КЕЙІПКЕРЛЕР:
Міржақып Дулатов – Алаш қозғалысының қайраткері.
Ғайнижамал Дулатова – зайыбы.
Гүлнәр Міржақыпқызы
Әлихан Бөкейханов – Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы.
Ахмет Байтұрсынов – Алаш партиясының мүшесі.
Л. И. Мирзоян – Қазақстан коммунистік партиясы ОК бірінші хатшысы.
БІРІНШІ БӨЛІМ
Бірінші көрініс
1988 жылдың 4 қарашасы. Алматы. Қара жаңбыр шелектеп құйып тұр. Гүлнәр туған күнін атап өтуде. Үй-іші мәре-сәре. Сырттан ешкім шақырылмаған. Есік қоңырауы. Ұзын бойлы, арық кісі имене кірді. Жақын араласатын ғалым еді.
Гүлнәр. (орнынан жеңіл көтеріліп). Кіріңіз! Төрлетіңіз!
Ғалым. (жайғасып). Туған күніңізбен, Гүлнәр апа! Жетінші мүшелге аяқ басуыңызбен құттықтаймын! Бұйырса, 7 жылдан соң 80-нің төрі таяу!
Гүлнәр. Рахмет, айналайын! Ұрпақтарым, Елім аман болсын! Алла қазағымды Тәуелсіздікке жеткізе көрсінші.
Ғалым. Күн шелектеп құйып тұр, құдайдың несібесі. Ата-бабалардың аңсаған асыл арманы орындалар…Үміт – жүрек ынтығы ғой! Құдайдың бір аты – халық!
Гүлнәр. (Тортты қонақ алдына ысырып). Ауыз тиіңіз. Баяғы Орынборда әр туған күнімді осы тәтті дәм үшін аңсап күтетінмін.
Ғалым. (көңілденіп). Ащы балалықтың бір тәттісі ұмытылмайды, апа! Ғұмыр солай – біресе кермек татып, біресе тіл үйірмек. (Кенет күмілжіп). Міржақып әкеміз 50 жасқа 1 ай, 20 күн жетпей өмірден озғанын білеміз ғой…
Гүлнәр. (күрсініп). Иә, айналайын, 33 жыл «Халық жауының қызы» деген қап-қара жамылғыны жамылып келеміз ғой! Тәуелсіздігімізді бүркемелегендей қап-қара сусылдақ түс, нәлет атқыр! Қара дақ жүзімнен сыпырылып түседі әлі, жан алқымды буған жойқын өтіріктен ел арылар!
Ғалым. (қипақтап, даусы өзгеріп). Апа! Апа деймін!..
Гүлнәр. (ошарыла қарап, кеуде тұсын сипалады). Жүрегім қатты соққаны несі?! Мазам жоқ! Дәрім қайда, әлгі?.. (Сәл жантайып, тыңайып алды). Алаңдамаңдар! Шырық бұзылмасын, шырақтарым! Өткінші бір қыспақ қой! Тас төбеңе үйіріле беретін қара бұлт құрсауы ыдырар кезі болушы еді… Өтті-ау деймін! Тынысым ашылды!..
Ғалым. (өзін-өзі ұстай алмай, елеуреп). Апа деймін! Тас құрсау сырылды! Қара бұлт жүнжіп ыдырай бастаса, бозамық кеулеп, жарық күннің алмас шуағымен түтеленіп, біржола жоғалмайтын ба еді! Қара тас қайғы! Алас! Батқан күнмен құрып кет! Өшсін! Өмірді ластамаңдар!
Гүлнәр. (үреймен). Айналайын-ау!.. Бұлтты жарған асыл найзағайдай, мына бұлқынысыңа түсінсемші? Сатыр-күтір еткелі тұрсың… Жай түсірердей жасын ойнатқаның не?
Ғалым. (өзін тежей алмай, ұшып тұрды). Міржақып Дулатов ақталды, апатайым!.. Ақталды!
Гүлнәр. (сүлесоқ күймен таңдана). Қойшы! Ақталғаны несі?! Жаңсақ естіген шығарсың, ағат болып шықпасын?! Өз құлағыма сенбеймін!
Ғалым. (Гүлнәрді қапсыра құшақтап). Жоғарғы Сотта істейтін күйеу балам құпия сыбырлап, жасырын білдірді. Қуанбай қайтсын, ішіне сыймаған соң астыртын айтқаны ғой, әншейінде бекер сыр бермейтін сабаз ғой. Ресми хабарын естуге тағат жоқ. Ақталды! Шешім солай!
Гүлнәр. (ғалымды бетінен сүйді). Ақталса, ақталғанын жасыра тұрайық! Ешкімге айтпашы, айтпа! Маған да айтпа! Тіс жармашы, бауырым! (Шапшаң көтеріліп). Жалынамын! Тісіңнен шығара көрме! Ресми жария етілгенше… (Есіріңкіреп). Құдайым-ау! Мен не естіп тұрмын? Өңім бе, түсім бе? (Су ішіп, демін басып). Ақталды дейсің бе? Елден сүйінші кім сұрайды? (Кемсеңдеп, жанары жасқа толып). Сұрайсыңдар ғой! (Талықсыңқырап). Гүлнәр Міржақыпқызы халық жауының қызы емес деп сүйіншілейсіңдер ғой! (Кеудесін қолымен басып). Мен – Адалдықтың, Азаттықтың қызымын! (Уһілеп). Тәуелсіздіктің жарық күні кешікпей шығар-ау!..
Ғалым. Еркек тоқты құрбандық. Елі үшін басын қатерге тіккен ерлердің күллі арман-мұраты әлеуметтің жай-күйі оңалып, қазақтың бағын аңсаумен, арпалыспен өтті. Азаттық үшін саяси күресте бас кетті. Апа, өмір заңы алыс-беріс екен, өлдің, Мамай, қор болдың деп күңірену бұларға жүрмейтінін аңдайсыз ба?
Гүлнәр. Ей, қарағым-ай…адам жазмыштан асып қайда барады.
Ғалым. Қараңғы қапаста тіршілік торына шырмалып, соқыр, мылқау, меңіреу заманы құлдықта қор қылған қайран қазағын олар өршелене жарыққа жетеледі. Қазақтан әскер құруға ұмтылды. Қарусыз елдің озбырдан сорлап қаларын бек түсінді.Алаш көсемдерінің халықтың озық тобының сауатын ашқан, әлеуметке қызмет қылған елдік істері жалғасын тауып, бекер кетпегені – ақыры құрбандықтарының ақталағаны емес пе!
Гүлнәр. Әкемнің басқан ізі аңдулы болды. Лақап аты Мадияр, арғын тайпасында кіші ру атына шыққан баба есімін бүркеніп әкем марқұм жұрт қамын ойлаған талай-талай жалынды мақала жазды. Арқаның кәріне мінген ақтүтек қысы долырған үскірік қарашаның соңында Сарықопада туған әкем қоңыр күзде атылып кете барды. Елу ердің жасында. Анасы Дәмештен екі жасында, әкесі Дулаттан он екі жасында жетім қалған әкемді ағасы Асқар ер жеткізді. Бұл оның өмірбаянының бастауы.
Ғалым. Ташкенде 1920 жылы, азамат соғысы қызып тұрған уақытта Міржақып Дулатов қазақ тілінде шығарған газеттің атауы – Ақ жол болатын. Алаш ерлері көрегендік қылып, иісі қазаққа батасын беріп кеткен сияқты, апа!
Музыка.
Екінші көрініс
Қарқаралы шеруі. Теңіз толқынындай аптыға тулаған асау халықты кернеген ашу-ыза бұғалық берер емес. Қолдарында жоғары-төмен қылтиған транспаранттар: «Қазақтардың иелігіндегі жерлер олардың өз меншігі болсын!»; «Ар-ождан бостандығы болсын!»; «Білім беру ісін дұрыс жолға қою керек!»; «Қазақ тілінде газет шығарылсын!».
Топтан оқшаулау тұрғандар да қызуқанды сөзге кіріскен. Наразылық білдірушілер тілегін саңқылдай айтып жатыр.
1-ші дауыс. Қазақтардың діни көзқарасына еркіндік бірілгені жөн!
2-ші дауыс. Қазақ даласына орыс шаруаларын орналастыру тоқтатылсын!
3-ші дауыс. Бітімші сот институттарын енгізуді талап етеміз!
4-ші дауыс. Сот әділ болуы үшін судьялар өзі қызмет ететін халықтың тілін білетін болсын!
5-ші дауыс. Қазақ халқының мүдделері мен құқықтарын қолдау үшін заң шығару жиналысына қазақ депутаттарының қатысуы қажет!
Ұран тастаушылар мен өкімет сақшылары қақтығысып жатыр. Жандармдар шеруді қуып таратты. Жиынды басқарушы топтарға қоқан-лоққы көрсетіледі. Міржақыптың иығына дубинка тиіп, омақаса құлайды.
Оны арашалауға Ахмет Байтұрсынов ұмтылды.
Әлихан. (оң қолын жоғары серпіп). Бұл халықтық толқуды енді ешкім тоқтата алмайды. Патша өкіметінің отарлау саясатына ашықтан-ашық петиция арқылы наразылық білдірген қазақ қоғамы атынан ұлт-азаттық өкілдері алғашқы қадам жасады. Енді халықты езіп-жаншыған өктемдікке қарсылық барлық аймақта жойқын сипат алары даусыз. Осы хұзырхаттың авторлары ретінде мына тұрған (екеуін құшағына алады) Байтұрсынов, Дулатов және мен үшеуіміз бұған имандай сенеміз!
Міржақып. Хұзырхатты әзірлеуде Ақбайдың Жақыбының еңбегі зор, азаттық аңсаған жұрт мұны да білсін!
Ахмет. (сұқ саусағымен пенснесін жоғары көтеріп). Жыр қыламыз өжеттігін ерлердің! Өмірдің сыны – өжеттігі ерлердің! Максим Горький «Сұңқар жырын» жазғанда тап осы өршіл сәтті буырқана суреттеген-ау! Мынау наразылық дүлейі сол дауылпаз жырды әбден еске салды! Иә, дұрыс айтасыз, Әлеке! Халық бақыты жолында жанпида, азаттық үшін қасиетті шайқастың біз куә боп тұрған дүмпуін тежеуге өзіңіз айтқандай, ешкімнің енді құдіреті жетпес-ау!
Міржақып. (жанары жарқылдап). Горький қазақ даласының сұңқарын өз көзімен көрсе ғой! Оның жыры асқақ төгіліп, тым өткірленіп кетер еді-ау! (Ойланып, шерушілерді көзімен шолып). Әне, қыран жүректілер. Бодандықтан бостандыққа ұмтылған кілең сұңқар тектес өр мінезді ерлер. Қараңдар, қалай-қалай ытырынып тұр.
Ахмет. (сабырлы үнмен). Басшысы келіссе, қосшылары дайын-ау!
Міржақып. Ахмет аға, «Маса» енді ызыңын тіптен күшейте түсер, арам қанды сорғызып құтылармыз… (Зор дауыспен тақпақтайды). «Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып, Қаққы жеп қанаттары бұзылғанша. Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен, Қоймастан құлағына ызыңдаса?». (қос қолын көтеріп, айбаттанып). Ахмет аға! Менің кеудем күллі қазақ кегінен қопарылып бара жатқандай! Жүрегімді қарашы, атқылаған! (Ахметтің қолын өз омырауына икемдей басады). Кеудемді жарып кетердей ме, Аға!
Ахмет. (әмірлі үнмен). Міржақып қалқам! Сабыр,сабыр! Түсінем, сені! Түсінем! Қазағыңның шерін шеріткелі тұрсың-ау! Халқыңның мұңын, зар-наласын ақындық асау арынмен төкпексің-ау! Қане, босат, босат, шерменде көңіліңді!
Міржақып. (арқыратып). Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты, (Іркіліс). Өткізбей қараңғыда бекер жасты. (Іркіліс). Жер кетті, дін нашарлап, хал һараб боп, Қазағым, енді жату жарамас-ты! (Алдындағы Ахметті жаңа көргендей боп). Ахмет аға! Аға деймін! Айтыңызшы, мен не дедім?! Құр сандырақ па, әлде? Ауырып қалған жоқпын ба? (Еңкейе түсіп). Басымнан сүйеңізші, Аға!
Ахмет (өбектей қуанып). Құдай салды бұл сөздерді сенің аузыңа! Иә, Құдайым салды! «Оян, қазақ!» деп тұрсың ғой қараңғы қапастағы қалың еліңе! Сен қазірден бастап бақытты Міржақыпсың! Қаннен-қаперсіз бұйығы жатқан халқыңды оятып алып, ойлантқалы тұрсың! (Міржақыпты құшағына қысып, маңдайынан сүйеді). Бұл жақсылығыңды қалың жұртың мәңгілік ұмытпайтын болады! Соған сенем мен! Жүрегім сезіп тұр!..
Міржақып (көзінен тамшы жас үзіліп түседі. Ағасын қапсыра құшақтап). Айналайын, ағатайым!.. Қазағым бостан, бақытты болсыншы! (Абдырап). Сол туған ұлт ұстазы дәрежесіне көтеріліңіз, Аға! Жүрегім соны сезеді! Көтерілесіз сол биікке!.. Көсем керек алты алаштың баласына!
Үшінші көрініс
Алакөлеңке бөлме, толған айдың жарығы. Бөлме. Төсек. Гүлнәр ұйқыда, қорқынышты түс көріп жатыр. Селк етіп оқыс басын көтеріп алды. Бірақ әлі ұйқыда. Жамылғысын басына тарс бүркеніп, бүрісіп отыр. Бөлменің сол жақ бұрышынан қасына қара киінген, қара қалпағын көзіне түсіре жүзін жасырған біреу келіп тұрды.
Қара киім ді кісі. Білемісің, сенің Міржақып әкең неге кеш ақталды?
Гүлнәр. (Басында ақ жамылғысын бүркенген қалпы отыр). Әкем неге ақталады? Ол халық жауы емес! Сотталған жоқ!
Қара киімді кісі. Сотталған! Жасырма! Нағыз халық жауы! Себебін айтайын ба? Зәлім саясаттың оң-солын танымайтын аңқау қазақты оятам деп ақ патшаға әдейі қарсы қойды. Еліне жаны ашыса, өйтпес еді. Ал заман өзгеріп, совет билігі орнап, қызметке араласып, Қызылордаға келген соң ол қаламын сілтеп бақты, совет үкіметіне іші жылымай, сөзімен-ақ жұртты арандатып бақты.
Гүлнәр. Жала жаппа, Алаш ұлына! Әділетке сот жүрмейді.
Қара киімді кісі. Білетіндер оны өте сақ адам деседі. Күрестің небір тәсілін меңгерген. Кейде қалам қарудан бетер өктем күшке ие боларын білемісің? Басқа білмесе де, оны мына сен білесің! Сенің әкең ұлтын құрдымға жібергісі келген қаражүрек!
Гүлнәр. (төсегінен атып тұрып, жамылғысын серпіп тастап, еденге жалаңаяғымен басып, қара кісіні алқымынан алғысы келгендей қос қолын қатар созып). Неткен солақай сұм едің! Қандай азаттық бағы қан-төгіссіз, құрбандықсыз келіп еді?! Айтшы кәне, көлгір неме?!
Сахна қап-қараңғы болып кетеді. Жарық қайта алакөлеңке болғанда Гүлнәр оянып кетіп, өзінің қос қолын алға созып, ауаны қармалап тұрғанын сезінеді. Гүлнәр ауыр күрсініп, төсегіне қайта отырып, жастыққа бас қояды. Қараңғылық қайта басты. Гүлнәрдің қасына екі адам таянды.
Тарихшы. Дулатов тарих алдында адал! Дерек бұлтартсын ба!
Шәріп. Атым – Шәріп, Амангелді батырдың ұлымын. Менің әкемді өлтірген Дулаттың Міржақыбы емес! Оған тағылған айып жалған!
Қара киімді адам. (бір бұрыштан сумаң етіп жетіп келеді, жүрісі біртүрлі жымысқы, жыланша ирелең қаққан тәрізді, итше бүлкек қаққанға да ұқсайды). Сенің әкең Амангелді Алашорданың қолымен өлтірілді ғой…Аруақтан қорықсаңшы! Қалың қыпшақ күңірене жоқтап отырған жоқ па?
Шәріп. Әкемді қапияда атып өлтірген жендет арандатушы топтың адамы, кім екені белгісіз. Бекер ғайбаттауға қарсымын!
Тарихшы. Комиссияға жалған арыздар қарша борағандықтан ақ-қарасын екшеп, арысты кеш ақтадық. Тарих алдында Міржақып судан таза, сүттен аппақ! Ол туған халқының мұрат-мүддесі жолында күресті!
Қара киімді кісі. (сесі қайтып, қақиған басын сылқ еткізіп төмен түсірді). Жел тұрмаса шөпті басы қимылдамайды, қызыл комиссар Имановқа қатысты ол әңгіме неге шықты?
Шәріп. Гүлнәр апа! Апатайым! Амангелді батырды мерт қылған Дулатов емес, оған көзім жетті! Бір-бірімізге кектеніп келгенбіз! Енді кешірімді болайық! Бауырым деші, апа! Ақиретке адал аттанайықшы!
Есік қоңырауы қатты шырылдады. Төсекте жатқан Гүлнәр ақырын қозғалып, көзін ашты. Қоңырау безілдеп тұр. Гүлнәр түкті халатын киді. Көзін қатты уқалады.
Гүлнәр. Өңім бе, түсім бе? Қоңырау безектейді, біреу келіп тұр ма?
Орнынан тұрып барып, есікті ашты. Есіктен ер адам кірді.
Шәріп. Амансыз ба, Гүлнәр апа! мені таныдыңыз ба? Амангелдінің баласы Шәріппін.
Гүлнәр. О, Тоба! Жаңа ғана түсімде көрген Шәріпсің бе?
Шәріп. Түсіңе кірдім бе, апа?
Гүлнәр. Иә, кірдің! Осы сені көріп тұрғаным өңім бе?!
Шәріп. Сізден кешірім сұрағалы келдім. Әкемді өлтірген Міржақып емес екенін өз аузыммен айтайын деп құстай ұшып алдыңызға жеттім. Әкелер рухы тынышталсыншы! Мына біздер, тірілерден кеткен ағаттықты бір Алла кешірсін!
Гүлнәр. Үлкен жүрегіңнен айналдым, бауырым!
Екеуі еңіреп құшақтасады.
Төртінші көрініс
Уақытша үкіметтің Торғай облыстық әскери комиссары Әлихан Бөкейхановтың қабылдауында Ахмет Байтұрсынов отыр. Бұлардың үстіне Міржақып кірді. Әскерише сымдай тартынып киінген.
Әлихан. Мына түріңмен Алаш атты әскерінің айбынын асырып тұрсың-ау! Ту-у, қалай жарасады! Адмирал Колчактың өзі таңдай қағар еді.
Ахмет. Расында, солай-ау! Бірақ, Міржақып, бұл киім үлгісімен қоштасуыңа тура келеді.
Әлихан. Сондай ұйғарым жасап отырмыз. Төтенше жағдайға байланысты…
Ахмет. Кремльде Ленин жолдас Алаш әскерін тарату жөнінен тікелей талап қойды.
Әлихан. Иә, Алашорда тынысы жағалай тарылып келеді. Қаруланудан – қарапайым қимылға көшеміз. Міржақып, бұған қалай қарайсың?
Міржақып. (түнеріп). Қолқамды жұлып алыңыздар!
Ахмет. Сабыр, сабыр!
Міржақып. Аттан түстік дегенше… адыра қалдық десеңші!
Ахмет. Міржақып, отарлық езгі, салықтан, қорлықтан көз ашпаған, оқымаған надан елдің болашағы оқу-біліммен көгерерін барша халықтар біліп, сауат ашуға әсіре мүдделі болды. Біз өзгенің жақсы жағын біз аумай-төкпей қабылдап алайық. Оқу ісін ұйымдастыруға, мектеп ашуға, бастауыш мектепке арналған оқулық жазуға, медицинаға қажет ақбар беруге алаштың оқыған азаматтары тегіс ат салысуы керек. Бірақ қазір оқ пен оттың ортасында отырсақ та саған жүктелер негізгі талап оқу-ағарту, оқулықтар жазу.
Міржақып. Аха, ұлтшылдық көзқарасымды қалыптастырған мына өзіңіз болатынсыз. Саяси партияға бірігіп, озбыр билікке қарсы күресте соңымызға халықты ертіп, елдік мүддені нақ сайлап алып, іске жұмыла кіріссек жаман болмаймыз деп үйреткен Әлихан аға екеуіңіз. Қазір қаламнан ғөрі қарудың айбыны асып тұрған жоқ па?
Әлихан. Бәріне мықты тактика керек.
Міржақып. Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш, / Емеспін жемісі көп тамаша ағаш. / Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі – / Пайдалан шаруаңа жараса, алаш!
Әлихан. 16-шы жылдың аласапыран жазында Ақ патшаның төтенше жарлығы шығып, майданға қара жұмысқа қазақтан кісі алмақ болғанда жер-жерде көтеріліс шықты. Сол жолы қазақты қырғыннан сақтап қалмасақ, әскери бекіністерде тұрған қарулы топтарды жіберіп, ауыл-аймағымен қырғызып, қазақты оңалмастай етіп, белін опырып, сындырып жіберер еді. Ақылмен іс қылған бұғып қалу емес.
Осы кезде көшеден шу шығады. Бәрі ашық терезеден сыртқа үңіледі.
1-ші дауыс. Қаршадай боп қағынуын қарашы. Қаймықпайды!
2-ші дауыс. Өжеттісін-ай! Әне, тіпті құшырлана шырқағанын қайтерсің…
Бала дауысы. («Алаш ұраны» шырқала бастайды). Алаш туы астында, Біз алаштың баласы. Күніміз туып көгерді, Сарыарқаның даласы…
3-ші дауыс. Өй, ана қарашекпенділерге не жорық? Баланы қылғындырып, мытып ұстағаны несі? Ой-бай-ау! Өлтірмесе не етті?
Міржақып терезеден сыртқа секіріп кетті. Көшенің екінші бетінде әр тұста жұрт бар.
Ер адам. Тый, Гимнді, алашшылап қақсама!
Бала. Бұл гимн мәңгілік шырқалады! Шырқай берем! Қанымызға тоймаған, Қолымызды байлаған, Ерімізді айдаған, Елімізді лайлаған, Жерімізді шимайлаған, Өшті залым қарасы…
Ер адам. (кіжініп). Тіліңді кесем!
Бала. (шабынып). Менің тілім кесілсе, басқа сау тілдер айтады.
Ер адам. Мә, ендеше, Алаштың бөлтірігі! (пышағын жалаңдатады).
Міржақып. (жеткен бойда). Тарт қолыңды, қаскөй!.. Азаптама баланы!
Әлгі бозбала аузын жуып кеткен қызыл қанды сорғалатып, Міржақыптың құшағына өкіріп ене берді.
Осы жерге маңайдағы ойын балалары да үйіріле қалыпты. Ішінде тұлымы желбіреген Гүлнәр да көрінеді.
Гүлнәр. (әкесінің қасына жүгіріп келіп бақыра дауыстап). Әке, ана баланың кесілген тілін қарашы, жерде жатыр.
Міржақып. Қайт үйге, қызым, қарама қанға!
Бала. (қан атқылаған аузын әзер ашып, жан-дәрменмен ықылық атып). А-аа! А-ла-шш…
1-ші дауыс. (алыстан талып естіледі). Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз. Енді ешкімнің алашты, Қорлығына бермейміз!
2-ші дауыс. Өлер жерден кеттік біз, Бұл заманға жеттік біз! Жасайды алаш, өлмейміз! Жасасын, алаш жасасын!
Торғай көшесі. Халық күңіренісі. Алаңда ағаш басына ілінген адам басы.
Дауыстар.
– Бұл қай пақырдың басы екен?
Кейкі батырдікі деседі.
Қайран Кейкі мерген азаттықты аңсап арпалысқан ер ғой. Қызылдар түбіне жетіп тынған екен.
Дұшпан мергеннің басын кескенмен, рухын өшіре алмас!
Халық толқуынан үрейленген Ресей жазалаушы жасағының жауынгерлері шеп құрып, алаңдағыларды ыдырата бастады. Қолдарындағы ағаш кеспекпен маңайындағыларды соққылай жөнелді.
Міржақып. Доғарыңдар! Халық қаһарына ұшырайсыңдар!
Солдат. (дөң-айбат шегіп). «Оян, қазақ!» деп жуас ұлтты құтыртқан сен кінәлісің бәріне. Тарт тіліңді! (Кеспек ағашын ыңғайлайды).
Ахмет. (араға килігіп). Таста қаруыңды! Міржақыптың ұраны әр қазақтың жүрегіне жете бастағанын ойлаңдар! Кейкі осы ұраннан дүр сілкінген. Баршаның көкейін тескен ұлық сөз! Әлі-ақ ұйқыдағы барша қазақ оянады! Сонда бәрінің басын кесіп алуға қауқарларың жетпес! Қазақты бассыз қалдыра алмассыңдар! Мына ашынған халық дауыл сілкінткен теңіздей буырқанып сен сияқты жендеттерді таптап кеткелі тұр ғой!
Солдат. (өзіне тақаған жасақ басшысының аузына құлағын тосып өзара күбірлесті де, қасындағыларды жиыстырып алып күтпеген қимылға көшті). Ұстаңдар Дулатовты! Байлаңдар! Штабқа жеткіземіз!
Міржақып. Дат!
Солдат. (Кеспегімен Міржақыпты басынан ұрып жіберді). Тыныш жұртты оятып алып дат сұрайды! Мә, мә, сазайыңды тарт!
Ахмет. (солдаттың кеспегін қолынан жұлып алып, өзіне сілтейді). Қазаққа қазақ қастандығын қашан доғарады? Сен де бірдей көр көресіні!
Гүлнәр. (халық арасынан суырылып шыққан қаршадай қыз әлгі жендеттің қарусыз саусағын қыршып алды). Жібер әкемді! Жібер! Неге ұрасың әкемді, ұрма!
Солдат. (қызды аяғымен теуіп жіберіп, анадай жерге ұшырып түсіреді). Дулатовты бұлтартпаңдар! Әкеттік, қане! Мына Байтұрсынов кешікпей сазайын тартады! (Оған ызалана қарап). Масадай ызыңдап бүйірің шыққанын көрерміз түбі!
Гүлнәр.Ахмет ата! Әкемді өлтірмесінші! Сені неге тыңдамайды олар!
Бесінші көрініс
Қызылорда. 1928 жылдың аяғы. Түн ортасы. Қарсыз қара суық дауыл тас ұшырардай құтырынады. Есік қақырата қағылды.
Ғайнижамал. (төсегіне қисая беріп, ұшып тұрды). Сұмдық-ай! О, сұмдық!
Міржақып. (көзі ілініп кеткен еді). Өзім ашам! Кім бұл? Қазір, қазір… (сөйткенше болған жоқ, есік ішке опырылып түсті).
Гүлнәр. (тарсылдан оянып кетіп). Қандай долы боран! (Елірген қара киімді үшеуді көріп, бақырып жіберді). Бұлар кімдер?
Ол. (Үшеудің біреуі ғана сөйлейді. Екеуі мылқау, меңіреу қалпы міз бақпай, мелшиіп қарап тұрады). Міне, арестке рұқсат қағазы. Тінтеміз! Тұтқындаймыз! Үшеуің де қимылдамай тұрыңдар! Қолжазбаларыңды қайда тықтың? Қане, көрсет! (Міржақыпты нұқып жіберді).
Гүлнәр. Әкеме тимеңдер! Пышақпен жарып тастаймын! (Он үш жасар Гүлнәр үстел үстіндегі пышаққа ұмтылды). Жайратамын бәріңді!
Ол. (пышақты тартып алады. Қарай көр! Алаштың қаршадай қызына дейін көк бөріден ауызданған-ау! Көзін қарашы! Өңменіңнен өтеді. Бөлтірігін де құрту керек бұларды…
Гүлнәр. (пышақты алғанда алақанын осып кетсе керек, қып-қызыл қан еденге тамшылап тұр). Мә, менің қаным сен жендеттің мойныңда. (Қолын сілкіп қалғанда, қан бір милицияның бетіне шашырайды. Ол ызаланып қыздың шашынан сүйреп бұрышқа етбетінен түсіреді).
Гүлнәр. (келесі бөлмеде әкесінің қағаздарын жүнше түтіп қопарыстырып жатқандарға айбаттанып айқайлайды. Міржақып іштен тынып қарап тұр). Әкемнің қағаздарын әкеткендеріңмен, оның ойын, талантын қолды қыла алмайсыңдар!
(Бұл кезде Міржақыптың қарақұсына тапанша дүмбісі қатты тиіп, сұлап түсті).
Ғайнижамал. Ұруға қақыларың жоқ! Гүлнәрім! Шапшыма! Тыныш жат! Бұлар аямайды. Әкең бәрін өзі біледі. Бірінші көрген құқайы емес қой! Майып қылар, тыныштал, қызым!
Ол. (бөлмеден бір бума қобыраған қағаз алып шығады). Осы жазғандары да түбіне жетер. Қапшыққа салайық. (Міржақыпқа зекіп). Сені алып кетуге келдік! Отбасыңмен қоштас! Бол, тез!
Міржақып. Әзірге сау болыңдар, жарандарым! Дәнеңе етпейді! Халқым барда жоқтаусыз қалмаспын! Өздерің мықты болыңдар! (Осы кезде жапсарлас қордағы Алакөз аты жан дауысы шұрқырай кісінейді). Маған енді Алакөзімнің жалынан бір сыйпауға мұрсат беріңдер! Өтінем!
Ол. (бір-біріне аңтарылып қарайды). Дулатов, есің дұрыс па? Өйтіп, мазақ етпе бізді! Жүр, алға түс. Атшылын мұның!
Міржақып. (сенекке шыға беріп, Алакөзге тұра ұмтылады. Басынан сипап, жалынан құшады, кеңсірігінен сүйеді). Асыл тұлпарым! Алакөзім! Қайтып оралам! Күт! Аңға бірге шығамыз, әлі!
Ол. (таңырқап). Мәссаған! Атының көзіндегі моншақтаған жасты қараңдар! Өң бе, түс пе? Жылқының жылағанын бірінші көруіміз. Қызық болды-ау, өзі! Атын да ала кетсек қайтеді? Ат емес, адам емес пе, өзі! Дұрыстап қараңдаршы!..
Міржақыпты қорадан желкелеп шығарғанда, Алакөзіне соңғы рет көзін салған ол көз жасын ешкімге көрсетпей сүртті. Ғайнижамал есік түбінде есінен танып сұлап жатыр. Гүлнәр сыртқа жалаңаяқ атып шығып, әкелеп соңынан жүгірді.
Міржақып. (қарлығыңқы,толқулы дауыспен). Гүлнәржан, тез үйге кір! Қардан табаныңа ызғар өтіп үлгереді, қызым. Әкеңді тыңдашы! Анаңа серік бол! Ол бейбаққа демеу бол! Жүрегі ұстап қалмасын! Бізді ешкім айыра алмайды! Айырмайды! Мен ораламын!
Гүлнәр. (оппа қарға етбетінен түсті). Әке! Әке-е-ші-іі-м! Біз сені күтеміз! Алакөзің де күтеді! (Ат оқыранады).
Алтыншы көрініс
Вокзал басы. Поезд үні. «Халық жауларын» вагонға тиеп жатыр. Аласапыран жұрттың арасымен сығылысып Ғайнижамал мен Гүлнәр алға ентелейді. Вагонға қол созым жер қалғанда, пойыз ілби қозғалды. Көп ішінен жан-дәрмен сытылған Гүлнәр қолтығына қысқан түйіншегін жоғары көтеріп «әкелегенде», Міржақып қызын көріп қап, вагон көзінен қол бұлғады.
Міржақып. Қызым! Пойыздың астына түсесің! Кері қайт! Қош, қарғам!
Гүлнәр. Әке! Мамам пісірген бәлішті алшы! Мә, қолыңды созшы. Мә, әке! Дәмі қандай! Тәтті! Алшы! Алшы!
Осы кезде Гүлнәр жауырынынан тиген қатты соққыдан мұрттай ұшады. Біреу келіп оны тұрғызып алды.
Жетінші көрініс
Міржақыптың жақын інісі Шайлан Торғайға жүруге қамдануда. Үй сыртында қараң-құраң адамдар көрінеді. Шешесі Ғайнижамалдың қасында тұрған Гүлнәрдың көзі бұлаудай боп ісініп кетіпті.
Шайлан. Несін жылайсың, балам? Бутыркадан әкеңнің жазған хаты бойынша Алакөзді әкеткелі тұрмын ғой. Әйтпесе, нем бар, килігіп! Маған оңай дейсің бе? Ауыздарыңнан тамақты жырғандай болдым-ау!
Ғайнижамал. «Соймаңдар, елге апарсын! Қызылордада көзқұртына айналады. Аш-жалаңаш кезде ұрлыққа ілініп кетер» депті. Міне, әкеңнің аманаты осы. Сарыуайымға салынбайықшы, қызым!
Гүлнәр. Алакөз кетсе, мен де кетем! (Долданып, бөлмені кезіп кетеді). Бермеймін, Шайлан ата! Қызбел ауылындағы аштықта сойып жейсіңдер! (Ат басын аймалайды). Кетпеші, Алакөз! Кетпеші! Зорлап әкетсе, Қызылордаға қайта қашып келші, Алакөзім! (Бақырып жылайды).
Шайлан. Уақыт тар. Жол ұзақ. Маған сеніңдер. Міржақыптың аманатын өле-өлгенімше орындаймын! Сатпаймын, сойдырмаймын! Тұқымын жаям, өсірем! (Атты жүгендейді. Алакөз тыпыршып осқырынады, күңірене кісінейді. Гүлнәр есі ауғандай шыңғырып Алакөздің жалына жармасады).
Сегізінші көрініс
Шайланды байлап-матап тастапты.
Колхоз бастығы. Айт қане! Атты қайда жасырдың?
Шайлан. Түнде ұрылар қолды қылды. Қызбел ауылын аштық жайлаған. Далада зорман, тышқан қуалап, қолдарына іліккендерін талғамай жеп қорек етушілерден көз сүрінеді.
Колхоз бастығы. (қамшымен тартып жібереді). Тауып әкел! Өз қолыммен бауыздаймын! (тамағына кездік кезейді). Бауыздаймын!
Шайлан. (көзі аларып, жантая бере). Таба алмаймын! Ұрылар қойсын ба.
Осы сәт бір топ адам сау ете түсіп, колхоз бастығын қаумалай жамырай сәлемдесіп, сүйіншілей жөнеледі.
Дауыстар. – Сүйінші! Ат табылды!
–Тығып қойған жерінен таптық!
Колхоз бастығы. Сойыңдар, мына иттің көзінше!
Шайлан. Қап! Иттер-ай.
Колхоз бастығы. Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда, сосын жылқы сойғанда көресің. Ағаңның атының етінен саған татқызбасақ кім болғанымыз.
Шайлан. Обалы жібермегір! Көк соққыр!
Колхоз бастығы. Оттама!
Сойысты шапшаң үлгерткендер шаттана түсіп, шабынып келеді де, теріге қомдаған етті тастай салады.
Колхоз бастығы. Шайлан татсын алдымен шикідей дәмін! Қане, жұтсын! (Бір есерсоқ Шайланның қорғалап бетін жаба бүк түскеніне қарамай, аузына зорлап ет тықпақ болды).
Дауыс. Аш аузыңды! Жынымызды келтірме! Ағашпен кереміз. Міржақыптың атына адал екенсің, ә! Аш аузыңды!
Шайлан. Жемеймін! Алакөздің етінің бір түйірін татпаймын! Өлтіріңдер! Міржақыптың аманатына қиянат қылмаймын, солай ант бердім! Жемеймін!
Дауыс. Жегенде қандай, аштан өлесің бе! Жылқы етін жемей жүргендей әулиесуін қара.
Шайлан. (қасқайып). Өлтіріңдер! Арманым жоқ! Аманатқа адалмын! Өлтіріңдер! Міне, бас! Алакөзден қаншама тұқым қалдырдым! Тұқым қалдырдым!.. Енді Алакөз екеумізде арман жоқ!
Тоғызыншы көрініс
Орталық партия комитеті. Бірінші хатшының қабылдау бөлмесі. Мирзоянның шақыртуымен Гүлнәр Дулатова келіп отыр. Кезегі енді-енді жетіп қалды.
Хатшы қыз. (іштен шықты). Гүлнәр Міржақыпқызы, Левон Исае- вичке кіріңіз. Сөмкеңізді осында қалдырыңыз!
Гүлнәр. (абдырап). Сөмкемде әке-шешемнің суреттері бар еді. Үлкен кісіге көрсетуге әкеліп едім…
Хатшы қыз. (бұйрық үнмен). Тастаңыз! Құр қол кіріңіз! Тез! Ырғалып-жырғалатын жер емес!
Мирзоян орнынан тұрып, сәл бері адымдап, Гүлнәрға қолын ұсынып, орындық меңзейді. Жүзі қуақы. Көзінен көлгірсу аңғарылады.
Мирзоян. (елпілдеп). Гульнар Мирякубовна! Сіздің маған жазған хатыңызбен мұқият таныстым. Зор мақсат! Әрине, білімсіз ештеңе өнбейді. Талабыңызға тәнтімін. Қандай оқуға түскіңіз келеді?
Гүлнәр. (нық сөйлеп). Томск университетіне! Дәрігер болғым келеді.
Мирзоян. Өте дұрыс! Бірақ онда талап жоғары. Қазақ қызының жолы жіңішке деген тағы бар ғой. (Жүзіне мысқыл жүгірді). Орыс халқы менмен, тәкәппар келеді. Шын айтам! Түсіп алып, оқи алмай жүрсең… Көмектесерміз-ау! Бірақ…
Гүлнәр. (өр үнмен). Левон Исаевич! Түссем болды. Одан әрі қам жемеңіз! Жолдама құжатымдағы халық жауының қызы деп мөрленген таңбаны жойып берсеңіз. Сынаққа дайындығым күшті!
Мирзоян. (таңданып). Халық жауы! Қандай қатыгез атау! Түсінбеймін мүлде! Дулатов қазақ еліне пайда әкелуден басқа нені аңсапты?! Өзге сасық пиғылдылар санатына күштеп енгізіп жіберген ғой! Әйтпесе! «Оян, қазақ!»-тан» – не мін, саяси қателік табуға болады? Айтшы, Гульнар қызым?!
Гүлнәр. (көзі жайнап). Левон Исаевич! Сіз неткен мейірімді жансыз! Әкемдей көріп кеттім ғой! «Оян, қазақ!»-ты қазақша оқып көрсеңіз ғой, әттең!
Мирзоян. (түлкібұлаңси, қазақша кекештеніп). О-о! О-ки-д-и-и-мм! (Сұқ саусағын шошайтады). Оқуға түсесің! Жолың ашық болады! Қазақ қыздары керемет қой! (Сұғына қадалады да, телефон нөмірін тереді). Сәтпаевты қосыңыз! (Дауысын қатайтып). Сіздің Томск университетімен байланысыңыз жақсы ғой! Дулатов, ие Дулатов, Дутов деп ойлап қалма, соның қызы отыр менде. Оқуға түсір, Томскіге! (Кекесін үнмен). Барыңды сал! Сенің миыңда көп нәрсе бар ғой! (Көлгірси күліп). Қазақ үшін аянбайтын қасиетіңнен айналдым сол! (Гүлнәрға суық қарап). Бара беріңіз, естідіңіз ғой!
Гүлнәр. (енжарлау). Рахмет, сізге!
Мирзоян Гүлнәр шығысымен орнынан шоқ басқандай ыршып тұрады. Ішкі желімен хабарласып, әлдекімге дөң-айбат шеге бастайды.
Мирзоян. (жекіп). Жексұрын Дулатовтың қосымша ісіне қызы Гүлнәр Дулатованың кейінгі құжат-деректерін толықтырып қосып қойыңдар! Індетіп жинап, пысықтаңдар! (Тамағын қырнап). Мәскеуге жіберіліп тұратын «қара тізімді» тез әкел маған!
Іле серейген біреу жетіп келеді. Мирзоян оның ұсынған қағазын қолы қалтырай ұстап, көзіне тақатады. Басы қалтылдап, үңіле түседі.
Мирзоян. (үстелді қақырата қойып қалады). Неге жоқ олар? Неге қоспағансыңдар?! (Қалпынан шығып). Дулатовтың айнымас серігі, заңгер Сейдәзім Қадырбаевты айтам! Лениннің еңбектерін қазақшалап, орысқа жағынып жүрген нағыз сұмпайы сол! Білімі ұшан-теңіз. Көзін құрту керек! (серейген қызметкер аузын аша беріп еді, үндеттірмеді). Сосын Дулатовтың туған ағасы Асқар Дулатовты қосыңдар дегенім қайда? Сволочи! Меңіреулер! Өз армяным деп жүрсем сені. Маған жаның ашығаны осы ма? Құртам! (Алқымына қол салады). Сволочь! Маған мынаны айт! «Қара тізім» жоспарын асыра орындадық білем! Мәскеуге енді қосымша тізім ұсынуымыз керек! Мүмкіндігіміз бар ма? (Дірдектеген қызметкер).
Қызметкер. Б-а-ар! Б-ба-а-рр! Ж-е-е-ет-е-ді!
Мирзоян. (Мирзоян оның алқымынан қолын ажыратады). Жауыздың әлгі қызын назарыңа мықтап ұста!..
Гүлнәр сыртқа салбыраңқы шықты. Кеуде тұсы шаншып, берекесі қашты.
Гүлнәр. Бүйткен оқуы құрысын!. Өзі бір түрлі кісі сияқты. Халық жауының қызы деген қара дақты жұмсарту үшін ғана алдына бардым ғой, әйтпесе Алматының кез келген оқуына түсуге дәрменім жетер еді.
Аһ ұрып, өксіп-өксіп жіберді. Саябақтың оңашалау тұсына келіп, көз жасына ерік берсін. Әбден солқылдап жылап, мауқын басқасын сәкіге отырып, сөмкесін ақтара бастайды. Әке-шешесінің суреттеріне мұңын шаққысы келіп кетті. Қопарып, дәнеңе таппады.
Гүлнәр. (зарланып). Құдайым-ау! Бұл не? Бұл не сиқыр?! Не сұмдық! Жоқ қой суреттерім?! Әкешім-ау! Мамашым-ау! Қайдасыңдар?! Жанымнан тастамай жүруші едім ғой! (Ойланып). Не де болса әлгі хатшы қыздан келді-ау. Сол, сол ұрлады! Албасты! (Көкке қолын жайып, күңірене дауыс қылды).
Осы кезде сонадайдан бір таныс бейне көрініп, тақай түсті.
Гүлнәр. (үсті-басын ретке келтіріп). Мұхтар аға! Ағ-а-а! Са-а-ағы-ын-д-ы-ым! Сізді көрмегелі қай заман!
Мұхтар. (тұнжырап). Амансың ба, қарағым! Үй-ішің аман ба? Шешең аман ба?
Екеуі қатар аяңдап келе жатыр.
Гүлнәр. Томсіге оқуға кетуге талпынып жүрмін. Алматыда қалуға болмайтынын көріп жүрмін.
Мұхтар кілт тоқтады. Гүлнәрдің бетіне тура қараған жоқ. Қабағы түсіңкі, еңкіш тартып тұр.
Мұхтар. (Бір қырын тұрып). Қарағым Гүлнәр! Біз енді кездесе қалған жерде бір-бірімізді танымайтын түр танытып, тілдеспейтін болайық! Түсінесің ғой, қалқам! Менің де сау күнім жоқ, үздіксіз аңдуыл.
Гүлнәрдың түсі бұзылып кетті, қолын бір сілтеп, оқыс бұрылып, адымдап кетіп қалды. Мұхтар ағаш тасасына ғайып болды. Гүлнәр бір ағаштың түбіне келіп, тізерлеп отырған күйі аңырап жылап жіберді.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
Бірінші көрініс
Томск қаласы маңындағы шоқ ағаш іші. Жастар серуені. Сирек те болса күлкі естіледі. Гүлнәр аса көңілсіз. Дос қыздары оны қаумалап, әңгімеге тартады.
Гүлнәр. (тұнжырап). Мен кетейінші!
Светлана. (шоршып түсіп). Келгеніміз жаңа ғой! Жібермейміз! Қазір жігіттер топырлайды. Сені бір көруге құмартатындары көп.
Улап-шулаған бір топ жігіттер дүркірей келіп қосылады.
Светлана. (көзін жұмып). Қандай арыстандар шетінен! Ұнағанын айтшы, өзім қаратып беремін.
Гүлнәр. (ашуланып). Кетемін қазір! Жігіттерің өзіңе!
Светлана. (оңашалап). Міржақып әкеңнің қалған суреттері түгел қолды болсын демесең…
Гүлнәр. (ышқына дауыстап). Құрбымның түрін қара? Не, сен де анау Тамара секілді күллі суреттерімді құртқалы тұрсың ба? Университеттен заңсыз шығып қалғаным аздай, енді әке-шешем аманатына қырғидай тимексіңдер ме? (Құрбысын бетінен сүйіп). Жалынам! Сақташы қолыңдағы суреттерді. Лагерьден әкем тірі орала ма, жоқ па?.. О, Құдайым! Осы ауыр сөзді қалай айтып тұрмын! (Қыстығып жылайды). Жалынам! Тигізбеші суреттеріме ешкімнің арам қолдарын.
Светлана. (құлағына естірте сыбырлап). Тамара сақтауға берген суреттеріңді өзі милицияға тапсырып, едәуір ақша алған. Өзі айтты. Ол менде суреттерің барын білмейді. Қол жетпейтін жерде жатыр. (Құлағына тағы сыбырлап). Қазір заман асқынып тұр. Маған да тыныш күнкөріс керек! Бірақ сен жан досымсың ғой! Ешкімге сатпаймын! Осында да сенің көңіліңді жадыратайық деп келдік қой! (Сықылықтап). Анау бір әдемі жігіт сенімен танысқысы келеді. Мені қолқалап жүр.
Гүлнәр. (қос қолын сілкіп, сұрланып). Кетсін әрі! Жоғалсын! Жігіт менің не теңім!
Светлана. (салмақпен). Қызметі жоғары. Оқуыңа қайта орналастыруға қауқары жетеді. Нең кетеді? Таныс! (айқайлап жігітті шақырады).
Гүлнәр. (оқыс жиналып). Ал кеттім! (Жүгіре жөнеледі). Сау бол! (Алдынан кезіккен жігіт Гүлнәрді кес-кестеп тоқтатады).
Гүлнәр. (кеудесінен ұрғылап). Жолды бөгемеңіз! Әйтпесе…
Жігіт. (мысқылдап). Әйтпесе… не істейсің? (Білегінен шап беріп, қыса ұстайды). Сыртыңыздан сүйіп қалдым! Ғашықпын! Бар арманым бір өзің!
Гүлнәр. (оның қолынан ышқына сытылады). Милиция шақыртам қазір! (Дауыстап). Милиция!
Светлана. (араша түсіп). Тиіспе Гүлнәрға! Мен сізден мұндай дөрекілікті күткен жоқ едім! Мәдениеттен жұрдай екенсіз. Өліп-өшіп өтінгеннен соң досыммен таныстыруға мүмкіндік жасаған едім. Қараңызды батырыңыз!
Қараңғы қоюланған мезгіл. Гүлнәр сұрықсыз бір көшемен жүгіре басып келе жатыр. Тасадан дәу біреу шыға келіп, оны жұлқып тоқтатады.
Гүлнәр. (ыршып түсіп). Неңіз бар менде! Жіберіңіз! (Бұлқынып қашпақ болады). Көмектесіңдер! Кө-ө-ме-е-ек!
Бейтаныс. (оның аузын қолымен жабады). Тыпырлама! Өлтірем!
Гүлнәр. (демі үзілердей ықылық атады). С-е-е-н! Ма-а-на-а-ғы ма-а-ғ-ан ға-а-шы-қ бо-ол-ғ-ан жігі-іт-пі-сің?! Да-у-ы-сың-нан та-ны-ды-ы-ы-м-мм!
Бейтаныс. (өзеуреп). Сезгішін қарай ғөр! Иә, солмын! Саған әлі де ғашықпын! (Жіби түсіп). Саған оқуыңды жалғастыруға көмектескім келеді.
Гүлнәр. (өтірік көнген боп). Қандай рақымдысыз. Өте қуаныштымын! Көмектесші! (босаған қолдарын жігіттің қос иығына салады). Көмектесіңізші! Мен де сені ұнатам! Ура-а! Университетіме қайтадан баратын болдым! Ура!
Бейтаныс. (мәз боп). Иә, қайтадан барасыз! Барасыз!
Гүлнәр. (қуанған боп, секіріп-секіріп алады). Барамын! Қандай ғажап! Бұл қамқорлығыңызды немен өтеймін!
Бейтаныс. (ойланып). Өтемі елеусіз ғана нәрсе!
Гүлнәр. (дегбірі қашып). Айтыңызшы! Айтыңызшы, жігітім! Сүлдерім құрып барады! (Бауырына тығылып). Қамқоршым болдыңыз ғой, сірә!
Бейтаныс. (таңырқап). Намысшыл қыз ба десем! Нағыз босбелбеу біреу екенсің ғой! Сезімің селдір екен! Махаббаттың балын ерте татқан сұлусың-ау, нәті! (Құшағына қысып, шашынан сипалайды).Асығым!
Гүлнәр. (өтірік еркелеп). Тартымды жігіт екенсіз! Шартыңды айтшы, қане! Сосын үйіме тез жеткізіп салшы! Біртүрлі жылы тартып бара жатырсыз-ау!
Бейтаныс. (шап беріп ернінен сүймек болады). Мені сен есімнен тандырдың! Шартым мынау: оқуыңды жалғастыру үшін Дулатова деген фамилияңды өзгертуің керек! Онсыз болмайды…
Гүлнәр. (аңқауланып). Ә-ә! Бұл түк емес қой! Кімнің талабы бұл?! Жай бір мәнсіз бірдеңе ғой! (Сықылықтап). Фамилиямды өзгерту маған көк тиынға тұрмайды! Өзгертем! Оқу болса болды! (Көзі қылмаңдайды).
Бейтаныс. Жоғарының талабы! (түрі бұзылып, тілін тістеп алады).
Гүлнәр. (мысқылмен). Е-е-е! Жоғарының талабына қайтіп көнбеймін! Ләппай, тақсыр!
Бейтаныс. (қуанып). Дулатованы қандай есімге өзгертесің?
Гүлнәр. (шаттанған боп). Көңілім алабұртып тұрғаны. (Қолын ысқылап). Бақыттан басым айналып кеткен сияқты! У-у-ф-уф! (Басын ұстап, көзін жұмады).
Бейтаныс. (безектеп). Гүлнәржан! Басқа фамилиямен бақытың ашылады! Соның кесапаты ғой, күллі өміріңді өксітіп жүрген. Оқудан да сол фамилияның қырсығынан шығып қалдың! Ендігі, жаңа өміріңнің фамилиясы қандай болады деймін?! Айтшы тезірек, жаным!
Гүлнәр. (есірген сияқтанып). Гүлнәр деген атымды да өзгертсем қайтеді, ә? Өзгерткім келеді! Келеді! Ке-ле-е-ді-і-і!
Бейтаныс. (санын шапалақтап). Онда тіпті, жоғары жақтың тапсырмасы 100 процент… (селк етіп, іркіліп қалады). Иә, иә, онда тіпті қатып кетер еді! Ур-а-а!
Гүлнәр. (кекесінмен). Атым мен фамилиямды қосып, жоспар 200 процент дей бер, ғашығым!
Бейтаныс. (жүйкесі жұқарып, айқайлайды). Иә, 200 процент! Олар мұндай нәтижеге таң-тамаша қалары анық! Ур-а-а! 200 процент! Оқуыңа енді кілең бестік баға қойдыртам! (Күйбелектеп жүреді). Болшы тез! Алдымен жаңа фамилияңды айтшы!
Гүлнәр. (ха-халап күліп). Үйіме шапшаң жеткізіп салшы! Сосын айтамын!
Бейтаныс. (шыдамсызданып). Жо-о-қ, қазір айт!
Гүлнәр. (құшақтай алып). Сенің фамилияңа жазыламын! Сенің фамилияң қалай?!
Бейтаныс. (жан-жағына алақ-жұлақ қарап). Кирзоян! Кирзоян!
Гүлнәр. (өз кеудесін ұрғылайды). Ур-а-а! Мен қазірден бастап Кирзоянмын! Кирзоянмын!
Кирзоян Гүлнәрді үйіне әкеліп тастайды.
Екінші көрініс
Аядай бөлме іші алакөлеңке. Ахмет Байтұрсынов, тағы басқа алаш арыстары жиналған. Бәрінің қабақтары қатулы. Тұнжыраңқы. М.Дулатовтың отбасы мүшелері жылап-сықтап, күңіреніске түскен.
Ахмет. (көзілдірігін бір алып, бір шешіп). Бекем бол, Гая! Міржақыпты енді қайтара алмаймыз. Артының қайырын берсін! Топырақ Сосновецтен бұйырды. Азаттық үшін қатерге бас тіккен ерлердің басы қайда қалмаған. Өзі «Жаза гөр топырақты елден, Алла!» деп тілеуші еді! Бір Алла біледі, арғысын!
Ғайнижамал шешесінің бауырына тығылған Гүлнәр өксікке булығып, тұншыға дауыс салады.
Ғайнижамал. Гүлнәр қызым! Сен де мықты бол! Енді әке аманатын арқалайтын өзің боласың! Ұқтың ба?
Гүлнәр. (солқылын басып). Ұқтым, жан Ата! Мәскеуден Әлихан атам көңіл айтып, қаралы жеделхат жолдапты. Орынборда екеуіңіздің тізелеріңізге алма-кезек отырып, әңгімелеріңізді таласып тыңдайтын едім ғой, жан Ата! Сосын естігендерімнің бәрін әкеме қайталап айтудан жалықпайтын едім ғой…
Ахмет. (қабағы жадырап). Гүлнәр қызым! Енді естігеніңнің бәрін халыққа кітап арқылы жеткізетін күн де туады. Соған дайын бол! Елдік ой ойлайтын адамға қайғы жуымайды. Көтеріңдер еңселеріңді, айналайындар! (Қамығып). Алланың ісін кімнен жасырасың? Өз кіндігімнен ұрпақсыз болсам да, күллі қазағымды ұрпағым деп есептеймін!.. (Кеңкілдеп, басылады).
Ғайнижамал. (көз жасын сүртіп). Үшемнің сыңарындай еді-ау! Міржақыпсыз сіздер қалай жүресіздер?! Әлихан аға үшеуіңізді айтамын. Қалай елестетем?! (Өксіп, тоқтайды). Сосновецте бір ай болғанымда әуелі халқын, сосын сіздерді аузынан тастамайтын. Сіздің «Ел – бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін!» деген сөзіңізді жиі қайталап, жарқын болашақ туатыны, ел егемендік алатынын болжамдағанда, көзінен тас қайрақша ұшқын шашырайтын.
Ахмет. (мұңайып). Қазағымның жаппай оянғанын көре алмай кетті-ау, Жақаным! Әлихан Міржақыпты «Сол қанатым!» деуші еді.
Гүлнәр. (саңқ етіп). Әкем сіздерді «қос жүрегім» дейтін. Жоқ, әкем өлген жоқ! Қазақ халқы барда оның есімі ұмытылмайды!
Ахмет. Сабыр, сабыр! Міржақыпты енді сөзбен егіліп жоқтамаңдар! Оның өсиетіне тоқтаңдар! Көкейлеріңе Міржақып ой-арманының бір ұшқыны қонақтаса, әне, соның дара жолына түскендерің ғой! Міржақып рухы қазақ көгінде сонда ғана қапысыз қалықтай түседі.
Гүлнәр. (көзін тарс жұмып, төбе шашын жұлқылай бастайды). Мүрдесі қайда қалды әкемнің? Ақ теңіздің жағасында ма?! Қатыгез билік сүйегін елге берер ме екен? Нақақтан халық жауына жатқызды, кесір заман қайтейін сені, туған топырағын жастана алмай қалғаны-ай! Торғайда туған қазақ баласы. (Еңіреп жылап отыр. Басу айтқандарды тыңдамайды). Сүйегін елге жеткізіп беріңдер, залым қоғам! Әлде халық жауларының көрі жер астында бөлек пе?! (кекештенеді, еденді тепкілейді). Ө-ө-з-і-мм әке-е-ле-лем, әкем-ді! Қазір ба-а-р-ы-ып әке-е-е-ле-е-ем! Жібе-ер-ің-дерші!
(Іркіліс).
Қараңғылық қоюланған. Үй ішіндегілер оңаша қалған. Үрейлі үнсіздік. Ғайнижамал мен Гүлнәр иықтасып, жердегі көрпеше үстінде отыр.
Ғайнижамал. (қызының маңдайын ұстап көріп, шошып сөйлейді). Қызуың қатты ғой, қызым-ау?! Дәрігерге жүгірейін бе? (Орнынан тұра береді).
Гүлнәр. (шешесінің етегінен шап беріп ұстап, қозғалтпай қояды). Мені қайтесің, апа! Әкемнің жайын ойлайық-та! (Өңешінен қырылдайды). Білем мен, әкем осы өлген жоқ! Күллі қазақ атқа қонса, жалғыз Міржақыбын азапты өмірден арашалап алар еді ғой, әлдеқашан! Мүмкін қазақтар сөйткен де шығар! Ажал қолын қаққан шығар! Менің әкем тірі сияқты! Тірі, тірі, тірі деймін, апа!
Ғайнижамал қалғып кеткен Гүлнәрін үстін қымтап, далаға шығады. Тастай қараңғы. Сыртқы есікті бекітіп, бұрышты айнала бергенде басына қатты соққы тиіп, жер сүзе құлайды. Біреу оны қағаберіске сүйретіп апарып, бетін шапақтап есін түзулеп алады да, ақырын болса да анық етіп зіркілдейді.
Дауыс. Міржақып өлді екен деп, даурыға қайғыруды доғарыңдар! Үйіңнен кісі арылмаса, өзіңді де ана жаққа жөнелтеміз! Күйеуіңнің соңынан! (Ғайнижамалдың құлағынан тартқылап). Ескертеміз! Міржақып өлді екен деп бүкіл Совет елі қара жамылмайды! Халық жауының қадірін тектен-текке асырып, өзгелерге жаман өнеге тастамаңдар! Түсіндің бе, сен әйел!
Үшінші көрініс
Ғайнижамал мен Гүлнәр бір бұрышта бүк түсіп жатыр. Екеуі де күрк-күрк жөтеледі.
Гүлнәр. Апа, сонда Мұстафа Шоқай тұтқындағы әкеме Еуропаға алып кетем, оған мүмкіндігім бар деп өтінгенде, неге көне салмады екен? Сөйткен болса әлі тірі жүрер ме еді?
Ғайнижамал. Әкең Сосновецкідегі тұтқындарға ауадай керек болды ғой. Ол жағын айтқам саған. Фельдшерлігі бір басқа. Қазақ-түрік-орыс сөздіктерін жасап, сондағы қандастарының күнкөрісіне дәнекер болды емес пе? Елдік істен ол тартынушы ма еді. Шоқайдың ұсынысына шетелде жан сауғалағанымнан ғөрі мұндағы қазақтарымның жанын сақтап қалу – мың артық деп көнбегені сондықтан ғой әкеңнің.
Гүлнәр. (көзін бір нүктеге қадап). Дәл қазір маған әкемнің жанынан, оның жер басып тірі жүргенінен артық ештеңе керек болмай тұр! Бассауғалап шетелге кеткенде тірі қалар ма еді?! Ақ теңіздің жағасында сүйегі қалды. Айдаудағы әкеме Әлихан аға Әлібектің ажалын айтқысы келмей, суыт хабарды жасырып қалғанын естігенде жоқтау салып, аңырап бір басылдың, анашым. Әкем марқұм ұлының өлімі туралы естімеген күйі кетті. Біздің әулет қайғы-қасіреттен көз ашпады ғой?!
Ғайнижамал. (қызының шашынан сипап). Әкеңді өлімге қимаған соң айтып отырсың, қызым. Ал әкең өз жанын халқының жолына садақа еткен адам! Беларусь, Шәуешекке сапарларында ұлты үшін басын қаншама қатерге тікті?! Ашаршылылыққа ұшыраған халыққа қаржы жинап, аман алып қалуға жанын салды.Қазақтың тең жартысын құртқан зұлматты құдай қайтіп көрсетпесін. Ол туралы қазір ләм-мим дегізбейді. Тісіңнен шығарма, қызым. Сені жаудың тұқымы көреді, әрдайым сақ жүр. Жалған дос болғансып, жабысып алатындардан аулақ бол. Әкең болса намысқой, қауіп-қатерді елең қылмайтын ержүрек батыл жан еді, мұратынан жарты қадам шегінбейтін. Тіпті сол неке сақиналарын алмасқан сәтіміздегі… (Аузын саусақтарының ұшымен тарс жаба қояды).
Гүлнәр. (таңғалып). Апа, нендей жұмбағың бар? Айтшы, айтшы!..
Ғайнижамал. (толқып, біраз үнсіз қалып). Жай, әшейін. Бірдеңе есіме түсіп кетіп…
Гүлнәр. (қыздырмалап). Сол бірдеңеңді айтпасқа қоймаймын! Айтшы… айтшы, жан апа!
Ғайнижамал. (бұртиып). Ту-у-у! Қадалған жеріңнен…Айнымаған әкесі. (Көзін қызына тура бұрып). Былай болған еді… Омбы маңындағы Куломзино стансасында үйлену тойымыз болып Сәкен, Мағжан, тағы басқа марқасқалар қатысты ғой. Некеміз қиылып жатқан. Мекеме уәкілі: «Азамат Міржақып Дулатов! Жарыңызбен сүйіп қосылдыңыз ба?» деп сұрағанда ол маңайды күлкіге бөктіріп: «Иә, халқыммен сүйіп қосылдым!» демесін бе. Және сол сөзді әдейі, саналы түрде айтқандай өзі де мәз, түк сасатын емес.
Уәкіл оның қателескенін ескерткенде ғана, түзетіп айтсам былай: халқым жаратқан аса сұлуыммен сүйіп қосылдым! деді жүзі нұрланып. Кейін оңашада қызынып: «Менен гөрі халқыңды жақсы көресің, сүйіспеншілігіңнің түрі белгілі болды ғой», – дегенімде, «екеуіңді қатар жақсы көрем», деп әзілге шаптырған еді, жарықтығым!
Гүлнәр. (күрсініп). Бар өмірін халықпен етене ғып жіберген асыл әкем-ай!
Түн ортасы ауған шақ. Міржақыптың қырық күндік асы беріліп, жұрт тарқап кеткен. Үйде жақын-жекжаттар ғана қалған. Гүлнәр қоңырсыған иісті сезіп, сыртқа жүгіріп шығады. Қораның етегі жана бастапты. Жолай тұрған бір шелек суды іліп алып жүгіре жөнелгенде, кенет шап беріп бүрген қарулы қол жантәсілім етердей алқымынан сығымдады.
Дауыс. Ә-әә! Ескертпемізді құлақтарыңа ілгілерің келмейді екен. Дабырайтып қырқын бердіңдер! Тарт сазайыңды, мә, алаштың құйыршығы! (Жауырынынан қақырата соғады, Гүлнәр сұлап түседі. Еңгезердей еркек шашынан сүйреп бұрышқа әкеледі де, былқ-сылқ Гүлнәрді тікесінен отырғызып қойып, тергей бастайды). Әкеңнің суреттерін қайда жасырып жүрсің?
Гүлнәр. Менде сурет жоқ! Өртті сөндіріңдерші! Үйге от ұшқындайды ғой! Жалынам!
Осы кезде үйдегілер дүрлігіп шығып, өртті сөндіре бастайды. Анадай жерде есі кіресілі-шығасылы жатқан Гүлнәр басын жүгіріп кеп сүйеген Ғайнижамал шешесіне сыбырлайды.
Гүлнәр. Сиырдың астауы астына тыққан құтыда әкемнің суреттері бар!
Төртінші көрініс
Үйдің шағын бөлмесі. Қабырға толы кітаптар. Сөренің әр тұсынан Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсынов, Міржақып пен Ғайнижамалдың суреттері көрінеді. Гүлнәр ойланып қағаз жазып отыр. Жүзінен қасірет табы сезіледі. Аракідік көз жасын шылап алады.
Гүлнәр. (ентіге дауыстап, көңілі босап). Анам байғұс бұл өмірден не қызық көрді?! Ол маған тамұқта жүргендей елестейтін. Бір жадырап күлгенін байқамаппын… Ойымнан бір шықпайсың, жан Анам! Ардақты ата-анамның деректерін туралы мен жазбасам кім айтар! Санамнан балталаса өшер ме!
Параллель көрініс. Сосновец стансасы. Ағаш үйдің алдындағы сәкіде Міржақып пен Ғайнижамал сөйлесіп отыр. Әлібек баласы секіріп ойнап жүр.
Міржақып. Гая, сендер келгелі бір ай сырғып өтіпті. Елге қайтасыңдар-ау! Бақыт деген сол, әне! Туған жерде жүрген адам бақытты ғой! Мен… мен ше?
Ғайнижамал. (иығына қолын салып, өзіне тартады). Нағыз бақыт сенде! Халқыңның жүрегіндесің! Елде жүріп шіріген жұмыртқа боп бықсып қалғандар да жеткілікті. ..
Міржақып. (қалтасынан қағаз алып шығады). Мәскеу арқылы жүргеніңде Әлихан ағаға соқ. Мына хатымды табыста. Бостиян сөз жоқ. Өзі түсінеді. Менің әр сөздерімнің бастапқы әріптері арқылы жасырын сөйлемдерді оқи алады.
Ғайнижамал. (таң қалып). Сонда не дедің?
Міржақып. (күлімдеп). Бір көз қырын салып-ақ Ғайнижамал жақсы келін болады деп едіңіз, қателеспепсіз. Сол ақылыңызға рахмет, аға! дедім.
Ғайнижамал. (мұрнынан пістелеп). Соқ өтірікті! Шын жазғаныңды айтшы!
Міржақып. (ойланып). Байтұрсынов қазақ жерінің территориясын бекіттіруге Ленинге кірмек. Назарыңызда ұстарсыз! Нақпа-нағы осы!
Ғайнижамал. (селк етіп). Тыңшы-тіміскілер байқап қалмай ма? Қайтарымда қатты тінткілейтін шығар. Әлихан ағаның өткендегі саған беріп жіберген ақшасын тықпаған жерім жоқ. Оқыстан арандап қалмайық!
Міржақып. (мұңайып). Елге қайтасыңдар-ау! Әлібегіме абай бол! Гүлнәрім бойжетіп қалды. Жар таңдауда қателеспесін! Біліміне алаңым жоқ! Зейінді ғой!
Ғайнижамал. (қуыстанып). Бірдеңе сұрайын ба? Ренжімейсің бе?
Міржақып. (тіктеліп). Е, сұра! Орынсыз сұрақ қоймайтынсың!
Ғайнижамал. (қолымен бетін көлегейлеп). Көкшіл көз медсестра саған тесіле, мейірлене қарайды екен!..
Міржақып. (әзілмен). Өзінің дағдысы солай! Дағдысын өзгертуге құқым жоқ! (Құшағына тартып). Саған деген сенімді, адал махаббатым азап тұтқынындағы жалғыз темірқазығым, адастырмас жарық жұлдызым емес пе? Айнымайтын жүректе бос орын жоқ, Гаяжан, жоқ! (Екеуі үнсіз құшақтасады).
Түн ортасы. Әбден қалжыраңқы Гүлнәр бір шынаяқ шәй ішіп, әл жияды. Қолындағы қаламын қыса ұстап, ақ қағазға сүйкектете жөнеледі. Ойлары тағы да оқиғалы көрініске ұласады.
Бесінші көрініс
Сахнада Ғайнижамал төсек тартып жатады. Арса-арса боп жүдеген. Қасында Гүлнәр отыр. Кемсеңдеген анасына бірдеңе айтқан болады. Кейуананың аузы жыбырлайды.
Ғайнижамал. (әлсіз үнмен). Бұл не пәселке?
Гүлнәр. (мұңайып). Сосновецтен келді. Әкемнің заттары.
Ғайнижамал. (көзі мөлтілдеп). Өзін күтіп жүргенде… Көрсетші қане, жекелеп.
Гүлнәр. (еңіреп). Қалай көрсетем? Қалай ұстаймын? Жоқ, жоқ, дәтім бармайды!
Ғайнижамал. (қолын ебедейсіз созып). Пәселкені тақа маған. Өзім… өзім… Міржақыбым, қане, жақында маған, жақындай түсші! (Бетіндегі бір түйіншекті алып, байлауын шешеді. Үңіледі). «Қазақ, түрік, орыс» сөздігі екен ғой! (Бетіне басады. Бір тілдей қағазды көріп, оқи бастайды).
Осы сөздікті кейін, заман жақсарғанда басып шығарарсыңдар! Әрине, әрине, сөйтеміз, Міржақыбым! Халқың үшін басып шығарамыз!
Гүлнәр. (таңырқап). Мына нәрсе балдақ қой! Қарашы, апа! Кімдікі?
Ғайнижамал. (қолын созып). Әкелші бері! Иә, сол өзім сыйлаған балдақ! 40 жасқа толғанда саусағына салып едім! Қалай сақтап жүрген? Бекзатым! Ұрпақтарыңа қалар!
Гүлнәр. (қуанған кейіппен). Мына бір өлеңін «Ғайнижамалға» депті.
Ғайнижамал. (дызалақтап). Оқышы! Дауыстап оқышы!
Гүлнәр. (дауысын қырнап). Жалынын басатұғын жалғыз өзің, Сөнбестей жүрегіме бір от жақтың. Болмағы мұрат хасыл және өзіңнен, Өзіне сырттан балап жүрген заттың.
Ғайнижамал. (көз жасын сығып). Маған деген соңғы лебізің осы өлең
боп қалды ғой! Қызым, жар болар жігіт саған әлі кездеспеген сияқты. Осы күйеуің…
Гүлнәр. Ол маған күйеу болып жарытпас. Сужүрек сорлы.
Ғайнижамал. Ә, солай ма, барсын, кетсін. Менің әдемі қызыма нағыз ер жігіт бұйырарын ішім сезеді.
Гүлнәр. Міне, тағы бір өлең шықты! Қызбелім – туған жерім! деп атапты. Оқиын ба?
Ғайнижамал. (жүрегі қағып, демалысы қиындайды). Дә-ә-әрім!
Гүлнәр. (дәрі ішкізіп, су ұрттатады). Тағы, тағы бір жұтыңызшы!
Ғайнижамал. (дірілдеп). Жарығым! Ант мезгілі таянды-ау деймін. Адамдардың бір-біріне сүйіспеншілігі ғана жердің үстін де, жұмақты да жарық қылады екен… Тірілерге айт осы аманатымды…
Гүлнәр. (үрейлене). Апа, ант мезгілі деп неге айттың?
Ғайнижамал. (көзі аларып, қызына қимай қарайды). Әк-ең мұ-рр-а-сын ама-на-ат ет-тім ө-ө-зі-ңе! (Үзіліп кетеді).
Гүлнәр. (өкіріп шешесінің үстіне құлайды). Жа-ал-ғыз қал-ды-ы-ы-ым!
Алтыншы көрініс
Күйеуі. (тісін қайрап). Гүлнәр! Мен қазір шешуші сөзімді айтам!
Гүлнәр. (кекетіп). Бұған дейінгі жалындап айтып жүргенің шешімсіз, сылдыр су сөз екен-ау, шамасы!
Күйеуі. (абдырап). Маған да жан керек! Түсін!
Гүлнәр. (жүзін суытып). Әркімнің жаны өзіне ыстық! Бірақ Ар безбені одан да ыстық!
Күйеуі. (ышқына дауыстап). Ар! Ар! Бұл заман ардың құнсызданған заманы!
Гүлнәр. (мысқылмен). Заман кінәлі емес, адам кінәлі. Адамның арсызданғанын заманға жаппа!
Күйеуі. (кекештеніп). Ке-ке-сімді сөзімді ай-ай-там қа-зір! Тыңда-а-а!
Гүлнәр. (ызаланып). Сенің айтқалы тұрған сөзіңді жүрегім әлдеқашан тыңдап, суынған!
Куйеуі. (қолын көтере беріп). Салып жіберейін бе? (Өршеленіп). Соғысқа аттанарда туған ағам қарай жүр деп сені маған тапсырған. Ол жағын өзіңе айтқам. (Айқайлап). Опасыздық жасадым! Сені сүйдім! Қатын қып алдым!
Гүлнәр. (дауысын көтеріп). Оған несіне міндетсінесің? Мен зорлап алғызғаным жоқ. Ант-суыңды ішкенсің!
Күйеуі. (алқымына қол салады). Неге? Неге ескертіп айтпадың? Жоламас едім!
Гүлнәр. (оның қолын әрең айырады). Айт тез, айтатыныңды!
Күйеуі. (көзі атызданып). Халық жауының қызы екендігіңді күні бұрын ескерткеніңде, қараңды көрмес едім! Ажырасамын сенен!
Гүлнәр. (күйеуінің жағасына жармасады). Ех, айуан! Көзіңді құрт! Жалған махаббатыңа нәлет! Опасыз күйеумен тұрғанша байсыз өткенім артық! Тіпті мұның соңы қайыр деп білемін, ал қайтесің?! Кет!
Күйеу қара қалпағын көзіне түсіре киіп, жағасын көтерген беті, қолына қара чемоданын ұстап, кетіп бара жатыр. Гүлнәр иығына шашақты шәліні жамылып, оның соңынан қарап тұрады.
Гүлнәр. (басын тік ұстап, өжет). Міне, бір сүйкімсіз мезет келмеске кетті. Түк ренжіп тұрған жоқпын. Менің әкем Міржақып қиын жылдарда, ақ пен қызыл үкімет алмасып, екі жағы бірдей халқын сүйген ұлтшыл азаматтарды қудалап, аңдып, тергеуде, түрмеде жүргенде еңсесін түсірмейтұғын. Саналы өмірінің 30 жылын ел мұраты үшін жан пида деп берді. 1913 жылы Орынборда Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов екеуден-екеу «Қазақ» газетін шығарды. Бәрінің астарында азаттық идеясы үшін күрес жатты. 1917 жылы «Алашорда» автономиясы жарияланғанда төрағасы Әлихан Бөкейханов болып, әкем оның оң қолына айналды. Алаш көсемдері Сұлтанмахмұт ақын аңсаған ұранмен, «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам» деп өмір кешті. Әкемнің табаны баспаған қазақ даласының пұшпағы жоқ. Ол қазақ халқы көгерсін деп еңбек етті. Біреулер қыранша қалықтап ұшу үшін, біреулер жыланша жорғалап жүру үшін жаралған. Міне, жазмыш деген осы.
Салтанатты әуен ойнайды. Айнала жап-жарық болып кетеді.