ҚҰЛ мен ҰЛ

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ

Қап-қара машина мінгендер бүгін тағы да келді. Қара киімділердің жүздері сұп сұр. Көздерінде бейне жан жоқ тәрізді. Шыны тәрізді жылт-жылт етеді. Ежірейе кірпік қақпай қараған кезде өңменіңнен өтіп кетеді. Мұндай сәттері арықша келген келіншек одан сайын күзгі жапырақтай бүрісіп, жанын қоярға жер таппай жүрегі дүрсілдей соғып, денесі қалтырап берекесі кетеді. Өзін қаншама сабырға шақырайын десе де өз-өзіне ие бола алмайтын бұл дегбірсіздік дертіне қалай шалдықты?
Аяғы ауыр болса да екі бөлмелі үйін тап-тұйнақтай жинап, базарға барып керек-жарағын әкелуге, тамағын істеп отбасы, ошақ қасын көңірсітіп отыруға пысық келіншектің әзірге шамасы жетіп тұрған. Сол түні күйеуі Шыңғыс жұмыстан сәл кештеу шаршаңқы оралса да көңілді келді.
­– Гүлнәрім, жаным менің, ай-күнің жақындағанда ауылдан апамды әкелемін. Апам анау-мынау дәрігеріңнен мықты. Өзі босандырып алады. Сен қорықпа, Гүлім! – деп еркелетіп, ақша жүзінен қайта-қайта өпті. Мұның томпиған ішін аялай сипап, құлағын тақап тың тыңдады.
– Оһо, сенің ішіңде екі бірдей адам бар тәрізді. Жаңа естідім дауыстарын. Екеуі сөйлесіп отыр. Былдыр-былдыр бірдеңелерді айтып, өздері тіпті көңілді, күліп қояды. Сірә, біреуі қыз, ол саған тартқан. Екіншісі ұл, ол менен аумайды білем. Ха-ха! Гүлнәр, сенбей отырсың ғой. Шын, шын! – Шыңғыс мәз бола күліп, мұны кең кеудесіне құшақтай тартты.
– Отағасым-ау, байқашы. Айтқаныңның бәріне сенемін. Қатты құшақтамашы. Екі нәрестемізді тұншықтырып тастайсың, – деп бұл құмыға сөйлеп еркелей қарсылық танытып жатты.
– Иә, иә, солай екен-ау. Кешір, Гүлім! Мен ақымаққа осылай ескертіп қоймасаң, аю тәрізді қорбаңдап жаншып жіберуім мүмкін…
Екеуі мәз бола күлісіп, әрнәрсенің басын шалып, көпке дейін ұйықтамады…
Айналаның бәрі қып-қызыл жалын. Сона-ау алыс көкжиектерді, тіптен алып аспанды шарпыған от-жалынның сан-мыңдаған ұштары жалаңдап, гүрілдеген қорқынышты, үрейлі үн шығарып, жан-жақтан қаусырмалап келеді аждаһа-от. Бұл жалғыз емес. Жанында Шыңғыс және кө-өп, көп адамдар. Сол көп адам қолдарын көкке жайып өздері үрейленіп тұрса да мына сөздерді жер-дүниені солқылдатып ұрандатып үздіксіз қайталайды. «Көсеміміз Ленин жасасын! Кемеңгер Коммунистік партия жасасын!». Бұл да, Шыңғыс та осы сөздерді еріксіз қайталайды. Қайталамасаң, айтпасаң жалаңдаған жалынның ұшы айдаһардың басына айналып, әлгі адамды көз ілеспес жылдамдықпен іліп алады да, аржақтағы түнекке лақтырып жібереді. Көзі шарасынан шығып кетердей ауырады, ауыздарын барынша ашып ышқына айқайлаған адамдар әлдекімге қолын бұлғайды, мың сан аяқ жерді дүрс-дүрс тепкілейді. Иә, иә, аспанмен таласқан қызыл көсемдердің суреттері биікте қалықтап тұр.
Кенет Шыңғыстың жан дауысы шыққанын естіп қалды. Жалт қарап үлгерді, аждаһа отағасын қарпи тістеп алып бара жатқанын бір-ақ байқады.

* * *

– Гүлнә-әр! Қош, қош бол! – дегенін еміс-еміс естіп қалды.
– Шыңғы-ыс! – деп барынша айқайлаған өз дауысын өзі естіген жоқ. Шыңғыспен бірге біреу жүрегін суырып алып кеткендей бейне. Күйеуінің атын атап шыңғырып, жылап, көз жасын көлдей төккен келіншек осы сәт аждаһадан да, от жалынынан да қорқуды қойып, күйеуін қайтаруын сұрады. Ал мың сан мұхиттай толқыған адамдар ұрандап айқайлап, жер-ананы дүрс-дүрс солқылдата тепкілейді…
Дүрс-дүрс! Жып-жылы төсекте жатқан ерлі-зайыптылар оянып кетті. Гүлнәр әрі-сәрі. Түсі ме, өңі ме бұл. Көздері бұлаудай. Жылағаны рас. Жанында отағасы.
Түн ортасында есікті дүрсілдеткен кім? – деп таңдана үн қатқан Шыңғыс сәл-пәл тың-тыңдап жатты да, дүрсіл тоқтамаған соң орнынан тұрып, киіне бастады. Өзі әлденеге абыржып сасқалақтағандай ма, үрейленгендей ме, күйеуінің мұндай сәтін бұрын-соңды көрмепті.
– Кім бұл? – Есіктің аржағынан бұйрықты дауыс жауап қатты. Бұл да лезде киініп бөлмесінен шықты. Жүрегі әлдебір қауіпті сезгендей атқалақтай соғып кеудесіне сыймай бара жатты.
– Оспанов Шыңғыс сенсің бе? – деген гүжілдеген дауысты естіді. Іле-шала сау етіп кіріп келген қап-қара киімділердің біреуі орыс тілінде бірден осылай саңқ етті.
– Менмін. Ал сендер кімсіңдер?
– Біз ОГПУ-денбіз! Бізбен жүресің. Тез киін!
– Не үшін?
– Көп сөзді қой. Барған соң айтамыз!
Күйеуінің бұрын айтқан әңгімелері есіне сап ете түсті де, Гүлнәр қатты қорқып кетті. Иә, осылай көп адамдарды алып кетеді де, қайта жібермейді. Олардың көбісін соттап, атып, кейбіреулерін Сібірге жер аударып жатқанын естіген. Оларға «тыңшы» деп ат қойып, «халық жауы» деп қаралап қатты қинайды екен. Осы ойлар оның басына сап ете түсті бірден. Келіншектің үрейленіп, жаны түршіккені соншалық есеңгіреп құлап қала жаздады.
– Гүлім, қорықпа, есіңді жый! Мен қайтып келемін. Ал келмесем ауылға апама баруға тырыс. – Шыңғыс мұны құшақтайын деп еді, қарулы қолдар жұлқып кейін тартты.
– Молчать! – деп олардың біреуі ақырып жібергенде, бұл шошына селк ете түсті.
– Көріп тұрсыңдар ғой. Әйелімнің аяғы ауыр. Қорқытып, үркітпеңдер!
Гүлнәр сәл-пәл есін жиды да қалбалақтап күйеуінің жылы палтосын әкеп берді. Дорбаға нан, тамақ салайын деп еді.
– Оның қажеті жоқ! – деп зірк ете түсті әлгілердің бірі. Күйеуі кетерінде бұған аяй, жалтақтап қарады.
– Көп уайымдай берме, Гүлім. Бір Аллам жар болсын бәрімізге!
– Шыңғы-ыс! – Гүлнәр шыңғыра айқайлап ұмтыла беріп еді, біреу кеудесінен нұқып итеріп жіберді. Есік тарс жабылды. Маңдайынан ұрып жібергендей коридорда есеңгіреген күйі қала берді…
Таңға дейін жылап шықты. Көзі бұлаудай. Жасы сорғалаған Гүлнәр не істерін білмей, тар үйде әрі-бері сенделіп жүрді де қойды. Не істеп, не қоятынын білмеді. Қалада бұл танитын адамдардың қарасы аз. Еркектердің көбісін әлгі қара машина мінген қара киімділер алып кеткен. Олар әйелдерді де қамап соттап жатқанын естіген. Сірә, мұны да аямас енді. Қоңыр күздің таңы әзер атты-ау. Әрі ұйықтаған, әрі жылай-жылай көздері домбыға ісіп кеткен Гүлнәр сыртқа ұмтылды. Ойы Әзиза апаға бару. Ол кісінің де күйеуін бір түнде алып кетіп, абақтыға апарып қамап тастаған. Бір-екі рет жылап бұлардың үйіне келіп кеткен. Сол кісіден барып ақыл сұрамақ. Ол кісінің ұл мен қызы бар. Бірі жетіде, екіншісі бес жаста. Өздері сондай сүйкімді. Әзиза апаның үйіне жақындағанда байқады, қорқынышты қара машина тұр екен. Үйден айқай-шу шығып жатыр. Жақындағанда байқағаны екі қара киімді Әзиза апаны қолтықтап зорлап сүйрегендей алып келе жатты.
– Оңбағандар! Анасын балаларынан қалай айырасыңдар, зұлымдар! Мен балдарымды өзіммен алып кетемін. Жіберіңдер, жіберіңдер мені! – деп Әзиза барынша айқайлай сөйлеп, жұлқынып кейін қарай ұмтылады. Еңгезердей екеу оның қолдарын қайырса да, ана байғұс оларға бой берер емес. Есіктің сыртында тағы екеу тұр. Аржағынан балалардың «апалаған» дауыстары жүрегіңді шымырлатып, аза бойыңды қаза қылады. Көршілер алыстан бақылайды. Ал Гүлнәр шыдамады.
– Жіберіңдер! Шынында да ананы балаларынан айырмақсыңдар ма? – Жендеттер мұның айтқанын шыбын шаққан құрлы көрмеді. Орамалы бір жағына ұшып кеткен, шашы дода-дода, көзінен тарам-тарам жас аққан Әзиза Гүлнәрді көріп одан сайын күшейді. Бірақ қара киімділердің біреуі жуан жұдырығымен апаның жүрек тұсынан ұрып жіберді.
– Ах-х! – деп соңғы рет айқайлаған Әзиза апаның басы сылқ ете кеудесіне түсті. Есінен таңды-ау, байғұс! Гүлнәр қалт тоқтап, жан-жағынан қолына ілігер зат іздеді. Көзіне ұшы өткір темір білік түсті. Аяғының ауырлығына қарамастан әбжіл қимылдап темірді қолына алды.
– Зұлымдар, өлтірдіңдер ғой!
Темір білікті найза сияқты ұстап, Гүлнәр ұмтылсын. Үй жақтан ордаңдан жүгіріп жеткен. Жендеттің бірі қас қағым сәтте мұның найзасын қағып жіберіп, екінші қолымен әлжуаз келіншекті басынан ұрып жіберді. Әбүйір болғанда Гүлнәр жұмсақ жерге сұлап түсті. Есінен танып қалыпты. Көзін ашса әппақ бөлмеде жатыр. Кейін білді, әлдекімдер ауруханаға әкеліпті.
– Әзиза әпке, Әзиза әпке-е! – деп айқайлай оянған, медбике қыз:
– Тыныш, тыныш! Әзиза әпкеңізді қайтесіз, аман қалғаныңызға қуанбайсыз ба? Ішіңіздегі нәрестеңізді аяңыз, – деді.
– Ана зұлымдар өлтірді ғой апаны.
– Тыныш, тыныш дедім ғой сізге. Есіктің сыртында милиция жүр. Сізді күзетіп тұр. – Сыбырлай сөйлеген медбикенің көзінде үрей.
– Мені де қамай ма?
– Оны білмеймін. Ең бастысы тынышталыңыз.
Екі-үш күннен кейін Гүлнәр біршама тәуірленейін деді. Сол кезде мұрты едірейген, өзі сұқсырдай, көздері ежірейген бір кісі келді. Тергеуші екен. Түрлі сауалдар қойды. Бұл мемлекет қызметкерін өлтірмекші болыпты. Яғни қылмыскер. Жүкті болмағанда бірден қамап, «Халық жауы» деп соттап жібермекші екен. Оның айтуынша Гүлнәрдің абақтыға қамалатын уақыты алыс емес. «Мына ішіңдегі калбитті дүниеге әкелген күннің ертеңіне сенің ісіңді сотқа жіберіп, өзіңді атқызамын!» деді ол шімірікпестен зіркілдеп. Әшейінде үркектеп, қорқып тұратын келіншек еті үйренейін деді ме, долданып қарсы сөйледі.
– Мен сендерге баламды бермеймін! Онан да өлгенім жақсы. Әне, Әзиза апаны өлтірдіңдер. Олардың балалары сендердің зұлымдықтарыңнан тұл жетім қалды. Сендерді құдай жазалайды. Тасжүрек жендетсіңдер!
Орыс тергеуші қатты ашуланды. «Калбит! Тварь! Сволочь!…» Аузына келген боқтық сөздерді төкпеледі дейсің. Гүлнәр де қайтқан жоқ. Ішке ентелей кірген дәрігер тергеушіні әзер шығарды. Ол кеткен соң соншалықты қауқарсыз, әлсіз екендігін сезінген Гүлнәр ал кеп жыласын!
Тергеушінің зәрлі сөздері, есіктің сыртындағы қарауыл, осының бәрі бұл жәй нәрсе емес екенін сезген Гүлнәр өзінше жоспар жасады. Қалай да қашу керек! Бірақ күні-түні қарауылдағандар жібере ме? Терезелерді қарады. Бәрінде темір тор. Енді не істемек керек? Алдымен жолға дайындалды. Қара нанды жинап, қатырып, молынан жинады. Күйеуінің ауылы алыста. Не де болса Қытайдың шекарасына жақын орналасқан өз ауылына тартпақшы. Егер ол жаққа қуғыншылар келсе Қытайға өтіп кетпек. Ол жақта туысқандары да бар. Қашудың сәті аяқ астынан туды. Түн ортасында есікті ашса, қарауыл үстелге басын қойып ұйықтап жатыр екен. Тез жиналды. Киімдерін апыл-ғұпыл киіп, сыбдырсыз шықты. Жанталасып қараңғы дәлізбен зорға дегенде сыртқы есікке жетті. Ондағы қызметкер де ұйқы құшағында жатыр. Ілулі тұрған кілтті алып, есікті ашып, тез шығып кетті. Әттең, аяғы ауыр. Әйтпесе желдей жүйткіп біраз жерге кетіп қалар еді. Үйіне әзер жетіп, жылы киім, дорбасын алып, таң қылаң бергенде апыл-ғұпыл қайтадан жолға шықты. Ойы тезірек қаладан шығып кету. Шамамен ауылына барар жолды біледі. Шыңғыс екеуі арбамен барып қайтқаны бар. Аяғы ауыр келіншек қанша тез жүрем десе де шаршап қалды. Ентіге демалып бір орында тұрып қалады. Сәл демалады. «Қайткенде де баламды құтқаруым керек» деген ойға бекінген Гүлнәр қасарыса ілби басып көп жүрді.
– Гүлнәр! Гүлнәр! – деп кенеттен шыққан дауысқа жалт қараса өзіне бүйірден жақындап қалған салт аттыны көрді. Иә, иә, бірден таныды. Ауылдасы, әрі туысы Тоқсанбай деген кісі.
– Ағатай, сіз бе? Қатты қорқып кеттім ғой, – деді жүрегін оң қолымен басып.
– Гүлнәр-ау, өзіңнің аяғың ауыр. Қайда асығып барасың? – деп ағасы таңдана сұрады.
– Қашып шықтым, аға. Күйеу балаңызды қамап тастады. Не де болса ауылға барып босанайын. Ұстаса мені ұстар. Сәбиім аман болсын деген далбаса оймен келе жатқаным ғой. – Гүлнәр осы сөздерді айта берем дегенше, гүрілдеген машина жетіп келді. Есігі сарт-сұрт ашылып қара киімділер лезде қоршап алды. Туыс ағасы Гүлнәрді бір қолымен қапсыра тартып еді, аналар дөрекі қимылмен оны ат-матымен ысырып тастады.
– Тоқсанбай аға, апама жағдайымды айтыңыз. Мені бұлар қазір ауруханаға апарады. Жақында сол жерде босанамын. Немересін алып кетсін. Мені де қамамақшы. Бұл сізге аманат, аға! Соңғы тілегім болсын…
– Молчать! Молчать! – деп ақырған жендеттер Гүлнәрді желкесінен бір түйіп, сүйрей жөнелді…
Босанатын түні Шыңғысын түсінде көрді. Баяғы қалпы. Жымиып, бұған күлімдеп қарайды.
– Жүр, Гүлнәржан, біз енді мәңгілік біргеміз, – деп қолын қыса ұстап өзіне тартты.
– Балаларымызды бірге алып кетейік, – дейді бұл артында қарап тұрған қос сәбиіне жалтақтап.
– Оларға алаңдама! Екеуі де ертең үлкен азамат болады. Өмірлері алдында олардың. Кеттік, біз мәңгілік өмірге барамыз. Аллам солай деп ұйғарды. Біз оған көнсек те, көнбесек те бағынамыз…
Сол түні Гүлнәр босанды. Маңдайы торсықтай екі ұл келді іңгәлап. Есін жинап, екеуін тұңғыш рет емізді. Алпыс екі тамырын иіткен сол ғажап сәт, аналық бақытты алғаш әрі соңғы рет басынан кешіп отырғанын ол білген жоқ. Сәлден соң қос медбике оның егіз ұлын орап, алып кетті.
– Қайда, қайда апарасыңдар? – деді бұл шырылдай ұмтылып. Жүзі сұсты қарауыл олардың ортасында тұрды міз бақпастан. Гүлнәр жанталаса қанша ұмтылғанмен оны сыртқа жібермеді. Сәлден кейін баяғы сұқсырдай көк көзі ежірейген тергеуші келді.
– Мен саған айттым ғой құтырма деп. Сен халық жауысың, күйеуің екеуің жапонның тыңшысысың. Көздеріңе көк шыбын үймелетіп, сендерді мына мен атқызып, жандарыңды жаһанамға жіберемін! – деді ол долдана сөйлеп…

* * *

Желтоқсан көтерілісі кімнің кім екенін, кім қай жақтың ұпайын түгелдейтінін, кімнің қорқақ, кімнің батыр екендігін, қысқасы өтірік пен шындықтың ара жігін ашты. Ешкім, еш мемлекет білмейтін қазақ деген ұлттың бар екенін, төрткүл әлемге танытқан осы көтеріліс еді. Қазақты менсінбейтін, оны ұлт деп мойындамайтындардың ішінде тек орыстар ғана емес, қара орыс атанып кеткен қазақтардың өздері де бар екенін тып- тыныш советтік өмірді алағай да бұлағай еткен осы көтеріліс дәлелдегенін біреу білді, біреу білмеді.
Иә, иә, алаңда ұлты үшін, тілі үшін уыздай қазақ жастары кеңес әскерінің шоқпары мен керзі етігінің астында қанжоса болып шайқасып жатқанда, қырық пен алпыстың ортасындағы қазекеңдер үйлерінде бұғып отырып әліптің артын баққанын Жалғас есімді елуді еңсерген азаматымыз кейін аңғарды. Екі кештің арасында үйге жұлқына кірген қаршадай жиен қарындасы келгенде Жалғас шынын айтқанда әйелінің тәк-тәгімен әзер шыдап отырған.
– Нағашы ағатай-ау, алаңда жастарды аяусыз қырып жатыр ғой. Қалай шыдап отырсыз? Заңгерсіз, араша түспейсіз бе? Жаныңыз олардан артық па? – деді ол шырылдап. Осы сөзді айтты да талшыбықтай қыз тұрған жерінде сылқ етіп құлай кетті. Әйелі екеуі дереу барып қыздың басын көтеріп, су бүрікті. Бет-аузы қан екен. Басына қатты соққы тиген тәрізді. Көтеріп апарып төсекке жатқызғанда қыз ыңырсып көзін ашты.
– Мен кеттім. Жедел көмек шақырма! Ертең оқуынан шығарып жіберуі мүмкін, – деді шешімді түрде Жалғас. Күні бойы қызба мінезді күйеуін жібермей тосқауыл болып отырған әйелі үш-ақ сөз айтты:
– Жалғастай, байқап жүрші!.. – деді де іштей Аллаға жалбарынды.
Алаңға жақындағанда теңізде дауыл тұрып жатқандай гүрілдеген үнді естіді. Адамдардың шуылы, айқайлағаны, шыңғырғаны және ән естілді. Ән қанаты аспанда қалықтап рухыңды оятады.
Менің елім, менің жерім
Гүлің болып егілемін,
Жырым болып төгілемін, елім
Туған жерім менің,
Қазақстаным!
Аспанды, жерді шарпыған прожекторлар алаңдағы гуілдеген адамдарды жалт еткізіп көрсеткенде әскерлер мен жастардың жанталаса шайқасып жатқанын аңғарып қалады. Бұл келгенде алаңды қоршап тұрған әскер де шоқпарлары мен сапер күректерімен айқасқа кірісіп кетіпті. Ызаланған бейбіт көтерілісшілерге су шашып жатқан машиналарды көргенде Жалғас қатты ашуланып кетті. «Ойбай-ай, мына аязда суға малшынған мына жастардың жағдайы не болмақ?» деп ойлап үлгергенше бір топ жігіт келіп су шашқыш машинаны аударып тастауға әрекет жасап жатқанын көрді. Сап түзеген әскерлердің шебі мұны жібермеді. Амал жоқ бұза- жарып бұл да қалың топқа кірді. Міне ғажап! Адамдардың екпініне шыдамаған алып машина бір жағына қисая берді. Бірақ әскерлер қарусыз көтерілісшілерге тарпа бас салып, сапер күректерін жалаңдатып, жайпап, ұрып-соғып, ешкімді аяйтын емес. Бір соққы тура жон арқасына тиген Жалғас артына жалт бұрылды. Еңгезердей солдат мұны екінші рет ұрмаққа шоқпарын көтеріп, төніп келе жатыр екен. Жалтара қорғанып, соққыны дарытпай, өзінің кәнігі әдісіне салып, іштен, жүректің тұсынан қатты соққы жасады. Енді ол резеңке шоқпарға ие болды. Жан-жақтан анталаған әскерлермен шайқасуға бұл жақсы қару еді. Жалғастың бір байқағаны көтерілісшілердің қатарында кілең жалындаған жастар. Сондықтан Жалғас басшылықты бірден өз қолына алуға тырысты.
– Қатарларыңды ыдыратпаңдар! Солдаттардың қаруларын тартып алыңдар! – деді айқайлап. Алғашқыдай емес, машиналары аударылған, оннан аса солдаты жарақат алған орыс әскері сәл кейін шегініп, екі жақ аңдысқандай халде еді. Кенет жаңа бұйрық түсті ме, әскер сап түзеп, қайтадан тұра шапты. Әп-сәтте шайқас қайта басталды. Себелеп қар жауып тұр, жан-жақ аласапыран болып кетті. Бұлар көпке дейін берілмеді. Бірақ жаудың күші басым еді. Кенет оншақты солдаттың қоршауында бір жігіт екеуі қалғанын байқамай қалды. Алдымен қатты соққы алған жігіт құлап бара жатты. Бір қолымен оны демей бергенде, өзіне де соққы жауып кетті. Басына қатты соққы тиді-ау, көзі қарауытып бара жатқанын сезді. Аржағын білмейді…
Есін жиғанда жабық машинамен кетіп бара жатыр екен. Денесі, басы зырқылдай ауырып тұр. Жан-жағында иін тіресе отырған адамдар..
– Есіңізді жидыңыз ба, аға? – деді манағы жігіт, мұны сүйеп отыр екен.
– Мен қайдамын? – деді бұл.
– Мына жігіттер мен қыздардың барлығы да таяқ жегендер. Бәрі де жаралы. Милиция сірә бізді қамауға апара жатқан болар…
Енді байқады, сығылысып қалай болса солай отырғандардың көбісі жаралы, үсті-бастары қан. Кейбіреулері ыңырсып, енді біреулері жылап, ойбайлап, бебеулеп отыр. Машина ұзақ жүрді. Бір кезде тоқтай қалып, милиция формасын киген жігіт артқы есікті айқара ашты да жанашырлықпен тіл қатты:
– Бауырлар, мына жер қаланың шеті. Тез шығыңдар, үйлеріңе жетіп алыңдар. Бірақ біз туралы ешкімге айтпаңдар. Кәне, тез, тез шығыңдар!
Іштегілер қопарыла сыртқа шықты. Айнала тас қараңғы. Қар ұшқындап жауып тұр. Қызыл шұнақ аяз денесін тітіркендіріп жіберді. Жас қызды жігіттер әзер сүйреп шығарды. Есі кіресілі-шығасылы. Байғұс қыз қар үстіне сылқ етіп сұлай кетті. Тағы бір жігіттің аяғы сынған ба, әйтеуір тұра алмай жатыр. Бет-аузы қан-қан. Енді бір жігіт әзер тұр тәлтіректеп. Жетісіп тұрған ешкім жоқ. Бәрі де оңбай таяқ жеген. Жалғастың да басы зеңіп, көзі қарауытып-қарауытып кетеді. Ақша қарды уыстап алды да бетін аямай ысқылады. Аздап сергігендей болды. Жиыны жиырма шақты адам үрпиіп айдалада аңтарылып, қайда барарын білмейді. Алматы біраз жерде. Шамдары жарқырап мен мұндалайды. Мына түрлерімен барса ана жақтағы әскерлер тағы да ұстап алатыны сөзсіз. Сөйтіп әрі-сәрі болып тұрғанда сайдан шыққан болуы керек машинаның жарығы жалт ете түсті.
– Машина! Машина! – деді жастар қуанып.
– Мына түрімізден бәрі қорқады. Тоқтаса игі, – деді Жалғас қаупін жасырмай. Дала жолымен қиқалаңдап әзер жүрген машина көп ұзамай бұлардың жанына келіп тоқтады. Қорапты ескі газик машина. Кабинасынан еңсегей бойлы кісі түсті. Сәлемдескенде байқады, егде кісі болып шықты.
– Ау, бұл не тұрыс? Қайдан келдіңдер? – деп жөн сұрады ол қырылдай сөйлеп.
– Алматыда қырғын болып жатыр. Қазақтар кешеден бері алаңға жиналып, ұлттық мәселелерді сұрап, талап етті. Ал Мәскеу жауап ретінде қалың әскерін әкеліп бейбіт халықты аямай сабап жатқанын естіген боларсыз, – деп Жалғас мән-жайды қысқаша түсіндірді.
– Естіп жатырмыз. Жаңа әзірде бірнеше машина анау жердегі шұңқырға көп адамды әкеп төгіп тастады. Олар кеткен соң мәшинеммен әлгі шұңқырға жақындап келіп тоқтадым. Шұңқырдан ыңырсыған, ойбайлаған, айқайлаған адамдарды байқадым. Қалай тастап кетейін, тірілерін шамам жеткенше сүйреп сыртқа шығардым. Сірә, қалғандары өліп қалған-ау, шамасы. Көп, кө-өп тіптен. Жүрегім ауырып кетті. Ертең ауыл адамдарын ертіп келіп, ең болмаса беттерін жасырсам ба деймін. Бұл сұмдық қой, сұмдық! Өлген малды да осылай айдалаға тастамайды, – деп таусыла сөйлеген кісі қайта-қайта басын шайқап, көз жасын сүртті.
– Иә, иә, алаңға шыққан кілең өрімдей жастар. Өмірдің біраз қызығын көрген мендей адамдар аз. Олар ешкімді аяп жатқан жоқ. Біздің қазақты өзіңіз айтпақшы, малдан да төмен санайды. Итке де талатып жатыр. Сізге рахмет, аға. Қалаға жақындатып тастаңызшы бізді.
– Әрине, апарамын. Ұлтымыздың намысы үшін алаңға шыққан қайта сендерге рахмет…
Қараңғылық жапқан қаланы әлдебір зілмауыр зұлмат күш басып тұрғандай. Көшелері қорқынышты да үрейлі. Жастардың көбісі студенттер екен. Жалғас такси ұстап, ақшасын өзі төлеп оларды шетінен жатақханаларына, жалдамалы пәтерлеріне аттандырып жатты. Тек әлі де есін жия алмай есеңгіреген қызды қайда жіберерін білмей, қатты қиналды. Ауруханаға жіберсе ондағылар бірден сезіктеніп, милицияға тапсыруы мүмкін. Енді не істемек керек? Қатты қиналып жатқан қыздан туыс-бауырларының бар-жоғын сұрап еді, ештеңе айта алмады. Амал жоқ, үйіне апаруға ұйғарды. Таксишілер де үрейлі. Үсті-басы қан-қан қызды көріп шошып кетеді де сырт айналады. Зорға дегенде барып бір жасы үлкен орыс кісі тоқтады. Бірақ алғысы келмей біраз тұрды. Қыздың аянышты жағдайын көріп аяп кетті ме әйтеуір келісті-ау.
– Мынау кім тағы да. Өзің немене таяқ жегеннен саусың ба? – деп әйелі бұған аяй қарап басын шайқады. – Ең бастысы, тірі екенсің. Оған да шүкір!
– Бұл қызды танымаймын. Сірә, баратын жері жоқ. Сен дәрігерсің ғой, көмектес, Сағираш. Ауруханаға апарсақ бірден ана зұлымдардың қолына береді. Жаңа жігіттер айтып жатыр. Қазақтың қыздарын шешіндіріп мұзға, қарға сағаттап отырғызыпты. Зорланғандары қаншама. Гүлназира қалай? Есін жиды ма?
– Ол қыз да жетісіп тұрған жоқ. Бір топ жастарды итке талатқан көрінеді. Бір жігіт өзі таланса да біздің Гүлназираны қорғап қалыпты.
– Ойпырмай, ер жігіт екен. Шүкір, қазақтың болашағы бар-ау деген ойға келдім. Көтерілісшілердің арасынан жаумен аянбай шайқасқан қасқыр жігіттерді көрдім. Жап-жас қыздар да олардан қалысар емес. Бірақ ана зұлымдар енді аямайды-ау, аямайды. Соған жүрегім ауырып тұр. Олар бізді құл ретінде көреді. Айтқанымен, айдағанымен жүрмесең осылай азаптайды, өлтіреді. Жастарымызға қамқорлық жасай алмадық. Олар құлдыққа қарсы көтерілді, ал біз олардың ағалары, әкелері қорқып, үйде бұғып қалдық. Ақсақалдар жаппай алаңға шыққанда мұндай қанды қырғын болмас па еді… – Жалғас таусыла сөйлеп, үстелге басын сала тұқырайып, салы суға кеткендей отырып қалды.
– Өзіңді-өзің мүжи берме, Жәке. Ең бастысы, өзіңнің аман келгеніңе қуанып отырмын. Басыңа да, арқаңа да қатты соққы тиіпті. Кел, ем жасайын. Әйтпесе, ертең бұл жаралар ішкі ағзаңа түсіп кеуі кәдік. Ана келген қыз да қатты таяқ жеген. Басынан күрекпен ұрыпты. Миына зақым келмеді ме деп қорқып отырмын. Ауруханаға апармасақ болмайды-ау. Әзірге ем жасап, тыныштандыратын укол салдым, – деп жұбайы Сағира жаны жай таппай тұрғанын жеткізді.
– Сағираш, ертең ана сұмдар бұлардың бәрін тексереді. Тергеу жүргізіп қорқытады. Сезіктенсе оқудан шығарады. Мен сол жағын ойлап отырмын…
Ерлі-зайыпты екеуі көпке дейін ұйықтай алмады. Сыртта аяз күшейіп, қар жауа бастапты. Алматының таңы жарқырап атпай, қаланың үстін сұсты да күңгірт көлеңке басып тұр. Жалғас қатты ұйықтап кетіпті, жаман түс көріп шошып оянды.
– Түсім екен ғой. Күшіген тәрізді алып құстар далада есінен танып жатқан адамдардың көзін шұқи бастапты. Жатқандардың ішінде мен де бар екенмін. Біреуі тура көзімді шұқиын деп жатыр еді, шошып оянып кеттім, – деді қарлығыңқы дауыспен сөйлеген Жалғас…

* * *

– Миша! Сен Қазақстанға бармай-ақ қойшы. Жабайылар бүкіл әлемді шулатып жатыр. Ол зұлымдар анау-мынау емес балабақшаларды да тонап, қиратып жатқан көрінеді. Саған бірдеңе болса менің жағдайым не болады? Оля қызың сені қандай жақсы көретінін білесің ғой? – Бұл Наталья есімді келіншек еді. Күйеуінің шын есімі Москеу. Фамилиясы тіптен қызық: Ленинградов. Москеу өзін қай ұлттан екенін білмейді. Тууы туралы куәлігіне орыс деп жазылған. Жарық дүниеге келген жері Қазақстан. Ал Михаил-Москеу болса өзін нағыз орыспын деп ойлайды. Ал түр-келбеті азиаттан айнымайды. Неге екенін кім білсін, азиаттарды өзі иттің етінен жек көреді. Оларды көргенде тыжырынып, жек көретінін шет жағалап жеткізгісі келеді. Тағы бір жек көретін нәрселері – өзінің аты мен сыртқы түрі. Әрине, өзінің отбасы да, әріптестері де, достары да мұны Миша-Михаил дейді. Иә, түр-түсі орысқа мүлдем ұқсамайды. Қараторы өңді. Негізі өскен ортасы осы Москва. Әкесі орыс. Аты Сергей. Анасы да орыс. Бұл кәмелет жасқа толғанда екеуі бірдей машина апатынан қайтыс болыпты. Өзі, тегі туралы сұрап үлгермеді. Миша заңгер. Министрліктің білдей қызметкері. Алматыдағы оқиғаға байланысты аяқ астынан іссапарға жіберіп жатыр.
– Миша! Неге үндемейсің? Сұрағыма жауап бермедің ғой, – деді Наталья терең ойланып кеткен күйеуіне. Күйеуі селт ете қалып, жалма-жан жауап қатты.
– Ойланып кетіппін. Ештеңеден қорықпа, аман-есен қайтып келемін. Жабайылар маған не істей қояр дейсің? Көптен бері қолым қышып жүр еді. Айызымды қандырармын бір! – Арыстандай гүр-гүр еткен Миша-Москеу жас кезінде талай мәрте рингке шыққан жойқын сәттерін еске түсіргендей қос жұдырығымен ауаны осқылап-осқылап жіберді…

* * *

Михаил неге екенін кім білсін, осы сапарға шығарда біртүрлі қобалжығандай болды. Жан дүниесінің бұл өзгерісіне өзі таң қалса да ешкімге сыр білдірмеді. Мәскеу-Михаилдың бұл бірінші сапары емес. Басқа республикаларға да тексеру, тергеу жұмыстарымен барып, әбден шыңдалған. Москваның әбден сеніміне кірген. Өзге бұратана халыққа нағыз шовинист орыстардан да қатал қарайды. Оларға деген ата-бабасының ежелден кегі бардай кіжініп кірісіп, қарсы келгендерінің бет-аузын қан қылып, небір «мен» деген асауларына да өздерін бас идіретін. Яғни олардың кінәсі бар болса да, жоқ болса да ауыр әрі қатал жаза қолданатын. «Мен ұлы орыс халқының ұрпағымын!» деген әспенсіген ой жүрегін әбден меңдеп алған, басқа бұратана халықты өзінен төмен санайды. «Олар біздің орыс халқының құлдары. Құлдың аты құл, қожайынына зыр жүгіріп қызмет етуі тиіс!» деген әкесінің кішкентайынан құйған қағидасы Москеудің көкірегінде басты принцип болып құрыш шегемен қағылған. Әкесі Сергейдің шовинистік әдет-ғұрпы, мінезі Москеудің көкірек сарайына көшіп, орналаса қалған. Елуге келгенше осы жолдан, осы принциптен әсте айныған емес. Мінеки көңілің қобалжытқан осы сапар бағамдап отырса ерекше сапар. Себебі Алма-Ата оның туған қаласы. Өмірге келгеннен кейін алғаш рет туған жерге оралуы қобалжытқан болар…
Ту-154 ұшағымен аспанда самғап келе жатқан Михаилдың көңілі одан да биікте. Міне, қызық! Осы елуге келгенге дейін өзінің кім екендігі, ұлты, аты-жөні туралы еш ойланбай өмір сүріпті. Мұның себебі «орыспын!» деген ойдың көңілінде нық бекігені. «Мен соншама ойсыз адаммын ба сонда?» дейді ол өзіне өзі сауал қойып. Сауалдан гөрі кінәлау басым. Қайдағы біреулер бұл дүниеге келгенде ұлтын қасақана мазақтап жазып жіберген. Әрине, оны жасағандар бұратаналар. Бірақ миына бір сыймайтын нәрсе мұның әке-шешесі құжат жазғанда қайда қарап жүр? Әлде… Мына тосын ой көтеріңкі көңіл-күйінің шәт-шәлекейін шығарды. Ойын тежеп, әрі қарай жалғастырмайын десе де қайта-қайта оралып, миын түртпектей берді. Бар болғаны екі сұраулы сөз. Амал жоқ, осы ой ішін бұрап жіберсе де сона-ау тереңнен атылған жанартаудай болып шыққан өткір сұрақтың төңірегінде үйірсектей береді. «Әлде… асырап алған ба?» Шынында да мұның әкесі де шешесі де оқыған-тоқыған, зиялы қауым өкілдері. Тіптен әкесі ғалым болған. Профессор атағы бар. Осындай білімді адам неге өз ұлының фамилиясына дұрыс қарамаған? Москеу Ленинградов Сергеевич. Ленинграды несі? Ал Москеу орыстың сөзі емес. Москваның ағылшыншасы ма кім білсін. Ұлтының «орыс» деп жазылуы ғана қуантады. Туған қаласы Алма-Ата дейді. анасы Мария ол жақта не істеп жүрген? Айтпақшы мамасы Ленинградтан екен. Әлде… әлде.. тағы бір келеңсіз ой оралды көңіліне. Есепші тәрізді жаңсақ қағылған есепшоттың тасындай кері серпіп жібергенмен екінші ойы еркіне бағынбай қайтадан кері қағып жібереді. Тағы да сол жыландай арбалған ой көкірек сарайынан жарып шықты. Ол не ой сумаңдаған? Анасы мұны тұрмысқа шықпай тұрып көтеріп, осындай фамилия беруге мәжбүр болды ма екен? Мұндай жаман ойды анасына қалайша дәті барып жабыстырып тұр! Бұрын ұшаққа отырғанда тез ұйықтап кетуші еді. Бүгін не көрінді? Шырмалған, шатасқан қай-қайдағы ойлар лап беріп, көмді де тастады. Оларды тым-тырақай етіп қуып, біржола құтылғысы келеді, айтуға шамасы жетпейді. Расын айту керек бұрын қай кезде қандай жағдайда болсын, Москеу өзінің жан дүниесіндегі толқыныстарды, қажет жағына бұрып отыратын. Бүгін қалайша қауқарсыз жайға айналғанын түсінбей дал. Құйындай үйірген бұл қандай құдірет?
«Жо-жоқ, бұл болмайды! Мына құрып кеткір Қазақстаннан қайта оралған соң өзімді-өзім қолға алып, фамилиямды өзгертемін!» деп дауыстай айтып жібергенін өзі де сезбей қалды. Жанындағы келіншек таңдана қарап, жымиып қойды. Ыңғайсыз халге түсіп, қара терге малшынды. Бірақ бұл ұйғарымы өзіне ұнап, жаны жай тапқандай еді.

* * *

Алма-Ата ғажайып табиғат аясында орналасқан қала болып шықты. Алатау деген тауы аспанмен таласып, қаланы күрегейлей қоршап жатыр. Шыршалары да қалың өскен. Москвамен салыстырғанда қысы аса суық емес. Жел жоқ, тымырсық. Қар да оншалықты қалың жаумайды. Бірақ сызды ауа болғандықтан ба, қалай тоңғаныңды өзің де білмей қаласың. Алма-Ата қонақ үйі тура қаланың ортасында орналасқан. Москеуді арнаулы машина қарсы алды. Жүргізушісі мұны көргенде таңданып қалды.
– Немене қақиып тұрсың? Адам көрмедің бе? – деп бірден дөрекі сөйледі бұл.
– Кешіріңіз, сізді Жалғас аға деп қалдым, – деді ол жалма-жан мұның қолындағы сөмкеге жармасып.
– Кім ол Жалғас?! Мені қарсы алатын жөні түзу орыс жүргізушісі жоқ па, немене?
– Ол жағын білмеймін. Мені сізге бастықтар жіберді. Ал Жалғас аға тура сізден айнымайды. Тек ол кісінің мұрты бар. Аға тергеуші болып жұмыс істейді бізде.
– Тоқтат! Өзің мылжың екенсің. Жалғас, Палгас! Кім ол? Әйдә, тарт! – Москеу зіркілдей сөйлеп, айқайлап жіберді.
Қонақүйге келіп жуынып-шайынып, әлгі жүргізушімен болған кикілжіңді біржола ұмытқысы келгенімен шайтан алғыр сол әңгіме есінен шықпай қойды. Жалғас! Ол кім? Маған ұқсайды дей ме? Қайдағы бір чукчаны маған ұқсатқаны несі! Мен орыспын! Ұлы державаның өкілімін! Әй, оңбағандар! Біліп қойыңдар соны. Мен сендерге көрсетемін әлі. Көздеріңді көкшитіп, тұқымдарыңды тұздай құртамын!» Москеу өзінен-өзі жынданып, кең бөлмеге сыймай, әрі-бері жұлқына адымдап жүр.

* * *

Таңертең бұған басқа жүргізуші келді, кәдуілгі сары орыс.
– Жолдас полковник! Сізді жұмыс орныңызға жеткізуге аға лейтенант Новиков келіп тұр, – деді бұл есігін ашқанда ұзынтұра жігіт тақ-тақ етіп.
– О-о, міне дұрыс болды. Әйтпесе біреу келді, нағыз мылжың. Қайдағы біреуге мені ұқсата ма, түсінбедім.
Новиков жолда келе жатқанда бұған қайта-қайта жалтақтап қарағыштай берді.
– Неге қарай бересің? Бетімде бірдеңе жабысып тұр ма немене? – деді Москеу оның қимыл-қозғалысын жақтырмай. Жүргізуші сәл үнсіз отырды да:
– Жолдас полковник, бір нәрсе айтуға немесе сұрауға бола ма? – деді құмыға сөйлеп.
– Сұра! – деді бұл бұйрықты райда.
– Жолдас полковник, сізді қарсы алған жүргізуші дұрыс айтқан…
– Нені дұрыс айтқан? – деп Москеу оның сөзін шорт кесті.
– Сіз шынында Жалғас Шыңғысовичке ұқсайсыз.
– Фу-у…, тағы да Жалғас, Жалғас! Әбден зықымды шығардыңдар ғой. Тоқтат! – Ол аяқ астынан осылай долдана айқайлап жіберді.
– Кешіріңіз, жолдас полковник! – деді байғұс жүргізуші.
«Прокуратура» деген жазу алыстан менмұндалады. Еңселі ғимараттың айналасы қалың ағаш. Милиция машиналары қаздай тізіле қалыпты. Қызыл белдеуі бар екі-үш шағын автобус қаңтарулы тұр. Бірен-саран ары-бері өткен жүргіншілер болмаса бейсеубет жүргендер аз. Шинелдері салпақтаған милициялар аязда бүрсеңдетіп біреулерді алдарына салып айдап барады. Мәскеуден келген лауазымды тұлғаны екі бірдей милиция офицері қарсы алды.
– Жолдас полковник! Алма-Атаға қош келдіңіз! – деді сымдай тартылған капитан. Бұл да оң қолын шекесіне апарып құрмет көрсеткенсіді. Баспалдақпен жоғары көтеріліп келе жатқанда бастары таңылған, бет-ауыздарында жарақаттары бар бірнеше тұтқын өтті. Олардың көзінен өзіне деген ызаның, жеккөрушіліктің сызды ұшқындарын көргендей болды. Неге екенін кім білсін, ештеңеден сескенбейтін орыс офицерінің жүрегі дір ете түскендей еді.
Мәскеудің белді өкілі болған соң ба, бұның кабинеті атшаптырым кең екен. Кабинетінің алдында тағы екі офицер құрметпен қарсы алып, бөлмесінің есігін айқара ашып кіргізіп, үлкен креслоға қарай жол бастады.
Подполковник шеніндегі еңгезердей офицер танысқан соң мән-жайды түсіндірді. Алаңға негізінен жастар шығыпты. Он мыңдаған адам алаңға екі-үш күн қатарынан жиналып, өкіметке наразылық білдірген. Міне сол уақытта оларды фотосуреттерге түсіріп алып, қазір шетінен ұстап тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алматыдағы түрмелер, тергеу изоляторлары, прокоратура тұтқындарға лық толы.
– Әрине, бұл жабайылар шетінен қайсар. Қылмыстарын мойындағысы келмейді. Сонау отыз жетінші жылғы сияқты бұларды шетінен ату керек. Бірақ өзіңіз білесіз, қазір бұл сот процестері шетелдердің назарында. Сондықтан ондай қатаң жазаға, рұқсат берілмесі анық. Алайда алаңда кісі өлтіргендер бар. Оларға аямай ең ауыр жаза қолданбаса тағы да құтырып кетуі мүмкін. Мінеки, мынау негізгі құжаттар. Барлық тергеу жұмыстарының барысы сізге тапсырылатынын мәлімдеймін, – деді подполковник сөзінің соңын көтеріңкі аяқтап.
Бұл сызданып, әлденеге ызаланып сәл-пәл отырды.
– Мойындамаса да мойындатамыз, – деді шыңылтыр дауыспен. – Қол-аяқтарын шынжырлап шетінен түрмеге тығу біздің міндетіміз. Орыс – ұлы халық. Бағынбағандардың көретіні, баратын жері азап, түрме және өлім. Менің принціпім Москваға қарсы келгендерді аяусыз жазалау. Қаталдық көрсетпесең, өзің айтпақшы, бұлар құтырып кетеді. Мінеки нақты факті! Кішкентай ғана басынан сыйпап едік, айқайлап алаңға шықты. Біздің жасанған әскерімізге қарсы тас лақтыру деген сұмдық қой. Он мыңдаған құтырған жастар арақ ішкіш, нашақорлар. Олар қайдан келді? Қалаға әкеліп оларды тегін оқытамыз, жатақханаға тегін жатқызамыз. Ал олар болса КПСС-ке, Лениндік саясатқа күйе жақпақшы! Безобразия! Позор! Сволочи! Күйе жаға алмайды. Күйе жақтырмаймыз! Бізге, СССР-ға әлемге тең келетін ел жоқ. Жұмысқа батыл кірісіңдер. Ешкімге аяушылық болмасын! – деді ол гүр-гүр ете қызулана, өктем сөйлеп.

* * *

Дүниеде өз еліңде, өз жеріңде жауларыңнан таяқ жеуден өткен қорлық жоқ екен. Әсіресе өзің заң қызметкері болып, сол зұлмат күшке ештеңе жасай алмай мүсәпір халде езіліп, жаншылып, жараланған көкбөрі сынды қол-аяғың байланғандай күй кешу қандай жаман! Қол-аяғыңды байлаған, кедергі болатын қандай зұлмат күш? Идеология ма, саясат па? Әлде ертеңіңді ойлататын күнделікті күйбең тірлік пе? Бәлкім қорқақтық шығар. Оның артында сатқындық деген қызылкөз пәле қылаң береді. Ал батыл бол, қарсы кел! Маңдайыңды жарып, өмірбақилық түрмеге тықсын. Сонда не істеу керек? Жалғас алаңнан келіп, ауыр жараланғаннан кейін бір апта үйде жатқанда неше түрлі осылай ойға кетті. Әрине, алаңға барғаны дұрыс болды. Әйтпесе өмір бойы өзін-өзі күстаналап өтер еді. Мұны да алаңға барғаны үшін жауапқа тартуы мүмкін. Тартса тартсын! «Халық жауы» болып кеткен әкесі мен анасынан жаны артық па? Рас, жүгіріп жүріп әкесін де, анасын да ол қара дақтан тазартып, ақтап шықты. Жалғас нағашыларының қолында өсті. Әкесі жалғызілікті екен. Алыс туыстары болмаса Сарыарқа даласында өткен аштықтан оның жақын-жұрағаттары түгелдей қырылған сыңайлы. Іздеді, таппады. Бәлкім шетелдерге кетті ме екен?
Жалғастың заң оқуына түсуіне әжесі Биғайша себепкер болды. Әжесі болмағанда шыққан тегі кім екенін өзі де, өзге де білмейтіні анық еді. Марқұм анасы Гүлнәрды босанған бойда-ақ қолына кісен салып абақтыға қамапты. Мұны жетімдер үйіне апарайын деп жатқанда Биғайша әжесі дәрігерлермен келісіп, алып қалыпты. Қысқасы сатып алыпты.
– Ең болмаса зұлымдар бірнеше күн анасының мейірімін сездіріп, ақ сүтін еміздірмеген ғой, – деп жылайтын әжесі, Бұл ащы да ауыр сырды кейін Жалғас жігіт болғанда ғана жеткізді.
– Біз шындығында анаңның қай уақытта босанатынын білмес пе едік. Мың болғыр Тоқсанбай. Сенің анаңмен кездескенде айы-күні жетіп қалғанын ескертіп айтқан. Содан жаным жай таппай нағашы ағаң Сәрсен екеуміз жолға асығыс шықтық. Құдайға шүкір, тура үлгеріппіз. Біз сыртта тұрғанда қолы кісендеулі қызым тура алдымнан шықты. Абақтыға байғұс анаңды дедектетіп екі солдат алып бара жатыр екен. Ол маған жан ұшыра ұмтылды. Мен де бас салдым. Иіскеп қана үлгердім. Солдаттар мені тулақтай лақтырып жіберді. Қызымды желкелеп алып кетті.
– Апатай, ана жақта аш балапандарым қалды. Мен енді жоқпын. Екеуі сізге аманат. Қалай болғанда елге алып кетіңіз. Қош, қош, апатайым! Елге сәлем айтыңыз, – деді ол шырқырап, егіз баласын маған тапсырып. Ол жылап бара жатты. Мен де, Сәрсен де жыладық. Әжесі көз жасын көл қылып ұзақ жылады.
– Апа! Ана сыңарым қайда? – деді бұл асыға сұрап.
– Оны бермеді. Сені де бермейтін еді, дәрігерлерге ақша бердім. Егер ол баланы берсе ана зұлымдар бұларды аямайды екен. «Бір бала туды» деп өтірік есеп бере ме, білмеймін ғой. Кейін іздеп едік, таппадық. Мәскеуге ме, бір жаққа алып кетіпті. Өмірбақи өкінішім – қызымның осы аманатын орындай алмадым.
– Анамды іздеген жоқсыздар ма?
– Неге іздемейін. Абақтыға қайта-қайта келдік. Із-түзін таппай қалдық қой. Әкеңді де анаңды да атып тастағанын кейін естігенде жаным түршікті. Олардың не кінәсі бар еді, жазған-ау? Біреуді өлтірмесе, қылмыс жасамаса, жапонның тыңшысы деді ме, түсінбедім. Оларды кінәлаған құжатта шынында да әкесін жапонның тыңшысы, анасын «мемлекеттік қызметкерді өлтіруге әрекет жасаған және халық жауына көмектескені үшін» деп жазыпты. Екеуіне де ату жазасын кесіп, тез арада орындаған. Кейін әкесі мен анасының соңғы суреттерін көргенде қанша тергеуші болса да шошып кетті. Беттерінің сау тамтығы жоқ. Әкесінің алдыңғы тістері опырылған. Анасының бір көзін ағызып жіберген. Жалғас қатты ызаланды. Әрине, мұның бәрін марқұм әжесіне айтқан жоқ. «Ақталды» деген хабарды естігенде ол кісі қатты қуанды.
– Ең құрығанда жаладан құтылғаны жақсы болыпты, балам. Перзенттік парызыңды орындадың, айналайын! – деп мұны құшақтап, маңдайынан иіскеп, қуаныштан көзіне жас алды. Биғайша әжесі негізінде қатал кісі болған. Соғысқа мұның атасы алғашқы күндердің бірінде аттанып, хабар-ошарсыз кетеді. Жасы елуге жақындаған атасы өзі сұраныпты дейді. Бұрын қызыл әскердің командирі болғасын ба, жасына қарамай әскери комиссариат тез арада алдыңғы шепке жібереді. Қара қағаз да келмеген. Ауылдастарының айтуынша әжесі атасының келуінен өмірбақи үміт үзбеген. Соғыс әлдеқашан бітсе де күн сайын ауданнан келетін жолға үздіге қарап жүреді екен. Әжесі соғыс кезінде бригадир болған. Одан кейін де ол кісіні бүкіл ауыл «Бригадир апа» деп кетіпті. Әжесі өлер алдында Жалғасты шақырып тағы бір аманатын жеткізді.
– Балам, қазақ бабам «Аманатқа қиянат жасама!» дегенін жақсы білесің. Мойнымда сенің анаңның маған тапсырған тағы бір аманаты бар. Мен балам көпке ұзамаймын-ау сірә. Аллам біледі бәрін. Атаң да түсіме жиі енетін болды. Мойнымдағы аманатым – сенің бауырыңды таппадым. Сен соны тап! Қолыңнан келгенін аяма дегенім ғой. Табылып қалса менің білуімше сенің сол жақ жауырынындағы қал онда да болуы тиіс. Бет-бейнесі саған ұқсайтындығында сөз жоқ. Сен құлағыңды ұстай бересің. Бұл әдет те онда болатын шығар. Алла тағалам күндердің күнінде бір себептермен сол бауырыңмен кездестіруі әбден мүмкін. Сол кезде осы белгілерді ескерерсің…
Әжесінің марқұм болғанына да біраз жылдар өтті. Оның аманатын, өтінішін Жалғас әрдәйім жиі-жиі еске алып қояды. Өзіне ұқсаған жан болса бірден көңіл аударады. Мінеки жарақаты жазылып жұмысқа келгенде екі ерекше оқиға алдынан шықты. Бастығы шұғыл кабинетіне шақырды. Екеуінің жасы қатар. КазГУ-дің заң факультетін бірге бітірген курстасы. Орыс. Аты Евгений. Аздап қазақша да біледі. Бүгін оның қабағы қату сияқты.
– Отыр, Жалғас Чингизович! – деді де өзі қарама-қарсы орындыққа жайғасты.
– Женя, не болып қалды? – деді бұл таңданып. Женя сұқ саусағымен үстелді тықылдата бұған қадала қарап сәл отырды да:
– Жәке, сен алаңға барып, жастармен бірге болыпсың ғой. Мынау сенің суретің, – деп бірнеше суретті алып, бұған қарай ысырып қойды. Жалғас іштей қобалжып қалды. Бірақ сыр білдірмеді.
– Бардым. Заң қызметкері ретінде жастарға басу айттым. Онда тұрған не бар? – деді иығын қиқаңдатып.
– Мен де соны айттым. Сонымен бірге «Жалғастың ісімен өзім айналысамын» деп бар құжаттарды алдым. Басқа адам болса аямас едім. Біз доспыз ғой. Әзірге білдірмей отырмын. Бірақ Мәскеуден бір тергеушіні біздің үстімізден қарап отыруға жіберіпті, өте қатал адам. Принципшіл. Айтқанынан қайтпайды. Сенің мына суреттерің соның қолына түспесін де. Онда мен саған көмектесе алмаймын, – деді Евгений басын шайқап.
– Рахмет, досым. Сендей досымның барлығына шүкірлік етемін. Мәскеуден сондай принципшіл адамды жіберетіні белгілі жайт. Мен сәлем беріп, кіріп шықсам қайтеді?
Евгений қызық мінез танытып, сол сәтте орнынан ұшып тұрды.
– Айтпақшы, Жәке, қызық болғанда, ол сенен айнымайды. Тура сойып қаптап қойғандай. Тек онда мұрт жоқ. Алғашқы көрген кезде сен екен деп қалдым. Мұрты жоқ болғаны мұндай жақсы болар ма. Құжатын кейін тексерсем – ұлты орыс екен. Бірақ бет-келбеті нағыз қазақ, – деді ол жөпелдемете сөйлеп. Енді Жалғас орнынан ұшып тұрып, лезде досының жанына жетіп келді.
– Не дейсің? Маған ұқсайды дейсің бе? Ойпырмай-я! Мынау ғажап қой. – Көздері бадырая, досына еңкейіп, қос иығынан қапсыра ұстады.
– Ұқсайсыңдар. Жаңбырдың қос тамшысындайсыңдар. Не болды саған? Қатты толқып кеттің ғой. – Евгений досына таңдана қарады. Әдетте Жалғас қандай мәселе болсын сабырлылық танытатын.
– Жәй… Жәй… Мен… Мен кеттім. – Жалғас есікке ентелей ұмтылды.

* * *

Бас тергеуші Михаил Сергеевич бүгін жұмысқа көңілді келді. Себебі кеше мұны Қазақ ССР-інің бірінші хатшысы Колбиннің өзі қабылдады. Жәй қабылдаған жоқ, құрметтеп дастархан жайды. О-о, қандай дастархан десеңші! Құстың сүтінен басқаның бәрі бар. Әсіресе бұл өмірі жемеген қазақтың неше түрлі тағамы бар екен. Алғашқыда менсінбей мұрнын тыржитқаны рас. Көзін ашқалы бері борщ ішіп, шошқаның етін, майын жеп келген Михаил үшін әрине бұл тағамдар таңсық. Колбин бұрын Грузияда қызметте болған. Мұнда келгеніне аз уақыт болса да қазақтардың тағамдарын кәдімгідей біліп қалыпты.
– Мен грузиндердің тағамына кінә тақпаймын. Ал мына бұратана көшпелі халықтың тағамдарының дәмділігіне таң қалдым. О-о, калориясы, қуаты қандай десеңші! Әрі небір ауруға ем көрінеді.
– Ем?! Калория?! – деп Михайл таңдана әрі менсінбей қасын керіп, тыжырына.
– Иә, иә, иә, шипа болады. Білесің бе, Михаил Сергеевич, – деді Колбин біреу естіп қоятындай сыбырлай қуақылана сөйлеп. – Осы қазыны, қартаны, етті жеп, кумысты ішкелі маған зор қуат келді. Жас қыздарға қарайтындай дәрежеге жеттім. Қанша дегенмен жас келді деп бәрін қойғанмын. Хи-хи!
Екеуі рахаттана қарқылдап күліп алды.
– Михаил Сергеевич, – деді Колбин, қайтадан сөзін сабақтап. – Сенің жасың менен кіші ғой. Бірақ қызметің жоғары. Сені арнайы Мәскеуден жіберіп отыр. Саған тапсырылған тапсырма өте маңызды. Маған тапсырылған тапсырма қайткенде де мына қалаға, далаға орыстарымызды көптеп әкелу. Біз оларды ауылда надан етіп қанша ұстағымыз келсе де, бұлар қалаға ұмтылғанын қояр емес. Әрине, өзің де білетін боларсың. Бізге бұл бұратаналардың бес тиынға қажеті жоқ. Бізге қажеті – олардың жері, байлығы. Бұлар біздің басыбайлы құлдарымыз. Құл қожайынына қалтқысыз қызмет жасауы тиіс. Оларды өлтірсек те бұратаналардың ешқашанда сұрауы жоқ. Олар, білесің бе, өздерінше тең праволымыз деп ойлайды. Шынында да Конституциямызда солай жазылған. Ал біздің Кремльде жатқан негізгі Конституциямыздың барын ақымақтар қайдан білсін. Хи-хи-хи! Ырқ-ырқ етіп күлген кезде Геннадий Васильевичтің салбыраған бұғағы жалп-жалп етіп бірге күлетін сияқты. Қатпар-қатпар семіз денесі де қалыспай, барлығы ансамбль құрып біразға дейін селкілдеп тұрды. Михаил да одан қалыспай жарамсақтанып рахаттана күлгенсіді.
– Геннадий Васильевич, мына тамаша сөздеріңіз қатты ұнады. Осы данышпандықпен айтқан сөздеріңіз үшін алып қойсақ қайтеді, – деді орнынан ұшып тұрып. Екеуінің стақандары сыңғыр қағып, осы үн ауада бірнеше секундқа ілініп тұрғандай еді. Михаилдың байқағаны, кішкентай қасықтан бастап барлық ыдыс-аяқ өте қымбат екені көрініп тұр. Алтынмен апталған, күміспен күптелген.
– Михаил Сергеевич, сені мына дастарханыма шақырған себебім көп. Сенің осы Михаил Сергеевич Горбачевпен туыстығың жоқ па? – деді Колбин бұған әрі сынап, әрі жымия әзілдегенсіп.
– Жо-жоқ, ешқандай туыстығым жоқ. Әкеміздің, менің атымыздың ұқсастығы болмаса. – Михаил аяқ астынан қойылған тосын сауалға сасыңқырап жауап берді. Колбин мырс ете күлді де:
– Әй, әй, Михаил, Михаил! Байқайсың ба, сен қараторысың, ол да осыған жақын. Айтпақшы, мен сенің суретіңді көргенде таң қалдым. Түрің, келбетің нағыз қазақтан аумайды. Сенің ата-бабаңда түркінің қаны жоқ па? – Сәл үнсіздіктен соң ыңғайсызданған күйде Михаил жауап берді.
– Шынымды айтсам, осыған өзім де таң қаламын. Зерттеп көрдім. Ондай ештеңе жоқ. Менің әкем де, атам да, одан әрі де бәрі тап-таза орыс. Мен бұратаналарды иттің етінен жек көремін. Оларға ұқсағаныма қатты налимын. Операция жасатып түрімді ата-бабама ұқсататын жағдай болса ғой, шіркін!
– Иә, иә, көп нали берме! Бәлкім, бәлкім көршілеріңнен бірдеңе болмаса. Хи-хи-хи! – Дауысы ағаш кескен араның дыбысындай қырылдақ күлкі Михаилды іштей ызаландырғанымен ол сабыр сақтады. Қанша дегенмен темір мінез тергеуші ғой.
– Жәрәйді, біраз әзілдедік. Енді іске көшейік, – деп Колбин Михаилды түсінгендей кейіп танытып, дереу салмақты кейіпке ауысты.
– Орыс халқы – ұлы халық. Осыншама енапат жерді жаулап алу оңай емес. Тіптен бізге ауа райы да бағынған. Орыстың қысы десең бәрі түсінеді. Орыс жері! Орыс орманы! Орыс тілі! Осы сөздерді айтқанда рахаттанасың, рухтанасың. Қаншама ұлылық жатыр осы сөздерде. Менің келгеніме көп болған жоқ. Бұл халықтың ауылда тұрғандары, ерекшелеп айтқанда оңтүстіктегілер әлі де өз тілін, салт-дәстүрлерін сақтаған. Солтүстік аймақтағылар, қаладағылар әбден орыстанған. Түрі қазақ, ішкі жан дүниесінің бәрі орыс. Міне, біз осыларды пайдалануымыз керек. Тілінен мақұрым адам өз ұлтын да сатады. Ұлтына жаны ашымайды. Бұл антұрғандарға қолына пәпкі, кішігірім мансап беріп бастық етсең өмірбақи құлыңа айналады. Бұлар өте белсенді халық. Отызыншы жылдардағы аштықта осы ақымақ халықты аштан қырған Сталинге қарыздармыз. Егер сол қырғын болмағанда бұл паразиттер елу-алпыс миллион болып ендігі ешкімге күш бермес еді. Қазірдің өзінде тез көбейіп алды. Мен кейде түсінбеймін. Совхозға барлық жағдайды жасап, көбеюге мүмкіндік беріп қойды. Олардың көбеюін тоқтату керек, тоқтату керек! – Колбин әп-сәтте қабағынан қар жауып, тарбиған қолымен үстелді тарс еткізіп қаһарлана айқайлап жіберді. Манадан бері Геннадий Васильевичтің тамаша әңгімесін ұйып тыңдап отырған Михаил селк ете қалды. Дастархан жасап зыр жүгіріп жүрген даяшылар да сарт еткен дыбысты естіп ішке ентелей енді. Колбин әп-сәтте түрін өзгертіп жымиып қолын көтерді де:
– Құйыңдар арақты! Михаил Сергеевич, кәнеки жұмысың оңға басу үшін ішелік! – ол орнынан қопарыла тұрып дәу қырлы стақанын даяшыға тосты.
– Толтыр! Михаилға да толтыр! – Михаил да орнынан тұрып, қызарып тұр. Екеуі стақандарын сыңғыр еткізе соғыстырды да, ащы арақты сылқылдатып жұта бастады. Екеуі де түк қалдырмай ішті де, мұрындары шуылдап тіске басар іздеді. Михаил әбжіл екен. Қиярды шанышқымен іліп алып ағасының аузына апарып еді, онысын апандай етіп аша қалды. Содан соң қарш-қарш шайнап, картоп мұрны ормандай шулап, гүрзідей жұдырығын әдетінше иіскеп біраз тұрды.
Қырлы стақандардан тағы да бірнешеуін қылғытқан олар кәдімгідей масайды. Бірінің бетінен бірі былш-былш сүйісіп мәз болысты. Ән айтты барылдасып. Қанша дегенмен жас қой, Михаил түннің бір уағында «Гена, Генош аға, үйге қайтайық. Е-е-ертең жұмыс қой» деді әзер сөйлеп. Генош ағасы тағы да ішкісі келгенмен ықылық атып, ештеңеге шамасы жетпеді.
– Әй, Михо, – деді қос көмекшісі әзер демеп тұрған ол барылдай сөйлеп. – Еш-ешкімді аяма! Бұларды аяуға болмайды…

* * *

Жалғастың ішкі дүниесі қазандай қайнап сала берді. Евгенийдің жаңағы айтқан сөздерін сыбырлап қайталап келеді. «Жаңбырдың тамшыларындай ұқсассыңдар. Бір-біріңнен айнымайсыңдар». Нағашы әжесінің жүзі көлбеңдеді. «Балам, саған аманат. Сыңарыңды ізде, тап! Мен сені заң-зәкүңді жақсы білсін деп оқыттым. Бауырыңды сен таппасаң ешкім таппайды. Анаң марқұмның арманы ғой ол…»
Міне, келді. Емен есіктің алдында сәл кібіртіктеді. Бірдеңені сезгендей жүрегі атқақтай соғып тұр. Қылғынып бара жатқандай болған соң галстүгін сәл босатты. Осы сәттен ту сыртынан дөрекі үнді естіді.
– Ты кто? Что делаешь здесь?!
Қырылдаған дауыс иесінің сасық демі жалт қарағанда бетін шарпыды. Жуа араласқан ащы арақтың иісі тұншықтырып жібергендей еді. Бірден жиіркеніш сезімі пайда болды. Бірақ одан да күшті, одан да қуатты сезім бәрін құйындай үйіре жапырып жоқ етті де, «тамшылардай ұқсассыңдар» деген Евгенийдің сөзі санасына қайта оралды. Айнымаған өзі! Иә, айнадан өзін көріп тұрғандай. Тек оның мұрты жоқ.
– Ты… ты… – деп өктем үнді Михаил неге екенін өзі де білмейді, жуасып қалды.
– Я… я… – деп әншейінде сабырлы Жалғас тағатынан айрылды. Екеуі-егіз. Қаншама жылдардан соң кездесіп отыр десеңші! Тілсіз бір-бірін ұққандай болғанмен екі түрлі рух бірін-бірі кеудеден итеріп жақындатпады. Бірақ бір Аллам ғана білетін егіздерге тән мінез, қасиет, сезім, түйсік екеуін де есеңгіретіп, бір-біріне магниттей тартты. Түсініксіз жағдайға аяқ астынан тап келген егіздер жарты ғасырдан кейін кездессе және бір-бірін мүлдем танымаса қандай күйде болмақ?! Алдымен Михаил есін жиды.
– Сен кімсің? Менің кабинетімнің алдында неғып тұрсың? – Жаңа әзірдегі сөзін ол тағы да қайталады.
– Мен Жалғаспын. Тергеушімін. Сені арнайы іздеп келдім, – деді бұл шынын айтып.
– Жалгас! Жалгас! Әбден мазамды алды бұл есім. Жұрттың айта беретін Жалгасы сен екенсің ғой.
Михаил қалтасын қармалап кабинетінің кілтін алды. Есігін аша алмай абдырағандай ма, біраз тұрды. Жалғас та іштей толқулы. Өзінің сыңары дәл осы адам екендігін іштей сезінгендей одан көз алмай қарай берді.
– Кір! – деді Михаил бұйыра сөйлеп. Есікке кіре бергенде екеуі қатарласа адымдаған болу керек, кептеліп қалды. Әзер дегенде кірді-ау әйтеуір. «Бұл адам неге соншама ұқсас? Мұнда қандай сыр бар?» деген сауалдар Михаилды мазаласа, ал Жалғас: «Ішкі болжамын қазір айту қажет пе, әлде бір реті келгенде жеткізген жөн бе? Дәл қазір айтқанмен өзін әбден орыс сезініп, жат болып кеткен адамды бірден теріс қаратып алмаймын ба?» деген ойлардың қамауында кірді бөлмеге.
Михаил креслосына, Жалғас қарсы алдына орналасты. Жалғастың алғашқы аңдағаны – ол да құлағының сырғалығын сыйпай береді екен. Жалғаста да осындай әдет бар. Бұл не айтарын білмей тұрғанда қарсыласы креслосынан еңсеріле тұрып Жалғасқа қолын созды.
– Михаил Сергеевичпін! Москваданмын. Орыспын, – деді қырылдаңқырай сөйлеп, «орыс» деген сөзге ерекше қасақана екпін берді. Түнімен арақ ішкені көрініп тұр. Бұл да елгезек түрде ұшып тұрып, Михаилдың қолын қыса ұстады.
– Жалғас Шыңғысович! Қазақпын! Алматыданмын! – Екеуінің жанарлары бір сәт ауада түйісіп, қолдарын сілкілесті. Қазақи мінезбен Жалғас мұнда неге келгенін қалай жеткізерін білмей әбігерленіп отырғанда, Михаил орыстың тіке мінезімен басты мәселені ортаға тастай салды.
– Сен туралы жұрт айта берген соң өмірбаяныңды алдырып көз салып өттім. Рас, біз бір-бірімізден айнымайды екенбіз. Мен сені жаңа кездестіргенде айнадан өзімді көргендей сезімде болдым. Сен айтшы, біз неге ұқсаспыз? Мен таза орыспын. Ата-бабаларымның бәрі Москвадан, Россиядан. Сен Қазақстанның бір түкпіріненсің. Әкең халық жауы болып, кейін ақталған сияқты. Солай емес пе? – деп Михаил жөпелдемете сөйлеп. Жалғас оның тіптен қазақ деген атауға жолағысы келмей тұрғанын, бұл ұқсастықтан мүлдем бейхабар екендігін біліп, оның сұрақтарына қалай жауап берерін білмей сәл дағдарды.
– Михаил Сергеевич! Қазақстанға қош келдіңіз. Сіздің сауалығыңызға жауапты кейінірек әбден біздің елімізге бауыр басқаннан соң берсем бе деп ойлап едім. Бұл жөнінде нақты жауабым жоқ. Сіз қай діндесіз? – деп сәл кідірді. Михаил таңданғандай кейіп танытты.
– Христиан дініндемін. Сен мұсылмансың ғой, ә?
– Иә, мұсылманмын. Бізде тағдыр деген болады. Оны құдіреті күшті құдайымыз біз үшін кесіп-пішіп дайындап қояды. Әркімнің өз жолы, өз тағдыры дегендей. Жаңа сіз дұрыс айттыңыз. Менің әкемді қателесіп халық жауы етіп, өміріне қара дақ жақты. Кейін ақталды. Сол кездері екіқабат болған анамды да аяған жоқ. Оны босанысымен түрмеге тығып, көп ұзамай «Халық жауы» деп атып жіберді. – Жалғас жаны сыздап ауырғандай бетін тыржита сұлқ отырып қалды.
– Мә, сусын ішіп ал! – деп Михаил стақанға су құйып ұсынды.
– Михаил Сергеевич, рахмет сізге. Бұл оқиға тым алыста қалса да мен үшін өте маңызды. Біз жетім қалдық. Біз деп отырғаным анам егіз босаныпты. Ауылдағы нағашы әжем мені бауырына басты. Әйтпесе сыңарым секілді мені де балалар үйіне өткізіп жіберер еді. – Ол тағы да сол оқиғаларға ой көзімен қарағандай сәл үнсіз қалды.
– Сыңарыңды тапқан жоқсың ба? Ол қайда? Тірі ме? – Михаил әңгіме әсеріне беріліп кеткен болуы керек, сұрақты жаудырып жіберді.
– Сыңарымның қайда және тірі немесе өлі екенінен бейхабармын. Анам біреулер арқылы сол сыңарымды табуға әжеме аманат етіпті. Ал әжем қайтыс боларда оны маған аманат етті. Содан бері іздемеген жерім жоқ. Барлық балалар үйін сүзіп шықтым. Бір хабар жоқ. Мен сізді неге іздеп келдім, білесіз бе? – деп Жалғас Михаилға қадала қарады. Ол болса аяқ астынан өзінен өзі күйгелектенгендей кейіп танытып:
– Қайдан білейін неге келгеніңді. Шайтан алғыр! – деді. Жаңа ғана әп-әдемі сауал беріп отырып, кенеттен нілдей бұзылған Михаилға Жалғас таңдана қарады. Айтайын дегені тым басқа еді. «Сені сыңарым деп келіп отырмын!» деудің орнына мына сауалды қойып қалды.
– Сіз орыс екеніңізге сенімдісіз бе?
– Әрине, сенімдімін! – деп іле жауап берген Михаил айқайлап жіберді. – Шайтан алғыр, тағы осы сауал алдымнан шықты. Орыспын! Нағыз таза орыспын! Анау-мынау емес, ұлы орыспын, тап-таза тұқымымын! Немене маған ұқсас екеніңді айтып, азиат етпекшісің бе? Неге келгеніңді біліп отырмын. Мен өлсем де азиат болмаймын! Үміттенбе, мен сенің сыңарың емеспін! Білдің бе, мына сендерді қаншама тәрбиелесек те, тегін білім беріп оқытсақ та сатқындық жасап отырсыңдар. Әлемдегі ең әділ партия – коммунистік партияға қарсы шықтыңдар. Әбден тойып, семіріп кеттіңдер. Сендерді тәртіпке шақырып, қатаң жазалауға мені Москва, Коммунистік партия жіберіп отыр. Бунтовшиктерді аямаймыз. Сібірге айдатамын оларды! Атқызамын! Олар халықтың жаулары. Ал сен болсаң тергеуші ретінде сол жауларды әшкерелеудің орнына, маған қай-қайдағы түйсіксіз жұмыстармен келіп, мазалайсың. Уақытыңды босқа кетіріп, сыңарыңды іздегенді қой. Жұмысыңа кіріс! Айналамыз толған жау. Олар алаңға шықты. Әскерге тас лақтырды. Адам өлтірді. Бунтовшиктер соларын мақтаныш етеді. Мына газетті көрдің бе? Мына үш найсаптың тұрысын қарашы. Жасаған қылмыстарына ұялудың орнына бажырайып қасқайып тұр! Ұятсыздар! Оңбағандар! Мен бұларды түрмеде шірітемін. Бунтовшиктердің, сатқындардың бәрін атқызамын! – Михаил өз-өзінен жынданғандай аузы көпіріп, бажылдап, аузына не келсе соны айтып, небір боқтық сөздерді төкпеледі. Жалғас ол лақтырып жіберген газетті алып қарады. Шынында да сотта үш жас жігіт қасқайып қарап тұр! Іштей елжіреді. Рухты, батыр жігіттер бар екен-ау, ә?! Михаил шынында да нағыз қара орысқа айналыпты. Мәселен Евгений досын онымен салыстыруға келмейді. Бұл шаш ал десе бас алатын нағыз жендетке айналған. Михаилдың өзінің сыңары екенін ол жан жүрегімен сезді. Бұлай өз ұлтынан жеріп, теріс айналып, жатқа айналып кеткенше өлгені жақсы еді. Мынау ешкімді де аямайды-ау, аямайды. Бұл өз ұлтына оралмайтын нағыз баскесер, қаныпезер, орыстың құлақкесті құлына айналған!
Михаилдың арақ иісі мүңкіген бөлмесінен осылай қатты назаланып шықты. Шынында да бауыры өлгендей ауыр күн кешкен ол көңілі жүдеп, жадап, біртүрлі жылағысы келді. Өмірінде бүйтіп жаны жасып, жүрегі ауырып қауқарсыз, әлсіз күйде болмаған шығар. Іштей бауырынан айырған зұлмат та қару күшке лағнет айтты. Көңілге медеу тұтқаны – іздеген, әжесі мен анасы аманат еткен бауырын тапқандай ма, қалай? Иә, иә, сол, сол! Түр-түсін айтпағанның өзінде құлағын ұстай беретіні, үні, дауысы өзінен аумай тұр ғой, аумай тұр! Әттең, тәрбие тезі болмаса бірден құшақтап, «Бауырым!» деп бетінен сүйіп, мауқын басар еді ғой, шіркін! Ішкі дүниесінде бір жылымық жүріп өткендей, көзі жасаурады. Көңіл жібін жинай алмай жылап жіберер ме еді кім білсін? Қалай болғанда да бірден күдер үзуге әлі ерте. Алдағы уақытта тағы да тамырын басып, сезімін оятуға тырысады. Иә, сабыр сақтап мына сөзді айтқаны ойға оралды. Себебі ғайбат сөздерді естіп тұрып шыдауы мүмкін емес еді.
– Михаил Сергеевич! Біз сізді, қызметіңізді құрметтейміз, сыйлаймыз. Орыс екеніңізде күмәнім жоқ. Бірақ біздің қазақ халқы жайлы, алаңға бейбіт түрде шыққан жастар туралы артық сөйледіңіз. Москва – Отанымыздың жүрегі. Сізге политбюро зор сенім артып отыр. Сондықтан ұшқары ой айтпаңыз. Бәрін де сарабдал, салмақты, әділ шешуіміз керек. Біз сізге сонда ғана көмектесеміз. Жастар алаңға еріккеннен шыққан жоқ. Біріншіден, қазақ халқы тілінен, ділінен, салт-дәстүрінен айрылып барады. Екіншіден, бірден Қонаевты алып тастамау керек еді. Үшіншіден…
– Молчать! – деп Михаил айқайлап жіберді. – Сен мынадай ойда тұрып, маған қалай көмектесесің? Біліп қой, орыс тілі – ұлы тіл. Совет Одағының ортақ мемлекеттік тілі. Сенің, басқалардың тілдері күндердің күнінде жойылады. Бұл алып мемлекетте бір ұлт қана қалады. Ол – орыс ұлты. Оны да біліп қой. Біз бір қызыл тудың астында кемеңгер Владимир Ильич Лениннің сара жолымен жүріп, социализмнен өтіп коммунизмді құрып жатырмыз. Америкадан басып оздық. Бізге, коммунистік партия бастаған СССР-ге қарсы келгендерді аямаймыз. Бұл келеңсіз оқиға феодализмнің, капитализмнің сарқыншақтары әлі де бар екенін дәлелдеді. Оны жоямыз! Совет Одағы ешқашан жеңіліп көрмеген жеңімпаз мемлекет. Сен халық жауының баласы екеніңді дәлелдедің. Мен саған тез арада бойыңдағы улы сарқыншақтардан тазаруды бұйырамын!
Михаил долданып, айқайлап, бұйыра сөйледі. Жалғас оның алғашқы сөздерін сабырмен тыңдап отырған. «Халық жауының баласы» деген сөз жүрегіне оқша қадалды. Жарасын тырнап алғандай күйде ауырсынып, лезде жан дүниесін ашу қысып, алдында отырған Михаилдың шекесінен бір періп жібере жаздады. Осы сәтте есік қағылып, Михаилдың «кір!» деген сөзінен кейін көмекшісі кіріп:
– Михаил Сергеевич, сізге жедел түрде бас прокуратураға келсін деп жатыр! – деді тақылдай сөйлеп.
– Шайтан алғыр, адам сияқты жұмыс істетпейді бұлар. Жиналыс болатынын ұмытып кетіппін. Кешегі айтқан құжаттар дайын ба?
– Дайын, мінекиіңіз, Михаил Сергеевич!
– Сен Жалғас Чингизович, байқа! Москваға, Отаныңа адал бол! Екеуміз кейін басқаша сөйлесеміз.
Ол кетіп бара жатып Жалғасқа біртүрлі суық көзқараспен қарады. Жалғастың ішкі дүниесінде оған деген қарама-қарсы небір ызаға толы ойлар бой көтеріп, ашық майданға шақырғандай. Дәліздің еденін тарсылдата жүгіріп келген біреу иығынан түртті де асығыс-үсігіс сөйлей бастады.
– Ағатай! Ағатай! Жалғас аға! Сыртта сұмдық болып жатыр. Сұмдық! – Жалт қарады. Ішкі істер бөлімінде істейтін таныс інілерінің бірі екен.
– Не болды, бауырым? Ол қандай сұмдық? – деді тез есін жинаған ол жалт қарап.
– Жолдас подполковник, ана жақта он шақты қызды қарға отырғызып қойды. Сіз барып араша түспесеңіз, ол байғұстар я өліп кетеді, я-я…
– Не дейт? Қарға отырғызғаны несі? Кім, кім оған бұйрық берген? Оған қалай дәттері барды? – Жалғас жанұшыра айқайлап жіберді.
– Бұлар біздің, қазақтың түбіне жетпекші, тұқымымызды тұздай құртпақ. Анау сізден айнымайтын полковник бар ғой. Сол бұйрық беріпті.
– Не деген сұмдық! Кәне, баста, қай жерде?
– Жүріңіз, жүріңіз, аға? Байғұс қыздарымызды зорлап та жатыр, қорлап та жатыр. Бұдан да атылып өлгеніміз жақсы еді, – деп жол-жөнекей намысты жігіт сөйлеп келеді.
Үлкен алаңқай. Далада аяз. Көк мұз, алақат қар. Аяз оның көзіне бірден көк мұзға жүрелей отырған он шақты қыз, қыздарға айбат көрсете абалаған екі-үш қасқыр ит, жан-жағында қолдарында автоматтары бар алты-жеті солдат түсті. Өздері әлденеге мәз, қарқ-қарқ күледі.
– Тоқтат! Бұл не сұмдық?! Кім бұған рұқсат берді сендерге. Тоқтат, тоқтат деймін!
Солдаттар ентелей жүгіріп келе жатқан бұған жалт-жалт қарасты. Ақырған қаһарлы дауысқа иттер де үргенін тоқтатып, байғұс қыздарға жұлқынғанын қойды. Жалғас төс қалтасынан куәлігін көрсетті де:
– Мына қыздарды менің кабинетіме әкеліңдер. Дереу! Бұйрықты орындаңдар! – деді бұйрықты дауыспен.
Солдаттардың командирі сержант:
– Жолдас подполковник! Сіз жаңа ғана мына қыздарды қарға отырғызыңдар деген жоқсыз ба? – дей беріп еді:
– Тоқтат сөзді! Бұйрықты орында! Әйтпесе мына жасаған ісің үшін трибуналға беремін! Тез! Тез!
Жалғас қалай тез келді, сондай жылдамдықпен кілт бұрылып жұлқына басып кейін кетіп бара жатты. Түрі өрт сөндіргендей түтігіп кеткен оның соңынан жаңағы жігіт жүгіріп жетіп, қатарласты.
– Жалғас Шыңғысұлы! Жолдас подполковник! Жаңа ғана сізден айнымайтын Москвадан келген тергеуші, полковник Михаил Сергеевич осыған бұйрық берген. Ана орыстар сізді шатастырды. Бұйрығын бұзғаныңыз үшін ертең бірдеңе жасап жүрмей ме? – деді жөпелдемете сөйлеп.
– Cен жаңа дұрыс айттың. Мұндай қорлықты көргенше атылып өлгеніміз жақсы еді. Нартәуекел! Қорықпа! Аналарға менің кабинетімді көрсет! Тез, әйтпесе ана сатқын құл келіп қалуы мүмкін!
Он шақты қазақтың қызының әбден таяқ жегені көрініп тұр. Бет-ауыздары жырылған, көкпеңбек, үсті-бастары қан-қан. Тоңғандарынан дір-дір етеді бәрі.
– Ағатай-ай, мұндай қорлық, зорлықты не үшін жасап жатыр бізге? Алаңға өзіміздің халық екенімізді, адам екенімізді көрсету үшін бардық. Тіптен алаңға жәй қызық үшін барғандар да бар. Он екіде бір гүлі ашылмаған бізді орыстың солдаттары зорлап, білгендерін істеді. Енді бүгін мынау. Елдің бетіне қалай қараймыз? – деп бір қыз жылап жіберді. Қалғандары да тұншыға жылағанда, Жалғастың кабинеті күңіреніп кетті.
– Жә, біз өзі жерімізде, елімізде құлға айналдық. Жаңа тура сіз сияқты бір қазақ аға: «Бұлар енді тумауы тиіс. Далаға апарып, мұзға отырғызыңдар!» деп бұйрық берді. Біз: «Ағатай-ау, аяңызшы, біз сіздің қарындастарыңыз, қыздарыңыз емеспіз бе?» деп едік, ол: «Мен орыспын! Сендер аборигенсіңдер! Сволочи!» деп боқтады да кабинетіне кіріп кетті. – Екінші қыз қайсар мінезді екен. Сөздері де нық-нық.
– Айналайындар! Менің қолымда да ештеңе жоқ. Қарапайым аға тергеушімін. Сәл шыдаңдар. Жыламаңдар. Жылағанмен сендерге ешкімнің жаны ашымайды. Сен мына замандастарыңның аты-жөндерін жазып ал да, тергеу іс-құжаттарын маған әкел. Көмекшіме де айт. Көмектессін! – Жалғас қыздарға жұбату сөзін айтты да бірден іске кірісті. Қос жігіт әп-сәтте іс-құжаттарын әкелді. Жалғас бәрін жедел қарап шықты да:
– Жағдайларың өте ауыр екен. Кейбіреулеріңнің істеріңді сотқа дайындай бастаған. Мә, мынау ақша. Қазір мына жігіттер сендерді сыртқа шығарып жібереді. Тез кетіңдер! Ал мына құжаттарды жігіттер дорбаға салып, далаға апарып өртеп жіберіңдер. Қанеки, тездетіңдер! Қыздар, мүмкіндік болса ауылдарыңа қайтыңдар! Болған іске болаттай берік болыңдар! – деп даусы сәл қалтырай сөйлеген Жалғас қыздарға бір жағынан аяп, екінші жағынан елжірей қарады.
– Рахмет, рахмет, ағатай! Бұл жақсылығыңызды ешқашан ұмытпаймыз. Бала-шағаңыздың қызығын көріңіз. – Бір-екі қыз ағаларының бетінен шөп еткізе сүйіп-cүйіп алды, алғыстарын жылап, жамырап қайта-қайта айтып жатты. Жалғастың көзінен де жас ыршып-ыршып шықты…
Михаил прокуратурадан келген соң жыны басылып, сұлқ отырып қалды. Бағана бұрқылдап қайнаған шәйнектей қанасына сыймаған ашуы, ызасы, долылығы басылып, енді жан-жағына қарады. Өзінен айнымайтын адам! Ойпырмай десейші, тура өзі. Құдды айнадан өзін көріп тұрғандай. Кім ол? Маған неге келді? Оны көргенде неге мазасызданды? Оның рухы ма, әйтеуір алапат күш бір сәтке бар күш-қайратын алып, әлсіздікке ұшыратқандай болды. Осыған дейін ешкімнің, әсіресе осындай бұратаналардың алдында сағы сынып, төменшіктеп көрмеген. Енді неге бүгежектеді, неге өзін оның алдында қауқарсыз сезінді? Өз-өзіне түсінбей дал болып отырысы мынау. Ол кіргенде, неге екені белгісіз бір құшақ ыстық леп келіп бүкіл жан дүниесін жадыратып, жұмсартып жібергендей еді. Тіптен оның айтқан әңгімесі де жанына майдай жағып, оның анасының тағдырына жүрегі елжіреп, көмектескісі де келді. Әңгімесіндегі оқиғаға беріліп, жаны аши бастады. Өз ырқынан тыс сұрақ қойып отырды. Сонда мұның өркөкіректігі, жек көрушілік сезімі, ұлы ұлттың өкілі екендігі қайда қалды? Осылай қайдағы бір бұратана ұлт өкілінің тағдырына ортақтасқанына Михаил енді таң қалып отыр. Қайта дер кезінде көңіл шылбырын жинап алып, өзінің нағыз Мәскеулік, ұлы орыс екенін дәлелдеді. Әйтпесе мыңдардың ішінен таңдап жіберді емес пе мұнда.
– Иә, иә, абай болу керек. Ең бастысы сезімнен аулақ болғаны жөн. Айтпақшы кабинетіне кірер алдында бір топ қызды айдап келе жатқан солдаттарға тап болды. Олар қыздарды тергеуге алып келе жатыр екен. Орыс солдаттарының жайбарақат келе жатқанына жыны келді.
– Солдаттар, мыналар курортқа келгендер ме? – деді ол өзінің жоғары шенді офицер екендігін арқаланып қияңқы сауал қойып.
– Жо-жоқ, жолдас полковник! Алаңға барып, қылмыс жасағандар, – деп командирі баяндап келе жатыр еді, бұл:
– Тоқтат сөзді! Қылмыскерлер болса желкелерінен түйіп, әрі-бері жүгіртіп, содан соң қарға отырғызыңдар. Қарсы келсе аямаңдар! Мұндай қылмыскерлердің тұқымын тұздай құртуымыз керек. Орында бұйрықты! – деді қаһарлана.
– Құп, жолдас полковник!
Осындай қаталдыққа барған бұл шайтан алғыр қайдағы бір қазақ келгенде іле-шала неге жібіп, мейірімділікке берілді? Михаил өз-өзіне осылай таң болып, қаншама ойламайын деп өркөкіректікке берілсе де әлгі жігіт ойына қайта-қайта орала берді. Бұрын жан дүниесін билей алатын. Заң қызметкері сезімге, әлсіздікке берілмеуі керек деп ойлап, соның үдесінен шығуға тырысатын және оны орындайтын да. Енді бүгін не көрінді? «Қай-қайдағы бір мұндардың тағдыры маған не үшін қажет?» деп өз-өзінен күбірледі. О-һо, боркеміктеніп кете бермей, ең соңында өз-өзіне келіп, қарсы пікір айтқаны жақсы болды. Ол сілімтік те аяқ астынан нілдей бұзылған бұған таңдана қарағанын байқап, іштей рахаттанып қалды. Осы ой орамына келіп, құлағын қайта-қайта ұстап, риза пішінмен отырғанда есік қағылды. Сержант шеніндегі жас орыс жігіті оң қолын көтере құрмет көрсетті де:
– Жолдас полковник! Абдикуловты әкелдік, сіздің бұйрығыңыз бойынша, – деді сақ-сақ ете баяндап.
– Ах, адам өлтірген бунтарь ма? Тез кіргіз. Көрейін әуселесін! – Оның алдында сол аталған «бунтарьдың» ісі жатқан.
Қолында кісені бар ұзынтұра қазақты қос солдат желкелеп кіргізді де мұның алдына әкеліп отырғызды.
– Привет, бунтарь! Ұлы орыс ұлтына қалай ғана пышақ сілтедің? Қалай оған дәтің барды, ақымақ? – деді бұл бірден бұратана халықтың өкілін бірден бет бақтырмай, ұрдажық сөзбен жаншып тастағысы келді. «Бунтарьдың» көзі өткір екен. Өңменінен өтіп барады. Сәл үндемей тұрды да орыс тілінде сөйлей бастады.
– Сен алдымен адам ретінде маған сәлем беруің керек еді. Ондайға мәдениетің жетпеді. «Бунтар», «ақмақ» деуге, мені қорлауға, боқтауға кім құқық берді саған? Рас, мен қылмыскермін. Адам өлтірдім. Бәрібір совет азаматымын. Конституция бойынша сенімен біз теңбіз. Ал мен сені бұлай деп атасам келісер ме едің. «Сен сатқынсың! Көргенсізсің!» дегім келіп отыр. Өзің қазақ болып отырып атың да, затың да орысша. Менің жасым үлкен болса да сыйламай отырсың. «Ұлық болсаң кішік бол» деген қазақта мақал бар. Оның үстіне заң қызметкерісің. Сөйте тұра этикадан жұрдайсың. Мені шақырар алдында тергеуші ретінде ісімді қараған боларсың. Ол жерде маған үш адам жабылып, темір біліктерімен мені өлтіргісі келген. Олардың алдында титтей де жазығым жоқ еді. Менің кінәм – қазақ болғаным. Олардан қорғанбасам өзім өлер едім. Сонда кім бунтарь? Айтшы, бауырым! – Михаил әрбір сөзі мірдің оғындай айтылған мына адамның алдында іштей жасып қалғандай сезінді. Әрине, бұл оның қитығына тиіп, қатты ашуын келтіріп, өзін-өзі жеңуге тырысты. Жеңілгенін мойындағысы келмеді де қолындағы бар қаруын пайдаланып оны қорқытып, үрейлендіріп, тойтарып тастағысы келді.
– Сен мынаны біл! Мен қазақ емеспін! Ұлы орыс халқының перзентімін. Әкем де, атам да, бабам да орыс. Осыны біліп қой. Дұрыс айтасың, сен қылмыскерсің. Оны мойындап отырсың. Мен сені соттаушымын. Сен өз мемлекетіңе қарсы шықтың. Саған өте ауыр жаза қолданамын. Себебі сен адам өлтірдің. Сенің қолың қан. Мен – пілмін. Сен – бейшарасың, құмырсқасың. Кез келген уақытта аяғыммен таптай саламын. Ей, солдат! Мынаны аямаңдар. Өлсе өлсін. Бұлардың өздері түгілі өліктерін де ешкім іздемейді. Отызыншы жылдары бұларды аштан қырдық. Далада іріп-шіріп жатты. Олардың еттерін құзғын да, ит-құс та жемеді. Ешкім бұларды іздеген жоқ. Мықтысымақтарын аттық, астық. Әр жерде сүйектері шашылып жатыр. Егер мықты болсаңдар оларды неге іздемейсіңдер? Ал бізге, Мәскеуге қарсы шықтыңдар. Не таптыңдар? Тағы да өліктеріңді машина-машина етіп шұңқырларға төгіп тастадық. Итке таланып қор болып жатырсыңдар. Қыздарыңды кім көрінген қорлап, зорлап жатыр. Тапқандарың осы ма? Сені де атамыз. Ешкім сені іздемейді. Ешкім! Ешкім! Ешкім! Ха-ха-ха! – Михаил жынданғандай қарқылдап күлді. Мырзағұл Әбдіқұлов ұшып тұрды. Түрі әлем-тапырық. Былш еткізіп бетіне түкіріп жіберді.
– Ақымақсың сен! Ей, сатқын, өз ұлтыңды, атыңды, тегіңді сатқан малғұнсың! Орысқа сатылған құлсың. Шоқынған, арақ сасыған шошқасың! Өлік аңдыған құзғынсыңдар, сендер! Күл, күл, күл! Әлі жылайтын бола­сыңдар. Халықтың көл болып төгілген жасы жібермейді сендерді. Түп-тұқияныңмен құрисыңдар әлі. Тфу, кәпір! Кел, кел бері, еркек болсаң. Буындырып өз қолыммен өлтірейін, кәззап!
Қолындағы бұғау-шынжыры салдырлап, көздері от жайнап, түтіккен Мырзағұл түкіргені аздай енді оған тап берді.
– Солдаттар! – деп ышқына айқайлап жіберді Михаил. Екі-үш солдат бөлмеге топырлай кіріп Михаилдың мойнына жақындап қалған Әбдіқұловтың арбиған қолдарын шап беріп ұстап, біреуі ішінен түйгіштеп, енді біреуі теуіп әбігер болды да қалды. Әбдіқұлов кетіп бара жатып та айқайлап барады.
– Қорқақ! Еркек емес, қатынсың! Біліп қой, әй, жендет! Мен өлімнен қорықпаймын!
Михаил орамалын алып бетіндегі түкірікті жиіркене сүртіп, ызаланып не істерін білмеді. Қоқыс жәшігіне орамалды лақтырып жіберді. Тордағы арыстандай әрі-бері жүріп бөлмесіне сыймады. Бүгінгі оқиғалар оны рельстен шыққан пойыздай күйретіп жіберген еді.

– Өлтірем, қырам, жоямын! – деп тістене сөйлеген ол креслосына сылқ ете отыра кетті…

* * *

Жалғас қыздарды бостандыққа жібергеніне іштей қуанып, жеңілдеп қалды. Бірақ мұның арты күндердің күнінде кері тепкен толқындай өзіне қайта соғып әбігерге түсіретінін, тіптен қызметтен кетуге мәжбүр болатынын жақсы түсінді. Бір бұл ғана емес, алдына келген талай желтоқсаншы қыз-жігіттерге қолынан келгенше көмегін беріп, қылмыстарын мүлдем жеңілдетіп, реті келсе ақтап, босатып жіберуге тырысатын. Осы әрекетімен әділеттілікті қалпына келтіруге, ұлтына төніп тұрған қауіп-қатер, қайғы бұлтын серпуге «қарлығаштың қанатымен су сепкендей» болса да көмектескісі келетін, сол арқылы халқы алдында азаматтық парызын өтеуге ұмтылатын. Елуді еңсерген азамат ұлты туралы, оның өткен тарихын, СССР туралы шындықты өте жақсы білетін. Білген соң Мәскеуді де, СССР-ді де, Коммунистік партияны да іштей жек көреді. Рас, советтік идеологиямен бұл да уланған, кезінде октябрят, пионер, комсомол қатарында жүріп, жан-тәнімен Мәскеуге берілгені соншама «халық жауы» болған әкесі мен анасының «күнәларына» басқаша көзқараспен қарады. Мәселен Болатбек деген батыр бала өзінің бай-құлақ болған әкесін жек көріп, оған қарсы шықты. Сол «батыр» баланы Жалғас өзіне өнеге тұтты. Оның аржағында Павлик Морозовты да пір тұтты. Комсомолда жүргенде белсенді болды. «Құдай жоқ» деген атеистердің сөзіне сенетін. Ауылдың қанды ортасында шатыры күмбезденген ескі үй бар. Нағашы әжесі Биғайша оны «бұрын бұл үй мешіт болған. Мына кәпірлер оны алғашында әскери гарнизон жасады. Кейін шошқа қамаған. Молдасын халық жауы деп итжеккенге айдады. Одан соң кеңсе болыпты. Жаңа кеңсе тұрғызылды, бұл құлып болды. Құлыптың жаңасы салынып, ол қоймаға айналды. Балам, бұл өте қасиетті үй. Мына құдайсыздар оның мәнісін білмеді. Айтпақшы, қасақана шошқа қамаған төраға орыс еді. Шошқа қамаған күннің ертеңіне мініп жүрген аты теуіп өлтіріпті. Қазір калхоздың қоймасын жасады. Әй, қайдам, бұл өкімет ұзаққа бармас» деп біраз әңгіме шерткен. Мешіт деген атауды архаизм деп ұғынатын Жалғас бала «қасиетті үй» дегенді естігенде көңіліне қорқыныш ұялады. Себебі, бұл үй туралы ауыл балалары неше түрлі қорқынышты әңгіме айтатын. Соның бірі күн шықпай мұнда әсем сазды үн шығады екен. Арабша деді ме, құран сөзі дей ме – түсінбеді. Әжесінен сұрап еді: «Мұсылмандар намаз алдында азан шақырады. Ол қасиетті үй. Бала кезімізде молданың шақырған азан үні әлі де құлағымда. Балам, сен жігіт болғанда, құдай қаласа, барлығын егжей-тегжейлі айтып беремін» деп жауап берді.
Оныншыны бітірерде әкесі мен шешесі туралы әжесі бар шындықты жайып салды. Қатарластары қайдан естігенін кім білсін, «сен халық жауының баласысың, біздің қатарымызда тұруға хақың жоқ» дегенде қатты намыстанып, осыны айтқан баланың бетін даладай қан қылған. Сол үшін әжесін жиналысқа шақырып, мұғалімдер ол кісіге «Ана балаң енді ондай тентектік жасаса комсомолдан шығарамыз» депті. Әжесі сол түні жылап шықты. «Балам, сенің әке-шешең халық жауы емес. Олар нағыз батырлар. Кейін олар ақталады. Тек енді тентектік жасамашы» деп өтінген. Бұл уәде берді. Балалар да «халық жауының баласысың, жетімсің» деп айтпайтын болды. Себебі, көбісі оның жұдырығынан қорқатын. Несін айтасың, шынында іштей қатты намыстанатын. Сол намыс үнемі ширықтырып, жанталаса алға ұмтылғызып, оқуға, спортпен айналысуға, өнерді үйренуге мәжбүр етті. Мектепті алтын медальмен бітірді, бокстан өз қатарлары арасында чемпион болды, домбыра, гитараны шебер тартып, ән салатын. Ең бастысы, өскен сайын жасық болмай, мінезді жігіт боп ержетті.
Ақыры нағыз шындықты, ақиқатты білетін кез де жетті. Жалғас нағашы әжесінің аузынан өзін кім екенін, ата-анасының жазықсыз атылып кеткенін, дүниеге егіз болып келіп, сыңарынан айрылғанын естіп білді. Байғұс анасы қолы кісендеулі кетіп бара жатып балаларын әжесіне аманат еткенін естігенде еріксіз көзіне жас келіп, көңілі босады. Қос мұңлық – әжесі мен екеуі ал кеп жыласын! Одан кейінгі уақытта өзіне жүктелген анасының, әжесінің аманаты үнемі маза бермейтін.
Рас, сона-ау Мәскеуге дейін қайта-қайта жазып жүріп әке-шешесін ақтады. Сол күні түс көрді. Әкесі мен анасы екенін бірден таныды. Екеуі қос тұлпарға мініп үйге келді. Анасы ақбоз, әкесі құба тұлпардың үстінде қазақы киініп алған, сондай жарасымды. Өздері көңілді. Ал бұл бала кезі екен дейді. Жеті-сегіз жаста ғана.
– Әке-е! Апа-а!
Күн батар шақ па, Жалғас айыра алған жоқ. Көкірек сарайына жиналған сағыныш сезімі осы қос сөз арқылы жанартаудай атылды. Оның нәзік те бала даусынан бүкіл ауыл, бүкіл дала жаңғырғандай.
– Жаным! Ботам! Сағындым ғой сені. Сен де бізді әбден сағынған боларсың, күнім. Кешір, кешір бізді. Біз өз еркімізбен кеткен жоқпыз, соны біл, балам! – Жаңа ғана ат үстінде тұрған анасы қалай тез жетіп келген қасына.
– Иә, иә, анашым, әкешім! Мен сіздерді қатты, қатты сағындым. Қаншама іздедім. Достарымның бәрінің әке-шешесі бар. Ал менде әжем ғана, Кейбіреулер «әке-шешеңнің басын жұтқан жетімексің» деп ұрсады. Мен сіздерді жұтатын аждаһа емеспін ғой, анашым-ау. Кей-кейде «халық жауының баласы» деп кекетіп, мұқатады. Ондайда қатты ызаланамын! Жылаймын, жылаймын келіп жер тепкілеп! Енді кетпеңіздерші, жанымда болыңыздаршы!
Жалғас бала анасын құшақтап, ебіл-дебіл жылады. Жылап жатып осылай жалына сөйлейді.
– Күнім-ау! Біз саған уақытша келдік. Саған рахмет. Бізді «халық жауы» деген қара дақтан құтқарған Аллаға мың да бір ризамыз. Оны жүзеге асырған саған рахмет, балақаным!
– Кел, құлыным, келе ғой, құшағыма алайыншы бір! Әкең де сені қатты сағынды. Әке болып өз балаңды құшақтай алмау қандай қорлық десеңші!
Әке, ана, бала осылай шұрқырасты. Көп отырды ма, аз отырды ма кім білсін, әке-шешесі аяқ астынан кетуге жиналды. Егіл-тегіл жылаған, «кетпеші» деп жалынған Жалғастың зарына қанша жаны ашығанмен, өздері де қимағанмен әке-шешесі балаларын бір-бір иіскеп, әп-сәтте аттарына мініп күн батысқа қарай қол бұлғап кете барды. Ердің жасына келсе де еңкілдеп жылаған Жалғас бұл түс екенін біліп оянғанда біразға дейін есеңгіреп жатты. Осы тәтті түсті енді ұмыта алсашы. Себебі әке мен ана мейірімін өмірбақи көрмей өскен жетім-көңіл адамға осы өңіне бергісіз түстен тәтті нәрсе бар ма екен жүдә. Жоқ! Жоқ! Иә, ата-анасы «халық жауы» деген қара дақтан тазарды. Жалғас сол күні өзіне жүктелген зор парыздан құтылғандай мойны босап, өзін қауырсындай жеп-жеңіл сезінді. Сол түні қалған өміріне мәңгілік азық болардай тәтті түс көрді! Ғұмырында тұңғыш рет әкесінің, анасының өзіне деген көл-көсір махаббатын сезінді. Әке-шешесі бар бала қандай бақытты десеңші! Намазын үнемі тастамайтын нағашы әжесі «Аруақ риза болмай тірі байымайды» деген мақалды жиі айтатын. Жалғастың бағамдауынша аруақ деп өлген адамды айтады. Сонда өлген адам мен тірі адамның арасында байланыс бар ма? Жалғастың тағы бір түсінбейтін мәселесі бар. Оның ұстазы «құдай жоқ» деп үйретті. Әжесіне бұл сөзді айтып келіп еді, сирек ашуланатын ол кісі қатты шамырқанды.
– Астапыралла! Астапыралла! – деп әжесі шошына айқайлап жіберді. – Айтпа, балам ондайды. Бар, бар құдай! Бізді, мынау он сегіз мың ғаламды жаратқан сол құдай емес пе, ақымағым-ау.
Жалғас бала тәмпіш танауын бір тартып, басын сыйпалап ойланып тұрып қалды. Кімге сенеді? Ұстазына ма, әжесіне ме?
Ержетті ол. Балалығы кейін жылжып, әрнәрсеге ой көзімен қарайтынды шығарды. Әжесі бұл өмірден өтті. Көзі тірісінде бұған араб тіліндегі сөздерді үйретті. Кейін олардың Фатиха мен Ықылас сүрелері екенін білді. Кәлиманы үйретті. «Мұны мен өлейін деп жатқанда қайта-қайта айтасың. Осы арқылы менің өлімімді жеңілдетесің. Әрбір мұсылман осы кәлиманы білуі керек. Ал мына екі дұғаны жамбасым жерге тиіп, қабірге жерлеген соң жұма сайын оқып, атымды атап, рухыма бағыштайсың. Ата-бабаларыңды, әке-шешелеріңді де ұмытпа! Сонда о дүниедегі біз рахаттанып, күнәларымыз жеңілдейді». Әжесі бұл тапсырмасын әсіресе ауырып жатқанда қайта-қайта тәптіштей айтып шегеледі. Әлгі араб сөздерін жаттағанын ыждағатпен тыңдап, оларды тіптен ақ қағазға бадырайтып жаздырып қойды.
– Әже, өлгеннен кейін адам қайтып тірілмейді ғой. Мына түсініксіз сөздер өлгендерге қалай жетпек? Топырақпен көмілген адам қалай естиді? Рух, аруақ деген не? Оны көргендер бар ма?
Әжесі жымиып, Жалғасқа мейірлене қарап, басынан сипайды.
– Адам өлмейді. Біздің бабаларымыз өлді емес, «қайтыс болды» дейді. Адамды Алла топырақтан жаратқан. Сол топырағына, Жер-бесікке, Жаратқан иесіне қайтып келеді. Оның рухы, жаны өлмейді. Ахиретте Жер-бесіктегі адамдарды құдай қайта тірілтіп, дозаққа жіберетінін дозаққа, жәннатқа жіберетінін жәннатқа жібереді.
Әжесінің сөздерін құйма құлақ бала жаттап алғанымен көбісін түсінбеді. Түсінгені «өлді» деп жүрген адамы тірі күйінде қалады, яғни рухқа, аруаққа айналады. Мына басқа тілдегі қасиетті сөздер тірілер мен өлілер арасында байланыс орнатып тұрады. Қалай болғанда да осы ғажайып түсініксіз сөздерді оқыса рахаттанып, бүкіл денесінде ерекше күш пайда болады. Кейін ержеткенде қиналғанда, тұйыққа тірелгенде, ренжігенде осы сөздерді оқыса жолы ашылатын. Мәселен әке-шешесін ақтарда талай рет жолы жабылып, үмітін үзіп, сенімнен айрылғанда осы сөздер көмекке келді. Үміті жанданатын, сенімі нықталатын. Ең бастысы жібі тарқатылған ұршықтай жұмыстары бірінен соң бірі шешіліп жатушы еді. Иә, ақтау оңайға соққан жоқ. Әкесінің жапон тыңшысы екендігі бірнеше адамдардың куәлік сөздерімен дәлелденіп, бекітілген. Ал анасының қылмысы бояу жұққан киімдей қанша тазартайын десе де кете қоймай қинады. Қалай болғанда да Жалғастың заңгерлігі бұл қиын істе, мұрағат ақтаруда көп көмегін тигізді. Оның басты жеңісі жылдар бойына көкірек сарайында жиналған сан сауалдың жауабын осы мұрағаттан тапты. Әке-шешесінің қылмыстық істерін қараймын деп жүріп Совет өкіметінің жасырған құпияларына, өте қорқынышты қылмысты істеріне тап болды. Күн көсемі Ленин, оның ізбасарлары, оның ісін жалғастырушы қызыл көсемдер кім? Кеңес өкіметін не үшін құрды? Оқулықтарда оқыған, тоқыған тарихтың астарындағы нағыз шынайы тарих көз алдында андағайлап шыға келгенде Жалғас қорқып кетті. Жиырмасыншы, отызыншы жылдардағы қазақ халқына жасалған зұлматтарды оқығанда төбе шашы тік тұрды. Қызылдар мен ақтардың қырғыны. Екі ортада шыбындай қырылған, жайпалған қазақ ауылдары. Елін қорғаған Алашорда өкілдерін Сталиннің, Голощекиннің, Мирзоянның өтіріктен «халық жауы» деп аяусыз атып, соттағаны, итжеккенге айдағаны. Әрине, олардың айдауында мұның әке-шешесі де кетті. Жетімдіктің зарын шеккен өзін қайда қояды? Әлдекімнің жетегінде кеткен сыңары қайда? Қызын, немересін жоғалтып, өмір бойына жылап өткен әжесінің көз жасының обалы кімге? Қызылдардың жасаған адам жаны төзбес сұмдық зұлматтары мұнымен шектелмейді екен. Байларды кәмпескелеп, бар байлығын, малын тартып алуы. Халықтың туған жерін тастап шетелдерге үдере көшуі. Қазақтың белсенділерін өз халқына айдап салуы. Төрт түлік малын тартып алып, қазақтарды бір ортаға жинауы және оларды жасанды түрде ғазабат аштыққа ұрындыруы… Тірі қалуы үшін бірінің етін бірі жеген қазақтың жаппай ашаршылыққа ұшырап, қырылғаны қырылып, ит-құсқа жем болуы… Ал бір түйір нан үшін босқан елді шекарадан күтіп алып автомат, пулеметпен жусата қыруы…
Тарихтың қап-қара парақтарын ақтарған сайын Жалғас Мәскеуді, коммунистерді, қызылдарды заңгерлік көзбен «ХХ ғасырдың зұлым да қанды қол қылмыскерлері» деп бағалап, оларға іштей кесім жасады. «Бұларды соттау керек!» деп жанұшыра айқайлап бөлмесіне, одан айдалаға барып еді, оған да сыймады. Тапқан ащы ақиқаты, шындығы, шынайы тарих көріністері ішіне сыймай, оны кімге айтарын білмей бомба болып жарылып кете жаздады. Осылай ішқұса болып жүргенде әке-шешесінің ақталғаны туралы қағаз келіп, сүйіншісін ауылдағы әжесіне жеткізгенше асықты. О-о, сонда әжесінің қуанғаны-ай!
– Айналайын, көкем, қозым! – деп ол кісі баласын ыстық құшағына алып, бетін жас жуып жыласын келіп! Әзер дегенде басылып, сабасына келген соң самауырдың шәйін ішіп отырғанда Жалғас әжесіне тосын әңгіме бастады.
– Әжетай, мені жақсы көрем дейсің. Ол өтірік жақсы көру ме деп ойлап қалдым, – деді ол әжесіне қуақылана қарап.
– Қой, өйтіп айтпа! Басқа балаларым бір төбе, сен өзің бір төбесің, ақ қозым-ау, о не дегенің? – деп Биғайша шошына тіл қатты.
– Қайдам, қайдам… Жақсы көрсеңіз ішкі сырыңызды, құпияларыңызды балаңызға бір шертер едіңіз.
– Қандай сыр, қандай құпия?! Мына жаман кемпірдің не сыры бар дейсің, құлыным-ау? – Әжесі таң қалған күй танытып, алақанын жайды. Шынында да немересінің аспаннан түскендей ой айтқаны үстіне бір шелек мұздай су құйылғандай әсер етті.
– Әжетай-ау, маған бір жағынан таң қалып, екінші жағынан шошып кеттіңіз білем. Бұл шындық. Әке-шешемді ақтау жолында небір құпияларға тап болдым. Біз соқыр, саңырау болып қалыппыз. Архивтерді ақтарғанда көңіл көзім ашылды. Біз мүлдем естімеген, оқымаған қазақтың қасіретке толы тарихын білгенде мына кеңес өкіметінің шексіз зұлымдығына куә болдым. Сіз бұл өкіметтің әкеме, анама жасаған зұлымдығының шет жағасын айтқанда онша сенбейтінмін. Қалайша қамқор отанымызды, мемлекетімізді жамандауға дәті барды екен деп. Қазақ халқының басынан өткен небір нәубеттерді оқып, білген соң көзқарасым жүз пайыз өзгерді. Сұмдық! Сұмдық! Момақан қазақтың не жазығы бар екен соншама қатігездік, қаталдық жасайтындай. Әжетай, сіз тірі шежіресіз, тірі тарихсыз. Осындай сұмдықтарды, зұлымдықтарды көкірек сарайыңызға қалай сидырып келгенсіз? Ең болмаса мына маған айтпағаныңызға өкпелегенім рас…
Жалғас одан әрі не біліп, не оқығанын әжесіне тәптіштеп айтып берді. Жай айта салған жоқ. Тебіреніп, толғана жеткізді. Енді бір әңгімесінің арасында әжесіне қарап еді, бетін жас жуып кемсеңдеп отыр екен,
– Әже-ау, бұныңыз не? Мұның бәрін сізді жылатайын деп айтып отырғаным жоқ қой.
Жалғас ыңғайсызданып, ұшып тұрып әжесінің жанына жетіп барды.
– Құлыным-ау, мына айтып отырғаныңның бәрі шындық. Сенің әңгімең мына көкірек сарайыңда қатталып, жиналып, беріш болып қатып қалған еді. Ол жаралар мәңгілік жазылмай анда-санда сыздап ауыратын. Ал сен болсаң мына айтқандарыңмен жүрегімдегі бар жарамды қанатып өттің. Ол оқиғаларды тірілтіп саған қалай айтпақпын? Біреу-міреу естісе саған зияны тимей ме? Әп-әдемі оқуыңнан, қызметіңнен айрылып қалсаң мен өзімді өзім өмір бойы күстаналап өтпеймін бе, балам-ау. Онда жараның үстіне жара қалмай ма? Жарылсам мен жарылайын, айналайын көкем. Саған сырымды айтпағаным сол, – деп әжесі немересінің бетінен қайта-қайта сүйді.
Қаншама сыр ұштығын шығармайын десе де әже ішкі жан дүниесінде қатпар-қатпар болып жиналған, басынан кешкен небір шерлі оқиғаларын немересіне шетінен қаузап айтып берді. Бірде жылады, бірде күңіренді, енді бірде ызаланып зұлымдық жасағандарды лағнеттеп, қатты ызаланды. Жалғас осыншама зұлмат пен нәубеттерді бастан кешсе де осы күнге дейін ешкімге тіс жармаған шүйкедей кемпірдің қажырлылығына, төзімділігіне, қайсарлығына таң қалды.
Байдың кемпірі болды. Бұларды кәмпескелеп, бар малын тартып алып, итжеккенге айдады. Шиеттей жеті баласымен жұртта қалды. Әлекедей жаланған белсенділер өзін де, балаларын да «байдың құйыршығы» деп маза бермей қудалады. Балаларын шұбыртып төркініне аттанды. Жезқазғаннан есептеп қараңыз. Қаншама шақырым жер! Жетісудын шұрайлы жеріне жеткенде аштық басталды. Бір ұл, бір қызы аштықтан кетті. Енді аштықтан ес жия бастағанда Жалғастың анасынан айрылды. Соғыс жылдарының зардабы да орасан болды. Үлкен ұлы майданнан оралмады. Мінеки, қаншама қасірет, қаншама ауырлық! Тас қатты ма, бас қатты ма?
– Өлмеген соң сүйретіліп жүре береді екенсің. Тірі тірлігін жасайды. Әжең қашанға жүре берер дейсің. Бір күні тұз-дәміміз біткенде әне-еу төбеде мәңгілікке жатармыз, – деп әжесі әңгімесін аяқтағандай сұлық отырып қалды. Әжесін аяп Жалғас та үндемеді. Тезірек Алматыға қайтуға асықты. Көп ұзамай ауылдан суық хабар жетті. Қайран әжесі жүрегіндегі сол жаралары ушығып кетті ме кім білсін, қайтыс болыпты. Әрине, сол кезде Жалғастың жүрегін өкініш сезімі көпке дейін сыздатып жүрді. Әженің көңіл сарайындағы тып-тыныш бұғып жатқан қасіреттерін қозғап жіберген өзін кінәлі сезініп, көпке дейін қиналды…

* * *

Михаилдың жиналысқа келді деген аты ғана, әйтпесе іштегі долырған ызасы басылмай, денесі бір қызып, бір суынып әзер отырды. Өзі осында, ойы манағы кісі өлтіргіш бунтовшикте. Бәрінен де бетіне былш еткізіп түкіріп жібергені жанына қатты батты. Масқара! Колбин немесе басқалары естісе қандай ұят! Оңбағанның көздері тура қасқырдың көзіндей өткір екен. Өңменінен өтіп кетті тіптен. Сөзі қандай десеңші! Тура мірдің оғындай. Мұның аузын аштырмады. Ең жаманы – ол мұны қазақ деп ұғып, сатқынға балады. Қайдағы бір бұратана халық өкілінің алдында өзін-өзі ақтап, оны дәлелдеп отырғысы келмеді. Қалай болғанда да осы қап-қара түрінен өмірбақи таяқ жеп келеді. «Орыспын, мен нағыз орыспын!» деп шын ниетімен айтса да мұны танымайтын Ресейдің орыстары да бұған толық сенбейді, күмәнмен қарайды. Міне, Михаил осындай кезде жынданады. Бала кезінде де өзінің орысынан талай таяқ жеді. Содан ол ерегіскенде «Орыс» деп бадырайтып жазып қойған құжатын қалтасынан тастамайтын. Біреу күмәнданса дереу көрсетеді. Анау құжатқа бір, бетіне бір бажырая қарап, басын шайқайды. Енді мынау, өзіне ұқсағандардың еліне келсе де таяқ жеп жатыр. Бұлар да сенбейді. Тіпті бұдан аумайтын біреуі мұны өзінің сыңары дегісі келеді! Кеңсесіне қайтып келе жатқанда да, қонақ үйіне келгенде де осы көргендері, сатқын дегені, түкіргені есінен кетпей қойды. «Мен оны өлім жазасына кесемін» деп айқайлап жібергенін өзі де байқамай қалды. Бунтовщикке қарсы істегені оған ең қатал деген жазаны қолданғысы келгені. Мәскеуден келген тергеушіні оған бекітіп тұрып бұлай деп қатулана тіл қатты:
– Жолдас Чупринин! Сен мынаны аяма! Ол ең жоғары жаза алуы тиіс. Ату жазасын! Сонда оның мәйітіне түкіретін боламын! Ақымақ!
Ал тергеуші қазақтың бүгінгі жасағаны барлық көрген құқайынан асып түсті. ДНК-ның сараптамалық қағазын әкеліпті бүгін. Алғашында әзілдеп отыр ма деп, ойлап қағазға онша мән бермей қарады. Қараса…! Шынында да мөр басылған ресми құжат. Аты-жөні, бәрі өзінікі. Мұны көріп ішкі жан дүниесі алай-дүлей болып, жүрегі бұлқынып, бүкіл жан дүниесі бір төңкеріліп түсті. «Сен қазақсың! Сен менің бауырымсың!» деген Жалғасқа бір, құжатқа бір қарады. Түс көріп жатқандай. Не ашуланарын, не қуанарын білмегендей екі ұдай ойдың ортасында мәңгіріп тұрып қалшиып қатып қалды. Іштей намыстанды. Туғаннан орыс болып, өмір сүріп келген көкірегі кердең жан жер ойылып құрдымға түскендей күйді бастан кешті. Найзағай ойнап, аспан қақырай жарылып түскендей тұншығып бара жатқан соң далаға ұмтылды. Көшеге шыққан соң да артына қарамай безді дейсің! Екі немесе одан да көп көшемен жүрді ме білмеді, әйтеуір әбден шаршап шалдығып, ентігіп шаруасы біткенде барып ес жинап, қонақ үйге таксилетіп жетіп алды. Түнде қонақүйдің дағарадай төсегіне сыймай олай аунады, бұлай аунады. Ұйықтай алмай қиналды. Көзін жұмса манағы қасқыр көз өңменінен өте қарайды. Қызық! Көзін ашса қайдан сап ете қалатыны белгісіз, әлгі өзінен айнымайтын тергеуші қазақ пайда бола қалады. Жымиып, мейірлене қарайды бұған. Біреуі өштесіп, екіншісі мейіріммен! Михаил аң-таң. Ішкі сезіміне әрдайым ие болатынына сенімді еді. Осы күнге дейін бұл жөнінде еш ойланбаған. Енді не болды? Бұрын сабырлы еді. Осында келгелі ұсақ-түйек нәрселерге бола аяқ астынан ашуланып, дегбірсізденіп, өзіне-өзі ие болмай кетеді. Бүгінгі жағдайы мынау. Бір қызығы – екі ұдай сезімде жатыр. Яғни, ашуланатынын да ашуланбасын да білмейді. Осылай ұйқысыздықпен арпалысып жатып қалай кірпігі ілініп кеткенін байқамай қалды.
…Көгалда отыр екен дейді. Тыр-жалаңаш. Кішкентай ғана. Қол-аяғы, кіп-кішкентай. Жанында тура өзінен айнымайтын бір бала отыр. Ол да жалаңаш. Екеуі кекілді. Өздерінше мәз. Күле береді, күле береді. Кенет алып жыланның өздеріне жақындап келе жатқанын көріп қалған Михаил шыңғырып жіберді. Қасындағы бала да оған жанұшыра үн қосты. Бүкіл дүние азан-қазан күйге бөленді. Алып қара жылан көзінен от ұшқындап, тілі жалаңдап, аузын арандай ашып бұларға жақындап келеді. Қызық болғанда әлгі жыланның тұп-тура маңдайында қып-қызыл бес жұлдызы бар. Қашқысы келді, орнынан қозғала алмады. Әзер дегенде орындарынан тұрды. Құлап кете жаздап бірін-бірі құшақтай алды. Қорыққандарынан болар, денелері дір-дір қағады. Дәл осы сәтте жіңішке, бірақ қаһарлы дауыс естілді.
– Тоқта! Әй, әбжылан! Бұлар менің сәбилерім! Тиіспе оларға!
Ананың қаһарлы үні бүкіл тау баурайын жаңғыртты. Қара көздері жарқ етіп бұларға мейірлене қарады. Нәзік қолдарын аспанға жайып алып, жыланның алдында тайсалмай тұрған батыр ананың мейірімге толы жүзін бірінші рет көрсе де дауысын бұрын естіген тәрізді. Маңдайындағы жұлдызы шоқтай қызарған алып жылан басын аспандата көтеріп алғанда тіптен қорқынышты көрінді. Бұлардың аналарына таңдана қарап, сәл іркілген ол қайта ызбарланған кейіп танытып ысылдай сөйлеп, бұлай деді:
– Ақымақ әйел, алдымнан кет, жоғал! Кетпесең өзіңді жеймін.
– Мейлі, мені жесең же! Бірақ балаларыма тиме! – Ана ашуын басып, енді жыланға жалына бастады.
– Бірақ менің саған қояр талабым – олар менің балаларым болады. Екеуін де жыланға айналдырамын.
– Мақұл, мақұл! Тек өлтірмеші, тірі қалдыршы оларды! – Аналары жалына сөйлеп, жылап жіберді. Бұлар да қосыла жылады.
– Тек соңғы өтінішім, өлер алдында құлындарымды бір иіскеуге рұхсат бер.
– Жо-оқ! – деп жылан ақырып жіберді. – Сен иіскесең олар жыланға айналмайды. Кәне, ажалыңа асық! Әйтпесе ойымнан айнып қалуым мүмкін. – Жылан ауызын арандай ашты да ыстық лебімен оны өзіне тарта бастады.
– Сау болыңдар, құлындарым! – деп екеуіне қимай үздіге қараған ана жыланның арандай аузына қарай ұшып бара жатты.
– Апа-а! Апа-а!..
Михаил өз айқайынан оянып кетті. Көзінде жас. Шын жылапты. Ойпырмай-ау, бұл түсі екен ғой. Жалма-жан басын көтеріп, жан-жағына қарады. Қонақ үйде жатыр. Қараңғылық тұмшалап тұр. Михаил аң-таң. Ол кім? Жылан… жылан… иә, оны білетін сияқты. Ойына Жалғас тергеуші сап ете қалды. Соның әңгімесі ойына оралды.
– Жо-жоқ! Ол өтірік, өтірік! Мен орыспын! Мен орыстың нағыз баласымын! – деп ызалана айқайлай сөйлеп кеткенін өзі де сезбей қалды. Басын қапсыра ұстап төсегіне қайта құлады. Бәрін, бәрін біржола ұмытқысы келді. Қайдағы-ы!
Жүзі мейірімге толы қазақ әйелінің шырылдап, араша түскені көз алдында. «Апатайлаған» кішкентай сәби көкірек сарайының бір бұрышына кіріп алып шықпай тұр! Кім ол? Өзі ме, өзге ме? Өзге болса неге кетпейді? Өзі болса ше? Иә, иә, есіне жаңа түсті. Альбомдағы өзінің суретінен айнымай тұр ғой, айнымай!
– Иә, иә, сол, сол! Айнымайды! – Мына сөзді, құдайым-ау, кім айтып жатыр? Өзі ме, ішіндегі бала ма?
– Е, Михаил! – Шіңкілдеп шыққан бала дауыстан ол селт ете түсті. – Өзіңді өзің танымағаның не? Мен сенің балалық шағың емеспін бе! Әлде жынданайын дедің бе?
Михаил да осыны ойлап отырған. Шынында да жынданайын деген шығар. Өзен, көл жағалауы қанша мықты болса да ұдайы соққан толқындардан күндердің күнінде құлайтыны анық. Михаил да осы қарғыс атқыр қазақ еліне келгелі өмір толқындарының астында қалды. Біреуінен ес жия берсең екіншісі, үшіншісі… тағы-тағы соғады дейсің екіленіп. Мұндайда Михаил ерегісіп, кеудесін тосып, қарсы соққы жасайды. Бәрі де осымен бітті деп ойлайды. Жоқ! Екінші бір толқын жалы күдірейіп шыға келеді алдынан. Әсіресе өзінен айнымайтын әріптесінің кездесудегі сөздері ішкі дүниесіндегі салқындықты аздап жұмсартқандай болған. Жан дүниесіне жылымық себезгілегенін байқады. Сол кезде бұл өзгерістен өзінен өзі қатты шошынды. Тарқатылып бара жатқан ой-шылбырын тез жинамаса ертең кеш болатынын ұқты. Ұқты да қайта қатуланды. Аяқ астынан тұлан тұтып ашуланған бұған Жалғас таңдана қарағанын байқады. Енді мына таңғажайып түсі бүкіл жан дүниесіне ғаламат өзгеріс әкеліп жатыр. Қарсылық жасағысы келіп қанша тырбанса да қолынан келер дәрмен жоқ. Қысқасы, Михаил бір түнде өзге адам болып қайта жаралғандай еді. Өзін біртүрлі ыңғайсыз сезінсе де, көкірек тұсында жатқан бір мұз-тас еріп, жеңілдеп қалғандай болды.

* * *

Михаилды көргелі Жалғастың ішкі дүниесінде де мазаң күй орнады. «Ол менің бауырым!» деген сөз оны қуанышқа бөлегенмен, Михаилдың мұз құрсанған жүзі бұл жылылықты әп-сәтте өшіріп тастайды. «Мен нағыз орыспын!» деп аюдай ақырған кейпі көз алдына келе қалады. «Өзге елдің құлына айналған қайран бауырым-ай! Сен кінәлі емессің. Бұл дертіңнен қалай айықтыра аламын?» деп ұзақ-сонар ойға батып, күңіреніп, сары уайымға батады. Әйелімен ақылдасты алдымен. Қанша дегенмен дәрігер ғой.
– Мен рухани дерттерді емдей алмаймын. Немене ол кісінің бір жері ауыра ма? – деді ол бір жағынан әзілдеп, бір жағынан шынын айтып.
– Иә, иә, қатты ауырады. Ішінде мұз-тас жатыр. Шіркін, соны ерітетін дәрі табылса ғой. – Жалғас осылай армандады. Бір сәтте жаны тыншымады. Не істеу керек?
Ойлап қараса, орысқа құл болған тек Михаил ғана емес Мәскеуге жанымен, жүрегімен берілгендер осында да жетіп артылады. Мәселен көтеріліске шыққандарды аяусыз ұрып, тепкілегендердің ішінде қазақтар да көп. Отызыншы жылдардағы аштықты жасаған қазақтардың өздері екенін мұрағаттан білгенде Жалғастың төбе шашы тік тұрды. «Халық жауы» болғандарды да көрсеткен, сатқан да өзіміздің қаракөздер. Енді мінеки кешегі көтеріліске қатысушыларды аяусыз жазалап, соттап жатқан да өздері. Туғаннан орыстың жерінде, орыстың қолында өскен Михаилды қалай кіналарсың? Ол қара табанынан қара шашына дейін орыстанған ғой. Енді өз үйіріне қалай қосарсың? Қазақ елінде өскен, білім алған жандар. Осындай өз-өзіне қатігездік жасаушыларды Жалғас миына сидыра алмады. Қазақ соншама неге өз-өзіне қатігез? Әлде құлдардың жүректері тасқа айналып кете ме екен? Мына бір шумақ өлең жадында үнемі жаңғырады:
Құл байғұстың көзіндегі үмітті,
Үрей сүртіп тастайды.
Сен қайтарма «елім» деген жігітті
Аласұра бастайды.
Құлдық сана-буындағы сарысу,
Күн бұлттанса бірге сыздап қақсайды.
Осы өлең шумағымен сабақтас мына ойларды да бір жерден оқыған. «Құлдық сана әншейінде бұғып жатқанмен, ел басына күн туып, қара бұлт қаптағанда жаумен ауыз жаласып, Отанына қауіп төндіреді. Құлдық тірлігін жасап, қожайын іздейді. Бір шыбын жаны үшін бәрін сатып, жат пен жаудың сойылын соғады. Оны өзі де сезбейді. Қалыптасқан қанына сіңген әрекет». Ондай адамдармен Жалғас күнде бірге жүреді, бірге жұмыс істейді. Бұлардан ол қорқады, сақтанады. Олар артық ауыз сөзіңді қағып алып, жағымпазданып, қожайынынына жеткізуге шебер. «Халық жауы» деген қара дақтан әке-шешесін тазартам деп жүріп Жалғас көп нәрсеге көзі жетті. Мысалға халқының бар болғаны жеті-сегіз жылда аштықтан жаппай қырылуы кездейсоқтық емес. Әдейі жасалған нәубет. Және ол зұлматты қожайындар қазақты бір-біріне айдап салу арқылы жасады. Қазақ жанының еліктегіш болуы үлкен дерттің туындауына әкеліп соқты. Өзгенің қаңсығын құлдық психологиямен жан дүниесімен жақсы көруі, өзінікінен жерінуі, менсінбеуі зор қасірет еді. Ана тілінен гөрі орыстың тілін ардақтайтын, төл мәдениетіне қарағанда бөтеннің мәдениетін дәріптейтін рухани дертке шалдыққан қазағының болашағы қараңғы екенін жан дүниесімен сезінген шақта Жалғастың жүрегі қатты ауырды. Бір көңіліне жұбаныш ететін нәрсе орыстар қазақ даласын полигонға айналдырғанын, мұның ұлты Американың аборигендері сияқты сол даласының кебін кигенін тек Жалғас қана емес, он мыңдаған өрімдей жастар біліп, ештеңеден тайынбай Мәскеуге қарсы көтерілгені. Қамалған, өлімші болып таяққа жығылған, итке таланған, тіптен жандарын пида еткен жас бауырларын қорғаштап, қолынан келсе оларды бостандыққа жіберуге тырысқан Жалғасты соңғы кездері әйтеуір бір себеп тауып жұмыстан шеттетуге тырысып жүрген жаулар көп. Олардың ішінде әсіресе өзіне сенгендей сеніп жүрген інілерінің сатқындық жасауы Жалғасты қатты ызаландырды. Қайдан білгендері белгісіз, мұның көтеріліске қатысқанын басшыларға жеткізіпті.
Солардың ішінде Михаил бірден атқа мінді. Мұны шақырып алып «Жұмыстан шығарамыз. Арызыңды жаз! Содан соң ісіңді қараймыз!» деп зіркілдеп қоқан-лоқы жасап айқайға басты.
– Жоқ, арыз бермеймін! Алаңға заң қызметкері ретінде барғам. Сен білетін заңды мен де жақсы білемін, – деп бұл да бет бақтырмады.
– Сен сияқты отанын сатқандарды түп-тұқияныңмен жоямын. Арызыңның қажеті жоқ. Қазірден бастап боссың. Міне, сенің алаңға заң қызметкері ретінде барғаның, – деп Михаил бірнеше суретті мұның алдына лақтыра салды. Жалғастың әскерлермен шайқасып жатқан сәті. Ол суреттерді қалай, кім түсіріп алған?
– Орыстың солдаттары өздері тиісті. Менің айыбым қазақ екенім. Ал олар көрсеткен куәлігіме қараған да жоқ. Бас салып сабай бастады. Мен мына суретте өзімді өзім қорғап жатырмын. Егер сені біреулер ұрып жатса қарап тұрмайсың ғой. Сатқын сенсің, Михаил! Қазақ екеніңді дәлелдедім. Сен орыс емессің, менің қандас бауырымсың! – Жалғас Михаилдың емханаға өткізген қанын ДНК-ге берген. Бүгін соның дәйектемесі шыққан. Кейін айтармын, бір реті келгенде деп қалтасына салып қойған. «Сатқынсың!» деген сөзден кейін шыдамады. Қалтасынан құжатты алып, Михаилдың алдына лақтырып тастады.
– Міне, сенің қазақ екендігіңнің дәлелі және менің бауырым екендігің жөнінде ресми дәлелдеме!
Долырып ашуланып отырған Михаил бір жапырақ қағазға қарап қалды. Қолдары көтеріле бере мұз болып қатқандай қалшиып ауада тұрып қалды.
– Қара! Қара, бүгін сенің қайта туатын күнің. Кім сатқын, оны да осы құжаттан білесің! – Жалғас әлі де ашуын баса алмай екпіндей сөйледі.
Михаил бір жапырақ қағаз емес, ауыр тасты көтергендей қос қолдап қинала ұстап, көздері шақырайып кетті. Әне, оқып шықты! Жалғасқа бір, қағазға қайта қарап, аңтарыла тұрып қалды. Саусақтары дір-дір қаға өзінен өзі жазылып кетті де, қағаз үстел үстіне қалықтай ұшып түсті. Түсі бозарып, ауа жетпегендей ауызын балықтай ашқан Михаил не істерін білмей екі қолын үстелге салып, сірескен күйде тұрып қалды. Ал Жалғас оған енді ашуланып емес, көмектескісі келгендей алға ұмсынып, Михаилдың әрбір қимылын қағыс жібермей қарап тұр. Бұл көрініс қай уаққа дейін созылары белгісіз еді, әлдекім есікті қақты.
Екеуі де ұрлықтарының үстінен біреу түскендей сезіктене жалт-жалт қарасты.
– Жолдас полковник! Сізге хат келді. Кіруге бола ма?
Михаил енді есін жиғандай Жалғасқа бұрылды да:
– Мен қазақ емеспін! Орыспын, таза орыспын! Мына қағазың өтірік қағаз, өтірік, өтірік! – деп жуан жұдырығымен үстелді тоқпақтап-тоқпақтап жіберді. Жалғас не десін, үндемеді. Ішінен «шындыққа көзің жеткенде әлі-ақ жуасисың, асауым!» деп ойлады.
Ал Михаил Жалғастан жартымды жауап болмаған соң ба, әлде тұйықтан шығар жол іздеді ме, есікке қарай ентелей ұмтылды. Әп-сәтте жанынан зу етіп өтіп, аяқтарын жылдам басып әлдекімнен қорқып қашқандай көзді ашып-жұмғанша жоқ болды.

* * *

Михаил бүгін жұмысқа ерте келді. Иә, көрген түсінің бе, әлде Жалғастың ДНК-дан алған құжатының әсері ме, әйтеуір бір түнде мүлдем бөтен адамға айналды. Бұл алапат өзгеріске өзі де аң-таң. Дүние есігін ашқан күннен бастап көкірек сарайында жылдар бойына сақталған мұз-тас еріп, оның орнына мейірім-шуағы келіп, әй-шәй жоқ орнығып, орналасып жатқанын сезді. «Сезді» деген аты ғана. Тау өзенінің ағысындай бір ғажайып күш-толқын еркінен тыс өзімен бірге ағызып, беймәлім жаққа әкетіп бара жатты. Бұрын жұмыс кабинетіне асқақ мінезбен алшаңдай басып, еркін кіруші еді. Бүгін біртүрлі жасқаншақтап, аяғын кібіртіктей басып әзер кірді. Әйтпесе бәрі орнында ғой. Абажадай үстелі, үйілген пәпкілер, шашылған қағаздар, әрқилы қаламсаптар салынған тұғыр, түрлі-түрлі ескерткіш статуялар. Михаилға ең ұнайтыны I Петрдің ескерткішінің көшірмесі мен Самұрық құстың бейнесі. Қай жерге жұмысқа орналасса да өзін қорғайтын құдайларындай сол екеуін тастамайтын. Тү-үу Мәскеуден әкелгенінің өзі неге тұрады! Бөлмесіндегі зат ол үшін қадірлі екендігі соншалық, оларға мейірлене қарап, жан дүниесі рахаттанатын. Әрқайсысы жылылық нұрын шашып, өзіне сенім ұялататын. Жалпы ол әрқашан үстемдік пен жеңіс әкелетін қызметін, жұмыс орнын мақтаныш тұтатын. Бүгін бәрі керісінше. Бөлмесінде сап-салқын леп есіп тұрғандай бейне. Жаздың күні болса да денесі тоңазып, тоңғандай ма қалай? Денесінде сәл діріл бар. Я ауырып тұр, я ұзаққа созылған ауыр науқастан соң енді-енді айығып келе жатқан әлсіз адам тәрізді сезінеді өзін. Бөлмесіндегі заттар да шыңылтыр аяздан тоңып, бүрсең қаққандай көрінді. Бұрын үнемі асқақтап, әспенсіп тұратын, екі қолын керген Иса құдайы да, тәңірдей көріп сыйынатын I Петр патшаның силуеті де, қанатын жайып бар әлемді уысына ұстағысы келген самұрықтың ескерткіші де қазір әлсіз, қауқарсыз, мүсәпір күйге түскендей сүмірейіп-сүмірейіп тұр.
Жалғас әкелген кешегі құжат көзіне оттай басылды. Жалма-жан барып қайта қарады. Кешегі оқығаны түс сияқты еді. Енді мінеки тағы да әрбір әрпін ежіктей оқыды. Жалғастың сөздері саңқылдай естілді «Сен қазақсың! Сен менің бауырымсың!». Бұл жолы жиіркенбеді, тітіркенбеді, әлгі сөзді «кеудесінен» итермеді. Біртүрлі жылы қабылдады. Тәкәппар жан осылай сынды. Осыған дейінгі жинағаны, жасаған қамалдары қаусап, қирап жатты бірінен кейін бірі. Орыстың ертегісіндегі құбыжыққа айналған кейіпкер жігіт есіне оралды. Иә, иә, сол құбыжық жігітке бұның сыртқы түрі, пішіні ұқсап-ақ тұр. Сиқыр дауылына ұшыраған табиғат та бар сұлулығынан айырылып, сұрқай түрге, күйге айналған жоқ па сонда? Осы күнге дейін орыс орманында жүріп, өзін орыс сезінген Михаил шынында да дәл қазір сол құбыжықтай сезінді. Ол құбыжық жігіт қайта өмірге келіп, адамға айналғанда табиғат та, айнала да таңғажайып түрге енбеуші ме еді. Михаил дәл қазір сондай шақты басынан кешіріп тұр. Қайда қараса да бұрынғы көрген заттары, тіптен адамдар да солар. Бірақ басқаша реңк, басқаша кейіпте, тіптен басқаша мазмұнда. Дүниеде өзінің кім екендігіңді білмеу қорлық екен. Көзге көрінбейтін шайқас ішкі дүниесінде ес білгелі жүріп жатқанын жаңа сезінді. Бірақ білместік, надандық, өркөкіректік көңіл көзін байлап, бәріне кедергі жасаған. Өзінің кім екенін білу, қызығу сезімдері мүлдем болған жоқ еді бұрын. Мұны асырап алған әке-шешесі де құпиясын ашпаған күйі көз жұмды. Сол кісілердің тәрбиесі, өзінің ұлтын өзге ұлттардан жоғары қою тәкаппарлығы Михаилдың да бүкіл жан дүниесін жаулап, тамыр-тамырына бекіп алған болатын. Енді мінеки, шындық қылышы алдынан күндей жарқырап шыққанда Михаил байғұс есеңгіреді де қалды. Иә, өмірлік тайталас аяқталды. Шындықтың алдында өтірік пен жалғандықтың туы жығылды. Михаил өзінің кім екенін білді. Тегі, ұлты кім – бәрі бір сәтте айқындалды. Енді мойындамай көр!
Бүгін жұмыстағы адамдарға бар шындықты жариялап, өзінің кім екенін паш етпек. Батылы жетер ме екен? Әлде бәрін ішіне бүгіп, тек бауыры Жалғасқа ғана шындығы мен ақиқатын айтып шектеле ме? Шынында да тағдырдың мазағы мына аумалы-төкпелі заманда кімнің басынан өтпеген? Кейін бұл оқиғаны барлығы еститіні анық. Сол кезде мазақтап күлер немесе таң қалып, айран-асыр болып бастарын шайқар. Өйткені олар бір шикіліктің барын мұны көргенде-ақ сезгенін біледі. Сол шикілік, сол шындық күндердің күнінде тас болып тағдыр-мұзтеңіздің түбінде жата бермей әйтеуір бәрін күйретіп шығатынын қайдан білсін? Жолда келе жатқанда Михаилдың ми елегінен қаншама ойлар тізбектеліп өтті десеңші! Үлкен де, алып кең өмір көшесіндегі ерсілі-қарсылы ағылған машиналар сияқты. Бір ой тізбегін бітіре берсең келесісі келіп килігіп, оны жарым-жартылай аяқтатпай тағы да бір ой шоғыры келіп мазалайды. Сол қалың ойдың қайсысының етегінен ұстарын білмей басы қатты. Иә, солай.. Өмір дегенді Михаил бұрын өзім билеймін, өзім дегеніме жүргіземін деп әспенситін. Жо-жоқ, олай емес екен. Өмір-өзеннің асау толқыны жалынан ұстатпай олай-бұлай лақтырғанда есі шығып, далбасалап өзінің кім екеніңді де ұмытып қаласың. Оған осы жолы анық көзі жетті. Рас-ау, басқа-басқа Михаилдың басына түскен бұл зобалаң ерекше екенін біз де сезінуіміз керек. Аз ғана уақыттың ішінде өзі жек көретін мүлдем бөтен жолға түсу, мүлдем өзі менсінбейтін бөтен адамға айналу кімге оңай? Әрине, үш ұйықтаса түсіне кірмеген жағдайлар оны есеңгіретіп тастады. Мәселен қазір оның аты Михаил екені айдан анық. «Бірақ Михаил емессің» деп біреу зорлық-зомбылық жасап жатқандай. Заты да, қаны да басқа дейді. Басқа бір әлемге кіріп кетіп, аяқ астынан тегі де, ұлты да, аты да, заты да өзгеріп шыға келгендей. Енді мұны оңай деп көріңіз! Миға да, көңілге де, көкірек сарайына да сыймайды. Бірақ мойындамасаң да осылардың барлығын мойындап, мойынсұнуың керек. Әсіресе өзін жек көретін бұратана ұлттың өкілі болу! Күлесің бе, жылайсың ба? Бейне бір түс көріп жатқандай. Жыла, жыла! Күл, күл! Қиналғаны соншама Михаил кинолардағыдай өзіне операция жасатқысы да келді. Одан не пайда? Бет теріңді сыпырғанмен орыстық қалыптағы жан дүниеңді қайтерсің? Оған операция жасай алмайсың ғой. Михаил өз кабинетінде отыр. Сүлесоқ. Желі шығып кеткен дөңгелектей көкірек сарайы боп-бос. Әлдекім кабинетіне кіріп келіп, әлдекім болғанда, орыс ұлтынан біреу, бұған ақырып жібергендей.
– Жоғал, қара шайтан! Бұл сенің орның емес. Кім саған рұқсат берді?!. Бұл креслода ұлы орыс халқының өкілі отыруы тиіс!
Селк ете қалды. Жан-жағына жалтақтай қарады. Жан жоқ. Самұрық құстың айбынды ескерткіші мүсіркей қарайтын тәрізді. Шынында да егер қазаққа айналса, бұратана халықтың өкілі болса бұл кресло бұған тиесілі емес пе? Неге? Орыс халқы несімен ұлы, несімен сонша биік? «Бәріміз де Адам ата мен Һауа ананың ұрпағы емеспіз пе? Қарай гөр олардың кеуде көтеруін!» деп Михаил өзінен-өзі ашуланып, ызаланғанын сезбей қалды. Сәт өтпей осыны ойлаған, айтқан өзі ме, әлде басқа жан ба деп шошына ойлады. Өзінің мемлекетін, ұлтын сатқан жандай сезінді. Шошынғаны да сол. Кеше ғана орысына шаң жұқтырмай шыр-пыр болатын бұған не көрінді? Қандай күш, қандай қуат мұндайға еркінен тыс итермелеген?
– Маған не болған? Мен кімді қорғап, кімге жанашырлық жасап отырмын? Бүгін қалай болса да бір шешімге келуім керек. Бұлай екі ортада дүбәра болып жүре берсем жындыханадан бір-ақ шығармын. Шынында да өзіме өзім ие бола алмайтын соншама әлсіз бе едім? Кешелі-бүгінді жан дүниемді билеп алған мына күшке неге ештеңе жасай алмай қауқарсыз отырмын? Жо-жоқ, баррикаданың бір жағына шешімді түрде шығуым тиіс, – деп Михаил күбірлей сөйлеп, өзіне-өзі ішіндегісін ақтарып салды. Ішкі телефонмен Жалғасты тауып келуге бұйырды. Бірақ бұрынғыдай емес, Жалғасқа деген қаһары мүлдем басылып қалғанын аңғарды. Аңғарды да енді шегінетін жер жоқ екенін, не де болса бар сырын айтып, жекпе-жек отырысқа шақыруға бекінді.

* * *

Қанша қорықпайын десе де батырға да жан керек дегендей Михаил мен оның жақтастарының өзіне қойып отырған үкімі өте ойланарлық екенін Жалғас білді. Заңгер ретінде болған оқиғаны ой елегінен екшей өткізіп, қалай қорғанудың жолдарын іздестіргенімен, аналардың қойып отырған үкімі мен іліктерінің жанында тым әлсіз. «Елмен көрген ұлы той» дегендей, анау кінәсіз сотталып жатқан жап-жас інілерінен, қарындастарынан жаны артық емес қой. Оларды қолынан келгенше шырылдап қорғаштағанын Михаилдар көрмей жүр дейсің бе? Әрине, көріп жүр. Ондайды жерге түсірмей іліп алып қожайынына жеткізетіндер, сатқындар баршылық. Оған әбден үйренген. Тек Жалғастың түсінбейтін бір нәрсесі бар. Қазағының ішінде сатқындар неге көп? Жүрегіне инедей қадалатын осы мәселеге біраз ой жүгіртіп, зерделеп те көрген. Тарихтың арғы қатпарларына ой жүгіртпей-ақ кеңес өкіметінің кезіне үңілген. Халық жауы болып кеткен ата-анасын ақтау үшін қаншама мұрағатты ақтарды десеңші! Сонда небір ащы шындық пен ақиқаттың тігісін сөгіп, солардың куәгері болды бұл қаршығадай жігітіміз. Әсіресе үш әріптің құпия мұрағатына бір генерал орыс ағасының арқасында қол жеткізгенде ақиқаттың атасына сол жерде көзі жетті. Көзі жетті де қатты шошынды.
Жалғас әліппені үйренгеннен-ақ әдебиетке жаны құмар болатын. Әрине, алдымен ертегілерден бастаған. Оқымаған ертегісі жоқ. Ертегі кейіпкерлерінің бәрін жатқа біледі. Ертегілерді бітірген соң эпосқа ауысты. Қобыланды, Алпамыс, Ертарғын, Манас дейсің бе, әйтеуір, шетінен оларды да біраз еңсерді. Әрине, мұның бәрі нағашы әжесінің таңғажайып ертегілерінен басталған. Кейін Жалғас әжесінің өзіне оқыған ертегілерін айтып беретін. Батырлар жырын оқып беріп, риза ететін, батасын алатын. Әлі есінде, бір күні кітап оқығыш ағасының үйінен таңғажайып қазынаға жолықты. «Мың бір түн» деген кітап көзіне бірден оттай басылды. Ақтарып бір бетіне үңіліп еді, магниттай тартып барады. Кітап оқуға ниеті кетті. Ұяла-ұяла ағасынан қолқалады. Ол күлді.
– Сен әлі баласың ғой. Мұндай кітап оқуға ертерек. Мұнда махаббат мәселесі көп, – деді басынан сыйпап.
– Неге, ағатай? Мен он екіден он үшке кетіп барамын. «Он үште отау иесі» демей ме?
Ағатайы мәз бола күлді.
– Әй, сен бала сөз тауып кеттің. Берейін, бірақ төрт томды бірден бермеймін…
Кейін біртін-бірге көркем әдебиет кітаптарына ауысты. Мұндағы айтайын дегені Жалғас кітаптың авторларын өте жақсы көрді. Олар бейне бір тап-таза, пәк періштелер сияқты еді. Кейін Алматыға келген соң олардың көбісін көрді. Періште емес, оларда пенде екеніне көзі жетті. Ішеді, жейді, тіптен арақты өкіртіп сіміреді. Сыраханаларда бірге болып еді, шендесе алмады. Мінездері әрқилы. Ақкөңілдері бар. Қараниеттілері де жетеді. Бірін-бірі жерден алып, жерге салып жамандайтындарын қайтерсің. Кітаптарын оқысаң үлгі-өнеге аласың. Ал өздерін, мінездерін көрсең, білсең… Жалғас бұған таң қалды. Сонда қалай? Адам өмірде қалай екіжүзді, екі сөзді, екі мінезді болады? Осыған миы жетпеді. Мұрағаттарда көзі жеткен шындығы бұдан да сорақы еді. Әңгіме қазақтың сатқындықты қай жерде жұқтырып алғанында болып тұр ғой. Қанша ойланбайын десе де Михаилмен кездескелі қайта-қайта оралады осы мәселеге. Дүниеге келген күннен жат ұлттың, бөтен отбасының тәрбиесін көрген Михаилдікі сатқындық па әлде мәжбүрлік пе? Қазақ елінде жүріп, өзінің ана тілін тәрк етіп орыс жанды, орыс тілді, тіптен жат дінді болғандарға кім кінәлі? «Орыс тілін үйренбесең өмір сүре алмайсың» деп еріксіз құлдық қамытқа кіргізу, тағы да мәжбүрлік пе? Ал қазақ тілін білетіндердің ішінде де сатқындар жетерлік. Ең сорақысы, атағынан ат үркетін жазушылардың, ақындардың бір-біріне деген сатқындығын мұрағат құжаттарынан оқығанда Жалғас айран-асыр болды. Неге бұлай? Өздері шығармаларында бірлікті, ынтымақты жазады, ал өмірде басқаша. Бір-бірін айыптап, көрсетіп, ғайбаттаған сұмдық сөздерін оқығанда төбе шашы тік тұрды. Алапат аштық болар алдында да осы нәубетке әкелген қазақтардың өздері. Белсенділер өмірбақи көшпенділікке бейімделген қазақтардың малдарын тартып алып, өздерін отырықшылыққа үйретпек болған. Байғұс қазақтар жаппай қырылды, қырылмағаны шетелге босты. Тағы бір сұмдық деректерді көргенде жаны түршікті, көзіне жас алды. Шекарадан Қытайға өтуге әрекеттенгендерді пулеметпен бала-шағасына дейін қырып тастаған. Бала кезінде нағашы ағасымен тауды кезіп жүріп, бір үлкен шұңқырдан адамдардың қаңқа сүйектерін көрген. Ішінде балалардың кішкентай-кішкентай қаңқалары, бас сүйектері жатты. Ағасына ол сұраулы жүзбен қараған. Құран бағыштап болған соң ағасы тұнжырап біраз отырды.
– Олар әйелдерді де, сәбилерді де аяған жоқ. Мұндай оқ тескен адам қаңқалары, сүйектері осы шекараның өн бойында өте көп. Мәйіттері қарға-құзғынға жем болды. Тағы бір сұмдық нәрсе – жылқыларды да, түйелерді де пулеметпен қырғанын естідім. Біздің атамыз үлкен аңшы болған. Ол кісі көп шындықты өзімен бірге алып кетті. Шет жағасын ғана әкемізге айтқан. Мен сол кісіден білдім, – деді нағашы ағасы көзіне жас алып.
Орыстар қазақ жерін, елін жаулап аларда әбден зерттегенін Жалғас осы мұрағатардағы құжаттардан оқыды. Олар қазақтың рухты, намысты халық екенін білді. Ресей империясының Спиранский деген білгіші былай депті: «Қазақтың жерінде сексеуіл деген ағаш өседі. Оны балтамен қиратып, жаңқалай алмайсың. Томарларын бір-біріне соғып қана бұтарлайсың. Қазақтардың әлсіз жері бар. Оларды бір-біріне айдап салу керек. Сатқындық арқылы іштей ірітіп, оларды құл етеміз». Мінеки қазақтарды құртқан осы.
Айтпақшы Жалғас тағы бір шындыққа көз жеткізді. Негізінен қазақ елін жаулап алу тым ертеректе басталған. Алдымен қамал тұрғызып, шіркеулерін салған. Қаптатып қазақ жеріне мұжықтарын жіберген. Қылыштарын жалаңдатқан казактар талай қазақты жамсатып салған. Жалғастың ойлап отырғаны одан да әріде жатыр. Қазақтың талантты ұлдарын ішкеріге әкетіп құл қылып, кейін өздерін, ұрпақтарын орысқа айналдырып, дінін қабылдатқан. Мәселен Юсуповтар. Олар халықтың өзі «ел қамын жеген Едіге» деп ұлықтаған, ноғай мен қазаққа ортақ әйгілі би, қолбасы Едігенің ұлы Жүсіптің ұрпақтары. Пушкиннің өзі де араб деседі. Ондайлар өте көп. Жалғас Михаил бауырын зерттегенде осындай жағдайға тап болды. Арнайы тізім жасап, «орысқа айналған қазақтар» деп тақырып қойды.
Бұл бұл ма, қазақты қорлап, біржола құл мен күңге айналдыру үшін арнайы жасырын қаулы да қабылдаған. Оны Екатерина патшайым шығарыпты. Онда не деп жазылған дейсіз ғой. Сұмдық, сұмдық ол! Онда құлдыққа, күңдікке сатудың тәртібін және жынысына қарай құлбазарда қазақтың сатылу құнын, бағасын көрсеткен. Мәселен еркектердің сатылу бағасын жоғары, әйел, қыз, балалардың бағасын төмендеу қойған. Бәрі заңды. Қазақтарды шетінен ал да сата бер, сатып ала бер. Мәселен зұлым казактардан басқа, кеңес өкіметі құрыларда қызыл, ақ болып өзара шайқасқан майданда ауылдағы қазақтарды олар адам ретінде санамаған. Кез келгенін атып, өлтіріп, қыздарын зорлап кете берген. Алапат ашаршылық кезінде бір түйір нан іздеп огородына кіріп кеткен талай аш қазақты атып, өлтіріп, сабап көшеге иттей сүйреп тастаған оқиғаларды оқығанда Жалғастың қаны басына шауып, есеңгіреп қалды.
Желтоқсан көтерілісіне Жалғастың қатыспауы мүмкін емес болатын. «Сырты бүтін, іші түтін» дегендей, советтің офицері, тергеушісі деген аты болғанмен, осы ащы ақиқаттарды білген соң ол мүлдем басқа адамға айналды. Кек тұтанып, жалынға айналды. Жаулары алыста емес, тура жанында жүргенін бағамдады. Бірақ осы білген, түйген ащы шындығын қалай, кімге жеткізу керек? Ұйықтап жатқан халқын қалай оятса болады? Әрине, орыстың бәрі жаман емес. Арасында жақсылары да бар. Оларда бірақ өз ұлтының қамын, болашағын ойлайды. Орыстар ол жағынан мықты. Жалғас қарап жүрмей орыстардың тарихын зерттеді. Мынау жарты әлемді алып далиған жерді олар бірден бағындырып, кеңейте салған жоқ. Әу баста орыстар Мәскеу қаласына жақын ормандарды мекендеген жабайы тайпа болыпты. Аң аулап, мал бағып, егін егетін. Көшпенділер, енді бірде солтүстіктегі көршілері қайта-қайта мазалап, тапқан-таянғанын тартып алып кететін. Қарсы келген еркектерінің басын шабатын, сұлу әйелдерді өздерімен алып кететін. Олар мұндай қиын-қыстау шапқыншылық заманда бірігу, ынтымақтасу және қалайда көбею қажеттігін ұқты. Мәселен қазақтардың бабалары оларды жүздеген жыл бодандықта ұстады. Оларға орыстар салық төлейтін. Алайда олар қашан күшейіп, кемеліне келгенше өздерінің қожайынына қарсы келмеді. Іштен ширығып жауларының әлсірегенін асықпай күтті. Мәселен орталық қаласы Мәскеуді көшпенділер бірнеше рет өртеп жіберді. Оған да көнді. Аңысын аңдыды. Алтын орда империясының әлсірегенін, ыдырағанын, өзара қырқысқан шақтарын аңдып, әлсіз жақтарын зерттеді. Өтірік құлдық ұрғансып, арасында тыңшылар жүрді. Олар өз қожайындарының арасындағы байланыстарын зерттеді. Мәселен кім кімді жек көреді, бір-біріне қалай қастандық жасайды? Және олар тыңшылықпен бірге жауларының әскери күшін, қару-жарағын, соғысу әдістерін зерттеп, сараптама жасады. Өздері де қарап отырмай, олардың арасында өсек-аяң тасып, бір-біріне шағыстыруға тырысты. Орыстарды алғаш рет әлем айдынына әкелген Иван Грозный болса, ал қауғадай сақалдарды қиып, халқын біріктіріп, теңізге шығарған 1 Петр екен. Мысалға Ноғай ордасы, Аштархан, Қазан хандықтарын талқандаған Иван Грозный іле-шала Қазақ хандығына ауыз салды. Қазақтар арқылы Сарайшық және басқа қалаларын өртеп, қиратып жер бетінен жойып жіберді де солтүстік-шығыстан бастап қамалдарын салып, шіркеулер тұрғызды. Міне, содан бері мысық табандап еніп, қазақ жұртын, біржола бағындырып, құл етті. «Сексеуілді бір-біріне ұрып сындырғандай қазақтарды да өз-өзіне айдап салып, жою керек!» Жалғас осы сөздерді күбірлей айтып, басын шайқап қойды. Дүние кезек дейді ғой. Кезінде мұның ата-бабалары үстемдік етсе, енді орыстар табанына салып, билеп тұр. Мойындамасаң да, мойындасаң да ащы шындық осы. Енді қазақ бас көтеріп, өз алдына мемлекет бола ала ма? Кеше атойлап алаңға шығып еді, басып-жаншып тастады. Ол аздай, еш кінәсіз жастарды қуғындап, соттап жатыр. Өлгендері анау сайларда іздеусіз, сүйектері шашылып жатыр. Ешкім өлген жоқ дейді. Өз көзімен көрді ғой. Неге шындықты жасырады? Яғни орыстар да сырт көзден жасқанады деген сөз. Күнәларын, қылмыстарын жылы жауып қойып, әлемге жақсы атты көріну. Шындық күндердің күнінде бәрібір ашылатыны сөзсіз. Бірақ ол қай уақытта болады? Мәскеу күннен-күнге құрсауын күшейтіп, қазақты қорлауын, зорлауын одан сайын үдетпесе, бәсеңдететін емес.
Жалғасты үйде де, түнде де, тіптен жұмысқа келе жатқанда да осы ойлар қара бұлттай орап алып, бүгінгі күнге, кешегі тарих қойнауына сапар шеккізіп бір сәт те маза бермеді. Биыл көктем Алматыға кеш келетін түрі бар. Март өтті. Қазір апрель. Әлі де сап-салқын. Жастар көктем келгенін малданып қыстағыдай емес, жеңіл киініп жүр. Қарттар әлі де қалың киімін тастағысы келмей аюдай қорбаңдайды. Бүгін ғарышкерлер күні. Кеше жапалақтап әппақ қар жауды. Қазір күн-ана шапағы сол қардың көбесін сөгіп, ерітіп жатыр. Кешегі аспанды тұмшалаған қара бұлт зым-зия, Алатау асып кетіпті. Бәлкім осы мол жауған ақша қар қыс құдайының қытымыр ызғарын алып жатыр. Бәлкім қазақтың үстіне албастыдай төнген түнек сейілер. Бірінен соңы бірін сотқа тоғытып, жасанды кінәларын жамап-жасқап жүздеген қазақ жастарын түрмелерге жіберіп жатқандарға қарсы күресе-күресе Жалғас әбден қалжырады. Себебі, жасаған әрекеттері негізінен тас қабырғаға тірелетін. Михаил бастаған сот, тергеушілер өзіне жаман көзқарас, теріс пиғыл танытып жүргенін білмей жүр дейсің бе? Көпе-көрнеу жасалып жатқан әділетсіздікке қарсы шығып, кінәсіз кетіп бара жатқан іні-қарындастарына амал жоқ шырылдап араша түседі. Михаилдың: «Өзің алаңға барып қана қоймай жауларға, еліміздің, коммунистік партияның дұшпандарына неге жақтасасың? Яғни сен халық жауының өзісің. Біз сені соттатамыз. Сенің орның бұл жерде емес, түрмеде. Білесің бе, түрмеде сенің орның!» деген сұқ саусағы мен қаһарлы сөзі құлағында жаңғырып тұр. «Әй, Михаил-ай! Бауырым-ай! Сені осылай өз ұлтыңа жау еткен тағдырға не дерсің!» деп күйіне күбірлеп, көзіне жас алды. Жалғас осыдан бірнеше күн бұрын бір құшақ құжатты көтеріп Михаилға барған.
– Михаил! Сен өзіңді әділ адам, әділ сот, әділ тергеуші деп білесің. Коммунистік партиямыз әрқашан әділдікті айтыңдар, өтірік айтпаңдар, адал болыңдар дейді. Владимир Ильич Лениннің жолы тура және ең әділ жол. Сені Мәскеу мұнда «болған оқиғаға әділ баға бер, әділ сотта!» деп арнайы жіберіп отыр. Солай емес пе? – деген бұл тайсалмай, салмақты, нық сөйлеп.
– Иә, дәл солай, – деп Михаил мұрнын сипалап, бұған жақтырмай қарап.
– Олай болса, мына құжаттарға дұрыстап қарашы. Мұнда жастарға өтірік кінә тағып қана қоймай, куәлерді ойдан, өтірік жаза салған. Мен алғашында шын болар деп ойладым. Кейін күдіктеніп сөйлессем олар тіптен «көрдік, білдік» деп өздері жазып, қол қойып отырған қылмыскерлерді білмейді де. Ал кейбір куәгер жандарды іздеп таппадым. Яғни, олар өтірік куәлер. Алаңға барды екен деп, олар ешкімге тиіспесе де неге оларға жала жауып соттатып жатырмыз? Егер әділ болсаң осыған жауап берші! – деп Жалғас Михаилға сынай қараған. Михаил кібіжіктеп біраз отырды. Екі беті қып-қызыл болып өшіге қарады.
– Әй, әй, сен неге жайыңа қарап жүрмейсің? Олардың, оңбағандардың алаңға шыққанының өзі қылмыс. Қашанғы қайталап айта беремін. Олар сатқындар! Коммунистік партиямызға, Владимир Ильичтің идеяларына қарсы шығушылар. Егер маған жүз пайыз билік берсе ана алаңға бәрін жинап, үстіне бір бомба тастай салар едім. Оңбағандар! Коммунистік партияға қарсы шыққандардың бәрі – халық жауы, оларға аяушылық жоқ. Сен де нағыз сатқынсың. Мен сенің түбіңе жетпей қоймаймын. Білдің бе, солай, дайындала бер! Түрмеде шірітемін! Бүгіннен бастап жұмыстан боссың. Шық, бөлмемнен!
– Әй, Михаил, Михаил! Шындықтан қорқасың. Күндердің күнінде бәрін түсінерсің деп ойлаймын. Сау бол, бауырым! – Жалғас бауырыңа назалана қарап сәл тұрды да есікке қарай беттеді.
– Мен сенің бауырың емеспін! – деп Михаил ту сыртынан айқайлап жатты. Жалғас ол сөздерді естімегенсіді.

* * *

Михаил тордағы арыстандай бөлмесіне сыймады. Қобалжып, толқып тұрғанын сырт көз бірден байқар еді. «Бауырым! Бауырым! О-о, қандай ыстық сөз» деп күбірлеп, басын шайқап-шайқап қойды. Бұл сөздерді айтқанда Жалғастың бұған қарап тұрған, жылылықпен, бауырмалдыққа толы жүзі көлбеңдеді. Иә-ә, Жалғасты, тіптен оның беті-жүзін, сөздерін көргенде, естігенде жиіркеніп, жек көріп жыландай жиырылатын. Адамның жан дүниесі қызық та нәзік екен. Өзімшілдік, тәкаппарлық, менмендік басқа түгілі өзіңді тануға бөгет жасап, адамдық мінезден айыратынын Михаил енді-енді бағамдап отыр. Жалғас: «Сенің жүрегің тасқа айналған. Өркөкірек, менмен, тәкаппарсың. Осылардың бұғауында қалғаның соншалық – адамдардың қиналғанынан, жылағанынан, зарынан ләззат аласың. Сенде жақсы көру, жақсылық жасау, көмектесу деген қасиеттер жойылып, оның орнын зұлымдық, қатігездік сынды әдеттер жаулап алған. Күн сайын, түн сайын Алладан «бауырыма имандылық, сезімталдық бере гөрші» деп тілеймін» деп еді. Сол сөзді айтқанда бұл қатты долданып, ашуланған болатын. Енді қазір сол өктем сөздеріне өкінгендей кейіпте отыр. «Жалғасты тауып әкеліңдер!» деп бұйрық бергеніне біршама уақыт өтті. Есік ашылған сайын елеңдеген Михаилдың бүгін жұмысқа деген құлқы жоқ. Әрқилы жұмыстармен кіріп-шығып жатқан қызметкерлеріне де, бейсәубет адамдарды да бар ынтасымен сөйлеспей жүрдім-бардым қабылдады. Селқос күйде үстелінің үстін бір шолғанда текшелеп жиналған пәпкілер көзіне түсті. Бәлкім одан әрі сырғып өте берер ме еді, сол сәт Жалғастың дауысы естілгендей болды. Иә, иә, осы пәпкілерді әкелген Жалғас емес пе? Сол, сол!
«Михаил! Сен өзіңді әділ адам, әділ сот, әділ тергеуші деп білесің!» деп бұл пәпкілерді әкелгенде әңгімесін дәл осылай бастады. Одан кейінгі сөздері тағы да қазақ жастарын шырылдап қорғауға бағытталды. Және жәй қызыл сөзбен емес, деректермен, айғақтармен қорғады. Ол деректер мен айғақтарды Михаил жақсы білетін. Себебі куәлерсіз оларды қалай соттамақ? Мәселен бір қазақ жігіті өлім жазасына кесілді. Түк кінәсі жоқ! Бірақ ол сотталуы керек болды. «Қылмыстар» қолдан құрастырылды. Ол жігіт білмейтін адамдарды бұлар куәгер етті. Айдаладағы репортерді осы жігіт өлтірмесе де, саусағы тимесе де «өлтіру» қажеттігі жөнінде өтірік сценарий жасалды. Жап-жас жігіт «мен өлтірген жоқпын!» деп шыңғырып айқайласа да, қылмыс оның мойнына зорлықпен ілінді. Шырылдап, жылап кете барды. Осылай етсе басқалар үрейленеді деп ойластырылды. Жалғас осының бәрін біліп, зерттеп бұдан араша сұрап келді. Әне-еу төрде отырған қазақ прокурорларға, қазақ соттарға, қазақ тергеушілерге барған жоқ. Орыс болып кеткен, шовинист, өркөкірек мына Михаилдан көмек сұрады. Ал бұл іштей долданып оған қарсы шықты. Жәй қарсы шыққан жоқ. Жалғастың өзін қорқыту, үркіту, бұқтыру арқылы қарсы шықты. Бір таң қалғаны өзге жағымпаз, сатқын қазақтар сияқты Жалғас бұдан қорықпайды. Михаил адамдардың көзіне қарап үрейленгенін тез байқайтын. Бұл оңбаған қазақтың көздерінен ондай үрейді көре алмай пұшайман болды. Әрине, ол кезде бұл мүлдем басқа Михаил еді. Осы сәт есік тық-тық қағылды. Елең етті. Жалғас келгенде осылай сездіретін. Ой тұманының ортасында отырған Михаил орнынан қалай ұшып тұрып кеткенін білмей қалды. Жүрегінің дүрсілі өзіне естіліп тұрғандай. Өн бойында сөзбен жеткізе алмастай жылылық дарып, көкірегіне өксік тығылғандай болды. Әрине, мұның бәрі қас-қағым сәтте болғанын, бұл сезіміне мына пенденің өзі де түсінбегенін қалай жеткізерсің. Иә, иә, әлгі өксіктен бе, әлде оттан да ыстық лықсып келген сезімнен бе Михаилдың көзінен еркінен тыс жас парлап ақсын!

* * *

Жалғас бұл кездесуге іштей де, сырттай да қатты дайындалып келді. Іштей дайындалғаны – елу жылдан кейін тапқан бауырының қанша тырысса да мұздай болып мізбақпағанын көріп жүр. Қаншама қайран сөздері қор болды десеңші! Қатты да айтты, жылағандай болып жалынып та жеткізді. Сыртқа шыққан соң өзінің шарасыздығына налып, ешкімге көрсетпей жылап та алатын. Отағасының мұндай тұнжыраңқы күйін жары Сағира сезбей қалған жоқ.
– Жәкем, соңғы кездері қатты мазасызданып кеттің ғой, – деді бір күні шыдамай. – Көз алдың көгеріңкі тартып жүдеп кеттің. Ішіңде бір қайғы ма, налу ма – не бар? Күрсіне бересің. Келесің, ой қажап жатасың да қоясың. Бұрынғы жадыраңқы мінезіңнің, сөздеріңнің бірі жоқ. Саған не болды, соншама? Әлгі Михаил деген бауырың ба ренжітіп жүрген? Әнеукүні «бауырым екені дәлелденді» деп қуанып келіп едің. Әлде өтірік болып шықты ма? Бұрын сыр жасырмайтын едің, Жәкем. Әлде буынсыз жерге пышақ ұрып отырмын ба? Егер бір жерің ауырып жүрсе, айтсайшы. Сені емдемесем несіне дәрігер болып жүрмін!
Келіншегінің сезімталдығына және ділмәрсып шешен де әдемі сөйлегеніне Жалғас таңданып қалды. «Таз ашуын тырнаудан аладының» кебімен ашу шақырып, «нең бар сенің, араласпа!» деп айтып тастағысы да келген. Өзің іштей сабырға шақырды. Сәл үнсіз тұрды да, былай деп жауап берді:
– Иә, сол Михаил бауырым ғой. Жүрегі тасқа айналып кетіпті. Қанша айналдырсам да еш нәтиже жоқ. Қайта күн сайын өшігіп, қалай да мені құртуға әрекет жасап жатыр. Оның үстіне көптеген бірге істеп жүрген жігіттер бастарына іс түскенде Михаилдан қорқып, сатқындық жасап, еш кінәсі жоқ жастарды аямай соттап, қазақтарды қудалап, күн көрсетпей жатыр. Жаныма қатты ауыр тиді. Әрине, мен де сотталармын. Кейін ақталатыныма да сенімдімін. Бірақ ұлтымның табанға салынып, қорланғанына жүрегім ауырады. Мені жұмыстан шығарды, енді соттамақшы. Соттасын! Соттасын! Біздің де күніміз туар, – деп Жалғас айқайлап сөйлеп жүйкесінің сыр бергенін сөзінің аяғында білдіріп алды. Сағира шыдамай күйеуінің жанына жетіп келді.
– Соттағаны несі? Сенің не кінәң бар? «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» демеуші ме еді. Бұл не сұмдық! Сенің алаңға барғаныңды кім айтып қойған? Масқара! Енді қайттік? Не істейміз? – Сағира күйіне сұрақтарды жаудырып жіберді. Ол сұрақтарға Жалғас көпке дейін жауап бермей, бүгіліп отырып қалды. Сәлден соң сабасына түсіп, орнынан тұрды. Жүзінен әлденеге қатайып алғаны көрініп тұр.
– Қарға, қарға, қарғалар, – деді кекесінмен дауыстай сөйлеп. – Дұрыс айттың, Сағираш. Бізді, елімізді қара қарғалар билеп тұр. Қырандар, қырғилар сол қарғыс атқыр қарғалардың тырнағының астында жатыр. О-о, қандай қасірет! Қорықпа, жан жарым! Менің жаным әке-шешемнің жанынан артық емес. Олар да кезінде жағымпазданса, өтірік көлгірсіп қожайындарының алдынан кесіп өтпесе, өз намысын, ұлтын аяққа таптаса бәлкім осы күнге дейін тірі жүрер ме еді. Әке-шешем оларға бас имеді, айтқанымен, айдағанымен жүрмеді. Ол кезде де осындай қарғалар көп болды. Қырандардың қанатын қайырды. Қарғалар үнемі арқадан пышақ салатын, ту сыртынан ататын. «Халық жауы» деген қара таңбаны ойлап тапты. Ал нағыз халық жаулары халықты ашаршылықтан қынадай қырған! Менің әке-шешем қарғалардың алдында бүгежектеп бас игенде мен оларды титтей де сыйламас едім. Олар бастарын тік көтеріп, қасқайып қарсы тұрды. Сол үшін әке-шешемді мақтан тұтамын. Сол кісілердің ақ жолымен жүре алмасам өзімді өзім мәңгілікке жек көріп кетер едім. Үйге тығылып, алаңға бармасам өзімді өзім кешіре алмас едім. Әне-еу жазықсыздан жазықсыз сотталып жатқан қыршын жастардан жаным артық емес. Балаларымның алдында, болашақтың, ұлтымның алдында ақпын, тазамын, биікпін! Сағираш, сен де күйеуіңнің осы қасиеттерін, болмысын мақтаныш етуіңе болады. Кім көрінгеннің алдында жантықтар тәрізді жағымпазданғым келмейді. Мені анам құл емес, ұл етіп туды. Сол ұл, еркек қалпымда қалуым тиіс. Қазіргі уақыт ер сыналар шақ. Кімнің кім екені осы оқиға кезінде анықталды. Бұғып қалғандар жетерлік. Сөзбен сұғып жатқандар, қарауылшылар одан да көп. Әрине, бәрін де болашақ Аллам өз орындарына қояды. Нағашы әжем марқұм қиналғанда, зәбір шеккенде осылай деуші еді, жарықтық. Алған жарамызды уақыт емдейді. Сағира, бәріне мықты болуымыз керек!
Жалғас осылай сөзін аяқтай бергенде телефон безілдеп қоя берді. Жалғас пен Сағира екеуі үдірейіп бір-біріне қарады.
– Әнеки, мені іздеп жатыр. Қамайтын шығар… – Жалғас күмілжіп сөйлеп барып, телефон трубкасын көтерді.
– Иә-иә, мен. Қазір шығамын. Біржолата дайындалып барайын ба? Білмеймін дейсің бе? Жәрәйді барамын.
– Не деп жатыр? Қамаймын дей ме? – деді Сағираш үрейлене сұрап.
– Олар білсе де айтпайды. Қашып кете ме деп қорқады ғой. Қайда қашамын? Қамасын! Бұлар сірә, маған бірден тарпа бас салмақшы. Қарапайым киініп барайын. Ескілеу пальтом болушы еді ғой. Соны киейін.
Сағираш сықсыңдап жылады. Сөйтіп тұрып күйеуіне басу айтып жатыр.
– Жаным, ештеңеден қорықпа! Егер сені қамаса адвокат жалдап, босатып алуға тырысамын. Прокоратурадағы немере ағамды да мазалаймын. Қайткенде де әділеттілікке жетемін.
– Жылама, жаным! Осы сөздерің арқылы маған қаншама зор күш-қуат, рух бердің. Балаларға қара! Ақботама қиын болды. Бір иіскемей жатпайтын маған одан да қиын. Енді нартәуекел дейміз. Сендерді бір Аллаға тапсырдым. – Жалғас жарын құшақтап, маңдайынан сүйді. Есіктен шығарда Сағирашқа қарап еді, көзінен жас сорғалап, егіліп тұр екен. Жалғастың ішкі дүниесі қопарылып, уылжып сала берді.

* * *

Көкірек сарайы алай-дүлей. Еркек басымен дәл осы сәт әлсіз, әлжуаз сезімге беріліп бара жатқанын білді де, жолай тез есін жинап ала қойды. Есік сықыр етіп ашылды. Әне, Жалғас көрінді. Түрегеп, состиып тұрған бұған таңырқап қарағандай. Екі қолын алдына сиғыза алмай Михаил қатты ыңғайсызданып тұр. «Қалай, қайтіп қарсы алам?» деген сауалды осыған дейін мың қайталаған шығар. Бұрын шынында да Жалғас келе жатқанда креслосында шалқалай, маңыздана тәкаппар күйде қарсы алуға тырысатын. Көзінен сұп-суық ызғар шашылатын. Өзінше сыр бермегенсіп, сазарып отыратын. Бүгін сұрақша иіліп тұрған Михаилды Жалғас шынында да танымай дал. Жүзінде ерекше мейірім және жылылық бар. Жалғас бұрын сәлемдесуге қолын созғанда Михаил самарқау әзер амандасатын. Бұл жолы өзі қарама-қарсы жүріп қос қолдап амандасты да жымиып қарады және бір таң қалғаны, орындықты жалма-жан Жалғастың отыруына ыңғайлап жылжытып берді.
– Отыр, бауырым! – деген жып-жылы сөзі Жалғасты таң қалдырмақ түгілі елжіретіп жіберді. Аң-таң күйде орындыққа жайғасып жатып, «бауырының» бетіне жалтақ-жұлтақ қарай берді. Әйтпесе, үйден шыққаннан тас түйін болып қатайып, ештеңеден тайынбауға, қорықпауға әбден бекінген болатын.
Михаил Жалғастың өзіне таңданып қарағанын бірден сезді. Алдымен барып есігін ішінен жапты да Жалғасқа қарама-қарсы орындыққа жайғасты. Жалғас үшін бұл да бір ғажап көрініс болды. Осы сәтте шыдамай тіл қатты.
– Түс көріп отырған жоқпын ба, Михаил? – деп Жалғас қарсы алдындағы бауырына жымия қарады.
Бауыры да бұған жымиып қарап тұр екен. Ішкі дүниесі одан сайын елжіреп сала берді.
– Иә, Жалғас! Сен маған таң қалып отырсың. Мен де өз-өзіме екі-үш күн болды таң қалудамын. Жаңа өзің айтпақшы, бейне түс көріп жатқандаймын. Осы уақыт ішінде бүкіл өмірімді сүзгіден өткіздім. Бүкіл жан дүнием қопарылып түсті. Өзім күтпеген мүлдем басқа дүниеге аяқ бастым.
Михаил ауыр күрсініп, көздерін сығырайта әңгімесін үзіп, бірақ тағы бір биік тауға шығатындай екі қолын алдына сала қомданып отырды. Жалғас оның алғашқы сөздерінен-ақ бауырының жан дүниесіне үлкен өзгеріс келіп енгенін, одан қаншама құтылғысы келсе де құтыла алмайтынын әбден біліп, осы бастаған арнайы әңгімесі арқылы ерекше байлам жасағанына көзі жеткендей. Ол қандай байлам? Оған қуана ма, ренжи ме? Егер дәл қазіргі періште ойына сенсе, онда бауырының беті бері қарап, көптен зарыға күткен арманы жүзеге аспақ. Михаилдың толқып тұрғанын бір қызарып, бір бозарған жүзінен, дір-дір еткен саусағынан аңғарып отыр. Адам тағдырын қаймықпай, кірпік қақпай әп-сәтте шешіп тастайтын қос қасқыр тергеуші тап осы жолы өздерінің тағдырларын ортаға салып, қалай шешпекші? Осы сәт аспанда түйіліп тұрған бұлттың не жауарын, не жаумасын білмей жылт-жылт еткізе шақпақ-найзағай ойната дағдарған қалпын көзге елестетті. Жалғас үндемеді. Михаил дағдарып біршама отырды. Бөлмеде ұйыған тыныштық. Ақыры кібіртіктеп болса да Михаил әңгімесін бастады-ау.
– Иә, иә, өзім күтпеген, мүлдем басқа дүниеге ендім де, мүлдем басқа адамға айналдым. Түрім, денем бұрынғы, ал ішкі дүнием жүз сексен градусқа бұрылып, жаңарды десем артық айтқандық емес. Әрине, мұның бәрі менің еркімнен тыс бір құдірет арқылы жүзеге асқандай. Көп жылдардан бері ауырып келіп, енді сол аурудан айығудың жолы басталған сияқты болып көрінді. Мұндай күйге қалай келдім? Маған соншама не әсер етті? Жалғас, менің қандай адам екенімді өзің білесің. Дөрекі, өзімшіл, ұрдажық, шовинист, тәкаппар адам болдым. Өзім қазақ бола тұрып, оларды иттің етінен әрмен жек көрдім. Ондай адам болғаным бәлкім сәби шағымнан орыс отбасының тәрбиесін көргендігімнен шығар. Ақыл-есім кіргеннен, неге екенін білмедім, әке-шешем қазақты жамандап, оларды адам қатарына қоспайтын. Құлағыма құйғаным осы болған соң мен қайдан оңайын. Кейін азамат болған соң өз еліме, өз ұлтыма деген жеккөрушілік сезімім шырқау шегіне жетті. Мен үшін әлемде орыстан артық, күшті, қуатты, әдемі халық жоқтай көрінетін. Соңғы кездері көкірек көзім ашылған соң мына дүниеге, орысыма, оларға деген жаңа көзқарас пайда болды. Неге екенін білмеймін, орыс халқында тәкаппарлық, өркіректік, менсінбеушілік тәрізді жаман әдеттер қалыптасқан. Мен ойлаймын орыс жауынгер, әскери халық. Екі бірдей дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткен жеңімпаз. Атақты Наполеонның жер қайысқан әскерін жеңген. Осы жеңістер орыстардың «Біз әлемнің тұтқасын ұстап отырған ең қуатты елміз!» деген тәкаппар оймен улануына әсер еткен болар. Мен де сол халықтың өкілі екенімді зор мақтаныш тұттым. Әрине, қаншама «орыспын!» деп кеуде қаққанмен, азиялық түр-келбетіме қарай ма, әйтеуір, орыстар маған жүз пайыз сенбейтінін бірден сеземін. Олардың сенбей, күдікпен қарап тұрғанын біліп жынданып кете жаздайтынмын. Ондайларға төлқұжатымды суырып алып: «Мә, қара мынаған!» дейтінмін айқайлап. Олар кешірім сұрағанша дікілдеп, тіпті төбелесуге дейін барған шақтарым болды.
Осы сәтте телефон безілдеп қоя берді. Михаил трубкасын алып жанына қоя салды. Үнсіздік орнады.
– Михаилжан, айта бер әңгімеңді. Тыңдап отырмын, – деп Жалғас оқиғаның мүлдем басқа арнаға бұрылғанына таңданып, бір жағынан бұл жағымды әңгімені одан әрі тыңдай түскісі келгенін аңғартты.
– Бір темекі шегіп алсам ұрыспайсың ба? – Михаил бұл сауалын да өтіне айтты, Жалғастың басын изегенін көріп, апыл-ғұпыл темекісін тұтата бастады. Жалғас іштей қуанса да әлі сеніңкіремей, ойы сан-саққа кетіп отыр. Шынында да ол өзінің кім екенін ашық жеткізді. Оған дән риза. Енді неге сеніңкіремей отыр? Осы бөлмеде қос бауыр қаншама айқасты десеңші! Соңғы айқаста Михаилдың бұған жасаған қитұрқұлық әрекетін қалай ұмытпақ? Тіптен сүйегіне дейін жетті деуге болады. Ендеше қалай ғана жүз пайыз сене салады? Михаил не айтарын толғанғандай, біртүрлі жабырқағандай кейіпте темекісін құшырлана сорып, бір қырын отырған күйі түтінін создықтата шығарды. Бұрын басқа Михаил болғанда темекі түтінін жынын шашқан түйедей Жалғастың тура бетіне үрлеуші еді. Ызалана, кектене үрлейтін. Осы үшін Жалғас бір рет ескерту жасап былай деген еді: «Әй, Михаил! Сенің елің, ұлтың мәдениетсіз, артта қалғансыңдар. Сендер мәдениетті бізден үйреніңдер. Біз болмасақ қойларыңды бағып, оның боғына шыланып сасып жүрер едіңдер. Москваға, ұлы орыс халқына рахмет айтыңдар. Сендер мәдениетті үйретіп, білім беріп адам қатарына қосқандағы қайтарған рахметтерің бізге қарсы шығу ма? Оңбағансыңдар сендер. Сендерді түп-тұқияңдарыңмен жою керек» деп едің ғой сен. Жоғары мәдениетің осы ма? Ең құрығанда қалай темекі шегуді, адаммен қалай сөйлесуді білмейсіңдер, мәдениетсіз біз емес, сендерсіңдер!» деп Жалғас шыдамай тойтарыс бергенде Михаил ызадан жарылып кетердей долданып, аузына не келсе соны айтқан. Жалғас та қайтпады. Әйтеуір төбелесіп үлгермеді. Біреулер келіп қалды. Жалғас сол оқиғаны есіне түсіріп жымиып қойды.
– Неге жымидың, Жалғас? Білем, білем. Менің сөздерімді есіңе түсіріп отырсың ғой. Иә, мендей миғұла жан туралы не ойласаң да, не айтсаң да жарасады. Бүгін мына бауырыңды сабап алсаң да көнемін. Кешір! Саған істеген иттіктерім, зұлымдықтарым, дөрекіліктерім үшін кешірім сұраймын, бауырым! Бұрын осы сөзді сен айтқанда іштей тыжырынып, жек көретінмін. Ол сөз мен үшін тікенек сияқты көрінетін. Кешелі, бүгін осы сөзді қайта-қайта айтқым келеді. Айтқан сайын тас болып қатқан жүрегім езіле беретін болды. Кәзір де сол күйді басымнан кеші-і-рр-і-п отырмы-ын…
Михаил алдымен басы тұқырайып терең жөтелгісі келгендей ішін тартқандай болды да, кенеттен еңкілдеп жылай бастады. Жалғас орнынан ұшып тұрып, үстелді лезде айналып, бауырының қасына қалай жетіп барғанын білмей қалды. Өзінің де ішкі жан дүниесі қопарылып, төңкеріліп, жүрегі атқақтай соғып аузына тығылды. Қаншама өзін сабырға шақырып, ұстағысы келсе де ақыры шыдамады. Көзінің алды тұманданып, бір кезде бұл да солқылдап жылап жіберді. Сәт өтпей қос бауыр құшақтасып, еңкілдеп жыласын келіп! Адам баласының жан дүниесі қандай қызық!Ол өзінің Табиғат-анасына ұқсайды. Түйіліп-түйіліп келген қалың бұлттың сауырына жалт-жұлт еткен қамшы-найзағай ойнап, қас қағым сәттен соң жаңбыр сел болып жаумаушы ма еді. Мұндай жаңбыр ұзаққа созылмайды. Күркіреген бұлттар қоржынындағы көл-көсір суын төгіп-төгіп өткен соң, жарқ етіп күн шығып, жалба-жұлба бұлттар әлдебір жаққа маңып көшіп бара жатпаушы ма еді! Көзден бал-бұл ұшып, тазарған дүние аршыған жұмыртқадай болып тазармаушы ма еді! Елу жылдан аса уақыт қос егізді қатал тағдыр екі жаққа аяусыз айырғанмен Алланың құдіретімен міне қайта қауышты. Не деген ғажап сәт бұл! Қос мұңлық жан өмірдің талай-талай тауқыметтерін, шырғалаңдарын бастан кешіп, жан дүниесі бір-біріне мүлдем ұқсамайтын қос халықтың, қос ұлттың тілімен, салт-дәстүрімен, болмысымен жарты ғасырдан астам ғұмыр кешіп, ақыры кездесті. Зұлымдар іңгәлаған егіз сәбилерді аналарынан қаскөйлікпен айырып, жетімдердің зарын тартқызды. Бұдан өткен зұлымдық, бұдан өткен қаскөйлік бар ма, айтыңыздаршы, ағайын!
Иә, қайта қауышты қос мұңлық! Жарты ғасырдан астам уақыт… Бұл шынында да ғажап кездесу еді. Жаңа ғана айтып өткен жаңбырдың мөлдір тамшыларындай төгілген жас егіздердің бетін жуып, өңіріне тамшылап жатты. Ап-ащы жас… өткен өмірінің сортаңдары сияқты. Осы төгілген жас арқылы екеуінің көкірек сарайы да шемен болып қатқан қасіреттен тазарғандай.
– Бауырым! Бауырым! – Сексеуілдің шағындай ып-ыстық сөздер. Михаил бұл сөзді қазақша айтты. Ана тілінде алғаш рет осылай тіл қатты ол. Осы сөз арқылы өз ұлтын мойындады, қазақ болды. «Аллаға шүкір!» деді Жалғас бауырының жүзіне қарап, тебірене сөйлеп. «Алла шукир!» деді Михаил ол сөзді қайталап. Әжесінің баласы болып ержеткен, тәрбие алған Жалғас бұл ғажайып сөзді өмірде жиі қайталайтын. Енді мінеки бауыры да қайталап, мұсылмандыққа қадам басты. Қасиетті сөзді әрең кібіртіктеп айтқан бауырына мейірлене қараған Жалғас балаша күліп жіберді. Михаил да күлді. Егіз жандар мәз-мейрам. Қайта құшақтасты, қайта қауышты…

* * *

Біз бұл шығармамызды осылай аяқтауға шештік. Оқырманым: «Ау, егіздердің арғы өмірлерін неге баяндамайсың?» деп сұрақ қоятын шығар. «Осындайда оқиға бола ма екен? Жазушылар ойдан шығара береді» деп сенбеушілер де табылар. Әрине, бұл көркем шығарма. Хикаяттың кейбір жерлерін боямалағанымды жасырмаймын. Бірақ олар өмірде болған адамдар. Аттарын өзгерттім. Қазір де өмір сүріп жатыр. Өмір-күрес. Екеуі де нағыз қазақ. Негізі мұндай аянышты оқиғалар, тағдырлар қазақтың өмірінде көп кездескен. Құлға айналып, өзге халыққа біржола сіңіп, өз ұлтына қайта оралмағандар көп. Орыс халқының өміріне үңілсеңіз оған көзіңіз әбден жетеді. Михаилдар мен Жалғастар сіздің жаныңызда да жүруі әбден мүмкін. Ең бастысы, олар енді жат елдің құлына айналмасыншы! Менің тілегім осы.

Пікір қалдыру