ҚОҢЫР ДӘПТЕРГЕ ҚОНҒАН ОЙЛАР

Өмірде адамды адамдыққа баулуда қателік пен қайғыдан өткен ұстаз болар ма?! Адам байғұс күйіне қайғырғанда ғана мыңмен бірдей кәдімгі пенде екенін сезеді. Ойға батады. Асқақтаған көкірек басылып моншадан шыққандай тазарады. Жаратушы ешнәрсені басы артық жаратпаған. Керексіз нәрсені жаратпаған. Өмірде қуаныш пен қайғының да қатар жүретіні содан болса керек. Өмірде қателеспеген, сол қателігі үшін күрсінбеген, өкінбеген жаннан кемел кісі шықпағы неғайбыл. Тіптен адаммен адамды терең туыстыратын да терең мұң деген екен бір ойшыл. Сондай-ақ өмірге өнер туындыларын әкелетін шынайы шығармашылық негізінде де зіл-батпан мұң жатады.
Жүрек адам ағзасындағы бір ерекше орган. Анатомия оны адам ағзасындағы қан айдаушы мотор дейді. Дін болса оны Алланың нұры қонақтайтын ұя дейді. Сондықтан да ауызыңызға Алла түссе, нұры сол жүрегіңізге түседі. Сенбесеңіз солай істеп көріңіз. Құранда Алла тағала «Біз сіздерге қан тамырларыңыздан да жақынбыз» дейді. Сіз Алланы ауызға ала бастағаннан жүрек байғұс өз Иесін сезініп нұрына шомылады. Бебеу қаққан беймазалықтан арыл а бастайды. Рахат күй кешеді. Егер, жүрегіңіз кілкіп нұрға бөленсе, онда сізден бай жан жоқ. Сізден қанағатшыл, сабырлы, мейірбан адам жоқ. Бұндай рухани байлыққа қаласа кез-келген жан қолжеткізе алады. Демек, жүрек Аллаға құлшылық етумен тазарады. Ондай адам арамнан алыстап, адалға жақындайды. Төңірегіне сауап нұрын шашады. Төңірегін сауықтырады. Бұлай болмаған, жүрекке нұр қонбаған жағдайда, онда жүректі сайтан жайлайды. Адамды тізгіндеп алып құлқын қамына, ашкөздікке, арамға итереді де отырады. Сайтан адам жүрегінде, сөйтіп, бақастық, бақталастық, өшпенділік өртін өршітеді. Қылмысты қаулатады. Демек, жүрек тазармай адам тазармайды. Қоғам тазармайды. Демек, адам тағдырындағы жүректің рөлі орасан. АҚШ-тың «Дейли маил» басылымы 2008 жылы сәуірдің 9 күні мынандай ақпар таратты. Джорджия штатында 69 жастағы Сонни Рэм атты азамат өзін-өзі атып өлтіреді. Сөйтсе, ол 1995 жылы өз жүрегінің орнына өлген жігіттің жүрегін салдыртқан екен. Рэм салдыртқан жүрек суицидтен өлген жігіттің жүрегі еді. Рэм сөйтіп жаңа жүрек салдыртқаннан кейін жүрегінде күшті махаббат оянады. Кімге дейсіз ғой. Тура өлген донор жігіттің жесіріне деген махаббат оянады. Ақыры сол әйелге үйленіп тынады. Өкінішке орай арадан 13 жыл өткенде Рэм өз үйінің қорасында өзін-өзі атып өлтіреді. Бұл оқыс оқиғаны жан-жақты зерттеген ғалымдар бірауыздан бір тоқтамға келеді. Рэмнің ажалына оның жаңа жүрегі себеп болған деген қорытындыға келеді. Бұрынғы иесін де суицидке апарған жүрек, жаңа иесі – Рэмді де суицидке апарған деп табады.

* * *

Жер аударылған өзге ұлт өкілдерін өз үйінде паналатқан қырқыншы жылдар қазақтарының сол бір сауапты қасиетін бүгінгі ұрпаққа түсіндіру қиын. Өйткені, бүгінгі ұрпақ өз үйіне өзге ұлт өкілдері тұрмақ, өз әке-шешесін сыйдыра алмай жүр емес пе?! Бүгінгі күн қазақтарының, сонда, қырқыншы жыл қазақтарынан айырмасы неде?! деген сауал туындайды. Тұрмыс-тіршілігі кем бе? Жоқ. Тұрмыс-тіршілігі кем емес. Артық. Тіпті, бүгінгі кейбір азаматтардың жиған байлығы ата-бабаларының өңі тұрмақ түсіне де кірмеген. Ендеше, не өзгерді? Кешегі ұрпақтан бүгінгі ұрпақтың несі кем? Сөйтсек, бүгінгі ұрпақтың кешегі ұрпақтан осал тұсы жиған байлығы емес, иман байлығы екен. Иман байлығы мол қырқыншы жыл қазақтарының баспанасы тар болғанымен, пейілі кең болыпты. Бүгінгі ұрпақтың баспанасы кең болғанымен, пейілі тарылған. Яғни, жиған байлығынан иман байлығы кем бола бастаған. Ендеше, иман байлығынсыз жиған байлығы халықты қайда апарады?

* * *

Ең алдымен адамға түйсік беріліпті. Адам өмірге сол түйсікпен келіпті. Яғни, Алла берген түйсіктен тұратын базалық біліммен келеді. Соның арқасында сәби өз анасын бұлжытпай таниды. Түйсік яғни инстинкт арқылы сәби сенің үніңдегі жылу мен ызғарды да ажыратады. Соған орай бесікте жатып-ақ қуаныш пен реніш сезімін бастан кешеді. Жақсы мен жаманды ажыратады. Сәби тілі шықпай жатып-ақ, сол базалық білім арқасында шапшаң тәрбие ала бастайды. Егер, бала өмірге сол дайын базалық біліммен келмесе, біз қанша күш салсақ та сәбиді адам ете алмас едік. Бала есейе келе, ақпараттар тасқынына түсіп аласұрып ізденеді. Дүниені таниды. Сырт дүние кең жатқан айдын шалқар теңіз болғанда, адам – желқайық, желкен керіп сол теңізге шыққан. Сол айдында тағы бір құдірет керек. Сен керген желкенді айдап жүретін. Сол құдірет – түйсік. Адастырмай алға сүйреп отырар күш. Жаратылыс ақиқатын ашуда осынау ішкі түйсіктің рөлін айтпаған ғалымдар кем де-кем. Соның бірі – Иммануил Кант: «Түйсік – Тәңір сыбыры. Сол сыбырға құлақ түрмейтін тірлік иесі жоқ» дейді. Никола Тесла: «Білім, ғылым атаулының алдында қашанда түйсік, интуиция жүреді» дейді.

* * *

Адам бақыты – адамнан. Қоғамнан. Адам бақытының қиыны да сол. Бақытың өз қолыңда емес. Өзгемен байланысты. Сен қаласаң да, қаламасаң да сенің көңіл-күйіңе, тағдырыңа төңірегің әсер етеді. Демек, кемел қоғамсыз кемел бақыт жоқ. «Кемел қоғам» деп қалдық. Осы кемел қоғам деген жер бетінде бар ма?! Әрине, жоқ. Өйткені адам кемел емес. Сондықтан да, ол мінсіз өмір сүре алмайды. Абайдың «Көңілім қалды достан да, дұшпаннан да» дейтіні содан. Бұл саналы жанның сыбағасы, қай қоғамда болмасын. Саналы жан өл-өлгенше өз мезгіліндегі келеңсіздіктермен күресіп өтетіні содан. Ең болмаса, өзі көрген келеңсіздіктерді ұрпағым көрмесе екен дейді. Бірақ біздің дегеніміз бола бермейді.Кемелдіктен кенде қоғам сені де, сенен кейінгі ұрпағыңды да қинай береді. Оның басты себебі – адам болмысынан. Адам әлжуаз әлсіз, мінге толы. Мінсіз тек – Алла ғана. Сол жалғыз Мінсізге ұмтылғанда ғана адам пақыр кемелдікке беталады. Сол жалғыз Мінсізге ұмтылған қоғам ғана кемелдікке беталады. Кемелдікке беталған қоғам ғана адам пақырдың жер бетінде жүріп өтер жүгін жеңілдетеді. Жалғыз үміт осы. Осы үміт бізді алға жетелейді. Осы үміт арқасында біз арқа етіміз арша, борбай етіміз борша болып, тау қопарып тас жарамыз. Бізден кейін келе жатқан ұрпақ жүгін жеңілдетіп, оларға жол саламыз.

* * *

Сырттай қарағанда діншілдер мен дінсіздердің аражігін ажырату қиын. Бірақ, бұл екі топтың бір-біріне ұқсамайтын рухани ерекшеліктері жер мен көктей.
Діншілдер. Жүрегі нұрға толып тұрғандықтан адам баласына сеніммен қарайды. Құрметпен қарайды. Себебі олардың Аллаға деген құрметі – адамға деген құрметке ұласады. Мінезі майда. Кішіпейіл. Қайырымды. Әділ. Тілі жұмсақ. Ажалды трагедия деп қабылдамайды. Ажалға сабырмен қарайды. Ажал да Алланың аманаты деп қарайды. Мына дүниені жалғаншы деп біледі. Байлықтың үлкені жиғаным емес, иманым деп біледі. Сондықтан ол тіршілік тауқыметіне өлімін сатып көз жұмып кіріспейді. Барға қанағат етеді, шүкіршілік етеді. Қылмыстан, арамнан аулақ болады. Сондықтан, ондай адамнан қоғамға қауіп-қатер жоқ.
Дінсіздер. Олар О Дүниенің барлығына сенбейді. Алла алдында есеп беретін күнге сенбейді. Сондықтан олар Бұ дүниеде молырақ асап қалғылары келеді. Алысады, жұлысады. Байлық үшін қырқысады. Жыртысады. Қылмысқа барады. Қиянатшыл, ынсапсыз болады. Адамға сенбейді. Өйткені олар өздері-өздеріне сенбейді. Зәре-құты ұшып өлімнен қорқады. Бұндайлар қоғамға қауіпті. Бұндайлар ақыры, қиналып азаппен өледі.

* * *

Өз отбасы, ошақ қасында бақытты бола алмаған адам, өзге орта, өзге жерде бақытты бола алмағы қиын. Демек, адам бақытты болуы үшін бақ-береке ең алдымен өз отбасында болуы керек екен. Ендеше берекелі, Қыдыр дарып құт қонған ондай отбасын қалай құруға болады? Бүгінде екінің бірі ажырасып жатады. Екінің бірі бақытсыз. Шаңырақтар жиі шайқалады. Әсіресе жастар арасында. Бұл құбылыс неге көбейіп қоғамдық індетке айналды? Бұл індеттің шығу тегі қайда жатыр? Немесе, оны жеңудің жолы қандай? Бұл сұрақ бүгін ХХІ-ші ғасыр басында өркениетке беттеген қазақ қоғамын қатты алаңдатып отыр. Бұл індет өркениеттен аулақ кешегі көшпелі қазақ қоғамында жоқ індет еді. Парадокс! Бізді бақытқа кенелтеді деген өркениеттің ендеше біздің отбасымызды ойрандап жатқаны қалай?! Сонда ата-бабамыз қастерлеген қара шаңырақ, отбасы берекесі дегендер өркениетке өгей болғаны ма? Дәл солай. Өкінішке орай, өгей болып жатыр. Өйткені өркениет иманы ұйыған дәстүрлі отбасынан аулақтап барады. Өркениет ықылымнан қалыптасқан отбасы құндылықтарынан ат-тонын ала қаша бастады. Софы Аллаяр: «Бір үй толған жансың, иманың кәміл болмаса, бір-біріңе дұшпансың!» деп кеткен еді.
Ендеше, бүгінгі қазақ қоғамында жаппай етек алған ажырасулардың түп-төркінін имани құндылықтар құлдыраған құрдымнан іздеген абзал.

* * *

Күн батареясы Күннен қуат алса, жүрек Алладан қуат алады.

* * *

19 ғасырда адамзат Құдайдан безіп еді, 20 ғасырда тарих сахнасына Гитлер, Сталин, Мао, Пол Поталар шыға келді.

* * *

Ұстанбасаң дін азады, қолданбасаң тіл азады.

* * *

Бұ дүниеде бақытты болудың бір кілті – өзгелер үшін өмір сүру. Баласы үшін өмір сүрген ана қандай бақытты. Алла ана жүрегіне шапағат нұрын молырақ құйған. Жер бетінде өмірдің жалғасуы үшін аңның да, адамның да аналары алысып арпалысады. Керек десеңіз, баласы үшін құрбандыққа барады. Демек, ана жүрегінде өзіне деген махаббаттан гөрі, өзгеге деген махаббат басым. Ана бақыты содан. Ер адам бұ салада әйел адаммен жарыса алмайды. Ана алдында адамзат бас иетіні содан. Ана өзінен гөрі бала-шағасының, отағасының амандығы үшін өмір сүреді. Бұл – иман жолы. Осы жолды анаға Жаратушы әйелдің ұлық мәртебесін көтеру үшін тарту етсе керек. Осы жолдан ауытқығанда, әйел адасады. Оңбай адасады. Бақытсыздыққа ұшырайды. Ал, өз отбасы үшін өмір сүріп, иман жолында келе жатқан аналар бақытты. Бұндай аналар Жер бетінде жүріп те Жәннат жұпарын жұта алады. Көл-көсір бақытты бастан кеше алады. Өзі үшін өмір сүрген өзімшілдер бұл бақыттан ада. Бұл – индивидуализм. Батыстық өркениет ауруы. Ендеше ең бақытсыз адам кім? Ол тек өзі үшін, қарақан басы үшін өмір сүрген эгоистер. Өзгелер үшін өмір сүруді білмейтіндер. Өз отбасын ойрандайтындар – осылар.

* * *

Бұ дүниедегі болмыстың бәрі бір-біріне қарама-қайшы сыңардан тұрады екен. Өмір – өлім, ыстық – суық, еркек – ұрғашы, махаббат – зұлымдық, рух – материя, жан мен тән, ақ пен қара, қайғы мен қуаныш тәрізді. Ендеше, осыдан қисын келіп шығады, неге Бұ Дүние болғанда, О Дүние болмауы тиіс деген. Бұ Дүниеге кереғар О Дүние болуға тиіс деген. Өйткені, қарап тұрсақ, Бұ Дүние мен О Дүние бір-біріне қарама-қайшы. Бұ Дүниеде өлім болса, О Дүниеде өлім жоқ. Бұ Дүние шектеулі, О Дүние шектеусіз. Бұ Дүниеде адамды адам билесе, О Дүниеде адамды Құдай билейді. Бұ Дүниеде махаббат пен зұлымдық қатар жүрсе, О Дүниеде олар ажыратылады. Бұ Дүниеде тән мен жан бірге болса, О Дүниеде ажыратылады. Тағысын тағылар. Осыдан келіп, Бұ Дүниеге бүтіндей кереғар бір дүние болса, ол О Дүние деген қисын келіп шығады.

* * *

Біреулер Құдай бар дейді. Біреулер жоқ дейді. Құдай бар дейтіндердің өзі Оны әртүрлі бейнеде елестетеді. Бала кезімізде біз Құдай дегеніміз аспандағы бұлт үстінде отырған бір ақсақалды абыз деп білетінбіз. Бүгінде басқаша елестетеміз. Денелі тірлік иесі емес, денесіз рух иесі ретінде елестетеміз. Жаратушының көзге көрінбейтіні, бірақ бәрін көретіні Құранда да айтылған. Яғни, Ол – рух. Көзге көрінбейтін шексіз рухани мұхит. Біз сол мұхит ішіндеміз. Мұхит ішіндегі балықтаймыз. Біздің мұхитымыз, бірақ, көзге көрінбейтін, денеге сезілмейтін мұхит. Шексіз эфир мұхиты. Оны ғылым бүгінде «тылсым қуат», немесе, «қара энергия» деп жүр. Тіптен, мына біз, материалдық әлем, түгел сол тылсым қуат – энергиядан тұрады екенбіз. Яғни, біз, мына шексіз ғарыш кеңістігін кезген үлкенді-кіші денелер, түгел сол энергияның әртүрлі бөлшектері екенбіз. Сол тылсым қуаттан сырт тұрған мына әлемде ешнәрсе жоқ екен. Бәріміз сол құдіретті қуат тудырған әртүрлі формадағы бөлшектер екенбіз. Бәріміз біртұтас илаһи матрицадан тұратын небары әртүрлі формалар екенбіз. Сондықтан да дін адамы әлмисақтан бері көзге көрініп тұрған дүниені де, көрінбей тұрған дүниені де жаратқан бір Алла деп біледі. Сондықтан да біз бір Алла жаратқан жер бетіндегі әртүрлі формадағы тірлік иелері ғана екенбіз. Ақырғы Пайғамбар бір хадисінде «Өзін таныған адам, Құдайды да таниды» дейді. Яғни, біздің илаһи болмысымызды мегзейді. Ғылымда да, дінде де бір ақиқат бар. Ол – сырт дүниенің ақылға сыймас шектеусіз екендігі. Біздің шектеулі екендігіміз. «Алла тағала өлшеусіз. Біздің ақылымыз өлшеулі. Өлшеулі бірлән өлшеусізді білуге болмайды» дейді Абай да. Рас. Мына шектеулі қалпымызбен біз бұл өмірде шексіздердің шексізі бір Алланы тани алмаймыз. Бірақ, Оны тануға ұмтылу адамды адам сенгісіз рухани асуға көтерері де хақ. Бұ туралы американдық ғалым Роберт Джестроу былай дейді. «Ученый одолел горы неопознаннего, вот-вот покорит высочайший пик – и перевалив через последнюю скалу обнаруживает на вершине компанию богословов, которая сидят там много веков». Яғни, ақиқат тануда, Алла тануда әулиелердің ғалымдардан атамзаманнан алда екенін айтып отыр ғалым.

* * *

Даналықтың белгісі. Өзін жұрттан кем көрер. Өз бойынан мін көрер. Біреу емес, мың көрер. Өзіндегі Әзәзілмен алысып, өмір бойы ұлық Иеге ұмтылар. Бірақ, қанша ұмтылса да Ұлыққа, арыла алмас дене деген былықтан. Жаны боздап ұмтылады биікке. Тәні бірақ, топырақ толы қапшықтай, тарта береді ұйыққа. Бір-біріне кереғар, осы екі болмыс арасында жарылып, өтеді өмір, өтеді өмір бейбақыт. Туылғаннан пешенеге басылыпты осы мөр. Сонда, сонда бәрі адамның бақытсыз ба, бұ қалай? Дей алмаймын, жоқ олай!! Ой ұйыққа батпағандар бақытты. Бала мінез, ішкенге – мәз, жегенге – тоқ жандар бақытты. Тәтті ұйқыда жүргендер ғой, оятпа!! Тәтті ұйқыдан оятпа!. Оянса ол тек жылана бастайды. Басыменен болып кетер бас қайғы. Оянған жан тынышталмас, тоқтамас. Бұрынғыдай мал тәрізді мамыражай оттамас. Бір басында ой дауылы бұрқырар. Ақиқатқа ұмтылар. Шындық іздеп шарқ ұрар. Осы жолда сүрінсе де жүз мейлі. Ол үмітін үзбейді. Осы жолда олар келе жатады. Тіршіліктің уын-зәрін татады. Алайда. Осы соқпақ Хақ жолына қосылады, қалайда. Хақ жолына түскендердің соңына ер! Хақ жолына түскендердің тобына ер! Адастырмас әулиелер, соңына ер! Тіршілікте татқан удан тартынба! Тіршілікте татқан уың бал болып, Қияметте күтіп тұрар алдында!

* * *

Әулие дегенде селт етпес сана, елең етпес құлақ жоқ. Неге? Әулиелік адам баласына қолжетпес арман болғандықтан шығар, мүмкін. Мына қым-қуыт дүниеде әулиедей ақ болу, періштедей пәк болу қолдан келмегендіктен шығар, мүмкін. Періште бала шағымыз көзден бұлбұл ұшқандықтан шығар, мүмкін. Сол жоғалтқан жоғымыздан ойсырап көңіл төрі қоңылтақсып тұрғандықтан шығар. Сонда біз қолда барды жоғалтқан болдық. Солай. Адам пенде балауса кезінде болмысындағы илаһи тазалықты сезбейді. Қолда бардың қадірі жоқ. Сол тазалық басына қонған бақ екенін білмейді. Бейкүнә балдәурен шақ өткенде ғана бір-ақ біледі. Пенде, сөйтіп, өмірін періште болып бастап, пері болып аяқтайды. Ей, өрім жас! Басыңа қонған бақты бағала! Періште тазалығыңды сақта! Бағала! Екі дүниеде одан артық байлық жоқ! Кісіге қылдай қиянат жасаудан сақтан! Өзіңнің де, өзгенің де періште тазалағын сақта! Жақсылық та, жамандық та алдыңнан шығады. Бұ Дүниеде болмаса, О Дүниеде.

* * *

Төрт айлық мерзімде ана құрсағындағы шақалаққа рух бітеді. Қайдан бітті? Неге бітті? Кім бітірді? Білмейміз. Біздің білетініміз, соңғылықта рух дегеннің тыншымай әлденені іздейтіні. Мазасыз болатыны. Сол мазасыз рухты жұбатамыз деп біз есейе келе әртүрлі әрекетке барамыз. Жан рухының тыншымауы оның Иесін іздеп аласұруы екенін білмейміз. Солай. Жүрекке ұялаған рух өз Иесін іздейді. Иесімен қауышқысы келеді. Шарқ ұрады. Жаныңды «жейді». Адам жаман жолға түссе, алдымен жан бишара қиналады. Тыпырлайды. Тынышы кетеді. Еңбекпен емес, қылмыспен келген байлық та жанның жауы. Ол рухты жұбата алмайды. Сонда жан қашан тынышталады? Қашан сен күндердің күнінде тәубеңе келіп игі іс, ізгі амалдар жасай бастағанда тынышталады. Өйткені сен жақсылықтар жасау арқылы Жаратушыңа бет бұрдың, Жаратушың да саған бет бұрды. Хақтың нұры жүрекке түсті. Шырылдаған жүрек Иесін тапты. Анасын тапқан сәбидей тынышталды. Өйткені, рух, жан – Алланың бөлшегі. Көкіректе жан барда сен де Алланың бөлшегісің!

* * *

Бейкүнә сәбиді көрсең, жан-жүрегің елжірейді. Өйткені ол – періште. Сол тәрізді он екіде бір гүлі ашылмаған қыз баланы көрсең де жан-жүрегің елжірейді. Өйткені, ол да – періште. Айналып-толғанасың. Бұл – өмірдің жазылмаған заңы. Алланың адам жүрегіне құйған низамы. Періште тазалыққа деген құрмет. Қыз бала періштелігімен қымбат. Сүйкімді. Сұлу. Бұл балалар ертең бақытты отбасын құруға лайықты аналар. Осыны қыз бала құлағына құя беру керек. Қым-қиғаш өмір жолында осы заңды бұзбау, әсіресе, қыз бала үшін болашақ бақытты отбасын құру кепілі. Бұл – періште жолы. Ұл балалар! Періштені жолдан тайдырмаңдар! Әзәзілге ермеңдер! Қарындасты қорғаңдар!

* * *

1.Тіл деген тек қарым-қатынас құралы десек, қателесеміз. Тіл – халықтың тарихи жады. Хатқа түспеген гәптің көбі тілде. Тілінен айырылған ұлттық тарихи жадынан айырылады.

2. Тіл – халықтың имани жады. Ұрпағыңнан тіл кетсе, имани жады да қоса кетеді. Ондай ұрпақтан күпірліктің небір түрін күтіңіз. Ондай ұрпақтан ұлттық имани амалды күтпе! Имани амалдарды бермеген өзіңсің. Енді сол ұл-қызың кәртайғанда сені қарттар үйіне тапсырады. Өйткені, сен, ол ұл-қызыңды тілімен қоса өзінің ұлттық имани жадынан айырдың! Ей, ана тілінен безген ата-ана! Енді не көрсең де, өзіңнен көр! Өз обалың өзіңе!

3.Тіл – халықтың салт-дәстүрінің сандығы. Ол жоғалса, салт дәстүр қоса жоғалады. Салт пен дәстүрді мыңдаған жыл сақтап келген сандық жоғалады. Бір шаңырақ астында атамзаманнан келе жатқан өмір сүру салтымыз қоса жоғалады.

4. Тіл – халықтың қорғаны. Ұлттың иммунитеті. Ұрпақтың рухын жанитын ұлттық тәрбие. Тілмен бірге ел қорғанынан айырылады. Біздің бүкіл ауыз әдебиетіміз, отаншылдық тәрбие тілімізде тұр. Тіл кеткен күні әлмисақтан ақындар мен батырларды тәрбиелеп келген қасиетті рух қоса кетеді! Сонда Даланы кім қорғайды?

5. Қазақтың тілі – Ұлы Дала тілі. Қазақтың тілін түсінбеген Ұлы Дала ділін түсінбейді. Өйткені, Ұлы Дала өз жанын өз тілін түсінгендерге ғана ашады. Ол тілде сөйлемей Ұлы Дала жанын түсіну мүмкін емес. Ұлы Дала жанын түсінбей оны сүю мүмкін емес. Ұлы Дала тілінде сөйлемеген Ұлы Даланы сүймек емес. Қадірін білмек емес. Ұлы Дала қадірін білмейтіндерден, Ұлы Дала үшін өлмейтіндер шығады. Құдайым, сондай болашақтан сақтасын!

* * *

Бүгінде байлық пен билік иелеріне халық неге шүйлігеді? Өйткені, халқымыздың басым көпшілігі шайлыққа жетпейтін айлыққа қарап қалды. Әртүрлі жолдармен, байлыққа қолы жеткендердің алдында екі жол ғана қалды.
Бірінші жол: Кедей халық арасында қауіпсіз өмір сүру үшін Атымтай Жомарт жолы. Яғни, қайырымдылық жолы. Оған кісілігің жетпесе алдыңда екінші жол тұр. Бұл шетелге апаратын жол. Бұл екінші жолға түссең, өмір бойы жиған байлығыңды құтқару үшін оны өл-тіріл шетелге асыруың керек. және шетелден үй сатып алып қоюың керек. Шетелден үй сатып алып қою не үшін керек? Күндердің күнінде аш халқың, жалаңаш халқың шулап келіп сенің байлығыңа бас салғанда басыңды аман алып қашу үшін. Сөйтіп қашып байлығыңды да, өзіңді де аман алып қалу үшін. Бұл идеяны, яғни шетелден үй алып қою идеясын 3 мыңдай Қазақстан азаматы кәзірдің өзінде іске асырған деген дерек бар. Бірақ… бұ жерде бір «бірақ» бар. Онда сен өмір бойы Отан үшін емес, өмір бойы өзің үшін, тек ақша үшін өмір сүрген болып шығасын. Демек, бұл жол – тарих алында абыройсыз жол. Отанға деген опасыздық, сатқындыққа апаратын жол. Оны абыройсыз жол деп отырғанымыз содан. Сондықтан, аса бай азаматтарды біз бұ жолға түспеуге шақырамыз! Халықтың бүгінде күн құрғатпай әлеуметтік желіде шіріген байларға шүйлігіп жатуы бекер емес. Бұдан шығатын тобықтай түйін; бейбақыт халық арасында тұрып бақытты бай болу қиын. Тіптен қатерлі. Сондықтан, бұл байларға айтар ақыл, ұсынар жолымыз жалғыз. Ол жол – атамзаманнан ата-бабаларымыз ұстанған қасиетті жол, Атымтай Жомарт жолы! Атымтай бол, сақи бол! Не көрсең де халқыңмен бірге бол дейміз! Жылап жүрген жұрт алдында жырғап жүрме дейміз! Байлығыңмен мақтан ба дейміз! Байлығыңмен мақтану бұндай заманда, сіздерге деген өшпенділікті дауыл тиген өрттей өршітеді дейміз. Ей, байлық пен билік иелері! Халық – ана! Ана қарғысынан сақ бол дейміз! Халқыңнан қарғыс алма, алғыс ал дейміз! Сонда ғана, Абай арман еткен ұйытқысы берік ұлт; кедейі мен байы тең, қарасы мен ханы тең ұлт, сонда ғана қалыптасады дейміз. Ей, байлық пен билік иелері! Демек, сіздермен біздердің халық анамызға адал қызмет етуден басқа жол жоқ дейміз!

* * *

Бүгінде не қиын? Күн құрғатпай жан-жақтан ағылып жатқан, жүрекке қадалып жатқан ақпарат жебелерінен қорғану қиын. Сақтану қиын. Есік, терезеңді жапсаң да, басыңды бүркеп алсаң да, ол бәрібір сенің санаңа кірер саңылау табады. Жүрекке жетіп қадалады. Естігің келмесе де естисің, көргің келмесе де көресің. Ол қандай ақпараттар? Ол жан-жақтан ағылып жатқан азғындық туралы ақпараттар. «Өз қызын өзі зорлаған», «Өз ата-анасын өзі қорлаған» «Өз баласын өзі өлтірген» дегендей ақпараттар. «Астапыралла!» «Астапыралла!!» дейсіз. «Мына, қазаққа не болған?!» «Мына, сен шаң жуытпай жүрген халқыңа не болған?!» «Бұндай сұмдықтарды, тіптен, кешегі қызыл империя кезінде де естімейтін едік ғой!» «Ел болғандағы түріміз осы ма?» дейсіз. Жоқ! Тоқта! Тоқта! Бұ жерде Тәуелсіздік кінәлі емес. Тарих толқыны бізді жанқадай қақпақылдап әкетіп осы күйге жеткізіпті. «Ұзында – өші, қысқада кегі» жоқ, «адал тұрып, адал жүрген» халықты осы күйге жеткізіпті. Әңгіме осы жайлы.

Тарих додасында кенжелеген көшпенділерді тарих толқыны қалай қанкөбелек ойнатып алып кеткені туралы. Ей, жаңа заман адамы! Сен Батыста «Бостандық» ұранын көтердің! Әп-әдемі ұран еді. Оны әркім өзінше түсінді. Көпшілік оны қиянаттан құтылу, ұлт азаттық деп түсінді. Сол ұран астында талай төңкерістер жасалды. Әлем астан-кестен болды. Бірақ, «Бостандық!» ұранының мақсаты тек езілгендерді езгілегендерден құтқару ғана емес еді. Ұранның басты мақсаты – адамды Алла жолынан ажыратып, Сайтан жолына салу болды. Сондықтан сен! Жаңа заман адамы! Мінеки, 2 ғасыр бойы «Жан біткенді жаратқан табиғат» деп тақылдаумен келесің. Бейне бір жандыны жансыз жаратып жатқанын көріп келгендей. Сондағы құлқының түсінікті. Құдайды мансұқтау. Хайуани нәпсіге бостандық беру. Құдайдан құтылу. Құдай саған: «Хайуан болма!!» «Адам бол!» деді. «Ұяттан безбе!», «Ұрлама!» деді. «Өтірік айтпа!», «Өлтірме!» деді. «Қайырымды бол!», «Қылмыс жасама!» деді. «Әрбір амалың үшін Алла алдында жауап бересің!» деді. Бұл ақыл саған ұнамады. Істеген істерің үшін сен ешқашан, ешкімнің алдында жауап бергің келмеді. Жауап бермеу үшін шынжырбалақ- шұбартөс мықты болу керек еді. Сен балақты түріп байлық пен билік қуып кеттің. Әлденеге қолың жетті. Бірақ, ол жұмырыңа жұқ болмады. Шын мықты болу үшін үлкен байлық, үлкен билік керек екен. Сол жолда сен, жаңа заман адамы, арпалыстың, алыстың. Өліміңді саттың. Сайтанмен тіл табыстың. Тіпті, әлемді бағындыруды көздедің. Қорқыратып қан кештің. Әлемді бағындырдың. Дариядай қан ақты. Көздің жасы көл болды. Бірақ, сен оған тоқтамадың. Тіптен, сен неғұрлым миллиондарды қырған сайын, екі аяқты миллиондар саған қоғадай жапырылып тағзым ететінін, жырға қосатынын көрдің. Сөйтіп, сен жалпақ әлемді жатқызып, тұрғызатын халге жеттің. Енді Жер бетінде сенен мықты қалмады. Сенен жоғары да тек Құдай ғана қалды. Сен Құдайдың да өзіңнен жоғары тұрғанын қаламадың. Білекті сыбанып жіберіп Құдаймен белдесе кеттің. Қолдағы байлық пен билікті Құдайды құлатуға жұмсадың. Жандайшаптарың жанұшырып жүріп ашқұрсақ ғалымдарды сатып алды. Олар әлемді шарлап жүріп адамның маймылдан шыққанын «дәлелдеп» берді. Сөйтіп, Батыста құдайсыз ғылым, құдайсыз өркениет дамыды. Батыстың жаңа адамы, сөйтіп, адам болудың ауыр міндетінен арыла бастады. Құдайдың емес, нәпсінің құлы болу Жер бетіндегі глобалистердің атамзаманғы арманы еді. Сол арман бүгінде Жер бетінде салтанат құрды. Адамзат атаулының екі аяғын бір етікке тыққан мына пандемия соның айғағы. Ат төбеліндей алпауыттың айдай әлемге сырттан тор құрып өз дегеніне көндіріп жатқанының айғағы. Жалпақ әлемнің жартысы ішер ас, киер киімге жарымай отырғанда осынау ат төбеліндей алпауыттарға енді не жетпей жүр деген сұрақ туады. Ие, оларға, шынында, не жетпей жүр?! Өмірдің рахатын көріп ұжмақ аралдарында тыныш жатпай ма?! Жоқ, олар тыныш жатпайды. Олар жатудан жалыққан. Олар, енді, бүгінде жойдасыз билік пен байлыққа ие болғаннан кейін Жер бетіндегі жан біткенді жатқызып, тұрғызатын тура Құдайдың өзі болғысы келеді. Жер бетіндегі қыбырлаған халықты ойыншыққа айналдырып, ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстағылары келеді. Ең алдымен, көз жасы ешқашан құрғамайтын жылауық миллиардтардан құтылғылары келеді. Жер бетінде өзіне қызмет ететін 1 миллиардты ғана қалдырып, қалғанын қырып салуды жариялап та қойды. Рим клубы мінберінен. Глобалистердің қалтасынан жем жеп отырған жалдамалы ғалымдар жатпай-тұрмай ізденіп, құмырсқадай көпшіліктен қалай құтылудың небір заманауи тәсілдерін тауып та үлгерді. Адамды азайту үшін, ендігі жерде, бомба жарып әлемді талқандап жатудың қажеті шамалы екен. Жалдамалы заманауи ғалымдар адамды азайтудың өркениетті түрін тауып берді. Адам баласын соғыссыз-ақ айдың-күннің аманында арам қатырудың талай тәсілдерін ойлап тапты. Ендігі жерде фашистер тәрізді қалған жұртқа қару ала жүгірудің қажеті жоқ. Ендігі жерде Гитлер билікке келгенде жолына 10 миллиард доллар шашу шашқан Рокфеллердің де қуанышы ескірді. Ендігі жерде адам баласын арам қатыру үшін Гитлердің де керегі жоқ. Ендігі жердегі Гитлерлер ғылыми лабороторияларда отыр. Оларға ақшаға сатылған ғалымдар, жалдамалы залымдар адамзатты айқай-шусыз-ақ арам қатырудың небір ғылыми айла-тәсілін ашып жатыр. Және аша да бермек. Өйткені, бүгінгі заманның Сайтанға табынған ат төбеліндей глобалистері байыған үстіне байыды. Тойған үстіне тойды. Кекірігі азды. Сондықтан, олардан адамзаттың көрешегі әлі алда. Бүгінде, ХХІ ғасыр басында мына біз бастан кешіп жатқан лаң соның айғағы. Сонымен, соңғы 2 ғасырда Құдайдан безген өркениеттің жеткен жері осы. Яғни, Толстойша айтқанда: «Өркениет өз биігіне көтерілген сайын адамзат өз көрін өзі қазады».

Осы арада ой туады. Осы ойлардың авторы, сонда, билік пен байлыққа қарсы ма деген ой туады. Жоқ. Олай емес. Біздің ойымызша, қайырымды билік пен, қайырымды байлық қашанда халықтың құты. Қайырымсыз билік пен, қайырымсыз байлық қашанда халықтың жұты.
Айналып келгенде айтарымыз, жанымызда тыныштық жоқ, көңіліміз күпті. Ертеңіміз не болады? Елдігіміз не болады? Деген сұрақтарға толы. Сондай сұрақтардың бірі – осындай аласапыран әлемде «Қазақстан қалай күн көрер?» деген сұрақ. Шынында, кеше ғана өз тізгінін өз қолына алған ел қалай күн көрер!? Жас тәуелсіз, тәжрибесіз елдердің бәрінің басында бар сұрақ. Заман сорақы екен деп салымыз суға кетуі керек пе?! Ел болам десең, еңсеңді көтер! Жата берсең, жем боласың! Бүгін оянбасаң, ертең біреуге құл болып оянасың дегіміз келеді. Ұры жоқ деме, үй сыртында. Жау жоқ деме жар астында дегіміз келеді. Оларға сенің шырт ұйқыда жатқаның керек! Оларға сенің елің емес, жерің керек. Солай болған және солай бола да береді. Сені ақ империя да, қызыл империя да қырды. Мың өліп мың тірілдің. Рас. Жыртық үйдің де Құдайы бар. Құдайың қолдады. Тәуелсіздік туын көтердің. Енді түгел осы ту түбінен табылу парыз! Қасық қаның қалғанша осы туды қорғау парыз. Туың енді құласа, қайта шықпас тарихтың тұңғиығына кетесің! Құдайым бізді содан сақтасын!

* * *

Кемшіліксіз адам болмайды. Өйткені, адам періште емес, пенде. Сөйте тұра, адам пенде өзінің емес, өзгенің мінің көргіш. Өзінің түйедей міні тұрғанда, өзгенің түймедей мінін көргіш. Адам пенденің осы бір кемшілігі, әсіресе, от басы, ошақ қасында көрінеді. Ажырасу дегеннен алдымызға жан салмайтынымыз содан. Қыз бала: күйеуге тиерде қосағым кемшіліктен құлантаза, өзі би, өзі бай болса екен деп армандайды. Ұл бала: алған жарым ақылына көркі сай, қылаудай міні жоқ періште болса екен деп армандайды. Осынау аспан кезген армандар мен көк кезген қиялдар, жастар үйленіп жерге түскенде кұл-паршасы шығады, шындықтың кір-қожалақ жартасына соғылып. Бай дегенің байғұс болып шығады, періште дегенің пенде болып шығады, ақыл дегеннен кенде болып шығады. Өйткені, өмір дегенің – өмір. Ол сендегі көк шарлаған қиял емес. Ол – соқтықпалы, соқпақсыз сұрапыл сын өткел. Сол жолда ақ отауыңды сақтап қалу үшін ұлға да, қызға да алысып, арпалысу парыз. Басқа жол жоқ.

* * *

Cұрақ тууы мүмкін; бұл автор неге ойларын жаза береді деген. Расында, бұл автор неге ойларын жаза береді?! Бұл кәсіпке қалай келіп жүр, қашан келіп жүр? Жауабы. Мектеп қабырғасынан оқу, кітап дегендерге алабөтен әуес болдық. Әсіресе, философияға. Жоғарғы класта «Қоғам тану» деген пән болды. Сол пән біздің әдебиеттен кейінгі сүйікті пәніміз болды. Арғы-бергі ақылмандардың ой әлеміне сүнгіп әдеттендік. Содан болса керек, 1 курстан өзіміз де басымызға келген ойларды қойын дәптерге түсіре бастадық. Мінеки, содан бері, бұл әдеттен арыла алмай келеміз. Бұрынғы бір бабамыз «адамды хайуаннан бөлетін басты хикмет – ой» деген екен. Ендеше, бұл ойлар әлдекімнің кәдесіне жарап жатса, одан өзге арман жоқ.

* * *

Бүгінгі жастар арасында Батыс десе, басы айналатындар көп. Бұл жасырын сыр емес. Олар алдымен Батыста оқығысы келеді, содан кейін сол жақта қалғысы келеді. Тіптен, Қазақстан азаматтығын АҚШ азаматтығына айырбастаса айдарынан жел еседі. Әңгіме, шетелде білім алып, немесе, жұмыс істеп өз еліне оралушылар жайлы емес. Олар – азаматтар. Әңгіме, елден басыбүтін безушілер туралы. Бұл неге әдетке айналып барады? Бұның себебі не? Отаншылдық неге ойсырап барады? Санай берсек, себебі көп. Жұмыссыздық, мардымсыз жалақы, аяқ басқан сайын аяқтан шалатын әділетсіздік. Бірақ, бұның бәрі, беу жастар, өткінші әлеуметтік, тұрмыстық кедергілер, Қазақстан тәрізді жас тәуелсіз елдерге тән. Десек, елден безгендер қолын сілтейді. Алған бетінен қайтпайды. Чемоданын сүйреп кетіп бара жатады әуежайға қарап. Бейне бір оны Батыс құшақ жайып қарсы алатындай. Біздіңше, бұндай етек ала бастаған елден безушілік сыры жалғыз ғана елдегі әлеуметтік, тұрмыстық жағдайар емес. Бұның сыры әрегіректе жатыр.
Біздіңше, бұл құбылыстың сыры – қазақ арасында Кеңес кезінде кең етек жайған ұлтсыздық деген ауру. Яғни, бүгіндері бұндай кеселге ұшыраған ұрпақ – кешегі тілі, діні сұйылып ұлтсызданған советтік семьядан шыққан ұрпақ. Бұндайлар үшін қолды отанға бір сілтеу қиын шаруа болмай қалды.
Ал, өз ұясында ұлттық тәрбие уызына жарыған ұрпақ үшін туған жерден айырылу атамзаманнан өліммен тең болып келді емес пе? Және сол ұрпақ ел басына күн туғанда Отан үшін от кешіп келді емес пе?
От кешіп келді. Қажет болса ондай ұрпақ, Қазақстан үшін кәзірде қан майдан кешуге даяр. Отанға керегі осы ұрпақ. Ұлтжанды ұрпақ.

* * *

Сұрақ тууы мүмкін. «Еуропада 9 жыл тұрып, 9 жыл АҚШ-тың Азаттық радиосының дәмін татып сіз неге өз мақалаларыңызда Батысты сынай бересіз?» деген. Рас. 9 жыл төрінде аунап-қунаған Батысты біз сынаумен келгеніміз рас, оны идеализациялаудан аулақ болғанымыз рас. Себебіне келейік.
Шындығын айтсақ, жастау кезімізде біз де Батыспен ауырдық. Біз де Батыста бәрі жақсы деп көз жұмып, бас шұлғыдық. Тоқсаныншы жылдар басы. Батысқа бас тіреген бізге Батыс Жаннат бағындай көрінді. Ол кезде жалғыз Қазақстан емес, постсоветтік кеңістік атаулы түгел көңірсіп күйреп жатқан кез болатын. Осы күйреп жатқан кеңістіктен томп етіп Еуропа төріне түскенде, шыннан да, Ұжмақ төріне түскендей болдық. Өйткені, бұнда бәрі жайнап тұр, бәрі құлпырып тұр. Тап-таза. Көз қуантады. Сервис те сұңғыла. Бәрі адам үшін. Қайда қарасаң да адамға деген ықылас ілтипат лебі еседі.
Бірақ бұл сезім біз үшін ұзаққа созылмады. Екі-үш жылға ғана созылды. Содан кейін біз шаңы шыққан сары даламызды сағына бастадық. Алматының көзге қораш шеткері көшелерін де сағына бастадық. Аңғалдығы баладай, дархандығы даладай ауыл адамдарын сағына бастадық. Батыстың сырты жылтырақ, іші қалтырақ болмысына тойып болдық.
Біркүні бала-шағамызбен қала сыртына шықтық. Жаз еді. Суға түскіміз келді. Сөйтсек, өзен жағасы толған енеден туғандай тыржалаңаш нудистер. Келін – бала, қыздарының көзінше көтін ашып жүрген кемпір-шалдар. Біз тұра қаштық. Оларға қарауға ұялдық. Олар ұят дегенді жиып қойса керек. Естуімізше, нудистер моншаға да осылай отбасымен түгел жалаңаштанып түсетін көрінеді. Еуропада 20 ғасыр басында басталған бұл қозғалыс 1920 жылы Мәскеуге де жеткенде, көшеге тыр жалаңаш шыққан революционер нудистер «Долой стыд!» деген ұран көтерген екен.
Бүгіндері интернетті ашып қарасаңыз ұяттан безген Батыстың балшыққа әбден батқанын көресіз. Құдайдың құлы болудан бас тартқан Батыс нәпсінің құлы болғанын көресіз. Ұяттан безген нудистер өз отбастарында қандай оргиялар жасайтынын көресіз. Оларды айтуға ауыз бармайды.
Бүгінде бесіктен белі шықпай жатып телефонға жармасатын балаларымыз сол Батыста түсірілген жынойнақтарды күнде көріп отырмасына кім кепіл?! Ертең олар да «долой стыд!!» деп, атойлап жынойнақ салып көшеге шықпасына кім кепіл?!
Мінеки, Батысқа ергендердің барар жер, басар тауы.

* * *

Кремльде – Сталин, Қазақстанда – Голощекин басшылық еткен жылдары ашаршылық апатын бастан кешкен халқымыз: «Қу заманда сұм басшы сорымызға тап болды» деген. Ал, ашаршылық жылдары ата жұрттан ауа көшкен біздің ауылдың үлкендері болса бұл апаттың шығу себебін былай түсіндіретін: «тоқтық заманда бір әйел баласының құйрығын нанмен сүртіпті. Содан Құданың құдіретімен елде алапат аштық басталады. Өзегі талған әлгі әйел қашан сол құйрық сүрткен нанын өзі тауып, өзі талғажу еткенде ғана ашаршылық тоқтаған екен» дейтін. Ауыл молдалары болса ашаршылықтың шығу себебін одан да әрмен сілтеп тереңдетіп әкететін. Олар айтатын. Ауыл әйелдері қит етсе: «О, құрыған Құдай! Шұнақ Құдай! Қу Құдай! Қақбас Құдай!!!» деп, екі күннің бірінде Құдайдың өзін жерден алып, жерге салын жататын. Апатты шақырған ауылдың шайпауыз қатындары. Құдайды қарғап, Құдайдың қарғысына ұшырадық дейтін.

* * *

Жарты қазақты жалмаған бұл апаттың шығу себебіне кімдер үңілмеді?! Үңілмеген жоқ. Біз де үңілдік. Сөйтсек, Ұлы Даланы бұл апатқа алып келген тарихи эволюция тамыры тым тереңде, әріде, ғасырлар қойнауында жатса керек. Қайқы қылышты, күндей күркіреген көшпенділер дәуірі Еуропада ажал бүркер отқару шыға бастағанда бастан өткен екен. Ұйқыдағы Ұлы Дала күнбатысқа көз салмай, күншығысқа көз салмай беймарал тәтті ұйқыда жата беріпті. Заман өзгеріп алға басса да көшпенділер өзгермепті. Кенже қалыпты. Отқаруын сүйретіп бір күні орыс келер деп ойламапты. Ұлы Дала ұлдары қалмақты жеңген қайқы қылышына сеніп, ен даланы еркін жайлап бейқам жата беріпті. Талбесікте сәбидей тербетіліп. Шошып оянбапты. Озғындаған отырықшылар күндердің-күнінде ел мен жеріңе бас салар деп ойламапты. «Білекті – бірді, білімді мыңды жығар» деген аталы сөз адыра қалыпты. Ақыры аталы сөздің айтқаны келіпті. Күндердің-күнінде мың қылышты, бір зеңбірек жайратып салыпты. Ұйқыдағы дала оңбай отарланыпты. Оны отарлаған орыстың озғындаған инженерлік ойы болыпты. 1917 жылы большевиктер Ақ Патшаны жойса да, орыстың империялық ойын жоймапты. Патшалық империя орнына советтік империя орнатыпты. Бостандық дегендердің басын қағыпты. Бастан айырылған көшпенділерге Кремль комиссарлары келіп басына келгенін істепті. Көшпенділердің алдындағы малын, ауызындағы нанын алыпты. Ақсүйек ашаршылыққа ұшыратыпты. Сол озбыршыл империялық саясаттан Кремль әлі бас тартпай келеді. Империялық саясат күндердің-күнінде империялық озбырлыққа айналары хақ, көршілеріне қарсы. Кремльдің кәзіргі Украинадағы қанқасабы – соның айғағы.

* * *

«Тарихи тақсырет ұлттық сананы оятады» дейді Гейдар Джемал. Гитлер жарты еврейді жойды. Бұл ұлттық қасіретті еврейлер ешқашан ұмытпайды. 17 сәуірде бүкіл Израильде сирена сарнап қоя береді. Өйткені бұл күн еврейлердің ұлттық аза тұту күні. Бүкіл Израиль тұрған-тұрған жерінде қалт тоқтайды.Бүкіл Израиль бір минут үнсіз фашизм құрбандарының рухына тағзым етеді. 31 мамыр – Қазақстанда ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Биыл бұл күнді тарихта тұнғыш рет Қазақстан парламенті бір минут үнсіздікпен атап өтті. Бірақ, ту түсірілмеді. Израильдегідей жалпыұлттық сирена сарнамады. 31 мамыр – Ұлттық аза тұту күні. Бұл күн осылай аталуға тиіс. Өйткені, бұл атаудың ары жағында 5 миллион 300 мың ашаршылық құрбандарының, 37 -ші жылы оққа байланған 25 мың шейіттің, итжеккенге айдалған 100 мың мұңлықтың рухы тұр. Сондықтан да бұл күн – «Ұлттық аза тұту күні» деп аталуға тиіс. Сонымен қатар өткен ғасыр қасіретін көзімізге көрсетіп, алдымызға тартатын «Аза Сарайының» іргесі де қалануға тиіс. Бұл шараларды біз міндетті түрде жалпыұлттық денгейде жүзеге асыруға тиіспіз.
Өйткені, ұлттық қасіретті ұлықтай алмаудың өзі – ұлттық қасірет.

* * *

Халықаралық ПЕН-клуб жазушылар ұйымының Токиода өткен кезекті бір сессиясында сол кездегі жапон премьер-министрінің қала шетіндегі саяжайында қонақтарға жапон шайы ұсынылды. Бәріміз тым-тырыс жапондарша жерде отырмыз. Ұлттық киманосын киген, инабатпен ұяттан жаратылғандай жапон қызы құйтақандай форфор стақанға қасқалдақтың қанындай етіп бір ұрттам қара шай құйды. Сызылып бас иіп ұсынды. Ұрттап көрсек тіптен шай дәмі жоқ. Қышқылтым бір нәрсе. Іше алмадық. Сүт қатқан қазақтың қара шайы еске түсіп тамсанып отырмыз. Сұрауға ыңғайсыз. Соншалықты жарнамаланып әспеттеліп ұсынылған жапон шайын ішпей, олар естімеген қайдағы бір қазақтың қара шайын сұрау әбден әдептен тыс болар еді. Бірақ, жапонның сол бір әспеттелген шай құю мәдениеті еске түскен сайын, біздің ойымызға одан кем түспейтін қазақтың шай құю мәдениеті орала беретін болды. Бірде, тоқсаныншы жылдар басы, Қазақстан каналының журналистерімен бірге Әмудария бойындағы Өзбекстан қазақтарының бірінің үйіне түстік. Күн шақырайып тас төбеде тұрған талтүс еді. Бір «уазик» жігіт қаталап келгенбіз. Қазақ қайда жүрсе де қазақ. Жайылып жастық, иіліп төсек болып қарсы алды. Қоңырсалқын кең залға кіргізді. Жез құман, леген көтерген елгезек бала жағалай қолымызға су құйды. Іле ішке жасанып киінген қызыл орамалды қыз кіріп қырындай жүріп ортаға кең дастархан жайды. Ұзын етек қызыл көйлекті қыздың көз алдымызда мысықтабандап тысырсыз қозғалысы үй ішіне бір көңілді көркем күй таратқандай. Үстіндегі қыпша бел қызыл бешпеті, құлақтағы күміс сырғасы, төгілген өңіржек, түймелері бәрі түгел көз тартады. Самсап қарап қалыппыз. Сұлу қыздың самсап қарап отырған біздерде шаруасы жоқ. Көз қиығын да салмайды. Үнсіз биязы қимылдап ырсылдап тұрған ақ самауырдың шүмегі астына ақ тасқұманын тысырсыз қойып жатыр. Іле қалампыр қосқан қою шай исін сездік. Толықсыған бойжеткен ақ білегі жарқ етіп бүлк-бүлк қайнаған тасқұманды шоқ үстінен алды. Қаймақ қатқан кеселерге бұрқыратып шай құя бастады. Біздер, қаталап отырған жігіттер, қалампыр исі танау жарған қаймақ қатқан қою шайға жапатармағай бас қойдық. Неткен дәмді шай еді… қыз құйған шай! Қанымыз кеуіп қалса керек, маңдайымыздан теріміз шыпшып әсте шайға қанар емеспіз. Қазақтың сол бір шай құю салтанатын арадан қанша жыл өтсе де ұмыта алар емеспіз. Мінеки, Токиода жапон дастарханында отырып та сол шайды, қазақтың қаймақ қатқан қою шайын еске алып отырмыз. Халқымыздың кісі таңқаларлық, алайда бүгінде ұмытыла бастаған шай құю мәдениетін сағынып отырмыз. Сол мәдениетті біз жапондардай сақтай алмаппыз. Жапондардай насихаттай алмаппыз. Өзіміздегі барды бағаламай, өзгенікін дардай қылуға дайын тұратын мінезден қашан арылар екенбіз?!

* * *

Мәжуси:
– Сендер Алланы барлық жерде бар дейсіңдер. Бұны қалай түсінуге болады? – деп сұрақ қояды біркүні Әбу Ханифаға. Сонда Имам Ағзам:
– Май сүттің қай жерінде? – деп, одан сұрайды.
– Барлық жерінде, – дейді мәжуси.
– Ендеше, сол тәрізді, Алла да болмыстың бар жерінде, – дейді имам.

* * *

«Қазақтың тілін жетік білмейміз. Жетік білсек әулиелік қазақтың тілінде тұр» депті Мәшһүр Жүсіп. Ой безбеніне салсақ, бұл тосын уәжді әулие бекер айтпаса керек. «Әулиелік қазақтың тілінде тұр». Ал, түсініп көр! Тілде әулиелік бола ма? Болмаса, әулие Жүсіп неге айтқан?! Ой жүгіртсек әулие пайымы шындықпен шендесіп жатыр. Ол қандай шындық? Ол біздің рухани тарихымызбен он ғасыр ұдай біте қайнасқан сопылық тариқат екен. Он ғасыр бойы рухымыз сусындаған Яссауи тариқаты. Исламды осы тариқат арқылы қабылдаған халқымыз өзін қоршаған әлемге осы тариқат көзімен қарапты. Он ғасыр ұдай, сөйтіп, дүниетанымы осы тариқатпен қалыптасыпты. Дүниетаным тілге сіңеді. Тілі арқылы күн сайын тал бесіктен жер бесікке дейін айтылатын ананың бесік жырына, дананың қосық жырына сіңеді. Сөйтіп, сопылық сүңғылалық сіңген қазақ сөзі, қазақтың өзіне айналады. Сол рухани тазалық теңізіндей қазақ сөзіне терең сүңгіп, тұнығынан қанған жан тазарады. Адал тұрып, адал жүреді. Аңғалдығы баладай, дархандығы даладай болып қалыптасады. Егер, бүгінде біз адал тұрып, адал жүре алмайтын халге жетсек, сол, Мәшһүр Жүсіп айтқан әулие тілден ажырап қалғандығымыздан. Немесе, сол тілді жетік білмей жүргендігімізден.

* * *

Әркімнің өз Абайы бар. Біздің Абайымыз – Шығыс шайырларының шекпенінен шығып, Батысқа көз салып өз көкжиегін кеңейткен Абай. Сөйтіп, жаңа өріс тапқан Абай. Сол жаңа өріс оны жаңа шыңдарға шығарыпты. Шығыс пен Батыс тоғысында болмысы бөлек Абай шыңы бой көтеріпті. Сол шың биігінен ол халқын өнер, білімге шақырыпты. Жаңа өріске шақырыпты. Бірақ, абыз қанша биіктеп жаңа өріс тапқанымен ата жолынан ауытқымапты. Шығыс, Батыс уызын арда емген шығыс ғұламасы қалпында қалыпты. Хақ жолынан айнымапты. Абай жұмбағының кілті осында. Кез-келгеннің қолы жете бермейтін кілт. Әсіресе, Абай жолымен жүріп көрмеген пендеге таптырмайтын кілт. Ол кілтсіз Абай әлемін ашу қиын. Абай тереңіне бойлау қиын. Сонда, ол неғылған кілт? Аты не оның? Оның аты – Абай жүрегіндегі Алла. Алланың нұры. Абай әлемі сол нұрға бөленген. Сөздері сол нұрмен сәулеленген. Абай жұмбағы осында. Неге жұмбақ? Өйткені абыз; «Алла өлшеусіз, біздің ақылымыз өлшеулі» дейді. Сондықтан ол жұмбақ кілті бізге берілмеген. Абайдың өзіне де берілмеген. Өйткені адам өлшеулі, ал, Иесі өлшеусіз. Бірақ, Абай талбесіктен жербесікке дейін бетін сол «Өлшеусізден» бұрмаған. Сол «Өлшеусізге» құлшылық еткен. Оған шәк келтірмеген. Айналып келгенде оған Иесінің назары түскен. Бүгінде біз сол Иенің назары түскен құлға, араға 175 жыл салып, жаппай бет бұрып келеміз. Оның жан сырына жақындаған сайын болмысы бөлек бір ғайыпты сеземіз. Жанымыз жапырақтай бастайды. Кешегінің кеселдерінен айыға бастайды. Ендігі жерде Елімізге де Алланың назары түскей дейміз. Түсер дейміз! Өйткені, біз Хақ жолында болған әулие Абай жолына беттедік. «Сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам» деген әулие ізіне ердік. Ізіне ерген қауымын ол ойшыл рухани биікке бастамақ. «Толық адам» биігіне бастамақ. Осы жолда бізге тек төзім керек. Талмас талап, қажымас қайрат керек. Абыз аманатына адалдық керек. Сонда ғана қадамымызға гүл бітпек! Ұлы Дала Жерұйыққа айналмақ! Абай әлеміне үңілгеннен осыны ұқтық. Ақын тек бас аяғы жұп-жұмыр, төрт аяғы тең жорға өлең жазып қана қоймаған. Оның сөздерінен илаһи нұр тарайды. Ендеше, Алласыз Абай… Абай бола алар ма еді?! Алласыз Абай түпсіз шыңырау, шешусіз жұмбақ бола алар ма еді?! Бола алмас еді. Абай жолының хикметі осы. Бұрынғы біз өткен жолдардан бөлектігі осы. Иман жолы. Бұ жолға түскендер өзінің қызыл көсемдер жетегінде өткен жылдарынан шошымақ. Жасалған шалыс қадамдарынан шошымақ. Жағасын ұстап, тәубеге келмек. Осы халды бастан кешпек. Жалғанның бетін ашпақ. Тереңірек танымақ. Осы кезге дейін белшесінен батып келген күйкі тірліктерінен безінбек. Рухани түлеу бұл. Ғайыпқа бет бұру. Бұл мыңмен ғана емес, өзімен де өлгенше алысқан Абай жолы! «Толық адам» жолы!! Осы жолда болсақ, Екі Дүниеде біздің де жүзіміз жарық болары хақ!!

* * *

«Бұ Дүниені кім жаратты? Қашан жаратты? Қалай жаратты?» Есте жоқ ескі заманнан келе жатқан сауал. «Бәрін жаратқан бір Алла» десек те, бұл сауалға заманауи ғылымның қалай жауап беріп жатқанын қадағалап отыру әдетке айналған. Әсіресе, астрофизика, кванттық физика саласындағы жаңалықтарды қадағалап отыру әдетке айналған еді. Осы салада ғылым әлемі ағылшындық әйгілі астрофизик Стивен Хокинг пікіріне құлақ түргені белгілі. «Жаратылыс қалай, қашан жаратылды?» деген сауалға бұл ғалым «Ұлы Қопарылысқа дейін / 14 млрд жыл бұрынғы/ кәзіргі ұшы-қиырсыз ғалам тары қауызынан да кіші бір атомға сиып тұрды» деп, жауап беріпті. «Не дейді? Не дейді?» «Бүкіл ғалам бір атом қауызына сиып тұрды» дей ме?! «Астапыралла!!!» деп, жағамызды ұстадық. Ай мен Жер, Күн, тіптен, анау көз жетпес галактикалар әлемі бір атом қауызына қалай сыймақ?! Адамды жынды қылатын жауап!! Ақылға сыймас теория!!
Осындай ақылға сыймас «теорияны» бала кезімізде ауыл ақсақалдарынан еститінбіз. Ондайда, советтік оқушы ретінде: «Соқ, ертегіні!» дейтінбіз іштей. Біркүні Сопы Аллаяр толғауына үңіліп отырса, бұл әйгілі әулие: «Хақтағалла түсірсе егер әмірін, Екі Дүние сияр еді, қауызына тарының» депті. Айна қатесі жоқ дәл осылай депті. Сөйтсек, бұл қағида, ғаламның тары қауызына сыйып кету мүмкіндігі туралы қағида, дінисламға атамзаманнан аян қағида екен.
Енді, міне, сол дінисламдағы қағиданы ХХ-ғасыр астрофизигі Стивен Хокинг те қайталапты. «Ұлы Қопарылысқа» дейін ғалам небары бір атом қауызына сиярлық сингулярлық күйде болған» депті. Біз таң қалдық. «Тарихтың өне бойында ит пен мысықтай аңдысып келген дін мен ғылым қалайша бүгінде басы қосылып, сөзі бір жерден шықты?» – деп.

* * *

Елін сақтап, жерін сақтап, тілін сақтап ешкімнен кем болмай, мықтыларға жем болмай отырған елдер қандай бақытты!.. Соларға қызыға да, қызғана да қарайсың. Елі, жері, тілі, дініне зәредей де төніп тұрған қауіп жоқ, ұлт іргесін баяғыда-ақ бекітіп алған ұлы ұлттарға қызыға да, қызғана да қарайсың. Қандай бақытты деп.Тарихтың тарнау жолдарында ата-бабалары алысқан, жұлысқан, әйтеуір, ұлт мүддесі үшін қырқысып жүріп жеңіске жеткен. Білектің де, білімнің де күшімен. Жеңіске жетіп бүгінгі ұрпағына егемен елін, жерін, тілін, дінін бүтіндеп аманат еткен. Солардың бүгінгі ұрпағы қандай бақытты!!!
Бүгінгі бала ұрпақ ертең сондай бақытты аға ұрпақ болу үшін, бізге, бүгінгі жер басып жүргендерге, елімізді, жерімізді, тілімізді, дінімізді, бүтіндеп, түгендеп кетуден өзге жол жоқ екен. Бұл Ұлы Даланың әр ұл-қызы атқарар міндет екен.

* * *

Күллі ғұмырын ғылымға бағыштаған Әбунасыр Әл-Фараби тәлім-тәрбиені білім-ғылымнан жоғары қойған. Яғни, «адамзаттың екінші ұстазы» тәрбиесіз білім-ғылымның адам қауымына әкелер пайдасынан гөрі зияны көп деп білген. Бүгінде сол ақылманның айтқаны айдай келіп отыр. Яғни, бүгінде адамзаттың өзі, өзі ойлап тапқан биологиялық қару құрбаны болып отыр!
Осы орайда Уинстон Черчилльдің әйгілі «Фултон сөзі» еске түседі. Әйгілі саясаткер 1946 жылы АҚШ-тың Фултон қаласында студент, ұстаздар қауымы алдында сөйлеген сөзінде күллі адамзатқа қаратып мынадай бір ескерту айтыпты: «На сверкающих крыльях науки может вернуться каменный век. Будьте бдительны! Быть может времени осталось очень мало…»

* * *

Статистикалық деректер бүгінде қазақ ішінде 100 мыңдай атеист бар дейді. Тағы да 100 мыңдай қазақ өзге діндерге, секталарға өтіп кеткен дейді. Қалған көпшілігіміз мұсылман екенбіз. Кешегі тоқсаныншы жылдары қалтасын ақшаға толтырып алып біздің былқылдақ заңымызды пайдаланып шетелдік миссионерлер Қазақстанға қызыл көрген құзғындай қаптады. Аш қазақты ақшамен ұрып алды. «Өзі әрең жүрген байғұсты ит қапқан соң не оңсын!» дегеннің кері келді. Бір шаңырақтың астында отырып қазақ бірнеше дінге бөлінді. Айдың-күннің аманында отбасы ойрандалып ата-аналар қан жұтты. Діни бөлшектену қазақ отбасына қасірет әкелді. Бара-бара, миссионерлер мектебінен өткен қазақтардың өздері миссионерлерге айналды. Аңғал қазақты аздырды. Діни тұтастығымызды бұзды. Рухани бірлігімізге іріткі салды. Қазаққа деген бұ қастандық қашан тоқтар екен?! Бұларға бүгін тоқтау болмаса, ертең олар бүкіл Ел ішіне іріткі салмай ма?! Қараңыз! Кәзірдің өзінде өз дінінен безген қазақтар арасында Қазақстан заңына сәйкес әскери міндетін өтеуден бас тартатындар шыққан. Бұл нені көрсетеді?! Бұл – бүгінгі бейбіт заманда өз дінінен бас тартқандар, ертең әлдеқалай күн туса, Отанын қорғаудан да бас тартатынын көрсетпей ме?!.

* * *

Адамды сүйген адам күндердің-күнінде адамның пендешілігін көріп опынады. Алланы сүйген адам ешқашан опынбайды. Өйткені Алла мінсіз. Алланы сүйген адам адамды сүйеді, адамға Алланың көзімен қарап, кемшілігін кешіріп отырады. Демек, Алланы сүю арқылы адамды сүйеді екенбіз. Діннің пайдасы осында.

* * *

Террористер қайдан шығады? Әрине, адам санасына Сайтан салған ойдан шығады. Ешбір дін адамды «өлтір» демейді. Сондықтан, Сайтан адам өлтіруге кең жол ашу үшін ХІХ ғасырда Еуропада адамның қолымен діннің өзін өлтіруге кірісті. Құдайды адам санасынан аластап, орнын өзі иеленді. Ашкөздікті алға салды. Адамшылықты артқа шегерді. Нәтижесінде империализм басқа шауып, төске өрледі. Отаршылдық ойраны басталды. Бодан елдерді жойдасыз тонау басталды. Империялар моральдық емес, материалдық салада прогресс жасады. Жойқын қару жасау жарысқа айналды. Адамзатты біржолата жоюға жол ашылды. Сайтанның айдарынан жел есті. Сан шапалақтап адам санасына бірінен-бірі өткен сорақы идеялар салды. Соның ірісі Маркстің маңдайына жазылды. «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!!!» деген ұран. Бұны естіген Достоевский: «Бұл теория іске асар болса, бір жүз миллионды жұтатын шығар» деді. Айтқаны келді. ХХ ғасырда осынау төңкерісшіл теорияны ту еткен Ленин, Сталин, Мао, Ким Ир Сен, Пол Поттар, шынында да, жүз миллионнан астам жанның күлін көкке ұшырды. Осыған ілесе Маркстің «Дін – апиын» теориясы Құдай дегендерге қырғидай тиді. Талай мың мешіт, шіркеу, пұтханалардың шаңырағы ортасына түсті. Күллі құрылықта Құдай дегендердің сүйегі шашылып қалды. Сол сүйек үстінде Сайтан ойнақ салды. Сөйтіп, ХХ ғасыр Сайтан салтанат құрған ғасыр болды. Екінші Дүниежүзілік соғыста қырылған елу миллион аз болғандай, Сайтан енді адам баласын миллиардтап қыруды көздеді. Глобалистер құлағына сыбырлады. «Әлемдегі адам санын азайтпасаңдар, Жер бетінде әне-міне нәубет орнайды!» деді. Глобалистердің көкейіне бұл теория қона кетті. Рим клубы трибунасынан жалпақ әлемге паш етті. Сөйтіп, Жер бетіндегі жұмырбастыларды жалмауға тиіс жойқын теория өмірге келді. Тәжтажал тарих сахнасына шықты. Оның ойраны көз алдымызда жүріп жатыр.
Бұдан біз нені көрдік?! Көргеніміз: кез-келген тарихи апаттың алдында адам санасына Сайтан сойқанды идеялар салады екен. Егер, тобыр сол сайтани идеяларға неғұрлым сенсе, Жер бетінде соғұрлым апатты соғыстар орын алады екен. Сайтан жетегіндегі көсемді ту еткен талқаншыл тобыр, тау селіндей жойқынға айналып, жолындағысын жайпап жайратып кетеді екен. Тарихтағы соғыс атаулы осыған мысал.
Гитлерді алыңыз. «Өтірікті неғұрлым өкірте айтсаң, соғын тобыр соғұрлым құлай сенеді!» деп, қақсаған бұл кәпір, ізіне ерген тобырды «арийлерден өзге жұрт адам емес» дегенге сендірді. Бұл, шынтуайтына келгенде, «арий еместерді өлтіре бер!» деген ұран еді. Осылайша, басы ашық террористік теория өмірге келді. Фашизм өмірге келді. Фашизм өртінде 50 миллион жазықсыз пенденің күлі көкке ұшты.
Террористік теория табуда советтік большевизм де алдына жан салған емес. Кезінде Сталин: «Кулактарды тап ретінде жою керек» деп, ұрандатты. Осы теория арқасында тыныш отырған ауқатты шаруалар әпзаматта «халық жауы» болып шыға келді. «Бақытты болашақ коммунизмге жету» үшін, ондай жаулардан құтылу керек еді. Құтылды. Ауқатты шаруаралар жойылысымен жаппай ашаршылық басталды. Ол нәубет қазақтың жартысын жалмады. Одақ бойынша 20 миллион жан Сталинизм құрбаны болды.
Байқап отырғанымыздай түгел бір халық, бір қаныпезердің басына келген бір теория құрбаны болады екен. Қазақ халқы – соның бірі. «Сорбұлақтың басына сорға бола қонды әкем» демекші, Қазақстанды басқаруға 1925 жылы қандыбалақ Ф.Голощекин келді. Мәскеуден келе жатып ол, пойыз үстінен қазақ даласын шолды. Басына сұрапыл ой келді. «Бұл елді Ұлы Октябрь айналып өткен екен, бұл елде кіші Октябрь жасау керек екен!!» деген. Ол, ақыры, «Кіші Октябрьді» жасады. Қарсы келгенді қазық қып жерге қақты. Қазақ қоңыз теріп кетті. Шыбындай қырылды. Голощекині жоқ Орта Азияның өзге елдерінің бағы бес елі екен. Бұндай құзғын тырнағынан аман қалды. «Кіші октябрьді» бастан кешкен қазақ байғұстың сүйегі шашылып далада қалды.
Осылайша, қаныпезер басшының басына келген бір ойдан, түгел бір халық Жер бетінен жойыла жаздады. Шолақ басшылардан Ұлы Дала шеккен қасірет жалғыз бұл емес еді. Ең сорақысы, шолақ басшылар шолақ теориялар шығаруға шебер болып шығатыны. Большевиктік төңкерістен кейін Түркістанды басқаруға келген Иван Тоболин 1919 жылғы, 1921 жылғы қазақ даласындағы ашаршылықты көріп төмендегідей теория шығарады: «Марксистің теория тұрғысынан келгенде, қазақ тәрізді экономикалық артта қалған халықтың аштан қырылып жатуы заңды» деген теория жариялайды. Және бұл теориясын қызыл комиссар жалпақ ел жиылған большевиктік жиында жария етеді. Яғни, Тоболин теориясы бойынша, ақсүйек ашаршылық апатына 1919-21 жылдары қазақтың малына қырғидай тиген ақтар да, қызылдар да кінәлі емес, халық қолындағы бар астығын тартып алған «продразверстка» да кінәлі емес, кінәлі «экономикалық артта қалған қазақтардың өздері» екен. Яғни, басшы ретінде қоластында қырылып жатқан халықты құтқарудың орнына, оны орға итерген болып шығады. Тарихта таңбаланып, жалпы жұртқа белгілі бұ жәйттерді біз неге келтіріп отырмыз? Ел басына келген жоғарыдағыдай қаныпезерлер белгілі бір лаңды бастау үшін, алдымен, террористік теориялар ойлап табатындығын айтқымыз келді. Және, соған жалпы жұртты сендіруге жан салатынын айтқымыз келді. Яғни, кез-келген террористік лаңның бастау бұлағында террористік теориялар жататынын айтқымыз келді. Егер, сол сойқан теориялар ел басқарған басшылардың басына келсе, онда ол теориялардың салдары, жалпыұлттық қасіретке айналатынын айтқымыз келді.

* * *

Жазушының тіл байлығы суретші палитрасының бояу байлығы іспетті. Суретші бояуды саралап полотноға өмір бейнесін түсіреді. Егер суретші шын суреткер болса полотнода сан түрлі бояу сатпағы емес, шынайы өмір тіріледі. Сол тәрізді суреткер жазушы да қағаз бетін мол сөз сатпағымен ауырлатпай шынайы өмірді ғана тірілтеді.

* * *

Адамды Сайтан түртеді. Адамды адамға айдап салады. Сабырға шақырған Құдайға құлақ түрер түрі жоқ адамның. Сайтанның жетегінде барады. Бір-біріне деген күдігі көбейіп барады. Күдігі көбейген сайын жүрегі қарайып барады. Адам адамға жауықты. Бір-бірін өлтіруге ынтық.Өзін қорғаймын деп өзгені тұздай құртатын қару қолда. Сайтанның көксегені сол еді. Адамзатты орға итеру еді. Бала күннен экраннан қантөгісті тамашалап өскен адам баласы, енді есейе келе өмірде де сол қантөгісті аңсады. Адамды шыбындай қыруды аңсады. Бүгінде сол адам әскери форма киіп саяси өшпенділік өктеген заманда ядролық қарудың пультінде отыр. Екі көзі төрт болып жоғарыдан пәрмен күтіп отыр. Пәрмен келсе ойланбастан тарихты төңкеріп Жер бетін астын-үстін етуге даяр отыр.

* * *

Алла адам маңдайына үйленуді, үй болуды жазды. Ол үй ер мен әйел, бала махаббатына толтырылды. Оны сақтай білген, аялай білген жанға Жұмақтың төрі – өз үйі, өлең төсегі болды. Жүректерден иман нұры құйылғанда ғана үй бақыт бесігіне айналады. Иман тазалығы – үй болу шарты. Иман тазалығынан айырылған үй Жұмақ емес, Дозақ. Өйткені иман тазалығы жоқ үйді Сайтан жайлайды. Сайтан жайлаған үй үй болмайды. Сайтанның ордасына айналады. Құдайым мұсылман отбасын содан сақтасын!

* * *

Ажал туралы көп ойлайсың. Әсіресе жас келгенде. Осыдан келіп бізді ажалдан қорқады екен деп ойлап қалмаңыз. Рас, ажалдан қорықпайтын адам болмайды. Біз де қорқамыз. Бірақ, «қара ажалдан» қорқамыз. «Ақ ажалдан» емес. «Ақ ажал» деген не? Асарыңды асап, жасарыңды жасап өмірден ұрпағыңның алдында өту. Осындай «ақ ажалды» армандаймыз. Ал, «қара ажал» деген не? Құдайым, оның бетін аулақ қылсын. Айтуға ауызым бармайды. «Қара ажалдан» сақтасын Аллам бізді.

* * *

Тілге достың мұңы жоқ, тілден басқа. Қараңыз! Қазақстан Ғылым академиясы 1972 жылы шығарған қазақ тілі картотекасында қазақ сөзі 2,5 миллион делінген. Ал, Даль құрастырған орыс тілінің сөздік қоры – 200 мың сөз екен. Бүгінде сол бай 2,5 млн қазақ сөзінің небары 20 пайыздайы ғана күнделікті айналымда жүргендей әсер қалдырады. Қазақтың мол халықтық, әдеби сөздік қоры күнделікті ауызекі тілден шығып қалғандай. Содан, бүгінгі ауызекі тіліміз тым қарадүрсін, жұпыны. Мол тіл байлығымыз құлаққа шалынбайды. Естілмейді. Бұның салдары түбінде не болады? Тірі тіл қашанда болашаққа беттеп тоқтаусыз ағып жатқан жанды су емес пе? Сол жанды судың бір бөлігі арнасынан жаңылып қалтарыста қалса не болады? Табиғатта ондай су борсый бастамай ма?! Бұзыла бастамай ма?! Түптің-түбінде жоқтыққа сіңіп жоқ болмай ма?!

* * *

Ей, машайых! Пірлердің пірі! Кешегі көшпелі қауыммен жалғыз алысып­сың. Алысыпсың да жеңіпсің. Неткен бақытты едің! Бақытты болатының сен бүгінгідей дипломды қауыммен алыспапсың. Сол көшпелі қауым ұрпағы бүгінде діннен тайды. Бірақ, бұлар сен көрген көшпенділер емес. Білмейтіні бит астындағы білімділер. Надандықтың да надандығы бар. Солардың ішіндегі ең қауіптісі, осы білімді надандық болса керек. Бұларды сен көрмей өттің. Бұларды біз көріп жүрміз. Надандықтың бұл түрімен күресіп жеңу үшін өзіңдей бір машайых емес, мың машайых та аздық етеме деп қорқамын.

* * *

Онымен ойнауға болмайды. Өйткені ол топырақ пен Илаһи рухтан жаратылған. Яғни, Жаратушы рухынан жаратылған. Сондықтан ол Хақ жолынан тайса – қауіпті де, таймаса – әулие. Сондықтан, алдыңыздағы адамға сақ болыңыз! Ол ойыншық емес. Оны Алла жер бетіндегі орынбасарым деген. Жер бетіндегі Алла орынбасары! Бұдан артық не мәртебе керек, адамға?!
Бірақ, біз осы мәртебеге лайықпыз ба?!

* * *

Иманнан басқа емі жоқ, азғындық атты аурудың.

* * *

Нәпсі – дұшпан, иман – дос, иманыңа иман қос.

* * *

«Кім өзін таныса, Алласын да таниды» дейді. Ал, адам өзін тани ала ма? Біз өмірден өзгені тұрмақ өзімізді танымай өтетін түріміз бар.

* * *

«Құдай – махаббат» дейді. Құдай махаббат болса, адам пенде неге қасіреттен көз ашпайды? Кез-келген пенде осындай сұрақ қоя алады. Бірақ, бір нәрсені ұмытады. Қасіретсіз рухани өсу жоқ екенін ұмытады.

* * *

Ислам даналығы бір уәжге саяды:
«Қанша күнә жасасаң да Құдайдан безбе! Күнәнің ең үлкені – Құдайдан безу» дейді. Құдайдан безбеген пенде түбінде Иесінің жарылқауына ие болады дейді.

* * *

Адам бақытты болсын деп оны қосағымен қоса жаратыпты. Әйел, еркек етіп жаратыпты. Оларға дәнекер етіп сәби беріпті. Сөйтіп адам маңдайына үй болу жазылыпты. Үй жылысын деп ошаққа от жағыпты. Үй ата-ана, бала махаббатымен толыпты. Оны сақтай білгеннің, аялай білгеннің өз Жұмағы өз үйінде болыпты. Демек, бақыт шарты – тазалық екен. Имани тазалық. Онсыз үй – тозақ екен. Оған кім кінәлі? Өзіміз. Сайтан жетегіне ердік. Тазалықсыз табалдырық аттадық. Айналып келгенде ажырастық. Тірі жетімді көбейттік. Бақытсыздықты балалаттық. Бұл хал бүгінде әрбір екінші отау басында бар. Ой келеді. «Бүгін үй болып жарытпаған жастарымыз, ертең ұлт болып қалай жарытады?

* * *

Ленин бастаған большевиктер партиясы 1920-30 жылдары елді мекендерде «Құдайсыздар қоғамы» дегенді құрды. Алла деген адамды аңша қуалап жүріп атты. Кешегі біз көрген Кеңестер Одағы сондай қоғам еді. Халқымыз сол құдайсыздар қоғамынан шықты. Соның зардабын әлі шегіп келеміз. Күнделікті жаңалықтардан иманың түршігеді. Біреу өз қызын өзі зорлапты. Бір қыз көп қабатты үйден секіріпті. Бір ұл әкесін сабапты… Осылай шұбырып кете береді. Кете береді жаңалықтар. Тыңдаған құлақ сарсыйды.
Құдайдан безген қоғамнан бұдан басқа не күтуге болады?!

* * *

Ажал туралы көп ойлайсың, әсіресе, жас келгенде. Жас кезімізде оны ойламадық. Ойласақ көп қателіктер жасамас едік. Өйткені, ажал туралы ойлау адамды ақылға әкеледі. Соған қарағанда адамды адам ететін ажал болуы мүмкін. Басына ажал туралы ой келмеген ересектер кісіліктен кетеді. Сондықтан Абай: «Өлмек үшін туғансың, ойлан шырақ!» дейді.Осы ақиқатты айта беретін пенделерден заманында Абайдай хәкімдер, әулиелер шығыпты. Олар ажалдан қорықпапты. Өйткені өлмей тұрып өле біліпті. Құл Қожа Ахметше. Солай, шырақ! Ешнәрсе артық емес, мына дүниеде. Тіптен, ажал да.

* * *

Ей, жол үстіндегі жолаушы!
Жер үстіндегі жолаушы!
Осынау адам баласына бір берілетін өмірдегі сапарымызды біріміз енді бастадық, біріміз аяқтап келеміз. Жас кезімізде жастық шалығымен қызық қуалап жүріп бұ дүниеге қайдан келіп, қайда бара жатқанымызды ойламаппыз. Енді, міне өмірдің көбі кетіп азы қалғанда «бұ дүниеге қайдан келіп, қайда бара жатырмыз?» деп отырмыз. Жауап табу қиын. Алайда, бір қарапайым ақиқат бар.
Жол үстіндегі жолаушы тауға өрмелеген альпинист емес пе?! Альпинистің діттеген мақсаты – шың басына шығу емес пе?! Абырой-атаққа ие болу емес пе?! Жол үстіндегі пенде де соны діттейді емес пе?! Өмір сапарының ең соңғы биігіне абыройлы шығуды діттейді. Бірақ, сол биікке қарай әр басқан қадамың еңбек екен. Күш жұмсауың керек. Содан, әр басқан қадамың кішкентай да болса жеңіс. Әр басқан қадамыңмен биіктей түсесің. Алайда, адам баласы әлсіз. Жеңілге жеңсік, оңайға жеңсік. Күш жұмсай беруге, биіктей беруге төзімі жетпейді. Жарты жолда жалт береді. Сен де сөйттің. Жарты жолда жалт бердің. Сол-ақ екен, ылдиға қарай құлдилай жөнедің. Түк күш жұмсаудың қажеті жоқ. Рахат. Өзіңнен-өзің оп-оңай құлдилап барасың. Бірақ… бірақ бұл жол сені түптің-түбінде топ еткізіп түрменің төріне апармасына кім кепіл?
Ей, жолаушы! Түрме бер жағы болар, ары жағы Дозақ төрі болмасына кім кепіл?!

* * *

Әлеуметтік желідегі замандастарымыздың бір бітіспес дауы – діншілдер мен дінсіздер дауы. Діншілдер Құдайға жүгінсе, дінсіздер ғылымға жүгінеді. Дінсіздер: «дін жастарды ғылымнан алшақтатады» дейді. «Алладан басқа айтары жоқ, аясын тар етеді» дейді.
Ешқашан шешімін ешкім таппаған бұл тарихтың өзіндей ескі дауға араласқымыз келіп отыр. Рас, христиандық инкивизиция Джордано Бруноны отқа жақты. Исламдық инквизиция әулие Мансұр Халладжды Бағдад алаңында паршалап өлтірді. Бірақ, инквизиция Алланың емес, адамның ісі емес пе?! Бұндай қылмыстарға Құдайдың хақ діні емес, сол дінді бұрмалағандар барды емес пе?!
«Діншілдік ғылымнан алшақтатады» деген уәждің өзі шындықтан алшақтайды. Алысқа бармай-ақ қоялық. Осы Орта Азия медреселерінде жаратылыстану оқытылмаса энциклопедист Әл-Фараби, математик Хорезми, астроном Ұлықбектер қайдан шықты?! Көгілташта ішінде астрономия, математика пәндері бар, жаратылыстанудың жеті түрінен сабақ берілген. Яссауи медресесінде ғылым-білімнің 72 саласы оқытылған. Бұлар әдегенде ойға түсетін деректер. Айтпағымыз: дін мен ғылымды бір-біріне қарсы қою бос әурешілік емес пе?! Дүниетанудың бұл екі саласы бірін-бірі толықтыратын, түбінде адамды ақиқаттың асқар шыңына бастайтын параллель жол емес пе?! Кең дүниені көру үшін бізге екі көз қалай берілген болса, сол дүниені терең тану үшін де бізге дәл солай екі көзқарас берілген емес пе?!

* * *

Дүниеге шыр етіп келіп, көзімізді тырнап ашқалы бері көргеніміз дала болыпты. Еңбектеп киіз үйден шықсақтағы, жер басып жалаңаяқ жүрсектағы көз алдымызда далиған сары дала жатыпты. Табанамыз топырағына тиіпті. Төбемізге күн шуағын құйыпты. Бетімізден саумал самалы сүйіпті. Сидаң қағып жолдарында, жондарында жүгіріппіз. Балалаық шақ осылайша киіз туырлықты қойлы ауылда өтіпті. Қалған өміріміз 9-шы кластан бастап шулы шаһар Алматыда өтіп келеді. Биыл өмір шіркіннің 76-шы белесіне шықтық. Бірақ, қалада өткен сол жылдар далаға деген біздің жүрек сорды сағынышымызды баса алмады. Енді не істеу керек?
Ауылға барғанда әкем жатқан, шешем жатқан, аға-жеңгелерім жатқан құба жонда қалқиған зиратқа барамын. Зираттың түстік жағында бала кезден көзге ыстық сары дала көрінеді. Елпең-елпең жүгіріп мал қайырған момақан қырлар жатыр, сол баяғы қалпы, түк болмағандай. Зираттың сол сары дала жақ шетін ұлыма көрсетіп: «Бұйрық келсе, мені Алматыға емес, дәл осы жерге жерлеңдер!» деймін. Ол деген сөз «Алматыны сүймеймін» деген сөз емес. Біз үшін Алматыдан артық қала жоқ. Бірақ, сол Алматы бәрібір біздің сары даламызға деген сағынышымызды баса алмады емес пе?! Ендеше, не істеу керек?
Ендеше, бұйрық келсе, сол сары даламыздың төсінде мәңгі тыншып жатсақ деген ой келді. Ойдан кейін әлгіндей шешім келді.

* * *

Мына бір шындықты айтсақ, шындық емес-ау сұмдықты айтсақ сенбейсіздер. «Әлемді үрей билейді» десек. «Қалайша!» – деп, өре түрегелесіздер.
Солайша, ағайын! Біздіңше, дүниені үрей билейді. Ет пен сүйектен жаралған жанды ғұмыр бойы құтаймас бір үрей билейді. Өмір бойы өкшелейді де жүреді. О неткен үрей? Кедейлік, аштық, жалаңаштық, жоқшылық, панасыздық, жұмыссыздық, бейшаралық, абыройсыздық және әрине, ауызын арандай ашқан ажал атты үрейлер. Адам өзін өкшелеген осы үрейлерден бебеу қағып қашады. Ал-кеп жұмыс істейді. Ал-кеп түн ұйқысын төрт бөледі, ой кешіп. Осы үрейлерден құтылу үшін өл-тіріл атақ, абырой, мансап, толайым табыстарға ұмтылады. Алысады, арпалысады. Ұрысады, жұлысады. Бірін-бірі өлтіреді. Сөйтіп, байғұс пенде атақ, абырой, бақ, мансап, байлық, билік пирамидасының биігіне жетпейінше жарқұлағы жастыққа тимейді. Неге? Өйткені адам – әлсіз. Әлсіз жан тобыр табанында қалудан қорқады. Онысы бекер де емес. Әлсіз болдың екен, елеусіз болдың екен, расында тобыр сені күндердің күнінде таптап өтуге, аттап өтуге дайын. Ауыр да болса шындық осы. Сен содан қорқасын. Сол үрей саған тыныштық бермейді, қамшылайды да отырады. Бақыт, байлық, билік, мансап, атақ, абырой пирамидасының биігіне қарай айдайды да отырады. Арқа етің арша, борбай етің борша болғанша, атақ, мансап, абырой, атақ, байлық, билік биігіне ұмтыласың. Сөйтіп жүріп, белгілі бір биікке де көтерілесін. Еңбегің ел игілігіне жарайды. Бірақ, бәрібір құрымағыр сол үрей құрсауынан сен құтыла алмайсың. Белгілі бір биікке шықсаң да жалғыз екеніңді, әлсіз екеніңді білесің. Сені өкшелеп, жербауырлап сен жеткен биікке тырбанып келе жатқан тобырды көресің. Мол тобыр. Ал, сен болсаң жалғызсын. Тобыр болса жыландай жорғалап жербауырлап жақындап келеді. Сені сен шыққан биіктен лақтырып тастап, үстіңнен аттап өтуге келеді. Соны көріп тұрсын. Соған көзің жеткеннен тағы тырбынасың, пирамида басына қарай, соңғы күшіңді сарп етіп. Өл-тіріл еңбектенесің. Ал, еңбек түбі – ізгілік емес пе?! Сонымен, біз үркіп отырған үрейдің сонда не болғаны? Ақыры, оның атын да таптық. Оның аты қамшы екен. Адам баласын алға айдап отыратын қамшы! Дамудың қозғаушы күші екен.

* * *

Қанша батыр болса да жауға салма қазақты, өйткені ол өлгенін білмейтін өлермен халық. Оның осы қасиетін жақсы білген жымысқы қолбасшылар кешегі соғыс кезінде қазақтарды жау дзоттарына айдап салып отырған. Сонда байғұс жігіттер айқайлап аруақ шақырып немістерге қарсы ұмтылады екен. Бірі қалмай жер жастанып қалады екен.

* * *

Адам өмірді өлім көзіне көрінгенде ғана өлердей сүйеді. Өлім көзіне көрінгенде адам пенде өзгеге деген өшпенділіктен арылады. Өлім көзіне көрінгенде ғана адам пенде адам баласын тастап кетуге қимай, адам пендені алаламай жақсы көреді. Төрінен көрі жуық кәрілердің адам баласына «айналайын» деп сөйлеуі содан.
Сонда, Алланың жаратқан ажалы да бекер болмағаны да!

* * *

Жан мен рух. Бұл екі сөз бір ұғымды білдіре ме? Әлде екі ұғымды білдіре ме? Теологияда негізінен бұл екі ұғым бір мағнаны білдіреді. Теология Адамды жаратқанда Құдайтағала оның кеудесіне өз рухынан үрлеп тірілтті дейді. Жаратылыстану болса ана құрсағындағы шақалаққа 4 айлығында жан бітеді дейді.
Жан мен рухты бір нәрсе дейін десек, бір нәрсе ақылға сыймайды. Құмырсқада да жан бар. Бірақ, құмырсқада рух бар деп айта аламыз ба? Айта алмаймыз. Осы ретте қыбырлап жүрген тіршілік иелерінің кеудесінде жан бар болғандықтан қыбырлап жүргенін білеміз. Бірақ, қыбырлап жүрген хайуан атаулыда рух бар деп айта аламыз ба? Айта алмаймыз. Ой жүгіртіп отырар болсақ рух деген ұлы құбылыстың Адамға тән хикмет екеніне көз жеткіземіз. Ақылға сыймайтын илаһи құбылыс екеніне көз жеткіземіз. Аспандаған рух иесі Адамды жер бауырлаған жыланмен қалай қатар қоярсың?! Қоя алмайсың. Адам бойындағы аспандаған рухты алып тастап жалғыз ғана жанды қалдырсақ не болар еді?! Адамның хайуаннан айырмасы жоқ болар еді. Айырмасы тек екі аяқ үстінде жүргені болмаса, маймылдан айырмасы жоқ болар еді. Қарнын толтырғаннан басқа қайғысы жоқ маймыл болар еді. Ал, рух берілген Адам өйтіп өмір сүре алмас еді. Тек, өлмес үшін ғана өмір сүре алмас еді. Аласұрған рухтың арқасында ондай тірлікті місе тұтпас еді. Мына өмірге неге туып, неге келгенін ойлап, екі дүниедегі орнын іздеп шарқ ұрар еді. Адамның бағы да, соры да сол жанды тынышына қоймайтын сол рухтан шығады екен. Соныңмен рух пен жан! Аражігі түбегейлі ажыратылмаған түсініктер. Үлкен зерттеу, талдауды қажет етеді. Жан мен рухтың табиғатына тереңдей берсек бұларды ерекшелейтін талай тосын сырлар табылады.
Сондай тосын сырлардың бірі – рухтың Бақиға барғысы келетіні, ал, жанның Жалған Дүниеде қалғысы келетіні болар еді.

* * *

Жазушылар – халық ұстаздың тілін үйренуден жалықпайтын шәкірттер. Халық шәкірттері. Сол шәкірттер халық тілін ұзақ өмір өресінде тірнектеп жинай жүріп өздері де сол тілдің қазыналы кебежесіне айналады. Тәңір берген талант арқасында жазушылар жазу үстінде сол тіл қазынасының өрісін одан әрмен кеңейтеді. Ана тіліміздің алар асуын биіктетеді. Бұрын-соңды болмаған жауһари қасиеттерін ашады. Алайда, жазушы қанша тырбанғанымен қазақтың 10 миллиондай сөз қорын түгел жинай алмайды. Сол қор жинаушылардың бірі өзіміз едік. Сөздік қор жинаумен 14 жасымыздан бастап айналыса бастадық. Бірақ, бұл байлықтың түбіне жете алмадық. Қазақ сөздік қорын бәрібір түбегейлі жинап бітіре алмадық.

* * *

«Мораль міндетті түрде дінге алып келеді» дейді Кант. Ол деген сөз, ойға салсақ, «атеизм міндетті түрде азғындыққа алып барады» дегенді білдіреді екен.

* * *

Ертеде бір кісі елден өткен бай болыпты. Күндердің-күнінде Әзірейіл сап етіп үйіне кіріп келіпті:
– Иманыңды үйір! – депті. Байдың зәре-иманы ұшып:
– Әз-еке! Бір апта мұрсат бер, бар байлығымды кедей-кепшікке таратып иман жинайын! – депті.
– Жоқ! – депті Әзірейіл зірк етіп.
– Ендеше, бір күн мұрсат бер! Бала-шаға, ағайын-туысыммен қоштасайын! – депті бай, Әзірейілге жалынып.
– Жоқ! – депті, Әзірейіл, тағы да зірк етіп.
– Онда бір ауыз хат жазуға рүқсат бер! – депті бай жыламсырап.
– Жаз! – депті.
Сонда бай жалғыз ұлына арнап мынадай хат жазған екен:
«Ей, көзімнің қарасы балам! Менің өмір бойы жиған байлығым бір күн өмір сұрап алуға жарамады! Алланың берген әрбір күнін бағалау керек екен! Байлығыңа малданбай, иман байлығыңды жина!» деген екен.

* * *

Ұятсыздық осылай үдей берсе, күндердің-күнінде әртістеріміз телеэкранда жалаңаш жүретін шығар. Өйткені имансыз өркениеттің ұятсыздықтан басқа барар жері жоқ.

* * *

Әке мен бала, бала мен ана. Отбасылық осы үштік – Алла жобасы. Алла әмірінсіз әке – әке, ана – ана, бала бала болмайды. «Бір жынысты неке» деген шықты Батыста. Ол – Алла жобасы емес. Сайтан жобасы.

* * *

Өзінің маржанын елемей, өзгенің арзанына әуес болу – азар елдің белгісі.

* * *

Адам баласы арман еткен абсолютті азаттық, яғни, жүгенсіз либерализм – бала қолына ұстатқан бәкідей. Өткір бәкі балаға қатер. Жауапкершілік атаулыны жау көретін либерализм, яғни, әсіре азаттық, әлемді абсурдқа алып бара жатпасына кім кепіл?!

* * *

Жоқ емес менің-дағы досым, жауым.
Әр Мұсаның соңында – бір Перғауын.

* * *

Сол Күні жұлдыздар Жерге түсер аспандағы, кәпірлердің таяды бастан бағы. Бастан бағы таяды асқандардың.

* * *

Күнәсіз адам болмайды. Алғашқы атамыз Адамның өзі, алғашқы анамыз Хауаның өзі Жұмақтан күнә жасап қуылған. Жер бетіне күнәһхар күйінде түскен. Мың жылдай күнәсін көз жасымен жуған. Олардың тұңғышы Қабыл Ібіліске еріп інісін өлтірді. Ібіліс те Жаратқанның бір періштесі еді.Тәкаппарлық оны Құдайдың қарғысына ұшыратты. Сайтанға айналды. Бұдан біз не көреміз? Құдай жаратқан періштенің өзі күнәдан құралақан болмағанын көреміз. Күнәһарлықтан періште де, адам да құралақан болмағанын көреміз. Әсіресе, күнәһарлық оттан жаралған періштеге емес, топырақтан жаралған адамға тән екенін көреміз. Сұрақ туындамақ. Күнә адамға тумысынан тән болса, одан арылу мүмкін болмаса, онда, сол күнәға белшемізден батып жүре бермейміз бе деген. Жоқ. Олай емес. Жаратушы алғашқы Адамды пәктікпен жаратты. Бірақ, Адам Ібіліске ерді. Күнәға батты. Ол өзінің күнәға батқанын түсінді, қатесін көз жасымен жуды. Алланың Жер бетіндегі алғашқы пайғамбарына айналды. Бұл қасиетті кітаптардан жеткен тәмсіл. Күнәһар шын жыласа, Алла кешіретіні туралы тәмсіл. Атамыз қазақ бұ тәмсілді бір ауыз сөзбен; «Адасқанның айыбы жоқ, жүрер жолын тапқан соң» деген.
Ет пен сүйектен жаратылғаннан кейін пенде байғұстың шалыс қадам баспайтыны жоқ, сүрінбейтіні жоқ. Мәселе, сол қателіктен адам қандай қорытынды шығарады? Сонда. Адамның адамдығы осы сын өткелде көрінеді. Тіптен, қателікке ұрынған пенденің тақуалығы өзгелерден оқ бойы озып кетуі де мүмкін. Орта ғасырда Тибетте тақуалықтан алдына жан салмаған Миларепа деген атышулы әулие болыпты. Оның тақуалық жолға түсуіне себепкер аса ауыр қылмысы болыпты. Ағайын жұртын қырып салған қарақшыларды Миларепа да қуып жетіп қырып салады. Содан, соншама, адам қанын мойыныма жүктедім деп Миларепа Бұ Дүниеден баз кешеді. Тау-тасты аралап кісікиік болып кетеді. Адам баласына жоламай тақуалық жолға түседі. Бүкіл өмірі үнгірде өтеді. Ақыры, басына әулиелік қонып алақаны тиген тас балқитын болыпты. Адам құдіретінің куәсі сол тастар Тибеттегі әулие үңгірінде әлі тұр дейді. Миларепа алақанының ізі түскен тас.
Әулиелер табаны тиіп балқыған тастар қазақ жерінде де бар. Маңғыстауда Ұштаған ауылы маңында Масаты әулиенің ізі жатыр сайрап, тас бетімен жүгірген. Өткен жылы барып өз көзімізбен көрдік. Бірақ, біздің әңгімеміз бүгін ол туралы емес. Күнә туралы. Адамға тән осы бір жиіркенішті қасиет туралы. Өмірінде кез-келген адам қышқыл дәмін тататын осы бір захар у туралы. Сайтан сыбырымен сол удың дәмін татқан пенделердің шошып, зарилеп Хақ жолына түсетіні туралы. Және, олардың Алланың сүйікті құлына айналатыны туралы. Пайғамбарлар жолына түскен сол әулиелер қара түнекті қақ жарып алдымызға түсіп жол бастайтыны туралы. Қамалып тұрған халықты Хақ жолына бастайтыны туралы. Шалыс басудан, Сайтанның сыбырынан сақтайтыны туралы. Сайтанның сыбырына ерем деп өмірде у ішкендер қатарында исламият жұлдыздары Құл Қожа Ахмет, Бахауаддин Накшпанди, Имам Ғазали, Софы Аллаярлар болыпты «Мен өлгенде артымнан тас атыңдар!» деген сөз солардан қалған.
Ұлы әулие Бахауаддин Нақшпанди жас кезінде Халил сұлтанның жендеті болған деген әңгіме бар.
Өткен ісіне өкініп «аһ» ұрғандар қатарында Абай да жүр: «Өз мінімді санасам, тау тасындай аз емес».
Алыптардың алыптығы сол – шалыс қадамдарынан шоши білген. Және сол қателіктеріне қарсы қиян-кескі күрескен. Кейінгі ұрпақ сол қателіктерді қайталамаса екен деп өмірден зарлап өткен.

* * *

Адамзат болмысындағы бір жазылмайтын дерт – империялық індет. Тарихта империялық ұлт болуды аңсамаған ұлт жоқ шығар. Қашанда әлді елдер әлсіздерді басып-жаншып, құл қылып өздері тарих тағында шалжиып отыруды аңсапты. Тек, ХХ ғасыр ғана озбыршыл отаршыларды оңдырмай ойрандапты. Отаршыл саясаттың бетіне бес батпан күйе жағыпты. Алайда, империяшыл індет оп-оңай берілмепті. Жеті басты жыландай қайта тіріле беріпті. Әлемді қайта бөліске салуды аңсап дүркін-дүркін дүниежүзілік соғысты бастапты. Алайда, әділет іздеген адамзат қынадай қырылып жатса да ол өртті өшіре біліпті. Сонымен, әділет іздеген адамзат жаңа ХХ1 ғасыр табалдырығын империялық індеттен ада жаңа ғасыр болар деген үмітпен аттап еді.
Алайда өткен жылы империялық індетке шалдыққан Ресей президенті туыс көршісі Украинаға қарсы соғыс ашты. Онысымен қоймай Қазақстанға қарсы да империялық пиғылын айтты. Оның ойынша «Қазақтардың ешқашан мемлекеттігі болмаған», «Мемлекеттікті оларға Ленин сыйға тарта салған». Бұған не деуге болады? «Көрмес түйені де көрмес» деуге болады. Аталарымыздың алдымен гун атанғанын, одан кейін түркі атанғанын, одан кейін қыпшақ атанғанын, одан кейін Алтын Орда дәуірінде татар атанғанын, одан кейін қазақ атанғанын, сөйтіп, 1465 жылы Қазақ хандығын құрғанын Путин мырза көргісі келмейді. Өзі отырған Кремльде Мәскеу мемлекеті Қазақ хандығынан 20 жылдан кейін ғана 1485 жылы өмірге келгенін көргісі келмейді. Империялық індетпен ауырғаны сонша бесенеден белгілі жәйтті белден баса береді. Арманы – Советтік және патшалық Ресей империясын қайта құру болса керек. Сөйтіп, көзін шел басса керек. Әйтпесе, Ресейге не жетпейді? Жер жетпей ме? Айлапат жерін игере алмай отырған Ресейге өзгенің жері неге керек?! Түсініксіз. Осыған ми жетпейді. Осы арада Л.Толстойдың бір әңгімесіндегі көп жер аламын деп жаны шыққанша жүгірген орыс мұжығы еске түседі. Путин басқарған Ресей бұл империялық індеттен арылмаса сол орыс мұжығының кебін кимесіне кім кепіл?!

* * *

Алматының ауласы. Өзара орысша сөйлесетін қазақтар. Осыларды күнде көреміз. Күнде шошып отырамыз. Қазақ қашан қазақ болады деп. Отыз жылдық тәуелсіздік Алматы аулаларын айналып өткендей. Өзгерісі аз. Совет заманында қалай болса кәзір де солай. Төңірегің толған шалақазақтар. Анда-санда болмаса ана тілің естіле бермейді. Бұларға қарап отырсақ қазақтың өзге тілде сөйлеуі үят емес, күнделікті әдетке айналғандай. Жаның шырқырайды. Бұлар қашан қазақ болады деп. Оны болжау қиын. Бірақ, көзіміз бірнәрсеге жетті. Бұлардың бала-шағалары бұл масқаралықтан алдағы ғасырда да арыла алмайтынына көзіміз жетті. Яғни, мынау мәнгүрттердің анау балалары алдағы ғасыр табалдырығын шалақазақ болып аттайтынына көзіміз жетті. Сорақысы сол, бұл шалақазақтар Қазақстан қалаларында сандары миллионнан асатын ерекше ұлт болып қалыптасты. Олардың қазақпен түрі ұқсас болғанымен тілі бөлек. Діні бөлек. Ділі бөлек. Әдебиеті, мәдениеті бөлек. Сөйтіп, Қазақстанда кәзір қазақтілді қазақтар мен орыстілді қазақтар екі бөлек әлем болып, екі бөлек өмір сүріп жатыр. Бұл процесс совет заманында басталған. Тәуелсіздік тұсында қалыптасып алды.

Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары біз бір нәрсеге сеніп едік. Шалақазақтық деген советтік заман сарқыншағы советтік заманмен бірге келмеске кетер деп сеніп едік. Бірақ, қателесіппіз. Олай болмай шықты. Біз сенген тәуелсіздік бізді бұл сорақылықтан құтқара алмады. Отыз жыл күтсек те тілі қақ бөлінген қазақ біртұтас ұлтқа айнала алмады. Тілі бөлінген қазақты біртұтас ұлтқа айналдыру қолжетпес арманға айналды. Кейбір шалақазақтар, тіптен, тәуелсіздік тұсында таза қазақ болуға ұмтылудың орнына ұлттық құндылықтарға қарсы шоқпар ала жүгірді. Қазақ тілі туралы: «Дайте спокойно умереть этому языку!» деп ұрандатты. Бұл ұран таза қазақтардың ашу-ызасын тудырды. Бірақ, билік пен бизнесте орнығып алған орыстілді шалалар былқ етпеді. Олар өз отырған орындарында мізбақпай орыс тілін төрге, қазақ тілін көрге сүйрей берді. Болашағы жоқ тіл деп балаларын қазақтілді балабақша, мектептерге бермеді. Онысымен тұрмай, қазақ мектептеріндегі білім сапасы төмен деп тұмсық шүйірді. Бұл қауесетке сенгендер «Қазақ тілді» кемені тастай қашып, «Орыс тілді» кемеге жармасты. Басқасы басқа, қазақ қаламгерлерінің арасынан да осынау алмағайып жылдары «Қазақ тілді» кемесін «Орыс тілді» кемеге айырбастап алғандар да шықты.
Біз өзіміз совет заманында Алматыдағы жалғыз қазақ мектебін бітірдік. Оның өзі біз сияқты шопанның балаларының мектеп-интернаты болатын. Рас, Тәуелсіздік тұсында Алматыда ана тілге деген үлкен бетбұрыс болды. Қазақтілді мектептер саны күрт өсті. Бірақ, Алматы бәрібір шалақазахизм ордасы болып қала берді. Осы құбылысты күнде көріп отырамыз. Алматы аулаларында қазақ балаларының ойын тілі әлі орыс тілі. Және бұл құбылыс жалғыз Алматы емес, Қазақстан қалаларының көбіне тән. Дабыл қағып отыруымыз осыдан. Бұл советтік сорақылықтан қалай құтылуға болады? Қазақ тілді баспасөздің қақсай-қақсай жағы талды. Төбеленбеген трибуна жоқ. Айтылмаған сөз қалмады. Енді не істеу керек? Біздіңше, енді, мемлекет бір әрекет істеуі керек. Бір батыл қадамды мемлекет жасауы керек. Сондай батыл қадамды Қырғыз мемлекеті жасады. Қырғыз президенті С.Жапаров күні кеше мемлекеттік қызметкерлерге мемлекеттік тілді білуді міндеттейтін заңға қол қойды. Бұл бірден-бір дұрыс шешім болды. Тарихи қадам болды. Өйткені, кезінде советтік мемлекеттік машина әбден езгілеп жаншыған тілді, енді, бір құтқарса тек мемлекеттік машина ғана құтқара алуы мүмкін еді.

Смағұл ЕЛУБАЙ

Пікір қалдыру