Қазақтың ақыны, шешеннің батыры…

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Шешенстанның халық батыры, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Түркі әлеміне қызметі үшін» халықаралық сыйлығының және Махамбет атындағы сыйлықтың иегері Рафаэль Ниязбеков өзінің шығармашылығы мен аңызға бергісіз өмірі арқылы қазақ қауымының жүрегінен орын алған тұлға. Бүгін ақынның жары, отбасының тірегі мен ошағының иесі болған Гүлжан Мұхамадиевамен арадағы сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Гүлжан апай, алдымен өзіңіз жайлы, туған топырағыңыз бен шыққан ортаңыз жөнінде мәлімет бере кетсеңіз?

– Мен өзімді таныстырғанда: «Абайдың қызымын, Жамбылдың келі­німін» деймін. Себебі, бүгінгі Абай облысындағы Жарма ауданына қарасты Қалбатау өлкесінде өмірге келгенмін. Алтын өндірумен айналысатын «Бөке» деген кеңшарда дүние есігін ашып, балалық шағым сонда өтті. Әкем Мұхамади қарапайым шаруа болған. 4 жасымда дүние салды. Анам 13 құрсақ көтеріп, сол кездегі медицинаның қауқарсыздығынан балаларының көбі шетінеп кеткен. Содан қалған екі ұл мен үш қыз ата-анамыздың ғұмырын жалғадық. Мен үйдің кенжесімін. Анам: «Сен үйдің кенжесісің, кенжеде құт қалады» деп отырушы еді. Ол кісі ісмер болатын, ұршықпен жүн иіріп, алаша тоқып, сырмақ тігетін. Тері илеп, тон пішетін, тымақ жасап, елге қолғабыс жасайтын. Анамның бос отырған кезін көрген емеспін. Үнемі бір шаруаны жасап жүретін. Өзі хат танымаса да, есеп білмесе де мені Алматыға әкеліп, білім алуыма себепші болды. Осындағы теміржолшылардың балаларына арналған №278 қазақ орта мектебін тәмамдадым.
Біз оқу бітіретін жылы 10 және 11-ші сыныптағылар қатар аттестат алып, түлектердің көптігінен оқуға түсу қиынға айналды. Осылайша, ұпай санынан ұтылып, бірден еңбекке араласуға тура келді. «ҚазТАГ» (Қазақстанның телеграф агенттігі) мекемесінде қызмет жасайтын үлкен апайым Нұржан қасына жұмысқа кіргізіп, еңбек жолымды сонда бастадым. Осы жерде тәжірибе жинақтап, соңынан қазақ радиосына ауыстым. Мектепте жақсы оқып, ұқыпты болғаннан шығар, жұмысқа бірден төселіп кеттім. Маған берілген мәтіндерді жылдам әрі қатесіз теріп, сауатты жазатынмын. Бұл қызмет бабында өсуіме ықпалын тигізді. Журналистика факультетіне кейін түсіп, бар ғұмырымды осы салаға арнадым десем де болады.

– Ал, Рафаэль ағамен қашан, қалай таныстыңыз?

– Мен радиоға келгенде ол оқу бітіріп, жолдамамен осында жұмысқа орналасыпты. Мені көргенде бірден ұнатып қалса керек, үйленейік деп әлек салды. Таныса салысымен: «Мен сені аламын!» деп мәлімдеп, радио ұжымына жария етіп жіберген. Мектеп қабырғасынан енді шыққан жас қызбын, жоғары білім алуым керек деп ыңғай білдірмедім. Тіпті, «тимеймін» деп 45 күн жұмысқа бармай қойғанмын. Алайда, алған бетінен қайтуды білмейтін Рафаэль оған тоқтасын ба! Өзгелерін қойып, бас редактордың өзі ара ағайындыққа жүріп, құдалыққа келгені есімде. Ақыры анам: «Өзің сүйгенді алма, өзіңді сүйгенді ал!» деген атам қазақ. Сені ұнатады екен. Арманың оқу болса өзім оқытамын деп отыр. Болашағы үлкен ақын көрінеді. Мені тыңдасаң осының етегінен ұста» – деп кеңес берді. «Анам маған жамандық ойламайды ғой, айтқаны дұрыс шығар» деп ақыры келісімім бердім. Біз осылайша тұрмыс құрғанбыз.

– Рафаэль аға жайлы аңызға бергісіз неше түрлі әңгіме еститінбіз. Оның бірі шын болса, бірі өтірік болуы мүмкін. Айтыңызшы, ол қандай адам еді?

– Өте өткір, іске келгенде пысық, алғыр, ешкімнен қорқып тайсалмайтын жүректі адам болатын. Айтқанынан қайтпаушы еді. Мінезі де, ісі де шапшаң келетін. Сонымен бірге тым сенгіш, аңғалақтығы да бар-тұғын. Маған ерекше ұнағаны, сол кездердің өзінде үнемі «елім», «қазағым» деп шарқ ұратын.
Қазақ радиосында алты жыл бірге еңбек еттік. Жұмысқа бірге келіп, бірге қайтамыз. Арамыз бір сәт ажыраған емес. Біраз жыл баспанасыз жүрдік. Алдымен орыстың, соңынан өзбек пен ұйғырдың үйінде пәтер жалдап тұрдық. Кейіннен әйтеуір баспаналы болып, мен ҚазМУ-дың журналистика факультетінде білім алдым. Рафаэль берген уәдесін толық орындады.
Университетте Қуаныш Жиенбай, Тұрлыбек Мамасейітов, Жүрсін Ерман, Кеңшілік Мырзабеков, Қорғанбек Аманжол, айтыскер ақын Жұмаш Ақыпбекова тәрізді сайыпқырандармен бірге оқығанымды мақтан етемін. Алайда, жарым мен балаларымның қамы үшін өз шығармашылығымды жиып қойып, солардың тілеуін тілеген адаммын. Анам да алдымен жақсы жар, қамқор ана болуды үйретіп отыратын. «Рафаэльдің жары көшеде микрофонмен жүгіріп жүр деген жақсы емес, сен оның абыройлы жүруіне себепші болуың керек!» – дейтін еді жарықтық.
Дегенмен, республикамыздың 19 облысы мен Мәскеу және Өзбекстандағы Қазақ радиосының меншікті тілшілері мен жүргізушілері бар, 70-ке жуық адамға жетекшілік жасаған кездерімді қалай айтпайын. Олардың әрқайсысы бір-бір тұлға екенін ескерсек, жұмыс оңай болды деп айта алмайсың. Кейіннен жекешелендіру кезінде тілшілердің қызмет көліктерін пайдалану уақыты өткеніне байланысты өздеріне жекешелендіріп алуына ықпал еткенім де жасырын емес.

– Рафаэль ағамыз тұрмыста қандай еді? Түзде қандай болса, үйде де сондай болды ма?

– Ақын да бір сәби сияқты емес пе. Мен оған тұңғыш ұлымдай қамқор болдым десем, артық болмас. Ақын өзінің ерекше әлемімен өмір сүреді. Мен оның сол әлемін бұзбауға күш салдым.
Елдің бәрі Рафаэльден қорқатын. Ол рас. Әкесі соғысқа кеткенде қалған, нағашы атасы Айдардың қолында өскен қамкөңіл ұлдың мінезі де ерекше еді ғой. Ол кезде ауылдағы бір қария жұртты ырқына жүргізетін заман, Айдар ақсақал да сондай адуын, парасатты адам болған деседі. Рафаэльдің жұртқа өз дегенін жасататын бірбеткей мінезі сол кісіден жұққан ба деймін…
Сол атасының тізесінде отырып елдің бүкіл әңгімесін, өлең-жырларын көкейіне қондырып алған сыңайлы. Өзі де: «Бала кезімде қиындық көрмесем, атамның жанында жүріп халқымыздың хисса-дастандарын құлағыма құймасам ақын болмауым да мүмкін еді!» – деп отыратын. Бала кезінен аттың құлағында ойнаған шабандоз болғанын да айта кетейін. Асауды ауыздықтап, тұлпарды тақымында ойнату үшін шымыр болумен қатар мінез де керек шығар.


Ал, ағаларыңнын мінезі өздеріңе аян.
Онымен бірге қызмет жасаған Баян Бекетова мен Сәуле Досжанова: «Рафаэль келе жатыр десе жұрттың бәрі көрінбеуге тырысатын…» – дейді. Жұдырық ала жүгірмейтін шығар, бірақ алдынан жолыққан адамға бір соқтықпай өтпейді екен. «Әй, сен кімсің?» – деп айқай салса кімге ұнай қойсын. Алайда, алды боранды-дауылды болғанымен, арты жаймашуақ еді. Біреуді ренжітіп алып, ертеңіне ресторнға шақырып, кешірім сұрап жүргеніне талай куә болдық. Істерін істеп алып, бәрін қырып-жойып, соңынан «мен не істеп қойдым?!»– деп өзін іштей мүжуші еді.
Елуден асқан кезінде жанарының нұры тайып, көзі көрмей алты жылдай үйде отырып қалды. Үш мәрте ота жасатып, қайтадан көру қабілетіне ие болған соң жазуын тоқтатқан жоқ. Алдымен лупа сынды көзілдірік киіп, соңынан линза салып жүрді. Өте еңбекқор болатын.
Рафаэльдің жаратушы берген көріпкелдік қабілеті болды деп ойлаймын. Себебі,ол көтерген қайбір шаруа уақытында болмаса да, кейінірек орындалып жататын. Қонаевтың атын бір қалаға бермедің деп Елбасымен текетіреске барды. Димаш аға биліктің қырына ілінген жылдары «Қыдыр ғұмыр», «Кемеңгер», және «Көсем» деген үш кітабын Қонаевқа арнады. Бұл да сол қайтпас қайсар мінезінен. Сол үшін Мемлекеттік сыйлыққа үш рет ұсынылып, үшеуінде де ала алмады. Рафаэльді жабылып ұрмақшы болған оқиғаны да естіген шығарсыздар. Өзі шағын денелі болғанымен, оларға тойтарыс беріп, жауапқа тартты. Сол жігіттер ағаңнан бұрын кетті ғой ақыры, ақтық сапарларына.

– Гүлжан апай, Рафаэльдің үй тұрмысында қандай болғаны оқырмандарымыз үшін қызық болар… Турасын айтсақ, сізге әлімжеттік жасаған кезі болды ма?

– Ол маған күш көрсеткен емес. Дегенмен, қаһарлы көзқарасы тұрмақ, аспанға атылып тұрған қасынан қорқатынмын. Апа-жезденің қолында өсіп жасықтау болдым ба, үй мен түздің шаруасын жасауды ғана білетінмін. Ол есіктен кіргенде қалай безектеп кеткенімді аңғармай қалушы едім. Ол кездегі тәрбие солай ма, күйеуімнің алдынан кесе-көлденең шығып көрмеппін. Оның жалғыз ауыз сөзі үй-ішіміз үшін заң болушы еді. Аузымды ашсам жанымды жаһаннамға жіберетіндей көрінетін. Бір ғана рет ол келгенде телефонмен сөйлесіп отырып, айқайын естігенім жадымда. Содан кейін ондай жағдай қайталанған емес. Анам: «Сөз қуған адам асылып өледі, әйел аузын жапса еркек арыға бармайды, күйеуіңе сөз қайтарушы болма!» – деп ақыл айтатын. Қонаққа барғанда әңгімені қыздырып, үйге келген соң тамақ сұрайтын әдеті болушы еді. Мен: «Әй, жаңа ғана рестораннан келдің ғой…» – деп кеимін. Ондайда анам: «Әй, еркек өз итаяғын жаламай тоймайды, сенің қолыңнан бір кесе шай ішкісі келетін шығар. Ондайда бетін қайтарма!» – деп отыратын. Сондықтан ағаң ашуланғанда «иә, жоқ» деп айтуды да қойдым. Содан біраз іштегі буын шығарғаннан кейін өзі-ақ тоқтап, арқамнан қағып еркелететін.

– Анаңыз сіздермен бірге тұрды ма?

– Ол біздің ұл мен қызды тәрбиелеуге жәрдемдесті. Жұмыс күндері соларға қарайды да сенбі-жексенбіде үлкен әпкемнің үйіне кетеді. Осылайша қолымызды ұзартып, алаңсыз қызмет жасауымызға себепші болды.

– Сіздің анаңыздың Рафаэльдің анасына: «Құдағи-ау, мына баланы 30-ға дейін от пен суға түсірмей қалай өсіргенсіз? – деген әңгімесі жұрттың аузында жүр…

– Марал Ысқақбаевтың шығарып жүргені ғой. Кім біледі, айтса айтқан да шығар. Бірақ менің анам, неге екенін білмеймін, «сол ішсін, сол кисін» деп күйеу баласын үнемі әспеттеп отыратын. Рафаэль де енесін құрметтеп өтті. Қай жерде отырса да: «Менің енем – данышпан!» – деп айтудан жалыққан емес. Біреулер күлді, біреулер түсінді, әйтеуір екеуі бірін-бірі сыйлап өтті.
40 жасымда анам дүниеден өтті. Соның алдында анама: «Балаларымыз өсті, мынаның жыны әлі басылатын емес…» деп шағымданғанмын. Сонда ол: «Қайтесің, 40-та басылмаса, 60-та басылар, шыдамды бол!» дейтін. Рафаэль 60-қа келгенде анасы дүниеден өтті. Соның күйігі ме, жаман ауыруға ұшырап, денсаулығы сыр берді. Химия алып, ағзасына салмақ түсірді. Сол кезден бастап мінезі біраз байыз тапқандай болған. Дегенмен, қанмен біткен мінез өзгермейді екен!

– Аға бала тәрбиесіне араласты ма?

– Тіпті балалардың жиналысына барып көрген емес. Балаларды үйде анам қарайтын, басқа шаруалары менің мойнымда болатын. Ұлым Расул физика-математика мектебін алтын медальға бітіріп, жоғары оқу орнына өзі түсті. Қызым Лаура да өз еңбегімен келе жатыр. Ағаң үйдің, отбасының мәселелерімен бас қатыра бермейтін. Ол үшін ел жайы, халықтың ахуалы, түздің жұмысы маңыздырақ болатын. Дегенмен, балаларымыз әкесінің абыройына нұқсан келтірген емес. Бүгіндері ұл мен қыз өздері отбасылы. Екеуінен екі немере сүйіп отырмын.
Олардың сыртында Рафаэльдің ағайын-туыс, жамағайындарының балаларын оқыттық. Орта есеппен біздің қолымызда 90-дай бала тұрған екен. Өзі шағын пәтерде студенттер қаптап жүруші еді. Бір өкініштісі, Рафаэльдің көзі көрмей ауырып жатқан кезде, солардың біреуі халін сұрап келуге жарамады.

– Ақын өлеңдерін қай кезде жазды?

– Мен радиода істеп жүргенде таңғы 5-те тұрып, жұмысқа кететінмін. Сол кезде шайын ішіп алып, жазуға отырады. Содан 10-11-ге, кейде 12-ге дейін тапжылмай шығармашылықпен айналысады. Түстен кейін қолын қалам ала бермейтін.

 

– «Шешендер» поэмасының жазылу тарихы қалай?

– 1992-1995 жылдар шамасы болуы керек. Рафаэльдің көзі көрмей, ауырып жүрген. Шешен соғысы асқынып, Грозный қаласы бүлініп жатқан кез. Кітап 10 мың таралыммен шығып, қазақ және орыс тілдерінде екі жаққа да таралды. Рафаэль онда аз халықты, мұсылмандарды кәпірлер қырып жатыр деген мағынада жазған. Шешендер оның рухани қолдауын жоғары бағалады. Одан кейін түріктер туралы, Әзірбайжандағы соғысқа деген пікірін ашық білдірді. «Қарабақтың көз жасы» деген өлеңін олар да басып шығарып, құрмет көрсетті. Бұл жырында ол: «Әттең, түркі әлемі біріккенде, көз жасы төгілмес еді мұсылманның…» – деген болатын. Көп ұзамай түркі жұртын біріктіретін ұйым пайда болды.

– Рафаэль ақын көзі тірісінде халықтың құрметіне бөленгенін білеміз. Ал, билік тарапынан лайықты бағасын алды ма?

– Алды деп айта алмаспын. Көзі тірісінде 56 кітап шығарған ақынды маған көрсетші. Тәуелсіздіктің 30 жылында 30 кітап жазған кім бар?! Алайда, жаңағы айтқан шетелдік марапаттардан басқа өз билігіміздің қолпаштауын көрген емес. Мемлекеттік сыйлыққа үш рет ұсынылып, ақыры ала алмай кетті. Бұл да ақынды құсалыққа әкелмеді деп кім айта алады?

– Рафаэль ақын дүниеден өткеннен бері оның есімін ұлықтауға көп еңбек сіңіріп келесіз. Осы екі жылда қандай шаруалар атқарылды?

– Рафаэльді 2021 жылдың 21-ші қыркүйегінде жер қойнына бердік. Содан бері үш кітабы жарық көрді. Алдымен таңдамалы өлеңдер жинағы, соңынан Д. Қонаев туралы «Кемеңгер» және «Көсем» туындылары қайтадан басылып шықты. Биылғы сәуір айында Ұлттық кітапханада 80 жылдығы аталып өтіп, Президенттің өзі құттықтау хат жолдады. Тараз бен Қаратау және Шу қалаларында өткізілген еске алу кештеріне барып қайттым. 2022 жылы қайтыс болғанына бір жыл толғанда Алматы қаласының әкімдігі тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатты. Баспасөз беттерінде, телеарналарда үнемі насихатталып жүр, «Тұлға» деген деректі фильм түсірілді. Несін айтасың, қазағым әдеттегідей асылынан айырылып қалғаннан кейін бағалап жатыр ғой…

– Ақынның жары болған қандай екен?

– Бұл маған жиі қойылатын сұрақ. Әдетте «қиын да, оңай» деп жауап беремін. Себебі, ақынның жары ретінде сый-құрметке бөленесің. Төрден орын бұйырады. Сөзді бірінші береді. Ал, қиындық жағын айтпай-ақ қояйын! Ендігі уақытта Рафаэльдің соңында қалған мұрасын түгендеп, туған халқына ұсынып кету жолында еңбек етіп жүрген жайым бар!

– Уақытыңызды бөліп, келер ұрпақ үшін тәлімді әңгіме айтып бергеніңіз үшін алғысымызды жеткізгіміз келеді!

Сұхбаттасқан Қуат Қайранбаев

Пікір қалдыру