Әміржан Қосан. Қайта қаралуы керек құндылықтар

Өткен мақалаларымда мен қоғам өмірінің әр саласына арнайы әрі нақты тоқталған едім. Бүгін сол ойларымды түйіндеп көрейін.

Иә, әр заманның өз ерекшеліктері мен талаптары бар: адамзаттың даму логикасы соған саяды. Қазақ ғұламалары мен ойшылдары, ақын-жазушылары мен қайраткерлері де өздері өмір сүрген кезеңдердің ең басты кемшіліктері мен жетістіктерін қадап-қадап атап, бізге өсиет ретінде қалдырып кеткен.
Уақыт өткен сайын мызғымастай боп көрінген өркениеттік критерийлер де өзгеріске ұшырап отырды: бірі күшейіп, екіншісі әлсіреп, ал үшіншісі мүлдем жоқ боп кетті. Ол да заңдылық, сондықтан ескіні аңсай берудің керегі жоқ.

Сонымен, қорыта айтқанда, XXI ғасырдың 20-30 жылдары үшін қазақ қоғамына қандай тенденциялар тән, қандай «бәрекелдіміз» бен «әттеген-айларымыз» бар? Қандай кемшіліктер мен келеңсіздіктерден әлі де арыла алмай келеміз?
Алдымен айтарым мынау: жеке адамға тән оң да, теріс те қасиеттерді тұтас бір қоғамға теліп қоюға үзілді-кесілді қарсымын! Әр ұлттың, әр қоғамның өз жақсысы мен жаманы, өз данасы мен шаласы, өз жомарты мен сараңы, өз батыры мен қорқағы, өз адалы мен арамы, өз ақылдысы мен топасы бар.

Осы қарсылығым қоғам бойындағы кеселдерге де тікелей қатысты.
Қай елде жемқорлық жоқ? Қай елде билік басында отырғандардың бәрі сүттен ақ, судан таза? Қай елде саяси коррупция жоқ? Қай елде шіріген байлар мен азып-тозған кедейлердің арасында алшақтық, әлеуметтік қарама-қайшылық жоқ? Қай елде ақсақты тыңдай, өтірікті шындай көрсеткен үгіт-насихатттың соңына елтіп кететін ақ көз надан, люмпен мен маргинал қауым жоқ? Қай елде билік алдында құрдай жорғалап, одан нәпақа не атақ-дәреже дәметіп, жағымпаздыққа салынған зиялы қауым жоқ?
Бір сөзбен айтқанда, идеалды, төрт құбыласы түгел, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, бар мәселесі шешіліп қойған мемлекет жоқ!
Бірақ, басындағы жағдайға көңілі толмаушылық, бүгінгіден гөрі дәулеттірек өмір сүруге ұмтылыс әр адамның, қала берді әр қоғамның санасында атам заманнан бастап болған әрі бүгінде де бар.

Сол себепті адамзат дамыды: алғашқы қауымдық құрылыстан бүгінгі капитализм қоғамына дейін тар жол, тайғақ кешуді басынан өткерді. Әр формация адамдардың мінез-құлқына, құндылықтар жүйесіне өз түзетулерін енгізіп отырды.
Сондықтан да қазақ қоғамына тән тенденцияларды дәл осы ғаламдық даму тұрғысынан қарастырған абзал: сонда ғана өркениет орманында адаспаймыз.
Жалпы адамзатқа тән осы, бәріне ортақ жайттарды мойындағанмен, қоғам дамуының белгілі бір кезеңінде осы – жеке адамдарға, топтар мен таптарға, ұжымдар мен қауымдастықтарға тән қасиеттер заман талаптары мен қажеттіліктеріне сай өзгеріп, құбылып отырып, нақты қоғамның тек өзіне ғана тән сипаттарға ие бола бастайды. Қазақстан да сондай.

Біріншіден, бүгінгі Қазақстан – 30 жылдық авторитарлық жүйенің өзіндік жемісі. Ол жемістің ащы да, тәтті де дәмі бар. Осы кезеңде бастан өткерген барлық драмалар мен сыни сәттердің, адалдық пен арамдықтың, еркіндік пен езгінің, әділеттікке ұмтылу мен адам құқын таптаудың, халық билігін аңсау мен таққұмарлық тартысы, сойқан соғысының нәтижесі!
Сондықтан да бүгінгі қоғам бойындағы барлық игіліктер мен осалдықтар осы күрестен туындаған.
Адамзатты, кез келген қоғамды алға жетелейтін моральдық құндылықтар екені белгілі. Ащы шындықты айтайықшы, бүгінде сол бағасыз құндылықтар құлдырап, құрдымға кетті! «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» идеологиясы дұрыс болғанымен, бізде ол қағидат мүлдем бұрыс, діттеген мақсатына жету үшін басқаның ала жібін аттап, қылмысқа дейін баруды ақтап шығатын сұмдық деңгейге жетті! Адам мен қоғам азып кетті!

Құндылықтар (немесе олардың жоқтығы!) бір маңызды педагогикалық әрі психологиялық қасиетке ие: дәріптелетін өлшемдер ретінде олар әрбір адамның һәм тұтас қоғамның ой-санасын, мінез-құлқын, қимыл-әрекетін, жүріс-тұрысын, түпкі ойы мен арманын, соған деген ұмтылысын қалыптастырады.
Құндылықтардың Конституцияда немесе тиісті заңдарда бекітілуі шарт емес: бізде оған кім қарап жатыр десеңізші. Олар белгілі бір үлгі ретінде өзінен өзі, адам не қоғам қалауынан тыс түзеліп, тұтас бір дүниетанымдық жүйе құрайды. Сөйтіп, адам тұрмысы мен қоғам болмысының күн тәртібін анықтайды.
Әрине, атам заманнан келе жатқан классик-моралистердің талаптарына жетуді армандаудың өзі – өз алдына бөлек, әзірше қол жете қоймас бір құндылық…
Сол құндылықтар құнсызданып бара жатқаны да рас.
Мәселен, «шындықты» алайықшы. Тек қана болмысты, қоғамда болып жатқан күрделі де қарапайым процестер мен оқиғаларды бағалауда ғана емес, адамаралық қарым-қатынаста да біреудің көңіліне қарап немесе қарапайым әдеп сақтап, сол қағидатқа обал жасайтынымыз рас емес пе? Тұрмыста салтанат құрған ол қасиет, ол дәстүр қоғамдық өмірге де еніп кеткелі қашан.

Тұрмыстан алынған бір деталь: бюджеттен шағын ғана жалақы алып, ел қатарлы күн көруге тиіс шенеуніктің ат шаптырымдай зәулім үйіне қонаққа барып, ар-ұят, мемлекетке адал қызмет ету туралы салтанатты тост айтатын да өзіміз емес пе?
Сөйтіп, көңілжықпастық екіжүзділікке ұласып жатады. Оның өзі жаңа заңбұзушылық пен қылмыстарға даңғыл жол ашып береді!
Киелі де қастерлі қасиет болуы тиіс «намыстың» өзін алып қарайықшы.
Өкімет өзімізге (яғни, барша халыққа) тиесілі қазба байлықты сатудан тапқан табысты оңды-солды ат төбеліндей олигархтар тобына үлестіріп жатса, үндемейміз. Немесе сайлауда дауысыңды жымқырып жатса, түк болмағандай, отыра береміз.

Ал көшеде біреу қырын қараса немесе тойда жұрттан кейін сөз берсе, кеудемізді керген намысымыз оянып кетеді! Кейбіреудің намысты қорғаудың өзін қойылымға айналдырып жіберетінін қайтерсің!

«Ар-ұят», «обал», «сауап» деген имани сипаты бар құндылықтарды естен шығарғалы қашан? Олар модада емес, трендте емес!
Трендте тамыр-таныс арқылы жайлы, көлденең табысы мол қызметке орналасып алу, бір сөзбен айтқанда, ретін тауып, жеп қалу! Қасапшының итіндей жалаңдаған сондай адамдар өсіп келе жатқан жастарға үлгі боп барады. Керісінше, адал еңбек етіп, таза жүрген адамдарды қолынан түк те келмейтін бейшара ретінде қабылдайды. Мұрны барда бір сіңбіріп қалмаған, ебін тауып асамаған адамды кінәлау, әжуалау әдетке айналып барады: бұл да өмірдің ащы шындығы!
Сөз жоқ, байығанға не жетсін. Бірақ та біз айтып отырған пысықайлар адал кәсіпті емес, мүмкіндік болса, бюджеттен жымқырып қалуды дәстүрге айналдырғандар. Солардың заманы орнағандай, солардың ұпайы түгел, толар төрге озды!

Моральдық азғындық пен рухани жұтаңдық тұсында материалдық байлықтың дәмі де, иісі де бөлек болатыны содан.
Алда қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар, ендігі мақсат – моральдық құндылықтар культін орнықтыру!
Тек бір нәрсені ұғынып алу қажет: ол құндылықтарды қалпына келтіру, адам мен қоғам санасының төріне шығару дидактика, яғни ақыл мен уағыз айтумен немесе жиын мен отырыстар секілді көпшілік шаралармен ғана жүзеге аспайды. Қоғамның моральдық игіліктер мен мұраттардан қол үзуінің идеологиялық қана емес, материалдық себептері бар, оған экономикалық, әлеуметтік, құқықтық салалар мен қоғамдық-саяси өмірде қабылданған заңдар мен орныққан дәстүрлер де «кінәлі».
Сондықтан бар істі Авгий ат қорасын отыз жыл бойына жиналып қалған қоқыстардан тазартудан бастау керек.

Сонда қоғамдық сана да тазара бастайды…

Екіншіден, бізде қоғам дамуының басты проблемалары мен басым бағыттарын сөз еткенде, кейде терминологиялық эквилибристика орын алатынын қайтерсіз.
Мәселен, «еркіндіктен» гөрі «тәртіп» көбірек айтылып кетті.
Иә, кез келген мемлекетке заңдылық пен тәртіп керек-ақ, әйтпесе, анархия боп кетеді.
Бірақ, тәртіпке ұмтылу адамның құқы мен бостандықтарын жоққа шығармауы тиіс. Әйтпесе, баяғы жартас – сол жартас, балама пікір аяусыз қудаланған таз қалпымызға қайта оралуымыз әбден мүмкін!

«Ұлт боп ұйысу» ұранын да ешкім жоққа шығара алмайтыны түсінікті.
Бірақ, кей жағдайда бұл орынды талап тұтас ұлттың мүддесін қорғаудан гөрі, билік басында отырған бір тұлғаның сойылын соғып кетуге ұласып кететін сияқты. Бір адамға табынудың қатал мектебінен өткен қоғамымыз ендігәрі сол қателікке ұрынбаса деймін. Сондықтан ұлт боп ұйысу деген ұлттық мұраттар мен мақсаттар, яғни нақты әрі ешқашан да өзгермейтін идеялар төңірегінде топтасу, бірігу болса керек. Сонда ұлттың тамыры тереңдейді, жапырағы кеңінен жайылады, іргетасы берік болады. Тек Құдай жалған, ұраншыл да не болса соған ұрынғыш, өресіз ұлтшылсымақтардан сақтасын!
«Мемлекеттік мүдде» туралы да көп айтылады. Шынымен де, өте өзекті талап. Әсіресе, жаңаша тарихымызда халық меншігі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп, талан-таражға түскенін және де бір күнде Тәуелсіздігімізден айрылып қала жаздағанымызды ескерсек, бұл – шынымен де күн тәртібінде алтын әріппен мәңгілік жазылып тұруға тиіс ұран.
Бірақ, кей жағдайда бұл бұлжымас ұран да күнделікті саяси күйкі тірліктің құрбаны һәм құралы боп жатады: мәселен, мемлекеттік мүдде үкіметтік, тіпті министрлік не әкімдік мүддемен шатастырылып, мүлдем басқа мағынаға ие боп кетеді. Соны ұрандатып, белгілі бір топтар не тұлғалар өз ұпайын жинап алады. Осы екеуінің де ара-жігін ажыратып алатын кез келді.

Үшіншіден, бізде Адам мен Қоғам арасында жанды, табиғи байланыс, ең бастысы, сана мен жүрек қалауымен қалыптасқан, мүдделер мен мақсаттар бірлігі мен тұтастығы жоқ.
Әрбір жеке Адам өзін Қоғамның құрамдас бір бөлігі ретінде ұғынбайды. Өз қағынан өзі жеріген эгоизм мен индивидуализм секілді ұжымшылдыққа жаны қас қасиеттер сананы билеп алды. Кезінде барша жұртты «жабайы капитализм» құрдымына лақтырып жіберген биліктің «Өз күніңді өзің көр!», – деген пәрмені бір күннің ішінде қайыршы боп шыға келген қарапайым халықтың санасында мықтап сақталып қалса керек: аузы күйген үріп ішеді, шынымен де бүгінде адам тек қана өзіне сенеді. Ақшасы бардың қолы ойнайды, ақшасы жоқтың көзі ойнаған мына заманда басқаға, соның ішінде, «жарылқайды» деген өкіметке де сенбейді. Қымбатшылық пен қиындықтар мойнына қыл бұрау салған оның жағдайын түсінуге де болатын шығар.

Қайда барса да, Қорқыттың көрі, содан барып, адам өз қоғамынан, мемлекетінен жиреніп, алшақтай бастайды, өзінің бүгіні мен болашағын онымен байланыстырмайды.
Соның саяси салдары ретінде, қоғамдық өмірге араласпайды, қоғамдық істерде белсенділік танытпайды. Оның өзі «сен тимесең мен тимен, бадырақ көз» психологиясының қалыптасып, өмір салтына айналуына себеп болып тұр.
Отаны емес, от басы, ошақ қасынан аса алмай қалғандар арамызда қаншама?! Өз еліне жаны ашыр абыройлы азаматтардың емес, қара бас қамын ғана күйттеген тоғышарлардың (обыватель) тұтас бір табы пайда болды емес пе?!

Мәселен, жер-жерде қоғамдық тыңдаулар не талқылаулар өткізіліп жатады. Оған көптеп қатысып жатқандар қайда? Немесе белгілі бір сала бойынша «жалпыұлттық бағдарлама» қабылданады. «Соны орындауға ат салысу – өзімнің мүмкіндігім әрі тікелей міндетім» деп, сол шаруаға білек сыбана кіріскендердің қарасы қайда?
Электораттың осындай әрекетсіздігі мен бойкүйездігі, әсіресе, авторитарлық билік жүйелеріне әбден ыңғайлы: азаматтар неғұрлым енжар болса, қоғамдық не мемлекеттік істерден бойын аулақ ұстаса, өкіметке сол жақсы: құлағы тыныш әрі өз ешбір бақылаусыз өз шаруаларын реттеп алады.
Оған қоса, бір саяси технологиялық әдіс бар, оны билік және оның оппоненттері жиі қолданады. Оның мәнісі мынада: әртүрлі жағымсыз тұлғалар мен фактілер негізінде қоғамдық санаға саясаттың сұрықсыздығы, сұрқиялығы туралы тезис сіңірілген. Бүгінде екінің бірі, кім алғашқы айтқанын білмесе де, «саясат – лас іс» деп айта салады. Және де оған имандай сенеді.

Содан барып, қоғамдық және мемлекеттік салада маңдай терін төгіп жүргендерге бірыңғай әрі тұтастай лайықсыз баға беріледі. Бірақ, бес саусақтың бәрі бірдей емес қой? Саясатта жүргендердің бәріне бірдей топырақ шашуға бола ма? Ресми және бейресми насихаттың осынау дүдәмал доктринаның қоғамдық санаға тықпалауын өз басым қарапайым, адал ниеттегі адамдардың саясатқа, соның ішінде, ел басқару ісіне араласудан мүлдем аластаудың бір амалы деп санаймын.
Жеке адамның саяси саяқтанып, өзін қоғамнан тыс қоюы отансүйгіштік, патриотизм секілді аса маңызды сезімдердің қалыптасуына өз салқынын тигізуде! Битке өкпелеп, тонын өртегісі келетін ол тасжүрек қауым қоғаммен тарихи байланысын да үзіп тастаған. Басқасын айтпағанда, олар ұлттық трагедиялар – Ақ табан шұбырынды, алқакөл сұлама, Ашаршылық, Желтоқсан, Жаңаөзен, Қанды Қаңтардың өзін өз қасіретіндей сезінбейді! Одан асқан тарихи безбүйректік бар ма?!
Ең қауіптісі – мұндай ұстаным қоғамда саяси нигилизмді, яғни мемлекетке деген біржақты теріс көзқарасты, ешбір заң мен ережені мойындамау, айналасындағы болмысты тәрк етіп, жоққа шығару дәстүрін орнықтырады. Ал мұндай көңіл-күйдің қайда алып баратынын жаңаша тарихымыздағы қанды оқиғалар көрсетіп жатыр емес пе?!
Бірақ, қазіргі заманның бір ерекшелігі бар: басқа салаларда саяси енжарлық танытқанымен, ұлттық мүддеге келгенде қазақ қоғамының белсенділігі ерекше. Оның да өз себептері бар: алдымен орыс патшасының, содан кейін советтік коммунистік империяның отарлық саясатының зардабын шеккен ұлттық санада тәуелділікке қарсы иммунитет қалыптасқандай. Сондықтан тарихымызда дүмпу-дүмпу ұлт-азаттық бас көтерулері бұрқ етіп, метрополияларға сойқан соққы соғып тұрды.
Өз басым қазақтың дәл осы белсенділігі халықтық талаптың басқа да маңызды салалары мен бағыттарын – әлеуметтік, экономикалық, құқықтық, саяси – жайласа деп тілер едім. Бір сөзбен айтқанда, ұлттық сана-сезім – демократиялық қозғалыс пен үдерістің ең басты қозғаушы күші болуы тиіс.
Сол уақыт та алыс емес екеніне сенемін!

Төртіншіден, құндылықтардың қоғамдық маңызы барлары бар. Мәселен, отыз жыл бойына «алдымен экономика, сосын – саясат», – деген ресми қағидат бұлжымай келді. Нәтижесінде, не оңған экономика, не жетіскен саясат жоқ.
Бүгінде Жаңа Қазақстан идеясы жарияланып, оның негізгі ұстыны «әділеттік» болып белгіленген сияқты (бастама жап-жақсы-ақ, құптау мен қолдауға әбден лайық, енді оның жүзеге асуын тағатсыздана күтеміз, әйтпесе, осы уақыт ішінде билік қаншама тәп-тәуір бағдарлама мен тұғырнамалар ұсынды десеңізші, бірақ бәрінің соңы сиырқұйымшақтанып кетті!).
Әрине, кез келген елді өрге сүйрейтін, тұтас ұлтты межелі мақсаттарға жұмылдыра алатын ұрандар басқа елдерде бұрын да болған, қазір де бар да. Әр ел оларды өзінің даму жағдайына, көкейкесті мұраттарына, халқының менталитеті мен ерекшелігіне сай таңдаған. Бірін билік ұсынған, ал бірін биліктің қалауын жарата бермейтін қоғамның өзі ұсынған. Басты ұрандар таңдау ісі кейде бейбіт түрде шешілген. Мәңгілік мызғымайтын мұраттарын қантөгісті революция арқылы енгізген ұлттар да болды.
Солардың бәрін ой елегінен өткізе отырып, бір тенденцияны аңғардым: әрбір билеуші жүйе, жеме-жемге келгенде, өзінің нақты кезеңдегі саяси мүддесіне сай ұран ұсынады әрі таңдайды. Бізде де солай болды, қазір де солай.
Солардың ішінде ұмыт болып бара жатқан бір қағидат бар.
Оның аты – «теңдік».

Әрине, мұндай ұғым мемлекеттен көмек дәметкен әр адамды масыл көретін, «бәрін нарықтың өзі шешсін» деген суперлибералдарға ұнамайды. Олардың ойынша, мүмкіндігі әрқилы адамдардың арасында теңдік болуы мүмкін емес.
Мен болсам, «теңдік» ұғымын нәтиже ретінде емес, «о баста барлық азаматқа бірдей тең мүмкіндік берілуі керек» деген тұрғыдан ұсынар едім. Менікі «теңгермешілік» емес, нағыз, классикалық тұрғыдағы «теңдік»!
Яғни, әртүрлі әлеуметтік жағдайы бар адамдарға бірдей құқықтық, әлеуметтік, экономикалық, қоғамдық мүмкіндіктер кепілді түрде берілуі тиіс.
Ал ондай мүмкіндіктерді орынды әрі ұтымды пайдалана ала ма, алмай ма, ол әр адамның өз таңдауы!
Осындай бағыт ұстанған мемлекет те өз азаматтарына сүйкімдірек болатыны да сөзсіз.
Бесіншіден, қоғамда орныққан құндылықтар мен заңмен бекітілген ережелер, оған қоса, нақты болмыс, өмірлік тәжірибе қоғамның қимыл-әрекет жасауының нақты механизмдерін тудырады.

Мәселен, отыз жыл ішінде бізде халықтық қалау мен таңдау (мен демократиялық принциптерді айтып отырмын) негізінде емес, тамыр-таныстық, туыстық, құда-жекжаттық, жершілдік, рушылдық, бертін келе, «сыныптық», «курстық», «әріптестік» принциптер негізіндегі бейрәсми құрылымдар үстемдік етіп келді.
Біртұтас ұлтты осылайша алалау, бөлшектеу небір ұлттық трагедияларға алып келді! Нағыз сорымыз, қасіретіміз осы болды!
Орта ғасырлық тұрпайы да анайы, мемлекетті ыдыратқыш әлеуеті бар дәстүрлер XX-XXI ғасырдағы қазақ елінің өркениетті дамуына орасан зор кесірін тигізді! Өзара тартыстар мен етектен тартушылық қаншама мықтыларды өз обалына қалдырды!
Өкінішке орай, батпандап кірген нәрсе мысқалдап шығады: осы кеселдің симтомдары қоғамдық өмірде әлі де сезіледі.
Содан арылу – бүкілхалықтық міндет!
Әйтпесе, өскелең ұрпақты болашағынан айырамыз!

Алтыншыдан, кез келген елдің қоғамдық процестеріне оң не теріс ықпал жасайтын, болмыс пен тәжірибенің өзі сұрыптап, іріктеп, саясат сахнасына шығарған таңдаулы күштері болады. Оны әр жерде әрқалай атайды, көбінесе, «билеуші топтар», «саяси элита» деп жүр.
Бізге алғашқысы келетіндей, өйткені біздегі мемлекеттік басқарудың тетігін қолына ұстап отырған, өзін Құдайдың құлағынан ұстап жүргендей сезінген, сонымен бірге, Құдай сүйер қылығы жоқ тұрпайы да тойымсыз топтарды «элита» деп атауға ауыз бармайды. Барша жұрт қырылып қалса да, қылшығы қисаймайтын ол каста өз орнынан әлі де қозғала қойған жоқ.
Элитада, ең алдымен, тек, парасат, ел тағдыры үшін жауапкершілік, қоғамдық күш-қайрат, әлеуметтік әлеует, халық алдындағы абырой-беделі болуы шарт.
Бізде ондай деген атымен жоқ!
Бізде бәрі керісінше: құдыққа құлан құласа, құрбақа құлағында ойнаған заман! Ит жоқта шошқа үреді десеңіз де, еш қателеспейсіз.
Біздің басқарушылар билікті тек қана жеке басының жағдайын түзеп алу, қалтаны қампиту деп қана түсінеді.
Міне, осы топ шынайы саяси элитаға айналуы тиіс.

Жетіншіден, бүкіл әлем мойындап, санасып отырған ғаламдық проблемаларды өз жағдайымыз бен мүмкіндіктеріміз арқылы қабылдау жетіспейді.
Мәселен, адамзаттың күнделікті тыныс-тіршілігінің арқасында ғаламдық температураның көтерілуі немесе әлемдік мұхиттың пластикпен ластанып, ғасырлар бойына ыдырамайтын зиянды химиялық қоспалардан аумағы бір қаладай тұтас аралдар қалыптасып жатқанын Қазақстанда тұрып жатқан біз өзімізге ешбір қатысы жоқ мәселедей қабылдаймыз.
Жоғарыда жеке адамның өз қоғамынан жерініп, саяқ жүргісі келетіні жайында жазсам, өз проблемаларын шеше алмай басы қатқан біздің қоғам да өз қотырын өзі қасып, ғаламдық сипат алып бара жатқан тенденциялар мен процестерден шет қалып қалғандай көрінеді маған.
Иә, әртүрлі халықаралық жиындарға қатысамыз, сөз сөйлейміз, нақты елдермен одақ не басқа бір ұйым құрғымыз келеді. Ол – мемлекеттің миссиясы.
Мен болсам, әр адамның, тұтас қоғамның көзқарасы туралы айтып отырмын.
Сол себепті, «барша адамның, түптеп келгенде, адамзаттың тағдыры бір» деген постулатты әр азаматтың, барша қоғамның санасына сіңіруіміз қажет сияқты. Онсыз өркениет көшінен қалып қоямыз…

Сөз соңы

Бұл – менің 12 мақаладан тұратын «Қазақ, қайда барасың?» атты циклымның соңғы, яғни қорытынды жазбасы. Алдындағы мақалаларымда ел өмірінің бірқатар салаларына қатысты шашылып жүрген ойларымды жинақтап, соның квинэссенциясын ұсынған едім. Айтқан сыным да жалаң болмай, сындарлы болсын деп, әр салаға қатысты нақты (жеті-жетіден, киелі сан ғой) ұсыныстарымды жарияладым.

Оның бәрі – менің тым ерте араласып кеткен мемлекеттік қызметім мен қоғамдық-саяси өмірдегі тәжірибемнен түйген түйінді ойлар.
Әрине, ұлтымыздың кешегісі, бүгіні мен болашағы толғандырып, сол тақырыпқа қалам тербегендер маған да дейін болған, менен кейін де болатыны хақ.
Оның үстіне, бір адам 30 жыл бойына билеп төстеп келген мемлекетімізде өз шешімін таппай, қордаланып қалған проблемаларды бірнеше мақаламен «реттеп» тастау да мүмкін емес.
Менің ойларыммен келіспейтін адамдар да аз болмайтыны айтпаса да түсінікті. Оны мен білемін.

Өйткені, іздену, оның үстіне тұтас бір ұлт болмысының оңы мен солын ажыратып, өркениеттік даму жолындағы басым бағыттарын анықтау – бір жұмыр басты пенденің емес, тұтас ғылыми-зерттеу институттарының еншісіндегі шаруа, ал сол ізденіске талпынудың өзі – бір сәтке болса да тоқтамайтын, үзілмейтін, үздіксіз, толассыз процесс.
Олай болса, бұл мақалалар – сол талқылауға қосқан менің кішкентай ғана үлесім деп білерсіздер.
Бүгін мен осы циклдың соңғы нүктесі, жо-жоқ, нүктесі емес, үтірін қоймақшымын, өйткені қазақ мәңгі, сол себепті оның тарихи кезеңдердегі орны мен бағыты туралы әңгіме де таусылмақ емес.

Соңғы мақалам болған соң, оқырманнан рұқсат сұрай отырып, бір шығармашылық еркіндікке жол берейін.
Әр заманда әр адам қоғамның басты құндылықтары хақында болғанын, өзіне және басқаларға сұрақ қойған. Шәкәрім де сөйткен екен. Оның атақты бес сауалына кезінде мен де жауап бергенмін.

Осы өлең-жауаппен әзірше тақырып тәмам:
«Алланың адамды жаратқандағы мақсұты не?»

Біле білсең, Өмір өзі – дара сын,
Жаратқаным бар пендесін ұнатқан.
Бірақ, кейін берген нағыз бағасын,
Әрқайсысын өткізіп ап сынақтан.

Әр ұрпақтың айнымайтын тірегі –
Әке сөзі мен ананың ақ сүті.
Өз мақсұтын Алла өзі біледі.
Мен сезетін Жаратқанның мақсұты:

Салыстырып көзі ашық пен наданды,
Бірін – сөгіп, ал біреуін – ұлықтау.
Бес-ақ күндік ғұмыр беріп, адамды
Пейіш пенен тозаққа деп сұрыптау.

Есіргенге бермей қойып еш үміт,
Адамзаттың атқорасын тазалау:
Өз күнәсін мойындаса, кешіріп,
Тәубасына келмегенді жазалау.

«Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін?»

Адам – Алла жаратқанның ерегі,
Жұқты бірақ пендешілік безгегі.
Тіршіліктің адамға ең керегі –
Бақытты ету өзі менен… өзгені!

Әр күніңді сүргін нағыз ғашықтай,
Ұмытпағын ар-ожданды, ұятты!
Жүз жасайтын адам жүрер асықпай
Мың жасаған
Нұқ пайғамбар сияқты!

Өткен күннің жоғалады дерегі,
Терісіндей қоянның ол бір күндік.
Тірі кезде талап қылғын, себебі
Тіршілік – ол Алла берген мүмкіндік!

Солай, солай. Бағалай біл Уақытты,
Ол да талай тақырыпты қаузыған:
Өзің бірақ бола алмайсың бақытты
Өзгелердің жырып алып аузынан!

«Адамға өлген соң, не жөнмен болсын,
рахат-бейнет, сауап-азап бар ма?»

Пенделердің өтер күні пендемен,
Екі өмірде бар қуаныш, бар қайғы:
О дүние болмысына сенбеген
Бұ дүниені қарық қыла алмайды!

Халық – дана, кім бар оған тең келген?
Кітабы оның хадистерден қалың да:
Жаратқанға жалбарынып сенгенмен
Тым әсіре діншілдікке салынба.

Шаршаса жас,
кітап оқып шаршасын,
Қатар ұста дініңменен діліңді!
Бір мешітті жүз мектебің қоршасын –
Құдайға да адам керек білімді!
Болашағың – мінезде һәм құлықта,
Үйрен білім, ілімдерді жатта бар:
Бақилықты ойла, бірақ ұмытпа
Миссияңды бұл фәниде атқарар!

Әр пенденің ойында бар бір айла,
Өлгеннен соң басқа күйге енеді.
Сен сенбесең,
сенбей-ақ қой Құдайға,
Бәрібір де Құдай саған сенеді!

«Ең жақсы адам не қылған кісі?»

Әр адамда болады екен әр шама:
Ең жақсы адам –
Алла берген бес күнде
Мың жақсылық
жасай алған баршаға,
Бір қиянат жасамаған ешкімге!

Ең жақсы адам жаманға да кең еді,
Ешқашан да берілмеген бейпілге.
Алланы да алдағысы келеді
Жаман адам жақсы
адамның «кейпінде».

Реттеп қойған жалпы
менен жалқыны
Өмір – базар, әркімнің бар үлесі.
Біле білсең, Адамзаттың әр күні –
Жамандар мен жақсылардың күресі!

Әрбір сәтің – шешуші кез бақ сынар,
Кім екенің көрінеді тегіңнен:
Адалдықтан айни алмай жақсылар
Арам ойлы жамандарға жеңілген.

Ұзақ ғұмыр беріп, адам шарласа
Бұл өмірдің ойын, қырын, адырын…
Бірақ, бірақ, жаман адам болмаса,
Жақсы адамның білеміз бе қадірін?
«Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара ма?»

Қатар жүріп үміті мен күмәні,
Толқыннан соң толқын келер тізіліп.
Жағдайларға арта берме кінәні:
Заман емес, адам кетті бұзылып!

Жалған сенім. Жоқ ондайдың құны түк,
Бұл фәниің – бақилыққа өткелдей:
«Шүкір», «тәуба» дегендерді ұмытып,
Адам өзін Құдай санап кеткендей!

Ой-санасын басты ашкөз пайда нық,
Астамшылдың бола ма екен күні ашық?
Парыз кетті қарыздарға айналып,
Кінә кетті күнәларға ұласып!

Расын айтам – ұнамасын, ұнасын –
Екіжүздің шығып жатыр атағы:
Апта бойы мойнына алған күнәсін,
Жұма сайын жуып-шайып жатады!

Бірі – нәпсі биі, бірі – боданы,
Адамдардың жақсысы бар, жаманы.
Адамына сай болады қоғамы,
Қоғамына сай болады заманы!

Бұл заманның қат нәрсесі – ибалық,
Ол болмаса, бар тірлігің күйік те:
Жақсы адамдар қалады екен қиналып,
Жаман адам шығып кетсе биікке!

Пікір қалдыру