Береке бастауы – бірлік

Бүгінде әлемдік қоғамдастықтың алдыңғы көшінде келе жатқан Қазақ елінде дәулетін жинап, ұрпағын жайған 130-дан астам ұлт пен ұлыстың, этностардың басын бірлікке топтастырып, өзара түсіністік пен құрмет сезімінің, жарастық пен келісімнің, ұлтаралық татулықтың тұрақтылығын одан әрі жалғастыра нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын және ықпалын жұртшылық жақсы біледі. Ассамблея құрылғалы қазақстандықтар мызғымас бірлік пен бұлжымас ынтымақ-татулығын өнегелі істерімен дәлелдеп, қоғамның түрлі салаларына белсене атсалысып жүр. «Береке бастауы – бірлік» қағидасын ұстанған Қазақ елі Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен ұлт пен ұлыстардың, этностардың арасында қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықтың тұрақтылығын сақтап, дамудың нақты тетігіне айналған ынтымақтастықты әлем жұртшылығы алдында жарқырата көрсетіп келеді.
Жыл сайын Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын тойлайды.
Түрлі ұлт өкілдері мекен ететін елімізде өзге ұлт өкілдеріне қолдау көрсету мақсатында көптеген іс-шаралар да жүзеге асуда. Осы мақсатта Қазақстан халқы Ассамблеясы Түркістан облыстық филиалы да жалпыұлттық институт ретінде қалыптасып, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайту, ұлтаралық қатынастар саласындағы мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру мақсатындағы міндеттерін жүзеге асырып келеді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған – Қоғамдық келісім кеңестерінің негізгі мақсаты ұлттық бірлікті, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру мен дамытуда азаматтық институттардың, қоғамдық, саяси және басқа бірлестіктердің күш-жігерін шоғырландыру болып табылады.
Осы мақсатта Қазақстан халқы Ассамблеясы Түркістан қалалық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, Түркістан қаласының құрметті азаматы Әбдіхан Әбдіқадыров бастаған кеңес мүшелері өз жұмыстарын шығармашылықпен атқаруда. Олар Түркістан облыстық, қалалық әкімдігінің түрлі басқармала­рымен бірлесе отырып, елдің татулығы мен бірлігіне бағытталған көптеген іс-шаралар өткізуде. Мұндай мәдени іс-шаралар қоғамда маңызды орын алады.
Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ұжымы да ел бірлігі мен ынтымағын арттыруға өздерінің лайықты үлестерін қосуда. Бүгінгі таңда университет қабырғасында ынтымақ пен бірлікті дәріптейтін бірнеше ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды.
Түркі әлемінің татулығы мен бірлігін мақсат тұтқан университет тарапынан өткізілген ауқымды іс-шараның бірі – Түркістанда алғаш рет ұйымдастырылған «Түркістанға оралу» атты түркі халықтары этно-өнер фестивалі мен «Түркістан – түркі әлемінің бесігі» атты халықаралық конференцияның өткізілуі. Мұндағы мақсат – түркі тілдес әлемнің рухани астанасы – Түркістан қаласы тарихының, фольклорының, мәдениетінің халықарлық өркениеттегі маңыздылығын айқындау, түркі халықтарының достығы мен ынтымағын арттыру, тәжірибе алмасу және пікірлермен бөлісу болатын.
Сонымен қатар, университеттің «Рухани жаңғыру және тәрбие жұмыстары» факультетінің ұйымдастыруымен білім алушылардың өз мемлекеттерінің рәміздер күніне орай мәдени іс-шаралар өткізіледі. Ұлттық киімдерін киіп, түрлі ұлттық тағамдарын дайындап, «Тәтті Фест» ұйымдастырады.
Түркістан облысын мекендейтін түрлі ұлт өкілдерінің тағдыры да әрқилы. Қалай дегенде де олардың өмір жолдары қазақтармен етене түйісіп жатады. Олар құшағы кең қазақты бауырым, Қазақстанды Отаным деп біледі. Осындай бір тағдырды мақаламыздың өзегі етіп ұсынып отырмыз.
Шардара қаласында тұратын Фарух Исламов ағамыздың ұлты – әзір­байжан. Алайда, жергілікті тұрғындар бұл ағамызды баяғыдан өздеріне бауыр санап кеткен. Фарух ағаның өзі де «менің руым найман» дейді әзіл-шынын араластырып. Бұны бекерге айтпайды, жаны бар сөз. Комсомолдық жолдамамен сонау 70-ші жылдары Баку қаласынан құрылысы қайнап жатқан Қызылқұм өңіріне келгенде жігіт ағасы болып қалған Камал Халбаев есімді азаматпен жақын араласыпты. Әкесінен үлкен осы ағамыз әлі үйленіп үлгермеген әзірбайжан жігітін үйіне жиі-жиі тамаққа шақырып, қарайласып тұрған көрінеді.
– Камал ағамыз қаладағы автобазада «водовоз» көлігін жүргізетін еді. Тура жүріп, тура сөйлейтін кісі болғандықтан ұжымдағылар ол кісіні құрмет тұтатын. Әйтеуір маған ықыласы ауып, сол кісімен терең сыйласып кеттік. Не керек, қазақтың салты бойынша жілік ұстасып, мені өзіне бала қылып алды. Камал ағаның отбасында он бала-шаға бар. Олардың бәрі мені аға деп өсті. Той-томалағымызда бірге болып, бірімізді-біріміз құдалығымызға ертіп жүретін дәрежеге жеттік. Бүгінде ағамыз да, жеңгеміз де о дүниелік болып кетті. Бірақ, ол үйдегі іні-қарындастарыммен сыйластығымыз үзілген емес. Енді олар әкелерінің орнына мені ертіп жүреді. Ағамның руы найман болғандықтан мен де өзімді найманмын деймін, – дейді Фарух Ахмедияоғлы.
Фарух Исламовтың Шардарадағы алғашқы еңбек жолы бұрынғы «Комсомол» кеңшарында басталды. №22 жылжымалы мехколоннада тас қалаушы болып жұмыс істеп, ауылдағы тұрғын үйлер мен басқа да әлеуметтік нысандардың құрылысында алақанының ізін қалдырды. Біраз жылдан кейін механик, одан бас механик болып көтерілді. Өзінің тірлігіне мығым жігіт партия қатарына да өтіп алды.
– Алғаш еңбек жолым басталған құрылыс мекемесінде бастауыш партия ұйымына жетекшілік жасайтын әрі бас механик болып қызмет атқаратын Бұхарбай Әділханов есімді азаматтың қамқорлығын көп көрдім. Кейіннен аудан орталығындағы №1 автобазаға ауысып келуіме де Бұхарбай ағаның көмегі тиді, – дейді Фарух аға.
Автобазаға механик болып қызметке кірген кейіпкеріміз кейіннен колонна бастығы лауазымына көтерілді. Қарамағындағы 160 автокөлік тіршілігі қызып жатқан нысандарға тоқтаусыз қызмет көрсететін. Осылайша Қызылқұм массивін игеруге өз үлесін қосып, жастық жалынын жаңа шаһардың бой көтеруіне арнағанына кеудесін мақтаныш кернейді. «Бейнет түбі – зейнет» демекші, өзің тер төгіп, түлеткен өлкеде ғұмыр кешу де бір бақыт болса керек.
Фарух ағамыз кейіннен автобаза өз жұмысын тоқтатқан соң иелігіндегі «КамАЗ» автокөлігімен жеке кәсіппен шұғылданды. Бүгінде әкесінің жолын баласы Елхан бауырымыз жалғастырып, Ресей мен Қазақстанның арасын жақындатып жүрген жайы бар. Қаладағы кәсіптік-техникалық училищені жүргізушілік мамандығы бойынша бітіріп шыққан Елхан 20 жылдан бері «КамАЗ» автокөлігінің рөлін ұстап келеді. Оңтүстік диқандарының өнімдерін алып Ресейдің қалалары мен өзіміздің солтүстік облыстарды аралап қайтады. Әке ұлағатымен адал жүріп, өз міндетін ұқыптылықпен атқаратын Елхан Фарухұлы жас та болса көргені мол азамат. Қазақ балаларымен құлын-тайдай тебісіп өскендіктен қай жердің қазағы болсын, қиналмай тіл табысып кете береді. Бірақ, кейбір ағайындардың өз тілінде сөйлемей, орысша шүлдірлеп тұрғандарына кәдімгідей намыстанады.
– Қостанайда базарда қауын-қарбыз өткізіп тұрсам өзіміздің қазақ бауырлар келіп орысша сөйлейді. Мен оларға қазақша жауап қайтарам. «По русский скажите, я вас не понимаю» дейді. «Мен де орысша білмеймін» деп әдейі қырсығам. Түрім басқа ұлт екені сақал-мұртымнан көрініп тұр ғой. «Ух ты, на казахском хорошо говорите» деп таңғалады. Енді осы жерде туып-өскен соң қазақтың тілін біліп, құрметтеу керек деп қанша адамға айтып келе жатырмын. Қазақтай бауырмашыл, жанашыр халық кемде-кем. Былтыр қыста Жезқазғанға жүк артып бара жатып, жолда көлігім бұзылып, бірнеше күн тұрып қалдым. Жанымнан өтіп бара жатқан қандай көлік болса да міндетті түрде тоқтап, ас-суын, керекті құрал-сайманын беріп, жәрдем беріп кетіп жатты. Қандай заман болса да қазақ бауырлардың пейілі өзгермейді, – дейді Елхан.
Фарух аға көрші Сарыағаш ауданының тумасы Айымхан Ізетқызымен шаңырақ көтеріп, Фархад, Елхан, Лола атты перзенттерді тәрбиелеп өсірді. Жастайынан спортқа бейім болып өскен Фархадтың өмірі қысқа болды. Оның артында Манзура есімді жары мен Асылан есімді ұлы қалды. Екінші ұлдары Елхан Марджиня Алладинқызымен отау құрды. Ол екеуі Ислам, Арзу, Фатима, Эльназ есімді ұл-қыздар сүйіп, көп балалы отбасы санын көбейтіп отыр. Үйдің кенжесі Лола қарындасымыз да елгезек, еңбекқор. Әке-шешенің берген тәлімді тәрбиесінің арқасында бұл отбасының ұл-қыздары татулық пен бірлікті нық ұстап, өзгелерге үлгі-өнеге көрсетіп келеді.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін көптеген этнос өкілдері тарихи отандарына қайтып жатқанда бұл шаңырақ Шардарада тұрақтап қалды.
– Бакуде ағайын-туғандар бар, араласып тұрамыз. Бірақ, Шардараға жететін жер жоқ. Осы қаладағы өзім қатарлы адамдардың бәрін танимын десем де болады. Себебі, Қызылқұм массивін игеруде бәріміз де бір үйдің баласындай болып еңбек етіп, тату-тәтті ғұмыр кештік. Осы өңірге үйрендік, әбден бауыр бастық, – дейді Фарух Исламов.
Десе дегендей, көрші-қолаңдары мен дос-жарандары Фарух аға мен оның перзенттері туралы тек жақсы пікірлерін айтады. Елханмен бірге өскен азаматтың бірі, аудандық мәслихатта заң бөліміне басшылық жасайтын Аман Алтынбеков:
– Бұл досымның орны бөлек. Бойында ежелден-ақ мәрттік пен жүректілік, сөзде тұру, жолдасқа адалдық деген қасиеттер тұнып тұр. Бала кезден тонның ішкі бауындай араласып кеттік. Біздің тілімізге де, салт-дәстүрімізге де жетік. Алайда, отбасында өздерінің болмыс-бітімін жоғалтпай сақтап отыр. Ұлттық құндылықтарын көздің қарашығындай қорғай білетін мұндай азаматтар некен-саяқ, – дейді.
Осыдан бірер жыл бұрын Лола Фарухқызы аудандық «Өскен өңір» редакциясында жол картасы бойынша жұмыс істегені бар. Әріптес аға-әпкелері Лоланың пысықтығын, қандай тапсырма болсын тап-тұйнақтай етіп орындайтын тындырымды мінезін әлі күнге ауыздарынан тастамай айтып отырады.
Иә, ол кісіге барлық жерде төрден орын бұйыратынына сеніміміз кәміл.
Енді мына тағдырға назар аударыңыз. Бүгінде Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Олар бір мемлекеттің туы астында бір-бірімен тату-тәтті тіршілік кешуде. Мұның барлығы еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы. Қазақ халқы ежелден бауырмал, қонақжай. Әрбір қазақ үйіне депортацияланған ирандарды кіргізіп, қолайлы өмір сүруге жағдай жасады. Өсіп-жетіліп, үйленген иран балаларына еншісін беріп бөлек шығарған жағдайларды да білеміз. Солардың бірі Шымкент қаласы иран этномәдени бірлестігінің төрағасы Сулаймани Мами Гуль-Ахметоғлы. Бүгінде ол қазақтармен ағайын-туыс болып араласып тұрады.
Сулаумани Шардара ауданының Сүткент ауылында туып-өсті. Мектепте орыс сыныбында оқыса да, қазақ тілінде өте жақсы сөйлейді. №2 автобус паркінде бригадир болып жұмыс істеді. Өз сөзімен айтқанда оның достарының 80 пайызы қазақ. Жұмақат, Жомарт деген бауырдай болып кеткен достары бар. Негізінде Қазақстан бойынша 10 мыңнан астам иран мекен етеді десек, соның ішінде 600 отбасы Шымкент қаласында тұрады.
– Тыныштық пен бейбіт өмір – бақыттың кепілі. Қазақстан халықтарының бірлігі жасай берсін! Мереке баршамызға құтты болсын! – дейді Сулеймани Мами Гуль-Ахметоглы.
Түрлі ұлт пен ұлыстар арасында қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрпын сақтап, оны өздеріне де пайдаланып жүрген қандастарымыз да жеткілікті. Қазақтың әрбір салт-дәстүр, әдет-ғұрпының астарында үлкен мән бар. Осынау ұлттық құндылықтарымызды өзге ұлт өкілдері де бағамдап, бағалап жүр. Қазақтың сан ғасырдан бергі сүйексіңді қасиетін лайықты бағалап, өз ұстанымдарымен байланыстырып жүргендердің бірі – неміс ұлтының өкілі Карл Анзельм.
Бүгінде асқаралы алпыстың бесіне келген Карл Альбертұлының қазақ жайлы, оның салт-дәстүрі төңірегінде төгілтіп айтатындай да жөні бар. Кіндік қаны Ресей жерінде тамды демесек, қалған бүкіл ғұмыры осында өтіп келеді. Және жәй емес, ауасын жұтып, суын ішкен елінің көркейіп-көріктенуіне қосқан үлесі ерекше. Сол себепті шығар, өзінің маңдай тері тамған мекенді туған жерінен кем көрмейді. «Адам баласы жер-ананы жатырқамай, шын ықыласпен еңбек сіңіріп, перзенттік парызын өтесе, қасиетті жер де оны сыртқа теппейді» дейді ол.
Бүгінде су шаруашылығының білгір маманы ретінде мойындалған ол өзінің балалық ізі қалған Мырзашөл өңірін гүлдендіруге көп еңбек сіңірді. Балалық шағы тың жерлерді игеру науқанымен тұспа-тұс келіп, Сыр бойындағы шөлейтті аймақтарды суландыру жұмысына жастайынан қанығып өседі. Кеше ғана аңқасы қаңсып жатқан ен дала бүгін жазиралы мекенге айналғанын көріп, тіршілік көзі саналатын су болса бәрін де гүлдендіріп жіберуге болатынына көз жеткізеді. Бірақ, осынау тіршілік көзінің тапшылығын қалай жоюға болады? Бұл сұрақ оң-солын енді танып келе жатқан бала Карлды қызықтыра түседі. Қиялдағы қызығушылық жетелеп, Өзбекстанның Андижан қаласындағы ауыл шаруашылығы институтынан бір-ақ шығады. «Инженер-гидротехник» мамандығы бойынша бес жыл оқып, институтты қызыл дипломмен бітіріп шыққан соң білімін одан әрі жетілдіру үшін құжаттарын аспирантураға тапсырады.
Жас маман алғашқы еңбек жолын Шымкенттегі «Союзгипрорис» мекемесінде инженер болып бастайды. Суландыру саласында мықты маман болып қана қоймай, оңтүстік өңірінде соя дақылын өсіріп, одан мол өнім алу мен мал азығының жұғымдылығын арттыруда да біршама табыстарға қол жеткізеді, осы салаға арнап, бірнеше еңбек жазады.
Карл Анзельм Оңтүстік Қазақстан гидрогеология және мелиорация экспедициясы мекемесінде 40 жылға жуық еңбек етіп, оның соңғы он жылында аталмыш мекеменің басшысы қызметін атқарды. Кешегі тоқырау жылдары мекемені тарап кетуден аман алып қалды. Өз жұмысына шексіз берілген ол осы жылдары қаншама зерттеулер жүргізіп, ғылым кандидаты атанып, біршама еңбектер жазды. Өзі басқарған мекемені Қазақстанның мелиорация және егіндікті суару лабораториясына айналдырды. Жүзден аса ғылыми жұмыстардың авторы К.Анзельмнің еңбегі лайықты бағаланып, «Құрмет» орденінің иегері атанды.
Құрмет демекші, әр сөзін қазақтың салт-дәстүрімен сабақтастырып айтатын оны «өзіміздің Қарл» деп құрмет тұтатындардың да қатары көп. Қазақстан егемендік алғаннан кейін қазақ жерін мекендеген өзге ұлт өкілдері бірінен кейін бірі өздерінің тарихи отандарына қоныс аударып жатты емес пе?! Бала кезден егіз қозыдай бірге өсіп, институтта бірге оқыған, әлі күнге дейін араларынан қыл өтпестей сыйласып жүрген досы Қаратай Досаев та Карл Альбертұлын әні-міне көшіп кететін шығар деп қимастықпен ойын білмек болады. Сонда Карл ағаның айтқаны ғой: «Мен Қазақстанды қиып қайда кетем? Осында өстім, өндім. Әрі-беріден соң менің жан-дүниемді сендерден асып түсінетін ешкім жоқ. Ұлты неміс демесең, мен қазаққа қаныммен берілген адаммын» деп қысқа қайырады.
Иә, бала кезінен қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына қанып өсіп, тілі мен ділін жанына жақын тұтқан Карл үшін қазақ пен немістің арасы алшақ емес еді. «Жақсы адамға қай жерде де бір кісілік орын бар» деген мақалды жиі айтатын ол, бәлкім, қазақтың пейілінен аттап кете алмаған шығар…
Сол Қаратай досы Карлдың Германиядан келген тумаластарын үйіне ша­қы­рып, құрмет көрсетеді. Қадірлі қонақтардың иығына қазақи дәстүрмен оқалы шапан жабады. Бір-бір шапан бұйырып, қазақтың бұрынғы би-болыстарындай болып шыға келген ағайындарына қарата: «Міне, бәріңіз де тарихи кітаптардағы нағыз би-болыс болып шыға келдіңіздер. Бұл киімнің ерекшелігі сол, оны иығына ілген адам өз-өзінен тілге шешен болып шыға келеді. Және бойыңда белгісіз бір батырлық пайда болатындай ма, қалай? Тағы бір байқағаным, қазақтың қасиетті шапанын киген адам жаман әдеттен, залым ниеттен арылады. Мәселен, зерлі шапан киіп көшеде бұзықтық жасап жүрген адамды көз алдыңызға елестете аласыз ба?
Олай елестету мүмкін емес қой! Демек, қазақтың шапанының өзінде де қасиет бар. Бірақ, бұл кез келген адамға жараса бермейді. Оны кию үшін соған лайық болуың керек» дегенді айтты.
Бұл сөзді тыңдап тұрып толқымау, тебіренбеу мүмкін емес. Қалай айт­қанда да, бұл қазаққа жан-тәнімен берілген Карл Анзельмдей азаматтың жүрегінен шыққан сөз еді.
Енді мына жағдаятқа назар жығайық. Өзбекстан Республикасы Қоқан, Хиуа хандықтары және Бұхара әмірлігі орналасқан аумақтарда құрылған. 1923-1924 жылдары жүргізілген межелеу кезінде кеңес билігінің «отырықшы жұрттың барлығы өзбек аталуға тиіс» деген шешімінің негізінде сарт, құрама атауымен жүрген этникалық топтар өзбек болып жазылып кетті. Бүгінде өзбек халқының саны 32 миллионға жетуінің бір сыры осында.
Бауырлас, көршілес өзбек халқымен арадағы достықтың тамыры тереңде екендігін қазақтың «өзбек – өз ағам» деген ізетінен де байқауға болады. Бұл ізеттің астарында тарихи мән бар. Ортағасырлық бірқатар түркі, парсы тілдеріндегі жазбаларда өзбек-қазақ атауы бір ұғым ретінде қолданылған. Себебі, жазбагерлер өзбек пен қазақты бір-бірінен ажырата алмаған. «Көшпелі өзбектер» мемлекетінен Қазақ хандығы бөлініп шыққан соң оның мұрагері Шайбани ұлысының халқы өздерін «біз өзбектерміз» деп атап, кейіннен олар Бұхара әмірлігі мен Қоқан, Хиуа хандықтарының негізгі тұрғындарын құрады. Осылайша өзбек тілінің Ферғана (Қоқан), Самарқан (Бұхара) және Хорезм (Хиуа) диалектілері қалыптасты. Әдеби тілі ретінде Ферғана диалектісін қолданды.
Ж.Баласағұнның «Құтадғу-Білігінде», Шыңғыс ханның «Құпия шежіресінде», З.Бабырдың «Бабырнамесінде» және басқа да орта ғасырлық жәдігерлерде «сарт», «сартауыл» деген сөздер кездеседі. Бұл – «сарт» атауының «өзбек» атауынан бұрын шыққанының дәлелі. Атақты шығыстанушы В.Бартольд «сарт» атауы халық этимологиясында ежелден қолданылғанын және де оның шығу төркіні үнділердің саудамен айналысқан «сартхаваха» атауына орай пайда болғанын айтады. Ежелден сауданы кәсібіне айналдырған үнді, тәжік «сарттары», сондай-ақ оларға кейіннен қосылған өзбек «сарт-көпестері» Орта Азияның үлкен қалаларында дүкендер мен сауда-саттық базарларын ашып, іс жүргізді. Сонымен қатар, диқаншылық, қолөнер және мал ұстау кәсібін дамытуға да зор қолғабыс жасады. Ғасырлар бойы сарттар қалаларда негізгі жұмыс берушілер ретінде мәртебелі қожайындар саналды. Әйтсе де, «сарт» сөзі саудагер, алыпсатар деген буржуазиялық ұғым секілді көрінгендіктен, кеңестік билік олай атауға тыйым салды. Олар тоталитаризмнің қатты қудалауына ұшырады.
ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы Түркістан өлкесіне қатысты орыс жазба деректерінде құрамалар туралы кездеседі. Құрамалар бүгінде Ташкент облысының Шыршық, Ангрен өзендерінің аумағында және Самарқан, Ферғана жазығындағы бірқатар аудандарда мекен етеді. Ташкент облысының Ахангаран қаласында құрамалар көбірек шоғырланған. Сонда тұратын бауырларымыздың айтуынша, құрамалардың шығу тегі туралы екі көзқарас бар. Біріншісі, олардың тегі қарақытайлар дейді. Моңғол шапқыншылығынан кейін күйреген, елсіз қалған босқын қарақытайлардың (жергілікті халық оларды «қара кәрістер» деп те атайды – Б.А.) еңбек күшін күріш, пияз, қалампыр, т.б. егуде пайдалану үшін жергілікті билік егістік алқаптарында арнайы «шипонгтар» (шиден жасалған үйшік – Б.А.) құрып, пайдаланған. Уақыт өте олар жергілікті халықпен араласып, өздерін «құрамалар» деп атаған. Екінші көзқарас, жаугершілік кезеңінде сулы, егіншілік кәсібі дамыған аумақтарға үдере көшіп келген қазақтар жергілікті өзбек, тәжік, ұйғырлармен араласып, жекжат-жұрағат болып, «құрамалар» атанған дейді. Екі көзқарастың да жаны бар. Оның шындығына тек антропологиялық зерттеуден кейін көз жеткізуге болады.
Екі мемлекет Кеңес Одағының құрамында болған кезде өз мүдделерін Мәскеу алдында бірге қорғаған. Кеңестік Қазақстанның басшысы, көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхаммед Қонаев КОКП ОК Саяси Бюросының мүшесі ретінде Өзбекстан басшысы Шараф Рашидовқа ағалық қамқорлық көрсетіп келген. Осы кезеңде екі елдің ақын-жазушылары кездесулер ұйымдастырып, сұхбаттар жүргізіп, түрлі жанрдағы шығармаларын аударып, әдеби-мәдени байланыстарын нығайтты. Қазақ театрлары Өзбекстанның қазақ ауылдарына гастрольдік сапармен барып, жүйелі түрде өнер көрсететін. Қазақ және өзбек қаламгерлерінің шығармашылық байланыстары тіпті өзара достыққа ұласқан. Айталық, Сәбит Мұқанов пен Ғафур Ғұламның ғажап достығын өткен ғасырдың 50-60-жылдарында-ақ ел жақсы білді. Ғ.Ғұлам шығармашылық шабытын Алатауға шығып шақырғанды жақсы көретіндігін айтыпты. Оның атақты «Шум Бола» шығармасындағы Шум (сотқар – Б.А.) баланың досы Аваз қазақтың қара баласы. 1977 жылы «Өзбекфильм» Камил Яшеннің сценариі бойынша осы туынды негізінде миллиондардың сүйіп көрген комедиялық фильмін шығарды. Фильмнің алғашқы эпизодында-ақ бірге сотқарлық жасап, ойнап жүрген Шум бала мен Аваз (Әуез – Б.А.) екеуі біршама уақыттан соң базарда кездейсоқ кездеседі. Аваз: «Шымкенттегі туысыма барғанымда мына қойды беріп жіберді. Ал, сен қайда қаңғып жүрсің? Сені өліп қалды ма деп анаңның көз жасы көл болды» дейді. Шум бала: «Мен жұмыс істеп, көп ақша таптым. Ол сенің қойыңның құнынан он есе көп» дейді. Кейіннен Аваздың қойын ұрылар қолды етеді. Осындай шығармалар бүгінде жоқтың қасы. Екі елді тарихи, мәдени жақындастыратын шығармашылық кездесулер де тым сирек. Бүгінгі таңда әдеби, мәдени байланыстарды нығайту өзекті мәселелердің біріне айналды.
Соңғы кезде түрлі саяси оқиғалар орын алғанымен, екі елдің ежелгі достық ұстанымына тәуелсіздік жылдарында сызат түскен емес. Дегенмен, аралас-құраластықты одан әрі арттыра түскен ләзім. Екі елді біріктіретін ортақ тарихи-мәдени мұралар, құндылықтар да баршылық. Қазақ халқының әйгілі билері Төле би мен Әйтеке бидің этномемориалдық кешендері Өзбекстан аумағында. Ең алғашқы Қазақ пединституты (Казинпрос – Б.А.) Ташкентте ашылды. 2013 жылы Ташкентте Абай ескерткіші бой көтерді. Өткен ғасырдың 50-60 жылдарына дейін Оңтүстіктегі ағайын Ташкентке базарлап, Самарқан мен Бұхараға саяхаттаған.
Өзбекстанның жаңа президенті Шавкат Мирзиёевтің билікке келуімен екі жақты қарым-қатынастың белсенді дами бастағаны аңғарылады. Иә, қазақ пен өзбек достығы нығая түскен сайын екі мемлекеттің ғана емес, алты Алашты ұран еткен тұтас түркі елдерінің мерейі де әлдеқайда үстем болатыны сөзсіз.
Жыл басынан бері Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы 234 қайырымдылық іс-шара ұйымдастырып, 158 млн теңге көлемінде заттай және қаржылай көмек көрсеткен. Бұл туралы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өткен «Қоғамдық келісім – тұрақтылық пен татулық кепілі» атты облыстық ассамблеяның 22-сессиясында айтылды. Түркістан өңірінде жүзден астам этнос өкілдері бірлікте өмір сүріп, өзара ынтымақтастықта еңбек етуде. Жергілікті ұлт өкілдерінің басын қосып, Отан іргесін бекемдеуде облыстық 11 этномәдени бірлестік пен олардың аудандық өкілдіктері жұмыс істейді. Әр этностың салт-дәстүрі, мәдениеті мен тілін дәріптеуде этномәдени бірлестіктер жанында 4 жексенбілік мектеп пен 8 жастар қанаты әрекет етеді. Ассамблея жанындағы Қоғамдық келісім кеңестері биыл жергілікті жерлерде 170 өзекті мәселені қарап, тиісті органдарға 100-ден аса ұсыным жолдапты. Өңірде медиация институтын дамытуға басымдық берілген. Жыл басынан бері 804 дау-жанжал сотқа дейінгі тәртіппен, қоғамдық медиаторлардың қатысуымен шешілген. Түркістан облыстық Ассамблеясы былтырғы Арыс оқиғасы мен биылғы Мақтаарал ауданындағы су тасқыны кезінде де адамдармен қоян-қолтық араласып, қиын сәттерде жергілікті тұрғындарға демеу болды. Зардап шеккендерге азық-түлік, киім-кешек, медициналық жабдықтар әперді. 300-ден астам қайырымдылық шаралары өтіп, 200 миллион теңге көлемінде заттай және қаржылай көмек көрсетілді.
Қоғамды біртұтас ағзаға баласақ, сол қоғамға қан жүгіртетін алуан түрлі қан тамырлары сынды барлық салаларды біріктіретін, бәрінің жолын бір арнаға салып, бір ағысқа бағыттайтын, бір жүрек бар.Ол жүректің аты-бірлік. Елімізде бірлік пен татулық, қоғамдық келісім мен бейбітшілік болса, Мәңгілік Қазақ елі өркениетті, дәулетті ұлыстар қатарында болып, әлем сахнасында ұлттық мемлекет ретінде салтанат құра бермек. Бұл орайда, түркі жұртының төрі-Түркістанда татулық пен ынтымақ, бейбітшілік мәңгі тұғырынан таймайтынына нық сенімдіміз.
Елдігіміз еңселі, татулығымыз-тұғырлы болғанда ғана Қазақстан атты алып кеме өз айдынына желкенін керіп еркін жүзетінін білетін барлық ұлт пен ұлыс, этнос өкілдері Бірлік Туын жоғары желбірете бермек!
С.Дәніқұлұлы

Пікір қалдыру