Қайым-Мұнар Табеев. АҚСАҚАЛ мен АҚШАҚАР

Жау түсіргендей көлеңкедегі иттерді абалатып, қарулы үш сақшы сақыр-сұқыр кіріп келгенде, дөңгелек үстелдің төр жағында шынтақтай жатқан Ермұқан қария түскі шайын алдына енді ала берген еді. Басын көтеріп есік жаққа көз тіккенде, шекесіне түсіре киген көк тақиясы желкесіне қарай қоса жылжыды.
– Рысбаев сіз бе? – деді мосқалдау майор шалға түйіле қарап. Сұсты көздерімен үйдің бұрыш-бұрышын тінткілеп шықты. Осылардың серкесі секілді. Жақында ғана мәжіліс депутатының өзімен стақан қағыстырып құшақтасып, ауылына жалы күдірейіп оралған Ерекең ыға қоймады. «Болсақ болармыз. Кімге керек боп қалды Рысбаев?». Көк тақиясын жөндеп, түзеліп отырды.
– Бізбен бірге жүресіз. Кімге керексіз, бара көресіз. Жиналыңыз.
Түскі астың берекесі кеткенін сезген соң, әрі түсі суық ұрда-жық бәлелердің қылығынан сескенген отағасының жастау әйелі ылп етіп орнынан көтерілді. «Киіміңізді дайындайын». Төргі бөлмеден құдалыққа баратындай жасанып, қайта шыққан шалдың саусылдаған медалын көріп, жастау сақшының аузы аңқиып қалды. «Шеф, а зачем ему парадный?». Бастығы қолын бір сілтеді. «Жүре берсін. Там разберемся».
– Надеть наручники на него?
– Конечно, сержант!
Сол-ақ екен, екі айдауыл Ермұқанның қолын қайырып, темір кісенді сарт еткізді. «Гражданин Рысбаев! Вы арестованы!» Істің оқыс насырға шауып бара жатқанын аңғарған әйелі шар ете түсті.
– Көтек, не дейді мыналар?! Арестовайты несі? Естерің дұрыс па, бәтір-ау?.. Айтып өлтірсеңдерші!
Осы кезде сарт етіп есік ашылып, ентіге басып тағы бір полиция кіріп келді. Қолындағы кепкісін шекесіне кие сап, шені үлкен бастықтың алдында саңқылдай жөнелді. «Сіздің бұйрығыңызбен келіп тұрған учаскелік инспектор Дәлелбек Тайемеров!».
Майор басын изей салды. «Жақсы лейтенант. Көмектес аналарға».
Дәлелбек қос сақшының ортасында еңкейіп тұрған Ермұқан атасын жаңа байқады. «Не боп қалды, нағашы?» деді көзі бақырайып.
Ойда-жоқта жиеншары кіріп келгенде, Құдайдың өзі кіріп келгендей қуанған Ерекеңнің дауысы жарықшақтана шықты. – Көріп тұрсың ғой. Түсініксіз жағдай болып жатыр. Мыналардың тілін өзің ұғынатын шығарсың, сөйлесіп көрші.
– Бұл кісіні жақсы танисың ба? – деді майор жібіп.
– Аздап… Жамағайын ғой. – Жас та болса, көргені көп пәле, соңғы сөзді сақтықпен әдейі қосып қойды. Нағашысы күйіп кетті.
– Әй, қызталақ! Жамағайының не? Әкемнің шешесінің ағасы деп тоқ етерін айтпайсың ба?! Әкеңе «Тайемер» деген атты қойған мен емес пе!
Тәртіп сақшылары Ерекеңнің шұбыртқан түсініктемесінен ештеңе ұға қоймаған сықылды: «Дальний родственник, значит?». «Иә». Басын изеген Дәлелбек алдыға түсіп есік ашып, жорғалай жөнелді. Ермұқан болса: «Ұстама білегімнен, иттің баласы!» деп, жұлқына шықты.
Сауыры астаудай сары машинаға біреуді күштеп салып жатқанын көрген көршілері қызықтап жинала бастады. Арқасында «ОМОН» деген жазуы бар екі автоматшы екі жаққа қарап, қаруын кезеніп тұра қалды. «Бұл жерде тұруға болмайды. Тараңыздар!» деді сұсты майор жұртты жақындатпауға тырысып. Қозғаларда Дәлелбекке «Сен де бізбен бірге жүресің» деп иек қақты.
Ел дүрлігісіп қала берді. «Ермұқанды ұстап әкетіпті, естідіңдер ме?» деген тосын хабар сумаңдап ауылға лезде тарады. Шалдың қайдағы-жайдағысын қопарып, күңкілдегендер де табылды…

* * *

Елу шақырымдық жол былай қарасаң, жеңіл машинаға бір-ақ сағаттық жер. Ал, кеңес өкіметінен бергі жамау-жасқау көрмеген, ойдым-ойдым жол сорабымен жүрсеңіз, уақыттан жаңылып қаласыз. Қиқалақтап тербетіліп, митың жүріске түскен машинаның ішіндегілер былай шыға қалғып-шұлғи бастады.
– Ал, көке, айтыңызшы, не бүлдіріп қойдыңыз? – деді Дәлелбек сыбырлап. Ойда-жоқта бүкіл елге себепсіз күлкі болғанына Ерекең шынымен қапаланып келе жатыр еді. «Білмедім ғой, жиенжан…».
– Әлде, қаны тасыған жас жеңгемізді біреу-міреуден қызғанып, байқамай қолыңыз тиіп кетті ме? – Ел арасындағы бір күңкіл әңгіме Дәлелбектің құлағына да жеткен. Ермұқан ақсақал шоқ басқандай тулады. «Не оттап отырсың, ей? Кеңдеу жер болса аузыңды бұзар едім, күшік!».
– Тыныш, нағашы… Сіздің қазіргі күйіңіз күш көрсететіндей емес. – Дәлелбек көзімен майорды нұсқады. – Бері қараңыз, не айтатыныңызды келісіп алайық. Барған соң, жайыңыз не болатынын қайдан білесіз?
Ерекең шарасыздығын енді түсініп, бәсеңсіп қалды. «Жеңгеңе қол көтеретіндей, мен одан не жаманшылық көрдім? Киімім бүтін, тамағым тоқ. Не кінә артам? Тек…».
– Иә?.. – Дәлелбек ентелей түсті.
Бәйбішесі ертеректе қайтып, екі баланың үстіне келген тоқалдың назы басымдау екені рас. Өз құрсағынан бір ұл көрді. Отырып қалған демесең, тал бойында басқадай міні жоқ. Аздап жиын-тойда «әу дейтін» өнері бар. Әнді айтса, жанын жеп айтады. Кейде сыйлап емес, тойларға сол әні үшін ғана шақыратындай көрінетін. Мейлі ғой, кім ән салмай жатыр? Тек, ырду-дыруда қасында қалқиып отыратын қара шалын ұмытып кететіні болмаса. Түнеукүні шілдеханада да сөйтті. Желіккен топтың кеу-кеулегеніне еріп, қыза-қыза татаршаға көшті дейсің.
Сандуғашлар қуанып, қайда сайрай? Сарман буйларында тирәктә!
Саған деген яшлык мәхәббәтым, Бүрлеп шешек атар жүрәктә!…
Қайырмасына келгенде, бір барқыраған дауыс естілді:
«Ойпырм-ай, не дейді-ау!..».
Бұл осы ауылдағы мәңгілік сиыршы шал еді. Сәбет өкіметінен бергі ата кәсібі сол. Қазір жекенің торпақ-торымын бағады. Ерекеңмен құрдас. Кемпірі жоқ. Кезінде мұның тоқалынан оның да дәмесі болған. Жанын семірткен он-он бес жылқысы бар еді. «Қыздың қалың малы дайын» деген лепірмесі де ел кезіп кеткен. Содан бері екеуінің жұлдызы қарсы. Әне, сабын көрмеген күс-күс жуан саусақтарын дүрдік ерінге тығып, ысқырып қояды. Басы бұлғаң-бұлғаң. Ән айтатын әйел жарықтықтың сиқыры бар ма? Аузын буған осындай өгіздердің өзін өкіртіп қояды ғой. Ағаш еденді тепкілеп, оған тағы бірнеше жынды қосылды. «Бас! Бас! Тоқтама!».
Сарман буйлары-ы-ынан өткен шақта,
Тыңлармысың, жырлар жырлармын, сол.
Е-ех, тыңлармысың сен мені, тыңлашы!
Е-ех, тыңлармысың сен мені, тыңлашы!..
«Ойпырм-ай, не дейді-ау!..».
Дуылдаған жұрттың, әсіресе, қаны қызған сиыршының қолпаштауына елтіген әнші тоқал мойны қылтылдап, ортаға шығып кетті. Бөксені олай бір, былай бір лақтырып, билеген күйі елірген табыншының алдына бірақ барды. Анау да екі қолын ербеңдетіп, өңкеңдеп атып тұрды. Күректей қарулы алақандар былқылдаған мықынды бір-екі сипап өткендей көрінді… Ерекең шарт кетті. «Давай, тоқтат! Қайтамыз!».
Әңгіме осы жерге жеткен кезде, Дәлелбек те жеңгесінің ерсі қылығына намыстанып, шыдай алмады: «Тұмсықтан бірді қоймадыңыз ба?!»
– Жұрт көзінше ұят қой, енді. Далаға шыққан соң, бүйірден бір-екі нұқып жібердім-ау деймін. Болған-біткені сол. Төсекке жеткен соң, ашуымды ұмыттырып жіберді ғой, сайтан… – Ерекең сырын айтам деп, шынын айтып қойғанын аңғармады.
– Төсегіңіз дұрыс… Бірақ, нұқығаныңыз дұрыс болмаған! Бұл сізге минус. Тергеуде «ұрдым» деген ұры сөз аузыңыздан шықпасын. Құрисыз!
– Мақұл. Төбемнен Құдай қарап тұр ғой. Бір тал шашына тиіскен емеспін. Менің тышқан мұрнын қаната алмайтынымды өзің білесің ғой.
Иә, онысы рас енді. Дәлелбек өз көзімен көрген. Бірде көрші әйел Ерекеңе «Мына тауықты бауыздап беріңізші» дей салған ғой. Ол кісі «жоқ» деуге намыстанып, семіз ақ тауықтың тамағына қолы батпай, біраз қиналыпты. Шаруасын зорға бітіріп, бәкісін шайып жатқанда, басы салақтаған ақ тауық қанатын қағып-қағып жіберіп, ұша жөнелген ғой. Бүкіл аула қып-қызыл қан болған. Мұндай сұмдықты көрмеген бала біткен ұлардай шулап, тұра қуыпты… Сол оқиға есіне түсіп, Дәлелбек шиқылдап бір күліп алды.
– Енді мынаны айтыңызшы, – деді өзін әрең тежеп. – Сізді «рекеттермен сыбайлас» деген тағы бір сыбыс бар. Сол қаншалықты рас?
– Өй, соны да сөзім деп сұрап отырсың ба?
– Мен сұрамасам да, тиісті органдар сұрауы мүмкін…

* * *

– Біреуге жақсылық жасасаң да жұртқа жақпайсың осы! – Ерекең шарасыз кейіппен бір күрсініп алды. «Ақшоқыда тұратын құдам есіңде ме?».
– Есімде. Үлкен ұлыңыздың атасы ғой?
– Иә, сол. Колхозда кезінде есепшілік атқарған, дөңгеленген тіршілігі бар еді. Кейін бәрінен айырылып тынды ғой. Жалғыз ол емес, нарық деген пәле бүкіл елді сең соққандай сансыратты емес пе. Балалары жұмыссыз, күйісі әбден кетті. Содан қора-жайын, азын-аулақ тұсағын сатып, қалаға көшпекке ниет қылған. Қырсыққанда, бір алаяққа кезігіп, не жер жоқ, не үй жоқ, далада қалыпты. Соны ести сала, институтта дәріс беретін ұлыма хабарластым.
– «Осылай да осылай…». Ана атаңа обал болды. Көзің ашық, қолың ұзын. Көмегіңді аяма. Заңнан хабары бар біреулерді тап. Сөйлес, – деп.
– Естіп жатырмын. Жарайды, бір мәнісі болар. Құдаңызды ертіп, келе беріңіз, – дейді ұл жайбарақат. Бұған атасы елп ете қоймады. «Қайдам? Прокурорға да, «Нұр Отанға» да бардық. Төлкі жоқ» дейді құлықсыздау. Оған менің жыным қозды. Жасы кішілеу еді. «Ей, құда! – дедім телефоннан айқайлап. – Шапаныңды біреу шешіп алмас. Бірге барып қайтайық».
Күздің қара суығында дірдектеп, Алматыға жеттік. «Қай жерде тұрады әлгі?» деді ұлдың қосып берген заңгерлері. «Бұрынғы студенттерім» дегендей болған, бұқадай екі жігіт. Мойын жоқ. Байқаймын, заңнан алыстау. Сөздері дүңк-дүңк. Жүрістері дік-дік. «Мейлі ғой, кім болса да, сорлының ақысын алып берсе болды» деп қоямын іштей.
– Байсерке деген жерде, – деді жолдан шаршаған құдам қырылдап.
Арқыраған қара «Джип» әп-сәтте алып барды. Қос қабатты еңселі үй. Құдамен шамалас елуді еңсерген қозықарын біреу есік ашты. Сөзге қонақ бермейтін, зуылдаған неме екен. Бізді кісімісің, итпісің деген жоқ. Қыл аяғы, бір кесе қара су татырмады ғой.
– Өткенде балаларыңыз звондағанда айттым ғой, ағасы. Жердің еш реті болмай жатыр. Болса, өзім хабарын берем. Енді келмей-ақ қойыңыздар, – деп қара-ап тұр.
Құдам байқұс не «иә» демейді, не «жоқ» демейді, көзі кілмиіп басын шұлғи береді. Шыдай алмадым. «Әй, бауырым, бер қара! Мұқият тыңдашы! Ештеңенің реті болмаса, онда алғаныңды қайтар! Қолхатың бар екен. Берсең болды, кетеміз» дедім жалынғандай.
– Түнде ақша беруге болмайтынын білесіздер ғой. Ертең күндіз келіңіздер. Ойланып көрейік, – деп кергиді. Мұндай да зәнталақ болады екен-ау! Адамның миына қонбайтын бірдеңелерді көкиді ғой. Күнде-күнде салпақтайтын біз баламыз ба екен?
Осы сәтте, бағанадан үй иесіне бақшиып қарап отырған біздің заңгердің біреуі жөткерінді. Жаңа байқадым, жылтыр қара перчатка киіп алыпты. Жұдырығын бір-біріне соққылап қояды. «Әй, найсап! – деді гүр ете түсіп. – Шаңырағыңда отырмыз, әйтпесе кәллаңды қағып алар едік. Ендігі ісің бізбен болады! Қайтарасың ба, жоқ па?».
Үлкен кісіге «әй, сен» деп дікілдегенін ұнатпасам да, сөзімізді сөйлегеніне арқаланып қалдым. Ойпырым-ай, қара күштің де қажетке жарайтын жері болады екен ғой! Әлгі өзінен-өзі айдалаға қуып, айдарынан жел ескен мықтымыз лезде жуасыды. Бір бұрышта тырнағын егелеп отырған шүйкебасын ертіп, екінші қабатқа көтеріліп кетті. Сәлден соң қомақты бір түйіншекті құдамның алдына әкеліп тастады. «Бір теңгесіне де тиіскен жоқпыз. Санап алыңыз» дейді иіліп. Екінші заңгеріміз гүр етті.
– Проценті қайда?
О, тоба! Оның да қолында қара қолғап. Үй иесі жыларман болды. Шиеттей бес баласы барын айтып, «ағалап, көкелеп» безек қаққанда, бағанағы кісілік кейпінен із де қалмады. «Қой шырақтарым. Осыған да тәуба!» деп, құдам мына жақтан басалқы айтқан болады. Арып-ашып келген байғұс қолындағы ақшасынан қайта айырылып қалам ба деп үрейленіп отырған секілді.
– Сіздер шыға беріңіздер, біз қазір…
Заңгерлеріміз көп күттірген жоқ. Бір кезде күлісіп, бірін бірі бокстап, ойнап шықты. «Е, шатақсыз біткеніне шүкір» деп, біз де қуанып қалдық. Әкәу, олардың атын да сұрмаппыз. Бізге не керек аты? Шаруамызды бітіріп берді. Ұлдың үйіне аман-сау жеткізіп салды. Басқасында не жұмысымыз бар?
Кейінірек құдам «Шаңырақтағы» жаңа қора-жайында шалқып отырып: «Құданың құдіреті, сот, прокурор шеше алмағанды күйеу бала бір күнде шешіп берді ғой!» деп желпінген сияқты. Сиыршы бастаған теке сақалдар соны ұшыртып әкеткен ғой, сұмырай!
– Ереке, мынауыңыз қып-қызыл статья! – деді Дәлелбек сыбырдан күбірге көшіп. – «Рекет» жұмсаған адамды өкімет аямайды. Еще групповой! Өзіңіз, құдаңыз, балаңыз, бәріңіз бірге кетесіздер. Мұныңызды ешкім естімесін.
«Статья» дегенде, зәресі зәр түбіне кеткен Ермұқан шал бәйбішесінің соңында қалып, тірі жүргеніне өмірінде бірінші рет қатты өкінді. Қарап жүрмей, бала-шағасына қырсығы тиіп кететін болды-ау! Ай, өзін де ұрып өлтіретін адам жоқ қой. Біреуге жақсылық жасаймын деп несі бар деші?
– Ал, енді, бер қараңыз, – деді Дәлелбек біржола дымы өшкен нағашысының бар құпиясын білуге ынтығып. – Бұл туралы жақ ашпасаңыз да болады. Тіпті қазбалап жатса, қарызымызды алуға барғанбыз, қасымыздағы таксистер ғой дей салыңыз. Ал, анау «депутатпен виски іштім» деп елді қырып жібере жаздағаныңыз не жағдай? Соны айтыңызшы?
– Апырай-ә! Оны да сұрай ма екен? Виски ішкенде тұрған не бар?

* * *

Биыл көктемде Ерекең зейнетке шықты. Айналасына қараса, қатарластары оталған тоғайдай сиреп-ақ қалыпты. «Е, бұған жеткен де бар, жетпегенде бар» деп, шүкіршілігін айтып, үйінде шалқадан түсіп жатқан. Ойламаған жерден аудандық ардагерлер кеңесіне сайланды. Сайланғанда, сауысқандай шықылықтап, күнде әкімдіктен шықпайтын бұрынғы төраға басшыларды әбден мезі еткен болу керек. Медалін беріп, әрең құтылыпты. Сосын «Артық-ауыз сөзі жоқ, өзі орталықтан алыстау жерде тұрады» деген соң, таңдау осы Ермұқанға түскен сияқты. Бұл да бір қызық қызмет екен. Жан қинарлық емес. Анда-санда жиынға шақырады. Барады. Шалдармен қауқылдасып шәйін ішеді. Әкімшілік дайындаған қағаздарға қолын қойып қайтады. Өткенде ғана «Балықты көлін іскер адамдарға беруді сұраймыз», «Ауыл еңбеккерлері үшін тауда демалыс үйі салынса» деген ардагерлердің хатына бармағын басып берді. Содан қозғалмай жатқан.
Апақ-сапақта ауыл әкімі кіріп келді. Қасыққа жұққан майды сылып алатын бұл пысықайды онша суқаны сүймеуші еді. «Өзіңізге арнайы сәлем берейін» деп келдім деген соң, амал жоқ, төрге оздырды.
– Бастық болғаныңыз құтты болсын, Ереке! Айтпайсыз. Сезем, маған аздап өкпелісіз. Жаман автолавкаңызды жекешелендіріп бермеді деп, ит жылғыны әлі ұмыта алмай жүрсіз. Ол менің құзырымдағы шаруа емес екенін білесіз. Бекер өкпелейсіз.
Жыпылдаған әкімнің сөзін шамырқана бөліп жіберді. «Білемін. Білгенде қандай! Сенің құзырыңда болмаса, туған бөлең қалай мініп жүр оны?»
– Ол енді, мемлекеттік қызметкер ғой. Ветврач. Стажы бар.
– Сонда, мен бұл мемлекеттің қызметкері емес пе екем? Жапонның, әлде Қытайдың шпионымын ба? «Стажы бар» дейді ғой! Менің еңбегім сіңбеп пе? Қырық жыл қуарған жердің шетінде, ысқырған желдің өтінде жүрдім. Қайда соның өтеуі?..
Екеудің өршіп бара жатқан тайталасын жарқ еткізіп, жарық қосқан Ерекеңнің қосағы бұзды. – Қараңғыда неғып күңгірлеп отырсыңдар, әй, ағайынды қоңыр қаз? Аталас туыстар еді, соны меңзеп тұр.
– О-о, жеңешем келіп қапты ғой! Бармысыз, жеңеше!
Орынан ұшып тұрған әкім портфелінен шампан мен бір қорап кәмпит шығарып, күлім қаққан жеңгесіне ұсына берді. Дастархан жайылып, ащы-тұщысы аралас шай, қуырдақ келді. Тырысқан шекелер жазылып, тамырлар жібіді. «Ия, бұйымтайыңды айт» деді бусанған отағасы.
– Бұйымтай болғанда… – Әкім мақтауын қалыңдата жағып, сөзін жалғады. – Ереке, бүкіл ауданда өзіңізден басқа сөз ұстар ақсақал қалмады. Есіңізде ме, автолавкамен Кеңарқада ойқастап жүргеніңізде, небір әнші, әртістермен сапарлас, сырлас болдыңыз.
«Әнші, әртістер…» деген сәтте, жеңешесінің орамал астындағы құлағы елең етіп, қимылдағандай болды. Қайнысы мүлт кете жаздағанын аңғарып, қатесін тез түзеді. «Елге танымал азаматтармен бірге жүрдіңіз».
– Тәжірибеңіз де мол. Бізге мәжіліс депутаты келе жатыр. Халықпен кездеспек. Егер, қарсы болмасаңыз, сол қадірлі мейманның жанында жол-жоба көрсетіп, біраз күн еріп жүрсеңіз. Жер, су жағдайын жақсы білесіз.
Депутатпен? Е, неге қарсы болады? Қарсы емес. Ондай биік мәртебе екінің бірінің маңдайына бұйыра ма?! «Бұйырса, ана сиыршы шалға бұйырар еді… Бұйырмады ғой». Ермұқан өзіне-өзі разы пейілмен: «Е, алла, ұзағынан сүйіндіре гөр!» деп, шала-пұла білетін дұғасын қайталап, түннің біруағына дейін күбірлеп жатты.

* * *

Қызық болғанда, Ермұқан Рысбаев құрметті қонақты әуежайда қарсы алатындардың тізіміне қосылыпты. Ал, қайтесің?! Кілең басшылар мен қосшылардың қатарында шәниіп тұра қалды. Депутат бәрімен қол алысып амандасып шықты. Кішкентай тышқан көздері екі жаққа тоқтамай жүгіріп тұратын, қол тоқпақтай қағілез сары жігіт екен. Мұның кеудесіндегі салпыншақтарға ұзақ үңіліп: «О-о, коммунистік еңбектің екпіндісі!.. О-о, ГТО жеңімпазы!.. Тамаша, тамаша!» деп, ерекше ілтипат көрсетті. Ермұқан болса, ормандағы өрттен аман қалған қадаудай сойдақ тістері жылтыңдап, ыржия берді.
Алғашқы кездесу аудандық мәдениет үйінде өтті. Бір жақсысы, депутат жұртты жалықтырмайды екен. Арасында анекдот айтып, өзі де күліп, елді де күлдіріп отырды. Кезінде «КВН-да ойнаған» деседі. Тағы бір әдеті, екі саусағын көтеріп тұра қап, жетім-жесірлермен суретке түскенді ұнатады екен. Қасында еріп жүрген еліктің лағындай үш бойжеткен бар. Жиын соңын ән-думанға ұластырып, тіпті жандырып жібереді. Үзіліп тұрған біреуіне Ерекең Ақшақар деп ат қойып алды. «Аэлина» дегенге тілі келмеді. Ақшақар десең, Ақшақар! Мың бұралған биші. Ақ көбелектей қалықтап, бір аяқтың ұшымен шыр айналып, бір орында дірілдеп тұрып алады ғой, шіркін! «Депутаттың әуселесін көрейік» деп, тепсіне кіргендердің өзі мынандай мінсіз мүсінге көзі байланып, неге келгенін ұмытып қалады.
Пенде дегенің жақсы нәрсеге тез дәнігеді екен ғой. Ғұмырында алғаш рет игі жақсылардың тобына қосылған Ерекеңе думанды жүздесулер ұнай бастады. Қолпаштап төрге отырғызады. Балбыраған бас ұсынады. Бата бергізеді. Құда күткендей шығарып салады. Түс сияқты бірдеңе. Ойлануға уақыт жоқ. Үшінші күн бе екен, кешке қарай қонақүйдегі мұның бөлмесіне жайлап депутат кіріп келді.
– Шаршаған жоқсыз ба, Ермұқан аға? – деді өзімсіне. – Байқаймын, көргеніңіз де, көңілге түйгеніңіз де көп адамсыз. Артық сөйлемейсіз. Бірақ, сөйлеу де керек. Мінбеден!
Қарттықты әлі толық мойындай алмай жүрген өзін базары тарқай қоймаған «ағалар» ауылына үкілеп қондырғанына Ерекеңнің жүрегі кәдімгідей жылып-ақ қалды.
– Аты-жөні жоқ не айтамын? – деді ағынан жарылып. Расында да, мұндай ресми жиындарда не айтылады өзі? Ауылдағы жоқшылық, жұмыссыздық. Қалаға қашып жатқан жастар. Елді теспей сорған әкім-қаралар. Байшікештердің зорлық-зомбылығы… Айтылса болар еді. Бірақ неге екенін білмейді, айтылмайды. Ермұқан оның себебін ешкімнен сұраған емес.
«Мүмкін, сен білетін шығарсың себептерін?». Депутатқа ошарыла көз тікті.
– Ереке, қызынбаңыз. Бұл жерде мұндай теріс пиғылдағы нәрселерді қозғаудың мүлде қажеті жоқ. Позитив керек.
– Не ол «позитив» деген?
– Адамдарға рух беретін аталы сөздер. Ол сіздің қолыңыздан келеді. Мысалы, ауылда қазір не көп? Той көп. Сіз айтқандай, жұрт соншалықты кедей тұратын болса, екі жүз, үш жүз қонақ шақырып, аста-төк той жасай ма?
– Жасамайды.
– Әне, көрдіңіз бе? Өзіңіз де мойындап отырсыз. Мынандай «Қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған заман» қазақтың басында бұрын-соңды болған емес. Бұған кім жеткізді? Елбасы. Біз содан бастаумыз керек. – Депутат соткасын алып, әлдекімге нұсқай хабарласты: «Әкеле беріңдер. Ерекеңнің бөлмесіне».
Қалақтай телефонды көргенде барып, қаншама күн тоқалына ызбандамағаны есіне түсіп, шал қипақтай берді. «Ұнап тұр ма, Ер-аға? Айфон. Ең соңғы моделі. Бұйырса, біреуін өзіңізге тарту етемін».
Осы кезде есік ашылып, Ақшақар бастаған сұлулар көрінді. Қолдарында бүйірі тоқ қағаз дорбалар. Үстел үстіндегі ашылған «Сарыағаш» пен жарты күлше нанды қоқыс жәшігіне тастай салып, қыздар дастарханды жайнатып жіберді. Қазы-қарта, қызыл балық, көк-сөк… Қарап отырып, сілекейің шұбырады. «Ал, мынау өзіңізге астанадан арнайы әкелінген дәм. Виски!». Төрт қырлы, алтын жазулы қоңыр бөтелке жалтылдап тұр. Депутат қалтасынан бір қағаздарды шығарды.
– Ереке, қарсы болмасаңыз, отырыстың алдында сіздің ертеңгі сөзіңізді бір пысықтап алсақ. Тыңдаңыз. «Құрметті қауым! Еңбегімен елге ерте танылған бұл азаматты сіздер жақсы танисыздар. Аяулы жерлесіміз. Мәжіліс депутаты. Кешегі айдарлы ұл, бүгінгі белгілі тұлға ортамызға қайтып оралды. Енді соның сырын айтайын…».
– Бәрі дұрыс, – деді сөз оқылып біткенде, Ерекең жайнаған үстел үстіне тамсана бір қарап қойып. – Елі үшін туған оғлан екеніңді жақсы жазыпсың. Тек, анау «Желтоқсан көтерілісінде найзағайдай жарқылдап…» деген тұсың артықтау емес пе?
– Неге артық? Ұрандап шыққаным рас қой.
– Сен ұран салатын батырдан гөрі әртіске көбірек ұқсайсың. Нағыз «КВН-шіксің». Ал, жарайд. Желтоқсандық екеніңе қандай айғағың бар?
– Айғақ бар. Міне, суретім… Газетке де шыққан.
– Анау қолыңдағы не пәле?
– Мегафон ғой. Дауыс күшейткіш.
– Осындай суретпен сені КГБ маңдайыңнан сипап жібере салды ма? – Ерекең сығырая қарады. – Желтоқсан дүрбелеңінің шет жағасын мен де көргем. Оңай-оспақ ермекке айналдыратын дүние емес ол, шырағым.
…Рас. Сол жылы қыста Ермұқан совхоз директорының құпия тапсыруымен Алматыдағы бір дөкейге соғым апарған. Жайындай ту жылқы еді. Итшілеп жүріп, иесіне зорға жеткізді. Автолавкамен. Көше толған қалың әскер. Қанша рет тоқтатқаны есінде жоқ. Қайта-қайта тексеріп, қан-сорпасын шығарған. Қайтарда техникумдағы інісінің жағдайын біле кетейін деп, жатақханасына соққан. Кеш қалыпты. Соның алдында ғана «үш әріп» ұстап әкетіпті. Вахтер кемпірдің айтуынша, інісі ұлтшыл бұзақылармен бірге жасырын суретке іліксе керек. Ол жүндібасты өкімет аясын ба, оқудан қуды да жіберді. «Қазір жүр, ерқашты жылқыдай, әркімнің шөп-суын тасып…». Ерекең ақымақ інісіне күйініп, оңдырмай бір сыбап алды.
– Ал, сенің мына әңгімең әдемі ертегіге ұқсайды, бауырым. Институтты қызылмен бітіресің! Үлкен зауытта бас бұғалтыр боласың! Көп қазақтың қолы жете бермейтін мәжілісте манаурап отырасың! Ішкенің алдыңда, ішпегенің артыңда. Бұл қалай? Бір шикіліктің исі бар…»
Депутаттың түрі өрт сөндіргендей күреңітіп кетті. «Қалауыңыз білсін» деді тышқан көздері суық жылтылдап. – Сөйлемесеңіз де өкпе жоқ. Ал, үстелге жақындаңыз.
Айғыр стақан жартылай құйылды. Шөліркеп қалған Ерекең тосты күтпей-ақ, бірден қотара салды. Вискиді олай ішпейтінін қайдан білсін? Қайталанды. Шекесінен суық тер бұрқ етіп, құлағы шыңылдағандай болды. Мына жақтан көңіл жайлауынан әлдеқашан көшіп кеткен сыңғыр күлкілер естіліп, жанын қытықтай бастады. «Беу, дүние-ай, сенің қызығыңа кімдер тойған?!..». Сайтан көңілі шалқып, жадырап сала берді.
– Әй, көкешім! Әкелші қағазыңды. Мейлі, «қаһарман» деп айтсам, айта салайын! Бетті де әкел!
– Беу, Ереке-е-е, қа-андай ақкөңілсіз! Мені емес, анау Ақшақарыңызды сүйіңізші, – деді көңілі жайланған депутат. – Қане, тағы бір қайталап жіберейін.
Ерекесі тартынбады. Неге тартынсын? Күндіз сахнада, түнде түсінде көлбеңдеп есін алатын Ақшақар дәл қасында тұр. Иығына асылып, қалақтай құлағына ыстық демін үрлеп: «Пей до дна! Пей до дна!» деп, шықылықтайды. Келесі сәтте бүйірлі бокалын ұстап, шоршып келіп алдына отыра кетті. Биге арналған шолақ лыпасы жұп-жұмыр санын жасыруға қауқары жетпей, Ерекеңнің есін тандырды. Қарамайын десе де, көзі құрғыр өзі іздеп тауып алатын сияқты. Жын желіктірген тарамыс қолдары мықынға оратылды.
«Пей до дна!.. Пей до дна!..». Оянса, шөл қысып жатыр екен. Бөлме іші тып-тыныш. Абырой болғанда, жиналыс түстен кейінге шегеріліпті. Қазандықтың астындағы қызыл шоқтай, іштегі қызуы басылмаған Ермұқан Рысбаев мінбеге екпіндей көтерілді. «Алаштың асыл ұрпақтары! Сөзімді өздеріңе арнаймын. Елін сүйген, елі сүйген азаматты аудан ардагерлері атынан мәжіліске қайта сайлауға ұсынамын! Желтоқсанда жанын жалау еткен батырымызды қолдайық!..» Дүркірете қол соқпаған жан қалмады. Толқыған депутаттың көзінен жас шығып кетті. Ерекеңнің иығына оқалы шапан жабылды. «Әттең, осы салтанатты зәнталақ табыншы көргенде ғой!» деген тәтті бір ой ұшқындап өткендей болды Ерекеңнің миында.
Бәрі жап-жақсы келе жатқан сияқты еді. Қалыптасқан дәстүрді Қабылқай деген тентек құрдасы бұзды. Ол да еңбек ардагері еді. Бірақ, кеңес мүшесі емес. Бұрынғы өкімет тұсында орденді жылқышы болған. Жекешелендіруде әкім-қаралар қотыр тай қалдырмай, жүген-құрығын босағаға іліп кеткен. Содан бері жемқорларға жаны қас.
– Ей, Ермұқан! – деді ашынған дауыспен айқай сап. – Бір айтқаныңды неге жүз қайталайсың осы, а? Жемге тояттаған тотықұстай мән-мағынасыз сайрайсың келіп, сайрайсың келіп! Бетің бүлк етпейді бір. Немене, мына жемқорлардың жебеушісін қайта сайлаудан басқа мәселе құрып қалып па ауданда?
Бүкіл жұрттың алдында қақырата айтылған ащы сөз Ермұқанның ғана емес, депутаттың да жанды жеріне тиіп кетті. Алдындағы графинді қаламмен шыңылдата ұрып: «Қария, бекітілген тәртіп бар. Кезекпен сөйлейік», – деп көріп еді, от алып алған пақырың тоқтар болмады. Депутат үйреншікті айласына көшті. «Онда, ортадағы микрофонға келіңіз. Тыңдайық не айтатыныңызды?»
– Айтсам, айтамын. Бірақ, ортада емес, анау мінбеге шығамын. Ермұ­қанның әкесі мұраға қалдырып кетпеген шығар оны!
Тілінің ащысын! Мінбеге жұлқына шыққан дала перісінің екпіні қатты еді. Сескенген Ерекең шетке ысырылды. Бұл жолы байқамай залды уысынан шығырып алғанына қатты өкініп тұр еді. Әлгінде Ақшақар көтеріп жүрген шапан да бұйырмайтын болды. «Мына төтеден киліккен қызыл көздің кесірі ғой!».
– Менің қара басымның ешкімге өкпесі жоқ, – деді Қабылқай құрдасы мұның ойын оқып қойғандай. – Мен осы Қопадағы елдің назын жеткізіп тұрмын. Мына ата-бабамыздан өзегімізді жалғап келе жатқан Аягөз өзенінің тағдыры туралы айтамын. Соны ойлай-ойлай күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдық. Бес-алты жыл бұрын осында «Қазақмыс» деген бір алпауыт көшіп келіп қонды. Жақсы білесіздер. Бастығы кәріс пе, шүршіт пе, анық білмеймін. Әйтеуір, қорғанның іші қаптаған қара қытай.
– «Қара қытай» деп айтпаңыз, Қабеке! Пәлеге қаласыз, – деді залдан көзі ашық біреу айқайлап.
– Е, неге болмайды? «Қара қазақ» деп айтқанда, болады, ә! Өзге туралы айтылса, өре түрегелесіңдер! – Жылқышы әлгі данышпанды көзімен бір түйреп өтті.
– Неге тоқтап едім?.. А, иә… Келімсектер тап бір әкесінің меншігіндей Аягөздің суын астынан сорып, мыс жуатын жерге айдап жатыр. Айдаһардың өңешіндей жуан трубаларды өзім барып көрдім. Сұмдық! Өзеннің аңғары қаңсып қалды. Су кешпеген малымыз қотырға ұшырауда. Айтыңдаршы, жұртым! Биыл тіпті, егін, көкөніс шықпады ғой. Осыған бір тоқтам бола ма, жоқ па, депутат мырза?!
Жер жаһанға даңқы тараған «Қазақмыстың» аты аталғанда, депутаттың үрейі ұшып кетті. Үстелден шығып, мысық жүріспен екі-үш аттап, жылқы­шының қасына қалай жетіп барғанын байқамай қалды.
– Сауалыңыз өте орынды, ақсақал. Бұл мәселені жоғары жаққа жеткізуді өз мойныма алайын. Ал, қазір… – Көзімен ымдап, қабырғаға сүйеніп тұрған Ақшақарды қасына шақырып алды. «Осындай ащы шындықты шырқырата айта білген ел ағасына шапан жабуға рұқсат етіңіздер!».
Дүркірей соғылған қолдың соңы домбыраның күмбіріне ұласып, концерт басталып кетті. Қызық қуған жұрт бәрін ұмытты. Ұмытпаған тек Ерекең ғана. Ойда-жоқта кезекті шапаннан айырылғанына іші удай ашыды…
– Оны қойшы, – деді Дәлелбек сөзі ұзап бара жатқан нағашысын қайырып. – Депутатыңыз өте қу екен. Тұтанайын деп тұрған өртті бір шапанмен сөндіріпті. Маладес! «Қазақмыстың» қожайыны кім екенін білесіз бе, өзіңіз?
Ерекең басын шайқады.
– Білмей-ақ қойғаныңыз жөн. Былай келісейік. – Дәлелбек құлағына қайта тақалды. «Тергеуде Ақшақарыңыз туралы… ни-ни…». Жымың еткен нағашысын қара саннан бір мытып қойды. – Мүлде ұмытыңыз оны! Ал, депутатпен вискилеткеніңіз ұнап тұр. Соны баса айтыңыз. Қамаудан өзіңізді бір алып шықса, сол депутат алып шығады.

* * *

Машина әлі шайқалақтап келеді. Түтіндеткен шеткі үйлердің төбесі көрінді. Шаң-топырақ мол кірген соң ба, әлдебір қоңырсық иіс ұрып тұр.
– Кімнің аяғы мүңкіп отырған?
Шопыр терезені ашам дегенде, қолы рөлден тайқып кетті. Машина мөңкіп барып, екі-үш тулап ырыққа әрең көнді. Ұйқыдағылар шошып оянды. Қолы артқа қайырулы Ермұқан шекесін әйнекке оңдырмай ұрып алды. Басы қатты тигені соншалық, сол жақ артқы терезенің күл-паршасы шықты.
– Ио-мое, кім жөндейді енді мұны? – Шопыр бажылдаған күйі ішкі істер бөлімінің алдына келіп, салдыр-күлдір бірақ тоқтады.
Машинадан сау етіп түскен жолаушылар керіліп-созылып, үсті-бастарын қаққылай бастады. «Кто выгрузить арестованного?» Майор селтиіп тұрған сержантқа ежірейе қарады. Ол көлікке қайта жүгірді. Ерекең айғайлап жатыр екен.
– Әй, аяғымды кигізіп жіберіңдерші! – Жақын тұрған Дәлелбек ішке басын сұғып, күліп жіберді. Семіз саршұнақтай екі сары туфли екі жақта теңкиіп жатыр. Шопырдың кімнен күдіктенгені белгілі болды. Нағашысын қолтығынан демеп түсіре бергенде, қолына қан тамшылары тамып кетті.
– Тоқтаңыз. Масқара-а! Шекеңіз оңбай жарылыпты ғой?
Абырой болғанда, медпункт жақын екен. Ерекеңнің басын таңғызып, костюмін, көйлегін тазалатып, біраз әуреленген Дәлелбек қара терге малшынды. Бәрінен бұрын исі бұрқыраған шұлықты шешіп, кигізгені қанын қайнатты. Өз әкесін де дәл бұлай мәпелемеген шығар-ау. Шалды күзеткен екі автоматшы қақшиып тұрған беттерінен қозғалған жоқ. Бұлар дүркіреп полиция бастығына кірген кезде, жұмыс күні де аяқталып қалған еді. Полковник дереу телефонға жармасты.
– Басеке, айтқан адамыңызды әкелдік!
– Кім дейсің? Рысбаев? – Кімді шақыртқанын ұмытып қалған аудан әкімі әрең есіне түсірді. «А, ия, ия, шақыртқам. Слушай! – деді сағатына қарап. – Бүгін тым кеш боп кетті. Давай, таңертең әкеліңдер. Түнейтін жер тауып беріңдер. Өзің лично қадағала».
Полковник ойланып қалды. «Рысбаев, сіз шыға тұрыңызшы. Майор, сен Тайемеров екеуің қалыңдар». Ол шыға салысымен ойын ортаға салды. – Әкім бұл типажға аса қатты мән беріп отыр. «Өзің лично қадағала» дейді. Бүгін осында қамайық. Ертең апарамыз. Ал, енді тағы бір но бар. Сонда бұл шалды қандай статьямен жатқызамыз?
Кенет, есіне бірдеңе түскендей, Дәлелбекке ентелей еңкейді. «Өткенде ауылда екі тайыншаның бас-сирағы табылды деп едің ғой. Кража?»
– Тайыншаңыз не? Ол кісі тауық бауыздай алмайтын жуас кісі. – Қауіп бұлты тым қоюлана бастағанын аңғарған жиені нағашысына шынымен жаны аши бастады.
– Саяси көзқарасы қалай?
– Ермұқан Рысбаев аудан ардагерлер ұйымын басқарады. «Нұр Отанның» белсенді мүшесі. Өткенде өзіңіз күтіп алған мәжіліс депутатының қасында біраз күн ел аралап қайтты. Жақын туыстығы бар ма, білмеймін, оны өзінен сұрау керек. Екеуі оңашада виски ішкен деседі… – Дәлелбек соңғы сөзінің ондыққа дәл тигенін аңғарды. Полковниктің қабағы дір ете түсті. «Иә, әуежайда екеуі ұзақ шүйіркелескен сияқты еді… » Енді қайтпек?
– Рысбаев депутатпен виски ішкен дедің бе? Басы неге жарылған?
Дәлелбек жолдағы оқиғаны қысқаша айтып берді. Полковник әйелі ұл тапқандай санын бір ұрып, орнынан ұшып тұрды.
– Бағанадан неге айтпайсыңдар? Машинаның терезесін қиратты дейсіңдер ме? Все, оформляйте! Мелкое хулиганство!
«Ух, айыппұлмен құтылатын болды-ау!» деп, Дәлелбек те қуана қостай кетті.

* * *

Байы түнемелге келмеген соң, тоқалдан маза кетті. «Байғұс шалым-ай, қаймақтап берген шайымның өзін кергіп отырып әрең ішуші едің. Түрменің быламығына қор болдың-ау!..» Сары уайымға салынған оның мұңын түсінгендей, көршілері зорға жұбатып жатты. Біреулері, табыншы сияқтылар айызы қанып, сыртта желсөздің көрігін үрлей түсті.
– Жас қатынды бір өзі ғана алғандай, сәуріктей ойқастап кетіп еді. Сол керек, бәлемге!
– «Рекет», «секет» деп жүріп, ақыры тұтылды деші!
– Депутатпен виски ішкені өтірік болып шықты ғой…
Ауылда өсектің қара дауылы бұрқырап жатқанда, Ермұқан сығырайған жалыз тесігі бар суық камерада бір өзі түнеп шықты. «Түнеді» деген артықтау шығар. Итқорлықпен таңды әрең атырды. Шиқылдаған ағаш төсек. Бір бұрышта исі бұрқыраған темір шелек. Быламықты қойып, аузына қара су тимей, таңдайы кеуіп, өлуге шақ қалды.
Ертесінде бес тал шашы үрпиіп, сақалы өскен, көзі қызарған, шекесіне қан қатқан ұсқынсыз шалды көріп, күзетші басын шайқады. «Е-е, қу арақ кімді жеңбеген?..».

* * *

Айқара ашылған есіктен басы таңулы, қолы кісендеулі Ерекең кіріп келе жатты. Соңында сылаң қаққан майор мен қос автоматшы. «Мыналар не ғып жүр?!» Әкім шошып кетті.
– Мы сопровождаем опасного преступника! – Айналасында болып жатқан әңгімеден мүлде бейхабар жас сержант саңқылдап тұр. Мадақ күткендей ме, қалай?..
«Басеке! Өткендегі ардагерлер жазған мәселе оң шешілді. Құттықтаймын! Су комитеті келісімін берді. Енді «Балықты» көлі сіздікі! Бұйырса, таудағы «Демалыс үйінің» де тағдыры аз күнде шешілмек… Қожайыны өзіңіз боласыз. Айтпақшы, біздің кездесудің хаттамасын шұғыл жіберсеңіз. Мәжіліс сұратып жатыр. Ана Рысбаевтың қолы міндетті түрде керек. Өзі хитрый шал. Бірақ, керек шал! Мына айфонды Ақшақардың атынан тапсырарсыз… Шапан, алғыс хат қосып берсеңіз де артық болмас….» деген депутаттың сәлемінен кейін Ермұқанды шұғыл іздеткен. Саусылдаған көлігі көп, мұрын қанайтын жұмысы жоқ полиция бастығына «Шұғыл жеткізіңдер!» деп, тапсырма берген. Бірақ, оның қиқулатып «ОМОН» жібергенінен хабарсыз еді. Сержантқа ақырып жіберді.
– Преступнигіңмен қоса құры, оңбаған! – деді қалшылдап. – Немедленно снять наручники!
– По уставу не положено! – Сержантың да шақар екен, берілер емес.
Желдің қай жаққа соға бастағанын тез аңғарған сұңғыла майор автоматшыларды шығарып жіберіп, бейшара шалдың қолындағы кісенді ағытты. Түнгі суықта ағаш боп қатып қалған қолдары икемге келмей, диванға гүрс етіп отыра кеткен Ерекең майорға алая қарады. Атарға оғы жоқ!
– Шай әкеліңдер! – Әкім орынан тұрып келіп, қолтығынан көтерді. – Ереке, бұл иттердің бір білместігін кешіріңіз. Ай, ай, ай! «Шаш ал десе, бас алатын» нақұрыстар-ай!
Дереу тіке байланысты қосып, алаңғасар полковникке шүйілді. «Мыналарың не сұмдық, ей? Давай, бүкіл составты жина. Рысбаевтан кешірім сұраңдар! Жарты сағаттан кейін барады. Ана балбестеріңді жазала! Строго! Ауылға өз машинаңмен апарып саласың. Сый-сияпатын жақсылап жасайсың! За твой счет. Проверю!»
– Есть, господин аким!
– Мен сендерге «господин» деп айтпаңдар дедім ғой! – Трубканы тарс еткізіп, алдындағы майорға шаншыла қарады. – Поняли? «Да» деді анау міңгірлеп.
Ермұқан ақсақал зерлі шапанды киіп, қою шайды құмары қанғанша ішіп, қабағы жадыраған соң, хаттаманы қолына алды. Оп-па! «Сайлаушылардың тоқсан бір пайызы қолдайды» деген жазуға сығырая қарап сәл отырды. Сүйкектете қол қойды.
– Апыр-ай, тоқсан тоғыз деп көрсете салмадыңыз ба? – Жүзге біреуін жеткізбегені ауылдағы сиыршыны қатарға қоспаған түрі.
«Осы да тақиясына тар келмес!». Әкім лекіте бір күліп алды да, қағазды үкілеп қызыл папкіге салып қойды.
– Ал, енді сюрприз! Сізге Ақшақар қарындасыңыздың арнайы сыйлығы бар. Айфон! Сингапурден алдыртқан!
Айфон-сайфонға аса мән бере қоймаса да, ақ мамықтай Ақашақардың аты аталғанда Ерекеңнің кәрі жүрегі бір дір етіп барып басылды. Дәлелбекке қараса, итің сығырая күліп тұр екен.
Одан арғысы түс сияқты. Қаз-қатар тізілген саптың алдында полиция бастығы домалай басып, жүгіріп шықты. Қолы шекесінде. Майор мен лейтенант Тайемеровтың сөгіс алатынын, ақымақ сержанттың ертең жұмыстан қуылатынын айтып, барқырап жатты. Ерекеңе оның бір де бірі қызық емес еді. Бар есіл-дерті үйіне тезірек жету болатын.

* * *

Сүйріктей қара «Тойота» есік алдына екпіндей келіп тоқтағанда, түнімен көзі ілінбеген бишара әйел сыртқа жүгіріп шықты. Жүрегі атқақатап: «Е, алла, жаманатыңды естірте көрме» деп күбірлеп, қалшия қалды. Машинадан бірін-бірі итермелеп, нағашы-жиен түсе берді. Таңылған бас, шып-шып шыққан қанды көріп, баж ете түсті. Маңайды жарған ащы дауыстан иттер шошынып, жан-жаққа бытырай қашты. Кешеден бері осы жаққа елеңдесіп жүрген көрші-көлеңдер де шаруаларын тастай сап жүгірді. Бұдан әріге Ермұқан шыдамады: «Әй қатын, өшір үніңді!»
Бұл кезде полковниктің шопыры машинаның артқы қорабын ашып, күйбеңдеп бірдеңелерді түсіре бастаған еді. Бір қап ұн, бір қап қант, исі бұрқыраған тәтті тоқаштар, жеміс-жидек, түрлі сусындар… Ең ғажабы, әнеукүні депутатпен ішкен вискидің бір жәшігі сыңғырлай әндетіп шықты. Анталаған жұрт аң-таң. Іштей масаттанған Ерекең маңғаз кейіппен көпшіліктің арасынан қас дұшпаны табыншыны іздеп еді, көзіне түспеді. «Естіген кезде жүрегі жарылсын, кәззаптың!»
Ермұқан өзі әкелген дүниелерін де біртіндеп шығарып, әлі есін жия алмай Дәлелбекке бір, өзіне бір жалтақтаған сүйіктісіне ұсына берді.
– Мә, мынау аудан әкімінің алғыс хаты! – деді бәріне естірте дауыстап. – Мә, мынау шапаны! Ал, мынау депутаттың сыйлығы! Жеке өзіңе арналған.
Түсі шиедей алқызыл айфонды ұстата беріп, тоқалының жұмыр білегінен байқатпай бір қысып қалуды ұмытпады.
– Шақыр келіндерді. Шопырға көмектессін. Өзің дастарханыңды жая бер. Ағайындар күтіп тұр.
Қызық алда болатын. Тойшыл қауым су жаңа сотканың бетінде Ермұқан ақсақал мен Ақшақардың бас түйістіре түскен суреті қойылғанын әлі көрмеген еді…

ШЫҒЫСҚА АШЫЛАТЫН ТЕРЕЗЕ

Қаланың бір шетінен жанұшырып жеткені осы еді. Жиналыс бітуге тақап қалыпты. Есіктің аржағындағы дауыс қатқыл естіледі: «Бәріңізге ескертемін. Бір айдың ішінде жатақхананы босатыңыздар! Всем понятно?!».
Есболат «Кірсем бе екен, жоқ па» деп, екі ойлы боп тұрғанда, есік сарт етіп ашылып, іштегі жұрт дүркірей шықты. Жүздерінен әлденеге риза еместігі байқалады. Елдің соңын ала көрінген қырықтың үстіндегі, әппақ қайыңдай жұтынған сидаң әйел бұны көріп, жылтыр көзәйнектің аржағынан суық түйреп өтті:
– Где вас черти носят, пройдемте со мной! Есть серьезный разговор.
– Түнде… газдан ақау шығып… – Бос жүрмегенін сездіріп, шаруа жайын айта бастап еді, қолын бір сілтеген бастығының қатулы түрін көріп, қоя қойды.
Қолындағы көк папкасын Есболатқа ұстатты да, Анжелика алға түсті. Бұл артта. Жақында Дубай ма, Мумбай ма, әлдебір жақта дем алып келген сымбатты, сылқым бикештің ширақ жүрісіне әрең ілесіп, емпеңдеп келеді. Көзі құрғыр алдындағы бұлт-бұлт ойнаған толық бөксеге, күнге қақталған оқтаудай аяқтарға еріксіз түсе берді. «Едіге бұл сайтанға бекер қызықпаған екен-ау, ит-ай!..». Өз ойын біреу оқып қойғандай, жан-жағына қуыстана көз салып еді, абырой болғанда, ұры сезімін ешкім байқамағанға ұқсайды.
Бастықтың бөлмесі жайнап тұр. Қызыл ағаштан жасалған ауыр үстел, қызыл-қоңыр диван, қызыл шкаф, қызылды-жасылды балықтар жүзген аквариум. Осының бәрі кабинет иесінің абыройын асқақтатып тұрғандай. Былтыр осындағы еврожөндеу жұмыстары біткенше Есболат «мың өліп, мың тірілген». «Едігенің өзі болғанда, мұның бірін де жасатпас еді-ау» деп, басы артық шығынға іші ашып тұрғанда, «Садитесь!» деген қатқыл дауыс есін жиғызды.
Анжелика сөйлеп кетті. Ол бұл ойлағандай, алыс теңізде жай ғана дем алмапты. Мекеменің жағдайын жақсартуды ойлап, күні-түні шарқ ұрыпты. Ұйықтамапты. Күлмепті. Ақыры керемет іскер жандармен кездесіпті. Әсіресе, күншығыс елінің қалталы мырзалары Анжеликаның осы ғимаратына сырттай қатты қызыққан көрінеді. «Қытай тілін оқытатын орталыққа өте қолайлы екен» десіпті. Бір айдан кейін осында келмек. Ұнаса, жатақхананы бүкіл шаруашылығымен қосып, сатып алмақ. Бұл дегеніңіз артта қалған елімізге жаңа леп әкелетін шығысқа ашылатын жаңа терезе болмақ…
Осыны тез-тез айтып, Анжелика лып етіп түпкі бөлмеге кіріп кетті де, виски құйылған фужермен қайта оралды. «Шығысқа ашылатын терезе» дей ме?! Тосын жаңалық миына қоныңқырамай, үкідей бақырайып отырған Есболатты жаңа көргендей: «Что-нибудь пить будете?» деді. Бұл басын шайқады.
– Онда, не отырыс? Действуйте! Жатақхананың білдей комендантысыз. Активно кірісіңіз! Тездетіп көшсін. В конце до концов, ауылдарына қайтсын. Қой бақсын! Объясните всем, что мы не благотворительный фонд…
Істің насырға шаба бастағанын енді аңғарған Есболат іштей қызынып, орнынан созалаңдай көтерілді. «Не істемек? Қалай қылмақ?» Осындағы әр қиырдан келген пенделерді бала-шағасы, мысығына дейін таниды. Бір-бірімен туыстай болып кеткен. Барар жер, басар тауы жоқ бейбақтарды шырқыратып, қыс ішінде далаға қалай қуып шығарсың?

* * *

Бір-ер апта болды. Есболат пакеттегі жұмыс киімдерін көтеріп, Сейфул­лин көшесінің бойында тұр. Ойдан-қырдан жиылғандардың қарасы мол. Сайғақтың үйіріндей жосылып жүгендердің арасында кім жоқ дейсің? Ағаш ұстасы, кірпіш қалаушы, ғылым кандидаты, өзі сияқты малшының балалары. Кілең қазақтар. Өкіметтің өгей перзенттері секілді. Ешкімге қажеті жоқ.
«Құдай-ау, еркіндік аламыз дедік. Желтоқсан дүрбелеңіне қатыстық. Ал, еркіндік алдық! Ал, бөркімізді аспанға аттық! Ел де, жер де өзімізге тиді. Бірақ, кері айналып түскен дүние әлі оңалар емес. Құйқалы қызметтің бәрінде өзгелер отыр. Біздің босып жүрген түріміз мынау. Неге? Сонда, жаңа өкіметке қазақтар керек емес пе?» деп, өзегін өртеген сұрақтың жауабын таба алмай, Есболаттың миы атала боп кететін кездері аз емес.
Ел арасында «Құл базары» атанып кеткен бұл ортаға сіңісе қою да оңай шаруа емес екен. Бүгін «бригадирмін» деп, мұрны қоңқайған, қаба сақал, төртбақ денелі кавказдық біреу келіп, мұны тергеудің астына алды. Амандық жоқ, саулық жоқ:
– Кімсің? Қайдан келдің? – деді салған жерден орысшалап. Бойы аласа болғанымен, дауысы зор, сөзі мығым екен. Қасында өзі секілді домаланған тағы екі нөкері бар.
Өмірдің ыстық-суығын көріп ысылған Есболат ыға қоймады. «Жылқышымын. Ауылдан келдім» – деді жайбарақат.
– Сен мына чмолардан естіген боларсың? Мұнда жұмысқа кіру жарнасы елу мың теңге! Ай сайын тағы бес мың. Біз сендерді «крышевать» етеміз.
– Е-е-елу мың!.. Бауырым, ондай ақшам болса, менің мұнда келіп нем бар? Жүрмеймін бе ауылда тып-тыныш. Бар болса да, саған бермес те едім! Бұл жердің иесі менмін! Ұқтың ба?
«Чэ-э ты сказал?!» Көзі алайған сақалдының қарақошқыл өңі одан сайын сұрапылданып кетті. «Зэ-эмля ваша, власть наша! Понял?!» Қолындағы торсиған барсеткасын жандайшабының біреуіне ұстатты да, кердеңдеп жақындай берді. Жаналғыштай екі жұдырығын түйіп, теңселіп келеді.
Есболат сақ тұр еді. Моңғолияда спортбатта жүргенде бокстан чемпион атанғаны бар, асау тайдың құлағынан ұстағанда тыпыр еткізбейтін қара күші бар. Өзіне сенімді. Жақындай берген нойысты шегінген болып алдарқатып, артқа секіре бере қос аяқпен кеудеден солқ еткізіп, бір тепті. Ол тәлтіректей барып, кескен теректей гүрс ете түсті. Есболат сол тоқтамаған күйі сальто жасап барып, қалған екеуін де шықшыттан бір-бір сүйкеп өтті. Көз ілеспес жойқын соққыны күтпеген үшеуі жерде кесірткедей қиралаңдап жатты. Бағанадан сырттай қызықтап тұрған тағдырластары тізесі батқан әпербақандарды тәубасына келтірген қайсар жігітке сүйсіне қарасты.
Аналардың беті қайтып қалған секілді. Есболат есін әрең жинаған сақалдыны желкелеп тұрғызды да: «Тыңда, сұмырай! – деді. – Мен сенің атыңды сұрамаймын. Білгім де келмейді. Бірақ, есіңде болсын, бұдан былай бұл жерден қараңды батырасың. Ұқтың ба?! – «Ұқтым-м…» деді қырылдаған батырыңның тілі қазақша шығып.
– Бауырлар, естідіңдер ғой! Бүгіннен бастап өздеріңе ешкім де қиянат жасамайтын болады. Жоғалыңдар, сүмелектер!
Сыбағасын алған содырлар қиралаңдай басып жөнелді. Бірақ, жай кетпепті. Полициядағы сыбайластары арқылы Есболатты он бес сөткеге отырғызып кетті. Абақтыдан оралған күні оны көшедегі бүкіл жарлы-жақыбайлар халық батырын қарсы алғандай алдынан шығып, жапырыла қошамет көрсетті. «Біздің бригадиріміз енді өзіңсің» десті бірауыздан. Аса қиын да міндет емес екен. Сауыры астаудай иномаркалар келіп тоқтай қалғанда, кімнің қайда баратынын кезекпен бөліп отырасың. Болды. Есболат бұрынғыдай «жарна» жинауға, тал көлеңкесінде ішімдік ішуге тыйым салып, жұртты тағы да таңырқатты. Аз да болса, өз тапқандары өз ауыздарына тиіп, көшедегілер бір жырғап қалды.
Жаздың жайдары күндерінің бірінде жол жиегіне сүліктей қара «Вольво» сырғып кеп тоқтады. Соңында бір микроавтобус бар. Көлеңкедегілер тұра жүгірісті. Машинадан шашын оң жағына сілке тастап, бір сырбаз жігіт түсе берді. Үстінде ақ көйлек, көк галстук! Галстукте Қазақстанның алтын елтаңбасы бейнеленген. Жалт-жұлт етеді. Есболат әдемі галстукке қызыға қараған күйі жақындай берді. «Иә, мырза, айта беріңіз. Қандай шаруа? Неше адам керек?».
– Боташ!.. Боташ, бұл сенбісің?!.
Жадынан өше бастаған бала кездегі есімі естілгенде, Есболат селт етіп, сырбаз мырзаға қадала қарады. Кім мынау? Едіге ғой! Кластасы. Жиырма жыл өтті ме көрмегелі? «Сен қайдан жүрсің, ей?!». Достардың құшақтары айқаса кетті. Сәулет-құрылыс институтын бітірген Едіге осындағы үлкен бір компанияның басшысы екен. Соның шаруасымен жүргенін қысқаша айтты да:
– Жә, әңгімені сосын жалғастырармыз. Қазір қолынан іс келетін он мықтыны алып, менімен бірге жүр. Бір жылға жетерлік жұмыс бар. Құрылыс. Еңбектеріңді жақсылап төлеймін. Қалай, келісесіңдер ме?
– Мұндай батпан құйрық бізге күнде кезіге ме? Әрине, келісеміз!
– Ендеше Есболат, сен осыларға бүгінен бастап бригадир боласың.
Айнала қоршап тұрғандар ду күлісті. «Ол онсыз да бригадир ғой» деген жігіттердің астарлы сөзіне Едіге мән берген жоқ. «Ал, әңгімеңді айт. Қайда жоғалып кеттің? КазГУ-де оқитын сияқты едің ғой» деді машинаға отырған соң, ұзақ жыл көрмеген Есболаттың күнқақты жүзіне сағынышпен қарап.
– Иә, есіңде ме, география факультетінде оқығам. 86-ның Желтоқсанында ұсталып, он бес сөтке арқалап шықтым ғой. Содан оқудан қуылдым. – Көкірегін ащы өкініш кернегендей, Есболат сәл құмығып қалды. – Кейін ел жақтағы нағашымды сағаладым. Ата кәсіппен табысып, жылқы бақтым. Ойламаған жерден «жекешелендіру» деген пәле килікті. Билік басындағылар үйірлі жылқыдан бастап, тышқақ лаққа дейін пышақ үстінен бөлісіп алды. Біз құрық ұстап қалдық. Тігерге тұяқ қалдырмаған совхоздың жемқор директорымен тайталасымын деп жүріп, тағы да абақтыға түстім. Жалпы, менің тұзым жеңіл адаммын ғой деймін. Енді міне, не үй жоқ, не күй жоқ. Осы қалаға келгеніме екі ай.
– Бала-шаға бар ғой?
– Бар. Бір ұл, бір қыз.
– Одан артық не керек? Ең үлкен байлық – бала емес пе! Бәйбішең қай жақтан?
– Оны танымайсың. Көрші ауданнан. Өзің ше?
– Мен де Алматының бір сұлуын тұзақтағам. Таныстырам ғой. Әкесі қалалық мәслихаттың депутаты, үлкен кәсіпкер.
– О-о, солай ма? Нағыз мықты сен екенсің ғой! Кішкентайлар нешеу?
– Ол жағына әзірше ұяттымыз. Бола жатар… – Едігенің дауысында сәл діріл сезілгендей болды.
Бие сауым уақытта бұлар Едіге айтқан құрылысқа да келіп жетті. Бұрынғы бала бақша екен. Екі қабатты. Есік-терезелері аңғал-саңғал. Айналасы атшаптырым. Үйілген қоқыс. Жұмыс ауқымын көзбен шамалаған Есболат досына айтып, тағы да қосымша күш алдыртты. Сейфуллиндегі сенімді жігіттерден. Бүкіл шаруа бір жылға жетпей аяқталды. Ақ отаудай жарқыраған еңселі ғимарат жұтынып шыға келді. Шаштараз, дүкен, нан цехы, асхана, спорт зал сияқты қосымша бөліктері тағы бар. Есеп айырысар күні Едіге:
– Ал, достым, аянбай жақсы еңбек еттіңдер. Өзіңе де, жігіттеріңе де рахмет. Енді саған жеке өтінішімді айтайын, – деді бұған күтпеген ұсыныс жасап. – Менің жал-құйрықсыз жалғыз өскенімді білесің. Бүгінде әке де, шеше де жоқ. Сенерім сен ғана. Осы кешеннің шаруашылығын өзің басқарсаң қайтеді? Есеп-қисап жағын атқарушы директорым қадағалайды. Қалай?
Шынын айтса, «Пұшық қыз бай таңдай ма?» дегендей, Есболаттың күй таңдайтындай халі жоқ еді. Екі қолға бір күрек! Қатын-баласы әлі ауылда. Оларды қалай әкелеудің жолын таба алмай, тығырықта жүрген. Қуанып кетті.
– Осы жатақханадан бір бөлме болса… – деп келе жатыр еді, Едіге күліп: «Жүр» деді. Екеуі бояу исі аңқыған бірінші қабатты асықпай аралап, түпкірдегі жапсарлас екі бөлмеге келді. «Әзірше балаларың жас, мынау жетіп қалар». Мұны естігенде, Есболаттың есі шығып кете жаздады. Өзін қаттымын деп ойлаушы еді. Едігені қалай құшақтай алғанын, жыпылықтаған көздерінен ыстық жастың қалай ытқып кеткенін байқамай қалды.
– Ризамын, достым. Ғұмыр бойы өзіңе қарыздармын.
– Қой, Есболат, артық сөз айтпа. «Қарызың» не? Біз енді бизнестегі әріптестерміз. Қарашы, ауылдан келген екеуміз Алматының қақ ортасынан осындай алып кешен тұрғызамыз деп ойладық па?! Жоқ! Сол үшін еркіндік берген мына заманға айт рахметіңді. Заманға ілес. Еңбек ет, жақсыны үйрен. Өзге жұртқа құл болмауды ойла!
Есболат тұрақты бір кәсіптің құлағын ұстаудың реті қалай болар екен деп, өзі де бұрыннан күпті болып жүруші еді. Орайы келген сәтте, көкейіндегісін ірікпеді.
– Едіге, айтқаныңның жаны бар шығар, достым. Қалаға келгенмен, біз өз орнымызды әлі таба алмай жатырмыз. Рас, біліміміз аз. Білігіміз жетпейді. Менің де үлкен бизнеске бара қоймасым анық. Бірақ, шаруаңның бір шетінде жүруге дайынмын. Менің айтайын дегенім, осында адал жұмыс істеген жігіттер далада қалып қалмаса екен. Бәрі де біз сияқты ауылдан шыққандар. Мұнда сенер ешкімі де жоқ.
– Әрине, қалмайды. Шебер мамандар бізге де ауадай қажет. Ол жағын өзіңе тапсырамын. Іріктеп ал! Есіңде болсын, өз бауырларымызға өзіміз қол ұшын бермесек, сырттан бізге ешкім де көмектеспейді. Баспанадан да жеңілдік жасаймыз. Ал, іске сәт!
Қоштасарда Едіге әдетінше шашын оңға сілке тастап, бала кезден бірге өскен жан досына әдемі көк галстук сыйлады. Дәл өзінікіндей. Ортасында Қазақстанның алтын елтаңбасы бар. Жалт-жұлт етеді. «Менен естелік болсын. Галсук тағатын ақ көйлегің бар шығар?» Жарқылдай күлген Есболат «Бар, бар» деп өтірік айта салған…

* * *

Есболатқа ерген бірқауым ел бұл жатақханаға осылай қоныстанған. Одан бері қаншама жыл өтті? Қаншама су ақты? Бүгінде сол ағайындар өсіп, өнді. Кейбірі жер алып, өз алдына баспана салып алды. Есболат та қала іргесінен үлкен қора-жай тұрғызып, жатақтағы бөлмесін өзгелерге босатып берген. Бірақ, бес саусақ бірдей емес қой, тағдыр қамытынан құтыла алмай, осында қалып қойған ежелгі таныстары да аз емес еді. Солардың бір тобы жиналып, Есболаттың шағын кабинетіне бас сұқты.
– Ес-аға, бұл қалай болғаны? – деді біреуі. – Қытайша мектеп ашпасақ, көштен қаламыз ба? Қыстың көзі қырауда бала-шағамызды шұбыртып, қайда барамыз?
– Апырай-ә! – деді Есболат та шынымен қиналып. – Бұл өзі әбден піскен әңгіме сияқты. «Шығысқа ашылатын терезе» дей ме, бір орталық жасаймыз деседі. Өздерің қам қылмасаңдар, сендердің жағдайларыңды ешкім ойламайды, айналайындар. Әкімдікке барыңдар. «Нұр Отанға» барыңдар. Бір көмегі боп қалар…
Күнұзақ түрлі шаруалармен сабылып, кешкілік үйге сілесі қата оралған Есболатты ұл-қыздары үрпиісе қарсы алды. «Әке, жұмысыңызда не болып жатыр?». «Е, не боп қапты?». «Бүкіл интернет, телеканал шулап жатыр ғой!». Студент қызы планшетін ұсынды. Ып-рас. Әкімдіктің алдындағы айқай-шуды көрсетіп жатыр. Қара-құрым адам. Бәрінің де жүздері таныс. Ар жақтарында қаздай тізілген полиция шоғыры көрінеді.
Тентек құлындай тыпыршыған бір бұйрабас жігіт қолын оңды-солды сілтеп, қызына сөйлеп тұр. Тұп-тура Желтоқсандағы өзін көргендей болды. Бұрын қалай байқамаған, орысшасы сұмдық екен. «Уважаемый, аким! В душе всё закипело. Посмотрите на слёзы детей и матерей! Они все свои надежды полагают  на вас!» деп сөзін аяқтағанда, Есболат «Жарайсың, жігітім» деп сүйсінісін жасыра алмады.
– Әке, сіз бұған ренжудің орнына, қуанып отырсыз ба? – деді таңырқаған ұл-қызы.
…Таңертең жұмысқа ертерек келді. Жатақхананың алдында едәуір адам үйіріліп тұр екен. Жүздері шаршаңқы. Айналадағы ағаштардың қалқасында полицияның сұлбасы жылтыңдайды. Есболат ішке кіре бере, есікте әлдекіммен соқтығысып қала жаздады. «Ой, кешіріңіз!».
– Гаухар, сен бе? Немене, жау қуғандай ұшып келесің?
– Митингіге асығып… Мәселеміз дұрыс шешілмесе, көшені жабамыз дейді жұрт.
«Е-е, өмір-ай десеңші!». Кезінде осы Гаухарды да жұмысқа өзі орналастырып еді-ау. Иә, онда қара күз болатын… Жол бойында бір жас әйелдің жанұшыра қол бұлғап тұрғанын көрді. Тоқтайын деген ойы жоқ еді. Суық жаңбырға малшынып, бүрсең қаққан екі сәбиді аяп кетті. «Аға, бізді бірінші Алматының вокзалына апарып салыңызшы. Жарты сағат болды тұрғанымызға!..» деді жыларман болған бойжеткен. Есімі Гаухар екен. Жөн сұрағаны сол еді, көкейіндегі мұң-зарды ақтара салды. Шет тілдер университетін бітіріпті. Ауыл мектебінде жап-жақсы мұғалім боп жүрген. Совхоз тарап, жұмыссыз қалған күйеуі қалаға кетіпті де, соның соңынан ілесіп келген беті екен. Оның күзеттегі табысы белгілі. Тамақтан аспайды. Пәтерақысы төленбеген соң, үй иесінің қуып шыққаны мынау. «Үш тілді біліп тұрсам да, қаладағы бір мектепке орналаса алмадым ғой, аға. Танысың болмаса, қиын екен!» деп шырылдаған Гаухарды аяп кетті.
– Енді не істемексің? Ауылға кетесің бе?
– Жоға, ауылда не жоғалттым? Вокзалда «Ана мен бала» орталығы бар дейді. Соған мыналарды уақытша тастаймын да, жұмыс, пәтер іздеймін.
– Гаухар шырағым… Егер, қара жұмыстан арланбасаң, біздің мекемеден бір орын тауып берейін. Шағындау баспана да болып қалар.
Айнадан байқап отыр. Гаухар селт еткен жоқ. Жұрттың құрғақ уәдесінен әбден көңілі қалғаны көрініп тұр. Жолшыбай кезіккен бөтен біреудің тегін жақсылық жасарына сенбейтін секілді. «Аға, бірден ашып айтайын, менің беретін ақшам жоқ. Сосын, жеңіл жүрісті біреу екен деп жаман ойласаңыз, қателесесіз. Мен ондайға бармаймын» деді ашығын айтып. Есболат қыздың қайсарлығына риза болды. Сөйткен Гаухар ғой бұл. Қазір өзі завхоз, күйеуі электрик, бала-шағасымен осында бір бөлмеде тұрып жатыр.
Екінші қабатқа көтеріле бергенде, басқыштың астындағы тар бұрышта таласып-тармасып, асық ойнап жатқан бес-алты баланы көрді. Арасында Гаухардың да ұлы бар екен. Бүгін мектепке бармаған сыңайлы. «Әттең, қолымда билік болса, ана директордың кабинетін осыларға ойын бөлмесі жасап берер едім» деп, өзіне өзі кіжініп өтті.
Анжелика дұрыс ұйықтамаған ба, әлде жасырып ішетін шараптан шаршаған ба, шашы дудырап, қабағы ісіңкіреп, қитығып отыр екен. Сөзді қысқа қайырды: «Все, вы уволены! Пишите заявление! Мне не нужен безвольный старик, мне нужен молодой креативный мозгоправ».
Соңғы кездері біресе газ жүйесі тесіліп, біресе су құбыры жарылып, өзі де қатты қажып жүрген Есболат қалай кетудің қисынын таба алмай жүр еді: «Жарайды. Қазір арыз жазып әкелемін» деп, бұрылып шығып кетті. Кабинетіне жақындағанда, ресми киінген үш-төрт адам күтіп тұр екен. Арнайы құрылған комиссия мүшелері болып шықты. «Директор жоғарыда. Соған барыңыздар».
«Ағасы, алдымен сізбен сөйлесейік». Әкімдіктен келген көзілдіріктіні бірден шырамытты. Өткенде Елбасының жолдауын түсінідірміз деп, бір бума брошюра әкелгені бар. Есболат қызық көріп, кітапшаның біреуін сол жерде парақтап шыққан. «Үкімет тұрмысы нашар отбасыларына тұрғын үй алуға жағдай жасасын… Көп балалы аналарға қосымша жәрдемақы тағайындалсын… Жұмыс орындары көбейтілсін…» Құлақ асар адам болса, жүрек жылытар сөздер көп-ақ. Бірақ, кім тыңдап жатыр оны? «Жұртты әуре ғып, мұның не түсіндіретіні бар, бәрі де ап-айқын айтылған ғой. Тек, әкімдер орындаса болды» деген сонда Есболат. Содан бері екеуінің жұлдызы қарсы.
Әкімдік өкілі папкасынан бір парақ қағаз алып шықты.
– «Ұлан» жатақханасының құрылтайшысы сіз екенсіз ғой?.
– Не айтып отырсыз? Қайдағы құрылтайшы? Мен жай ғана комендантпын.
– Жалтармаңыз. Мынау әділет басқармасының берген анықтамасы. Вот, қараңыз. Сіз және Ұлан Едігеұлы. Ол кім?
Есболат үнсіз қалды. «Қалай есінен шығып кеткен, ей?». Едігенің тасы өрге домалап, дүркіреп тұрған шағы еді ғой ол. Зиялы ортаға іскерлігімен ерте танылды. Бір басына жетерлік дәулет жиналды. Абырой, беделі шырқап өсті. Тек, былайғы жұрт біле бермейтін бір осал тұсы бар еді. Көрікті сұлуды көрсе болды, белдігі босап кете беретін. Анжелика да (шын аты Жұлдыз еді) сондай түнгі жорықтардың бірінде еріп келіп, осы жатақханада қалып қойған. Едіге оны басқарушы директор қылып тағайындап, өзі алыстан нұсқау беріп, кейде қасында апталап жатып кететін.
Есболат бастапқыда өзімсініп: «Едіге, мұның не? Ел-жұрттан ұялмайсың ба?» деп, жайлап айтып жүрді де, кейін шаршап қойды. «Ес-аға, я тебя уважаю, старина! Но, сен мені түсінуің керек. Мынаның бәрін мен кім үшін жасадым? Құдай маған бір шарананы қимады ғой?..» деп, улы шарапқа бусанған Едігенің жан-дүниесіндегі ащы запыранды түсінуге тырысатын. Өз отбасына туған әкесі жасамаған жақсылық жасаған ақкөңіл досын қалай жұбатарын білмей, дал болатын. Сондай күндердің бірінде, Едіге мұны орталықтағы офисіне шақыртты. Қасында еліктің лағындай мөлдіреген бір бойжеткен отыр. Ортадағы коляскада шекесі торсықтай ұл пысылдап ұйқтап жатыр. «Е, ақсарбас, жақсылық болғай!..»
Шашын оң жағына сілке тастаған Едігенің көзінде бір жасын жалт етті.
– Есболат, көкейіңдегі ойыңды оқып тұрмын. Құптайсың ба, жоқ па, өзің білесің. Тек, сөзімді бөлмей тыңда. Ел ауып, астанамыз Сарыарқаға көшіп жатыр. Атамыз парламентке ауысты. Мен де аз күнде солай қарай жылжымақпын. Үлкен бір бизнес жобаны қолға алып жатырмыз, – деді бұған барлай көз тастап. Үнінде аздаған мұң табы сезіле ме, қалай? – «Тағдыр бір жерден берсе, бір жерден қысады» деген рас екен. Несін жасырайын, бәйбіше бала көтермейтін сырқаттан айықпады. Оның еш жазығы жоқ. Рұқсатын берген. Мына ұйқыда жатқан періште – Ұлан Едігеұлы, мынау қарындасың – Алуа. Сені шақыртқаным, осыларға бас-көз бола жүр. Бұйырса, енді Алуамен компаньон боласың. Мен жатақхананың атын «Ұлан» деп өзгерттім. Құжаттың бір данасын Алуаға, бір данасын өзіңе беремін. Түпнұсқасы әділет басқармасында. Тек, анау Жұлдыз бүге-шігесін білмей-ақ қойсын…
– Ол бала қазір нешеде? – деді прокурор Есболаттың ұзап бара жатқан қызықсыз әңгімесін бөліп.
– Он төртке кеп қалды. Осы Алматыда. Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды. Ай сайын есепшотына тиісті ақшасын аударып тұрамыз.
– Әкесімен араласа ма?
– Әрине араласады. Барыс-келісі, сыйластықтары өте жақсы. Тек, анау оқыс жағдай болмағанда…. Өткен күзде Едіге бірінші әйелімен Бурабайдан келе жатқанда, көлік апатына ұшырап, жарымжан боп қалды. Содан есін әлі жиған емес. Бәйбішесінің қайтқанын да білмейді. Мен Ұланды ертіп, астанаға екі-үш рет барып қайттым, ол бізді мүлде танымайды. Әлі қанша жатарын бір Алла біледі. Тезірек сауығып кетсе екен…
– Ал, құрылтайшылық құжаттар қайда?
– Үйде. Соны оқымаппын да өзі…
– Ағасы, мәселе былай, – деді прокурор ызбарлана. – Сіз теп-тегіс жерде проблема туғызып отырсыз. Өзіңіз бұрын да бірнеше рет істі болған қоңыраулы жан екенсіз. Желтоқсанға қатысып, билікке қарсы шығыпсыз! Өкіметке адал еңбек сіңірген совхоз директорын балағаттап, жағасынан алыпсыз! Өзге ұлттың өкілін сабап, ел достығына сына қағыпсыз! Соның бәрін сіз ұмытқаныңызбен, заң орындары ұмытпайды! Біз адамдардың әлеуметтік жағдайын қасақана төмендетуге жол бермейміз. Жұртты анда бар, мында бар деп сандалтып, көшеге шығыңдар деп үгіттегеніңіз үшін жауап бересіз!
Есболаттың іші алай-түлей болды. «Апырым-ай, не деп кетті мынау! Соншама уақыт өтсе де, ескірмейтін қандай қара таңба бұл? Желтоқсаншыл! Ұлтшыл! Бұзық! Не деген тұзым жеңіл адаммын…».
– Қайдан білейін, қарағым, – деді жуасып. – Директорымыз сөйлес деген соң, тұрғындармен өзімсініп, ашық тілдескенім рас. Әкімдікке барыңдар, билік партиясына барыңдар дегенім де рас. Бірақ, көшеге шығыңдар дегем жоқ.
Осы кезде әкімдіктің өкілі тамағын кенеді. «Ағасы, сіз қызық адам екенсіз! Өз құзіретіңізді мүлде түсінбейсіз бе? Әлде, комиссияны алдарқатып отырсыз ба? Атқарушы директор деген кім? Ол бар болғаны жалдамалы қызметкер. Ал, сіз осы мекеменің қожайынысыз! Сондықтан, болған оқиғаға тікелей сіз жауаптысыз. Есіңізде болсын, бұл мәселе әкімнің бақылауында тұр».
Есболат шынымен сасайын деді. «Не дейді? Қайдағы қожайын? Қайдағы жауапкершілік?» Маңдайы тершіп, бусана бастады. Осы кезде ішкі телефон шырылдап қоя берді. Анжеликаның шырқыраған дауысы бөлмені жарды. «Кто у вас там? Кто они такие? Где ваше заявление?» Тыңшылары жеткізген болу керек.
«Қазір, қазір. Бес минут!..».
– Не заявление ол? – Прокурор бұған тесіле қарады.
– Жұмыстан өз еркіммен кету туралы.
– Ну и ну! Бардак! – Прокурор басын шайқап, орындығын бері жақындатты. – Мені тыңдаңыз. Былай істейік. Сізге мықты заңгер тауып берейік. Алдымен, құрылтайшылық құжаттарды алып келіңіз. Қалғанын сосын көрерміз.
Есболат қағаздарды алып, қайта оралғанда, құлжаның асығындай лыпылдаған бір жігіт күтіп отыр екен. «Заңгермін» деген ол құжаттарды тез-тез шолып шықты.
– «Ым-м-м»… Бәрі дұрыс. Ұлан Едігеұлы ортақ үлестің 51 пайызына, сіз 49 пайызына ие екенсіздер. Дәл солай! Так что, әріптесіңіздің әлі кәмелетке толмағанын ескерсек, өз бетіңізше шешім қабылдауға толық құқыңыз бар.
– Қандай шешім?
Заңгер бұған осқырына қарады. Бір күнде бүкіл ауыртпалық, бүкіл жауапкершілік қу басына үйіліп-төгіліп түскен Есболаттың аянышты халін түсінгендей болды.
– «Ым-м-м»… Қандай дейсіз бе? Алдымен бұйрық шығарып, атқарушы директорды орнынан босатасыз. Сосын мені бекітесіз. Уақытша әрине, бәрі келісілген. Мен органның адамымын. Жағдай тұрақталған соң, өз кадрыңызды тағайындап аласыз. Әзірше, дүрліккен елді тыныштандырамыз – бір. Жатақханада қалатынын хабарлаймыз – екі.
– Бауырым, рұқсат болса, Ұланның анасымен бір ауыз тілдесіп алсам бола ма? Алдынан өтейін. Ертең Едіге есін жиса: «Мұның не, достым-ау?» деп, сұрайды ғой.
– Мейліңіз. Осында шақыртсаңыз, тіпті жақсы!
Болған оқиғаны Алуа да естіп, біліп отыр екен. «Өзім де хабарласайын деп отырғам, аға. Сіз қандай шешім қабылдасаңыз да, мен қарсы емеспін. Тек, жаны қиналып жатқан Едіге досыңыздың атына ұят келтірмесек екен! Ұлан екеуміз соның ғана тілеуін тілеп отырмыз…»
– Рахмет айналайын, түсінгеніңе! Қазір машина жіберемін. Тездетіп келе қойыңдар.
Есболат пен заңгер алдағы бұйрықтың жобасын жасап, жұртқа айтылар сөздің нобайын пысықтап, қабылдау бөлмесіне көтерілді. Бұларды көре сала, жалбыр шашы иығына төгіліп, кеспектей әппақ саны жарқыраған хатшы қыз орнынан атып тұрып, есікті кес-кестеді. «Вам нельзя! Там идет совещание!».
– Тұр былай, салдақы! Бізге болады! – деп, ақырып жіберген Есболаттың сұсты сәтін бірінші рет көрген қыз сескеніп, шетке ығысты.
Комиссия мүшелері түсінік жұмысын алдын-ала жақсылап өткізген болу керек, Анжеликаның арыны басылып қалыпты. Төрде емес, қапталдағы орындықтың бірінде бүгіліп отыр. Заңгер жігіт «Бәрі дұрыс» дегендей бас изеп еді, прокурор «Уақыт тығыз аға, орныңызға жайғасыңыз, іске кірісейік» деді асықтырып.
Жиегі күмістелген ауыр креслоға ебедейсіз отыра берген Есболат өзіне жамырай қадалған алуан көздердің сұғын сезініп, бойын тез жиып алды.
– Хатшы қызды шақырыңызшы, – деді Анжеликаға тіке қарап. Бағжаң ете түскен ол орынан созалаңдап, әрең көтерілді. Қасқыр қуған ешкідей тасырлата кірген жаңағы бойжеткен төрдегі Есболатты көріп, есі ауып қала жаздады.
– Қағаз-қаламыңды ал, бұйрық жазамыз.
– Простите, я не очень хорошо понимаю по-казахский…
Есболаттың қаны басына бірақ шапты. Алда-жалда біреу егемен елімізде дәл осындай «қазақ қазақты түсінбейтін» сорақылықтар болып жатыр десе, еш сенбес еді. Бұрын өзіне тікелей қатысы болмаған соң, мән бермеген де шығар. Дегенмен, бөтен кісілердің алдында ашуын тежеп, сабыр сақтауға тырысты.
– Онда, тез Гаухарды тауып әкел. – Хатшы қыз иығын қиқаң еткізді де, тұлданып шығып кетті. Содан қайтып көрінбеді.
– Сәлеметсіздер ме? – Есіктен жайраңдай кірген Гаухар іштегі жаңа өзгерісті көріп, таңырқаған күйі босағада тосылып қалды. Төрдегі Есболатқа бір, қапталдағы Анжеликаға бір қарайды.
– Гаухар, келе ғой айналайын, сені қазақша да, орысша да жақсы біледі дейді ғой? – деп, Есболат басқалар естісін дегендей, жақаурата сөйледі.
– Иә, білемін, аға. Ағылшынша да сөйлеймін. Инязды бітірдім ғой. Не боп қалды? Кешегі текстен қате шықты ма?
– Қандай текст?
– «Жатақхананың құрылтайшылық құжаттары жоғалды» деп, кеше қалалық газетке екі тілде хабарлама дайындадық емес пе! Өзім салыстырғам, қате болмау керек.
– Ол қашан шығушы еді?
– Білмеймін… – Қыз Анжеликаға қарады. Ол сұрланып, төмен қарады. Әкімдіктің өкілі дереу соткасына жармасып, газеттің редакторларымен байланысты. «Осындай хабарландыру бар ма? Бар! Мейлі, ақшасы төленсе төленсін, өздеріңде қала берсін. Бірақ, жариялаудың қажеті жоқ».
– Гаухар, айналайын, қазірден бастап қабылдау бөлмесіне өзің ие боласың, – деді Есболат бәрі тынышталған соң. – Кеңсе құжаттарын қабылдап аларсың. Ал, қазір, мына журналды ал, екеуміз бірінші бұйрықты жазамыз. Сосын тездетіп, ұжымды жина. Асханаға. Кеңірек жер, сол дұрыс болар…
Гаухар бұрынғы қорғансыз, жалтақ қыз емес еді. Ысылған. Шираған. Есболат ағасының сөзіне бұл жолы қалтқысыз сенді. Зыр жүгіріп жүріп, берілген тапсырмаларды әп-сәтте бұлжытпай орындады.
Зал лық толыпты. Орын жетпегендер түрегеп тұр. Алдымен прокурор сөз алып, қоғамдық тәртіпті бұзуға ешкімге жол берілмейтінін, заңды сақтау бар­ша­ның ортақ міндеті екенін суықтау түсіндіріп өтті. Одан кейін ортаға шыққан әкімдік өкілі ұзағырақ көсілді. Алматының мың жылдық тарихынан бастап, тереңнен толғап, шаһар келбетінің жасарып, жаңғырып келе жатқанын желпіне баяндады.
– Қараңыздар, кеше қандай едік, бүгін қандаймыз? Ел еңсесі көтерілді. Кәсіпорындар салынуда. Жұмыссыздық жойылып келеді. Өздеріңіздің Сейфул­лин көшесінің бойында бүгін бірде бір адамды көрмейсіздер. Сүйікті Алматымыз озық өркениеттің орталығына айналды. Оған сіздердің қосқан үлестеріңіз де аз емес! – деп екпіндете аяқтағанда, қатты толқыған сейфуллиндіктер дүркірете қол соғып жіберді.
«Дегенмен, өзі білімді, парасатты жігіт екен, ей!» деп, Есболат онымен орынсыз сөз таластырғанына іштей ыңғайсызданып отырды. Кезек өзіне келгенде, сопайып ортаға шықты. Тына қалған жүздеген көздер өн-бойын тінте қадалғанда барып, көптен бері үтіктелмеген, мыж-мыж костюмі мен шалбары есіне түсіп, қатты қысылды. Күлді. Желкесін қасыды. Қарақошқыл шекесінен шып-шып тер шықты.
– Бауырлар! – деді тамағы құрғап. – Былай ғой… – Заңгердің үйреткендерін тарс ұмытып, өз төтесінен тартты. – Алдымен, өздеріңді әкімге бар деп, отқа итермелегендей болған бір білместігім үшін кешірім сұраймын. Басқа не айтам?.. Әлгі «Шығысқа ашылатын терезе» дейтін пәле енді салынбайды. Құдай атымен ант етем! Бәріңіз де осы жатақта қаласыздар. Бұйырса, бөлмелеріңді жекешелендіріп береміз. Анау директор, аты кім еді? Жұлдыз, Анжелика? Қанымызды ішкен сол сайқал орнынан босатылды! Оның кабинетін балалардың ойын алаңы жасаймыз…
Одан ары не айтып, не қойғаны есінде жоқ. Көпшілік дүр етіп қол шапалақтап, біреулер еденді тепкілеп «уралап», біреу жылап, біреу күліп, зал дүрлігіп кетті…
Осы сәтте, ортадағы есік айқара ашылып, табалдырықтан имене аттаған жас әйелдің сұлу келбеті көрінді. Қасында қаз мойын сүйкімді бозбала бар. Есболат улап-шулаған жұрттың дабыр-дұбырын ұмытып, айналасына үрке көз салған жасөспірімге елжіреп қарай берді. Ұлан! Үстінде қардай әппақ көйлек, әдемі көк галстук.
Шашын оң жағына сілке тастап, Едігенің өзі кіріп келе жатқандай…

* * *

Сол күні әкімдік өкілі биліктің шұғыл араласуымен тұрғындардың ереуілі оқыс оқиғасыз аяқталғанын айтып, жалаулатып, теледидардың бетін бермеді.
Сол күні прокурор да қоғамды дүрліктірген Есболат Пәленшеев деген алаяқ кәсіпкердің дер кезінде он бес тәулікке қамалғанын хабарлап, жоғарыға есеп беріп жатты…

Пікір қалдыру