ӘЗІЛХАН ХАЛИМАДАН СОҢ

1

Қайсар ӘЛІМ

Әзілхан таңғы шайға барар алдында әдеттегісінше айнаға қаранды. Киім ілгіш шкафтың ортаңғы қақпасын ұзына бойына алып тұрған айнадан тұтас нобайы аңғарылады. Ақ көйлегінің жағасын саусақ ұшымен тіктеп, әлдене ойдың жетегінде сұқ бармағын шошайтқанын аңғармады. «Ии, Қалимашым! Айтқаныңды қалт еткізбей, міне, аппақ, кіршіксіз жағалы көйлекпен, сақал-мұртым мұнтаздай қырулы, шалбарымның қыры түзу сынулы, өзіңнің сыныңнан мүлткісіз өткендей боп, тұрғаным мынау!» – деп баяғы әскери қалыппен шекесіне қолын қойып, қалт тұра қалғанын өзі де сезбегендей. Еріксіз жымиды. Іле түсі суынды. Айнадан ой елесі де көрінетініне тұңғыш рет таңырқап, қасына кеп иығына қолын артып, белінен жабыса ұстай алған Халиманы құшып-сүйгісі келеді. Сүйе алмайды. Бәтір-ау, айнадан дәл өзі көрініп тұр емес пе деп, шыны бетін сипалайды. Алдамшы екен… Ынтықтығының сәулесі ғана шашырайтындай, Халима жоқ! Жоқ! Жоқ! Мүмкін емес, бірақ, жо-жоо-оқ!
Солбыраңқы күйде созыла ирелеңдеп барып ас үстеліне жайғасты. Нанның бір үзімін талғап «елімнің, отбасымның амандығында дәмімді ұзағынан бұйыртсын», деп іштей күбірлеп, Ұлы күшке сыйынды. Келін-балалары жұмысқа кеткен, соқа басын өзінен артық санағандай боп, ыңғайсыз қалыпта бірер кесе шай ішті де, одан әрі дым сызғысы келмей, тәбетіне тас тірелгендей боп, жүдеу күйінде орнынан тұрып кетті. Айна алдына қалай келгенін сезбегендей. «Халимам-ау, күйімнің түрі осы, қаймақ қатқан қою шайың қайда?..» – деп, дауыс шығара сөйлегенін аңғармады да… Әл-дәрмені құрып, іргедегі төсекке сұлай кетті. Өксік буған денесі солқ-солқ етіп тулай жиырылып, ащы дауысын жастық астында тұншықтырды. Маңайына алақ-жұлақ қарап, оңаша екеніне қуанды. «Балаларыңа көз жасыңды көрсетпе!» демеп пе еді, қайран Халимасы. «Жә, жә, көрсетпеймін, көрсетпеймін» деп кемсеңдеген иегінің дірілін әрең басты. Есіне Халимамен ауруханадағы соңғы қоштасуы түсті… Екі рет наркоз күшімен ота жасалып, үш күннен кейін ғана есін жиып, құр сүлдері қалған әзиз жан ай аралатып қана үйге шыққан болатын. Тым әлсіз. Тірі аруақтай боп жүдеді, арса-арса сүйегі қалды салдырап. Үміт үзілмеді бірақ. Күллі отбасы жандарын шүберекке түйіп, күні-түні күзетте діңкеледі. Осылай аумалы-төкпелі жан азабынан тәні қуырылғанда көз шаранасы алайған ана әлдекімді іздегендей апалақтап жан-жағына зер сала ышқынды. Бұлар дәтке қуат болар деп кішкене шөбересін, өзі аттас Халиманы бетіне тоса қойды. Кезерген ернін жұмсартып алайын дегендей бірер жалап талмаған ол қызылшақа немені әлсіз өпті. Тойымсыз боп тағы өршелене өпті. Шөбересі де әже иісінен әлденгендей шыр етіп шұрқырап барып толастаған күйі бетін кәрі еменнің жапырағына үйкелегендей боп тынши қалды. Осы кезде Халиманың бұрық етіп көзінен ытқыған соңғы жасы сәбиінің маңдайына мөлдірей құйылған еді… «Қош, жарық дүние!» деп Халима да үзіліп сала берді… Бұл – 2001 жылдың 27 шілдесі күнгі сағат 9-дан 40 минөт кеткендегі қаралы мезет еді. 76 жыл соққан жүрек мәңгілікке тыншыды. 54 жыл «Әзілханым!» деп үздіккен іңкәр жүрек сыңарынан ажырап, сыңси жөнелді… Сыбызғының толассыз, азалы сазындай дәрменсіз уіл Әзілханның жүрегіне көшіп үлгеріп еді… Иә, иә, сол есеңгіреген сәтінде ғана ол жан жарының өсиетіне боркеміктік танытып алған-ды. Еңірегенде етегі толған. Көз жасын көлдеткен. Маңайымда адам бар-ау деп қымсынбаған. Тұңғыш рет Халима алдындағы серттен тайғаны осы шығар… Жария жылағаны да… Әйтпесе, оңашадағы жылаудан да күш жинап жүргені жасырын емес қой. Несін бүгеді:
«Өлмей қалдым мен әрең,
Болғаннан соң жан бөлек.
Күнде еңіреп жылаймын,
Көздің жасын себелеп».
Малмандай болған жастықты басынан сыпырып алып, оң жағына ысырып тастады. Ағыл-тегіл терлепті. Демі бітіп, бастырылуға шақ қалыпты. Қаралы ой дариясына енді батқалы тұрғанда Халимасының «тұрсаңшы, тіктел» деген қатқыл үні естіліп әрі терезеден мол шуағын шашқан күннен ұялғандай боп, аяғын еденге тірей кереуетінің жиегінде мең-зең күйде отырды. Құрысқан арқасын сипалап, жанын жадырататын кім бар екен-ау? Оң қолының саусақтарымен жауырын тұсын адақтап көріп еді, иығы қайырылғаннан бетер сырқырап, жаны көзінің ұшына тірелді. Сол қолымен де қармалаған, одан бетер ауырсынған. Қайда, қайда жылы алақан? Дәрменсіз мына күйінің күйігіне шыдамағандай боп, бүкіл денесін сықырлатып орнынан көтеріле беріп еді, қалпақтай ұшты. Кілемше үстінде тырбанып, сегіз көзінің шаншуын уқалап біраз жатты. Ғұмырында алты рет жүрек талмасына ұшырап, Халимасының өбектеуімен үнемі көтеріліп кетіп жүргенін тағы да ойлап, өзіне әлденеден әл-қуат іздегендей көзі жәудіреп жатқанын қарашы. Ернінен уіл үлбіреді: «Өлер едім мен қазір, Егер оған қосылсам. Қолтықтасып, күлісіп, Бұрынғыдай сән құрсам!» Орындалмайтын азапты арман екенін ұғынса да, әйтеуір, қысылғандағы тал қармағандай кеуілі ғой. Көзі ілініп кеткен екен, қанша жатқаны белгісіз, бір сәт Халиманың аққа оранған бейнесі елес беріп, ыссы демімен бетін шарпыған секілденді де, о, құдірет, серіппедей атылып, түрегелсін. Дым болмағандай сезініп, бойын жеңіл ұстаған күйі аяғын еппен басып кабинетінің есігін ашты. Өзге бір әлем жарқ ете қалды. Кітап сөрелерінің биік тұсына сүйемелдей қойған Халиманың үлкен портретіне жан біткендей боп қозғалақтады да: «Әзілім-ау! Үстеліңе отырсаңшы, қаламсабыңды қыссаңшы, жазғаныңды жазғандай жеделдетіп компьютерге теріп берейінші», – деген үздіккен дауыс үзіліп тынды. Сол өзінің керім дауысы… Естіген құлақты жібітіп жіберетін мөп-мөлдір тұнық үн. Еміндіре үйіретін сиқырлы әуез. Еркелетіп, еркіндікке еліртіп тастайтын күмбір леп. Жүрек қоңырауындай бебеулеген тәтті мақам. Махаббатқа малынған сезімнің сырлы сазы. Шабытын шапақтайтын шалқымалы шалқар дауыс. Әзілхан жақсы түс көргеннен бетер арқаланып, шабыт буғандағы ежелгі әдетімен апыл-ғұпыл күйге еніп, жан жарының суретіне ынтыға бір жанар қадады да баяғыша: «Құп болады, Халимашым, отырдым міне, жазуға» – деп, жұмсақ орынтағына қонжия кетті. Сол сәт желке тұсынан жеңіл леп жүгіріп өтіп, құдды, Халиманың үлбіреген ернінің табы шашына тигендей боп, мас көңілмен көзін тарс жұмып ала қойды. Енді аша алсайшы. Қорқады. Асыл бейнесін ғайыптан жоғалтып аламын ба деп, шошиды. Осылайша, баяғы пейіш бағын аңсаған байғұс жазушының көзі ілініп кетіпті…

2

Құс ұйқы Әзілхан үкідейін сергек-ті. Кеш жатып, таңмен таласа тұра береді. Кейде үш сағат ғана көз шырымын алып, күн ұзағына үстелінде сарылып жайғасуды бұйым құрлы көрмейтін. Қайта шиыршық атып, шабытына керіліп, өндірте жазатын. Есінемек түгілі есі сілкініп, жады біткен жұлқына жыпырлап, қайдағы-жайдағыны бүге-шігесіне дейін миынан себезгілейтін. Мұндай аса ілкімділігіне өзі таң қалып, кейбір ұйқы қанып алмағайып алаңсыз төсекте уақытын зая кетіріп тұрғандағысынан да жүйтки көсілетін. Ұйқы басқаннан болбыр неме жоқ тәрізді. Сол бойкүйездіктен сақтанып, өзін жараған аттай қутыңдата, құлпыртып ұстайтын әркез. Мұндай атжалмандай алғырлығына сүйсінетін Халима қарап отырған кітап қолжазбасынан басын көтеріп, еріне қызыға жанар қадайтын. Екеуі де соғыс көрген, бірі снаряд оқтаушы, бірі телеграфист ретінде мұндай жансебілдікке таңданушы ма еді, тәйірі. Қайта, бейбіт өмірдің алаңсыз пошымына кейде назаланып қалатын. Жағалай жадау тірлік секілді. Байпаңдаған біреулер. Асығыс-үсігістіктен әдейі бой жасыратындай. Маңғазданғыш, тікелей от қойып жібермесең жана қоймайтын баялашты тікенек секілді тіні сіңірленген бірдеңе. Демек сұстылығы да сұғына сыпырмаланып тұр. Ондайлар ешкімді оңдыртпайды. Себепсізден себепсіз опырып жібергісі бар. Бұлар мұндай болбыраңқы адамдарды тек соғыс өртімен ыстап, түтінімен аластау ғана керек деуден аулақ, әрине. Әрі кетсін ондай обадай күйдіргі ойлары… Бірақ дейді-ау, мына қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған заманның пенделері салғырттықтан арылып, сапалық қадамын ширата түскені абзал-ау. Тіпті ата-бабалар дағдысымен дараланып жүруге болмас па? «Ояншы!» деп атойлағысы келеді осындай жағалай әлсіздік буған, өскелең марғау буынға.
Ал осылай ақыл айтқыш Әзілханның мынасына жол болсыншы! Мұнысы несі, ұйқы басып, қор ете қалып. Затында жоқ әдетті шығарып. Әлде мана әзірдегі Халиманың суретінен шашыраған ыссы жалынның сай-сүйегін балбыратып жібергені ме екен? Үстеліне жайғаса бергенде желке тұсынан жылы леп шарпылып еді, соның магиялық өрісі болғаны ғой, сірә. Көп жазып, мейманасы тасып ғашығына емірене қарғанда, сексеннің төріне бір қадам ғана секіргелі тұрған Әзілханы балаша қуанып қалатын. Ғұмыр бойы осылай бір-бірінің көңілін сәбише көркем, алқаусыз мінезбен мәпелеп өткеріскен қайран жұп, сыңарсыз қаларына сенді ме екен, бәтір-ау! Тағдыр жетпіс тоғыздағы қартты қатты сынағысы келген сыңайлы… Міне, сол қаралы қазадан сілесі қатып шаршаған шалың үстелінің басында әнтек ашылған аузынан сілекейі сәл сыздықтап, пыр-пыр етеді…
Тәтті ұйқы ащы түстің ұйытқысындай болып, жан-жүректі іріткендей ғазал күйге ендіреді екен. Сондай азапқа түсіпті. Бір құбыжық аузын арандай ашып, тергеуге ала бастапты. Сұрағының сиқын… Өміріңде қанша рет шын жыладың дейді. Бұл адам өтірік жылай ма екен деп қасарысқысы келеді. Дәрмені жоқ бірақ. Анау гүрзі етігімен тепкілеп, жанышып езіп тастардай көзімен еденді мегзеп қояды. Амал жоқ, жылаған мезеттерін санамалай бастап, тосылып қалып еді, ысылдаған ысқырық аралас манағы дауыс зәре-құтын тағы қашырды. Өлердей қаймығып бір саусағын бүкті… Бала күнінде қанша жылағанын білмейді. Ержеткеннен кейін төрт-бес рет жылағаны есінде. Бірінші рет: 1938 жылы 5 қыркүйек күні үш жыл ғашық болған қызы Орынкештен: «Маған келмесін, хат жазбасын, мен онымен кездеспеймін», – деп Халима сәлем айтып жібергенде жылапты. Екінші жолы: 1943 жылы 9 қаңтарда фашист танктеріне қарсы тура көздеуге шыққанда 8 солдат, 6 аты оққа ұшып, зеңбірегі қирағанда жылапты. Әкесі мен немере ағасы майдан даласында ерлікпен қаза болғанын естігенде етегі жасқа толған-тын. Сосын тұңғыш сәбиі қырқынан шығатын күні қайтыс болғанда еңіреп егілген. Кейін 1953 жылы орталық комитет өзін «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясынан Павлодар облыстық газетіне редактор етіп бекіткенде үйіне келгеннен кейін «ол жұмыс менің қолымнан келмейді ғой, неге ризалық бердім» деген өкінішпен өксіген. Бар жылағаны осы екен. Әлгі әумесер бұл жауабына қанағаттанбады білем, «аз жылапсың, түге, өтірік, өтірік», деп өршелене түсіп, өңменінен қапты. Шыным осы, дегендей бұл қатты бұлқынып кеп қалғанда, селік етіп оянып кетсін… Ана құзғынның құрсауынан құтылғанына қуансын. Бірақ әлгіндей қызық сұрақтарды саралаудан ажырап қалғанына қамықты. Енді, міне, көз қиығынан сәл жылыстаған жасын саусақ ұшымен сырып тастап, мүмкін манағы жылаған шақтарын екшегендіктен көңілі босаған шығар, өз-өзіне әрең келіп, дегенмен де, жылайтын кезде жыламай қалған сәттерін неге сұрамағандығына кәдімгідей налыды. О-о-о, сонда ғой саусақтарын жүзден де артық бүккілер еді-ау. Сол оңбаған, жанын алардай тепкіленгенде, сондай қызық сұрақтарды қоя білмегеніне, қайран.
Енді өңінде өзінен-өзі есеп алып көрсінші бір. Ойпырым-ау, сүйек сындырар сан сынақтар сондай қысылтаяң қыспақта, ар мен аярлықтың арпалысында қалай ғана тізбеленіп келіп тұрған. Соның бәріне, бәтір-ау, төтеп бергенін айтсайшы. Жүндей түтіліп кетпепті. Қайта, жалғандықтың инесімен піскілеген сайын, шымырланып, шындықтың шарболатындай ширыға түскенін қарашы. Қысқасы, жылайтын жерде жыламайтындай қасиет тауыпты. Осынысы дұрыс болыпты. Қадалған жерінен қан алатындарға қасқана қасқайып тұрып, қан алдырмай кететінді шығарды. Қайсыбірін еске алсын. Біреуімен ғана тыйылсын. «Қазақ әдебиеті» апталығының бас сарашылығынан жөнсіз жаламен басын үйіткендей ғып аластағанда, тастай бекініп, қайратына мінсін. Безеріп, бедірейіп бүлінсін. Сондағысы: «Күлбілтелілер күйінсін!» Жылағысы келген, жылай алмады. Өлгісі келген, Құдай алмады. Жыламағаны жанына майдай жақты. Есесіне, борша-борша боп күллі денесінен қара тері судай ақты. Жеңілдеп сала берді. Жала дерті ащы термен ғана жуылады екен. Сенім мінсіз еткен еңбекпен қана бірге туылады екен. Сөйтіп қандай қисынсыз қыспақтарда да жыламауды үйренді. Бірақ… нәзік жүрегі қуанышты да қимас сәттерде үлбіремей тұра алмайды, үзіліп-үзіліп кеткісі бар, кірпігі еркінен тыс жаспен кілегейленіп кете береді… Боркеміктік емес, шүкірлік, тәубелік мінезінің мөлдірлігінен.
Сол «Қазақ әдебиеті» апталығының бас редакторлығынан Жазушылар одағы басшыларының бірінің бақай есебімен сырғытылғаннан кейін тапа-тал түсте жай түскендей есеңгіреп қалғаны рас. Сабыры қашып, жүйкесі сыр берді. Ешнәрсеге зауқы соқпады. Сең соққан балықтай туырылып түсіп, тулауға да мұршасыз күйде сұлық қалды. Қаламсабы өзінін теріс айналғандай. Жаңа шығармасының желісін ойлаудан да шайлықты. Бей-жай берекесіз тірлік. Тек Халиманың жетегіндегі жуас бұзаудай бүлік-бүлік жортады. Үй біткен жүдеулікке көшті. Жүйелі айлық кірмегесін жүнжітеді екен. Балаларының да емін-еркін қыдырысы сап тиылды. Олар да мейірбан әкелерінің қатулы қабағын бағып, ешнәрсенің байыбына жете алмай, әлденеден үркіп, беймазаланып шошынады. Шешелеріне жаутаңдайды. Тіпті нан болмай қалған күндері бір қызы білдіртпей құрбысынан қарыз алып, жоқшылыққа демесін болып та жүретін. Оның бұл айласын сезіп қалған шешесі Халима «ешнәрсеге алаңдамай, сабақтарыңды дұрыстап оқыңдар», деп кемсеңдегенін сездірмей теріс бұрылып, шаруасымен айналысып кететін де, баяғыда өз анасының қиындық басқа түскенде «уайым тамақ болсын» дейтінін есіне алып, көзінің жасын байқатпай сығып тастайтын. Міне, Әзілханның жұмыссыздығы екі жылға созылғалы Халима күндіз мәшеңке басып еріне қолқабыс жасаса, түнемелік ісімерлігімен әрекет етуден жалықпады. Іс тігіп, талғажу етерлік табыс тапты. Әзілхан да бастапқы қобалжуынан арылып, бірыңғай жазуына көсіле кіріскен. Қалам құдіреті қамықтырмады. Кей күнгі ашқұрсақтық қайта қыран бүркіттей асқақтатты. Мұндайда Халима «соғыста не көрмедік, бейбіт өмірдің тапшылығының өзі Жеңіс», деп көңілін көтеріп, шабытын шапақтап қоятын. Күйеуі мейірленіп сүйіп алмақ боп ұмтылғанда абайсызда қаламсабының шашыраған қара сиясы оның бетіне жұғып қалатын… Сосын оны кетіріп әлектенеді екеуі. «Махабатымның мәңгілік меңі» ғой деп, Әзілхан қалай мәз болып күлетін еді.
Бір күні екі кештің арасында Әзілханның жан досы Тұрсынбек Кәкішев зайыбымен келе қалсын. Балалар мәз болып шу ете түсті. Өткен жолғы бір келісінде ол кетерде киімін әперген балалардың әрқайсысын мақтай жөнеліп, қолдарына әке-шешесіне білдіртпей кәдімгідей қомақты ақша қыстыра салған. Жайшылықта әдептілік әдебінен аспай, түзу жүріп, шыншылдықты ғана шырақ еткен балалардың қылығынан артық өмір барометрі болушы ма еді, бұл жолы күлмің қағысып, бөлмелеріне зып етіскен. Ертесінде шешеден қатаң ескерту алған. Олардың көзінше Тұрсынбекке қоңырау шалып, кәдімгідей үлкен мәселені шешкендей біраз әңгіменің даңғарасын қақсын. Сол жағы сабақ болған шығар, балалары бұл жолы әке-шешесіндей адамдардың келгеніне шын қуанысып, жымың-жымың етісті. Шай ішіліп, бүкпесіз қауқылдасып, сыр ақтарысқан достар уақыттың қалай зымырағанына таңданысып орындарынан тұра бергенде олардың көзіне бір бала да шалынбаған еді. Шындап кетсе, Тұрсекеңнің қуылғына кісі бойламайды ғой, таңертеңгілік шайдан соң Әзілхан жазу алдындағы әдетімен үстелінің маңайында сипақтап жүріп, жоғарғы тартпасынан қомпиған конверт тауып алсын. Жүрегі солқ етіп, атқақтай соға жөнелді. Әлдебір намыс найзағайы басына шауып, есеңгірегендей күйде қос шекесін қысып орынтағына қисая кетті. Өмірінде бірінші рет Халимасына тіс жармады. Тұрсынбекке де ләм-мим демеді. Іштей ұғынысқан адамдар ғана нағыз дос екендігін кейін бір шығармасына арқау етіп, жібектей ескені бар.

3

Ұйқы деген жау қайырылып, майырылған соң Әзілхан үстел басынан қаршығадай сілкініп тұрып кетті. Бөлме ішінде кезбелеп жүріп, аракідік Халима портретіне қадала қарап, өзінің ғұмыр бойы жаңылыспаған «қалайсың, жаным?» деген үздіккен сөзіне үнсіз жымиысымен ғана жауап бергеніне шүкірлік еткен күйі бар еді. Соған мәз боп, іле жуынатын бөлмеге кіріп қолын шайып, таза саусақтарына қаламын қыстырып сәл бөгелді де Халимаға қайыра бір назар салып, «ал, жаным, кірістім», деді тас-түйін боп. Сол сәтте өзі үнемі адамзаттың сүйіспеншілігін сұлулыққа қоздыратын Моно Лизаға балап жүретін Халимасы «ауық-ауық мені ойласаң, қаламың жүреді » дегендей ыммен емеурін білдірсін.
Бірақ баяғы Халиманың кезіндегідей шабыт қысып, тайпалған жорғадай көсіле жөнелетін кезең бұл-бұл ұшқалы қашан! Портретке қарағыштап, желке шұқырын уақалап, қос самайын сұқ саусақтарымен батыра нұққыштап, ой құрысын жаза алмағаны. Көз жанары да ақ қағаздан тайқи тайсақтайды. Баяғыда окопта жатып, суретін сұраған ауыл қызына өзінің автопортретінде әзілдегендей «Көк тастан қашалғандай өң-келбетім, Салпы ерін, үйрек мұрын, шүңгіл бетім», – деп бейнелей түскендегі мұрнын бармақ ұшымен қысып-қысып ауаға деміккендей жұтынды да күллі кеудесін қопара терең тыныстап еді, денесі серги бастады. Е, сәт! Жазуына құмыға кіріскендей. Самарқау ой құйыла жөңкілді. Қаламсабы қиялында шашылған маржан тіркестерді теріп ала алмай жатыр. Жеміне соралаған қыранша үстеліне шүйліге тояттап, кейде салмағымен жанышталып, өзі сипаттаған «салпы ернін» дөңките қымқырып, жеңіл тістелеп қояды. Біразға созылыпты осы жанкешті күйі. Әдеқайдан лапылдай тұтанған ләззатты шағынан жауырыны тұтаса сыздап, шанышып кеткендіктен сәл ажырап қалды. Іле иықтарын алды-артына қайшылай, серпи жұлқылады да орнынан тұрып кетті. Қос жанары тағы бірден Халимаға қадалды. «Жаным-ау, құрысқан арқамды сипалашы», дегісі келіп еді, сұлуының жүзіне жеңіл жүгірген күлкісінен ұялғандай боп, «мен кеткелі денеңді аяз құрсаулағаны ма?» деп кекетіп тастардай сезініп, райынан тез қайтты. «Жаз, жаз, жазу ғана мені ойлап, шаршаудан құтқарады. Ризамын, сонда ғана саған», дегендей, Халима құлпырып көрінеді. Айтқанын қалт жіберіп пе еді…
Ешнәрсені қалт жібірмейтін дағдысымен үстеліне көз тастады. Мұнтаздай жинақылығына бағынған қағаздары, кейбір жедел пайдаланымдағы кітаптары, жүйрік автоқаламы, өшіргіші мен қарындаштары да тәртіпті қатаң ұстанғыш өзі секілді жауынгердей тап-тұйнақтай екен. Қобырап, шашыраңқы жатқан бірі жоқ, командирінің бұйрығын күткендей, тас-түйін күйде. «Ал бастаймыз!» деген сөздің аузына қалай іліккенін өзі сезбеген Әзілхан, орынтағына жайғаса беріп, «осы менің өз-өзіммен іштей сөйлесуім сыртқа да еріксіз лықсып бара жатқаны ма?», деп қауіп ойлап, жымиды.
Жазып жатқан шығармасының кейіпкері бір көргеннен ғашық болған сұлуының жүзіне балбырай қарап, уылжыған ерніне еріксіз төнгенін өзі де сезбей, тек сарт еткен шапалақ сартылынан есін жинап алған тұсын суреттей бастағанда Әзілхан да тежеліп, қаламсабын суытты да желкесінен төнген Халимасына шалқая қарады. «Біз екеуміз де сондай бір ғажап сәтті өткергеніміз есіңде шығар?» «Есімде, есімде, қалай ұмытармын!»
Әзілхан кейіпкерінің басындағы махаббат баянын жырлаудың орнына өзінің Халимасын алғаш рет қалай сүйгеніне ойысып кеткенін аңғармай қалды… Сүюге ынтазарланып, батылы жетпей, іштей тұншығып, құшақтауға оқтала түсіп қолын қылыш шапқандай кілт доғарып, азаптан азып жүрген бір түні күтпеген бақытына малынып шыға келген. Екеуі әбден жоңқаланып ескірген шалқаймалы орындықта үн-түнсіз қанша сағат отырғаны белгісіз күйде мең-зең боп тұра бергенде, Халиманың мойнындағы ақ шәлісі ысырылып жерге шұбала түссін. Бұл дереу көтеріп алып, әлгі жібектей сусыған шәліні екеуінің басына қымқара бүркеп, ыстық демдері шарпылған бір ессіздеу сәтте қыз ерніне сүліктей жабыса кетсін. Ілкіде не болғанын сезіп үлгермеген Халима, үлбіреген ернімен байқаусызда бөртіңкі бірдеңені өбіп-өбіп жібергенін тез аңғарды да ұяттан бетін шымшылаған күйі, әлдене пәледен машайық қашқандай сытылып ытқи жөнелсін. «Мә-мә-ә-ә, орамалыңды а-а-л-шы», деп жетім қозыдай маңырап бұл қалсын. Сол алғашқы сүйістің түрі осы болатын… Кейін естеріне алып, қытықтары басылмаған жастардай тоқтамастан ықылық атып ұзақ күлісетін кеп…
Әзілханның Халимаға сөз салғаны да қызық. Бірде жатақханаға келіп сүйіспеншілігін балауса жырымен шатып-бұтып жеткізуге әуестеніп жүрген бала ғашығын шақыртса, оның «осы қызбен сөз табыс, сені ғұмырлық бақытқа кенелтетін жалғыз жан осы болады» деген хатын бейтаныс бойжеткен қолына ұстатады. Сөйтсе, әлгі бейбақ бір бөлмеде жатататын Халима құрбысының өзіне келіп жүретін Әзілханға сырттай сезімі оянғанынан байқап қалыпты-ау. Көзіне көзі желімделіп, кірпігі қағылмады. Хор қызындай бір ертегіге малынған сурет есін алып, не сөз, не қимыл болсайшы, дауысын шығарғысы келсе, өңешінен тек кептелген діріл жүгіреді. Үні бітіп, еріні ғана жеңіл гуілмен жыбыр-жыбыр етеді. Тәтті түске қормаланған адамша бастырылға түседі де, демі енді үзіліп кетер-ау деген сәтте қайыра жанығып, қыбырлағанын сезіп, тірілігіне мәз боп қуанып, маңдайын жапқан терді алақан қырымен сылып тастайды. Уһ деп кеудесін қопара ауа қарпиды да тоқ соққандай дел-сал күйде манағы ғайыптан жоғалған нұр сәулелі аппақ ажарға құлай қарағасы келеді. Қайтсін, бірақ, қанша қарманса да сол елесті шақыра алмайды. Ұшты-күйлі құрыған. Жоғалған. Таптырмас енді сірә. Өксиді кеп, өкіреді, налиды нақұрыс қысқандай найсаптанып. Осылай ұзақ күйзеледі. Күңіренісі мен күрсінісінен өзі шоши бастап, қос шекесін уқалап, қарақұсын саусақтарымен тақ-тақ шұқылай шапақтап, әл-ес шақырады. Қайдан, салдырап қалыпты. Міне, кенет тұманнан аршылған күндей жарқ етіп, дәл алдында әлгі сұлу мүсін тұр! «Мен сені өлердей сүйемін», деп бетіне бетін тақап, үздіксін. «Жоқ!» деді өздері бүркемленіп тұрған саялы еменнің жапырақ қанатындағы нәзік бір үн үдей түсер екпінінен жаңылып. «Сүй, сүй» деп өтінгісі келгенін жасырмақ қулығы жамалының ұшынан үзілген сыр-тамшыдан аңғартып-ақ қалады. Жігіт шын сүймекке, жұтыла құмарланып тағы бір ұмсынғанда әлгі тұлымшағы желкілдеген ару жалт беріп, жүзіне тіпті есіріп ескен самалдың өзін жуытпай, қылмаң етіп, қымсына бұлт ете қалады. Аламандағы шаңын қаптыратын сәйгүліктей сырмінез екендігіне тәнтілендіреді. «Кетті-ау!» деп бұл таусыла үздігіп, қимастық шылбырын қос қолымен мытып тартқандай боп шалқалай бергенде әлгі елес тағы сағымдай боп керіле қалады. «Мен сені бір көргеннен сүйдім ғой!» деп ақтарылмақ болғанымен созған қолы ауа қармап, еменнің жапырақтарын саумалдай түседі. Осы жолы сол елес шынымен құйындай өршеленіп көкке шұбатыла ұзап «сүй,сүй» тағы да сүй дегендей үшкір үйкелісті тұмсығын туу аспанның жалына іліктірмек ниетпен зуылдай көтеріліп, көз ұшында шудалған ұршық жібіндей шыркөбелектене үйіріліп-үйіріліп ғайып болады. Осындай талма да талмауыр көріністер қанша қайталғанғаны белгісіз, жігіт әбден сілесі қатып құлағалы тұрғанын сезген сәтте, әлгі қыздың үмітін үздіргенін шын ұғынып, «өмір, өмір, неткен нәрсіз, кескінсіз, жүдеу едің» деп жерге өкіре құлағанын сезбеген-тін.
Беймаза күндер жалғаса берген. Өңкей сұрықсыз, өнбойын қасірет кеулегендей кесапатты кезеңдерді жүрегінен қалай суырып тастарын білмей Әзілхан діңкелеген сәттерінде Халимаға хат жібереді. Көзінің жасын бұлап, жүрегінің жалынына орап жазады. Қанша қайғыландым десе де хат соңында жадырап, жарқыл қаққан үмітінің үзілмейтіндігін сездіреді. Оны күтудің өзі бақыттан бас айналдырар керім сәт екендігін атша тулаған жүрегінің лүпілімен, жазуының екпінімен дәлелдегісі келгендей небір тәтті тамсаныстарымен төгілтеді. Кейде аяғына шоқ басқандай тыз етіп шоршып түсіп, еденге бетімен сүзе құлаған оспадарлығы да болды. «Сен жолыққың келмесе енді… », деп құтырынып жаза бастап еді, ыза-кек атойлап, мүмкін кездесуге шыққысы келмей жүргені әлдебір сайтан жігітіне сөз беріп қойғандағынан шығар, бәлкім дегендей, тұтанған өшпенділікпен тұтасып, жанын жаралай бастағанда да қоймай-қоймай ақ қағазға сусылдата берген. Күдік аралас жұмсақ ғайбаттары көбейген сайын, өзі жеңілдеп, Халиманы жібітердей сезініп, айбаттанып, арқырап көсіледі-ай кеп. Ара-арасында аңдаусызда дөңайбат сөздері де дөңгеленіп кетеді. Қайткенде де кездесуін мүлде тыйып тастаған Халиманың бетін өзіне бұрудың амалын іздестіреді. Мүмкін зекіп жазып, қай бейтаныспен айқасқа түссе де алып түсер күштілігін аңғартып қойса да артық болмас. Осы ойы тепкіленіп, «е, е, соның дұрыс, қыздар боркемік, жасық немелерді жаратпайды, менсінбейді» деп үриттей айтақтап, намысын қоздырып жібергенде «Егер осы хатыма дұрыс жауап беріп, кездесуге шықпасаң…» деп сүйкей бергенде қаламсабы қос бармағынан сусып түсіп, еденге қаламұшымен жапырылды… Көтере берем дегенде кеудесімен сиясауытты сүйкеп қап, ақтарып алды. Қара сия қағаз бетіне жайылды. Кәдімгі көктемгі ала көлшіктей ойдым-ойдым із тастап бүкіл жазғанының кей тұстары оқылудан мүлдем мақұрым қалды. Сорғышпен жалма-жан дегдітіп алғанымен, таза қалпындай қайдан болсын, тісін қайрап қайта көшіруге бекінді. Титықтап көшіріп, түгестім-ау дегенде, хатының беті тамшы түрткендей тіріліп, әлдене сіркірегендей боп шошынып кетті. Сөйтсе ағыл-тегіл жылап отыр екен. Халиманың өткендегі бір хатындағы өзі жаттап алған ынтық та ызғарлы сөздерін ойша қайталап күбірлеп, егліп кеткені ғой. «Мен де саған он төрт жасымнан іштей ғашық болдым ғой. Сен Орынкешке ашық ғашық болсаң, мен саған құпия ғашық болдым. Ғашық болсам да екеуіңнің қосылуыңды тіледім. Сендер армандарына жетсін дедім. Ғашық бола жүріп, онымды саған сездірмей, Орынкешке жазған хаттарыңды тасыдым. Және бір хатыңды ашып оқыған емеспін. Біреудің хатын рұқсатсыз оқуды ұят санайтынмын. Оның бір әрпін көруге ұялатынмын. Өзім не болсам, ол болайын, Орынкеш екеуің армандарыңа жетсін дедім. Қайталап айтамын және бір хатыңды ашып оқыған емеспін.», деген сөздерін алғаш оқығандағыдай еңіреп отырғанын енді аңғарды. Төгілген сиядан тазартылған хат, міне, көз жасымен аяусыз айғыздалды. Қыз да сау адамның ісі емес екендігін сезінер, бәлкім. Махаббаттың күйігі дер, көз жасының дертті тамшысы дер, бар үмітін білдірер…Осылай бекінді де осы күйінде конвертке салып, желімдеп тастады…
Бұл жылауық хаты оңынан жарап кетіпті. Жігітті аяған болар бәлкім, жауабы да тез қайтарылды. Тым-тырыс үнсіздіктің иі жұмсарған шығар. Алақайлап конвертті ашысымен әлгі қуанышы су сепкендей басылды. «Мен жасымнан суық тигізіп алып, сырқатқа ұрынғанмын. Бір-бірімізден аулақ жүргеніміз дұрыс!!!» Ал кеп өксу, ал кеп аласұру. Үш леп белгісін жыртып алып, талмап-талмап шайнап, түкіріп жіберсін. Лағынет атқыр үш леп белгісі! «Сүйемін, сүйемін, табысармыз», дегізудің орнына «Аулақ жүргеніміз дұрыс», дегізіп қан жұтқызып қойды ғой. Ендігі қай жазуымды да леп белгісінсіз қағазға түсірермін. Қандай ұсқынсыссың сен, леп белгісі! Көзіңді құрт, жоғал!
Халима марқұм кейін өзінің әдебиет көмекшісіндей боп ғұмыр бойы жазғандарын мәшіңкіге теріп беріп, қалжырап шаршаған сәттерінде «леп белгісін оңды-солды қойып жіберетінің бар-ау сенің» деп әзілін үстеп, екеуі көпке дейін күлкілерін тыя алмай, жасарып, жайраңдап қалатын. Мына қазір сол қимас шақтарын ойлап, леп белгілеріне деген ынтызарлығы артып, сағыныштан сарғайған сартап сәтінде, баяғыда Халимасының сеңді бұзғандай етіп оңашада айтқан серкелі сөзінің ыстығы жүрегін жылытқандай боп, бәрі-бәрін есіне түсірсін. Ұзақ отырып, жазудан дікелегеннен кейін Әзілхан шалғысын көтере алмастай болған шөпшідей өңі бозарып, демі жиілеп, құр сүлдермен шай баптап жүрген Халимасына жүзін бұрып, «әңгімеңмен сергітші» деп назданатын. Халима да не дерін біледі. Жарының жанына жағатын сөз саптауға машықтанған. Соғыс біткеннен соңғы екіұдай сезім шиыршық атқан, берік шешімсіз бірі емес, екеуі де адыра қаларлық күй кешетін ауыр ой толғанысын қайталап беріп, мына жазудан сүлесоқ болған жарын серпілтіп, құлдыраңдатып жібергісі бар. «Ал қайыра бір тыңда», – деп, құлағын кішкене саусақтарымен шымшылап тартқылап қояды. «Соғыс біткен соң өзің білесің, мен елге қайта алмай бір жарым жыл зарығып, Мәскеудегі институт аурухансында жаттым ғой. Жастайғы сол ауру қайта асқынған. Ойлайтыным сені қалай жетімсіретпеудің қамы. Аурудан құлан-таза жазылып, саған қосылсам деп тіледім. Тілегім қабыл болды. Мәскеу дәрігерлері мені біржола жазып, сауықтырып шығарды. Егер жазылмасам, мен саған тұрмысқа шықпайтын едім, жандай сүйген сүйіктіме ауруымды қалай жұқтырамын? Туберкулез – жұқпалы ауру. Сондықтан мен сенің жаныңа жолауға тиіс емес болатынмын. Сұрапыл соғыстан әрең жаны қалған сен сырқаттан аман болсын дедім. Осы тілекпен, әлі жазылар, жазылмасымды білмей, қиналып жүрген күндерімнің бірінде Алматыда, университетте оқып жүрген саған: «Бір жақсы қыз тауып, үйленіп алсаңшы» деп хат та жаздым, білесің. Жазуын жазсам да, хат кетіп қалғаннан кейін, ағыл-тегіл жыладым. Сені өзімнен өзге ешкімге қимадым. Сенің жаныңды мендей түсінетін бұл дүниеде ешкім жоқ деп есептедім. Менің бағыма қарай, сен ешкімге үйленбепсің. Мен жазылып, Мәскеуден Қазақстанға қайттым. Саған қосылып, осыншама бақытқа ие болдым. Сол кезде мені ауру меңдеп, о дүниеге кетіп қалуым да мүмкін еді. Мені бала күнімнен жабысып, ұзаққа созылған сол аурудан сен жаздың – сенің маған деген махаббатың жазды. Ол рас шығар. Өз басым өмірдің ең күшті дәрісі махаббат деп ұқтым». Осылай ұзақ әңгімесін тәмамдаған Халима сәл кідіргенде Әзілхан оның қаймыжықтай ернінен шөп еткізіп сүйіп алды. Үһ деді де ішіп отырған шайын ұмытып, үстел жаққа құмарлана көз тастап, орынан ширақ тұра берді.

4

Кешқұрымғы көз байланған шақ. Күздің кіреукелі, кесірлі мінез кезеңі еді. Аулада балалардың ғана ұмай-жұмай қимылы, ақар-шақар айқайлы жүгірістері молынан құрамаланып, маңай біткен ду-думанға ұласып кеткендей. Осындай күлкімен күмбірлеген, енді бірде ашу қысып бәсекелескен ащы үнді текетірес сәтін Халима қатты ұнататын. Өзі де баладай аңғалданып ойынға шекелері қызған әлгі балапандарға қосылғысы келгендей жүзі алабұртып, жеңіл қимылымен секіре билеп те алатын. Егер анадайдан байқаусызда ұшқан доп маңайына түссе кәнігі спортшыдай шалт қимылмен қақырата дәлдеп теуіп жіберетін. «Әже, әже, қатырдыңыз!» деп разыланған балалардың шаттанысына дауыстап қосылғысы кеп кетіп, ұяты жаңа есіне түскендей ақсия күліп, аузын жаба қоятын. Осындай алакөлеңке сәтте ауладағы шамдар жамырай оянып, үй маңы самаладай боп жарқ ете қалатын. Халима көзі қуақыланып: «Міне, менің дәл осындай жарық өмірім сенсің», – деп Әзілханның қолтығына бойын тасалап, қутың-қутың ететін.
Әзілхан жалғыз қалғанын енді ұққандай жан-жағына үрке қарап, әр тұстан үңірейе қарауытқан қою ағаштар қойнауынан Халимасы шыға келетіндей үргедек аңсаумен ошарылған күйі көңілі пәстеніп, қамыға қынжылды. «Қайдасың, Халимашым-ау!»… Күнұзақ мәшіңкеде термелеп отырып, малтыға шаршағанда далаға шығысымен жаны кіріп, байқатпай ана-ау-уу кәрі еменнің қалтарысына жасырына қоятын. Жазудан арыла қоймаған жанкешті ойларының салмағымен әлі жанышылып, жайбарақат жылжыған Әзілханнан сытылып кету оңай еді. Сәлден соң қараңғылықта сопиған өзін енді аңғарып, көзін жыпылықтатып маңайын шолулап тұрып-тұрып лажсыздан «Қайдасың, Халимашым-ау!» деп дауыстайтын. Жаңғырығы өз құлағына құмарланып қайтып келеді. Тағы қайталайды. Іздеген жоғы жым-жылас. Соғыс көрген екеуінен де қулық артылған ба, біріне-бірі алдырмайды. Бір мезет Әзілхан жерден құйын үйіргендей боп жоғалып кетеді. Тым-тырыс. Іздеулерін қойған. Аңдысу. Кім бірінші қолға түсер? Белгісіз. Кешкі тамақтың қамын ойлап, шыдамы таусылған Халима амалсыз алаңқайға шығып жағалай көзін суырады. Жоқ! Енді оның әбден діңкелетіп таптырмайтынын сезеді де жалына бастайды. «Қайдасың, Әзілханым-ау!» «Мындамын, Халимашым-ау!» деп шыға келер еді. Жоқ! Дегбірі қалмай дедектеп бұта-бұта арасынан іздеп, дағдарған қалпы кірме есікке беттеп еді, сәкіде қоңсылас көрші жазушымен Әзілханы алаңыз әңгіме соғып отыр…
Әзілхан «Айналайыным!» деп, күрт егіліп, құдды сол шақтарын сағынғандай боп жүрек тұсын ысқылап қойды. Енді мәңгілікке табылмайтын, жүдә жоғалған зайыбын күңірене еске алып, бір орнында байыз таппай сенделіп, теңселе берді… Көптен санасын сансыратқан көлденең ойларының кілті енді ашылғандай ма? Е, сәт! «Халимаға!» деп ойына түйіндеп қойды да леки түскен ішкі иірімдерін жоғалтып алардай тез шиырлап жадына тоқи бастады:«Қасиеттеп, құрметтеп Сенің махаббатыңды, Ұрпаққа үлгі болсын деп Алашқа жайдым атыңды». Осыны жарын жоқтап жазатын «Халимаға хат» азалы жырларының эпиграфы етіп алмаққа бекініп, дүр сілкіне қуанды, тосыннан құйылып түскен шумаққа разы болып уанды.
Жүрісін тежеп, миығынан жымиып әрі қарай көсілетін, миынан қашап өсіретін құйма жырларының тетігін дөп басардай ежелгі әдетімен ойнақылана ойланып мүсіндей қатып қалыпты. Халимаға хат түріндегі бұл жыр ғазелдері бір күндік сипаттағы, дүр еткен сезім шоғырлары бола қоймайтынын байламмен құтайтқан. Жылдар бойы, өзінің өлшеп берілген ғұмырына өзектесіп өріле беретін жыр жақұттары болатын шығар. Қайда, қашан, қалай ойына не келді, жарымен «тілдесулері» не берді, бәрі-бәрін сынамалап түртіп, қойын дәптерін толтыра алса, нағыз байлық сол болмақ. Жерде ме, әлде аспанда, суда ма әлде тағы не, қандай қозғалыс ыңғайында болсын, ежелгі журналистік ғадетімен келіп қалған жыр құйындыларын қылғыта бермек. Мұндайда жай-күй талғамайтыны өзіне аян. Махаббатты қызық баяндар қиял қозғап, өз құзіретіндегі тілін безендірсе, сағыныш сағымымен бебеулетсе, мына өмірде жалғыздықпен жылаған жанына демеу боларлық көріністер келісті кірігіп жатса, Әзілханнан артық бақытты адам болмастай дәуірленер еді. Ойша болса да Халимасымен беттескендей, баяғыдай ғашықтық әуенімен серттескендей серпіліп, сергіп қалмас па, түге! Сонысымен де тәтті әрі таңғажайып тағдырлы туынды боларына кәміл сенеді бұл басталғалы тұрған шығармасының бүткіл нобайы.
Небір өмірге келгелі тұрған шығармасының тізгінін берік, бекем ұстап, суындырған шарболаттай иін қандыра алмастай өткір, қайрақтай қылпыл күйге түсірудің кәнігі шебері бұл жолы да сызба-жобаларын мінсіз етіп қырнағалы тұр еді. Мұндайда жан-жақтан өре түрегелетін сыншыл-міншіл ойлардың да қапысын таба білу керек. «Халимаға хатын» ертеңгі ұрпақ қастерлеп кәдесіне жарата алар ма? Тіпті, бүгінгі оқырмандардың қолайына қаншалықты жағады? Ал махаббаттың ақ туы мәңгілікке желбіремесе, құбылмалы уақыттан мың түрлі түсі оңа қалса, көркем ойлары бөзге айналса, ғибратты өмір мысалдары орта жолда майырылып, маңызынан айырылса, ойға алған тұтас дүниесінің не берекесі қалмақ, бәтір-ау!
«Мүмкін менікі жай тыраштану шығар…» деп Әзілхан кәдімгідей абдырап, тершіген маңдайын алақанымен орамдап сыпырғылап, бетіне, құлақ қуысына, мойын астарына селкеулене жайылған қара мең ноқаттарының кейбірін тырнағымен қысымдап қойып, әл шақырғандай бекемдене түсті. Жасы меңдеп, ой қаумалап қинағанда осылай денесіне артық біткен ұсақ сүйелдерін ұстағыштап, дегбірін тауысқылап тұрып, іле күш-қайратқа кенеле қоятын әдеті бар еді. Сонысына басты қазір. Мәңгілік махаббат жырын мінсіз толғай алатынына күмәні бардай, екідай солықтап тұр. Хал-қадері жеткенше, Халима екеуінің тіршілігінің махаббат маздақтарын бөтен жүрек алақан жайып жылынардай етіп суреттегенін халық марқайып айтады. Ал енді сыңарсыз қалған осы күйінде сол ұшқыннан от тұтатып, мәңгілік алау жаға ала ма екен десейші.
Бұл ақ жүрекпен аңсау, ақтарыла армандау, өткенді өліп-өшіп еске түсіру өзге үшін қаншалықты қымбат болғанымен, өзіне тіпті ауыр салмақ саларлық міндет екенін де сезінеді. Халимамен өткерген әр шағын елестету – қуанышы мен қоса мұң сорғалатып, еңсесін езіп жіберсе қайтеді? Елу төрт жыл отасқан жан жарының орнын сипап қалса да үнемі қосақталып қасында жүргендей әсерге бөленуі әсте тиыла қоймас. «Әу, Халимашым! Не Халимашым!» деп еркінен тыс айтылып қала беретін қаратпа сөздерді аузына Құдай салмаса, кім тықпалайды?! Қалтарыстан шыға келіп, мойылдай көзін мөлдірете қадап, баяғыша иығына қолын асып, наздана тіл қататыны қалай? «Өшірме мені жадыңнан», деп қиылатындай. «Жо-жоқ, неге өшірем, қайта өсіре түсем», деп бұл жұмсақ үн қатып, дүрдиген ернін жазық маңдайына тигізіп, орамал астынан шығып тұрған шашынан иіскейді. Осындай екеуі балаша мәз болған сәттерде «Лаурам менің!» деп, оған ғұмыр бойы өлердей ғашық болып, қолы жетпеген, екеуінің арасын өлім ғана айырған Петрарканың үздіккен үнімен еркелетуші еді ғой. «Қойшы, Лаураң не?» дейтін әлемдік ғашықтық музасына ұқсағысы келгенімен де, әйелдік жасырын қымсыныспен. Ондай сұлуға кім жетіпті дегенін көз қырынан аңғартып, іле Әзілханның «әркімнің өз сұлуы бар, қазекемнің сұлу сұлу емес, сүйген сұлу» деген нақылының иіріміне сүңгіп, небір теңеулерін маржандай тізетінін біліп тұрса да ибалылық шеңберінен аса алмай, ақталуын тежеп қалатын. Сосын іші жылып «Айта берсін, ол өзі менің Петраркам екенін білгендіктен осылай табына сүйетін шығар», деп масатты жанарының аласын әдейі қорғалап үлкейтіп, таңданысынан нық сенімін әдейілеп асырып еселейтін. Әзілхан мұндай «жеңілісті» қалт жіберер ме? «Халимам – Лаурам, Лаурам– Халимам» деп қос сұлудың өзі үшін тең тізгінді екенін аңғартқандай болып, шалқи шабыттанып, шалқалай күлетін, рахаттана түлейтін. Тіпті көп реңкі Джакондаға да ұқсайтынын термелеп кетіп, өзді-өзі тәнтіленетін.
Кешкі серуеннің осындай қимас құндылықтарын құтайтқандай сезімге бөлегеніне іштей марқайған Әзілхан тағы бір ойдың қатпарына сіңіп, кәдімгідей күйгелектеді де қалды. Жарайды, ұлы Петрарканың Лаураға жолдаған сонеттеріне ұқсас етіп «Халимаға хатын» жүрегінен бұл-бұл ұшырсын. Мұны оқыған досы Тұрсынбектің түлені түртілмесіне кім кепіл? Әзіл-қалжыңы аралас «Сен қатыншылсың! Қас жаман қатынын мақтайды дегенді ата-бабам айтып кеткен. Байқасайшы!» деп дос жылатып айтатынның кебіне түсе қоятын. Дес бере қояр Әзілхан ба, Тұрсынбектің бар өнер, әдебиет бастауын әртістіктен алғанын алға тартып әзілдей түседі де «Ол сөзді мен де білемін. Бірақ, өзім «жаман» аталсам, аталайын, алайда әйелімнің жақсылығын жасырмайын деп бекіндім», деп ант тектес жүрек сертіне ешқашан селкеу түсірмейтінін нығырлайтын. Тұрсекең аңқауланып басын изейтін…
Бірдеңеге бекінсе Әзілхан, берекесін белдігіне бекем байлайтын әдетпен сыртқы есіктің тұтқасына қуаттана қол салды… Есік айқара ашылғанда күздік еттің иісінен кітап иісі басым шығып жатқандай боп мұрын қытықтады.

5

«Ұмсындым, ұлағаттым, ұлы болмысыңа!» деген Әзілхан, ойын құйын кернегендей кабинетінің төріне төте тартып, айналмалы орындығына қалай жайғасқанын аңғармағандай еді. Жайлап үйреніп, тылсымына бойлай бастаған компьютерді қосуға да мұршасы болмай, қара сиялы қаламын қыса ұстаған күйі сүйкектете жөнелді. «Мен өлем деп жүр едім, О дүниеге жиналып. Менен бұрын өмірден, Жарым өтті қиналып. /Дүниені тірлікте, Дүбірлетіп жиярсың. Соның бәрі қалса да, Жарды қалай қиярсың?/ Бірақ, енді біздерге, Кездесу жоқ, көру жоқ. Тату өмір сүргенге, Жаным риза, көңіл тоқ!.. / Осылай деп жан жарым, Өтіп кетті Өмірден. Бірақ, мәңгі кетпейді, Көкіректен, көңілден!» Басын сәл көтеріп еді, біраз сілтеп жіберіпті. Қара ноқаттар домалай шашырапты. Әр әрпінен, сөзінен үздіккендіктің үзілген тамшылары жанарынан емес, жүрегінен жамырапты. Халиманың соңғы тынысы бітерде ыммен аралас бейілденген ишараларын Әзілханнан артық кім ұғынар? Жәудіреген жанарынан сырғи сыздықтаған жастың да айтары барын сезген ол көкейіне кептелген үннен біраз сыр аңғарған еді. Енді, міне, дәл қазір сол түйінді «Тату өмір сүргенге, Жаным риза, көңіл тоқ!» – деп таратып, Халиманың өзімен өткерген жарасты ғұмырына деген іңкәрлігін, ізетін, ілкі сәттіктен ұзаққа балқытылған бақытын, сыйластықтың жақұтын өз өлеңіне термелеп терең әдіптеп жіберген-тін.
Көміліп отыра бергеннен кейде орнынан тұрып кабинет ішін жай басып, адымын созбай еппенен қимылдағанды ұнататын. Ой шоғыры сондайда тұтанып, мерекелік отшашу секілді маңайына мол шашырап, шеңберленіп жайылатын. Міне, міне, бүйірі қызды. Халиманың үстел үстілік суретіне үңіле түсіп, жансыз бетінен шөп еткізіп, кезекті бір лықсыған шумағын жадына тоқып үлгерді: «Өзіңді ойлап күрсінемін, күйемін, Сағат сайын рухыңа бас иемін. Сағынғанда суретіңді құшақтап, Қағаз-беттен қайта-қайта сүйемін». Сөйтіп мауқын басып үш қабырғада сірескен кітап сөрелеріне әдеттегідей жайнаң жанарын салғанда, Абай томына түйісті. Оған күніне бір қол тигізбей тұра алмайды. Ұстаздан да өткін ұстаз. Көміліп парақтап, сағаттап отырып қалатынын кейін аңғаратын. Сондай жазуы жүрмейтін дағдарыста баба ойларынан қуаттанатыны соншалық, қарасөздерін жаттауға кірісетін. Мықты жадына сенгендіктен құмарта бас қойып, лекіте сығымдап тоқи беретін. Мәселен, «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі. Шала мейір шала байқайды», дегенді сәтте қағып алады да мәнін үңгіп, сараптаумен арпалысады. Уақыт байқаусызда сынаптай сырғиды. Бейілді ісіне береке байланарын білетін ол тапжылмайды, тыпыр етпейді. Еңсе тіктеген соң Абай емеуріндері еліктіріп әкетіп, өзінің емес баба ойымен әлектеніп, әлкі-тәлкісі шығады. Ұстаз ұлағаты осындай-ақ боларын сезгендіктен де, сезім шараптына бөленеді. Әдейі әуреленіп, қара сөздердің ішкі қыртысын қырнай түседі. «Егерде мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды», дегенін оқи жөнеліп, жадына бекемдеп, «сол үшін мен не істемек керектігін» алыс бір нүктеге қадалып іздемек сыңай танытады да амалсыз кітап сөрелерін сүзгілеген назарын оқшаулап алады. Толассыз ой ағыны бәсеңсу орнына тепкілене жалғасады…
Қызық, жанары әне, Абайдан сырғып, отау құрғаннан кейінгі таңғы сағат бесте кезекке тұрып, жаздырып алған алғашқы қымбат мүлкі «Консуэло» кітабына түсті… Бұл да жаңа жиыстырыла бастаған кітапханасының серкесі, білімге құнықтырған серттесі болатын. Екеуі таласа-тармаса оқыған. Кейін әдебиет әлеміне еліктіре жетелеп әкеткен. Сөреден суырып ақжемденген мұқабасынан сипады. Халима қолының табын сезінгендей, бойы біткен ысынып жүре берді де қобалжуын ернін тигізумен басты. Үйленгеннен кейінгі алғашқы кітап алғашқы махаббаттан бетер ыстық екен. Жазу жүрмей жүрелеп қалғанда сол кітаптың мұқабасын бетіне басып, парақтап көріп, кей беттерін жүгірте оқып жіберсе, беймағұлым күш қайнап шапшып қоя беретін. Міне, қарашы, мына шумақ та былайша шу ете түсті емес пе: «Сен едің ғой менің шәрбат-суатым, Бар мінімді біліміңмен жуатын. Жаз өтті де, қабіріңді қар жапты, Тоңасың-ау, тоңасың-ау, қуатым!»
Өз сөзінен өз мұңы қоюланғандай болған Әзілхан бойы зіл тартып, жүрегі шаншып, мазасыздана бастады. Балалары жұмыстан әлі орала қоймаған еді. Асбөлмеге өтіп, дайын тұрған дәрісін талмады. Жүрек талмасына талай ұшырап, зәрезап болған оны Халимасы дәрігерше тап басып күтіп, сауықтырып ала қоятын. Аракідік асқынған сәттерінде ауруханаға өзі жекізіп, әбден беті бері қарағанша маңайынан шықпай, жөппелдемелік ақыл-кеңесін дәрігерлерше тықпалап, жүріп алатын. «Апай, сіз жоғары сыныпты кардиолог іспеттісіз ғой», – деп ақ желеңділер әзіл-қалжыңмен шын разы болатын. Тағы бірі «Бұл кісінің бізден артықшылығы жүрек сөзімен емдейді ғой», деп сыйластығы жарасқан қариялардың мейірімге суарылған көзқарастарына тәнтілігін жасырмайтын. Расында да жүрекпен жазатын қаламгердің жүрегіне сүйіспеншілік сезімі ауадан да артық селбесетінін дәлеледеп жатудың өзі артық секілді еді. Сол себептен де шығар, үйге жазылып шығып, бусанып терлеп шай ішіп отырғанда Халимасына үздіге қарап: «Сенің өзің бе, әлде сөзің бе, әйтеуір, мықты дәруменімсіңдер!» деп рахаттана шалқалап күліп алатын еді. Қайда сол шарбы бұлтсыз, ақ самалдай аппақ сәт? «Ойым, миым, көңілім, Қанымда қалған екенсің! Ақырын-ақырын алыстап, Жанымда қалған екенсің!». Дәріден кейін әжептәуір тынысы ашылды да, көкейіндегісін қайталай пысықтады: «Алыс, жақын – бәріне, Сыйлы болып өттің Сен. Өсуіне ұлтыңның, Үлес қосып кеттің Сен!» Тағы құйылды: «Өсиетіңді орындап, Өлмей тірі отырмын. Сенсіз өмір – қараңғы, Көзім бүтін, соқырмын!» Сөз де жейді адамды, қарашы, көзі қарауатып кеткенін. Тұра беріп, графиннен су құйып ішті. Бұл ыдыстың да көрмегені жоқ, өздерімен бірге жасасып келеді. Бірі қаламнан, бірі мәшеңкеден қолы босай қалғанда зәмзәм суға ұмтылған қос білек түйісе кетіп, жарыса сыңғырлай күлісетін. Соның бір мысқылын қазір алтынға саудалап ала алмас. «Бірі ерте, бірі кеш, Өтпек бәрі жұбайдың. Мәңгі тірі тұрмақ жоқ, Заңы солай Құдайдың!»
Осы сәт сыртқы есік құлыбы сылдыр етіп, үлкен ұлы Арнұрға ілескен немерелері шадыман шаттықпен «аталап» ішке ене берді. Халимадай асылдың соңына шашып кеткен жақұттарындай боп үйге іңжу-маржан төгілді. Көңілділік кемерінен аса жайылды. Бұл ақсақал Халимасыз іштей қалтыраған күйінен әрең ажырап, әжелеріне тартқан кейбірінің тұлымшағынан сипап, маңдайынан иіскеп тояттанады.
– Әже, әже! – деп қалды бірі атасының құшағына ене беріп, кілт тартынды да. – Әже, ой, ата! Мен сені қалай қатты жақсы көремін!
– Біз сені тіптен артық жақсы көреміз!
– Шынымды айтайын ба, иә, иә, әжемнен артық бізді ешкім жақсы көре алмайды!
Атасы басын изеп күлімдеп, жатын бөлмеге өте берді. Қос төсекті кереуеттің сол жағындағысына – Халиманыкіне күмп ете қисайды. Жастық иісі мұрнын жарып, басына шауып, әлдене жұмсақ үнге алаңдаулы еді. Жанарын ашса жоламай, көзін жұмса анық елестейтін әдеті бар еді Халиманың, бұл жолы да «демалшы, демалшы» дегендей мейіріммен жүзі айқындалып, баяу маужырата бастады… Көкірегінде мұңды әуен әуелейді: «Өлгенге ғашық болу жоқ, Тірілерге құштар көп. Мен қалармын тарихта, Өлгенге өткен ғашық боп!»
Қызыліңірден ұйқыға басу әдетінде жоқ еді, әлгі балалары жуынып-шайынып кешкі асқа шақырғанша, әл жиып алғысы келген. Және де әжесін сағынған немересінің манағы әлемтапырық жүзінен мұңды да терең сызатты айқын көріп, босаған көңілін оңаша жатып, бекітіп алмақшы. «Іздерміз, таппаспыз», деп қабырғасын қайыстыра өксіп-өксіп алды. Қайғының жасы құрғағандай ма, көзі сәл дымқылданды да қойды. Суала ма, екен, бәтір-ау, көз жасы? «Өзіңмен жүрген көшені, Кейде, шығып, шарлаймын. Ізіңді іздеп асфальттан, Күрсініп, жылап, зарлаймын».
Бөлменің бір қабырғасындағы киім жәшігімен жапсарлас қойылған ұзын тұрқы төбеге сәл жетпейтін темір сейф тектес қондырғыға қимастық сезіммен қарап жатыр. Іші толған күнделіктерінің жазбасы. Әрқилы кезеңде толтырылған блокноттар. Ұшақта да, жерде де күй талғамай сүйкей жаза беретін дағдысынан бір елі ажырамайтын. Уақытын зая жібермейтін құнттылығына орай жазбасы да көлемденіп, «бәтір-ау, бұған қашан үлгергенмін», деп өзі таңданып, біткен ісіне разыланып жүретін. Әрине кесек дүниелерінен суынып кетпейтін жанкештілігіне сай күнделікті жазбаларымен қоса ірі істері де табандап қалмай, алға толассыз жылжитын. Қос қанатындай ғой, бұл тірлігі. Екеуін де босаңсытпай, қуаттана қағып, еншілес мүмкіндігінен айырмай, сайыпқырандай құшырлана сілтей беретін. Сөйтіп жазуы – деміне, демі – жазуына айналғандай үнемі сергек, серпінді, сылаң жүйріктей сырғақ қалып сақтайтын. Әйтпесе тиіп-қашып түртінсе, жазу өне ме? Жазуды жүрегінің жайлылығына бағындырмай, керісінше жан қинауынан бармақ сорғызарлықтай кәйіптеніп, аса кәделісіндей кең пішіммен кестелеуге машықтанған. Береке, қайыр сондай сәттіліктерден тамшылап тұр.
Темір сейфтегі қолжазба мұраларын өзі туралы эпистолярлық жанрда кітап жазбақ боп жүрген Қамбар жорналшыға амалсыз ашып көрсеткенде ол, таң қалысын жасырмай, мына алтын қойманың кілтіне кім ие дегендей жаутаңдай қараған.
– Осының бәрін шашау шығармай жиысытырып жүретін Халима апаң ғой, – деп разылығын паш ектен Әзағаң, елпек көңілмен. Сосын ас бөлмеде жүрген Халиманы дауыстап шақырып, белдемшесіне қолын сүрткілеп жеткен жарына: «Мына Қамбарға мұра сырын ақтаруға болар ма екен? Рұқсат па?» деп алып, оның күлімдей бас изегенінен соң, текшеленген жазбаларды қопара тартып шығарып, алдына жайып салған. Әр дәптер, блокноттың сырына үңілгенде Халима жасаған картотекаға жүгіне қоятыны бар. Онан әрі оп-оңай жүйеленіп кете береді.
Бәрі-бәрін көз алдынан өткізіп, Халимасының қандай әдеби серігі болғанына таңданып, жазуды бұйыртқан тағдырының жар таңдарда қателестірмегеніне Құдайға мың шүкіршілік айтып, мына сейфтегі «Өсиет өлеңдерінің» жуырда кітап боп шығарын ойлағанда, бауыр-еті езілгендей төсегіне тіктеліп отырды. Бұл өсиет, аманат өлеңдері де Халиманың бір жолғы өтінішінен бастау алып, жылдар бойы үзіліссіз жазылған еді-ау. «Өсиет, өнеге, лұғат ұлт өскіндеріне аманат болсын, ойлассаңшы», деп еді. Кейін көзі жетті ғой, бұл ұсыныстың өміршеңдігіне. Басылымдарға жарияланған үзінділеріне разылық танытқан оқырмандар лебіздері қарша борап кетті. Кешікпей енді әр қазақ үйінің төрінде тұрарлық кітап болғанын қалайды. Бір сыншы әділ бағалағандай: «Өсиет өлеңдер» – бүгінгі қоғам мен әлеумет өмірінің ғана емес, адам жан-дүниесінің өзгерістеріне үңілген, ізгілікке, жақсылыққа үндейтін, кейінгі жасқа бағыт-бағдар көрсете алатын, көркем сөзбен жазылған шығарма» екен. Ләйім, солай боларына күмәні жоқ. Ондағы келте-келте келісті шумақтар кітап көлемінен асып әлі де жалғасып жатыр. Кез келген жерінен ойып алып есіне түсіріп көрсе, шынында да оқырмандар кәдесіне жарап қаларлықтай рухани байлық іспеттес. Мысалы, «Ойға сүңгі, кітап сүз, Еңкей-дағы жерді түрт. Ине шаныш, шөп сындыр, Еңбегіңді көрсін жұрт»; «Тіл туралы қаулылар, Бозөкпе боп ержетті. «Отан» деген асыл сөз – «Атан» болып ол кетті»; «Жерді сатпа тілгілеп, Болсаң егер кемеңгер: Өз жерін өз халқына, Саудаламай, тегін бер!»; «Жапыра жеп, тойған соң, Мақтап-мақтап кетеді. Одан кейін сені ол, есіне алып не етеді?»; «Жерді сатам дегеннің, Ақыл-есі шатылсын. Жердің жауы – ел жауы, Елден аластатылсын!», т.с.с. кете береді. Жалғастыра бермек ойы бар.
– Аташым! Шайға келіңіз! – деген шалқымалы шақыру ойын үзіп, орнынан жеңіл көтерілді. Оған ілесе шым-шым бір шумақтар да асбөлмеге қапталдасып қоса еніп еді: «Не жабырқау жүрерсің, Не боларсың көңілді, Қандай күйде болсаң да, бағалай біл өмірді!»
«Өсиет өлеңдер» күй талғамайды екен…

6

– Ақмоладан Гүлім деген қарындасыңызбын ғой, Әзілхан аға!
– Айналайын, сәлемат па? Ел-жұртың аман ба?
– Бәрі ойдағыдай, аға! – Байланыс үзіліп қалғандай боп арада сәл тыныштық орнады да қайыра естілді үн. – Ыңғайсызданып тұрғаным…
– О, несі, қысылмай айта бер!
– Мен сіздің әр шығармаңызды түгін қалдырмай оқып жүретін оқырманыңыз едім… –Тағы үнсіздік. Әзілхан әлдекімнің солқылдап жылап жібергенін ап-анық естіді. Жаны қалмай дегбірі қашты. – Қалқам-ау! Сен бе жылап тұрған? Не боп қалды?
– Алдымен, Халима апамның артының қайырын берсін!.. – Тағы өзін-өзі тежей алмай өксікке буылды.
Әзілхан көңіл айтуына рақметін жаудырып үлгергенше, Гүлім бастырмалатып, қақалып-шашалып өз ойларын шашыратып әрең жеткізді. «Сіз қысылып жүргенде маған ас батпай қойды-ау», дей ме? Әлдене сөздерін шұбыртып келіп ұсынысы барын да аңғартады. Бұл «не, не, не айтпақ едің?» дегенше, дәлдіктен ауытқып ауа жайылғандай болады. Жазушы оның шиыршық атқан сезімінің бұғалыққа бас көндірмей тұрғанын аңғарды да дауысын бөліп төтесінен сұрады:
– Қалқам-ау, кесіп айтқаның жөн болар, бәлкім! Қысыла көрме! Сен өзі аңқылдақ, ақ жүрек бала екенсің! Қандай өтінішің бар еді?
– Онда былай, аға! Менің қолымнан бәрі келеді. Мәшеңкенің түр-түрін басып ысылғанмын. Қазір компьютерді жетік меңгергенмін. Әдебиетті кейбір сақа мамандардан артық білем десем, асылыққа санамаңыз. Шынымды айтсам, мен сізге әдеби көмекші болғым келеді. Халима апамның орнын алмастырғым келеді. Сол кісі секілді сіздің қолыңызды ұзартсам деймін. Сіз жаза беріңіз, мен баса берейін. Тіпті корректурасын да өз мойныма аламын. Ол жағын да қатырамын. Сізге дәл қазір қайғыланып отырып қалуға болмайды. Мүжіліп кетесіз. Жазудан қаласыз. Сіз жазбасаңыз, қазақ әдебиеті ойсырайды, оқырмандарыңыз ортайып кетеді. Бұл сізге жараспайды. Халима апамның рухы жанышылмас үшін, Ағатайым-ау, әлгі айтқандарыма келісіміңізді беріңізші! Жалынам, өтінішімді кері ысырмаңызшы! Сөйтіңізші, Әзілхан аға!
Әзілханға мына өтініш тым тосын әрі қатал, үстірт, жеңілтектеу боп көрінді. Менің тағдырыма араша түсіп, өзінікін аяусыз кеселдетіп алса не болғаны. Сол тұрғыдан аяп, бетін қайырып тастағысы келгенмен, әлдебір ойы батыл шешім қабылдауға итермелей түскендей еді. «Бұл баланыкі жүрек сөзі екені байқалып тұр!» Отбасылық жағдайын білмек боп, сол жағын сұрастырды. Мектеп жасындағы үш ұлын жалғыз асырап отырған көрінеді. Пәтерін сатып, Алматыға келіп жалға тұрмақ. Қолжазбасын күттірмей теруге берсе, әріқарай бәрі ойдағыдай боларына сендіре сөйлейтінін қайтерсің. «Балаларым, жұртым не дейді бұған?» деп алаң ойлағанша, Гүлім телефонның арғы жағынан «ағалауын» тағы үдетті де, Әзілхан да батыл шешімі ауызына түсердегі мәнәйі мәрттігімен қойып қалсын:
– Келістім, қалқам, келе беріңіз!
Содан бергі уақытта зілмауыр ойлар Әзілханды меңдей түсіп, әуре етті. Жатса-тұрса, тіптен жазу үстінде де «Гүлім бала келгеннен кейін не болады?» деп, берекесі қашты. Төрт бөлменің қайсына басын сұқса да алыпқашпа ойлар жалына ілестірмей, «мазақ, мазақ боласың» дегендей түйрелей ала жөнеледі. Өткенде балаларына осы байламын білдіргенде бірі қөңілі үшін құптап, екіншісі тымырая түйіліп, үшіншісі алакөзімен ту сыртынан атқандай боп көрінген. Өзін қандай жағдайда да терең түсінетін, қазақ тіліне өте жатық, тіпті шешендігін атасына ұқсатып разы қылатын немересі ғана күлімдеп, басын изей, «құба-құп, қолыңыз ұзарып, көсіліп жазатын болдыңыз», деп жанын жалғыз сүйем сөзбен байыздандырып қойған. Соған мәз боп қалды. Орнынан тұра бере төрдегі Халиманың портретіне көзіп түсіп кеткенде, ұяттан беті қызарып, не деп ақталарын білмей, ал кеп абдырасын. «Менімен ақылдаспай істеген алғашқы шаруаң шылаулы, табысты болсын!» деп мысқылдағандай Халима, екі езуіне күлкі жиып алыпты. Бұл үнсіз сытылып кетпек боп орынтағын айнала бергенде, Халиманың әмірлі үні естілгендей боп селт етіп тұрып қалды. «Қандай оймен қыз баланы қасыңа алып жатырсың?» «Сен кеткелі әбден әбіржіп біттім ғой, жұмысым өнбей. Өзіңнің әдеби көмекшілігіңді алмастырса деп едім». Ауыр үнсіздік. Жерге кіріп кетердей боп тесік іздейді. Таппайды. Бой-бой боп терлеп, портретке айтты: «Құрысын онда, оны есігімнен сығалатпаймын». Портрет жібігендей болды: «Сығалатасың, сырласасың, әдебиет туралы ортақ ойлармен бөлісесің, қолжазбаңды бастырасың, корректурасын, гранканы оқытасың, кітабыңды саттырасың, бірақ, шабыт буып отырғанда оны сүйіп алмайтын боласың…» Әзілхан кәдімгідей шошып кетті. Ұры ойының бір тылсымы сынағына алғандай, өзін кінәлі санап, қарабеттене күйгелектенсін. «Оны сүйіп алмаймын деп серт бер!» Жауап бере алмай, тас-түйін тұр. Сүймейтініне ант етіп, сүйіп қойса ше? Нағыз күнә сол болар. Онан да ләм-мимсіз қалғаны жөн-ау. Анты бұзыла қалып, жұмақтағы Халимаға бара алмай, тозақтан бір-ақ шықса ше? Одан өткін күнәһарлық болмас та. Үндемей құтылғанды жөн санап, тілін жұтып, қасарысты да қалды. «Жағымды айырса, айырсын!» Портрет сабасына түсіп: «Әзіл-ау, қиналған жерің осы болды білем. Енді не істейтініңді айтайын ба?» деді де баяғы биязылығымен көңілін аулай сөйледі. «Оқырман меселін қайтаруға болмайды! Ақжүрек оқырман екенін сеземін. Келсін, әдеби көмекші етіп ал! Мекен-жайы бөлек болса болды да… Әдебиет қызғаныштан ада болған жағдайда өсіп-өркендейді ғой. Білемін. Бір ғана өтінерім бар. Екеуіміздің мәңгілік махаббатымызды жырлап жүріп, кірлетіп ала көрмеші! Жалынам, кірлетпеші абайсызда! Ал оқырмандық таза махаббат ондайға бөгесін боларын және сеземін! Сеземін, Әзілім! Алаңдама, Әзілім! Туған әдебиеттің болашағы үшін сырт көздің өсек-аяңын жиып қоюға тура келеді. Келістім. Көмекшің қолыңды ұзартсын! Ол бала сырттай сені жыға таныса, мені де өгейсімес деп ойлаймын. Оқырман махаббаты мен менің махаббатым сенің шабытыңның қос қанатындай болсын, алысқа серме, не тұрыс бар енді, қаламыңды ал қолыңа. Бұл реттегі ауыр түйсікті ойларыңды тыйып таста осымен. Болды, Әзілім! Қимаймын, қайтем енді. Әдеби көмекшілігімді қимаймын!..» Әзілхан түс көргендей мең-зең күйден өзін түртіп оятқандай боп, қос шекесін аяусыз мытып-мытып жіберді.
Тірісіндегі ақылды Халима өлісіндегі шешімінде де «жаза» баспапты. Тура өлшеп-пішкендей. Гүлімге бауыр басып қалғалы да біраз ай аунап түсіпті. Оғаш қылықсыз, биязы мінез, көркіне ақылы сай, озық білімді, әдебиетке ілімді, ерекше бір жан екен. Екеуі бірден жарасты. Жақсыда жаттық жоқ сыралғылардай сүйіністі істерімен әуре. Әдебиет әлемінің асыл тініне ілініп жүргендей ыстық көңіл әлдиіне бөленеді. Ондай ұлы суреткерлік көшінде не жоқ дейсіз. Бәрі бар. Үздіксіз аумалы-төкпелі жұмыс процесінде жалғасып жататын түрлі көңіл-күй ауанының бір сәтіне шырмалып қалуға және болмайды. Сәтсіз түскен бір сөйлемге қызалақтап, шамырқынап шыға келсе, істің берекесі қашады. Әлдебір жаңылыс басылған бірер қателер немесе мазмұн шырқын бұзар бұрмаланған сөйлемдер болса ше, бәрін де Әзілхан қанына біткен жұмсақтығымен кешіре салады. Бірақ қолжазбаны теру барысындағы ондай салғырттық жиі қайталанса, найзағайдай шарт ете қалу түк емес. Шөп айырлап жатқан жоқ қой, тасқа қашалып бұйыртса, өмірі мәңгілікке бағытталатын сөз қашап жүр емес пе! Сол себепті тұрмыстағы Әзілхан басқаша еді… Ал жазудағы оны баяғы неміс солдаттарын аяусыз жер жастандырған қанды қырғынның қайыспас, көзі тұманданған қаныпезердей қасарыспа мінезді дүлей күші дерсіз. Әне, әдебиет майданының алғы шебіндегі оны ажал оғы дәл тырапаң еткізбесе, ардың ісін арқалаған күллі болмысынан бір түйір кінәрат табыла қоймас. Өйткені әдебиет үшін туған, әдебиетті кір шалдырмай өлетініне серттескен. Осы мәрт мінезі Халимаға ұнайтын. Жайшылықта аузы аңқиып кейбір тіршілік мәселелерін үтіксіз әрі итере салатын ол, қаламсабын қолына алғанда анадан жаңа мінезбен туғандай боп сестеніп, жалы күдірейіп, адам танымастай өзгеріп шыға келетін. Осы сырын білетін Халима жанарын төмен салып, қате басқан ағаттығына кешірім сұрағандай боп сызыла қалатын… Әзілхан ондайда «Жә, ендігәрі жіберме, мұқият бол!» деп түнгі жабылған түңіліктей түнеріңкі қабағын сығырайта ашып, аялы жанарын мейіріммен сүйіктісіне қадайтын. Сол-ақ екен Халиманың өңі құлпырып, саусақтары пернетақтада салалана жүгіріп, қомданып ұшып кетердей теңселе түсіп, қолжазбаны тінткілей термелейтін. «Бәлі, саған қалай ілесемін?» деген Әзілхан ошарыла қарап, эссе тылсымының өзгеше ағынын жарының жүзінен аңғарғандай боп, « келші, сәулем, бірауық диктовкамен еңсеріп тастамасам болмас» дейді де қасына түрегеп барып, жаурынынан бір қағып, маңдайынан емірене иіскеп, майдай жұмсақ әуезімен әлдене мәтіндерді мәнерлеп айта бастайды. Құдды, ғайыптан ауада жазылған сөйлемдерді бабымен оқып тұрғандай әсерлендіреді. «Міне, міне, неткен ұйқасты құйылыс!» деп Халима күллі әріптердің бас дирижерінше тіптен өркештеніп кетеді.
Әзілхан құлағына Халиманың сол сөзі естілгендей болып, көлденең қойылған үстелде компьютер басып отырған Гүлімге үңіле қарады. Аузы әнтек ашылып, бүрме ернінен тәтті әуен аракідік лықси төгіліп қалады. «Міне, қандай ұтырлы ұйқас!..» Құдайым-ау, өңім бе бұл, түсім бе ? дегендей Әзілхан әлденеше қайталанған әлгі сөздерді кім айтып отырғанына таң. Гүлімге бір, анадайдағы Халиманың портретіне екі қарағыштайды.
– Сенбісің, Гүлім? Бәтір-ау, не деп қалдың?
– Не деуші едім, аға, жазуыңызға разы болғандықтан шығар, сүйсінгенде дауыстап жіберетін әдетім бар еді, – деп Гүлім көзін жыпылықтатып, сәл үнсіз қалды да пернетақтаны одан әрі тасырлата жөнелді.
Әзілхан басын шайқап жіберіп, таңданысын жасырмай мына ақ көңіл де адал, бала мінез, сүйріктей көркем келіншекке жұтына қарап қалды. Бар ынты-шынтымен жұмысқа берілуі Халимадан айнысайшы. Алшысынан түскен асықтай боп жып-жинақы отырысы да ұқсайды. Дөңгелек жүзі, қыр мұрыны, жазық маңдайы құйып қойғандай. Егер ту сыртынан келіп, шап беріп «Халимашым» деп құшақтай алса, нағыз өзінің әсершіл қылығымен мейірленіп жауап берері сөзсіз-ау.
– Халимашым! – деп орнынан лыпып тұрған Әзілхан өзінің нендей күйде екенін аңғармай, қос қолымен санын соғып қалып, сабасына түскісі келгенімен ырқынан тыс оқшау мінезіне қызарақтап, ақталғандай болды:
– Кешір, қалқам! Мен сені Халимаға ұқсатып…
– Ұқсағаным қандай жақсы болған! Сізді мәпелеп өткен адамға ұқсасам, армансыз екем, аға! Танимын ғой, білемін ғой, мен Халима апайды. Сіздердің мәңгілік махаббаттарыңыз арқылы жете түсінемін ол кісіні. Жазғаныңыздан жинап-тергенім қанша ма? Өнеге-үлгі бұлағы емес пе! Нағыз қазақ келіні дерлік сипат-сырын сары алтындай бір басына теңгерген сұлу да сыпайы, ақылды да ардақты апайым ғой ол кісі! Сырттай сол кісіге ұқсағым келетін, сіздің әдебиетіңізге сол кісідей көмектеспек арманым болушы еді. Әзілхан ағам-ай, мендей өмірге іңкәр жанды түсініп, тілегімді қабыл алғаныңызға рақметімді қалай айтарымды білмей жүрмін… Енді мына қараңызшы, ұқсағым келген Халима апамды мен арқылы елестетіп отырсыз-ау! Не дейін, енді не дейін? – Гүлім қос қолымен бетін басып, еңіреп жіберді. Бетіне, кірпік-қасына бояу жолатпайтын еді, осындайда айғызданып шыға келмейтініне сенімді күйде домалана түскен тамшылардың жолын бөгемей, алақанын ағасына қарай жайып: – Әзілхан ағатайым, шынымен, шынымен, мені Халима апама ұқсаттыңыз ба? Жалынам, жалынам, басыңызды изеңізші. Алдап тұрған жоқсыз ба? Айтыңызшы, айнымаймын ба? Бұдан былай терім жасап отырғанымда байқаусыз етіп, құлағыма «Халимашым» деп сыбыр етіңізші. Сүйтіңізші! Несі қиын, өтінем, – деді ықылық атып қуанышты жасын сүрткілей.
Әсершіл жан-дүниесіне сезім-бомбасын жүрегімен сықап алған мына Гүлімнің кім екенін анық біліп отыр еді Әзілхан. Сабасына түсірмек боп ақырын ғана:
– Айналайын, асыл балам! Түсінем, түсінем сені! Сен, кешір, мені, «Халимашым» деуге қалай аузым барады? Бара қоймас! Бірақ сені жасым еңкейгендегі әдеби өмірімнің өртеңге шыққан жас өскіні, қаламымды қайраттандырған, қалампыр гүліндей тынысымды ашқан нағыз Гүлім деп әспеттеймін, жүрегіммен алқаусыз бағалаймын! Түсінші, Гүлім! – деді де бөлмеде баяу жүріп, мұңды мақамға басты: «Ақсия күліп тұратын, Тістеріңді сағындым. Ұмытылмас мәңгілік, Істеріңді сағындым.»
– Халима апама арнадыңыз ба?
Әзілхан басын изегенсіп әлгі ойындағысын қағазға шапшаң түсірді де еңсесін тіктей тағы күбірге басты:
– «Еркелеткен баладай, Қылығыңды сағындым. Бойыңдағы ар, ұят, Ақылыңа табындым»
Гүлім өзгеше шабыт буған Әзілхан ағасының жағдайын түсініп, бұл жолы ештеңе сұраған жоқ. Халима апасына сағынышын мына шумақтар тіпті еселей түскендей болып, өзі де «енді қалай жұбанышын жұптар екен?» дегендей ынтықтықпен демін ішіне тартып, күтті. Кетті әне, келесісі. «Жұртқа жылу шашатын, Мейіріңді сағындым. Жақын, жат деп бөлмейтін, Пейіліңді сағындым», деп дауыстай жазып, іле сол екпінімен дауылдай дабыл қақты: «Кеңес, пікір, сөзіңмен, Толтырушы ең ойымды. Басқалардан осылай, Биік еттің бойымды. Айналайын, Халима-ау! Жан-тәніңді сағындым. Жылай-жылай күн сайын, Аруағыңа табындым!»
– Гүлім, кешір! Жазуымыз тоқтап қалды ма? «Халимаға хат» делінген сағыныш саздарын жазып жүр едім, осылай уақыт талғамай, буып-буып тастайтыны бар еді… Кешір, қалқам! Бір жеңілейіп қалам. Халимамен қауышқандай шаттанам. Дәл сен құсап алдымда компьютер басып отырғандай сезінем. Жаңа әзер тежелдім, шап беріп құшақтап алсам, не істер ем? Ұят-тағы! Ұят-ау! Айналайыным сол, алаңдамашы, жұмысымызды әрі қарай жалғастырайық…
– Аға, аға-а-а!.. – Гүлім компьютер тасасына еңкейе беріп, көзінің жасын білдіртпей бір сығып алды.

7

Кеңсай өрлеуінің жайпақтау бір тұсында таксиден түсіп қалған Әзілхан ендігісі қара күштің ісі боларын сезіп, қадамын санап басып, қия шатқалға тырмыса адымдады. Адымы не, тауға шығуға ыңғайлы табаны бұдырлы бәтіңкісінің қырын кезек қайшылай нығырлап, бір-екі басып, бүкіл денесін жиыра жинап, альпинисше қыбырлайды. Кешегі соғыс сержантына не тәйірі, талай тозақты бастан өткерген оған өлермендікпен өрмелеу кәдімгі әккіленген жаттығу секілді. Кертпек басқыштай әбден таптаурын боп қалған сатылы ізбен қанша аңдап ышқынғанымен, шөптесін бір тұсыннан аяғы сырғып кетіп, төменге домалаудың аз-ақ алдында ілігіп, зәре-құты қалмады. Құрысын ондайдан, артына бұрылып еді, шыңырау жатыр екен. Боз төбелер өркеш құмдарша, құлдиланады. Аспанға шаншыла қарап, көзі қарауытудан сақтанып, жанарын жыпылықтата серпіп-серпіп жіберді. Туу, зеңгір көк аспанда қалқи жүзген шарбы бұлттар Алатау иығына бірде асылып, бірде пәк сұлудың жүзін жапқан шәлідей ширатыла ашылып, ғажап көрініс сылаң ете түседі. Асқақтық пен аласалықтың өлшемін алғандай болған әлгі бұлттар бірте-бірте күшейген желдің ырқымен қуыла бастайды, әп-сәтте селдірей сейіледі. «О, тәтті дүние!» деп Әзілхан әлдеқалай ойдың сүрлеуіне сүрінгендей боп, есіне өзі Халиманың жанына барып мәңгілікке қисайғаннан кейінгі алмағайып сәттердің сұрықсыз сипаттары кескінденіп, демі жиілеп күрсінді. «Шыркөбелек айналар, өмір! Тынып бітер! Жатыр ғой, анда Халима! Артықпын ба одан мен! Қасындағы бос орынды өзіме ғана бұйыртсын, Алла! Тілегімді бере гөр, Алла!» деп Әзілхан аяғы бекіп тіреліп тұрған қия тепкіштің кешегі жауынан босаңсығанын байқап, сақтықпен нығыздап, салмағын тең ұстаған күйі жоғары ытырылды. Енді бір-ақ сүйем жер аттаса, дөң үстінің жотасына көтерілмек. Әрі қарай жайпақтау, жанды онша күйретпейді. Жол жиегіндегі қылпып көтерілген ақ күмбезге жетсе, шілденің мына күйдіргі ыстығынан да пана табарын ойлады. Өзін кекесіндеп күліп алатын әдетіне басып, «көлеңкелеу үшін келіп пе едім?», деді де жанының жалғыз панасы Халимаға келе жатқанына іштей «тәубе, тәубе…» етті. Жотаға табаны тиісімен сәл сүрініңкіреп кетіп, төменге түскен жанарына құлди бөктерлердің сауырлары сағыммен сығылысып, зәрені алардай суық көрінісімен жанын қарып-қарып жіберді. Сүрініп, тіктелді, әйтпесе, омақаса ошарылса не болмақшы. Қаусаған мына сүйектен не қалады? Әр шұңқырға шашырай шашылса, теріп-жинап Халиманың қасына түгендеп қою қиямет емес пе деген зұлмат ойлар еңсесін жанышып жіберді. Маңдайынан су тер бұрқ ете қалғанда барып, әлгі тосын үрейлі ойлары серпіліп, жадыраған сыңайлы. «Әй, бірақ…» деді іштей әзілге булығып, «мына қиямет- қайым сүрлеумен зілдей зембілді көтеріп келіп, Халиманың жанына мәңгілікке жантайтқанша, мен саған келуді жиілете беремін, Халимашым!» Осы кесенеге дәп қазір өзін әкеле жатқандай зәрлі әсер бумалап, «Қандай қорқынышты мына жол, Әзілхан!» дегенін жан баласы естіген жоқ. Бір Аллаға аян жанұшыртпа жантәсілімді кім болжаған… Осындай оймен, міне, ақ күмбез қасына келіп қалыпты… Маңдайшасындағы сол жағына ығыстырыла ірі етіп таңбаланған «ХАЛИМА» жазуы анадайдан анық көрініп, нақ түбіне тірелгенде тіпті жарқырай түседі екен. Енді оң жағын ала бос орынға жетпей тұрғаны бір есім еді. «ӘЗІЛХАН» деп күбірлеп жіберді. Сонда «ӘЗІЛХАН – ХАЛИМА» боп Кеңсайдың бір көрікті ақ күмбезі егіле күмбірлеп, қос ғашықтың мұңын жырғап тұрмақ. Әзілханның осындай жадау ойларын шұқыланып жайылып жүрген көгершіндерді үркіте қуып аспанға ду көтерген сарыуыз бала бөліп жіберді. Ол «аталап» жүгіріп келіп:
– Ата, ата, менің ана жердегі атам айтады, сен жуырда өледі екенсің ғой, – деді жерден жеті қоян тапқандай қос танауын қорсылдата.
– Өлетінімді атаң қайдан біледі?
– Кемпірі мына тамда жатыр, енді зарығып, уайымдап өледі дейді атам. Себебі мына шал өмірінде кемпіріне өлердей ғашық болған дейді. Сол қайғыны көтере алмайды дейді. – Бала жүзін төмен салған Әзілханға таңырқай қарап, мынаны білмек болды. – Ата, сонда, сен, өлгесін осы күмбездегі кемпірдің қасына жатасың ба?
– Иә, жатам!
– Қорықпайсың ба?
– Өз кемпірім ғой!
– Ә-ә, – деп бала көңілі орнығып, сөзін әуелете созды. – Ә-ә, сендер өлмей тұрғанда бір төсекте жаттыңдар ғой, сосын қорықпайсыңдар ғой… Сөйлесіп жатасыңдар… Өлілер де сөйлеседі екен, кітаптан оқығамын. Әзілхан Нұршайықов деген жазушының әңгімесінен…– Бала ойнақтай салып жөнелді.
Мұнысы қалай болды? Әзілхан шамасы 2-3 сыныпта оқитын ерке баланың әлгі сөздерінің парқына онша жете алмай, кәдімгідей дуылдаған шекесін бармағымен басып, күмбезге қарап, меңзе күйде тұрып қалды. «Сен екеуміздің әңгімеміз жарасар күнде жетер, түбі…»
Кепкасының күнқағарын маңдайының жартысына түсіріңкіреп басқан ол әлдебір заттары жетісіңкіремей, бір апта бойы құрылысы тоқтаңқырап қалған күмбездің әлі қойылмаған сыртқы есігі орнынан оңай өтіп, ішке енді. Халима бір төмпешік боп жайғасқан. Қабырғадағы өмірбаян деректеріне көз қиығын салған ол көңілі бұзылып, кемсеңдеңкіреп, жарының басына таман тізесін бүгіп жүрелеп, дауыстай жөнелді. Құран білмейтін, Халимаға берген уәдесімен Абай жырының бір шумағын дұға орнына мақамдай жөнелді: «Сенен артық жан тумас, Туса туар – артылмас. Бір өзіңнен басқаға, Ынтықтығым айтылмас!» Қолын жайып бетін сипап, қабір үстіне жабылған қара мәрмәрдегі Халиманың есім-сойын сипалап, тірек тастағы оның мейірімді бейнесіне зор аңсармен жанарын қадады. Сол баяғы абзал қалпы. Адам қимайтын биязы жүзі. Көзінен шашыраған жылы шуақ. Мінсіз түскен қыр мұрыны. Келісті қусырылуымен тәнтілікті қоздыратын ғажап қос танауы. Уылжыған қаймыжықтай ерні. Сүйріктеу сілемденген иегі. Бәрі-бәрі тірі кейпінің бар мүсінін әйгілеп тұр. Әзілхан өзін ұстай алмай өксік әлде, өлеңнің буған желдірме желігі ме қайдам, жұтқыншағы бүлкілдеп берді… «Дыбыс жоқ, үнсіз жатырсың, Ұйықтап кеткен секілді. Естіле ме үнің деп, Топыраққа тостым бетімді./ Топырақ көрпе емес қой, Қимыл жоқ, үн болмады. Асығып жеткен көңілім, Тағы да менің сорлады. »
Сәттік бір үн өлеңмен елегізіген көңілін суша басқандай болды. «Езіле бермесеңші…» дегендей ме? Нақ, Халиманың өз дыбысы. Әлсіз, талып жетеді құлағына. Тірісінде де Халима кейде жазу үстіндегі тоқыраумен маңдайын тасқа соққандай боп, уайымға егілетін Әзілханның еңсесін көтерерлік күлдіргі бірдеңелер айтып, сабасына әрең түсірер еді. Табиғи қалыбына әрең-мәрең келген оның құр сүлдеріне аянышпен қарап, шашынан сипалайтын да, тәтті шәйін демдей қоятын. «Күйгелектік саған жараспайды екен», – дейтін сосын мәз боп күліп. Сондай бір ескертуді Халима тағы да жасап жатқандай ма? Бас шыңылы ма, әлде құлақ шуылы ма үдеңкіреп кетіп, көзі тұманданғасын, сыртқа шығып терең тыныстады. Алатау шыңдарындағы қар шілденің ми қайнатар ыстығында да теңбілденіп көрінеді. Осындай пәк, тап-таза тау түсін Халима ұнатушы еді. Жүзі көркемденіп, Сырбайдың өлеңін жатқа оқи жөнелетін… «Тау басы ақ, Ағаш көкпеңбек. Мен ойлаймын тауға қарттық жеткен деп… Таудың ағарып тұрғаны жақсы, Алда қарттық барын ойлататын. Талдың таралып тұрғаны жақсы, Жанда жастық жалынын ойнататын». Аузы әнтек ашылып, маржандай тістері тізіліп, шабыт буғандай теңселіп-теңселіп қалатын. Бұл болса, о, пәлі деп, қанаттандырып, таудың әсем көрінісіне өзі де құмарланып қарап, екеуі соңында шап беріп құшақтасып, үйірілісе кететін. Сосын жан-жағына жайлап қаранып, тау етегіндегі алып шаһарға үңілетін. Дым жоқ, түтін-пердемен тұмшалап жауып тастағандай, көздеріне дәнеңе ілікпейді. «Масқара! – дейтін Халима аптығын әрең басып, – мына мекенде түтінге қақалып өлмей қалай тұрып жатырмыз? Тіпті,ауаның бар-жоғы байқалмайды ғой. Масқара, Әзілхан! Сен, ауа қармаған балықтай боп, зорығып жазып жүр екенсің ғой. Мына түрімізбен Кеңсайда ғана терең тыныстармыз, түге!»
– Мұның артық енді…
– Қайсымыз бұрын өтіп, тірі қалғанымыз, жұптасып жататын ақ күмбез орнатамыз, деуші едік қой. Соның алғашқы қонағы мен болайыншы, мына түтін кеңсірігімді тоздырды мүлде, – деп шарасызданған Халима мұңды жүзін бұрып әкетіп еді…
«Қандай әулиелік сөз айтқан… », деп Әзілхан былайырақ адымдап күмбез етегіндегі тар жолды кесіп өтіп, шатқал түбінен шыңырауда қарауытқан алып шаһардың келбетін іздеп еді, орнын сипап қалғандай болды. Сол баяғысынша, будақталған түтінмен қымтай жабылған Алматы үсті қара күйедей баттасып, өрттен кейінгі өртеңге айналған күл-жердей зәрені ұшырады. «Шынында да Халиманыкі ақыл екен-ау! Әйтеуір, тау басында, таза ауада жатыр ғой» – деп Әзілхан не күлерін, не жыларын білмегендей керенау күйде ақ күмбезге қайыра келіп кірді.
Тағы сол жабырқау көрініске кірпияздана қарап, бірте-бірте еті үйреніп, Халимасымен қауышардай боп әлденеге елегізи емеурінденді: «Өлгеннен соң біржола, Жаныңа келіп жатамын. Ойлаудан қалып Өзіңді, Тұңғиыққа батамын./ Қабырыңнан айналдым! – деп тағы да үн қаттым. Қасыңа мәңгі келгенше, Жата тұр жалғыз, қымбаттым!»
Мұнысына меңіреу тылысым да одан бетер безеріп қалғандай. Адам сыры ішінде екенін аңғарғандай анау көз ұшындағы ақбас шыңдар да үргедек сезімнің байыбына жете алмай, кей шатқалынан будақ-бұлдыр тұманын жайлап жаяды. Сайын деген сыршыл ақын, адал жүрек бір азамат осы ақ күмбезді өзінің жобасымен жеделдете соғып жатыр еді. Соны ойлағанда: «Отау салмақ өзіңе, Ақтаудың ақ тасынан. Ақ бұлт қоршап тұратын, Алатаудың қасынан», – деген тіркес тіліне оралып, Халима жанына асығыс жетті де дәл өзі жататын жерге нығырланып тұрып алды. «Күні жеткенде қисаярмыз», деп қол созымдағы жан жарының тұрағына көз тікті… Үрей араласқан ойдың не сиқы қалады, қандай күйде екенін елестетпек болғанмен, қабір астындағы өмірге етене ене алмай, шошыныңқырап, тіпті Халиманың жүзін шырамытарлық дәмеден тым алыстап кеткенін аңғарды. Құр сүйегі қалады деушілерге… байыз тауып тіл қатпайтын. Мінсіз мүсінін қайтіп ет-терісіз елестете алмақ? Ойдың да анайысын асқындырмай серпе білгеннің оқасы жоқтығын сезінетін еді Әзілхан. Бірақ мына өңештеген ынсапсыз ойларға қылбұрау салынар түрі жоқ, ырқына бағындырып барады. Өзін-өзі қабір астына қалай салып жіберіп, Халимамен жұмақ өмір кілтипанына қаныға бастағанын, әне, айқын сезіне түскенін қарсаңшы. Бақи дүниеде де көрші болған оңды сияқты. Бәз-баяғыша екеуі шаттана табысып, жалғандық күндерінің кейбір сәттерін еске алысып, мәре-сәре болысты. Халима жерүсті жаңалықтарына біраз қанық болған соң, ұрпақтарына мол ғұмыр, баянды бақ тілеп, Әзілханның жетіп келгеніне кішкене реніш білдіріп, «жүре тұрсаң етті, жоғарыда» дегендей дел-сал, мүлгіп отыр. Арғы жағы қорқынышты түстен аунысайшы… «Кетігін тауып кете берсеңші…» дегісі келеді, бірақ аузы желімделіп қалыпты. Созып, ашқысы келеді, қайрансыз. Амалсыз, көзіммен тілдесейін десе, тарс жұмылған жанары ашылмайды. Мылқауларша қолын ербеңдетіп, сөз саптағысы келгенімен, сүйектері саудырап, қаусап қалыпты. «Сен, менің жүрегімсің ғой, сағындым!» деп шексіз ілтипатпен кеуде тұсына қол салып иілейін десе, жүрек дүрсілі естілмегендіктен зәресі қашып тына қалады. Сонда барып қана еш мүшесінің өз иесіне бағынбайтынын аңдады. «Бәтір-ау, ендігі күнім не болды?» дегенде, бір алапат күш дауыл тұрғызғандай екпінмен сабыр шақыра саңқ етті: «Иманың саламат сенің, Халима Қалиәкпарқызы, рухың еркін, бақұлдығым!» Алла періштесінің әлгі әмірі бойына тоқ жүгірткендей тызылдата тербетті…
Тербелмелі тебіреніске түскен адам күтпеген сезімнен есін жиғанда, анадан жаңа туғандай пәк күйінде жер мен көктің арасында ілініп тұрады-мыс. Әзілхан соның күйін кешіп тұр. Дұға қайырмақшы болып еді, білмейтін еді, сасқалақтады. Тіліне әдеттегідей Абайдың жыр-тәмсілі оралды… «Сенен артық жан тумас…» Бетін сипап, тізерлей көтеріліп, сыртқа шығуға беттеді. Қайыра Халиманың жатын төсегіне бір назар салып, қоштасқандай болып, аяғын табалдырыққа сала бергенде бетіне жаңбыр тамшылары тиіп, денесін тітіркендірді. Елемей, адым аттағаны сол еді, төбесінен біреу бір шелек суды ақтара салғандай малмандай болып, кері бұрылды да Халима жанына тізе бүкті. Дымқылдан ауыр тартқан кепкасын шешіп алып суын сықпақ болды да қыса мытқан қос қолын іле ажыратып жіберді. Күмбез ішін көлкітіп алғаным жарамас деп ойлап, жаңбыры шашыраған есік көзінде көлегейленіп тұрып сарқылта сықты. «Қожанасырдың кейпіне түстім-ау!» деп ыржиып қояды өзі.
Күмбездің төрт қырынан қалдырылған тұтас ойықты терезе тектес әйнекті қабырғадан сыртқа көз салып еді, жауынның сатырлап соққан екпінен айналаның бәрі тұманданып, кешкі ымырттай боп алакөлеңкеленген екен. Арғы жағы таныс көрініс. Түтінмен тұтасқан түнеріңкі түндей түңілтеді. Мына жаңбыр бұлты Алматының үстінен жөңкіп өтсе, кеңсірікті ашарлық себі тиер ме екен деп ойға батқан ол, бір қызыққа кенелгендей, бойы алабұртып тік тұрған жерінен оң жағына бірнеше қадам қойқаңдап ауысты. Дәл шынылы ойықтың арғы жағына бір-ақ аттардай, маңдайын сәл-пәл тірей тежелді. Сәулетші Сайын өзіне өткенде бір сыр ашып еді. Осы жерден күн ашықта сонау еткетегі шаһар айнадай жалтырып көрініп жатады. Әрине ол жағы таңсық емес. Таңсықтығы мынада екен.
– Әне, Әзаға! – офицерлер үйінің қос қанаттай жайылған қамалын көресіз бе? – деді Сайын оң қолымен батыс жақты нұсқай түсіп.
– Иә, көрем! Нобайы сағымданады, – деп Әзілхан жанарымен тесе үңілді.
– Көрсеңіз, дұрыс бопты! – Сайын әлдененің жұмбағын шешкелі тұрғандай шаттана жымиып, өз қиялының салтанатты жемісін қазір жазушы ағасының қалай қабылдарын ойлап, түсінік бере бастады. – Әзаға! Осы тапқырлығым өзіме керемет ұнайтынын қайтерсіз. Ақ махаббат жүрген жер өз-өзінен нұрланып, мейірім-шуаққа малынып, көңіл өсірмей ме? Көп ізденіп, көңілім қалаған іс мүлде тосын жағдайда миыма сарт еткенін соншылықты созбақтап жатпайын. Бірде құйып өткен жаңбырдан соң ақ күмбез үстіне доғаша иілген кемпірқосақтың сан алуан сәнді түстері көзімді арбап, күтпеген шешімнің жалына қолымды іліктіргені. Қандай жарасымды, санаға жарқыл салған ғажап көрініс дерсіз. Дәл сол сәтте жиырма сегізінші панфиловшылар саябағында жүр едім. Жүгіріп барып әлгі офицерлер үйінің қос қалқанының жігінен осы күмбезге шолулап қарап тұрсам, құдайдың құдіретін айтсайшы, осы Халима апамның мекені қылтың-қылтың етіп көзіме шалынды ғой. Басымды қос қолыммен қысып, жуан қарағайдың төменгі бұтағына дымым құрығандай отыра кетіппін. Қуанышым тасып барады. Махаббатты дәріптерлік бір амалдың табылғанына кеңкілдеп кеп жылайын. Дәл сол бекеттен қайта-қайта Кеңсай жаққа сығалаймын, ақ кесене кербез керіліп, келбеттене көсіледі. Тек оның күмбезін биіктете көтеріп, қомақтанданыра түскім келді, солай істелді де. Бұл жерде кемпірқосақ доғасы жол сілтемесе, не болар едім, қаланың қай жерінен, қай тесігінен ақ күмбезді көрсетер мүмкіндігім табылар ма, жоқ па, ол жағы беймәлім еді. Бірақ оның құрылысын бастамай тұрып-ақ Әзағаң көзі шалатын оңтайлы тұсты іздестіріп, сарсаңға түскенім рас еді… Міне, аға, менің жұмбағымның, сіздердің махаббаттарыңыздың келісті шешімі осындай сәтті нәтижеге келіп тіреледі.
Әзілхан бірдеңеге таңырқағанда, үнсіз, сілейіп тұрып қалатын. Содан енді оянғандай боп, қыбырлап, қала жаққа таңдана қарап дауыстады:
– Ал, кеттік! Не тұрыс? Тездетіп Панфилов саябағына барайық! Сол жерден ақ күмбезге көз салайықшы! Халимама көз тігейін! Армандап бір қарайын. Ләззатымды сығып алайын… «Тау басына үйірілген, Ақша бұлтты көрсеңдер. Біз ризамыз иіліп, Соған сәлем берсеңдер…»
– Әзаға! Жүрейік, жалғасын саябақтан осы жаққа телміре қарап, дауылдата бір сапырарсыз, – деп Сайын өзінің ақын жүрегіне ұя басатындай бебеулеген қызғыш құстың төбесінен айналып шырылдай ұшқанын аңғарғандай болды.
Иә, сол сәттің жақұт қырларының алмас жарқылы бойында үнемі толассыз тұтанып жүретінін байқайтын. Ойдан да адам болдырады екен. Сүйем жерде жан жарың жатса, махаббаттан жарылқанбай, қайғыдан жарылардай мойып, тозып, болдырып қалады екенсің. Сүйткен Әзілхан мына жаңбырдың толассыз құйғанына онша ренжімей, Халиманың қасында бола түскісі бар еді. Балаларының үнемі осында жалғыз жібермей қолпаштап ерітіп әкелетінін бүгін оларға сездірмей талақ етіп, оңаша сытылғанына тағы қайран. «Қой, жүрегім ұстап қалмай тұрғанда кері қайтайын», – деп ол сыртқа құлақ түріп еді, тесілген жаңбырдың түбі бітелер түрі жоқ екенін аңғарды.
Жай дағдарыс оған жат. Ондай бойкүйездікті далбаса, зая өмірге телиді.Уақыттың сіңірін жұлып алардай жағалсып жүргені содан. Сағатты былай қойып, минөттеріне тыным бермейді. Қапталына қатарлап жиған жазу міндеттері сан-салалы боп ұшқын шашыратып жүреді. Бала кезгі ермегіне күрмеліп, кейін өмірлік қажеттілігіне айналған бірнеше салалы күнделіктерін бір күнін жібермей толтыруы өз алдына, «Өмір өрнектерінің» кейінгі үш томдығына толайым толғатып, ХХ ғасырдың тосын өткелектерінен қазақ ұлтының ар-намысын қорғаштай аялап бүгінге жеткере білген тұнық тұлғалар туралы естеліктерінің қос кітабын қайыра қырнап, уақыт тезіндегі терең иірімдеріне сәйкес тұрпаттандырып, шындық дәнегінің өскінімен өткірлеп жаратуын тиянақтау да, ой қатпарындағы басқа да дүниелерін жазып үлгеруге деген құмарлығы мен қиналысы итжығыс түсіп, заман ағымымен тепеңдесіп жүргені сол.
Қысқасы, қос қолын алдына өңгеріп, өңдері бозарып отыратындардың санатынан емес. Оның үстіне шаужайына қиядан іліккен кейбір шаруалар, тапсырыстар киліге кететіні бар. Ондайларға мән беріп, алаңдамайын десе де келешек қамы үшін, ұрпақ тәрбиесіндегі ақтаңдақтарды толтыру үшін, қарайласауға амалсыздан бекінеді. Анау Қамбар деген журналисі екеуара отыз жылдан артық хат жазысуларының негізінде оған кейінгі сұрақтарын сынамалап толықтырып, кітап әзірлемек екенін жиі есіне салады. Одан қайтіп бас тартарсың. Бақандай он сегіз сұрақ тізбелеп жіберген. Бәрі қисынды, өз ойының үзік термелерінен сыр түймекке талаптандыратын таптауырынсыз, таза табиғи өтінімдер екен. Басында торға түскен балықтай боп шоршып-шоршып алғанымен, ыңғайына икемделген тұздықты іс екенін аңғарып, келе-келе келісімін берген. Кейінгі бірер сұрақтарының жауабын кешеуілдетіп алғаны болмаса, былайша біразы сәтті өңгеріліп қалғандай. Осы ойлары Қамбардың да жүрегін тыз еткізген болуы керек, қалтателефоны безектей жөнелсін.
– Әзаға, Әзағам-ау! Түндегі бір түсімді қанша тұйықтағым келсе де айтпасыма болмай жатыр. Айтамын, соған бел будым. Кешірерсіз, әрине. Рұқсат па?
– Ее-ее, тасты жарып шыққандай қуаты мығым, уыты алмас сығым, өткір өтініш екен, айтқын!
– Түсімде Сіз Халима апамның ақ күмбезінде түнеп шығыпсыз… Әлі сонда жүргендей көрінесіз…
– Ай-ай, қадірлі Қамбарым, арғы жағын айтпай-ақ қойсаңыз қайтеді…
Телефон үні үзіліп кетті… «Кешіріңіз, кешіріңіз…» деп үдемеленген ызың құлағына еміс-еміс жетті…

8

Үйде балалар жоқ. Мұндайда Гүлім иба сақтап, Әзағаңның «келе бер, тығыз жұмыс бар, «Естеліктердің» жаңа тарауларын жәукемдеп тастадым, шұғыл тергенің жөн», деген өтінішін кейде жүрдім-бардым тыңдап, «балалары не ойлайды, ұят-тағы» дегендей тартыншақтап, демалыс күндері мен жұмыс аяғындағы сәттерде қара көрсетуші еді. Кейінгі кезде балаларына орынсыз күдік ұяламасын дегендей ескертіп қойып, мұнысын Гүлімге де хабардар етіп, ешқандай алаңсыз жұмыс істеуге, жол ашып алғандай болатын. Жасыратыны жоқ, бастапқыда жап-жас көрікті келіншектің көмекші болғанына ұлдарынан гөрі, қыздары қарсылық білдіргені бар.
– Папа, мұның не? Жұрттың өсек-аяңына қалармыз, жазғаныңды ақшаға бастыртып бермейміз бе? – деп марқұм анасының жағына шыққандай боп, қыздары ыңғайсыздау әңгіме бастап кететін кейде. Әкелерінің көңілін аулап үйренген оларға мұндай күдікпен астасқан сөз айту, әрине, жеңілге тимейтін еді. Бірақ ескерткенді қолай көріп, ақылды әкенің аңдап басатын қадамына қаншалықты жетік болғанымен, анаға деген мәңгілік құрмет ойларындағысын айтқызбай қоймайтын. Мұндай ескертпе әкеге де батады, әрине. Томсырайып отырып-отырып, лақ еткізеді:
– Солай деңдер, тоқсанға аяқ басқан қартты тәртіпке шақырғыларың келеді, ә? – деп, арғы намысқа басқан түйсігін түтелей жібітіп, әзілге әзер иілдереді. – Күдік бар жерде – күйік, кедергі, келеңсіздік жайлайды. Ал бұлар шығармашылықтың қас жауы екенін білесіңдер. Онда екінің бірі болсын, Гүлімді қуып жіберейін, не жазуды доғарып, домаланып үйде жатайын. Қайсысы ұнайды сендерге, ә? Айтыңдар! – Әкенің маңдайы кәдімгідей қыртыстана бастады. – Сөйтейін бе? Шешелерің аманаттаған қаншама жазуым бар! Жазу – ермегім емес, жүрек емім! Әлде, тездетіп, шешелеріңнің қасына барып жат дейсіңдер ме? Сөйтейік, онда…
Ақылды ғой балалары, күтпеген жерден шоқ басып алғандай боп, үрейленіп, әкені аяп, осы қалқайып жүргеніне шүкіршілік етпедік-ау дегендей, мазасызданып кетті бәрі.
– Біз жай тызалақтаймыз ғой, папа, сен түсінбегенде кім түсінеді! Жай бір, жұрт не айтады деп, өзімізше, сақтанғандығымыз ғой. Кім әдеби көмекшінің еңбегіне сүйенбей жатыр? Доғардық осымен бұл әңгімені, – деп бір қызы теріс бұрылып, көзінің жасын көрсетпей, екі иығы селкілдей еңіреп жіберді.
– Қой, қойыңдар! – деп әке де жүзіне мұң үйіріп, ыси түскен жүрек тұсын саусақтарымен мыти басып қойды. – Біз ғұмыр бойы түсіністікпен өмір сүріп келіп едік қой… Міне, міне… «Айналайын, Халима-ау, Сен едің тірлік-тірегім. Өзің жамап-жасқаған, Соғып тұр әзір жүрегім… Жан жарыңды тіріде, Ең бақытты етіпсің. Бала деген мәңгілік, Байлық тастап кетіпсің…»
– Ал, енді, бәрі ойдағыдай болады. Бәріміз де қысылып-қымтырылмаймыз. Жазу шабыты шалқысын. Мамамыз сенің сондай күйіңізге сүйсінетін еді-ау! Алға, Нұршайықов! – деді ортаншы қызы мәз болып. – Тек, егіліп, жүрегіңізді ауыртып алмаңызшы…
– Сол балалар жиылып, Мені бағып-қағады. Жақсы пейіл, мейірден, Кеудеме гүл тағады! – деп әке, блаларының әлгі тоқтам сөзінен кейін арқаланып кетіп еді.
Осындай мәмілегерлік әңгімеден соң мәселенің басын ашып алғандығын Гүлімге білдіргенде ол, «әрине, әрине… балаларыңыздың сүйіспеншілігі ғой… менің әдебиетке іңкәрлігімді түсінгендері ғой… Разымын, әйтпесе, екі оттың арасына жанымды қақатап нем бар еді? Сіздің шығармаларыңызды жанымдай жақсы көріп оқымасам, бүйтіп бөтен біреуге арбалып қалар ма едім, Аға!» – деп ішкі жан-дүниесінің сырын жайып салғандай болды.
Содан бері екеуі де жұмысқа алаңсыз берілетін болды. Кейде қаламсабын қысып ұстауға саусақтары талып, икемі келмей қалғанда Әзілхан орнынан амалсыз тұрып, бой жазады. Гүлім де терімін доғарып, ас бөлмеден сәтте шай жасап әкеле қояды. Бір жолы қайтып келсе, ағасы компьютерге отырып жөңкілтіп жатыр екен. Мұндай өнерін бұрын байқамаған. Қара мәшеңкеде жосылтып, қатесіз басатынын білетін. Үстел басында жараған аттай дайын тұрған оған қаламы шабандап, жүрмей қалғанда ғана көңіл аударып, ауысып ала қоятын. Ал мына компьютердегі еркін сілтесі де сырттан қараған адамды сүйсінтпей қоймайды.
– Аға-ау, лыпып тұрсыз ғой, жеті өнердің тілін білген кәнігі шеберсіз, түге, енді мен осы міндетімді ауық-ауық сізге жүктеп, ана баспадан келген кітабыңыздың қателерін қарауға отырсам болмас па? – деп Гүлім шын қуанып, ойындағысын айтып салды.
– Қап, ұрлығымның үстінен түскеніңізді қарашы, мәшеңке мен бұл екеуінің тізгінін қатар тартарлық қауқарым болғанымен, соңғысының перне тақталарын ойнатудан басқасына, түрлі жүрісті мәнісіне шорқақпын, – деп Әзілхан ақталып жатыр. – Соларын бас қатырып үйренгім де келмейді. Және осындай пысықтығымды жасырып жүргенім сенен айырылып қалармын деген күдігімнен ғой. Әрқайсымыз өз ісімізді осылай атқара берейік те…
Гүлім көркем өңіне күлкі жүгіртіп, ыссы шәйден бірер ұрттап қойды да ағасының үсті-басын шолулап кеткен жанарын жасыра төмен сырғытты. Көзіне сенер-сенбесін білмеді. «Масқара-ай!» – деді ішінен. – «Масқара-ай! Бұған дейін неге көңіл аудармағанмын?» Ағасы оң қолының бүгілген «балалы үйрегін» абайсызда жазып алғандай қысылып, қайтадан жасыра қойды. Сүп-сүйрік, маникюрге жаңа үшкірлеткендей, біздей екен, ер адамға жараспайтын қылық. Қанша араша түсіп қорғаштағысы келсе де өз қарсылығы үдеп барады. Жасы еңкейген жалғызілікті адам үсті-басына баяғыша қарай алмай жүрген шығар деп өбектегісі келсе де, балаларының ілкусіз бағымындағы кісінің бұлайша тырнағын өсіріп жібергені ақылға симайтын секілді. Киген киімінен, тұла бойы тазалығынан мін таққысыз, жас баладай балбырап, алауланып, байырқаланып жүретін мына ағасының мұндай сөлекеттіке жол бермесіне имандай сенеді. Бір гәп бар секілді. Қазір төтелетіп сұрайын десе, бірдеңені бүлдіріп алардай қуыстанып, өзін әрең тежеп отыр. Қарсы алдындағы адамның сырты түгілі ішкі бұрылыс-аңтарысын қапысыз тінткілеп зерделеп ала қоятын ағасының әккілігі, сезімталдығы, көріпкелдей көрегендігі кімге де болсын аян еді. Гүлім де осы араласқалы бері әбден таныған. Жас балаша шошаңдап сұрақ қойып, көңілін лайлап алмауға тырысты да, ағасының оң жақ шынтағын қойған жуан папкеден бір басқан қағазын алып беруін өтінді. Ағасы ұстап отырған шәшкесін табақшаға дік еткізді де, папкені ашып, ішінен қағаз суырып жатқанда әлгі бүгілген кішкене саусағы жазылып, ап-анық көрінді. Тырнағы адам шошырлықтай үшкір. Жазатайым қараңғыда жарқ еткен сәулемен астарлас көрінсе, жезтырнақ төбеңнен бүргендей зәре-құтың қалмасы анық. «Мұнысы несі, бұл кісінің?» деп, реніш аралас сөзін іштей қайталап үлгергенше, ағасы әлгі қағаздарын Гүлімге ұстата беріп, сүйрік саусағымен мұның бас бармағын тырнаңқырап жіберсін. Кәдімгідей жанына батыңқырап кетті.
– Ой, аға, мұныңыз не, ауырттыңыз ғой! – деп Гүлім кәдімгідей тіксіне жиырылып қалды.
– Не болды, қалқам, қағаз қыры да ұстарадай лыпып тұрады, қолыңды кесіп алдың ба? – деп бейек болған ағасы Гүлімнің қол қуысынан білінген тамшы қанның қағаз бойымен сырғығанын байқап қалып, орнынан үрейленіп атып тұрды.
– Түк түсінсем, бұйырмасын! Не болды өзі? – Лезде тартпасынан дәке мен йод ертіндісін алып шығып, Гүлімге ұсынды. Мә, алыңыз, сүртіңіз, жағыңыз. Кінә менен, онша абдырама. Мына үшкіреп өсірген тырнағым «шабыт шақырғыш» құралым іспеттес еді. Жазу жүрмей әбден діңкелеген сәттерімде бас қыртысымды, қарақұсымды, құлақшекемді, қайбір қаны ұйып қалған білек-қарымды піскілеп-піскілеп алсам, әйдә, бойым қызынып сала береді де, жазу желігім желпіне жөнелетін еді. Сол әдетпен ғой, бұл тырнақ құрғырды шамадан тыс өсіріп қоя беретінім. Өзін ешкімнің назары түспестей етіп, бүгіп тығып, жасырып жүруге де дағдыланып алғанмын, сырт көзге оңайлықпен шалына қоймайды. Кешірші, Гүлім қалқам! Ендігәрі сақ болам!
Гүлім оралған дәкеден шығып тұрған бас бармағын жоғары көтеріп, әйдәә, шалқалай кеп күлсін. Өзін-өзі тоқтата алар емес. Ықылық атады, шек-сілесі қатады. Мына тырнағым ұшығына тиіп кетіп, шалық ұстап қалды ма дегендей сескенген ағасы бастапқыда абдырап, әпендіге тән өз ісіне күйініп, кейін жеңіл күлкіге өзі қосылып кеткенін сезбеді де…
Халима кеткелі осындай-осындай қожанасырлық күлкілі жайттар болып тұратындығын ойлап, Әзілхан сағатына қарап, тез жиылып сыртқа шығуға қамданды. Оң бәтеңкесін кие бергенде қалта телефоны шар ете қалды.
– Аға, Сарыағашқа қашан жүргелі жатырсыз? Сол белгіленген күні ме? – деген Гүлім жауап күтіп тосылды.
– Иә, иә, сержант жолдас! – деді ағасы көңілденгенде әскери сөзбен мейірлене қалатын әдетіне басып. – Дәл сол күні, алдағы сәрсенбінің сәтінде шығамыз ғой. Сенен жасырғаным бар, өзіңе арнап жеке бөлме дайындатқамын. Тағы бір сюрпризімді айтып қойып… Жә-жәә, шипажайға барғасын білерсің оның жайын…
Телефон үнсіз… Сәлден соң ғана дауысы шықты. Гүлім үні үзіліп кетердей нәзік, қынжылыңқы, болбыр.
– Аға-ау! Бірдеңе айтсам, ренжімейсіз бе? – «Реніш жоқ, әрине…» деген бергі жақ хабары жеткен соң Гүлім сөзін жалғады. – Аға-ау! Мен бара алмайтын болдым… – «Неге, неге? Уәде қайда?»- Балам ауырып қалып, қараусыз қалай қалдырам?..
Әзілхан телефон нүктесін басып қалуға шақ тұрды да, сабыр сақтап:
– Гүлім қалқам! Бостан-бос ауру шақырма! Балаң, баршаң есен-сау болыңдар! Шипажайда бітірер біраз әдеби шаруаларымыз бар еді ғой. Соның қамымен… қамығып тұрғаным ғой. Жәрәр, түсінем бәрін… Енді сюрприз жайын сұрамайсың ба?
– Уәдесін жұтқан кінәлі адаммын ғой, ұялып тұрғаным сұрауға…
– Жазушылар одағына өтініш салып, саған «Әзілхан Нұршайықовтың әдеби көмекшісі» деген куәлік алып қойып едім. Соны шипажайда жұрт көзінше салтанатпен тапсырғым келіп еді. Балаң ауырып қалды ғой, түсінем…
– …
– Неге үндемейсің, Гүлім қалқам? Тағы бір сюрпризм бар еді…
– Айтпаңыз оны. Демалып келген соң естірмін. Оған дейін «Өмір өрнектері» қолжазбасының біраз жерін еңсеріп теріп тастармын.
Адам баласына қиянат сөз айтып, көңілін қалдырып көрмеген Әзілхан өзінің көңілі үшін шипажайға бірге барамын деп, енді сырт сөздерден жасқанып, жазушы абыройын ойлап «баласын ауыртып» алған Гүлімнің әрі-сәрі күйін жеңілдетіп, уайым тігісін жатқызып жібермек болып:
– Жо-жоқ, айтамын қазір, әйтпесе қайтып келгенше ескіріп қалады, – деді әзілге шаптырып.
– …
– Айтсам, былай! Үкімет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан саған әдеби көмекшім ретінде бір бөлмелі пәтер сұраған едім. Таяуда шешіліп қалатын сыңайлы…
– …

9

Қамбар айналайын, міне, екінші рет сені маған атқосшылыққа бөліп қойған екен, – деп Әзілхан ұшақтан күтіп алған журналист іні-досын құшағына алып, бетінен емірене сүйді.
– Иә, Әзаға, «Егемен Қазақстанның» 85 жылдығында 85 кітабыңызды әуежайдан арқалап апарғаным есімде, бұл жолғысы қанша? – деп Қамбар да шыдамай кетіп, аға-досын құшырлана қысып қойды.
– Датаға байланысты кітап алып жүрем ғой мен, әне, жүгімнің ішінде «Мәңгілік махаббат жырының» 90 кітабы жатыр. Мереке Құлкенов деген жазушы-баспагер інім шығарып берді. Ішінде «Халимаға хат» деген дастаным да жарияланған. Алдымен өзім қызмет атқарған «Егеменімнің» ұжымы көріп қуансын, оқысын деп сүйіншілеп әкеліп отырмын, – деп Әзілхан мәз болып, ағынан жарылып жатыр.
Екеуі әзір тұрған көлікке мініп, елордаға дендеп ене бастағанда Әзілхан кітаптың даталық шектеулі санын тұтас ұжымға жеткізу қиын екендігін, баяғыда Кентауда тұратын өз кейіпкері Меңтайдың 75 жылдық мерейтойына осынша мөлшерін ала барғанында, реніш-өкпе болмай, тойшыларды әбден разы еткенін айтып, көңілденіп отырды. Мына 90 кітаптың ың-шыңсыз таралуына Қамбардың жауапты екенін баса міндеттеп, нақа «дау-дамайшылар» көбейіп жатса, соңынан поштамен жібермегін де нығырлап тапсырды.
Астананың жедел құлпырып, өркен жайғанына разы кейіптегі жазушы ішкі мұңын сездіріп қалды:
– Халима апайың көрер ме еді… жиі қызығатын, армандайтын, әне-міне, әкелмек боп жүргенде, қиялы өзімен бірге кетті ғой…
– О, кісінің көзіндей ғып, есесіне Өскеменнен жазушы Нұржан Қуантайұлы шығарып берген Халима апай туралы дастаныңызды әкеле жатырсыз. Бұл басылымы тіптен қызық екен, сіріңке қорабынан сәл қалқыңқы қос томша, – деп Қамбар, мана әзірде ағасы өзіне сыйға тартқан екеуін жан қалтасынан қайыра алып, уысына сыйып қылтиған кітаптарды жоғары көтере «уралап» жіберді.
– Осыны қызық қылғанда газет салтанаты үстінде мемлекет басшысына сыйлап, махаббат құдіретін асқақтатып бір жібермек ойым бар, – деп Әзілхан астана көркіне желпінген күйі түпткі мақсатынан да хабар беріп үлгерді.
– Қатып кетер еді, Әзаға! Махаббатқа кім бас имейді! Өмір – махаббаттан тұрмай ма! Біреуді сүймесең, мына дүниеде не мән қалады? Содан. Содан адамзаттың бәрін сүюге талпыныс басталады ғой. Кешіріңіз, Әзаға, мен сіз туралы махаббат-хаттасулар кітабын жазу барысында өзіңізге ұқсап өмірге сүйіспеншілікпен қарауға талпындым. Содан бері кім-көрінгенді, жек көрген әлдебір сұмырайлардың өздеріне жүрегімді жылыта білдім. Адамдарды қапысыз сүйген қандай жақсы. Өзің адам боп қаласың, пендешілік күйкі ойлардан арыласың. Сізге мың тағзым, Әзағам! – деп Қамбар қайыру бермейтін асауша жұлқына түсіп, көліктен түсіп қалардай қозғалақтап, бұлқынсын. Одан әрі тиылсашы, шабыт буған. – Әзаға! Меніңше, әр істі махаббатқа ыстық орап атқармаса, бәрі зая. Сіз ғой, осы «Егеменнің» шаңырағында, сонау, коммунистердің сықиған «Социалистік Қазақстанында» ақ тер, көк тер боп қалам сілтедіңіз. Сондағы жазғандарыңызды оқып отырсам, бәрі қалам махаббатынан құйылып шыққаны айдай анық сезіледі. Сізді қалың елің қазағың – «Махаббат жыршысы» деп тегін айтпайды ғой, тіпті «Махаббат генералы» деп те аспандатады. Соның бәрін тек әйел затына деген сүйіспеншілікпен астастырмайды ғой, тұтас ұғымның мәйегі – өз болмысыңның сүйікті мәні болуы тиіс. Сүйкімсіз адам жұртқа жаға ма? Ішкі түйсік сүйкімсіздігінен сыртқы сарабдал сырттандық көзге ілінбес. Сол себепті де мен Сіздің күллі ғұмырыңызды махаббаттан ғана тұрады деп мойындаймын.
Қамбар тілші қызық екен, өз ойына бір қызынып алса, жан-жағына әулекідей жалаңдап, қарсы сөз айтқан адам табылса, жұтып қоярдай тарпына бастайды. Әлі екпіні басылар емес, шудасы желпілдеген бурадайын көзі атызданып, сабасына жайлап мына сөзбен келген секілді. – Мен ғой, Әзаға, былай түйіп қойдым, Сіздің барлық тайпалған тұрмыс-тіршілігіңіз, ақаусыз жазу-сызуыңыз, қапысыз адамгершілігіңіз, жалпы, жалындап өмір сүруіңіз – тек бір қазыққа мықтап байланған екен. Ол туған жерге қайта суырылып алынбайтын етіп, қақшита, қақырата қағылған қазық иесі – қазақ қызы Халима апам десем, қане, кім қарсы келер екен бұл сөзіме! – Ол тісін қышырлата қайрап-қайрап жібермесін бе…
Мына баланың өзімен жайдан-жай хаттасуға бейіл танытпағанын Әзілхан іштей саралап, жазғыштығы мен ой-танымы қатар қатпарланып жатқанына іштей сүйсініп, әлгі тұжырымдарының бәрі тұтастай тыңнан сүрлеу салмағанымен, өмірлік иірімнің бүлкілін тап басқандығына разыланып, өзін тіпті бұрынғыдан да жақсы көре бастады. Кірпіштің қалыңдығындай кітап жазып, қазақ әдебиетіндегі эпистолярлық жанрдың көсегесін көгертуге үлес қосқан бұл азаматтың арқасынан мейірленіп қақысы келіп еді, тонының бүгілген жеңі қолын жібермей, жүзін оған бұра сөйледі:
– Қамбаржан, әлгі айтқандарыңның бәріне келісемін. Оғаштығы жоқ ұтқыр сөздер. Әсіресе Халима апаңа қатысты үндестіре түйін жасағаның ұнады маған. Сен өзі махаббатшыл бала емессің бе? Бұл жөнінен ірі турайды екенсің?
Қамбарды осы сөз одан әрі түртіп жіберіп, басына ие бола алмағандай изеңдетіп, түбірімен қопарыла қызынды:
– Аға, дәл таптыңыз! Қалай айнытпай айттыңыз! Мен махаббатшылмын! Сүйгім келе береді сұлуларды! Шие еріндерге сүліктей қадалмасам да, ойша, шын, аңсап сүйіп алып шөлімді басамын да, әйдә қаламсапты қылғындыра қысып, құйқылжытамын. Махаббатсыз, біреуге іштей ғашықсыз жазу шыға ма? Сіз де солайсыз ғой, білемін. Әйтпесе, жазғаныңызды кім оқиды, тәйірі! Халима апама ғана өбектеп өттім дейсіз бе? Іштей бір сүйіп жүретін, іңкәріңіз болмады дегенге кім сенеді? Мен сенейін бе? Тастаңызшы, сенбеймін. Махаббат – мың құлпырған қу түлкі емес пе! Кім алданбайды оған, арбалмайды! Баяғы, алғашқы бала махаббатыңызға құмартпасаңыз, Халима апай көктен түсе қалды дейсіз бе?.. Білем, білем, Сіз махаббатсыз, сүйіспеншіліксіз өмір сүре алмайсыз, оңдыртып жаза да алмайсыз…
– Тоқташы, Қамбаржан!
– Тоқтамаймын, Әзаға!
Астанадағы күндерінде өзінің осында жүріп-тұруына бекітіліп қойған Қамбар шыбық салдырмастан барлық жағдайын жасап, көңілін марқайтып, «Егеменнің» 90 жылдық мерейтойының ләззаты шақтарына куә еткеніне бүгінгі қарт тілші баладай разы еді. Салтанатты жиынның биік мінберінен жалынды сөзін тәмамдап, залға жай басып түсіп келе жатқанда Қамбар қолтығынан демеп, дуылдай соғылған шапалақ тарсылынан естілер-естілмес қылып «қатырдыңыз, аға, әсіресе партбилеттен көрі тілшілік куәлігіңізге адалдығызды дәлелдеген әңгімеңіз астарлы да алапат сезіммен ширыққанына билік тұлғалары шамырқана қабақ шытқандай болғанымен, негізі оқырмандарыңыз шаттана құптап отырғанын байқадым», деп бастырмалата құлағына құйып жіберді. «Пәлі, шаңын қаққан апайтөс сөзден көрі, кеудесі басыңқы кішіпейіл сөздер мәнді де өткір келеді ғой», деп Әзілхан тынысын кере, жайлап кеп орындығына отырғанда да маңай біткен оған жапырыла назар аударып, қошеметті пейілдерін аңғартып жатты.
Қасындағы бір шенеунік:
– Әзаға, сіз сөйлеп тұрғанда газеттің күллі тарихы дөңгеленіп көз алдыма келді, – деп ақырын ғана иығымен түрткендей боп, қолын қысты да үні дірілдей құмықты. – Сіз сөйлеп тұрғанда Халима апайдың жарқын жүзі елестеп, сыңарсыз қалсаңыз да сыныңызды түсірмей, керемет туындылар жасап жатқаныңызға таңданғаным да рас. Шіркін, Халима апай қасыңызда жүрсе ғой деп, қамыға уайымдадым. Өткенде мемлекет басшысының өзі «Халимаға хаттарыңызды» тамсана оқып шыққанын, жастарға өнегелік шығарма екенін айтқан соң, тауып алып оқыған едім. Мұндай да махаббат болады екен деп әлі күнге есеңгіреп жүрген жайым бар. Сізден мықты жазушы жасаған Халима апайдың рухы шат болсыншы, сол кісінің мәңгілік махаббатының шарапатын қазақ қыздарына жұғысты етсінші… Әлгі жалынды сөз саптасыңыздан сездім, Халима апай қасыңызда тірі жүргендей екен…
Осылай деп жүрек сөзін айтып үлгерген әлгі биік шендінің күңгірт залда білдіртпей көз жасын сығып алғанын өзіне жанасқан иығының бүлк-бүлк еткенінен сезгендей еді.
Қайран, сол «Егеменнің» күндері-ай десейші. Мұның алдындағы 85 жылдығында да Алматыдан Халимасыз келіп, күңгірттене бастаған талай естелік әңгімелерін әсерлі өрбітіп, газеттің бүгінгі жасарған, жалынды үнінен бүкіл қазақ жұрты рухани әл-дәрмен алып отырғандығын бүкпесіз баян еткен-тін. Сөзін: «Газеттің бүгінгі артықшылығы – басынан тәуелсіз дәурен кешіп жатқандығы. Тілші мұндай еркіндікте баяғы біздей тыпырлап емес, тұлпар тұяқтанып, Тәуелсіздік тағдырының талғамына сай тегеурінді сөз саптай білуі тиіс», деп түйіндеген сәттерінде зал іші қопарылып, орындарынан тұрып кеткендей әсерге бөлейтін.
«Фолиант» баспасындағы ыстық қауышу әсте ұмытылмас. Бұл ұжымның басшысы Нұрлан мен Әзағаң екеуінің сыйластығына адам қызығарлықтай еді. Ешқандай есепсіз, таза адамгершілікпен суарылған, мейіріммен мелдектеген сыпайы қарым-қатынасқа қылдай сызат түспеуін қалайтын екеуі. Нұрлан ұжым мүшелерінің Әзілхан ағаларымен арқа-жарқа боп ыстық амандасуынан соң қонақты төрге шығарып, шағын кездесуді бастап кетті.
– Әзағаң астанаға жолы түскенде, бізді ұмытпай әдейі ат басын бұрып, баршамызды ғажап естеліктерімен байытып кететінін өздерің де білесіңдер ғой, – деп баспа директоры жазушыға мейірлене қарап қойды. – Сол ізеттігіңіз үшін, Сізге қарыздармыз!
Сөз ыңғайында Әзілхан, оған күлімдей бұрылды да:
– Онда, қарыздарыңыз жиналып қалған сияқты ғой, қашан өтелер екен? – деп Нұрланды арқасынан қақты.
– Кітаптарын шығарып беруіміз керек. Әзілхан ағай бұл тұрғыдан ешқашан өтініш айтып көрген емес. Кейбір жазушылар болса, есігімізге маза бермейді, – деп бөлім меңгерушісі нақа бір осы мәселе күн тәртібіне қойылғандай шын ниетімен бастырмалата жөнелсін.
– Ой, айналайындар! Әр нәрсенің сәті бар. Мен мұнда кітап шығару ісін жоғары деңгейге көтеріп, оқырмандардың сенімін ақтап жүрген сендердің есен-саулықтарыңды біліп, бір марқайып қалу үшін соғамын ғой, – деп Әзілхан баспагерлерге өз ұл-қыздарына қарағандай мейірімін төкті. – Жасыратыны жоқ, ана бір жылдары келгенімде Халима апаларыңның сәлемдемесін тасып әкеп те жүрдім ғой. Сендерге қолдарымыздан шәй бергендей соған да қуанып қалатынбыз.
Жазушының жүзін мұң кіреукелей бастағанын сезген баспагерлер ол кісінің назарын басқаға бұрып, көңілдендіруге ұмтылды. Бір қыз бала осындай оймен орнынан көтеріліп махаббатқа қатысты сұрақ қойып жіберді:
– Сіз махаббат жайлы үнемі жазасыз. Оның сырын түсінеміз де. Бірақ өз аузыңыздан есту таңсық секілді жастарға.
– Менің өзімше пішіп, жіктеп жүрген үш түрлі махаббатым бар ғой, – деп лекіте күліңкіреп алған жазушы бармағын бүгіп, санамалай бастады. – Бала махаббат. Шала махаббат. Мәңгілік махаббат.
– О-о-о! – десті залдағылар қозғалақтап.
– Бала махаббат осындағы әрқайсысыңның бастарыңда болғаны шындық қой! – Зал «иә, иә» деп құптасқандай сілтідей тына қалды. – Бала күндеріңде белгісіз нәзік сезімнен абдырап, қол ұстасудан тартынып, қарадай ұялып жасқаншақтап жүретін қыз-бозбала жүректеріне түскен шоқты кейін бір-бірінен көз жазып қалғанда мүлде сөндіріп алмағанымен, қоламтасы кеуде тұсын үнемі ысытып жүретінін әсте жасырмайды.
– Дөп түстіңіз, Ата! – деді қуақылау бір түбіт мұртты бозбала. – Айнымаған мені айтып отырсыз ғой.
Әзілхан атасы «бала махаббаты» есіне түскендей көңілі сәл босап кетіп, іле бекініп алды да «шала махаббатын» ойына оралтқандай боп, сонау сағымнан сыр жүлгелей бастап еді.
– Шала махаббаттың да әлегі таусылмайтын тақырып өзегіндей ғой. Алғашында бірін-бірі шын сүйдік деп қосылған екі жұп артынан аңғал қосылғандықтарын аңғарып, не ажырасып кетеді. Не, балалы-шағалы болғандықтан, жұптарын жазбай, тоқтап қалады. Екеуінің бойында шала махаббаттың құр сүлдері жүргендей, беймаза бір тірлік екен.
Мұны естігенде аппақ борықтай дөңгелек жүзді, шашын ортасынан қақ жарып тараған сұлу келіншек өксік буғандай боп, төмен иіліп, бетін көлегейлей «уһ, уһ» деп тынысы тарылып, әрең түзеліп отырды.
Осы күйгелек сезім жетегіндегі жетімсіреген сезімнің ау-жайын айттырмай аңдаған Әзілхан ата, өмір сондай құпиялығымен де қымбат екенін, тағдырға бағынып, балаларының үмітіне байланып ғұмыр кешудің де бақыт сыйлайтынын меңзеп өтіп, сөзін әрі жалғады.
– Ал мәңгілік махаббат кілтипаны неде? – дей бергені сол еді, егделеу кісі сорайған қолын қалт көтеріп төмен түсіріп жіберді де:
– Ол Сіздің басыңызда бар махаббат қой, – деп шын жүрегімен сүйсіне тіл қатты.
– Айналайын, бұл бағаңызға аса разымын! – деп Әзілхан залдың дауыс шыққан түкпірлеу бұрышына тіктеле назар қадады. – Рас айтасың, басымда бар… – Құрғақ жөткірінді де, алдындағы бокалдан суды бір ұрттап сөз ыңғайын иегімен икемдегендей болды. – Мәңгілік махаббат дегенің ілуде біреуде ғана болатындай. Сыңарынан айырылғаны қайтадан тұрмыс құрмай, өмір бойы жан жарын жоқтаумен өтеді… Біз Халима екуіміз бір-бірімізге 9 жыл ғашық болып жүріп отау көтердік. 54 жыл махаббат әлдиінде бөленіп, халқымызға қалтқысыз қызмет еттік. Енді, сірә, мәңгілік махаббатымыздың рухы Қозы Көрпеш-Баян сұлу мазарындағыдай өзімізге арнап салдырған ақ күмбезде шат болсын деп тілеймін!
Осы кезде залдан:
– Жо-ооқ! Ешқайда асықпаңызшы! – деген дауыстар желпіне шығып, жиілеп кеткен еді.
– Асықпаймын ғой, бірақ мәңгілік махаббатымды сағындым!
– Ата, осы Сіз шал басыңызбен махаббатты жырлай беруден шаршамайсыз ба, тіпті ұялмайсыз ба? – деп бір уыз балапан бозбала, нәті аула сыпырушы болып істейтін секілді көрініп кетті көзіне, қымсынбай батыл сөйлеп, ойын ірікпеді. – Үйдегі атамның кемпірінің маңдайынан тапа-тал түсте сүйіп алғанын көріп қап, қатты қысылғаным бар еді. Сол қылықтары есіме түсіп кетіп, кәрілерге махаббат, сүйіс неге керек деп жатқаным ғой. Кешірерсіз, әрине!
Әзілханның әзілі бір тұтанып кетсе, маңайын қыран-топан күлкіге буындыратын әдеті еді. Және тапқырлығы қынабынан суырылған қылыштай жарқ ете қалатын. Сол мінезінің кілті оқыстан бұралғандай.
– Атаң жарапты. Кемпірін сүйгеннің несі айып? Сүйіспеншіліктің шырқау шегі – сүйіс болады, балам! Сүйіс – бар бақыттың басы! Сүйісе білмейтін шалдардан сақтанайық! Мысалы, мені талай кездесулерден соң жап-жас оқырман келіншектер жазғаныма разылықтың белгісіндей етіп, бетімнен шөп-шөп еткізеді. Тыз ете қалады тұлабойым… Үйге келе салысымен төпелетемін жазуды… Сүйісті тек махаббатқа телитіндер қатты қателеседі. Сүйіс – жалпы өмірге деген іңкәрлік белгісі. Мажонтопай, сұрқай, сылбыр, қажыған адамнан сүйіс шықпайды. Ол сүйісті ұмытқасын сондай енжар күйге түскен. Атаң мен әжеңе разымын, сәлем айт, менен. Ұялмай, әдеппен сүйісе берсін!
– Мәссаған! – деп әлгі бозбаланың таңдайын тықылдатқаны ап-анық естіліп еді.
Сүйіс туралы әңгімден кейін зал қызынып, жабуын алған аттай бусынып шыға келді. Сұрақтар да бүкпесіз қойылып, жауаптар да жарылқанып қайтарылды. Мәңгілік махаббатты жырлай берудің пайдасы қандай дегенге келгенде, Әзілхан несіне тосылсын, тереңдеп көсіледі. Халима екеуінің махаббатын жазып қалдыру арқылы бүгінді қойып, келер ұрпақ тәрбиесіне атсалысатынын меңзей баяндайды. Әрбір жазбадан ләззаттанған оқырман – бүгін сен, ертең ол, арғыкүні барлығымыз махаббат қадіріне бойлай түсеріміз анық деп, көзінен ұшқындаған махаббат жалыны сөзінен балдай сорғалап тәттілігімен тамсандыра береді.
Баспадағы осы бауырмалдық, бүкпесіз кездесудің тәмамдалар тұсында Әзілханның жан-жүрегі уілдегендей боп соның еркіне жығыла салды іштей: «Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы Көрпеш-Баяндар. Еңілік-Кебек және бар, Нендей қызық көрді олар? /Махаббаттың оларға, У-ы ғана бұйырды. Жастай солып, ерте өшіп, Қыршынынан қиылды./ Кештік махаббат теңізін, Елу төрт жыл екеуміз. Жан-жүрегіміз жарасқан, Неткен бақытты едік біз! Осыны ойлап, Халима, Шүкіршілік етемін. Тоқталайын азырақ, Жылай беріп не етемін!»
– Ата, ата, дәл осы мезеттегі ойларыңызды айнытпай айтып бере алар ма едіңіз? Үйдегі ата-әжеме жеткізіп, мәз қылып бір тастасам болар ма еді? – деген манағы еркелеу бозбаланың өтінішін елеусіз тастамай, бірауық күлімсіреп мүдіріп қалған Әзілхан, әлгінде ғана сезім қақпасын қаққылаған жыр шумақтарын сол күйінде өзінің жанға жағымды әуезді үнімен дауысын көтере тақпақтаған еді.
Бұдан соң іле уақыт тапшылығына орай жөппелдемете жалғасқан той иесі «Егеменнің» шаңырағындағы жылы жүздесулер классик жазушының жанын жадыратып, жағасын жайлауға салғандай еркінсіген күйге кенелткен еді.
– Былай етсек, қалай қарайсыз, қалқам! – деп Әзілхан газет басшысының ыңғайын білмек боп сөзін жалғады. – Жиылып алып жиналыс ашқанша, бөлмелерді аралап жүріп, қызметкерлеріңіздің орнында тілдесіп, баяғы тілшілік, тіпті басшылық, кейінгі жазушылық өмірдің қимас кезеңдерін көз алдымнан өткергім келіп еді. Қарсы емессіз бе?
– О, не дегеніңіз, құп болады. Нағыз етене жақындықта, сөзіміз де жарасымын табар, – деп басшы қонағынан бетер қуанып кетті.
Алдымен Әзілхан кіре беріс кең фойенің тұтас қабырғасына жайыла ілінген газет бастауындағы тұңғыштардан жалғасқан бүгінгі басшылыққа дейінгі тұлғалардың кәдімгі тірі бейнедегідей келбеттерін тамашалап сәл кідіргенше, Алматыдан өзі көтеріп әкелеген 95 кітабы да жеткізілген-тін. Жүкші жігіттің құлағына: «Қазір бөлмелерді аралғанда таратамыз», – деп сыбырлады.
Газеттің сегіз қабатты бұл жайлы мекені мемлекет басшысының қолдауымен тұрғызылған еді, қай бөлмесі болсын дағарадай боп кең пішіліп, сәулелі ұжымақ секілді тың шабытқа серпін себезгілейтіндей. Қауырт қызмет үстіндегілер сынып есігін ұстазы кеп ашқандай сарт еткізіп орындарынан тұрысып, мәз-мейрам күйде жазушы ағаларын жылы қарсылап алып жатады. Қалай разы болмасын. Бәрі-бәрі еске түседі. Балғын журналистік шағының самал лебі маңдайын аймалағандай, өзгеше нұрға малынады. Сақа тілшілердің сұрақтары да сұрыптаулы келеді. Ал өндірдей жастардың компьютерден көз алмай отырып білмек болғандары өзгеше бір әлем іспеттес. Біраз бөлмеге кіріп-шықты. Кітаптарын сыйлады. Әр бөлменің әңгімелерінен сыр тартып көрсе, өзіне деген ықыластан кейде Халиманы қастерлеу сезімдері астам түсіп жатқанын пайымдайды. Жә, оған кейіс танытып қайтсін. Қайта, жүрегі бұлқынып, қуанады.
– Әзілхан ата, – деді мәдениет бөліміндегі бойшаң қыз ойының да олқы еместігін көрсеткісі келгендей сұрақтарын тереңінен қалқып. – Сіз сонау жылдары «Социалистік Қазақстанның» Павлодар облысы бойынша меншікті тілшісі қызметінде, кейін осы облыстық газеттің редакторы болып жүргенде Кереку өңіріне іссапармен келген Мұхтар Әуезовті үйіңізде қонақ еткеніңізді білеміз. Сонда данышпан жазушы Халима апамызға қандай баға беріп еді? Өз аузыңыздан естігіміз келеді.
Әзілхан мұндай сұрақты күтпеп еді, қысылтаяң шақтағы әдетімен «қап!» дегізерліктей етіп, оң қолымен қара санын шапақтап жіберіп, есіне әлденені түсіргендей боп көңілденіп әлгі қызға жымың етті.
– Қарағам-ау! Халима апаңа қаратып айтылған лебіздерге қанық екенің байқалады. Рас, рас, ұлы Мұхаң қаймақ қатқан күрең шайын құйып беріп отырған Халимаға бір сәт сүйсіне қарап «Әзілхан неге өндірте жазып, жиі кітаптар шығарады десем, мына сенің сүйрік саусақтарың мәшеңкеде құрдай жорғалап, терім жасағаныңнан екен ғой, келінжан! Пәлі, шын сырын енді ұқтым. Әйел – жазушы жарының дауылпазы! Солай-солай, ыңғайсыздау болды ма, Әзілханның көзінше ризашылығымды айтып жатқаным ғой, өзіңе! Кешіргін!» – деп шайын ұрттай бергенде, Халима әлгі мадақ сөзге қатты қысылып, орнынан жайлап тұрды да бетін басқан күйі сыртқа жылыстап кетіп еді. Мен де тершіп отырған Мұхаңа іргелес бөлмеден жеңіл беторамал әкеп бермек боп, оған ілесе түсіп мұның не, шайыңды құйсайшы деп сасқалақтағанымда ол «қайта кіруге ұялам, ұялам» деп табандап тұрып алсын. Жалынып-жайпалып кіргіздім-ау, әйтеуір.
Осылай деп Әзілхан бір кідіргенде әлгі тілші қыз бала көзі боталап, «ата, ата, рақмет, осылай болғанын бір жерден оқыған едім. Дәл айнатпай жеткіздіңіз», – деп ризашылығын білдіріп, бүйірлі пакетті жазушы қолына ұстата берді.
Келесі білім бөлімі басқа қырынан таңырқатты. Кірген бетте ашық тұрған есік көзінен жалт бұрылып, қақ жарыла тізіле қалған тілшілер есен-саулық мезіретінен соң жағымды мақаммен қара сөзді аңыратып қоя берсін. «Хал қалай? Кеше жазған хатыңды алғаннан бері біздің жанымыз жадырап қалды. «Мен тәуір сияқтымын» деген үш сөзің біздің төбемізді көкке жеткізді. Тәуір болшы, айналайын! Жазылшы, жаным!» – Әзілхан әрине, ауруханада жатқан Халимасына өзі жолдаған хатынан үзінділер оқылып жатқанын бірден айырды. Бұны махаббатқа деген ілтипаттарындай қабылдады. Әрмен қарайғы жалғастырылған жауаптасу хат-жазбалардан соң өзін махаббат әлеміне қанатсыз қалықтап кеткендей сезінген жазушы разылығын қолын көтере сәл сабыр тілеп аңғартты да мына шынайы тілектестікке не дерін білмей дағдарып қалып еді. Бұл тұйықтан да тілшілердің өздері шығарып алды. Кезектесіп тақпақтай жөнелді: «Еркектер! Әйелдеріңді қадірлеп, құрметтеңдер. Бұл қысқа ғұмырда саған тиетін мәңгілік бақыт, байлық, ұлылық – өз әйелің ғана! Одан айырылғанда кеудеңнен жаның шығып, салдырап қу сүйегің қалғандай күй кешесің!» Енді бұл қыз дауысын сырықтай жігіт гүжілдетіп әрі іліп әкетті: «Әйелдер! Күйеулеріңді күтіңдер, аялап ардақтаңдар. Өмір деген өткінші дүниеде ерлі-зайыпты екі адамның татулығынан тәтті, достығынан күшті, махаббатынан биік ештеңе жоқ!» Бұдан соң нағыз тіс қаққан атпал азамат: «Жастар! Қыздарды қадірлеп, құрметтеңдер: аялаңдар, ардақтаңдар, абыройын төкпеңдер! Өзің үшін жаралған «алтын балапанды» тауып, мәңгілік махаббатқа жетуге тырысыңдар!» – деп ұрандата түйінін қойғанда, Әзілханның төбесі көкке жеткендей боп, «осы, жүрген жерімде өзімнен бұрын Халимаға қатысты көтерме сөздер, оның махаббатына қатысты ыстық лебіздер үстемелете айтылып жатады-ау! Қалқиып, соның көлеңкесінде қалғаныма да шүкір!» деген ішкі ойын миында лезде қорытып алғандай боп:
– Халима екеуіміздің махаббатымыз сіздерге, тіпті болашақ жастарға мәңгілік азық боларына имандай сеніп жүремін әркез. Сол бақыт, сол шаттық әрқайсыңыздың жүректеріңізге қонақтасын! Журналистер махаббатынсыз – жазу тұл! Жүректен шықпаса – дақпырт құр! – деді де оң қолын кеудесіне қойып, иіліп тағзым етті.
«Егемен» редакциясынан шыға салысымен Қамбар екеуі дайын тұрған көлікпен астанадан отыз шақырым ыңғайындағы Қабанбай батыр кесенесіне барып, тәу етіп, құран бағыштады. Қызыл кірпіштен өрілген күллі қазақ батырының алып дулығасындай алыстан андағайлап көрінетін Дарабоздың дара мекені жанында жүргенде де тылсым күшімен бойды кернейтіні сезіледі. Әзілхан ішке кірерде мазардың қабырғасын қос алақанымен аялап сипалап, күбірледі де табалдырығынан сәл кідіре аттап, биік тұғырдың қос қапталына қойылған оң жақ сәкіге жайғасты. Шырақшы шал құран оқып болысымен Әзілхан бабасының тұғырын кеудесін тигізе құшақтап, біраз кідіріп қалды. Өңі қарабайырланып, түтігіңкіреген. Қалың қабағы зілдей уайымның зарынан ауырлағандай, аялы жанарын бүркемелеп кете береді. Жоңғар шапқыншылығынан қазақ елін арашалап қалып, мәңгілікке бет бұрғызған алғаусыз баһадүр майдан даласынан оралып, сәл тыныстағандай кейіпте еді. Тұғырдың бауырына жанасып тұрып, баба рухымен ойша тілдескендей күй кешті. Бабасы басынан кешкен қайғылы заманның зауалын елестетіп, бүгінге шүкіршілік айтып, бойын тіктеді де, садақасын тастап, сыртқа шықты. Мазар түскен төбенің төменгі жоталы аңғары сай-салалы еңіске айналып кең жазыққа ұласады екен. «Дарабоз батырымызды даралап тұрмыз» дегендей ақ қармен тұтаса көмкерілген сайын дала маңғаз күйінде жайыла жатқанымен, келешек күндердің кеңістігін аңғартқандай аса салиқалылығымен таңғалдыра көсіледі.
Бұлар мазардың етегіне орын тепкен бірнеше қабірге назар аударып, жүріңкірей түсті де шолақ қайырылған тұсынан маңайды шолулап біраз кідірді. Әзілхан ойына әлдене суық ой жиырылып кіргендей өңі құбылып, Қамбарға қарата:
– Осы сен не аңғардың? – деп оның беймаза көңілін лайлағысы келмесе де қауіп ойын лықсыта шығаруға бекінді.
– Не ойлаушы ем, батыр бабамыздың маңына да ертең қабір қарасы көбейіп қалатынына қабырғам қайсып келеді, – деп ол шаңытқан аязға қорынбастан малақайын шешіп, басынан қаралы ойларын аулақ қуғандай қайыра басып киді де, ағасының жайынан сыр тартпақ болып:
– Ал сіз ше, не ойладыңыз, Әзаға? – деді сұраулы жүзбен.
Дүдәмал ойын бүркемелей білетін Әзілхан бірден тіл қатпады, қарды сықырлата басып, бір орнында байыз таппай жүріңкіреді. Көкжиекте қарауытқан ноқаттарды меңзеп, оның Қабанбай ауылының сұлбасы екендігін білді. Оңашаланған аралдағы айсбергтей осынау күмбездің айнала маңайына кейін ұлттық пантеон салынатынын еміс-еміс құлағы шалған-тын. Соның келешек күйін аңдап байқаса, дене мұздарлықтай күйге түседі. Кілең мемлекетке еңбегі сіңген тұлғалар іріктеліп осы жерге жамбастары тисе, мұсылмандыққа сызат түсетінін ойлап, қауіп еткенінің несі мін? Ақиреттік дұрыс іріктеу болмаса – тағы сын! Кім бажайлап жатыр осының бәрін, билік бар шенеунікті қызметіне қарай «шоғырландырса», діни ұстанымымызға кірбің түсері анық екенін зерделеген Әзілхан, осы үргедек сезім жетегінен шыға алмаса да, кесімді түйінін айтуды өзіне парыз санады:
– Қамбаржан! Құлақ салшы сөзіме! Ертең осы қорым ұлғая келе аралас мекенге айналып кете ме деген сезігім бар еді. Бейқамсыз биліктен бәрі шығады. Көңілжықпастық мадақ дерті дендеп тұрған мына заманда ондай қойыртпаққа тосақауыл қойылмасы анық. – Ол дауысын кенеп, ендігі айтпағын нығырлап құйды. – Қамбаржан! Сен тілшісің ғой, бұл ұлттық қасіреттің алдын алуға ұмтыл! Санаға жететіндей етіп сараптамалық мақала жаз! Түсіндің бе? Әйтпесе, кеше ескерткіштеріне барып тағзым еткен Абай мен Жамбыл бабаларымыз, Бауыржан мен Рахымжан батырларымыз кешпейді мұндай қателіктерімізді.
Қамбар Әзілхан ағасына жаңа көргендей тесірейе қарап қалыпты. Жақ ашпай тұр.
– Түсіндің бе?
– Құп болады!

10

2011 жылғы Азиада ойындарының Алматыда салтанатты ашылуы қарсаңында оның алауын әр өңірде алып жүгіру рәсәмдері қызып жатқан қарбалас тұс еді. Шығыстан облыс әкімінің өзі телефон соқты.
– Әзілхан аға! – деді ол сабырлы сөйлеп, есен-саулық сұрасып болған соң. – Сізге кішкене өтінішіміз бар еді.
– Е, айтқын, – деп кейіпкері Бауыржан батыр мақамына салды.
– Азиада алауын осы Шығыс өңірінің белгілі тұлғаларының әр буындағы өкілдеріне алып жүгіруін тапсырмақ ойымыз бар еді. Соның бірегейі Өзіңізсіз! Қиналып қалмайсыз ба?
– Бердібек-ау, қалқама-ау, – деді Әзілхан қуаныштан жүрегі атқаттай соғып. – Туған жерімнің бұл ұйғарымы маған кешегі майдан командирімнің бұйрығындай естіліп тұрғанын қарашы! Келістім. Қайда, қандай қашықтыққа да алып жүгіруге дайынмын. Тіпті Өскеменнен алауды Семейіме жүгіріп апаруға да ықыластымын!
Мына жауапқа тұшынған әкім, бастапқыда тұтығыңқырап қалды да көңілін өсірген сөзге мәз болып:
– Онда ұшаққа ертең отырасыздар. Көмекшім хабарласады қазір. Роза Рымбаева, тағы басқаларыңыз бірге келесіздер, – деп қысқа қайырды.
Өскеменің бас алаңында Азиада алауын бір-бірімен кезектесе алмасып, қолдан-қолға жүгірткен жүйріктер шымқай аппақ киімнен егіздей елестеп, үңіле қарағанда да жүздерін әрең танытады. Сол сайыпқырандардың бірі Әзілхан еді. Спроттық киімі жарасып, сымдай тартылған жігіттей құлдыраң-құлдыраң етеді. Әлде майдан даласының оппа қарымен еңбектей жылжыған ақ киімді барлаушы сияқтанып, көзге бұлдырай ілініп, жағалай аппақ дүниенің білінер-білінбес ақ ноқатындай боп құр сұлбасы ғана баппен қозғалады. Міне, қолындағы алауын сонадай жерден алқынбай жүгіріп алдып келді де биік мінбердің кертік табан баспалдақарын санамалап басып жоғарыға талпынып өрледі. Жас жігіттің қынабынан суырылған бұла-күшіндей екпінді адымдайды. Алқынбай, абдырамай, асықпай жетті де алау отын биік тұғырдың ұңғысына жанай қисайтып еді, лап етіп шапши жалындаған шашыранды ұшқындар бір сәт тұтаса тұтанып қып-қызыл тілімен аспан бауырын күйдіре жалағандай әсерге бөледі.
– Азиада алауы тұтанды, Әзаға жарады! Енді бұл алау Алматыға жол тартады! Өңір спортшылары мен жанкүйерлеріне жалынды сәлем! Құтты болсын Азиада! – деп облыс әкімі шаттана мәлімдеді.
Әзілхан бейне осы аламанның жарысына өзі қатысатындай шып-шымыр денесін мығым ұстап масайрап тұр еді, мына құттықтауға жауапсыз қалуды ерсі көріп, жалындап сөйлеп кетті.
– Кеудемде туған жерімнің алауы қайта жанғандай жанартау күшке кенелгенімді қараңыздаршы, – деп саңқылдай жөнелді. – Мен бақыттымын, бейбіт елдің түлегімін. Тоқсанға тақау жасымда алау ұстап жүгіргенім заманымның тыныштығынан ғой. Соғысты көрген адамнан сұра бейбітшіліктің қадірін. Әр жүректің алауын жаға біліңдер, Отаныңның жалауын жоғарыға іліңдер!
Жағалай аппақ қарға шағылысқан ақшаңқан әлем! Көз қарықтырады. Бейбіт тіршілік сәнін арттырады. Әзілхан қар үстінен көтеріле биіктеп тұғыр астаушасында лаулай бастаған алау жалынының күні ертең Азияданың уақытша астанасы Алматыдағы мерзімді уақытында қайыра тұтанып, тұтаса ұшқындап, спорттағы жас қайраты елімнің жасампаздарының жүрегіне жеңіске деген жігерін желпінте жөнелетініне бек сенімді еді.
Ұшақ Алматыға көтерілген сәтте Әзілхан өзінің қатты қалжырағанын сезіп, жұмсақ орындықты шалқайта созып жайланды. Күні бойғы қауырт қимыл, алау эстафетасын алып жүгіру, жерлестерінің ыстық қаумалауындағы жүздесулер тыным таптырмаған еді. Балаша томпаңдап, тайраңдай тепкіленіп, тылсым сезіммен екіленіп, бақыттан басы айналғандай сәттік ғұмырына енді шүкіршілік айтып отырған жайы бар. Кезінде Халимасымен бірге талай ұшқан бағыты ғой. Бертінде Өскеменнен жолаушылап жүрсе, әртінде байырғы байтағы Семейдің облыс орталығы боп дүрілдеп тұрған кезінде Алматымен арасын екеулеп даңғыл жол қылатын. Көлікпен де, ұшақпен де тікелей салып, туған жерінің өзен-көлдерін қиялай тартып, тіпті пароходпен жүзбелеп, жайраң қақтырған күндері-ай, десейші. Сусын ұсынып, «ата, ата» деп, иығын сәл түрткен стюардесса бойжеткеннің жүзіне жұмыла бастаған көзін ашып тіктеп еді, пәлі, мына баланың Халимасының уыздай жас кезіндегісінен айныматынына таңырқай түсіп, тіктеліп отырды. Қарақаттай көзі, дөңгеленген өңі, қиылған қасы, қырлана түзу түскен мұрынының үсті, танауының әсем желпілі, бүрме еріні, бәрі-бәрі құйып қойғандай жарасып, өзіне Халимадай жақын тартқызып кетсін. «Қай баласың?» – деп қалды еріксіз. Өзі Халимаға жақын-жұрағат болып жүрмегей. Егіздің сыңарындай айнымай қалғанын қарашы. Әлгі сөзін түсінді ме, түсінбеді ме, құлағынан асыра әрі ілгерілеп, кері оралғанда тағы «қай баласың, қалқам?» деп сөзге айқын тартты. Қыз тәтті жымиып орындықтар қыспағындағы тар жолымен жылыстап кете барды. Сонда барып Әзілхан бұл баланың не ана тіліне шорқақтығын, не қазақы қалпының бір кінәраттығын сезгендей болып, өзінің жөнсіздеу сұрақтарына қысылып, кәдімгідей орта көңілденіп, жүдеу кейіпке түссін. «Қызықпын, қызықпын, – деді іштей мүжіліп, қамыға.
– Халиманы өмір бойы іздей беретінімді бұлар, әсіресе жастар жағы, қайдан сезсін. Сезіну үшін бастарынан өткермек керек-ау!»
Көк торғын аспан ойлары інжудей жалтырап, жанын жылыта бастағанын сезген Әзілхан кенет Семей әуежайының бұрынғы келісті келбетін есіне алып, өткенде бір көнерген жайын көріп, құлазығанын жүлгелеп кетті. «Қандай еді, ә, қандай болатын! Әр салтанат өз тұсына ғана жарасады екен ғой. Облыстық мәртебесінен айырылып еді, жұртта қалғандай жұтаңданып қала берді, сабазың. Жалғыз әуежай ма, түп Семейдің өзі, қалың өңір жағаға тасталған балықтай қайрансыз күй кешіп жатқанына қарын ашады», деп қамыға ойлады да, қайыра күні туып, төрт аяғын тең басып кетер сәтті кезеңін тіледі. «Мүмкін ғой, мүмкін… Кешегі Абайлар, Шәкәрімдер, Мұхтарлар табаны тиген қасиетті топырақ киелілігімен-ақ тарихта жасалған қиянатты тамырымен қиятынына үміттімін, үміттімін…»
Ұшақтың төмен бауырлай бастағаны сезіліп, иллюминатордан қарап еді, Алатау сілемдерінің қармен ажарланған кейпі жанарына кең ашылды. Талай алыс сапарлардан бұлтты жарып ұшып жетіп, Алматы аспанын айналып қонуға беттегенде осы ғажап көркем таудың жықпыл-жықпылына көзін суыра қадап, еңлікгүл-эдельвейс гүлдерін болжаммен тінткілей іздеп тапқандай болып «саған сыйлаймын жайрақ, Халимашым» деп тебіренуші еді. Кілттеусіз тұрған есіктен ене беріп, Халиманы құшағына емірене басып, гүл алуға мүмкіндігім болмады, бұл жолы саған еңлікгүл сыйлаймын» деп қос қолын артына жасыра қоятын. «Қане, қане, қардан құлағын ерте қалқитатын, көктем хабаршысындай алғашқы гүлді қандай жақсы көремін», – деген Халиманың сезімге бөгіп, жарынан гүл күтіп, емексіп тұратын кезін ұмытар ма, сірә! «Бұл жолы ұшақтан түсіп, тере алмадым, сол гүлдің елесін сыйлаймын бүгін», – деп Әзілхан артқа қайырулы қолдарын шапшаң жазып жіберіп, Халиманың мықынына жұмсақ қонақтата қояды. Содан екеуі шашалғанша күліседі… Қайран, қамсыз да қайғысыз, қуанышқа бөккен күндер десеңші. Сол махаббат-маздақты сәттері есіне түсіп, жүзіне күлкі иірімдері жыбырлаған Әзілхан әлдебір тосын ойдан айылын күрт жиып ала қойғандай болды…
Қандай ойлар еді жүзіне мұң ұялатқан? Халимадан айырылғалы бері аракідік аласапыран күйге түсіретін сол ойлардың күйігі жүрегін тырналап маза қашыратын. Оның бәрі тірісінде түбегейлі шешілмесе де болашаққа аманатталатын ауыр міндет секілденіп, соңғы кезде бүйіріне шаншудай қадалатын. Бұл тұрғыда жазып, хаттап қойған өсиеті де бар еді. Әр жолы көкейінде сайрап тұр. Міне, былай тарқатылады: «… 2003 жылғы 10 қазан. Санаторийде жатқан соңғы күндері көңіліме бір алаң кірді. Жұмсақ етіңе кіріп, шықпай тұрған тікен тәрізді. Жүрегімді сыздатып, ауыртады. Ол «тікен» Халима екеуміздің өмір сүрген үйіміз (Алматы, Құрманғазы, 90 үй, 28-пәтер). Халима екеуміз әрең қолымыз жеткен ең жақсы үйіміз бұл. Халима осы үйге кіргенімізде қатты қуанып еді. Екеуміз жұп жазбай осы үйден шығатынбыз. Қолтықтасып, көше аралап келіп осы үйге қайта кіретінбіз. Енді Халима жоқ, бұл үйде мен жалғыз қалдым. Ертең Халиманың соңынан мен де кетемін. Сонда бұл үйге кім ие болады?
Өз ойым бұл пәтер біздің (Халима екеуміздің) мәңгілік мұражайымыз болса екен деймін. Мемлекеттік емес, жеке мұражай! Бұдан былай ешбір жазушыға мемлекеттік мұражай жасалмайды. Әркімнің өз үйі немесе өз үйіндегі кабинеті мұражай боп қалуы керек. Ол жеке мұражай ұрпақтан ұрпаққа өтіп, өмір бойы сақталуы абзал. Біздің барлық заттарымыз сонда тұруға тиіс… Барлық балаларыма, немерелеріме, шөберелеріме: «Бұл үйді сатып жібермеңдер. Ұрпақ ұрпақпен кезек-кезек тұрып, мұражай (кабинет-мұражай) етіп ұстаңдар!» деп өсиет қалдырамын. Осы өсиетім орындала ма, жоқ па – білмеймін. Көңілдің алаң болатын себебі сол!»
Осы көңіл алаңын бірде дос-інісі Қамбарға білдіргенде ол көп ойланып жатпай өзін де толғантқан мәселе сыңайында саралап жүргенін сездіріп қап: «Әзаға-ау, бұл жөнінде түбі бір жазылатын мақаланың нобайы санамда түзілген», деп, бүкпесіз айтып қалған. Сол өрелі журналистке де сенім артады…
Сөйткенше болған жоқ, табаны жерге тиіп, екпінімен зулай жөнелген ұшақтың дүр сілкінісінен ойы бөлініп кетті де, оны-пұнысын жинақтап, қамдана бастады…

11

теріп отырған Гүлім шоқ басқандай ыршып түсті де, жазуға қатты берілген Әзілхан ағасына жалт қарап, «бұ кісінің де жазбайтыны жоқ екен» деп, іштей налып, өз-өзін көндіргендей болды : «мейлі, не шаруам бар, тере берейінші».
Ол жазушының «Иттер» аталатын ертеректе жазылып, баспа бетін көрмеген әңгімесін теріп отыр еді. Соны кейінгі жинағының біріне қоспақ оймен іріктеп алып, Гүлім үстеліне қойған-тын. Әңгіменің атынан сескенген ол алдымен оқып алуды жөн көріп шапшаңдата шолып шыққан. Тепкі теңеумен, мараздалған меңзеумен, шымшуыр шымшымамен, сайқымазақ сарказммен, кейіпкерін иттей талаған адамдарды оңдыртпай омақата опырған. Өзінің жанына да жанамаланған жері бар-ау, сірә, зілмауыр сөзбен қырғыштай қырғанда, тұла-бойы ине піскілегеннен бетер тітіркеніп, талмаусырап кетеді. «Баспаймын, термеймін, термеймін! Қазір айтам өзіне», деп ол қабағының астымен жазушыға білдіртпей қарағыштайды. Тағы бастапқы сабасына әрең түсіп, саусақтары терім тақтасында жорғалайды. Мына бір жеріне кідірмеске болмады. Кешегі ел көзіндегі ірі тұлғаның мына жиіркенішті жалба-жұлба киіміне сақ-сақ етіп тістерін салған иттер талап жатыр… Өштері бардай… Өмір бойы қолдарына осылай түскенін қалап жүргендей ызалы көздерін қанталатып арсылдап кеп талайды. Бұл кісәпірдің көлкіген кінәсі барын іштей сезіп те отыр. Әйтпесе, иттер кімді қабарын, қарш-қарш тіс қадарын біледі… Ақылдылар санатынан емес пе… Есіне еріксіз Ахмет Байтұрсынұлының өлең жолдары еміс-еміс түсіп, оның да өз ауылының иттеріне таланғанына қапаланғаны… денесін мұздай қарып жіберді.
– Өңің қабарыңқы! Неге мазасыссың, қалқам? – деп ағасы қағаздан басын көтеріп Гүлімге иегін қақты.
– А-а, жайша! Ойға беріліп кетіп…
Гүлім ішкі ой арпалысынан оқшауланғандай боп, терімге кірісе беріп еді, ағасы дүдәмәл сезікпен:
– Сізде бір жасырын сыр бар, бүгіп отырсыз-ау, – деп оны сөзге икемдеді.
Алғашында Гүлім мына оқып, теріп отырған «Иттер» әңгімесі жайлы ләммим дегісі келмегенімен, ішкі әлемін көзімен шарлап ойындағысын оқып қойғандай кейіптегі жазушының бұл сұрағынан жалтарудың жолын таппай:
– Аға-а! Айтсам, былай. Осы «Иттеріңізді» жаңа басылымға енгізбей-ақ қойсақ қайтеді? – деді тікесінен.
– Неге?
– Кейбір халыққа белгілі жазушылардың бет-бейнесі андағайлап тұрғандай екен. Ертең ыбыр-сыбыр өршіп, арыңызға дақ жұғып жүрмес пе екен?
– Білем, білем, ол жағын да кесіп-пішім қойғамын, шырақ! – деді жазушы ерекше көңілденіп. – Ал қазір саған қатты риза болып отырғанымды қарашы.
«Неліктен?» деп сұрағысы келген Гүлім аузын ашқанша болған жоқ жазушы төтелетіп жіберді:
– «Иттерді» жинақтан алғызып тастауға өзім де бекінгелі отыр едім!
Гүлім мәз бола күліп жіберіп, ағасының образдарды дөп басып бейнелеген шеберлігіне тәнті екендігін, бірақ-бірақ бұл жолғы классикалық дәлдігінің соншалықты ауытқусыз, нақпа-нақ орындалғанының өзінен оқырман қаупі еселеніп, «сол, сол екен ғой» күдігі күшейіп, ақыр соңында барлық моральдық ауыртпалық авторға түсетіндігін жөппелдемелете баяндап үлгерді.
– Түбі, өзің де жазып кетерсің, Гүлім шырағым! – деп сүйсінді жазушы.
Бетінің ұшы оттай жанып, қызарып кеткен Гүлім:
– Жазып жүрмін, аға! – дегенді тіл ұшынан қалай суырып алғанын аңдамай қалды.
Күндердің бір күнінде осындай итжығыс ойлар тағы тұтанып, жазушы мен терушіні тосын тығырыққа тірегендей күйгелектік туғызып еді. «Халимаға хаттар» дастаны теріліп бітіп, соңғы редакциясы ұқыпталып жатқан. Кабинеттегі Әзілхан мен Гүлім қағаздарына шұқшия түсіп, ой еңбегінің ләззатына кенелгендей қауырт күйдің шырмауынан босамайды.Назарлары қағазға қанша ауғанымен, көңіл түкпіріндегі бір иірім жағаға соққан ерке толқынша ауық-ауық шиыршық атып, долдана күңіренгендей әсерге бөлейді. Бірақ бұл жұмбақ сырларын өздерінен асырғысы келмегендей, жекедара беймазаланып, сыртқа салқын пішін танытады. Кәдуілгі күнделікті жұмыстың сан қатпарланған жосығы іспетті. Бірақ екеуін де бір мезгілде мазасыздандырған мына бір жыр шумақтары көмейлеріне кептеліп, тыныстарын тарылтатындай. Әзілхан қайыра оқыды: «Сол күні таңертең, Көңіліміз тоқ еді. Аурухана деген ой, Кәперімізде жоқ еді.» «Иә, сосын…» – деді өзін әрмен қайрағандай боп. Жалғастыра жылжытты: «Еркелеп қана ақырын: – Құшақтап мені жат, дедің. – Дәметіп жатсаң үздігіп, Ләззатыңды тат! – дедің.» Әзілхан осы жерді қысыла қайталады да әлдекімнен ұялғандай қасындағы Гүлімге қабағының астымен қарап қойды. Оның да өлеңнің осы тұстарына кідіріп, жасанды ұйықтан шыға алмай отырғанын іштей болжап, нендей пікір білдірер екен деп, дегбірсізденді. Жасқаншақтап отырып келесі шумақты өз ойынан өзі ұрлағандай шиырлады: «Сездің бе әлде тірліктің, Таусылар тәтті рақатын? Есімде қалсын дедің бе, Ақырғы берген ләззатың.» Беті оттай жанып, «не бүлдірдім?» дегендей, жерге кіріп кете жаздады да өлеңінің соңғы қайырымын ырқынан тыс пысықтай түсті: «Әзіл де айтып жібердік, Қуанып, көңіл жадырап. Алты сағаттан кейін, Артыңда қалдым аңырап». Арғысын есіне түсірудің өзі қиямет еді, аурухананың жан сақтау бөлімінде он үш күн қыбырсыз жатып, кейін сәл іліккенімен, аңдыған ажал алып тынған-тын.
Уәделесіп қойғандай Әзілхан мен Гүлім қағаздарынан бір мезгілде бастарын көтеріп, бір-біріне үргедек сезім шыбыртқысын үйіргендей, аңдыса, сыздана, сиықсыздана қарасты. Бір көзқарас: «Анайы жазыпсыз, кітапқа енгізбеңіз» деп дікілдесе, екіншісі: «Халимамның соңғы ләззатына мекіреніп жүрейінші, мінемеңіз, жазылған сол күйінде кете берсін. Оқырмандарым мұны бейбастақтыққа балай көрмес! Қанша ибалылықты сақтасақ та шындықпен суарылғанымыз дұрыс-ау!» – деп табандап тұрып алды. Ұят-ардың өткір жүзімен де піскілеп көрді, бастапқы бекінісін тастамады. Қайта күшейте түсіп, біртоға тоқтаммен «осы күйінде жіберемін, жіберемін», – деп тоңмойындана тақылдады таңдайы. Бір таңқаларлығы бұған Гүлім ештеңе деп қарсылық білдірмеді. Іштей безбендеген көп ойының, бұрма кілтипандарына да бағынбай «автордың сағыныш сезіміне зорлықпен сызат түсірмейікші» деген ұстанымға өзін бағындырып, икемдей қойған еді. Бітті. Әлгі тіркестер сол күйінде кетті… Енді кеш, бұл тұрғысында әңгіме қоздату… Екеуі ілкі мезетте бір-біріне жат адамдай қарасқанымен, арғы жағы ақ сүйме жарықтай кіршіксіз арайланып тұрған. Көңіл хошына дақ түспегені қуантты.
Кешкілік Әзілханның күтпеген жерден Гүлімге қоңырау шалуына тура келді.
– Жаңа Президент әкімшілігінен хабарласты. Бірсүгіні таңертеңгілік осындағы резиденциясында өз стипендиясын бірсыпыра қайраткерлерге табыстамақ екен. Соған келуімді ескертіп жатыр.
– Е, аға, құтты болсын! – деп, Гүлім мына жаңалыққа шын қуанып, сөзін сабырсыздана бөліп жіберді. – Ол кездесуге мықтап дайындалуымыз керек шығар!
– Әрине, әрине, бір жағынан сөйлейсіз деп жатыр. – Жазушы дауысын сәл бәсеңдетіп сол қамданысқа бүгін түнде кірісіп, сөзін тәмамдап қоятынын айтты да, Гүлімге былайша ескертті. – Сіз, ертең түске таман келіңіз. Терім жасап, пысықтап оқып, тап-тұйнақтай етейікші.
Солай болған. Мәтін дайын. Әдетінше жазулы қағазын төс қалтасына ұзынынан қырлап салып, кешегі уәде бойынша Гүлімді есік алдында күтпек болып, Әзағаң сыртқа шықты. Кешікпей келе қалған дайын көлікпен екеуі Абай ескерткішіне тартты. Келісім солай ғой. Кездесуге дейін ұлы бабаға гүл шоғын тапсырып, байырғы әдетімен үлкен істің алдында есеп бергендей боп, ризалығын алғандай көңіл хошы көтеріліп қалатын. Соған асығып келеді екеуі. Алатаудың қарлы жотасы күн нұрымен жарқырай түсіп, асқақ сезімге жетелегендей шабыт қоздырып, мына рухани әлемнің шың басындағы құлпырған тәжі секілді Абай мүсініне тақап келді олар.
– Ассалаумағалейкүм! Абай бабам, армысыз! – Әзілхан гүлін зәулім ескерткіштің етегіне қомдаңқырап қойды. Гүлдің жұпар иісі сіңген қолын ұлы бабасына ұсына бергендей боп еді, ол кісі де ұлы жүрегінен мейірім төгіп сәлемін қос-қолдап алып, иіле түскендей әсерлендіріп жіберді. Осы ілтипатымен қоймай, «Әзілханым, әдемі өміріңе разымын» деген құдіретті дауысын жел өтіне сызылтып, құлағына сыбыр еткендей сезінсін бұл. Қос шекесінің сыздап қоя бергенін елемей бабасының ту-уу көкпен астасқан асқақ жүзіне шалқалай көз салып тұрғанда сол заңғардың аузы қимылдағандай боп: «Аманатыма адалдығыңды сеземін!» демесін бе, ғайыптан. Оо, құдай, тоба! Әзілхан жүрегі жарылып кетердей тепкіленіп: «Аманатыңызды орындадым… әлі де орындаймын… », – деп лүпіл қаға жөнелді.
Осы көңіл өрекпіткен көрініске өзі де елітіп, жаны егіліп байыз таппай тұрған Гүлім, ағасының сезім шылауындағы мына тебіреністі түрін аяп кетіп:
– Аға! Әзілхан аға! Уақытымыз тақап қалды, жүріңіз! – деді де қолтығына қолын сұға берді.
…Қайдан білсін, соңғы қолтықтауы екен.
…Салтанатты сарайдан Әзілханды алып сарнай жөнелген «жедел жәрдем» көлігі Гүлімнің көз алдында ұсқынсыз кейпімен мәңгілікке таңбаланып қалыпты. Жетінші жүрек талмасынан талықсып түскен ол ауруханаға жеделдетіп әкетерде саусақтарын сипалап, мұңайған министрге жабыңқы назарын сүзіп, естілер-естілмес күбірледі:
– Халимаға… ба-ба-ра-мын…

Пікір қалдыру