ТІРІ ЖЕСІР

Сәуле ДОСЖАНОВА

 Хикаят

1

Көз байлана бере шалқайып ашық тұрған есіктен жас келіншек ішке қарай алқын-жұлқынып шығып аттады. Мойнына ораған алқызыл жібек шәлісінің салпылдаған бір ұшы   тұтқаға орала кетіп, сыпырылып түсті. Оған қарайтын жан қайда?! Аяғындағы «қайық» деп аталатын қызғыл түсті жеңіл топылайын екі жаққа ұшырып төрге озды. Алқынып жеткеннің алдынан шыққан жан болмады. Үйде өлі тыныштық. Ашық тұрған терезенің жібек пердесі ғана желмен тербеледі. Құлаққа ұрған танадай мына үнсіздік ашу буып келген келіншектің қанын одан әрі сапырды.

Келген үй – төркіні болатын. Сондықтан дауысын қатты шығарып:

– Апа! Қайдасың!, – деп айқай салды.

Оң жақ бүйірдегі есіктен шыға келген алжапқыш байлаған, бұйралаған шашы басына қозының терісін қаптап алғандай, алақан көз  кейуана:

– Біссімілдә! Гүлдерай! Не болды сонша аттандап, әкең демалып жатыр, – деді. Үнінен қызының мына жүрісін жаратпай, қарасынан ағы басым ала көзін төңкере қарап, тыныштықтарын бұзатындай хабар әкелгенін жүрегі сезді.

Амандасу керегі есіне түскендей қызы:

– Қалайсыңдар? – деді де ұстап келген қолсөмкесін кіреберістегі киімілгіштің сөресіне лақтыра салды.

– Не қалайы бар, жақсымыз? – деп шешесі асханаға қайта кіріп кетті. Қызы соңынан есігін жаба ілесті. Ортадағы ас үстелінің үсті толған ыдысқа салынған өрік пен шие. Шамасы тосап қайнатылып жатыр. Газ плитаның астындағы булағышта  банкалар тізіліп булануда. Онсызда  ыстық бөлменің есігін жауып алғанды жақтырмаған анасы:

– Ашшы әрі! Не болды? – деді қызына алая қарап.

– Болары болды! – қолын есіктің тұтқасынан босатқан қызы орындыққа жібек көйлектің етегін желп еткізіп, жалп етіп отыра кетті. Кейуана бір қолына шөмішін, екінші қолына ыдыстың қақпағын ұстаған қалпы әлі қызына қарап тұр. Түсіп қалған қасының үстін қара бояумен баттастыра сызыпты. Ол таңданыстан сәл көтеріліп тұр.

–  Болды апа! Қызың тірі жесір болды!

– Тірі жесірі несі? Жұлынбай жөндеп айтшы…

– Тірі жесір дегенді естіп па едің?! – анасына енді қызы алая қарады. Бірақ оның жіпсік көзі қанша ашса да кеңеймеді. Тек өңменіңнен өтетіндей ызғармен анасының жанарымен барып шағылысты. Көзі тайқып барып, үстел үстіндегі ыбырсып жатқан ыдыс-аяққа тоқтады. Кейуана қозы басының арасына бес саусақты салып жіберіп, бір қасынды да, орындығына қайта жайғасты:

– Құдай сақтасын! Тірі жесір! Ондай сөзді естімеппін. Кім айтып жүр? – деп перзентінің сауалына сауалмен жауап қатты. Анасының мына бейқамдығына күйіп кеткен ақ борықтай келіншек алдындағы табақтағы өріктен біреуінің ұрығын шығарып, қоқыс шелекке лақтырды да бүтіндей аузына тығып жіберді. Аз-кем үнсіз отырып, шайнаңдап барып тамағына әрі қарай жылжытып жіберіп қайтадан тілге келді.

– Тірі жесір деген мына мен! Он бес жыл бойы сенің «Шыда! Шыда! Түбі ана үш қабат үй саған қалады. Жүрмейтін еркек жоқ, қайтып келеді! – дегеніңе сеніп енді міне тақырға отырдым, бай да жоқ, баспана да жоқ!, – деп еңірей жөнелді.

Үнсіз тыңдап отырған кейуана мына жаңалықтан шошып, ұрығын аршып отырған табақтағы өрікті итере салып, ыстықтан албырап тұрған беті одан әрі қызара қызына шүйлікті. Дауысы қандай ащы еді, шіркіннің!

– Әй, қыз! Байыңнан айрылсаң оны менен көрме! Сол үйге барғаннан ана өгей шешесімен алыстың. Нең бар еді, атынан жұрт үркетін шалын тыпыр еткізбей отырған қатында. Бес қыз тұрмақ елу қыз тапсада нең бар еді. Бара салып бір ұл таптың да масайрап, “менің балам мұрагер!” деп бақыттан басың айналып, байқұс әйелге күн көрсетпей қойдың. Күйеуің астынан ши жүгіртіп үйден сені айдап салады, сен ақымақ барып оны табалап, қанын тасытатынсың. Сорлы әйел қанша жылады. Соның көз жасы шығар сендерді ұрған.

– Не, апа, енді сен мені табалап отырсыңба?

– Табалап отырған жоқпын, көргенімді айтып отырмын. Өзіңе де обал жоқ, байыңның айтқанына еріп, сол қатынмен арпалыстың. Енді міне сол күн өз басыңа келіп отыр. Артты қыссаң, бай болар едің. Енді келіп менен көреді ғой, о, несі-ей! – деп сөзін кейіп аяқтады.

Асхананың есігі ақырын ғана ашылып бір уыс бетін әжім басқан, селдіреп кеткен ақ шашы сопақ бастың төбесінде ғана жалбыраған, арық қара шал аттады. Қырылдаған үнмен:

– Гүлә! Сен бе келген, шешең кіммен даудырласып жатыр десем, – деп екі иығы қушиып, имеңдей басып терезе жаққа өтті. Құдды бірнәрсеге кінәлі болған жанның мүсәпір кейіпі.

– Әй, желді жаппай былай өтші!, – деп бәйбішесі бір қолымен шалын  сермеп, екінші қолымен есікті шалқайта ашты.

Әкесін көрген қыз жасаураған көзін алдындағы асханалық орамалмен сүртіп:

– Мен ғой, папа. Қалайсыз!, – деп амандасқанның ырымын жасады. Перзентінің боталаған жанарын байқаса да, сұрақ қойса басына бәле тауып алатындай болып, сескенгендей:

– Отырмыз! Мына шілденің шіліңгір ыстығы қанды кептіріп барады ғой тегі. Бесінде бір көз шырымын алмасаң, басың айналып, тәлтіректеп қаласың, – деді еркек қалақтай басын қайта-қайта шайқап. Үстелдің үстіндегі шыны құмырада тұрған судан кесеге құйып алып, басына көтере сімірді. «Үһ» деп жан шақырғандай болды да, қызы мен қатынының қабағына жәутеңдей қарап, бірдеңе сұрауға батылы бармай, аяғын санап басып шығып кетті.

Аналы балалы екеуі еркек кіргенде сап тоқтата қойған әңгімелерін ары қарай жалғастыра жөнелді.

– Гүлә! Сен қырсықпай, маған жағдайыңды былай жөндеп түсіндірші, – деді анасы дегенмен баласына жаны ашып. Ерегескеннен ештеңе таппасын білген қызы да енді:

– Апа, ол әлгі  Қарагөз бәлесіне біржолата кетіп қалды, – деп жөндемге келді.

– Баяғыда айттым, тағы бір-екі баланы топылдат деп, тыңдамадың. Магистр болам деп үш жыл, доктор болам деп бес жыл жоғалттың…

– И-и, апа-ай, менсоны тумайын деді дейсің ба?! Жетіскенімнен оқу қуып кетті дейсің ба?!  Шыңғысты туғаннан кейін-ақ, жатын бөлмеге жоламай қойды емес пе, мен бала таппасын деп. Баланы күлге аунап табам ба?, – деп ащы запыранын төккен қызы он бес жылдан бергі ашпаған сырын он бес сөзбен ақтарып салды.

Басындағы қозының жүніндей бұйраланған шашының әр талы жазылып кеткендей болған кейуана үстіндегі биттің қабығындай желеңін ауырсынып, ауа жетпегендей алақтап қызына қарап:

– Сен сонша жылдан бері ол сұмпайының әрекетін неге маған айтпай келгенсің? – деді.

– Ұят емес пе, қалай айтам. Байым қойныма жатпайды деп кімге шағынам. Талай түндерді жылап өткізіп, білім қуған болып шет елге кетіп қаңғып жүрдім ғой, – алдындағыдай емес, келіншектің дауысы баяулап, тағдырының салғанын мойындағандай момақан бола қалды. Перзентінің мына мүшкіл халін көрген анасының жаны ышқынып:

– О, зәлім! О заманда, бұ заман жап-жас келіншегінің жанына жатпай, бала таптырмаудың жолын жасаған сұмпайыны көргенім де, естігенім де осы. Сұмырай! Мұндай бәле қалай басына келеді десеңші. Бала таптырмау үшін сақтанады емес пе, – деп күйіп-піскен әйел тарс еткізіп, тегенедегі қантқа араластырған өрігін оттың үстіне қойды. Қызы әлі ішіндегі құсасын ақтарып отыр.

– Ол менің сақтанбайтынымды біледі. Маған бала керек дегенмін. Содан кейін-ақ, бала керек болса туып ал деп ерегесті. Мені әдейі төсек үшін біреумен жүріп кетсе екен деп істеп жүргені.

– Ойпырмай, мынаның залымын ай-ә! – Әйел күйеубаласына тісін қайрады. Бір кезде таңырқап:

– Гүлә! Сен мына тірі жесір деген сөзді қайдан естіп жүрсің? – деді.

– Апа, жесірдің күйеуі өліп қалады. Тірі күйеуі не ажырасып кетпей, не өлмей, не үйіне түнемей жүрсе, оның әйелі тірі жесір болмай, кім болады? Шартты түрде айтқаным ғой…

– Құдай жазасын берсін, ұрмай-соқпай, азаптау деген осы шығар, –  қыз анасы әлі бұрқылдап отыр.

– Соның тілін қалай тапсам деп, соның айтағымен өгей шешесіне бекерден-бекер тиісетінмін. Ал, әкесі мен өгей шешесі баласының жасап отырғанын білмейді, менен келген пәле деп, мені жек көретін. Сонда да оны жамандамай, барлық күнәні өз мойныма алып жүрдім.Өгей шешесі тапқан қарындастарына да қарадай тиісіп, неше түрлі өсек тарататынмын, –  мұрны пышылдаған қызы да тоқтай алар емес.

– Сорлы балам-ай, солардың көз жасы шығар сені бүгін сенделтіп отырған, – деді де шешесі есеңгіреп, ебіл-дебіл жылап отырған қызын кең құшағына орап алып, бетінен, көзінен сүйе бастады. Ерні тиген жерлерден көз жасы мен тердің ащы дәмі келіп, таңдайына жетті. Перзентінің жан жарасының қандай ащы екенін енді түсініп жатқандай еді. Сол сәтте булағышқа салған банкілердің біреуі тарс ете түсті. Тура қасіретті келіншектің ішіндегі жылдар бойығы өскен бітеу жарасының аузы жарылып кеткендей болды.

– Ойбу, банкім сынып кетті! – деген кейуана баласын тастай сала булағышқа қарай ұмтылды. Маңайында не болып жатқанына мән беруге шамасы жоқ келіншек көзі бақырайып плитаның астына қарады.

– Құрсын, садақа! – деді де әйел сынған банкісін қоқыс шелекке лақтырды. Қалғанын бір-бірден шығарып шетке қойды. Осы сәтті пайдаланып:

– Басқа әйелі бар деуші едің ғой, сонысымен рақаттанып жүрген шығар, – деп көптен көңіл түпкірінде тығылып жатқанын да сұрады. Гүлдерайдың баяғыда бұл мәселе жанды жері болатын. Анасы сол жаққа қарай әңгіме бастаса-ақ, ат тонын ала қашып, тулай жөнелетін.Бүгін бір ақтарылайын деп келсе керек,

– Апа, мен сендерге айтпай жүр едім, онысы да бір ұл тауып алған.

– Не дейт? – деп шешесі шошып кетті  – неғып айтпай жүрсің?

– Айтқанда қайтем, оған сендердің күштерің жете ме, мойындатуға…

– Ең болмаса тәк деп қояр едік те…

– Ол сендер тұрмақ әкесін адам екен демейді. О шал да басқа әйелден баласы барын біледі. Тұқымың өсе берсін деп қуаныпты. Баяғыда түнде келмейді, десем ештеңе емес, айналып қазығын табады деп қоймай қойып едің ғой, – деп қызы өкпелеп алды.Шешесіне кейде күйеуінің жігіттік жүрісінің көбін айтып шағына бастаса:

– Қой, қызмет істеген еркекке әркім жабыса береді. Солардың бірі болар. Аттандамай тыныш отыр, ана зәулім сарайдан айырыласың. Басыңда үйің, қойныңда байың, баурыңда балаң. Жолдан жабысқан жолбикелермен жағаласып қайтесің. Тағы бір бала тап одан да! – деп қоймайтын. Сол шыдамға шақырғанының соңы өздеріне сор болғанға ұқсайды. Шешесінің бір сұмдықтың болғанын сезген жүрегі зуылдап, іші жидігендей болды.

– Сонымен немене, үйден кетіп тынды ма? – деп бағанағыдай емес, үні бәсеңси сұрады.

– Өзі кетіп қалса жақсы еді ғой, маған бүгін үлкен үйді босат, ұл екеуіңе екі бөлмелі пәтер алып қойдым, сонда көш деді.

– Не дейт? – Әйелдің көзі атыздай болып, оған қоса төбе шашындағы бұйралары жазыла кеткендей қызына қарады.

– Сөйтті. «Мына үй жиырма жылға аяқ басты күрделі жөндеуден өтпеді, жөндетем. Көшіңдер!» – деді.  Оның аяғы белгілі, жөндетіп ана Қарагөзімен көшіп келмекші – деген келіншек аһ ұрғанда, аузынан жалын шыққандай болды.

– Мен бір бөлмеде отыра берем, ремонтты жасай беріңдер демедің бе.

– Оған коттедж керек болып тұр ғой.

– Бермеймін, он бес жылдан бері осында отырмын де.

– Оны мен келгенге дейін әкесі салдырып берген. Сол шалдың атында, таласа алмаймын. Мен кірмемін. Далада қалдырмай пәтер алып беріп отырғаны сол ғой.

– Шынымен бай да жоқ, баспана да жоқ болдың ба?

– Баламды да алып қалам деді, шу шығарсаң.

– Сен о жалмауызға не істеп қойдың, осынша қорлайтындай?

– Ештеңе де. Тек дүниесінің қарауылы болдым он бес жыл. Апа, ол мені сүймейді! – Гүлдерай соңғы сөзді екпінмен айтты да, жылап жіберді.

– Қызыңызды сүйем деп алдымызға әкесі мен өгей шешесін жіберіп-ақ, қыздай алып еді ғой сені. Бұл не басыну, ойбай!

 

2

Гүлдерай Талаппен қосылғалы  жылдардың қалай зымырап жатқанын да білмеді.

Шыңғысы мектеп табалдырығын аттады. Күйеуі басында тек бөлек бөлмеге жатып алушы еді, кейіннен үйге келмейтінді шығарды. Ұрмайды, соқпайды, кет деп қуаламайды. Осы үш қабат зәулім үй мен ұлының күзетшісі, үй қызметкері сияқты болып қала берді. Өздігінен «мені әйелің деп есептемесең кетем!» – деп айта алмайды. Күйеуіне бірде :

– Екеуміз қосылғалы он жыл болды, тағы бала туғым келеді. Шыңғыс жалғыз болып қалатын шығар, – деп еді,

– Гүлдерай, маған баланың керегі жоқ! Саған керек болса осы үйден кет те, туып ал. Шыңғыс жалғыз болмайды. Сен білесің менің тұрып жатқан әйелімнен тағы ұлым бар. Сен заңды әйелімсің. Тұрам десең – үйің осы, балаң – әне! Кетем десең жолың – анау! Докторлығыңды қорға, қарсы емеспін. Қызметіңді істе! – деді.

– Менің нағыз әйел болғым келеді! Жарымды құшақтап жатып, өсіп-өнгім келеді! – деп бажылдап жылай бастап еді, жанына келіп өңменінен өтердей көзбен қарап, білегінен қысып тұрып:

– Немене әйел емеспісің? Заңды күйеуің бар, ұлың бар, баспанаң бар. Астыңда көлігің бар. Мен сені ұрдым ба? Үйден қуаладым ба? Мені көкбеттеніп жеңем деме. Жыным ұстаса, артыңа бірақ тебем де, баланы тартып алам. Жындыханаға қалай түскеніңді білмей қаласың! – деді. Гүлдерай мына сөздерден үрейі ұшып, заңды күйеуге  шынында не кінә тағарын білмей, жерге қарап тұрып, басын шайқады.

– Енді немене? Өлтірсе де қойныңа жатпаймын. Жатпады деп кетсең, жолың ашық! – деді де кекірейген күйеу әдеттегісіндей заттарын жинастырып алып, қош демей шығып кетті.

Бұл қайтсін… әдеттегісіндей жалғыздықта жылап алып, мектептен баласын әкелуге шықты. «Баланы алып қалам!» – дейді ғой, мен бере салатындай. Заң бойынша ананы баладан ажыратпайды. Кетсем, баламды ала кетем! Маған дүниесін қорытып қойып, жүр өзі шалқып», – деп жол бойы өзімен-өзі сөйлеп, біраз бұрқылдады. Аздан соң есін жиып:

«Кеткенде қайда барам? Басымда баспанам жоқ. Әке-шешем өзі әрең күн көріп жүр. Оның қолында ажырасып келген сіңлім екі баламен отыр. Бұдан кетсем, докторлығым да жайына қалады» – деп артын ойлап, сабырға келді.

Зәулім үйді күйеуі бұл келгенге дейін салыпты. Сондықтан ажырасып жатса, бұрау да тимейтіні белгілі. Балаға бірдеңе бұйыра ма дейтін еді, оны алып қалам деп жатыр. «Ол бәленің тамыр-танысы көп, жындыханаға тыға салу оған түкке тұрмайды. Одан да осы үйде тыныш қана, баламды бағып, докторлығымды қорғап, бөрі аштығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтар болып жүре бергенім дұрыс» – деп шешті.

Айлап түгілі жылдап жыныс қатынасы болмады.

Әйел қанша жерден шыдамды десек те бір жыл, екі жыл, үш жыл, тіпті, кейде одан да көп шыдауы мүмкін. Бірақ шыдамның да шегі бар. Әйел еркегінің көзіне шөп салуға, ең сонында, амалы жоқтықтан барады. Гүлдерайдың  күйеуі әйелдік әлсіздігі бір болып қалар, соны пайдаланып қуып жіберем деп жүр ме, аңдысып жүрген жау сияқты. Бірақ, қанша кінә тағайын десе де, түк таппайды. Есіне түскенде үйіне келіп дүниесін түгендейді. Бәрі орнында. Күдікті ешнәрсе жоқ. Үйдің коммуналдық шығынынан басқа не балаға, не өзіне деп қолына бір теңге бермейді. Жұмыстағыларға, кейбір ағайындарға көз қылып заңды әйелін жылына бір рет шақырған жерге алып барады, баласымен. Ұлы өскен сайын әкесімен бірге жүргісі келеді, сол үшін мерекелерде мейрамханаға апарып қоятыны да бар. Отбасы болып бірге демалысқа бару деген өмірі болған емес. Онадайды бұл шаңырақтың жандары білмейтін сияқты. Ауызға алып, сөз етпейді де.

Гүлдерай келін боп түскелі күрделі жөндеуден өтпеген үй тозып кеткен. Бөлмелердің қабырғаларында баласының суреттен алғашқы шығармашылық жетістіктері сақталған. Тек жарылған құбыр, бітелген септикке ғана қаржы береді жамауға. Байғұс әйел бюджеттен алатын азғантай айлығымен ас-ауқатын ажыратып, баласының керек-жарағын түгендейді. Күйеуі баяғыда өзінен қалған бір ескі көлігін берген, үйреніп ал, баланы бақшаға тасыйсың деп, өз мазасын алмасын деді ме.  Ол да салдырап қалды. Жамап-жасқап, мініп жүр.

«Бұл не деген жаны сірі, итжанды бәле! Ажырасайын десем, алдында бір қатынды жібергем. Тағы елдің өсегіне қалам. Қызметтестер де аңдып отыр. Көзіме шөп салды дегенді сылтау етейін  десем, дәлел-дәйегім жоқ. Қайтіп құтыламын!» – деп еркегі жүр ішінен итқұса болып.

Ал, сорлы әйел сол шаңырақтың күзетшісі сияқты. Басқа түссе баспақшыл деп, көндігіп, оның келетін күніне киімдерін тазалап, тамағын әзірлеп күтіп отырады. Сол хабарласып қала ма деп күні-түні аңдығаны ақ телефон. Зәуде бір шаруа айтып хабарлама жіберсе, төбесі көкке жетіп қуанады, іздеушісі бардай. «Жаным сол, ауладағы шөпті орғыз депті ғой, бүгін Жағыпарға айтып тез орындатайын. Келіп қалса көзіне көк шөп ормандай болып көрінер – деп сөйлей жүріп, бағбанды тауып, оған қожайынның қатыны болып мінез көрсетеді.

– Жағыппар, мына ауланы шөп басып кеткенін неге өзің көрмейсің? Ертең іс-сапардан қожайының келеді. Сонда не дейсің? Саған не үшін айлық төлеп жүрміз? –  деп ауланың түпкіріндегі қоржын тамда отбасымен тұратындарға жетіп барып шәңкілдейді. Айлықты өзі қалтасынан шығаратындай. Бағбанның еңбегін байы жұмысымнан бірдеңе етіп реттеп төлеймін деген. Соны  есіне алып, айлық төлейтінін айтып міндетсіген түрі.

Ауылдан күнкөріс үшін көшіп келіп, қаланы жағалаған Жағыпар әйелі екеуі осы үйді паналаған. Үйемелі-сүйемелі ұлы мен қызы жақын жердегі мектепке барады. Еркегі ескі көлігімен таксилетіп нан табады, әйелі қожайынның үйін тазалайды. Бес жылдан астам тұрғалы үш қабатты кірпіш үйге мына шәңкілдек әйел мен жалғыз ұлынан басқа кіріп-шыққан пенде көрмейді. Жасы елуге тақаған месқарын қара еркек осы үйдің иесі, екі-үш айда бір төбе көрсетіп кетеді.  «Оны іс-сапарда деп әлдеқандай болады ғой! Білеміз қандай сапарда екенін. Үй күзеткен сарқанден», – деп мыңқылдап жүріп ауланың шөбін орады. Ағаштарын суарады.

Өткенде келіншегі Жанар қожайындарының киімдерін (әйел мен баласының ғана) үтектеп жатып бір жібек көйлегінің етегін күйгізіп алыпты. Даудың басы содан басталды. Кешке қарай көлігін қойып, үйге кіргені сол еді босағадағы ескі орындықта жылап отырған әйелін көрді. Ой деген көк дөнен жүйрік қой, елдегі қарттарынан жайсыз хабар келіп қалды ма деп зәресі ұшқан ол:

– Жанар, тыныштық па? – деп көңілі алабұртып тозығы жеткен шарқайын аяғынан әрең шығарды.

– Гүлдерайдың көйлегін күйгізіп алдым, и-и-и… – деп алдына алып әлпештеп отырған сары көйлектің ыстықтан жиырылып қалған етегін көрсетті.

– О, Құдай! Сол ма? Мен ауылдан жаман хабар алды ма деп қорыққаным-шы… – деп төрге озып бара жатыр еді,

– Енді бізді осы үйден қуып шығатын шығар… – деп әйелі қайта ыңылдады.

– Әй, қой енді, тастайтын аспаны болса тастап жіберсінші сол сар қанденнің заржақ үнінен шаршадым, – деді де төркөрпенің шетіндегі мылжа-мылжасы шыққан пүліш жастықты қолтығына қысып домалай кетті.

Жанар әлі отыр, қозғалатын емес, көйлекке жабысып қалғандай.

– Әй, балалар қайда! – деді еркегі, үй ішіндегі тыныштыққа таңданғандай жан-жағын шолып бір кезде. Мұрны пышылдап отырған келіншегі:

– Қайнаға алып кеткен, демалыста үйлерінде болсын деп…

– Жақсы бопты, жеңешемнің паркінде ойнап қайтсын, – деді де ас әзір болғанша көз ілдірмекке қисайды. «Қайнаға», – дегендері өзімен тетелес ағасы, осы қалада пәтер жалдап тұрады. «Жеңешесінің паркі», – дегені сол ағасының әйелі «Жерұйық»,- деген саябақта қара жұмысшы. Саябақтың ортасында балаларға арналған неше түрлі ойындар атракционы бар, балалары соған құмар. Ағасының ұлдарына қосылып сонда барып ойнап қайтады мейрамдар мен демалыс күндері.

«Мына үш қабат үйде «сарқанден» ұлымен ғана тұрады, біз бір атадан екі ұл, бір қыз әрқайсымыздың отбасымызда төрт-бес жаннан бар, пәтер жалдап көшіп-қонып жүрміз. Мұның мес қарын байы тағы бір қатынымен қаланың сыртында жерүйде тұрады. Бір шаруамен апарғанда көрген. Бұрынғы шығарған әйелі Қарағандыда екі баламен көрінеді. Ол да үйлі-жайлы. Ол балаларына да қарасады. Осы жұрт ақша туып жатыр ма, қалай шалқып өмір сүреді. Біздің жүріс мынау ата-бабадан қалған жерде шалқымақ тұрмақ бас сұғар тесік жоқ…

«Қонағы жоқ қараша үйден, құлазыған түз жақсы», – деген Қорқыт атадан сөз қалыпты. Сол айтқандай құлазыған түзден жаман үйге қарап жаны шошып жатып көзі ілініп кетті Жағыпардың.

Жанар күйген көйлекті не істерін білмей, біресе терезенің алдына, біресе киім ілгіштің жанына қойып әбігер болды. «Енді қайттім… не деп айтам…», – деп қаралы хабар естіртетіннен жаман аласұрып жүр. Бір кезде есіне күйеуіне тамақ беру керек екені түсті де ас бөлмеге барып, тіршілігіне айналып көйлектен көңілі бөлінді.

Жібек көйлектің жыры ертесі тағы жалғасты бәрібір.

Таңертең қажәйкесі Гүлдерай бірдеңені білгендей қабақ түйе, әлденеге ренжіп жүргендей салқын қарсы алды. Бір-біріне амандықтың ырымын жасасты. Жанар желім қалтаға салып келген жібек көйлекті бірден айтуға батпай кіреберістегі киім ілгіштің тартпасына байқатпай сұға салды. Аяғына өзіне ғана тиесілі шәркейін іліп, жуынатын бөлмеге тартты. Онда еден жуатын шелегі, шүберектері мен суға қосатын түрлі жуғыш сұйықтықтары бар. Еденді швабра деген таяқпен жууға рұқсат етпейді.  «Ерінбей, еңкейіп қолмен жуу. Әйтпесе дұрыс жуылмайды. Сатал-саталы шығып жатқан еденді көргім келмейді», – деп тапсырыс берілген әу баста. Бұйрық қатты, жан тәтті дегендей содан бері Жанар үш қабат үйдің еденін етегін түрініп алып, тоңқаңдап жүріп жуып шығады. «Шынында сол еденнен жүріп жатқан қонақ болсашы. Ең болмаса Гүлдерайдың қызметтес құрбылары, не ұлының сыныптас достары келіп жатса ғой.  Байының өзі тоқсанында бір келіп, тексеріп кетеді. Бейшарада төркін дейтін төркін де жоқ. Қаланың сыртында әке-шешсі тұрады, өзі баласын алып айына бір барып қайтады. Әке-шешесінің мұнда келгенін көрген емеспін.» – деп іші толып қалған Жанар өз абысынына мұңын шағып қоятын. Осындай кірпияз әйелге күйген көйлекті қалай айтарын білмей, етегіне сүрініп су төгіп жатқанда Гүлдерай  желке тұсынан жетіп келді.

– Жанар, кеше киім өтектеп жатыр едің, менің сары жапырақтары бар көйлегімді қайда ілдің? – деп.  Жанардың аяқ-қолы дірілдеп, қолындағы шелекті даңғыр еткізіп ваннаның ішіне құлатып алды.

–  Дұрыстап ұстасаңшы шелектің құлағын, ваннаның сырын көшіресің ғой! – деп баж ете түсті. Жанар күйбеңдеп жүріп шелекті орнына қойып, ваннадан шығып:

– Сізге көйлегіңізді қазір тауып берем! – деді жоғарғы қабатқа көтеріліп бара жатқан қажейкесіне дауыстап.

Жүгіріп барып, бағанағы тартпаға тыға салған желім дорбаны қолына алып, ішіндегі жібек көйлекті шығарды. Артына тыға ұстап жоғарғы қабатқа беттеді. Іш құрылысы дірілдеп ағаш баспалдақты санамалап басып, көтеріліп келеді.

Гүлдерай жатын бөлмесінде шифонердің заттарын ақтарып тастап, бірдеңе іздеп жатыпты. Жанар жақындап келіп, дауысына діріл араласып:

– Сіз мені кешіріңізші, көйлегіңізді күйдіріп алдым,  – деп екі алақанының ортасына баладай әлдилеп салып жібек көйлекті ұсынды. Гүлдерай бірдеңе іздеп жатқан басын шифонердің ішінен жұлып алып:

– Не дейт! Күйдіргені несі! Қайда қарадың? – деп қорқып тұрған келіншектің қолынан көйлекті жұлып алды да жанталаса айналдыра қарай бастады. Етек жағындағы жиырылып тұрған жерін алақанымен соншалықты аялап ұстап, оқты көзімен үй жинайтын келіншекті жеп қоя жаздап:

– Білесің бе, бұл көйлек қанша тұрады? – деп зіркілдеді. Өзі күнін әрең көріп жүрген әйел қайдан білсін, өмірі көрмеген жібек көйлектің қанша тұратынын. Есі шыққанынан төмен қарап, басын шайқады.

– Сен мұндайдың қәдірін қайдан білесің? Қайта етек жағы ғана күйіпті. Ертең тігіншіге апарамын, жөндетуге. Бағасы қанша болса, соны төлейсің! – деді де шифонердің тартпасынан жылтыр қалта алып соған баппен орап сала бастады.

Тағы бірдеңе деп сөз естімей тұрғанда көзімді құртайын дегендей Жанар бөлмеден шыға жөнелді. Содан «о бәлесіне қанша сұрар екен? Енді қайттім? Ақшаны қайдан табам? Балалар да мектепке ақша керек деп жатыр еді» –  деген сары уайымнан істеген тірлігінің берекесі болмады. Асханада еттің сорпасы тасыды. Сонымен алысып жатқанда жанына тағы Гүлдерай жетті: – Жанар, саған не болып жүр? Жұмысыңа салғырт қарап барасың. Істегің келмей жүрсе айт! – деп дікеңдеп алып барады. Өзі бойы бір қарыс болып алып, даусы шаңқылдап жер жарады.

Жағыпар осыны сарқанден десе, «қой олай деме, аузың қалып алып кетіп, байқамай айтып қаласың. Ұят болады», – деп араша түсіп жүретін. Бұрын да анау-мынауға сөйлей беретін. Үндемей құлағынан өткізе салатын. Мына жібек көйлектің өтеуін төлейтіні жанына батып барады. Үлкен үйдің тіршілігін бітіріп, өз лашығына бет бұрды. Ендігі уайым – көйлекке төлейтін ақшаның жайын күйеуіне қалай айтады. Тамағына тас тірелгендей сол уайым тұрып, жанары боталап табалдырығынан аттады.

Гүлдерай болса, жібек көйлектің өшін кімнен аларын білмей, терезе алдында қақайып лашыққа қарай имеңдеп кетіп бара жатқан әйелдің артынан жек көріп қарап тұрды. Жұдырықпен бір ұрып әйнекті сындырып, сүйретіліп бара жатқан бейшараның желкесінен ұстап алып  қоршаудан сыртқа лақтырып жіберер еді, әттең, қолы қысқа…

3

Міне, өмірі осы!

Таң ата баласын сүйреп мектепке апарып тастайды, одан институтына барады, онда аңдысып қалған әйелдерден мылтықсыз майдан көреді. Санасы сарсаңға түсіп, көңіліне мұң ұялап кафедрадағылармен араласпауға тырысады. Сонда да «Ел құлағы елу» – дегендей мұның отбасылық жағдайын біліп алыпты. «Гүлдерайдың күйеуі басқа әйелге бала таптырып, сонымен бірге тұрады екен. Мынаның сүлесоқ болып жүретіні содан», – деп сыртынан өсектейтін көрінеді. Кешке қарай жалғыз ұлды сүйреп үйге қайтады. Төрт қабырғаны күзетеді. Ары кеткенде есік алдындағы ана «екі құлмен» алысады…

«Осы мен Талапты сүйдім бе? – деп ойлап қоятыны бар кейде дәу төсекте жалғыз күйіп-жанып жатқанда. «Дос та емес… ашына да емес… күйеу де емес…» – сонда ол маған кім?!  Университетті бітіріп, жасы жиырма беске келгенше сені сүйдім, шаңырақ көтерейік деген еркек атаулы болмады. Әлде көз сала бастағандарды өзі көзге ілмеді ме? Оңтүстікте жиырмадан асқан қызды жігіт алып қашпаса, не күйеуге тимесе, кәрі қыз санайды. Анасының соңғы кездергі құлаққағыстарынан кейін, кімге болса да тиіп, көзімді құртам деп сансырапжүргенде, Талап кездесті. Екі қыз тапқан әйелімен заңды түрде ажырасқан. «Шаңырағының шайқалғанына мен кінәлі емеспін, басы бос еркек, қызметі бар. Үй-жайы қандай! Мүмкін менімен бақытты болар» – деген үмітпен, өзі іздеп келіп үйіне кіріп алды.  Шамасы жеткенше қадірлеп, бақытты еткісі-ақ келген. Әулеттерінде ұл жоқ екен, жомарт Алла жарқ еткізіп қошқардай еркек бала берді. Сол ұлды тапты да пейілі бұзылды.

Қайынатасы беделді, ауқатты кісі еді. Үлкен әйелі қайтыс болып алған екінші әйелі ұл туа алмай, бес қыз тауыпты. Енді, Гүлдерай өзінің ұлын әулеттің мұрагері, бай адамның мирасы деп танып, өгей енеге, жазықсыз қыздарға күн көрсетпеуге көшті. Үлкен шаңырақтың табалдырығынан аттаса болды, не олардан біреу отауға келе қалса құйқа тамыры құрысып, реті келсе шап ете түсіп, ұрысып шыға келетінді шығарды. Алдымен, ұлын қырқынан шығарғанша бағысып берейін деген енесін қудалады. Күйеуіне кім біледі ниеті бұзылып, қызғаныштан баламызға жамандық істеп қойса қайтеміз деп санасын улады. Көмекке жіберген қайынсіңлілерін баланы ұстай алмай, жығып алса, бір жері майып болады деп шулады. Кәрі қыз бала таппайды, бала тапса, қоярға жер таппайды деген бабадан қалған сөз шындық екен. Кәріқыздығымен қоса, зәлімдігі қазықтай басының әр тал шашында жатыр деп өгей енесі айтқандай болып шықты.

Шешесі, сіңлісі үшеуінің қызығы – қара домалағы.  Мазақтары – бес қыз туып, өгей ұл мен қара шалдың құлына айналған өгей шеше болатын. Соның қыздары туралы күлкілі әңгіме шығарып, үйлеріне жиған дүниелерінің қандай талғамсыздығын айтып тауыса алмайтын.

Күйеуінің мұрагеріне махаббаты бір жылға ғана жетті. Есіктен кіре қолына алып, шалықтағанын, күлгенін тамашалап отыратын сәттері үзіле бастады. Алғашында жарының неге төсектен суынып жүргенін түсінбеді. Қызмет бабымен іс-сапарым көп дегеніне сеніп, жанына сіңлісін шақырып алып, өз қызығына өзі тоймай, хан сарайдың ханшасындай болып өз-өзінен ісініп жүрді.

Гүлдерай «Әттең, сол кезде емшек сүтімен көтеріп қалғанда ғой….» – деп кейде армандайды. Ұлын екіден асқанша емізіп еді. Бұл баласын бетке ұстап, ұлы жоқтармен жағаласып жүргенде күйеуі Қарагөзді тауып алыпты. Ол да дайын отырған екен, қошқардай ұлды ытқытып шығарыпты.

Қарагөзбен күйеуінің жырын білмей жүре берер ме еді, үйлеріне келіп жүретін сантехник байқамай айтып қалды. «Өткенде Қарагөз жеңгейдің үйіне де дәл осындай ванна қойдық» – деп. «Ол кім?» – деп еді, «Талап көкенің әйелі ше» – деп қарап тұр. «Мен кімімін?» – деді түрі бұзылып. «Сіз туысқаны шығарсыз көкенің, мен сізді танымаймын ғой, бұрын» – деді шикіл сары жігіт. «Мен әйелімін, ұлым бар, Қарагөз жеңге деп біреуді шатастырып тұрсың» – деді. Анау да бір марқасқа екен: «Қарагөз жеңгейдің де емшекте ұлы бар, көкені мен сол үйде көрем ылғи» – деді. Тіпті, осы айтып тұрғаным ұят емес пе деп ыңғайсызданбады да, иығынан бір жүк түскендей болып, рахаттанаары қарай тірлігін жасай берді.

Сантехниктің рахаты мұның жанын шырқыратты. Ол жұмысын бітіргенше шыдамай, екінші қабатқа көтеріліп, күйеуіне телефон шалды. Қара телефонның жаны шықты-ау дегенде Талаптың «әлө!» – деген зор даусын естіді. «Мен ғой, Гүлдерай!» – деді бұл. «Біліп тұрмын. Не бопты сенің даусыңды танымай» – деп кергіді байы. «Қарагөздің қасында жатырмысың?» – деп тергеп келе жатыр еді, дес беретін бай бар ма?! «Әй, сен не сандалып тұрсың?» –  дегенде мына жақтан бұл дереу есін жиды да ары қарай не дерін білмей қалды. Бар тапқаны пысылдап жылады. Онысын арғы жақтағысы білді. Білсе, не бопты! Айылын жияр бай көрінбеді. «Неменеге сораңды ағызып тұрсың? Менің қайда жатқанымда не жұмысың бар, а?!» – деп ақырып жіберді. Мынау тұтқаның бер жағынан селк ете түсті. Үндемей тұра берді. «Неге үнің өшіп қалды. Мені тергейін деп едің болмады ма? Жатырмын Қарагөздің қойнында. Сен тапқан ұлды ол да тауып берді. Қыз тапқан қатынды басынушы едің ғой. Адамды қорлаған қалай екен?!» – дейді, өзі бастап өгей шешесіне айдап салатынын ұмытып. Бұл шыдай алмай, тұтқаны тастай салды. Сантехникті жұмысын аяқтатпай қуып шықты. Баласы қорқады деп те ойламады, үш қабатты басына көтеріп аңырап жылады. Тек дауыс салып аңырады. Сөз айтпады. Кімге айтсын, сөзін төрт қабырғадан басқа ұғар жан жоқ…

Ертесі жексенбі болатын. Ауладағы алабайға тамақ құйып жатқан Жағыппармен туысындай құшақтаса амандасып тұрған байын көрді. «Екіжүзді! Біреудің қанын ішсе, рахат алады. Әшейінде «Малғұн!» – деп жүретін Жағыпарға жабысып қапты ғой!»,- деп сөйлей жүріп есіктің кілтін бұрады да шалқайта ашып тастады.

Асханада шәй қойып жатқанда күйеуі жоғарыға келді. Түк болмағандай, ескі әдетімен:

–  Қалайсыңдар? – деді.

– Жақсымыз – деп дауысын қаттылау шығарды, кешегі өкпесін еске алып. Өкпеге пысықарған жан бар ма.

– Бала қайда? – деді.

– Жоғарыда ұйықтап жатыр…

– Сен немене кеше мені тергеуге ала бастадың? Мені қорқытам деп жүрмісің? – деп сырттан қолын жумай келген қалпымен дастарханға жақындады.

– Білгім келді, шындығын.

– Мен өзім-ақ айтайын. Тағы бір қатыным мен бір ұлым бар. Солармен тұрып жүрмін.

– Біз ше? – деп көзіне тіке қарап еді,

– Сен осы үйге ие болғаныңа риза бол. Бала менікі. Қарсы болсаң, есік әне!  тіпті адам екен демей, сұқ саусағымен есікке көрсетті.

– Талап, неге мені қорлайсың? – деп дауысын шығарып жылап жіберіп еді, күйеуі зәрін төге қарап:

– Өшір үніңді, баланы шошытасың! Мен сені сүйем деген жоқпын. Өзің үйге кіріп алғансың. Ал, мен Қарагөзсіз өмір сүре алмаймын! Оған некенің керегі жоқ. Дүниенің де керегі жоқ! Оған мен аман болсам болды. Ал, сен дүниеқоңызсың! Ана бала үшін ғана ажыраспай жүрмін. Сенде адами қасиет «0»! – деп бас бармағы мен сұқ саусағын түйістіріп, дөңгелек жасап көрсетті.

Сонымен, Гүлдерайдың дәурені өтті…

4

Қатыны үйден құлағына құя берген соң, өгей ұл анасындай  сыйласып жүрген өгей шешеге қырын қарай бастаған. Сөйтіп, жас келін айрандай ұйып отырған шаңырақты ішінен іріте отырып, өз өмірінің де ойранын шығара бастағанын білмеді. Әйелінің айдауымен  көңіліненеге әкемнің тапқаны жалғыз ұл мен жалғыз мұрагерге бұйырмайды деген сұғанақ ой кіріп, әкесін өгейлерден бөліп алудың жолын қарастырды. Мына үш қабат сарайды салып бергені,  астына елде жоқ көлік алып бергені, көлік жуатын орын ашып бергені бәрі аз, ана алты әйел бәрін жалмап жатқандай көріне берді.

Ескі ауруы қозып, ауруханаға түскен әкесінің халін сұрап келген Талап:

– Көке ана бес қыз бен әйеліңіз алтауы алты жақтап миыңызды ашытып жіберіпті ғой. Солардан алсырақ неге демалмайсыз, сізсіз де жандарын бағады ғой. Алты әйелдің шуы оңай ма?! – деп алдымен орталарына шала тастады. Ақсақал ойланып қалғанын байқап:

– Мен сізге қаражат берейін, пәтер жалдап, үй қызметшісін ұстап бөлек шығыңыз. Бизнесіңізді мен-ақ, жүргізіп берем. Сіз тек үйде жатып, телефонмен мәселелерін шешіп отырсаңыз болғаны, – деп тағы бықсытты. Шындығында тоғыз қабат мейманханасына апта сайын кезекпен келіп салықшысы бар, санитарлық-эпидемиологиялық, өрт сөндірушілік, экологиялық, т.б. тексерулерден шаршап жүрген үлкен кісі жалғыз ұлдың жаны ашып отыр деп:

– Қатыныма не деймін? – деді алақандай көзімен таңырқай қарап.

– Ажырасамын, шаршадым деңіз – деді безбүйрек бала беті бүлк етпей.

–  Отыз жыл тұрып па?! Не үшін десе ше?

– Ақылыңыз көп қой, бір сылтау тапсаңызшы… – деп салмақ салып кете барды.

Сол күннен бастап, ақсақалдың ішіне құрт түсті. Ауруханадан шыққандада жан-дүниесін кеміріп жей берді.  Бұл арам ой деген түспесін, түссе қиын екен. Отыз жыл алдын қиып өтпей отасқан жары да, алтындай қыздары да көзіне жат көрініп, өзінің жанжегірлеріндей елестей берді. Күндердің бір күнінде, жат пиғылының құрбаны болған шал бәйбішесіне:

– Мен сені талақ етем! –  деді. Іс тігіп отырған кейуананың қолына тебен шаншылды. Көзілдірігіетегіне түсті. Қолы дірілдеп оны алған байқұс:

– Не үшін? – деп таңырқап қарады ақсақалына.

– Сол, талақ етем де, бөлек кетем. Ұлым маған пәтер жалдап, үй қызметшісін ұстатады. Бәрінен шаршадым. Демалғым келеді! – деді кемпірінің көзіне тіктеп қарай алмаса да, дауысын қатайтып.

– Талақ дегеннің не екенін білесің бе?!

– Қатынды тастап кету, ажырасу! – еркек білгіштігін дәлелдегісі келгендей барылдаған дауысымен жауап берді.

– Сөздігіңізде жоқ  мұндай сөзді кімнен үйреніп жүрсіз? Еркегінің көзіне шөп салған сайқалға талақ айтылады. Отыз жыл отасып, бес бала тапқан менің не жазығым бар, талақ етіп кететіндей? Кеткің келсе, кете бер! Ажырасамыз деп анық айт! Бекерге жала жаппай! – Әшейінде «сіз» деп сызылып тұратын әйелі ажырайып қарап, сенге көшті. Енді:

– Кетем! – деп бағанағыдай емес, арыны басылып қалған еркек бәсеңдеу айтты.

– Біріншіден, мына үйді өзің салдың. Дүниені өзің таптың. Мен кінәлі болсам, неге сол үйден талақ етіп, қуып шықпайсың! Екіншіден, саған балаңның жаны ашып бара жатса ана өзің салып берген үш қабат үйіне алып, келініңе шәй құйғызып бақпай ма! Жалғыздан жалғыз пәтерге шығарып, үй қызметшісін ұстатып беру де мықтылық болып па?! Қатынына сөзі өтсе жалғыз ұлың ғой, бар, әкесін бақсын, қарсы емеспін. Мен де, ана бір жапырақ еттері кем туған өз ұрығың – қыздарың да ұстамайды! – деп ал енді қатыны ашуға мінді дейсің. Жалпы ақсақалдың әйелі көп ашулана бермейтін, жылына бір рет осылай жыны келіп қалғанда қырып кете жаздайтын. Ондайда ақсақал қыздарына:

– Балалар апаңның қара құйыны келіп қалды, қашайық! Американың «Катрина» дауылы қәзір жайпап кетер! – деп әзілдеп, кішкентайларын көтеріп, жетелей аулаға қашатын. Біраз қыдырып келгенше үй-ішіндегі дауыл тоқтайтын. Сол дауыл тұрып келе жатыр еді…

– Енді мен бәрінен шаршадым – деп жуаси қалған күйеуіне әйелі:

– Шаршасаң, зейнетке шық! Бизнесіңді балаларға үйрет, солар айналыссын деп қанша айттым. Болды енді, мен емес сен талақ боласың! Аузыңнан жаман сөз шықты екен, соның шартын орындайсың! Некеміз бүгіннен бастап бұзылды! – деді де сыртқа шыға жөнелді. Ақсақал аузы аңқиып, бар бәлені басына үйіп алып бөлменің ортасындағы орынтақта отырды да қалды.

Әйелі де дәті берік бәле екен, сол күннен бастап, жатын бөлмеге жоламай, астыңғы қабаттағы залдың диванынан шықпай қойды. Үлкен кісі не ол үйден кете алмайды, не әйелімен жөндеп тілдесе алмайды. Қыздарына айтып қойған ба, олар да суық. Басына бәле тауып берген баласы да хабарсыз жоғалды.«Базардан қайтып келе жатқанда нем бар еді баланы тыңдап, бөлек шығам деп, енді жүрісім мынау үй ішінен үй тігіп, отыз жыл отасып сыралғы болған әйеліме қарсы кеп» – деп жаны күйзелді.Үш ай болғанда әйеліне.

– Бәтіш, сен мені кешірші, сенсіз тұра алмайды екем, татуласайық – деп өмірі жасамағанын жасап, ортадағы ет табақты алдына ысырып бәйек болып көріп еді.

Қатыны ерін баурына алып тағы тулады.

– Сенімен шәриғат жолымен қайта неке қиямыз.

– Жынды ма? Неке қиғаны несі? – деді бұл сасқалақтап.

– Кеңес кезінде неке суын ішпей, қағазбен некелесе салған едік, соның кесірі сенің бұзылып жүргенің. Енді үйге молда шақырып, оқытып неке суын ішіп қайта некелесеміз! Оның үстіне сен мені талақ еткенсің! – деп өткендегісін бетіне қайта шыжғырып басты.

– Бұл жолғы қатынының дауылы «Катриннен» де асып кетті, аяғы – ауылдан аға-жеңгесін алдырып, жетесіз жалғыз ұлын әйелімен қоса шақырып, қаладағы ағайынның басын қосып, бір қошқарды алып ұрып, молдаға оқытып неке суын ішкізіп итін шығарды. Ал, осыдан кейін жазықсыз әйелге жала жауып көр!

Сөйтіп әкесінің табысына толық ие болып, мейманхананы тартып алам деген Талаптың тілегі әдрәм қалды. Өгей шешесі үндемей жүріп әкесіне өктем екен, күллі ағайын-туысының көзінше әкесінің басын одан әрі байлап, шәриғат жолымен некелесіп алды. Енді сорлы әкесі о дүниеге барса да мына «Катрині» қатты қатыннан құтыла алмайтындай болды.

5

Гүлдерай күйеуінің өзінен суи бастағанына-ақ  қайтіп қайта байлап алам деп психологке де, көріпкелге де шапқылады. Көріпкелі құмалағын шашып жіберіп, «күйеуің алыста екен!» – деп бастағанда елең етіп тыңдай қалған, білді ғой, бөлек жүргенін деп. Ары қарай қара кемпір «екі бүйірі тоқ, төрт құбыласы түгел келе жатыр. Үш балаларың болады» – деп сандырақтай жөнелді. Әрине үш қатынның ортасында қағанағы қарық, сағанағы сарық. Балаларын қатындары өздері бағады. «Ойбай, үш бала дей ме, ана қаракөз бәлесі тағы туып алған шығар!» – деп шошып кетті де арнайы әзірлеп отырған сарқұлақ мың теңгесін мыж-мыж еткізіп кемпірдің қолына ұстата салып көлігіне тартты. «Маған қайдағы бала, тағы байға тимесем…» – деп көңілі аласұрып кең төсегіне сыймай таң атырды.

Психологы алдымен өзін тергеуге алды. Сұрамайтыны жоқ «Қалай қосылдыңдар! Сүйдің бе? Өзіңді жақсы көресің бе? Үйде қалай киініп жүресің!» – дей ма-ау! Тығыршықтай денесіне тырсыйтып киген көйлегін де сынға алдыма-ау!

Келесі барғанында лекция оқыды, онысы – адам баласы өмірде екі рет ғашық болады, сенің бала ғашығың кім? Оны аңсайсың ба?» – деген тақырыпта болды. Мектепте, универде көңіліне ұнаған жігіттер мұны менсінбеді. Өздігінен елігіп, ешкімге ынтықпады. Жадында қалатындай ешкім болмапты. «Бала ғашық дейтіндей қолұстасып қыдырып, сүйіскен ешкімім жоқ екен» – деп еді, сен эгоистсің, алғашқы махаббатың да жоқ деп өзіне кінә тақты.

Одан кейінгі сабағында: күйеуіңмен арада эмоционалдық жақындық жетіспейді. Ол данышпан Фрейдтің болжамынша табиғи қажеттіліктен өз еркімен бас тарту деп аталады. Бұл қажеттілік өтелмеген жағдайда, психика және тән жайсыздығы орын алады, адам қапаланып, өзін тығырыққа тірелгендей сезінетін көрінеді. Мұндай күреске  тіршілікке қажетті энергия көп жұмсалады, сондықтан оған екінің бірі төтеп бере алмайды. Әлі жассың,  қалайда күйеуіңмен тіл табысып, тән құмарыңды басуың керек. Не болмаса, ажырас! Не сырттан ләззат ізде!» – деп теріс жолға сілтеп, әр сеансына бес мың теңгеден қақшып алды да шығарып салды.

Сырлас-мұңдас ешкімі де жоқ. Кейде панасыз сәбидей болып, жанарына жас келіп, тамағына тас келіп жұмыстан оралады. Бір жерге қонаққа барған емес, не өзі біреуді үйіне шақыра алмайды. Өзінің туған күнін соңғы рет қашан тойлағаны есінде жоқ. Осылай  жалғыздыққа жанын жегізіп, көңілі құлазып күндер мен түндер өтіп жатыр. Мына жалпақ дүниедегі бары да, нары да – жалғыз ұлы Шыңғысы. Ол да отау иесі болатын он үштен аттады. Есі кіріп қалған ба, өткенде «Апа, осы әкем неге бізбен тұрмайды?» – деп сұрады. «Оның жұмысы өте жауапты, шаруасы көп, шет елге, облыстарға жиі шығады» – дегендей сандырақ жауап беріп жатыр еді, біттей бала бетіне таңдана қарап: «бәрінің әкесі жұмыста. Олар үйлеріне қонуға келеді ғой. Жігердің әкесі Ақ Ордада істейді екен. Соның өзі ата-аналар жиналысына келіпті апай айтты. «Әкеңе сәлем айта бар, қарбалас жұмысынан уақыт тауып келгеніне рахмет!» – деді. Менің әкемнің түрін ешкім көрген емес. Тек бірге түскен суреттерімізді телефоннан ғана көрсетем балаларға» – деді.

Гүлдерайға бұл дүниеде ештеңе керек болмай қалды. Төркініне де барғысы келмейді, көшеге де шыққысы келмейді. Үйге бірнәрсе керек-ау деп дүкенге де барғысы келмейді. Айнаға да қарағысы келмейді. Баласына болмаса асханаға кіріп тамақ та жасағысы келмейді. Тіпті тамаққа тәбеті де жоқ. Ұйқы да жоқ, күлкі де жоқ. Басы айнала берген соң дәрігерге қаралды. Бәленбай иттен тұратын диогноз қойып, бәленбай теңгенің дәрісін жазып берді. Әттең, осылардың бәрінің емі – жалғыз ғана күйеуінің жүрегін жылытатын бір ауыз сөзімен жазылатынын білсе ғой. Сол қарадомалақ қабағын ашып қарап, осы үйге кіріп-шығып жүрсе ғой…

Жылдар өте келе Гүлдерайдың психологиясы өзгерді. Мейірімнен, махаббаттан айырылып, қатігезденіп кеткендей. «Тағдырдың маңдайыма жазғаны осы шығар» – деді де, көндігудің қалыбына түсіп, тірі жесірдің қамытын киді.

Талап енді осы тағдырын да көп көріпті…

Гүлдәрі баласын жазғы демалыста мектеп жанындағы лагерге жіберіп, өзі институттың бітпейтін тірлігімен үйге кештеу оралған. Қақпадан енгені сол еді, көзі үйдің шалқайып ашық тұрған сыртқы есігіне түсті. «Тәкең келген бе? Көптен хабарсыз болып еді, қайдан оралды екен?» – деген оймен асығыс адымдай басып үйге енді. Кіреберісте екі еркектің аяқкиімі жатты. «Біреуді ерте келген бе?» – деп сөреге сөмкесін қойып жатып, ішке мойнын созды. Залдан ешкім көрінбеді. Асхана жақтан да тырс еткен дыбыс жоқ.  Жоғарғы қабатқа көтерілетін баспалдақтың жанына келіп, мойнын жоғарыға созды. Ол жақтан да қыбырлаған жан байқалмайды. «Терресада жүрген шығар» – деп күбірледі де баспалдақпен жәйлап басып көтеріліп келе жатыр еді, терресаның есігін ашып Талап шыға келді. Жанында бір жастау қайыс қара бар.

– Гүлдерай, келдің бе? Қалайсыңдар? – деді күйеуі ежелден амандасатын әдетімен. Жанындағысы да «Сәлеметсіз…» –  деп амандықтың ырымын жасады.

– Сәлеметсіздер ме?! Мен жұмыстан жаңа келдім…

– Бала қайда? – деді ері, бұл да өзгермейтін сауалы.

– Жаздық лагерде…

– Сұлтанбек, саған өзім хабар берем келер жетіде – деді де қара жігітке қоштасу рәсімін жасап, қолын ұсынды. Анау да бір жылпос екен:

– Болды, көке! Айтсаңыз болды ғой. Тездетіп жасап беремін! – деп зыпылдап, аузы-аузына тимеді.

«Не жасатады келер жетіде?» – деп ойлаған әйел кері қарай шегініп, бірінші қабатқа төмендей берді. Жанынан өтіп бара жатқан қара:

– Жеңгей, жақсы сау болыңыз! – деді де кіреберістегі аяқ киімін кимей, қолына ұстап баспалдақпен сыртқа қарай жүгіре жөнелді.

Ері екеуі оңаша қалды. Гүлдәрі шәйнекті тоққа қосып, мұздатқышқа қатырып қойған мәнтіні жанталаса жүріп пісіргішке салып, отқа қойды. Талап залдағы диванда шалжиып жатыр. Теледидарды айғайлатып шетелдік бір топтың концертін тыңдаған түрі.  Әйелінің теледидар алдында отырып алып ермек ететін шекілдеуігін ара-арасында тістелеп қояды. Оның қабығын кішкентай табақшаға дұрыс тастамай, маңайының бәрін қоқсытты.

– Тәке, тамаққа келіңіз! – деп шақырған әйелінің даусы  қалғып отырғанда алыстан талып жеткендей болды. Жұмулы көзін ашуға ерініп, жата түсті. Гүлдерай шаршап-шалдығып жүрген жарына жаны ашып, жақындап келіп бырдай болып жатқан шекілдеуік қабықтарын алақанымен сыпыра жүріп:

– Тәке, тамақ әзір болды! –  деп тағы қайталады. Дауыс тура құлағының түбінен естілгенде еркек есін жиып, қабағын көтерді. Май басқан жіпсік көзі тоңқаңдап жүрген келіншегін көрді.

– Неғып жатырсың-ей! – деді жақтырмай.

– Мына шекілдеуіктің қабықтарын… – деді әйелі сөзінің аяғын жұтып.

– Өзің ғой, істейтін басқа тірлігің жоқ, шемішке шағатын – деді өзін кінәлі етіп. Ол да әдеттегі сөзі. Не болса да Гүлдерайды кінәлі етіп барып, жаны жай табады. Ондайда оған тіл қатпаған абзал. Әйтпесе, бәлеге қалдым дей бер. Құлағыңа кеткенінше тыныштық болмайды. Екі алақанын толтырып алып бұрыла беріп еді:

– Тамақ дайын ба? – деп басын көтерді. – ой, әкеңнің – деп мойнын қысып бара жатқан галстугын тартқылап, жұлып алды да диванның бас жағына аса салды.

– Дайын, Тәке! – деген әйел асханаға бет алды.

Кешкі ас үнсіз ішілді. Гүлдерайдың отырысы – бірдеңеге кінәлі міскіннің отырысы. Талаптың отырысы – орындығына біреу зорлап ұстап отырғандай амалсыз жанның отырысы. Мәнтінің төрт-бесеуін жеп, екі кесе шәйді ішкен соң барып:

– Гүлдерай, мына үйге күрделі жөндеу болмағалы жиырма жылға аяқ басты – деп бір тоқтады. «А, Құдай, үйді жөндеп бергелі жатыр ма?» – деп, көңіліне қуаныш кірген әйел емексіп қалды. Салбырап отырған басын көтеріп, қиғаштай еріне қарады. Анау, не дер екен дегендей әдейі үнсіз. Әйел елең еткені болмаса, ләм-мим демеді. Шыдамы таусылған еркек:

– Соны  жөндетсем бе деп отырмын. Саған Шыңғыс екеуіңе мектепке жақын жерден екі бөлмелі пәтер көріп қойдым, сенің институтыңа да жақын. Сонда көшіңдер! –  деп жалғастырып барып, тағы үнсіз қалды.«Е, мені сөйтіп алдап, осы үйден қумақ қой. Жөндеген соң Қарагөз сайқалмен осында көшіп кірмекші ғой» – деп әйелдің басында ойлар сумаңдады. Тағы не дер екен деп аңысын аңдыды. Сол үнсіздігімен күйеуінің әбден зығырданын қайнатты.

– Әй, сен естімей отырмысың, әлде ерегесіп отырмысың? – деп барқ етті Талап. Әйел бұдан әрі үндемесе жақсылық болмасын біліп:

– Естіп отырмын. Ойланып отырмын. Ақша шығарып пәтер сатып алып қайтесіз, Шықатай екеуміз Жағыпарларға бір бөлмені босаттырып сонда тұра береміз ғой, ремонт біткенше, – деп қулыққа көшті.

– Сен бұл үйден біржола кетесің. Шыңғыс үшін пәтер алып отырмын. Бұл үй көкемдікі екенін ұмыттың ба? – деді күйеуі зілді дауыспен.

– Көкем ұлым үшін салдым, Шыңғысымның шаңырағы деп отырушы еді ғой, – деді Гүлдерай, шынында ақсақал жалғыз мұрагерін шексіз жақсы көретін. Осы үйге келгенде:

– Шықатайдың шаңырағына рұқсат па?! – деп әзілдеп рұқсат сұрайтыны болатын. Гүлдерай соны есіне түсіре қойды керек кезінде.

– Онда Шыңғыс жалғыз болатын. Қәзір екі ағайынды. Құдай бұйырса үш ағайынды болады. Абайдың әкеден алтау, анадан төртеу, жалғыздық көрер жайым жоқ дегеніндей, алтау да болып қалар әпке-қарындастарымен, – деп даусын созып, маңғаздана сөйлеп кетті. Гүлдерайдың іші мұздап, аяқ-қолы дірілдеп, қолындағы шәй қасығымен кесесін сылдырлатып қоя берді.

– Менің де туғым келіп еді ғой, не жазығым бар? – деді бар тапқаны. Сен төсектен суындың, қойныма жатпадың деп кіналай алмады.

– Мен саған баяғыда айтқам, бала керек болса туып ал, бірақ менен емес дегем, – деп, Талап түк болмағандай, тіс шұқығыштың біреуін алды да, аузын кергілеп, өзі де араш-араш тістерінің арасын шұқылай бастады.

– Сізде, біреуге обал ғой деген бола ма? Менің жазығым не?! – деп мына қорлыққа шыдай алмаған әйел жылап жіберді.

Шынында осы жағдайда Гүлдерайдың жазығы не? Бейшара әйел неден жазып қалғанын білмей дал. Тіпті, Талаптың өзі де білмейді, осы әйелді неліктен жазғырып, жар құшағынан қағып, төсектеп теуіп қыспаққа түсіргенін. Жан досым деп жүрген Біржанға осы жағдайды айтып еді:

– Ол байқұс әйелді иттей етіп үй күзеттіріп байлап ұстағанша неге ажыраспайсың, обал емес пе? – деген болатын.

– Өзі жабысып келді ғой, тоқал боп жүре берсін, – деп еді.

– Есің дұрыс па, тоқалдың төсекте кезегі болады. Сен соны бұзып жүрсің. Ол, Ислам дінінде де теріс. Тоқал да, басқа әйеліңдей сенің қойныңа жатып бала табады. Табиғаттың заңын бұзып жүрсің. Қанша әйелің болса, бәріне бірдей қарап, бірдей жағдай жасап, төсегіне кезекпен баруың керек. Сен обал-сауапты ұмытыпсың! – деп өзін жазғырған болатын.«Осы мәнжубасқа сыр ашып жүрген менің де есім дұрыс емес! – деп өзін іштей жазғырған Талап содан кейін отбасылық сырын ешкімге ашпайтын болған.

6

Күйеуі келіп кеткенен бастап, Гүлдерайдан ес кетті. Талап айтты, бітті, ол ешкімнен де, ешнәрседен де аяқ тартпайтын, қисайған жағынан тұрмайтын қырсықтың өзі еді. Оның мінезін жақсы білетін келіншек кімге айтқанымен, арашалап ала алмасын да біледі. Енді сол айтқан пәтеріне көшуге тиісті. Әйтпесе, жындыханадан шығуыда кәміл. «Бұл ақыры маған бай болып жарытпайды, одан да аманымда баламды алып айтқан баспанасын паналайын» –  деген ойдың шырмауынан шыға алар емес.

Есеңгіреп жүріп, жолда біреудің көлігімен соқтығысып қалды. Өзінен жас қыз екен, телефонға жармаса кетіп, әлдекімге хабарласты. Содан мізбақпай көлігінен шықпай отырып алды, терезесін жауып. Сүт пісірім уақта қымбат көлікпен бір еркек келді. Онымен қабаттаса МАЙ қызметкері де жетті. Күре жолдың ортасында тұрып алып, ары айтысып, бері тартысып, басты жолда келе жатты, өзі көлденеңінен соқтықты деп ағасы қарындасын қорғаштап, Гүлдерайды кінәлі етті. МАЙ қызметкері де соларды құптады. Не сотта кездесеміз, не жөндетіп бересің, болмаса үш жүз доллар деген үкім шығарды. Іс сотқа дейін жетсе – күйеуінің қызметіне нұқсан, көліктің быт-шыты шыққан бүйірін жөндетіп беретіндей қай жақыны бар еді, үш жүз доллары да жоқ екені белгілі. Ұлымен айлыққа күн көріп жүрген мұғалімге ондай қаржы түсіне кірмес! Болған жағдайды күйеуіне айтса бітті, қара басына қатер төнеді. Төлқұжатын беріп жатып үш күнге пұрсат алды, үш жүз доллар беруге. Өзінің көлігінің майысқан бамперін ауызға алмағанда қып-қызыл шығынға батты да қалды.

Зар еңіреп тағы анасына келді. «О, соры қайнаған қызым!» – деп жүріп кейуана жалғыз алтын алқасын берді, ломбардқа қойып қарыздарыңды өте деп. Басқа барар жер, басар тауы жоқ келіншек анасының алқасын алақанына салып ломбардқа құстай ұшты…

Соқтығысқан көліктер жырын бітіріп, екі күннен соң жұмысқа келіп еді, деканатта Бағила апай жалғыз отыр екен. Мұны көргеннен:

– Гүлдерай, сен қайда хабарсыз жоғалдың, бастық жер-көктен іздеп жатыр ғой! – деп тарпа бас салды. Түнімен жылап бет-аузы іскен, қабағы салыңқы келіншек:

– Келдім ғой. Кеше телефоным сынып қалды. Өзім біреудің көлігін ұрып алып соның шаруасымен жүрдім, апай, – деп жылап жіберіп орындыққа отыра кетті. Өзінің бірден қатты сөйлегеніне ұялып қалды ма, Бағила апайы:

– Не дейт?! Біз білмедік қой – деп аузын екі қолымен баса қойды.

– Мен ешкімге хабар бермедім. Басым қатып өз бетіммен жүгіре беріппін…

– Ойпырмай,ә! Обал болған екен! – деп жанына келіп, басынан сыйпап:

– Қоя ғой, бар бәле сонымен кетсін! Жылама! – деп жұбатты.

Абырой болғанда жазғы демалысқа кеткендіктен деканаттан әшейінде үзілмейтін оқытушылар жоқ болатын. Екеуі оңаша болған соң Гүлдерай солығын баса алмай біраз отырды. Түскі астың кезі де таянып қалған еді, өмірі бір жанмен сөйлесіп, оңаша шәйға шақырып көрмеген Гүлдерай:

– Апай, жүріңізші бірге түстенейік. Сізден ақыл сұрайын деп едім! – дегенде Бағила апайының жағы салбырап, аң-таң боп не дерін білмей қалды.

Кім кімнен, Гүлдерайдан мұндай ұсыныс күтпеген. Күллі кафедра болып бас қосса да ол жерге Гүлдерай бармайтын. Оншақты жылдан бері бір ұяда қызмет істеп жүріп, бір жанмен сырласып, ақыл сұрамақ түгілі сөйлесіп отырғанын көрмепті. Сыртынан оны әйелдер «Жабайы», – дейтін. Кейбіреулері «Күйеуі үлкен жерде қызмет істейтін болған соң бізді менсінбейді», «Түк көрмеген, жетті деген осы екен деп жүрген ғой», «Докторлыққа қалай ілнгенін де білеміз, сабағын дұрыс өткізе алмай жүріп шетелге шыққыш өзі», – деп шыны да бар, қызғанышы да бар сыртынан ғайбаттайтын. Биыл кезекпен шығатын демалыстарына осы екеуінен басқалары кеткен болатын. Декандары шет елде жатса да телефонмен байланысып, тапсырма беріп, жұмыс жайын бақылап отыратын. Кешелі бері Гүлдерай не тұтқасын көтермейді, не жазған хабарламаларға жауап бермейді. Енді міне күн түске тырмысқанда жұмысқа келіп, сырласуға шақырып отыр, таңданбай қайтсін Бағила апай.

Әріптесінің ағыл-тегіл жылап отырғанына қарап, «е, бұл да адам емес пе, ешкіммен араласпай ішқұса болып қалған шығар, мұңын тыңдап, білгенімді айтып берейін»,– деп ойлаған Бағила апай Гүлдерайға еріп сыртқа шықты. Екеуі ескі қала жақтағы «Узбечка», – деген кафеге келді. Адам аз болса да Гүлдерай ұзақ қарап жүріп, ішкі бөлмедегі ең түпкіргі төрт орындықты үстелге тоқтады.

– Апай, мына жер оңаша, жақсы екен, – деп қояды. Еріп келген жанда не ерік болсын, қостаған болып жанына жайғасты.

Алдымен «Ас мәзірін» қарап, тапсырыс берді.

– Апай, мені кафедрадағылардың бәрі де кісікиік деп ұнатпайтындарыңызды білем. Мен жетіскенімнен елден безіп жүр дейсіз бе, – деп бастаған Гүлдерай күйеуге шыққаннан күні кешегі баласы екеуі отырған үйді босататын жағдайға жеткенге дейінгі өмірін жіпке тізгендей етіп әрі әріптес, әрі анасындай ақылдас әйелге айтып берді. Арасында мұрнын тартып, тартып қойып, пышылдап жылап та алды. Өксіп-өксіп,  ұяттан өртене отырып, бар шындықты жайып салды.

Бағила да тартысы мол өмірде талай көйлек тоздырған, біраз қиындық пен қасірет көрген жан еді, бірақ дәл мынандай қорлауды, басынуды, әйелдік намысты аяққа таптауды көрмек тұрмақ естімепті де. Өзі де екі қыз өсіріп отыр. Әкесінің үйінде ханшайымдай болып, еркелеп, ертеңінен үміт күтіп бойжеткен қызыңның біреу осылай тағдырын талқандап, өмірін өксітіп жүрсе қалай болады. Гүлдерайдың айтқандарынан төбе шашы тік тұрды. Бұл тығырықтан шығатын жолды қалай көрсетсем екен деген шын ниетімен:

– Өгей болса да, әйел-Ана ғой, енеңе барып айтсаңшы, түсінер. Қайынатаңмен бірлесіп ұлды жөнге салсын, – деді ақыл сұрап отырған келіншекке.

– Апай, мен басында өзім сондай ақымақ болдым ғой. Енемді көрсем, кірпідей жиырылып, түрпідей тиіскім келетін. Енді ол кісілерге баруға бет жоқ, – деп жылап, өзінің өгей енесінің шаңырағына жасаған қысымдарын жасырмай айтып берді.

Гүлдерайдың да адамшылықтан шығып кеткен қылықтарын естіп, ой таразысына сала салмақтай келе Бағила апай:

– Гүлдерай қызым, өткенге өкінгенмен ештеңе таппайсың. Ендігі жол – алдағы өміріңді түзету. Ол үшін сен өгей енеңнен, қайынсіңлілеріңнен барып кешірім сұра алдымен. Бір-біріңді түсініскен соң, енең арқылы қайнатаңа жол шығады. Қанша айтқанмен ол да Ана, бес бірдей қыз өсіріп отыр. Қыздар ұзатылды ма?

– Үшеуі тұрмысқа шықты, балалары да бар.

– Әне, ол кісі жапырағын жайып, өсіп-өніп отырыпты. Сондықтан қыз баланың тағдырының қиындығы оған да жат емес. Сен ештеңені жасырмай айтсаң, ол кісі саған көмектеседі. Ол ақылсыз әйел болса, атаңмен қайтадан некелесіп, отбасын сақтап қалмас еді. Шаңырағын шайқалтпай отырған әйел, сол әулеттің Темірқазығы! Ол ұл таба ма, қыз таба ма, қаны араласқан соң сенің күйеуіңе де бөтен емес. Ал, ана бес қыз сендердің қанаттарың. Қыздар деген бауырмал болады. Шыңғысыңның әпкелерін сен енді бауырыңа тарт. Алла әйелді жаратқанда көз жасымен қоса жаратыпты. «Не үшін оған жас бердің?», – деп сұраған періштеге: «Ол – қайғысын, күдігін, махаббатын, жалғыздығын, қасіреті мен қуанышын осы көз жасымен білдіреді», – деген екен. Сонда Періште Алланың кереметіне таңданыпты. Сондықтан сен енеңе барып жыла да бәрін ақтар! – деп кеңес берді.

Гүлдерай өзінің батылсыз, жігерсіз, тіпті күйеуі айтқандай дүниеқоңыз екендігін  бүгін анық біліп,  өмірін күнкөрістің қамымен босқа өткізіп жүргеніне көзі жетті. Түндерде қыстығып жылап, менің өмірім неге осылай болды деп Құдайдан сұрайтын. Мені Құдай ұмытып кетті ме? Неге тілегенімді бермейді» – деп ойлайтын. Бүгін Фейсбукте Мұратқан Шоқан деген ғалым: «Құдайды іздеп жүрсің бе?! Мен құдайдың қайда екенін білем. Құдай ізгілікке толы жүректе», – деп жазыпты. Өзінің адамдарға салқындап кеткен, қайырымы аз жүрегінде тілегенін беретін, сұрағыңа жауап қататын Құдайға орын болмағаны ғой сонда… Жұрттан жақсылық көру үшін, мейірімге, махаббатқа бөлену үшін сол қасиеттер өзіңде де болуы керек қой. Бойыңда титтей ізгілік болмаса, саған Құдай кімнің ізгілігін жіберсін.

Бағила апаймен ашыла сырласып, болашағына бір бағыт алған Гүлдерай қайнатасының үйіне қарай құстай ұшты. Жолдан дүкенге кіріп, енесі жақсы көретін «Ахмад» шайын, жеміс-жидек, қайынсіңлілеріне тәттілер алды.

Соңғы бес жылда босағаларынан аттамаған келіндерін көргенде ата-енесінің қуаныштан есі шығып кетті. Екі кенже қайыссіңлісі «Гүлдерай тәте!», – деп келіп бассалып құшақтап сүйе бастады. Мұндай жақындық күтпеген Гүлдерай холдағы диванға отыра салып, мыналардың мейірімінен көңілі босап жылап қоя берді. Негізі соңғы жылдары жалғыздық қажытқаннан ба, қорлық өтіп, жаны құлазып кетті ме жылауық болып алды. Жалғыз келінінің қабағы түсіп, жанары боталап келгені жанына батқан ақсақал:

– Айналайын, саған не болды? Амансыңдар ма? Шықатайды ала келмедің бе?» – деп қыбыжықтап мұрагерін қайта-қайта сұрай берді. Енесі қыздарға шәй қоюға тапсырма беріп барып жақындап, қолынан ұстап:

– Гүлдерай, қалайсыңдар, ата-анаң аман ба? – деп хал сұрасты. Әйелдер оңаша сөйлессін деді ме, үлкен кісі әлденені сылтауратып сыртқа кетті. Атасы шыға сала Гүлдерай:

– Аманбыз, төркінім де амандықта. Шыңғыс жазғы лагерде сыныптастарымен демалып жатыр. Апа, Талап екеуміздің арақатынасымыз дұрыс болмай кетті… – деп бастап енесіне Бағила апайға айтқандай көз жасын сарқа айтып шықты. Салиқалы, сабырлы бәйбіше сөзін бөлмей, соңына дейін тыңдады. Арасында шәй ішілді. Енесінің әрдайым дайын тұратын қуырдағы да келіп қалды.

Енесі қайта-қайта жағасын ұстап отырып тыңдалған әңгіменің аяғы кешке оңашада ақсақалымен сөйлесіп, ертесі ұлды тауып тәртібін әулет басқосуында май шаммен қарайтын болып аяқталды.

Өгей енесі мен қайынсіңлілерінің ықыласына тойып, зәті жуас атасының ұлына бірдеңе айтпаса да ортаға отбасындағы ілкі тәртіп пен жарасымды сақтап отыратын әйелін салып сөйлесетініне сенген Гүлдерай үйіне қайтты.

 

7

Гүлдерай «Үлкен кісілер талқыға салғаннан кейін ойланар, көшке содан кейін жиналсам да үлгерем ғой. «Кедей болсаң көшіп көр», – деп бабаларымыз айтқандай, он бес жылдан бері ойдан-қырдан жинақталып қалған дүниені екі бөлмеге қалай сыйғызамын», – деп басы қатып, ойы онға, санасы санға бөлініп отырғанда қалта телефоны шырылдады. Бейтаныс нөмір. «Екі кештің арасында бұл кім екен?» – деп тұтқаны көтерді. Гүрілдеген еркек дауысы:

– Алло! Гүлдераймысың? – деп алқынып алып барады.

– Иә! – Келіншектің бойынан бір діріл жүгіріп, дауысы әрең шықты.

– Мен Біржан ғой! Талаптың курстасы, – деп барып тынышталып қалды. Үйлеріне көп келмесе де, алғашқы жылдары көріп жүретін  бадырақ көз сары жігіт есінде.

– Гүлдерай қаладамысың?

– Иә.

– Талаптың әке-шешесі де осында ма?  – Дегенмен дауысында біртүрлі үрей бар.

– Осында, кеше барып қайтқанмын…

– Үйлерің әлі баяғы котедж ба?

– Иә.

– Онда үйде болшы, біз қазір келеміз, – деп асығыс сөйлеген еркек тұтқаны қойды. Байланыс үзілді. «Бізі кімдер? Қараңғы түсіп, көз байланғанда неге үйге келеді? «Қап, Талап мұнда тұрмайды деуім керек еді!», «Атам мен апаны неге сұрады?»  – деген сан сауал шырмаған келіншектің жан-дүниесінде белгісіз бір қорқыныш пайда болды.

Көп ұзамай қақпаның қоңырауы зарлап, үйшігіндегі алабай шабалана үріп, әшейінде дың деген дыбыс шықпайтын аула азан-қазан болды. Кішкене үйден Жағыпар шығып қақпаға таяды. Гүлдерай терезеден қарап тұрды.  Тілдескіш арқылы кім екенін білген соң темір қақпа шалқайта ашылды. Екі еркек, бір әйел кіріп келе жатты. Гүлдерай оларды кіреберісте күтіп алып, амандасты. Толықтау келген сары еркекті Білімжан осы шығар деп ойлады, тіпті түрін де ұмытып қалған екен. Ұзынтұра қара еркек пен сылаңқара әйелді жыға танымады, бір жерден көргендей. Үшеуінің де еңсесі басым, қабақтары салыңқы.

Үлкен бөлмеге өтіп, үстелді жағалай жайғасқан соң Біржан:

– Гүлдерай, сені алғашқы жылдары көргенім болмаса, араластығымыз үзіліп кетті ғой. Үйді де ұмытыңқырап қалыппын, әрең есіме түсті. Талап сенен кетіп қалғанын да білмедім… – деп күмілжіп барып сөз бастады. «Сенен кетіп қалған дейді ғой, мен қуып жібергендей», – деп келіншек ішінен қыртиып қалды.

– Мына кісілер Талаптың рулас ағайындары болады. Аманжол ағай мен Зағипа жеңешесі, – деді де ары қарай сөйлей алмай, тамағына тас тұрғандай үнсіз қалды. Аманжол ағай дегені байқап қарап еді, алпысты алқымдап қалған азамат көрінді. Білімжанның әлденені батылы барып жеткізе алмай отырғанын түсінгендей:

– Келін шырағым, екі кештің арасында есі кеткен жүреді дегендей, есіміз шығып келіп отырмыз. Ойда-жоқта, қапыда Талап бауырымыздан айырылып қалдық!, – деп дауысының соңы құмығып, өзі жерге қарады. Әйелі «Қайран ғана, қайным-ай!» –  деп бастап ырымын жасап жоқтау айтты. Оның ауылдағыларша дауыс шығарғаны Гүлдерайдың жүйкесіне тиіп, жүрегі дірілдеп кетті. «Ойпырай, Талап па өліп қалған?» –  деген ой миында зың етіп жүгіріп өтті… Сонда барып:

– Қашан? Неге?  – деп жылап қоя берді.

– Сабыр ет, шырағым. Талқаны таусылған да… Бүгін түстен кейін, – деді Аманжол ағай.

– Қалай? Қалай?– деп Гүлдерай екі жұдырығын түйіп алып, жылап безілдей берді.

– Гүлдерай, сабырға кел! Талап кіші әйелін баласымен демалуға Ыстықкөлге апара жатып жолда көлік апатына түсіпті. Әйелі жүкті екен. Сонымен төрт бас бірден кетіп отыр, – деп Біржан мән-жайды түсіндірген болды.  Гүлдерай алақтап:

– Енді не істейміз? – деді үлкен кісіге қарап.

–Біз әке-шешсіне барып естіртейік. Қазір жолда ағайындар жиналып тұр. Сен балаңды алып сонда келесің бе? – деді басын төменнен көтермеген қалпы.

– Аужеке, мәселе сүйекті қайда апарамызда болып тұр ғой, – деп Біржан досының әршаңырақта бір тұрып жүргеніне өзі кінәлідей болды.

– Осы үй, өз шаңырағы емес пе?!

– Солай ғой, бірақ соңғы оншақты жылда ол басқа әйелмен тұрып жүрген – деген Біржан не айтар екен дегендей Гүлдерайға көз тастап сөзін аяқтады. Өзінен рұқсат сұрағанын сезген келіншек:

– Мен оның заңды әйелімін. Менен де ұлы бар. Осында өз босағасынан шықсын, – деп бірден кесімін айтты. Өзінің шұғыл шешімге келгеніне іштей өзі таңданып қалды.

– Міне, жөн сөз айналайын. Шатасты екен деп, сүйекті айдалаға тасып жүреміз бе. Жүр, әкесін осында алып келейік те арғы жағын ақылдасайық, – деп алпамса еркек орнынан тұрды. Кілем үстінде бір тізесін басып отырған әйелі де сүйретіле көтерілді. Мойнынан бір жүк түскендей болған Біржан жылдам қимылдап үлкендерге есік ашты.

Күн ұясына отыра, күйеуінен суыт хабар алған Гүлдерай дәу бөлменің ортасында екі қолымен аузын жауып, жанарынан аққан тарам-тарам жас бетін жуып, қыңсылай жылап терезеден сыртта кетіп бара жатқан ағайындарға қарап қала берді.

Суыт хабарды қалың жұртқа жеткізушілер көлікке отырғанда Біржан:

– Осы әйелін он жылдан асты маңына жоламай, не ажырасып кетпей, не басына бостандық бермей қорлап ұстап еді үй күзеттіріп, міне енді соның шаңырағынан сүйегі шыққалы жатыр, – деді ерлі-айыптыларға қарап.

–  Обал болған екен, – деді кейуана екіұштылау сөйлеп.

– Қазақ баласын ұят болады, жаман болады, обал болады деп тәрбиелеген. Адамшылықтың күллі қасиеті осы үшеуінде жатыр. Соған тоқтамаған адам бір жаманшылыққа ұшырайды. Өлген адам туралы жаман айтпайды деп жатамыз, тірлігінде істемеген сұмдығы жоқтарды осылай ақтағанды өз басым ұнатпаймын. Тірлікте обал-сауапты ұмытпай жүру керек, өлгенде артымызда жаман сөз қалмау үшін, –  деп Аманжол ағалары өз ойын ортаға салды.

– Онда, обалы жібермеді деген осы екен ғой, – деді алдындағы жолдан көз айырмай келе жатқан Біржан өзі досымен осы жағдайға байланысты талай сөзге келіп қалғаны есіне түсіп.

 

***

Жалған дүниедегі өмір жолы қара жолдың бойында үзіліп, татар дәмі жол үстінде түгесілген Талап пен некесіз туған ұлының сүйегі әкесі салып берген қарашаңырағынан шығарылды.  Жылдар бойы көңілдесіне айналып, отбасының ойранын шығарған Қарагөздің сүйегін өз туғандары бөліп алып кетті.

Он бес жыл тірі жесір болып шаңырақ күзеткен Гүлдерай еңбегі ақталып үш қабатты хан сарайдың иесі болып шыға келді.

Шыңғыс шынымен сол әулеттің жалғыз мұрагеріне айналды.

7 комментариев

  1. Reply
    Шырайкульговорит

    Керемет қаламығыз қарымды болсын

    • Reply
      Айтолкын Бейбитханкызыговорит

      Ия еки кеменин басын кармагансуга кетеди демекши. Некесиз айелмен о дуниеге бирге кетти…..

  2. Reply
    Алтынайговорит

    Оқып шықтым , иа жалған дүние тіршілікте сыйласқанға не жетсін

  3. Reply
    Раяговорит

    Жалған дүние…Адам тағдыры әрқилы.Сыйластық-өмір көркі деген ғой.Әттең !

  4. Reply
    Айтолкын Бейбитзанкызыговорит

    Размет👍🌹. Жаксы жазылган.

  5. Reply
    Аляговорит

    Тагдыр ай адамдарды шыр аиналдырган

  6. Reply
    Заряговорит

    Өте тартымды жазылған әңгіме екен. Өмірде осындай да отбасылар болғаны ғой. Жазушының жазу стилі ұнады.

Пікір қалдыру