ӘЙЕЛДІҢ ҰЛЫ МИССИЯСЫ – ҰЛЫ ІСТЕРГЕ ҮН ҚОСУ

 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Дана қазағымыз қыз баласын қашан да қатты құрметтеген, сыйлаған. Бабаларымыздың тәрбие саласындағы қалдырған өсиет, өнегелеріне үңілсеңіз, қыздарға деген құрмет анық айшықталып тұрады. Айталық, халқымыз қызды қонақ деп үнемі төрге шығарған. Оларға оң жақтан орын әзірлеп, сонда жатқызған. Қыз тәрбиесімен анасы, әжесі, жеңгелері айналысқан. «Қызға қырық үйден тыйым, қала берсе қара күңнен тыйым» деп оларды әлібұлыққа жеткенге дейін көздерінен таса етпеген. Барған жерлерінде «көргенді жердің қызы екен» деп алғыс алуы үшін шешелері оларға тұрмыстағы барлық шаруаларды тырнақтайынан үйреткен. Сиыр сауу, қымыз ашыту, нан көму, қамыр илеу сияқты жұмыстардың ешқайсысынан тыс қалдырмаған.
Осы ретте тағы бір тәмсіл еске түседі. Нұх пайғамбардың Хам, Сам, Жаппас деген үш ұлы және Уәсила деген қызы болыпты. Пайғамбар үнемі қызына құрмет көрсетіп, оған мүлде дауыс көтермеген. Қызы да әкесінің қалауын қабағынан түсінетін сұңғыла болып бойжетеді.
Нұх пайғамбар дастархан басында отырғанда үнемі қызын үш ұлынан жоғары, төрге отырғызады екен. Бұл үлкен ұлы Самның көңіліне күдік ұялатады. «Уәсиланың жасы бізден кіші. Неге менен жоғары отыруы керек? Әкеміз бізді алалайды-ау» деп ойлайды.
Бір күні дастархан басында отбасы мүшелері түгел отырғанда:
– Әке! Уәсиланың жасы бізден кіші. Ол неге бізден биік отыруы керек? Отбасында шаңыраққа ие болып қалатын ұлдың орны бөлек емес пе? – деп сұрапты.
Сонда Нұх пайғамбар:
– Біздің ырыздық-несібеміздің көп болуы Уәсилаға байланысты. Құт қызды жағалап жүреді. Оны босағаға отырғызсаң, шамданады. Төрге шығарсаң, қуанады. Орны жайлы болса, дастарханнан ас-тағамды үзбейді. Тұрмысыңды түзейді, – деп жауап берген екен.
Содан бастап Нұх пайғамбардың үш ұлы қарындасын төрге шығарып, құрмет көрсететін болыпты. Үш ұлынан өрбіген ұрпақ бұл жоралғыны сақтап, берік ұстайды. Қазақ арасында «қызды босағаға отырғызба» деген талап-ырымдар осыдан шыққан деседі ғұламалар.
Иә, Жер бетіне тіршілік дәнін себетін аналар қашан да үлкен құрметке ие. Оларды қалай құрметтесек те жарасады. Осы ретте ұлттық дәстүр мен үрдісті дұрыс жолға қоя білген, бабалар аманатына адалдық танытып келе жатқан аналарға бас июіміз керек. Ұлттық дәстүр мен үрдіс дұрыс жолға қойылмай, ұлттық мемлекет қалыптаспайды. Бұл орайда, тіршіліктің көзі, өміріміздің сәні – қыз-келіншектердің қоғамда атқарар рөлі айырықша маңызды.
Қазақ халқының өсіп-өнуі үшін еңбек ету керек, жұмыс істеу керек. Ол үшін жас отбасыларына, өмірге келіп жатқан нәрестелерге қамқорлықты күшейту керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанып отырған саясаты қоғамдағы әйелдердің орнын айшықтап, олардың белсенділігін арттыру. Бұл бағытта мемлекетімізде атқарылып жатқан ауқымды шаралар көп.
Қазақ қыздары алғыр да қабілетті. Қоғам дұрыс қалыптасқан жерде олардың қарым-қабілетін мемлекеттік, отандық экономиканы арттыру, демографиялық ахуалды арттыру, отбасылық құндылықтарды сақтау сияқты өзекті мәселелерге қарай бұру қажет. Қазақ қыздары кез келген тығырықтан шыға алады, кез келген дүниені шырқ үйіріп әкете алады. Тек дұрыс бағыт беру керек. Көпшілік жақсы біледі, бүгінде билік басында қаншама қазақ қыздары ер-азаматтармен бірдей ел тағдырына араласып отыр. Көркем де сауатты, көзі ашық, көкірегі ояу қыз-келіншектер қоғамымыздың бір тірегі болып тұр. Өзімізді қойып, шетелдерде қызмет етіп жүрген қаракөздеріміз қаншама! Қай жерде, қай елде жүрсе де қазақтың ұлттық тәрбиесінің ерекше екенін, қазақ деген ұлттың өте қабілетті екенін дәлелдеп келеді. Олардың ешкімді, ешкімнің тілін жатсынбай, жұмысты білгірлікпен атқаратынын шетелдіктер тамсана айтып жүр.
Жастайынан алғыр болып өсіп, аналарының тәрбиесін бойларына сіңірген қыздарымыз бүгінде бизнес әлемін де бағындырды. Айталық, Түркістан облысының өзінде әйелдердің араласуымен атқарылып жатқан жұмыстар жетіп артылады. Қыз баланың бойтұмары мен абыройын асқақтатып, мына өмірдің базарлы болуына атсалысып жүрген қыздарымыз қашан да мақтанышымыз. Олар туралы қанша айтсақ та, жазсақ та жарасады. Бүгінде Түркістан облысында құрылған «Әжелер алқасы» қоғамдық ұйымы қыз балалардың тәрбиесімен айналысса, басқа да қоғамдық бірлестіктер әйелдер басқаратын ұжымдардың жандануына үлес қосып келеді. Біздің қазақ қыздары ер-азаматтарының көлеңкесінде жүріп-ақ отбасының дұрыс қалыптасуына атсалысады, бала тәрбиесін мойындарына ала жүріп, қастерлі қызметтерден де шет қалып жатқан жоқ. Қазір дәрігерлердің, мұғалімдердің 70-80 пайызы қыз-келіншектер. Облыстық әкімшілік пен мәслихатта отырған қыз-келіншектеріміз қаншама. Бұдан бөлек, түрлі басқармаларда басшылық жасап отырған қыздарымыздың көштері түзу, жұмыстарынан мін таппайсыз. Оларды қоғам да, басқалар да жылы қабылдайды.
Түркістан облысы – демографиялық өсім жағынан көрсеткіші жоғары аймақ саналады. Көп балалы аналардың басым бөлігі Түркістан облысында тұрады. Сондықтан ана мен бала құқығын қорғау, ардақты аналардың жан-жақты дамуына жағдай жасау үлкен міндет ретінде қарастырылған.
Облысымыз жаңа туған нәрестелер саны бойынша да республикада көшбасшы болып отыр. Жыл сайын республикамызда дүниеге келетін 400 мыңнан астам баланың әрбір жетіншісі Түркістан облысында туады екен. Айталық, 2023 жылы облыста 54498 сәби дүние есігін ашқан.
Қазіргі таңда Түркістан облысында 183 мыңнан аса көп балалы ана есепте тұрады. Солардың ішінде 17 мыңнан аса «Алтын алқа» иесі, 43 мыңнан аса «Күміс алқа» иесі бар. Олар бүгінгі Жаңа Қазақстанның саналы ұрпақтарын өсіріп жатыр.
Түркістан облысында әйелдер қауымы кәсіптің барлық салаларында жемісті еңбек етіп жүр. Облыс көлемінде шамамен 213020 кәсіпкер болса, соның 68000-ға жуығы қыз-келіншектер. Олар шағын және орта бизнеске басшылық жасап отыр.
Статистикаға сәйкес шағын және орта бизнес өкілдерінің 31,9 пайызы әйелдер. Яғни, Түркістан өңірінде жұмыс жасайтын әрбір үшінші кәсіпкер қыз-келіншек деген сөз.
Былтырғы қараша айында Түркістан қаласында әйелдердің кәсіпкерлігін қорғау мақсатында еліміздегі алғашқы «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» құрылды. Орталықтың мақсаты кәсіпкер әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту, бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау. Бүгінде осы орталыққа барып жүгінетін қыз-келіншектердің қарасы көбейді. Олар орталықтың көмегімен өз кәсіптерін дөңгелетіп жүр.
Бүгінге дейін орталыққа 2000-нан астам кәсіпкер және кәсіпкерлік бастама көтерген әйелдер, бастаушы стартаперлер кеңес алу үшін жүгінген.
Қазіргі жағдай бойынша Түркістан облысындағы 5658 мемлекеттік қызметкердің 1564-ін немесе 27,3 пайызын нәзік жандар құрайды. Соның ішінде 249-ы немесе 15 пайызы басшы қызметте. Осыдан-ақ әйелдердің қоғамдағы орындары анық байқалады. Бүгінгі қазақ қыздары бизнестің барлық саласын жақсы меңгерген. Сонымен қатар олардың табысы, мемлекетке тигізіп жатқан пайдасы ер-азаматтармен деңгейлес. Қазір құрылыс саласында да айтарлықтай табысқа қол жеткізген қыздар баршылық. Олар құрылыстың сан қилы салаларына басшылық жасайды. Демек құрылыс саласының қыры мен сынына әбден қанық. Бұрын осы саланың есеп-қисап, бухгалтерия және басқа жеңіл жұмыстарымен ғана айналысатын әйелдер қазір барлық жұмыстарды ұршықша иіреді. Айталық, Кентау қаласындағы трансформатор зауытында екі мыңдай маман жұмыс істесе солардың 40 пайыздайы қыз-келіншектер. Олар бұл саланы да жақсы меңгерген.
Түркістан облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Инара Намазбаевамен гендерлік саясат, бизнесте жүрген қыз-келіншектердің қазіргі хал-жағдайы туралы әңгімелескенбіз. Ол бізге бірқатар мәлімет берді.
Таяуда Астана қаласында өткен республикалық «Қайырымдылық керуені ІІ» байқауына «Шапағат» қорының төрағасы Еркінбай Шалтан қатысып жүлделі ІІ орынды иеленсе, Ақмарал Ғаниқызы Алғыс хатпен марапатталған. Сапарға Түркістан облысы Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Инара Намазбаева мен мүшелері қатысып қайтыпты.
Әр айдың сенбісінде Іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері Динора Cаитова «Қаражатты жоспарлау» тақырыбында тренинг жүргізсе, экономика ғылымдарының докторы, Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің вице-президенті Шолпан Есімованың спикерлігімен «Тайм –менеджмент, уақытты басқару» тақырыбында семинар-тренинг өткізіледі.
8-наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері Бибімариям Тұрмаханова, Әмина Қыдырбаева «Аманат» партиясы Түркістан облысы филиалының төрағасының Алғыс хатымен марапатталды.
Іскер әйелдер қауымдастығы елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты «Біз біргеміз!» хештегі аясында жалғызілікті аналарды бір реттік азық-түлікпен қамту мақсатында 25 отбасыға көмек көрсетті. Іскер әйелдер өз қаражатымен азық-түлік себеттерін әзірлеп, өздері таратыпты.
Аталған төтенше жағдайға байланысты «Үйден шықпаңыз!» челленджіне әйелдер қауымы атсалысып, бір-біріне эстафета жолдаған.
Түркістан облысы бойынша Іскер Әйелдер қауымдастығының мәжіліс залында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған баспасөз конференциясы өткізілді. Онда Президент қоры ұйымдастырып отырған дәстүрлі республикалық «Қайырымдылық керуені ІІІ» байқауының ережелері мен шарттары түсіндірілген. Спикерлер Түркістан облысы бойынша Іскер Әйелдер қауымдастығының төрайымы Инара Намазбаева мен «Жас қанат» көшбасшысы Насиба Атаева байқауға қатысты ақпараттар берді.
БҰҰ-ның қолдауымен жыл сайын «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық акциясы өткізіліп келеді. Бұған түркістандықтар да үзбей атсалысады.
25-қараша – Дүниежүзілік әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою күні. Осы күні Түркістан облысы Іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері ЗУМ арқылы видеоконференцияға қатысып, көптеген мәселелерді бірлесіп талқылады.
Ал 1-желтоқсан – Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні акциясына Түркістан облысы Іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері ЗУМ арқылы видеоконференцияға қатысып, аты жаман аурудан сақтану жолдары түсіндірілген. Осы орайда еркектердің әйелдерге көрсететін зұлымдықтарының алдын алу мәселесі де сөз болған. Тазалық мәселесі де күн тәртібінен түскен емес.
Осыдан 35 жыл бұрын, 1985 жылы БҰҰ Бас ассамблеясында Халықаралық экономикалық және әлеуметтік даму еріктілері күні ресми түрде құрылды. Іскер әйелдердің құқықтарын талқылауға арналған конференцияға Іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері белсенділікпен қатысты.
10-желтоқсан – Дүниежүзілік адам құқығы күнін осыдан 70 жыл бұрын, 1950 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы ресми түрде бекітті. Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық мәселесіне қатысты Онлайн конференцияға Іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері қатысып, ойларын ортаға салды.
Түркістан облысының Іскер әйелдер қауымдастығы Жетісай мен Қазығұрт аудандарында болып, сол өңірдің іскер әйелдерімен кездесу өткізді. Жетісай ауданындағы басқосуға мақтааралдық қыз-келіншектер де қатысты. Қазығұрт аудандық «Жастар ресустық орталығында» жалғасын тапқан жиынға Шымкент қаласының «Әйелдер күші Альянсының» төрайымы Құралай Бекенова мен Түркістан облысы бойынша Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Инара Намазбаева және қауымдастық мүшесі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің жанынан құрылған «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері Гүлзия Қарсыбай қатысып, жобалық кеңсемен атқарылған жұмыстар мен тұрмыстық жемқорлықты жоюға бағытталған бірқатар жобалардың жүзеге асырылу барысын баяндап, қоғамда парасаттылық құндылығының қалыптасуы – ел ертеңінің іргетасының берік қалануына ықпал ететінін атап өтті. Кездесу аясында көп балалы аналар мен кәсіпкерлік саласында еңбек етіп жүрген нәзік жандыларды қауымдастық мүшелігіне енгізуге қатысты әңгіме өрбіді. Сұрақ-жауап пен пікір алмасу аясында кездесу қорытындыланды.
Түркістан облысының іскер әйелдер қауымдастығы мүмкіндігі шектеулі 83 балаға қуаныш сыйлады. Аяз Ата, Ақшақар, әртүрлі ертегі кейіпкерлерімен бірге балалардың үйлеріне барып, тәтті сыйлықтар үлестірді.
Түркістан облысы бойынша Іскер Әйелдер қауымдастығының бір жылға жоспарланған іс-шараларды бекіту, қауымдастықтың жаңа мүшелерімен танысу мақсатында өткізілген кезекті жиналыста төмендегі мәселелер қарастырылып, шешім қабылданды:
– Түркістан облысы Іскер Әйелдер қауымдастығы төрайымының орынбасарларын қайта тағайындау;
–Түркістан облысы Іскер Әйелдер қауымдастығының басшылық құрамын анықтау;
– Түркістан облысы Іскер Әйелдер қауымдастығының атқарушы директорын тағайындау.
Жиналыс түсіністік жағдайында өтіп, дұрыс таңдау жасалынған.
Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында аймақтың дамуына үлес қосып, түрлі салада қызмет етіп жүрген іскер әйелдер қауымын қабылдады. Жалпы Созақ ауданында да іскер әйелдер көп. Олардың жасаған қайырымдық шаралары Қаратаудай биік.
Аудандағы алқалы басқосуда Түркістан облысы іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Инара Намазбаева ыстық тілегін жеткізіп, аудан көлемінде игі істің ұйытқысы болып жүрген кәсіпкер Бибімария Тұрмахановаға Іскер әйелдер қауымдастығының «Еңбегі жанған арулар» медалін табыс етті. Сондай-ақ Бейсенова Шәкизат, Байсалова Линда, Әленова Тұмаркүл, Сұлтанова Гүлнұр сынды іскер ханымдарды Алғыс хатпен марапаттады.
Жыл сайын 8-наурыз – халықаралық әйелдер күні қарсаңында Түркістан облысы бойынша Іскер Әйелдер қауымдастығы мерекелік кеш ұйымдастырады. Осы кеште қауымдастықтың «Жас қанаттар» құрамына жаңа мүшелер лек-легімен қосылды. Іскер әйелдер қатары жастармен толығып келеді.
Жуырда Түркістан облысы іскер әйелдер қауымдастығы «Key Partners Consulting» компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесуде компания сарапшысы – «Key Partners Consulting» ЖШС басқарушы серіктесі, кәсіби сертификатталған бизнес және халықаралық деңгейдегі командалық коуч, жаттықтырушы, «Стандарт Лайф» сақтандыру компаниясының тәуелсіз директоры Жанар Қайранова өз тәжірибесін ортаға салып, «Бақытты бизнес-леди», «Ана болу – өнер!» сынды бағдарламаларды жан-жақты түсіндірді.
Сонымен бірге түркітанушы, лингвист, ҚазҰУ PhD докторанты, сертификатталған коуч, жаттықтырушы Гүлжазира Қанаша эмоцияны басқару және адамның өзін-өзі бақылаушы ретінде жасайтын тиімді әдіс-тәсілдері туралы ойларын ортаға салды.
Түркістан облысы бойынша Іскер Әйелдер қауымдастығы және осы қауымдастықтың мүшесі Шынар Рысбекова ханым басқарған A.Q.ORDA зияткерлік мектебімен бірлесе отырып Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Түркістан аумақтық балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-сі мекемесінде балалармен танысу және қолдау көрсету кеші ұйымдастырылды. Наурыз мерекесі қарсаңында арнайы дайындалған концерттік бағдарлама көрсетілді, мерекелік дастархан жайылды.
Сонымен қатар Түркістан облысы іскер әйелдер қауымдастық мүшелері Қазақстан Іскер Әйелдер Қауымдастығының Президенті Раушан Сәрсенбаева ханыммен кездесу өткізілді. Кездесу барысында «Менторинг», «Мастермайнд» бағдарламалары бойынша есеп берілді. Сондай-ақ мамыр айына жоспарланған Түркістан қаласында өтетін «Қайырымдылық керуені», «Еңбегі жанған арулар» жобаларына қатысты мәліметтер айтылды.
Түркістан қаласындағы Оқушылар сарайында Балалар жылына байланысты «Бақытты балалық шақ» атты сурет салу фестивалі өтті. Осы фестивалға Түркістан облысы Іскер Әйелдер Қауымдастығы демеушілік көмек көрсетті. Атап айтқанда, оқушыларға түрлі-түсті бояулар, қаламдар және басқа да құрал-жабдықтар тегін таратылды. Ашық аспан астында өткізілген «Сурет салу» байқауы балалардың дамуына, шығармашылығына үлкен пайда әкелгені анық. Қала бойынша әр мектептен келген дарынды балаларға Еуразиялық Дизайнерлер одағының мүшесі Омар Базарбайұлы, ХҚТУ Бейнелеу өнер кафедрасының магистр оқытушысы Нұржан Ержанұлы, Түркістан қолөнер мектебі сурет пәнінің мұғалімі Сейфолла Бақтиярұлы және «Оқушылар сарайы» сурет үйірмесінің жетекшісі Мұрат Нұрмағанбетұлы қазылық етті.
Таяуда Түркістан қаласында Түркістан облысы әкімшілігінің қолдауымен және Қазақстан Іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен «ЕҢБЕГІ ЖАНҒАН АРУЛАР» Іскер әйелдер форумы өткізілді.
Форумның негізгі мақсаты – Қазақстанда жұмыс істейтін әйелдердің мәртебесін көтеру, жұмыспен қамту және кәсіпкерлік саласын дамыту саясатын іске асыру, қоғамдағы масылдық мінез-құлықты жою үшін Түркістан облысының әйелдерін біріктіру.
Форумда Қазақстан Іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсенбаева құттықтау сөз сөйледі. Ол елімізде гендерлік саясат барынша жақсы жолға қойылғанын айта келіп, нәзік жандыларға жан-жақты қолдау көрсетіп отырған мемлекетімізге алғыс білдірді.
«Балаларды қорғау күні» – балалардың көңілін көтеру ғана емес, барлық балалардың бақытты болып өсуі, оқуы, сүйікті ісімен айналысуы және болашақта өз елінің саналы, адал азаматтары болып өсуі бағытындағы арнайы іс-шаралар өткізілетін күн. Сондықтан балалардың құқығын қорғауға арналған іс-шаралар үнемі өткізіліп тұруы керек. Әр сәбидің тағдыры ерекше. Әр бала үлкендер тарапынан жылы сезім, мейірім күтеді. Сондықтан, бұл күн қуаныш сыйлайтын мерекелердің бірі. Осыны ескерген қауымдастық мүшелері әр балаға шаттық сыйлауға тырысты.
Мереке күндері Түркістан облысы Іскер Әйелдер Қауымдастығының мүшесі, «Балғын» балалар бақшасының меңгерушісі Айсұлу Мизамбайқызы талантты биші қыздарымызбен бірге «Тұран» телеарнасына шақырту алып, кішкентай бүлдіршіндеріміз «Түрік» биін орындады, өз өнерлерін Түркістан облысының халқына паш етті.
Бүлдіршіндердің мерекесіне орай «Балғын» балабақшасында ересек топтар мен ортаңғы топтар арасында тәрбиеші Э. Мырзақаева «Ашық аспан астында» деп аталатын асфальт үстіне сурет салу сайысын өткізді.
4 маусым – Қазақстан Іскер Әйелдер қауымдастығының 25 жылдық мерейтойы. Астана қаласында өткен «Еңбегі жанған арулар» атты ауқымды шараға Түркістан облысы іскер әйелдер қауымдастығынан 10 делегация қатысып қайтты.
23-25 маусым аралығында Бангкок қаласында (Таиланд) өткізілген Жаһандық әйелдер саммитіне Түркістан облысы бойынша Іскер Әйелдер Қауымдастығының төрайымы Инара Намазбаева және қауымдастық мүшелері Баян Балкен мен Насиба Атаева қатысты. Кәсіпкерлік саласында еңбек етіп жүрген әлем әйелдері өзара тәжірибие алмасып, әркім өз елінің кәсіпкерлік саласын дамытуға қосқан үлесін ортаға салды. Делегация мүшелері туған жерге оралған соң облыстағы іскер әйелдерді жинап, көрген-білгенін әңгімелеп берді. Мұның өзі іскер әйелдерге үлкен шабыт берді.
Қандай да бір жақсы істі көпшілікке тарату және іс-тәжірибе бөлісу үшін бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қатынаста жұмыс істеу де өте маңызды. Осы мақсатта Түркістан облысы Іскер Әйелдер қауымдастығының бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз конференциясы өткізілді. Онда Президент қоры ұйымдастырып отырған дәстүрлі республикалық «Қайырымдылық керуені V» байқауының ережелері мен шарттары түсіндірілді. Спикерлердің бірі, Түркістан облысы Іскер Әйелдер қауымдастығының Жас қанат көшбасшысы Насиба Атаева байқауға қатысты ақпарат берді.
Осы шаралар одан әрі жалғасын тапты. Түркістан облысы Іскер әйелдер қауымдастығының белсенді мүшелері Мөлдір Ділдабаева мен Ұлжан Шилібекова түркістандық қыздарға арналған «Көшбасшылық мектебі» аясында қолға алынған жобаға сәйкес сессия өткізді. Қыздарға жан-жақты мағлұмат берілді. Мазмұнды өткен сессия ҚР Акпарат және қоғамдық даму министрлігі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдері істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Tomiris» көшбасшы әйелдер бағдарламасы аясындағы жоба болатын.
Мұнан кейін Түркістан облысы іскер әйелдер қауымдастығы Алматы қаласында өткен Сыртқы экономикалық қызмет тақырыбына арналған пайдалы да мазмұнды тренингке қатысты. Жаңа білім мен жаңа бастамаларға жол ашқан жоғары деңгейде өткен тренингке б облыстық қауымдастықтан Әмина Қыдырбаева, Гузал Сұлтанғалиева, Мөлдір Ділдәбаева қатысып, үлкен әсермен оралды.
Түркістан облысы Іскер әйелдер қауымдастығының белсенді мүшесі, «Top Tobe» кешенінің директоры Индира Қуатова ханымның бастауымен және Түркістан облысы Іскер әйелдер қауымдастығының қолдауымен оқушыларға арналған жаңа жылдық кеш өткізілді. Осы іс-шараға қаладағы ең таңдаулы білім шаңырақтарының бірі – Некрасов атындағы мектеп-гимназияның 60 үздік оқушысы (оның ішінде әлеуметтік картаға енген көп балалы, аз қамтылған, толық емес отбасыдан шыққан) оқушылар мен мен дағдарыс орталығына қарасты балалар қатысты.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Түркістан облысы Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Намазбаева Инара Әбдіғаппарызы бастаған топтың белсенді мүшелері акция ұйымдастырды. Жылдағы дәстүр бойынша үйде оқытылатын ерекше жағдайдағы 85 балаға жаңа жылдық сыйлық үлестірілді. Іскер ханымдар бір сәтке Қарша қыздың роліне еніп, Аяз атамен бірге әр баланың үйінің есігін қағып, қуаныш сыйлады. Айта кеткен жөн, мұндай акцияны Іскер әйелдер қауымдастығы биыл бесінші рет қолға алып отыр. Өздері демеушілік жасап өткізетін шаралар ауқымын алдағы уақытта кеңейте түсуді көздейді.
Желтоқсан айында Қазақстан Іскер Әйелдер Қауымдастығының 25 жылдық мерейтойына орай Тараз қаласында «Еңбегі жанған арулар» форумы өткізілді. Форумға Түркістан облысы Іскер Әйелдер Қауымдастығының төрайымы Инара Намазбаева мен Түркістан облысы Іскер Әйелдер Қауымдастығының «Жас қанат» көшбасшысы Насиба Атаева, қауымдастық мүшелері Әмина Қыдырбаева, Шынар Рысбекова, Ақмарал Ғаниқызы және Мөлдір Ділдәбаева қатысты.
Ауқымды шараға Қазақстан Іскер әйелдер қауымдастығының Президенті Раушан Сәрсембаева арнайы қатысып, елімізде қыз-келіншектер күшімен атқарылып жатқан оңды істерге тоқталды. Мерекелік шара барысында белсенділер марапатталып, 25 жыл көлемінде атқарылған жұмыстарға қатысты бейнеролик көрсетілді.
Сонымен бірге Түркістан қаласында да «Еңбегі жанған арулар» форумы өткізілді. Шарада оңтүстік өңірде кәсіпкерлік саланы дамытып жүрген нәзік жандылар бас қосты. Бүгінде еліміздің экономикалық салада алға жылжуына серпін беріп жүрген кәсіпкерлердің еңбегін атап өткен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев форум қатысушыларына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ ауқымды форумға Қазақстан Іскер әйелдер қауымдастығының Президенті Раушан Сәрсембаева арнайы қатысып, құттықтау сөз алды. Бірқатар іскер ханымдарға «Еңбегі жанған арулар» төсбелгісі мен Алғыс хатын табыстау рәсімі өтті.
Жаңа жыл мерекесіне орай Түркістан облысы іскер әйелдер қауым­дастығы демеушілік көрсетіп, 80 балаға арналған кеш ұйымдастырды. Әлеуметтік жағдайы төмен және мүмкіндігі шектеулі балаларға «Бауырсақ» дәмханасында ақ дастарқан жайылып, мерекелік көңіл-күй сыйланды.
Түркістан облысы іскер әйелдер қауымдастығының 2023 жыл көлемінде атқарған жұмыстары ауыз толтырып атап өтуге тұрарлық. Іскер әйелдер қауымдастығының құрамында сан салада еңбек етіп жүрген нәзік жандылар бар. Құрамы үнемі толығу үстінде, бүгінде олардың саны 60-қа жуықтады. Қыз-келіншектермен айына бір рет мәжіліс өткізіліп, алдарында атқарылатын жұмыстарды тұрақты түрде пысықталып отырады екен. Осы мақсатта жыл басында жылдың алғашқы мәжілісі өткізілген.
Мұнан кейін қауымдастық мүшелерімен бірге Астанадағы «Акбар» ауыл шаруашылығы кооперативінің директоры Қожанова Раушан Қалисаттарқызымен кездесу өткізілді. Шарада мастермайнд жобасы талқыланып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды.
«Жас қанат» мүшесі Әбу Гүлмарал бүгінде жеке кәсіпкер. Ол жартылай фабрикатталған өнімдер шығарумен айналысады. Ол жас кәсіпкер қыздарды жинап, мастермайнд жобасы бойынша өзінің кәсібінің даму жолын түсіндіру мақсатында кездесу өткізді.
Жыл сайын өткізілетін Республикалық «Қайырымдылық керуені V» байқауына Түркістан облысынан ерікті Әсел Бимырзаева қатысып, «Армандар орындалады» жобасы бойынша «Мейірім жолында» санаты бойынша үздік деп танылды. Астана қаласында өткізілген салтанатты жиында марапатталды. Сондай-ақ Түркістан қаласы әкімдігінде арнайы мәжіліс ұйымдастырылып, осы байқауға өтінім жіберген 23 үміткерге Алғыс хат табысталды.
«Жас қанат» көшбасшысы Динара Қалыбекованың бастамасымен Халықаралық әйелдер мерекесіне орай қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу мақсатында қаланың тазалық жұмыстарымен айналысатын әйел-аналарды құттықтап, тосын сый ретінде сыйлық үлестірілді.
Бастама мұнымен де шектелмей, Халықаралық әйелдер мерекесіне орай Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен өткен «Әлемнің жарығы – ана» іс-шарасына қауымдастықтың бірқатар мүшесі салтанатты жиынға қонақ ретінде қатысты.
«Жас қанат» мүшесі Асылзат Әбілашқызы мастермайнд жобасының нәтижесінде Түркістандағы ірі сауда үйі «Ханшайым Плаза» кешенінен «Аsyl home» атты қыз жасауын сататын әмбебап дүкен ашты. Бүгінде сұранысқа ие заттарды тұтынушылар осы дүкеннен көптеп алып жатыр.
Қазіргі таңда қауымдастық құрамындағы мүшелер әрқайсысы өзіне жақын бағыт бойынша жұмыстар атқаруда. Солардың бірі – Мөлдір Маратқызы. Бүгінде Y-Perr жобасы бойынша мектептерді аралап, көшбасшылық қабілеті бар жастармен сәуір айынан бері бірнеше тренинг өткізген.
Осы қауымдастықтың мүшелері әркез қайырымдылық шараларына да белсене атсалысып келеді. Атап айтсақ, Абай облысына қарасты «Семей орманы» алқабында орын алған төтенше жағдайға байланысты қауымдастық мүшелері тарапынан 173 333 теңге жиналып, қорға аударылды.
Іскер әйелдердің кәсіптік бағытын дамыту аясында қаламызға келетін қонақтарды қауымдастық мүшелерімен таныстыру үрдіске айналған. Осы мақсатта Түркиялық ясауитанушы Доктор Сонмез Фатмамен кездесу өтті. Басқосуда Түркістанды туристік қалаға айналдыру мақсатындағы бірқатар жоспарлар және Түркия мен Түркістан қаласының арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту мәселесі талқыланды.
Былтыр күзде «Мектепке жол» акциясы аясында іскер әйелдер қаржы жинап, 25 балаға мектепке қажетті құрал-жабдықтар алып, үлестерін қосты. Акцияға қатысқан ата-аналар қауымдастық құрамына алғыстарын білдірді.
Алматы қаласында өткен V Еуразиялық Саммитке Түркістан облысы іскер әйелдер қауымдастығы атынан 15 кәсіпкер ханым қатысып, екі күндік шарадан мол тәжірибе жинап қайтты.
«Алатау медиа» орталығында жыл сайын өткізілетін «Қайырымдылық керуені VІ» республикалық байқауын өткізу жөнінде ақпарат өкілдеріне арналған брифинг ұйымдастырылып, байқаудың ережелері мен шарттары түсіндірілді.
Қауымдастық құрамы өздерін әр салада белсенді түрде көрсету бағытында Түркістан қаласыда орналасқан №3 облыстық перениталды орталыққа барып, ауласына 40 дана шырша ағашы мен 50 дана көп жылдық хризантема гүлін отырғызды. Іскер әйелдердер тарапынан жиналған қаражатқа алынған ағаштарды егуге орталықтың ұжымы да атсалысты. Араға аз ғана уақыт салып, қауымдастық мүшелері Қазақстанның статистикалық санағы бойынша осы орталықта дүниеге келген еліміздің 20 миллионыншы сәбиінің анасын құттықтап барды. Іскер әйелдердің жинаған қаражатына сәбилерге қажетті жабдықтаралынып, аналарына гүл шоқтары табысталды.
Былтыр республикалық «Еңбегі жанған арулар» форумы Түркістан қаласында өткізілді. Шараға Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Біргебайқызы, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, Республикалық «Жас қанат» қозғалысының көшбасшысы Зарина Жұмабекқызы, Шымкент және Қызылорда облыстарындағы іскер әйелдер қауымдастығының төрайымдары мен мүшелері қатысты. Шара барасында облысқа еңбегі сіңген ханымдар мен қарапайым еңбек адамдары «Еңбегі жанған арулар» төсбелгісімен наградталды.
Қауымдастықтың белсенді мүшесі, «Top Tobe» кешенінің директоры Индира Қуатованың бастамасымен және қауымдастықтың қолдауымен оқушыларға арналған жаңа жылдық кеш өткізілді. Шараға қаладағы бірнеше мектептің үздік оқушылары (оның ішінде әлеуметтік картаға енген көп балалы, аз қамтылған, толық емес отбасыдан шыққан) және дағдарыс орталығына қарасты балалар да қатысты. Оларға жиналған қаражатқа алынған тәттілер үлестіріліп, ертегі кейіпкерлерінің қойылымдары ұсынылды.
Жаңа жыл қарсаңында Түркістан облысының іскер әйелдер қауымдастығы жылдағы дәстүрге сәйкес үйде оқытылатын ерекше балаларға «Балаларға базарлық» акциясын өткізді. 25 желтоқсанда өткізілген қайырымдылық акциясына Түркістан облысы мәслихаттының бірнеше депутаты да үлес қосты. Демеушілер тарапынан жиналған қаржыға 75 балаға тәттілер мен копилкалар берілді. Түрлі шағын аудандарында тұратын балалардың үйіне 4 топқа бөлініп, Аяз ата мен Қарша қыз, қауымдастық мүшелері барып құттықтады.
Жаңа жыл қарсаңында қауымдастықтың жаңа жылдық отырысы өтті. Мерекелік басқосуда ілкімді істер атқарған ханымдарға «Еңбегі жанған арулар» төсбелгісі табысталып, бірқатары Алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ, жыл қорытындысы шығарылып, келесі жылға жоспар құрылды.
Қалай дегенде де түркістандық іскер әйелдер қауымдастығы айта қаларлықтай жақсы істердің ұйытқысы болып жүр. Мұнымен бірге іскер ханымдар облыс, қала көлемінде өтетін мәдени-рухани, кәсіпкерлік бағытта ұйымдастырылатын шараларға белсенді қатысып, сан қырынан жарқырай көрініп жүр. Алдағы уақытта да қауымдастық жоспарында атқарылар жұмыс көп. Олардың да өз дәрежесінде орындалатынына сенім мол.
Тек Түркістан облысы ғана емес, өңірдің барлық аудан, қалаларында да гендерлік саясатты жүзеге асыру, оның ішінде іскер әйелдерді қолдау, оларды басшылық қызметтерге жоғарылату бағытында атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Мұның ішінде демография мәселесі де назардан тыс қалмайды. Солардың бірқатарына тоқталып өтейік.
Демография – кез келген мемлекет үшін маңызды мәселе. Өйткені қай мемлекеттің де дамуына халық саны тікелей ықпал етеді. Еліміз қазіргі жер көлемін толық игеру үшін халық саны кемінде 50 миллион тұрғынға жетуі керек. Бұл үшін арнайы саясат жүргізіліп, көпбалалы аналарды қолдауға арналған түрлі бағдарламалар қабылдануда.
Еліміздің демографиясын көтеруге Мақтаарал ауданының көп балалы аналары белсенді атсалысып жатыр. Қазіргі таңда ауданда көп балалы аналардың саны 11 мыңнан асып жығылады.
Жақында аудан әкімі Бақыт Асанов аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында бір топ көп балалы анаға «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» наградаларын табыстады. Жыл басынан бері 44 ана «Алтын алқа», 156 ана «Күміс алқа» наградасын алған. Жалпы ауданымызда 704 «Алтын алқа», 1410 «Күміс алқа» иегері бар. Бұдан бөлек, 88 ана «Батыр ана» атағын алып, 136 ана «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған.
«Ауданымызда жыл сайын 3 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Жалпы, республика көлемінде демографиямызды көтеру ісінде мақтааралдық көп балалы аналардың үлесі басым. Көп балалы аналарға берілетін жәрдемақылар да жыл сайын көбеюде. Барлығыңызды бүгінгі марапттарыңызбен құттықтаймын. Өсіріп жатқан ұл-қыздарыңыз еліміздің көк туын желбірететін үлкен азаматтар мен азаматшалар бола берсін!» – деді Бақыт Насырханұлы.
Айта кетейік, елімізде «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға табысына қарамастан ай сайын 6,4 АЕК көлемінде мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
Жуырда халқымыздың қанында бар қайырымдылық қасиеттің тағы бір жарқын көрінісіне куә болдық. Аязхан Қалыбеков ауылдық округіне қарайтын Үлгілі ауылында демеушілер жалғызілікті анаға баспана салып берді. Ауыл тұрғындары атсалысып, үш айда тұрғызылған баспана кілті төрт баланың анасы Палданай Жұмабековаға табыс етілді.
Баспана кілтін табыс ету шарасында Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков сөз сөйлеп, ауыл азаматтарының қайырымды ісіне ризашылығын білдірді, үйдің құрылысы сапалы жүргізілгенін айтты.
Палданай апа жұбайы Қалмахан Сәбитов өмірден өткен соң төрт баласымен жесір қалады. Жалғызілікті анаға төрт бірдей баланы жетілдіру оңайға соқпайды. Оның үстіне, Палданайдың жеке баспанасы жоқ еді. Енді міне, қайырымды, іскер азаматтардың қолдауымен жаңа үйге кіріп отыр. Үйдің іші кең әрі жарық, жайлы. Қонақ күту залына үй жиһаздары қойылған. Оны да демеушілер сыйға тартты.
Менің отбасылық жағдайымды ескеріп, жәрдем қолын созған барлық ауылдастарыма айтар алғысым шексіз. Жүрегі жұмсақ, қолы ашық, жомарт жандардың жанашыр пейіліне дән ризамын. Ол кісілерге Алла разы болсын! -деді көп балалы ана Палданай.
Жалғызілікті ана мен төрт баласына қуаныш сыйлаған қайырымды жандарға ауыл ақсақалдары алғыс айтып, баталарын берді.
Сауапты істі қолға алып, ұйымдастырған ауыл азаматтары – ағайынды Құрманбек және Жеңіс Тәженовтерге, Нұрғали және Ғани Қалыбековтерге жұртшылық ризашылық білдіріп, алғыстарын жаудырды.
Бұл игі бастама басқа да ауыл азаматтарына ой салып, тұрғындардың ауызбіршілігі мен ынтымағын жандандыра түседі деген ойдамыз.
Мақтаарал, Жетісай аудандарының құрметті азаматы, ақын Пердеш Есенбеков жерлестерінің осы игілікті ісіне қуанып, жыр арнады.
Ал,Элеонора атты кәсіпкер келіншек өз кәсібін дөңгелетіп, бұл салада айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп келеді. Жуырда Бәйдібек ауданына арнайы барып, оның жұмысымен таныстық.
Элеонора Ағабекқызының Шаян ауылындағы тігін цехына келсеңіз өзіңізді руханият әлеміне келгендей сезінесіз. Қабырғаларға жағалай ілінген көрнекті де әсем безендірілген қанатты сөздер еріксіз баурап алады. Алғашында келген шаруаңызды ұмытып кете жаздайсыз.
Мінеки, қараңыз. «Ұстаның бізі сүйкімді, Жақсының сөзі сүйкімді», «Астыңда дөненің болғанша, Қолыңда өнерің болсын», «Қарап отырма, бір нәрсеге жарап отыр», «Адам үшін ең алтын қазына — еңбек ете білу!» Осылай жалғасып кете береді. Расында, өнеге аларлық асыл сөздер емес пе? Бұлар әркімнің-ақ алдынан сәуле шашар шамшырағыңдай бағыт-бағдар беретін, жігерлендіретін өсиет-өнеге. Элеонораның осы ұтымды ұмтылысы бізге де ұнады. Әрбір бастаманың, ізгі қадамның белгілі бір бастаудан бағыт алатыны белгілі. Сөйлесе келіп, цех иесінің бұл жұмысты кітап саудасынан бастағанын білдік. Руханият әлемінің көш басында тұратын кітап әлемі оны да жастайынан қызықтырған. Кәсібімен айналыса жүріп көптеген кітап оқыпты. Мұның өзі көркем келіншектің жан сұлулығын байыта түскен.
Таңырқайтын ретіміз бар екен. Мұнда жаңа технологиялармен де таныса аласыз. Айталық, текстиль өнімдері қалдықтарынан жүн шығаратын аппарат-станок бұрын біздің көрмеген бұйымымыз. Ал, тап осы қалдықтарды басқа қалаларда тау қылып өртеп жататынын талай көргенбіз. Элеонора аппаратты іске қосты. Ешқандай да ыс немесе шаң сыртқа шықпайды. Қалдықтар туралып, өңделіп, қанар қапқа кәдімгі жүн болып түсіп жатыр. Тап осы жүнді жастық үшін пайдаланады екен.
– Бұл экологиялық жағынан таза. Жұмсақ әрі жайлы. Жұпар иіс шашып тұратын қасиеті бар, – дейді біздің күмәндана қараған кейпімізді қалт жібермеген кәсіпкер келіншек.
Ол осы аппарат-станокты шетелден 15 миллион теңгеге алдырған. Ал көрпе қабатын станокты 2,7 миллион теңгеге сатып алыпты. Бұдан тыс кестелеу машинасына 1 миллион теңге жұмсапты. Цехта осы техникалармен қатар мақта түтетін станок та тұр. Кәсіпкер келіншек мұны кезінде 1,5 миллион теңгеге алдырғанын айтып өтті. Сондай-ақ, мұнда 4 тігін машинасы зырылдап жұмыс істейді.
Бес адамды жұмыспен қамтыған шағын цехта бүгінде қыз жасауы дайындалады. Көрпе, жастық, жамылғы, тағы басқа күнделікті тұрмысқа қажет бұйымдар қабат-қабат жиналып тұр. Бұдан бөлек осы цехта ұлттық киімдер тігіледі. Шапанға жапсырылатын ою өрнектеледі. Ою демекші, олардың да бірнеше түрі бар. Әрқайсысын өз атауымен көрнекі етіп іліп қойыпты. Солардың ішінде «Қазтаяқ», «Үкібас», «Бұлақ», «Бөріқұлақ», «Қарлығаш», «Маралмаңдай» атты ою түрлері өзіндік өрнектерімен ерекшеленеді. Әр оюға қарап тұрып, ойға батасыз. Бағзы заманда өмір сүрген әжелеріміздің қиял қанатының кеңдігіне таңдай қағасыз. Әр оюдың атауына сай айтары да жеткілікті. Солардың ішінде шапанға қондыратын ою түрлері айырықша есте қалды. Тоқырау жылдары шапан жабу жаппай үрдіске айналып кеткенде қоянның көжегіндей бір-бірінен айнымайтын киімнің осы түрі көбейіп кетті емес пе? Рас, шапан — қазақтың ұлттық киімі. Мақтанышымыз. Кезінде оны ханнан бастап би-болыстар, байлар киген. Сыйлы қонаққа, ерекше ерлігімен танылған батырларға зерлі шапандар жабылатын болған. Бізде осы үрдіс әлі де бар. Дегенмен, иыққа жабылған шапан иесіне қонымды да көңілінен шығуы керек емес пе? Элеонора бастаған тігіншілер осы жағына баса мән береді. Бүгінгі сән үлгілері ескеріле келіп, тігілген әр шапанның өтімді болуы да ескерілген. Күні ертең төрт жолдың торабында жатқан Шаяннан әрі-бері өткендер «Шаянның шапаны-ай!» деп таңдай қағарына сенімдіміз.
Енді бәйдібектіктер күнделікті үй бұйымдары мен қыз жасауы үшін Түркістан мен Шымкентке сабылмайтын болды. Несі бар, күре жолдың бойына орналасқан цехқа әрі-бері өткендер де жиі бас сұғып тұратын болар. Балаларына енші беріп жатқан отбасыларына да жаңа көрпе-төсек керек емес деп кім айтар? Ендеше, бизнес әлеміндегі Элеонора Ағабекқызының жұмысы тағы да еселенер. Өйткені, ол осындағы тігіншілер мен басқа да қызметкерлердің санын ұлғайта түсуді көздеп отыр.
Бірнеше адамға жұмыс тауып беріп отырған осындай іскер келіншектер еліміздің көркі ғана емес, үлгі-өнегеге бастаушы көшбасшы да ғой. Адам үшін ең алтын қазына — еңбек ете білуді үйреткен ортадан өнеге алатындар, ең бастысы отбасына табыс түсіретіндер көбейе түспек. Бұл да бір қуаныш.
Ана бақыты! Бұл ақ босағаны аттаған әрбір келіншектің басты арманы. Өмірге бала әкелу, ана атану, сәбиіңнің құлдыраңдап ойнап жүргенін көру, түскен босағаңды шаттыққа шомылдыру, ауыл-аймақтың сүйікті келіні атану әйел затының басты тұмары болса керек. Гүлзира да ақ босағаны аттағанда осындай сезімде болды. Мамандығы – акушер-гинеколог. Ақ босағаны аттаған әр келіннің сәби сүйгенін жан жүрегімен қалап тұрады. Қазір экологиялық ахуал нашарлап кетті дейміз, басқа да себептер жеткілікті, тұрмыс құрғандарына бірнеше жыл өтсе де құрсақ көтере алмай жүрген келіндердің бар екенін жасыруға келмес. Сондайда аңсарлы арманын құндақтап көптеген келін Гүлзираның алдына келеді. Олардың үміт шырағын жаға білу Мырзакент орталық ауруханасы әйелдер кеңесі бөлімінің меңгерушісі Гүлзира Мархабаеваның бірден-бір міндеті.
Былтыр ғой, Гүлзираның алдына ұрлана да ұяла жиырма бір келіншек кірді. Акушер-гинеколог оларды мұқият тексеріп шықты. Түрлі сараптамадан өткізді. Ойлана келе «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы оларға көмек көрсету керек деп шешті. Бұл ретте «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бірқатар түйінді мәселелерді шешуге болады. Бүгінде медицина құдіреті артып келеді дейміз. Бұл рас. Жоғарыдағы жиырма бір келіншектің он жетісі сәби сүю бақытына ие болды. Ал, биылғы бес айда оның алдына 13 келін келген. Солардың төртеуі бесік тойын өткізді. Ал, бесеуіне енелері құрсақ шашу тойын жасады. Тағы төрт келін бүгін-ертең шаңырағың шаттыққа бөлейді деп үміт артып отыр.
Перзентхана – үміт үйі. Бақыт баспалдағы. Мұнда алғаш босанғалы келген келіншектердің бойында аздаған қобалжушылық болары айтпаса да түсінікті. Мұндайда Гүлзира оларды сабырға шақырып, көңілдерін демдейтін сөз таба біледі. Дүниеге шыр етіп келген сәби дауысын есту қандай бақыт десеңші! Анасының бал-бұл жанған жүзін, сәбиін құшырлана бауырына басқанын көру де бір бақыт. 2010 жылы Қ.А. Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің медицина факультетін бітіріп келгелі Гүлзира мыңнан астам баланың кіндік шешесі атаныпты. Мың Қуаныш! Мың Тәубе!
– Осынау сезімді бастан кешіру қандай керемет! Сондықтан маманд­ығымды дұрыс таңдағаныма қуанамын. Өмірге келген әр сәби қуаныш сыйлап, айтып жеткізуге болмайтын сезім береді. Әйел деген жаратылысы бөлек жан ғой. Олар менен кеңес алуға жиі келеді. Мен оларға ана болудан асқан бақыт жоқтығын үнемі айтып отырамын, – дейді Гүлзира бізбен әңгімесінде.
Иә, кеңес беру, ақыл айту бар да соны өзің жасап, көпке үлгі болу тағы бар. Бұл ретте Гүлзираның құтты қадамына сүйсінесіз. Тұңғышы Жанарды 2010 жылы дүниеге әкелді. Одан соң Меруерт пен Маржан бір күнде жарық дүние есігін ашты! Аслан мен Жасұлан да егіз. Қатарынан екі рет егіз бала тапқан Гүлзира бүгінде ауыл-аймақтың үлгілі келіні.
Гүлмираның жолдасы Нарболат Исағұлов Абай атындағы жалпы орта мектепте география пәнінің мұғалімі. Жарасымды отбасыға ауыл-аймақтың үлкен-кішісі сүйсіне қарайды.
Гүлмира Мархабаева облыстық денсаулық сақтау басқармасының Алғыс хатымен, Мақтарал аудандық «Мырзакент» ауруханасы бас дәрігерінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Маған марапаттың үлкені – аналардың қуанышы! – дейді ол.
Оның бұл сөзіне біз де марқайып қалдық.
Медицина саласында жұмыс істеп жүрген келіншектің қоғамға тигізіп жатқан пайдасы осындай. Демографиямыздың дамуына үлес қосумен қатар, гендерлік саясатты жүзеге асыруға да ат салысып жүр. Санай берсек, облыста ондай мақтаулы қыз-келіншек көп.
Таяуда «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының жанындағы «Әйелдер қанаты» алғашқы форумын өткізді. «Зорлық-зомбылықсыз қоғам» тақырыбын көтерген бәтуалы басқосу «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының әйел құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері жөніндегі кеңесшісі Қалима Жантөрееваның «Қошқаратадағы қыз» эссесінің желісімен түсірілген фильммен ашылды. Фильмнің режиссері – Асхат Тұржанов, сценарийін жазған – Арман Әлиев пен Қалима Жантөреева.
Фильмнің мақсаты – әйелдерге жасалатын түрлі зорлық-зомбылыққа қоғам назарын аудару. Фильм авторларының пікірінше, бұл мәселеде ұлттық тәрбиені қолға алмай болмайды. Қазіргі таңда адамдар арасында мейірім жетіспейтіні, жатбауырлық белең алып бара жатқаны жасырын емес.
«AMANAT» партиясының «Әйелдер қанатын» құру және дамыту мақсаты партия эгидасымен қазақстандық әйелдердің гендерлік теңдік қағидаттарын жүйелі ілгерілетуге, оларды елдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-мәдени өміріне тартуға бағытталған іс-қимылдары мен бастамаларын біріктіру болып табылады.
Қызмет мәні ұлтымыздың жаңа болмысын айшықтайтын 10 басымдықты арқау еткен өңірлік «Әйелдер қанатының» форумы қатысушыларына «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев ізгі тілегін жолдады.
«Ана мен балаға қамқорлық мемлекеттік саясаттың басты тұғыры етіп бекітілген. Көріп отырсыздар, әйелдердің қоғамдағы белсенділігі арқасында облысымыздың әлеуметтік саласындағы өзекті мәселелер рет-ретімен шешімін тауып келеді. Білім беру, денсаулық сақтау салаларында ілкімді өзгерістер болып жатыр, жаңа мектептер мен емханалар көптеп бой көтеруде. Облыс экономикасының өсіп-өркендеуі мен тұрғындардың әл-ауқаты жақсаруына өңір басшысы Дархан Амангелдіұлының сіңірген еңбегі орасан деп білемін», – деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Форум жұмысына қатысқан облыс әкімінің орынбасары, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрағасы Бейсенбай Тәжібаев өңір басшысының атынан партия филиалы жанындағы Әйелдер қанатының жұмысына табыс тілеп, жиынға қатысушыларға мерекелік жылы лебізін білдірді. Облыс әкімінің орынбасары Түркістан облысы – демографиялық өсімі жоғары аймақ екенін айта отырып, біздің басты байлығымыз – адам капиталы екеніне назар аударды.
Жиында қоғамның аналарға деген құрметі әрқашан қастерлі болатыны айтылды. Отбасылардың іргесін бекем ету, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту бағыттарында заңнамалық деңгейде қабылданып жатқан шаралар туралы мағлұмат беріліп, еңбек қатынастары саласындағы кемсітушіліктерді жою, сондай-ақ, әйелдер мен балаларды әлеуметтік және құқықтық тұрғыдан қолдауды күшейтудегі ұсыныстар ортаға салынды.
Форум жұмысының екінші бөлігінде қоғамның түрлі салаларында адал еңбегімен танылған қыз-келіншектерге, қарапайым еңбек адамдарына «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Алғыс хаттары мен мерекелік сый-сияпат табысталды.
Жиын соңы көңілді концертке ұласты.
Ел басқаратын дананы да, төрелік айтар қазыны да, кемеңгер ғалымды да дүниеге аналар әкеледі. Сондықтан ұрпағының ертеңін ойлаған ұлт алдымен анаға қамқорлық жасап, әйелдерге қолдау көрсетеді. Мемлекет басшысы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында гендерлік саясатқа ерекше екпін беріп, қыз-келіншектердің қоғам жұмысына кедергісіз араласуына жол ашуы – құптарлық қадам екенін атап көрсетті.
Бүгінде әйелдер кез келген салада ерлермен иық түйістіріп жұмыс істейді. Қай салада болсын әйелдердің іске мығым, тыңғылықты, тиянақты, өзіне жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарайтынын Мемлекет басшысы Президенттік жастар кадр резервінің мүшелерімен өткен кездесуінде де баса айтты. Десек те, әйелдерге қатысты әлімжеттік жасау деректері азайып кетті дей алмаймыз. Отбасыдағы зорлық-зомбылықтың салдарынан тағдыры таразыға түсіп, соттан жәрдем сұрап келетін аналар аз емес. Мысалы, қарапайым неке бұзуға, алиментке қатысты істерді алайық.
Осы ретте Түркістан облыстық сотының судьясы Клара Жаппасованың өзіндік айтары бар. Оның пікірінше, осы күні әйелдің қадірін түсініп, бағалайтын ер-азамат азайып бара жатқандай көрінеді кейде. Әйтпесе, кеше ғана қолына қондырған бақыт құсынан арада жыл өтпей бас тартатындар неге көбейіп кетті?! Сол бейбақтар әйелі туралы «бұл да біреудің әлпештеген қызы, қарындасы ғой» деп бір сәт ойласа нетті? Егер қыздың келешегін ойласа үй болғанына көп уақыт өтпеген жігіттер некені бұзамын деп арызданбас еді. Ажырасуды кейде әйелдердің өздерінен көріп жатады. Шындығында, отбасының негізгі жауапкершілігі ер-азаматтың мойнында болуы тиіс. Үйленіп, үй болғысы келетін жігіт жұбайын бақытты етем, бала-шағама пана болам деп өзіне биік мақсат қойса керек. Мықты еркек әйелді де түзей алады. Кем-кетігін уақыт өте келе өз ыңғайына бағындырады. Болмашыға өкпелеп, шаңырағын өз қолымен ортасына түсірмейді. Ал, бізде, көп жағдайда бәрі керісінше болып жатады, әйелі «арақ ішпе» десе де, «жұмыссыз үйде жатқаның не?» десе де көңіліне ауыр алатын азаматтар бар. Сонда олар үшін әйелі жұмыс істеуі керек пе? Бала тәрбиесіне қатысты жауапкершілікті ұмытатын азаматтарды да көзіміз көріп жүр.
Мысалы, қазір не көп, өз баласына алимент төлеуден жалтарып, әкелік борышын өтеуден қашып жүрген еркектер көп. Судья болсам да кейде ер азаматтардың отбасы алдындағы жауапкершілікке атүсті, тіпті есеппен қарайтынын көріп, қарным ашады. Әйелдердің ертеңгі тағдырын ойлап жаным күйзеледі. Неге десеңіз, кейбір азаматтар ажырасар алдында отбасына тиесілі мүлікті жақын туыстарының атына жаздырып қояды да сотта ешбір мүлкі жоқ адамдай отырады. Сонда ол дүниені баласынан артық көріп тұр ғой. Әйелдердің сот залында шыр-шыр еткенін бақылап отырып, осындайда жігіттердің пендешілігіне қайран қаласың. Бірақ, заңның аты – заң. Қазы қалыптан шықпауы тиіс. Сондықтан әйел мен балаға қанша жерден жүрегің езіліп тұрса да іске құқықтық құжат тұрғысынан баға бересің. Әрине, ұяты бізге емес, баласынан безінген азаматқа…
Ал енді ажырасқаннан кейін белгіленген алиментті төлемей, қашып жүретіндерді қайда қоямыз? ҚР-ның «Отбасы және неке туралы» кодексінде бала тәрбиесіне қатысты ата-ананың жауапкершілігі мен міндеттері белгіленген. Онда отбасының болашағы алдында ер-азамат жауапты екені атап айтылып, неке бұзылып, ерлі-зайыптылар ажырасқаннан кейін де әкесі баласының жауапкершілігінен қашып құтыла алмайтыны көрсетілген. Бірақ, бүгінгі жігіттер бұл мәселеге атүсті қарайтын сияқты. Көпшілігі баласының қалай күн көріп, немен тамақтанып жатқанын білгісі де келмейді. Ал әйелдері бала-шағасын бағып-қағып, қатарынан қалдырмау үшін жұмыстың ауырлығына қарамай, баласы үшін өзінің денсаулығын құрбан етеді. Осылайша үйленіп алып, ізінше ажырасуды оңай көретін азаматтар бір ананың өмірін бүлдіргенін түсінбейді.
Дегенмен, мемлекет тарапынан қазір аналарға қолдау аз емес. Бірақ, жоғары жақтан қандай қамқорлық жасалса да оның барлығы отбасылық жылылыққа жетпейді. Осыны ұмытпайық.
Міне, бұл сот саласында қызмет істейтін келіншектің пікірі. Біз осы материалымызда әйелдер теңдігі, гендерлік саясат турасында бірқатар мысалдарға жүгіндік. Расында, әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді. Соның ішінде әйелдердің ұлы миссияларының бірі – ұлы істерге үн қосу. Жоғарыдағы сан мысалдан олардың бұл миссияны да абыройлы атқарып келе жатқанын көріп отырмыз.
Ендеше, «сыйынатын болса егер құдірет, сыйынайық Ана деген Тәңірге»!
Көктемдей көрікті, шамшырақтай шуақты аналарымызды, қарындас­тарымызды, жалпы қыз-келіншектерді аялай білейік!

Пікір қалдыру