Ұзақ түн әңгімелер

Тұрсынхан ШАЛДИБЕКҚЫЗЫ 

 

Бірдеңені өз ықтиярыңмен емес, біреудің әмірімен немесе көңіл үшін істеу – нағыз қорлық. Айша жолға жинала жүріп, осыны ойлаған. Ес біліп, етек жапқалы кәдуілгідей жұмыс бабымен жолға шыққалы отырғаны осы шығар. Демек, бұл – есейіп қалғанының белгісі. Ата-анасының өзіне жауапкершілік артып, ешқашан табаны тиіп көрмеген жерге, бейтаныс адамдар арасына жұмсауы, біріншіден, лажсыздықтан, екіншіден, өзін ес тұтқандықтан еді. Айша осыны ұқты. Ұға тұра «бармаймынға» басып, жат та кеп қасарыссын.
– Жағдайды түсінуің керек қой, қызым-ау, – деді шешесі көндіруге тырысып. – Таңның атысы, күннің батысы, түйенің қомы, аттың жалында жүргенімізді көрмей жүрген жоқсың. Осыншама малды бордақылау дегенің оңай шаруа ма? Сөйтседағы көнбеске амалымыз қайсы. «Істегенің қатты болса, татқаның тәтті болар» деген екен бұрынғылар. Әр тұяқты жоғары қоңдылықпен өткізсек, пайдасы шаш етектен көрінеді. Бәрі сендердің қамдарың ғой, күнім. Сен жүрексінетіндей орталық та онша қашық емес. Автобуспен зырылдап барып, дәп дүкеннің алдына топ ете түсесің де, Әсемгүлге жолығып қана қайтасың. Танымасаң, оқасы жоқ. Танысасың. Адам сөйлескенше деген. Баланы сыртқа тебетін қытымырың ол емес. Аңқылдаған ақпейіл жан. Олар да өзіміздің жақтікі. Оның үстіне, сендердің кішкене кездеріңде көрші тұрып, ішпесімізді ішіп, жемесімізді жеген. Бекер салмақ салып отырғанымыз жоқ. Ол – өз алдына бөлек әңгіме. Шешеңнің мына бал бармағынан май емгенін ұмыта қоймапты, – деп ыстық-суықтан жарылып кеткен қолдарын қызының көз алдына тосты. – Өткенде әкең екеуімізді құрақ ұша қарсы алып, жаны қалмай күтті. Рақмет онысына. Көрсеткен сый-сыяпатына әуелі өзіміз ыңғайсыздандық. Тап бір міністірді қонақ еткендей иіліп төсек, жайылып жастық болды. Сый-құрмет шектен асып жатса да берекеңді қашырады екен… Мен соны білдім. Дастарқан басында қарап отырмай, суыртпақтап сөз бастадым. «Сүт сұрай келіп, ыдысыңды жасырма» деген. Келген шаруамыз бір жағынан өздеріңмен дидарласу, бұйымтайымыз да жоқ емес, – дедім.
– Е, е, айт, айт – деді Әсемгүл де тыңдауға асығып. – Бір кезде тонның ішкі бауындай тату-тәтті көршілер едік. Сөйте тұра, іргеміз аулақтаған соң, не біз, не сендер ат ізін салуға жарамадық. Бір-бірімізді әдейілеп іздемедік. Бірақ сол күндердің тәтті дәмі әлі күнге таңдайымызда. Енді міне, қастарыңа бір табан жақындадық, – деп едім Әсемгүл:
– Жақындағаның не, жазған-ау, біргеміз ғой, құдай қаласа, бір кеңшарда тұрып… о не дегенің? Осы кеңшардың бөлімшесі ғой орын тепкен жерлерің, – деді.
– Енді бұйымтайымыз сол: балаларды интернатқа орналастыруға көмектеріңді беріңдер. Көптен бері осындасыңдар. Іс басындағылармен түгелдей дерлік таныс-білістерің бар дегендей, – деп едім Әсемгүлдің өңі жайнап сала берді.
– Сол-ақ па? – деді қайталай сұрап:
– Алыстан орағытып сөз бастауыңа қарап, қимас затыма қолқа салатын шығар деп ойлап ем. Бұйымтайың сол болса, жарасы жеңіл. Мектеп директорымен ым-жымымыз бір. Осы үйдегі жерлесің прораб қой. Ал прорабтармен жақын жүруге әркім-ақ құштар. Тәттіге үймелеген шыбындай алды-артын орап, бәйек боп жүргендерден бір босамайды шіркінің. Біздікіне жиі келетіннің бірі сол мектеп директоры. Естуімше, аудан орталығынан дыңдай үй салып жатқан көрінеді, – деп ағынан жарылған.
Бір сөйлесе жуық маңда тоқтамайтын әдетіне басып, шешесі мән-жайды тәптіштеп ұзақ түсіндірген. Айша анасы айтқан ұзын-сонар әңгіменін бірін түсінсе, бірін түсінген жоқ. Одан да «Бар да қайт, мынаны жеткіз» деген сияқты тоқетерін айтып, шорт кесіп тастаса қайтеді екен?» деп ойлады.
Қашанда шешесінің қас-қабағына қарайтын әкесі бұ жолы да сөйтті.
– Әсемгүл тәтең сол мектепте мұғалім болып істейді, Ашок (Айшаны еркелетіп осылай атайтын). Танысып алғаның жөн. Кейін сабақ беріп қалуы ықтимал. Ілгерідегілер: «Жау жерінде де бір үйің болсын» деген ғой. Танымайтын елде қамқор жанның болғанына не жетсін, қызым, – деді әкесі.
Сөйтіп, Айшаның кеңшар орталығында тұратын мұғалім Әсемгүлдің үйіне бармасқа әддісі қалмаған. Іштей танымайтын адамдармен сөйлесуге құлқы соқпаса да, әкесі мен анасының күні бойы ауыр еңбектен қолдары бір босамайтынын ескеріп, оларды аяған.
«Сұрай-сұрай Меккеге де барады» демекші, Айша діттеген жерге дейін автобуспен бір сағаттан астам жол жүріп, одан Әсемгүл тәтесінікін тапты-ау әйтеуір. Биік көк қақпалы, еңселі үйдің алдына келіп тоқтағанда дәп біреу арқасынан ауыр жүкті сыпырып алғандай «уһ» деген. Аласа дөңгелек жозыда ыдыс жуып отырған атжақты, бидай өңді ашаңдау әйелдің қиықша қоңыр көздерінің жебесі тым суық көрініп, Айша босағада абыржып тұрып қалды.
– Әсемгүл тәтейдікін іздеп жүр едім, – деді бетіне таңырқай қараған әйелге.
– Ә, ә, сен Рысменденің қызысың ба? – деді Айшаның өн бойына көз жүгіртіп.
– Иә.
– Іздеген үйің осы ендеше. Әсемгүл деген мен боламын, жоғары шық, кел мұнда отыр, – деп қарсысындағы аласа орындықты нұсқады.
– Не жұмыспен келіп едің? – деді Әсемгүл.
– Көкем мен апам жіберді. Интернат жайы не болды екен? Соны біліп кел, – деді.
– Қызық екен. Мұндағы ел тап бір ерігіп жүргендей? – деді ол аяқ астынан шаптығып. – Үрлей сап, көзің қандай болдының кері ғой бұлары. Әнеугүні ғана емес пе еді айтқандары.
Айша әйелдің кенеттен тосын мінез көрсетіп, ертоқымын бауырына ала тулаған асаудай бұрқан-тарқан болғанына біртүрлі ыңғайсызданып, тіпті жәбірленіп қалды. Арада үнсіздік орнады. Бұл кезде ол жуылған ыдыстарды газ плитасы қатарындағы шкафқа орналастыруға кіріскен.
– Сен бүгін қайтасың ба? – деді Әсемгүл үстел үстінің суын кұрғатып жатып.
– Қайтамын.
– Айтпақшы, атың кім? – Айша есімін атады.
– Ендеше, Айша, былай болсын, – деді ол қайтадан бастапқы жайбарақат қалыбына түсіп.
– Мен қазір мектепке барып, директорға жолығып келе қояйын. Оны жұмыс орнынан табу киын. Бірде анда, бірде мұнда дегендей, жел айдаған қаңбақтай ұрдым-пердім жүрісті кісі. Егерде таба алмасам, үйіне телефон шаламын, қысқасы, кешігуім мүмкін. Бүгін бір тазалық жұмысын жүргізейін деп жатыр ем. Менің орнымды сен алмастыратын болдың енді. Алдымен барлық бөлмелердің терезелерін жуасың. Сосын мебельдердің шаңын сүртесің. Ең соңында еден жуасың. Оған дейін өзім де келетін шығармын, Ескертетінім, айналайын, нені істесең де ұқыпты, байыпты істей біл, таза жуғайсың. Бүгін кете алмайсың ғой, – деп төргі бөлмеге енді, Айша ол киініп, таранып, жалаңбас қайта шыққанда танымай, бөтен біреу екен деп қалды.
– Ал, Айша, мен кеттім, – деп Әсемгүл жөнеле берді. Айша дегеніне көнгендігін білдіріп, үнсіз басын изеді. Әсемгүл есікті қайта ашып:
– Айша, жұмыстарыңды бітірген соң картоп қуыра сал. Тоңазытқышта ет, май бар. Пияз анау кастрюлдердің бірінде, – деді.
Бір жағы ерте тұрып, жол жүріп шаршағаны, оған қоса қарнының ашқаны бар, денесі дел-сал боп, өн бойын әлсіздік манаурата бастағанын сезді. Адам сөйлескенше деп шешесі дұрыс айтқан екен. Әсемгүлмен тілдесуі де, оның шаруасына жегілуі де көзді ашып-жұмғанша өте шықты.
Терезе, еден жуу, терезе әйнегін жарқырата сүрту, мебельдерді, басқа да кір шалған бұйымдарды тазарту үйреншікті шаруа болғандықтан, Айша оған онша қинала қойған жоқ. Тек шамадан тыс көп тапсырма әбден қалжыратып тастады. Ең соңғы бөлмені жуып, маңдай терін қолының қарымен сүртіп, кір суды есік алдынан әрірек шарбақтан асыра төгуге келе жатқан. Кенет, қораның ыктасын жағынан арыстай қара ит шыға сала, арс етіп тап бергені. Қолындағы шелекті қалай лақтырғанын да байқаған жоқ. Үйге қарай жан ұшыра жүгірді. Абырой болғанда, ит қысқа байланыпты, жетпей қалды. Қорыққаны сондай, бүкіл өн бойы қалтырап кетті.
Қорыққаны басылған соң, беті-қолын жуып, ыдыс-аяқ қойылған шкафты ұзақ ақтарыстырды. Керекті нәрселердің бірі табылса, екіншісі табылмай әбден әуреге салды, Ет турайтын тақтайша, пышақ, пияз, тамақ пісіретін май, аршылған картоп салатын ыңғайлы ыдыс дегендердің әрқайсысын әр жерден теріп, кейбірін сырттағы жаздық шайханадан әкелді. Әсемгүлдің әлгінде осында тұр деген орнында еттен өзге ештеңе де жоқ боп шықты. Ақыры картопты тазалап аршып, жуып, жұқалап турап, ет пен пиязға қуырып, аз ғана су құйып, қазанның астындағы отты тым жалпылдатпай, газды басыңқырап қойды. Шешесі картопты осылай пісіреді. Буға піскен картоптың дәмділігі сондай, жесең жей бергің келеді. Пісті-ау деген кезде қасықпен алып дәмін татып көріп еді, дәп-дәмді. Жағымды иісі бұрқыраған тағам тәбетін ашып жібергендей.
Ертеңгі екі шыны шайдан кейін ыстық ұрттамағаны енді ғана ойына оралды. Кішкене табаққа екі-үш қасығын салып, үрлеп-үрлеп жіберіп қарпыта асады. Осы мезетте табалдырықтан Әсемгүл де аттады-ау. Оның жүзіне күлімсірей қараған. Айшаның көкейінде қай жағымнан ши шығып қалар екен деген күдік те жоқ емес-ті. Бұл жаққа көзі түскен Әсемгүлдің бет-әлпеті кенеттен өзгеріп сала берді.
– Ойбай, қызым-ау, мынауың не? – деп бұрыш жақты қолымен жасқай көрсетті. Бірдеңені бүлдіріп алдым ба деп үрейленген Айша оның нұсқаған жағына шошынған кейіппен жалт бұрылған. Бірақ көзге қораш көрініп, зәре-құтты қашыратындай бүлінген ештеңені байқай қоймады.
– Қыз бала ықтиятты, жинақы болуы керек емес пе… Қарашы, шашып тастағаныңды. Ыдыс біткеннің қақпақтары ашылған, орындары ауыстырылған. Тура жау тигендей, – деп қабағын кіржитті. Сенің мына жұмысыңның қолбайлау боп, талай есіл уақытымды жеп қойғанын көрмеймісің. Әйтпесе әлдеқашан тындырып тастайтын шаруа емес пе бұл – деп сөйлеген күйі төргі бөлмеге енді.
Айшаның қуанышы су сепкендей басылып, көңілі жабырқаңқы тартты. Өзі өз боп жылы ұясынан, ата-ана қасынан ұзап шыққаны осы еді. Бір күн өтпей жатып-ақ жақын адамдарының ыстық ықыласқа толы мейір-шапағатын аңсады. Басқа әйелдің мұның тындырған ісінен қате тауып тұқыртып кеткені анау. Ол әйел де ана ғой. Өзге балаларды да неге өз баласындай жақсы көрмеске? Апасы болса ғой қазір: «Ой, күнім, көмекшім менің. Бәрін таптұйнақтай ғып тазалап қойыпты ғой», – деп маңдайынан иіскеп, айналып-толғанар еді.
Дегенмен түсінісу деген бар ғой. «Түсінісу арқылы адамдар бір-бірін сыйлап, құрметтейді. Қарым-қатынастағы жарастық – сый-құрметтің нәтижесі. Бұл әркімге қуаныш сыйлары хақ. Ал «қуаныш адам өмірін нұрландыратын, өңін әрлендіретін бірден-бір дәрі есепті» дегенді әкесі тағы бір кітаптан оқып берген. Мықты болсаң, мына тәтей сияқтылармен түсінісіп көр.
Оның ойын тағы Әсемгүл бөлді:
– Айша, шайыңды дайындай бер. Мен сиыр сауып келейін, – деп шелек ұстап шығып кетті. Әсемгүл дастарқан басында ғана шешілді. Өзі құйған қызыл шайды ұрттай отырып, көрген-білгенін баяндады:
– Директорды таба алмай мектеп пен интернат арасында жүрдім де қойдым. Бір кісіден «кеңшардың құрылыс бөлімінде прорабтың кабинетінде отырған» дегенді ести салып, сонда жетіп барайын.
Айтқанындай-ақ, біздің үйдегі ағаң екеуінің бір жаққа кеткелі жатқандарының үстінен түскенім. Келген шаруамды айтсам: «Ойбай, Әсеке, атай көрмеңіз, онсыз да малшы балаларын сыйғыза алмай шақшадай басым шарадай болуда, Сеніңіз, еш мүмкіндік жоқ», – деп без-без етеді. Сосын сөмкемнен ала барған ақшаның үш жүз сомын алдына тастадым. Мынау – коньягіңіз. Бір қой тартуымыз және бар. Басқадай бір жолын тауып, орналастыра көріңіз. Өздері жаңа көшіп келген, жақын-жұрағат, туыс-туған, көзтаныс дегендерден ешкімдері жоқ бұл жақта. Мына бізге сеніп келіп отырған жайлары бар, – деп байғызша сұңқылдадым кеп. Ол да буынсыз жерге пышақ ұрдың-ау дегендей аз-кем ойланды да:
– Әй, қадалған жерден қан алмай қоймайсың-ау, Әсеке. Дегеніңіз болсын. Коньякты Рукен тапсын. Қолы ұзындау ғой бізге қарағанда. Әзірше дайын асқа тік қасық бола тұрайын, – деп алдындағы ақшаны біздің үйдегі ағаңа қарай ысырып қойды. Ұзын сөздің қысқасы, шешең мен әкеңе айта бар. Бір қой мен үш жүз сом ақшаны кешіктірмей жеткізсін. Әйтпесе бүгінгі уәдесінен оп-оңай тайқып кетуі мүмкін. Ар, ұят, адамгершілікпен сыйыспайтын бірталай жат қылықтарды Айша білетін. Ал Әсемгүлдің әңгімесіне қарағанда мына мұғалім тіптен сорақы көрінді. Санасына адамшылыққа жатпайтын теріс қылық ретінде сіңіріліп келген осынау оғаш әрекетті, үлкен, көзі қарақты жанның еш сөкеттігі жоқтай дабырайта, мақтана сөз еткеніне таң.
Айша іштей қиналыс үстінде Әсемгүлге көз қиығын жүгіртіп еді, ол алаңсыз куырылған картопты сүйсіне жеп отыр екен. Менің пісіргенім ұнаған екен. Бірақ бұл жөнінде ләм-лим деп ештеңе айтпады. Басқаның жақсылығын жариялаудан тайсақтайтын жандар болады. Демек, Әсемгүл тәтей де – сондайлардың бірі. Айша кесесінің бетін басып, орнынан тұрып кетті.
Ұйықтауға жатқан соң да көпке дейін кірпік ілмеді. Туған жерін, мектебін, ондағы ұстаздарын, достарын ойлады. Ұстаздары қандай мейірімді, білімді еді. Достарын есіне алғанда, солардың арасынан алдымен Айсұлу бейнесі мұның көз алдына кеп тұра қалды. Айсұлу – бірінші сыныптан бір партада отырып келе жатқан ең жақын досы. Бірде әдебиет пәнінің мұғалімі «Кімге ұқсағың келеді?» деген тақырыпқа шығарма жазып келуді тапсырғанда досы Айсұлу бұның әкесі Рысменде туралы жазып барған. Сол шығарманың кейбір тұстары әлі күнге есінде.
«Расменде аға – Айшаның әкесі. Ол – өте жақсы адам, қарапайым жан. Бірақ ол басқалармен қарым-қатынаста ғана солай. Ағаштан түйін түйген шебер ағаның жасаған бұйымдары мен заттарының әдемілігі сондай, көздің жауын аларлықтай, қарасаң – қарай бергің келеді. Ол кісінің қолынан шыққан сандық, үстел, орындықтар, шкаф, сөрелер, тағы сондай-сондайлар ауылымыздағы әрбір үйде бар. Қолы қалт еткен шақтарында кітаптан бас алмайды. Рысменде аға бос сөзге әуес емес. Егер бос әурешілікпен, жұмыссыздықпен уақыт өткізетіндерді байқап қалса, міндетті түрде ондайларды тезге салуға тырысады. Кешкілік балаларын төңірегіне шақырып, өзі оқыған кітаптардың ұнамды кейіпкерлерінің өнегелі істерін әңгімелеп береді. Рысменде аға қызметі жоғарылардың алдында бүгежектеуді жек көреді. Түбінде тасы ап-анық көрініп жататын тау бұлағы секілді үлкендердің де мөп-мөлдір ішкі жан дүниесі бізге көрініп тұрса, қандай жақсы болар еді. Сонда біз де үлкендерге ұқсауға тырысар едік. Ал өз басым Рысменде аға секілді сегіз қырлы, бір сырлы, он саусағынан өнер тамған, ақылды адам болғым келеді».
Мұғалім Айсұлу шығармасының жақсы жазылғанын тілге тиек етіп, соңынан осы бір бөлігін балаларға оқып берген. Сонда сыныптастарының өзіне қызыға қарағандарын ұмыта алар емес.
Айша орнынан ептеп тұрып, жарық жақты. Әлі түнгі сағат екі, ол енді ұйықтамасын білді. Кітап сөресінен мана «Қазақ ертегілерін» көрген. Соны іздеді. Кітап оқып жатып, ұйықтап кеткенін өзі де сезген жоқ. Қай уақ екені белгісіз селт етіп оянып кетті. Терезенің жұқа ақшыл пердесінен бозамық сәуле тарап, кең бөлме іші алакөлеңке тартыпты. Қуанып кетті. Бұл – таң белгісі. Терезеге үңілді. Шынында, даладағы нәрселер анық көріне бастапты. «Ту-у, не деген ұзақ түн еді. Осы таңды зарыға күттім-ау».
Көрер таңды көзімен атырды деген осы шығар. Жайшылықта ұзақ ұйықтағанның өзінде ұйқымыз қанбай, әлі жата тұруды қалаушы едік. Мұнымыз шектен асқандық екен ғой. Ауызғы бөлмеден адам аяғының тықыры, ыдыс-аяқ сылдыры естілген мезетте бұл да тұрды. Төсегін әдемілеп жинап, шашын тарап, сыртқа беттеді.
– Тәте, жақсы. Сау болып тұрыңыз. Сізге рахмет, – деп кетуге ыңғайланған. Айшаны Әсемгүл тоқтатты.
– Әкең мен шешеңе айт. Қой мен ақшаны тездетіп әкеп тастасын, – деп шегелей түсті.
– Айтам ғой, бірақ әкем ондайды қаламайды, – деді Әсемгүлдің бетіне тура қарап.
– Неменені? – деді Әсемгүл.
– Пара сұрайтындарды әкем жек көреді.
– Өйтіп шіренетін әкең кім екен сонша? – деді Әсемгүл жұлқынып.
– Адам, – деді Айша оның жүзіне тесіле қарап.
– Онда директордың алдына барудан жасқанып, араға бізді салып несі бар, өйтіп шіренері болса? Адамның да адамы бар, білдің бе, сен қыз, өйтіп тапсынба? Ол – директор, әкең – жұмыскер. Қанша көкірегін өрге айдағанымен түптің-түбінде дегенін істетеді.
Дауысының қатты шыққаны сонша, жатын бөлмеден күйеуі шығып:
– Не көрінді, ей, таң атпай шаңқылдап. Үлкенмен де, кішімен де таласып-тармасып жатқаның, басылар күнің бола ма? – деген сәтте Айша зып беріп шыға жөнелді.
Үйіне асығып жеткен Айша әкесі мен анасына:
– Мен онда екінші рет бармаймын да, ол мектепте оқымаймын да, – деді.
– Е-е, неге? Не боп қалды? – деп жарыса сұрақ қойған екеуіне көргенін, Әсемгүлдің тапсырмасын, әлгіндегі сөздерін түгел айтып берді.
– Оқымасаң, оқымай-ақ қой, қызым, – деді әкесі әлден соң тілге келіп. – Басшысы жеке басының қамын ғана ойлайтын құлқын-құмар болған жерде істің ілгері басқанын көрген емеспін. Әпкең мен ағаң оқып жатқан Алматыдағы мектеп-интернатқа орналастырамын. Әсемгүлге құдай күнімізді түсірмей-ақ қойсын, – деді. Айша қуанып, әкесі мең шешесінің беттерінен кезек-кезек сүйе берді.

Тоғыз ай өткен соң

Бүгінгі газеттерді қарап отырған. Әдеби басылымның соңғы бетінде таныс жазушының үлкен суреті басылып, қазанама беріліпті. Пенде атаулы өлім тырнағынан тысқары бола тұруды іштей тілегенімен ерте ме, кеш пе, бір соқпай қоймайтын ақиқатты мойындамасқа лажы жоқ. Өйткені бұл – бұлжымайтын өмір заңы, жазмыш. Өлім – суық сөз. Жүректі зырқ еткізіп, кезек саған да келеді дегенді қатал ескертіп тұрғандай көрінетін осынау қаһарлы сөзден ескен суық леп Күнсұлудың да тұла бойын қалтыратқандай құныса түсіп, демін ішіне тарта жансыз бейнеге аяныш ата қарады. Ат жақты, келісті келбетінің пошымын дәл көрсеткен фото майлаған бидайдай жылтырап қаны тамған бет әлпетінің табиғи бояуын бере алмапты.
Осы қаламгермен араларында болған бір жай дәл бүгінгідей көкейінде сайрап тұр. Сірә, ешқашан ұмытылмайтын шығар.
Онда ауыл мектебінде мұғалім. Қиындығы көп, қызығы аз, үнемі іздену арқылы ілгерілеуді талап ететін мамандығы олай-бұлай бұрылуға ырық бермейді. Әйткенмен, жатса-тұрса ойынан шықпайтын, ішін жегідей жеп, жай таптырмайтын бір түйткүл бар. Ол – жазу өнеріне деген құштарлық. Құштарлық – алапат сезім. Ынтықтырған ісі адамды қуанышқа бөлейді.Оның қыруар қиындығына да қыңқ демей төтеп беруге бар. Өкінішке орай, Күнсұлудың қолына байлау, аяғына тұсау болатын кедергі көп. Ұйытқыған тіршілік құйыны тынысын тарылтып, адымын жаздырмайды. Жан қалауын жарылқай алмау, сүйікті ісімен шұғылданып, рақатын сезінбеу барып тұрған азап екен. «Тіл өнері дертпен тең» деп дана Абай бекер айтпапты-ау. Көңілінің қошы болмай, қабағын мұң кіреукелеп, түнеріп жүретін кездері көп. Жан сарайын қамығу, торығу қоқысынан тазартуға септесетін демеу іздейді төңірегінен.
Бұның ішкі сарайына үңіліп, кілтін қолға түсіруге құлшынған жан әзірше байқалмайды. Көп ішінде жүріп жалғызсырайтын, құлазитын кездері аз емес. Әрі-сәрі боп жүрген осындай күндердің бірінде тіл, әдебиет пәндері бірлестігінің жетекшісі, тәжірибелі ұстаз Ақық Әзбергенқызы 10-сыныпта әдебиеттен семинар сабақ өткізді. Ауданның түкпір-түкпірінен келген мұғалімдерді әріптесінің шеберлігі тәнті етті. Жақсыға жаны құмар Күнсұлудың көңіл күйі ерекше көтеріңкі. Ашық сабақ туралы сөйлегендер ұстаз шеберлігінен көп нәрсе үйренгендерін айтып, алғыстарын жаудырып жатты.
«Терезе» деп аталатын сабақтар арасындағы бос уақытта сол күні-ақ Күнсұлу семинар-сабақ туралы көлемді мақала жазды. Жақсы білетін нәрсені қағазға түсіру жеңіл берілетінін ұққандай. Келесі күні аудандық газетке ұсынды. Көп кешікпей мақала жарық көрді.
Ақық Әзбергенқызының семинар сабағы Күнсұлудың жолын ашып жібергендей. Мақала жазуға мықтап ден қойды. «Қарап жүргеннен бұл да дәтке қуат» деп қояды ішінен. Жас тракторшы туралы мақаласы жастар газетінде жарық көрді. Облыстық газет редакциясы Күнсұлуға жиі хат жазып «анадай тақырыпты, мынадай тақырыпты жазып жіберсеңіз» деп өтініш айтатын болды. Арасында көркем әңгіме, новеллаға да қалам тербейді.
Түннің бір уағында төсектен тұрып кететін әдет тапты. Жазу үстеліне отырғанда-ақ ұйқысы шайдай ашылады. Содан екі, екі жарым сағаттай тырп етпей отырып жазады. Кейде жазуы таңға ұласады. Осы әрекеті бірте-бірте дағдыға айланды. Қаза жіберген ұйқысын басқа мезгілде өтеу ойында жоқ. Уақыт өте келе түннің қай мезгілінде тұрамын десе, тұрып кете алатын жағдайға жетті.
Қыркүйек айының басында Күнсұлу білім жетілдіру институтында өтетін бір жиынға қатысу мүмкіндігіне ие болды. Осыны пайдаланып, Сардар ұстазына арнайы жолығуды ойша жоспарлаған. Университетте ХIХ ғасыр әдебиетінен дәріс оқыған танымал қаламгер Сардар Айқынбаев шығармашылықпен айналысатын жастардың «Жас қанат» бірлестігіне жетекшілік еткен. Қазір жазушылар одағында басшы қызметте екен.
Күнсұлу ішке енгенде, Сардар Айқынбаев есікке қарама-қарсы қойылған үстелде әлдеқандай қағазға шұқшия төніп отыр екен. Әуелде бұның келгенін байқаған жоқ.
– Сәлеметсіз бе, ағай? – дегенде ғана басын оқыс көтеріп: О-О, Күнсұлумысың? Кел-кел деп апалақтап, алдындағы бос орындықты иегімен нұсқады. Шарасы кеңейе түскен дөңгелек қой көздері таңырқағанынан хабар бергендей.
– Иә, қайдасың? Көрінбей кеттің ғой? – деді жайғасып, өзіне назар салған келіншекке сұраулы жүзбен.
– Ауылда мұғаліммін.
– Отбасы бар ма?
– Иә, отбасым, бір ұл, бір қызым бар.
– Жақсы – жақсы. Жазуды былай ысырып қоймаған боларсың?
– Қояйын деп қанша тырыссам да қоя алмадым. Түн ұйқымды төрт бөліп.., ілдебайлап.., итқорлықпен жазған боп жүрмін.
– Өнердің жолы – ауыр. Қиындық атаулыны табандылықпен жеңетініңе, сөйтіп әдебиет алаңына өз қосын тіге алатынына сенімді адам ғана таңдауы керек жол – ол.
– Жазатын ортада жүріп қиналған жеңілірек тиетіндей көрінеді маған.
– Қай ортада жүрсең де сол бір қиналыс емес пе көретінің.
– Мәселен, менің ортамда жазудың ешкімге керегі жоқ. Мектеп өз саласының жұмысын тап-тұйнақтай орындауды талап етеді, – деп аз-кем үнсіз қалды.
– Ал отағасы?
– Отағасы отбасы шаруасын ұршықша үйіруді, өз жағдайын жасап құрақ ұшуды, космостық жылдамдықпен іс тындыруды талап етеді.
– Сол өткелсіз өзен, алынбас асу боп көрінген өмір алдыңа көлденең тартқан тауқыметтің үйретері көп. Шымырлана, ширыға келе өзеннен де өтудің, асудан да асудың амалын, жолын табасың. Бұл – қиындықты жеңу деген сөз. Тек босаңсымау керек.
– Рақмет, аға.
– Күйеу бала жазғаныңа қарсы емес пе?
– Жазба! – деп тікелей бетіме айтқан емес. Бірақ жаратпайтынын ішім сезеді.
– Кім боп істейді?
– Архитектор.
– Ер адамдар деген солай енді. Өзіңе қолдау көрсететіндей басқадай бір оңтайлы жолын қарастырсаңшы, – деп жымың етті.
– Көптен төбе көрсетпегеніме ыңғайсызданып жүр едім. Келген бетте сізге амандасуды парызым санадым.
– Рақмет. Қалаға анда-санда бір соққанда тиянақтауды керек ететін жұмыс та көбейіп кететіні бар.
– Менің араласуымды қажетсінетін шаруа болса, айта бер, іркілме.
– Жазғандарыма сын пікір айтып, бағыт-бағдар сілтейтін ұстаз керек, аға.
– Ымм…
– Кезінде менен жазушы шығатынына үміттендіріп, арманымды қанат­тандырып едіңіз. Қолқа салғаныма айып етпессіз.
– Қайта қуанып отырмын. Жазғанымды шығаруға көмектес демей, сыншыны керек еткенің – мінсіз шығарма тудыру идеясынан туындаған ой ғой деп ойлаймын.
– Ойымды дәл таптыңыз.
– Ендеше, проза бөліміндегі жазушыға жолығайық, – деп Сардар орнынан көтерілді. Ұзын каридорды бойлай жүріп кеп, екеуі оң жақтағы бір есікке бас сұқты. Денелі, майлаған бидайдай жылтыраған бетінен қаны тамған ер адаммен сәлемдесіп боп, Сардар Күнсұлуға бұрылды.
– Естеу Өмірзақов ағаңды таныдыңба, Күнсұлу?
– Таныдым. Естеу ағаймен кездесу өткізгеніміз де есімде. Әдеби газетке шыққан бір әңгімеме жылы лебіз білдірген ағай.
– Солай ма? – деді Естеу жымиып.
– Дәл солай.
– Естеу, мына Күнсұлу менің шәкіртім. Студенттік жылдарда жақсы әңгімелерімен танылған. Әңгімелерінің бірін өзің де мақтапсың ғой. Жазғандарын оқып, пікір айтсаң. Пікіріңді қағазға түсіріп берсең.
– Дегеніңіз болсын.
– Жазғандарыңызды көрейік, – деді. Естеу Сардар шығып кеткен соң. Күнсұлу қол сөмкесінен арнайы қаптамаға салынған хикаятын шығарып, үстел үстіне қойды. Қолжазбаны парақтап ашып көріп отырды да: – Үш күннен кейін келіп алып кетіңіз, – деді.
Келісілген уақытта Күнсұлу Ескен Өмірзақовтың алдынан табылды. «Тіліңіз төгіліп тұр», – деді салғаннан іске көшкен қаламгер. – Күнсұлу қарындас, хикаятыңыздан бадырайып тұрған кемшілік көре алмадым, – деді кенеттен шешіле сөйлеп кеткен Ескен Өмірзақов Күнсұлудың таңданысып тудырып. – Ауылда тұрасыз. Ауыл адамдары таңның атысынан күннің батысына дейін күйбең шаруадын бас көтере алмайтынын білеміз ғой. Өзіміз де ауылда өстік. Ал, әйел адамдардың жүгі үш есеге ауыр екені де анық. Сондай ұшы-қиырсыз ауыр еңбектің бел ортасында жүріп, әп-әдемі әңгіме жазғаныңызға қайран қалып отырмын, шынымды айтсам. Жазу шеберлігіңіз кәнігі жазушылардан бір кем емес.
– Сіз мені малшы немесе сауыншымен шатастырып отырған жоқсыз ба? – дейді Күнсұлу оның бетіне тура қарап.
–Жо-жо-оқ. Мұғалім екеніңізді білем ғой.
– «Ауыр еңбектің бел ортасында жүріп» дегеніңізге қарап айтқаным ғой.
– Күнсұлу қарындас, мұғалімдік жұмысты жеңіл деп ешкім айта қоймас. Жарайды тақырыбымызға қайта оралайық. Әңгімеңізді әдеби журналға ұсыну ойыңызда жоқ па?
– Әдеби журналдың жүгі көтере алса, ұсыну ойымда бар, әрине.
– Ендеше, маған қалдырыңыз, шығуына көмектесейін.
– Рас па-а ?
– Тым күдікшіл екенсіз. Алдауға көп түскенсіз бе, қалай?
– Құдай сақтасын.
– Қалдырмасаңыз әңгімеңіз, міне, – деп Ескен қолжазбасын Күнсұлуға ұсынды.
– Жарайды, қалдырайын.
Күнсұлу көшеге шықты. Қуанышында шек жоқ. Жүріп емес, ұшып келе жатқандай. Ескен Өмірзақовтың жылы сөздерінен бойына қуат дарығандай, жүрегіне нұр шуақ құйылғандай ерекше әсерге бөленді.Көңіл көкке самғап, ақ бұлттардың арасында жүзіп жүргендей.
Уақыт сырғып өтіп жатты. Қазір ұсынған шығарма журналға үш айдан кейін бір-ақ басылатынын ескеріп, ай санап, уақыттың тезірек өтуін тіледі. Бірақ хикаясы үш ай емес, одан кейінгі айларда да басылған жоқ. Күнсұлу тамыз айының тамылжыған күндерінің бірінде тура тоғыз ай дегенде әдеби журнал редакциясына соқты. Қара торы, қара мұртты (сырттай таниды) жігіт Күнсұлуды жылы қабылдап, келген шаруасын сұрады. Күнсұлу жөнін айтқаны сол еді, анау от басқандай шар етті.
«Қолжазбаңызды тездетіп таптыртып алыңыз. Ол адамды жұмыстан шығарғалы жатыр. Бізге сіздің хикаятыңызды тапсырған жоқ».
Күнсұлу жеделдете басып кеп, Сардарға кіріп, қазіргі естігенін жеткізді. Сардар орнынан жедел көтеріліп, сыртқа ұмтылды. Бұл оның соңынан ілесті. Кабинеттерді жағалай аралап сұрастырып жүріп, бір кабинетте отырған жерінен әзер тапты.
– Ескен, мына Күнсұлудың қолжазбасы қайда? – деді сыртқа шақырып. Күнсұлуға бажырая бір қарап:
– Менде – деді жаратпай дүңк еткізіп. Тұрпаты өрт сөндіргендей.
– Қолжазбасын өзіне қайтарып бер, – деді Сардар қатқыл үнмен. Сол кабинеттегі сейфтен алып Күнсұлуға беріп тұрып: Қолжазбаңызды журналға тапсырмаған себебім, жарамайтын болды басуға, – дегені міз бақпастан. Ешқандай кемшілігі жоқ! – деп едіңіз ғой. Анау үн қатпастан кері бұрылып, есікке беттеді.
Күнсұлу өң мен түстің арасындағыдай күй кешуде. Көзімен көргені, құлағымен естігені түсінде болып жатқандай. Өмір шындығы емес секілді. Халыққа танымал, адами қасиеттері туралы майын тамыза жазатын жазушы Ескен Өмірзақовтың екі сөйлегенін көңіліне сіңіре алмай дал. Көңілінің түкпіріндегі оларға деген ыстық ықыластың әсерінен-ау деймін, жазушыларда пенде деген тұжырыммен еш келіспейтін сыңайлы. Ұлттың рухани көшбасшысы деп білетін жазушы атаулы кемшілік, кінәраттан ада, мұнтаздай таза, мінсіз, аппақ қардай пейіл иесі көрінетін.
Ойы онға, санасы санға бөлінген Күнсұлу Қаламқастың жұмыс орнына қалай келгенін байқамай да қалды. Қаламқас екеуі бір факультетте, бір топта оқыды, бір бөлмеде тұрды. Араларынан қыл өтпестей тату достар, жұптары жазылмайтын армандастар еді. Қаламқас өлең жазатын. Қазір бірнеше жыр жинақтарының авторы. Жас ақындардың алдыңғы легінен көріне білген дарын иесі. Республикалық басылымның әдеби бөлімінде қызмет істейді. Қала әкімшілігінде беделді орында отырған ағасы ауылға жібермей, қалада қалуына мүмкіндік жасаған.
– Көңіліңнің қошы жоқ қой? – деді Қаламқас бұның қабағындағы кірбеңді бірден байқап. Досының жанашырлық жылы лебізі жүйкесін босатты білем, көздерінен мөлдір тамшылар сорғалап кетті.
– Не болды, Күнсұлу? – деп Қаламқас досын құшақтай алды.
Көкірегіне жиналған қыжылын ағыл-тегіл төгілген көз жасымен шығарып тастаған Күнсұлу жанашыр жақын адамның құшағында өзін жеңіл сезінді. «Ал енді не болғанын айтшы», – деп Қаламқас оны қолтығынан демеп, орындыққа отырғызды. Күнсұлу болған жағдайды бастан аяқ баяндады. «Жұрт ол адам туралы жақсы пікірде емес», – деді Қаламқас ойлана сөйлеп. Досының дөңгелек жүзіне, үлкен қара көздеріне Күнсұлу сүйсіне де қызыға көз салды. «Қолына ұстатқан жас жазушылардың қолжазбаларын үнемі жоғалтып жіберетін көрінеді. Сөйтсе үйіндегі әжетхана қажетіне жаратады екен – дегенді естігенбіз. Жазушыға жат қылықтары ашылып қап, жұмыстан шығарылыпты дегенді кешелі бері естіп жатырмыз».
– Сұмдық екен. Соған сонша сенгенімді айтсаңшы.
– Өзгелерді өзіндей көру – жан дүниесі кіршіксіз таза жандардың әрекеті.
– Титтей күдік алсамшы ойыма.
– Біздің бөлім бастығымыз Қайырғали Қасенов ағайға кіріп, бір әңгімеңді ұсынсаңшы, – деп Қаламқас әңгіме бағытын басқаға бұрды.
– Ойбай, Қасенов ірі жазушы емес пе? Менің шимай-шатпағымды қайтсін.
– Қателесесің. «Ұлық болсаң, кішік бол» қағидасын ұстанатын кішіпейіл, қарапайым жан.
– Тәуекел, кірсем кірейін.
Есігінен батылсыздана басып енген Күнсұлуды жазушының жылы ілтипаты бірден баурап алды.
– Келіңіз, төрлетіңіз, бұйымтай айта отырыңыз, – деді қаламгер ашық-жарқын сөйлеп.
– Аға, мен проза жазумен айналысушы ем.
– Өте жақсы. Қай салада, кім боп істейсіз?
– Ауылдамын. Мектепте тіл, әдебиеттен сабақ беремін.
– Балаларды оқыта отырып, өзің де оқисың. Мәртебелі мамандық қой мұғалім.
– Бірақ қиындығы басым.
– Иә, адам тәрбиелеу қашан да оңай болмаған.
– Бір әңгімемді ұсынайын деп едім, аға. Сын пікір естігім келеді.
– Оқиын бере ғой.
Күнсұлу ұсынған қысқа әңгімені аяғына дейін оқып, басын оқыс көтерді. Күнсұлу емтихан тапсырып отырған шәкірттей, іштей абыржуда. «Айналайын, сен дайын жазушысың ғой. Жаңа бастап жүрген үміткерлердің бірі ме десем. Бас-аяғы жинақы, оқиғасы нанымды, жып-жылы дүние ғой мынау. Тілің де жақсы екен». – Қашаннан бері жазып жүрсің?
– Мектеп қабырғасынан бастағанмын. Осында университетте оқып жүргенде, өндіре жаздым. Әңгіме, новеллаларым газет, журналдарда жиі басылып тұрды.
– Ә, бәсе, төселіп қалғаның байқалады. Жақсы шығарма тудырудың бірден-бір жолы – оқу, іздену, еңбектену, тағы да еңбектену. Мына әңгімеңді бастырайық, – деп дереу фото тілшіні шақырды. «Мына кісіні суретке түсірші», – деді жұмсақ үнмен.
– Рақмет аға, сау болыңыз, – есікке беттеген Күнсұлуды тоқтатып:
– Сенен жақсы жазушы шығады. Көп жаз. Уақытыңды тиімді пайдалан, – деді тәптіштей түсіп.
– Рақмет аға. Күнсұлудың ақ сары өңі қуаныштан қызыл шырайлана түсіп, құрбысына жолыққанда жазушымен екі арадағы әңгімені тілге тиек етті.
– Құттықтаймын! Сен үшін қуаныштымын! Қайырғали ағай тұсауыңызды кесіп берді. О кісі қарапайым болғанмен, қара қылды қақ жарған әділ. Жазғаны ұнамағандарды турасын айтып, шығарып салады. «Сенен жақсы жазушы шығады» дегенінің өзі неге тұрады. Жолың ашылды деген осы, – деп лепіре сөйлеген Қаламқас өзі жетістікке жеткендей қатты қуанды. «Осындай досым бар мен бақытты шығармын» деген ой Күнсұлуды шаттыққа бөлегендей.

Пікір қалдыру