ҚҰЛДЫҚТАҒЫ ҚЫЛМЫС

*
* *

Өріс ЯШҮКІРҚЫЗЫ

– Әй, телебізірді қостыңдар ма. Мені көрсетеді. Сағат неше болды өзі? – деп есік сыртынан, ішке енер-енбестен Қарсақбай үй ішіндегілерге айқайлады.

 – Көке, әне, сен, сен… – деп үш жасар ұлы алдынан шыға теледидар жақты саусағымен нұсқады.
Қарсақбай шешінбестен теледидарға үңілді. Ойпырым-ай, шынында өзі сөйлеп жатыр. 
Қарсақбайдың сырттан келе сала сапырылған сары қымызды үлкен шарасымен ішетін сырын білетін асхана қызметкері Зағипа дереу қымыз әкеліп, оны көзінше қайта-қайта сапырып, ағаш тостағанмен ұсынды. Екі көзі телеарнада отырған Қарсақбай оны бірінен кейін бірін дереу қағып салды. Столдағы жап-жаңа пісірілген ыстық бауырсақтан қосақтап аузына ытқытты. 
 Телеарнада Қарсақбай:
 – «Еңбек етсең емерсің» деп халық бекер айтпаған ғой, қарағым. Осы шаруашылықты алға қою оңай болған жоқ. Біраз қиналдық. Бірақ төзе білдік. Адам деген қиындықты да жеңе білуі керек. Жеңдік. Міне, енді өздерің көргендей, жемісін көріп отырмыз. Мына Қаратаудың қойнауы құт мекен ғой, жарықтық. Ата-бабаларымыз осы жерде мал өсіріп, егін салып тіршіліктерін жасаған. Мен де сол ата-баба жолымен…
 Телеарнада тілші сөзін бөлді. Қарсақбай:
– Қап, атаңа нәлет-ай! Мына жерде әжептеуір сөз сөйлеп ем, алып тастапты. Осылар қызық-ай! Нағыз керек жерін қоспай, қиып…. Әкемнің мал баққан еңбегіне тоқталып ем..
 – Ағай, қанша жылқыңыз бар. Қанша сиыр? Қанша уақ мал дейді ғой, қой-ешкі бар? Айта кетіңізші? Үкіметтен көмекке субсидия алып, осы мал шаруашылығын дамытып отырсыз ғой…
 Қарсақпай өзіне тостағандай қап-қара аппаратты бағыттап тұрған оператор жігітке бұрылып:
 – Жоғары жаққа өкпемді айтып алайын. Олар өздері жақтырта бермейді.
 Қарсақбай:
 – Алатын болса мына сөзімді неғып алып тастамаған, ә?!
 Экрандағы сөз қайта жалғасты. 
– Үкіметтен субсидияны бір рет алдым. Содан кейін «Әумин ала-һу акпар!» Басқаларға беріп жатқан шығар. Ауыл әкімі бар, аудан әкімі бар өздері бөліседі дейді ғой. Көзім көрген жоқ. Бірақ маған айтқаны, «Ой, Қасеке, Сіз жаман емессіз ғой. Шаруаңызды дөңгелентіп алдыңыз. Басқаларға да қарасайық енді… Төрт-бес жылда бір берсек болды емес пе?..» деген. Міне, алты жыл болды ешбір субсидия дегенді білмеймін… Сұраған да емеспін..
Тілші:
 – Жаңа сұрағыма жауап ала алмадым. Сізде ірі қарадан, жылқыдан қанша бас мал бар деп сұрап ем… 
– Менде әуелі сенсең 10-ақ жылқы, 10-ақ сиыр болған. Содан көбейттім ғой. Қазір енді, көз тимесін. Бағана қыр басында жайылып жүрген сиырларды көрдің. Мен сияқты қожалықтарға үкімет қыруар ақша жұмсап, ұшақпен сонау Америкадан сиырлар әкелгенін білетін шығарсыз. Сол мұхит асып келген сиырлар алтын басты бұзау туатындай менен басқасының бәріне таратты. Мен сұрамадым да. Қайтем мен алабас сиырды. Сол келген сиырлар бар ғой, көбісі өліп қалып, алған қожалықтар шығынға ұшырады. Құдай, менің жолымды болдырды. Қазір 200-ге жетеді, сиырлар бар, шүкір… Мына жоғары жақтағылар сиыр екеш сиырдың да бөтен жерді жерсінбейтінін біле ме десейші. 
– Жылқы да бар ғой, ағасы Сізде?
– Ойбай-ау, жылқысыз бола ма? Әрине бар. Жылқыға кең жайылым керек, алысқа кетеді. Оны бұл жолы көре алмадың. Ол үшін тағы бір күн қонып, Қаратау бөктеріндегі кең жайылымның түкпір-түкпірін аралауың керек. Онда қымыз сауылады. 50 бастай жылқы… 40 бас бие бар. Қой басы азғантай 300 бастай ғана. (Қарсақбай әр малды екі есе қысқартып айтты)
 – Ойбай ағай бір совхоздың бір бөлімшесінің малы ғой. Кеңес үкіметі кезінде менің әкем бөлемше басқарған. Содан білем. Ал, бұл Сіздің жекеменшігіңіз…
 – Енді қожалықта қанша адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырсыз? Айтқан мал басын бағуға біраз малшы жұмылған болар? Біздің көргеніміз 4-5 ақ малшының төбесі. Жылқы жақта қанша атбегіңіз бар? Қыста, жазда күтім керек. Жем шөбі бар дегендей. Айтпақшы, қыста көп малшыларда шөп жеттіспейді. Оны қалай даярлайсыздар? 
– Бұл жақта жылқыға жем шөп даярлап жатпаймыз. Жылқы өз аяғымен тебіндейді. Оңтүстіктің бір жақсы жері осы. Бірақ, қыс маусымында жылқыға қатты бақылау керек. Қасқыр көп. Қасқырдан бұрын ұрлықшылар көп, тіпті үйір-үйірімен ұрлап кетеді ғой. Әрі олар өмірі ұстатпайды. Солардан сақтандыру үшін жылқыға қатты күзет жасаймыз. Тұяғымен жайылатын ерекше қасиетті ғой жылқы деген. 
 Ал, сиыр малын жарықтық, қорада, далада да ұстай береміз. Қосымша жем шөп сатып аламыз, немесе өзіміз жазда даярлаймыз. Шөптің де шығымы азайып кетті. Биыл қатты ыстық боп тұр. Шөпті байқадыңыз ба күйіп барады.
– Мал өнімдерін қалай реттейсіздер? Сүтін, майын, қаймағын… содан соң қымыз бар дегендей? 
– Ойбой, бұл енді үлкен шаруа, айналайын.. Орталыққа тасымалдаймыз.. Сонда апарып өткіземіз. Үкіметтің білсеңіздер бұл жағына бір шаруасы жоқ. Өнімді тапсырып жатсың ба, тапсырмай жатырсың ба, есеп алмайды, біз де есеп бермейміз. Біздің өнімімізді көтерме сауда базарындағы сатушылар таласа-тармаса сатып алады. Олар өздері содан соң өз үстемелерін қосып, алушыларға сататын шығар. 
Өнім тасымалына өзім арнайы бір машина бөліп қойғанмын. Бұл машинаны да өз қаражатыма сатып алдым ғой… Е, айналайын-ай, бұл мал баққанға бітеді, ерінбей күткенге бітеді. Мұны малсақ адамдар жақсы біледі. Мал өсірген адам, малсақ болуы керек.
Осы жерден телеарна жүргізушісі Қарсақбайдың сөзін қысқартып, өзі әрмен қарай Қарсақбай атындағы шаруа қожалығының ұлан асыр жасап жатқан еңбектеріне ерекше кеңірек тоқталды.
Егемен еліміздің, Президенттің жеке қамқорлығы арқасында Қарсақбай Құлымбетов өз қожалығын өз күшімен өркендетіп отыр дегенді ерекше астын сызып айтты. Сөйтті де, қожалықтағы барлық малшылар да өз табыстарына дән риза… – деп қорытындылап, жиырма минуттық хабар түйінделді.
Асханада аспазшы болып жүрген Зағипа хабар біткен кезде кекесінмен мырс етті. «Қандай жалған. Қандай майы тамған өтірік. Қарсақбай да келістірді, тілшілер де келістіріпті. Мұндағы көп малшылар жан-жақтан қышып-пысқандар. Оларды тегін жұмсап, құлдық қамытып кигізіп зорлық күшпен ұстап отырғанын білсейші біреу. Әскерден қашып кетіп, Қарсақбайға ұсталып құлдыққа түскен екі өрімдей жігітті айтсайшы. Әке-шешелері қан жұтып, әлі іздеп жүрген шығар. Қымыз даярлап жүрген, бие сауатын жердегі әйелдердің қайдан келгенін кім біледі. Әйелдерге мені жақындатпайды. Олардың сырын бір адам білмейді. Байғұс әйелдер қыста бір кепеде, жазда жұпыны киіз үйде тұрады. Мен сияқты, бәлкім әртүрлі себеппен қысыммен жүруі…
Бұл аймаққа ешкім бейсауыт келе алмайды. Малшыларды атаман Бектай деген біреу бақылап отыр. Оның қолында дырау қамшы, қос атар мылтық бар. Менің байқауымша, Қарсақбайдың нағыз оң қолы сол болар. Оған ескі «Уазик» беріп қойған. Сол машинамен ана қырды, мына қырды аралайды. Қолында дүрбісі бар. Бір сарыорыс қашқысы келген екен, ұстап алып, өлімші етіп сабапты. Фашистер де бүйтпеген шығар. Орнынан тұра алмай қалған. Енді өледі-ау деген маған алып келді. Қарсақбайдың әкеліп қойған есептеулі дәрі-дәрмегімен әрең дегенде емдеп, жарасын таңып, укол салып сарыорысты аяғынан тұрғыздым.
Малшы қауымға еңбекақы берілмейді-ау. Білмедім. Құжаттары бар ма, жоқ па? Осында сейф емес, екі метрге жақын қара темір жәшік тұр. Мүмкін сонда құлыптаулы, мүмкін басқа жақта. 
Мен де жетіскеннен жүрген жоқпын. Осында жүргеніме төртінші жыл. «Жоғалып кеткендердің» тізіміне баяғыда қосылған шығармын. Өйткені, біздің полицейлер не өлі, не тірі хабар білмегендерге солай нүкте қояды. Қайыра іздестірген емес. 
Мына кішкентай ұлдың арқасында жеңіл-желпі жұмыста, ішіп-жем тамақтан кем емеспін. Өйткені, мен осында келгенде он екіде бір гүлі ашылмаған 19-дағы қыз едім. Соның зорлығынан екіқабат болып, ұлды осы жерде босандым. Тұмса балаға толғатқандағы қиналғаным-ай. Қасымда ешкім болмады. «Сауыншылардан біреуді шақырыңызшы?..» деп өтіндім. Шақырмады. Қарсақбай жаны ашып өзі де қасыма келмеді. Әйтеуір жаным аман қалды. Егер өліп қалсам ешкім білмейтін еді. Бір жерге көме салар. Көрер жарығым бар екен. Бұрын бір басым еді, қазір мына ұлмен екеу боп осында байланған үстіне байланып отырмын. Қарсақбайдың қожалығындағы барлық жымысқы, зорлық-зомбылық ашылатын күн туар ма екен?.. Тумас па екен?.. Жаратқан иеміз Алла Тағала шынымен бар болса, осындай зорлық-зомбылыққа неғып есік ашып қойды екен?
 Зағипа осы ойларды күнде ойлайды.
Қарсақбай кім? Оның отбасы қайда? Бала-шағалары бар адам ба, жоқ па? Оны Зағипа білген емес. Кімнен біледі, меңіреу қыстауда ешбір адаммен сөйлеспесе. Алғашқы жылы қалай қашып кетуді ойластырумен жүрді. Бірақ, қалай қашады? Осы тұрған үйден үш қадам алыс шығармаса? Қасқыр дегенің маңайда ұлып жүр. Бұл жер қай түкпірде. Бағытын білмейді. Мына шатырлы төрт бөлмелі үй биік жартастың ішкі жақ қойнауында. Сырт жақтан байқала бермейді.
 Бұл үйде бәрі бар. Асхана. Жатын бөлме. Қаланың үйлеріндегідей мебел-жиһаздар. Екі телевизор, радио, мұздатқыш пен тоңазытқыш. Газ плита. Дизелді электр жарығы. Бірақ бұл үйге ешкім бас сұқпайды, келмейді. 
 Мен Қарсақбайға осы үйде ас дайындаймын. Үйде көкөніс, жеміс-жидекті мұздатқыш пен тоңазытқышқа молынан жеткізіп қойған. Қымыз бен қымыран, сүт пен қаймақ, айран дейсің бе бәрі бар. Қарсақбай алғашқыда: Бұл астан өзің бастап іш. Сосын мен ішем. Мүмкін бірнәрсе қосып (у қосып дегені) берген шығарсың деп маған ішкізіп барып, өзі ішетін.
 Ол маған өліп өшкен жоқ. Тек төсек қатынасын жасады. Мен екіқабат болғанда: «Сен сақтануды білмейді екенсің, қазіргі жастар бәрін біледі» – деді кінәлап. 
 Ұл туған соң маған «Сен ойлап жүрме – мен ұл тудым. Енді тоқалдыққа мені алады» – деп бір қойды. Бұл сөзді естігенімде: «Бүгін пышақ салып өлтірсем бе екен?» – деп ойладым. Бір күні тағы суыт хабар айтты. « Сенің әкең қайтыс болыпты» – деді. «Ыдыс сынып қалыпты» деген сияқты еш жаны ашығандығы жоқ, түк сезімсіз. Демек, менің қай ауылдан екенімді, сыртымда күшті жоқтаушымның жоқ екенін біліп отыр. 
Мен қатты жыладым. «Әкем мен хабарсыз кеткен соң қайғыдан өлді-ау» – деп жыладым. Әкем өлгеннен кейінгі анамды ойлап, әпкелерім мен інілерімді уайымдап жыладым. Қарсақбай жұбатпады. Ешнәрсе болмағандай далаға шығып кетті. Екеуміздің арамызда мүлде сөйлесетін сөз де жоқ, оның реті жоқ.
 Осы ұл туғалы нәрестеге қатысты сөз болса «Мына ұл, мына ұл» болып, үш айдай сәби есімсіз жүрді. Мен де ерегісіп ұлға ат қойсаңызшы демедім. Ол да өздігінен ат қоймады. Асыраған күшікке де ат береді ғой. Күшік құрлы көрмегеніне мүлде қапаландым. Бір күні барып: «мына ұлға Қоңырат деп ат қоямын. Руымыздың атын» – деді Қарсақбай. Мен: «Мейліңіз. Бәрібір құжат алынып жатқан жоқ қой» – дедім. Сол кезде Қарсақбай орнынан ұшып түрегелді. Мен ұратын шығар деп зәрем қалмады. Сосын ол ала көзімен: «Не дейсің?!» дегендей бір қарады да: «Тіліңді байқа, кесіп тастаймын!» – деді. 
Мен Қарсақбайдың өзімнен неше жас үлкенін тіпті болжай алмаймын. Кемі 20 жастай үлкен болар, әкем қатарлы. Ол анық.
Мен кәдімгі ауылдың қызымын. Көп балалы отбасынан шыққан. Көкем ауылда трактор айдайтын. Анам үй шаруасындағы әйел. Қолының шеберлігі бар. Қыстық киім, жаздық киім, ер, әйелдердікі деп бөлмей бәрін тігетін, аты шыққан шебер. Айтуынша бұрын кілем де тоқыған екен. Нарық келмей тұрғанда ауылдағылар қолдан тоқылатын кілемге тапсырыс көп беретін болыпты. Өйткені, ұзатылған қыздарына төсек-орын берерде міндетті түрде қолдан тоқылған түкті кілем беру үрдіс болып, тіпті кілемге қыздарының да есімдерін жаздыратындары бар екен. 
Бір жарым айда «мынау» деген бір түкті кілемді бітіріп береді екен. Кілем тоқуға менен үлкен әпкелерім көмектесетін. Ақысын жұрт беретін шығар, кілем тоқу арқылы біздің үй-ішінде ішіп-жем тамақ мол болды. Кейіннен қолдан тоқылған кілем сәннен шықты. Фабрикадан шығарылған тәжік, орыс кілемдері саудаға еркін түсіп, жұрт қолдан тоқылған кілемге баяғыдай тапсырыс бермеді. Менің шешем Нәзипа киім тігумен шұғылданды. Осы кілем тоқу да, киім тігу де маған ұнамады. Апам: 
– Әй, қызым үйренсейші. Өміріңе керек болады. «Өнерді үйрен де жирен» деген мақал бар, – деп қанша айтқанда да ықылассыз болдым.
Мен анамның бесінші қызымын. Менен кейін үш ұл бар. Барлығымыз сегізбіз..
 Тоғызыншы сыныпты бітіріп, қаладағы медколледжге оқуға түстім. Үйдегілер қатты қуанды. Әпкелерім де: «Ортамыздан бір медик шығатын болды» деп мақтанды. Екі жыл лезде өте шықты. Қолымызға диплом да тиді. Бірге бітірген қыздар диплом алғандарын жуамыз деп кешкілік бір кафеде бас қосатын болдық. Сол кафеге келгенде бөтен жігіттер көбейіп кетті. Ана қыздың танысы, мына қыздың танысы деп, бес алты белгісіз жігіттер араласты. Бір жақсысы ішкілік атымен ішілген жоқ. Бірақ, қыздар бәрі өте көңілді еді. Гитармен ән салынды, қараоке бар, би биленді. Мені ортаға келгендердің ішінде ең көрікті бір жігіт биге шақырып, жөн сұрасты.
 Алғашқы сұрақ қашанда «Қай жерден боласың?» дегенге келеді ғой. Мен бірден өзімнің қай жерден екенінімді айттым. Ана жігіт қуанып кетті. 
«Сенің ауылыңда менің әскерде бірге болған досым тұрады. Сол досымның үйінде болғанмын. Үйінің қасында кітап сататын бір дүкен бар» – деді.
 Мен ол айтқан жігітті тани кеттім. 
 – Е, ол, Жарас қой. Менің әпкеммен бір сыныпта оқыған. Иә, әскерден келген. Білем, – деді.
Өстіп таныстық жалғасып, Айдарбек деп атын айтты билеп жүрген жігіт. 
– Менде машина бар. Қазір шығарып салайын онда, – деді ол жымиып.. Жымиғанда көрікті жігіт одан сайын маған ұнай түсті. Сосын мен де әзілдеп:
– Диплом алдым ғой, сонау ауылға дейін де шығарып салатын шығарсың? – дей салған едім. Тіпті ол келісе салады деген ой жоқ. Құрақ ұшып тұрған жігіт те қуанып, келісе кетті. (бүгінде ойлап қарасам, мендегі бақытсыздық дәл осы жерден басталыпты)
– Без пробем, – деді орысшалап Айдарбек. Ертең жұмыс күні емес оның үстіне. Сенбі. Боспын. 
Сөйтіп екеуміз топтағы қыздармен қоштасып сыртқа шығып, жолда мен тұрған жерден дайындап қойған киім-кешек салынған чемоданды алып туған жер – Арыс қайдасың деп қара тойотамен шығып кеттік. Машинада қосылған музыканы тыңдап ызғып келе жатырмыз. «Бас аяғы 4-5 сағатта баратын жер ғой, қазір үйге де барып, ата-анамды қуантамын» – деген ой бар менде. Түн қараңғы болғанмен асфальт жол машина фонарымен жап-жарық. 
Бір кезде жолдың қақ ортасында көлденең тұрған бір машина көрінді. Ішінен бір адам шығып, қол көтерді. Айдарбек тоқтады. Тоқтатқан адам машинада бензиннің таусылып, қарыс жерге жете алмай тұрғанын айтты. Артық бензин болса ақшасына құйып беруін өтінді. Ол адам соны айтып тұрғанда алдыңғы орында орамалмен желпініп отырған мен ешнәрсеге көңіл де бөлмедім. Өзіммен өзім отыра бердім. 
Айдарбек сұраған бензинді құйып бергелі сыртқа шықты. Сол кезде әлгі адам Айдарбекті басынан бір затпен періп кеп жіберді. Айдарбек жол шетіне аяғы тәлтіректеп, қайта басын көтере бергенде, екінші соққы басына тағы тиді. Ол етпетінен құлады. (Бұл спектакль екен) Мен ананы көріп шыңғырып жібердім. Ана көлденең тұрған машинадан бойы сорайып тағы біреу шыға келді. Ол біздің машинаға келіп, менің білегімнен ұстап алып сүйрейлей, өз машинасына әкелді. Менің бетіме тұтас бір орамалды жауып, «дымыңды шығарма, дауыс шығарсаң өлтіреміз?» деп, басымнан қаттырақ мытып қойды. 
 Машина ойлы-шұқырлы жермен жүріп келеді. Қалай, қайда жүрді, қанша уақыт жүрді білмедім. Аңғара да алмадым. Басыма байланған орамалдың ішінен дем алу қиындап, даусым шықпай жатса да «Мені жіберіңдер, жіберіңдер» деуден танбай келем. Әбден дауысым, қарлықты.
 Таңертең білгенім, осы тұрған қыстауға әкелген екен.
Көзімді ашқанда сұрағаным: 
– Айдарбек қайда? Ол тірі ме? Сендер оған не істедіңдер? Мені Жіберіңдер. Босатыңдар. Оңбағандар, сендер кімсіңдер?!
Бет ауыздарына қара маска киген жігіттер: 
– Сұлу қыз, сен өзіңді ойласай сорлы! Айдарбекті қайтесің?! Ол тірі. Жағдайы жақсы. Саған сәлем айтты – деді де, – Сен тек қарсыласпа! Қарсылассаң таяқ жеп қаласың! Сау бол! Біз кеттік. Сенімен енді басқа адам сөйлеседі. Чау! деп, – мен отырған жерден шығып кетті.
 Бетіне маска киген екінші жігіт менің чемоданымды әкеліп тура қасыма қойды. Артынша сол кісі үлкен подноспен тағамдар әкелді. Жеміс, жидек, бауырсақ, нан, сүт. Тағы басқа шәй жабдықтары түгел. 
– Шәйің әне жерде қайнап тұр. Беті қолыңды жуып, сосын тамақтанып алыңыз. Сізбен сөйлесетін адам осы жердің үлкен басшысы. Сыпайы бол! Онымен ерегіспе. Кештеу келеді, – деді. Даусында жанашырлық бар сияқты. 
– Ағатай, мен қай жерге келдім, айтыңызшы. Жазығым не? Менің қасымдағы жігіт қайда? Ол тірі ме, ол да осында ма? Ол қайда? Өлтірген жоқ па ешкім? Айтыңызшы, тым болмаса маған, ағатай, – деп жалындым. Әлгі кісі басын шайқады. «Мен айта алмаймын» дегендей, ыммен қолын қиғаштап крест қойды да, кетіп қалды.
Мен осы отырған күйімде мелшиіп отыра бердім. Қақпанға түскенімді анық сездім. Бір ойым Айдарбек әдейі спектакль ұйымдастырды ма екен дедім. Екінші ойым түнде бір көрген жігітпен жолға неге шықтым, «мына бір жеңілтек қыз екен» деп мені қорлауға әкелді ме дедім. Үшінші ойым – біреу маған үйленеді. Сол үшін алып қашты. Бірақ ол сау адам емес. Мылқау, не қол аяғы жоқ, мүгедек, немесе басында ой ауытқуы бар, псих, соған қосқалы әкелді дедім. 
Сөйтіп отырғанда сарт етіп есік ашылды. Мен селк ете қалдым. Денесі ортадан биік, кең жауырынды, аяғы талтақтау, бұтына дженси шалбар, дженси куртка киген, басында ақ кепкасы бар, қара көзілдірігін маңдайына жоғары түріп қойған, көзі бадырайған, түрі сұстылау бір үлкен кісі кіріп келді. Бүрісіп отырған мені бірден қорқытпайын деді ме, қасыма жақындап талтайып тұрып:
– Неге тамағыңды жемедің? Шәй неге ішпедің? Аш отырсың ба әлі? – деді. Сосын сөзін жалғастырып: 
– Мен Қарсақбаймын. Осы жердің иесімін, – деп айта бастағанда мен жалынышты түрде:
– Ағатай, мені жіберіңізші. Сіздің де қызыңыз бар шығар. Әйеліңіз бар шығар. Мен тіпті тұрмысқа да шықпаған қызбын. Енді ғана медколледжді бітіріп, диплом алдым. Әлі жаспын. Алған дипломмен әке-шешемді қуантуға асығыс шығып едім. Ата-анам күтіп отыр. Түнде оларға баруым керек еді. Жолда бұзақылар ұстап алып… Ағатай, жалынамын, босатыңызшы… мені қайтарыңызшы, Сізде де бала бар шығар… немере бар шығар… – деп дауыс шығара, ағыл-тегіл жылай бастап едім, Қарсақбай бірден: 
– Тоқтат! Өшір үніңді зарламай! Ата-анам күтіп отыр ед дейсің. Түн ортасында жолға шық, танымайтын еркекпен деді ме ата-анаң саған?! Түнде неге жолға шығасың?! Әке-шешең түсіндірген жоқ па саған? Бұзылған қыз болмасаң бір көрген жігітпен неге түнде жолға шығасың? Егер сен қыз болсаң, бұзылмаған қыз болсаң, неге танымайтын еркекпен жалғыз өзің түнде жалғыз жолға шығасың деймін мен саған, а?! Менде сендей қыз болса, өз қолыммен бауыздап тастаймын! Қарашы өп-өтірік боздауын. Көрем, қызсың ба, қыз емес сайқалсың ба? Өшір үніңді!
Өз ісіңе өзің жауап бер! Келдің ғой, келдің! Ешкім зорламай өз аяғыңмен келдің пошти. Өзің сұрандың «ауылға апар» деп. Міне, ауылға келдің! Енді маған көз жасыңды төкпе, білдің бе?! Ашуымды келтіресің! Медколледж бітірсең осында қызметің дайын. Екі күн срок. Өз-өзіңе кел! – деді. Сосын тағы да: 
– Мына жерде бәрі тұр. Қарамадың ба? Көр өзің! Сенің әке-шешеңнің түсіне кірмеген нәрсенің бәрі осында. Тамағыңды бәлсінбей іш! Ішпесең аш қаласың! Жуын-шайын. Киімдеріңді ки. Таранасың ба, сыланасың ба, өзің біл. Ертең, анау спальныйде оң қабағыңмен, жақсы қалпыңда мені күт! Көрсет сосын қызсың ба, қыз емессің бе? Сөз бітті! – деп есікті тарс жауып, қайыра шығып кетті.
 Мен өз тілімді мықтап тістедім. «Айдарбекті жолдағылар ұрып өлтіріп тастады ма деп аяп жүрсем… Оңбаған екен! «Жараспен бірге әскерде болдым, досым» деген соң Жарас сияқты жақсы жігіт шығар десем… Арам екен! Қандай оңбаған! Әдейі алдын ала ойластырылып, мені ұрлаған. Мынау, бәрін біліп отыр… Ойпырым-ай, ақымақтығым-ай! Ойпырым-ай, алданғаным-ай! Туһ! Әттеген-ай, ә? Қап! Қап! – дей бердім.
 Осылай ой түбіне сүңгіген Зағипа Айдарбекті көретін болса оны тек өлтіріп қана көңілі көншитіндей еді.
* * *
Қарсақбай байлар туралы талай орыс, түрік сериалдарын көрген. Олардың бәрі де өздерінің фазендісінде өзіне керекті адамдарды ұстап отырады екен. Рахат соларда. Моншасы бар, бассейіні бар, күтушілері бар. Тіпті анау-мынау болса шық жуытпайтын жеке полицейлері де бар. «Әй, қолымда бәрі тұрғанда мен неге сөйтпеймін-ей? Олардан артық болмаса мына тауып жатқан байлығым кем емес қой. Алдымен бір медициналық білімі бар жас медбике болса… Ол осы жердегі бір қауым малшылар ауырып-сырқап қалғанда дәрі-дәрмекпен, инесімен емдеп тұрса… Әрі ол жеке менің қалауыммен ас-суымды әзірлеп, шәй-пәйімді даярлап, дастархан басында бірге отырса.. сонау орталықтағы үйге екінің бірінде шапқыламай, өзім де жас немеге денемді уқалатып, бауырыма қысып, иіскеп, қан айналымымды жүргізіп отырсам дұрыс емес пе… Бүйтпеген байлық неге керек маған, – деп ойлап жүрген. 
 Осы ойын сырттан мал бағуға керек деген адамдарды талай ұстап әкелген, жергілікті полицейлермен тіл табыса алатын, қулық-сұмдығы мол Айдарбекке құлаққағыс жасаған. Әскерден келгелі бері Қарсақбайға қызмет жасап, өзі де мол қаржының астында жүрген, түр десе түрі, бой десе бойы бар, қыз-қырқынның бірден көзін алатын Айдарбек:
– Көке, бұ да сөз бе екен. Баяғыдан бері айтпайсыз ба? Баяғыда-ақ қатыратын едім. Кәк раз Шымкентте қыздар иниституты бар, коллежі бар оқу бітірейін деп жатыр. Жақында оқу бітіретін қоштасу вешерлері болады. Ең сұлуын, ең жасын әкеп берем. Ол жағын маған қалдырыңыз. Көп ұзамай айтқаныңыз орындалады. Жас иіс иіскеп, денеңізге массаж жасатып жасаратын боласыз, – деп Қарсақбайды көңілдендіріп тастады. Қарсақбай да Айдарбектің сөзінен қуаттанып, риза болып, төс қалтасынан тұтастай пашкілі көк қағаздың бір бөлігін беріп тұрып:
– Жымын білдірмей жүр, жымын. Саған өзімдей сеніп қалдым ғой, – деген. 
Сөйтіп, Зағипа Айдарбектің айласымен осы жерге жеткізілгенін ешкім білмейді, екеуі ғана біледі.
…Уақыт өтті. Қазір бұған төртінші жыл. Зағипаның әке-шешесі зар жылап, бармаған жері қалмады. Полициялардың айтуы бойынша, газетке, телеарнаға, радиоға суретімен хабарландырулар жарияланды. «Ешкім көрмеген, ешкім білмейді» болды соңы. Зағипа жоғалған адамдар тізіміне енді.
Әкесі Несіпхан аурулы болды. Қан қысымы көтерілді. «Қызым-ай, айналайыным-ай, әбіржіп қалмадың ба екен?» деумен күнде Аллаға сыйынып, намаз оқып отырушы еді. Ақыры басына қан құйылып ол да бақилыққа аттанды.. 
Шешесі Нәзипа күйеуі өлген соң, бұрынғысы ма, одан да денсаулығы нашарлай түсті… «Уһілеп» түнімен көз ілмейді. Талай балгердің, экстрасеанстың есігін ашты. Шын балгерді іздеп Ташкентке дейін барды. Біреуі «Қайтыс болды» деді. Біреуі «Құлдықта жүр» деді. Біреуі ғана суретіне қарап ойланып, толғанып отырып: «Қыздың өз жағдайы жаман емес. Аппақ жібек жіптен өрілген киіз үйдің көлеміндей торға түсіпті… қасында кішкене аппақ қошақан бар…» – деді. «Жағдайы жаман емес» деген балгерге «Аузыңа май, Алла разы болсын» – деп шешесі Нәзипа оған молырақ ақша тастап, сол балгер сөзін көңіліне медеу етіп қана отыр.
 Нәзипаның Зағипадан үлкен төрт қызы да тұрмысқа шықпады. Ұлдарының алды енді мектеп бітірмек. Қыздар тұрмысқа шығуды ойлағылары да келмеді. 
– Неменесіне жетісіп тұрмыс құрамыз. Шаңырағымызда үміт күткен Зағипа еді. Өлі, тірісін білмей отырғанда, әрі асқар таудай әкемізден айырылып қалғанда… – деп сөз салғандарды кері қайтарды. Төрт қызы бірдей анасына қамқорлық жасап, жас інілерінің бұзық жолға түсіп кетпеуін қадағалап, солардың сабақ оқуын бақылып отыр. 
 Он бірінші сыныпты енді бітірейін деп тұрған ұл Тұрсынбек жергілікті полицей жігіттердің сылбыр, немқұрайлы ісіне жыны келіп, полицияның оқуына түсу үшін ҰТБ -дан жақсы баға алсам деп құлшынып отыр. Мақсаты полиция қызметкері болу. «Осыдан мен полиция болсам ба, мен өйтемін, бүйтемін» – деп өзінше жоспар сызып, әпкелерінің көңілін бөледі. Олар оған қуанады.
* * *
Зағипаға бұл жерде таң да атпайды, күн де батпайды. Үйдің ішінен қарыс жер сыртқа шықпағаны жанына батады. Тіпті кішкентай ұлды «анау төбе басына апарып көрсетіп келейінші» – деп Қарсақбайдан талай сұранды.
– Саған бой жазатын уақыт емес. Еріксең қора тазалатып қоямын. Сонда ерікпейтін боласың! – дейді Қарсақбай жекіп.
 – Телебізір көруге бола ма?..
 – Жоқ! Мен көргенде бірге көресің.
Қарсақбайдың өзі жаңалық хабарды құр жібермейді. Жоғарыда кім жаңа орынға ауысты. Кім қай ауданға, қай облысқа басшы болды, бәрін біліп отырады. Сосын анау ел мен мынау елдің соғысы, атыс-шабысы, ел тартып алу, жер тартып алу сияқты озбырлықтарды ынты-шынтымен қарайды. Осындай телевизор қарап отырған мезгілде біреу есікті қатты тоқылдатты. Тура артынан қуғыншы қуып келе жатқан сыңайлы. 
– Аш, көке, аш!
 «Ойпырым-ай мынау Айдарбектің даусы сияқты.» Біреуді тағы мен сияқты ұрлап әкелген шығар. Зағипа ойлап үлгермейінше Қарсықбай да үрейлене сыртқа шықты. 
Зағипа 5 кубтық, 10 кубтық шприцті ұрлап өзіне сақтап, бұл шприцтің ішіне ыдыс шаятын сұйықтықты құйып қойған. Қолында пышағы жоқ адамға бұл үлкен қару. Соны дереу қалтасына салды.
Қарсақбай үрейлі қалыппен ішке енді:
– Киін, киін! Тез ыбылжыма. 
– Қайда, қайда барам? – деп Зағипа да сескенді.
– Киін дедім мен саған?!. Тағы біреудің астына түсейін демесең!
– Бала ше. Баламды алам! 
– Балада шаруаң болмасын! Киін!
Зағипа үстіне бір күртені іле салды. Халатының қалтасыдағы шприцті мықтап, түсіп қалмасын дегендей сыртынан ұстап тексерді. 
– Бар ана машинаға отыр! Мынау сенде болады, жоғалтпа! – Қарсақбай ірі түйіншек ұстатты. – Мен баламен сендердің артыңнан жетем Есіңде болсын Полиция ұстаса мұнда өз еркіңмен келгеніңді айт, менің тоқалым екеніңді, балаңның барын айт. Жақсы жағдайда тұрғаныңды айт!Түсіндің бе?
Отырған машинаның шопыры Зағипаға қарамады. Алға тартты. Зағипа артқы орындыққа жайғасты. Ешнәрсе түсінбейді. Тағы да түн. Қайда барады, қайда келеді. 
– Біз қайда келеміз?.. 
Зағипаға жауап болмады…
– Мені қайда апарасың? – деді Зағипа тағы да естімей қалды ма деп қаттырақ. Анау тағы үндемеді.
Машина қықи-жиқы жолдан тас жолға түскендей болды. Жылдамдығын көбейтті. 
– Сен өзің кімсің? Мені қайда апарасың? Айтсайшы. Құлағың керең бе?
Ызғып келе жатқан машина жүрісін енді баяулатқандай. Тоқтауға әзірленгендей болған сыңайда. «мынау машинаны неге тоқтатады айдалада тас жолда? Қандай ойы бар жан?» Зағипа тағы үрейленді. 
«Нағыз қашып құтылатын кез туды» деді сосын өзіне. «Бұдан кейін мүмкіндік бола ма, болмай ма?» 10 кубтың шприцті рульде отырғанның желке тұсынан салып кеп жіберді. Ол артына бұрылып қарай алмады. Бірнәрсе дегендей болды. Бірақ қолы машина ролінен босап сала берді. Ал машина болса жол шетінен өздігінен қисайып бара жатты. Зағипа есікті тез ашып үлгерді. Сыртқа етпетінен құлап түсті. Алақаны, тізесі оңбай жараланып қалды. Машина өздігінен ілгерілеп тоқтады.
Зағипа өзін тағы біреу ұстап алардай жан-жаққа үрейленіп қарап еді. Түн қараңғысында еш сұлба байқалмады. Ептеп машинаға келіп, рульдегі кім екенін білгісі келді. Сөйтсе, баяғы Айдарбек. Жазбай таныды. Айлакер, арам жігіт Айдарбек. Даусынан танып қояр деп үндемеуінің сыры түсінікті болды.
«Өлтірдім. Бұл оңбағынды ақыры мен өз қолыммен өлтірдім» – дей берді Зағипа кімге айтқаны белгісіз.
Зағипа машина маңынан тез кетуге асықты. Өйткені Қарсақбайдың «мен сендердің артыңнан жетем» деген сөзі есіне түсті. Қазір осы жолмен кім жүрсе де жол жиегіндегі тұрған машинаға тоқталмай өтпейтіні рас. Сөйтті де тас жолдан алыс қойнауға жасырына тұруға бір ағаш түбіне келді мұнда да шыдай алмады. «Жоқ, мен жүре беруім керек, жүре беруім керек. Бұл маңайдан мүлде ұзауым керек». Шамамен үш-төрт сағат жүрді-ау. Ешкім кездеспеді. Таң бозамықтанып атып, жақын жерден ауыл иттерінің үргені, қораздардың шақырғаны, есектің ақырғаны естілді. Зағипа кәдімгі өз ауылындай ауылға келгеніне қуанды. «Тек кім болса да есік ашқан адамның жаны ашитын біреуі болса болды. Тағы да Қарсақбайдың адамдары болып шықпай» – деп ойлады. Осы кезде барып өзінің адам өлтіргені, бұл қылмыс екені, бұл қылмыстың артында аузы абажадай ашылып абақты тұрғаны есіне түскенде бойынан әл кетіп, жерге отыра қалды. 
* * *
Аудандық прокуратура құрамы өзгерді. Жаңа бастық келді. Жаңа бастық бұрынғы жұмыстың көптеген көлеңсіз жақтарын тапты. Бұрын Қарсақбай қожалығына түскен шағым арыз туралы тексеру ашылыпты да, тез жабыла қойыпты. Мұның сыры неде? Әлі де бұл қожалық туралы алып қашпа сөздер тыйылмапты. Міне, енді осыған арнайы тексеруге топ құрып, анықтауға кіріскен. Сақтық сақтап, қарулы күштермен бару да міндеттелген. Тікұшақ жалдап, сол арқылы жайылымдағы барлық мал санын есептеп, тексермек болған. Әр малшымен міндетті түрде жеке сөйлесу тапсырылған.
Бұл хабарды Қарсақбайдың жансызы Айдарбек естіп, түн ішінде Қарсақбайға келуінің себебі сол-тын. Содан Қарсақбай алдымен Зағипадан сескенген. Көз жасы төрт жылдан бері тыйылмай жүрген ол ботадай боздап «Мені ұрлап әкеліп, төрт жыл бойы зорлықпен ұстап отыр» деуі әбден мүмкін. Бір ғана Зағипаның ісі түрмеге отырғызылуға жеткілікті. Бұған әскерден қашып келген екі жігіттің, сары орыстың, түрмеден босанған Бектайдың, қымыз даярлайтын екі әйелдің құлдықта жүргендері белгілі болса, Қарсақбайдың біткен жері осы. Жылқы бағатындар екі жылдан бері жөні түзу еңбекақы алмай, ақысы тек құлын, таймен өтеліп жүргенін айтса, оған сиыршылар мен қойшылар да қосылады. Ақша мен малға сатылмайтын мықты тексерушілер келсе Қарсақбайдың халі мүшкіл. Бүкіл тапқан, жиғаны тәркіленсе ше? Өзі түрмеге отырғызылса не болады?
Қарсақбай Зағипадан мүлде айрылып қалуды қаламады. Сондықтан оны сонау Ташкент жаққа, өзінің танысының үйіне жасыра тұруға Айдарбекке тапсырма беріп, қомақты ақысын төледі. 
– Байқа, сен оны жеткізетін жерге жеткіз. Ол сені танымасын. Жолда бірнәрсеге ұрындырма. Шашының бір талы қисайса, мен сені өз қолыммен өлтірем, – деген. Бірақ Зағипа Айдарбекті өз қолынан ана дүниеге аттандырады-ау деп үш ұйықтаса ойлаған жоқ. Зорлықты көп көрген адам неден болса тайынбайтынын бұл оқиғаны естігенде бір-ақ білді.. 
* * *
Зағипа тоқтап, үйіне кіргізген сол ауылдың адамы кешке жетпей қамқорлық танытып, арнайы көлікпен Арыс жағасындағы өз ауылына жеткізіп салды. Төрт жыл жоғалған қызының табылғанына үй-іші, ауыл-аймағы түгел жиналды. Жанының зорлықшылардан аман қалғанына бүкіл жұртшылық қуанды. Естіген оқиғаға сенер, сенбесін білмей де қалғандар болды.
Оқиға соңы: Төрт-бес айдан кейін Зағипаға сот болды. Сотта Жансая Тілеубердиева деген Мәскеу заң институтын бітіріп, қызмет еткеніне жарты жыл толмаған білімді, өте жақсы адвокат Зағипаны өте сәтті қорғап шықты. Төрт жыл зорлық көріп, жүйке жүйесіне әбден тозған Зағипаның миына зақым келген, жүйкеде ауыр ауытқу болған. Осы себепті ол қауіпті қылмыстық іс жасағанынан өзі хабарсыз. Қолмен не істегенін білмейді. Осыған байланысты ҚР Қылмыстық Кодескінің № 75 бабының 1 бөлігі бойынша, әрі төрт жасқа толмаған баласы бары ескеріліп, сот залынан уақытша мерзімге босатылды деп жарияланды. 
 Ал, қожалық иесі – Қарсақбай Құлымбетов жәбірленушілердің берген шағымдарымен және прокуратура қызметкерлерінің расталған дәлелдері бойынша пайдакүнемдік мақсатпен қожалығында адамдарды еріксіз құлдықта ұстап, құжаттарын алып қойғаны анықталды. 
ҚР ҚК № 125 бабының 1 бөлігімен 4 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Пікір қалдыру