Қайсар ӘЛІМ
1
Қыран қаласында Ұлы бабаның мерейтойы аталып өтетіндігі туралы хабар тарасымен-ақ жалпақ жұрттың назары сол бәкене аудан орталығына жанұшыра ауған секілді. Ел іші көрікше желпініп, түу алыс сыртқа да дабылы жедел тарап, бейнелеп айтқанда, төрткүл дүние алақандай сол шаһарға жәудіреген назарын тікті, ду-думан даңғазасы «тойдың болғанынан боладысы қызықтың» керін анық танытып, алақайлап тұрды. Ой қазығы – той, ауыз ашылса – той, іс-қимыл жасалса – той боп, түгел төңірек той дайындығымен желпініп, желігіп-ақ кеткендей.
Бұндай бүйір қыздырмаға оныншы сыныпта оқып жүргенінде іргеде жанай ағып жатқан өзеннің сеңінен секіріп өтем деп, мұздай суға құлап, әупірімде әрең жаны қалған, қалғаны құрысын қос құлағын таскерең етіп, өмір бойы әркімнің аузын бағып, ымынан да түк себесін таппай, тек қалтасынан тастамайтын қағазы мен қарындашын ілдебайлап, түсінісе алатын жарымжан күйдегі Ақбай да бөгелек тиген сиырша осқырына қосылып, көзі-басы алақ-жұлақ етіп, одағайлап, қуанғаннан құтырынып шыға келген-тін. Оның мұндай күйін Қыран қаласының күллі жұрты түсінеді, ақадал мінезіне әбден қанық. Алақандай шаһар, ежелгі дуан атауымен де тарих көмбесіне не бір ғажайып шежіре-жақұттарын тығып тастағаннан бері, қаншама қоғамдық-саяси өткелектерінен өткенімен де, қазіргі заманның түрпідей тиген шыбыртқысын да елемей, бұйығы күйде жатқанымен, келер ғасырына қыранша қиғылық салмақ ниетін оқта-текте оқыс аңғартып қалатын. Сондай өр мінез, өрекпіген кеуіл, кеуде бастырмайтын намыс, ар тазалығы, қазақы қалпы осы мерейгер Ұлы бабаның, оның әріден желіленген текті рухынан беріге ұласқан ұшқындарынан жалғасты болғанын қалың елі таразылайды. Ұлысыз күні қараң болар ма еді, қайтер еді? Алаштың түу бастауындағы айбоз Әлекеңнің, қатарындағы қанаттасы Жақаңның жарылқауымен «Ел біркүншіл, менікі ертеңгі үшін» деп жанын пида еткенін іңгәлаған сәбиге дейін сезінеді… Ал кейбір керенаулардың мұны түсінгісі келмейтініне Ақбайдың меселі қайтпай, жынын шашар бурадай буырқанады. «Тексіздер-ай!» деп таптап тастағысы келеді. Енді мына өткелі жатқан тойда олар нендей көргенділік танытар екен. Соған налиды, тұла бойы шамырқанады. Бір түні қаланың қалқиған бағаналарының жүз шақтысына «Тойды жанымызды салып, ұятқа қалмай атқарайық!» деп, өз қолымен толтырған жарнамасын жабыстырып тастаған. Ал, көрсін енді кейбір самарқау марқасқалар…
Мұны көрген күллі қала шулап оянды. Әсіресе әкім-қараларға аяздай батыпты. Ақбайдың пәтеріне қоңыраулар жаусын. Анасы бейшара жауаптасып үлгере алмай жатыр. Басы даң-дұң.
– Бұл кім тағы, шұнақ құдай?
– Әкімдіктен… Ақбайды шақыр!
– Шақырмаймын!
– Неге?
– Ол саңырау!
– Саңырауды көрсетем саған! Әкімді мазақ еткенің үшін жаза тарттырамын.
– Көтек, неғылдейді?
– Арғы жақ сәл үнсіз қалды да, тағы тақымдай түсті.
– Әкімді қорлап тұрған бұ кім?
– Ақбайды туған анамын!
– Неге саңырау етіп туғансыз?
Ана байғұс сап-сау туғанын айтып, ақтала бастады. Әкіммен сөйлесіп көрмеген еді, денесі құрысып, жүрегі тулап, сөзі аузына тығылды. Оның келесі сұрағынан да шошып, зәрезап боп тұр еді, бір кезде Ақбай телефон тұтқасына жармаса кетіп, әйдә қиғылықты салды дейсің. Манадан бері шешесінің өңі қашқанынан қолайсыз бірдеңелер айтылып жатқанынан сезіктенген ол, кім екендігіне де пысқырмай, «не оттап тұрсың?» деп, бастады да автоматша пытырлатсын… Әйтеуір, ақталу керек-ақ. «Әй, боқмұрындар, менің саңыраулығымды басынбаңдар! Давай, айтысатын болсаң, қағаз-қаламыңды алып үйіме келіңдер. Ит теріңді басыңа қаптайын. Мүмкін менің түнде жапсырған листовкаларымды артық көріп тұрған шығарсыңдар. Әйдәәә, милицияңды жібер, соттаттыр! Ұлы бабам да талай түрме көрген. Менің қай жерім артық ол ғұламадан, ә? Білем ғой, сендерді, тойға әзірліктерің тым әлсіз. Ұлы бабаның ауылына тас жол тартамыз деп едіңдер, мардымсыз бірдеңе. Қайта, анау нешеме жыл сотқа ілігіп, тиянақталмай жатқан Сырғымадағы бөгетті бітірумен әлексіңдер. Әрине, тегін мәпақа болғасын, сөйтесіңдер. Тастаңдар оны, барлық күшті Ұлы бабаның ауылына апаратын тас жолға салыңдар! Әйтпесе, мені білесіңдер, жоғары билікке шағым хат жөнелтем! Ойнамаңдар менімен. Кіммен сөйлесіп тұрмын өзі. Айт, жаның барда! Ойнамаңдар дедім ғой, менімен. Осы тойды дұрыс өткізбесеңдер ауданың бар, облысың бар, әкімдеріңнің табандарын жалтыратам! Ұғып қойыңдар осыны! Менің есімімнің неге Ақбай екенін білесіңдер ме? Алғашқы буыны мен соңғы буынын жіктеп көрші, атаңа нәлет, сонда түсінесің! Ұлы бабаның есім-сойының қос буынынан будандастырылған менің Ақбай атым құрысын, осыдан тойды тәуір өткізбесеңдер, шаштарыңды бір талдап жұлам!»
Ақбай екі иығын жұлып жеп, аласұрып кетіпті. Не де болса, анаған айтып қалғысы келеді. «Телефоннан сөйлеп, менің шешемнің дегбірін алып тұрған сен кімсің осы?» – деп ақырып қалғанда, ана байғұс: «ойбай, ол әкім деген дөкей ғой», деп тұтқаға жармасты да үстелшедегі қағазға жалма-жан жаза бастады: «Тоқтат, балам, жалынам. Ойбай, ол әкім деген дөкей ғой. Барлық билік қолында, кесел келтіріп жүрер. Ақылың бар ғой, тоқтат!». Бұл жазуларға көзінің ұшын салып үлгеріп, істің насырға шапқанын енді түсінген Ақбай шегінерге жол жоғын сезді де, одан бетер өршелене түсті. Анасына тұтқаны бермей шаптығып, оның маңдайын соққылардай қолын сермелеп: «Ал айтшы, сен әкім! Мына өлең кімдікі? «Мен бұқтым, жаттым, Сен бұқтың, жаттың, Кім істемек қызмет? Ауызбен айтып, Істерде қайтып, Жоламасақ, не міндет? Тек жүрсе тоқ жүрмекті, Қиын деме білмекті». Білмесең, жаттап ал тойға дейін. Ертеңдер сол тойда халықтың алдында сынақ алам, бетің қызарып жүрмесін! Әй, әкім… с-ее-нн…». Осы кезде анасы шыдамай ұлының қолынан тұтқаны жұлып алып, еңіреген күйі көрпе үстіне құлап түсті…
Ертеңіне таң елең-алаңда бұлардың есігі қақырай қағылды. Полиция боп шықты. «Жүр, жүрлеп» Ақбайды алдына салып айдап әкетті де, қамап тастады. «Не үшін қамап жатырсыңдар? Шағынам, бұларың заңсыз», – деп, бұлқынып еді, погонды пәле көзін тарс жұмып алып, басын шайқады. «Мейлі, – деп терезе торынан сыртқа көз жіберді тұтқын зілдене. – Мейлі, түрмені көргеніме де разымын… Ұлы бабам да талай түрмені адақтады ғой. Ол кісі халық үшін қамалса, мен сол кісінің тойы үшін қамалдым ғой. Арманым жоқ!».
Түс ауа салдыр-күлдір кілт бұралып, ішке өзге бір погонды құбақандай біреу кіріп келді де мұны тергей бастады. Қуанып кетті мынаның шәлкей-шәрім дене бітіміне қарап, нақа тайталасып кетсе, алып ұрып, езгілеп тастауға күші жететін сықылды. Түрмеде де төбелес болады деуші еді, сондайда есесін жібермес, әйтеуір.
Анау шікірейіп, сенің бар тағдырың менің қолымда деген сұспен бұған бірдеңе деп аузын жыбырлатты. Бұл басын шайқап, екі қолын жайып, қос құлағын ымдап еді, анау мазақ еттің дегендей түрін суытып, кішкентай аузын аюдыкіндей ғып айырып жіберсін. Ақбай өзінің тас саңырау екенін айтқанда ғана ол есіне бірдеңе түскендей есінеп алды да, ақ қағазға асығыс сүйкектетіп ұсынды: «Кешегідей әкімге әкіреңдеген лас сөздеріңмен, ертең түрмеден біра-ақ шығасың!» Бұл оған шапшаң жауап қайырды: «Е-е, түрмеде осы қазір отырған жоқпын ба? Неге сандаласың?» Ашудан қолы қалтырап, ананың жазғаны: «Тіл тигізбе! Сен қазір тергеу изоляторында отырсың, осылай асқақтай берсең, нағыз түрмеге тоғытам!» Бұл: «Тоғыта бер, Ұлы бабамнан артықпын ба?» – деп шаңқ етті.
Сонымен екеуі тайталасып, түске дейін бір буда қағаз толтырып, қолдары қарысып, тек көздерімен атысып, тілдерінен күрмеліп, шатқаяқтанды да қалды. Ақыр соңында бұлар рөлдерін алмастырып алғандай боп шатыссын. Бір қараса, Ақбай анаған арнап « Сен тергеуші, мына өлеңнің авторын білесің бе?» деп, бір шумақтың басын қайыра сұрапты. Ананың көзі атыздай боп кетіп, қаламсабын найзадай тіктеп, қақыратқысы кеп отыр екен. Онысынан қорынбай: «Білесің бе?» деп жекірді. Анау үрейленіп басын шайқады. «Ендеше әкімге айтып, осының үшін қызметіңнен қуғызам!» Тергеуші орнынан ұшып түрегеп бақ етті. Қаламсабы сырғып жерге түскенде, соны иіліп алмақ болған шығар десе, сабазың Ақбайдың бәтеңкесіне маңдайын тигізіп, оның үшкір тұмсығын сулап тастапты… Бірдеңе деп, жалбырынышты қыңсылайды…
2
Ақбай Қыран қаласының батысына қарай орналасқан Тартыс стадионының маңайын таң құланиектеніп атқаннан бері су төгілмес жорғадай сыпыра адақтап жүр. «Шіркін-ай, ұсталып, қапаста бір күн жатып шыққаным мұндай оңды болар ма?» деп, санын шымшылап, бұрынғы ескі әуежай орнына төселген тікұшақ жолағының екі қапталына қаздай тізілген елу киіз үйдің біразына кіріп шықты. «Жабылған» деген атағы бар ғой, бұл келгенде бәрі жік-жапар боп, қоғадай жапырылады. Жолын бөгемеңдер деп, әкімнің ескертіп қойғанынан да еміс-еміс хабардар. «Ақбай үрейімізді алмағанда, той дайындығын бүйтіп ойдағыдай аяқтай алмайтын едік», – деп разылығын бір тұста айтып қалыпты. Қалың жұрт та бұны көрген сәтте «әне, Ұлы бабаның нағыз туысы, ізбасары келе жатыр», – деп елпек қағады. Шындығында ол кісіге үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Қазақ тек жүре ме, тойға дайындық кезінде осыншама шулатып, жоғарыға арыз жөнелтіп, кем-кетігін көздеріне бадырайтып басып, алқымы ісініп жүрген мұны қарадан-қарап рулас қып қойып, баяғы бөлінбесе бөтегесінен тас түспейтіндей кейіпте қызылкөзденеді. Бірақ ондай уақ қылыққа Ақбай «уа, бірігіңдер, тіріліңдер», деп ұрандата бөгесін қояды. Ұлы бабаның мына сөзінен сабақ алуға үгіттейді: «Бірлік қып іс етуге шорқақ, жұртым, Табылса оңай олжа ортақ, жұртым. Сияқты қара қарға шуылдаған, Үрейсіз қоян жүрек қорқақ, жұртым».
Әлгі тікұшақ жолағын қапталдай тігілген елу киіз үйдің сән-саланаты тым бөлек те, одан стадионға қарай арасына кішкене кеңістік тастап сап түзеген жүз ақшаңқан шаңырақтың тұрпаты да жұпыны емес, қазақы тұрмыстың қалпын әуелетіп-ақ тұр. Түнде сойылып пісірілген елу ту биенің еті осыларда аста-төк боп қонақтар алдына тартылғанда, той иелерінің нендей ықыласқа кенелерін ойлап келе жатқан Ақбайдың көңілі бір сәт нілдей бұзылып, алдын қара мысық кесіп өткендей жиырылып, кері бұрылсын. Енді есіне түсті қапелімде… жүрегі ысынды, тұла-бойы пысынды. «Әй, сонда бір шикілік бар!» – деп жүрісін тездете түседі. Жолай кезіккен жолшыларға: «Апат! Апат! Елтұтқа! Елтұтқа!» деп қылғына шырқырайды. Келген бетте жұмыстарын доғарып, енді МТМ-ға (машина-трактор шеберханасы – бұрын тұқымымен жойылған, қажеттіліктен уақытша ашылған) қоюға от алдыра бастаған техниканың алдын кес-кестеді. Тракторшылар шошынып, мұның аузына үңіледі. Жаңа дедектеп келе жатқанда өршіген ойларын лықсытсын кеп: «Түске салым Елтұтқа тікұшақпен осында қонады. Тойға келе жатыр. Тікұшағы мына тас төсеген жолаққа батып қалатын сияқты!..» Бригадирдің көзі атыздай боп, мұның алқымынан ала түсті. «Боғыңды текке пышақтама, жексұрын, қылғындырып тастаймын!» деп екі көзі бөгелек тиген сиырша ақиланды. Жолшылар бұларды айырумен әлектеніп жатқанда тұтқиылдан әкім келе қалсын. Төбелес мәнісін түсінді де өзі бір тракторға отыра салып, жолақтың шетінен түре қуып еді, адым аттамай жатып, бір темір доңғалақтың батыңқы ізін көріп, шошына бар жылдамдығымен алға өршеленді. Бір жері тегіс, екінші бір арқасына доңғалақ батып, жолақ бойы ойқы-шойқыдан адам көргісіз боп қалды. Түтіккені сонша, жүзі өрт шалғандай қап-қара боп, көздері қысырая домбығып, аузынан небір боқтасын, лас сөздер төгілгенде тістері айдаһардыкінен бетер ағараңдап, Қыран төңірегіне бір албасты қара бұлт төтеннен төніп келе жатқандай еді… Қасында тұрған Ақбайды көрмей, маңайындағыларға іздеттіріп, мұны өзіне итермелей бергенде ғана, шап етіп шашынан жұла құшағына икемдеп, бетінен өппек болғанда әлгінің добал мұрынын абайсызда қыршып алды. Неге екенін кім білсін, «разымын, разымын» деп жасқа булығып, қорс-қорс етеді. Ақбай не дегенін түсінбей, қағаз-қарындашын ұсына беріп еді, әлгі еңіреген үстіне еңіреп, «Облыс әкімі қайда, айналайын әкімім қайда?» деп жанұшыра қыстығып, қалтасынан телефонын сипалап әрең тауып, арғы жақтан дауыс естілгенде ойбайға басты…
Стадионның кіреберісінен Ақбайдың төбесі көрінуі мұң екен, жиылған жұрт бүйі шаққандай қопарылып орындарынан ыршып тұрып, «Жасасын Ақбай, жаса, жаса!» деп аспанды күңірентті. Бірақ бұл қошеметті Ақбай сезер емес, биліктегілер жайғасып айтыс қызықтайтын секторға қасындағы серіктерімен ығыса жылжыды. Бір досы алақанын аша қойып, сондағы жазуларды көрген соң ғана, бұлардың мұнша дүрліккеніне аң-таң қалып жымиғаны сол еді, екінші алақандағы «әкім талып қап, ауруханаға түсті, есеңгіреп жатып «Ақбайым!» деп кемсеңдеді» деген сызбаға көзі емес, жүрегі тірелгендей боп әрең түсінді.
Айтыс басталып, делебе қызды. Ақбай жұртқа қарап, бәрін аңдап отыр. Томсырая, бұйығып бүрісіңкіреген жұрт бір кезде асығы алшысынан түскендей қуанып, аузы-бастары керіле ыржиып шапалаққа бассын. Не сөз шығыпты? Досына қабақ қағып еді, оқығаны: «биліктің жоғарғысын– аққуға, ортаңғысын – шортанға, төменгісін – бақаға балап, қара халықтың қамын естен шығарған деп өкіртіп сынап жатыр» дегендік еді. Ақбай шыдамай орнынан ұшып тұрып, қос саусағын тілінің астына жібере жер жарардай ысқырып-ысқырып қалды. Тап осы кезде қалың жұрт уһлігендей боп, аһ ұра, жүздеріне жиіркеніш ойнап, қамыға бастарын шайқалақтатқан еді. Не қырсық атты дегендей Ақбай досына иегін көтерді. Оқығаны: «Елтұтқаны – Құдайға, облыс әкімін – Пайғамбарға, аудандыкін – періштеге балап жатыр!» Бір қырсығы, Ақбайдың әлгі ысқырығы жағымпаз айтыскер ақынның осы астамшыл теңеулерімен қабаттаса шығып еді. Бәсе, өзіне деген жұрттың наразылығын сезіп қалып еді-ау! Бекер болды-ау. Сөйтіп өкінгенше болған жоқ, қарасұр үш-төрт жігіт бұған төне түсіп, қолын қайырып «неңе жетісіп ысқырасың, әкел ысқырығыңды», деп тап берді. Бұл ештеңенің пайымына жетпей, желкесінен қиыла бастағанда, құдай қорғалап әлгілер әлдене сөзге марқайыс танытып, кері серпілген еді. Умаждалған қағаздан ұққаны: «тікұшақ қона алмайтын жолақты сынап жатыр». Сол-ақ екен түстері игі бір топ жігіт жетіп келіп, өзін күшті қолдарымен аспанға лақша лақтыра бастады…
Одан былайғысы Ақбайдың есінде жоқ, маужырап кетіпті. «Той, той» деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген адамға оңай деймісің. Діңкелетіп тастапты. Түртіп оятқан қасынан бір елі қалмайтын досы ғой баяғы. Қобыраған көп қағаз ұстатты қолына. Көзі ілініп кеткенде көп қызықтан құр қалыпты. Бір айтыскер нағыз дәулескер турашыл екен. Ұлы баба ауылына тартылуға тиісті тас жолдың үштен бірі бітпегенін, оның өзі биттің қабығындай боп жүк көлігі бір өткенде ойылып қалғанын қақырата сынапты. Ұлы баба туған жердің бір алқабы әлдене бөтен елге жалға берілгендіктен, жергілікті шаруалар ол жерге аяқ аттап баса алмай, құнарлы жем-шөбін қажеттеріне жаратудан қалыпты. Әуеге ышқынып ұшқан зымырандардың тышынды-қалдығы тау-тау боп үйліп жатқанына, соның зардабынан талай әйел кеспірсіз түсік тастап, тіпті біреуінің екі басты әрі жыланқұйрықты бала туғанын көргенде сол үй түгелімен жынданып өлгеніне тілін безеген ақынның өзі шыдамай кетіп зар еңіреп, оған халық қосылып, Қыран төңірегі жоқтау айтқандай, «Елім-ай!»- лапты! Әйтеуір осы құбыжық түстей зобалаң шақ Ақбайдың мызғыған мезетінде орын алып үлгергені қандай жақсы болған десейші, әйтпесе қолқаны үзер қорсылдың көкесін мұның өзі көрсетіп, зәрені тіптен ұшырар еді. Жүрегі нәзік жаратылыс қой, ештен кеш жақсы дегендей, оқып отырған жазуларын айғыздап, жасын тамшылатсын. Маңайындағылардың уантқанына көнбей қашан тәртіп сақшыларының сергектікпен жетіп келіп, халықтың көңіл шырқын нілдей бұзатын бұл тәртіпсіздігін тез тыя қоймаса, айыппұл саламыз немесе өткендегідей тергеу бөліміне тоғытамыз дегенінде, оның екіншісін қойшы, біріншісі жанын қарып кеткенінен көз жасын ішіне амалсыздан жұтты. Тірідей жас іріккеннен өткен азаптың болмайтынын шындап сезді. Өз азабы бір басқа, халық қынжылысынан артық жан күйзелісі болушы ма еді.
Осылай жүнжіп, берекесі болмай, егер әйел ала қалса, өзінің ошағына да әлгіндей екі басы адамша, құйыршығы жыланша көз тоқтатып қарағысыз бір мақұлықтың міндетті түрде кіре салатынын ойлап, дәл қазір жындануға шақ қалғалы тұрғанын сезді. Ауа қармады, су сұрады. Бөтелкеден су деп жұтқаны арқыраған арақ боп шығып, жанын қоярға жер таба алмай отырғанда, жаман ойдың уын жаман арақ уы қайтарардай иланып, ортан беліне дейін қылғытыпты. Демде көзі қылиланып, беті жыбырлап, танауы делдиіп, ұрты қомпайып шыға келді. Алақ-жұлақ қарасынан мына пәле назарын енді кімге салар екен дегендей үрей шашылып маңайына, жұрт біткеннің салы суға кете барды.
– Қырамын қазір бәрін! – деп шықшытын шытынатып, түюлі жұдырығын сермегелі оқталғанда бірер бас бұғып-бұғып қалысты.
– Кімді қырасың? – деп, батылдау қызылкөз біреу онымен жұмарласа кетіп, осы пәленің қойнына тыққан қаруы болар деген сезікпен күртешесінің қос омырауын бүріп ұстап, тыпырлатпай қойсын.
– Жібер, былай, қырамын! – деп өзеуреген Ақбай өзіне төне түскен әкімнің орынбасарын көргенде тіптен осқырынып кетті. – Сен ғой әлгі ауыл жолын тартып біткен. Сен ғой соған жауапты! Ертең сырттан келген қонақтарды шоқалақтатып Ұлы баба ауылына қалай апармақсың, бәтшағар, ә? Онан да жағыңды айырып тастайын! Қыранда бір адам оқыстан қаза тауыпты деп, келгіншілердің жолға шықпағаны абзал. Масқара болдық-ау, түге! Қане, басыңды өзің тос! Тос деймін!
Өмірі татып алмайтын арақтан елірген Ақбайды тұс-тұстан қаумалап, құрсап ұстаған жұрттың назары бұдан да өткен бірдеңеге ауып жүре берсін.
Баяғы патша заманынан қалған қалқан құлақ репродуктордан зорайып бір күркіреген дауыс естілді.
– Той болмайтын болды! Тарқаңдар! Амантеректің орманы жанып жатыр! Өрт! Кәдімгі өрт! – деген зәрезап хабар осы сөздерді қайталап, өрт дәл іргеге кеп қалғаннан бетер андағайлап жаңғырыға берді. – Өрт деймін, қашпасаңдар болмайды. Бүйткен тойы құрысын, кімге жан тәтті, ыдыраңдар шұғыл!
– Қап! – деді орманшы академик Сәбе, қыркүйектің салқын тарта бастаған, бозқырау таяу кезеңінде мұндай өрттің болуы неғайбылдау екеніне күмәнсіз сеніммен.
– Қап! – деді бұрын облыс, қала, аудан әкімдері болғандықтан шаруашылықтың қыр-сырын жетік аңғаратын батылдықпен қатарласа өкінген Рәгилә, Маран және Жомат.
Ақбай репродуктордың да, бұлардың не айтқанынан беймағұлым күйде еді, досына тесе қарап, жаздырып ала қойған қағазына көзі түскенде оқыра тиген бұзаудай осқырынды да:
– Қап! Қаптан басқа сөз құрып қалған ба , түге! – деп оларға ошарыла қарады да найзағайдай сарт ете қалды. – Өрт! Мен білем, білем…Өрт!..
…Түнемелік тағы бір азалы хабар жетті. Билікті мадақ етіп, жырға қосқан айтыскер ақынды пышақтап кетіпті.
3
– Жаман ырым, жаман ырым! – деп тұр, ұйқыдан көзін уақалап ашқан Ақбай кешегі той сәнін еселеген 150 киіз үйдің орнын сипалап қалғанына мұңайып. – Жаугершілік заманында да мұндай шапшаңдықпен өзі тіккен үйін өзі жықпаған шығар-ау, бұл қазағым! Жаман ырым!..
Маңай біткен ақырзаманның суы жүріп өткендей жым-жылас. Бәрі-бәрі түн ішінде алапат бір тасқынның аузына жұтылып кеткендей жалаңбұт қалыпты. Тікұшақтың тас жолағын жел күшімен ирелеңдеген құм басқыны жауып тастапты. Кәдімгі құм-жаяу борасын үдеп барады. Не көрмеген бұл Қыран! Не сан заман топалаңдарына төтеп берген-тін. Бүгінгі ысқырынған саясат зауалы жон арқасын осып жатқанына шыдас берер. Бірақ шындық, ақиқат туын жықпаған қайран шаһар өз намысын өзі жырта алмаса не болмақшы? Әсіресе мынадай Ұлы бабаның тойы өтпей қалғаны қабырғасынан қан шыпшытып тұрғандай. Аласапыран алмағайып заманның талай құқайына: тап жауларының шайқасына, қара сирақ қылып қайталап соққан аштық жұтына, патшаның төндірген тосын қиқуларына, Кейкінің басын салақтатып сырыққа іліп, әйелінің тірідей қарнын жарып баласын шанышқылап өлтірген сұмдыққа, он сегіз коммунисті заматта оқпен жер жастандырғанға, Алаш пен қызылдардың кескілескен кесапаттарына, большевиктердің кеңес кезеңін пайдаланып қазақтардың ар-намысын үйіткен айла-шарғыларына, тағы талақ айырар тайраңдауларына көнген – бірақ бас ұрмаған, өлген – бірақ есесін жіберіп тұрмаған, түбі жеңген – тарих тағылымына енген!
Осы қиян-кескі қылбұраулардан демі өшпеген бұл Қыран өр кеудесін ешімге ешқашан бастыра қоймас! Бірақ мынауысы батып барады!.. «Бұл қазақ қайтеді, ей, Ұлы бабасының тойын тойлай алмағанына намыстанатын түрі байқалмайды»,– деп кіжіне күңіренген Ақбай қаңсап қалған стадионның қасынан өте беріп кілт тоқтады. Қалтасынан қағазын алып «Ауруханадағы әкім өліп қалмады ма екен? Амантеректегі өртті кім салды екен? Облыс әкімі кімді алдады? Елтұтқа кімге сенді? Өрт сөнген соң қасиетті Қыран жеріне келіп, Ұлы бабаның рухына тағзым етемін деген уәдесіне тұрар ма екен? Халқым осының бәрін қадағалайық, абай болайық, сақ болайық! Биліктегілердің жортақы уәжіндей – мың шақырымдағы өрт қырандықтар жеріне жетіп қалмас үшін шоқпыт алып жолын кес-кестейік! Жасанды өрт сөнер… Қырандықтардың, бүкіл қазақ бойына Ұлы баба дарытқан өшпестей жалындайтын бір ӨРТ бар! Соны жүрегімізден өшіріп алмайық!» деп жазды да достарына көп дана еткізіп шығартқызып, баяғы әдетінше бағаналарға жапсырып қоятынын ойлағанда, қос жанары шырадай жанды…
Бұл өңірде Ақбайсыз шара өткен бе? Дереу хабар жетті. Көлікке мініп алды. Қыран шаһарынан шыға сала Ұлы бабаның кіндік қаны тамған ауылға жеткенше, көзінің сорасы тыйылсайшы. Жылап емес, жүрегінің қаны шапшып, бітпеген кедір-бұдыр тас жолдың бетіне төгіліп жатқандай еді. «Өзімізді қойшы, не бетімді айтам, келер ұрпаққа?» – деп өрт кеселінен өтпей қалған тойдың екіұдай мүшкіл жайттарын сараптап, сонау қыр бойына шашылған зымыран темірлеріне көзі тірелгенде, қазақ елі болашағының тоз-тозы шықандай қарақұсы кеміріледі.
– Тоқта!
Бұл сыртқа ытқып шығып, жолай асығыс сүйкектеткен қағазын арнаулы желіммен электр бағанының бетон бетіне желімдеп тастап, екіншісіне, үшіншісіне… жиырмасыншысына жүгіре түсіп, сәл кідіріп ісін бітіріп, тоңқалаң асқан жерінен соңынан баяу жылжып отырғын көлікке оны өңгеріп салды. Туа бітті қанына сіңген қылығындай бұл кәсібіне жылайсың ба, күлесің бе? Қос аяғын ішке енді бүгілтіп тыға берген жүргізушіге «ананың біреуін оқи салшы», деп шарт ете қалды. Заң. Соңғы бағанға ентелей көз тікті: «Піштіру, бұл пұлы желінген жол – тойды әдейі өткізбегендердің ақыреттік жолы болсын!» Үрейі ұшқан жүргізуші жүрегін ұстап, жерге шөге берді.
Ұлы бабаның кіндік қаны тамған жерде бұрын қимастық, қасиеттілік белгісіндей болып соғылған жеркепе үйшікті қызметіне кіріскен он екінші жылында көруге келген облыс басшысы төбесін аласа белдікке оңдырмай соғып алып, боқтық сөзбен ызаланып, оны сүргізіп тастап, орнына музей атты жұпыны шаңырақты қондырып беріп еді. Соның алдындағы ақ жамылғылы кеуде мүсін, әрине Ұлы бабаныкі, салтанатты ашылуын күтіп тұр дейтін. Соған көзін жылыстай тіккен Ақбай бюджеттен бір тиынсыз, ұрпақтары есебінен салынған қуыршақ мүсінді ақ күмбезге ішінен күбірлеп дұға қылып, кібіртіктеп тақай түсті. Қарақұрым халықтың жиынынан ақ күмбез суда тербелген қайықтай бұлдырлана көлбеңдеп көзден тасаланады. Мұнда Ұлы бабаның арғы тегінен мүміндер бейіті де жапсарланып қаланған екен, аяқ басқан сайын жертапты болған үймелерді қор қылам ба дегендей, жұрт өте сақ, абайлап жылжиды. Әр жер, әр тұста күңіренте, бипаздап оқылған құран сүрелері естіледі. Мұндайларын көзбен түсініп тұрған Ақбайға бұлардың бәрі әлденеге шоқынып жатқандай боп көрінеді… Әлде қисық ойының қия басқандығынан ба екен. «Жо-жоқ, шоқындылардың көкесін биліктегілерден көресің», деп бір ойын екінші ойымен айтыстырып қойғанды жақсы көретін ол сықылықтап күлейін деп еді, тамда бұлай етсең, аузың қисайып кетеді деген бұрынғылардың тыйымын еске алып, тежеле қойды. Қайта, түрін суыта түсті.
…Ақ күмбез басында тіпті де ойластырылмаған митингі басталып кетсін. Жұрттың ашуы жүздеріне шауып, ойдан-қырдан жиылғандардың өздері бәлен жыл көріспесе де түзу сәлем алыспай, кектене бастарын изесіп, бір түрлі тома-тұйық күйде әлдене зілдің астында жаншылғандай ұйқы-тұйқы абыржыңқы кейіпте. Тоқсанға тақаған Нарту ақсақал ұйытқи соққан желден шіләпісін ұшырып алам деп қорынды ма, қос қапталының шуда жібін саусақтарына шиырлап іліп, зілді сөзін бастап кетсін:
– Адам өлімі болмаған, құдай өзі кешірсін, мың шақырымдағы өртті сылтаулап, Ұлы баба тойын доғарып тастарын білгенде мен, су шаруашылығын басқарып жүрген дөкей кезімде, қолымнан келетін бұйрықпен бұларды топан суға ағыздырып жіберуім керек екен! Қап, сөйтсем ше!
– Кеш емес, әлі, кеш емес! – деп даурыққан жұрт қозғалақтап оны қаумалай түсті.– Беделің бар ғой әлі де, сөйттірші өздерін!
Нарту ақсақал көпті көрген мың қатпарлы шенеунік еді, әлгідегі артық сөзін жуып-шаймақ болып баршасын сабаға шақырып, өрттің де өшетініне, бұл тойдың да қайыра түлейтініне сендіре келіп, үмітімізді кеспейік, Ұлы баба рухын асқақтатуға күллі ел мүдделі дегенге сайып, аяғында тағы ішкі кіжінісін тежей алмай, «Нені бастан кешпеген бұл Қыран, тойын кейінге ысырып, күллі қазақ жұртына опық жегізіп отыр!» деп, тісін қышырлатып қайрағандай болды.
Митингіні басқарып, тізгіндеп тұрған ешкім жоқ, бірін-бірі баса көктеп сәл ашық қуысқа өжеттене ілігеді де микрофонсыз-ақ сөздерін айқайлап бастай жөнеледі. Қос балдағына әрең сүйеніп тұрған Берік ақынның да делебесі қозып, әйелінің қолындағы текшеленген қағазды жұлқа тартып алды да парақтарын жел ұйтқытқанына қарамастан арқырап оқи бастады. Шымыр сөздері әркімнің жүрегін қырғышпен тырнап жатқаннан бетер тыншымай, еліре өңеш созысып, арқа жүндеріне ауыз салған аш қойлардай бастырылығып кетеді. Беріктің тамағы қарлығып, онсыз да түсініксіздеу тілі күрмеліп, береке кеткесін, қағаздарын өз қолына жинаған әйелі сыңғырлатып сарнай жөнелсін. Өлеңнің «Тойыңды күзесе де, Ойыңа пышақ батпас!» деген тұсында Берік бастап, қалғандары қостап қорс-қорс жылауға айналсын. Ешкім басу айтуға құлықсыз, сезімдері ойнақ салып, бәрінің сөзін бір ақынның өзі айтып қойғанына разыланып, «ее-е, дөп-дөп, осыны кінәлілерге естіртер ме еді» десіп, күзгі аспаннан құдды, найзағай түскендей сатыр-сұтыр шапалақтайды. Өлең оқып тұрған әйелі тоқтатай алмай, Ұлы бабаны өзі жоқтауға басқанда, Берік ақын шашы желге жұлмаланып буындары босап, сылқ ете қалғанда тығыз тұрғандар тіктеп қалысты. Осы кезде қолындағы қағаздарын жел ұшырып айдап, сай-салаға ала қашты. Бір парағын қолымен қармап ұстаған Ақбай жөпелдемеде көзін салып, жаттап алғаннан бетер тақпақтады: «Бабаға қылған мазағы – Қоғамға қайтар азабы!»
Қызынып алғандар айылын жияр емес. Жергілікті «үш әріптің» елеусіздеу киініп жүрген ілмиген біреуі топ ішіне кіріп, сығылысқан жұрттың құлағына жетерліктей етіп «күн ыссы ғой, тарқаңдаршы» деп басу айтқанына ешкім пысқырмайды. Нәті, оны танитын келіншек пе, қанкөзденіп алғаны соншалық, емініп, кеңірдектеп қалған әлгінің құлағына «жалтырат табаныңды, әйтпесе, мынаны аузыңа тығып тұншықтырып өлтірем» деп сыбырлай ызбарланып, қос емшегін қомдап, иегіне тақатып, ысқылап қойды. Зәресі зәр түбіне кеткен ол топтан сытыла қашты.
Қиналған жері осы болды Ақбайдың. «Аудармашы» – дәлі «жазғыш» досы да қызыл терге малшынып, бұған дәлме-дәл хабарды жеткізе алмай әлек. Иін-тірескеннен қағазына көсіліп жазатын да жер жоқ. Әйтеуір, Ақбайдың жалғыз әріптен-ақ тарқатып әкететін зейінділігі көп тұста мұны арашалап қалатындай. Стенографистен бетер ысылып алған екен. Қағаздағы сондай қысқартылған жазуларға жебедей ысқырынған жанарының ұқтырғаны мынадай еді: «Сәуегей ақын Айтан «есімі азан шақырылып қазақша қойылмағандарды шенеуніктік шекарасынан аттатпау керек», депті. Академик Сәбе: «Өрт кезінде қызған жаңғақтар бес жүз метрге дейін жалындап ұшып, от тұтатады. Мына Ақбай секілді жастар – осындай рухтандырушы, ел мақсатын лаулататын нағыз жаңғақтар», депті. Өзін мақтағанды кім жек көрсін, Ақбай осы бір төбедей төре кісіні жанарымен іздеп тауып, іштей аймалап, сүйсінді. Сол кісінің орманшы әріптесі Темір деген тұйық азамат бүй депті: «Өрттен соң қаншама жылдардан кейін орман қалпына келеді, ал Рух өрті өшсе, қайта тұтануы неғайбыл», депті. Бір облыстың таңдаулы басшысы бола білген Рәгилә апасының «Рухсыз жетекші – рулық деңгейге түсіп кетеді», дегенін білгенде, бетінен сүйгісі кеп, емірене шолулап еді, қазақ қызының нағыз эталонындай боп анадай жерде маңғазданып тұр екен. Осы қалпының өзі үлгі еді. Келесі жазуды оқымай-ақ тілін тигізе мерейленді. Күллі ұлттың мұңын мұңдап, қаламынан қылаусыз ұшырып жататын Ажар жорналшы не десе де қалыс айтпайды. Мынаң қара: «Орман өрті өшіріледі, Ұлы бабаның рухани өрті лаулай түседі!»
Жүрекжарды бұл сөздерге тебіренген Ақбай, өзінше тәтті ойға батып, өтпей қалған тойдың түбі оңғарылар дүрмегіне еліткен пішінмен ішкі масайрауға беріліп кеткені соншалық, дәл бүйіріндегі дүрбелең үркіске, жүгірінді желпініске, ақай-шулы долданысқа қарамапты ғой, осы қарбаластың насырға шапқан алақұйын сәтінде ғана көзін тіктеп үлгерді де солай қарай топты жарып, кимеледі. «Не масқара бұл?» деп, кейбірін жайпай жылжып, кеудесімен ысырып жетсе, сенбес көздің, сенбеске лажы болмай қалды. Жерде сұлық жатқан егделеу әйелдің бетіне су бүркіп әлектенгендердің бірі «ойбай-ай, орамалын жазыңдар мойнындағы, әлгі әзірде ызаланып сөйлеп тұрып, Ұлы баба тойының өтпей қалғанын көргенімше, буынып өлгенім артық», деп ышқына жыламсырап, қалт қимылға басып еді, сонысының кебі де мынасы» дегенін Ақбай қайдан ұқсын, жалма-жан шиырланып қалған сүлгідей ақ орамалды саусақтарымен білеулеңкіреп салалады да түйнекті жерін сығымдап сырғытып, босатыңқырағанда, бейкүнә жан көзін сәл сығырайтты. Қалшылдаған топ дүр етіп, қозғалақтап Ақбайға алғыс жаудыртып жатқан шығар, онда не шаруасы бар, әлгі ширатынды орамалды селбелеп отырып, мойнынан мүлде сыпырып тастады. Арқасына жұмарлап жауған алғыс жұдырықтардан Ақбайдың өзі әрең құтылып, еңсесін тіктей бергенде, досы көзіне тақай қойған қағаздан ұққаны: Омбыдан тойға немере-шөберелерін ертіп келген кейуана ашына сөйлеп, ызаға булығып, өзіне қол салған екен-ау!
Топтан былай ысырылып, тепшіген маңдайын құрғатып сәл тыныстаған сәтте, анадай жерден құрақ ұшып жетіп өзін құшақтарына құшырлана басқан Маран, Жомат, Саукелді, Кәлел, Күнбек ағаларын көріп, тосын әркет ойлап, олармен онша қауқылдаса қоймай оңашаланып, төмендегі мұражай үйіне бетін бұрды. «Бүйткенше, бүйткенше, мен де…» деп өзін-өзі қажап, денесі дірілдеп, деміге тітіркенеді. Оспадар ойға бекініп алғандай. Қасарысқаннан тісі шықырлап, тұла-бойы түршігеді. Кішкене қараша лапастың табалдырығынан аттаған бойда төрде жаюлы жатқан кілемшенің шетіне сұлап түсіп, аунай жөнелді… «Ұлы бабамның кіндік қаны тамған жер, тамған жер!..»
Сыртқа бүйі тигендей бүлініп шыққан Ақбайдың қып-қызыл жанары мұражайсымақ алдындағы ақ жамылғыға тұмшаланған Ұлы бабаның кеуде мүсініне елжірей һәм қатулана қадалып еді…
4
Әр тараптан жеткен айтулы зиялылардың, қарапайым тілеулестердің өзегін өртеген өкінішін лақ еткізіп қиыннан, кездейсоқ қиыстырылған митингі дуы басылып, есеңгіреп қалғандай болған халық не ішер асы жоқ, дұға қылар дастарқаны жайылмаған, түнде үлгермей енді жығып бітіп жатқан киіз үйердің арса-арса қаңқаларына «жау шүйліккеннен бетерін-ай» десіп, абдырап қарасып, мына шақырайған күн астында қайда бағыт ұстарларын болжамдап біраз кеу-кеулесіп, ошарылып қалыпты. Оларға түнек астынан күн көрінгендей боп бір қуатты дауыс жетті. Бұл – бұрын қала басқарып, әкімдігімен халқына жақын бола білген Маранның дауысы еді. Қарапайымдылығы – бар қуаты, бар қаруы секілді, үнемі елпілдектігімен елдің ықыласына бөленген, өзге шіреншек-шенеуніктерден адамгершілігі көш ілгері азамат еді.
– Қалай қарайсыздар, Ұлы баба шомылған Көккөлге тартып кетсек қайтеді? Әне, іргеде жарқырап жатыр ғой. Сауап болар, бәлкім? – деп Маран баратындар болса, сонау еңістегі көліктерге жайғассын дегендей қолын батыс жаққа сермеледі.
– Е, барайық, су тазартады! – деді ықылық атқан біреу ақ кесенеге қимастықпен қарап.
– Нені тазартады? – деп сұрады әбден жүйкесі құрып, қитыққан сақалды кісі.
Оған ана бірісі ырық бермей:
– Рухты тазартады! – Рухымызды кір-албасты басқаннан тұрмыз ғой, міне, тірідей көрге кіріп! – деп біраз қуыра сөйлеп, мына шарасыз бейбақтарды бір шыбықпен айдағандай боп, өзі алға түсіп, көліктерге бастады.
– Мен бармаймын! – деген сүйрік сақал, бақырауық көз шал кемсеңдей түсіп сөзін жалғады. – Іздемеңдер, басым шыңылдап, шыдатпай тұрғанын қарашы, өлсем бір сүйем жер табылар, Ұлы бабаның қасынан! Өлігімді қорламай, осы жерге жатқызыңдар! Жұмақта Ұлы бабамен кездесіп жер үстіндегі бар шындықты біреу-міреу айту керек қой. Сол мұсылманың мен болармын, бәлкім. – Ол шойнаңдап кесенеге қарай беттеді.
– Барсын, барсын, жұмыр жердің тозағыннан ыңыршағы айналған бақытсыз жан еді, жұмақта бақуатты болсын! – десіп дабырласқан былайғылар сыйғанынша көлікке отырып, Көккөлге жетіп алды.
Ақбайлар сыйлы қонақтарымен көлге бірінші боп жетіп, қамыс-қоғасы селдірлеу, асты қайран, ашықтау тұсқа жайлана бастады. Ойпырым-ай, бұрын ұсақ күмістерін бетіне шашқандай күнге шағылысып, жыбырлап қана жататын көл үсті дөңбекши дүлейленіпті. Толқынын тумалатып, сапырылғысы келетіндей. Гүжілдеп, күркіреп өкіргісі бар. Лезде көтерілген желден тіпті ытқырынған толқындар «не беттеріңмен маған жолайсыңдар» дегендей, арсыл-гүрсілін еселеп, штормды мұхит мінезіндей кесапаттанып шыға келді. Манадан бері жалаңаяғын ылғалды ақбоз құмға сусыта салып, жағалау бойы жүгіріңкіреп ықтасындау жайлылық іздеп қайтқан ол, бүгін енді суға шомылудың реті келмесін маңайындағыларға сездірте айқалап:
– Ұлы бабамыздың тойын жасамағанымызға Көккөл де өкпелі! – деді де көлге аяғын малып сәл тітіркеніп, бетін, қолы-қарын, білегін, мойнын көсіп алған күміс сумен шылап шапақтап, ет үйретіп, кеуде тұсы малынғаннан әрі тереңіне қарай құлаштай көсілді. – Уф-а, уф-а… – Бірақ сәт сайын күшейе түскен асау толқын оны допша ойнақшытып, кері ысыра берді.
Орманшы академик Сәбе шешінер-шешінбесін білмей, қасындағылардың ыңғайына қарап, сақтық ойлайтын секілді. Бала күннен өзен жағасында өскен оған дәл мына толқын кедергі де бола алмас еді, дегенмен, үлкен-кішінің алдында тырайып жалаңаштануды әбес санап, қасындағыларға: «түспейсіңдер ме, арам еттеніп қалармыз, қасиетті көлге бір сүңгуіміз керек еді», деп қайрап қояды. Доктор орманшы Темір шалбарының белбеуін босатты… Саукелді сыншы да тыпырлап, әкесінің Көккөл туралы өлеңін іштей күңірене күбірлеп, Берік ақынның «Көккөлім! Сені бабаларым жауырынымен сызған! Саған түссем, жан-дүнием қызған!» деген жыр жолдарын қайырып, көлге аяғын сұқты. Басқалар да шыдамай, шапшаң шешініп, балаша арсалаңдап, академикті де ілестіре, күмп-күмп қойып кетісті.
Осы кезде Көккөлдің ежелгі иелеріндей, тіпті киелеріндей болған аққулардың батыс жағалаудан сұлу сазды сұңқылдары естіліп, судағылар көздерін сүзісіп еді, ештеңе ілікпеді. «Міне, бұл, жоқтау, жоқтау ғой бұлары» деп аузын ашқанда су ұрттап алған Жомат қақала-шашала бір орнында жүзіп, басын қылтитқан күйі әрең әл шақырды.
– Кімді, нені жоқтаушы еді? – Қоңды толқынның жалына қос қолын жая жармасып, қайтадан сылқ етіп тасталған Кәлел, бұл сұрағын іле қайтып алғандай боп, әрине, Ұлы баба иесін жоқтайтындығына иландыра сөйледі. Көккөл әнін сызылта салды. Бұған қосылғандардың арасында ән мақамын ишарамен дөп басып әуелеткен Ақбайдың дауысы кетсін дараланып. Әсіресе «Батыр мінезді, Көккөлім! Шеттен келген шүрегей түссе өзіңе, тастай батып кетер еді!» деген қайырмасын шырқағанда адамдарды былай қойып, тына қалған аққулардың өздері тәнті болғандай ма? Ән аяқтала бергенде, аққулар жапа-тармағай жалғастырып әкеткендей сықылданды. Бірақ бой ерітер сазды саңқылынан көрі, жүрек сыздататын сұңқылы басымырақ. Жан тынышсыздығын шақырғандай. Судағылар әлденеге елегзи берекесізденіп, жағаға шыға бастағанда күн көзін бұлт торлап, көл үсті қара дауылдың күшімен толқынына қан араластырғандай қызыл күңгірттеніп, әлденеден сескендіре тулап, әп-сәтте абыржытты. Киімдерін әрең тауып киіп, бірі лыпасын ұшырып алып, екіншісі мәйкесін қуалап жүргенде онша қашық емес жерден үдете басылған шүрппенің дауысы естіліп, қан құсқандай қаңқылдаған аққулардың жүрек суырар гүмпіл дауыстары дүниені төңкеріп тастағандай еді… Бір зауалдың болғаны анық… Бәрі елеңдесіп, құттары қашып, оң қанат жағалауды бойлай жүгірісіп, сұлап жатқан адам денесінің үстінен шықты. Аққуларды оққа шалған сол болуы кәдік, кездейсоқ серпілген бытыралардың шашырандысы миын паршалап, қызыл қанға боялып жатыр. Бұрын жеткен Ақбай әлгіні қырынан бірден түстеп, аудан шенеунігі екенін, той кезінде ауруханада жатырмын деп, ұшты-күйлі жоғалып кеткенін, енді, міне, қолына түскен үйрегін үйітіп жеп, аңшылық қылған, араққа сылқия тойған күйінде көл киесі атып, азап өлім бұйырыпты. Ит өлім! Ал сыңарларын жоғалтқан аққулардың жоқтауына жүрек шыдас бермес еді… Киелі көл-ай! Жоқтаудың өзі жұптасатын болғаны ма?!
…Ертеңгілік Қыран көлемінде «ауылдағы жаңа салынған мұражай-үйдің алдындағы Ұлы бабаның кеуде мүсіні жамылғысын әлдекім түнде жасырын келіп, паршалап ашып тастапты» деген суыт хабар желдей есіп, облыс асып астанаға жетіпті! Әйтеуір, жанұшырып, қайта жабулап үлгеріпті.
5
Қыран қаласының көшелері өлі тыныштыққа оранған. Басы артық жүріс-тұрыс шектелген. Бейне комменданттық сағат енгізілгеннен бетер қаһары мен ызғары қосарлана шапшып, Ақбай бастаған стихиялы шерушілердің жүздерін аяздай қариды. Оның үстіне дауыл тұрып, ақшудаланған құм бораны көз аштырмай, тісті шықырлатады. Тынысы тарылған Ақбай қолындағы дыбыс күшейткішін аузына нығырлай тақап, қақала-шашала сартылдатып сөйлеп келеді.
– Уа, ойдан-қырдан, шетелдерден де жиналған жарандар! Шеруге қосылып, Ұлы бабаның тойы өтпегеніне ашықтан-ашық наразылық жасауға ықылас білдіргендеріңізге мың тағзым! Бұл Қыран не көрмеген Қыран еді. Қазақ даласында алғаш дабыл қағып, торғайдай емес, кәдімгі өз атына сай қыранша қиқуды салып революциялық қып-қызыл мінез көрсеткені үшін ақындар «Қазақтың Ленинграды» деп жырларына қосқан. Осы тұжырымға бәрі сығымдалып сиып тұр емес пе? Енді сол большевиктер орнатқан жұмақ заманның да тырақай асып, күллі көкке ұшқанына да куәміз. Жетпіс жыл бойғы құрсаулы бодан қамытынан босағанымызбен, сол қажалған мойынымыздың жарасы отыз жылда да жазылған жоқ, тыртығы, міне, менен бастап әрқайсыңыздың денелеріңізден табылады. – Ақбай жұрт сенсін дегендей, жеңін қарына дейін түріп жіберіп, білеуленген тыртыққа назар аудартты. Сол-ақ екен шерудің әр тұсынан өз уәждерін айтқан дауыстар бос шелекше қаңғырлады:
– Жетпіс жылғы боданнан отыз жылғы қоқаңдау асып түсті ғой!
– Жетпіс жылыңды білмеймін, отыз жылдың құрдасымын… Одан көрген құқайымды енді отыз жыл бойы түгесіп, тарқата алмаспын. Патша деп дәріптегеніміз, пәтшағар бопты да… Ой-й, ит-ай, ит-ай, енді не істейін?..
– Өйтіп, дөрекі кетпе, әдеп сақтасаңшы! – деп біреулер әлгінің ашынысын жеңілдетіп әдіптегісі келіп еді, қиқу салған ол бола ма, беттерін қайтарып тастады:
– Ол – менің сөзімнің басы – өз афоризмім. Ой-й, ит-ай, ит-ай, енді не істейін?..
Қаралы сол отыз жылдың дабырласулары әлі талай жалғасар ма еді, кім білсін, осы кезде Ақбай маңызды хабарлама жасап, сөз жарыстырғандарды тежеңкіреп тастады. Өздерінің аудан әкімдігінің дәл іргесіне тақағандарын, әр сөзге, әр қимылға аса абай болуларын өтіне келіп, «мына шерудің, осы рұқсаты берілген бе?» деп сауал тастағандарға, «е, айдаладағы ауылды-қалаға не рұқсат керек, тек ақылмен, сабырмен іс етелік» деп сақтандырды.
Осы кезде әкімдіктің іргесіндегі қызыл шатырлы үйдің ту сыртындағы сопақша етіп соғылған әжетханадан бір серейген бойлы, еңкіш тартқан біреу жасырынбақ ойнағандай мысықша басып, бұлармен аңдаусызда мұрын түйістіріп қалды.
– Е, тірі жан түсті ғой көзімізге! – деп шерушінің бірі шын қуанып кетіп, әлгіден жауап ала бастады.
– Неғып жүрсің, коменданттық сағат тәртібін бұзып, шыныңды айт, әйтпесе дайын статьяға іліккелі тұрсың, – деп жалпақ алақанымен оның жауырынынан сілкілей қағып еді, мына бұзақы тобырға қайдан жолықтым дегендей, зәресі зәр түбіне кетіп, тойға көрші Өзбекстаннан келгенін, әр үйдің есігін тоқпақтап кіре алмай, нан да таппай бұратылып қалғанын, шарасыз әжетханаға түнеп шыққанын айтып, зар еңіреді. Қырандықтарды қонақжай деп естігеннен кейін, Ұлы адамның рухына тағзым етпек болып, қиян шеттен сеніммен шығып кеткен екен, масқара болғанына налып, жер шұқиды.
Беймезгіл қонақтың мына аянышты қалпына мүсіркеген өзге шеруші шыдамай кетіп, қалтасынан пряник текшесін алып, оның қолына ұстатты да «Қыранда тумағаныма мақтанамын!» деп кекетінді күлкісін зорайта түсіп еді, жер дегенде намыс буып кеткен келесі шеруші, нәті қырандық болса керек, «оттама!» деп әлгіні тиып тастады да сәл ойланып шекесін қасып «әй, сен дұрыс айттың, менің де бұл пікірім жүз пайызға өзгерген кешеден бастап, «Қыранда туғаныма налимын», деді де дауыс салып өкіріп жіберді.
Өзбекстандықты өз еркімен қатарларына алған шерушілер алға жылжи түскенде, қосарларынан біреудің көлеңкесі көлбеңдеді. Кешелі бері тымырайып тағыланған көшелерден тағы бір адамды кезіктіргеніне қуанып кеткен бұлар оны да бақыртып ұстап алып, тергей бастады.
– Қайдансың? Не шаруамен бейсауат жүрсің, мына төтенше жағдай тәртібін бұзып?
– Төтенше жағдай жарияланғанын естімеппін, ғафу өтінемін. Бәсе, көше біткен неге танаға ұрғандай тып-тыныш десем, сөйткен екен-ау! Тәртіп бұзған мен ұсталдым ба, енді?
– Иә, ұсталдың, енді қайтып босамайтындай боп ұсталдың!
Анау «ағатайлап» өзінен жауап алып тұрған мес қарындау, бәкене бойлы, кенедей жыбырлаған жасамыстың етегіне жата жабысты да айыбын өтеуге неге де болсын дайын екендігін сездіріп, қорсылға басты.
– Онда сен, былай қыл, – деді жауаптасушы түрін суытып. – Әкімдіктің шаруашылық жағын басқаратын лауазым иесі екенсің, сенен тойға байланысты мол факті жинаймыз. Келісесің бе? Қоспасыз анық деректермен қанықтырсаң, басың бос! Өтірікпен жалтардың ба, түрмеде басың шіриді.
– Ойбуийй, келіскенде қандай, бәрі алақанымда ғой…
Лауазым иесін ұстағандары оңды болды. Біраз нәрсеге қанықтырып тастады. Естудің өзі қиямет, қитұрқылық. Кей тұстары ертегідегідей ересен шытырман, қырықтұтамды қызық. Тойға сойылған елу жылқының отыз шақтысы елқамалға түн асырып жөнелтіліпті. Қалғандары Үштанайға, көршілес шаһарларға жытырылған. Амантеректегі өрт сөндірушілерге, зардап шеккендерге деп, он бес ірі қара, үйітілген қырық қой кәделеген. Айтпақшы, үш түйе өркеш майы сорғытылып, елқамалдағылардың сыбағалы ауыз дәміне жарапты…
Елпек қаққан аудармашысы осының бәрін Ақбайға жедел жеткізіп, бармақ басты, көз қысты, арам істерден ойы кірлене бастап, ашу-ызаға булыққан Ақбай әлгі мүсәпірге төне түсіп, өзінің қара басына не бұйырғанын бұйыра сұрады да, ел тойының күллі шаруашылығы сеніп тапсырылған әлгі міскіннің «жұрт қатарлы тойындық қой, айтысқа тігілген бір қымбат көлікті иемдендік…» дегенін білгенде, бір Қыран емес, бүкіл республика бишікештері халық несібесін жеген алып айдаһардай боп елестей беріп, оның май құйырығына бас бармағын қатты батырып, шыңғырған сайын шымшылай қинады.
Қинаған үстіне қинай берер ме еді, мойнына қылбұрау салғандай шырқыратып, осы кезде шерушілердің бірі «ойбай, әне, кеңсесінен әкім шығып бара жатыр», дегендей боп топтан зырқырап бөлініп қашақтың қара ағаш арасына сіңген сүлбесін қуалай аттандап кетпегенінде. Біразы оған көмекке ұмтылып, ағаш арасын сүзісіп, шілдің боғындай бытырай із кесіп, дәнеңе өндіре алмады. Тек біреуінің қолына әкімнің қобыраған қағаз салынған дәу папкесі ілігіпті. Қарасүргінде түсіріп алған сыңайлы.
– Оқиық, оқыңдар, қане! Тосын фактілер сонда бар болуы тиіс, – деп былайғылар атой салысып, папкеге ұмтылып еді, Ақбай сұстана қолын көтеріп:
– Доғарыңдар, түге! Ол жымысқы деректер ешқайда қашпайды! Ендігі біздің міндетіміз қарт Қыранның бұрынғы төңкерістік жылдардағы күштік құрылымдарының қазір нендей мақсатқа пайдаланылып жүргеніне көз жеткізуіміз болмақ. Тарих үшін бәрі керек. Сондай қасиетті жәдігерлік мекеме ғимараттарының көзден біржола таса болғанының кесірінен өзіміз, бүгінгі, келер ұрпақ тарих көмбелерінен құрдым қалып, құры алды жалаңтөстеніп кете барары анық. Ал, қані, халық батырының баяғы музей-штабынан басталық, – деп шерушілерді жұмылған жұдырығының астына жинағандей етіп, сарт та сарт қадамын нық жалғастырып, бүкіл қаланы басына көтерді.
Өзі осы қаланың тұрғыны емес пе, іздеген мекеніне дәл бастап жетті шеруді. Танаулары делдиіп, киікше осқырынып алған шерушілер бір кезде бас бермей танаурап, хормен дауыстағандай етіп:
– Ау-у-у, бұл не мазақтарың? Бұл – қос әдебиетшінің музейі емес пе? Неғып тантып тұрсыңдар? – дей бергенде, аудармашысының көмегімен бәрін ұққан Ақбай оларды қалқалап саябырсытып, иә бұның қазір әдебиетшілер музейі екендігін, бұрын халық батырының штабы болғанын сендіре сөйлеп, қалтасынан осыны растайтын құжаттың көшірмесін жоғары көтере бұлғай көрсетті.
– Е, онда не тұрыс бар! Кірдік ішіне! – деп, шерушілер нақ бір баяғы Петербордағы Қысқы сарайға шабуылдағандар сияқты, соларға елігіп бағып, есіре едіреңдеп, музейдің қақ маңдай алдында ақ жамылғы бүркеніп зорайып тұрған сұлбаға тіреліп, айылдарын жиды.
– Бұл неғылған сұлба, біреу емес, екеу сияқты ғой!
– Әлекең мен Әбекең шығар?
– Ұлы баба мен қазақты ұйқыдан оятқыш-ау, сірә?
– Не де болса, жамылғышын сыпыру керек, бүйтіп бал ашқанша! – деп, адыраңдаған біреу қолшатырының имек сабын ала ұмтылып еді, Ақбай шошынды айқайымен аспанды жерге түсіріп жіберіп, кілт тоқтатты:
– Билік аңдып отыр, бәледен машайық қашайық! Олардың ескерткіш ашу ежелгі мәртебелі міндетіне, сонысымен тарихта қалар мәрт ісіне кедергі келтірген боп, сотталып кетеміз! Онан да мына музейге жайлап кіріп, тарих сабағын алайық!
Шерушілер музей құлпын бір бұрап тастап ішіне кіруі мұң екен, адам танымастай моп-момақан бола қалды. Тымырайып, еріндерін жымқырып, бір-бірін танымастай боп, өз беттерінше беймәлім бір заман қойнауына еніп, өткен ғасырлардың өмір керуеніне сүңгіп кетісті… Бәрі шежірелі құжаттармен, ескірген суреттермен көз алдарынан жылжып жатыр… Көне Қыран екен деседі… Аштық жұты екі қайталап соққанда мыңдаған адамы ақсүйек боп шашылып қалыпты. Қыран топалаңынан көрешегі барлар ғана аман қалса керек. Міне, жұт түсіндірмесі… «Тірі сәбиін жегелі ұмтылған ерінің қос аяғына етсіз, арық қолдары іліккен ана байғұс, әлгі нақұрыс әрең ілбіп жылжыған сайын сүлдері сүйретіліп, «жеме, жеме, мені же!» дегенді сыбызғыша уілдетеді…». Мұны оқыған аққұба, қаймыжық ерін, нәзік әйел «шыдамаймын, шыдамаймын, қазір де көріп қалам осындайларды…» деп сыртқа атылып шықты…
Қайғылы панорамалы хроникада «Жылан аулап, уын тышқанның етіне қосып тұтас әулетін аштықтан аман алып қалған бұл кісі – Дөкей Дәулетбаев!» деген дәу шалдың суреті ілінген тақта алдынан біразы табандары желімделгендей қозғала алмай тұр. Әрқалай сәуегейлік айтылады. «Бұның ұрпақтары шетінен жемқор, дым көрмегеннен қайтіп текті шығар? Өзі де ел аймағын басқарған жылдары аштық ұрығын сепкендей қаусатып кетіп еді…»; «Мынаның жүзі таныс сияқты, әлде немересі, әлде шөбересі мектепке ақ тайлақпен қатынайтын. Студент болғанда жалғыз өзі «Волга» мінді, кейін өзін өсірген шалдың сақалын жұлмалап, әйдік қызметіне жаратқан «Боингін» ізбасарына бермей, сорлатқаны бар… Айнымаған сол, прожектор көз, қалмақ бет, қызыл шырайлы келбет, пиғылы жоңғарлық, көрсеткені ылғи қорлық, атасынан айнымай қалғанын қарашы…»; «Жо-жоқ, мұның ұрпақтарын мен білем, түсімде жиі көрем, ышқырынан тапаншасын тастамайтындықтан бір бүйрегін майып қылған, маңайын үркітіп, жік салып, руға бөліп ысқырып басқарған, анау кім еді, облысты жаптырып тынған сүзеген көз пәтшағаршы… сол, сол…» Сөз үдеп, қауға тиген өрттей лаулай бастап еді, ту сырттарынан «әй, боқтарыңды езбеңдер, жылжыңдар әрі», деген қатқыл дауыс шықанда ғана, естері кіріп, иықтарымен итермелесіп, алға табан аттады.
– Пай-пай, тұрыстарын қарашы! – деп таңданыс білдіргендер кезекті залдағы Ұлы баба мен «қазағын оятқыш» Тұлғаның иықтасып тұрған қатырма қағаздан жасалып, боялған бейнесіне таңырқай қарасып, мінәжәт еткендей үйрілді. Бұл ардақтылар туралы ешқандай сұрақ қойылмай, бәрінің іштей терең білетіні сезіледі. Ойша ғана елдік, тіпті адамзаттық деңгейде пішілген түйіндерімен қоса, «қайдан келдік, қайда барамыз?» ыңғайындағы толғаныстарын осы қос арыстың соңына қалдырған мұраларымен шендестіре сараптап, болашаққа жолдың кем-кетіктерін де ап-анық танитындай екен. Бір шеруші-тарихшы ішкі сезім ширығысына шыдамай, көзіне жас алып:
– «Мықты Қазақстанды» құрамыз! дейміз, бірақ осы ойшылдардың мұраларының иісі мұрынымызға бармайды! – деді де еңбектерінен үзінділерді жатқа соғып, ұзақ мақамдап кетті.
Келесі бөлмеге ене беріп, шерушілер шу ете түсті де тірі жандай боп үстеліне қақшия жайғасқан Алаш қызының о жақ, бұ жағынан шығып, шұқылай қызықтаса бастағанда дәл төбеден «бұл балауыздан жасалған бейне, қолдарыңның таңбасы түспесін» деген ескерту сарт ете қалғанда, бәрі бұғына түсіп, иірілді. Ұлтшылдардың жүзге келіп өлген жалғыз тұяғы еді, бірнеше естеліктер кітабын жазып қалдырды. Бүгінгі «алашшылармыз» деп кеуде қағатындардың біразы ол кісінің мұраларынан ғана аз-мұз сусындап жүрген пысықайлар еді. Қайран кейуананы соңғы сапарға шығарып саларда атасының есімін иеленген бір немересінің: «әжемде орден-медальдар қадалған неге жастықша жоқ! Ең құрымаса бір белгісі жоқ екен» деп байбалам салғанын көзімен көрген егде кісі шыдамай айтып салғанда, жан-жақтан шу көтерілді:
– Қатыгездік! Сөлкебайларды биліктегілер өздері бөлісіп алады. Ештен-кеш жақсы, неге тірі тұрмыз, бір амалын табу керек! Табу керек! – десіп құтырынған бурадай жынын бүріккелі шошындырды.
Жұрт ию-қию боп жатқанда, келесі бөлмедегі кезінде әкіреңдеген әкім болғанның кеуде мүсінінің төменгі шынылы қобдишасына жайып тасталған бірнеше орден-салпыншақтардың екі-үшеуін уыстап алған қара сұр, сопақ бет кісі әлгі қаһарман ананың балауыз омырауына батырып-батырып қадап тастасын.
– Міне, міне, «Жаңа Қазақстанның» әділдігі енді орныға бастады! – деп шуласқандар бөріктерін атып, баяғы қызыл төңкерісшіл мінезіне басқанда, өзін-өзі әрең көтеріп салбыраған люстраны жерге опырып түсірсін. Оны түк елеп жатқан ешкім жоқ, бірін-бірі құшақтай: «шыны қирағаны жақсылық ырымы» десіп, мәре-сәре.
Ақбай музей ішін осы дүбірелеткеніміз жарар дегендей ойға батып, бәрін жиыстырып, сыртқа беттемек болып, дауыс көтере әмір беріп еді, біразы:
– Мана халық батырының штабын көрсетеміз дегендерің қайда? Соған бастаңыздар! – деп, қия тартып, жөңкіле түскенде, аудармашысынан мән-жайды жедел ұққан Ақбай, санын соғып, бәрін музейдің ең түпкі астыңғы жертөлесіне қарай ілестіре жөнелді.
Барса, құдды, төңкеріс жылдарының соғысына кірістірілгелі тұрғандай не сан қару-жарақ түрлері самсатып қойылыпты. Бұйрық берілсе, алақандай Қыран қаласының күлі көкке ұшарлықтай қиямет көзге қорқынышты елестеп өтеді.
– Халық батыры қайда? – десіп шерушілер сол кісі бастай жөнелсе, кешегі тойды кейінге қалдырғандармен шайқасқа түсердей тас-түйін боп, жын ұрғаннан бетер алашапқын болды. – Батыр бұйрық берсінші, көрейік біз оларды, үйді-үйлеріне тығылып қалған шенеуніктерді суырып алып, тепкілемей құмарымыз қанбас, қане, батыр қайда?
Бұл қызылкөздердің әбден еліріп алған мына түрінен шошынған Ақбай, қолын көтере, сабасына шақырғандай болып еді, дым нәтиже шықпады. Өзін таптап жіберердей алға ентелейді. Осы кезде олардың көзіне бір бұрыштан алып прожектордың сәулесімен зорайып көрінген Батыр алшаңдап, адымын ауыр басып, бір орнында теңселіп, қозғалақтап, зәрені ұшырған секілденді.
– Тұрысын қарашы, сабаздың! Әлі тірі секілді!
– Бұл Батыр алашордалықтармен қиян-кескі ұрыс салған деседі ғой! Сонда біз оны қай әрекетімен жақын тартамыз? Бізге Алаш идеясы керек! Большевиктерді қаншама қазақшыл болса да, оң көрмейміз!
– Иә, дұрыс! Оң көрмейміз! Оң көрмейміз!
– Сонда бұл Батырды неғып әлдеқандай қыламыз?
– Патшаға қарсы ұлт-азаттық көтерілісін бастаған осы қасқаң!
– Е-е, осы ерлігін әрине, ұрпақ жадына шегелеу керек! Көзсіз ерлік!
Осылайша бірде мығым, бірде солқылдақ пікірлер өрби түсіп, үлкен дауға ұласып кетердің аз-ақ алдында тарихшы жігіт басу айта, түйін жасады:
– Қалай дегенмен де Батыр ерлігі бүкілхалықтық ерлік! Сол үшін де абыройын биіктетіп, беделіне шаң жуытпай, рухын асқақтата беру парыз! Тірілердің жөнсіз табалағанын тыйдырайық! Әйтпесе бұл ұлттық біртұтастыққа қауіп, жасырмайын, рулар жікшілдігін туғызады…
Алабұртып тұрғандар араның ұясындай гуілдесіп, пікірлері бірікпей алашабдарланып, Алаш пен қызылдар арасынан дәлелді де, дәлелсіз ілік себептер іздестіріліп, отқа өз қолдарымен май құйғандай секілденді. Әпербақандау біреуі ортадан жұлқынып сөйлей шықты:
– Бірақ бар ғой, иә, қысқартып айтайыншы, бұл Батырдың өлімін алаштықтардан бастап, әркімге жаба беруді доғаратын кез келді! Осы бақай есеп әккіліктен ештеңе ұтпаймыз! Оның туған баласы да Алаш қызынан «сенің әкеңнің менің әкемнің өліміне қатысы жоқ, қызыл саясаттың атыстырып-шабыстырып жүргені» деп кешірім сұраған. Осымен дүдәмәл пікірлерге қайтып оралмайтындай етіп, нүкте қоюға болады ғой. Жаптым жаламен арызданғандардың кесірінен «Оян, қазақ» Тұлға кеш ақталды. Тіпті Батыр өліміне өзіне туыс боп келетін Ханды да жазғырушылар әлі күнге жалғасып келеді. Доғарайық, лақпа дақпырттарды! – деп, көзі ежірейіп, өзінің аузына қарап қалғандарды тәртіпке шақырып, бір шыбыртқымен айдағандай болды. Бәрі лезде бұл сөзге бағынып, сымдай тартыла қоюшы ма еді, қыңыр мінездінің бірі «өткеннің кегі мен өшін жаңғырта бермейік, тап жауларының шайқасында кімдерді кімдер өлтірмеген. Ол заңдылық. Осы тұрғыдан келгенде Батырдың басы кесіліп жатса, ғасырларға ұластырып кінәлілерді іздеу науқанын жалғастыра береміз бе? Өнбейтін, ұлтты алауыздыққа батырып, кері кетіретін кертартпа іс. Онан да ұлттық бірлік, туысқандық өнеге жолын таңдап, алғы күндерге маңдайымызды ашық етіп алмаймыз ба? Сөйтейік, шерушілер, насихатымыз осы болсын! Лақап айыптаулармен лақпай, елдік ісімізді көркейтейік!».
Осы кезде музей іші найзағай ойнағаннан бетер жап-жарық боп, күңгірлеген дауыс кернеп кетті. Сәтте Батыр бейнесі көзден тасаланып, бүкіл Қазақ елі естісін дегендей, кернеулі дауыс іші-сыртты бірдей бағындырып, дабылдана өршіді:
– Мен батырмын! Ақтық сөзімді тағы қайталаймын. Құлақ салыңдар! Ақиқат атынан мәлімдеймін. Біз, қызылдар мен алаштықтар жұмақта мәңгі түсіністікпен табыстық. Бізді алауыз, алакөз қылған: большевиктер – жасанды одақ идеясы. Біз өлігіміздің өшін ешкімнен дауламаймыз! Жанымызды Аллаға ең жақын жан алғыш Әзірейіл періште алған! Бүгіннен бастап, «Батырды анау өлтірді, мынау өлтірді» деген көкезуленген сөздеріңді тыйыңдар! Әйтпесе, қазір осы сендердің бастарыңды алудан бастаймын, дүние төңкеріліп түссе де…Әділдік үшін! «Мықты Қазақстанды» құрып жатыр екенсіңдер, жаңа өмірге лайық болыңдар!
Осылайша жеті қат аспанға шығандап кеткен қуатты дауыстан шошынған шерушілер тым-тырақай қашып, сыртқа атылып жатты… Сағызын тас шайнағаннан бетер шықшытын жыртып жіберердей аузына ие бола алмай қайшылап тұрған бұжыр бет, көккөз, қолағаш мұрын, алпамса жігіт сәл бөгеліп, кері шегініп, әлі кете қоймаған Батырға бір ғана сұрағы барын айтып, жалбырынды.
Жұмағына кетуге асығып тұрған Батыр басын изеді.
– Жаңа көрдім, осындағы баяғы Өзіңіз отырған түрменің көрінісін.
– Е, түрмені айта көрме! – деп шошыңқырап кеткендей болды Батыр. – Жұмақта түрме атаулы жоқ! Білмедім, тозақ жақта бар шығар! Ие, не білгің кеп еді?
Қызылкөз жігіттің жанары қара қанға толып кеткендей боп:
– Сол түрменің қабырғасына өз қолыңызбен көмір жаңқасын қарындаш қып: «Мырақын. Мырақын. Мырақын» деп, үш қайталап жазыпсыз, – деді де Батырға қарап, мұның сыры қалай дегендей тосылып қалды.
Батыр күлкілі бірдеңе айтқысы келгендей боп езуін жиыра беріп, жұмақта күлу, әзілдесу болмайтынын, тек шындық қана салтанат құратынын есіне алып, тез тыйылды да:
– Ондай, біреуге кінә артатын ауыр сөздерді жазған мен емес, бәлшебек иттердің қитұрқылығы ғой… Солардың бәрі де тозақта жатыр… Өзім әйтеуір, алаштықтармен бірге жұмақта өмір сүріп жатырмын! Шүкір! Тәубе! Қазақстаным аман болсын!
Түс-елес көргендей кірпіктерін қайшылаған қызылкөз жігіттің жанары таңырқағаннан атыздай боп кетіп еді…
6
…Батырды көріп желік біткендей буырқана батылданған шерушілер енді не бүлдірері белгісіз күйде Қыранның мемлекеттік маңызы бар мекемелеріне: күштік құрылымдарға, банкке, поштаға, байланыс тораптарына, газет редакциясына, т. б. қуыршақтай ғана ғимараттарға көз алартып, басып алу ниетімен аласұра көшені шарлай бастағанда алдарынан қоғамдық тәртіп сақшыларының қалқанына тығылған бірді-екілі полицейлер пытырлатып аспанға оқ атып, сес көрсетіп, тежеді бұларды. Бастықтарының ауыздары аңқайып кеткен, үрей басым. Сонда да қаһарлы болып көрінуге тырысып, қалш-қалш етіп бастырмалата сөйлейді:
– Шапшаң тараңдар! Әйтпесе, «қаңтар шабуылының» жалғасын бастап кеп жібереміз!
– Ей, қызылкөздер, бастасаңдар бастаңдар! Ол шабуыл-қырғындарың неше сериал еді, жалғасы қашанға созылатын еді, – деп бір апайтөс балғын жігіт оларға өршелене ұмтылып еді, жолын Ақбай бөгеп қалып, сабасына түсірді де:
– Болмаған тойдың ашуымен біраз шерулеттік, енді сабырмен тарқай қояйық! – деп басу айтып, «не де болса, тағы қайталанар қаңтар қырғынына кеудемізді тоса құлап, әділдік туын жықпаймыз» дегендей өжеттікпен сұқтанғандарға ризалық пейілмен қос қолын көтере ықылас білдірді де ыдырай бастаған жанкештілердің біріксе тас, жұлқынса рухани бас бола алатындарына қайран қалып, босаған көңілін әрең тежей қойды.
7
Ақбай Үштанайға түнделетіп жетіп, облыстық әкімдіктің маңындағы шағын скверде малдас құрып ескерткішке айналған Ұлы бабасының қасына келіп, мұңын шаққандай айналсоқтап қалды. Тас мүсінді Ұлы бабасы алаңсыз ойға шомған. Не біліп отыр екен? Өрт түтінінің иісі мұрынына барып па? Тойының өтпей қалғанын сезе ме? Қалай айтып, құлағына құяр? Ұлы адамдар жұмақта жатса да тірліктегі дүниеден хабар-ошар алып отырады дейді-мыс. Мүмкін, Ақбайдың қазір айтатын арыз-өтініші бүге-шігесіне дейін белгілі шығар бабасына…
Өз үнін өзі ести алмайтын кембағал бейшара Ақбай қызынғандағы әдетімен бір жерге құйрық қойып отыра алмай, ескерткішті бастапқыда зырылдай айналып, ішкі мұңын төкпелетіп жіберді. Күндіз болса жын қуып жүрген пері ме дерсің. Түнгі көлегейліктен сұлбасы ғана көлбеңдейді. Аузынан жын-пері ақтарылғандай тосын жүрісті мына бейсауат міскінді зәуімде көзі шалғандар зәрелері ұша далбаңдап қашып, заматта зытысады. Даңғойланып, бастырмалатқан сөздерін дар-дар жыртқан не пәле бұл дескендей, шошына үркеді. Ақбай солардың біреуін де елемейді. Зікір салған бақсыдай көкірегі көтеріліп-басылып, көздерінен от шашырап екілене еліреді.
Сонда не айтып жүр ол? Алдымен, Ұлы баба тойының неліктен өтпей қалғанына сылтауратқан биіліктің сумақай қисынсыз салдарларын санамалап келіп, бұл бетсіздердің қолдан өрт салынғанын таудай министрліктегілердің өздері бұлтартпай дәлелдей отырса да, бет бақтырмай ызғарланып, жүні жығылып мойындамай, азар да безер жоққа шығарып, сүттен ақ, судан таза бола қалуынан секемденетінін жасырмай тақпақтап бақты. Өкініш еске бәрін салады екен. Мұхтардайын мұхит тектес дананың қаламынан туған мерейтойлық мына тіркестер қызған шоққа шашыраған су тамшысындай секіртпелі шыжғырылып, жүрегінің басын шым-шым еткізді де, жадына сенді: «Сол оқыған азаматтың тұңғышы, алғашқы шыққан көсемі болған Ақаңа арналған тұңғыш той ой ойлаған қазақ баласының жүрегіне жылы тиетін қуанышты ісінің бірі. Әркімнің қалғыған сезімін оятып, өткен күндерін есіне түсіретін көп істің ішіндегі ірісі». Ұлы баба айқын естісін дегендей, сол жатқа соққан өзекжарды іңкәрлік сөзін ескерткішті зыр қаға айналған шыркөбелек күйінен тез ажырап, қайталған үстіне қайталады. Құдды, оның ғана емес, «қазағым» деген қалың жұртының құлағына нығырлап құйып жатқандай еді. Той керек емес дейміз, неге керек емес дегенді құшырлана, құнығып тақылдайды. Түнгі суықтан тоңазыған Ақбайдың денесі бірте-бірте жеңіл қалшылға ұласты. Тұла бойының безгек буғандай дірілін тежемек боп, Ұлы бабасының добалдай қолын ұстай алып еді, одан бетер ток ұрғандай сазарып-безеріп, көз қарашығы ағып түскелі қоймалжыңдалып дегбірін жоғалтты. Ақбайға енді бәрі бір еді. Ұйқыға талмаурағандай, тәтті бір түстің буына бөккендей, ақыл-есі мұнартып, саңырау құлағы ашылғандай боп, әлдебіреумен кәдімгідей күңгірлей жауаптаса бастады… Қалтасынан тастамайтын қағаз, қарындашына да жүгінген жоқ. Дауысы сауысқан шоқып жатқандай, зың-зың қағады. Ашылып кеткен құлағы терең құдықтың түбіне шелек түскендей қаңғыр-күңгір етеді. Шелекті емес, әлдебір сұлу шолпысын суға батырып алғандай еді… Шолп-шолп, сыңғыр-сылдыр, қуанақ-бунақ иірімдері… Дауыстары да жанкештене жаңғырығып, жалмажан жауаптасады:
– Түнгі сарын… естимісіз сағымға айналған сарынды, Ұлы бабам! Құлағың сал, жалынам! – Ақбай зікір салған молдадай, бебеулеп кетті.
– «Ақаңның бұл істеген қызметі – қазақтың ұзын-ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет, істеген ісімен өзіне орнатылған ескерткіш – мәңгілік ескерткіш!» – Автор-ау, нәті, тақ-тақ етеді.
«Мұны неменеге қайталай бересіңдер!». – Ұлы баба жайбарақат.
– Е,е, анау берілген бағаның анау жері қалай еді, қалай еді? – Ақбай әлденені есіне түсіре алмай желкесін қасып, міңгірледі.
– «Мектептегі сабағын оқымайтын бала «Қазақ» газетін көрген жерде қадалып тұрып қалатын». – Автор осылай емексітті.
– «Рас, расы рас-ау!» – Ұлы баба қостады.
– Иә, рас екені анық! Ол жерін соңғы демім үзілер алдында да айнытпай айта алар едім, – деп Ақбай екіленіп кетті: «…Ол газеттің жаны кім еді? Ішіндегі қажымайтын қайрат, кемімейтін екпін кімнің екпіні еді? Ол екпін, ұйықтаған қазақты айқайлап оятуға заман ерік бермеген соң, маса болып қалай ызыңдап оятамын деп, ұзақ бейнетті мойнына міндет қылып алған Ақаңның екпіні болатын».
«Жан-жүрек екпінісіз ұлттық міндет жібі түзу орындалушы ма еді?» – Ұлы баба селқос үн қатты.
– Ұлы бабаға қатысты тағы қандай өнегелі белестерді атап өтер едік? – деп, Ақбай кәдімгідей орайынан ой шұқылағандай омырылып қалды.
Автор тосылмады: «Бұрынғы уақытта қазақ баласының есіне келмеген, мағынасы үлкен уақиғаның бірі – қазіргі жасалып отырған Ақаңның елу жылдық тойы».
«Осы тойға зауқым соқпаған еді. Үкімет бастап, көнді ме, шіркіндер!» – Ұлы баба қамыға үн қатты.
Осы жерде көп сөйлер алдындағы әдетіндей болып, Ақбайдың екі езуінен ақ көбік көпіршіп біліне бастады. Той десе, домаланған қу бас көргендей қуынып кететіні әлмисақтан бар. Әсіресе өрттен кейінгі өтпей қалған ұлы тойдан кейін зықысы әбден шыққан. Мына аузы-басы қалтырақтанған бұдан алдымен Ұлы бабаның өзі шошынғандай болып, айылын жия бастап еді, әлгі әңгімешіл Автор Ақбайдың құлағына аузын тақап, ақырын ғана былай деді: «Айналып келіп таразыға тартылған, сыннан өткен деп Ақаңның ғана ардақты атын атаймыз. Одан басқа жалпақ елдің сынына толып, мейірін қандырған кісілер санаулы. Ақаң ашқан мектебі, Ақаң түрлеген ана тілі, Ақаң салған әдебиеттегі елшілдік ұран – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын».
Шыдамның да шегі бар дегендей, қашаннан бергі жүйке ширығысы дәп қазір асқына лыпып, мына көреген тұжырымнан соң тіпті де қан қысымы көтерілгендей боп, қос шекесі жырта шертіп әбігерге түскен Ақбай Ұлы баба тойының неліктен өтпей қалғанын, кімдер кінәлі екенін, биліктен бастап былайғы төменгі шенеуніктердің де бұл 150 жылдық мерейтойға ықылассыз болғанын тізбелемек еді, тілі оқыстан күрмеліп қалсын. Санасын сансыратқан сол ой сызбасында жүлгеленбегі мынадай екен: қиын қыстау тар заманның өзінде алаштықтар ардақ тұтқан Ұлы бабаның 50 жасқа толуы тойланғанына деген таңырқау мен табыныс, мың сан алғыс жатыр еді. Және де сондай ұлтшылдық қасиет-пайымның бүгіндері жұрнағы жұқаланып, кебектей жеңілденіп, ешқандай намыс жырта алмайтын бейшаралық күйге түскенін өткелі тұрған тойдың өшіріліп қалғанынан әрі індетіп себеп-салдарын сұлбалап көрмек еді, әттең, Ақбайдың тілі күрмелгені кедергі жасады. Сөйтсе, түсі үзіліп, мына тірлікке оралып, баяғы саңырау кейпіне еніп кетіпті-ау, байғұс. Ех, тәтті түс еді, қағаз-қарындашсыз сөйлескен еркін күйі енді қайтып оралар ма, түге. Бұл-бұл ұшты көзінен. Әйтеуір, Ұлы бабаның 50 жылдығындағы жасалған баяндаманы қайталап оқығандай бақытты күй кешіпті. Соған тәубе қылды. Сол тойдан араға 100 жыл түскендегі мына сиықтарына күйінді. Ақбай түсінде, әлде өңінде жылағанын білмейді, көздері бұланып, ісіп кеткен екен, қос қолымен сүрткілене жүріп, Ұлы баба ескерткішін айнала берді. Бір кезде жалтыр мәрмәр үстіне тайып, тоңқалаң асты. Жамбасынан оңбай құлапты. Ауырсынып, қимылдай алмай жатыр еді, «Тұр, ұшықтанып тұр!» дегендей, бір әлеуетті күш мұны қолтығына қысқандай болып, қабысқан көкірегіне дем жүгірді, шатқаяқтанып еңселенді де қалтасынан қағаз-қарындашын алып, Ескерткішке ұсынды:
– Бірдеңе дедіңіз бе, Ұлы баба! Жазып, айтыңызшы!
Ұлы баба меңіреу күйінде отыр тас үстінде…
Бұл кезде таң да сібірленіп атып, маңай ақ сүттене бастаған. Ақбай жолды кесіп өтіп, облыстық әйдіктер орныққан еңселі ғимаратқа жамбасы сыздағанына қарамастан ышқына адымдады.
Қабылдау бөлмесіндегі сүйкімді қыз мұның умаждалған киіміне жиіркене қараса да сыр бермей шаруасын сұраған секілді. Ақбай облыстық дөкейге кірмегін түтігіп жеткізді. Қыздың көзі айнадай жарқырап ашылып кетті. Сол айнаға бәрі қалтарыссыз сыйып тұр еді. Әсіресе Ақбайдың судан шыққан күшіктің жалбыр жүніндей ұйпаланған шашы бар ұсқынын кетіріп, репетін алыпты. Құлақтары қоянның салпақпайынан бетер дараланып, қос шекесіне ілінген жай қалақша секілді салбырайды. Түнгі ұйқының қанбағандығынан бет қыртысы шала сыдырылған сүдігердей айбақ-сайбақ сұлбаланған. Көзі ілиміп, шарасы іріңденіп, қос танауынан маңқасы жылтырайды. Еріні шықшытқа қарай кере тартып тастаған қудырлақ терідей зәрені алады. Оның саңылауынан жылтылдаған күрек тісі арыстанның айбарын елестетеді. Осы ұсқынын тұтастай мына сүйріктей қыздың шарайнасынан өзін айнытпай көріп тұрғандай сезіктенген Ақбайдың қысылғаннан маңдайынан шыпшып тер білінді. Сүртінетін орамалын алмақ боп жан қалтасына қолын салып еді, саусақтарына ілігіп қобыраған қағаздары шықты. Бір сәтте сасқалақтаған оның бетіне майдай жағымды иісімен ылғалдау бірдеңе жапсырыла кеткенін сезінді де манағы кескінсіз түрінен шошынған күйі жұмып алған жанарын амалсыз аша қойып еді, әлгі сүйкімді қыз терге малшынған бет-жүзін соншалықты еппен майда парақ сүлгісімен сүрткілеп жатыр екен. Қаймақпен сылағандай сырғытады. Кейде сояудай тырнақтары абайсызда тілгілей тиіп кетсе де бұған тілмен жалағандай боп сезіледі. Қарашы, міне, ерке саусақтары делиген қос танауының қапталын қусырмалап шымшып өткенін. Аңдаусыз емес, әдейі істейтіндей боп көрінгесін, бұл ләззатқа булығып, тек тұра алмай «жаным, жаным» деп үздіге сыбырласын.
– Қызмет барысында мұндай анайы сөз айтуға болмайды! Шығыңыз! Кетіңіз! – Хатшы қыз қолындағы қара май сіңіп умаждалған қағазын мұның тақырлана бастаған төбесіне қонжита салды да сыртқы есікті нұсқады.
Қыздың не дегенін ұға алмаған бұл қағаз-қарындашын ұсына беріп еді, ашуына піссе де байталша балбыраған неме бет бақтырмады:
– Тез зытыңыз! Дөкейіміз сендей саңыраумен сөйлеспейді! Уақыты жоқ!
«Не деп тұр бұл қаншық!» деп ойлаған Ақбай өзінің бағзыдан бергі айлалы, айбынды амалына кірісіп кеп кетіп, оның оң қолынан шап беріп қыса ұстады да саусақтарына қарындашын мытып қыстырып ақ қағазына иліктіре төндірді: «Жаз, қане, әлгі айтқаныңды жазып бер! Жаныңды қолқаңнан суырып алам, әйтпесе! Жаз! Той жасай алмай күйініп жүргенде, дөкейіңмен қосып, жұлындарыңды үзем! Жаз!»
Сылқымның сұлулығы сәтте сыпырылып қалғандай боп, жүдеген, қураған жүзін қуалай жылжыған жас тамшыларын да елемей, әлденені сүйкектете жөнелді. Қағазға шапшаң төгілген әріптерді көзімен тіміскілене түрткілеп, манағы тұрпайы сөздерді ұққан Ақбай, бағзы әдетіне басып кеп жіберіп, әсем есікті аяғымен бір теуіп ашып, ішке қойды да кетті…
– Дөкей-ау, қайдасың?– деп, кабинет ішін тінткілей сүзіп, қанша әбігерленгенмен көзіне ешкім ілікпеді. «Мынаны жер жұтты ма?» деп, алақ-жұлақ етеді. Соңынан ілесе енген хатшы қыздың ыммен әлектеніп түсіндірмек болған шыр-пырына пысқырып та қарамай, жын үйіріп әкеткендей дөкейді іздеп әлек. Көзіне түссінші! Әлдебір күдікпен үстелінің астын, орынтағының бауырын сипалап қарап шықты. Шайтан алғыр, көкке ұшып кеткендей, ізім-ғайым жоқ. Киім ілгішін де адақтап қарады. Үстел қапталында басы жоқ пиджак ілулі тұр екен, мүмкін соны тасаланған шығар деп, жұлып алып, сілкілеп көрді. Дәнеңе өнбеді. Соны үстіне қалай іліп, сүлдері құрып орындыққа жалп етіп, отыра кеткенін де аңғармады. Хатшы қыз оны шешіндірмекке әлектеніп жұлмалап жатқанда, есіктен екі полицей есіре кіріп, қаруларын безеп тақай түссін.
– Қалт! Дөкейдің өзі ғой бұл! Таста тапаншаңды! – деп біреуі алаңғасарланған екіншісінің қолын қағып жіберді.
Ақбай сасар емес, хатшы қызды құшағына қысқан күйі:
– Жатыңдар, еденге! – деп ақырып жіберді де, олардың сұлап түскенін елең қылмай, сылқым сұлудан дөкейдің қайда жүргенін, өзінде отыр деп неге алдағанын жанын алардай сұспен сұрады да, қағаз-қарындашын байқамай емшек сызығына қыстыра салды.
Хатшы қыз жан алғыштан құтылмақ боп, желдіртіп жазып қағазды қайыра ұсынғанда, оқып-білгені мынау еді. Дөкей қала сыртындағы салтанатты тұрағы өртеніп, соған құмбыл кетіпті. Өртті сөндіруге Ресейдің көршілес облыстарынан мың сан қол тартылыпты. Өрт десе, жаны күйзеліп, жүйкесі шиыршық атып кететін Ақбай басына қан тепкендіктен екі көзі қақпанға түскен қасқырдыкінен бетер қанталаған қалпы хатшы қызға ақырып жіберсін:
– Өртті салған кім?
– Өзі шығар!..
– Амантерек орманын өртеген кім?
Қыз басын шайқалақтата үрейленіп, жалп ете түсті…
8
Ақбайдың түбіне түрме жететін болды. Облыстық бірінші дөкейдің кабинетінде салған лаңынан соң ұстап алып жауып қойды. Бірақ ол жай адам ба, халық табанда құлақтанып, мекеме алдына жиылып барды да сес көрсетіп, оның босатылуын талап еткен соң, билік үрейленіп, шығарып жібергені сол еді, Елқамал жағынан «тез жетсін» деге хабар түсті де салған бойда киімін қағынып, беті-басын бір сипап жіберіп, ұшаққа мінсін. Келсе, Елқамал дауылды күнгі киіз үй түндігіндей желпілдеп тұр екен. Жағалай еліріп алған жұрт. Көше-көшені бойлап, қолдарындағы көкшіл жалаушаны шағала қанаттарындай қайшылатып, ызалы да ызбарлы, елірген күйінде цирк маңына құйылып жатыр, құйындатып ағылуда. Таксиден түскен мұны көре салып, ғарыштан оралған Тоқтардан бетер қаумаласып, құшақтарына басып, қолы жетпегендері жалаушаларын бірінің-бірі көздерін ойып алардай бұлғасып, мәре-сәре болысты. Тіпті жерден көтеріп алып, аспанға атып-атып жібергілері келіп еді, тығыздалған жұрт арасынан оны суырып ала алмай, құр әшейін дүрлігіп, мезіретін жасаумен тыйылды.
– Қыран облысы қайтадан ашылсын! Ашылсын! – деп, бір кезде қауға тиген өрттей бір жойқын дауыс митингіні бастап кеп жіберіп еді, құдай сақтасын, маңай цунами сапырған көк теңіздей толқынданып, Елқамал суға шайылып кетердей үрей ұшырды.
Бір кезде қалың халық «Ақбай шықсын мінберге! Ақбай, Ақбай Ақбай!» десіп атой салғанын, аудармашысы ыммен түсіндіргесін бұның да делебесі қозып, жан-жағынан сығымдап тұрған жұрттан сыналап жылжып, мінберге көтерілді. Бәтір-ау, мыналарға не болған? Өздері сұрап, өздері сөз сөйлеуге мұрша бермей дуылдасып, ураласып, шуылдасып тынши қоймады. Ақбайға амалсыздан баяғы төңкерісшіл Ленин кейпіне кіре қалу керек болды да, оң қолын жайқай көтеріп, сабырға шақырып, өз салмағын да сынамалап, қапелімде «жолдастар» деп қалып, іле «мырзалар, қырандықтар» деп түзетіп, көсіліп ала жөнелді дейсіз.
Не айтып жатқаны есінде жоқ, бірақ халық сілтідей тынып тыңдап қалған сыңайлы. Ұлы бабаның өмірге келерінен төрт жыл бұрын алғаш рет ашылған Қыран облысының тағдыры кейін патшалық, ресейлік, қазақилық билеушілерінің қақпақылына айналып, сан мәрте ашылып-жабылғанын шегелеп айтып жатқанда, құлағына ешнәрсе жетпесе де, аңырайған ауыздардан, жас тамшылаған көздерден, сорасы сорғалаған мұрындардан, елжірегеннен ырбиып кеткен еріндерден, қалшылдаған иектерден халықтың талай зорлық-зомбылықпен тасша қатыгезденген жүрегі ери бастағанын аңғарды.
Халық өзін мінберден түсірер емес. Қолын көтеріп разылығын білдірген ниетпен төменге жылыстамақ еді, еңгезердей біреу қолтығынан тіреп, тұрған орнынан тапжылтпады. Сол-ақ екен өршеленген дауыстар шілдеде жауған бұршақша сатырлай жөнелді:
– Мамыражай күнін көріп отырған Қыран облысын нақақтан жауып тастаған Ұрыбасының өзі!
– Орта жүздің басын көтертпеймін деп, анау үш облысты да құрдымға жіберген сол Ұрыбасы ғой!
– Трайбализмді өршіткен сол, сол! Немене, басқа жүздердің тумалары мемлекет басқара алмай ма екен? Неге соларға ғана телініп қойылған? Өзіне ұнамаған серкелерді шетелге асырып жіберді, түрмеге тықты, оққа шалды!
– Иә, иә, басқарған қырық жылында баяғы репрессияны қоздатты!
– Ұрыбасыны Қаңтар қырғыны үшін жазалау керек!
Ақбай алғашында ашынған халықтың бұл айбатты сөздерін түсіне алмай тұр еді, жанкешті аудармашысы заматта қағазға түсіріп көзіне тоса қойғасын, танауы делдиіп, түрі бұзылып, басын құшырлана изеп, «айта түсіңдер!» дегендей, шапалақтап жіберіп еді, наразылық тіптен ушығып кеткендей болды:
– Бұлардың үрім-бұтағымен заңсыз шетелге асырған халық несібесін шапшаң қайтарып, өздерін отбасыларымен тұтастай дарға асу керек!
Осы мірдің оғындай ашулы үндеуден кейін халық тіптен бірін-бірі малша таптап: «қане, қане, сөйтіп тастайықшы», дегендей алға лықсып, көзсіз жөңкіле түсіп, даурыға жөнелді.
– Егер бүгінгі билік бұлай етпеді ме? – деп бір күжілдеген дауыс иесі алға атылып шығып, тыржалаңаш шешіне бастады. – Қазір көрсетем көресіні. Бүйтіп қазақ ұлты қорлықпен өлгенше, садақасына мынауымды өзім-ақ бауыздап тастап, құрбан болайыншы! Өтірік көлгірсітіп, алдампаздық буына тұншыққан «Мықты Қазақстан» қайдан болсын! Ескісі астыртын оның жемсауын нығыздап, қыт-қыттап қыртып отырғанда! – Бір сәт ол жұрттың қаумалап тоқтатпақ болғанына қарамастан еліріп кетіп, сұр жыланның басындай былқылдаған бірдемені қанын шапшытып, шабынан суырып алып аспандата лақтырып кеп жібергенде, онысы митингішілерді сақтықпен қаумалап тұрған көп полицейдің бірінің бетіне сарт етіп тиіп, қанды ізін қалдырып, шошынғандар әлгіні кезектесе лақтырысып, бірталайы шашыранды қанға боялып қалды…
Мұндай қатыгездікті көргендердің кейбір жүйкесі нашарлары беттерін тырнап, естерінен танып қалды. Ал намыс буған ер пішінділері «насыбайынан» айырылған неменің қан жуған бұтын үстеріндегі күртелерін жұлып шешіп, әрең құрғатқан еді.
– Мына есерсоқ жаман ырымды бастады! – деп бір әкіреңдеген еркек оған жұдырығын ала жүгіріп шала бүлінді. – Бодандықтан әлі арылмаған қазақтан енді ұрпақ өрмейтін шығар! Мына пәле соны ұқтырып тұр! Әйтпесе, өз бошпайын өзі кесіп лақтыра ма? Жаман ырым!
Оны кеудесі сырылдап, әрең демалып тұрған екінші бірі ақтап сөйлеп, шабына түсті:
– Бұл жазған дұрыс істеді! Дәл осындай жазаны енді Ұрыбасыға жасауымыз керек! Соны тауып беріңдерші қазір, өзім-ақ ойбайлатып, шабынан кесіп алып тастайын! Ұрылардың ұрық жаймауы үшін сөйтейін! – Көзі қанталап кеткен ол топтан суырылып шығып, жасырын бүркемеленген Көкордаға қарай дедектей жөнелді. Оның соңынан митингішілер жосылды…
Тосыннан болған осындай кекті дүрлігіс «облыс ашылсын!» деген ұранды ұмыт қалдырып, лепіргендерді жаңа бір сауапты міндетке салып кеп жіберген еді!
Тартып келеді желе жортып. Отар бастаған серкедей болып басында Маран, Жомат келеді. Аудандық билік жүйесін басқарып ысылған олар нендей қиямпұрыстық болсын сезе қояды. Соған орай жедеғабыл шешім шығара салудың да әккі шеберлері еді. Бұлардың соңынан ақылымен елді аузына қаратқан, кезінде облыстық дөкейлердің сапынан өжеттігімен, әділдік жолындағы сарапшылдығымен халық ықыласына бөленген Рәкилә, жазу біткеннің қаймағын сыпырған жорналшы Ажар ілескен. Басқа да ел деп шырылдаған үлкенді-кішілі тұлғалардың түрінен адам шошынады. Бәрінің де қабақтары қатулы. Бір тосын қадамға бекініп алғандай. Олардың ішкі сырын бір білсе, Ақбай ғана білетіндей. Манағы дүрбелеңнің қағаберісінде митингішілердің жетекшілері «билік тарапынан ешкім көрінбеді, бізді мазақ еткені, енді петициямызды ең жоғарғы шендіге табыстауымыз керек», деп шұғыл пәтуаласқан. Сондай қиын оймен қамшы басып келе жатқан сұсты түрлері еді.
Әйдік дуалдың түбіне кеп тұмсық тірелгенде, артқы толқын алдыңғысын бастырмалатып әрең сабасына түсті.
– Қиқуламаңдар, түге! – деп қолын көтере басу айтты Ақбай.– Мына өздерің сенетін жігіттер ішке рұқсатпен кіріп, мәселе байыбына қанығып келеді. Содан арғысын кезегімен көре жатармыз.
Ақбай айтты, бітті, енді өңештеп, өзеуреудің жөні жоқ. Бусанып, бұзықтықтан да тайынбайтын топ, желі шыққан шардай босап, жуасыды да қалды. Бәрібір ауыздығына ие бола алмай тыпыршып тұрғандары қаншама?
– Егер, облысымызды ашпайтындай мінез танытты бар ғой, иә, қара да тұр, менен жақсылық күтпесін! – деп Дәкен атты дойыр мінез дәу ышқырына ілген ақ балтасын жарқ еткізді.
– Ойбай, оныңды жап, көрсетпе, пәлеге қаламыз! – деп басу айтқан инелік пішіндес шақар шал сақалын тарамдап абайсызда жұлып-жұлып қалғанда, оның текедей бақырған ащы дауысы маңайды осқылап жіберген-тін.
Осылайша қылыштарын айға білегендей боп, тыпыршып тұрғанда, іштен шыққан жетекшілер жайраңдап, жылы қабақпен қутың-қутың етісті. Кім білсін, ашынған топтың мысын басудың амалы ма, әйтеуір, облыстың ашылғаны туралы қаулысын алып келгеннен бетер масайрай қалыпты. Бұлардың түсініксіз бұлғағын жақтырмаған Ақбай шыдамай кетіп, біреуінің жеңін жұлып алардай тартып, өзіне қаратты да:
– Не тындырдыңдар? – деп қойып қалды.
– Баяғыша, бұлтақтатқаны шығар немесе жоғарының пәрменін күтуге меңзегені, нәті, «Өтінішімізді түсіністікпен қабылдады», – деп ол көзіне түскен шашын сілке қайырды да бұған «осы жауаптарына көнейік, мыналардың алақанын бекерге қышытпайық», деп жалына сыбыр ете қалды. Мұнысын аудармашысы іле қағазға түсіріп, көзіне төндіре қойған еді.
Ақбай оның ымын енді түсінді. Сосын сөзінің жымын білдірмей, халқына иек қағып, көтеріңкі дауыспен:
– Ау, халайық! Әзірге биліктің осы құлақтанғанына да шүкірлік етейік! – деп, басу айтқандай болды да қазір тарап, бірақ та хал-қадірінше облыс ашылуына қатысты насихаттық жұмыстарды жүргізе берудің маңызын екшей түсті де жүйрік жорналшы Ажардың баяғы Ғафу сынды ақберен ақынның мұңындай етіп, сорғалата мақала жазуын міндеттеп, шешенше шешілді.
Топ та түйсікті ғой, ыдырай бастағанда, анадайдан «ойбай, тарамаңдар!» – деп жанайқайымен екілене жеткен біреу баяғының жаушысындай жүрелей отыра қалып, баян қылды:
– Ойбай-ай! Не көрмеген басым! Ойбай-ай! – деп қолын анадайдағы шоқ талға қарата сермелей берді. – Ойбай-ай!…
Жұрт аң-таң. Қарайды сол жаққа үздігіп, дым ұқпайды. Бір кезде әлгі пақырды қыспаққа алғасын ғана әбден әлсіреген үнмен:
– Ұрыбасының ескерткішін көрдім! Көрдім! – деп ол боп-боз болған күйі талықсып кетті.
Бетіне салқын су шашып есін жиғызып алып, оған ескерткішке бастап жүруді міндеттеді. Құлдыраңдап алға түсіп тартты дейсің. Шоқ ағаштың ортасында дөңгеленген алаңқайда бұтқа табынатын моңғолдық буддистердің мес қарын біреуіне ұқсап, сомдалыпты. Бәрі айнала жүріп қарап шықты да Ұрыбасының бұл ескерткіші коронавирус індеті кезінде тұрғызылғанына көз жеткізіп, жағаларын ұстады.
– Пәтшағардың мұнысы несі? Халық жағалай қырылып жатқанда өз ескерткішін соққызғаны адамгершілікке жата ма? – деп Саукелді тұғырда домаланып отырған кертік танауға тыжырына қарады.
Ызақорлық мінез табанда шапшып көтеріліп, басқалары да ескерткішті сыбай бастады:
– Е, ол бақай есептің адамы ғой, өзінікі шу тудырмас үшін алдымен бәлен жыл қаланың бір қоқыс төгіндісінде шөгіп тұрған қазақтың алғашқы апайтөс ғалымының сараптамадан өткізілген тамаша ескерткішін орталыққа таман орнатқызып алды да, сосын мынасын ашқызды ғой.
– Қулығын қарашы! Осындай адамға қырық жыл бойы ел тізгінін ұстатып қойған, неткен дүмше, дүмбілез ұлт едік?
– Өзін анау жүрген тракторды алдыртып, сыдыртып тастасақ қайтеді?
– Давай, сөйтейік! – деген Күнту ашуға булығып, жан-жағына қармана бастап еді, былайғылар мұндай қауіпті қадамға барудың қажетсіздігін ескертіп, әзер тоқтатты оны.
Есіріңкіреп кеткен бұларды Ақбай қалай сабасына түсірмек боп ойланып тұр еді, Рәкилә қолын сермеп әлдене айта бастағанда олар тым-тырыс боп, сілтідей тынды да қалды. Аудармашысы көзіне тоса қойған қағаздан түсінгені – Ұлы бабаның ескерткішін қоямыз деп берген елқамалдық әкімдіктің уәдесі неге орындалмай жатыр, соны пысықтап алмақ керек екен. Салған бойда Ақбай шатынап шыға келді:
– Тарттық, әйда, әкімдікке!
Митингішілер ошарыла қозғалып, шерулете жылжығанда, манағы ашуына мініп алған Күнту бұлардан сәл қалыңқырап, ескерткіштің артқы жағына бұқшыңдап бірдеңе жазып жатыр еді. Кері бұрылып, оны иығынан тартқылап «жүр-жүрге алған» біреудің көзі қара фломастермен айғыздалған «Жоғал! Көзің құрысын! Ескерткішіңді өзіңмен қосып, ала кет!» деген ірі жазуға түсті де, кеңкілдеп күліп жіберді.
Әккі шерушілер елқамалдық әкімдік алдына заматта жетіп, дөкейдің тығылғанына қоймай, дедектетіп суырып шығарды да тергей бастады:
– Ұлы бабаға ескерткіш қоюға бюджеттен қомақты қаржы бөлініп еді, уәделеріңде неге тұрмадыңдар?
– Ақшасы басқа мақсатқа жұмсалып қойыпты! – деді осылар бір жерімді мерт қып жүрмесін деп қорынған әкім көзі-басын жеңімен көлегейлей жасқанып.
– Өзің қой бағып жүрдің бе? Несіне отырсың, майлы шелпек орындықта? Сол қаржыны бөліскеннің бірі шығарсың? Әйдә, мынаның үстінен сотқа өтініш түсірейік! – деп сұстанған митингішілер оған тап-тап берді.
Біреуі жағадан алып жеңіл сілікпелеп, екіншісі құлақ шекесінен баппен жұмсақ қонжитып, үшіншісі шықшытын шиырлап мытып, тағы бірі құлағынан жұмсақ жұлқылап, әйдә, жездесімен ойнаған балдыздай әзілмен кергілей бастады.
Бұл қыспаққа ұшыраған қожайынын арашалаудың орнына «өзіне де сол керек, Ұлы бабаны тәлкек еткен неменің бізге де қадірі шамалы» деп кіжінген полицейлер дым білмегенсіп, теріс бұрылып бүгежіктей қалыпты.
– Босатыңдар! Босатыңдар, түге! Ескерткіш болады, болады! – деп жалбарынған мұның сөзіне бір түкірген митингішілер «ескерткіштің болмайтынына» сенген күйі басқа бір амалын қарастырмақ ниетпен алға ышқына жылжыды…
Бұл халық аманатын арқалаған жойқын күш қайда беттеді екен? Әзірге белгісіз еді…
9
Ақбай Амантеректің қалың орманынан қалған күйелеш сирақты қарағайлардың қою тұсына келгенде жүргізушіге манадан бергі әлденеше рет қайталаған жалынышты сөзін тағы ытырды:
– Есің дұрыс па, өзі? Тоқтасайшы!
Жолай, мына күпініп, қызара бөртіп отырғандардың әр жерге тоқтап сусын қандырғанынан қалған сарқындысын қимай жұтамын деп, жүргізуші де ықылық атқан күйде еді. Мұнымен іштей қасарысып, әлде басшыларының «енді зуылдат, уақыт тар» деген зілінен жасқанып па, әйтеуір, өтінішін елемей, барынша ағызып келе жатқан.
Сәл кідірсе, жерге түсіп, орман өртінің сойқанынан қалған қара түбектің борпылдағын басып, шетінеген сырық қарағайлардың көңілін аулағандай боп, бірауық зарланған көңілін тежемек ниетте еді. Мынасы құрғыр безірейіп, салған қолқасын елемей келе жатқанын қарашы. Амалсыздан қулық ойлады. Ішін басып, дөңбекши түсіп, еденге жата кетті де зарланды. Салондағылардың бәрі үрпиісіп, ұша түрегеліп, үрейленіп жатыр.
– Не жын түртті сені, а-а-а?
– Қуығым жарылып барады! – деп бұл жаны шығардай өкірді.
Бастығы көлікті жедел тоқтатқызып, мұны серейтіп көтеріп, жолдың жиегіне жүрелей қонжитты. Сосын оған «ал, білгеніңді істе» дегендей, өздері оңаша үйірленіп, жүргізушінің қолындағы сылдырлаған бөтелкелерге сұғына қарағыштап, бірер сылқымның белінен мытыра қыса кісінетіп, күйген ағаштардан қорынған күйде жұта бастады.
Әдеп үшіннің әдейі керімен Ақбай иілген бойда, сүйретіле басып шеткерілене берді. Мына сасық, орманшы топтан алыстап кеткісі келді. Көздерінен тасаланып, осы орманда қалып қойғысы келді. Өрттен кейінгі Амантеректің алқабын армансыз шарлап, әр ағашқа қаралы көңілін сездіргісі келді. Баяғы Алаш көсемінің, классик жазушысының орманшылықты құп көрген асыл сезімдерінің аялы алақанымен де мына қаралы орманға көңіл айтпақ еді. Осы өрт кесірінен тойы өтпей қалғанына Ұлы бабадан кешірім сұрап, жеңілденбек ойы бар. «Осы орманның әр ағашының несібесімен байып, шелденген мыналар жөнімен кетсе екен», деп, ол күйік баурайына дендеп ене берді. Аласұрып, шабына іздегендердің дауысы әбден үзілгенше қара борпылдақтан боран тұрғызып, тарта берді ышқынып…
Күн сәске түстің кезі еді. Қызусыз. Күз демі сыздықтана білінеді. Ентігіп жүгіргеннің әсері ме, жауырын тұсы дымқылданып, айырбастап киер көйлегі көлікте кеткен сөмкеде екендігі есіне түсіп, миығынан күлді де күнқағарымен желке тұсын жабулап қойды. «Ех, тұлдыр орманым!» деп, көңілі босап, кемсеңдей түсіп, қалың ойға шым бата беріпті… Сұмырай ұйқы сездірмей сұғыныпты… Орманның күлге айналған үгіндісі жамбасына мамықтай жайлы тиетін тәрізді…
…Түсінде Ақбай жұмақта жүр екен-ау! Күлкіге мас, езуі жиылмайды. Тозақтағыларға шекесінен қарайды. Ол сорлылар төмендегі шұңқырда шибөрілерге таланып, терілерінен сүлік өріп шығып, шандырға айналған жандарын егеуқұйрық жыртып айырып жеп, қорлық көре түссін дегендей, түгел жеп тастамай, әдейі жылымдап жұлқа тартып азаптайды-ақ. Жұмақ шекарасына таман барып, ағаш басынан құрма теріп жеп тояттап жүрген Ақбайдың көзі арғы жақтағы атом тікенек сымдарымен қоршап тастаған тозақтар мекеніне байқаусызда ауа қалғаны. Құбыжықтан бетер тұрғындарына қарай алсайшы. Көзін тарс жұмып алып, құрмасын малталап сорып өз жөнімен кете беріп еді, тышқан осырығының иісі мұрынын жарғасын, шыдай алмай назар салып еді, сүйегіне іліккен тірі өлік пысылдап шиқ-шиқ етеді. Жұмақта Ақбайдың қос құлағы мүлдем ашылып кеткені сондай жақсы болар ма, әлгінің түсініксіз сөзін жүз пайыз анық түсінгені ғой. «Мен бір сорлымын!» – деп, мұның ұртындағы құрмасына жаутаң-жаутаң етеді. Сілкейінің өзі құрғап қалған. Тілі қураған, өңеші ғана үңірейген.– Сорымды өзім тілеп алыппын. Облыстық дөкей едім, Ұлы баба тойын өткізгім келмей, Елтұтқаның тікұшағын қондырарлық жағдай жасай алмай, тартпақ жолымды кесіп тастап, осы сорақылықтарымды бір амалмен жапқым келіп, орманға қолдан өрт салған зұлымың мен боламын! Содан тозақтан бір-ақ шықтым! Аузыңдағы құрмаңнан бір сорғызшы!». «Кет, ары, найсап!» – деп Ақбай оның бетіне түкіріп жіберіп еді, анау жалма-жан шашырандыны жалап құрғатты да мүләйімсіп сөйледі: «Қабылдауыма келгеніңде сенің қаһарыңнан қорқып, қашып кетіп едім, кешірші! Бетіме тағы түкірші, қорегіме жалап алайын!». Бұның жаман жыны келіп: «Түкірмеймін! Түкірмеймін! Аштан өлем қап! Сендейлерге тозақтан да орын жоқ! Қазір бастығыңа қоңырау шалып, қудыртамын!», – деді де қол телефонын аузына тоса беріп еді, анау жиырылып қара құртқа айналып кетті. «Шағам, уымды төгем!» – деп мың сан аяғын жыбырлатады. Қанша жұмақтағылар болса да, тозақтағылардан шошынып жүретін әдет бар бұларда. Сонысына бағып бұл айылын жияйын деді. Өз араларында жайылған «Жұмақта да тозақ бар» деген мәтел есіне түсіп, жөніне кетті.
Бір күні жағасы жайлауда жүрген Ақбайдың өмірі нақақтан қиылып кете жаздады. Рэкет мемлекеттің сапында соғысу үшін шақырту қағазын әкелген адамның көзінше «Жоқ, мен Укр елінің жағына шығамын» – деп паршалап жыртып тастасын. «Мұның болмайды, Елтұтқаның пәрменіне қарсы келдің, басың түрмеде шіриді» – деп әлгі жендеттер жағасына жармаса беріп еді, шатыр-күтір етіп жер айырылып кетсін. Жұмақтағылар «Ойбай, Рэкет мемлекеті зорлап салып берген атом-электр стансасы жарылды!» – деп жеті қат жер астына суша сіңіп зым-зиян болсын. Сөйтіп жұмақ мекені де жойылып, тып-типыл етілсін. Есесіне тозақ ғаламшарындағыларға ешқандай зауал төнбепті… Сол-ақ екен аспаннан «Біз, жұмақтағылар, тозақтағылар қатарына өткіміз келеді» деген өтініш-арыз бұршақша жаусын. Ақбайға келген жауапта: «Жоқ, қабылдамаймыз! Өткенде аузыңдағы құрмаңнан бір сорғызбағансың! Сілекейіңді аяғансың!» – деп бір бастық қолын қойып, мөрін басыпты. «Өлген жерім осы екен!» – деп есектен бетер ақырған Ақбай бастырылып жатып оянып кеткенде, қуанғанынан «тозағым, қайдасың? қайдасың?» – деп көзінің жасын көл етіп, борпылдақ күлге есі ауып, аунай беріпті…
Жан қалтасынан кішкене бөтелкесін алып, судан сәл жұтты. Күн сәулесі қара күйік орманның сидиған басын шалғанымен, жүзін ұялтып, сырғақси беретін секілді. Шуағымен бұрынғыдай еркелей сыбдыр қағатын ақ қайың жапырақтары болмағасын орманнан әр таяды екен. Қарағайдың салалы тікенектері күйіп-үгітілгесін күннің алтын кірпіктері тіреніш таппай қайғыдан тарғылданатын тәрізді. Шыршалар шырайлы шырпысынан сылынғаннан соң қасіреттің қара сәукелесін жамылғандай бір басына қайғы бұлтын қоюлатып тұрғандай екен. Ақбай осындай көрініске сүзіліп отырды да өзінің де күллі жан-дүниесі, болмысы қара бояуға баттысып шыға келгендей сезініп, жалмажан тұрып, үсті-басын қағынып, сілке бастады. Әйткенмен, күні бойғы топалаң күйден, әл-дәрменін құртқан жүгірістен әбден болдырып, құр сүлдесі қалған екен, жүрелей құлады.
Оның ендігі сенім-серігі, таяныш таяғы – қаумаласып қаптаған ой қойыртпағы болатын… Көрген көзде айып бар ма? Есіне түсіп жатыр да… Қыран қаласында тойы өтпегендіктен айлап ақ жамылғысымен тұмашаланып тұрған Ұлы баба ескерткішін ертең салтанатты түрде ашуға Елқамалдан бір дөкей бірді-екілі нөкерімен келе жатқанынан қала халқы құлақтанып үлгерген еді. Қуанып қалған. Ырамға жаман мынасы, ашсын да бет-жүзін, телміре бір көз тояттатпақ ниетте бәрі. Аллам сақтасын, әлгі әйдіктердің көліктері көрінісімен, бұйығылықпен талмаурап тұрған аспан табан астында астан-кестен болып, ұйқы-тұйқысы шықсын. Бейне бір шаһарды әйдіктердің көздерінен тасалағысы келгендей ұшырып әкетіп, басқа жерге қондыра салмақ сыңайлы адуын мінез танытты. Дауыл екпінен шатырлар ұшып, ағаштар сұлап, күллі көше сапырынды қирандыларға көміліп кетті. Бірер жас балалар допша домалап барады. Кәрі-құртаңдар жерде жайрап жатыр. Ақбай, әйтеуір, Ұлы баба ескерткішінің тас тұғырын қолымен қармап үлгеріп еді, әзірге аман қалғандай. Жел екпіні жын екпінінен жаман, қос аяғы тасқа қаудырлай соғылып, бұты айырылардай аласұрды. Бір кезде жайпағыш желін ішіне ышқына тартып, қампиған қарнынан зорымен лақ еткізген дауыл құм боранымен қара түнек орнатып кеп жіберсін. Көз көргісіз түн-сұлба орнады да қалды. Ақбай өзінен емес, мына Ұлы баба ескерткішінен қорқып, тас тұғырына одан бетер жабыса түсті. Ұшырып әкетсе, сордың көкесі сол болмақшы, дөкейлер іс-шарасыз қайтады ғой. Ұят-тағы! О, адыра қалғыр боран, күшіне мінсе, шенеуніктердің ар-намысын дар-дар жырта салмай ма? Сөйтті. Бәрі бітті. Ескерткіштің ақ жамылғысы әр тұсынан дар етіп жыртылып, ала құйынның аузында жұтылып кете барсын. Тәбәрігіне бір жыртыстың түйінін ұстап қалмақ еді, сусып қолына түспеді. Еңіреп жылағысы келді. Жас орнына құм қиыршықтанып сорғалады. О, құдайдың құдіреті, алып құйынның құйрығы көз ұшынан тайғасын, табиғат та дым білмегенсіп, сабасына түсе қалды. Күн көзі шақырайды. Мауыққан тарғыл мысық секілді маңай біткен төрт аяғын көкке көтеріп, жонын төсеп, жайбарақат жатып алыпты. Ақбайдың да жаны кіріп, көзін ашса, дөкей біткен қара сұр көліктерінен шығып, өзіне таяп келеді екен. Бұлар өзі жан алғыштар болмасын деп, күдіктеніп, соңғы кездері аса белсенділігіне сай соңынан сездірмей қарауылдар ілесіп жүретінін ойлап, зәресі зәр түбіне кетіп:
– Сіздер, кімсіздер? – деді өңешін жырта айқайлап.
Олар сұсты кейіппен ескерткішті нұсқап қаһарлана түседі. Түк түсінбеді бұл.
Дауыл кезінде қасынан жел ұшырып әкеткен аудармашысы ғайыптан пайда бола кеткеніне шүкір, соның ұсынған қағазынан мыналардың «ақ жамылғы табыңдар, дереу, ескерткішті ашамыз», деген талабын ұғып, көзі шарадай боп кеткен Ақбай:
– Ескерткішті дауыл ашып жіберді ғой! Сол да жетер! – деп ақырып қалсын.
– Жоқ! Біз ашамыз! Ашуға әдейі келдік қой! Қане, ақ жамылғы тауып, бүркеңдер ескерткішті!
Дүкен біткенді адақтап, үй аралап жүгіргендер ақтықтың орнына бір орам қара матамен оралсын. «Түк таппадық!» деп түңілсін. Өздері қара беттеніп, төмен қарағыштап, мөлиеді.
Соларды аяғандай боп, бір дөкей:
– Бұйырғаны осы да, жабыңдар қара жамылғыны, дәнеңе етпес! – деп бұйрық бергені сол еді, әзір тұрғандар Ұлы бабаны шымқай қара матамен енді тірілместей етіп орағыштап, әр жерінен шандып тастады.
– Міне, міне, қатып кетті! – деп осының бәрін сырттай бақылап, тағы алапат дауыл тұрып кете ме деп іштей зәрезап боп тұрған ең үлкен дөкей қолына ұстатқан дөңкиген қайшымен керілген қара түсті лентаны қырш-қырш кесіп тастады да аспанға үрейлене көз салып, көлігіне қарай жүгіргенде сатырлатып, бұршақ құйып кетсін.
Енді бір дөкей көлігіне жанұшыра жүгіре берем дегенде, бұршаққа тайып жығылып, шекесін ойып алып, тырбаңдап тұра амай, миына зақым келгесін, зеңбілмен «жедел жәрдемге» сүңгітіліп, ауруханадан бір-ақ шықсын.
Қыран қаласының халқы «бұл ненің зауалы?» деп аң-таң болғанымен, әлдене шындықты түйсіктерімен сезетіндей… Жиылған жұрт ескерткішке арсалаңдай қарап:
– Әйтеуір, Ұлы бабаның үстінен қара жамылғы сыпырылды ғой, тәубе! – деген күйі ақ орамалдары барлар қалталарынан шығарып, қол ұшынан бұлғап, аруақ рухын қара жамылғыдан, қара демнен, қара ниеттен арашалап, аластағандай болып, анадай жерде үйіліп қобыраған қара матаны былай қомдаңқырап апарды да от қойып, өртеп жіберді.
– Алас! Алас! Кетсін осымен қаралы, бұзық ойлар! Билік ақ ниеттілермен жаңарсын! «Ескі» де емес, «жаңа» да емес, кәдімгі Ұлы баба армандаған Әділетті Қазақстан орнығып, мәңгілікке тұрсын! Күн сөнбейінше, Алаш рухы сөнбесін! – десіп, төңкерісшіл дүрбелеңді көп көрген Қыран жұрты серпіліп бір қалғанда, бұршақ тыйылып, Күн күлімдей көрініп, шуағын мейірімділікпен шаша бастаған еді…
Өзі куә болған осы көріністердің бәрі Ақбай санасынан лезде сырғып өтіп еді. Сәлден соң, езуіне күлкі үйірілгендей болды. Есіне сол бір қитұрқылы да қиямпұрысты сәттегі қарбаласта дөкейлерге еріп келіп, Ұлы бабаға тағзым етпек болған ЮНЕСКО өкіліне бұрын жазып қойған арыз-өтінішін тапсырып үлгерген еді-ау!
Ақбайдың әл-дәрмені сәт санап құрып, бір күшеніп аунағанда борпылдақ күлге бетімен кептеліп, демі әне-міне, үзілгелі жатты. Тынысы тарылып, қорылға баса жаздап, қолқасына бармақ батқандай қапсырма қыспақтан денесі жиырылып, шөкімдей боп шөге түсті. Ышқына жанталасып кеуде үстінде салбырап жатқан оң қолын жайлап сырғытып әкеп, жан қалтасының сыртынан сипалаған болды. Онда Ұлы той дүрмегімен дүлей күндердің азабын тартып жүргенде, некелесіп те үлгермеген бір сүйіктісіне осы Амантеректің сансыратқан түнінде бойында қуат барда жазып үлгерген аманат хаты бар еді… Сол хаттан қолын айырмаған күйі батыр бейбақ жан-тәсілім етіпті… Әбден умаждалған хатта: «Ұлы бабамның рухын өрт өшіре алмайды, қайта өршелендіре түседі. Тұңғышымның есімін Өртбай қоярсыңдар, айналайыным-ай, сол!.. Әкесінің аузынан түсіп қалғандай-ақ шығар?!. Өртбайым-ай! Өмірлі бол!» – деген өсиет сөз бар еді…
…Бұл кезде төрт күн бойы орман сүзгілеген адамдар Ақбай денесінің үстінен түсіп, ағыл-тегіл аңырап жылап, бордай үгітіліп:
– Бейбақ-ай! Тұңғышының іңгәсін де ести алмай арманда кетті-ау! – десті де қалтасынан шыққан өсиетін оқи салысымен, орманды жаңғырықтыра зарлы айқайға басты. Бұл зор дауысты Амантеректің өрт шалып, қара күйеге малынған ағаштары да әуелете қостап, түу биікте айналсоқтап осы маңнан кетпей ұшқан қасиетті қыранның құлағына жеткізген тәрізді еді.
– Өртбай! Өртбай! Өртбай!
– Ақбайұлы! Ақбайұлы! Ақбайұлы!