ҮШ ТҰҒЫРЛЫ ТІЛ АЯСЫНДА АҒЫЛШЫН ТІЛІН ОҚЫТУДЫҢ ЖҮЙЕСІ

Дана АСЫЛЖАНОВА

«Үш тұғырлы тіл» жобасы дүниеге келгелі жұртшылық арасында әралуан пікірлер көбейіп тұр. Қашанда кез келген жаңалыққа тосын көзбен қарау қанға сіңген әдет. Адамзат баласы ақыл-ойдың аламанына түскен жаһандану кезеңі кез келген ұлт пен ұлыс өз болашағын айқындауға жанталасуда. Оны адам ретінде де, маман ретінде де түсінуге болады. Авардың ұлы ақыны Расул Ғамзатов «Егер туған тілім ертең өлетін болса, мен бүгін өлуге әзірмін» демеп пе еді. Үш тұғырлы тілдің негізгі консепциясы бүгінгі уақыттың үдесінен шықпайды деп айтуға болмас. Мәселе, оны қалай оқытуда, қай жастан бастап білім беруге бағыттауда болып тұр.
Қазақстан Респуликасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі осы мәселенің астарына тереңірек үңіліп, кесімді пікірін ортаға салды. Мен осы тұста ағылшын тілінің оқыту жүйесі жайлы айтсам деп едім.
Қазіргі уақытта ағылшын тілін оқыту Қазақстанның білім беру жүйесінде ең өзекті тақырыптардың біріне айналып отыр. Бұған елдің көптілдік пен тілдік плюрализмге ұмтылған тілдік саясаты әсер етіп отыр. Бұл саясат 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғаннан басталған еді. Оның үстіне, ғаламдық ақпараттық кеңістікке ұмтылу, адам капиталын қалыптастыру мақсатында ағылшын тілін келешек ұрпаққа мектеп, тіпті, балабақша жасынан бастап үйрету үрдісі басталды. Кеңес үкіметі кезінде ағылшын тілі неміс, француз тілдерімен бірге шет тілі ретінде оқытылса, қәзір ағылшын тілі дербес, негізгі шет тілі дәрежесіне көтерілді.
Президенттің 2007 жылғыжолдауындағы «Үш тұғырлы тіл» жобасында ағылшын тіліне «әлемдік экономикаға интеграциялану» тілі деген анықтама берілді. Ал 2011-2020 жылдарға арналған тілдерді дамыту бағдарламасы бойынша 2020 жылға дейін мемлекет халқының 20%-ы ағылшын тілін меңгеруі керек деген индикатор қойылған. Мұндай мемлекеттік тіл саясатын жүргізудің басты кілті білім саласы болып отыр. Бұған дейін ағылшын тілі бастауыш сыныптан кейін оқытылса, енді ағылшын тіліне ерекше көңіл бөліне бастағаннан кейін оны бастауыш сыныптан бастап оқыту тәжірибесі басталды. Мәселен, 2004 жылдан бастап елдің білім министрлігі ағылшын тілін оқытуды ерте бастауыш сыныптан (2-сыныптан) бастау бекітілді. Одан бөлек, осы жылдан бастап 32 мектепте пәндерді бастауыш сыныптан бастап тек ағылшын тілінде ғана оқыту қолға алынды. Ал 2010 жылы мұндай мектептердің саны 165-кежетті.
Бастауыш сыныптарда ағылшын тілін оқытудың бастапқы кезеңдеріне тоқталатын болсақ, мұғалімдердің тәжірибесінде шет тілін коммуникативтік жағынан гөрі ақпараттық әдістемелік тұрғысынан оқыту жағына баса назар аударылды. Кейін оқушының қарым-қатынас қабілетін қалыптастыруға бағытталған әдістер басшылыққа алына бастады. Ағылшын тілін ерте оқытудың мақсаты – оқушылардың ағылшын тілінде қарым-қатынас жасай алуды меңгеруі болып табылады деп танылды. Ерте жастан ағылшын тілін оқыту оқушылардың коммуникативті даму біліктілігін арттырады, оған деген қызығушылығын оятуға мүмкіндік береді, бірден көп тілде сөйлеуге мүмкіндік алады – дейді білетіндер.
Қазіргі уақытта шет тілін еуропалық тілді үйретудің классикалық үлгісіне (А–В–С деңгейлері) ұқсатып оқыту жолға қойылды. Бастауыш және мектепке дейінгі мекемелерде ағылшын тілінің А1 деңгейі, негізгі орта білім беру құрылымында А2 деңгейі, орта білім беру құрлымында В1, жоғарғы оқу орны корпусында В2 және ЖОО кейінгі білім беру парадигмасында С1, С2 деңгейлерін оқыту қолға алынды. Осылайша ағылшын тілін оқыту үрдісі үздіксіз білім беру үлгісіне негізделіп, кезең-кезеңімен өндіріске енгізіле бастады.
Әсіресе, ағылшын тілін ана тіл деңгейінде оқыту бастамасы, оны тыңдап үйрену ғана емес, түсіну мен сөйлеу, жазу мен айту дағдысына дейін көтеру қазақстандық білім беру жүйесінің негізгі өзегіне айналды. Соның арқасында ағылшын тілін бастауыш сыныптан бастап коммуникациялық дағды деңгейінде оқыту проблемасы қойыла бастады. Бастауыш сыныптың өзінде есту, көру, тыңдау, жазу қабілеттерін түгел қамти отырып, оқушыға коммунативтік білім беру моделі енгізілді.
Ақпараттық технологиялар енді дами бастаған сәтте, ақпараттық-комму­никативтік оқыту технологияларына мән беріле бастады. Интерактивтік сипат алған мұндай оқыту әдістемелері, М. Ушаков атап өткендей, балалардың телекоммуникациялық қасиетін дамытып, лингвомәдени құзіреттілігін арттыратын жол деп танылды. Ағылшын тілін оқытудағы ақпараттық бағыт лингвистикалық, тақырыптық, әлеуметтік мәдениет, оқу дағдыларын қалыптастыруды мақсат тұтады.
Алғашында ағылшын тілінің бастауыш сыныпта оқытылуы қоғамдық қатынас тұрғысынан аса наразылық тудырмаған еді. Алайда «Үштілділік» жобасы жайлы сөз қозғалып, ол кейін мектеп қабырғасында жүзеге асырыла бастаған кезде қоғамда көңілтолмаушылық пайда болды. Қазақстан Респуликасында ағылшын тілі екінші шет тілі ретінде бірінші сыныптан бастап оқытылмақшы болғанда, бұл өзгеріс кейбір ата-аналардың арасында біршамақарсылық тудырды. Бұл жаңа өзгеріске қарсылық білдірушілер ағылшын тілін бірінші сыныптан бастап оқыту балаларға кері әсерін тигізуі мүмкін деген пікір білдірді.
Бұл жерде БАҚ өкілдері мен түрлі әлеуметтік зерттеу орталықтарының, сарапшылардың талас тудырып отырған жері – бұл ағылшын тілін бастауыш сынып оқушыларына қай жастап бастап оқытқан жөн деген мәселе. БАҚ-тағы материалдар мен пікір білдірген сарапшылардың айтуына қарағанда, ағылшын тілін бірінші сынып оқушыларына оқытуға қарсы, 3-5-сыныптан бастап оқытуды жөн санап отыр.
Соған байланысты 2019 жылы өткен Тамыз конференциясында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ағылшын тілін оқушыларға 2-3-сыныптан, тіпті, 5-сыныптан бастап оқытуға ұсыныс жасады. Мемлекет басшысының айтуынша, аталған мәселе оқытушылар мен білім беру бағдарламаларының дайындығын ескере отырып, жан-жақты зерттеуді қажет етеді. «Жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту білім орталықтарының кадрлық мүмкіндігіне қарай, оқушылар мен ата-аналардың қалауы бойынша іске асуы тиіс» деді ол бұған қатысты. Бұл жерде ата-аналардың пікірімен санасу қажеттігі баса айтылып отыр. Мұндай ойды Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке келмей тұрған кезінен бастап айтып жүрген болатын. Мәселен, 2018 жылы сенат төрағасы болып жүрген кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев «Қыркүйектен бастап жаңа оқу жылы басталады, бұл оқу бағдарламалары туралы ойланатын қисынды себеп. Мысалы, ағылшын тілін бірінші сыныптан үйретудің қаншалықты қажеті бар? Осы тілде толығымен дайындалған мұғалімдер жеткілікті ме?» деп жазғаны бар Твиттерде.
Ал зиялы қауым өкілдері «Жапондар шет тілін 12 жастан бастап оқытады екен. Сондықтан да біз де ағылшын тілін 5 сыныптан бастап оқытуымыз керек» деген уәж айтуда. Жапон балалары барлығы 12 жыл білім алады. Олар бастауышты 6 жастан 12 жасқа дейін оқиды. Бастауышта жапон тілі, музыка, өнер, дене шынықтыру, гуманитарлы ғылым, жаратылыстану, дінтану сынды сабақтарды оқиды. Яғни, ағылшын тілін оқыту туралы сөз жоқ. Ал 12 жастан бастап 15 жасқа дейін балалар орта білім беру жүйесінен дайындықтан өтеді. Ол кезде мемлекеттік тіл (жапон тілі), математика, гуманитарлы ғылым (жағырапия, тарих, дүниетану), жаратылыстану (физика, химия, биология, геология), музыка, еңбек, дене шынықтыру және ағылшын тілінен сабақ алады. Ересек сыныпта да жапон балалары ағылшын тілін оқиды.
Ғалым Айгүл Ісмақова «Жапонияда, Еуропа елдерінде, тіпті бүкіл әлемде мектепте ең алдымен ана тілі оқытылады. Бала тоғыз жасқа дейін өз ана тілінде білім алуы керек. Тоғыз жастан кейін ғана шет тілдерді өз таңдауымен үйренеді. Баланың психологиясы 9 жасқа келгенде ғана басқа тілді меңгеруге толық қабілетті болады дейді. Психолог О.В.Соловых зерттеу еңбегінде 10-12 жастағы баланың психикалық дамуына шолу жасап, бастауыш сыныпты бітірген оқушылардың психикалық дамуында келесідей ерекшеліктер болатынын атап өтеді:
1. Теориялық ойлау қабілеті қалыптасады;
2. Рефлекциясы қалыптасады;
3. Өзін-өзі реттеуге, назары мен зейінін басқаруға қауқарлы;
4. «Ересек» сезімі пайда болады.
Тізім басындағы үш психикалық жай-күй бастауыштағы оқушыларға шет тілін үйреткенде міндетті түрде ескерілуі тиіс.
Ал Е.Негнивецкийдің ойынша, бала туғаннан 8-9 жасына дейін шет тілін меңгеруге қабілетті болады. Сөзді, клишені жаттауға бейім келеді, интонация мен сөзді айтуға имитациясы жеткілікті. Ал жапон диалектісін зерттеген В.А.Гротерс жапонның әдеби тілі мен диалектісінің арасында айырмашылық барын әрі балалардың көбі отбасында жүріп диалектіде сөйлейтіндігін, тек кейін мектепке келгенде ғана әдеби тіл мен диалектісінің (күнделікті сөйлеп жүрген тілі) арасында айырмашылық барын байқайды дейді. Яғни, 5-6 жасынан бастап қана жапон балаларды қос тілдің айырмашылығын сезеді. Ал диалекті мен әдеби тілдің арасындай айырмашылық көп. Одан бөлек, жапон тілінің иероглифі де балалар үшін қиындық келтіретіндіктен, олардың көбі орта білім беру жүйесіне өткенде ғана (12 жаста) біршама меңгереді. Ғалымның айтуынша, ағылшын тілі жапон балаларына иероглиф үйренген сәттен бастап оқытыла бастайды. Бұл жапон тілінің әдеби тілі мен диалектісінің арасында байланысты әрі күрделі иероглифтерді тез жаттап алуға кедергі келтірмес үшін шет тілін ерте мектеп пәніне қоспайды.
Жапон ғалымдарының айтуынша, балалар басында тек сөзформаны, лексиконның белгілі бір бөлшектерін, аффиксі жоқ тілдік бірліктерді есте сақтайтынын, кейін оны – сөзді толықтырудың механизмі іске қосылады, морфема, аффикс жалғауды меңгереді. Яғни, бала басында кез келген сөзді жаттап алуға әуес келеді. Ол оның есте сақтау қабілетінің қорғаныш қасиеті саналады. Одан кейін ғана көмекші құралдарды (жұрнақ, жалғау) тану, қолдану тетігі іске қосылады. Балалар грамматикалық аффикстер де сөздің бөлшегі екендігін белгілі бір дәрежеде түсініп тұрады. Бірақ оны жалғауға келгенде қиындық болады. Сондықтан жапонның психолингвист ғалымдары балаға әзірше өз ана тілінің грамматикалық құрылымын толық танып алмай оған басқа тілдің грамматикалық белгілерін қабаттастыру, тілдік аффазияға әкелетіндігін айтады. «Итак, и для носителей японского языка нормой является хранение в памяти некоторых средних по протяженности единиц (больше морфемы, но меньше предложения), то есть слов; представление об этих единицах отражено в японской традиции» дейді В.Алпатов.
Бала психологиясын, тілі мен дүниетанымының қалыптасуын біршама зерттеген еңбектерімен танымал болып, бала дамуының когнитивтік теориясын жасаған швейцариялық атақты психолог әрі философ Ж. Пиаже бала 6-7 жасында өзінің қай ұлтқа жататындығы жайлы алғаш рет есітіп, хабардар бола бастайды, ал 8-9 жасында өзінің, ата-анасының қай ұлттан екендігін, ана тілін, туған жерін біледі, кейін 10-11 жасында ол өзін сол ұлттың өкілі ретінде толық сезініп, тарихының, мәдениетінің өзгешеліктерін айыра алады, яғни, оның ұлттық сана-сезімі, болмысы толық қалыптасады деп жазады. Демекбала 10-11 жасында белгілі бір ұлттың өкілі болып қалыптасады. Ал бұл кезде баланы басқа тілде тәрбиелеу – оны көзбе-көз басқа ұлтқа қарай итеру болып шығатындығы ешбір дәлелді қажет етпесі анық.
Ал қазақ ардақтысы А.Байтұрсынұлы «Қазақ» газетінің 1914 жылғы №61 санында жарық көрген мақаласында «…әр халыққа керегі – өз діні, тілі, жазуы сақталу. Солай болған соң бастауыш мектеп, әуелі миссионерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек, яғни қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдык пікір, суық қолдан тыныш боларға керек… Әуелгі үш жылда балалар кілең қазақша оқу керек… Бастауыш мектепте кілең қазақ тілінде үйретілетін нәрселер: оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, жағрапия, шаруа-кәсіп, жаратылыс жайы» деген болатын. «Әуелі біз елді түзеуді бала окыту ісін түзеуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстықта, билікте, халыктық та оқумен түзеледі. Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде, оқумен түзеледі» дейді ұлт ұстазы тағы бір мақаласында.
Қалай десек, бұл ойлардың еш қайсысын әзірше өкілетті органдар есепке алып отырған жоқ. Мемлекет басшысы ағылшын тілін оқытудың шектік сыныбын әлі құжат түрінде бекітпеген соң, қай жаста қандай әдістеменің қолданылу қажеттігі іс жүзіне асар емес.Бала бақшадағы ағылшын тілін алып тастадық.Бұл бар бітргеніміз.Ал біздің парызымыз ғылымның уәжін көпшілікке жеткізу ғана.
Сондықтан үш тұғырлы тіл бағдарламасына салиқалы пікірлер, салмақты ойлар керек секілді. Ұрпақ болашағына қоғам да, ата-ана да, ұстаздар қауымы да жауапты екенін әсте естен шығаруға болмас.

Пікір қалдыру