ҰЛТТЫҚ САЗ АСПАПТАРЫН ТҮЛЕТКЕН

 

Бауыржан СИСЕНОВ

«Саз сырнай – өзіміздің ұлттық аспаптарымыздың бірі. Оны жасау үшін гипс қалыпқа сұйық саз балшықты құйып, пайдаланасың. Негізі, қай өңірдің болмасын топырағынан саз сырнай жасауға болады. Бірақ, мен біздің өңірден де ұлттық аспап дайындауға болатынына көз жеткізіп отырмын. Мына қолымызға ұстап отырған саз сырнай 7 ноталы, 5 жарты ноталы, барлығы 12 түрлі дыбыс шығарады. Яғни, до нотасынан келесі до-ға дейін 1 актава (актава-ноталар жиынтығы). Ендігі мақсат 1,5 актавалы саз сырнай шығару. Қазіргі жасап жүрген саз сырнайым нотаның сол, ля актавалары».
Иә, бұл сөзді ойдан шығарып отырғанымыз жоқ. Ол ұлтымыздың саз сырнай аспабын жасайтын қолөнер шебері Жайлау Таласовтың сөзі. Шындығында, оны ауданға, облысқа танымал еткен фотосуретшілігі. Ал әлгіндей ұмытылып бара жатқан ұлттық аспабымыз саз сырнай жасайтынын біреу білсе, екіншілері білмейді.
Ол өзі кейбіреуге арман болған, өнердің қақ ортасы қазақтың алғаш шыққан академик суретші Орал Таңсықбаев атындағы Алматы қолөнер колледжін бітірсе де, өзгелер секілді қалада қалмай туған ауылы Сағызға келді. Одан бері де он жылдан астам уақыт өтті. Оның қолынан шыққан саз сырнаймен өнер көрсеткен Чайковский атындағы музыка колледжінің 3-курс оқушысы Сымбат Әлімбетова республикалық «Мәңгілік сарын» фестивалында гран-при жүлдесін иемденді. Өзі 2000 жылы өткен облыстық «Ақ ерке – Жайық» фестивалінің бас жүлдегері. Ұлттық аспап жасаудағы еңбегі үшін облыстың жыл адамы атанды. Бүгінде, Жайлау Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының халық музыка факультетінің оқытушысы Гүлфайруз Далғабаймен бірігіп, саз сырнай жасауда. Осыған орай біз Алматыдағы Гүлфайрузға телефон шалғанбыз.
– Республикада саз сырнай жасайтын екі қолөнер шебері бар. Оның бірі Алматыда тұратын Жаһангер болса, екіншісі Жайлау Таласов. Бірақ, Жайлаудың өнімдері Жаһангерге қарағанда өзіндік өрнегімен, физикалық жағынан сапалылығымен ерекшелінеді. Алайда, оның музыкадан хабары жоқ, сондықтан оған дұрыс-бұрыстығын көрсетіп отыратын арнайы музыкант керек. Осы орайда екеуміздің шығармашылық байланысымыз жақсы, – дейді ол.
– Қазіргі таңда, саз сырнай аспабын оқып-үйренуші студенттер көп. Тіпті, арнайы мамандық ретінде де ашылып жатыр. Сол себепті, саз сырнай жасайтын қолөнершілер керек-ақ. Рас, әр облыста саз сырнай жасап жүрген бірен-саран шеберлер бар. Алайда, олардың жасаған саз сырнайларын тек көрнекі құралға пайдалануға болады да, музыкалық аспап ретінде жарамсыз. Демек, келешекте Жайлауға қолдау білдіріп, оның облыс орталығында жеке шеберхана ашуы, саз сырнайда ойнайтын музыканттармен бірлесе жұмыс жасауына ықпал ету керек.?! Әйтпесе, Сағызда жатқан жігітке саз сырнайыңды арқалап Алматыға жет деп талап қою тіптен келіссіз.
Ол рас ұлттық аспабымыз ұмытылмасын деген ниетпен Алматы мен Атырау арасында шапқылап жүрген бұл жігіт ешкімнен көмек сұрап, қолын жайған емес. Ол сонымен қоса, фотоға да түсіреді. Ауылдастарының алғысына бөленген маман.
– «Бір затқа бір зат себепші» дегендей мен осы фотосуретпен айналысу арқылы саз сырнай жасауды ұмытқан жоқпын. Себебі, фотодан түскен аз-мұз тиын-тебенге саз сырнайға керек затты аламын. Одан қалса күнделікті ішіп-жейтін тірлігіміз тағы бар. Сөйтіп, біреуден ілгері, біреуден кеш күнімізді көріп жатырмыз. Егер де, шеберхана ашуға қол ұшын беретін азаматтар болып, үйренетін жастар табылып жатса үйретуге қуана-қуана келісім берер едім – дейді Жайлау.
Фотосуретші демекші, Жайлау облыстағы әріптестері арасында алдыңғы қатарда. Тіпті, оны ұстаз тұтатын фотосуретшілер де табылады.
«Фотоға түсіру де бір қарағанда оңай шаруа емес,-дейді ол.
– Мәселен, бір-ақ рет болатын адам қимылын дәл сәтінде байқап қалмасаң, екінші рет қайталанбайды. Өйткені ол эмоция. Ал эмоция қайталанбайды. Ол сонысымен ерекше.
«Өнерлі өрге жүзер» дейді халқымыз. Ендеше, талантын талайға паш етіп, ұлттық болмысымызды айқындай түсетін аспаптарымыздың жоғалып кетпеуіне күш салып, тер төгіп жүрген осындай азаматтарымызға қол ұшын беру – парызымыз. Бірақ, ол жоғарыда айтқанымыздай ешкімнің көмегіне зәру де емес. Дегенмен, ұлттық болмысымыз кейде бір адамның қолында жүреді. Ал оны жоғалтпау бәріміздің абыройлы борышымыз емес пе?! Демек Жайлау жалғыз, оны жоғалтып алмайық.

Пікір қалдыру