ӨМІР ДЕГЕН – КЕЗДЕСУ

Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ

ТУҒАН ЖЕР
Менің туған мекенім –
Осы өлке, бауырым!
Картасына әлемнің,
Жазылмаған ауылым.

Солай біздің ауылда,
Өткен өмір байқалмай.
Берекесі ірімей,
Шаңырағы шайқалмай.

Мен май шамның түбінде
Оқығанмын Абайды.
Қабырғада сағат тұр,
Ғұмырымды санайды.

Шабытымның шалғыны,
Орманы от, гүл дала.
Бұл мекеннің бергені,
Маған қоңыр жыр ғана.

Қораланып ай үнсіз,
Айтып оны кететін.
Орал таудан ойысқан,
Суық ағыс жететін.

Терезенің сыртынан,
Ағашпенен лекерлеп.
Мен сындырған әйнекті,
Мысық шаққан екен деп, –

Анам байқұс жүретін,
Кінәсізді кінәләп.
Қасынатын көк сиыр,
Ергеншекке тұра қап.

Мынау әппақ дүние,
Желтоқсанда түсі әппақ .
Пеш түбінде отырам,
Оралханды құшақтап.

Қазір бәрі өзгерген,
Өзгермеген тек аспан.
Қара таулар құшағын,
Қазағымдай кең ашқан.

Сағыныштан орасан,
Мен түбінде өлем ғой.
Ауыл өзі – әңгіме,
Ауыл өзі – өлең ғой.

Жеттім әйтеу мұратқа,
Жүрмін сенен жырақта.
Айта аламын мен сені,
Жаза алмаймын бірақ та.

АУЫЛЫМ
Біздің ауыл Қапсалаңда,
Сүмбіле бел сымбатты еді.
Тақта отырған патшадан да,
Қайран ауыл қымбатты еді.

Тамыр тартқан тегім сенде,
Қаражонның бөктері еді.
Маусым төртке бөлінсе де,
Ел көңілі көктем еді.

Тарихтың таңбасы бар,
Тауым елдің тұрағы еді.
Жүрегінде Алласы бар,
Кітабы бір Құран еді.

Дегені есте атамның бір,
Ертең келер заманақыр.
Дауыстары азанның бұл,
Бүгін сиреп бара жатыр.

Әуеніне бозторғайдың,
Боз беткейлер шомылғанда,
Қырда жатып ой толғаймын,
Қойым көкке тойынғанда.

Жерді тарап желінімен,
Сиыр келе жатушы еді.
Ермен салсам ерініме,
Жылқы етіндей татушы еді.
Иегінен ұстап айдың,
Қызыл қия көтеретін.
Айға қолын нұсқамайтын,
Тобылғы қол төтем елім.

Таң келетін жылан бауыр,
Топыраққа түн сіңетін.
Қырқалардан құлан сауыр,
Қызыл шашты күн күлетін.

Қара жерден іздеп өмір,
Жапырақтар құлағанда.
Кеткен едім күзде қоңыр,
Ұзақ-ұзақ жылағам да.

Сағыныш жүр қинап анық,
Жырдан сарай салып кетсем.
Жанарыма жинап алып,
Шіркін сені алып кетсем.

СУРЕТ
Үйсін, Тәңір тауларым,
Қызықтайтын қылығын.
Самал желмен ауладым,
Шегірткенің шырылын.

Көлеңкелер тұр сынып,
Тобылғының түбінде.
Ентігеді тіршілік,
Қызыл мұрын іңірде.

Бал құшағы құтты әнге,
Көмілетін қаймақ түн.
Терезеден сүт сәуле,
Төгілетін жайлап тым.

Айды сұлу қыз деймін,
Жұлдыз моншақ тағатын.
Күрең шашын, нұр кейпін,
Бұлтқа жуып алатын.

Таңның тұнық сауырын,
Тырмалайды мысық түн.
Әрең-әрең бауырын,
Көтереді күшік-күн.

Қора-қора қойлармен,
Өлең өріп барады.
Қойшы ауыр ойлармен,
Көген өріп барады.

Сырғаларын шалғынның,
Кешіп келе жатамын.
Жүзіктерін таңымның,
Есіп келе жатамын.

Шырылымен құстардың,
Төгіледі күміс шық.
Моншағына мыс талдың,
Көз салады күн ыстық .

ҚҰЛАЗУ
Өмір деген – кездесу,
Қоштасулар екен-ау.
Сен алыстап кеткелі,
Жыл асыпты көкем-ау.

Сенің атың симайды,
Бір өлеңге, бір әнге.
Алдама деп айтушы ең,
Алдамадым кінәм не ?!

Өміріңнен айтқансың ,
Маған сансыз кешірме.
Құшақтаған сәтім көп,
Тиіспегенім есімде.

Неге, неге құбылып,
Кеттің, менің Күнім-ау.
Маған енді қасірет,
Сендей сұлу туылмау.

Сенің тойың болған күн,
Сансыз ішкем шараптан.
Содан бері шараптай,
Салқын атты әр ақ таң.

Әлде көріп түңілдің,
Жауыр болған атымды.
Мүмкін сүймей қалдың-ау,
Ақымақтау ақынды.

Қайсы үйдің күлдерін,
Төгіп жүрсің бұл күні.
Шашып жүрсің сол күлмен,
Мендегі бар күлкіні.

Қасіреттен мендегі,
Бүгін бәрі хабарсыз.
Содан бері күн мен түн,
Ай, жұлдыз да ажарсыз.

Арманымды осылай,
Алыстаттың құдірет.
Жаны жайсаң жақсы қыз,
Хабарласшы бір рет.

Мықтылардың мықтысы,
Емеспе едің Құдай- ау.
Сүйгеніммен жолықтыр,
Сенде болса бір аяу.

Мен ешкімді сүймедім,
Кімді жаздың, пешенем?!
Оны жырлай алмадым,
Кешші мені, кеш, өлең.

ӨМІР
Менің атам «дүние – жалған» дейтін,
«Өмір-өмір бабамнан қалған» – дейтін.
«Табаныңның астында обалар тұр,
Ана ағашты кеспеңдер, қан бар» – дейтін.

Қапсалаңның керемет түнін би ғып,
Шилер толқып жататын құлын құйрық.
Мүмкін ол аңыз шығар, өлең бәлкім,
Жел сияқты шабатын бір үн құйғып.

Бағзыдан біздің ауыл ірге көмген,
Жаны аулақ жаратқанды ел тілдегеннен.
Бір нәрсемнен алыстап қала берем,
Біздің бақта бір топ тал гүлдегенмен.

Кемпірқосақ жаңбырдың апасы ма,
Ұлы кетіп көз салған атасына.
Мүмкін ол да қартайып кеткен шығар,
Тіршіліктің шыдамай жапасына.

Тамағына тау тіреген жирен іңір,
Самалменен төгетін түнге күбір.
Ұлпан өмір төгіліп қанатынан,
Көбелек қыз тілейтін гүлге ғұмыр.

Тереземнен сан елес жолығатын,
Әйнектерге тіршілік соғылатын.
Мен шыға алмай қиялдың құрсауынан,
Ол кіре алмай жарыққа торығатын.

Есігімді тырмалап тарғыл мысық,
Көзін сүртіп жатады таңның қысық.
Қызылқия жақтан күн көтеріліп,
Сылаңдайтын келіндей балғын, пысық.

Бір сүремен тілегін бастап әр күн,
Анам солай ортаға ас салатын.
Әжіміндей атамның өмір жолы,
Өмір жолы осылай басталатын.

2 комментария

  1. Reply
    Zamanbekговорит

    ЖҰЛДЫЗ жұрналын шетелге тапсырыспен алуға бола ма?

    • Reply
      Маратговорит

      Әрине, ПДФ версиясын жібере аламыз.
      Өз поштаңызды біздің поштаға жіберіп (juldyz_kz@mail.ru осы жерге) ПДФ версиясына жазылғым келеді деп жазыңыз.

Пікір қалдыру