Әлеуметтік сала: әл-қуат пен әл-ауқат

Мемлекет институт, құрылым, құрал ретінде не үшін құрылады? Әрине, сан қилы мүддеден құралған қоғамның күнделікті өмірін реттеу – оның ең басты миссиясы.
Әр адам төлейтін салығының қызығын сол салықты жинап, жарататын мемлекеттен көруі тиіс. Бұл – бұлжымайтын заң! Мемлекетті әлеумет құрады, мемлекет әлеуметтің қажеті үшін жаралған және демократиялық елдерде мемлекет басындағы билікке кім келеді, соны әлеумет шешеді. Сондықтан да мемлекет саясатында «әлеуметтік саясаттың» алар орны бір төбе.
Және де саясаттану ғылымының «қоғамтану», «мемлекеттану» сияқты салаларында «әлеуметтік саясатқа» беріліп жатқан анықтамалар да әрқилы.
Мәселен, кешегі біржақты да бірпартиялық Совет жүйесі тұсында ол саланы негізінен белгілі бір себептермен өзін-өзі асырап, күн көруге мүмкіндігі жоқ не шектеулі топтар мен кемтар, мүгедек азаматтарға, көп балалы отбасыларына көмек көрсетіп, жағдай жасау, қоғам өміріне толыққанды қатыса ала алмайтын жандарға қол ұшын беру секілді тар да тоғышарлық тұрғыда ғана қабылдап келді.
Өкінішке орай, инерциялық ой-сана қазіргі Қазақстанда да осы идеологиялық қателікті орнықтырып, түбегейлі өзгерте алмай келеді.
Өркениетті елдерде «әлеуметтік саясаттың» механизмдерін қоғамның бас­қа да құрамдас бөліктеріне, соның ішінде, әл-қуатты, өз қолы өз аузына жетіп отырған топтарға да қатысты қолданады. Оның өзіндік себептері де бар.
Ал филологиялық тұрғыдан алғанда, әлеумет («социум») ұғымының этимологиясы латынның «socius» – «жолдас», «қоғамға тиесілі» деген сөзінде.
Меніңше, осы түпкі, тілдік және танымдық мәнде үлкен саяси-философиялық мән бар.
Біріншіден, әлеуметтік саясаттың басты бағыттарын анықтайтын билік пен күнделікті күн көрісі, әл-ауқаты, көңіл-күйі сол саясаттың оң не сол нәтижесіне тікелей байланысты қоғам бір-бірімен «жолдас» па, ниеттес пе, серіктес пе? Әркімнің қолы өз аузына жуық, қиын-қыстау кезеңдерде бір-біріне қарайласа ма, жоқ па? Бір-бірінің мақсат-мүддесі мен мұң-мұқтажын жан-тәнімен ұғынып, қабылдай ала ма, жоқ па? Өкімет басындағы белгілі бір топтың (кланның, коалицияның және тағы басқаларының) саясаты мүдделері мен талаптары әрқилы әлеуметтік топтардан құралған жалпықоғамдық мүддені ескере ме, жоқ па?
Сол жалпықоғамдық мүдде дегеннің өзі не?
Саяси өмірдің бір ащы шындығы сол: құй ол авторитарлық болсын, құй ол супердемократиялық болсын, кез келген биліктің басына келгендер белгілі бір әлеуметтік топтардың сойылын соғып, нақты ұрандарды жүзеге асырады.
Бір нәрсе анық: «бүкілхалықтық» мүдде дегеннің өзі – бос қиял, терминдік химера, сол халықтың өзін алдап-сулау! Кез келген өкімет барлық әлеуметтік топтардың бар мәселесін бір кезде шешіп тастай алмайды! Ол дегеніңіз – саяси фантастика ғой! Әйтпесе, барлық жерде қой үстіне бозторғай жұмыртқалап, коммунизм орнар еді ғой.
Біз ылғи да сынап, мінеп, ағаш атқа отырғызып ап, сабап жүрген атышулы кландар мен ат төбеліндей олигархтық топтар да өзінше бір әлеуметтік мақсат-мүддесі бар топтар емес пе? Өкінішке орай, қазіргі саясаттануда бұл туралы көп айтыла бермейді.
Және де әлеуметтік ғылымдарда топтарды жіктеу дәстүрі де заманға сай өзгерістерді ескеруі тиіс. Өйткені, XX ғасырдағы критерийлер мен анықтамалар XXI ғасырдың болмысына келмей қалады. Қоғам дамып, оның құрамы мен топтардың белгілері мен талап-тілектері адам танымастай өзгеруде. Бұрын бір-біріне алты аласы, бес бересі жоқ боп келген кейбір әлеуметтік топтар бір-бірімен мидай араласып, құраласып, өздерінің классикалық түрдегі болмысына бөлек қалыпқа көшуде. Процестердің соншалықты тез әрі желдым жүретіні сондай – ресми ғылымдар олардың соңына ілесе алмай қалады. Содан барып әлеуметтік қақтығыстар мен түсінбеушіліктер туындайды, олар айрандай ұйып тұрған қоғамның тұрақтылығын бұзып, шырқын кетіруде.
Екіншіден, бас биліктің өзі мойындап отырғандай, бізде «супер­прези­денттік» жүйе орнаған. Сондықтан да «біздегі саясат, соның ішінде, әлеу­меттік саясат, осы күнге дейін суперпрезиденттік жүйенің бар қызығын көріп, байлық пен рахатқа белшесінен батып келе жатқан билік пен оның маңайындағы ықпалды топтардың ғана мақсат-мүддесіне, саяси ерік-жігері мен қалауына ғана сай жүргізілді» десек, қателеспейміз!
Осы жылдары біздің әлеуметтік саясат… әлеуметтің өзінен алыстап, билік басындағы топтарға, солардың мұң-мұқтаждарына қарай жақындай түсті.
Содан болар, әлеуметтік қолдау және қорғау жөнінен біз ылғи да өркениетті елдердің соңында ілбіп келеміз. Оған күнделікті өмір мен тәуелсіз халықаралық агенттіктер жүргізіп отыратын рейтингтер куә. Оларға салсақ, біз постсоветтік кеңістіктегі біраз елдің соңындамыз, кей параметрлер бойынша дамымаған, «үшінші әлем» мемлекеттерінің деңгейін түсіп кеткенбіз.
Бір ғана мысал келтірейін.
Жыл сайын өкімет ең төменгі күнкөріс деңгейінің (ЕТКК) мөлшерін белгілеп отырады. Бүгінде ол – 32 668 теңге. Яғни, күніне 1 мың теңгенің о жақ, бұ жағы.
Баға мен тарифтердің ыршып тұрған заманында дені дұрыс адам осы ақшаға отыз күн өмір сүре ала ма?!
Жеріміздің үсті – бидай мен күрішке, алалы жылқы, ақтылы қойға, асты – мұнай мен газға, алюминий мен хромға, жез бен мырышқа толы бола тұрып, дәл осындай бейшара халге жеткеніміз қалай?!
Бұл көрсеткіштің маңыздылығы сол: басқа да әлеуметтік және өзге төлемдер дәл осы соманың негізінде есептеледі. Яғни, бұл мөлшер ұлғаймай, басқа да көмек көлемі өспейді.
Сондықтан да, әлеуметтік саясатты реформалауды дәл осы ең төмен көрсеткішті жоғарылатудан бастау керек: ЕТКК – етке, одан туындаған басқа төлемдер – бетке! ЕТКК өссе, елдің де еңсесі биік болады!
Әрине, мұндай батыл қадамның салмағы да ауыр болмақ. Өйткені, әлеуметтік саясаты әлжуаз болмай, әлді боп, әлеуметтің әл-ауқатын жақсартуы үшін сол елдің жалпы тірлігі, экономикасы, қаржы жүйесі бай, қуатты да қауқарлы, тұрақты болуы шарт. Қарап отырсаңыз, дамыған елдердің әлеуметтік тәжірибесі қандай берекелі! Иә, Америкада да, Еуропа да, Жапонияда да бәрі бірдей жетісіп жүрген жоқ, ол жақта да жұмыссыздар, қедей-кепшіктер, үй-күйсіз жүрген қаңғыбастар, қайыр сұрап жүргендер бар.
Бірақ, олардың бәрін мемлекет өз қамқорлығына алған, оларға өкімет жүйелі әрі жеткілікті түрде көмегін беріп тұрады. Аш-жалаңаш қалдырмайды. Жұмыссыз жүргендерге берілетін қаржылай көмектің өзіне Қазақстанда лайықты өмір сүруге болады десем артық айтқандық болмас!
Айтпақшы, біздегі «халықты жұмыспен қамту» науқанының өзі қызық: облыстар мен министрліктер берген есептерге қарасаңыз, жаңадан ашылған жұмыс орындары баршылық. Бірақ, нақтылай түссеңіз, олардың дені – қоғамдық жұмыстар, яғни ешқандай материалдық игіліктер өндірмейтін және… уақытша ғана жұмыс орындары! Бұдан артық көзбояушылық болмайтын да шығар! Сол науқанға жұмсалған қаржының қалай жымқырылып жатқаны – өз алдына бөлек бір үлкен әңгіме. Оның есесіне, статисткикаға бір еніп, одан шыға қоймайтын ол көрсеткіштер үкіметтің оң жетістіктерін еселеп жатады. Шенділерге де керегі дәл осы емес пе?
Осындайда «біреуге көмектескің келсе, балық берме, қармақ бер!» принципі еске түседі: бізде басқаларды айтпағанда, мүмкіндігі шектеулі топтарға арналған өндірістер аз. Тек қана мегажобалармен айналысып, қаржыны миллиардтап жұмсауға дәндігіп қалған үкімет шағын цехтарды назардан тыс қалдырған сияқты.
Үшіншіден, нарықтық экономика болған соң, байлар да, орташалар да, кедейлер де болады. Ол – баршаға ортақ заңдылық. Кедейлікті толығымен жойған ешбір мемлекет жоқ.
Сол себепті халықаралық статистикада аса бай, дәулеттілер мен ең кедей тобының арасындағы алшақтықтың өз рейтингі мен сараптамасы бар. Топтар арасында өз айырмашылығы, мақсат-мүдде қашықтығы болуы да заңды. Сөз жоқ, «аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды». Оған қоса, ақшасы бардың қолы ойнайды, ақшасы жоқтың көзі ойнайтыны да белгілі. Егер де осы алшақтық шамадан тыс болса, ондай жағдай әлеуметтік наразылықты күрт арттырып, соңы қантөгіс пен төңкеріске ұласуы ықтимал революцияға әкеп соғуы мүмкін. Мұның өзі «дер кезінде өз шешімін таппаған әлеуметтік түйткілдер ерте ме, кеш пе, саяси дүмпулерге ұласады» деген тарих сынынан өткен әмбебап кағидатты өміршең етеді.
Күннен күнге ұлғайып бара жатқан әлеуметтік алшақтық мәселесін шешпей, ұлттың ұйысуы, қоғамның біртұтастығы мен мемлекеттің тұрақтылығы туралы сөз етудің өзі артық!
Өркениетті елдерде бұл алшақтық ашық та бүкпесіз талқыланады. Және де белгілі бір елдің билігі неғұрлым өз халқына жақын болған сайын, ол алшақтық азайып, көп жағдайда бір-біріне ала көзбен қарайтын топтар арасы жақындай түседі. Мұның өзі мемлекет тұрақтылығына өзінің оң әсерін тигізеді.
Біз де болса, бұл критерийдің ресми өлшемі де жоқ (ресми органдар өздеріне жайсыз статистиканы жариялауға аса құлықты емес екені айтпаса да түсінікті). Тәуелсіз сарапшылардың айтуынша, ол айырмашылық аса қатерлі деңгейге дейін өсіп кетіп, антагонистік, яғни, бір-бірімен бітіспес қарама-қайшылыққа айналып барады. Бірақ соны мойындап жатқан ресми статистика жоқ: ауруын жасырған арам өледі емес пе?
Қазір еліміз жаңа кезеңге қадам басты. Бұрын жабулы қазан жабулы күйінде қап келсе, бүгінде ащы шындық аз да болса, айтыла бастады.
Соның бірі президенттің өз аузынан шықты.
Оның айтуынша, «Қазақстан байлығының тең жартысы 162 адамға тиесілі екен де, халықтың жартысында кіріс 50 мың теңгеден аспайды». 30 жылдық әлеуметтік-экономикалық дамуымыздың басты нәтижесі осы болып тұр емес пе?!
Мұндай сұмдық, адам шошырлық кереғарлық пен қарама-қайшылық халыққа тиесілі байлықты және оны сатудан түскен пайданы әділетті түрде бөлу секілді аса маңызды мәселені өте-мөте әрі орынды өзектендіреді.
Бұрын мұндай ұранды тек билік сыншылары ғана айтып келсе, бүгінде президенттің өзі осы қағидатты қолдайтынын ашық айтып отыр.
Мұның өзі бұған дейін жүргізіліп келген құбыжық экономикалық саясаттың түбегейлі бетбұрыс жасап, халық мүддесіне жұмыс істей бастайтынының бір белгісі болар.
Лайым солай болсын!
Төртіншіден, әлеуметтік саясаттың таза саяси астары да бар. Оны негізінен социал-демократиялық және солшыл партиялар басты бағдарлама ретінде ұстанады (партиялардың идеологиялық айырмашылықтарына біз алдағы бір мақалада кеңірек тоқталамыз, әзірше мәселенің құқықтық және экономикалық жағын ғана сөз етеміз).
Иә, әлеуметтік мәселелер саясатқа тікелей кірігіп кететін тұстарының қыр-сыры көп.
Соның ішінде ерекше орын алатыны – «пәленше жыл шешілмей, кордаланып қалған әлеуметтік мәселелерді тез арада шешіп тастаймын!» деген қып-қызыл популизм!
Популизм саяси технологияның бір формасы ретінде, әсіресе, сайлау алдында электоратты қолдауына ие болғысы келетін күштер мен адамдардың «сүйікті» әрі әбден жетілген әдіс-тәсілі. Талай адам сондай уәдешіл саясаткерлерге алданып, опық жеп қалды десеңізші! Ол пысықайлар да өз сайлаушыларын әбден зерттеп, біліп алған: популизм қақпанына түсе беретіндердің дені – оқыған-тоқығаны аз, сондықтан да әртүрлі негізсіз сөздерге аса сенгіш қайран қауым.
Неғұрлым парықсыз һәм пайымсыз болған сайын популизм соғұрлым пафосты болады!
Бесіншіден, әлеуметтік гүлдену әрқашанда әр ұлттың арманы боп келген. Осы тұрғыдан алғанда, біз де халықаралық тәжірибенің оң және теріс тұстарын ескергеніміз де жөн болар.
Әлемдік әлеуметтанудың теориясы мен практикасында «скандинавтік социализм» моделі (көбісі оны «социализмнің шведтік нұсқасы» деп біледі) ерекше танымал. Негізінен мұнайдан түскен табысқа негізділген ол жүйелерден «қара алтынға» кенде емес біздің де үйренеріміз мол.
Бір өзгешелігіміз ғана бар: негізгі экономикалық шешімдерді қабылдайтын саяси топ болса, біздегілер баршаға тиесілі байлықты сатудан түскен қыруар пайданы жеке өз қалтасына салуға дағдыланса, билікті қатаң бақылауда ұстайтын ол елдердегі ұстаным басқаша: бар табыс ортақ қорға құйылады да, баршаның игілігіне жаратылады!
Егер де Тәуелсіздік алған кезімізден бастап, бізде де дәл сондай, халықтық саясат жүргізілгенде, бүгінде экономикамыз бен жұртымыздың әл-ауқаты қандай деңгейде боларын өзіңіз де бағамдай беріңіз.
Өкінішке орай, ондай мүмкіндіктен біз айрылып қалдық…
Алайда, ештен кеш жақсы.
Әлеуметтік сала – күнделікті әрі тұрақты түрде табыс әкелетін бизнес сала емес, сондықтан оны қаржыландырудың негізгі көзі – мемлекеттік бюджет екені түсінікті.
Біздегі бір жаман әдет – дәл осы салаға ақша қарастырылғанда «қалдық принципі» қолданылады, яғни қаржы не ең соңынан, не жеткіліксіз түрде бөлінеді, әйтеуір, жетім баланың күйін кешіп жүреді. Бір қызығы – оған құлақ та, көз де үйренген, бәрі де солай болуы керек деп қабылдайды.
Кей жағдайда мемлекет саналы түрде өзінің Ата Заңда жазылған әлеуметтік міндетінен қашқақтайтын кездер болады: нарық заңдарын сылтауратып, өзінің мойнына жүктелген функцияларды жеке меншік саласына ысыра салады. Бізде де сондай «ғажайыптар» болған.
Ол мәселе, әсіресе, білім беру және денсаулық сақтау салаларында ушығып кеткен-ді. Жабайы каптиализмге көшкен кезде «барлық қызмет, соның ішінде, мектеп, университетте оқу, медициналық қызмет ақылы болу керек деген максималистік ұстаным салтанат құрды. Ақырында, бюджеттік жалақы мен зейнетақығы қарап отырған миллиондаған отбасы білім мен сапалы дәрігерлік қызметке қол жеткізе алмай калды.
Сөз жоқ, нарықтық экономика болған соң, ақылы білім мен медицина болуы түсінікті.
Алайда сол кезде мемлекет бір өте-мөте маңызды талапты ұмытқан секілді. Оның мәнісі мынада: мемлекеттік оқу орындары мен мемлекеттік медицина мекемелерінде халыққа қызмет ету тегін де, жекеменшік нысандарда ақылы боуы шарт. Өйткені, кез келген азамат (мейлі ол жұмыссыз болсын немесе табысы төмен болсын) өз мемлекетінен тегін білім алып, тегін емделуге құқылы.
Ал қалтасы көтеретіндер ақылы қызметке жүгінсе, жүгіне берсін!
Меніңше, мемлекеттің әлеуметтік әлеуеті дәл осындайда танылады.
Бір сөзбен айтқанда, бұл салада да әр адамның таңдау құқы болуы керек: мәселен, өте сапалы, ыңғайлы да жайлы ақылы жол енгізілсе (соңғы кезде солар тым көбейіп кетті, бюджетке қосымша қаржы керек боп жатыр-ау деймін), оған балама ретінде тегін жол болуы тиіс. Олай болмай жатса, ол тұнып тұрған монополия!
Алтыншыдан, бізде әлеуметтік кепілдіктерге тек қана мемлекет жауап беруі керек деген тым тұрпайы пікір қалыптасқан. Иә, салық төлеушілердің арқасында күн көріп жатқан мемлекеттік институтардың басты міндеті сол екені рас (әйтпесе, олардың өзін ұстап отырудың не қажеті бар?).
Бірақ, адамзаттың о бастағы іргелі жоспарларына уақыт өз өзгертулері мен түзетулерін енгізіп отыратыны бар емес пе?
Экономикалық өмірдің объективті, адам және мемлекет қалауынан тыс заңдары да сондай: «заманың түлкі болса, тазы боп шал» деп тазыға қатысты ақыл айтып қана қоймай, түлкінің де қамын ойластырған.
Мәселен, адамның басы – Алланың добы, өмір болған соң, әртүрлі күтпеген жағдайлар боп тұрады, табиғи катаклизмдер, форс-мажорлар дегендей. Мәселен, аяқ астынан пәлеге ұшырайды: жарақат алады, үйін топан су басады, бастап жатқан бизнесі банкрот болады.
Сол кезде байпағынан басқа сүйенері қалмаған қамкөңіл ағайынның бәрі әдеттегідей мемлекетке қол созады.
Бірақ, бәріне бірдей көмек беруге кез келген өкіметтің шамасы жете бермейді.
Мұндай жағдайда не істемек керек?
Кезінде әлемнің маңдайы жеті қарыс экономикалық гурулары мен ғұламаларының миы жетіп, әзер тапқан баршаға ортақ формуласын атам қазақ ежелде-ақ қысқа да нұсқа «Сақтансаң, сақтаймын!» деп, бір ауыз сөзге сыйдырып жібергенін қайтерсің!
Сөйтіп, айтпай келетін апаттар мен оқыс оқиғалардың салдарын жеңілдететін бір тиімді механизм дүниеге келген. Оның аты – сақтандыру.
Яғни, азамат өзінің өміріне, денсаулығына, тірлігіне қатысты қауіп-қатерлерді алдын-ала сақтандырып қояды да, басқа іс түскен не қиын жағдай орнаған кезде тиісті қаржылық төлемін алады. Оның сомасы бұған дейін өзі төлеп келген сақтандыру төлемінің көлеміне тікелей байланысты: сақтандыру жарнаңыз неғұрлым көп болса, қолыңызға тиетін қаржы соғұрлым қомақтырақ болады. Мұның өзі өзін алдын-ала сақтандырғысы келген адамды ынталандырып қоятынын қайтерсің. Басқасын айтып қайтеміз, Голливуд әртістерінің өз ағзаларын миллиондаған долларға сақтандырып қоятыны да содан болса керек.
Әрине, өртенген үйдің немесе жол апатына түскен көліктің, қала берді, банкроттыққа ұшыраған бизнес нысанының өзіндік құны бар, оны қол қойылған келісім-шартқа сәйкес, о баста бекітілген методика бойынша сақтандыру компаниялары басына іс түскен адамға төлеп береді. Мені ерекше ойландыратын бір сауал мынадай: өзінің өмірін сақтандырған адам өмірін қаншаға бағалайды екен?!
Осы орайда әскерде Отанына қызмет етіп немесе төтенше жағдайда басын қатерге тігіп, қаза тапқандардың өмірін өкімет соншалықты арзан бағалайтыны қынжылтады-ай кеп! Құдды бір сол адамды, оның туыстарын мазақ еткен сияқты!
Меніңше, осы бір іске де мемлекет тарапынан белгілі бір реформация қажет! Өз үшін емес, өзгелер үшін, Отаны үшін өмірін қиған немесе денсаулығынан айрылған азаматтарға, жақындарына төленетін қаржы бірізді әрі лайықты болуы керек деп санаймын!
Иә, басы ауырып, балтыры сыздамағанның Құдайда … және сақтандыру жүйесінде жұмысы жоқ. Түстен кейін маңырап жүретініміз де сондықтан.
Сол себепті, әр адам жастайынан бастап, өмірін, денсаулығын, қаржысы мен мүлкін алдын-ала сақтандыруды дәстүрге айналдырғаны ләзім. Әйтпесе, формальды түрде жүргізіліп отырған бұл жұмыс тек қана сақтандыру компанияларына ғана керек сияқты. Айтып істеген ұрлықтың айыбы жоқ демекші, шынын айтсақ, ол құрылымдар да азаматтардың сақтану және сақтандыру ісінен мейлінше хабардар болғанын қаламайтын секілді…
Жетіншіден, әлеуметтік саясатты жүзеге асыруда мемлекетке ғана қарап қалмай, қосымша қаржы көздерін іздестіруде қоғамдық институттарға да жүгінген абзал. Мәселен, шетелде осы бағытта жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың қарасы көп. Оның басты себебі сол: әлеуметтік салаға бет бұрған оларға заңнамада тиісті салықтық және басқа да жеңілдіктер мен преференциялар қарастырылған.
Сол себепті ірі корпорациялар да, дәулетті адамдар да өз елінің әлеуметтік мәселелерін шешуге белсене араласады. Бір жағынан салық төлеу жағынан қаржылай ұтса, екінші жағынан имидждік тұрғыдан пайда. Жарнаманың тасы өрге домалап тұрған бұл заманда оларға ол да қажет-ақ…
Ерекше айтарым: шет елдерде жарлы-жақыбайларға, тағдыр тәлкегіне ұшырағандарды, қиын жағдайға тап болғандарға, көмекке зәру басқа да жұртқа діни ұйымдар жүйелі түрде қол ұшын беріп, тамағы мен түнеп шығар орнына дейін ұйымдастырады. Сол үшін шіркеу қомақты қаржы бөледі. Сөйтіп, өз паствасының (жамағатының) қатарын ұлғайтады.
Біздегі дінбасылары ғибрат алар үрдіс емес пе? Әйтпесе, жұрт оларды тек қана өлім-жітімде және аптасына бір рет, жұма күні ғана мешітте көре алады. Халықтың мұң-мұқтажын ескеріп, әлеуметтік саясат жүгінің бір шетін өз мойнына алып, діннің гуманистік құндылықтары мен адамсүйгіш мұраттарын нақты өмірде паш етіп, нақты іспен насихаттаса, ешбір дін ұтылмас еді.
Қорыта айтқанда, әлеуметтік сала – кез келген мемлекеттің ішкі және сыртқы болмысын ешбір боямасыз көрсететін айна іспеттес: кейде сол айнадан арықтығын білдірмей, жүнін қампитқан, бірақ сырты бүтін, іші түтін өкіметтердің реалистік бейнесін көріп қаласыз. Өз мемлекетінен қолдау мен қорғау көре алмай жүргендер – сол елдің шынайы келбеті, ең шынайы социологиялық портреті (айтпақшы, «социология» деген ғылымның да түп негізі дәл осы «әлеумет» деген ұғым һәм құбылыстың түбінде жатыр).
Біз де анда-санда өз айнамызға қарап қояйық, ағайын! Бетіміз қисық боп көрінсе, ешкімге ренжімейік.
Ренжісек, «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет» деп Конституцияда алтын әріппен тайға таңба басқандай жазылған өз құқымызды қорғай алмай, өз талап-тілектерімізді орындата алмай, өз мүмкіндігімізді пайдалана алмай жүрген өзімізге ғана ренжиік!

Әміржан ҚОСАН

Пікір қалдыру