Осы баянның ұзын ырғасын алғаш естігенде – тереңдей түссе тәп-тәуір хикаятқа сұранып тұрған материал екен деп қызыққаным рас. Өзімнің ыңғайыма келетін, көптен бері қаузап жүрген тақырыбыма үндес сюжеттей көрінген. Негізгі өзегі өмірде нақты болған адамдардың тартысты тағдырын арқау етіп, «Әйел парасаты» атты айдармен төрт-бес әңгіме жазғаным бар. Олардың бәрі де әйел затының кемел ақылын, биік парасатын меңзеу, ер адамның қолынан келмес өрлік әрекетіне, ерлік қарекетіне тағзым етуге тұспалдау. «Менмін» деп көкірек керген әрбір тұлғалы еркектің артында ұлылығы сол еркектен кем түспейтін әйел тұрғанын астарлау болатын.
Дегенмен, шағын әңгіме болсын, кең тынысты хикаят болсын – ол көркем дүние, толғанып-толғатуды, әріден ой қозғауды қажет етеді. Ондай кестелі тіл, өрнекті сөзді ақ қағазға көшіруге біршама уақыт керек. Амандық болса кейін ондай дүние де жайымен жазыла жатар деген жобамен, жүректі тербеген мына бір құбылыстай ғажап уақиға жайында алдымен мақала жазуды ниет еттім.
* * *
«Жетістікке жеткен әр еркектің артында әйелдің махаббаты тұрады, ал жетістікке жеткен әр әйелдің артында ер адамның сатқындығы тұрады» деген тәмсіл бар. Әсілінде, бұл тәмсіл әншейін қыжыртпа қалжың ретінде айтылған сияқты. Десек те, әйелдің қаласа қар жағатын қайсарлығы бары ежелден мәлім. Қаймалысқан мынау жалғандағы аяқтан шалған әрбір сәтсіздік әйелді одан сайын қайрай түсетінін өзіміз де көріп жүрміз. «Жарасын жалап жазатын» деген теңеу әдетте түздің бөрілеріне, ауыспалы сипатта еркек кіндіктіге қатысты айтылып жатады. Бірақ, нағыз жарасын жалап жазатын, баласына қауіп төнсе – азулы арыстанмен айқасып, жолбарысты да жарып салатын тек Ана ғана. Біздің айтпағымыз да осы жөнінде… халқына қалтқысыз қызмет еткен айтулы бір азамат туралы, сол азаматының қадіріне жетіп, абыройын аспандатқан әйел жайында болмақ.
* * *
Бақытгүл анамыз ер мінезді, өрлік пен өжеттіліктің үлгісіндей болған қайсар кісі бопты. Он екі құрсақ көтергенімен, ілгерінді-кейінді көбісі шетінеп, екеуі ғана тірі қалыпты. Көлеңкеден қорыққан қуғын-сүргін, жалаңаяқ жар кешкен жақыбайлық, ақсүйек ашаршылық – бәр-бәрін анамыз бастан өткереді. Шаш ал десе бас алған ол да бір опасыз заман еді ғой. Бұлардың отбасы бай да емес, бағлан да емес, біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей қоңыр тірлігін күйттеген қоңырқай шаруа болса керек. Ондайға қарап жатқан жан бар ма, ағайынның көрсетуімен отағасын кәмпескелеп жер аударып жібереді. Ол кісі содан қайтпаған… Амал жоқ, Бақытгүл белді бекем буып, күпәйкесін жамылады да, керзі етігін киіп қара жұмысқа шығады. Жылан жалағандай жоқшылық жылдар, шиеттей екі баласына ол осыдан былай ана ғана емес, әке де болады. Арпалысады, түн асырып, түс қатып ерлермен иықтаса еңбек етеді, өзегі талып өлместің күнін кешеді. Оңтүстіктен Ташкентке мал айдаған ер азаматтарға қосылып, малшылыққа жалданады. Басына ораған шәлісі, белін буған белдігі апталап шешілмейді, қолынан қамшы түспейді. Кәріқұлақ қариялардың айтуынша, Бақытгүлдің табандылығы мен қайратына қайран қалған жұрт заманында оны жырға қосыпты. Соның арқасында абзал ана екі баласын ешкімнен кем қылмай өсіреді, оқытады, ел тізгінін ұстайтын азамат етіп жеткізеді.
Шиеттей сол екі баланың бірі – құм суырған жатбауыр Созақ жерінде елу жыл бойы табан аудармай еңбек еткен, күні бүгінге дейін ел ішінде аты аңызға айналған қабырғалы қайраткер – Қаратай Көшкінов болатын.
* * *
Албыраған ақша бет, торғындай үлбіреген Анна-Лиза Лиукконнен ұлты жағынан финнің қызы екен. Ленинградтың терістік жағында, Финляндия шекарасының іргесінде туып, сол өңірде ержетіпті, бой түзепті.
Ол Қазақстанның оңтүстігіне жазықсыз ұсталып кеткен сүйген жарын іздеп отызыншы жылдары келеді. Соның алдында НКВД-ның жай соққызып, жасын ойнатқан қанды шешімімен осы жаққа 6300 адам жер аударылыпты. Сол көптің арасында Анна-Лизаның құдай қосқан қосағы да қосақталып кете барыпты.
Анна-Лиза жолай нелер бір азап шегіп, арып-ашып оңтүстікке келгенімен – күйеуін іздеп табу, онымен кездесу кезегін күту – машақаты шаш етектен шаруа, сарсылған бос әрекет болады. Ізденгені бір аптаның, тіпті бірер айдың ішінде де шешілмей босқа сенделтеді, қатты қинайды. Амалы таусылған қамкөңіл келіншек Мақтаарал мектебіне мұғалім болып жұмысқа кіреді. Күндіз ауыл балаларын оқытып, міндетті қызметін істей жүріп, кеш түсе түрлі мекемелерге хат жазады, сұрау салып күйеуін іздеуін тоқтатпайды. Ақыры, дегеніне жетеді, күйеуінің бір дерегін табады ғой… Тапқаннан не пайда, сорлы күйеуі қара ниет, қанды қол жендеттердің қорлығынан денсаулығынан айрылып, ұзақ бейнеттеніп, осыдан біраз уақыт бұрын түрмеде көз жұмыпты.
Мұндай хабардан асқан қасірет болсын ба! Жас жесір қайғымен қан жұтып, адасып айдалада қалғандай күйге түседі. Сүйгенінен айырылып, көр азабын тірідей тартқан ол жинап-терініп қайтадан Ленинградқа қайтады. Апта жүріп бұл қалаға келгенімен, одан бетер көп машақат көреді. Бірін бірі аңдыған, біреуден біреу үріккен кер заманда «халық жауының» әйелінен бәрі теріс айналады, тіпті қара жұмысқа да алмай қояды. Жойдасыз өктем қоғамның жас келіншектің өзегін өртеген бұл да бір өксікті өкініші еді. Қапалы қайғысын құшақтап қаңғырып қалған ол шағынарға жер таба алмай, іштей тұншығумен болады.
Содан… қоштасарда оңтүстік қазақтарының «бізде мұғалім жетіспейді, қалсаңшы осында?» деп қиыла сұраған өтініші есіне түседі.
Орыс елінен көңілі қайтып, жүрегі шайлыққан Анна-Лиза Лиукконнен титтей Иринасын қолына алады да, апта жүріп, ай жүріп, тағдырдың жазуымен тағы да Мақтааралға қайтып келеді.
Осы күннен фин қызының қалың қазақ арасындағы жаңа өмірі басталады. Жас жесір иықтан масылдай басқан қайғыны қайратына жеңдіреді. Онсыз да жетісіп отырмаған қазақтармен бірге ашпа-жалап күндерді, қаралы жылдар мен азалы айларды бастан өткереді. Замана талқысына шыдас беріп, тіршілік үшін күресін жалғайды.
Тағдырдың жазуын қараңызшы… Дәл осы 1937 жылдың ақпан айында Мақтааралдың ауыл шаруашылық мектебіне тағы бір мұғалім жолдамамен келеді. Ол мұғалім – күрең жүзін күн қаққан біздің келесі кейіпкеріміз Қаратай Көшкінов болатын.
Ол кезде Қаратай ағамыз сәмбідей сымбатты, оқыған-тоқығаны мол, тепсе темір үзгендей таразы жігіт екен. Қарекең Анна-Лизамен мектептің дәлізінде оқыс ұшырасып қалады. Мектептегі бірер сары орысты санамағанда, бірөңкей қараторы қазақ пен өзбектің арасынан ақша қардай аппақ, сүйріктей сұлуды кездестіргеніне жас жігіт қайран қалады. Әзіл-оспаққа бейім Қарекең бірер ауыз тілдескен бойда көмірдей қара шашты аппақ қыздың жөн мен жосықты білетін аңғары бар, санасы биік, ойы озық жан екенін бірден ұғады. «Адам бір көргеннен де ғашық болады» дейтін сөз рас екен. Жас жігіт сондай ғажап күйді басынан кешіреді… Арман еткені, көптен іздегені – жұмбағы мол, сырға сараң, сөзі орнықты осы қыз екенін, өмірлік жарын шындап кездестіргенін жас жүрек жазбай таниды.
Бірақ, екеуінің сөздері келісіп, әңгімелері жарасқанымен, фин сұлуы тартыншақтап бірден ыңғай бермейді. Біраз уақыт бойын аулақ салып, қашқақтап жүреді. Оның себебі де бар болатын… Келіншек болса қапалы қайғы арқалаған «халық жауының» жары. Қаратай – оң мен солын енді ғана танып жатқан аңқылдаған жас ұлан. Болашағынан үміт күттірген жалын жүрек жақсы азамат. Қаңғырып келген бұл келіншектің ондай жігітке бәлесі жұғып, кесірі тиюі әбден мүмкін еді ғой!
Анна-Лиза өзін айналдырған жігітті ақыры ашық әңгімеге шақырып, байыптасып осы күдігін айтады. Ол әңгімені естігенде Қаратай ағамыз қайсарлықпен қолды бір-ақ сілтепті. Нағыз намысшыл ер жігітке тән серілік пен өрліктің үлгісін танытыпты… Енді ештеңеден тайынбасын, көресіні бұдан былай Лизамен бірге көріп алатынын, басқа түскен тауқыметті бірге тартатынын айтып, серт береді.
Сөйтіп, екі жас аман-есен қосылады. Қосылған бойда Сайрам ауыл шаруашылық мектебіне жолдама алып, қол ұстасады да, қызыл көз біреулердің назарына ілікпей тұрғанда ел көрмес алысқа ауысып кетеді.
Осылайша фин қызының жетпесті жеткізіп, жалғанбасты жалғай білген қазақ жұртының қасиеті мен кепиетін тануы басталады. Арада жыбыр-жыбыр жылжып жылдар өтіп жатады. Жас отбасы сыздықтап түтінін түтетіп, қоңторғай тірлігімен ел қатарына іліге бастайды.
* * *
Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген ұлының ұлты басқа, атасы бөтен қызбен бас құрағанын естігенде Қаратайдың анасы Бақытгүлдің алғашқыда шәт-шәлекейі шығады. Тұңғыш немересі дүниеге келгенше жалынғанға көнбей, жалбарынғанға иілмей, тоңторыс теріс бұрылып, хабар-ошарсыз жатып алады.
Бала деген бауыр ет десек, немере лүпілдеген жүрегің ғой. «Өмірге иіс алмасың келді» дегенде Бақытгүл әже шыдай алмапты, дүр сілкініп, өре түрегеліпті. Іле сәлем-сақпытын арқалап, артынып-тартынып Сайрамға жетеді. Бесікте жатқан баланың бетін ашып көрген кезде әзіз ана алдымен риза болып күліп жіберсе керек. Немере дегені өзінің баяғы ұлынан аумай қалған балпанақтай қара домалақ екен. Соңынан көзінен моншақтап жас төгіледі, үнсіз отырып ұзақ жылайды.
Бақытгүлдің тастай қатқан көңілі осылайша жібіген екен. Етігі мен белбеуін шешіп, немересін құшақтап төрге озыпты. Ақ торғындай болған келінінің маңдайынан сүйеді, ұлының шашынан иіскейді, екеуіне бақуатты ғұмыр тілейді. Көп өтпей-ақ ақ келіні ананың да, даланың да ыңғайын таба білген зеректігімен Бақытгүлді баурап алады. Енесінің саптама етігін майлап, қапсырма күпәйкесін тазалап құрмет көрсетеді. Үстіне көптен кимген әдемі жеңіл көйлек кигізіп, енесіне жатып жастық, иіліп төсек болады. Инабатты келіннің әрекетіне разы Бақытгүл өзінің ене болғанын, немереге әже болғанын сонда ғана сезініп, содан былай ескі киімдерін кимепті, қолына қамшы алып, ат ерттеуді қойыпты.
* * *
1940-шы жылы Шымкенттегі совет-партия мектебінің оқытушысы Қаратай Көшкінов Қызыл әскер қатарына шақырылады. Артынша алапат соғыс басталып, жас жауынгер бірінші лекпен-ақ майдан шебіне аттанады. Соғыстың алғашқы қанды қасабына тап болғандардың сау қалғаны шамалы еді ғой, Қарекең де үшінші ұрыста қатты жараланады. Госпитальге түсіп, ұзақ емделген соң, 1942 жылдың соңында ақсаңдап ауылға келеді.
Келген бойда жергілікті билік жаралы солдатқа Сайрам ауыл шаруашылық мектебін басқаруды тапсырады. Арада алты жыл өткенде ол Сайрам аудандық партия комитетіне ауысып, ауыл шаруашылығы бөлімін басқарады. Оның ұйымдастырушылық таланты дәл осы қызметте барынша ашылыпты. Жанын салып Қарекең бұл қызметті 1949 жылдың сәуір айына дейін атқарады. Сол жылы оны қиян шеттегі, ит өлген алыстағы Созаққа жаңадан машина-трактор станциясын ұйымдастыруға жібереді.
* * *
Шымкенттен шыққан Қаратайдың отбасы екі күн бойы шаңытқан жолсызбен сіңір создырып Шолаққорғанға азар жетеді. Келе сала бірден көзге ұрғаны – бірөңкей тоқал тамнан, қараша үйден тұратын үркердей ауыл екен. Төңірегі – мұң шақырған мұнарлы дала, сардиған сап-сары құм, иректелген бархандар. Әр тұста бір шошайған ит тісіндей сирек сексеуіл. Шыңырау құдықтардан көтерген судың өзі тұз татиды. Мұндай сүреңсіз суретті көрген Анна-Лиза: «Құдай-ау, мына жерде адамдар қалай тұрып жатыр? Біз қалай өмір сүрмекпіз?», – деп түңіліп кетсе керек. Сонда Қарекең: «Ендеше, екеуміз жаңа жұмысымызды ағаш отырғызудан бастайық?» – деп әйеліне әзіл-шыны аралас жауап беріпті.
Заманды тұлғалар даралайды дейтін сөз рас та шығар. Аязы аюдай ақырған, аптабы құм қайнатқан, табиғаты сұрапыл осынау Созақ жерінде фин қызы мен Қарекең жарым ғасыр ғұмыр кешіпті.
Басқадай ағаш түрі бұл жақтың қытымыр ауа райына шыдамайтындықтан, қыңыр-қисық көшелердің сәнін келтіріп, алдымен жас отбасы қарағаштар отырғызуды қолға алады.
* * *
Табиғатынан талғампаз, талапшыл Қаратай алуан техникамен жарақтап, өзіне тапсырылған машина-трактор станциясын бірер жылдың ішінде заманға сай жарқырата жаңартады. Қарекеңнің қадірін білетін облыс басшылығы артынша оны Энгельс атындағы совхозға директорлыққа тағайындайды. Көп ұзамай жас маман қаракөл терісін өндіретін Калинин атындағы жаңа совхозды ұйымдастыруға жіберіледі.
Мінеки, Қаратай Көшкінов осы Калинин атындағы қаракөл совхозын табан аудармай, Бетбақтың долы бетінде, құмды дауылдың өтінде жүріп, 35 жыл басқарыпты. Бұл жағдай сол заманда қазақ ізденсе – Гиннес кітабына кіретін рекордтық көрсеткіш деседі.
Барды бағамдап, баяндыны бағалай білген директор осы жылдар ішінде совхозды қаракөл терісін өндіретін республикамыздың іргелі шаруашылығына айналдырады. Ел жетпеген ерен жетістіктерге қол жеткізеді, сөйтіп, өзі де жоталанып, абырой биігіне көтеріледі. Соның арқасында шаңырақтары берекеге толады, өздері отбасылық бақыттың кемелінде шалқиды.
* * *
Қаратай Көшкінов жер-анадан қуат алған нағыз істің адамы болыпты. Жерлестері Қарекеңнің аттан түскенін көрмесе керек. Жайылымды да, қыстақтардың қысқы дайындығын да өз көзімен көріп, өзі тексеріп, жем-шөптің де уақытында жеткізіліп тұруын өзі қадағалап отырады. Совхоздың өркендеп нығаюына, оның жаңа техникамен жабдықталып, прогрессивті технологиялардың енгізілуіне, сондай-ақ өндірістік құрылысты дамытып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың жақсаруына да зор мән береді. Қатал қысқа қосыла құтырған қасқырға қарсы амал-шарғыны да директор өзі ұйымдастырып жүріпті.
Совхоз жұмысшыларының білікті басшымен біріге еткен еңбектері еш кетпейді, біртіндеп жемісін де, жеңісін де беріп жатады. 1957 жылы Көшкінов бастаған Шымкент облысының озаттары Мәскеуге, Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы жетістіктері көрмесіне (ВДНХ) шақырылады. Қарекең Көрменің «Алтын медалімен» ауылға оралады.
Бұл – шаруашылықтың рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізіп, 100 саулықтан 120-дан қозы алып, мерейлері үстем болып тұрған жылдар болатын. Совхозда жоспарлы түрде селекциялық жұмыстар жүргізіліп, ғылыми зерттеулер жасалынатын. Сондай-ақ, шөл мен шөлейт аймақтардың кірпияз ауа райына, жұтаң жайылымына бейімделген, бұйра жүн, түсі жылтыраған тері алу міндеті қойылған-ды. Қысқасы, мемлекеттің жоспарын орындау – парыз, оны асыра орындау – намыс, бұларға қоса тері сапасының жоғары болуы – абырой. Ал, терінің сапасы жоғары болу үшін баққан қойың қоңды болуы керек. Оны дер кезінде шағылыстырып, дер шағында төлдету керек. Бірінен соң бірі туындаған, іркес-тіркес осынау міндеттерді жүйелеп, жүзеге асуын қадағалап отыру – совхоз директорының басты шаруасы болатын. Жыл он екі ай демалысы жоқ, қайырылуға мұрша бермес қайнаған еңбек деп осыны айтыңыз! Сол бір кездері, турасында 1968-69 жылдары жойқын қатты қыс болып, Қазақстанның ауыл шаруашылығы шатқаяқтап қалғаны, сақараның мыңғырған малы жаппай қырғынға ұшырағаны тарихтан мәлім. Ежелгі жыр-аңыздарда айтылатын кәдімгі ақсирақ жұт болған. Ел басына түскен осындай нәубетке қарамастан, Қаратай Көшкінов басқарған совхозда қора-қопсының дер кезінде жылытылып, жем мен шөптің жеткізіліп, алдын ала қамданған дайындық шараларының арқасында мал басы сол жылғы дүлей қыстан да аман шығады.
Осылайша, Қарекең басқарған совхоздың атақ-даңқы бүкіл республикаға жайылып, ол шын мәнінде ауыл шаруашылығына кадр дайындаудың үлгілі мектебіне айналады. Бұл совхозда зоотехник болып, немесе мал дәрігері, агроном, инженер болып қызмет еткен азаматтардың көбісі, яғни Көшкіновтың шәкірттері кейін өздері де бір-бір шаруашылыққа жетекшілік жасап кетеді. Совхоз директорлары болады, түрлі басқармаларға тағайындалады, аудандарды басқарады.
Қызығынан гөрі қиындығы басым, қуанышынан гөрі қыжылы көбірек осынау жылдардың еншісін бірге бөлісіп, Қарекеңнің қасында табан аудармай сүйген қосағы Анна-Лиза жүреді.
* * *
«Күз бен көктем айларында әкемізді мүлде көрмеуші едік, – дейді Қарекеңнің Шолпан деген қызы. – Ол кісі таң бозынан кетіп, түн ортасында бірақ үйге келетін. Ол келгенде біз ұйықтап жатамыз, әкеміз үйде азын-аулақ көз шырымын алып, дала шаруасына қайта кеткен кезде біз тағы да тас ұйқыдамыз. Содан оны қайдан көрейік. Біресе мал төлдеп жатады, біресе жем-шөп дайындау керек, енді бірде егін егу керек дегендей… Осының бәріне әкем жеке өзін жауапты санайтын. Әр істің басы-қасында өзі жүргенді міндетім деп білетін. Сондықтан күні-түні аттан түспейтін. Ал, үй шаруасының баршасы шешеміздің мойнында еді. Сөйте тұра әкеміз шешемізден қолқабысын аяған емес. Отбасы жағдайындағы кез-келген істе әкеміздің қайратты қолының табы жататын. Алды-артын байқағыш, мейірбан, қайырымды кісі еді ғой аяулы әкеміз. Апырмау, деп ойлаймын кейде, қоғамдық қызметі қарбалас, түз қатып, түс қашып жүреді. Сондай қаймалысқан өмір салтында бәріне қалай үлгерді, қай кезде демалды? Ол жағы бізге беймәлім, әлі күнге жұмбақ».
Бірде Шолпан түн ішінде оянып кетсе, шешесі дәптер тексеріп отыр екен. Қасына суып қалмасын деп тамақты орамалмен орап қойыпты. «Мама, неге ұйықтамайсың?» – дейді қызы. Сонда шешесі: «Әкеңді күтіп отырмын, қарны ашып, шаршап келе жатқан болар», – деп жауап беріпті.
«Анамыз керемет қамқор кісі болды, – дейді Қарекеңнің Зина деген келесі бір қызы сол бір жылдарды есіне алып. – Анамыздың өзі де Шолаққорған орта мектебінде мұғалімдік жұмыста, оның да жетісіп жүргені шамалы. Сөйте тұра әкеміз келмей ұйықтамайтын. Сонда деймін-ау, ерлі-зайыпты екеуінде бұл неткен жігер, қандай қайрат-күш деп қайран қалам. Жалпы екеуінің түрлері де біріне-бірі ұқсайтын еді, мінездерінде ұқсастықтары көп болатын. Бірін-бірі айтқызбай ұғысатын, көзқарастарымен-ақ бәрін шешіп салатын. Екеуі де шаруақор, қолдары алтын адамдар еді-ау! Әкеміздің шешіліп сөйлесер шын сырласы да, мұңын шағар мұңдасы да анамыз еді. Баянымен жалғасқан осындай бақыттың бастауында жанқиярлық махаббат, бір-біріне деген зор құрмет пен сыйластық жатқанын балалары біз де сезетінбіз».
Атқарған ардақты ісі, ерен еңбегі, қаражон азаматтық ерлігі Қаратай Көшкіновті елі мен жұртының шексіз алғысына бөлейді. Ол кісінің атына қарапайым еңбек адамдарынан бастап, қатар қызмет жасаған әріптестері, дос-жарандары, лауазымды азаматтарға дейін жазған бума-бума хаттар әлі күнге сақтаулы екен. Солардың бірін 1997 жылы 25 қазанда Созақ ауданының әкімі Қуаныш Айтаханов жазыпты: «Аса қадірлі Қареке! – деп басталыпты әкімнің жылы хаты. – Асқар таудың биіктігі алыстаған сайын асқақтала түсетініндей, Сіздей қадірлі азаматын, бүгінгі ел ағасын Созақ жұртшылығы айрықша құрметтейді, ардақ тұтады… Созақ ауданына сонау соғыстан соңғы қиын кезеңде, 1946 жылы отыздың ішіндегі жігіт шағыңызда келіп, өзіңіздің іскерлігіңіз, біліктілігіңіз, ең бастысы биік адамгершілік қасиетіңізбен елдің аса сүйікті, қадірменді азаматы атанып, 50 жыл адал қызмет атқардыңыз. Сіздің елге сіңірген ерен еңбегіңіз ескеріліп, Созақ ауданының құрметті азаматы атандыңыз. Үкіметтің ең жоғары наградасы Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту, Октябрь Революциясы ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталдыңыз. Қазақ ССР Жоғары Кеңесіне депутат болып сайландыңыз, көптеген мақтау грамоталарын иелендіңіз… Қадірлі Қареке, Сізді Созақ ауданының әрбір азаматы, әрбір отбасы жақсы біледі, сыйлайды, қадір тұтады. Жастар өмір жолыңызды үлгі етіп, Сіздей атақты ел азаматы болуды армандайды!».
Әкімнің осы бір жүрекжарды сөздерінде ресмиліктің иісі де жоқ. Інінің аға алдында иілген адал көңілін көреміз, ел-жұртының абыз ақсақалға ыстық ықыласын жеткізгенін байқаймыз.
– Ол кісіні қанаттастары «Қареке» деп атаушы еді. Бұл сөз кішіге әкесіндей, үлкенге ағасындай, қатарласына құрбысындай болған асыл азаматтың біз үшін қаншалықты қадірлі, сүйкімді болғанын білдірсе керек. Уақыт өткен сайын бірге істеген, бірге жүрген, тіпті жақын туысыңның аты-жөні де ұмыт бола бастайтыны шындық қой. Ал табиғатынан мінезге бай, дарқан көңіл, әрі салқын сабыр иесі Қаратай Көшкіновтың есімі санадан ешқашан өшпейді, жылдар өткен сайын Қаратаудың Мыңжылқы шыңындай биіктей береді! – деп есіне алады Қарекеңмен кезінде қызметтес болған шолаққорғандық жерлесі Қанат Беспайұлы.
«Он – лишь один из когорты достойных представителей того поколения, на чью долю выпало суровое время испытаний и которые ничем не запятнали своей чести, выдержали все невзгоды, проявляя терпение, упорство, деловитость. Сделали много полезного для материального и духовного подъема нации, а затем передали эстафету новому поколению, наказав жить достойно, трудиться на благо независимого Казахстана. Они верили, что следующие поколения так же будут следовать традициям Великой степи, не забудут прошлое станет основой процветания будущего поколения.
Каратай Кошкинов прошел через все жизненные испытания, проявив характер, волю, целеустремленность. Он посвятил свою жизнь становлению экономики Казахстана. Его светлый образ, вобравший в себя степенность, разумность, выдержку, деловитость и мудрость, и благородный жизненный путь на благо процветания Казахстана являются примером для знавших его людей Южного Казахстана. Добрая память о нем продолжает жить в сердцах земляков», – деп жазыпты журналист Ирина Притула Қарекең туралы мақаласында.
Иә, Қаратай Көшкінов шын мәнінде өз заманы тудырған кесек тұлға еді. Сондықтан да ол кісінің есімін елі әлі күнге естен шығармай ардақтап, ұрпаққа ұлағат ретінде ұсынып, лайықты құрмет пен сүйіспеншілікке бөлеп отыр.
Ел қамын күйттеген әрбір ер адамның отбасының шамын жағып, түтінін түтетер жан жары болғаны ләзім. Қарекеңнің отын маздатып, жанұясын уыздай ұйытып отырған Анна-Лиза әлгіндей адал жардың бірі бола білді. Баяғы талдырмаш фин қызы мектепте қызмет жасай жүріп, қорадағы сиырын да сауды, тандырдағы нанын да жапты, сабылып келіп жататын қонағын да күтті. Қарекең күнді түнге жалғап, түнді күнге ұластырып қоғам жұмысынан бас көтере алмағандықтан үйдегі балалардың тәрбиесі де әйелінің мойнында болды. Сөйтіп, үйдің де, түздің де шаруасын дөңгелентіп отырған еңбекқор Анна-Лиза ақыр соңында ауыл-аймақтың абыз анасына айналады.
* * *
Қатал тағдыр сынынан қайыспаған Анна-Лиза мен қарағайдай азамат Қаратай Көшкіновтың бары да, байлығы да, әрине, балалары, өмірлерін жалғастырған ұрпағы. Шүкір, олар бесеу болды: Ирина, Дәулен, Зина, Шолпан, Уәлихан. Қай-қайсысы да ізденгіш, зерек болып өсті. Қуаныштысы – бәрі де кітап десе жанын салыпты, содан да болар білім көкжиектері өрісті боп ержетті. Адам ұрпағы ұяда нені көрсе, ұшқанда соны істері рас қой. Директордың балалары болып, шолжаңдап, еркінсіп ақсаусақ болған бірі жоқ. Баяғы тұқыл үй, тоқал тамнан тұратын қараша ауыл қаншалықты көркейіп жатыр десе де, бет-бейнесі көп өзгермеген. Қонақ үй деген атымен болмайтын. Бұл жаққа ат басын бұрған жолаушының барлығының түсер жері – Қарекеңнің шаңырағы еді. Әйтеуір үйден мейман үзілмейтін. Қабағы ашық отанасы болмаса – еркектің үйіне жан баласы бас сұқпасы белгілі. Қашанда дастарханы жаюлы, ілтипаты ортаймаған, құрметі мен сыйластығы жарасқан, сүттей ұйыған отбасына келген қонақтар әрдайым риза боп аттанысатын.
«Ол кезде тексеруге келген бастықтар да, басқалар да біздің үйге түсетін, – деп есіне алады Шолпан қыз. – Біз, сөйтіп, ел-жұрттың көз алдында өстік, өмір сүрдік, ержеттік… Шынын айтсам, біз әке-шешеміздей болғымыз келетін, оларды үлгі тұттық, соларға ұқсап бақтық».
Қарекең мен Анна-Лиза қайрылуға мұрша бермес қарбалас заманда 60 жылдан астам ынтымақпен өмір сүреді. Ақыры екеуі де қариялық жасқа жетіп, немере-шөбере сүйіп, бала-шағасының ортасында ілгерінді-кейінді бұл дүниеден өтеді.
* * *
Тәубе дейік, бір кездегі қылышынан қан тамған коммунистік режім құлады. Бас көтергеннің басын алған, есті жанның бәріне жала жапқан, «халық жауы» деп қара жаққан қандықол империя күйреді. Қазақ елі бабалар аңсаған тәуелсіздігіне қол жеткізді. Сол кезде ғана Анна-Лиза Лиукконненің туған елі Финляндия жаққа барып қайтуына мүмкіндік туады.
Алыста қалған анау бір жылдары ол күйеуінің соңынан жас сәбиін көтеріп елден кеткен өндірдей жас келіншек еді. Енді, мінеки, әлдеқашан о дүниелік болған әкесі мен анасының, бауырларының, басқа да туған-туыстарының зираты басына кейуана кәрия кейпінде келіп тұр. Арада жылдар емес, зымырап ғасырлар өтіп кеткендей. Ғасырға пара-пар ол жылдардың жүгі уақытпен емес, көрген қиындықпен, бастан өткерген тауқыметпен өлшенетінін қазақтың қарт анасы Анна-Лиза Лиукконнен сонда сезген. Туған елінен айырылған, туған жерінен қуылған абзал ана тағы не ойлады екен? Бұл жағы біз үшін тіл жеткісіз тұңғиық сыр. Оны тек ана жүрегі ғана біледі.
Қазақта «қыз – жат жұрттық» деп жатады. Содан да болар, жат жұртта жүрген әйел баласының бойында елге деген сүйіспеншілік, туған жерге деген іңкәрлік, сағыныш ер адамдарға қарағанда күштірек болатын сияқты. Адамға запыран құстырған мұндай сағыныш ешқашан басылмайды, ғұмыры ортаймайды, сағымдай бұлдырап тұйығына жеткізбейді. Сол сартап сезім, іңгәлаған әлгіндей іңкәрлік – жүрек түбінде мәңгі бұғып жата береді. Ал әйел затының отбасы қай жерде болса, Отаны да сол жерде екені белгілі… Кейде бұл әділетсіздік сияқты көрінетіні де рас. Бірақ әйел атты құдірет – Ана болмаса, әйел атты құдірет – Жар болмаса, ер жігіт ата-бабадан аманат болған елдің қамын да ойлай алмас еді-ау! Біздің кейіпкеріміз Қаратайды Қаратай еткен де – алдымен Бақытгүл ананың аялы алақаны, кейіннен Анна-Лиза ханымның алғаусыз көңілі, селкеусіз сезімі, кіршіксіз махаббаты! Ең бастысы – өз заманының азабы мен тозағын қатар көтеріп, бірге тартқан, шырмауықтай шырмаған мынау қу тірліктің дауылы мен жауынынан қол ұстасып бірге өткен қос мұңлықтың ішкі күш-қуатының беріктігі, рухының биіктігі деп білеміз.
Бүгінгі ұрпақ біліп жүрсін деген ниетпен, жастарға ғибрат болар өнегелі өмір ретінде осы жағдаятты әңгіме еттік.