ӘЛЕМНІҢ ӘБДІЖӘМІЛІ

Смағұл  ЕЛУБАЕВ

Бүгін 95-ке толып отырған осынау толағай жазушының жұртқа түсініксіз бір қыры бар болып тұр. Ол – баяғыда өз бағасын алған «Қан мен терді» қайта-қайта жөндей беруі. Сөзімізді жазушының осы бір түсініксіз қырын түсіндіруден бастағалы тұрмыз!
Естеріңізде болса, осыдан не бары елу-алпыс-ақ жыл бұрын біздің сөз өнеріне, кітапқа деген көзқарасымыз мүлдем бөлек еді ғой!.. Қолымыздан кітап түспейтін. Том-том романдарды түгімен жұтатынбыз. Қоғамда кітап культі болатын. Соны білген жазушылар да жалпақ-жалпақ кітаптар жазды. Жамбыл, Әуезов, Мұқанов, Мүсірепов, Мұстафиндер әдебиеттің алтын ғасырын бастады. Осы дүрмекке ілесіп ол кезде жас Әбдіжәміл жазушы да «Қан мен терді» жазды. 1961 жыл. Кітап көрсе судай сіміретін мектеп баласымыз. Қырғын қызық «Қан мен терді» қуалап жүріп оқыдық. Өйткені, біздің жан-жүрегімізді романның бірінші бетінен бастап-ақ, Ақбала мен Еламанның бейбақ тағдыры жаулап алды. «Қан мен терден» кейін біз Ақбала мен Еламанды ұмыта алмадық. Осы бейбақтардың тағдыр-талайын білген үстіне біле түскіміз келді.
«Қан мен тер» кейіпкерлері Ақбала мен Еламан, Судыр Ахмет, Сүйеу қарт, Тәңірберген, Қалендер санаға басқан мөрдей жатталып қалды. Сонда бұ не? Бұ не сиқыр? Сөйтсек, бізді арбаған бұл сыр кітаптың авторына Әбекеңе Алла берген суреткерлік сиқыр екен. Бізді арбаған сол екен. Содан арадан зымырап жылдар өтті. Жиырмасыншы ғасыр аяқталуға жақындады. Көз алдымызда заман кенет күрт өзгерді. Кешегі әдебиет алыптарының ойы тұрмақ түсіне кірмеген заман басталды. Бұрын жұрттың қолынан кітап түспейтін болса, енді жұрттың қолынан телефон түспейтін болды. Кітап ұстап отыратын баяғы оқырман көзден бұлбұл ұшты, олардың орнына айфон ұстап бүкшиген ұрпақ келді. Бір жақсысы кешегі классиктер бұ сұмдықты көрмей кетті. Көрсе құсалықпен өтер еді. Бірақ, біз, байқап қарасақ арамызда біреу жүр, сол алыптардан қалған. Солардың қоста қалдырып кеткен баласындай. Ол кім десеңіз! Ол анау-мынау емес – Әбдіжәміл Нұрпейісов! Алыптар көшінен түсіп қалған жалғыз жаяудай. Арамызда жүр. Бүгінгілерге мүлдем ұқсамайды. Бәріне кешегінің көзімен қарайды. Қарайды да күңіренеді. Күңіренбей қайтсін! Қайда қараса да көзіне айфон ұстап отырғандар түседі, кітап ұстап отырғандар емес. Содан ал кеп жыны келеді. Өздерінің телефондарын тартып алып табанға сап езіп-езіп тастар ма еді!.. Бірақ көпке топырақ шаша алмайсың.
Бір күні қараса айфон деген пәле өз қолында да отыр! Ал, құтылып көр! Жұртты жаппай жаулаған бұ кәпірдің сыры не десе, қысқалық пен нұсқалық екен! Қысқалық, нұсқалық!.. «Оу, оу, бұл сонау жылдары «Климанджаро қарларын» жазған жазушының стилі емес пе?! «Қан мен терді» жазғанда өзі де осы стиль жағында болды емес пе?! Ендеше, мына жұрт неге “Қан мен терді” емес, «Соңғы парызды» емес, айфонды оқып отыр?! Сонда… апыр-ау, сонда не болғаны?? Осы сұрақ жанын отқа да салды, суға да салды. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды.
Ақыры, «Қан мен терді» қайта қолға алды. Енді, өз романына өзі мына қырқылжың заманның көзімен қарады. Содан… не болды дейсіз ғой?!. Содан… бір бітпейтін жұмыс басталды да кетті. Романның май басқан беттерін сылып ала бастады. Ширата бастады. Бұл жұмысқа қамшының сабындай қысқа ғұмыры жетпейтін болды. Содан ал кеп Алладан сұрасын, ғұмырымды ұзарта гөр деп. Қанизесі кең Құдай берді сұрағанын. Жұмысы аяқталғанша мәулет берді. Және жоғарыдан бақылап тұрды. Сөйтсе, бұ пенденің жұмысы аяқталар түрі жоқ. Анау-мынау емес ширек ғасырға созылды. Тек жақында ғана жас 95-ке таяғанда ғана нүкте қойды «Қан мен терге». Бүгін сол нұсқа, жаңа нұсқа, сіздердің қолыңызда, ағайын! Тоқсан беске келген толағайдың сіздерге жасаған тартуы, осы болды, ағайын!
Суреткердің тоқсан беске келгенше толассыз редакциялаған аты шулы романын ерекше күткен оқырманның бірі біз едік. Шынын айту керек, күте-күте шаш та ағарды. Сол ширек ғасыр күткен «Қан мен тердің» жаңа нұсқасы жақында қолға тиді. Біз бас салып оқуға кірістік.
Ақбала, Еламанның отауына кірдік. Төрде шалжиып қонақ мырза Тәңірберген отыр. Қыз күнінде арман болған жігітке ұшып-қонып қызмет етіп Ақбала жүр. Осы кезде есіктен Еламан кіреді. Қолында кере құлаш балығы, мұртына мұз қатқан шомбал қара жігіт. Үй иесі. Мырзаның елп етіп берген сәлемін алмады. Ерні ғана жыбыр етті. Дастархан басында үшеуінің де жүйкесін жеген тоңторыс хал орнады. Біз де демімізді ішке тарта қалыппыз. Неткен драма! Адам адам болғалы, дүние жаралғалы жалғасып келе жатқан драма! Қай заманда да сөз сүлейлері айналып өте алмаған драма. Мейлі, Шекспир болсын, мейлі Шолохов болсын. Өйткені, бұл драманың жойқындығы Жейхун дариядай. Асау ағыс сені жанқадай қақшып ала жөнеледі. Ал, оқымай көр!
Мына қырқылжың заманда кітап оқылмайды дегеніміз қайда? Сол түсінікті мына «Қан мен тер» күл-талқан етті! Алғашқы екі кітапты 5 күнде оқып шықтым! Қуанышым қойныма сыймай Әбекеңнің нөмірін тере бастадым. Астанада екен. – Ассалаумағалайкүм!.. Алғашқы екі кітапты оқып шықтым!.. – дедім.
– Ал… қалай екен?
– Старик, ты молодец! – дедім. Оған тұңғыш рет орысша тіл қатып. Тұңғыш рет «ты» деп. «Старик» рахаттана күлді.
– Жарайды, Алматыға барғасын сөйлеселік!!! Алматыға келгесін қысқа айттық:
– Кейбір сценалар, әсіресе, Еламанның қолын байлап, кеше бұның шаңырағын бұзған Тәңірберген сұмның алдына алып келетін жері бар емес пе, және, сол үйде Тәңірберген сұммен тұтқын Еламан және Ақбала үшеуінің жүздесетін жері бар емес пе!!! Құрсын, адам баласының басына бермесін, бұндайды!!! Бұл – Шекспирлер шарлаған шарықтау ғой… Высшый пилотаж!!!».
Содан кейін, финалда Ақбалаға жасаған қиянаты үшін асып-тасқан Тәңірбергеннің басына Аллатағала түсірген зауал бар емес пе!!? Бұл жерде де, астапыралла, жағаңды ұстайсың… Адам баласы көретін қасірет дегеннің де шегі болмайды екен-ау деп!!! Бұлайша шарықтау әлем әдебиетінде саусақпен санарлықтай ғана суреткердің қолынан келген! Әйгілі француз Луи Арагон сондықтан да былай деген екен:
«В некотором роде роман, «Сумерки» напоминает колодец с горькой водой. Таких увлекательных и глубоких книг, как роман «Сумерки» Нурпеисова, в последное время было мало. «Сумерки» можно сравнить с самыми большимы произведениями современной литературы, будь то американская, французская или же другая».
Содан бұл роман әлемнің 35 тіліне аударылды. Содан қазақтың Нұрпейісові, әлемнің Әбдіжәміліне айналды. СССР атты алып империя оған «Қан мен тер» үшің өзінің ең жоғары Мемлекеттік сыйлығын берді. Мына қысқа сөзімізде біз әлемнің 35 тілінде сөйлеген бұл роман туралы жазылған пікірлерді санап шыға алмаймыз. Ол жәйлі Герольд Бельгер қысқаша қорытқан:
«Франция, Германия, Бельгия, Испания, Болгария, Словакия, Америка, Қытай, Ресей қаламгерлерінің пікірлері бір жерде тоғысады. Әбдіжәміл Нұрпейісов ірі суреткер, мэтр, әлем әдебиетіндегі елеулі құбылыс!».
Сөйтіп, Компартия қазақ жазушысын төбесіне көтерді. Енді одан коммунизм құрылысшылары туралы роман жазуды күтті. Яғни, алғыс күтті. Жазып жатырмын деді Әбекең. Коммунизм құрып жатқан Арал балықшылары туралы екі томдық роман жазып жатырмын деді. Компартия мәз болды. Екі томдық алғыс естимін деп. Әбекең «Соңғы парызды» шығарды. Бұл Компартияға айтылған екі томдық алғыс емес, екі томдық қарғыс болып шықты. Компартия Әбекеңнің төбесіне әңгіртаяқ ойнатпақ боп дүрсе қоя берді. Бірақ омақаса құлады. Сол құлағаннан мол құлады, тұрмады. Әбекең партбилетін жыртып қоқыс жәшікке тастады. Әбекең мен Компартия кикілжіңі осылай аяқталды.
Солай құрметті ағайын!
Әбдіжәміл Нұрпейісов қазақ үшін ұлы жазушысы ғана емес, ол сондай-ақ халқы үшін отқа да, суға да түсе білген жалаңтөс баһадүр жазушы. Еске алайық!.. Кешегі 1986 жылғы желтоқсанда қазақ деген халық бар екенін, оның ұлттық намысы бар екенін ұмытқан Горбачев Қазақстанды басқаруға қайдағы бір Колбинді жіберді. Алматыда Кремль күтпеген көтеріліс бұрқ етті. Горбачев пен Колбин қазақ жастарын қанға бөктірді. Бұл бүкіл қазақтың ашу-ызасын тудырды. Кремль күллі қазақты ұлтшыл деп қара есекке теріс міңгізді. Осы қиянатқа қарсы 1989 жылдың 17 қаңтарында Мәскеуде өткен бүкілодақтық жазушылар пленумында Әбенің ащы айқайы шықты. Қайсар жазушы сонда Қазақстанды басқарып отырған Колбинге «временщик» деген кісі өлтірерлік баға берді. Сырттан келген «временщик» басшылардың Қазақстанға жасаған қиянаттарын тізіп шықты. Әбекеңнің осы айқайынан кейін 4 ай өтпей Колбин қызметінен алынды.
Тоқсаныншы жылдары Кеңес Одағы атты империя күңіреніп құларда төңірегін жалмағысы, жұтқысы келді. Алып империя ауызын алдымен Қазақстанға салды. «Известия» газетінде ұлыдержавашыл Солженицын 1990 жылы «Как нам обустроить Россию» атты мақала жариялады. Қазақстанды «подбрюшие России» деп, орыс жері деп солтүстік облыстарымызға ауыз салды. Басқа батырларымыз бұғып қалғанда, Қазақстанды қорғап айқай салып тағы да Әбекең шықты. Дәл сол «Известия» бетінде «Чужая и своя боль» атты мақала жариялап ұлыдержавашыл Солдженицинге сылқита соққы берді!.. Күрескер жазушы 1897 жылғы санақта славияндар үлесі Солтүстік Қазақстанда 17 процент болғанын көлденең тартып Солженицннің телпегін теріс айналдырып жіберді. Сөйтіп, Бүкілодақтық қырғын айтыста қазақ жерін қорғап қалды.
Бірақ, қазақ жазушысының алақаны қышып шындап сабағысы келіп жүрген адамы ол емес еді. Сабағысы келіп жүрген адамы анау-мынау емес Кремльдің қожайыны Горбачевтің өзі еді. Сол көктен тілегенін Құдайтағала жерден берді. Қаңғалақтап жүріп Горбачев Алматыға келе қалды. Бұл 1991 жыл 28 мамыр. Республика активін жинап Горбачев дәл осы театр төрінде отырды. Бұ кезде әлемге әйгілі Әбекең дәл осы трибунаға шығып «Глубоко Уважаемый Михаил Сергеевич!» деп сөз бастады. Горбачев бұдан бір жылы сөз күткендей жымиып бұрылды. Бірақ қазақ жазушысы салғаннан сойыл сілтей бастады. Сын сойылдан Генсектің түсі бұзылып, бұғып қолындағы көлдей «Правданың» тасасына тығылды. Қолға түскен Генсекке Әбекең сөйтіп, армансыз шүйлікті!.. 70 жыл ұдай Қызыл режимнен көрген қазақ қиянатып топтап салмақтап Бас хатшының бетіне бір-ақ ұрды. Сөйтіп, айдай әлем алдында, бет қаратпай Бас хатшыны сабаған, Әбеке, сізде арман жоқ!
Әбеке! Сіздің ұлтты қорғап ұлық мінберлерде үн қатуыңыз жалғыз бұл емес. Сіз өзіңіз құрған жазушылардың халықаралық ПЕН-клубының президенті ретінде 20 жыл ұдай талай дүниежүзілік додаларға түстіңіз! Ел мен жер, тіл мен сөзді қорғадыңыз! Сіз осы жасқа келгенше Ұлы Даланың ұлы екеніңізді бір сәтке де болса ұмытпадыңыз! Халқыңызды сүйдіңіз! Өмір бойы шұқшиып ақ қағаз бетінде қазақ бейнесін кестеледіңіз! Өз халқыңызға сөз жауһарларынан мәңгілік монумент орнаттыңыз! Ұлтқа қызмет етудің осылайша ұлы үлгісін көрсеттіңіз!!! Әбеке Сізде арман жоқ! Ұлық жасыңыз құтты болсын, ұстаз!!!

Пікір қалдыру