ӘБІШ КЕКІЛБАЕВТЫҢ ХИКАЯТТАРЫ ХАҚЫНДА

Ғарифолла  ӘНЕС

Ахмет Байтұрсынұлы эпикалық текті әуезе деп алып, оның түрлерін ұлы әңгіме (роман), ұзақ әңгіме (повесть), ұсақ әңгіме деп жіктеген болатын. Повесть (хикаят) туралы «ұлы әңгімеден өресі қысқа, өрісі тарлау түрі ұзақ әңгіме деп аталады» дейді. Осы негізде ол М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамалын» романға емес, ұзақ әңгімеге, сондай-ақ М.Әуезовтің «Оқыған азамат» әңгімесін повесть үлгісіне жатқызған. Ж.Аймауытовтың «Күнекейдің жазығы», М.Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы», «Қилы заман», Ғ.Мүсіреповтің «Кездеспей кеткен бір бейне» повестері қазақ прозасындағы қайталанбас көркем туындылар.

Қазақ әдебиетінің өткенін парақтай қалсаңыз, әйгілі «алпысыншы жылдықтар» көзге ұрып тұрады. 1960-жылдары шығармашылықпен айналысқан қазақ жазушылары бүтін бір ұлттың әдебиетінде дүрбелең туғызып, тіпті өздері ойламаған «жаңалық» ашты. Саясаттағы «жылымық кезеңнің» тууы, идеологиялық шектеудiң әлсiреуi 60-жылдары әдебиетке келген жаңа ұрпақтың соны шығармашылық iзденiстерiне, түрлі тың тәжірибе жасауларына мүмкіндік бердi. Проза жанрында С.Мұратбеков, Ә.Кекiлбаев, М.Мағауин, С.Жүнiсов, Қ.Жұмадiлов, Ш.Мұртаза, Ә.Әлiмжанов, Д.Исабеков, Қ.Ысқақов, Р.Тоқтаров, Ә.Тарази есiмдерi қазақ оқырманының санасында жатталып қалғандай. Сол жылдары әдебиетте тарихи тақырыпты шығармалар өзгеше қарқынмен дамыды. Бұл тұрғыда I.Есенберлиннiң, М.Мағауиннiң, Ә.Кекiлбаевтың тарихи романдары қазақ әдебиетінің қоржынына асыл мұра болып олжа салды.

Заңғар жазушы Ә.Кекілбаевтың әңгімелері мен хикаяттарының әрқайсысының жұлдызы бөлек, жолы ерек. Кез келген туындысын парақтап көрсеңіз, әр шығармасынан бір тағдырды байқайсыз. Бәлкім, жазушыны «шағын проза шебері» атандырған да сол шығармалар болар…

Алдағы сөз сол жұлдызды туындылардың «тағдыры» мен тағылымына арналмақ.

АВТОМОБИЛЬ

«Автомобиль» хикаяты алғаш рет 1977 жылы «Жұлдыз» журналында (№10, 25-91-бб.) жарияланды. 1978 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Құсқанаты» атты повестер пен әңгімелер жинағында (61-110-бб.) шыққан. Хикаяттың орыс тіліндегі алғашқы нұсқасы жазушының 6 томдық шығармалар жинағында (2001, 2-том, 261-318-бб.) жарық көрген. Жазушы шығармаларының 20 томдық толық жинағына (5-том, 98-152-бб.) енген.

Әдеттегідей «Автомобиль» хикаяты да авторлық ұзақ толғау-арнаумен және қос эпиграф-сөйлеммен ашылады. Алдымен шығарманың шырайын кіргізетін дәйексөздерге тоқталсақ, оның алғашқысы жаһанға мәшһүр ежелгі «Ригведаның» бір гимніндегі «жанталаса жүгірген» ұзақ жолға бағышталған. Сірә, мұнымен жазушы өмірдің мәңгілік қозғалыс екенін һәм өмір мен өлім арасындағы желіп өтер кезеңнің атқан оқтай, тым шолақ екенін мегзегені болса керек.

Сол сияқты Әбекеңдердің замандас жазушысы, кеңес өкіметі тарапынан қудалау көрген Юрий Олешаның «Біз алғаш рет өмір кешудеміз…» деген астарлы, айтары мол сөз-ләмі де ойлы оқырманды селт еткізіп, түрлі тұжырымдарға жетелейді.

Ал ұзақтау авторлық арнауда жазушы «Өзіңді енді қайтып көрмес, құшақтаспас мәңгілік ғайыпқа қимайтын өз көңіліме жұбаныш болсын деп жазылған өзің мен әріптес достарыңның сонау ақжелең шақтары туралы осынау шағын хикаяны аяулы аға, дос, Қобылан, шофер Қобылан Зоранов, саған бағыштадым» деп тебірене толғайды.

«Сен біздің ауылда бұрын-соңды ешкім ата кәсіп ете қоймаған жаңа өнерге бірінші боп бет бұрғандардың бірі едің. Құландар жортқан құба түзге талай-талай соны соқпақты өзің салдың», – дейді жазушы бұл шығармасының марқұм досы Қобылан Зорановқа арнау сөзінде. «Қобылан Зоранов – Әбекеңнің ауылдасы, екі жас үлкендігі бар жеделдес ағасы. Ауылда алғаш машина руліне отырған жастардың бірі еді ол. Ақыры, сондай сапарынан орала алмай қалды… «Ақ түтек боранда бала кезден бауыр басқан рулі ғана басын сүйеді…».

Әбекеңнен бір көйлек бұрын тоздырды дерлік үлкендігі бар аға досы Қобылан Зоранов қазалы арнауда айтылғандай, молдығы, ерлігі, ірілігінен бейбіт заманда бейуақ опат болды. Ол 1963 жылдың қақаған қысында бақилық болған Үстірттегі биікті жұрт осы уақытқа дейін «Қобылан өлген» деп атайды. Қобылан марқұм болғанда артында қосағы Жәния жеңгеміз сол үш қарғасын әкесін жоқтатпай тәрбиелеп өсіріп, азамат қылып шығарды. Қазір олар үйлі-баранды, Ақтау қаласында тұрады.

Онды ауылына келген алғашқы автомобильді жазушы Жақан кейіпкеріне «сыйлапты». Жетім бала. Бұл ауылдағы ең жақыны көксұр Елемес – директордың кабинетінде тұңғыш көрген адамы, оның да ағайындығы төмендегідей болып шықты.

«Бұл ауылда менен жақын ешкімің жоқ. Әкең марқұм теңіз асып келген кірме еді. Менің әкеммен көжетамырлығы бар-тын. Баяғыда Текенің базарында танысыпты. Сүйекшатыс болайық деп мені өзіне өкіл бала еткен. Анаң байғұс біз қырда жүргенде қайтыс бопты. Жер аяғы қашық. Тұсында келе алмадық. Биыл басқарма қырға көшірмей, ойға қалдырды. Енді сені қайтып жалғыз тентіретіп қояйын. Түсінетін шығарсың… Қолыма алып, қолғанат етем. Азамат боп шығасың. Аман болса, келін алып беріп, бөлек үй етем», – дейді онан әрі Көксұр Елемес аталатын мына жанашыр.

Ә.Кекілбаевтың шығармаларына, әсіресе ел іші өмірінен жазылған әңгіме, повестеріне тән ерекшелік – олардағы адамдардың бір-біріне бауырмалдығы. Шідер үзгендер сирек. Көп кейіпкерлері тірліктің тірегін бірліктен іздейді. Осы ерекшелік бұл шығармада да шаң береді. Көксұр Елемес тақыс, ішкі есебі мықты адам. Жақанды қолғанат қылуында қол ұзартқысы келген ойы менмұндалап-ақ тұр. Таңдауының Жақанға түсуінің жалғыз себебі – әлгі өзінің оның әкесіне өкіл бала екендігі.

Елемес сол жолды ұстанып отыр. Азамат қылып шығарып, келін алып беретін, бөлек үй қылатын ниеті де алдарқату емес. Шын көңілі. Оны істемесе Елемес Елемес болмас еді. Досқа күлкі, дұшпанға таба болар еді. Елемес үйіндегі күйіне Жақан да риза. Не ішем, не кием демейді. Шаруаға төселе бастады. «Төрт аяқтыға есесі кеткен екі аяқты жоқ. Екі аяқтыларға есеңді жібермесең болар» – деп Елемес ағасы да ақылын айтып бағады.

Жақан осылай жылқышы ауылда жүре берер ме еді қайтер еді, егер Елеместі түлен түртіп, мұны колхоз орталығына жұмсамаса. Жұмсағанда да басқарманың Теңбілкөгін апарып келуге жұмсады. Жетектетіп емес, өзің мініп бар деді. Құдайекең берейін десе қолақпандай қылып ұстата салады екен ғой өзі. Енді, міне, шоқтығы Қарауыл Күмбеттің шоқысынан да асып салдыртып келеді.

Жақанның ауылға келуімен тағы бір кейіпкермен жүздестік. Ол – басқарма Шайхат. Қарабайыр көпке оның көп іс, қимылы жұмбақ тосын көрінгенмен, онша көшесіз кісі сияқты емес екен басқармаңыз…

«Автомобиль» жарық көргенде Маңғыстаудың көзі қарақты оқырманы түгел Шайхат басқарманы дөп басып тани кетті. Айтса айтқандай, қазір елдің сөз ұстар абыз қарияларының бірінен саналатын – Шаңытбай Махамбетов ақсақалдың Ондыға бір кісідей-ақ еңбегі сіңді. Көп жыл колхоз басқармасының төрағасы болып шаруашылықты өрге сүйреді. Шәкеңнің «Қара аңғардың аяғын бөгеп, тоған салдырғаны» да – шындық. «Ит байласа тұрғысыз Бөрілі ойға тары еккізгені» де – ақиқат. (Шығармада ой аты сәл өзгертіліпті. Дұрыс аты – Борлы). «Аудан орталығында жұмыс таба алмай жүрген бір корей шалын көшіріп әкеліп», Ондының көшесіне түйірлеп тал шаныштырып, жұртты ешкі-лақпен жауластырған да осы ағаңыз. Міне, сол ағасы Жақанның қайратын жанып-жанып, «техниканың құлағында ойнатпақ» боп аудан орталығындағы шоферлық курсқа жіберіп отыр.

«Мен сенің орныңда болсам, техниканың құлағында ойнап, Еділ-Донда ма, Тақия-Ташта ма жүрер едім. Оған жасымыз асып кетті. Енді сол өз қолымыздан келмейтін шаруаны жастардың тындырғанын жақсы көреміз», – деп басқарма әлгі айтқанын онан әрмен тиянақтап жатыр. Осы ауылда ең көп білетін, көпті көрген ел ағасының жалынды жастығында көргені Еділ мен Дон екен, онда да соғыста жүріп. Ал Тақия-Ташы – Хорезм ойындағы қыр жұрты қала деп қанша қампайтқанмен бәкене балшық үйлері иін тірескен үлкен бір елді мекен. Оны да шаруа бабымен ағаш үйдің сүйегін, шай, шекер, кездеме ала барып жүргенде көрген. Маңғыстау елінің хан базары – сол.

«Міне, маңдайымыздағы жалғыз машина шофер жоқтықтан қарап тұр. Техниканың маманы өзімізден шықпай көсегеміз көгермейді. Ауданда шоферлар дайындайтын курс ашылыпты. Соған сені жіберсек қайтеді?». Басқарма бұйрығын осылай берді. Барасың – болды, айттым – бітті, кестім – үзілді деген жоқ. Өзінше ағалықпен, салиқалықпен ұғындырды. Повестегі осы бір Жақан «көзін төмен салып, столдың сирағын шұқылап отырып», ал Шайхаттың «шаршы топтың алдында мінбеде тұрғандай оң қолын сермеп-сермеп», содан соң «столды екі жұдырығымен нығарлай жаншып» алып сөйлеген сәтте көңілге ұялай кететін әсем ұнасым бар. Түптей келгенде үлкен сыр тұнып жатыр. «Жасы асып кеткен» Шайхат пен оның тұстастары кешегі майдангерлер, тізгін қағып ілескен лектің көбін соғыс жалмаған, оралғанының да біразы жарымжан, мүгедек. Ал олардың артынан қаулап ілесуге тиіс Жақанның құрдастары отызыншы жылдың ойранына ұшырап, көбеймей қалған.

Бұл жақтан келгенде Жақан тек бастан емес, құрбы-құрдастан да жалғыз. Сосын ғой бар таңдауды өзі еншілеп, бірегей таңдауды өзіне түсіріп отырғаны. Әйтпесе Ондының өзгесі түгілі, білмейтіні жердің астындағы Шайхат басқарманың өзіне жұмбақ кәсіпке бет бұру елден алабөтен жапатайын жөндеп кие алмай жүрген жалақ ерін, жалаң аяқ Жақанға бұйырар ма?!

Сонымен Жақан – аудан орталығындағы бір жылдық шоферлық курстың курсанты. Өзі сияқты жиырма бір бозбаланың бірі. Курстағы жиырма екінші бір көзін қара былғарымен тартып таңған сау «жалғыз көзі шатынап тіп-тік қарайтын, пышақтың жүзіндей жұп-жұқа еріндері туғалы бір жымиып көрмегендей, кірпікшешеннің қылтанағындай тікірек шашы тебен инедей» Естемесов. Естемесов «өзін қосқанда жиырма екі қазақ тұрып, орысша сөйлейді. Тек біреудің ерсі қылығын көргенде аузынан еріксіз шығып кеткен удай ащы мысқылы ғана қазақша». Онсыз да «кел, айналайын» деп тұрмайтын Естемесовтың ызғарлы жүзінен орысша сөйлегенде жел терістіктен шыққандай үскірік есіп қоя береді.

Туды-бітті көрген орысы киномеханик Көлке, ол да үнемі қазақша сөйлейтін, орысшасы орашолақ орыс, Жақан үшін бұл дозақ емей немене. «Знаешь?» – деп қадала қараған Естемесовке «Не знаешь?» деп басын шайқамағанда не демек. Сумақай Сұлтандарға күлкі керек. Бір емес, екі емес, қайта-қайта солай. Ақыры шыдам шарт сынды. Жақан курсты тастап айдалаға безіп шықты.

Әуелі «…Аудан орталығын желкелей сұлаған тау сілеміне сүңгіді. Тау арасының сіресіп бүтін жатқан күртік қарын кешіп келеді. Ара-арасында белуардан батып-батып та кетеді. Тырмысып жүріп шығады, әйтеуір… Борша-борша терлей бастады. Екі көзін ілгеріге қадап ентелей түседі. Бір қырқадан соң бір қырқа көлденең сұлап жатып алады». Аудан орталығы Таушық тау ортасында. Омбылаған қар, үскірген аяз түгілі ашық жарықтың өзінде жаяу жүргенде қара діңкеңді құртады. Жер бедерін бейнелеуге келгенде шебер жазушы ештеңесін алып қоспаған. Қаспақ-қаспақ қырларды, дөңкиген дөңдерді, ұры жыраларды дәл сол күйінде суреттеген де қойған. Бала күнінде жалаң аяғын тас қажап қозы, лақ қайырған, басына шығып алыс көкжиекке көз жіберген шоқыларды сол тұрған-тұрған күйлерінде алақанға қондырған да қойған.

Сәті түскенде Естемесов бас болып жиырма серігі мұны тау арасынан іздеп тауып алысты. Онан арғысы өң мен түстей. Есін жинап өз-өзіне келген соң… «Орнынан атып тұра бермек еді. Алдында үңіле қарап тұрған қара сұр кісі кеудесінен басып қозғалтпады.Сенсін бе, сенбесін бе… Манадан бері мұның маңдайын сипаған жылы алақан… иә… иә… Естемесовтікі екен». Жақанның бақилық боп кеткен ата-анасынан соң маңдайынан сипаған алақан осы болды. Жоқ, Естемесов бұлар ойлағандай әшәдді емес екен. Ол иірімін тереңінде ұстайтын дала өзендері сияқты үлкен мейірім иесі болып шықты. Былайғы сырт көзге қаһары, орысша сөйлеуі – бәр-бәрі шәкірттерінің шиырылып өссін, ширығып тұрсын, тұтымы берік болсын, көздері ашылсын, енді ғана басталғалы тұрған өмір жолының сардиып жатқан сара жол емес, соқтықпалы соқпақ екендігін ұқсын деген жанашырлығы екен.

Сол күннен бастап қасындағы жиырма серігі күрт өзгерді, бір күнде дерлік есейді. «Кеше ғана бірін-бірі көрсе алыспай-жұлыспай тұра алмайтын алаңғасар бала жігіттер» – сайып келгенде бұлардың да төрт құбыласы түгел емес-ті. Біразында әке жоқ, бары соғыс мүгедегі. Көбінде алдына қарап өсер аға жоқ. Ол кешегі сор соғыстың салып кеткен ылаңы. Қысқасы, әр кеуденің де бір-бір мұңы бар. Сол мұң, нала әлгі бір түннен соң жалғыз бас Жақанға серіктерін жатырқатпай әкеліп табыстырды да жіберді.

Жақан ақыры машинаның құпиясын меңгерді. Тәлімгерлері Көксұр Елемес пен Естемесов айта беретін тұтым Жақанның да бойынан да табылды. Ауылдағы жалғыз машинаға жан бітірді. Әуелі қиқалаңдатып жүргізіп жұртты қаралай үркітіп еді. Келе-келе жүрісі түзілген соң Шайхаттың өзі отыратын болды. Ілкіде қиқалаңдап егіске көң апарып келген қара машина енді дала төсінде. «Мына бір мортықты дөң талай-талай жылқы қайырған жері… Сол баяғы көлденең сұлап жатып алған бір өң, бір кейіп кеспелтек жалдар… Төбесінде сырықтай бұлдырап көрініп тұратын нысана ағашы шошайған кертік тұмсық қара жал… Бұл маңайда не көп, осындай бірінен бірі аумайтын домалақ бас кесірткедей кеспелтек жалдар көп. Бәрінің басында да – құс саңғып тастаған нысана ағаш, не көне мола». Бәр-бәрінің аты бар. Кесіртке бас кертік жал – «Қарауыл Күмбет», анау марқа жон жалас – «Кәпір там», мынау иек астында дөңкиіп жатқан – «Қалматайдың қара жалы», … Қарашажының төрткілі, әуелеген Әуреннің үйігі, Тасбастың биігі… Бұлардың бәрі бұл өңірді көрген-білген әркімге-ақ таныс жер. Жазушының, Әбекеңнің балалық шағы өткен маңай.

Жақанның қолы қалт етсе, машинасының маңдайын ықыласпен бұрар темірқазығы да осы жалдардың арасында. Бұрғысы келе беретіні – онда мұның ақ желең арманы Жамал қыз бар. Бұл жолы ауылға ол мизам туа бір-ақ келді. Келсе көп өзгеріс боп қалыпты. Көксұр Елемес анада соққанында «Баяғыдай емес, арыған. Қыр мұрын сорайып сүйірлене түскен. Бет-аузы күнге тотығып қарайған…» еді. Тұмсығын шөп жеп тастаған шаң-шаң етігі босағада жатқан-ды. Қайтсін жылқыны жалғыз бағу оңай тиіп жүр дейсің бе?! Енді ол машақаттан құтыла бастаған сыңайлы. Жақанның орнын қитар көз бала басыпты. Көрші «Ұшқын» – Аусарыдан, Елеместің жиен інісі көрінеді. Ауру шешесі бар екен. Елемес көп ұзамай қасына көшіріп алмақ. Теңбілкөк тұлпар жылқышының белдеуіне байланыпты. Сірә, астына машина тигелі Шайхат басқарма аттан сырторай тарта бастаса керек. Төрде құдайдың құйрық-бауыр жескен жалғыз құдасындай болып сұлап, өтелші Өтемағанбеттің баласы Оразмағанбет жатыр. Кәдімгі әңгүдіктеу «жүріс-тұрысы түгілі сөйлеген сөзінің өзі келі түйгендей дүңк-дүңк ететін» Оразмағанбет. Бұл жолы тігіті мығым. Үстінде жылтылдақ қара костюм. Қолында жарқ-жарқ еткен сағат. Тіпті «ауылдың желкесіндегі жүлгеге баруға да ерінді; машинаның тасасына теріс қарап талтайып тұра қалды». Енді-енді жарапазаншы Жанақ шалдың қара есегіндей белі үзілгенше шірене қайқайып сілкініп-сілкініп алмақ еді, ерегіскен Жақан машинасын қозғап әкетті.

Бақса әңгүдік немеге тектен-тек жел бітіп жүрмеген екен, Жамалды алмақшы. Өтелші Өтемағанбет пен көксұр Елемес әлдеқашан уәдені пісіріп қойған болып шықты. Мәссаған, безгелдек! Жақан байғұс бостан-босқа ынтығып жүр екен ғой. Мұның арманы «Бір кездегі Теңбілкөкке мініп қыдыратындай есірік арман…» болды да қойды ғой. Дегенмен жігітіміз жарады. Оның «Жамалды мынандай сілімтіктің қанжығасына өңгертіп жіберіп қарап тұрар жайы жоқ. Елдің алдындағы, заңның алдындағы өйткен мақұлдығы құрысын…». Атасына алты нәлет! Қызды машинасының кабинасына отырғызды да алып жүре берді. Жер дүниедегіні білетін көксұр Елемес те, әлгі әңгүдік те қыңқ ете алмай қалды.

Содан бұлар тоқтамастан зулап тартып келеді. Әне, «іркес-тіркес шоқылардың етегінде тарыдай шашырап колхоз орталығы көрінді. Машина ауылдың қақ алдындағы биік қара жалдың құлауына ілікті». Әттең, бұл екеуі осылай жұп жазбаған күйі тарта берсе-ақ екен дейсің. Шығарманы оқып отырған жұрт соған сеніп, батасын беріп те қойған. Бірақ қыз қалауы басқа екен. Жақанның басына қас қағым сәтте орнай қалған бақ шіркіннің кетуі келуінен де тез болды. Ол да бір Нұркеннің басына барып байыз тапқалы келе жатқан, соған асығып зулап келе жатқан жәдігөй, алдамшы болып шыға келді. «Қап!» деп қара саныңды қанша соқсаң да ерік өзіңде. Солайы солай болды да қойды. Жақанға жалғыз басы сол баяғысынша сопайып, машинасына мініп, өз жөнімен тарта беруден басқа жол қалған жоқ. Күнге бет алып жүйткіп келеді. «Батып бара жатқан күн көзінің дәл оң жақ үстінен туған ай… Үйелеп жатып та қалмай, шалқалап құлап та кетпей, кербез сұлудың кұлағындағы күміс сырғадай сызылып» әдемі туған ай.

«Ай астында ақ жібек делбедей жарыса созылып, қалт-құлт бұлдырап қос тармақ қасқа  жол  жатты». Жазушы Жақаны үшін, Жақанға тілектес оқырманы үшін мұңмен біткен әдемі хикаяны осылай түйіндейді. Бұл түйін әлгі бір әлемтапырық көңіліңе сап-сап сабыр айтып тұрғандай ма қалай. Аяулы Жақанның, жігіт Жақанның, мәрт Жақанның жібек делбедей ақ жолы әлі алдында, оның айы оңынан туып тұр демей ме ол. Ендеше жолаушымыздың жолы оңынан болсын деп тілелік.

Шығарманың ширығып біткен соңғы сәтінде сырт көзге елеусіз қала баратын бір сәт бар. Ол Жақанның жолшыбай Қосжан баланы кездестіріп, қасына отырғызып алатын сәті. Қосжан болғанда Жақанның сыныптасы, «мектептегі ең озат оқушы, сабақ үстінде күлмейтін, үзіліс кезінде ойнамайтын» Қосжан. Мына кабинаға мінген соң «сұрғылт жүзіндегі зіл батпан сабырлылықты құлан-таза қуып шыққан қалқан құлақ қара бала» – Қосжан. «Әрдайым ересектерге ұқсап бағатын бір мектептің маңдайға ұстаған жұлдызы, озат шәкірті жүрегін жарып бара жатқан қуанышын жасыра алмайтын алақызба, желөкпе, ұшқалақ, алаңғасар балалық мінезбен қайта табысыпты. Аңырайып аузы ашылып қалыпты. Жол жиегінен қосаяқ жүгіріп өткенде, отырған орнынан атып тұрам деп, маңдайын талай рет төбеге ұрып алды». Жақан «қай сабақтан сұрасаң да, бәрін іштей біліп тұрғандай, сайрай жөнелетін сұңғыла баланың мына дағдарысына масаттанып келеді. Дүниеде оның да білмейтіні бар екеніне, ол әлі білмейтін бір нәрсені өзінің енді, міне, біліп үлгергеніне масаттанып келеді».

Көңілі жүйрік оқырманның машина ішіндегі Қосжаннан бала Әбіш Кекілбаевты тап басып, тани қойғанында күмән жоқ. Сірә, Әбекең ет жүрегіне жақын Жақан ағасын әлгі бір Жамалынан қол үзіп, көкірегі қарс айрылып қалған сәтінде жалғыз қалдырғысы келмеген болуы керек, «екі балағын тізеден жоғары шиыршықтап түрген», «маңдайы үңірейген жыртық бәтіңкесінің бауын байластырып, мойнына ілген» баяғы жадау иін бала қалпы ағасының қасында жарбиып бара жатыр. Алдағы күн, оңынан туған ай, табан астындағы «ақ жібек делбедей ақ жол» бұған да ортақ.

Шағын ғана повестің екі-ақ бетінде желе жорта баяндалатын шофер Ғинаят бейнесінің өзі ауылдағы күш-қайраты тасыған, бойында талай өнердің шалығы, талантты ұшқыны бар, бірақ олары ауылдың шаңына көміліп қалған көзтаныс дос-жолдастардың көркем суретін сөзбен сомдағанымен есте қалады. «Өз-өзінен иығын қомдап қоразданып жүретін шойқара» Ғинаят «сөйтіп жүріп гармоншы», «сөйтіп жүріп суретші». Оның үстіне боқтампаз: «Бармаған жері, баспаған тауы жоқ неме қазақшаңды былай ысырып қойып, орысша, татарша, өзбекше, украинша жеті атаңнан бермен қарай марапаттап бергенде бүкіл ауыл іштерін басып, ішек-сілелері қатар еді». Онымен басқарма Шайхаттың өзі санасады, білдей басқарманың өзін үйіне туралап жеткізіп тастамайды, әдейілеп таңертең машинасын тезірек от алдыру үшін жүйткіп келіп, ауыл ортасындағы шошақ төбенің басына тоқтатады. Оның бұлай кеуде керуінің де жөні бар, өйткені «қияндағы ауданда колхозға басқарма табу оңай да, маңдайларына тигізіп жүрген бір-бір машинаға шофер табу қиын». Сөйткен Ғинаят «бұл ауылдың тансысы (ауыл клубында болатын би кеші – Ә.Ғ.) жоқ, ішім пысты деп», бір күнде кетіп тынады.

Иә, бұндай орынды пайдаланылған көркем суреттер, штрих-детальдар сонау 1950 жылдардағы, әлі ел ішіне техника жаңалықтары дендеп ене қоймаған, көшпелі тірліктің сарқыны молынан сақталған, орыс тіліне, орысшылдыққа көзсіз еліктеген кездегі қазақы ауылдың нақты көріністері.  «– Карбюратор, – дейді Естемесов. – Кәрбератұр, – дейді Жақан». Болмаса Шайхат басқарманың төрт ұлының аттары – Клим, Лазарь, Серго, Максим болып келеді…

Әрине, аты «Автомобиль» қойылған хикаят тек ауылға жаңа келген тұңғыш автомашина, болмаса оның руліне отырған тұңғыш жүргізуші туралы болса, мұндай келісті көркем дүниеге айнала алмас еді. Осы орайда қаламы жүйрік, таланты тасқындаған жазушы шығармасына тың желі тартып, өзінше өрмек өреді. Ол – махаббат желісі. Әдетте кез келген шығарманың шырайын кіргізетін «тұздық» – мәңгілік махаббат тақырыбы екенін баршамыз білеміз. Классикалық тұрғыдан бұл түйін әдетте әйгілі «үштіктің» ортасында шешіліп жататын. Ал жазушы болса бұл «майданға» төрт кейіпкерін бірдей салып жіберіп, бас тұлға Жақаннан басқаларын да оқырман есінен шықпастай етіп суреттейді.

Жақан – Жамал – Оразмағанбет үштігін төрттік қылып тұрған, повесте жұмбақтап суреттеліп, аяғына дейін жұмбақ болып қалған кейіпкердің бірі – Нұркен. Хикаяттың бас жағында почта бастық Нұркен келісті кейіпте суреттеледі: басында қақырайған ақ картуз, үстіне шақырайған ақ китель, ақ шалбар; «Аузында ақ құйрық папирос, көлдей газет, амандық-саулық сұраған адамға еріннің ұшымен ғана жауап берер еді. 

– … Понимаешь… – … Тойыс… – … Слушай…

Алда-жалда сөзіне түсінбеген миғұла біреу кез боп жатса:

– Ту, шорту! – деп шоршып кетер еді».

Ал енді Жақан ауылдағы қаңтарылып тұрған жалғыз көлікті зырылдатып жүргізіп қойған соң Нұркеннің басынан бағы тая бастады: «Почта баяғыдай көрші ауылдан атпен тасылмайды. Оны алып барып, алып келу Жақанның мойнында. Отарлар мен алыс бригадаларға келген хат-хабарды да жол-жөнекей ала кетіп, апарып тапсыратын осы». Нұркен енді ауылдағы азғантай атқамінерлігінен айырылды. Ертеден қара кешке сыз кеңседе қағаз қажап сығыраңдап отырғаны. Апта сайын аяғы салақтап жылқышы ауылға, Жамалды көрмекке жетіп барып тұратын сылтау тағы жоқ. Қазір ел аузында тек Жақан аты аталады: «Құйғытып кетіп бара жатқан кім? Жақан. Құйғытып келе жатқан кім? Жақан». Бұрынғыдай шытырадай киініп шалқып жүргенді қойған. «Тек Нұркеннің аспандап қарайтын ала көзі ғана ол көрінгенде жер шұқып сала береді. …Жақан жайбарақат күліп ыржиып тұрады. Құдайдың өзімен қыз алыспас ағайын кісіге ұқсап талтаң-талтаң басатын тәкаппар жігіттің бұртаңдап ашуланғаны қандай қызық еді…». Осылайша Нұркен кейіпкердің тұтымы берік пе, тіптен ол «тұтым» – Көксұр Елемес, басқарма Шайхат, жалғыз көз Естемесовтерде бар өмірлік принцип, өзіндік өзек мінез, қам-қаракеттің бар-жоғы хикаят аяқталғанда да белгісіз боп қала береді. Сондықтан да қыз Жамалдың ақкөйлек мінезді, тұтымы берік жалынды жас Жақанды таңдамай, әрі-сәрі Нұркенге не себептен көңілі құлап, жүгіргені қалың оқырман үшін жұмбақ, түсініксіз.

Әрине, өмір қандай күрделі, қандай жұмбақ болса, өмір-тірліктің сәні мен мәні махаббат та сондай жұмбақ құбылыс қой. Жамалдың ойында не бары, мақсат-арманы қандай екенін кім білген?!. Оның үстіне жазушы оның Жамалдың маңдайына біткен сұлулығының шешесінен жұққандығын, ал анасы Торғын – «талай көздің сұғын сарыққан Торғын сұлу» ақыр айналып Көксұр Елемеске бұйырғанын баса айтады. Осы ауылдағы қызылды-жасылды күйлі үй де солардікі. Басқарманың жанындай көретін Теңбілкөгі де тек Елеместің астында. «Көксұр Елеместің үйі кірсе шыққысыз. Көрпе-жастықтың тысы түгел атлас. Кербез Торғын желі басына шайы көйлек киіп барып бие сауады». Ата-ана тәрбиесі, тоқшылық, баршылық сырты сұлу Жамалдың ішкі дүниесінің соншалық бай, таза, ынсапты еместігінен хабар бергендей ме, қалай? Әйтпесе Жамалдай бойжеткен қыз Жақанның өзін өлердей жақсы көретінін сезбеді дейсіз бе? Әйтсе де өзін әңгүдік Оразмағанбеттің шеңгелінен құтқарған Жақанды көзіне ілмей, Жамал «естімей отыр десе керек, тамағын кенеп, қылғына, қинала сөйледі. Екі беті алаулап барады. – Нұркенді айтам. Ауылда ма еді?..» дер ме еді? Әрине, жадау жүзді, салыңқы иықты Нұркенге аспаннан шұға жауды ғой. Сырттай иемденіп, Жақаннан қызғанып жүрген Жамалын бақталасы өзі машинасымен қолына әкеп қондырып беріп отыр. Бұдан артық қандай бақ болуы мүмкін?!.

Ғұмыр тіршілігінде де, көркем шығармаларында да әрбір жанның жүрек түкпіріне үңіліп, ешкімді қиянатқа қимай, бәріне қуаныш сыйлауға бейім Ә.Кекілбаев қиындықтан көзі ашылмаған Нұркен замандасын да осылайша бақытқа кенелтуге пейілді. Өйткені хикаяттың басталуында-ақ біз Нұркен туралы «Пақыр тек жансыз-жақсыз жетім… Нұркен интернаттың қатырлақ қара нанының арқасында аудан орталығындағы орта мектепті тауысты. Жоғары қалаларға барып оқуға қысы-жазы аурудан шықпайтын  жалғыз шешесін тастай алмай, ауыларалық почта бөлімшесіне бастық болып қалды». Осы жолдарды оқыған жан Жақанның Жамалмен отаса алмағанына қаншама өкінсе, Нұркеннің бақыт құсын қолына қондырғанына соншама жаны тоғаяды. Тек олардың келешек өмірі қалай қалыптасар екен, қосақтарымен қоса ағарар ма екен дегендей түйткіл сауалдар ғана көңіл түкпірінде қалады. Оразмағанбет өзінің әумесер мінез-құлқымен бұл «майданда» жеңілсе, Жақан мәрт мінезімен, тұтымды тірлігімен жеңіске жетеді. Оқырманның бар тілек-ниеті Жақанның үстінде. Сол бақытты болса екен дейсің және оның өзіне тең өмірлік жар тауып, бақ-дәулетке жетеріне имандай сенесің. Өйткені ол «тұтымы берік» азамат қой…

Автор «Автомобильдің» арнауында «мені әлі күнге ұлығат шеруден қалдырмай ілестіріп келе жатқан осы сапарыма арқамнан қағып, аттандырып салған өзің едің. Сол сапар ақым, дос қарызым өтелген жоқ, енді өтелмекші де емес…» дейді. Өтелмейді деуінің мәнісі – Қобылан марқұм әлгі бір атың өшкір «айлап-жылдап жүретін ұзақ рейстен әлі оралмай қойды». «Автомобиль» хикаяты жазушының екі дүние қарызын өтемесе де ықылас қарызын артығымен өтей алған шығарма екені даусыз.

Пікір қалдыру