Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ. АЗАТТЫҚ ЖЫРЫНЫҢ АЙБОЗЫ

1
Бүгінде айы оңынан туып, ақындықтың асқар белесіне көтерілген Несіпбек Айтұлының атағы асқақтап, шабыты шарықтап, ел-жұртының құрметіне бөленген бақытты шағы. Жетпіс жастың желкенін желбіретіп, көңілі тасып, мерейі асып, қазағына сіңірген еңбегінің жемісін жеп, қызығын көріп, отбасы, бала-шағасының ортасында бақуат ғұмыр кешіп жатқан ақынның өмірі мен өнерінің хикаясы хақында сыр бөлісудің сәті түсіп тұрған соң қолыма қалам алдым. Шамам жеткенше,сөзім өткенше көрнекті ақынның шығармашылық әлеміне ойша шарлап, қазіргі қазақ поэзиясының өсіп-өркендеуіне қандай үлес қосқандығын анықтап, ал бағасын беруді ойлы оқырмандарға қалдырамын. Жалпы жұртшылық ақынның өлең-жырлары мен поэма-дастандарын жылы қабылдап, сүйсініп оқитыны анық. Соған орай оның шығармашылығына Мемлекеттік сыйлық беріліп, ҚР еңбек сіңірген қайраткері атағын алуы, «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталуы да лайықты баға. Ендеше, еңбегін ел-жұрты ерекше бағалаған ақынның мерейтойы тұсында түгел қамти алмасам да, шайырдың шығармашылығына біршама тоқталып, азды-кем әңгіме айтып, пікір түйіндесем орынды болар…
Жүрегін көктемнің жібек желі желпіген бозбаланың аңсаған боз даланың көркіне қызықтай қарап, көзі көргенді көңіліне тоқып, жанының толқынысын өлеңмен өрнектеген он жеті жастағы өндірдің сезімталдығы қайран қалдырады.

…Ғажайып нұрға бөккен тіршілік бір,
Тұрғандай төсегінен сілкініп қыр.
Жауқазын қара тасқа көрік беріп,
Дүние күн көзіне ынтығып тұр.
Осы бір шумақты оқи сала балаң талапкердің болашағын болжап, үлкен үміт артарың ақиқат. Балғын сезім бала ақынның сөзі суретті: «Жазылып жердің арқасы,ызғары қыстың кеткен бе?!. Сәулесін күннің сіміріп, жүрегін жердің суырып, бояуын қырдың тапқандай, қызғалдақ қыздай тізіліп, сылқылдап бұлақ тіл қатып, күлкісін қыздың тыңдатып, ойнайды тастан секіріп, жүректі тайдай тулатып, төсіне жердің нұр бүркіп, не жетсін нөсер төккенге». Міне, осылайша көктемгі дала дидарының сан алуан суреті сөйлей жөнеледі. Ат жалын тартып міне шаққа жеткенін сезінген талапкер маңдайына жазылған бір тай барына сенген соң да жүгенін алып, жыр үйіріне кіреді. Талабы таудай балғынның ақындық жолы асқар биіктерге жеткізетініне риясыз сенесің.
Арман қуып аттанған, іздегенін тапқанша елге оралмаған, туған жерін сағынып, жүрегінен жыр толғаған жас ақынның сөзіне құлақ салайық:

…Аңсадым мен ботакөз бұлағымды,
Ауыздықсыз, алаңсыз бала күнді.
Кімдер менің үйреткен анау жылғы,
Ат қып мініп жүр екен асауымды?!..
Сағынышы жан-жүрегіңді сыздататын бұл шумақта алыс ауылдарда өскен барша қазақ баласының сезім сыры жатыр емес пе?! Артынша «жарысып аққу-қазбенен, бұйырса бір күн оралам» деген демеу сөзі де көңіліңе қона кетеді. Өлең кейіпкерлерінің өмір жолында кездескен қыздармен арадағы сүйіспеншілік сырларын ақтарған ақын тағдырдың маңдайға жазған сәттерінен сөз қозғайды:

…Қоштасарда күндер қолын бұлғаған,
Көңілін бір сәт кімдер кейін бұрмаған?
Сенің де, айнам, алма жүзің солыпты-ау
Сонау жылғы маған сонша бұлдаған
Қоштасарда күндер қолын бұлғаған…
Бір жылдары бойы толы бұлғақ, бал бұлақтай билейтін,бозбалалар бұғалық тастаса да, асау тайдай бұлқынып, қолдарына түспеген, қара көзі мойылдай ару қыздың алданғанын, ол күндердің қайтып келмесін, өзін өзегі өртеніп сүйген жігіттің жан сезімін бағаламай, енді қанша сұқтана қарағанмен бәрі кеш екенін емеурінмен жеткізген жыр жолдарын оқи отырып,сан ойларға берілесің, қателесу арты жарға жығатынын есіңе түсіресің. Ал енді мына шумақтарда да жүрегіңді шымырлатар сыр бар:

…Сәулем неге теріс қарап отырсың,
Жүрегіңнің өшірді екен отын кім?!
Бұрынғыдан алшақ тартып арамыз,
Бұйығы бір күйге түсіп барамыз.
Өзі жанындай жақсы көріп жүрген ғашығының аяқасты қам-көңіл күйге беріліп, аралары суыса бастауының себебін түсінбей, дағдарысқа түскен жігіттің алақұйын арпалысқан ішкі әлемінің өзгерісін жайбарақат отырып оқи алмайсың, Сөзінің өтімдігі, халінің мүшкілдігі жаныңа батады. Көк торғын тоғайда серуендеп, ару таңды бірге отырып атырған сол бір тәтті түндерді еске алған өлең кейіпкері сырының соңы күңгірт ойға қалдырса да, бәрібір тосын толғанысқа бөлейтіні қызық.

…Еске алдым, сәулем, сағына,
Жандар жүр онда кіл бөтен.
Көк торғын тоғай тағы да,
Асыға күтіп тұр ма екен?!
Ғашығына жүрегіндегі сағыныш сазын сыңсыта сыр ашқан бозбаланың болмысын билеген сезімнің сәттік сәулесі өлеңге өзгеше өң беріп тұр.
…Қарайлап қайтқан жыл құсын,
Ән салып тауды жаңғыртып.
Жолымды күтіп жүрмісің,
Тербеліп талдай жалғыз түп?!..
Өлеңдегі қарапайым ой қазақтың қаймақ сөздері мен назды мінезін мінсіз айшықтап тұр емес пе?! Жалпы ақынның өлеңдерінде жас дәуреннің думанды шағындағы қыз-бозбалалардың бәрі басынан кешетін ғашықтық хикаялары бөлекше бір сипатымен сыр ашады. Екі жастың арасындағы сүйіспеншілік сезімнің өрттей өртенуі мен су сепкендей сөнуінің сыры астарлай айтылып, түйінін түсініп, шешуді оқырманның өз еркіне қалдыратынын байқайсың. Өлең өрнектеудің бұл да бір өзгеше қыры. Несіпбек ақынның өмір-тіршіліктің күнгейлі-көлеңкелі түрлі құбылыстарын егжей-тегжейлі талдай таратып, санада саралап, түпкілікті түйінін тауып, түбегейлі тұжырым жасаған пәлсапалық ой-толғамдарға толы өлеңдері өте көп. Солардың қатарына «Табалдырық», «Үміт көбелегі», «Құлын көрдім түсімде», «Бірде қараңғы, бірде жарық», «Көз жасы», «Қара дәптер», «Өмір күйі» т.б. ізгі ой, ақ ниет, пәк тілек сынды адами асыл қасиеттерді саралайтын сырлы сөздерін өрнектеген өлеңдерін қосар едім. Иә, жарық дүниенің сырын ұғуға ұмтылған адамның жандүниесін бейнелеу үшін жыр маржанын тізген-ақ қой ақын…
Түн түндігі түріліп, ағарып таң атып, күлімдеп күн шыққан сәтте тәтті ұйқыдан ояна сала оқыс ойға батқан адамның көңіл күйін – сезім сырын жеткізген жыр шумақтарын оқиық:

…Балқытқандай жан денені,
Маужырайды бар маңай.
Еске салып әлденені,
Тербетеді таңғы арай.
…Таң келеді шұғылалы,
Дүние тұр құлшынып.
Шұғыладай құлпырады
Алма-кезек тіршілік…
…Ағарды аспан түн түріле,
Мөлдірейді таң шығы,
Тұрдым іліп кірпігіме,
Таң шығындай тамшыны…
…Қарсы ап, бәлкім, алғаш таңын,
Келді өмірге бүлдіршін,
Қимай соңғы таңғы аспанын,
Кетті біреу… кім білсін?!
Дөңгеленген дүниедегі тіршіліктің әр таңын Алладан амандық тілеп қарсы алатын адамның – өлең кейіпкерінің толғанысы кісіні терең ойға батырып, өткінші өмірде күнделікті біреу туып, екіншісінің талқаны таусылып жататынын еске салып тұр. Ал бұл өлең адамдардың мына бес күндік ғұмырын ойсыз-мұңсыз бекер өткізбей, әр таңды артында бір із қалдыруды ойлап оянса деген ақ тілектің айғағы. Өткен күндердің ақын жүрегіне жазған, өшірген ой, сезім, арманы аз емес. Өмір-тіршіліктің көлеңкесін де, таң нұрын да,боран-аязын да, яғни, қилы-қилы тағдырмен қиысқан кезеңдерін де басынан өткерген өлең кейіпкерінің жан дүниесін, сыры мен жырын, арман-аңсарын, мұрат-мақсатын түгел ақыл-ой сарабына салып, сабақтастыра өлең кестелеген ақынға сөз берейік:
…Қуаныштың кестелеп суретін,
Танытса екен адамның құдіретін.
Ізгіліктен түскен із көп болса екен
Қалғанының табармыз бір ретін…
Адам өмірінің күнгейі мен теріскейі, сондай-ақ көңілінің күншуағы мен көлеңкесі болатыны аян. Арбасып, арпалысып өтетін тіршіліктің сан алуан қыры мен сырын түсініп-түйсінсек, сол күнгей мен теріскейдің дәйім келіспейтінін яғни күнгейің гүлдей құлпырып тұрса, теріскейің сүрі қардай, сіресіп сыздана, келіспей де беріспей күреске түседі. Адамның ішкі жан сырына үңілсең ғана жандүниесін түсінесің. Кісіні сыртынан сынасаң қатты қателесесің дегенді мегзеген ақын сөзі құлаққа қонады:
… Айтасың ашып кімге оны,
Сыртыңнан сынап-білгені
Ішіңе ғана белгілі,
Жаныңның жылап-күлгені.
Адамды адамның тануы мен түсінуі үшін әрдайым ойыңда жүретін ғибратты қағида бұл.
Әр қазақтың баласы ес жиып, ержеткен соң арман қуып шағын ауылынан шалқар қалаларға қоныс аударатыны өмір шындығы. Әйтсе де балалық шағы өткен өлкесін – жер төресі санайтын, алыста жүріп аңсап, сарғая сағынатын қазақ азаматының жүрегін тербейтін суымас сезімін мөлдірете тізген ақынның айтқыштық қасиетіне – сөзінің өткірлігіне қалайша қайран қалып, риза болмассың?!.. Кешкі қазақ ауылының тіршілік көрінісін сөзбен суреттеген ақынның ымырт түсе көктегі айдың қасын керіп, күміс сырғасы сыңғырлап, тал-қайыңның баяу сыңсығанын, құрбақаның таңдай қаққанын,қозы-лақтардың жамырап өрістен қайтқан енелерін тануының,желіден босаған жас құлынның желпініп, ойнақтай шапқанын, қалың жылқы үйір-үйірімен қырат-белдерге қаптай жайылғанын, белдеуде байлаулы тұрған аттың үйірін іздеп жұлқынғанын, алыстан қонақ келе жатқанын сездіріп, абалап иттердің үргенін соншама үзілдіріп суреттегеніне қарап, өлең кейіпкерінің табиғат пен адамның жаратылысы бір екендігін жанымен түйсініп, сүйсініп, құмарлана көз салып, жадына жазып алғанын әдемі әдіптеген, керемет кестелеген. Несіпбек ақынның нағыз сөз суреткері екендігінің белгісі бұл. Бір-екі шумақ мысал келтіре кетейін:
…Арқаның аңсағанда сай-саласын,
Жолдарға алыс қалған ой саласың.
Бозторғай боз даласын ұмыта ма,
Төсінде жұмыртқасын шайқағасын?…
…Өзекке өкініштен шоқ тамады,
Жастықтың жәрмеңкесі тарқағасын,
Адасқан үйірінен асау көңіл,
Құлындай кісінейді ноқтадағы.
…Ұяға балапандай бауыр басқан,
Бұл күнде алыстадық ауылдастан.
…Әркімге өз мекені – жер шоқтығы,
Анықтай алмас ешкім өлшеп мұны,
Жүрекке алып ұшқан ем таба алмай,
Өлерміз сағыныштан өлсек түбі…
…Маужырап, бақып тұр маңай,
Сырғадай анау – туған ай.
Сау етіп жерге түсердей,
Жұлдыздар толқып тұрғаны-ай!…
Алаштың алтын қазығы, алда-саңда аунап-қунап, бой жазып қайтатын ауыл туралы таусылып әрі тауып айту осындай-ақ болар, тегі. Балбұлағы бұратылып, ақ қайыңы ырғатылып,самалы сыңсып ән салып тұратын ұлан даланың көркем кеңістігін сөз маржанын төгілте, жүрегіңді егілте өлең өрнектейтін ақынның шығармашылық шеберлігіне кеңінен тоқталып, бастан-аяқ баяндап, мысал келтіре берсем, арнайы кітап жазуға тиіспін, сондықтан жалпылама болса да сыр-сипатына тоқтала кеткенім жөн болар.
Біріншіден, ақынның түпсіз терең ой-толғаныстарына толы өршіл рухты өлеңдері туған елі мен жеріне деген шексіз махаббаттың музасы.
Екіншіден, жүрегінен жыр төгілген, сезімінен өлең өрілген ақынның салмақты ой, сырлы сезім қылын шерткен жыр шумақтарының шуағы көңілді арбап алатын сиқырымен ерекшеленіп тұруы. Бірде сүйсіндіріп, бірде күрсіндіретін алапат сезімге, орасан ойға жетелейтін өмірдің көркем келбеті.
Үшіншіден, адам баласының көшкен бұлттай бұлдырап, аққан судай сылдырап өткен өмір-тағдыр кешулерін айрықша айшықтап, ақтарыла сырласқан сәттерін суреттеуі соншалықты терең түйінді әрі ғажап ғибратты. Адам – пенденің көңілін арбап, үмітін жалғап дүние өкпек желдей өтіп жатыр. Сол тұрлаусыз тағдыр мен баянсыз тіршіліктің ащы-тұщы дәмін тата жүріп, көрген қызығың мен тартқан тауқыметіңді есіңнен шығармай, сабақ алып, артыңдағы ұрпағыңа үлгі болатын жол көрсетіп, бағдар сілтеу азаматтық борышымыз екенін есімізге салатын өнегелік-өсиеттік сипаттағы өлеңдері де жаныңа жағымды,тағылымды…Оқи отырып сырын сезінесің,ойын ұғынасың. Оқырмандарын ойлантып,толғандырып, асқақ арман-мақсатқа жетелейтін сара сөзіне сүйсінесің, түйсінесің. Қысқасы, халқымыздың ортақ арман-аңсары, мұрат-мақсаты, өмір тіршілігі – тұтас тағдыры ақын өлеңдерінің алтын арқауына айналған. Жібек желдей есілтіп, көсіле, шешіле, емірене, тебірене сөз кестелеуі оның өлеңнің өрен жүйрігі, нағыз саңлақ ақын екендігінің жарқын мысалы.
Төртіншіден, ақын өлеңдерінің тағы бір өзгеше қыры – мазмұны мен түйіні пәлсапалы тұжырымға құрылатындығы. Оның сыртқы сипатына сынай қарап-ақ ішкі иірімдерінің сырын аңғаруыңа үйлесе үндесіп тұрғанын бірден байқайсың. Несіпбек негізінен әр өлеңін ой мен сезімді сабақтастыра өріп, түйінін тәлімді толғаныстармен тұжырымдап, жаңаша жазатын шайыр. Әсіресе, пәлсапалық пайымдаудың асқан шебері. Сөзімді тірілтетін бір мысалды «Соңғы жапырақ» өлеңінен алайын:

…Тіл қатпай томсырады күллі атырап,
Жаздағы бар қызығын ұрлатып ап.
Ең соңғы күнпарақтың бетіндей боп,
Бұтақта ең ақырғы тұр жапырақ.
Осынау төрт жолда жаз өмірін – мәз өмірін өткізіп, бақиға бет алған адамның көңіл күйі бейнеленген. Одан әрі оқиық:
…Сұстылық байқалғандай күзгі бұлттан,
Тітіреп, тіксінеді ызғырықтан.
Жас еді – жасыл еді,
Енді – сары
Өмір-ай,
Өң-бояуын жүз құбылтқан…
Өмірдің күзі келіп, жапырақтай сарғайып, үзіліп түсер сәт туғанда тірліктің парқына көзі жеткен кісінің ойы ғой бұл.

…Жұлынып әне-міне қалмағы анық,
Қайтадан қона алмайды талға барып…
…Сол бетте зым-зая боп жоғалады,
Жол солай,
Жоғалмасқа жоқ амалы.
Қайтадан қанша көктем оралады,
Оларда тоналады, тоналады.
Күні кешелері жайқалып өскен теректің жамыраған жапырақтары жұлынып түсіп, көктем қайта оралса да, бәрібір олардың да тап осылай күзі түсіп тоналарын-жоғаларын айту арқылы ақын әр адамның да тағдырын – талқаны таусылар сәтін еске түсіріп, сол қас қағым ғұмырыңды өкінбестей өткізу қажеттігін астарлап айтып отыр. Кім-кімге де ой салатын, сабақ алатын өмірлік ғибраты бар ғазал. Өткінші өмірдің өкініші де,жұбанышы да барын бағамдап, өзі дүниеден озса да, артында қалған ұрпағыңмен ғұмыры жалғасатынына тәубе жасап, келешектен күдер үзбеу арқылы адамзат тіршілігінің түрлі түйткілдері: қызығы мен қуанышына алданбай, уайымы мен қайғысына қабырғасы қайыспай, қайраттана қарсы тұрып, маңдайыңа жазылған тағдыр кешулерінен сүрінбей өтудің қағидасын есіңе салып, тәлім алуыңды көздеген көшелі ойымен оқшау тұрған ақынның «Емен» деген бір ғажап өлеңі бар. Сөзімді соза бермей, кезекті өлеңнің өзіне берейін:

…Өркен жайған, еңсесі көк тіреген,
Көктем сайын жапырағы түлеген.
Жолаушылар көлеңкесін саялап,
Жыл құстары бұтағына түнеген.
…Мекен етті долы өзеннің жиегін,
Ұзақ жылдар мейірімді бір емен.
Қайсар еді, қайратты еді не деген.
Не көрмеді ғұмырында сол емен?
Шыдап бақты сақылдаған аязға,
Жонын тосты дауылдарға тербеген,
Құлап барып, қайта бойын түзеді.
Жайдың оғы ұрғанда да төбеден.
Таң атты да, шыр айналып батты күн,
Өтті жолдар баса алмастан аптығын.
Өзен шулап тойлады өз шаттығын.
Ал еменнің өзегінде жатты мұң.
Тентек өзен күні-түні ұрғылап,
Бара жатты жарғауытты ұңғылап.
…Қалмаған соң тамырында дәрмені,
Қалтыратты дүлей толқын пәрмені.
Құлады емен өкіріп кеп өзенге,
Таусылды да тірлігінің бар демі.
…Есіл емен салындыға айналып,
Ағыспенен кете барды айдалып.
Арпалысқан алыса алмай өліммен,
Сонда да емен түңілмеді өмірден.
Бір күндері қайта көктей бастады,
Бұтақтары топыраққа көмілген.
Көк шыбықтар саусақ жайып тұр шығып,
Өксіді емен іштей ауыр күрсініп.
Осы екен-ау астан-кестен дүние,
Осы екен-ау арпалысқан тіршілік…
Бұл ұзақ өлеңнің үзіндісі ғана. Оның әр жолында өзекті сыр – өмір бар. Адам өмірін еменге теңдестіре де үндестіре де, айнытпай қиыстырып ой толғаудың таптырмас тамаша үлгісі. Сөз саптасы, ой толғасы, тәлімді түйіні қандай керемет. Оқыған әр оқырман өз өмір жолын көз алдына елестетіп, қайта бір жасап қалары кәдік. Несіпбектің нағыз ақын екендігін осы жалғыз өлең-ақ талассыз танытып, еріксіз табынтып тұр.
Бесіншіден, арналы ана тілі арқылы жүрегінен жырынды сөз сауған ақынның жыр-толғаулары да қазақ поэзиясының қазынасын толықтырған толымды туындылар. Көсілтіп те егілтіп жазылған, оқырмандарын ойлантып, толғантып, жандырып жылытқан от-жалынды жыр-толғаулары жұртшылықтың жүрегін жаулап алары ақиқат. Мысалы, «Бауырым, сонау күн қайда?», «Қырықтан асқан шағында», «Есіл де есіл, есіл күн», «Құлан ойнақ» т.б. шындықты айтып, шоқ шайнап, от бүріккен, тиген жерін тіліп түсер семсер сөздерімен ел-жұртының намысын қайрап, жігерін жаныған, рухтандырған кешегі абыз ақын-жыраулар Шалкиіз, Қазтуған, Ақтамберді, Бұқар жырау, Нарманбет сынды саңлақтармен сарындас, таңдайынан төгілген жыр-толғаулары сахна төрінде термелеп айтуға сұранып-ақ тұр. Осы сөзімізді сазын ғажап әнші Жәнібек Кәрменов шығарып, мәтінін Несіпбек жазған, күллі қазақты ойландырып-толғандырып, көңілдерін тербеген әуезді әуенді «Ағалар-ай» әнін айтсақ та жеткілікті. Ұлттың рухын, қазақы қасиетін, табиғи мінез-құлқын дәріптеп, оқырмандарының есіне салып, ойлантуды қашанда қатерінде ұстайтын ақын топ-топ жыр-толғауларында осы орайдағы парасат пайымын санаңа сіңіре, жүрегіңе жеткізе өлең қашау Несіпбектің негізгі нысанасы. Таза қазақы ұғым, түйсік, таным, наным, сенім сынды көзқарас қайнарларының тылсым сырын тереңнен қозғап, қопара құпиясын ашып жазуына қарап Несіпбектің нағыз ұлт ақыны екендігіне көз жеткіземіз.
Алтыншыдан, жаңарған заман, өзгерген қоғам кезінде туындаған күрделі мәселелердің түйінін шешуге қатысты күрескерлік бағыттағы ой-толғамдарымен бөлісіп, ел билігі мен қарапайым халқына сөз арнауы да ақынның азаматтық борышына адалдығы деп білемін. Кешегінің арманы мен бүгінгі күннің мақсатын ұштастыра отырып, кемел кесімді, жаңаша түйінді өлең өрнектеуге келгенде де дара жолын тапқан дарын иесі Несіпбек ақын. Жалаң сөз болмасын, бір мысалға жүгіне кетейін. Ел астанасының төріне Күлтегін көктасының көшірмесін алып келіп орналастырған шақта шаттықтан жүрегі жарыла қуанған исі қазақтың көңіл күйі былайша сипатталған:
Тәңірінің біздерге көктен түскен сыйындай,
Көктас көшіп келеді тарихымызды арқалап.
Иісі түркі жұртының тұмарындай Көктасым,
Бұзып жеттің бүгінге ғасырлардың қақпасын.
Түмен-түмен қол ертіп, тік көтеріп даланы,
Түзегендей Күлтегін астанаға ат басын.
…Еріксізден еңкейтіп енді ешкімге, Жасаған,
Иілмесін басымыз тар бұғаудан босаған.
Босағамда бүгілер тәкаппардың тізесі,
Төрде тұрса текті сөз бабам тасқа қашаған!
Ел-жұртымызды елеңдетіп, тасқа қашалған төл тарихымыздың – ежелгі мемлекеттігімізді айғақтайтын еңселі ескерткіштің Қазақстанға оралуын осынша тебіреніспен жырлаған, ақын сөзінің қуаттылығы қайран қалдырары хақ. Ақын өлеңдерінің өмірмен өзектес, қазіргі кезеңдегі ұлттың мақсат-мұратын айшықтап айтуға арналғанына тағы бір мысал. Киелі ана тілін төбесіне көтеріп, қастерлеудің үздік үлгісін көрсетіп,үздіге үн қатқан ақынның сөзі мірдің оғындай:

…Тұлпарым да өзіңсің, қыраным да,
Намысым да өзіңсің, ұраным да!
…Иманым да өзіңсің, Құраным да,
Жағылатын басыма шырағым да
Өлген соң да сен үшін күресемін,
Аруақ болып орнымнан тұрамын да!..
Қазақ тілінің қоғамдық өмірде өзіне тиісті орын тағына орнығып, мемлекеттік мәртебесіне сай болуын көксеген ел-жұртының жүрегін жарып шыққан ақ тілегі ұлтымыздың ұл-қыздарының көкейіне қонса игі деген ақынның ақжарма өлеңінің өрнегі де ғажап:
…Сенің әрбір тынысыңмен күн кешем,
Сен арқылы тіршілікпен тілдесем.
Ел бетіне қалай түзу қараймын,
Ана тілім,
Егер сені білмесем?
Сенің арқаң дүниеден сыр ұқсам,
Сенің арқаң жүзіп ішсем тұнықтан.
Туған анамды ұмытқаным емес пе?.
Туған тілім,
Егер сені ұмытсам.
Ана тілім,
Алтын ұям, құндағым,
Ақ бесікте әлдиіңді тыңдадым.
Сенің жырың,сенің әнің айтарым,
Санам сөнім, байланғанша тіл-жағым!
Шіркін, ақынның арман сөзі, тілек сөзі бар қазақ баласының жүрек сөзі болса ғой дейсің. Құдай сол күнге тезірек жеткізгеніне куә болуға жазсын. Көркем әдебиеттің басты борышы – қазақты тосын оқиғалармен алдандыру емес, адам жанын тәрбиелеп, рухын көтеру екендігін тереңнен толғап, түйсінген ақынның өлең-жырларының өнегесі өмірлік.
Жетіншіден, Алаштың ардақты азаматтарына арналған өлеңдері өзгеше өрім, жаңаша көзқараспен жазылған. Олар әдеттегідей, мақтау-мадақтау емес, әр кейіпкердің бейнесі, әсіресе, олардың әрқайсысының өз саласында елге сіңірген еңбектері, қалайша халықтың сый-құрметіне бөленгендерінің нақты дәлелдері мейлінше таратыла талдана, образды сөздермен суреттелген. Қазақ зиялылларының қаймағы санатындағы атақты ақын-жазушылар, ғалымдар, өнер саңлақтары, қоғам қайраткерлері, қарапайым еңбек адамдары хақындағы өлең-жырларды әдеби портреттер десек болады. Жеке-жеке адамдарға арналса да, қазақтың тұлғалы азаматтарының елге өнеге болатын азаматтық-өмірлік жолдары, тағдыр кешулері оқырмандарын ойлантатыны, бізде осындай болсақ деген қиялға батырып, болашақтарына бағдар беретіні күмәнсіз. Ал арнау өлең кейіпкерінің әдейі атын атап, түсін түстемедім. Себебі ол тұтас бір томнан тұратын асыл қазына.
Сегізіншіден, ақиық ақын Айтұлы Несіпбектің поэзиясындағы өзіндік өзгешеліктерін, жалпы сыр-сипаты жөнінде бірер ауыз сөзбен түйінді жасай кеткенім жөн болар. Ақын қазақ поэзиясының парасатын, көркемдігін айғақтайтын өз өрнегі, өзгеше сарыны, жаңаша ой-толғамы ерекше де бөлекше қараөлеңді төрге оздырып, бүгінгінің сөзін сөйлеп, жыр кестелеуде. Бұл оның талассыз таланттылығының арқасы. Өлеңдеріндегі ой-сезім, мән-мәнер, ұғым түгелдей қазақы мінез-құлыққа байланыстырыла, іліктестіре өрнектелуі олардың таза ұлттық сипатын айғақтап тұр. Өлеңдерінің өзіндік қолтаңбасын айқындайтын ой мен өрнектің өзгешелігі, басқалардың ізін басып,айтқандарын қайталамауы. Сондай-ақ, салған жерден сенімен сырласып, мұңдасып ішкі ойларымен бөлісетін өлең кейіпкерлерінің бірден өзіне баурап ала қоятын сиқыры бар. Өмірдің сарқылмас сырын, таусылмас жырын, заманының күніге қырық құбылған қырын, адамның ой, сана, сезімін, көңіл күйін, арман-мақсатының тоқсан толғаулы құбылыстарын – жан сарайын сөзбен саралап, тиісінше түйін түю, оны ойлы оқырмандардың жүрегіне жеткізу жөнінде ақын Айтұлының шабытты шабысынан жаңылған жері жоқ. Өлеңдерінің астарына ой жүгіртсең ұлт мәселесінің мәнді де маңызды тұстары төңірегіндегі толғаныстарына ортақтаса кетесің. Өйткені олар өз көкейіңді тескен, өзегіңді өртеген ұлт уайымының себептерін сабақтастыра саралайтын дуалы сөздер. Ал бостандықты барынша, азаттықты айрықша бағалап, көкке көтеріп,көкейкесті ойларын ақтарып, көркем сөздің көрігін қыздырып, мерейі тасып,шабытына қамшы басып, жан-жүрегімен беріле, төгіле өлең өрнектеген де бірегей ақын Айтұлы.
2
Несіпбек Айтұлы өндіртіп өлең өрнектеумен қатар, десте-десте дастандарымен де қазақ поэзиясына орасан олжа салған саңлақ ақын. Оның ұзын ырғасы отыздан астам поэмаларының мазмұны әрқилы болғанымен мән-мақсаты бір арнаға тоғысқан туындылар. Алғашқы поэмасы «Тау тұлғалы адамнан» бастап, таяуда жарыққа шыққан «Жер – жаннан қымбат» жаңа шығармасы бір ғана тақырыпқа – Ерлік пен Ерліктің ерен үлгісін жеріне жеткізе жырлауға арналған арналы поэмалар. Әрине, мәселе санда емес сапада. Ал нақ Несіпбектей Елдік пен Ерлікті шалқар шабытпен,сұғыла суреткерлікпен, тереңнен толғап, әріден қозғап төл тарихымыздың қамбасын ашып, қазынасын қопарып ұлтына – ұрпағына ұсынған ақын бірең-сараң. Айталық, күні кешелері азаттықты аңсап алаңға шыққан жастарды жайратып салып, жазықсыз жазалаған, мейманасы тасқан Мәскеудің сойқан саясаты мен зымиян зұлымдығын ашына жырлаған «Мұқағали-Желтоқсан» поэмасы парасатты ойдың, шынайы шындықтың, көшелі сөздің көркемдік көрігінде шыңдалған шығарма. Бұл ақсұңқар ақын Мұқағалидың аруағымен сырласа отырып,Тәуелсіздіктің туын желбіреткен Желтоқсан көтерілісінің оптимистік трагедиясына арнап жарқырата жырдан қашалған еңселі ескерткіш. Ал бәріміз басымызды иіп, тәу етіп, қарсы алған, атам заманнан ата-бабаларымыз армандаған бүгінгі Бостандықтың символы «Бәйтерек» поэмасы да Тәуелсіздіктің көк туын көкке өрлеткен қазақ халқының азапты жолдан азаттық таңына қалай жеткендігін дәріптейтін дәуірлік дастан. Оның осынау түпкі мақсатын – иманды идеясын бұрмалап, Елбасына арналған мадақ, атақ алуды көздеген жағымпаз жыр деген дәлдүріштер де болған. Әйтседе елдіктің ерен өнегесі мен көркем тарихына орнатылған ескерткіш те, оған арнап жазылған поэма да парасат заңғарына айналып, заманалар көшіне жол көрсетіп,бағыт нұсқап тұрған жыр-шамшырақ екендігі ақиқат. Несіпбек ақынның кешегі өткен заманда ат үстінен түспей ғұмыр кешкен,ел еркіндігі жолындағы қанды жорықтарда жанқиярлық ерліктерімен даңқтары жайылып, есімдері ұлт тарихына алтын әліптермен таңбаланған қайран қазақ батырлары туралы топтама поэмалары қанша оқысаң да жалықтырмайтын, мейірің қанып, мерейің өсетін өрнекті де өркенді шығармалар. Сол жаугершілік жылдарындағы ел өмірін, жалпақ жұрты мен байтақ жерін қызғыштай қорғаған батырлары, асқан ақыл-парасатымен елін басқарған би, шешен, хандары хақында ауыз аштырмай келген кеңес өкіметінің өктемдігімен құтылған қазіргі тәуелсіздік тұсында шындыққа шыңдалған көркем шығармалар жазыла бастады. Жоғалтқанымызды тауып,өшкенімізді жандырып, жігерімізді жанып, рухымызды көтеретін, қазақтың өткен өмірінің тарихи оқиғалары арқау болған, көркемдігі келісті поэмаларымен айрықша көзге түсіп, көп келелі шаруа тындырған Несіпбек ақынның еңбегі ересен. Ол поэмалардың әрқайсысына арнайы тоқталып, талдап шығу бір мақалаға сыймасы белгілі. Әйтседе желе жортып болса да бірқатарына пікір білдіре кетпекшімін. Өйткені тәуелсіздіктің шытырман шежіресін тарқатып, халқымыздың тарихи тағдырын көркем тілмен өрнектеген кемел туындылары – поэмалары айрықша атап өтуге лайық. Оларда ұлтымыздың басынан кешірген қасіретті кезеңдері, жеңіске жеткен қуанышты сәттері деректі шындығымен, әрі қазақ қиссаларынша көркемдік тартымдылығымен кестеленген. Ел-жұртының сөзін сөйлеп, арманын айтып, тілеуін тілеп, бостандықтың бозала таңы атқанда жүрегі жарыла қуанған Несіпбек бойындағы бар ақындық дарынын тәуелсіздіктің тұғырын бекітіп, елдігіміздің еңсесін биіктетуге арнап келеді. Ақын Айтұлының еңіреген ерлердің ел азаттығы жолындағы жанқиярлық ерліктерін жас ұрпақтың санасына сіңіріп, тәуелсіздіктің қалай орнағанын ойларына түсіріп, халқымыздың өткені мен бүгінгі өмір кешулерін сабақтастыра жырлап, тарихи шындықты шығармаларына арқау етуі бекер емес. Мақсаты өткеннің өнегесінен бүгінгі ұрпақ сабақ алсын деген ел тілегін жұртшылыққа жеткізу. Ұлт-азаттық жолындағы жойдасыз күрестің бұралаң-бұлтарыстары, қилы кезеңдерін көз алдымызға келтіріп, шындығына шүбәландырмай, сұғыла сөзбен суреттеп, сол арқылы азаттық алып, тәуелсіз ел болуымыздың қадыр-қасиетін бағалап, мәңгілік мемлекет іргесін бекітуге бар күш-жігер, білім-білігімізді жұмсауға жаппай жұмылуымыз керектігін есімізге салып, ұлт қамын жеген ақынға қалайша риза болмассың?! Иә, жоңғар шапқыншылығы кезіндегі қанды шайқастарда ата жаумен арпалысып, айқасқа түскен қазақ батырларының тұлғалы бейнесін, елін қорғаған ерен ерлігін жалпақ жұртымыздың жадында сарымайдай сақталған аңыз-әпсаналардан, тарихи дерек көздерінен теріп алып, әр оқиғаға әр қырынан келіп, шежірей шертіп, бүгінгі бостандыққа қалай жеткенімізді және оны орнықтырудың жөн-жобасын өлеңмен өрнектеген поэмалары ақын абыройын асырып, рухани қазынамызға сүбелі үлес қосып отыр. Ерліктері ел есінде сақталған, тарих тақтасында хатталған батырлардың, билердің аруақтарын тірілтіп, олардың ғибратты ғұмырларының тәліміне тәнті етіп, өнегесінен үлгі алуға арналған осынау поэмалардың қазақ поэзиясының айтулы туындылары екендігін бірауыздан мойындауға бейілміз.
Қазақ халқы тарихының бір саласы – тайпалар шежіресін тарқату. Бұл тегінде қазақтың өмір-тағдырын әр қырынан танып-білудің тиімді жолы. Несіпбек ақын осы тәсілге жүгініп, бір кездері жеке хандық құрған қалың Найман тайпасының сегіз тармағы болса,соның төртеуінің түпатасы Төлегетай ұрпақтары шежіресінің жұртта қалған жұрнағын жинап, тоқсан түрлі қырының түйінін табуға тырысқан. Осы арқылы белді тайпаның ататегін түгендеп және оның атамзаманнан бүгінге дейінгі өткен жүздеген жылдарда ерлігімен, билігімен, өнерімен еліне танылған ардагер азаматтарының есімдерін еске түсіріп, ұлтына сіңірген еңбектерін тарата таразылап, жыр дестелеген. Осынау оқиғалы дастанда дәйекті деректер, әрқилы тәлімдік тәмсілдер орнымен пайдаланылған. Солайша, іргелі ел, дербес хандық құрған Найман жұрты түрік қағанатына тірек болғанын, Домбауыл батырдың баласы, халқына ханнан бетер қадыры асқан күй атасы бағаналы Кетбұғадан бастап, атақты Алаш азаматтары – инженер әрі тарихшы Мұхамеджан Тынышбаев, композитор Мұқан Төлебаев,оны айтасыз баяғы Тоныкөк, Құлашор сынды найманның ай мүйізді серкелері аталмыш тайпаның төл перзенттері, боса-болмаса барша қазақтың хас батыры қаракерей Қабанбай ше?! Еңселі Қазақ Ордасының басты бір керегесі Найман тайпасының ұзын-сонар шежіре-тарихы дастанда жауһар жырмен кесек кестеленген. Бұл жерде ерекше есте болатын бір ерекшелікті айта кету ләзім. Ақын тайпа шежіресін тарқату арқылы арқалы батыр Төлегетайдың шыққан тегін яғни ерліктің бастау көзін ашып айтып отыр. Қысқасы, ақын қалың елі қазағының бір тармағы Найман шежіресін тарату арқылы Алаштың көне тарихының көмбесін ашып, ата-тегімізді түгендеп, ежелгі ел екендігімізді айғақтауға айрықша еңбек сіңірген. Ұлт тарихын тірілтіп, ұрпағымыздың рухани қазынасын толтырып,болашағына бағдар сілтеуге қосылған осы құнды туындыны – қазақ поэзиясының шоқтықты шығармасы деп білеміз.
Ел жадындағы ескі әпсана әңгімелер, тәлімді тәмсілдер және нақтылы тарихи деректерді келтіре отырып, ел қорғап, опат болған боздақтардың ерліктерін, сонау қилы кезеңде қазақ-қалмақ арасындағы қанды жорықта жеңіске жетудің – ерліктің символы болған намыс туының жығылмауын көздеген ұлтымыздың ұлы арманын ақтарыла жырлаған ақынның асыл сөзі «Ту» поэмасының арқауы. Қалмақтармен арадағы соңғы шайқаста Абылай хан бастаған қазақ батырлары Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Бердіқожа, Бөкенбайдың қас дұшпанды қирата жеңіп, Алтайдан әрі асырып, қайта бас көтерместей есеңгіретіп, қарасын батырған сол шайқаста,бірін-бірі ала алмай, екі жақтың да сарбаздары баудай түсіп, енді бір сәтке жау жағы басымдық алып, қазақ жасақтары кейін серпілген кезде тау басында желбіреген көк туды көрген сарбаздар аттарының басын кері бұрып, жанпида айқасқа кіріскен қазақ жауынгерлерінің соққысына шыдай алмай, бастарын сауғалап, беттері ауған жаққа қаша жөнелгенін сөзбен суреттеген ақынның шеберлігіне айызың қанып, құмарта оқисың. Ал өзі өлсе де аттан ауып құламай, ту ұстаған күйі қатып қалған Қазымбетті көргенде жыламаған жан қалмапты. Осы жерде бабалар ерлігіне сүйсінген ақының жүрегін тербеген текті сөзін тыңдайық:

…Біріміз ұран салып атқа қонсақ,
Болайық иісі қазақ ту түбінде.
…Бола ма ата салтын ұмытуға
Тағзым ет, бауырларым, ұлы Туға!
…Төбеңнен елдік нұрын тұрған құйып,
Өмірде еш нәрсе жоқ Тудан биік!
…Жығылмас ешқашанда елі жарға,
Алдында ту ұстайтын Ері барда!
Көтеріп алып Байрақ қазақ өтер,
Тілегін аңсап күткен беріп Алла!
Бағзы бабалардан қалған аталы сөздің бірі туың жығылмасын екендігі есімізде. Осынау баталы сөздің мағынасы мәңгілік. Ол жеке адамға да, елдікке де қарата айтылған қағида. Ақын бұл поэмасын сол Елдік пен Ерліктің туын жықпай, туған елінің бостандығын қорғаған қазақтың хас батырларының өнегесі бүгінгі ұрпағы ұстанатын киелі ұстын болуға тиіс екендігіне арнап отыр.

…Біріңе қысылғанда – бірің қорған,
Қазағым, қисаймасын туың қолдан!
Ұшпасын үш қайтара күн туса да,
Басыңа бақыт құсың бүгін қонған!
Иә, Тәуелсіздіктің көк туы көкке өрлеп, мемлекетіміздің мәңгілігіне куә болғай дейміз… Заманында Самарқанды қырық жыл билеп, Регистан алаңында «Тілләқари» медіресін, «Шердары» қақпасы сынды, әлі күнге әлем жұртшылығын таңдандырып отырған сәулет өнерінің ғажайып ескерткішін салдырған Жалаңтөс баһадүрдің тарих тақтасына жазылған ерліктерін, яғни ата жау қалмақтың, үндінің шах Жаһанының жер қайысқан әскеріне қарсы шауып, қазақтың жүрек жұтқан батырларын соңына ертіп,ел қорғаны болғанын дерек көздері мен көне шежірелерге сүйене отырып дастан жазған Несіпбек ақынның еңбегі ересен. Бұл дастанда Жалаңтөстің елін сүйгендігі мен ерлігіне қоса адами болмысын да, сондай-ақ оның ата-тегін тарата әңгімелеп,сол дәуірдің тарихын тәпсірлеп,ел есінде қалған сол заманның хан,батыр,билерінің өмір жолдарын әріден қозғап, шежіресін шерткен-ақ.
…Атағы асқар таудай аспандаған,
Жау келсе жер қайысқан жасқанбаған.
Қақ жарып қара қылды әділдікпен,
Байлыққа, марапатқа, мастанбаған.
Қайырсыз қазынаға құнықпаған,
Ұрыны, қарақшыны құрықтаған.
Жылпостың, жандайшаптың жолын кесіп,
Жақсы мен жайсаңдарды сұрыптаған.
Кездейсоқ, кердең емес өркөкірек,
Сабырлы, терең ойлы, жылы жүрек.
Аңсаған Түркістанның тұтастығын,
Қамқоры алты Алаштың арқатірек.
…Қоштасып балалық шақ – бал күндермен,
Тірліктің соқпағымен әркім желген.
Алланың нұры жауған зерек бала,
Молданың бес жасында алдын көрген.
Келгенше талаптанып кемеліне,
Өмірдің көз жіберген кемеліне.
Бағдат пен Бұқарада білім алып,
Машыққан жастайынан соғыс өнеріне.
Парсының, арабтың да тілін білген,
Кең сарай – көкірегі білім кірген.
«Білімді мыңды жығар» деген рас,
Талайды топты жерде сүріндірген.
Тереңнің түбін қазып аршығанда,
Танылар тарих сыры тамшыдан да.
Жинапты суретші мен шеберлерді,
Үндіден, Ауғаннан да, Парсыдан да.
Жалғаспай жең ұшынан әркімменен,
Әмірші ең алдымен «халқым» деген.
Алсын деп көздің жауын асыл мұра,
Аптатқан іші-сыртын алтынменен…
Осы бірер шумақ арқылы ақын Жалаңтөстің даңқты батырлығына қоса ел қамын жеген азаматтығын, қарымды қайраткерлігін айтып,бүгінгі ел билігіндегілерге әдейі құлаққағыс жасап отырғаны қандай ғанибет екендігі айтпаса да түсінікті. Өткеннің өнегесін бүгінгі өмір-тіршілікпен сабақтастыра жалғастыруы мақсатты көзқарас жемісі.
Қазақ халқының елі мен жері үшін, оның еркіндігі мен тәуелсіздігі жолында жанпида күреске түсіп, талай мәрте жеңілген, қиянат кешкен, ақыр соңында – ақтық айқастарда жауын жеңіп, сайын сақарада еркін ғұмыр сүргенін баяндай отырып,зар заманнан бүгінгі бостан заманға қалай жеткенін жыр жолдарына көшіріп, көркем поэмалар жазған ақын Айтұлының кезекті бір кесек туындысы «Бердіқожа» дастаны. Қалмақтарға қарсы шаңды шайқастарда бес қаруын асынып, ұлы жүздің қолын бастап, Қабанбай мен Бөгенбай батырларға қосылып, қанды жорықтарға қатысқан,елі үшін еңіреген ерлердің сойы Бердіқожа кезінде Абылай ханның сенімді серіктерінің бірегейі болғаны белгілі. Жоңғар шапқыншылығының дүрбелеңі басылған тұста өзін-өзі хан сайлаған зұлым Садырдың әскері – іргедегі қырғыздар қиқу салып бейқам жатқан қазақ еліне ойран салған. Басынған жаудан кек қайтармаққа бел байлап Бердіқожа аттан салғанда оған сарбаздарын ертіп келген көкжал Барақ, Райымбек батыр қосыны… қосылған. Сол қазақ-қырғыз жасағының аямай айқасып, кескілескен қырқысында көкжал Барақ қоршауда қалып, астындағы тұлпары омақасып, оқыста опат болады. Сол соғыста қазақтың жеңілгенін ести сала Абылай ханның аттан деген жарлығымен қазақ батырлары қырғызды шаппақ болып атқа қонып, ақырында жауды жайратып,елге жеңіспен оралған.

…Жақсыны жаратпаған текке құдай,
Алысып, арпалысып өтті Абылай.
Абылай өлгеннен соң есін жиған,
Қырғыздың Есенқұлы жатпады жай.
…Бітпеген ашу-кегін әлі сарқып,
Іледен асты қырғыз бері шалқып.
Жылыстан Жетісуға дейін жетті.
Қайтадан араздыққа желі тартып.
…Қол жинап, жауар күндей күркіретіп,
Қырғызды түре қуды дүркіретіп.
…Келтіріп тасығанды тәубасына,
Мол қуды сол қуғаннан тауды асыра.
Алайда айласын асырып, жасырын келген дұшпанның қастығынан, түн ортасында шырт ұйқыда жатқан Бердіқожа батыр мерт болған. Қапыда жау қолынан қаза тапқан, ажалға өз басын байлап берсе де, елі аман-есен қалған,сол жолда көзсіз ерлік көрсеткен Бердіқожа батырға арналған дастанның соңғы шумақтарынан азды-кем үзінді келтіре кетейін:

…Демегін төккен қаным тегін кетті,
Мұратқа сен жетпеген елің жетті.
…Ежелгі елің де азат, жерің де азат,
Ордасын қайта тікті қалың қазақ!
Ортада Бәйтерегі көкке бойлап,
Жайнап тұр Астанадай төрің ғажап!
Осылайша бүгінде ел болып, етек жинап жатсақ, ол сол кешегі қазақтың еңіреген ерлерінің арқасы екендігіне жырдан еңселі ескерткіш орнатқан арқалы ақынға қалайша алғыс айтпайсың?! Ақынның сөзі ақиқат. Бостандық жолында шейіт болған боздақтардың аруағы қолдай берсін,қорғай берсін еркін елімізді. Ерліктің ел қорғаған үлгісі болған баяғы қазақ батырларының толарсақтан қан кешіп,қас дұшпандармен шайқаста өткізген өмірлерін өлеңге айналдыру жөнінде Несіпбек ақын оқшау көзге түсіп тұр.Ақынның осы саладағы кезекті бір поэмасы «Наурызбай». Ұлытауда өткен хан кеңесіне би мен батыр,ел жақсы-жайсаңдары бас қосып Сибан Раптанның қорлығынан құтылып, атамекенді азат етуге шақырып ұран тастаған сәтте 1729 жылы 20 жастағы жас жолбарыс Наурызбай да сапта тұрған. Осынау атақты Аңырақай шайқасында жауға «Қарасайлап» қарсы шапқан жас батыр ата жаудың тұқымын тұздай құртуға ұмтылып, асқан ерлік көрсеткен. Поэмада осы ұлы шайқастың шежіресі толық тарқатыла жырланған.Қалмақтың Шарыш батыры қазақ жағын жекпе-жекке шақырып, атын ойнатып алға шыға келгенде Бөгенбай қарсы шықпақшы болғанда, есімі ешкімге таныс емес бозбала жігіт бата сұрап алдын орайды. Сөйтсе бұл Әбілмансұр – кейін күллі қазақтың батыры әрі ханы сайланған Абылай екен. Оның жекпе-жекте жеңіске жетіп, алғаш аты шыққан сәті осы тұс. Келесі жекпе-жекке жас жолбарыс Наурызбай шығады. Ол да Қарасайдың аруағына сыйынып атқа қонған. Ол да қыбын тауып,айласын асырып Доланқараны көк найзаның ұшына іліп,өрем қатырады. Қалмақтарды ойсырата жеңген осы Аңырақай соғысында жас перілер – Абылай мен Наурызбайдың батырлық жолдары ашылған.
Осы кез Болат хан опат болып, орнына үш жүздің ұлы хандығынан дәмелі Әбілқайырдың дегені болмай, өкпелеген ол тар кезеңде қан майданды тастап, еліне қайтып кетеді. Халқының тағдырынан тақты қымбат санаған, мансапты мұратым деп ұққан оның бұл қылығы әрине кейінгі ұрпақ үшін тарих сабағы екендігі поэмада сондай бір келісті ой-толғамдар арқылы шебер баяндалған. Ел басына екіталай күн туғанда қалмақтың жер қайысқан қолына-әскеріне қарсы шауып, ерліктің алапат өнегесін көрсеткен қазақтың жүрек жұтқан батыры шапырашты Наурызбайдың тарихи тұлғасын сөзбен сомдаған ақынның өткендегі өмір шындығын көркем шындықпен көмкерген туындысы ұлттық поэзияны асқар белеске көтерген шырайлы шығарма.
…Шығарар елдің атын ер емес пе,
Ұмытсаң түсіреді заман еске.
Тазартып ата жаудан байтақ жерін,
Мәңгілік мызғып жатыр Дегересте.
…Қай заман ұлы шайқас тоқтағалы,
Қоздайды, көне тарих шоқтанады.
Жатқаны Дегересте – әшейін сөз,
Түскен жоқ алып батыр аттан әлі!..
…Ерлерді аты ғана өлді деген,
Тағдырын Тәңірі өзі белгілеген.
Солардың жүрегінің лүпілі бар.
Көк туды төбемізде желбіреген!
Арыстардың – апайтөс батырлардың қанымен суарылған бостандықтың тамыры тереңде. Бабалардың сол дәстүрін жалғастыру, ел қорғаны болу бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышы, перзенттік парызы. Поэманың басты мақсаты да осы ойды жеткізу болса керек. Аңсаған азаттық таңы атқанша ерлігі түгіл есімдерін айттырмай келген кер заманда кеткен ақиқат ақымызды қайтаруға аянбай атсалысқан ақын Несіпбектің тағы бір тамаша туындысы «Сардар» поэмасы. Абылай заманында ел қорғап, ерен ерлік көрсетіп, халқының намысын жыртып аянбай күрескен саңлақ сардар Бөгенбайдың қаза болғанын естіртуге келген Үмбетай жыраудың жоқтауы арқылы батырдың қазаққа қадірі өткен ерлігін баяндаудан басталған дастанды тауысып оқып шыққанша аялдай алмайсың. Үш жүзге аты шыққан ер Бөгенбай мен Қабанбайлар тұрғанда, елі де,ханы Абылай да ата жаудан сескенбейтін, қалмақтың қалың қолын Алтай таудан асырған да осы екеуі бастаған батырлар еді ғой.Оны айтасың, ең алғаш орысты Еділден бері өткізбей кері қуған да осы Бөгенбай-тын. Атақты Ааңырақай шайқасында бас батыр атанған Әбілқайырмен тізе қосып қалмақтың жер қайысқан жасағын қырғынға ұшыратып, есінен тандырып, ел шекарасынан әрі асырып қуғаны тағы белгілі:

…Ерлігі елге тұтқа, заманға айбын,
Атадан аса туған Бөгенбайдың!
… «Отан» деп атқа қонған құла таңда,
Қан кешкен Бөгенбайдай ұлы атаң да.
Ұмытпа мойныңдағы парызыңды,
Мәңгілік қарыздарсың бұл Отанға.
Талантты ақынның тапқырлығы ерекше: ол Бөгенбайдың ел қорғаған ерлігін,адами қадыр-қасиетін әуелі Үмбетай жараудың естірту жырымен жетсізсе, артынша Абылай ханның монологі – ішкі сырымен жалғастырып,соңғы түйінді сөзді өзі айтады.

…Жауына жай түсірген ер Бөгенбай,
Сыйынбас аруағына пенде қандай?!
Қалмаса байтақ жерді кеше қорғап,
Кім білсін, болар ма едік сорлағандай?
Түнерсе аспанды бұлт торлағандай,
Бұрқыған алай-дүлей ол борандай.
Қасқайып қарсы шауып өткен екен,
Келерін Тәуелсіздік болжағандай.
Дүние төңкеріліп сең көшкендей,
Қарасы қасіреттің енді өткендей.
Тартсын деп Бөгенбайға ұл өсірдік,
Намысын тасқа жанып наркескендей.
Батырлық баянын ақыннан асырып айту мүмкін емес. Дастанның өн бойына өрілген жыр маржандары мен ой-толғамдарынан мысқалдап болса да мысал келтіріп отыруға мәжбүр болуымыздың сыры осында. Қазақтың соңғы ханы Кенесарының – қол жинап, ақ патшаға қарсы жорық жасап, он жыл бойы сар даланы дүркіретіп, азаттық жолындағы арпалыста – қапияда мерт болған сайыпқыран сардардың Ақмола шайқасына арнаған поэмасы да батырлық баянның жалғасы. Жырауларша желдіртіп, желпілтіп, төгілдіре, егілдіре ақпа-төкпе жыр қашаған ақынның бұл дастаны хан Кененің даңқын дәріптеген, ерлігін әліптеген қазақ халқының жүрек сөзін жеткізген жырынды туынды. Осы пікірімді дәйекті ойларыммен дәлелдей кетейін. Поэмада Кенесары ханның он жыл бойғы отаршы ел Ресей әскеріне қарсылығы егкей-тегжей әңгімеге арқау болмаған. Оның есесіне сол хан бастаған азаттық көтерілісі кезіңде Кенесарыны қолдау орнына шен-шекпенге сатылып,жалған уәдеге алданып, халқын бодандық бұғауынан босату жолындағы айқасқа араласпай, алауыздық пен азғындықтың қазақты бордай тоздырарын аңдамаған жұртшылықтың хал-жағдайы көбірек тілге тиек болған. Себебі сол заманның залалды тіршілігі бүгіндері де жалғасуда. Ақын соны ашына айтып, рухымызды оятуды көздеген сыңайлы. Мына бір жыр жолдарына назар аударсаң, көкейімізге қонатын ой-пікірлерге құлақ асарымыз хақ.

…Жойылып Уәліден соң хан билігі,
Күзелді тіршіліктің жал-құйрығы…
…Хандықты быт-шыт қылып бөлшектеді,
Ыдырап бір-бірінен ел шеттеді!
Қармағын қапқандарға жем лақтырып,
Шықпастай шырғалады шен-шекпені,
Қазақтың ши жүгіртіп арасына,
Май құйды жанған оттық шаласына.
Алакөз иттей болып ырылдасты,
Түскендер байлық-мансап таласына.
Ақ патшаның хандық билікті таратып, аға сұлтандар билігіне бағындырған тұста ел бірлігі бұзылып, тоз-тозы шықты емес пе?! Ақын кешегі кесірлі заманның қырсығы бүгінгі кезеңде де тамыры үзілмегенін астарлай айтып, шындықтың шымылдығын түріп отыр. Кенесары ханның көксегені атамекені мен халқының бостандығы еді.

…Орыстың қаптай орнап бекінісі,
Қазақтың өзек жарды өкініші.
Кененің зая кетті ақ патшаны
Шақырған мәлеге өтініші.
…Бөлініп-жарылған жұрт не көрмеді,
Келген жау қойдай тізіп көгендеді.
Сескеніп қарулы әскер қаһарынан,
Көп жерде хан Кенеге, ел ермеді.
Адасқан айыра алмай қасын достан,
Қысылмай қазақ қашан басын қосқан?
Жем болған көрінгенге сондықтан да,
Сүрініп, сордан көзі ашылмаған.
…Жараспас айтпай тағы болған істі,
Оятып ұйқыдағы ар-намысты.
Байласаң бағындырып ит болады,
Жасқанып жарға бұққан жолбарысты.
Бірлік болмай тірлік болмасын қадап айтқан бабалар сөзінің қағидаты қазіргі қазақ қоғамына да қарата айтылса несі айып?! Ақынның «Өзімен-өзі алысып біздің қазақ, сыймаған кең даланың құшағына» деген сөзінде де көп сыр, мағына жатыр. Ақын поэма-дастандарының алтын арқауы болған батырлық жырларының бірсыпырасына тоқталып өттім. Ал отыздан астамын түгел қамту мүмкін еместігі түсінікті. Алайда айтпай кетуге болмайтын бірнешеуін атүсті болса да еске түсіре кетейін. Дүркіреп бұлттай көшкен дүниеден дегені берде болып, бірде болмай ғұмыр кешкен атақты қобызшы Қойлыбайдың шәкірті Тілеп бақсы мен қызы Сарықыздың арасындағы мұңлы махаббат хикаясын шежірелей шерткен поэма өресі биік өнер мен өнерпаздарын бағалай алмай арманда өткен өкінішті өмір сырын сабақтаған шығарма. Ал әйгілі әнші-ақын Кемпірбайдың тағдырынан әңгіме әліптеген Несіпбектің «Көкала үйрек» поэмасы өрен жүйрік өнерпаздың сөзі сақталса да моласының Семей қасапханасының астында қалғанына қабырғасы қайыса қайғырып жазған жоқтау жыры дер едім. «Дұға қыл Кемпірбайдай бишараға» деген аманатын орындау орнына, жер жетпегендей зиратының үстіне қасақана қасапхана салдырып жіберген жетесіздерге ашынған ақынның ел намысына кір кілтірген найсаптарға назалана отырып, сол бір сорақылықтың яғни өлі мен тірілердің арасындағы жер таласы мен барын бағалай алмайтын өресіздіктің әлі күнге жалғасып келе жатқанын тіліне тиек еткені де шындықтың бетін ашып, әділетсіздікті әшкерелеуі. Иә, бұл бүгінгі күнде де қайталанып жатқан толғақты мәселе ғой…
Қазақ ұлттық ғылымына соны сүрлеу салып, мифологияны зерттеу мектебінің негізін қалаған, сонау Маңғыстаудың шетіндегі Шетпеде жатып том-том кітап жазып, аса құнды ғылыми еңбектер қалдырған, алайда қыршын жасында дүниеден озған, ғұлама ғалым дәрежесіне жеткен Серікбол Қондыбайдың ерлігін-ерен еңбегін алты Алашқа әйгілеп, жыр маржанын түзген Несіпбек ақынның осынау «Ерлік пен тектектілік» поэмасы орны толмас оқымыстыға орнатылған ескерткіш. Серікболдың ғылымдағы ерлігі хақындағы хикая өз алдына. Оның сонау кеңестің сұрқия саясаты тұсында қуғын-сүргінге ұшырап,ел ауған тұстағы тағдыр тақсіретін тартқан әулетінің тарихы арнайы мақалаға сұранып тұр. Бұл бір отбасының басына түскен ауырпалық емес, қазақ халқы шеккен шер,қайғы-қасырет. Поэманың кең тынысты туынды екендігінің мысалы осы. Егер қазақ халқының көрмеген қорлығы, кешпеген қиянаты жоқ десек, соның бірі ұлтымыздың бетке ұстар азаматтарының жазықсыз жазаға ұшырағаны, жәбір шеккені. Сол репрессия құрбандарын, оның тек Алаш арыстары ғана емес, қарапайым қазаққа да қырсығы тиіп, қиянатқа шалынғанын айтуға арналған, шағын ұлттардың кеңестік кезеңнің зұлымдық саясаятының зардабын шегіп, енді ғана есін жиып, етегін жауып Тәуелсіздігіне тәуба жасап жатқанын бүгінгі ұрпақтың санасына жеткізу мақсатымен жазылған «Кәмей ұшқан» поэмасы. Соншама қиямет-қайым, қасыретті заманды басынан өткере жүріп, жаны жасымаған, қайраты қайтпаған қазақ жұрты бүгінгі бостандыққа жетті. Ақын осынау өткеннің оқиғасын көркем сөзбен кестелей отырып өскелең ұрпаққа бақытқа жетудің бағдарын нұсқаған асыл сөздерін арнаған.
Ұлт тарихының ұғыл-шұңғылын ойша шолып, қилы кезеңдердің ойранды оқиғалары жанына жай таптырмай,еріксіз қолына қалам алдырған сәтте көкірегін жарып шыққан жыр жолдарынан құралған «Танабай» дастанын жайбарақат отырып оқи алмайсың. Ел басына түскен түрлі нәубеттің бірі ашаршылық жайлаған қаралы жылдар. Ауқатты адамдардың малдарын тәркілеп, өздерін жер аударып, абақтыға қамап,оның ақыр соңы қазақ қынадай қырылғанын білеміз. Азаттық алып,айтуға ауыз аштырмаған сайқал саясаттың жолы кесілген соң,сол жылдардың шерлі шежіресін – ащы ақиқатын айғақтап жазылған осы «Танабай» дастаны қазақ тарихының көркем кестесі. Өткеніңді білмей келешегіңді – арман-мақсатыңды жүзеге асыра алмайсың деген дүниетанымдық көзқарасын айтуға асыққан ақынның ақ ниетіне риза боласың. Бүгінгі бостан заманға жету жолының бұралаң-бұрылысы, қасырет-қайғысы, зобалаң-зорлығы көп болғанын ұмытуға бола ма? Әйтсе де дастан кешегі аға ұрпақтың көксеген арман-мұраты бүгінде ел төрінде салтанат құрғанын жүрегі жарыла қуанып, жырымен жария еткені қандай жарасымды!..

…Біз жеттік еркіндікке ол жетпеген,
Көк туын күннің нұры өрнектеген.
Жатсын деп өткендер де разы боп,
Рухын жырымменен тербеп келем.
…Тәуелсіз туған елдің аспанында,
Мәңгілік ата берсін жарқырап таң!..
Ақжүрек ақынның ақ тілегі Алланың құлағына шалынғай! Шығармашылық шабыттың шырағы от-жалын болып шалқып-шарықтауы ізашер ізденіске, табанды талпынысқа, сезімтал серпіліске, ақылдың алғырлығы мен сананың саралығына, таным тапқырлығына байланысты. Несіпбектің ақындық қадірін асырып, өзге әріптестерінен әлеуін әуелтіп тұрған осындай ерекшеліктері. Соның бір мысалы «Бас сүйектер» поэмасы. Антрополог-ғалымның алдында әлде бір зерттеу жұмысына қажетті болған соң көрден қазып алған бірнеше бас сүйектер жатыр.

… Антрополог отыр бейіт басында,
Үңілгендей көрде жатқан ғасырға.
Бас сүйектер тұр алдында тізіліп,
Кім біледі – патша ма, әлде пақыр ма?
Антрополог ойланады толғанып,
Алыс-кезек бас сүйекті қолға алып.
О, керемет…
Кенет сарнай жөнелді,
Бас сүйектер қозғалып…
Сөйтіп, тоғыз басқа тіл бітіп сайрай жөнеледі. Олардың бірі хан, бірі құл, бірі ана, бірі бала, бірі батыр, бірі қарақшы, бірі диқан, бірі ақын. Олардың бірі дүниені қара судай сапырған, баста тәжі, тақымында тағы бар, көкірегі көк тіреген, қаһарлы хан екен. Ол кезінде өз әкесін алтын таққа садаға еткен екен. Кейін:
…Өз қолыммен құртып едім әкемді,
Туған балам маған ажал әкелді.
Менің басым баспалдақ боп қаланды,
Таққа барар қанды жолға қатерлі.
Билік пен байлықты өмірінің ең қымбаттысы санаған хан тіршіліктің жалғандығын кеш ұққанын, өзек жарған өкінішін айтады. Екінші бастың иесі бүкіл ғұмыры құлдықта, қорлықта өткен құл екен.
…О, Бостандық!
Бостандық деп талпындым,
Сондықтан да дар ағашқа тартылдым.
Өкінбеймін,
Жүрер жанды елесім,
Жанарында әр ғасырдың, әр күнің…
Әйтсе де өлмейтін адам жоқ. Батыр да қан майданда мерт болған. Алайда ажалының келгеніне қайғырған емес. Ол:
…Қиналдым мен жауым тірі қалды-ау деп,
Қиналмадым сөнер деп қос шырағым…
…Мен дүниемен қоштасарда соңғы рет,
Көз алдымда елім тұрды мөлдіреп!..
Елі үшін өлімге басын берген батырдың келбетін келістіре суреттеген ақынның сөзіне сүйсінбеске не шара?
Төртінші бассүйек тірлігінде қаныпезер атанған қарақшынікі екен. Аллаға да, адамға да сыйынбай, екі жүзді қанжарын бәрінен артық көрген, жазықсыз жандардың қанын судай шашқан қарақшы да жер құшып, қан құсқан. Залымға қара жерден қос құлаш орын тимей, сүйегінің қайда қалғаны да белгісіз. Қарақшыға мола да бұйырмаған. Дүниені тонап, ар-ұятын қоса тонатып алған адамның тағдыры қорлықпен, өкініште өткен. Зұлымдықтың арты осындай қасырет шектіретінін кеш ұққан кісінің өмірлік тағылымы бұл… Ал туа шөккен тағдырына налып, яғни тал-бесіктен жер-бесікке аттанып кеткен, қам көңіл сәбидің сөзі де көңілге қонымды:
…Нұрлы дүние, қымбат едің сен неткен,
Сенен орын бұйырмастан мен кеткем.
Үзілмесін сәби ғұмыр сабағы,
Өмір дәні өркенделмек жөргектен…
Адамдардың өлім-жітімнен аман болып, бақытты да ұзақ ғұмыр кешуіне тілектестік білдірген сәбидің бас сүйегі болатын.
Келесі бассүйек сүйгеніне қосыла алмай арманда өткен өмірінің сырын ашқан аққу төсті арудікі екен.
…Махаббатсыз жер бетінде жүрер кім?
Қас-қабағым тастай қатып түнердім.
Жасырынып жарық дүние көзінен,
Өзімді-өзім шыңырауға атып жібердім…
Махаббатсыз өмір тұл, тіршілігің түкке тұрғысыз екенін еске салған ғибрат бұл. Жер емшегін еміп өскен диқанның бас сүйегінің де айтқаны ақиқат. Ғұмыр бойы ащы терін төгіп егін егіп, дән жинаса да, оның қызығын қожасы көріп, өзі бейнетінің зейнетін көре алмаған адамның зар-мұңын жүрегің езілмей оқи алмайсың. Сонда да болса келешегіне үміт арта сөйлегеніне жаның тыншиды:

…Жайқалғанда жер бетінде көк егін,
Сонда өзімнің келбетімді көремін.
Тіршіліктің тасқа соқпай арбасын,
Мен өмірді алға сүйреп келемін.
Жан сырын ақтарған Ананың сөзі де ұмытылмас ұлағат. Дүниенің бар қуаныш-қайғысын жүрегінен өткізетін әзіз жанның алдында тағзым етпейтін пенде баласы жоқ. Сол себепті де қанша қиналса да бәріне төзетін ардақты Ананың:

…Меніңше, өмір – махаббаты ананың,
Меніңше, өмір – бесіктегі балбөбек, –
деген пікіріне бас иген жөн.
Соңғы дауыс ақынның ағынан жарыла ақтарған жан сыры.Тыңдап көрейік:

…Сөз дауылын сапырдым,
Найзағай боп атылдым.
Ел басына екіталай күн туса,
Шамырқанып шабытымды шақырдым.
Жырымменен ту көтеріп, жол аштым,
Жоғын жоқтап алыс пенен жақынның.
Ең алдымен қасіреттің салмағы,
Түседі екен жүрегіне ақынның.
…Мен халқымның көкірегі боп күрсіндім,
Мен халқымның жүрегі боп тіл қаттым.
…Ақын ары –
Елдің ары деп білдім,
Сөзін сөйлеп елін сүйген текті ұлдың,
Шаршы топта суырылдым қылыштай,
Арқасында от ауыз бен шоқ тілдің.
Нағыз ақынның – қайран қазағы, қалың елінің сөзін сөйлеп, жалынды жырымен күрес ашқан бекзат бейнесін көреміз. Иә, осылайша өлгендерді тірілермен тілдестіріп, ғибратын тыңдатудың тың тәсілін тапқан талантты шайырдың тапқырлығына таңданасың, таңғаласың…
Кешегі кеңестік кер заманда ұлтының ұлы мұраты – азаттығын аңсаған жұртының жүрегіндегі сөзін жеткізіп, ар-намысын оятып, рухтандыруды көздеген ақынның ашып айтуға тиым салған соң да тапқан амалы, Америкадағы қазақпен тағдырлас үндістер өмірінен өлең өргені. Халқының бостандығын тілеп, топ бастап көшеге шыққан үндістердің басшысы Рассел Минстің тас түрмеге қамалып жатқан кездергі қайғы-зары ақын поэмасына арқау болған. Ата-баба жұрты – өз атамекенінде таршылық тауқыметін тартқан жергілікті үндістер сияқты қазақ халқы да, патша заманын былай қойғанда, кеңес өкіметі кезінде де көп қиянат шекті. Елі де, жері де орыстың отарына айналды. Тілінен, дінінен, ділінен айрылуға аз-ақ қалғаны да ақиқат. Міне, соны айтып, ұятын оятуды мақсат еткен Несіпбек ақынның астарлы ойлы осы поэмасына «Үзілмеңдер,үндістер» деп ұранды тақырып қойуы бекер емес. Ендеше, тар жерде тапқырлық танытып, қорықпай ұлтының рухын оятуға ұмтылған ақынның сөзі заяға кетпегенін, бүгінгі Тәуелсіздік туының желбіреуіне жөн сілтегенін айту парыз.
Несіпбек ақынның күні кешелері ғана барша қазақты аяғынан тік тұрғызған мәнді мәселе – жерді шетелдіктерге сату мен ұзақ мерзімге жалға беру жағдайы күн тәртібіне қойылған сын сәтте еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» «Жер – жаннан қымбат» поэмасы жарық ете қалды. Барша қазақтың көкірегін тескен мемлекеттік маңызды мәселенің дұрыс шешім табуына ақынның сөзі де ықпалын тигізгені сөзсіз. Қазақта жер-ана деген асыл сөз бар. Ендеше, жерді сату – анаңды сату емес пе?! Жеріңнен айрылу – еліңнен айрылу емес пе?! Осындай ойға қонатын, жанға бататын аталы – парасатты пікір айтып, алты Алаштың киелі атамекені – жерінің сатылмауына ара түскен ақынның азаматтығын аялау керек.

* * *
Егер әңгімемізді әрі қарай жалғастыра берсек, айтылар сөз биқисап. Себебі мен ақынның өлең,толғау, поэма-дастандарының түйінді тұстарына ғана тоқталып өттім. Ал Несіпбектің балаларға арналған, өзге тілдерден тәржімалаған шығармалары да арнайы мақалаға сұранып тұр. Әсіресе, Науаидің «Ескендір қорғаны» мен орыстың «Игорь жасағы туралы жыр» баянын қазақша сөйлетуі арқылы ұлттық поэзиямызға аса құнды олжа салды. Ал әріптестерінің шығармашылығын талдап, баға берген әдеби-сын мақалалары жөнінде жұмған аузымды ашқан жоқпын. Енді бір ерекше атап айтылуға тиіс мәселе – Айтұлының Ақселеу Сейдімбек, Тұрсынжан Шапай және басқа сазгерлердің халық әндерінің әуенімен үндес әуезді әндерге жазған мәтіндері… Жалпы ақынның әдебиеттегі сан сырлы, көп қырлы жолын толық танып-білу, үлгі ету үшін арнайы зерттеу еңбектерін – том-том монографиялар арнау қажет. Ол әдебиеттану саласының мойнындағы міңдет. Сөзіміздің соңында жасы жетпістің жотасына көтерілген көрнекті ақын Несіпбек Айтұлының туған әдебиетіміздің төріндегі орнының орнықтылығы, қаламының қуаттылығы таланттылығының талассыз белгісі екендігін айта отырып, отбасының – үбірлі-шүбірлігі бала-шағасының қызығын көріп, шығармашылығының да, адами ғұмырының да ұзақ та бақытты жалғаса беруіне тілек қосамын. Бұл бір мен емес, арқалы ақынның өрнекті де өнегелі өлең-жырларын сүйіп оқитын, өзінің кісілігі мен азаматтығын қадірлейтін исі қазақ баласының ортақ ойы, ізгі тілегі деп білемін және осы сөзімнің ақиқаттығына риясыз сенемін.

Пікір қалдыру