Қоржын түп
Қоржын-қанжығаға бөктеріледі, екі басы болады. Соған жол азық салынады. Жолаушы ұзақ жолдан оралғанда, базарлап қайтқанда бала-шағасы қоржынды орталарына алып, әкесінің базарлығына ( киім-кешек, қант-шай) таласа-тармаса қол салады. Қоржынға салынған базарлық, сәлем-сауқат «қоржын түп» делінеді. Қоржын түпті ырымдайды. Тәтті-дәмдіні балалар бөлісіп жейді. Көрші-қолаң да дәметеді. Оларға да ауыз тигізеді. Сәлем-сауқат базарлыққа жатады. Келін төркіндеп, жиен нағашысына ат ізін салғанда, қоржынның екі басы сыбағаға (кәделі сый-сияпат) сықалады.. Жолаушы аң атып, әйтпесе аста, тойда аты бәйгеден келіп, күресте топ жарып, болмаса жорықта жолы болып ат жетектеп, мал айдап қайтса, мол табысқа кенелсе, осыны «олжа» дейді. Ондай жолаушыны ауылдастары көтермелеп: «Жолың болған екен, мол олжаға кенеліпсің» деп көңілқостық білдіреді. Тарту-таралғы да (атаның ұлы деп, көлденең көк аттылы деп жол беріп жатады) олжаға жатады.
Қоржынның екі басы базарлыққа, олжаға сықалса, ауылдастары «қоржыны тоқ екен» деп жатады. Біз де осыншама жасымызда (жетпіс бес) жолаушылап, талай-талай сапарладық. Дүние есігін ашқан әр адам жарық жалғанға уақытша келген жолаушы есепті. Ол өзіне бұйырған ғұмырын түгесіп болған соң, жарық дүниемен қош айтысып кете барады. Сонда оның (ол марқұмның) мінген аты мен артына бөктерген қоржыны (бөктеріншегі) иесіз қалады. Ескілікті салт бойынша марқұмның мінген атын тұлдап, кекілін, жал-құйырығын күзеп жібереді. Тұлданған атқа ер салынбайды. Иесінің жылында құрбандыққа шалынады. Қоржынын бала-шағасы бәсірелейді. Атамның қоржыны деп немерелері ырымдап керегенің басына іліп қояды. Ішіне кәделі зат салады. Біз де (мен де) міне, ғұмыр-тіршіліктің ұзақ жолын аяқтап қалдық. Аз ба, көп пе біраз ойлар қағаз бетіне түсті. Роман, хикаят әңгімелер жазылды. Біразы жарық көрді. Жарияланбаған дүниелер (шығармалар) қоржын түпте қалды. Сол жазылған дүниелерді оқырманға ұсынсам деген ойдамын. Оны енді уақыт көрсетеді. Қоржын түпте кәкір-шүкір, ұсақ-түйек нәрселер қалады. Солардың арасынан керекті заттар да шығуы мүмкін.Сол себептен де қоржындағы бар мәзірді кейінгі буынға деп бәсірелеп кеткім келді.
Күлдіргі сөзді, оғаш мінезді адамдар әр ауылда бар. Мен сипаттаған кейіпкерлердің (шындығында өмірде болған адамдар) сөз саптасы, түр-түсі, мінез-құлқы біздің ауылдың әзілкештеріне келеді екен десеңіз, мен оған дау айтпаймын. Әр ауылдың өз Алдары, Қожанасыры болады. Мен «Біздің ауылдың әзілкештері» дегенді шартты түрде алып отырмын. Бұл сөздің ауқымы кең. Тар аяға симайды: аудан, облыс көлемін, керек десеңіз, барлық аймақты қамтиды. Бүгінде ауыл десек, түкпірдегі елді мекендер көз алдымызға келеді. Ауыл-өркениет жағынан қаламен теңесе алмайды. Бір бәсі төмен түсіп жатады. Менің сөз еткелі отырған адамдарым (кейіпкерлерім) сондайлық кесек мінезді емес. Қарапайым ауыл тұрғындары, табиғаты (адами қасиеті) таза. Содан да мен оларды көңіл күнделігіме түйіп алғанмын.
Сөз – көңіл айнасы, мінездің көрінісі. Содан да Абай «сөзіне қарап кісіні ал» деп меңзейді. Сөз – қылыш тіліп те түседі, сөз – жыртқыш бүріп те жібереді. Сөздің құдіретіне баға жетпейді. Оны дұрыстап пайдалана білуде жатыр бар гәп. Қазақтың сөзі бейнелі сұлу келеді. Сөйлеу мәдениеті ертеден-ақ жетілген халықпыз. Қариялар әдепсізді «бейпіл ауыз» деп шенейді. Сөзге байланысты мақал-мәтел жүздеп бар. «Қоржын түпке» енетін сөздер әзіл-қалжың, әжуа-мысқылдан құралған. Мұндай сөзге ебі бар адамды шақпа тілді дейді. Қушыкеш деп те жатады. «Тілі мірдің оғындай» деп және мойындайды. Әзіл-қалжың өз орнымен айтылса, оған дау жоқ. Кекетіп мұқатуға ұласып кетсе, ондай әзілді қыжыртпа немесе қағытпа деп атаймыз. Қыжыртпаның астары қалың кекетінді келеді. Қағытпа һәм қыжыртпа – сөзбен шарпысудың амалына жатады. Қисық сөйлейтіндер сөздің осы түріне үйір келеді. Кекетінді сөзден кісі ләззат ала алмайды. Нағыз сара қалжың, майда әзіл кім-кімді де бір көтеріп тастайды. Түйіндегенде әзіл – сөздің саумалы. Әзілкештермен кездескенде қымыз ішкендей бір желпініп қаласың. Осының бәрі (әзіл қалжың, ойнай-барымта) ауызекі сөзге жатады. Халық арасында ауызша тарайды. Мәнсізі айтылған жерде қалады да, мәндісі ауыздан ауызға көшіп елге таралып кетеді. Қожанасыр айтыпты деген тапқыр сөздер әр елдің аузында жүр. Әзіл-қалжың, ойнай-барымта, уытты да тапқыр сөз орынды айтылса ғана құлақта қалады. Қазақ арасында біреуді біреу мысқылдап іс-әркеті мен мінез-құлқын күлкіге айландырып әжуа ету бар. Мысқыл-қалжыңның ушыққан түрі. Сайқымазақ қушықештер айналысады сөздің бұл түрімен. Әжуа уытты келсе, сықаққа шауып жатады. Сықақ өз орнымен өрістесе, онда ондай сынды көпшілік түсіністікпен қабылдайды. Әжуа анайылыққа шауып, кісіні күлкіге душар етіп жатса, сын-сықақтан да асып «пәле басы» сөзге айналып кетеді. Біз кейіптеген кісілердің ( кейіпкерлердің) сөзі шикі қаймақтай жұғымды келеді. Үнемі тәтті сөйлей берсең, тұзсыз тамақ ішкендей аузың қант татып кетеді. Сөздің де тұздығы болуға тиісті. Сол себептен де біздің ауылдың әзілкештерінің әзіл-оспағын, қалжың-қағытпасын оқырманға қаз қалпында жеткізгенді жөн көрдім. Әлде қалай оспадарлыққа барып анайылау сөзге дес бергендей болсақ, оқырман түсіністікпен қабылдайтын шығар деген сенімдемін. Халық анайы сөзден де қашпайды. Анайылықты боғауыз сөз, бейпіл сөзге жатқызып көпке жария ете бермейді. Оңашалықта екеу ара әңгімеде, жігіт-желеңдер арсында айтылатын парыз-қарызы жоқ күлдіргі сөзге жатады. Үлкендермен ұзақ жолда сапарлағанда «еркекше сөйлейікші» деп анайы әңгімеге ойысар еді. «Еркекше сөздің» де өзіндік тәрбиелік мәні болады.
Қоқымбайдың қойыртпағы
Қойыртпақ – кәдімгі қой сүтінің қышқылтымы. Қойшы отарды өрістете шыққанда, киіз қалтадағы қарынға бір-ер қасық айран құйып алады да, өрісте қой сауып сүтін қарынға толтырып қанжығасына бөктереді. Ауылға жеткенше шайқала-шайқала майы бетіне шығып қышқылтым ашымаққа айналады. Сол қышқылтымды қойыртпақ дейді. Оның дәміне баға жетпейді. Сіміргеніңде шекеңнен тер шығарады. Дәмі қөмей қытықтайды. Қоқымбай көкемнің тапқыр сөздері мені қойыртпақ ішкендей тұшындыратын еді. Өзі жайшылықта сөзге жоқ. Оңашалықта, екеу ара әңгімеде ағытылады. Сондайда оның шегір көздері күлмеңдеп, бір жағына қарай майсыңқырап тұратын мұрыны жыбырлап, мұрты қопсып сала береді де, «еркекше сөзге» кіріседі. Онда да там-тұмдап қана. Қалғанын келесі жолы тыңдайсың деп сырғытпаға салады.
– Қазақ тілінде «еркекше» және «әйелше» сөз болады, – деп бөсті бірде ол.
– Болмайды, ағасы!
– Оттама! – дейді түрін суытып, – Орыс тілінде мужской, женской бар болғанда, бізде жоқ, ә?!
– Қызықсыз!? – деймін мен қасақана қиықтанып, – Жоқтан өзгені сөз етесіз.
– Қисыны кеп тұрғасын айтамын, – дейді ол мойнын теріс бұрып, – Әлі оған көзің жетеді.
Ішімнен ойлап қоямын. Бір қырсыққа бастайды-ау деп. Екеуміз бір жолы сапарға шықтық. Ол кісі кеңсе қызметкері. Мен газет тілшісімін. Іргелі елді мекенге ат басын тіреп, мәдениет үйінде өтетін жиынға қатыстық. Қоқаңды дәрет қысқан еді. Есік көзінде отырған кезекші әйелге: – Қарағым, әжетхана қай жақта? – деді еш құйтырқысыз.
– Еркектердікі істемейді.
– Намысқа тиетін сөз айтпа, қарындас, – деді ол мұртын едірейтіп, – Өзгенікін қайдам, менікі істейді әзірше.
– Туһ, өзіңіз бір ұятсыз кісі екенсіз! – деді әйел тұлан тұтып, – Шығыңыз шапшаң! Кетіп тұрыңыз! Әйтпесе мелиция шақыртам.
– Қарағым-ай, қысылып тұрғаным-ай! – деді Қоқаң зәр қысқанын қабағымен ишаралап, – Жіберші айналайын, мені «женскиге»!
– Кірмейсің ол есікке! – деді әйел манағыдан бетер шаптығып, – Кет дегенде ит те кетеді!
– Ә, солай деймісің? – деді Қоқаң мұртын қопсытып, – Тесігіңді қиғанда, есігіңді қимаймысың…
* * *
Қоқаңның «еркекше сөзіне» қол қойдым. Әйелше сөзін әзірше індете қойған жоқпын. Сонымен, біраз жүрдік. Мені көргенде мырс етіп күлетіні бар. Бір жолы екеуміз өкіл дәрежесінде ел аралай шықтық. Сөзіміз үйлесе қоймады. Қисық мұрынын тартқыштай береді. Сірә ішінде бір «ойнақ» болуға тиісті. Түртпектесең қырсығып жақ ашпай қояды. Бір үйге түстік. Қоқаң кіре берісте жатқан жырым-жырым ескі кебісті ұстай кірді ішке. Айт-үйт жоқ үй иесіне дүрсе қоя берді: – Әй, қатын, мына жырмаш сенікі ме? – деді кебісті нұсқап.
– Менікі болса қайтейін деп едің? – деді мол денелі әйел, – Жаның ашып бара жатса жаңасын сатып бер.
Қоқаң мырс етіп: – Бітіпті ғой сәбізі. Жырым-жырым бірдеңе, – деді ақаулы танауын қисайта тартып. – Басқа жағың да осынай-ау, шамасы?
– Ішіне кіріп шығып па едің? – деді әйел үлкен көздері күлмеңдеп. – Сол жырым-жырымға қолы жете алмай жүргендер де бар.
– Қоймағансың ба, ескі әдетіңді? – деді Қоқаң галошты тастай беріп,– Талайды тізелеткен сабазым-ай!
– Неге қоям? – деді әйел қалың қабағын серпе – Сендерге жарастықты да, бізге оғаш па? Қарай гөр өзін! Бір ізбен кіреді де, бір ізбен шығады. Оған оның несі кетеді?
– Жә, үй артында кісі бар.
– Аузымды қышытқан өзің, – деп үй иесі әйел енді маған бұрылды, – Мұның әкесі де кезінде әйдік «құдықшы» болатын. Сен деймісің түбіне жете алмай жүрген.
– Саған дауа жоқ, – деді Қоқаң төрге озып, – Шөлдеп келдік. Қымыз әкел. Сусындап болған соң, Қоқаң маған көз қысып: – «Әйелше сөз» деген осы болады, – деді бір міндетін өтегендей жайуат көңілмен.
* * *
– Қоқа, жігітшілікке қалайсыз? – деймін оңашалықта
– Ептеп…
– Бұл өзі нендей тірлік?
– Ұрлықы сүйіспеншілік қой.
– Түсінбедім!?
– Түсінбесең тыңда жақсылап. Қызмет бабымен облыс орталығына жиі қатынаймыз, – деп бастады әңгімесін. – Қонақ үйде орын бола қоймайды. Сондайда таныстарды жағалайсың. Қаладағы жүз таныстың үйіне қоналқаға бара қалмаймын ба. Үй иесі менімен құрдас. Қажаса береміз. Төрде бір өзім құралпы еркек отыр. Және бір әйел бар. Еркек сөзуарлау екен. Екеулеп мені бейтаныс әйелге ыңғайлай бастады. Өзі бір келісті ұрғашы екен. Қара торының әдемісі. Сүйірленіп келген иегінің астындағы үлбіреген тамағы қандай! Бойы сұңғақ. Жас мөлшері көп болса қырықтың ішінде. Еркектердің қылжағын мәнзүр қып отырған ол жоқ. Күлімсірейді де қояды. Мылқау ма деп те ойлап қоямын. Үй иесі маған ымдап әйелді нұсқайды. Әзілкеш қонақ та маған көз қысып қояды. Ет желінді, арақ ішілді. Көңілдіміз. Шайды да қана іштік. Іле төсек салынды. Әйел түпкір бөлмеге жайғасты. Біз ортаңғы бөлмеге жаттық.
– Ал ағасы, кезек сізде, – деді әзілкеш жігіт. – Ұйықтап қап үй иесінің табасына қалмайық.
– Жассың ғой, саған бердім жолды, – дедім өп-өтірік сыпайысып. – Әйткенмен ішім ұйтқып жатыр.
– Жол сізде, қимылдаңыз, ағасы! – деді қонақ жігіт. Қайтып мәймеңкөлеу артық еді. Ол қор етіп ұйықтап кетті де, мен діттеген тұсқа ойыстым. Табиғат заңы деп өзімді қайрай түсемін. Омыраулаған мені серпінді соққы шалқамнан бір-ақ түсірді. Талмау жеріме тиген тепкі көзімнің отын жарқ еткізді. Есімнен тана жаздап әупіріммен аман қалғанымды қайтейін, орныма кеп жатайын десем, қонақ жігіт бұлқынып жатыр. Аяғымды шалыс басып алғанымды соңынан бір-ақ білдім. Жігіттің күлкісі тыйылар емес. Үдетіп барады. Біздің дыбысымызды естіп қалған үй иесі және киліксін. Екі жақтап қушықтағанда есім шықты. «Өлмегенге қара жер» тебеген әйел қасымдағы жігіттің қатыны боп шықты. Ал енді осыған не дейсің? Жігітшілік абырой әпермейді, бауырым! Шамаң жетсе қос-қостан қатын ал. Әйтпесе, артыңды қысып жай жүр. Содан да ғой екі әйелі бар Қоқымбай атанғаным…
* * *
Қоқымбай ағамыздың тәубасы аздау еді. Кезінде шарапты бір кісідей сілтеген. Көзіміз көрді үстепке ұстағанын, мас бола қоймайтын. Ірі денесіне лайықтап тамақты жақсы ішетін еді. Бір табақ етті бір өзі тік көтере жеп кете береді. Біз онда баламыз. Ауылдық жерге арақтың дендеп ене қоймаған кезі. Көбінесе қолдан сыра ашытылатын еді. Бірде Қоқаң сілтеңкіреп жіберіпті. Дәрет сындыруға тысқа шықпай ма. Масаңдау ол кіші дәреттің тәртібін сақтамай қалай болса солай жіберіп тұрғанда, қасындағы үстепкелесі: – Әй, Қоқа, аяғыңа шаптырып тұрсың» дегенде: – Ештеңе етпейді, Жақсы ат шашасына сиет деген емес пе», – депті жайымен.
* * *
«Өлінің жаманы жоқ, тірінің өсектен аманы жоқ» демей ме. Қоқаңның да соңына сөз ерген. Арғы аталары қалмақтан келген деген өсек бар. Соны құрдастары бетіне басады. «Сенің шежіреден хабарың бар ғой, – деді ол бірде маған, – «Қалмақ, қалмақ» деп соңымнан қалмайды ойнайтын қулар. Сол рас па?
– Оны мен қайдан білемін? – деп жалтардым еш құйтырқысыз,-Ерте кезеңдерде олармен қоныстас болғанбыз. Қыз алып, қыз беріскенбіз.
– Қойшы-ей! – деді ол қисық мұрнын шүйріп, – Оларың да жұмыр басты пенде болғаны ғой.
– Әлбетте солай, – дедім өзімше білгішсіп, – Діні бөлек болғанымен, түр-түсі ұқсас бізбен. Сосын да қанымыз араласып кеткен. Нойыс бір бет қисық-қыңырлық мінезді біз солардан жұқтырғанбыз.
– Астапыралла! – деді Қоқымбай жағасын ұстап, – Айта көрме!
– Мен айтпасам да ел айтады. Түбі қалмақ деген қаңқу сөзден құтылудың амалы өз қолыңызда. Мұсылманықтың бес парызын ұстаныңыз. Намаз оқып ауыз бектіңіз.
– Өзімнің де ойым сол,– деді Қоқаң қисық мұрнын шүйіре түсіп. – Бес парыздың шарты тым қатаңдау, сонысын ауырлап жүрмесем? – Бір амалын табарсыз, бәлкім.
Ол ойланып қалған еді. Іле жайнамазға жығылды. Бір жолыққанда жөн сұрадым. – Қоқа, мінәжатыңыз орынша ғой?
– О, не дегенің! Бес парыздың қазығы намазды қатырып жүрмін. Тіке тұрмастай қып.
– Оқымай тастап кетіп жүргеннен саумысыз?!
– Құдай сақтасын!
– Енді қайтіп қатырдыңыз?
– Тоңқаңдай бергенше деп… жиып-теріп бірақ оқып жүрмін.
– Түсінбедім!?
– Түсінбейтін түгі де жоқ. – Қоқымбай көкем мұртын ширата түсті, – Молдасымақтар намазды пышыратып жіберген екен. Басын бір жерге қостым.
– Басын қосқаны қалай?
– Не қалайы бар оның? – Қоқаң маған сұстана суық қарады. – Күніге бес мезгіл тоңқаңдап әуреге түспегім не!? Жиып-теріп бірақ оқимын да жайыма жүрем.
– Сауабы кемиді ғой, сауабы.
– Оттама! – деді Қоқаң қолын сермеп, – Намаз оқымайтындар да жүр ғой жер басып. Оларға қарағанда мен деген…
– Оған сөз бар ма! – дедім Қоқаңның ыңғайымен болып, – Баз-базда намаздың тәртібін сақтаған да жөн.
– Онда екі бөліп оқиын.
– Мейліңіз, – дедім қасақана. – Намазды тастап кетсеңіз де өз еркіңіз. Дінде зорлық жоқ.
* * *
Қоқаң зейнетке шығардың алдында бір-ер жыл қой бақты. «Қызылтау» кеңшарына қарайтын Берекетті аталатын құйқалы өңір бар. Мен онда мұғаліммін. Сайлауға байланысты үгітші боп қыстақтарды аралауға шыққанбыз. Менің жолым Бойшаң қыстағына түсті. Күн кештете кеп жеттім. Қоқаң жақтырмады мені. Қасақана қырланатын әдеті бар еді, сонысына басты ма, мойнын ішіне алып тұқырайды да қалды. Өзгеден жасыратын тығындысы бар болатын. Соны маған сездірмеудің амалы болуға тиісті. Қойды көбінесе кіші әйеліне бақтырады деп еститінмін. Ел жатар қарсаңда боран басталды. Екі тәулік бойында әңкілдеді де тұрды. Қойды қорыққа шығарып тебіндетіп алды. Мен де қой қайырыстым. Белден келетін шабындық құлап жатыр. Соны қой боранда құныға суыртпақтайды. Қорық – сол ұйысқан шөп. Мен Қоқаңның аузын аңдимын. Ол күн райының қабағын бағады.
– Сіз мені жақтырмадыңыз-ау осы? – деп салдым езілген құртты ішіп отырып, – Баяғы есілген әңгімеңіз қайда?
– Баққаның қой болса, қатының екеу болса, үгітші сен болсаң, менен нендей әңгіме шығушы еді.
– Жазығым не?
– Жазығың сол – үгітшісің. Үгітшілік менің де басымнан өткен. Сонау жиырмасыншы жылдарда байларды тап ретінде жоюға атсалысқан киіз сөмкелі белсендінің бірі болдым.«Байларды қойдай қу қамшымен» деп ұрандадық. «Белдеуде бұзау қалмасын» деген партия тапсырмасын орындадық. Соның салдары аштыққа ұласты. Қалың қазақ қойша қырылды. Соны көзбен көрдік. «Қызыл белсенді» атанғанның бірімін. Қос қатыны бар деп соңыма түсіп қоймаған соң, қойға шығып кеттім емес пе. Қойды тоқалына бақтырады деп және жүргізбейді сен сияқты үгітшілер. Тоқалды шыбығым сыздағаннан алған жоқпын. Ұл көрсем деп ұрындым жас қатынға.
– Оныңыз жөн болды, – деп қоштап қойдым, – Ұлдарыңыз өсіп жатыр. Өмірге өкпеңіз жоқ шығар?
– Саған бар өкпем, – деді Қоқымбай көкем қисық мұрынын жыбырлатып, – партия қатарына өтем деп арыз беріпсің.
– Біреулердің түртпегімен, – деп жалтардым арыз бермегенімді біле тұра, – Қайтып аламын өтінішті.
– Сөйткенің жөн, – деді Қоқаң маңызданып, – Үгітшілікке жолама. Мұғалімдігің жетеді. Қағаз шимайлайсың, оған қарсылығым жоқ.
Осымен сөз бітті. Қоқаң жарытып әңгіме айта қоймады. Мен де оны түртпектемей өз ойыммен боп кеттім. Жатар кезде далаға шықтық. Боран әңкілдеп тұр.
– Мына боранның ашылар түрі жоқ қой, – деп өзімше уайым еттім.
– Е, не қылар дейсің!.. – Қоқымбай көкем көтеріле сөйледі, – Азар болса тоқты өлер, үлкен қойым боқты өлер. Үгітші інім қасымда. Қос қатыным қойнымда. Маған не қылар дейсің. Соқ бораным, соқ!
* * *
Қоқымбай көкем қойдан шыққан соң, тақуалыққа біржолата бет бұрды.Шараптың шатағынан алыстап, діндарлардың қатарына қосылды. Аяғында мәсі, қолында тәшпі. Бірадарлыққа басы бүтін берілгеніне ризалығымды білдірдім.
– Шұрқ етпе, – деді ол күректей қолын иығыма артып, – Құдай жарылқап тұр. Тамағым тоқ, жаным тыныш. Жаназадан қалмаймын. Құтқармаймын өлімді, сауап, деп шұбап жүретін діндарлардың тобындамын. Ақ май, қызыл ет аузымыздан қалады. Несін айтасың, бір кенелдім. Одан ауыз бекітемін. Ауыз ашарға барғанда әй бір соғамын-ау кеп.
– Шарапты ше?
– Ол ұмытылған.
– Мүлде ме ?
– Ұмытайын демеймін ғой. Есебін таппаймын. Арақты бөшкелеп ішкен күндерім есіме түскенде жылағым келеді. Ол да бір дәурен екен.
Содан бір күндері Қоқаңмен жақын туысқанның қазасында кездесіп қалдым. Жемпаз ол кісі. Шөлдеңкіреп отырған ол балдызы Қазкелдіге су әкеп бер деп бұйырды. Үлкен кесемен жездесіне су ұсынған оның көзінен бір құйтырқы байқалды. Қоқаң суды жұта салды. Ішкені су емес арақ еді. Соны жайластырудың амалымен: – Пай-пай, қайран Тағылының суы-ай, Сусыным бір қанды-ау! – дегені ғой.
* * *
Бірде Қоқаңа барсам, сәлемімді алмайды. Онсыз да қырсық адам мойынын ішіне алып, қабағымен жер сүзеді.
– Қоқа, хал нешік?
– Өлдім мен, өлдім!
– Қисынсыз! – дедім мен де өзімше қырланып, – Өлгенсін, былай… дұрыстап өлу керек қой. Тіліңіз күрмеліп… көзіңіз алайып дегендей.
– А , онда мен кеттім! – деді де ол шалқалай беріп қисая салды. «Пухі» деп соңғы демін де шығарып үлгерді. Сасып қалдым. Менің ажалым оқыстан болады деп айта беруші еді. Осы көкем расымен сапарлап кетпесе не қылсын?! Менің ыңғайсызданғанымды байқап қалған бәйбішесі: – Шұрқ етпе, мырза жігіт! – деді үлкен жеңешем адуынданып, – Өлмесе өлем қапсын! Жатқанынан тұрмасын! Несі өтіп еді бұл ағаңның маған? Деген күнімде басымнан таяқ айырмай, отырсам опақ, тұрсам сопақ болдым. Ұл таппай қыз таба бердің деп құлағымнан сөз айырмағанын қайтып қана ұмытармын! Жоқтасын мына ұл тапқыш тоқалы. Байының қызығын көріп жүрген де осы қатын. Маған не жорық!?
Қоқаңда үн жоқ. Серейген қалпында қимылсыз жатыр. Қырсықты ақшаға сатып алатын қиқар көкем жоқтан ілік шығарып: «Мен өлгенде екеуің қайтіп жоқтайсыңдар?» деп жұбайларына қисынсыз талап қойған ғой. Ендігі жатысы мынау.
– Жоқта, ей қатын, байыңды! – деді үлкен жеңешем, мұның барынан жоғы маған. Деген күнімде құшағымды құр тастап. Кезегін де дұрыстап сақтамайды. Жас иіске ауып…
Кіші жеңешем ұяң әйел. Оны күйеуіне бейімдеп, жеңгетайлыққа жүрген үлкен жеңешемнің өзі. Обалына не керек, кіші жеңгем әлі күнге қыздай сынық мінезінен жаңылмай келеді. Абысын-ажынды бір үйдегі екі әйелдің татулығы әлемет. Қошқардай-қошқардай ұл тапса да, кіші жеңешем күндестікке салынбай абысынын қатты сыйлайды. Бұл шаңырақтың би апасы үлкен жеңешем. Қоқымбай көкемді уысында ұстайтын сол әйел. Сайқымазақ әдетке үйір отағасы аяқ астынан ілік шығарып, мен өлгенде қайтып жоқтайсыңдар деп талап қойса керек. Үлкен жеңешем кермейық келісті әйел. Өнерден құр емес, ақынжанды өзі. Жеңешем өлеңдетіп қоя берді:
Тартылып қалды бұлағым,
Құлап түсті шынарым.
Қайран да менің байым-ау,
Бейштен болғай тұрағың…
Өлген кісіміз сөйлеп берсін: «Өшір үніңді! Сенікі өтірік жоқтау, – десін. Сосын маған салды қолқаны. – Кәне, сен көрші. Ақын атың бар ғой»
Суырылып бердім: «Қоқам-ау менің, Қоқам-ау, боздап бір қалы ботаң- ау! Оп-оңай өле салдың ба, демеуші ем сізді осал-ау! – деп соза түспекші едім: «Жалған сөз, бос ділмәрсу, – деп тоқтатып тастады
– Е, бұл сүйіктісінің лебізін естігелі жатыр да, – деп үлкен жеңешем керіле күлді, – Қатырады деген! Үндемесінің жайы мәлім.
– Қойыңдаршы әрмен! – деді үндемес жеңешеме оқыстан тіл бітіп, – Ойыны да біздің кісінің. Жаман ырымға бастап … жоқтау айтып… мені бір мәгас деймісіңдер?
Серейіп жатқан Қоқымбай көкем басын көтеріп сөйлеп берсін.
– Өлімді емес, өмірімді тілеген үндемес қатыныма не жетсін! – деп шақшасын суырды қонышынан. Үлкен жеңешем маған қарады, мен оған қарадым. Ұтылып қалғанымызды қарашы.
…Қоқымбай көкем бертінде озды өмірден. Жұбайлары қосыла жоқтады марқұмды. Жылы өткенше сыңсудан жаңылмады.
Қайран да менің арысым,
Тиянақты еді әр ісің.
Ақкөңіл жайсаң атанып,
Аймақа жетті дабысың.
Күлмегенді күлдірдің,
Өткенді екшеп жыр қылдың.
Қосарлап алып әйелді,
Ер екенінді білгіздің.
Қара ормандай ұрпағың,
Ғұмырыңның белгісі.
Ешкімнен беті қайтпаған,
Сендей-ақ болар ер кісі.
Тайпалтып міндің жорғаны,
Қақ жарып өттің орданы.
Арыстан туған ерім-ай!
Дүниенің осы жалғаны.
Отыз кез аққа оранып,
Тар қабірге қамалып,
Жатсың-ау қайран
ерім-ай!»
Дәупірім жеңешем
Қияндағы қойлы ауылдардың адамдары бірі-біріне үйірсек келеді. Сол дағды бізге де жұғысты болды. Алыстағы ауылдарға әртістер сирек келеді. Теледидар тұрмысқа енбеген кез. Радио ғана бар. Ерігіп зеріккен жастар оғаш мінезді күлдіргі адамдарды жағалайды. Соның бірі мен. Кім ескілікті сөз білсе соның аузына қараймын. Сайқы мазақ күлдіргі адамдарға жақын жүремін. Соның бірі – Рымбала жеңгей. Толықша келген өткір көзді , сөзуар әйел. Өзі балуан шалыстау. Той-томалақта білегін сыбанып кұреске шығады. Ұстасқанды аунатпай жібермейді. Ыржақай-қылжақай қайындары одан ықтап жүреді. Күйеуінің құрдастары Рымбаладан безе қашады. Оны жұрт «Әкіліштің дәупірім қатыны» дейді. Әкіліш шарқы денелі кішірек адам. Әйелі Рымбала түйедей болғанда, күйеуі тайлақтай ғана. Соған қарамастан Әкіліш ағай шақар барып тұрған. Көңіліне жақпай қалса әйелін жосытып салады. Нар жеңгеміздің балағынан бала саулап жатады. Үй толы бала, қора толы мал. Жеңгеміздің қолы ашық. Үйінен қонақ арылмайды.
Рымбала алыстағы малды ауылдардың қонақ үйінің күтушісі есепті. Ақысыз-пұлсыз қызмет көрсетеді. Көбінесе ол үйге бас сұғатындар Рымбаланың күлдіргі мінезіне қызығады. Берген тамағынан да, қабағына қарайды. Қабақты жеңгеміз өзіне сүйкене келген қонақты жай жібермейді. Есебін тауып есін шығарып жібереді. Мәселенки былай, қонақ арсыздау аусар келсе, оны әшкереге ұшыратып, ит терісін басына қаптайды. Қойшы-қолаңның қыз-қырқынына қырындағыш мал мамандары Рымбаладан аулақ жүреді. Алыстағы қойлы ауылдардың апшысын қуыра келетін уәкілдердің аптығын Рымбала тез басады. Әр қилы әдіске сап әлгіні күлкіге ұшыратады.
Әкіліш – кеңшардың орта дәрежедегі шопаны. Кеңестік кезеңнің бір әдеті меншік мал ұстағандарға өш келеді. Ондай «дара шаруаны» ауық-ауық тәркілеп қора-қопсысын орталап тастайды. Совхоздың ғана малы бағылу керек. Жекеменшікке жол жоқ. Брежневтің уағында да қалмады бұл солақайлық. Ет жоспары орындалмай жатыр деген сылтаумен, қасақана айғыр мен бұқаға ауыз салады. Ауданнан шыққан өкілдер ауыл-ауылды аралап, етке мал жия бастайды. Сондай қырағы топ Атасау өзенінің бойын жайлап отырған Әкіліш қойшының ауылына ат басын тіремей ме. Дәупірім әйелі тұрғанда Әкіліш сөзге араласпайды. Қырланған бас өкіл Рымбаланың қырын сындырып алудың амалымен саясатқа көшеді.
– Сізді депутат дей ме?
– Болсақ болармыз.
– Онда басқаларға үлгі болып, үкімет тапсырмасын мүлтіксіз орындаңыз.
– Қайтіп?
– Былайша, – дейді бас өкіл, – Шақтап ұстау керек меншік малды. Бұл – партия тапсырмасы. Биелер жүре тұрсын, айғырды аламыз. Етке тапсырасыңдар.
– Мендегі айғырды ма?
– Иә, сіздің айғырды.
Айғырсыз қиын ғой, жарқындарым-ау! Одан да ұрғашыларын… менен баст ап…
– Сөзді қой да келісіміңді бер. Біз сенің ойнайтын адамың емеспіз. Партия тапсырмасымен жүрміз.
– Айғырсыз қиын ғой, – дейді Рымбала мөлтеңдеп, – Онсыз тірлікте не мағына бар?
– Онда біздің жұмысымыз қанша? Бізге айғыр керек.
– Мен айғырсыз бір күн де жүре алмаймын! – дейді Рымбала көзі шатынап, – Отыз жыл отасқан қойнымдағы байымды, айғырсымағымды сендерге жетектеткенше жарлып өлсем қайтеді. Өзімді өзім жоқ қылып…
Сұмдықтай долырған Рымбала жерді-көкті жұлып аттанға басқанда, беделді өкілдер бет-бетімен безіп жөнеліпті. Кейінде Рымбала депутаттықтан шығып қалыпты. Соны естігенде «айғырсымағым қойнымда, бір отар қой алдымда» маған сол да жетеді» – депті…
Қой ет алғыш келеді. Қатты семіргенде құйырығын тарта алмай, қотанда қалып қояды. Шайлап қалған қой деп соны айтады. Әкіліштің отарынан сондай шайлаған қойларды өз көзімізбен көрдік. Содан да «семізікті қой ғана көтереді» деген мәтел шыққан. Оның мағынасы тереңде. Байлық пен барлыққа мастанатын текетойлыға қарата айтылады. Кеңшар белсенділері сыртқа мал жөнелткенде, Әкіліштің отарынан таңдайды. Оның дәрежесі бәйбішесінен жоғары. Неге десең, ол – аға шопан. Рымбала, бар болғаны, көмекші қойшы. Сөйткенмен де атақ бас шопанға бұйырмай, бәйбішесіне ауып кетеді. Басшылықтың саясаты белгілі. Аға шопанның дәупірім әйелінің аузын жапсақ ұпайымыз түгел деп ойлайды. Бірде көмекші қойшы Рымбаланы ауданда өтетін шопандар жиынына шақырады. Ауданның дөкейі Рымбалаға медал тапсырмақшы болғанда, дәупірім жеңгеміз жоқтан ілік шығарып жиналыстың шырқын бұзады.
– Аға шопан Рымбала Жұмабекова қайда?
– Мұндамын.
– Сізді нәгірадаңызбен құттықтаймыз!
– Ол не?
– Сіз социалды жарыста табысқа жетіп, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалға ие болдыңыз.
– Болмайды! – деп қиықтаныпты жеңгеміз, – Медалдің иесі мен емес, басқа адам.
– О, кім?
– Байым ше! Бас шопан сол, мен оның жәрдемшісімін.
– Сіз не, ол не, бәрі бір емес пе
– Неге бәрі бір болады? Ол біріншіден бас қойшы, екіншіден ол менің жар дегенде жалғыз еркегім.
– Сіз балуандығыңыз үшін марапатталып тұрсыз,– деп сөзін әзілге шаптырыпты ауданның мықтысы.
– Қайдағы балуандық!? – депті жеңгеміз түк шімірікпестен,– Балуан да сол, бас шопан да сол. Еңбегі еш, тұзы сор болатындай, ол байғұстың жазығы не?
– Білеміз ғой ол кісіні. Атақты қойшы екенінде дауымыз жоқ. Сіздей білекті де жүректі болу қайда оған.
– Қателесесіз, – дейді Рымбала түк шімірікпестен, – Білекті де соныңыз, балуан да соныңыз. Онымен отасқан отыз жылда бір де бір оны жығып көргем жоқ. Тіресуіндей-ақ тіресіп бағамын. Жеме-жемде астына түсіп қалғанымды өзім де байқамай қаламын.
Жиналыста отырғандарың бір-екеуі қатты күлкіден шектері түйіліп қап жедел жәрдем шақырса керек. Есесіне Рымбала жеңгейдің мәртебесі үстем боп, дәупірім атағы аудан көлеміне таралыпты. «Берсеңдер орденді қиыңдар, медалдарың өздеріңе» – деп жиналыстан шығып кетіпті.
Дәупірім жеңгейдің күйеумен күресетіні рас. Көргендердің айтуына қарағанда оқиға былайша өрбиді. Тиісерге қара таба алмай зеріккен жеңгеміз қойдан келген күйеуін жылыдай қолға алады ғой.
– Көр тышқанның еркегі құсаған сықпытың құрысын-ау, Әкіліш сенің!
– Е, сен де жетісіп тұр едің! – деп көкеміз де қиыс тартады.
– Сонда қай жерімнен таптың мінімді?– деп көлгірсиді бәйбішесі.
– Көзің бадырақ, бұтың талтақ, – деп ағамыз байқамай мүлт жіберіп алыпты.
– Көзімнің кінәрәті жаратқаннан, – дейді дәупірім жеңгей күйеуінің мүлт жібергенін ілік қып, – Ана жағымның, бұтымның құныкері өзіңсің.
– Әй, сен қатынды ма! – деп Әкіліш құрық сілтегенде, ағаш Рымбаланың қолында кетіпті.
– Мынаны қарай гөр-ей! – деп долырмай ма дәупірім жеңгеміз. – Ұрмақшы-ей өзі мені жаман әліне қарамай! Алдымен сен мені жығып ал. Ыңғайыңа илгіп, қисая салғаныма дәндегенсің ғой. Келші кәне! – деп білегін сыбанбай ма. Содан ерлі-зайыпты екеуі күресе кетіпті. Рымбала салған бете дөңгелетіпті дейді байын. Қалжасы аздау ағамызды шиырып-шиырып алады дейді. Көргендердің айтуына қарғанда, жеңіс Рымбалаға тиемел екен. Әкіліштің «жығыл, жығыл» деп бұйырғанын естіп қалған құрбылары Рымбалаға дем беріп « жығылма» депті. Сөйткенше күрес те бітіп қалыпты. Рымбала сүрініп кетіп ағамыздың астына түсіп қалыпты. Мерейі үстем шығып масайраған Әкіліш: « Бұл қатынға сол керек! Жығыларын біле тұра менімен тірескен несін алған!? – деп қодырайыпты.
– Сен қатын өтірік жығылдың байыңнан, – деп абысын-ажындары қушықтағанда, Рымбала бетін жыртып: – Сендерде түйсік барма өзі! О, заман да, бұ заман, қай қатын байын жығып мұратқа жеткен? Еркек дегендер жеңген жау емес пе. Диірменнің астын үстіне шығарғаннан сәңке түссе, тіресіп көріңдер байларыңмен, – деп қашанғы тапқырығына басыпты…
Рымбала бұла боп еркін өскен ерке қыз бопты. Шешесі оған шолжыңдығыңды тастамасаң байға өтпей қаласың деп ескертеді екен. Соған қиықтанған ол қой аузынан шөп алмайтын Әкілішке қосылады.«Мен байсыз қалатын болдым, сен мені ал» – дейді турасына көшіп. « Қорқамын сенен, – дейді жігіт желкесін қасып, – Тым асаусың, жығып кетесің ғой мені». «Оны құшақ шешеді. Құшағың ымқырулы болса, жуасуы оңай ұрғашының, – дейді қыз қылымсып, – Өзіңде тіршілік бар ма, алдымен соны айтшы.» «Оны қойындасқанда көресің, – деп жігіт қыздың мықынына қолды салып жіберіпті. Бұл құрдастардың сөзі. Дәл солай деп айтты ма , айтпады ма, оған куәлік бере алмаймыз. Екеуін бір-біріне жағыстырған ешкім де емес, өздері көрінеді табысып жүрген. Сонда Әкіліш былай деп ескертіпті: «Менде шеше екеу, соларды сыйласаң болды».
Рымбаланың өз енесі жұмсақ әйел екен. Үлкен енеде мінез бар көрінеді. Жас келін алғашқы кезде нанды күлді-көмештеу ғып пісіріп, үлкен енесінің сынына ілігіпті.
– Шешең де жөндеп нан пісіре алмайтын шығар-ау, шамасы?
– Ол кісі қылап адам.
– Саған не болды?
– Мен жаспын ғой әлі, әжетай.
– Жас болсаң байға неге тидің?
– Балаңыздың өзі жабысып соңымнан қалмай…
– Байға тигенді білгенде, нан пісіруді неге білмейсің? – деп қырланады үлкен ене, – Салдыр-салақтығыңды тастамасаң сені мен «жаман қатын» деймін, білдің бе?
– Құп әжетай, шираймын ғой.
Жас келін өйтіп-бүйтіп нан пісіруді жақсартқан бопты. Бірақ табысқа бірден жете қоймапты.
– Әже, наным қалай?
– Бұрынгысынан көрі ілгері.
– Енді жаман қатын демеймісіз?
– Осы бетіңмен жүре тұр
– Қашанға дейін?
– Менің жасыма жеткенше.
– Сізді не десем екен?
– Өзің біл, не десең де еркің.
– Онда бар ғой сіз… алжыған кемпірсіз.
– Өзіме де сол керек, – депті енесі сөзден жығылғанын мойындап, – Дәупірім келінмен жағаласқан немді алған?!
* * *
Рымбалаға дәупірімді жапсырған үлкен енесі көрінеді. Енелерін бір жайлы қылған соң, ол қайындарын жағалайды. Ескілікті жорамен оларға да ат қояды. Мінезді бір қайын інісіне «қатын ұрғыш қайным» деп, ішкіштеуіне «сыңғытпа», қомағайлауына «қылғытпа», қыз-қырқынға жұғынғыш аусарын «текешік қайным» деп, жылы-жұмсаққа үйірлеуін «май ауыз» деп, олардың да ит зықысын шығарады. Жақсы көретін қайын інілеріне жұғымды ат береді. «Сылқым жігіт» деп, әйтпесе «оқымысты қайным» болмаса, «майда қоңыр» деп жұмсартады. Қайнағаларына да қосалқы есім беретін сыншылдығы бар. Бір ағамыз болды. Қыз-келіншектерді көргенде көзі ойнап кетеді. Рымбала жеңгей оны сыртынан «түлкі көз қайнаға» деп жүреді. Соны естіп қалған әлгі кісі дәупірім келінге базына білдірсе керек.
– Сені біз көргенді жердің қызы деп жүрсек? – деп зілденеді қайнағасы, – Мен сенің ойнайтын адамың емеспін. Кеңшар басқарған директормын. Сендердің алқып-шалқып отырғандарың менің арқам.
– Е, не боп қалды директор, қайнаға? – деп Рымбала шалқалай түседі. – Әркімді еңбегі асырайды. Құдайдың көзі түзу болсын. Бостан-босқа жазғырмаңыз.
– Кінәң бар сенің! – дейді қайнағасы суық сызданып, – Сені ел тегіндікпен «дәупірім қатын» демейді ғой. Түлкі көзің не-ей!? Былайша жұмсартып… «директор қайнаға» десең аузыңа ұшық шыға ма? Білдей мені түлкіге теңеп… масқаралап… Бүгіннен бастап байың екеуің боссыңдар. Қойдан шығасыңдар.
– Е, қиын болған екен! – Рымбала қасарыса түсіпті. – Мені жұрт «Әкіліштің дәупірім қатыны» дейді. Соған менің бірдеңем кете ме? Сізді «түлкі көз» демей енді не дейін? «Ит көз» десем қайтер едіңіз?
* * *
Рымбала бертін келгенше «қырсық сөзін» тастамады. Кейінде зейнеткерлікке ілігіп, қойдан шыққан соң тақуалыққа бет бұрды. Шалы екеуі намаз оқып ораза ұстады.
– Қалай екен? – деймін ғой.
– Оңай екен, – дейді күлмеңдеп, – Төр сенікі, тәтті-дәмді аузыңда. Құдайыны босатпаймыз шалымыз екеуміз. Ағаңды желкелеп отырып құран сүрелерін жаттатып шықтым. Өзінің ептеген әншілігі бар. Сонысы кәдеге асты. Үнді-ақ! Ол аят оқи бастағанда көзіме жас келіп, тұла денем балқып қоя береді.
– Өзіңіз?
– Мен ағаңды ықтаймын. Соның көлеңкесінде жүремін.
– Баяғы адуын мінез қайда?
– Қалды ғой, әдіре қалғыр! Қисық сөйлей бастастаң, сотқа берем деп қорқытады осы күнгінің кінәмшіл қазағы. Шетінен заңқой.
– Дәупірім атыңыз ше?
– Одан құтылдым біржолата. Келін-кепшік «Дәу апа» деп жұмсартады. Әйтсе де үйреніп қалған ауыз ғой, баз-базда қисық кететінім бар
– Соның бірін…
– Жұртқа әйгілеп масқарамды шығарып жүрме.
– Осы арада қалады.
– Онда былай, – деп ол көңілінде қордаланып қалған сөздерін суыртпақтап шығара бастайды. – Баяғы заманда рәйкөм, рәйспөлкем дегендер болған. Осы күні әкімдердің аузына қарайтын болдық. Бүгін біреуі түсіп қалса, ертең басқа біреуі кеп тұрады. Аты-жөндерін де, түр-түсін де санаңда ұстап қала алмайсың. Баяғы сатсиялды кезеңде той-томалақта: «Жалт етті де жоқ болды, көрген түстей сағымдай» деп әндететінбіз. Тұп-тура соның кері. Сосын атқа мініп билікке араласқан әкімсымақтарды «бүгін бар, ертең жоқ қайным» десем тыржыңдап сотқа берем деп қорқытады. Соттан қорқа қоятын Рымбала ма? Айтпақшы, қайным-ау, мен атымды өзгерттім.
– Нұрбаламын мен, Нұрбаламын!
– Құтты болсын!
– Айтсын-ақ! Енді қайтейін, нұрсыз күніміз жоқ. Нұрланып келеміз ғой. Құдайдың мұнысына да шүкіршілік. Немерелерімізге де нұрды тіркедік. Өзің оқытқан үлкеніміздің кішісін Балнұр деп, тұңғыш шөберемізді Жалауша деп атадық.
– Сөлекеттеу екен жалаушаңыз?
– Өйдеме! – Рым….. тойст, Нұрбала жеңгей түрін суытып алды, – Жалаулатқан ұраншылдардың заманы туып тұрған жоқ па? Өскенде жалау ұстап жүрсін деп ырымдап атын солай қойдық.
– Өсекке қалай қарайсыз?
– Астапыралла, айта көрме! – деді Рымбала жеңгей қабағын түйіп – Заман оңалғалы ұмыттық қой өсекті. Жүгіміз жеңілдеп қалды. «Қатын өтірік айтпайды қағыс естиді» деп халық тегін жұмсартпаған. «Отқа барған қатынның отыз ауыз сөзі бар» дегендері де бекер боп шықты. Осы күні өсекті қатын айтпай еркектер айтатынды шығарды. Солардың әне бір қолқанаты «интернет» дегені барып тұрғанның өзі екен. Оны мен, «жыпық ауыз темір» деймін.
– Неге өйдеп кемсітесіз?
– Өшім бар ғой өшім. Қатындардың аузындағы сөзін алып қойған жоқ па, ол пәлекет.
– Сізді «саясаткер» деп жүр ой?
– Енді қайтейін, – дейді жеңгей мол денесі селкілдеп, – Бір жапырақ ағаңның айғырлығы әлемет болған жоқ па! Содан да баланы күпітіп таба бердім, таба бердім. Соларға нан тауып берудің қамымен жаңа заманға орайласып кәттабай «саясатшы» боп алған жоқпын ба. Мақтай берем, мақтай берем.
– Кімді?
– Жаоғарғы жақтағы үлкен кісілерді, биліктегілерді ше? Өзіміздің ауылдың әкімін ше? Сыпырта кеп мақтаймын ғой кеп! Апайдікі жөн деп мәз болады да, алдына барған шаруамды екі айттырмай тас қылады. Бүгінде мені үлкен-кіші «әктібіс кемпір» дейді.
– Оның мәнісі не?..
– Жиналыстан қалмайтын белсендімін. Осыдан кейін мені «саясаткер» демей көріңдер!
– Құп жеңеше, құп!
Сөйткен жеңгелер де сиреп барады. Қоныстары өзгерген.
Бүлдіргіш Ескермес
Қызық кісі еді. Қулық-сұмдыққа жоқ аңқаушалыс адам болатын. Оның есімі аталған жерде: «Е, ол бұлдіреді» – дейтін құрдастары. Содан да ол «Бүлдіргіш Ескермес» атанып кетті. Мүтін Кеңес жүрты ұлы көсемнен айрылып қара жамылған күндерде: – Есеке, не білдіңіз, ұлы көсем Сталин жолдастан айрылып қалдық, – депті көршісі кемсеңеп. «Барсын! – депті ол жайымен, – Ленин өліп те қатардан қалған жоқпыз.
Біреудің жалғыз баласы жол апатынан қайтыс болып, көршілері Ескерместі бетке ұстап көңіл айта барады.
– Пенде тұрмақ пайғамбарларға да ажал жеткен. Ұлы көсемдер Ленин мен Сталин де мәңгі жасай алмады, – деп сөзін әріден сабақтаған ол қазаға жиналғандардың әр қайсысына сұқ саусағын безеп, – Сен де өлесең, сен де тырқиясың. Осы отырғандардың бірі де қалмайды. Жалғызыңнан айрылып жер соғып отырған саған да ажал жетеді бір күндері.
Өзегі күйіп өртенуге шақ отырған қазалы жан күйіп кетсе керек:
– Өй, бүйткен үлкендігіңнің әкесінің»… дей бергенде, Ескермес жайымын ғана, – Айтпақшы мен де өледі екенмін ғой, – демесі бар ма.
Қайғыдан жүрегі езілген үй иесі: – Әй, әпенді байғұс-ай! – депті еріксіз езу тартып, – Бүйтіп сөйлемесең сен тегендікпен «Бүлдіргіш» атанармысың? Дауа жоқ саған.
* * *
Бір жолы Ескермес сырқаттанып қалған келіннің көңілін сұрай барыпты.
– Қалайсың, қарағым?
– Ептеп шікәттанып…
– Қай жерің ауырады?
– Әлергия деген мазамды алып…
– Ол нендей сырқау?
– Қышыма ғой , қайнаға.
– Сонда қай жерің қышып?..
– Жыбырламайтын жерім жоқ.
– Әлгі ініміз не бітіріп жүр? – деп маңызданады ғой қайнағасы, – Жоғарғы жаққа дәрігерге апармай ма?
– Жүр ғой ол ініңіз! – деп келіні қайнағасын қасақана шырғаға тартады, – Маубастың нақ өзі! Ұйқыдан басқа білері жоқ.
– Сен қышынып әлек боп жатқанда, оның жастықтан бас көтермегені дұрыс болмаған.
– Соны айтам да, қайнаға! – деп ойыншы келіні Есағаңды еліктіре түседі, – Басқасы тұрмақ тырнағын да бұлдайды.
– Дәрі сатып беруге де жарамағаны ма?
– Ұйқыдан басқа білері жоқ демедім бе? – деп келіні Есағаңды тығырыққа тірей түседі. – Өспей жүргендеріңіз де осыдан шығар-ау?
– Жөн айтасың, келін шырақ. Біздің тұқымда жалқаулық бар екені рас.
– Сіз де сондаймысыз? – дейді күлдіргі әйел қайнағасын сүріндірудің амалымен, – Әдейі көңілімді сұрай келгенде, қол қимылдатпай босқа кетемісіз? Рым көрем сізді.
– Ә, оның жөн екен, – деп Есағаң ыңғайлана бастайды, – Сонда қай жеріңізден бастағаным жөн.
– Негізгі қышитын жерімнен…
* * *
Ескерместің құмары қымыз. Содан соңғы ермегі сыра. Ащы суды татып алмайды. Жездесінің әдетіне сыралғы балдызы Оқан аудан орталығына базаршылап келе қалған Есекеңді майлы шектей айландырып асты –үстіне түсіп құлдық ұрады. Жездесіне шығындалған боп алдымен өз қалтасын босатады. Содан соң Есекеңе салық салады. Жездесін сыраға жығады. Өзі «ақжорғаны» тайпалтады. Қалашылап келген Есекең сыраға ентелеймін деп қалтасын жұқартып алады. Балдызы біржағынан түртініп… «Оқан! – депті сыраға масайған жездесі, – Аяқ киім алам деген ақшам бар еді. Өзгесін бітірдік қой екі жақтап. Не істейміз, ә?
– Шұрқ етпеңіз, жезде! – дейді балдызы күлмең қағып, – Өлгенде көрген бір той. Бүйтіп басымыз қосыла бермейді. Кеуіліміз көтеріліп бір жасап қалдық. Менде бір аздап киілген артық төпіли бар. Соны аларсыз.
– Бопты! – дейді де жездесі аяқ қиімге деп іріккен ақшаны жұмсауға кіріседі. Балдызы да мәз. Буы бұрқыраған Есекең төпілиді алуға келмей ме. Оқан «тығындысын» әйелінен жасырған болып жездесінің қолтығына қыстырады, – Осы бетінде алды-артыңызға қарамай зытыңыз. Келініңіз көріп қойса, бергізбей қояды, – деп асықтыра түседі.
Мыжырайған ескі төпілиден ығыры шыққан Есекең үй айнала беріп «олжасын» көрсе, аяққа ілуге келмейтін салдама екен.
* * *
Ескермес келе жатыр десе, көршілері есіктерін жауып алады. Аңқау- шалыс әпенділігінен әбден ығыр болған үлкен-кіші одан безе қашады. Көршісі келін түсіріп, құтты болсын айта келген ол сөзді төтесінен бастайды.
– Келін түсті ме? Түскені жақсы болған, – Есекең дағдылы әдетіне басады. – Енді тұрақтайтын шығар?
– О, не дегенің!? – дейді көршісі тіксініп, – Түскен келін келе салып аттанып кететін қонақ емес қой.
– Кім білсін?– Есағаң ішіне симаған күдігін суыртпақтап шығара бастайды. – Бұрын бір жерге барған есік көрген дейді ғой.
– Доғарсаңшы бөстекі сөзді! – деп шытынапты көршісі. – Бүлдірмегенің біз едік. Аман қалдырмайын дедің-ау!?
– Аман көрінеді, – дейді ол аузына келген сөзін ірке алмай.
– Оның кім еді?..
– Осындағы келіннің бірінші барған жеріндегі тапқан баласы.
* * *
Ескерместің бәйбішесі Қанымбике шешей сөзшең әйел. Күйеуінің әпенделігін жұртқа жайып күлкі ғып жүретіні бар. Сол әдетпен қартаға үйір шалдарға: – Біздің кісіні де қатарларыңа қосып алыңдар, – деп қолқа салады. Есекең көп бәлдендірмей илігеді. Қолы шығып алақаны майлана бастаған ол қызды-қыздымен бәйбішесін көнге салып жібереді.
– Ұттың ба? – дейді Қанымбике қарта ойынынан көңілсіз оралған отағасыға, – Сенің қарта ойнаған неңді алған-ей?
– Өзің ғой ойна-ойна деп… «Ақсирақ» боп қалдым.
– Қанша ақша жібердің?
– Қатындарымызды көнге салайық дегенсін… Байқамай сені… ұттырып жіберіп…
– Кімге?
– Болтыққа.
– Е, ол менің қыз күнгі ғашығым ғой.
– Ғашығың болса жинал, – дейді Ескермес қабағы түйіліп, – Әне өзі де келе жатыр.
– Сонда мені Болтыққа беріп қойып… бостан-бос отырмақпысың?
– Қартаның тәртібі солай, – дейді Есекең жыларман болып, – Бұлардан іргемді бөлмесем болмас.
– Қайтіп?
– Намаз оқып…
– Баяғыда айтпадым ба саған.
– Тілі құрғыр мүкіс қой.
– Ештеңе етпейді.
* * *
Есағаң намазға ұйығалы түйықталып алған. Өзімен өзі болып сырттап жүреді былайғы көздерден. Бір жолы сол үйге соқтым.
– Ағай қайда?
– Құлшылықта отыр.
– Қашан бітеді намазы?
– Бір бастаса жумақта бітіре қоймайды.
Әуестік жеңген мен Есағаңның мінәжатына құлақ тостым. Үні күңіреністі.
– Уа, Жаратушы жалғыз, Алла! Өзің ғой мені дүниеге келуге себепкер болған. Өзіңнің әміріңмен жаралдым. Өзіңе қайтамын. Қайтар жолымды жеңілдете гөр!
Есағаңның намазында мін жоқ, ішім жылып қалды. Қабағын бағып едім, жүзі сынық екен.
– Мен өлгенде жеке қойыңдар, – деді маған.
– Көп бейіттен неге қашасыз?
– Жақтырмайтын адамдарым бар ол қорымда.
– Мәселеңки кімдер?
– Әлгі Болтық ше?
– Ол марқұмның нендей қиянаты болып еді сізге?
– Қанымбике шешеңе қырындап… Қартайғанда да қоймай аусарлығын. Қартадан ұтқызып алмақшы боп…
– Соған бола ма? Ойыны ғой онысы.
– Жоқ, шыны. Көрінде өкірсін, көрінде!
* * *
Ескермес көкеме тағы бір ат жамалған. Сірә, кәріліктің салқыны болар: «Есімің кім едіден?» келеді сөзінің біссімілләсі. Көптен соға алмай жүр едім. Үйіне кеп тіредім ат басын. Есағаң сақал қойыпты. Теке сақалға да жатпайды. Жүн сақалға да келмейді. Кәдімгі қазақы шоқша сақал. Жайнамазы алдында. Бесін намазын оқып болған соң, мені сөзге тартты.
– Қош келіпсің! Осы сенің…
– Не сұрайын деп едіңіз?
– Ныспыңды ұмытып отырғаным.
– Өмешпін ғой.
– Е, өзіміздің баласың ғой, – деп ол сақалын тұтамдады. – Маған тағы бір сырқау жабысты, шырағым. Ұмытшақ боп барамын.
– Кәрілік ауыл үй қонғансын жұқара бересіз.
– Жұқарғанда былай ғой, Өмеш шырақ. Кейде мықтылардың өзі аузыма түспей қалады.
– Брежнев пе?
– Жоқ, ол емес.
– Қонаев шығар?
– Димекең өзіміз ғой.
– Енді кім?
– Әлгі айтқызбайтынды…
– Кімнің айттырмайтыны?
– Үкіметіміздің… партияның,
– Ой, тәңірі! Сіз де жоқты айтып…
– Таптың, таптың! – деді Есағаң шұғыл жадырап, – Үстінен түстің.
– Ненің?!
– Тәңірдің… Құдайдың ше!
* * *
Есағаңның біссімілләсі «тыныштық керектен» басталады. Парыз –қарызы жоқ бейбіт сөзге былайғылар мән бере қоймайды… Бір жолы ол бажасының үйіне бара қалады. Балдызы сынықсыған әдеміше келіншек.Ныспысы Тыныштық. Бажасы ішімдікке құмар бөспелеу еді.
Ет желінеді, шай ішіледі, Ащыға үйірлігі жоқ қонақ үй иесінің сілтеңкіреп алған мазасыздығынан ығыр болып, «тыныштық керек» дей берсе керек.
– Не дейсің-ей? – депті сонда бажасы, – Кім керек дейсің?
– Тыныштық керек. Жатайық та.
– Қайта айтшы? Расымен Тыныштық керек деймісің?
– Олда-білла шыным! Тыныштық керек. – Қызып алған бажасы Есағаңның үстіне қона кетеді. Бала емізіп жатқан балдызы кеп ара түседі жездесіне:
– Тыныштық-ау, қой десеңіш мына итіңе! Тыныштық керек десем өрши түседі. Өстіп те қонақ сыйлай ма екен!?
– Бұл төбеттің ойы бұзық! – дейді үй иесі қонағына тап-тап беріп, – Тыныштық керекті көрсетейін саған!
– Соққан-ау, жездемнің сөзінің мәтелі «тыныштық керектен» келмеуші ме еді, – дегенде, күйеуі тұрып, айтпақшы солай еді-ау! – депті ұялған тек тұрмастың керімен.
– Қызып қалыппын, қызып…
Кәденнің кереметі
Қәденнің құлқынында түп жоқ. Арақты жәшіктеп, қымызды шелектеп ішеді. Табаққа қол сұққанда ес қалмайды онда. Білем-білем құйрықты бітеудей жұтады. Бәрінен де ол шараптың құрдымы. Бір қасиеті қанша ішкенімен есін жоғалтпайды. Өзгеге сүйкеншіктеу әдетінде жоқ. Бір отырыста сілтеңкіреп жіберген оны құрдастары атына теріс мінгізіп жібереді. Ерге таңылған иесін жуас ат үйреншікті жерге бастап келеді. Ит дыбыс берген соң, әйелі тысқа шықса, күйеуі тұр дейді ерге таңылған қалпында.
– Не көрінді-ей саған? – дейді Рахима шаптығып, – Түссейші аттан!
Мына құлағың құрғырдың басын таппай тұрғаным…
– Өз басың орныңда тұрса болды да, – дейді әйелі оны таңудан босатып жатып, – Атыңның басын араққа салып жіберген шығарсың?
– Сөйткен де болуым керек, – деп міңгірлепті ол.
* * *
Кәденге таңылмайтын атақ жоқ. Бойкүйез де сол. Қорқақ та сол. Бәйбішесі пысық әйел. Көбінесе ол Рахимаға сүйенеді. Бір жолы отағасы шырт ұйқыдан ояна келсе, күркедегі қаздар улап-шулап жатыр дейді. Сауыншы әйел Рахима күні бойғы сылпың-сылпың бейнеттен бұрлығып, қатып ұйықтап қалса керек.
– Рахима, тұр-ей! – депті Кәден әйелін жұлмалап, – Қаздарды әкетті! Ит пе адам ба бір пәле.
– Шық далаға! Мылтық ат, – дейді әйелі киініп жатып, – Еркек атың бар ғой.
– Өзің бірдеңе қыла салсаңшы, – дейді Кәден түк шімірікпестен, – Денем зіл тартып ауырлап жатқаным…
Үй сыртындағы ергенекке қамалған қаздарға ұрылар араласқан екен. Аттандаған дауыстан ығысқан әлгілер олжаларын тастай қашыпты. Қазды суық қолдардан айырып қалған Рахимаға:
– Тұқымдық қалдырып па? – депті Кәден жәйімен ғана.
* * *
Кәден еркөңіл өз әлінше. Қыз-келіншектерге сүйкеншіктеп жүреді. Әсіресе балдыздарына қырғидай тиеді. Балдыздары да қарап қалмай, жезделеріне «сыбаға» әзірлеп жатады. Қар түсіп малды ауылдар қыстауға орныққан кез. Тамақсау қыдырма Кәден қайнағасы аңшы Матайдың үйіне келе қалса, бой жетіп қалған қос балдызы қазанға былқытып ет асып қойыпты. Талшыбықтай бұралған балыздарын көргенде, Кәденнің жыны қозады.
– Әй, жігіттен өлгірлер, асқандарың ненің еті?
– Ешкінің, – дейді екеу бір ауыздан.
– Ауыз тиейін, – дейді Кәден аузының суы құрып, – Сендер пісірген еттен жемей кеткенім шариғатқа симайды.
– Піссін әбден. Бір қайнауы ішінде, – деп қыздар қомағай жездені сабырға шақырады. – Әкей мен шешей келгенше шыдай тұрыңыз.
– Асығыспын, – дейді Кәден жұтынып – Маған сорпасы да жетеді.
– Жарайды онда, – дейді де екі қыз былқып біскен еттің майлы сорпасын Кәденнің алдына қояды.
– Нан әкеліңдер! – дейді бұйырып.
– Құп, жезде! – дейді қос балдызы сынықсып, – Бізге түк татырмады деп өкпелемей кетсеңіз болғаны.
Қос тостаған сорпаны таба нанға жаныштап тастап алған Кәден ішіне ел қонған соң, қыздарға қол жүгірте бастайды. – Әй, қатынар байға қашан кетесіңдер?
– Сабыр етіңіз, жездекесі – дейді қос балдызы сықылықтай күліп, – Ішкеніңіз ненің сорпасы?
– Бәсе ненің? – дейді Кәден көзі шарасынан шыға шатынап, – Екеуінің тәрізің жаман.
– Ішсең ішкен асың, ішпесең жеңсік асың, – дейді қос балдызы шегі қатып, – Тазымен қосарласып сорпа жалаған құның құрысын, жезде! Ішкенің түлкінің сорпасы емес пе ?
Кәден лоқсып-лоқсып жіберіп атына міне жөнеледі. Содан барып-барып оңалыпты жазған. Әдетте аң алатын тазыға түлкінің етін қайнатып беретін дағдыны біз де көзімізбен көрдік.
* * *
Кәден киліккіш неге болсын. Ауыл тыныштығының сақшысы күзетші деген аты бар. Айқай-сүрен төбелеске арашашы боп жүреді. Бірде тойдан қайтқан жастарды арашалаймын деп жүргенде таяққа жығылып қалады. Ішіп алғандар қарауылшыны төмпештеп жіберсе керек. Сол маңдағы бір үйдің төбесіне шығып үлгерген Кәдекең: «Сілейтіңдер бәлемдерді! – деп үй төбесінен өзді өзімен жағаласқандарға қолдау көрсетіп тұрса керек.
Жастарды қуып таратқан тәртіп сақшысы: «Кәдеке-ау, кімді сілейт деп тұрсыз, дегенде ол: «Өзімді сілейткендерді ше? – депті түк шімірікпестен.
Кәденнің «сілейтіңдер бәлемді» дегені мәтелге айналып кетіп еді.
* * *
Ол жайшылықта бірәдарси қалады. Қойдым арақты деп жұртқа жариялап жүреді. Бұнысы тартынып ішудің амалы еді. Әдетте оның аузы салымды, той-томалақтан табылады. «Ауыз жылытудың» амалымен той өтіп жатқан жерге бас сұғып, «тоңып қалғаным» деп ишара жасайды жастарға. «Тоңсаңыз тартып жіберіңіз мынадан» деп қырлы стақамен арақ ұсынғанда: «Қойып жүр едім. Жарайды, сендердің қуаныштарың үшін, – деп тастап кеп жіберіп: «Біреуге мен ішті деп айтып жүрмеңдер. Мұның аты «кәрапшит болсын» дейді екен шімірікпестен.
Ол кәттабай қарауылшы болатын. Айқай-сүренге жаны құмар өзінің. Ел жатар-жатпастан ойбай – аттанға басып кеңшар тұрғындарын мезгілсіз дүрліктіретіні бар. Сондайда ол мылтықтан оқ шығарады. Ұры-қары көбінесе гаражға сұғынады. Машинаның бөлек-салақ сайманын қымқырады. Кәдекең бір ұйықтаса жумақта ояна қоймайды. Сондайда кеп килігеді ғой қасақы ұры. Қалғып кетіп ояна келсе, ашық қалған қақпадан біреу ішке ентелей бергені сол екен, «Тоқта атамын» десе де мәнзүр қылмапты әлгі. Басынан асыра күмп еткізгенде әлгі қараңдаған адам тырапай аспай ма! Адам деп жасқағаны сиыр боп шығыпты. Сауып отырған екі сиырының бірін төлеп құтылса керек. Есесіне Кәденнің беделі көтерілген. Қыбыр еткенді құтқармайтын қырағы күзетші аты шығады. Гаражға кірер ауызда күзетшінің күркесі бар. Күркеде ол ұйқы ашарға деп шай ішіп отырса, біреу терезеден қосауыздың ұңғысын тіреп тұрған көрінеді. Зәресі зәр түбіне кеткен ол көрер таңды көзімен атырады. Ертелетіп келген гараж меңгерушісі; – Тыныштық па? – десе күзетші кемсеңдеп, – Маған өшіккен біреу бар. Аман-есенімде құтылайын осы жұмыстан, – десе, жиені Ошақпай тұрып: – Ол мен ғой, – депті жайымен ғана. – Зәреңді бір кетірдім-ау!
Әркім-әркім «қартайғанда қадірің кетеді, күзетшілікті тастасайшы» десе Кәден шал шімірікпестен: «Түңгі кәрапшитты» қимаймын дейді екен.