Әлеуметтік заманауи мәдени кеңістік һәм кітапхана жүйесі

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы ауқымды жобалардың іске асырылып келе жатқанына бүгінде төрт жылдан асып барады.
Оңтүстік астанамыз – Алматы қаласында бұқаралық мәдени-ағартушылық іс-шараларды тыңғылықты түрде өткізіп тұру бұрыннан қалыпты дәстүрге айналғаны баршамызға белгілі. Рухани, мәдени құндылықтарды сақтау және оларды ары қарай дамытып өркендету, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, білімге құштарлық сезімін арттыру һәм сананың ашықтығын насихаттау сияқты Бағдарламаның басты бағыттарының жүзеге асырылуына ұйытқы болып, пәрменді ықпал етіп келе жатқан бірден-бір ордалы ұйым ол – кітапханалар. Яғни, мыңдаған оқырманның басын біріктіріп, мәдени-ақпараттық кеңістіктің сан-алуан жаңалығымен сусындатып отырған қаламыздағы кітап ордаларын бұл орайда Бағдарламаның бағдаршамы десек те болғандай.

Гүлсім Сапакова, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының Алматы қаласы бойынша жобалық офисінің бас сарапшысы

«Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» қаланың сегіз ауданындағы жиырма алты кітапхана бөлімшесін қамтиды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында 2018 жылы Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы жаңартылып, түбегейлі қайта жабдықталды, сөйтіп ол жылына бес жүз мыңнан аса оқырманға қызмет көрсететін заманауи оқу орталығына айналды. Күні бүгінге дейін, яғни, 2018-2019-2020 жылдары аралығында кезең-кезеңмен қаланың 16 кітапханасы, Алматы қаласын дамыту «Шетсіз қала» жобасы бойынша, жаңғыртылып, қайтадан пайдалануға берілді. Осы игілікті үрдістер ары қарай да өз жалғасын табуда, атап айтсақ, ағымдағы жылы №№ 14,39 кітапхана-филиалдары, С.А.Бегалин атындағы Орталық қалалық балалар кітапханасы қайтадан жабдықталып, оған қосымша тағы екі нысан бойынша жаңа кітапханалар ашу жоспарланып отыр.
Модернизацияның мақсаты: кітапханалардың жаңа моделін құру, жұмыстың инновациялық түрлерін дамыту. Кітапханалардың заманауи дизайны уақытты ыңғайлы және пайдалы өткізуге арналған және оқырмандардың шығармашылық жұмысына, мастер-кластар, ғылым мен өнердің танымал өкілдерімен қызықты кездесулер өткізуге өте ыңғайлы. Оқырмандардың талап-тілегіне сай мол кітап қорымен жабдықталған, оқу залдары жайлы, қажетті ақпаратты тез табуға көмектесетін заманауи технологиялармен жан-жақты қамтамасыз етілген. Балалар мен жас оқырмандардың демалуына, оқуы мен түрлі танымдық-қызғылықты ойындар үшін жайлы жағдайлар жасалған.
Осылайша, Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітапха­нала­ры – ақпараттық, білім беру, ғылыми, мәдени және демалыс орталықтарына айналды. Олардың ішінде ең ірі Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы – коворкинг орталығы, А.П.Чехов атындағы Орталық қалалық кітапханасы – Алматы қаласы бойынша библиографиялық өлкетану орталығы болса, ал С.А.Бегалин атындағы Орталық қалалық балалар кітапханасы, Қазақстан Жазушылары кітапханасы, И.А.Крылов атындағы Орталық балалар кітапханасы, 13 көпшілік және 7 балалар кітапханасы, сонымен қатар жаңадан ашылған Алматы қаласының шығармашылық стратегиясы шеңберінде Қалалық мәдениет басқармасының пилоттық жобасы болып табылатын «Alatau Creative Hab» мәдени әлеуметтік ортылықтарға айналды. Бұл ХАБ-тың ашылу мақсаты – аудан тұрғындарының кітапқа, білімге деген сүйіспеншілігін оятып, келушілердің мәдени демалуына барынша жағдай жасау. Қазіргі таңда, бұл Алатау ауданының мәдени нысаны әрі қалалық коворкинг орталығы болып табылады, халықтың зор қызығушылық танытуы нәтижесінде, мұнда 21 шығармашылық үйірме ашылып, өз жұмысын тиімді жүргізуде.
Қазіргі заманауи кітапхананың негізгі міндеті – Алматы қаласының бірыңғай ақпараттық және мәдени кеңістігін құру, оқуға, Отандық тарих пен мәдениетке деген тұрақты қызығушылықты қалыптастыру. Сондықтан, кітапханалар көптеген мамандардың: жазушылар, суретшілер, тарихшылар, ғалымдар, блогерлер, өнер адамдары мен еріктілердің, студенттер мен мектеп оқушыларының диалог алаңы десек болады.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсету де жақсы жолға қойылған. Олар үшін барлық жағдай жасалған деуге болады.
Кітапханалар өз жұмысын сандық және сапалық көрсеткіштерін арттыруға бағыттайды. Жүйе түгелдей автоматтандырылған, кітапхана қорындағы әлеуметтік-маңызды құжаттардың цифрландырылуы да өңірлердің цифрлы коллекцияларын құруға толық мүмкіндік беріп отыр. Оқырмандарды тарту және кітапханалар өз жұмысын кеңінен насихаттау мақсатында, қаладағы барлық құрылымдармен, нақтылап айтсақ, аудандық әкімдіктермен бірлесіп, қаладағы түрлі орындарда іс-шаралар өткізеді.
Кітапханалар бір жыл ішінде дәстүрлі жұмыс түрлерінен басқа: әдеби және музыкалық кештер, «Өнер түні», «Кітапхана түні», Поэзия күндері, кітаптардың тұсаукесерлері сияқты 3125 іс-шараны оффлайн және онлайн режимде өткізді, оған 519825 адам қатысты. Қаланың шалғай аудандарында «Жылжымалы кітапхана» жүйесі белсенді жұмыс жасауда, онда жас ақын- жазушылармен кездесулер өткізіледі. Оқырмандар үшін жүйе бойынша 97 үйірме (жас қаламгер, актерлік шеберлік, домбыра ойнауды үйрену, бисертоқу, ертегітерапия, шахмат, сөйлеу өнері, «RoboticsLab», тіл үйрену т.б.), 24 клуб (поэзия әлемі, руханият, қыл қалам, шабыт, өрлеу, kіtaptalkу, motivationme т.б.) жұмыс жасайды, олар оқырмандардың өзара байланысы мен шығармашылық қажеттіліктеріне қарай орайластырылған. Оқырмандардың қызығушылықтарын ескере отырып, жаңа жобалар әзірленді: «Кітапхана – отбасылық бос уақыт алаңы», «Createch» – жасөспірімдерге арналған шығармашылық кеңістік, «Көпшілік алдында сөйлеу», «Логотерапия», «Жастар және құқық», «Алматыны жырлаймын», «Экософия», «Еріктілер жылы – болашақтың бағдарлары», «Фильмтерапия», «Лайфхак», «Startup» – жұмысын жаңа бастаған кәсіпкерлерге көмек“, «Білгім келеді», «Мамандықтың кілті», «Номофобия» – тәуелділіктен арылуға көмектесу т.б.

Кітапханаларды танымал ету, имиджин көтеру, қызметін жан-жақты насихаттау және жақсарту мақсатында қазіргі заманғы мультимедиялық кеңістіктер мүмкіндігі кеңінен қолданылады. Ол дегеніміз: әлеуметтік желілер, жедел хабарлар, форумдар, конференциялар. Барлық кітапханалар Facebook және Instagram, YouTube сияқты танымал әлеуметтік платформаларда өте белсенді қызмет етеді. Жұмыс барысын жарнамалауда басқа да бұқаралық ақпараттық құралдар өз үлестерін қосуда.
Бағдарлама жарияланған уақыттан бері, жоспар бойынша, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» сериясын оқырмандарға түсінікті етіп насихаттап талдау, жұртшылықтың оқуға деген қызығушылығын арттыру, қазақстандық ақын-жазушылардың шығармаларын танымал ету мақсатындағы «Kitap Fest» фестивалі жыл сайын күз айларында өткізіліп тұрады. Сондай-ақ, «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы аясында «Үш бәйтерек» жобасы, Ұлы ұстаз Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы және қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы мерейтойына орай дөңгелек үстелдер, көрмелер, «Балаларға арналған үздік шығарма», «Үздік оқырман» байқаулары, Шоқан Уәлихановтың 185 жыл толуына орай ғылыми конференция, «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» Қазақ балалар жазушысы Сапарғали Бегалиннің 125 жылдығы, «Ж.Жабаевтың 175 жылдығы» т.б. ең маңызды деген іс-шаралар атқарылды.

Жалпы алғанда бір жылда 3000-нан астам іс-шара өткізілді: кітап көрмесі – 900, оқу конференциялары, әдеби кештер, дөңгелек үстелдер, кітаптардың тұсаукесерлері, шығармашылық байқаулар және басқалары – 1200, акциялар, шолулар, азаматтық сабақтар, тарих сағаттары және басқа –1400.
Осы орайда, атқарылған бұл шаралардың барлығына да Алматы қалалық әкімдігінің тікелей ұйтқы боп, барынша қолдау көрсеткендігін зор алғыс сезімімен атап өткеніміз абзал.
Өткен жылдан бері қаладағы карантиндік жағдайға байланысты кейбір шаралар тоқтатылып, негізінен іс-шаралар онлайн форматқа ауыстырылды, былтырдан бергі 500-ден астам онлайн форматта өткізілген іс-шараның желідегі қаралымы 115 мыңнан асады. Сонымен қатар, оқырмандарға арналған кітаптар туралы ақпарат әлеуметтік желілерде және кітапхананың сайтында жүйелі түрде «Менің балалық шағымның кітаптары», «Соғыс туралы кітаптар оқу», «Абай әлемі», «Абай оқулары», «Әл-Фараби оқулары», «Бегалин оқулары», «Мақатаев оқулары», «Жамбыл оқулары», «Бір ел – бір кітап» жобасы бойынша видео-көрме, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіз еркін елденбіз» т.б. жобалары бойынша материалдар орналастырылған.

Былтыр «Рухани жаңғыру» бағдарламасына 4 жаңа арнайы жоба қосылды: («Үнем – қоғам қуаты», «Дәстүр мен ғұрып», «Еңбек – елдің мұраты» және «Құқықтық мәдениет»). Осы жаңа жобалар негізінде оқырмандардың талғам өресін жоғарлатуға, қоғамдық мінез-құлық нормаларын дамытуға, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, ұмыт болған дәстүрді жаңартуға арналған біршама іс-шаралар өткізу жоспарланған.
Тәжірибе алмасу мақсатында: «Бір толқында» Ресей мемлекеттік кітапханасы, Халықаралық балалардың бірлесу-байқауын балалар мен жасөспірімдер кітабының Халықаралық кеңесі Ұлттық секциясымен (IBBY) және балаларға арналған Украин кітапхана қызметкерлерінің ассоциациямен, «Scandinavian council» қоғамдық қорымен, Гёте Институтының Қазақстандағы ақпараттық-кітапханасымен, Алматыдағы АҚШ консулдігі, Норвегия, Швеция, Украина елшіліктерімен ынтымақтастық қатынас орнатылып, халықаралық іс-шаралар өткізілді. Қазіргі таңда, жаңа форматтағы кітапханалардың функциялары кеңейіп, заманауи талаптарға сай жабдықталып, ақпараттық ресурстары жетіліп, жайлы кеңістікке айналуының нәтижесінде, оқырмандар санының 100 пайызға артуына қол жеткізілді.
Алдағы уақытта да еліміздің дамуы мен жаңғыруының негізгі бағыттарын ескере отырып, әлеуметтік, мәдени, білім беру жобаларына қатысу, халықтың әртүрлі топтарын жалпы адамзаттық құндылықтарға баулуда һәм белсенді өмірлік позицияны қалыптастыруда Кітапханалар әрқашан сенімді де сапалы ақпарат көзі болып қала бермек.

Гүлсім САПАКОВА,
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының
Алматы қаласы бойынша жобалық офисінің
бас сарапшысы

Пікір қалдыру