НЕСІБЕЛІ АПА

Дәулетбек Байтұрсынұлы

Мен бес жасқа толып есімді біліп қалған кезім. Атамның бейнесі, апамның бейнесі еміс-еміс көз алдыма келеді. Атам бұлдыр, апам оған қарағанда айқындау. Айқын болатыны, сол жылы қыста шешем бір жаққа барып келу үшін атқа мініп кетіп бара жатты… Бір нәрсе шағып алғандай «шар-р» етіп бақырып жылаған мен, артынан тұра жүгірдім-ау деймін. Шешем қайырылмаған күйі кетіп бара жатыр, қар тізеден келеді, мен неге екенін білмеймін жалаңаяқпын. Құйын-перен қуып барамын. Аяғымның мұздағанына да қарамасам керек. Шешем желе-жортып ұзап кетті, сонда да бірдемеден құр қалғандай дедектеп жүгіріп барамын. Бір кезде қарулы қол желке тұсымнан шап беріп ұстап жұлқа тартты. Артыма жалт қарасам мені қуалап келіп бүре түскен апам екен, ол кісі де кәдімгідей ентігіп күннің суығына қарамай, терлеген болу керек орамалынан бу бұрқырайды. Тыртысып алға ұмтылғаныма бойбермей, тыпыр еткізбей өзіне жақындата тартып тұрып құйрығымнан шапалақпен салып-салып жіберді. Бағанағыдай емес, арыным басылды. «Сенің шешеңнен басқа кісі, кісі емес пе? Қайда безіп барасың? Түс алдыма!» деді қатулы қабақпен әмір етіп. Күннің суығынан апамның арыны қатты болса керек, екі сөзге келмей алдына түсіп енді үйге қарай безіп бердім. Үйден жалаң аяқ, жалаң бас қашып шыққан менің құйрығыма шапалақ қаттырақ тиіп кетті, аяқ-аяғыма тимей жүгіріп келемін. «О, балшық, шешені тапқан екенсің! Біздікі бекер сор болған екен ғой!» деп артымнан жітірмелете басып дебейлеп келеді. Бір жағы ашуы бар, бір жағы немереге деген қызғанышы бар арыны күшті. Үйге келіп есіктен кіре төр алдында отырған атамның артына тығылдым. «Әй, Қарақыз, болды енді, баланы сонша қорқыта ма екен! Бір жолғы ашуыңды маған бер! Ендігары келіннің артынан ермейтін болады» деді, маған араша болған атам.
Сол күнге дейін қалай өмір сүрдім, қандай оқиғалар болды? Біреуі де есімде жоқ. Көз алдымда қыс кезіндегі қалың қар, атпен желе-жортып бара жатқан шешем, безектеп жүгірген мен пақыр, қуалап барып ұстап алып, қуып әкелген апам, араша сұрап ұрғызбай қалған атам… Міне, сол сәттен бастап есейіп шыға келдім, онан кейінгі ірілі-ұсақты оқиғалардың бәрі есімде.
Өкінішке орай, сол жылы жаз шыға алдымен атам, алты айдан соң апам дүние салды да, мен атасыз, апасыз «жетім» қалдым. Ендігі жердегі өмірім әкем мен шешемнің алдында ақырындап өтіп жатты. Менің осындай қам көңіл, қамсау тірілігімді байқаған нағашы атам мен нағашы апам бауырларына тартты. Байқасам күндерімнің көбі, балалық бал дәуренімнің қызықты шақтары сол нағашылардың ауылында өткенге ұқсайды. Қозы-лақты қуып асыр салғанымызда, тай-құнанды мініп жайдақтай шапқанымызда сол кісілердің алдында өтіпті. Оған екі түрлі себеп бар деп шамалаймын, бірі ауылымыз аралас, қойымыз қоралас тым жақын жүргендігімізден. Екіншіден, ол үйде алты жас үлкен нағашы аға және менімен жасты Епан деген бөлем бар. Кейін есейіп мектепке барып оқыған сәттен әлгі байланыс тіпті жиілей түсті деуге болады. Қысқы, жазғы демалысымыз дерлік нағашылар ауылында өтетін. Әкем мал дәрігер болғандықтан біз малшылармен төрт маусым бойы бірге көшіп-қонып жүрсекте мал бақпадық. Әкем үйде тұрмайтын, дәрі-дәрмек салған қобдишасын атқа салып алып ел аралап кететін. Түрлі індеттерге қарсы алдын алу ваксинасын салуға, қозы, тайынша, құнан шығарларды пішіп безін сылып алып тастауға кететін. Жазда ванна, күзде қырқым… бір бітпейтін шаруалар ол кісіні «дала безер» етіп жіберген. Сондықтан да мен нағашымның үйіне барып емін-еркін жүре беретінмін. Тауға барып отын әкелу, тай мініп мал бағысу, шөмеле салып, үймек үйісу бізге таптырмайтын қызық, ал, ол кісілер үшін біздің қолғабысымыз тіпті керек.
Нағашы атам біртоға көп сөйлемейтін кісі, шаруасын реттеп малын бағып, ауқатын ақсатпайды. Нағашы апам үйдің де, түздің де жұмысын бірдей тындырып отыратын қарулы қақатұяқ, қимылы ылдым-жылдым пысық, қараторы кісі. Күндізгі қарбаластық аяқтап кешкі тамақтан кейінгі әредікте апамның айналасына үйірілеміз. Ертекпен басталатын әңгімелер өз заманының шытырман қызықты оқиғаларымен жалғасатын. Мен ержетіп құлаққа сөз кіретіндей кезде әңгімесін тіпті үдете түскені анық. Ол кісі маған не айтпады дейсіз!.. Сөздерінің бірінен бірі қызық, бірінен-бірі тәтті. Ата мекені Нарынқолдың Текес пен Шалкөде жайлауынан басталатын әңгімелер 1930 жылдардың аласапыранына, шекарадан қашып өткен, өмір мен өлімнің арасындағы жанталастарына, 40-жылдардың қиын кездеріне, 50-жылдардың комуналасуына, 60-70 жылдардағы «мәдениет төңкерісінің» сұмдықтарына сүңгитін. Нағашы апам сөзуар, асықпай баппен жеткізетін, тілімен ғана емес жүрегімен беріліп отырып сіңіретін. Балалықтың әлде жастықтың әсерінен біреуін тыңдасақ, біреуін жөнді тыңдамадық, айтқанының бәрі есте қалмады. Дей тұрғанмен, санамда салмағымен тапжылмай қалғандары жоқ емес.
Мінезі қызық болатын, далада жүрсе отын жаңқасы ма, тезек пе қолына ілінген кәдеге жарайды деген заттарды етегіне салып жия жүретін. «Керек тастың ауырлығы жоқ» деген сөзді ылғи аузынан тастамаушы еді. Айтқысы келген сөзін қасында болсаңда, болмасаңда айтып жүре беретін, әсіресе бала-шағаның, келіннің істеген ауқатының аусай кеткен жерін көргенде түзей жүріп, өзімен өзі сөйлеп «әй, жарымаған немелер, мынаны қара!» деп орнына келтіретін. «Апа, кімге сөйлеп жүрсіз?» деп сұрай қалсаң, «кімге айтады дейсің, сендерге де!» деп жұмысын жалғастыра беретін. Ұрысқаны да сол, ескерткені де сол. Оны асқындырып ешкімді дүрліктірмейтін. Отбасының да мазасын алып қиқу салмайтын. Кешкі тамағымызды ішіп, ыдыс-аяғы жиыстырылған соң, кірәсін шамның түбінде басымыз түйісіп баяғы бір бағзыдағы әңгімеге бас қоятынбыз.
Ендеше, ендігі сөз нағашы апам Несібелінің айтқандары.

Шалкөдеден үдіре көшу
Есімде қалуынша 1930-жылдар қысып келген ашаршылық, халықты қатты састырды. Қолында бар бола тұра тышқақ лақты сойып жеуге дәрмені жетпеді. Тауда аң, орманда құс, суда балық болды, бірақ, солардың бірінде еркін аулатып елдің кәдеге жаратуына рұхсат бермеді. Халық жан-жаққа ауа көшіп тоз-тозы шықты. Нарынқолдықтардың біразы Қырғызға, басым көбі Қытайға үдіре көшті. Сол қаш-қаш «халық жауларын аластау» науқанына жалғасып, біреу басы мен малын қорғап көшсе, біреу дүрмекке ілесіп көшті. Біреу төніп келген қатерді сезіп көшсе, біреу көлеңкесінен шошып безіп көшті. Үркіншілік толастамай жалғаса берді. Күндіз қарасаң жайбарақат жатқандай болған ауылдар түнімен зымзия жоғалып таң ата қаңырап жұрты жатады. Қоңырсыған ошағы, өредегі құрты, өрістегі малы қалады. Тек бұтартар ат-көлік, жүкартар өгіздерді қамдаған адамдар өзгеге пысқырыпта қарауға мұршалары келген жоқ. Адам үріксе қиын екен, алды-артына, өлген тірілгеніне қарамай тартып береді. Сондықтан да ол кез “үркіншілік” деген атпен тарихта қалды. Жап-жақсы өмір сүріп жатқан елді қызылдар жаналқымға алып әлек салды. Бірінен бірі асып түсетін не түрлі салықтар салынды. Орындау деген мүмкін емес, оны жасай алмай сотталғанша жан сақтап босудан басқа шара қалмаған кезге душар болдық.
Біздің жаңадан бас құрап отау көтерген кезіміз болатын. Ауылға келін болып түскеніме де аса көп бола қойған жоқ. Ол кезде ауыл-ауыл болып шоғырланып біртұтас отыратын еді, Бардамы да, жоқ-жітігі де аралас бірін-бірі толықтап, өзара сүйеу болып топтасып өмір сүретін шақ. Баяғы көшпенді өмірдің жұрнағы әлі бар. Өкімет қысқа қарай бір жерге иіріп отырғызса да, жаз шыға үйренген әдет бойынша жайлауға қаша көшетін. Біздің ауылда Шалкөденің басында, жайлаудың төрін жайлап жатқан. Жайлап жатқанда жырғап жүрген ешкім жоқ, ана ауыл көшіп кетіпті, мына ауыл көшіп кетіпті деген сөз желдей есетін. Оған ілесе пәленшекемді ұстап әкетіпті, түгеншекемді атып тастапты, пәленшенің ауылы қытай шекарасында қырылып қалыпты… деген әңгіме гу-гу есетін. Байқаймын ішім сезіп тұр, біздің ауылға да бір тықыр таянды, үлкендер жағы шұғыл кеңес құрып бүгін түннен қалмай қопарыла арғы бет асуға бел буыпты.
Ешкім шашау шықпасын, тірі болсақ бір төбеде, өлсек бір шұңқырда боламыз, ауыздарыңа ие болыңдар! Кімде кім тісінен шығарса тілін суырып аламыз, деген қатулы бұйрықтарда сұп-суық қалпында ызғарын шаша жетті. Ол кездің бір ерекшелігі үлкендердің айтқаны заң, қарсы шығып тәжікелесетін кісі болмайтын. Қыр басына қарауыл қойып жұрт ат көлігін әзірлеп алып жүруге болатын заттарын сұрыптап, алып жүре алмайтынын қалтыруға бекіп әбігерленіп жатқанда, қарауыл бала қатты жүріспен ауылға жетіп осы жаққа қарай жүрісі бейсауат үш атты кісінің келе жатқанын жеткізді. Ақсақалдар жағынан қатаң бұйрықтар айтылып ат-көлік жүген ноқтасынан сыпырылып өріске жіберілді, өгіздердің ыңыршағы алынып суатқа айдалды. Әйелдер шелектерін көтеріп біреуі қой сауып, біреуі сиыр сауып жайбырақат күйге ауысты. Осы кезде басын буған кішкене қосымызға екі ақсақал келіп кіріп, «Келін, дәуде болса бұл келе жатқан сенің парторг ағаң Берікбай Есқожаев екені анық. Бар үмітіміз өзіңде қарағым, бір ауыз сөзден ши шығып сезік тудырсақ біткен жеріміз сол, әсіресе сен абай бол! Ол келе, сенің халіңді сұрап мұнда бас сұғуы мүмкін. Қалайсыңдар? Не істеп жатырсыңдар? Ел іші тыныш па? дегенде сен бар болғыр, «бүгін түні көшейік деп жатырмыз» деп жүр ме! Өзің көріп отырсың, жағдай қиын, у жесең руыңмен деген, тас түскен жеріне ауыр. Дымыңды шығарма! Сөз осы!» деп кідірмей шыға жөнелді.
Арада көп уақыт өткен жоқ, қырдан үш кісінің бараны көрініп ауылға жақындап келіп шеткі қостан бір нәрселерді сұрап тура бізге тартты. Есік алдына шығып күтіп тұрғамын, Берікбай аға қасында екі мылтықты қызыл әскері бар қостың қасына келіп ат басын ірікті.
– Оу, Несібелі амансыңдар ма? Қалдарың жақсы ма? Тыныштық па? – деп есендік сұрады.
– Жақсымыз аға, өздеріңіз қалайсыздар?
– Е, әзір көрген әзір жоқ, бандылар құтырып елді бүлдіріп жатыр. Өздеріңе жүрісі күдікті көлденең көкаттылар келіп жүрген жоқ па?
– Жоқ аға, біздің ел тыныш!..
Осы кезде қонақтардың кідіріп қалғанын көрген ауыл ақсақалы төргі үйден шығып бізге қарай аяңдады. Жақындап келіп,
– Оу, құда, Ассалаумағалайкум! Бұл балалардың отауын қайтесіз, бері бұрылыңыздар! – деп шылбырына оралып бәйек болып өздеріне шақырды. Жарбиып тұрған жаман қосымызға бір қараған Берікбай аға қасындағы солдаттарына бір нәрселерін айтты да, ақсақалға ілесіп үлкен үйге кетті.
Санам сан саққа жүгіріп қосқа бір кіріп, бір шықтым. Ойпырай-ә, айтсам ба екен, айтпасам ба екен… Төркінімнен алыстап, ағадан айрылып қайда кетпекпін? Осы кеткенімнен бұл елді қайта көру жоқ деші!.. Дәл қазір бұл ауыл көшуге қамданып отыр десем, бәрі бітті, қолдары байланып, малдары айдалып, мен бостандық алып төркінімде қаламын… Осы кезде сырттан күйеуім Рахымберді келіп «Әй, Несібелі, түрің қатты бұзылып алабұртып тұрсың ғой, шыққан қыз шиден тысқары дегенді жақсы білесің! Осыдан сыр алдырып пәлені бастасаң, қаншама адамның обалына қалғалы тұрсың, екі дүниеде сорың қайнайды! Есіңді жи!» деп зекіді. Рахымбердінің мына сөздері көңілімді орнықтырып сабама түсірді. Ағам күдіктенбесін деп қолыма бір шелегімді алып үлкен үй жаққа беттедім де, қазан-ошағына араласып, қонақ күтудің жұмысына қосылып кеттім. Ешнәрсе болмағандай білекті сыбанып тастап кіріп-шығып жүрмін. Аспанға жұлдыз толғанда қонақтар орындарынан тұрып келесі ауылды көруге аттарына мінді. Жұрт болып «Ал, құдеке, сау саламат болыңыз! Жолдарыңыз болсын!» деп қоштасып аттандырды.
Шамасы екі белден асып, шәй қайнатым уақыт өткенде ауыл абыр-сабыр қарбалас күйге түсіп алпарысты да кетті. Өрісте қайырмалап жүрген көліктер әкелініп ерттелді, жүкартар өгіздерге ыңыршақтары салынып белін арқанмен тартып апыл-ғұпыл жүк артылды. Жолда ең қажет деген кептірілген ет, тары-талқан, көмбе нан азық-түліктер қаптарға салынды. Текемет пен көрпенің бірең-сараңы ертоқымсыз көліктердің арқасына жабылды. Үйлер тігулі күйінде, бұзаулар байлаулы, айран ұйытылған қалпында жұртта қалды. Айналасы аз ғана уақытта дүр көтерілген жұрт қырдан асып ілезде ғайып болды. Таң атып кетпей тұрғанда Айғайтастан асып, Шартастың басын айналып Мақшыға жету керек, болмаса қарулы күзетке ұшырап, көзге түсіп жүндей түтіліп жапырылып қаламыз деген көш үдіре тартты. Ашықпен қырқаны баса жүрсе жолға ыңғайлы болар еді, енді олай істеуге әсте болмайды. Тауға тартып қарағайдың арасына кіріп жүруден өзге амал жоқ. Көшке ит ілестірілмеді, аттың пысқырғанынан басқа оғаш дыбыс жоқ. Қатаң ескертудің бірі ес кірмеген балалар мен сәбилердің дыбысын шығармау туралы бұйрық. Қайтсеңдерде балалар жылаушы болмасын! Таяу жердегі солдаттардың құлағы шалып қалса біткен жеріміз сол!.. «Қара қазан, қатын баланың қамы үшін аттандық! Бір Құдайға тәуекел!» деп ат-көлігіне қамшы басып шығысқа бет түзеді.
Жайлау шекараға тым жақын жерде болғандықтан, жүрістері осы қарқында болса таң атпай шекарадан асып кетуге болады. Әзірге ұлықаусар оқиға болмады. Қыңқылдай бастаған балаларға аналары аузына емшектерін салып жандары шығар шықпас күйде қара терге түсіп қысылып Аллалап келеді. Кеше кеште бұл ауылда парторгтың болғандығынан шығар арттан қуғыншылар байқалмады. Оның келгеніде бір ғанибет болғандай. Орман ішінің жолы кедір-бұдыр, қарағайдың сидиған бұтақтары біресе бетті тырнап, біресе кеудеден кері итеріп көп кедергі жасап келеді. Әйтеуір аңға шығып, тауды кезетін атпал азаматтардың жол білермендігі арқасында көш тоқтаусыз ілгерлеп екі елдің белгі тасына жақындады. Әне-міне, қырдағы шекке ілініп «Үһ, өттік-ау!» дей бергенде қайдан шыққаны белгісіз тарс-тұрс етіп атылған мылтық дауысы тау-тасты жаңғыртты. Ормандағы құстар шошынып пыр-пыр етіп ұша бастады. Мінезі шадыр бірлі-жарымды аттар тасыр-тұсыр осқырынып тік шапшыды. Әйелдер шулап балалар зар жылап шошынған, қорыққан айғай шатқалды басына көтеріп тастады. Жұрт оқтың дауысының қайдан шыққанын бағамдап қарап еді, бір жақсысы арттан атылып жатыр екен. Солдаттар із шолып жүріп көштің кетіп бара жатқанын малдың тезегінен, оны-мұны түсіп қалған заттардан жазбай танып қуып жеткен жері осы. Шекара көзкөрім жерде ғана тұр, жұрт не істерін білмей сасып қалды.
Осы кезде ауыл ақсақалының өктем дауысы айғай-шуды басып түсіп көпшілікті сабырға шақырып елдің есін жиғызды.
– Жайқау, Жәйшібек, қайдасыңдар! Қаруларыңмен менің қасыма келіп солдаттарды бөгеңдер! Рахымберді, сендер көшті бастап алдыңдағы қырдан асыр! Тез қимылдаңдар! Белден ассаң қытай жері, бұлар оқ ата алмайды. Бізге қарамай алға ұмтылыңдар! – деді өктем үнмен.
Көптен суырылып үш адам қаруларын серт ұстап аттарынан қарғып түсіп қарағайға байлай салып, таяп қалған солдаттың алдынғы легін қарауылға ала басып-басып жіберді. Екпіндеп жетіп қалған алдынғы екеу оққа ұшып ома-шома болып аттан аударылып құлады. Қашқан елден мынандай қарсылық көреміз деп ойламаған солдаттар іркіліп ұйлығысып барып тоқтады. Бастықтарының шаңқылдаған бұйрығынан соң, қарағайды далдалап, жартастарды паналап бытырлата оқ жаудыра бастады. Шамасы отыздан аса қарулы топ тез қимылдап жан-жақтан ентелеп келеді. Оқшантайдағы аз ғана оқтың шипасы бітіп бара жатқан үшеу дәлдеп қана жақындап келгендерін нысанаға алып атысып жатыр. Бес қаруы саймасай топты солдат оқты жаңбырша жаудырып үшеу жатқан қырды басып қалды. Одан аса жандәрмен қашқындардың соңынан оқ атып көріп еді, олардың соңғы шоғыры қырдан асып көзден ғайып болды. Бұл кезде жерге жарық түсіп келе жатқан болатын. Атыстың белгісі болып қарағайға байланған үш ат және қанға малшынған, денесі шұрық тесік үшеудің өлі денесі қалды.
Жау тиген көште не береке болсын, улап-шулап, асып-сасып мойнақтан асып кең алқапқа өттік. Бөтен елге келдік деген аты ғана, жалғасып жатқан сол бір таудың жүлгесі, шөбі де, тау мен тасы да бірдей. Қызылдармен атысып артта қалған үш арыстан анық айырылғанымызға көзіміз жетіп келеді. Қайта қайрылып жүзін жасыруға дәрмен жоқ. Беттері ашық күйінде қанға батып далада қалды. Анау қызылдар оларды аяйды дейсің бе? Өздеріне оқ атқан дұшпандарын жарылқамас. Қайтеміз, керек десең дұрыстап қоқтау айтып, аңырап тұрып жылап алуға да мұрсат жоқ. Отағасыларынан айрылған жесірлерде, әкелерінен қапияда айрылған перзенттері де іштей егіліп, іштей қасірет тартып қайғыдан қарс айрылып қанжұтып түтігіп келеді. Тоқтаусыз ілгерледік.
Бір заманда оң жағымыздан құйғытып шауып келе жатқан қалың аттылардың қарасы көрінді. Олар екпіндерін бәсеңсітпеген күйі көштің алдына шығып тоқтатты. Нобайы кәдімгідей көп, екпіні қатты, жартысынан астамында шошаңдаған мылтық, тақымдарында ойнақтаған жарау аттар. Енді жуас болмай шарамыз жоқ, бас иемізден айырылып еңсеміз түсіп басымыз салбырап келе жатқанда мыналар сап етіп жолымызды тосты. Құралдарын кезеніп түнерген топ қаһарын төгіп қарсымызда тұр, күніміз енді не болар екен деген біз бейшаралар үнсіз ұйлығысып бір Құдайға жалынып қарап қалдық. Атқа бір жанбастап қисайыңқырап отырған бұлар қытай шекара күзетіне қойған мұңғұлдар екен. Бастарында жиекті дөңгелек қара қалпақ, үстілерінде қусырма ұзын қара шапан. Сол жақ қолтығының астынан түймелері басталатын киімінің жағасы тар, етегі кең. Аяқтарында добалдай бұзаубас етік. Көбінің түсі қарасұр. Ол кезде қытай Жаң-жеші басқаратын Гоміндаң деп аталатын биліктің қол астында еді. Ішкі қытайда әлгі Жаң-жеші деген патшалары кедейден шыққан қызыл көсем Мау-зыдоңның армиясымен бір соғысса, шығыстан келіп жерін басып алған Жапонның армиясымен қатар соғысып әбден есі шығып жатқан кезі болатын. Бұл жер қытай жері дегенмен шекара күзетінде қытай солдаттары жоқ екен. Құлжа жақтан Дутың деген дәу басқаратын көрінеді. Мынау солтүстік жақтағы Үйсін тауының арғы жағында Шапшал, Сүйдіңкүре деген жерде сібе деген халық тұрады деп еститінбіз. Олардыңда негізгі міндеті шекараны қорғайтын көрінеді. Ауыл ақсақалдары айтып отыратын, баяғыда Абылай бастаған қазақ қолынан жеңіліп тоз-тозы шыққан жоңғарлар жер бетінен толық жойылып кетпепті. Олардан қалған шашырандылар осы қытайдың тау мен тасына сіңіп жансауғалап кеткен екен. Дәл осы біз өткен Мұңғұлкүреден солтүстікке қарай Шапшал, Қорғас, Бұратола өңірінің бәр жерінде мұңғұлдар мекендейді. Олар малын бағып, сүт әркісін (сүттен жасалған арақ) ішіп дулап (өлеңдетіп) жүрсе де, мойындарында шекара қорғау міндеті бар. Шығыстан жеткен қытайларға бағынып, өздері малын бағып, қожаларының бұйрығын орындап кең жатқан ұлан-қайыр мекенге солар ие болыпты. Оның бәрін кейін білдік қой… Мынау бізді қоршап тұрғандардың бәрінің мұңғұл болатыны содан.
– Оу, қашқындар, бізге жауап беретін кім бар? – деді жуан қара қамшысын екі бүктеп едіреңдеп.
– Мен бармын! – деді арамыздағы ендігі ақсақалымыз алдыға озыңқырап шығып.
– Онда былай, тыңдаңдар! Сендер орысты құртқан қусыңдар! Өңшең байдың құйыршықтары, дүниелеріңді өкіметке беруге қимай алып қашып келесіңдер ғой!.. Солай бандылар, ондағы қызыл өкіметке оқ атып келе жатқандарың ғана біздің дутыңға ұнайды. Әйтпесе бәріңді қырып салуға шамамыз жетеді. Сендерді ішке қарай өткізуге болады, бірақ, шартымыз бар… Күні-түні шекара бағып қашқындарды тосу оңай дейсіңдер ме? Біздің де тыныштығымызды алып біттіңдер! – деп тоқтады.
– Біз ешқандай бұзықтардан емеспіз, өкімет бұзылды, қара қазан қатын баланың амандығы үшін елден босып келеміз. Қысылған жанға араша болып, іргеңнен орын берулеріңді тілеп келдік. Онда шартыңды айт бастық! – деді басшымыз. Одан басқа жол жоқ болатын.
– Ендеше, орындарыңнан қозғалмайсыңдар, біздің адамдар керегімізді жиыстырып алғанша тыпыр етпейсіңдер! Сендер бәрібір өздерің бере қоймассың, орыстан алып қашып келе жатқан алтындарың мен асылдарыңды түгін қалдырмай қолымызға салыңдар!
Ол осыны айтты да қасындағыларға иек қақты. Олардың бұлап-талауға, озбырлыққа дәніккен жуан жұдырық, оспадар бірнешеуі аттарынан қарғып түсіп бізге жақындады. Көшті аралап ат-көлігімізге, түр-түсімізге, бас-аяғымызға қадағалап қарап шыққан олар өзара мұңғұлшалап құлдырласып алды да, ең бірінші ат шылбырына жармасты. Бермесімізге қоймай астымыздағы аттың оншақтысын шетке шығарып аналардың қолына ұстатты. Онан екінші рет қайта келіп жанқалта, қойны-қоншымызға қол салып қолға ілінетін керектінің түгін қоймай қидай сыпырды. Үстіміздегі жөнді киімдерімізді де шешкізіп жүнін жұлған тауықтай етіп сорлатты. Үшінші рет әйелдер жағына ойысып қолындағы күміс білезік, мойнындағы моншақ-маржанын, құлағындағы алтын сырғаларын бергенін қолынан бермегенін құлақтарын жырып жұлып-жұлып алып жатты. Осы тұста ерлер жағы бір қозғалып барып дүрлігісіп қалып еді, мұңғұлдар жағынан шақыр-шұқыр мылтық шақпақтары қайырылып, қатты ақырып қоқанлоқы көрсетіле бастаған соң, топ басшымыз қолын көтеріп «Сабыр!» деді дауысы дірілдеп. Алғандарын уыстап апарып басшыларына беріп, оған жақындап барған бірі бір нәрсені айтып біз жақты көрсетіп жатты. Анау жуан мұңғұлда ат үстінде бір қозғалып басын изеді. Үрпе-шүрпеміз шыққан біздер енді не істер екен деп іштей тынып қобалжып тұрғамыз. Мұңғұлдың аюдай өктем дауысы гүр етті.
– Енді бір шарт бар!.. Араларыңнан бір қызға көзіміз түсіп отыр. Қазақ-қалмақ киіз-туырлық дегенді білесіңдер, қазақтар «судың түбін шым бекітеді, даудың түбін қыз бекітеді» деуші еді ғой? Ендігі жерде құда болайық. Бізге бір қыз берсеңдер жолдарың ашылады, өтіп кетесіңдер!.. Бермесеңдер қазір-ақ қырып тастаймыз, болмаса қайтадан айдап отырып орыстарға тапсырып береміз!
Міне, қиын жері осы болды. Атты алып жаяу қалдырғанда, дүниені алып тонағанда, қыз-келіндердің әшекейлерін сыпырып қолы-басын жалаңаштағанда дымын шығармай тұрған еркектер дәл мынандай озбырлыққа келген де шыдамады. Әр тұстан одағай дауыстар шыға бастады.. «Әй, мұнысы несі? Осындайда сұмдық бола ма? Сүйегімізді қорлата алмаймыз! О, атаңа нәлет найынсаптар!» деген үндер тасқын судай гүрілдеп кетті.
– Егер келіспесеңдер өз обалдарың өздеріңе!.. Сүйектерің ит пен құсқа жем болып далада шашылып қаласыңдар!
– Әй, бастық! Сен әліңнен асып барасың, мейманаң тасып тұр екен… Біз қашқын мүсәпірміз, сен бұл жердің қожасы болып тұрсың, судыңда сұрауы бар. Бұлай қорлауға болмайды, буынсыз жерден пышақ салып тұрсың!.. Еркек тоқты құрбандық, Құдай бергенін алса да, берерін алмасын! Айт қалауыңды! – деді, жаны қиналып тұрса да шұрқыраған көген көздердің тағдырына алаңдаған атамыз. Түрі сұрланып, бір бекімге келгендей, ернін қатты тістеген күйі жуан мұңғұлды ішіп-жеп барады.
Мұңғұл қасындағы бәлеге иек қағып сұқ саусағын шошайтты. Ол лып етіп адымдай басып топты аралап келіп үлкен үйдің бойжетіп отырған қызының білегінен шап берді. Ол денесіне шоқ түскендей бір бұлқынып, орнынан секіріп барып анасына тығылды. Қасқыр тартқан лақтай болған сорлының құлындағы дауысы шықты. Үлкен-кіші мұнда тұрғандардың зығырданы қайнамағаны жоқ. «Әй, бүйтіп тірі қалғаны құрысын, Ақсақал рұхсат етіңізші! Жастығымызды ала жатамыз! Мына кәпірлер масқаралап тұр!» деген зор дауыстар тұс-тұстан жамырады. Топ ішіндегі қызды ұстап тұрған мұңғұлға дебейлеп жетіп келушілерде көрінді. Осы тұста қыз ағасы қалмақты жағасынан ала түстіде, көзді ашып жұмғанша көтеріп алып жерге бұрқ еткізіп, алқымына ашбөрідей қадалды. «Тарс» еткен мылтық дауысымен бірге есіл ер қалмақтың үстіне еңкейіп құлап бара жатты… Бет-аузын қан жауып кеткен қалмақ үстіндегі өлі денені аударып тастап тұрып келе жатты. Әп-сәтте болған жағдай қасіретпен аяқталды. Жұрт сілтідей тынды.
– Әй, қызым, сен бәрін көріп біліп отырсың, бізде қарманар қауқар жоқ. Бір ру ел тығырыққа тіреліп күйіп тұрмыз… Ендігі сөз сенен, мынау ел-жұртыңа, шырылдаған сәбиге ара түсе аласың ба? – деді, түк шарасы қалмаған атамыз. Екі жақта үнсіз, іштей тынған тыныштық, ұзақ ойланып ырғалып-жырғалып отыратын кез емес, аттың жалы түйенің қомында не істеуге болады? Қарсы алдыларында қандыауыз қара мылтық өлім тілеп өңмеңдеп тұр. Әуелі қатты шошыған бейшара қыз мынандай сөзден кейін өзін тоқтатып бойын тіктеді. Кешелі бері қияметтің қыл көпірін көріп келе жатқандықтан есін тез жиды.
– Әй, қалмақ! Сен уәде бер, мені алып қалсаңдар мына елді аман жібересіңдер ме?
– Иә, айтқаным айтқан аман сау жібереміз, Қотырқайға бара ма, Аттың тауынан асып кете ме, Іледен ары өте ме, қалаулары білсін. Жол ашық!
– Онда мен міне шықтым! Ал, ағайын, туыстар, қайтейін… Құдай басқа салған соң шара жоқ, көндім. Менің басым құрбандық болсын, есесіне сендер аман болыңдар! Қош, сау болыңдар! – деді батылданып. Білегінен әлі айырылмай ұстап тұрған мұңғұлдың қолын қағып жіберіп өзі алдыға түсті. Қалмақтар кезеген мылтықтарын түсіріп бір шетке ығысты. Үш-төрт еркек қанға шыланып құлап жатқан азаматтың денесін киізге орап, көлікке өңгерді. Бұлап-талаудан қалған арық-тұрақ аттарға мініп, өгізге екеу үшеуден мінгескен топ демдеріне тұншығып ауыр қозғалды. Қыз анасының қыстыға жылаған дауысы сайсүйекті сырқыратып даланы басына көтеріп зарлап барады. Әйелдерден жыламаған, аһылап-үһілемеген пенде қалмады. Еркектер атамыздың лебізінен соң жұмған ауыздарын ашқан жоқ. Бәріде жүректері өртеніп, намысы тапталып тұнжырап барады.

Өкпе
Тағы да екі үш күн жол жүріп Мұңғлкүренің орталығы Ламажу деген бұтқана салынған қалашыққа келіп тірелдік. Онда да ақсақалымыздың айтуы бойынша әр тұсқа бытырап өмір сүруге тура келді. Бізге дейін келіп орналасқан «қашқындардың» біразы азда болса ес жиып етек жауып орныға бастапты. Үш күннен кейін көрге де үйренесің демей ме? Туыс-туған, нағашы-жиендерді іздеп аңыс аңдадық. Біреу біреуге таныстырып қалмақтың, ұйғырдың малына жалданып жан сақтауға кірістік. Шекарадан өткенде түгімізді қоймай сыпырып алғандықтан соқа басымыздан бөлек қолымызда тіс шұқитын шиде қалмаған болатын. Өлтіремін деген біреу, өлтірмеймін деген Құдай деп, үстімізге ескі-құсқы болса да бірдеме тауып киіп күндікке тұрып күнімізді көре бастадық. Жас кезіміз, арамызда әлі бала жоқ, денсаулығымыздың арқасында өзімізге ең қолайлы мал бағуға бел будық. Таныстарымыз сол кездегі ағайынды байлар Әршінақын, Шәмшінақын деген ұйғырға малшы керек екенін айтқан соң Рахымберді байдың үйіне барып сөйлесті. Мал басы лықсып өсіп тұрған байға шынымен малшы өте қажет болып тұрған екен, екі сөзге келмей келісіпті, Әршінақынның малын бағатын болдық. Арадағы алым-берім еңбекақысына тоқтап Рахымберді үйге қуанып келді. Мерзімді күні келгенде малын өткізіп алдық. Ұсақ малын басқалар бағып жатқан соң, бізге тигені сиыр мен жылқы ірі қара малы болды. Әршінақынның мал үшін иеленіп алған қыстауы, жазда жайлауы бар. Ешкімге көзтүрткі болмаймыз, жер-су мен өрісті өзі шешіп отырады. Малын жоғалтпай қарап, итқұсқа жем қылмасақ болды, қалған ауыру-сырқау, жазатайым өлген жіткеніне көзін жеткізіп айтып отырсақ мойнымызға ілмейтін болды. Жас болсақта басымыздан не сұмдықтар өтіп ерте есейдік. Мал бағу ата кәсібіміз болғандықтан қорқынышты болған жоқ. Әршінақында жаман адам емес, анау-мынау ұсақшылдыққа бармай керек кезінде келіп тапсырмасын беріп, қажетін алып қайтады. Рахымберді жасынан жетімдіктің тағдырын көп көрген тесік өкпе, еңбекшіл, момын адам болды. Кісі баласына арамдық ойлап қулық жасамайтын, осы жағын жақсы байқаған байдың сенімі нығайып алаңы азайды. Келген сайын еңбекақымыздан бөлек шәй-тұзын, қант-кәмпитінде әкелетін. Тіпті, бала-шағасынан қалған киім-кешектерінде беретін. Несі бар, мал баққан адамға соның бәрі керек. Сөйтіп, бірер жылды өткіздік, аузымыз аққа жетіп сәлде болса өткеніміздің азабы шайылып көңіліміз орнығып қалды. Бай ірі қараның төлімен санасса да, сүт-майымен жұмысы болмады. Жазда туған биелерді жуасытып желіге құлынды тұқыртып, бие байлап қымыз ашыттық. Сиырларды сауып сүт пісіріп қаймақ алып, май шайқап қарынға салып қысқы азығымызды ажыраттық. Бай келген сайын алдына қымыз қойып, сарымай салып сүтті шайымызды құйған сайын мұртынан күліп риза болатын. Тіпті, кейде туыстарын, достарын ертіп келіп ет жеп, қымыз ішіп аттанатын.
Несібелі апа әуелгісіндей әңгімесін жалғай берді… Әршінақын деген байдың малын бағып жүрген кезіндегі бір оқиғаны ойына түсірген екен…
– Сөйтіп, жүргенде аяқ астынан бір қырсық сап ете түсті. Бәле қайдан жала қайдан дейтін емес, олда Алланың сынағы шығар, басымыз дауға қалды. Бағып отырған малымыздан, семіз, болған дөнен өгіз ұшты-күйлі зымзия жоғалды. Көзден таса қылмай қарап жүрген, бір түнде ғайып болды. Қаңғып кететін бұқа емес, кешінде өрістен келген мал қайда барады, қасқырдан аман екені анық, құлап өлетін қыс емес күздің кезі, малдың әбден семірген шағы, неде болса қолды болғаны белгілі… Рахымберді болғанын болғандай етіп Әршінақынға барып айтты. Олда пенде «Жуықта базарға шығарайын деп отырғамын, екеуміздің келісіміміз бар, жоғалған малға кешірім жасамаймын. Ол сенің бір жылдық еңбек ақың, басқа сөз жоқ, Төлейсің!» депті. Бізгеде оңай дейсің бе? Бір жыл бойы аш отырғанмен бірдей, еткен еңбек төккен тер далаға кетті деген осы…
– Бай еке, малыңызды жап-жақсы қарап жүргемін, менен болмағанын өзіңізде біліп отырсыз, сол күндері осы ауданда шығаннан шыққан ұры Бабаханды қырдан көзім шалып еді. Айналадағы сұқтанғандардан тіл-көзде өтіп кетті-ау деймін!.. «Байдың малын бағып шыр біте қалған мынаның әуселесін көрейін» – деген, болуға тиіс. Менің куәм жоқ болса да, күдігім күшті. Одан өзге жан-пендесі тимеген болу керек.
– Онда қалысқа түсесің бе? Күдіктенген кісіңнің үстінен арызданасың ба? – депті бай.
– Нар тәуекел арызданамын. Босқа күйгенше өзімді дәлелдейін.
– Мақұл ендеше, мен арыз жазып берейін, сен қолыңды қой, жоғарыға тапсырамыз.
Өзіне сенімді Рахымберді қағазға қол қойып беріп бір тәуекелге бел буды. Жергілікті тергеушілер қанша сұрап тексерсе де әккі Бабаханды мойындата алмады. Дәлел-дәйексіз, ешбір куәсіз тергеушінің де шарасы таусылып, «бұл мәселені ақсақалдар арасында өздерің бітіріңдер!»-деп, сырғытып тастады. Рахымберді де бастаған ісін жолда қалтырмай бес қарияның алдына жүгініп ұрының сөзсіз Бабахан екенінен танбады. Ұйғыр мен қазақтың қариялары ақылдаса келе «Жан беру» арқылы анықтауға келісіпті.
Сол күні қариялар Рахымберді мен Бабаханды бейіт басына шақырыпты. Алдын ала қазылып көр даярланып қойылыпты. Көр болғанда да кәдімгі өлген кісіні қоятын ақымы ашылған шынайы қабір екен. Үкім мынау: Арызданушы Рахымберді алдымен мынау қазылған көрге түсіп жатады. Бір сүт пісірім уақыт күтеміз, айтқаны ақ болса аман шығады. Ісі қара болса жатқан жерінен тұрмайды. Ал, онан соң күдікті Бабаханды жатқызамыз, ол өзгенің малын алмаса аман шығады, момынды заржылатқаны рас болса, сол жерде тілтартпай кетеді.
Рахымберді дәретін алып бір Құдайға тәуекел етіп қариялардың алдына келеді. Жергілікті молданың пәтуәсі бойынша тірі адамның «жаназасын» шығарыпты. Сонан соң, «Бісмілла! бәрін көріп тұрған Алла, өзіңе тәуекел еттім» деп қабірге түсіп, аяқ-қолын созып ұзынынан жатады. Айтқанындай сүт пісірім уақыт толып, Қазы «Әй, Рахымберді, тірі болсаң тұр орныңнан!» – дейді. Рахымберді «Иә, Алла!» деп орнынан тұрып көрден шығыпты. Одан соң «Ал, Бабахан ендігі кезек сенікі!» дегенде, бейшара ұры жер шұқып орнынан қозғала алмай қалған екен. Мың жерден заңды айналып өтіп, теңдік бермесе де, бәрін көріп тұрған Құдайдың алдында тәуекелге бара алмай мысы құриды. Мынау көрге жатса, орнынан қайта тұрмай қалатынын ол жақсы біледі. Жерден шыққандай құмыққан дауыспен,
– Әршінақын, ұры мен едім. Алған малдың басына қосақ, артына тіркеу беріп айыбымен төлейін. Мынау көрге әзірше түскім келмейді! – дейді, мойнына су кетіп.
Осылайша ұрлықтың дауы шешіліп, Рахымберді ақталып шықты.
Тіршілік деген қызық қой, бірде қайғы қасіретін арқалатады, бірде қуандырады. Түп-түзу даңғыл жол жоқ. Сөйтіп, жүргенде Құдай бізге перзент нәсіп етіп 1936 жылы жазда қызды болдық. Қуаншымызда шек болмады, бейтаныс өлке, беймәлім елге келіп тірлігіміз түзеліп жанбағып жатқанда сәбилі болып қағанағымыз қарық, сағанағымыз сарық болды дейтіндей күй кештік. Қызымыз бір жасқа келіп оңы мен солына талпынып былдыр-былдыр дыбыс шығарып жүргенде үйге Моншақ апа келді.
– Сендерді адам етіп, бастарыңа үй тігіп, бауырыңа қазан асып берген біз болатынбыз. Мынау шикі өкпені алғалы келдім. Балам жалғыз, артынан ерсін! Керек болса тағыда туып аларсыңдар! – деді турасынан.
Бұл кісінің бұлайынша қатты кететіндей себебі. Рахымбердінің әкесі жастай қайтыс болып, жесір қалған шешесін қазақтың әмеңгерлік жолымен бір ағайыны алып балалар жетім қалады. Шешелерінің басы сиса да ол жерге екі ұлдың басы симай туыстардың іргесін паналап жетімдіктің күйін кешеді. Сол кезде көбінде осы босаға да жүргені рас болатын. «Жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған» деген тәмсел дұрыс болса да, кейбір еркектер төмен етекті әйелді әмеңгерлік етіп алғанымен, мойнындағы көптеген жауапкершіліктерді тәрк етіп кете беретінін көріп жүрміз. Әйтпесе әкеден қалған екі жетім қаны бір туысы болған өгей әкенің құшағына сыюға тиіс еді. Сол сыртқа тебудің салдарынан Рахымбердінің бірге туған інісі жетімдер үйіне әкетіліп Алматыда қалды. Анау жылдары ел үркіп қаша көшкенде оған қарайлап іздеген пенде болған жоқ. Із-дерексіз сұраусыз жағдайда кетті. Ал, естияр болып қалған Рахымберді момындығының, еңбекқорлығының арқасында ағайынның малын бағып, отынын тасып ержетіпті. Енді міне, сол туыс деген Моншақ апа өктемдік таныта, өтініш емес, өкім жасап отыр.
– Апа, айтқаныңыз дұрыс қой, дегенмен өзіңіз білесіз біз үйленіп қанша жылдан кейін осы бір шикі өкпеге зорға жетіп едік. Кішкене қатайсын, Құдай беріп жатса, келесі баламызды өзіміз-ақ бауырыңызға салайық! – деді, Рахымберді. Сұрланып тысырайып алған Моншақ апа қаталдығын онан сайын үдете түсіп.
– Мен сендермен ақылдаса келгемін жоқ. Берсең қолыңнан аламын, бермесең жолыңнан аламын. О, сорлы жетім, саған тіл шығайын деген екен. Ал, Несібелі, тыңда, сеніңде әуселеңді білемін… Парторг ағаң сәбетте қалған, кімге арқаланып отырсың? Оттамай әкел қызды! – деді де, жұлқынып келіп қолымнан жұлып алып шырылдаған балаға, жылаған маған қарамай үйден шыға жөнелді.
Жүрегім жұлынып жаным шыққандай ышқындым. Ол заманда бұл заман анасының омырауыңдағы емізіп отырған сәбиін тартып алу деген сұмдық емес пе?.. Не жазығымыз бар?.. Мыналарда адам болды, отбасына сәби келді деп, «бауы берік болсын!» айтып маңдайымыздан сипаудың орнына қанжармен шабақтағандай іс жасады. Міне, жетімін жылатпайтын елдің бір кемпірі!.. Есім ауып құлап қалыппын. Қанша жылап, қанша жатқанымды білмеймін, бір кезде басымды көтеріп айналама қарасам, үй аңғай-даңғай, бұрыш-бұрыштап боран ұлып тұр. Рахымберді үйде жоқ, шамасы малға кеткен болу керек. Ептеп басып далаға шықтым, жүрегім тілім-тілім. Өмірден түңіліп өксіп тұрып жыладым. Көзімнен жаста шықпай тастай болып қатып қалыпты. Өзегім өртеніп, өмірім күлталқан болды. Мынау үй емес мола секілді көрініп, бетім ауған бір жаққа жүріп кеттім. Көзіме ештеңе көрінбеді, құр сүлдерім ілби басып жүре бердім, жүре бердім… Айнала тастай қараңғы, қорқыныш атаулының бәрін ұмыттым. Жарым түн бе, таң атар шақ па ажырата алмадым, бір кезде есім ауып талықсып барып құлағанымды білемін.
Бәрін кейін білдім, малдан келген Рахымберді менің жоқ екенімді көріп жан-жаққа шарқ ұрып іздепті. Екі күн деген де өлі мен тірінің арасында айдалада жатқан жерімнен тауып алып бір апта емдетіп, молдаға дем салдырып жаны қалмай жүгірген көрінеді. Он күн деген де орнымнан тұрдым. Тірі қалғаным шын болса да, өлген адам секілдімін, мынау жарық жалғанның ешбір қызығы қалмады. Менің мына түрімнен қатты қорыққан Рахымберді Әршінақынға айтып малын өткізіп берді. Ауылдағы алым-берімін бітіріп, шаруаларын реттеді де, бірақ күнде мені ертіп алып Құлжаға тартты да кетті. Олда туыстарына қатты ренжігені белгілі, оның үстіне мұнда тұра берсе менің Моншақ апаны, қызымызды көруімнен алаңдап алысқа кеткісі келген болу керек. Бас аман болса, екі қолға бір жұмыс табылады деді де жолға шықты. Кетерімізде ол Әршінақынның үйіне барып жөнін айтып «Құлжаға барып кімнің малын бақсам жөн болар?» деп сұрапты. Олда қолынан келгенінше жөн сілтеп саудагер досына хат жазып берді.
Біз өзіміз бұрын-соңды болмаған қалаға келіп, зорға дегенде саудагер ұйғырды тауып Әршінақынның хатын бердік. Ол оқып шығып:
– Маған малшы өте қажет болып тұр еді, сендерді алайын. Еңбек ақыларың осылай, шартымыз былай деп, жақсылап түсіндірді. Құлжа қалалы жер болғандықтан оның сауда дүкендері осында болғанымен малы Сайрам көлінің жағасында екен. Онсызда барар жер басар тауымыз жоқ, біз бәріне келістік. Бірер күннен соң бай бізді ара қонып Талқының тауынан асып Сайрамдағы малына жеткізді.

Қар үстіне туған қыз
Жат жер болса да «жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» деп мұндағылармен де тіл табысып ақырындап үйір болдық. Малын баққан бай өте ықпалды адам екен. Құлжадан тартып Үрімжіге дейін сауда дүкендері бар, әлденеше жерде бақтырған малы бар болып шықты. Бұл жолғы біздің малымыз қой болды. Қыста Сайрам көлінің солтүстігіне қыстап шығамызда жазда көлдің жағасынадағы қарағайдың етегіне келіп отырамыз. Біз барып үшінші жылы қыс қатты болды, Малдың төлдейтін кезі жақындаса да дүние ақ қардың астында мүлгіп жатыр. Қар кетсін күн жылысын деп қарасақ қой туа бастайды, онда тіпті қиыншылық болғалы тұр. Жем-шөп таусылған кезде лайсаңнан мидай былыққан қорада қозылардың жағдайы қиындайды. Қойдан сүт шықпаса қой қожырап, қозы жериді, аш құрсақ қозы қылжиып өлмеген де қайтеді. Неде болса, көшуге бел будық, қайткен күнде қары алашабыр болып кеткен көктеулікке жетіп жығылмасақ болмайды. Қар астынан қылтиған көкке қойдың аузы бір ілінсе бой бермей қунап шыға келеді. Қар болған күннің өзінде тұяғымен теуіп қар астындағы сар шөпті азық етеді. Ендеше көшуден басқа жол жоқ.
Ертелеп керек жарағымызды өгізге артып, шәй-қатық етіп отырған сауын сиырды, өзгеде ірі қараны алдыға салып, оған қоса қойды шұбаттық. Байқұс жануарларда мезгілдің келгенін біліп жылдағы жолымен жосылып жылжи бастады. Түске дейін ауа мөлдіреп аспан ашық болатын. Жолдың әлі жартысына жетпей түс қайта артымыздан қарасұр бұлттар қуып жетіп даланы бүркеді. Жаңа ғана көрініп тұрған күн көзі көлегейленіп дала күңгірт тартты. Сәлден соң көктемгі «құс қанаты» деп аталатын қар қапалақтады. Малдың алдында Рахымберді кетіп барады, мен соңындамын. Ай-күнім толып әне-міне деп отырған кезім еді. Жұмыспен жүгіріп жүріп екі қабат екенімді де ұмытып, көштің жүгін артысып, күйеуімнің біржағына шығысып әбден әбігерге түскемін. Бір кезде ішім бұрап ауырып, барған сайын жиілеп келе жатқанын байқадым. Алдынғы қызда тұмса басыма недәуір қиын болғанын білемін, мынау екінші бала болса да көңілімде аздап қорқынышым да жоқ емес. Ең қиыны қар қапалақтап жауып тұр, өзіміз малдың соңында көшіп барамыз. Егер мынау толғақ болса тақыр масқара болатын түрім бар. Ат үстінде жүрген сайын ішім солқылдап шыдатпай барады. «Мен толғатып келемін» – деп, айтайын десем Рахымберді дауыс жететін жерде көрінбейді. Қой бір ізбен ғана шуап, көш көз ұшында недәуір жерге созылып кетіпті. Енді қайттім деп мазам кете бастаған шақта Құдай сездірген шығар Рахымберді артта келе жатқан менің қасыма оралды.
– Рахымберді, мен толғатып келем, мені тездетіп аттан түсір!.. – деуге шамам зорға келді. Атынан қарғып түскен ол мені қолтықығымнан алып ат үстінен көтеріп жерге қойды. Бала тұншығып қалмасын деп іш киімімді зорға шешіп үлгіргенім сол еді. Қар үстіне «шар-р» едіп іңгалаған сәби түсті де қалды. Қызыл шақа нәрестеге шапанының етегін жайып, баланың жолдасын күтті. Құдай оңдағанда жолдасы көп кешікпей жерге түсті. Рахымберді қалтасына ылғи салып жүретін ұстарасын алып баланың кіндігін кесті де қолда бар құрғақ киімге орап суық тигізіп алмайық деп жылылап жатыр. Маған қалың ішікті кигізіп, белімді белбаумен мықтап байлады. Көш болса кетіп барады, малдың алды көрінбей қырдан асты. Аялдауға болмайды. Аттың тартпасын қаттылап тартып, атқа мінгізіп нәрестені қойныма сүңгітті.
– Несібелі, сен қайрат қыл! Малдың артынан қалмай айдай бер! Мен алдын шолайын! – деді де атқа қамшы басып шаба жөнелді.
«Өлмеген жанға өлі балық жолығады» деп күндеріміз бір қалыпты өтіп жатыр еді. Сол жылы жайлауда Сайрам көлінің жағасында отырғанда мал иесі байға ілесіп екі кісі келе қалды. Алғашында мән бермеген екеуге, түс сала қарап барып кімдер екенін білдім.
– Әй, Рахымберді, мал-басың аман ба? Ағайынның азары болса да безері жоқ. Туыс деген өкпеге қиса да өлімге қимайды. Қорадан бір тышқақ лақ жоғалса да іздемеуші ме еді!.. Сен ауылдан кеткелі үш жыл өтті, недеген дәтің қатты жан едің? Бір қайырылмадың, осының жөн бе? Байқаймын Құдай сендерге бір қыздың орнына міне тағы бір қыз беріпті. Алла көз жастарыңды көрді деген осы. Битке өкпелеп тоныңды отқа салма! – деп бір тоқтады бізді іздеп келген туыстарымыз.
– Өзің білесің, біздің де сені іздеуге енді жағдайымыз келді. Баяғы Әршінақыннан сенің қайда кеткеніңді білдік, сонан Құлжадағы мынау байекеңе жөнімізді айтып сенің рұхсатыңды алып бірақ келіп отырмыз, сені босатты. Малыңды санап байға өткізіп бер, бақташысы бүгін ертең көшіп келеді. Біз сені босатып алдық, Бүгін бір қонып ертең жолға шығамыз. Бізге ештеңе айтпа, көнсең өзің жүресің, көнбесең алдымызға салып айдап әкетеміз, – деді туысқандарым. Қанша десе де, туыстың аты туыс, Екі таудан асып төрт бес қонып іздеп келген ағайынға риза болмай не істейміз!.. Құдай шебер ғой, бір қызымнан тірідей айырылсам, орнына бір қыз беріп мауқымыз басылып қалып еді. Біз ертесі туыстарымызға ілесіп Мұңғұлкүреге қайттық.

Күйеубала
Өмір дегенді қойсаңшы, күн артынан күн зулап қытай жеріне келгенімізге жиырма жылдың жүзі болған кез… Соңғы кезде есігімізге мал бітіп ұйғырға жалданғанды қойғамыз. Біратаның тұқымдары «Кесік» деген жерге жиналып там салып тіршілік көре бастадық. Жазда көшіп қонсақта қыста тұратын баспанамызға қолымыз жетті. Осы Мұңғұлкүренің ой мен қырында біздің де ізіміз қалды. Ел қатарлы қыстауымыз, жайлауымыз тұрақтанып, мал-басымызда көбейді. Бір айғыр үйір жылқылы болып бие байлап қымыз ашыттық. Құдай бізге алты қыздан соң ұл берді. Бірақ ол ұлдың ғұмыры үш-ақ күн болып шетінеп кетті. Алты қызымыздан кейін өмірге келген бала болған соң, жұрттың бәрі Рахымбердінің атбайлары өмірге келді деп шулады. Әсіресе, сол мен босанған күні қасымда болған екі қатын «кіндігін кесіп Рахымбердіден ат мінеміз» деп, баланың кіндігін кесуге таласып қалады да, біреуі апыл-ғұпыл қимылдап кіндікті түбінен тақап кесіп жіберіпті. Әлде бармақтары батып кетті ме қайдан білейін, кіндік ішіне түсіп кетіп орнынан қан тоқтамай бейшара сәбиім үш күннен соң өліп қалды. Кімнен көремін, Алланың салғанына көндім. Ішіміз удай ашыды… Алты қыздан кейін еркек балаға жеткен де туыстардың қатындары туталақайымызды шығарды. Енді өкінгенімді айтпа!.. Қолдан не келеді, өз қолыңды өзің кесуге болмайды. Баланың күйігі Рахымбердіге оңай соқпады. Алты қыз тусамда бір күн, бір ауыз сөз айтып бұл қалай болды демеген сабазым, мынау көзге көрінген ұлдың ғайыптың құсы құсап ұшып кеткеніне шыдай алмай қатты құсаланды. Бір апта орнынан тұрмай, ешкіммен тілдеспей теріс қарап бүк түсіп жатып қалды. Ауылдың атқа мінер ақсақалдары жиналып келіп көңіл айта отырып көргенді сөз айтты.
– Әй, Рахымберді, баяғы да Ерден бидің есейіп қалған жалғыз баласы қайтыс болып, би қатты қапаланып, қайғыдан басын көтермей, ешкімге тіс жарып тіл қатпай жатып қалыпты сонда елдің ақсақалы келіп, «Ерден, басыңды көтер жерден, бұл бала тұрмақ, сенің әкеңде өлген… Тұр орныңнан!» дегенде бетін бері қаратыпты. Бұл сенің ғана басыңа түскен қайғы емес. Өмір болған соң, қуанышы мен жұбанышы қатар жүреді. Қайғырғанда жұбататын адамның болғанына шүкір ету керек. Құдайдың салғанына қарсылық жаса ма! – деді, сөздерін сүйектен өткізе. Қанша десе де, басынан көп іс өтіп өмірдің ащы-тұщы дәмін білетін Рахымберді ақылға келді. Басын көтеріп, ел қатарлы тірлігіне қайта кірісіп кетті. Көп кешікпей сүт жеңіп тағыда ауыр аяқ болдым, Көңіліміз ойпыл-тойпыл ұл болар ма екен, әлде жетінші қызды туамын ба? Сөйтіп жүргенде ішім білініп екі қабат екенімді жұрттың бәрі білді. Бір күні таңертең шәй ішіп отыр едік күйеу баламыз Жақып үйге кіріп келді. Ол Рахымбердіні «Тәте» дейтін.
– Тәте, шүйінші беріңіз! Апам ұл туады! – деді қуанышты түрде.
– Аузыңа май, астыңа тай! Шүйіншіге есік алдында тұрған тарғыл сиырды бұзауымен бердім! – деді Ыхаң. – Қандай түс екенін айтуға бола ма?
– Айтайын, осы таңға жуық түс көріппін. Үйлеріңізге келе жатсам, апамның түзге отырған үстінен түсіппін. Бетімді басып былай қарасам да, олай қарасам да, бұл кісі маған қарап астын көрсетеді. Сөйтіп жатып оянып кетіппін. Алла қаласа, ұл туасыз! – деді.
Түсі ұяттылау болса да, «жақсы сөз – жарым ырыс» деп, құлағымызға жағып барады. Шәй ішіп дастарқан жиналған соң, Ыхаң сыртқа шығып қазықта байлаулы жатқан бұзауды шешіп бас жібін мойнына түріп байлап, тарғыл сиырды күйеу баланың алдына салып берді.
Шынында ай-күнім толып Құдайдың жақсылығымен ұл тудым.
Осы Жақып күйеу бала туралы сәл шегініс жасап, өткен өмірінен екі ауыз айтқым келіп отыр. Жақыптың әкесі орыс өкіметіне әскерге алынып, орыстар мен Фіндердің (Финлияндия) арасындағы соғысқа қатынасыпты. Сол бойы соғыста опат болып майданнан қайтпай қалады. Шешесін басқа біреу алып өзге ошақтың отын жағып жанын бағыпты. Жақып жас кезінен өгей әкенің қолында қиындықты көп көріп, кісі есігінде жетімдіктің ауыртпалығын арқалап кәмелетке толғанда аумалы төкпелі заманға тура келіп үріккен елмен бірге қытай асып мұңғұлкүреден бірақ шығады. Сол жылдары Шинжаңда «үш аймақ төңкерісі» бұрқ ете қалып ұлттық армия қатарына елден әскер алынады. Әр ауылдан осынша баладан әскерге жігіт жіберілсін деген бұйрық бойынша, еркек кіндіктіні тіркеген кезде ең алдымен іздейтіні, сұрайтыны жоқ жетімдер мен жарлы жақпайларды қойдай тізіп әскер қатарына айдайды. Сол топпен Жақып,Тілеужан деген жігіттің орнына кете барыпты. Ол үш жылдық міндетің бітіріп ауылға енді жеткенде, туысқаны Нұрбайға әскерге шақыру келіп, аттанғалы жатқанының үстінен түседі, дәл сол кезде іздегенге сұраған деп, ауылдың қариясы бұлда «менің балам» деп баласының бодауына Жақыпты тағы әскерге жібергізіпті. «Ой, жарандар-ау, мен әскерде үш жыл жүріп кеше ғана келдім ғой! Куәлігім міне!» дегеніне ешкім құлақ аспай майданға тағы айдалыпты. Жыртық үйдің Құдайы бар деп тағы үш жылды артқа тастап елге жеткенде шақыру қағаз өз атына келеді. Енді бұлтаруға шара жоқ, үйреніп қалған әскери өміріне үшінші мәрте жолға шығады. Өйткені, Жақыпты арашалап алғысы келген ешкім жоқ болатын… Онда барған соң алдында екі кезек майданда болғаны ескеріліп бір жылына кешірім жасалы, екі жылдан соң сау-сәлемет ауылға оралады. Құлжа мен Үрімжінің (Манастың) арасында жалпы сегіз жылын өткізіп елге аман есен оралған тұста бізге кездесті. Қарап отырсаң қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі деген рас екен. Сегіз жылда не сұмдық соғыстарды басынан кешіріп Гоміндаңның (қытайдың) әскерімен қырқысып, тірі келгенінің өзі ғажайып емес пе! Жасы жиырма алтыға келген Жақып қандай жұмысты да қайыспай істейтін, шаруаға қамбыл жігіт болып жетілген екен. Біздің ауылды жағалап, қатты қайырым ауқатымызға қарайласып жүрді. Баяғы Моншақ тартып әкеткен қыз бойжетіп оларға әр-әркім сөйлесіп жүрген болатын. Ол қызға біздің билік жүрмейді, десе де, біз қайтып келіп елге қосылған соң туыс болғандықтан Моншақ апаның маңынан тым ұзай алмадық. Қызымыздың аман-сау өсіп жатқанын сыртынан медет тұттық. Моншақ апада сөз салған Жақыпты теріс көрмей қызды беруге келісіпті.
Мына қызықты қарамайсың ба, «қызық» дегеннен гөрі қырсық деген жөн шығар… Моншақ апаның баласы Тұрсынбай әлде бір ұрылармен қатысы болып түрмеге түседі. Жар дегенде жалғыз ұлының істі болғанын естіген шешесі жоғары мен төменді сүзіп адақтап шығады. Жәй күндердің өзінде басынан құс ұшырмай отыратын анасы Тұрсынбайдың абақтыда жатуына қайтіп шыдасын! Жанын қоярға жер таппай сақшы началнигінің табалдырығын тоздырыпты. Дәл сол кезде Моншақтың бойжетіп пысып тұрған қызының бар екенін естіген бастық Моншақ апаға қолқа салады.
– Естісем бойжетіп отырған қызыңыз бар екен, менің бір жамағайын бауырым бар еді. Қазір менің қарамағымда шабарман болып жұмыс істеп жүр. Сол бауырыма қызыңызды беріңіз! Сонда Тұрсынбайдың мәселесі де оңды шешіліп қалар, – дейді.
– Апыр-ай, ол қызға құда түсіп қойған. Біреудің аманаты еді.
– Онда өзіңіз біліңіз! Тұрсынбайдың қылмысы ауыр… – депті начальник.
Не керек, Моншақ апа баласын түрмеден шығарып алу үшін қызды бірақ күнде шабарман жігіттің артына мінгестіріп, есесіне көп кешікпей баласын бостандыққа шығарады. Қалыңдығын әне-міне алғалы отырғанда Жақыпты жер соқтырып көлденеңінен келген көкатты қызды олжалайды. Біздің де ұнжырғамыз түсіп, Жақыптыңда жүні жығылып қалды. Моншақ апаның бұл қадамға баруы бізді таңқалдырмады. Кезінде шырылдатып тұрып омырауымыздан ажыратып қалай әкеткен болса, енді баласының ісін жабу үшін уәделескен екі жасты күштеп айырып қызды басқа біреуге берді де жіберді.
Сол күндердің бірінде Ыхаң Жақыпты үйге ертіп әкеліп әңгімені төтесінен қояды.
– Жақып балам, саған бауыр басып қалыппыз, жігіт адамсың ғой, өмір болған соң мұнан зорғысында көреді екенсің!.. Сенімен ақылдасайын дегенім, он үшке толып отырған Әшімханды жақсы білесің, сен тағы екі жыл күт! Жаным аман болса, осы қызды саған беремін! – деді, нық сеніммен. Ыхаңа қараған Жақып үнсіз бас изеді. Біз сөйтіп екі жылдан соң Жақып пен Сайрамның бойында қар үстіне туған Әшімханды үйлендіріп бастарына отау тігіп, бауырына қазан асып беріп, оңаша үй етіп қойдық. Жақып басқұрағаннан кейін, баяғыда басқаның отын жағып кеткен шешесін іздеп Текеске кетті. Ол кезде өгей әкесі қайтыс болып, шешесі жесір отыр екен. Ондағы ел-жұртпен келісіп, анасын көшіріп әкеліп қолына алды. Баяғы фин соғысында дерексіз кеткен әкенің оты жанып, түтіні түтеп шаңырағы тіктелді.

Сенің шешең
Біздің тұңғышымызға Моншақ апаның әлімжеттілік жасап, бауырына салып алғанын айтқамын. Өзге бес қыз бір ұлды есейтіп ер жеткіздік. Сенің шешең баланың төртіншісі болатын. Үш қыздан кейін көңілімізде күдігіміз ұлғайып ұл баламыз болмай қала ма деген қорқынышпен ат қою мәселесіне өзгеріс енгіздік. Сөйтіп жүргенде сенің шешеңді тудым. Қазақта «ұлдың атын ұйқас қой, қыздың атын қиғаш қой» деген аталы сөз бар. Шамасы ұл бала бірімен бірі ұйыр-айқас болып ұялас күшік құсап өссін дегені шығар, қыз бала жатжұрттық, біріне бірі жабысбай іргесін ажыратып, өрісін тауып өзге елге кетсін дегені болар деп топшылаймын. Алдынғы Әшихан, Әшімхан, Ханымхан деген есімдерден алыстау етіп, Ыхаңмен ақылдасып оған еркек балаға лайық Шарубай деп ат қойдық. Баяғы, мақсатымыз осыдан кейін ұл болса екен деген тілек. Азан айтқызып ауыл болып «Шарубай» деп атап жүргенімізде бір күні руымыздың үш қариясы біздің үйге келіп түсті. Шәй ішіп болып, келген бұйымтайларына ойысты.
– Әй, Рахымберді! Біз сенің ұйіңе біріншіден бауы берік болсын айта келдік. Құдайдың көрсеткен әнеу жаман немесі аман болсын! Қалың малын жеп қарық болыңдар қарақтарым! Екінші айтайық дегеніміз, естісек осы боқмұрындарыңа дәу ат қойып алыпсыңдар… – олар осы сөзді айтып бір тоқтап жан-жағына қарады. Мен Ыхаңа, ол маған қарап таңданысымызды білдіріп сөздерінің соңын күттік.
– Сендер біздің рудың Шару деген атасын білмеуші ме едіңдер? Келін біткен ол кісіні тергеп шаруа деп айтуға ауыздары бармай біреуі «мал» деп, біреуі «ауқат» деп, енді біреулер «төрт түлік» атап жүр емес пе!.. Өздерің ата-әруақтан қорықпай атын батпитып жаман қыздарыңа қойып алыпсыңдар. Келін біткенге атын айтқызып атаңды мазақ еткілерің келе ме? Сөздің қысқасы, атын өзгертіңдер!
– Қариялар, бізді кешіріңдер, сол жағын ойламаған екенбіз. Олай болса ақыры келген екенсіздер, алдарыңызда жығылыстымыз, осы қыздың атын өзгертіп қойып баталарыңызды беріңіздер! – деді, Ыхаңда жолжосыннан аса алмай. Оларда алдын ала даярланып шыққанға ұқсайды. Бір-біріне қарап алды да, сөзді екінші қария іліп алып жалғастырды.
– Негізінде ат қойылмас бұрын кеңінен ойланып үлкендермен ақылдасқан дұрыс болады. Болар іс болды, бұдан былай қатты сақ болыңдар, атаның әруағынан, дәстүрден аттауға болмайды!.. Құдай – Әруаққа шет келмеңдер! Ендеше, қыздарыңның аты тілге жеңіл айтуға оңай «Шадан» болсын! – деп, қолдарын жәйіп, ықыластарын беріп аттанды. Сенің шешеңнің Шадан аталуының түбінде осындай әңгіме бар.
Адамда өзінің атына қарай бейімделіп өсе ме деп ойлап қалдым, заты қыз болғанымен осы Шадан кәдімгі ұл бала секілді сергек, жұмысқа тиянақты болып әкесіне қолқанат болып өсті. Біз жайлауда Мақшыдағы «Адырдың қара тасында» отырамыз, ірілі ұсақты малымыз болды. Бір айғыр үйір жылқымыздың көбі құлындап, мама биелердің желінін сүт керіп мамырлап басып жүрген соң, желі тартып құлындарына ноқта тағып байладық. Саба толы қымызды өзіміз ішеміз, қыдырған ел келіп ішеді, сонда да таусылмайды. Босқа обал болмасын, оның үстіне бес-он теңге болса да қайда жатыр деп Күреге жіберіп өткізуді ойладық. Оны апарып келетін ұл бала жоқ, Ыхаңның оған қайрылуға мұрсасы болмаған соң, екі мес қымызды салып, әлі мектепке бармаған Шаданды жуас атқа мінгіземіз. Алғаш бір мәрте апарып көрсетіп қайтқан соң жаз бойы аудан орталығына қымыз тасыды. Таңата шәйін беріп, атқа мінгізіп жолға саламыз, өзің білесің, арада биік тау бар. Таудың теріскейі қалың қарағай, күнгейі қорым тасты қия жол. Жалғызаяқ атжолмен ғана жүреді. Шадан таңертең шығып таудан асып, түс болғанда ауданға жетіп мектептің қақпасына барып түседі екен. Ол жердегі мұғалімдер жапырлай келіп аттан екі мес қымызды түсіріп тамшысын қалдырмай ішкенін ішіп, ішпегенін құйып алып ақшасын санап қалтасына салып беретін болыпты. «Осы сар қызымыздың қымызы тәтті, ертең тағы да осы жерге кел!» деп атқа мінгізіп жібереді екен. Шадан кеш бата үйді табатын. Ол қашан сабаққа барып оқығанша осы «саудасын» жалғастырып отбасымыздың бір жағына шығысты. Тіпті, оқығаннан кейінде жазғы демалыс кезінде міндетінен жаңылған жоқ.
Атқа мықты болды, мал бағып жылқы қайырып, азанда тұрып үйірді өрістен қуып келіп бие байлататын. Сиырларды айдап шығып ауылдан ұзатып жайлаудың сонысына жіберетін. Оқу жасына толғанда басқа жерде мектеп болмағандақтан ауданға атпен барып оқыды. Қыста кесіктен, жазда текес бойынан бірқараңғы біржарықта күн шықпай атқа мініп жолға шығады. Осылайша төрт жыл оқып бастауышты бітірді. Ары қарай оқуына болар еді, кішкене кезінде ересектерден қалмай оқыған қызым бойжетіп қалған кезінде сөзсіз оқып кетер еді. Әйтеуір анау-мынау себептермен оқытқымыз келмеді. Ыхаңның біржағына шығып көмектессін дедік, енді бір туыстарымыз жат жұрттық болатын қыз баланы оқытып не керек, «байтал шауып бәйге алмас» қойыңдар түге!.. депте тойтарды. Келесі маусымда сабаққа бармай қалғанын көрген мұғалімдер бір-екі рет іздеп келді. Тіпті жата-жабыса жалынды, «оқуда озат оқушымыз еді, жіберсеңіздерші!.. Жатын-орын тұрар жайына, көмектесейік!» – деп те айтты. Қайткен күнде де біз Шаданды сабаққа жібермей жұмысқа салдық. Ол кезде қыз бала емес, ұл баланың да төрт сынып бітіргені ілуде біреу болатын.
Сол жылдары қытайда ұлы дүбір науқандар бірінен соң бірі жүріліп жатты. Алғашында копиратциялану басталды, артынан кеңейтіліп Халық Гұңшысы (халық комунасы) құрылды. Жекелік малдың бәрін сыпырып алып, орта қазанға салды. Көшіп-қонып жүрген шаруалардың басын біріктіріп Дадүй, Шаудүй дегендерді ұйымдастырып коллективке шоғырландырды. Сол кезде ауылға кәдір керек болды да, оқығандарды іздеп тауып әр түрлі жұмыстарға салды. Сол үрдістің бір шетінде Шадан да жүрді. Өзі де далада өскен қыз болған соң нағыз «іздегенге сұраған» болып, бір атқа мініп ауылдың қызметкерлерінің біріне айналды.
Ойламаған оқиғалар туындап отырады, ебепке себеп болар нәрсе көп екен. Үшінші дадүйде тұратын сенің әкең жеті сыныптық білімі бар екен, аудандағы мал дәрігерлік курсын бітіріп жұмысқа шығады да, біздің төртінші дадүйге малшаруашылығына жіберіледі. Ол бала алғаш келгенде әркімнің үйіне бір қонып жұмысын істеп жүреді. Бұл жақта таныс-біліс туыстары да жоқ екен, соны байқаған Ыхаң бір күні, біздің малымызды тексеріп, емдеуге келгенде сөз бастады.
– Балам, көрші ауылдың жігіті екеніңді байқаймын. Келгеніңе біраз болып қалды, қиналып жүргеніңді ішім сезеді. Сен дәл осы бүгіннен бастап осы үйде жат. Жұмыстарыңды осында тұрып атқар! – деді, жанашырлық танытып. Өзі де жайы жараспай мазасы кетіп жүрген дәрігерге Ыхаңның бұл ұсынысы бап болды.
Сол күннен бастап әкең біздің үйдің бір мүшесіне айналып шыға келді. Өзі ұялшақ, тамақ ішіп болғанша сүмектеп самайы терлеп қатты ыңғайсызданатын. Жұмысынан қолы қалт ете қалса Ыхаңа көмектесіп жүрді. Біздің үйде бір жылдай тұрып, жұмысын жалғастырды.
Бір күні үйге бұрын көрмеген ақ сақалды қария мен әлі кемпір бола қоймаған өзімнің құрым әйел адам келіп түсті. Дәуде болса бір шаруамен келген шығар деп жылы қарсы алып тамағын беріп сый-құрмет көрсетіп жатырмыз. Кетерінде қозғалақтаған қария бір нәрсе айтқысы келгенін сездірді.
– Иә, үлкен кісілер, жөн сұраспадық, келген бұйымтайларыңызды да айта отырыңыздар! – дедік.
– Біз келгелі жігі-жапар болып құрметтеп, күтіп жатырсыздар, Бұларыңызға Тәңір жарылқасын! Өзіңізде шамалап отырған шығарсыздар, біз Байтұрсынның әке-шешесі едік. Бір жылдан бері қамқорлықтарыңызға алып өз балаларыңыздай қарап келдіңіздер. Осы қайырымдарыңызға Алла риза болсын! Айран сұрай келіп шелегіңді жасырма деген сөз бар. Енді бір айтар бұйымтайымыз, қыздарыңыз Шаданды бала жасап алсақ деп сұрай келдік! – деді ақсары өңді қария. Ыхаң маған, мен Ыхаңа қарадым. Сөзді отағасы бастады.
– Апырай-ә!.. Бұл бір қиын жағдай болды ғой, Байтұрсынның басына қояр мініміз жоқ. Бірақ ол қызымызға үкісін тағып кеткен жер бар еді. «Уәде Құдайдың сөзі» бұзуға қиын болар!.. – деді, жұмсақтап жеткізген ол. Осы кезде менде сөзге араластым.
– Бұл шынында біз ойламаған жағдай болып отыр. Басы бос болса, жауабымызды айтар едік, қазір олай емес. Қызбен ақылдасайық, бұл не қылған сөз екенін ұғысайық. Сонсоң жата-жастана кеңесіп барып жауабын айтайық! – деп қонақтарды аттандырдық. Бірер күн өткен соң оңашада осы жағдайды Шаданға айттым. Қызым Байтұрсынға келісімін беріп қойған секілді. Ол менен өзіне құда болған кісілердің баласына бармайтынын ашық айтты. Олардың сөйлесіп келген кезде ала келген азын-аулақ заттарын маған беріңдер деді турасынан. Бетінен қақпай өсіргеміз, жасынан бір беткей өз айтқаны болмаса қайтпайтын мінезін жақсы білген соң ойланып қалдым. Сандықты ашып бір шапан, бір көйлектік мата, жүз сом ақша, бір шөкім үкіні алып Шаданға бердім. Ол заттарды алды да, қоржынға салып, атқа мініп кетті де қалды. Кеште келген соң қайда барып, қайдан келгенін сұрамаймыз ба:
– Апа, жұмыстың бәрі жөніне келді. Мен құдағиыңызға «Балаңызды әлі толық білмеймін, үлкендер жағы өздеріңіз құда болған екенсіздер, мен оған келіспеймін, сүйген жігітім бар. Мынау берген «қалың мал» кәделеріңіз екен, өзіңіз қайтарып алыңыз!» деп айттымда басымды ажыратып келдім. – деп қарап отыр. Ыхаң малдан келген соң болған істі баяндадым. Ол не десін, «әй сол баланы осы үйге өзім қалдырып едім. Бұл да Құдайдың бұйрығы шығар!» деп мақұлдығын берді.

Иттің құлағынан ала түсіпті
Сонымен, Мәсібәлі ақсақалға құда болып Шаданды ұзатып бердік. Апаң Әнәпия бір бар болғыр жақсы адам еді. Атаң Қарқарада болған ақ патшаға қарсы 1916 жылғы Албан көтерілісінде Жиырма жастағы жігіт болған екен. Қытайға сол жылы ауған елмен бірге келіп бұл жақты бір жыл қыстап, келесі жылы қайта көшкен елмен нарынқолға барыпты. Соғыс, жаугершілік заман болып ол кісі отыз жасқа жақындап барып өзінен бір мүшелі кіші Әнәпияны алыпты. Кейін отызыншы жылдардың аласапыран шағында оларда бізбен қарайлас қашып-пысып қытай бетіне асып осы үлкен Қонақай мен кіші Қонақайды жайлап күндерін көріпті. Әйелі жас болғандықтан ба, әлде солай дағдыланып кеткендіктен бе ылғи «Қарақыз» деп отыратын. Сол Қарақыз деп аталатын апаң өте әзілқой, күлдіргі кісі еді. Бар тапқанын қазанға салып ағайын туысқа асып беріп қарап отырғанын талай көрдім. Балада, шағада сол үйді төңеректеп жүретін. Жарықтық қолы ашық, тамашалы болатын. Бірақ біз небәрі төрт-бес жыл ғана құда-құдағи болып ас-табағымыз ауысты да, ол кісілер уәделесіп алғандай бірінің артынан бірі қайтыс болып кетті. Сенің Қарағыз апаң батыр адам болыпты. Бірде басынан өткен қызығын жыр қылып айтып беріп еді.
Осы Мұңғұлкүреге көшіп келіп орнығып қалған кез екен. Көшпенді елдің қызығы жаздың үш айы. Қыс бойы тау-таудың қуысына кіріп кететін халық жаз шыға жайлауда бас қосып арқа-жарқа болып бір жырғап қалады. Той-томалақ жасалып қыз ұзатылып, келін түсіріледі. Қызылды жасылды киінген қыз-келіншектер даланың гүліндей ырғала басып бой түзейтін шақ туады. Бір жылы отыз күн ораза жаздың ұзақ күндеріне тура келіп, айт мерекесі жайлау үстінде Балықсу бойында өтеді. Жұрт біткен қыдырып айттайды. Бірінші күні ерлердің қыдыруына жол беріп, келген кісілерге шәй беріп үйде болыпты. Сөйтіп іштері әбден пысқан әйелдер екінші күні жиналып алып өздері айттапты. Иттер иелеріне еріп «Кет, ары!», «шық, жоғал!» дегенді тыңдамай алыстан баспалап қыдырған әйелдерден қалмай қойса керек. Бір ауылдан енді бір ауылға, бір қырдан енді бір қырға шығып жаяу жалпы айттап киіз үйден киіз үйге бас сұғып келе жатқан көңілді топқа кезекті үйдің қабаған иті тап береді. Төбет алдымен қыдырмашыларға ерген иттерге доңайбат көрсетіп «ар-гүрр» етіп таласа кетеді. Қаңқылдаған ит, қорыққан қыздар… үрген иттің дауысы, айғай-шу біріне-бірі қосылып даланы басына көтеріп сұмдық қорқынышты жағдай болыпты. «Кет!» дегенді тыңдамай алқымдасқан ызақор иттер ажырамапты. Айналасына қарап жүріп бір тасқа қолы ілінген апаң жақындап барып таласып жатқан иттерді зекіп «Кет, Әдірам қалғырлар!» деп періп жібереді. Мұны көрген ауылдан еріп келе жатқан иттер құйрығын бұтына қысып жан-жаққа тым-тырақай қашыпты да, «Тұрғын елдің бұзауы көшкен елдің бұқасын қорқытады» дегендей, осы ауылдың қабаған төбеті иттерді тастай беріп қарсы алдында тұрған Қарақызға тап беріпті. Аралық тым жақын екен, қашып құтылу мүмкін емес. Апаңның басына бірақ шапшыпты. Осы кезде олда ес тоқтатып көз ілеспес шапшандықпен келіп қалған төбеттің екі құлағынан ала түсіпті. Соққанда атты кісіні ұшыратын кәнігі төбеттің екпініне сәл шегініп бір аттап барып табандап тоқтаған ол, иттің құлағынан айырылмай бойын тіктеп тұра қалыпты. Арсылдап үрген иттің сілекейі апаңның бетін көбікке көмеді. Сонда да қарысқан қолы ажырамай өршеленіп екі артқы аяғымен жер тіреп тұрып, ішіп-жеп бара жатқан итті бір жағына қайырып барып жерге «гүрс-с» еткізіп құлатып астына басып қалыпты. Қаһарланғаны соншалық екі құлақтан алған күйі астында жатқан иттің басын көтеріп-көтеріп жерге ұрып мылжалай беріпті. Жалмауызға да жан керек деп енді ит жер тырналай бастайды… Иттің қиналғаны соншалық, қара жердің топырағын алдыңғы екі аяғымен кәдімгідей қазып тастаса керек… Қанша уақыт өткені белгісіз, бір кезде үй иесі ырсылдап жүгіре жетіп «Ойбай құдағи итті өлтіретін болдың, жібер-жібер!» деп апаңа жалыныпты.
– Қонақты байқамай қалып, иттен қори алмаған бізден қателік кетті. Айыптымыз құдағи! Ашуыңызды беріңіз! Итті босатыңыз! – деп шыр-шыр етіп жүгіріп жүр дейді.
Сонда ғана енді қояйын, ұят болмасын деп ашуын тежеп, сабырға келген Қарағыз апаң орнынан тұрып иттің құлағын босатып жіберіпті. Басын жерден алып, тәнтіректеп сәл тұрып, езуінен қанды көбігін ағызып, айналасына қарап есін жиған көк төбет бір кезде құйрығын бұтына қысып қаңқылдаған күйі тұра қашыпты. Сол зытқаннан мол зытып ауылдың желкесіндегі төбеге шығып артына қарап құйрығын жерге қойып шоңқиып отырыпты. Сонда ғана үй иесі қысыла тіл қатып:
– Құдағи, үйге кіріңіз, айттаңыздар! – деп, қыдырған қыз-келіншектерді ақбоз үйге бастайды.

Торғын көйлек
Әнәпия құдағидың тағы бір қызығы есіме түсіп тұр… Көзі тірі болғанда өзі де айтып берер еді.
Баяғы «үркіншіліктен» кейін телім-телім болып кеткен ел араға жылдар салып барып іздесіп, сұрасып қайтадан бір жерге жиналып жатты. Шекарадан қашып өткенде алды Қас, Күнес жақтағы, Тоғызтараудың Мұқыр, Жырғалаң, Текестің Құштай, Қаражон-Қапсалаң деген жерлеріндегі қызай еліне барып қосылып көп жылдар сонда тұрып қалады. Кейін ес жиып етек жапқанда барып осы жаққа келіп үйіріне қосылып жатты. Сендердің ауылда ел секілді оралып, бір атаның балалары жан-жақтан жиналып, мынау кіші Қонақайдың жағасында отырады екен. Бойжеткен қыздарды ұзатып, ержеткен балаларға келіншек әперіп халықтың тыныстап қалған кезі дейді. Жақын туыстарының шаңырағына келін түсіп, шашуын шашып бәрі де құтты болсынын айтып шығады. Ол үйдегі отағасы анау жылғы қалың ауруда қайтыс болып кетіп, шаңырақты бәйбішесі ұстап отырса керек.
Үш ұлдың үлкені үйленіп қуанышы қойнына симаған апаны жаңа түскен келін жақтырмай тыржыңдай беретінді шығарыпты. Енесінің жуастығынан басқа айыбы жоқ момын кісі екен. Келіннің келген жері ептеп мал бітіп қоңданып қалған өз қолдары өз аузына жететін жандар болыпты. Шамасы соған масаттанған келін келген жерін кедейсіне ме, енесін елемей ме? Әйтеуір төркініне жылтыңдап кете беріпті. Өйтіп-бүйтіп күйеуіненде мін тауып ұрсып қала беретінді шығарыпты. Екі күннің бірінде қызыл торғын көйлегін киіп алып, дорбасына анау-мынауын салып қырдан асып төркінге қашуды кәсіп еткен келінді ауыл тегіс сыртынан байқайды.
Алқын-жұлқын дүрдараз болып жетіп баратын қызын көрген шешесі, екі бетін шымшып «ой, көтек-ай!.. Тағы келдің бе! Саған сұмдық болған екен! Не көрінді көргенсіз-ау! Ол заманда бұл заман қыздың қайтып келгені құрысын!» деп әбден қараңғы түскенде ел көзіне көрсетпей атқа мінгестіріп алып, әкеліп құдағиына тапсырып жөнеліп отырады екен қыздың анасы. Бір апта тыныш отырған келіншек тағы қашады. Байқұс қыздың шешесі ұяттан өртеніп тағы да бұрынғы әдетімен мінгестіріп әкелуін қоймапты.
Осы ойынды сырттай көріп әбден зығырданы қайнаған апаң, бір күні түсте жаңағы үйге келеді. Ол үйдегі ене болса Әнәпияның абысыны. Бір шәугім шәй ішіп ұзақ отырып әңгіме айтысады. Екі абысынның дастарқанды жиғызбай отырып алғанын қош көрмеген келін аралықта далаға екі шығып, екі кіріпті. Құйған шәйі де сұйқылданып суи бастапты, еселеп отқа қойып қайнатып әкелмек түгілі салқ еткізіп құйып, зірк еткізіп қойып екеуінің қитығына тиіпті. Келіннің бұл кесірлі, қылығы енесіне үйреншікті болса да, Әнәпия апаңа мүлде жақпапты. Қашанғы шыдайды бір кезде:
– Әй, келін, шыққан жеріңді жақсы білемін. Жап-жақсы әулет еді, шешеңнің екі күннің бірінде түн жамылып сені әкеліп жүргені содан шығар… Сен өзі, қайдан шыққан бәлесің?.. О, негізі жарымаған тексіз! Түйтіксіз албасты, кісі қорлайтындай кім едің! – деп теріс қарап отырған жас келіннің үстіне бүркітше қонып тақымына басып тұншықтырады. Бұл ауылға келгелі, “Әй, дейтін ажа жоқ, қой дейтін қожа жоқ” құтырып жүрген келін мынандай сұмдықты ойламаса керек!.. Не күйеуден, не енеден таяқ жемек түгіл қатты сөз естімеген сорлының есі шығып кетіпті.
– Сенің битің семіріп қалған екен! “Әй, дейтін ажа, қой, дейтін қожа”, мына мен боламын. Момын енеңнің не кінәсі бар? Ұятсыз неме! – деп алқымын онан сайын қыса түседі. Қолын сәл босатқан екен келін озандап айғайды салыпты. «Дымыңды өшір!» – деп, қайтадан мытып-мытып жіберіпті.
– Әй, салдақы, сені құтыртып жүрген мынау қызыл торғын көйлек шығар! Желік бітіретін мұндай көйлекті аластаған рауа! Бүгіннен бастап шалғыш тартып сиыр сауасың, қап арқалап тезек тересің! Ал, әзірге сенің жазаң мынау, – деп үстіндегі қызыл торғын көйлекті айырып-айырып жырта бастайды. Пәре-пәресін шығарып дар-дар еткізіп қиқымдап тастайды да, орнынан тұрып жанып тұрған отқа салып өртеп жібереді. Сол күйі абысынына дауыстап, «Әй, абысын, мынау тағы шатақ шығарып қиқаңдаса маған айт! Әзірге келініңнің көтін жап!» депті де үйден шыға жөнеліпті.
Сол жолғы «торғын көйлек» оқиғасынан соң дүние шыт жаңа болып өзгеріп, келін төркінге қашуды мүлде қойып кетіпті.
Марқұм Әнәпия құдағидан онанда қызық әңгімелер естуге уақыт құрғыр жар бермеді. Атаң жетпіс үш жасында, апаң елу алты жасында өмірден өтті.

Ұйғыр балам Обылхан
– Е, балам, ұйғыр балам Обылхан туралы сұрап отырсың ба? Оның бізге қалай кездесіп бала болғаны туралы қысқаша айтып берейін.
Өзің білесің, біздің Мұңғұлкүре әлемге әйгілі Тәңіртауының бөтерінде. Осы Тәңіртауы шығыста Боғда тауымен, батыста сәбет жеріндегі Қаратаумен ұштасып жатыр. Тек қана Тәңіртауының ұзындығы мың шақырымдай созылып жатса керек. Жұңголықтар Тияншан тауы деп атайды, оны маған қарағанда кітап оқып жүрген өзің жақсы білесің!.. Осы Тәңіртауы Шинжаңды оңтүстік пен солтүстік деп екіге бөліп жатыр. Ежелден оңтүстігінде ұйғырлар, солтүстігінде қазақтар өмір сүреді. Осы таудың кез келген жерінен адам баласы өте алмайды, шығыста «шыңдауан» деген бір асу, батысында осы біздегі «мұздауан» деген бір асуы бар. Шыңдауанның қалай екенін білмеймін, мынау Мұздауанның аты айтып тұрғандай өте биік мұзды асу. Хантәңірі шыңының сәл ғана шығыс іргесінен өтеді. Жыл он екі ай қар басып, мұз құрсанып жататын таудың қарлы бораны, ұйтқыған желі бір басылмайды. Тек қана шілде, тамыз екі айда қар жіпсіп, мұз жұқарған шақта оңтүстік пен солтүстік бір-біріне қарым қатынас жасайды. Онда да бұл асудан өз бетімен ешкім өтіп көрген емес, арғы жағында бір, бергі жағында бір “дауаншы” деген жол көрсетушілер болады. Тек қана солардың бастауымен өтіп отырған. Ал, дауаншылар осы жұмысты кәсіп етіп нәпақасын айыратын болыпты.
Осы Мұздауаннан бері өткен соң жол екіге бөлінеді. Бірі Нарынқолға қарай ойысып Есекартқан жолымен Шонжыға өтіп одан ары шығысқа бұрылып Құлжаға жетеді. Екіншісі Мұңғұлкүреге келіп Сексенбел арқылы Шилыөзек пен Бақалықтың басын айналып Суасу арқылы Тоғызтарау жеріне жалғасып онан батысқа бұрылып Іле өзенінен өтіп Құлжаға тіреледі. Бала кезімізде қазақтан шыққан ғалым Шохан Уалихан баласы деген оқымысты Қашқардан қайтқанда осы мұздауаннан асып келіпті деп естігеміз. Өйткені өзімізде Нарынқолдағы кезімізде Есекартқанмен көп жүрдік, «Шоқан асқан» деген кезең бар. Сондай бір ел аузындағы әңгіме құлағымызда қалыпты.
Біз Мұңғұлкүреге келгенде әр жылы көретінбіз. Жаз бойы есек пен қашырға жүк артып жаяу айдап бара жатқан керуеншілерді көп көретінбіз. Өзің көріп жүрген текестің бойындағы «Батмөңкенің сарайы» деп аталатын Дең солардан қалған. Артқан жүгінің көбі қашқар кездемесі, құрғатқан өрік-мейіз, жайнамаз, құман, білезік, жүзік секілді біз көрмеген бағалы заттар болады. Бұл жақтың халқы кедей болған соң мұңғұлкүреге көп аялдамай олар Құлжаға тартатын. Сол қаланың үлкен базарына жеткізіп заттарын сатып, өздеріне керекті бұйымдарын сатып алып артынып тартынып осы жолмен Қашқарға қайтатын. Елдеріне кетіп бара жатып жолшыбай ат шалдырып, көліктерін тынықтырып еру болатын. Сол кезде бірлі жарым ат, жүк артатын өгіз сатып алып шаруалармен айырбас жасап қалатын. Өзің көріп жүрген ұйғырдың дені осы тауды асып келген қашқарлықтардың ұрпағы.
Бұл әңгімені айтып отырғаным Обылхан баламызға қатысы бар. Қайсы бір жылы Ыхаң күредегі мал базарына барып қолдағы малдың бір-екеуін сатады. Мал базарындағы жұмысын аяқтап ақшасын қалтасына салып кеткелі тұрса, қасына он үш-он төрт жастағы бейтаныс жасөспірім бала келіпті.
– Ассалаумағалайкум ата, айтатын дәтім бар еді!
– Уағалайкумассалам балам! Не айтқың келіп тұр?
– Мен бір бейшара мүсәпірмін. Осы жаздың басында Қашқардан шыққан керуенге ілесіп күнкөрістің қамымен Құлжаға қарай жолға шыққамын. Осы Мұңғұлкүреге жеткенде мен қатты ауырып, ары қарай жүруге мүлде шамам келмеді. Керуенбасы маған бола сапарын тоқтатпайды ғой, оларға құлжаға тез жетіп саудасын жасап, Қашқарға қыс түсіп кетпей өтіп кету керек. Сонымен азын аулақ тиын-тебен беріп мені деңге қалдырып кеткен еді. Әйтеуір су ішкілігім бар ауруымнан сақайдым. Сұмдық болғанда жаз өтті, ақшам таусылды, керуеншілер бұл жаққа соқпады. Шамасы басқа жолмен кеткен болу керек… Сарай қожайындары жанбасақы төлейтін ақшам біткендіктен мені шығарып жіберді. Содан бері әр-әркімге жалданып күн көріп келемін.
– Иә, бейшара байқұс-ай!.. Енді не істеу ойың бар?
– Мен көп ойландым, осы жерде қалып тіршілік еткім келеді. Бұл жақтың адамы болмағандығым үшін неден бастауды, қалай өмір сүруді білмеймін. Осы базарға келіп біреулерге көмектесіп нан тауып жүрмін. Қыс түсіп кетсе үсіп өлемін ғой!.. Қайырымды жан екеніңізді сеземін. Мен сізге бала болайын, мені өзіңізбен бірге ала кетіңізші!..
Бұл сөзді естіген Рахымберді ойланып қалады, ақылдасайын десе таныс ешкім жоқ. Баланың айтқанының шын өтірігінде көз жеткізе алмайды. Байыппен көзіне қарап барлап көреді, айтып тұрғаны шын секілді, күздің суығында жұқа киіммен тісі-тісіне тимеген байқұс бала дір-дір етіп бүрсеңдеп тұр. Несібелі қалай қарайды? Әй ол құптамаса қарсы шықпас… Ол кезде ұлымыз әлі дүниеге келмеген шақ болатын. Тәуекел депті Ыхаң, бір еркек кіндіктіге зар болып жүргенде бұлда Құдайдың бергені шығар, қашқарлық болса да мұсылманның баласы ғой, не де болса үйге алып кетейін деп артына мінгестіріп қыстауға тартыпты.
Қараңғы түсе тауға жетті. Қалтасында ақша, артында бала Ыхаң олжалы оралды. Бұл ісін менде жөн санадым. Ыхаңнан қалған киім-кешекті, сандықтағы маталарды ақтарыстырып баланың үсті-басын реттедік. Шашын алып, басы көзін жудырып едік жап-жақсы адам сиқына кірді.
Сол күннен бастап ол байқұста кәдімгі біздің баламыздай барын салып кірісіп кетті. Ыхаң ертіп жүріп шаруаның жәйін, малдың қамын үйретіп бағыт бағдарын берді. Қанша айтқанмен есек мініп ержеткендіктен ат мінуді тез меңгерді. Біздің қолымыз ұзарып жұмысымыз жеңілдеп жырғап қалдық.
Баламыздың аты Обылхан екен. Ол жиырмадан асып жігіт болғанша ешкім іздеп келмеді. Күндердің бірінде елін, туыстарын сағынғанын айтып бізден рұхсат сұрады.
– Менің анамның бар екенін сіздерге осыдан бұрында айтып едім ғой!.. Олар мені әлде қашан өліп қалған шығар деп нәзір-құзырымды да өткізіп жібергені анық. Елге барып анамды қуандырайын, тірі екенімді көрсін! – деді қиылып.
Обылханның бұл өтінішін дұрыс көріп, жол азығын даярладық, киім кешегін бүтіндедік, қалтасына жететіндей ақшамызды салып бердік. Анаңа сәлем айт деп ол кісігеде сәлем-сауқатымызды салдық. Не керек, баламызды қажыға қамдағандай жүгіріп жүріп жабдыдық. Олда бұрынғыдай емес оң-солын таныған азамат болды. Сол жылы жазда Қашқарға қайтып бара жатқан саудагерлерге қосылып Мұздауанға бет түзеді.
Біз оның қайта келетін келмейтінін білмедік, өзі не ойлайды, туыстары, анасы жібере ме? Ол жағы беймәлім болатын. Көп кешікпей қыс түсіп асу жабылды. Бізде ұмыта бастағандай болдық. «Көң қатса дағдысына тартады», «еркек тоқты бұралқы болмайды» деген тағы бар, мүмкін келмейтін шығар деп қойғамыз.
Келесі жылы тамызға жақын Мұздауанның жолы ашылып керуендер келе бастаған бір күндері, ел жайлауға шығып арқа-басы кеңіген кезде баламыз Обылхан келіп тұр. Келгенде де жалғыз емес, бәрімізді таң қалдырып келінді ілестіріп біражолата көшіп келіпті. Оң жағымызды қызартып келін түсірдік. Сөйтіп, Обылхан Қашқардан әйел алып келді. Алыс-жақынды шақырып той жасадық. Бірер жылдан соң отаулап бөліп шығарып өз алдына үй етіп қойдық.
Мінеки, сен білгің келген ұйғыр балам Обылханның әңгімесі осылай болатын. Осы кезде ұл-қыз оншақты баласы бар, ол Көкенімнің туған ағасындай, күні бүгінге дейін байланысын үзген емес. Осы Обылханның аяғы құтты бала, аман болсын!

Көкпар
Несібелі апам айтып отырған баласы Көкен менен алты жас үлкен болса да жүрісіміз жақын, тонның ішкі бауындай едік. Кішкене кезімнен қасында еріп жүріп көп нәрсені үйрендім. Баяғы да қасында құрдасы Дәуіт деген досы бар екеуі екі өгіз мініп алты қырдың астында тұратын қызды ауылға барған еді. Сол күні неге екені Көкен аға артына жарбитып мені де мінгестіре барғаны сол қалпы есімде тұр. Есейе келе ат құмар болып өсті де, тақымынан жүйрік үзілмеді. Ол кісінің бәйге аттарына ылғида мен шабандоз болып мінетінмін. Аудан көлеміндегі он километр, он бес километр, жиырма километрлік жарыстарда алдына ат салмайтын жүйріктері әйгілі болды. Бәйге күнде бола бермейді, сондай кезде көкпарға барамыз. Ауылдағы көкпардан бөлек көрші ауылдардың көкпарына мақсатты түрде барып тақымға түсіп жігіттер сыналып, серкені алып қашып аттың жүйріктігін дәлелдейтін кезімізде болады. Сондай көкпардың бірін айтайын.
Көкен ағаның «Қарат», «Торат» деген екі жүйрігін екеуміз мініп, өзгеде тақымы қақпандай, қолы тістеуіктей ұстаған жерінде жабысып қалатын ағалармен бірге Мәйек фермасының тойына барып түстік. Бір кезде жұрт аттарының тартпасын тартып, қамшыларын екі бүктей ерге қонды. Барған бір топ жігіт ақылдаса келе, маған: «Сен мінген қарат бүгінгі келген қылқұйрықтардың ең жүйрігі. Қазір көкпар қызып жұрт біраз аптығын басқан соң, біз топ ішіне кіріп көкпарды тақымға салып сүйреп шетіне шығарамыз, сол кезде сенде сап ете түссең болғаны» деп жатыр. Онсызда ондай қулықтың талайын көріп төселіп алғамын.
Ақжардың үстіндегі ауыл абыр-сабыр. Көксерке бауыздалып қаны ағып сарқылып болған соң, кеңірдегінен боқ-жыны төгілмесін деп өңешті қылмен мықтап байлады. Сонсоң көксеркені ақбоз үйдің ішіне кіргізіп тастады. Жұрт киіз үйді құлатардай екпінмен ентелеп үй алдына топтасты. Көкпаршылардың ішіндегі жөн білетін жігіт ағасы тақымын қысып алға озыңқырап шықты да дауыстап сөз бастады.
– Оу, ардақты той иелері, тойларыңыз құтты болсын!! Жастар көкпар тартып тақымының құрышын қандырғысы келіп тұр! Атамзаманнан бері жігіттің қол қарымы анықталып, аттың адымы ашылатын осы көкпар емес пе?! Ендеше жастардың меселін қайтармаңыздар, мен бата берейін!
– Әмин десең маған,
Құдай берсін саған,
Қызырың қияласын,
Бақ келіп ұяласын! – деп, бастап ұзағынан қайырып батасын жасап соңына жақындағанда:
– Қыстай берсін, қытай берсін,
Қыстай берсе қыспай берсін!
Көктей берсін, көктей берсін,
Көктей берсе көптей берсін!
Жаздай берсін, жаздай берсін,
Жаздай берсе жазбай берсін!
Күздей берсін, күздей берсін,
Күздей берсе үзбей берсін!
Аллаһу акпар! – деп қалып еді жер қайысқан қалың қол бірге қостап «Аллаһу акпар!» деп дүр ете қалды. Той иелері де осы сәтті күтіп тұрса керек, көксеркені босағадан сүйреп шығып батаны жаңбырдай төккен азаматтың қолына іліндірді. Еңкейіп барып қағып алған ол жермен сүйрете тебініп лып еткізіп алдына алып ердің алдынғы Қасына қойды. Астындағы аты ұшқыр екен, сақпанның тасындай зу етіп қалың нөпірдің арасынан сытылып шығып құйғытып барады. Қалың топ аттарына қамшы басып қиқулап қуып берді.
Осыдан соң бірі алып қашып, бірі қуып жетіп, мына үйден ана үйге тастап, ол үйден мына үйге әкеліп біраз тамаша жасады. Ендігі жерде атта алқынып, жігіттерде демігіп қалған кез болатын. Мен ағалардың ақылы бойынша жапырыла шапқан көптің тусыртын орағытып байқап жүрдім. Атты додаға кіргізіп қинаған жоқпын. Тек орайлы сәтті күтіп, ағаларымның қарасын алыстан бағамдап бақтым. Бір кезде біздің жақтан атбегі Қамидолла аға мен Көкен аға көкпарды ортаға алып арасына ешкімді сұғындырмай сызып келеді. Барған сайын шабыстарын үдетіп атмойнын оздырып ұмтылып бағуда. Дәл оңтайлы кез осы-ау деп оларға қатарласа кеттім де, «Мен келдім!» дедім дауыстап. «Келсең, алды-артыңа қарамай Балықсуға тарт!» – деп көксеркені көтеріп әкеліп алдыма өңгертті. Ақжардың басынан еңіс айналып барып Қарағантының өзеніне түстім. Судан өтіп атбасын Қонақай ауылының малшылары орналасқан Балықсу қайдасың деп шығыс-оңтүстікке бет түзеп қамшы басып, тақымымды қысып оқтай атылып «шүу!» дедім.
Шауып келемін, бойымды мақтаныш сезімі кернеп жүрек шіркін атқалақтап соғады. Аттың жүйрік болғаны жаныңның рахаты!.. Мәселе мына серкенің етінде емес, Мәйек фермасы мен Қонақайдың бәсекесінде болып тұр. Мәйектің екі жүз атының арасынан үркердей болып келген он жігіттің көкпарды алып кетуі нағыз ерлік! Жазықпен сызып келемін, артымда андағайлаған қуғыншылар бір қалар емес. Ет қызуымен байқамай тура тартып, «Жіңішкесудың» өткелсіз тұсына бірақ келіппін. Бұл өзі саз-саздан басталып, бастаулардан құрала келе кәдімгідей суға айналатын жазыққа өрнек салып ағатын Иірсу. Айналасына жайыла жағасын тартпа сазға айналдырып кілкиді. Енді ешқайда бұрылуға болмайды. Қуғыншылар таяу жерде бастырмалатып келеді. Оңға бұрылсам да, солға бұрылсам да ұсталамын. Нар тәуекел! дедім де Қара арғымағыма қамшы басып тізгінді қағып жіберіп жалына жабыса қалдым. Қара атымда қарап қалмады, екі бүктеліп барып, орқояндай орғып бауырын жазып, бар пәрменімен секірді. Бір заманда арғы жағаға «дік» ете түстімде бір толқып барып, алдымдағы көксеркені қымтай кеудеммен бастым. Мойнымды бұрып артыма бір қарағанымда әлгі тұстан менен басқа бірде бір адам қарғытуға дәттері жетпей су жағалап бірі төмен, бірі жоғары өткел іздеп шауып барады екен. Олар саздан өтіп болғанша мен көз ұшына кеттім. Сол шапқаннан ат басын ірікпей біраз жерге шығандап алдымда, қазірге жете қоятын ешкімнің жоқтығына көзім жетіп, атымның екпінін тежеп ауыздыққа сүйеп желе-шоқыраққа бастым.
Не керек, біз сол күні жоспарлағандай көкпарды тақымнан тартып алып шықтық, онан жүздеген сайгүлікке шалдырмай жалғыз қара болып әкеттік. Әй, кім біледі, сол жазғы әңгіменің ошағы, қызықтың көрігі сол жолғы көкпардың жыры болды. Ол бір Мәйектіктердің мысын басып, Қонақайлықтардың мәртебесін аспандатқан күн болды.
Міне, Несібелі апам айтып отыратын Көкен ағамызбен бірге өткізген көп қызықтың бірі осы еді.

Орындалған аманат
Несібелі апаның айтқандары мұнанда көп болатын… Менің құлағымда анық қалғандары осылар. Біз Қазақстанға кетіп бара жатқанда жасы ұлғайған кезі, төсек тартып жатты.
– Менің жағдайымды көріп отырсың, бір жағы кәрілік, бір жағы көлденеңінен келген науқастың салмағы жеңіл емес. …Саған айтқан осы аманаттарымды орындап менің сәлемімді жеткіз! Жолын тапсаң Көкенімді атажұртқа шақыртып ал! Ол сенің нағашы ағаң, жасыңнан бірге өскен жақының!.. Ал, құлындарым аман болыңдар! Жолдарың болсын! – деп шығарып салды.
Несібелі апамды ойлаған сайын ол кісінің есімі ойға батырады. Былайынша атын кеңітіп талдап көруге болады: Атын қойған кісі, әке-шешесі сұңғыла кісілер болуға тиіс. Тарихтың қатпарларынан құлағына жеткен сөз бар екені аңғарылады. Менің ойыма келетіні Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с) заманындағы Ұқыт соғысы. Сол күнгі мүшіріктермен болған шайқастағы сахаба әйел НАСИБА (Несібелі) анамыз туралы ақиқат әңгіме санама келіп, көңіл айдыныма желкенін жаяды.
Мекке мүшіріктері мен Бадауи мүшіріктері, Мединеден қуылған тоңмойындар бірлесіп шамамен он төрт мыңдай адам Мединеге шабуыл жасап мұсылмандарды тып-типыл жойып жіберуді көздеп соғыс ашады. Мүшіріктерге қарсы қорғану соғысына шыққан мұсылмандардың саны үш мыңдай ғана болатын. Сол күні ер азаматтардың қатарында жанын шүперекке түйіп, бір Аллаға тәуекел етіп соғысқа қатынасқан әйелдерде болды. Олар су тасып, жаралыларды емдеп, қару жарақты қамдап тыным таппай жүгірді. Солардың қатарында қолына қару алып қиян-кескі соғысқа қатынасып ерлік көрсеткен бірнеше әйелдің орны бөлек. Солардың бірі Насиба (р.а) анамыз еді.
Соғыс жеңіске беттеп мүшіріктер шегіне бастағанда мұсылмандарда біз жеңдік деген масаттану сезімі пайда болып, Ұқыт тауының бөктеріндегі төбеге қойған елу-алпыс садақшының орнын тастап, жауды қуалаған топқа қосылып жүгіріп кетуінен қателік басталады. Әуел баста осындай оқият істің болып кетпеуі үшін Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жеңсек те, жеңілсек те соғыстың соңына дейін төбеден тапжылмай арт жақты қорғайсыңдар деп қалдырған мергендер қателікке бой алдырып, көкейлеріне желік кіріп «олжа» бөлісіп алу деген дәмемен қашқан мүшіріктерді қуа жөнеледі. Осы бір орайлы сәтті пайдаланып қалған мүшіріктердің екі жүздей атты әскері тауды айналып келіп мұсылмандардың тусыртынан бос қалған ашықтан күйрете соққы береді. Ұшқыр ат, қайраулы қылыштар жарқылдап желке тұстан тап берген олар қапелімде мұсылмандарды «турап» өтеді. Дәл сол кезде қашып бара жатқан мүшіріктер де арттарына қайрыла шабуылға шығып жан дәрмен ұмтылады. Екі оттың ортасында қыспақта қалған мұсылмандар ауыр зардап тартады. Ең жаманы Алланың Елшісіне (с.ғ.с) қауіп төніп қоршауда қалады. Осы кезде Пайғамбарымызды (с.ғ.с) қорғаған ер азаматтардың бірнешеуі бірінен кейін бірі шаһит болып, Расулалланың (с.ғ.с) басына қылыш тиіп, бетсүйегі жараланып, мүбарак тісі сынады. Міне, осындай шешуші кезде Пайғамбарымызды (с.ғ.с) қорғау жолында Насиба анамыз қолына қылышын алып жақындаған мүшіріктерге қаруын оңды-солды сермеп біреуінде жолатпайды. Оның күйеуі, екі баласы Алланың елшісін қорғау жолында көз алдында шаһит болады. Сонда да басқа ешнәрсеге мойын бұрмай ардақты Пайғамбарымызды (с.ғ.с) жанын салып қорғайды. Әрине, артынан шұғыл күш біріктіріп асқан ерлік көрсеткен мұсылмандар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қасына топтасып, Құдайдың қолдауымен мүшіріктердің бетін қайтарып, жеңіс тізгінін қолдарына алады.
Тарихтағы осы әйгілі соғыста жетпіс сахаба шаһит болып, Пайғамбарымыз (с.ғ.с), мұсылмандардың Арыстаны атанған көкесі Хамзадан айрылады. Енді бір жағынан саңлақ сахаба Насибаның даңқы асқақтап Ғаламның Рахым Нұрының (с.ғ.с) ықыласына бөленеді. Сол асыл анамыздың атын иеленген нағашы апам Несібелі (Нәсиба) де Құдай тегін жаратпаған пенде болар деп ойлай беремін.
Біз 1994 жылы маусымның соңында атақонысқа аяқ бастық. Орналасып алған соң, нағашы апам айтқан аманаттарды орындаудың жоспарын жасадым.
Ең әуелі баяғы кезде Алматының жетімдер үйінде қалған Рахымбердінің інісі Тұрыпбердінің ұрпақтарын тауып, Нұрмұхамет атамызға сәлем беріп, үрімбұтағымен таныстым.
Сонсоң Кегеннің 36-совхозында тұратын Дина апамызды тауып, Рахымбердінің әкесі Толымбекпен бірге туған Өзбектің ұрпағына кездестім.
Рахымбердінің әкесі қайтыс болғанда шешесін екінші бір туысы алды деп едік қой, Сол кісіден туған (әке бөлек, шеше бір) қарындасы Сәбетхан апаны Кербұлақ ауданы Ш.Уалиханов атындағы ауылынан тауып, Несібелі жеңгесінің сәлемін айттым.
Соңында Нарынқолдың Текес селосына барып, баяғы ел қаша көшетін күні Шалкөде жайлауына келген парторг, Несібелі апаның ағасы Берікбай Есқожаев атаның үйіне бұрылдым. Қария қораның төбесінен шөп түсіріп болып сатымен төмендеп келеді екен. 1900 жылы туған, дәл сол жылы 94 жасқа келіпті. Мен «Рахымберді мен Несібелінің жиенімін» дедім.
Осылайша апамның аманаттарын орындап, арқамнан ауыр жүк түскендей күй кештім. Соның бәрін ақ параққа тізіп, апама оқып беріңдер деп Мұңғұлкүреге хат жолдадым.

6 комментариев

  1. Reply
    Серік Ыдрыс ұлы,говорит

    Иә , Дәүке …аманатты орындап үлкен сауап іс жасадыңыз , АЛЛА сізге жар болсын.

  2. Reply
    Темірхан МомбекұлыТүркістанговорит

    Дәулетбек! Мен бұрын бас алмай оқыдым ғой. Пікірімнің шет-жағасын айттым да. Мына сөз қалып кетіпті: Осы шығармаңмен-ақ сен Қазақ Әдебетіңдегі өз орныңды таптың. Әрі мықтап орнықтың. Құдайым қаламыңа қуат берсін. Жүрегіңнің жылуымен туған халқымызды жылыта бер. Намысын шыңдап, қамшылай бер.Ақниетпен Темірхан Момбекұлы-Түркістан

  3. Reply
    Анонимговорит

    Дәулетбек! Мен бұрын бас алмай оқып шықтым ғой. Пікірімнің шет жағасын айттым да. Сондағы пікірімнен мына тоқтам қалып кетіпті: Осы шығармаңмен Қазақ Әдебиетіндегі өз орныңды таптың. Және мықтап орнықтың. Құдайым қаламыңа қуат берсін. Туған халқымызды жүрек жылуымен жылыта бер. Намысын шыңдап, қамшылай түс. Ақниетпен Темірхан Момбекұлы-Түркістан

  4. Reply
    Болатбек Бұрынбай.говорит

    Бір деммен оқып шықтым. Үріккен елдің бір дәуірі бейнеленген тамаша шығарма екен.

  5. Reply
    Қайсар Қауымбекговорит

    Тамаша екен, аға. Осындай әңгімелерді тағы да жазып тұрыңыз!

  6. Reply
    Мухамедиева Назымговорит

    Даулетбек ага, Несибели атты улкен нагашы шешемиз туралы оте асерли, тамаша шыгарма жазган екенсиз. Бала кезимизде сиздин шыгарманиздагы кейыпкериниздин бири куйеу бала Жакып, ягни менин маркум атамнын аузынан талай естиген жайттар есиме тусип, конилим бузылып кетти. Жакып атам озинин ата-енеси Рахымберди ата мен Несипели апа туралы коп естеликтер айтатын еди. Кейбири есимде калмапты, дегенмен Ашимхан шешемнин кардын устинде дуниеге келгени, Жакып атамнын бир емес уш рет аскерге барганы, омирдеги корген киыншылыктары туралы коп айтып отыратын еди. Жакып акем Ашимхан шешемди анасы Несипели апанын кози тирисинде бир корип калсын деп каншама жылдардан кейын туган жерине апарып, маукын бастырып келген еди. Артын ала, Бир -еки жылдан кейын сиз коныс аудардыныз казакстанга. Атам екеуыныздын ангимелериниз таусылмайтын еди, танга айтып шыгатынсыздар. Менин томенги класс окитын кезим еди. Сол кездердеги ангимелеринизди мына шыгарманыздан окып отырмыз. Оте асерли жазыпсыз. Шыгармашылык шабытыныз шарыктай берсин ага. Бираз уакыт бурын отинишимди кабыл алып, ал-Фараби атындагы Казак улттык университетинин журналистика факультетинин студенттерине откизген шеберлик сагатыныздан кейын студенттер сиздин шыгармашылыгынызга танти болды. Ойткени сиз ерекше адамсыз. Сизбен мактанамыз ага!

Пікір қалдыру