Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ. ӨЛЕҢ КҮЛІП ОЯНАДЫ


Ауылға барамын

Асығып барамын!..
жасырып, көзіме қаланың, беймаза тірлігін…
Асығып барамын ауылға!
Орамал, ойыншық,
Бүйірлі түйіншек,
Қолымда орамым.
Асығып барамын,
Қарамай боранды дауылға.

Бетімді шымшылап, алдымда бұралған,
Мен тұрмын именбей, қаһарлы бораннан.
Несіне жасқанам, мен күннен нәр алғам,
Ал, қыстың жүрегі көк мұздан жаралған!

Ауылға барамын!
Сағындым ауылдың адамын.
Пейілі шалқардай көсілген,
Жүзінен мейірім есілген,
Қыздарын еркем деп өсірген,
Қатемді айтқызбай кешірген,
Сен менің жау алмас қамалым!

Есімде…
әр гүлің, әр тасы, әр көшең,
Жүрегім толқиды сен десем.
Ауылда бәрі де өзгеше,
Менімен жүр, жаным,
сенбесең!
Кеш батты…
Мен тұрмын тас жолда
тоқтатып көлікті,
Сағынып қалыппын,
жүрегім соны ұқты.
Құлагер көңілім сезім боп желеді,
Мен саған асықпын,
ғашықпын себебі.
Қара жер қойнына кірсем де, бір күні,
Төсіңде бүр жарған
гүл болғым келеді!

Анамен сырласу

Ақ жаулық шетіне ақырын,
Сүртесің жасыңды жасырын.
Ойласаң, налисың күйініп,
Ерке өскен қызыңның тағдырын.

Уайымдап жүрсің-ау, білемін,
Бала деп соққан соң жүрегің.
Алладан жалынып сұрайсың,
Тапшы деп бір ебін, бір емін.

Тағдырға ризамын, жан ана,
Баламын дәл сендей анаға.
Жаныңда жүргендей сезінем,
Қашықтық болса да арада.

Жаза алмай жүректің жарасын,
Көңілдің кім ұғар наласын?
Қиындық көрмесем өмірде,
Білер ме ем өмірдің бағасын?

Сүріндім, мен кейде құладым,
Жасырын жасымды бұладым.
Қусам да бақыттың соңынан
Жеткізбей тұрады-ау, бір адым.

Несіне налимын қамығам?
Несіне мұңайып жабығам?
Бір адам аса алмас өмірде,
Тәңірдің бұлжытпас заңынан.

Бір тамшы үзілсе көзіңнен,
Қалайша алаңсыз көз ілгем?
Жүрегін жылатып қойдым деп,
Кінәні іздеймін өзімнен.

Көңіліңді қалайша көтерем?
Қаласаң, бәрін де әперем.
Кешірім сұраймын, тізерлеп,
Кешпесең тізерлеп өтер ем.

Жырыммен гүлге орап жаныңды
Жолыңа тәрк етем барымды.
Ауылға сені іздеп барамын,
…Жүрегім сағынды!..

Тілек тілеп оянамын

Бармын деп ешқашанда тасымайын,
Қиындыққа тап қылса, жасымайын.
…Өлең мені таң ата оятады,
Ол мені күтіп отыр, асығайын!..

Таңғы төртте қолыма қалам алып,
(Бір тіріліп, өлемін, қайта жанып).
Қаламымнан жыр болып ақса сия,
Жүрегім жай табары айдан анық.

Мың сан ойдың шырмалып тереңіне,
Соны айтып мұңданам өлеңіме.
Қабағыма мұң қатса қапалансам,
Беу, өлең сені іздеймін, себебі не?

Маза бермей таң ата ой-арманым,
Тілек тілеп Тәңірден оянамын.
Адалдықтан аттамай өткім келер,
Тасып жүрек, соққанша бойда қаным.

Таң ата әлем нұрға боялады,
Өлеңді қайтып ақын қоя алады.
Шомылып күн нұрына таң сәріден,
Мен емес, өлең күліп оянады.

                 * * *
Бауырым-ау, неге сонша түңілдің?
Кір шалдырма мөлдіріне көңілдің.
Әрбір секунд, тіпті сынақ сын сәті,
Қайталанбас кереметі өмірдің.

Қайталанбас мына күн де, мына түн,
Болмашы бір дүниеге жыладың.
Жігерсіздік жараспайды жігітке,
Жөні келмес кешірем де сұраудың.

Біле білсең, менде де бар мұң-қайғы,
Бірақ оған түңілуге болмайды.
Қанағат қыл, сабыр шақыр жүрекке,
Иман болса, жүрек мәңгі солмайды.

Қызығы мен қиындығы өмірдің
Бірде оңай, бірде қиын көріндің.
Сырласайық мұң, шеріңді тарқатып,
Бірге шертіп қоңырауын көңілдің.

                      * * *
Беу, тағдыр не жазсаң да көне бердім,
Кектенбей, шуақ нұрын төге бердім.
Иә, бәлкім содан болар жүрегіме,
Жұбаныш болсыншы
деп өлең бердің.

Нәзіктігім бар шығар, жасық емен,
Өкпешілдеу шығармын, пасық емен.
Жылтыраған дүниенің барлығын да,
Шатастырып аламын асылменен.

Аңғалдығым болар-ау балалығым,
Ешбір жанға жоқ менің жамандығым.
Досым жығып жатса да орға мені,
Шыңыраудан тілеймін амандығын.

Алдама мені, күрең күз

Күлімкөз бойжеткен секілді,
Күрең күз сары қыз кекілді.
Жылтырап «қу қыз-ау», алдайсың,
Жылтырақ көрсетіп бетіңді…

Жылтырап тұрғанмен күн райы,
Бәрібір шілдедей болмайды.
Жылулық жоқ, сірә, өзіңде
Бекерге жапырақ солмайды.

Сезерсің ақырған ақпанның,
Ақырын жақындап жатқанын.
Долы жел өңмеңнен өтетін,
Жұлқылар қайыңның шаштарын.

Алдама мені олай күрең күз,
«Мінезің» басқа ғой білеміз.
Жылтырақ жандарды көргенде,
Есіме түседі күрең күз…

Жалғыздық

Жұмыстасың. Іздемейді сені ешкім,
Күнде үйге түнделетіп келесің.
Өтіп жатыр бұл дүниеден көп адам,
Жанына ертіп жалғыздықтың елесін.

Таң атады. Күн батады білінбей,
Өткен күннен кім бар жүрген ой түйіп.
Сол күндердің арасында еленбей,
Бір бұрышта сезім жатыр, томпиып.

Көңіліңде кірбің болса, жыр – емі,
Уақыт деген емші дейді, сандырақ!
Құлақ түрші. Жүрек жылай біледі,
Құлақ түрші. Жүрек жатыр қан жылап.

Әне, тағы, ағып түсті бір жұлдыз,
Терезеңнен қарап тілек тіледің.
Әр адамның қиялында бір құндыз,
Дір-дір етіп шымырлатқан жүрегін.

Пенделікпен біз асылық етеміз,
Ешкім маған керегі жоқ дейміз кеп.
Сосын, сосын… жалғыз болып өтеміз…
Бұл өмірде өзім ханмын, бимін деп!

Жұмыстасың. Іздемейді сені ешкім,
Күнде үйге түнделетіп келесің.
Өтіп жатыр бұл дүниеден көп адам,
Жанына ертіп қиялдағы елесін!..

Тіршілік, сала берші бір әніңді!

Басым мең-зең, сырласар жан таба алмай,
Отырмын қолыма алып қаламымды.
Ақ қағаз беті болса шимай-шимай,
Жан жүрек қалап отыр жаңа жырды.
Теректер тереземнің алдындағы,
Сүйгізіп желге шашын, сыбдырлайды.
Тағып-ап сағыныштан сары сырға,
Сүйеніп тереземе жыр тыңдайды.

Бір әуен жүрегімді мазалаған,
Болмай жүр көптен бері маза маған.
Ойнайды пернесімен жүрегімнің
Сырлы әуен мені осылай жазалаған.

Жанымды кәусар сазға шомылдырып,
Белгісіз сол бір әнге болдым ынтық.
Құдай-ау, ән дегенің бұлақ екен,
Қалайша байқамағам сорым құрып!

Ән деген – аққу үні мамырлаған,
Ән деген – асау керім арындаған.
Ән деген – қыз шолпысы сыңғырлаған,
Ән екен жұлдызды түн жымыңдаған.

Сыбырлап жапырағы жайқалатын,
Теректер ән салшы деп қайталадым!
Жасыл-желек жолымды гүлге ораған,
Көзіңнен бір сұлулық байқалатын.

Шық болып жанарыңнан үзілетін, 
Тырс еткен тамшы ән боп естілетін.
Ақша бұлт жылағанда жауын болып,
Самал жел күрсінгендей сезілетін.

Ән айтып қайың-қыздар тербеледі,
Ән екен қазағымның жел дегені!
Ән айтып құстар көкте қалықтайды,
Әнменен түрленеді жер бедері.

Бұл әнді естімесең қамығасың,
Шерткен соң жүрегіңнің домбырасын.
Самал жел ән айтшы деп жалынасың,
Сол мөлдір әуезіңді сағынасың!

Тосасың теректерге құлағыңды,
Тыңдайын сыңғырлаған бұлағымды.
Бүлкілдеп тамырыңда сұлу әуен,
Тіршілік, сала берші бір әніңді!

2 комментария

  1. Reply
    Тойлыбай Қымбат-Айговорит

    Өлең деген тәтті ғой, тоймай қалдым. Жалғасын сұраймыз.

  2. Reply
    Асемгуль Сейтханговорит

    Өте керемет жазылган өлеңдер. Магыналы

Пікір қалдыру