демекші, қандай да болсын ұжым сахнаға шыққанда ең бірінші көрермен көзіне өнерпаздардың ұлттық сахналық киімдері және сахна мәдениеті түседі. Содан кейін барып көрермендер ұжымның өнеріне назар аударады. Осы ретте Әлиевтер отбасылық ансамблі де өздерінің ұлттық киімдерін барынша сәнді етіп тіккізіп барып сахнаға шығуды әдетке айналдырды.

Грузияның Ванны ауылында өмірге келген Пилош теміржол саласында ұзақ жыл жемісті қызмет етті. Темір жол – шығармашылық адамы үшін үлкен шабыт беретін жер. Әрі-бері ағылған составтар, түрлі тағдырлы жолаушылар, ығы-жығы адамдар көші, міне, осының барлығы Пилоштың да шабытын оятқан тәрізді. Ол «Ванныда туған Пилош» атты өлеңдер жинағын шығарды. Қазақ тіліне жетік Пилош Әлиев қазақ тілінде де өлеңдер жазып, жергілікті басылым беттерінде оларын үзбей жариялап отырды. Негізінен Пилош өсиет сөздер, термелер, бата-тілектер жазуға бейім-ді.
Нұр таңсың Қазақстан, берейін ақ бата,
Абайдың әруағы қолдасын және Жамбыл ата.
Ар-намыс, бақыт, ынтымақ сенде бар,
Жаса, жаса кең байтақ Қазақстан!
Қазақтың бір ұлысың дейсіндер маған,
Отаным деп жүрегім жалындаған.
Шырайлы шаһарларда шаттық бар, ырыс бар,
Әр тарапын нұрлы ғой Қазақстан!
Әлемде орнын бар, тарихта қаттаулы,
Ұл-қызың, ерлерін, бәрі де мақтаулы.
Миллиондарға анасын, көп ұлтқа панасың,
Мәңгі жасай бер сүйікті Қазақстан!
Міне, Қазақстанды Отаным деген әзербайдан ұлы осылай жырлады.
Ақынның «Ванныда туған Пилош» атты кітабынан Қазақ еліне, жеріне деген ыстық ықыласын білдірген осындай отты өлеңдерді көптеп табуға болады. Мәселен, оның «Қазақстан», «Түркістан», « Қазақ бауырларыма», «Нұр таңсың Қазақстан», «Қазағым менің», «Халық достығы», «Балама өсиет», «Қара топырақ», тағы басқа да өлең-жырлары халықтар достығына арналған.
«Қазағым менің» атты өлеңін оқып көрейік.
Сәлем беріп, сәлем алдым,
Жаса, жаса сен қазағым.
Домбыра тартып, ән де салдым,
Жаса, жаса,кең қазағым!
Ән де сенде, күй де сенде,
Тамаша сенде, жыр да сенде.
Көкпар менен той да сенде,
Жаса,жаса, жан қазағым!
Сенсің-достық анасы,
Ашық төрі, мейрамханасы.
Дәмді тамақ асханасы,
Жаса, жаса берекесі көл қазағым!
Мейман сыйлап, шай береді,
Қымыз, ет, май береді.
Тойларында тай береді,
Жаса, жаса, пейілі кең қазағым!
Өзбек, Қырғыз, Қазақтар,
Түбі бір түрік қандасым.
Ата-баба жолымен,
Ұрпағың өсе берсін қазағым!
Қожа Ахмед Ясауи, Ибрагим ата,
Шын жүректен берем бата.
Нұрлы Арыстан баб, Төле би ата,
Қуанышты жүрегің сен қазағым!
Затым Әлі, Махаммет,
Арнайы әнім халыққа ізет.
Абай, Жамбыл өмірге шарапат,
Нұр жаусың саған Қазақстан!
Көріп отырсыз, әзербайжан халқының қазаққа деген барлық ыстық ықыласы, сүйіспеншілігі, достық пейілі ақтарылып тұр емес пе?! Бұдан асқан жүрек ықыласы болар ма?
Енді «Халық достығы» деген өлеңің оқиық.
Ақ жол, сәтті сапар болсын!
Ынтымақты жол қалайық.
Көкпар, тойлар өте берсін.
Ата-баба жолын жалғайық.
Өмірдің айнасы-махаббат, жастық,
Айналайын құда,құдағи лайық.
Жас ұрпақ өсіп-өне берсін,
Қыз беріп, қыз алайық.
Аспанымыз ашық болсын, шаңырағымыз биік,
Дастарханымыз мол болсын, қазы-қарта жейік.
Бәріміз бір ауыздан «Әумин!» дейік,
Егеменді елімізде абырой алайық.
Жақсыларға жақтасайық, жаманнан аулақ,
Бүркіт сияқты тау-тауды таңдап,
Опасыз өмір жалған дүние өтіп кетер,
Аяғымызды басайық қашан да аңлап.
Пилош шайырыңыз осылай жырлайды. Қазақтың кең пейілін, мол дастарханын, батагөй ақсақалдарын, егемендіктің тұғырлы болуын жырлайды. Бұл ретте ол Абай,Жамбыл жырларынан нәр алғанын байқатады. Қазақты жүрегімен сүйе білген жан ғана осылай жаза алса керек. Қазақтың қос ішекті домбырасын өздерінің саз аспабына балаған Пилош ақын екі елдің татулығын көсіле жырға қосады. Соғыс жылдарында қазақ топырағына келіп, осында орнығып қалған әзірбайжан халқының өкілі құшағы кең, пейілі дархан, жанашыр достар тапқанына қуанады. Біз өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде өлең жазғанын көп біле бермейміз. Ал, Пилош бар болмысымен қазаққа айналды. Қазақтарды сүйді, олармен дос-бауыр болды. Қыз беріп, қыз алысып, жекжат болуға талпынды. Мұны тұтас халыққа деген сүйіспеншілік деп қабылдауымыз керек.
Қазақжанды Пилош ата мемлекеттік тілдің нағыз жанашырына айналды. Ол облыстық ішкі саясат басқармасының жанында құрылған тіл жанашырлары тобының белсенді мүшесі болды. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту жөніндегі ұсыныстарды белсене қолдады. Мемлекеттік тілді насихаттаушы ретінде көп тірлікттерге араласты. Ол Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалы директорының көмекшісі қызметін ақы-пұлсыз атқарып, кітап насихаттау ісіне де көмек қолын созды. Пилош Әлиев Шымкенттен шығатын «Аталар сөзі» газетінің штаттан тыс тілшісі ретінде тәрбиелік маңызы бар көптеген мақалалар жазды. Газеттің таралуына азды-көпті үлес қосты. Пырақ тектес Пилош ақсақал шынайы достықтың, сүйіспеншіліктің үлгісін осылай көрсетті.
Жан-жақты Пилош ата ара-тұра балалардың шығып кеткен сүйегін салып беретін қасиетке де ие болды. Үнемі тынымсыз еңбек үстінде жүретін оның: «Адам ұйықтағанда емес, күлгенде демалады, жаның жадырап қалады» деген сөзі бүгінде қанатты сөзге айналды.
Иә, жүрегі қазақ, тілегі достық осындай адамдарды қалай дәріптесек те жарасады.
Бүгінде Әлиевтер отбасы түгелімен қазақыланып кеткен…

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Пікір қалдыру