Алаш арыстарының монологы
Біз бір-бір арлан едік,
Намысқа, арға берік.
Қазаққа қызмет қылмай қоймаймын деп,
Күрес жолын таңдап едік.
Құл болып тұра алмадық,
Алаш деп ұрандадық.
Түркі баласы, қазақ даласы оянсын деп,
Ақын боп жыр арнадық.
Маса болып шақтық,
Түрме дәмін таттық.
Ғалым болып тарихты қаздық, оқулық жаздық.
Бәрін істеп бақтық.
Қайда жүрсек те ірі болдық,
Халықтың көзі, құлағы, тілі болдық.
Есіктен төрге өтсін,
Озған елдерге жетсін.
Өз тілінде сөйлесін, жазсын дедік,
Басынбасын дедік ешкім.
Бабамыздың тамған тері,
Тұтас болсын дедік жері.
Қияметке дейін қазақ болып жасасын,
Тәуелсіз болсын елі!
Аламыз деп теңдік,
Келер күнге сендік.
Ленинмен, де, Сталинмен де арбастық,
Жеңетін жерде жеңдік!
Ұйқы ұмыт қалды,
Нәпсі құлыпталды.
Сыртқы жауға ішкі жау қосылды,
Аяғымыздан іліп-шалды.
Жала жапты, сұраққа алды,
Біртіндеп сөндірді шырақтарды.
Қара түнде қара құзғындар әкетті,
Қатын-бала жылап қалды.
Шибөрілер тамақтады,
Инемен шабақтады.
Отқа қақтады, табанға таптады,
Айыздары қанғанша азаптады.
Рухымызды қайрадық,
Сертімізден таймадық.
Көкжалдай көзімізден от шашырады,
Кісенімізді шайнадық.
Армандарымыз мол еді,
Қорқаулардың болдық қорегі.
Сүйегімізді сындырды, сағымызды сындыра алмады,
Бұл – басымызды тіккен жол еді.
Сібірге айдады,
Оққа байлады.
Құдыққа тастады, орға лақтырды,
Сылынып қалды ұлттың қаймағы.
Келешек ұрпақ!
Атады таңдар ғаламат,
Болмасын енді жаманат.
Ел сендерге аманат!
Жер сендерге аманат!
Тіл сендерге аманат!
Ана мен бала
(«Ашаршылық балладалары» топтамасынан)
Құлазып тұр, түнеріп бүгін де маң,
Кеткен құрып, ұшқан құс, жүгірген аң.
Жол үстінде келеді тірі өліктер,
Ісіп-кеуіп, сүйекке ілінген жан.
Адам шіркін талайға төзгенімен,
Аштық сұмның азабы өзге білем.
Әйеліне күйеуі тіл қатады,
Ессізденіп, елірген көздерімен:
«Әй, қатын-ай, өлеміз бәріміз де,
Қарға-құзғын тояды тәнімізге.
Құрбандыққа шалайық сорлы қызды,
Бала болар, бұйырса әлі бізде?!».
«Тоқтат, – дейді әйелі, – мұның қалай,
Қайтіп айттың жүрегің шырылдамай?
Балаңды жеп, жер басып жүремін деп,
Кешірілмес күнәға ұрынбағай».
Күйеуінің тыңдайтын жоқ ыңғайы,
Бір бекінсе, белгілі оның жайы.
Өзен жаққа жүгірді байғұс әйел,
Ыңырсиды перзенті – қолында айы.
Қалмаған соң қылатын басқа амалы,
Терең суға лақтырды жас баланы.
«Сен жегенше, жас тәнін балық жесін,
Жұмаққа да тезірек аттанады!».
Даламен тілдесу
Қасқырлар…
Сірә, сендер адамнан озасыңдар,
Мына иесіз далаға қожасыңдар.
Өз тілдеріңде ұлисыңдар,
Құрысаңдар да қасқыр күйінде құрисыңдар.
Таулар…
Уақытқа бағынбайсыңдар,
Өздеріңнен биікке жағынбайсыңдар.
Мәңгілік мызғымайсыңдар,
Жылы орын іздеп жылжымайсыңдар.
Тобылғы…
Бар екенсің-ау жайлауда әлі,
Биелер жоқ қой байлаудағы.
Қамшыны саптап, сабаны ыстаған,
Бағзы күндердің бәрі алыстаған.
Қараған…
Тікенің болса да ұнатамын,
Есімде сап-сары гүл атарың.
Жинаушы ең жел қуған газеттерді,
Оны оқу мені де мәз еткен-ді.
Қара жол…
Қалдырып даланы елге,
Сіңіп барасың қара жерге.
Жылына бір келсем де, жүз келсем де,
Тірілермісің мен жүрген
ізден сен де.
Обалар…
Биікке қойшылар қаласқан,
Жол нұсқап адамға адасқан.
Сан жылдар сынаққа шыдадыңдар,
Су мүжіп, жел бұзып, құладыңдар.
Туған жерге адалдықтарың ұнайды,
Басқа жақтан іздемейсіңдер құдайды.
Адамдар екен ғой көшетін де, көшіретін де,
Санадан өшетін де, өшіретін де.
Қарашы әне, бір түп жусанға,
Қаламен ісі жоқ қусаң да.
Сендерді сағынып жырлау үшін кеттім,
Орталарыңда тусам да..
Кітап пен кірпіш
Кездестіргендей жақынымды алдан,
Сырласар ек қой мол ақтарыла.
Оқудан мүлде мақұрым қалған,
Таңғалам кейбір қонақтарыма.
Кітаптар жаққа салмайды көзін,
Кірпіш көргендей қаланып тұрған.
Құлазып көңіл, қалмайды төзім,
Қайран қазына, даналық тұнған.
«Кітабым сізде қалып еді» деп,
Біреуден соны үзбей сұрағам.
«Бола ма екен, – деп, налып еді кеп,-
Бір «кірпішті» де іздейтін адам?».
Байлық деп қуған елесті бәрі,
Қадірің кетті-ау сенің де мүлде.
Адамға, кітап, керексің әлі,
Әлемжеліден жеңілгенің бе?
Кітап сөзіне ермейтіндердің,
Таусылар ертең меніңше амалы.
Ертегілерге сенбейтіндердің,
Ертеңіне де сенім шамалы.
Көрсоқырлықтан жалықпағандар,
Тыңдамай жатыр ақындарды да.
Кітаптан бүгін алыстағандар
Ақырзаманға жақын қалды ма?
Дара демеймін дананың бәрі,
Білім де қатер шын антұрғанға.
Түзетер кітап заманымды әлі,
Аспаннан түскен Құран тұрғанда.
Ұмтылмастан билікке мен де текке,
Әділдікті орнатып мемлекетте.
Президент боп бір ғұмыр сүрер едім,
Биік өрге шығарып елді етектен.
Ең соңында діндар боп, әр ақ таңда,
Құлшылықпен оянып Жаратқанға.
Мейірімділік дарытып жүректерге,
Иман нұрын таратып қабақтарға.
Жеті өмірдің соңына жетер едім.
(Мұның құрғақ қиял ғой, десе де кім)
Жеті қақпа жұмақтан ашылар деп,
Жеті қабат көкке ұшып кетер едім.
Аффирмация
«Жақсы сөз – жарым ырыс»
(Халық даналығынан)
Дәл қазір бармын мен, бақыт қой бұл деген,
Ғажайып істерге құлшынып тұр денем.
Мен бүгін кешеден жақсымын, осы сәт –
Жаңаның бастауы, өзгерем, түрленем.
Қорқыныш жоқ менде, сенім мол әлі де,
Үрей жоқ, үміт бар, күш берген тәніме.
Адамдар, сендерді сүйемін өзімдей,
Ризамын бәріңе, ризамын бәріңе.
Сөздерің, істерің сабақ боп жетілдім,
Сендерге тек бақыт тілеуге бекіндім.
Бойымда бір мысқал өкпе-наз қалмады,
Бәріңді кешірдім, бәріңді кешірдім.
Адамға тылсым ғой шын сыры ғайыптың,
Өзімді кінәлі санаудан айықтым.
Өмірдің бар сыйын қуана қарсы алам,
Мен соған лайықпын, мен соған лайықпын.
Адамдар сатпайды, қолдайды, жақтайды.
Жұмысым өзіме ұнайды, ақтайды.
Әр істің шешімін табуға жол нұсқап,
Бір құдай сақтайды, бір құдай сақтайды.
Көрікті, көрнекті тұлға боп мен жерге,
Келгенмін, барымды сыйлаймын енді елге.
Адамдар, мен үшін бәрің де керексің,
Керекпін сендерге, керекпін сендерге.
Айым да әрқашан туады оңымнан,
Сенімді серіктер шығады жолымнан.
Мақсатым бар менің, уақытым жетеді,
Келеді қолымнан, келеді қолымнан.
Әр күнді күлімдеп бастаймын жаңаша,
Жарыммен, досыммен қалжыңым жараса.
Санама тек қана жақсы ойлар қонады,
Барлығы тамаша, барлығы тамаша.
Жоқ менде күншілдік, темекі, ішімдік,
Еңсе тік, көңіл шат, денім сау, күшім нық.
Бір жұтым ауамен бойымды кернейді,
Аллаға шүкірлік, Аллаға шүкірлік.