Жапандағы үй жанымды сыздатады…

Қазыбек ИСА 

Жапандағы жалғыз үй

Жалғыз үйді көргенде жапандағы
Құлазимын… бір мұңға батам-дағы…
Сонда барып оңаша тұрар ма еді,
Сарылтады ой осындай сапардағы,
Ашылмаған жұмбақтай жаһанда әлі,
Жалғыз үйге құмармын жапандағы…

«Жалғыз ағаш жапанда егіледі,
Жапырағы жел соқса, төгіледі…»
Мұнар мұңға малынған төңірегі,
Жалғыз үй тек алыстан көрінеді…
Қара бала қараса қара жолға,
Қарап тұрып қабырғам сөгіледі…
Түсінер жан бар ма екен тегі мені,
Сұраңдаршы, сол бала не біледі…

Қарашада, қара үйде, қара бала,
Қара өлеңін тыңдайды дала ғана…
Қара талдай сарғайған жапырақпен,
Қарайлайды қарайған сағанаға…
Қарашада, қара үйде, қара бала…

Қара жолға қарайды ол күнде неге?..
Қияны аңсап…
Қиялмен түрлене ме…
Ал мен неге құмармын жалғыз үйге,
Жетіспейтін көңілде бірдеңеге
Жету үшін…
Жетер кез бір келе ме?..
Қара жолға қарайды ол күнде неге?..

Жалыққаным у-шудан шығар тағы,
Жабыққаным – жалғыз үй
құмартады…
Жалғанған жол жүрекке…
тартады ылғи,
Кетіп қалсам…
Кім маған кінә артады…
Мұңға батқан құмдағы үй мұнартады…

Жаным неге жапанды ұнатады,
Жанарыңды жасқа да шылатады…
Кешпен бірге қызарып, ойға батып,
Нұрға бөлеп оятар құба таңы…
Жаным неге жапанды ұнатады…

Ойдан кетпей осы бір күй кешегі,
Шақырады қырдағы үйге сені…
Ат үстінде тербелсең… бүлкілімен,
Дүрсілі де жүректің үйлеседі…
Кеңістіктен кеткенде бас айналып,
Тыныштықтан туған бұл күй деседі…

Өзімді-өзім қамаймын торға қалай,
Бір амалдың қайтейін
болмағаны-ай…
Түсіп бара жатамын түсімде ылғи,
Жалғыз үйге жеткізер жолға қарай…
Жер бетінде жүргем жоқ жетпей мекен,
Жүрегімді қойғаны-ай етпей мекем.
«Осы бір жан осы үйді аңсады-ау» – деп,
Біреу келіп неге алып кетпейді екен?..

Жүрегімді неге мұң сыздатады?..
Ізетті-ақ жан едім ғой ізгі атағы…
Ұрындым ба ұрымтал күзге тағы…
Бір білерім әйтеуір…
Бір кездері
Құмдағы үйге құлаған із жатады…

Жапандағы үй жанымды сыздатады…

Жиде ағашы

Қарап бұған күдікті күйде анасы, 
Күні бойы сыймайды үйге басы… 
Жидегүлдің күнәсін арқалаған, 
Жиі мұңға батады жиде ағашы…

Сүйгені үшін күйде еді сүйіп өлер… 
Бәрі өткінші… 
Не пайда, күйіне бер… 
Саялаған… 
Ал кейін аямаған, 
Жидеге бұл Жидегүл жиі келер…

Өзен бойлап кететін туса өлеңі, 
Қуартады енді бұл қу шелегі… 
Тым тәттінің аяғы – у себебі… 
Жиде куә күнәсін жуатындай 
Күнікей қыз күнде оған су себеді…

Өңін демде өзгертті бүгін өмір, 
Шыдайды ғой бәріне сірі көңіл… 
Өсек өрті басылсын дегендейін, 
Су себеді сұлу қыз күніге бір…

Үміт күтіп үйрендік өмірден біз, 
Сағынышқы бөлейді көрінген күз… 
Қызыл жиде төгілсе қызыл желмен, 
Қызарады қызығы төгілген қыз…

Кім түсінер?… 
Әзірге жүр егілмей, 
Қайғы бұлтын әйтеуір түре білгей… 
Сарғыш тартқан жапырақ дірілдейді 
Сырғалының сыздаған жүрегіндей…
Күрсінуге ұласты күй көңілі, 
Жасырады үзілген түйме мұңы… 
Бақытты шақ кетті ме бастан ұшып, 
Жұпар шашқан қайда әлгі жиде гүлі?…

Тойлап жүріп ұрынсаң тоңға мұндай, 
Құдайым-ау, бере ме сор қалыңдай… 
Қисық бұтақ желменен бұраңдайды, 
Қисық біткен өмірдің жолдарындай…

Күйген асқа айналды… сүйген асы.. 
Сыр айтқызбай ұғар ма сыйлы ағасы… 
Жиі мұңға батады Жидегүл қыз, 
Гүл ашар ма енді бұл жиде ағашы?…

Ауылға келу

Алдан шығып ауылдың өпті желі,
Көзіме ыстық көрініп кетті жері.
Дүрсілдеп кеп ентігіп тұрған пойыз,
Алып ұшқан көңілді жеткізеді…

Суы қазір кетсе де тым уланып…
Сырдың бойы көрінді сұлуланып,
Қызылқұмым саялы таудан гөрі,
Төгеді екен жаныңа жылуды анық.

Толқып тұрмын,
Көрмесем торығамын.
Заңдылыққа зарланбай жорығамын:
Сортаңына жерімнің тартты ма екен,
Кейде мына ұлыңның соры қалың.

Шыршасыз-ақ бұл өлке шырайланып,
Құла түзде құйын жүр шыр айналып.
Жүрегіме мөлдіреп құйылады
Ерте көктем ағатын лайлы артық…

Қой соңынан қорғампаз ит ереді,
Иесінің сенімін сый көреді.
Көріністен күлкілі күй келеді:
Шатақ шалдың қалай деп жүйкелері,
Шарбағына ешкілер сүйкенеді…

Қасқа жолда түйелер дымды көрмей,
Маңғаз басар бағасын шын білердей.
Көлік біткен айналып өтіп жатыр,
Сиырларды сыйлайтын үнділердей…
Көңілде мұң, қайтейін, көзімде мұң,
Қимастықты шым-шымдап сезінгенмін.
Вагон санап қоштасқан пойыздармен,
Қойшы бала қырдағы өзім дедім…

Қой баққанмен қиялы астанада
Қызықтым сол бейкүнә жас балаға…
Құмды ауылда қалдырып балалығын,
Тартады ол да күні ертең тас қалаға.

Тастап елді кетеді,
Мен де кеткем…
Әлінше әркім шаруасын
дөңгелеткен…
Қазына іздеп қалаға ұмтыламыз,
Құм ішінде жатса да көмбе көптен…

Егіспенен басталып аңыз әні,
Ала жаздай қақтайды аңызағы.
Күннің нұрын сіңіріп күйіп өскен
Шығады ақын бұл жерден нағыз әлі…

Тірлікті айтып бітпейтін нетейін тек,
Ауыл – анам,
Кінәмді өтейін көп…
Шаршаған соң, шағынып
келіп тұрмын,
Басымнан бір сипатып кетейін деп…

Мұң

Кең даланың кедірін,
Бұдырымен тегістеп,
Жер емген бұл ел үнін
Терең тыңдап, тегіс Көк –
Күркіреді Күн асты,
Күміс тамшы төгілді.
Інжу-маржан ризық,
Күнге күйген көкемнің,
Маңдайынан көрінді…

Күн шағылған кетпені,
Жер қыртысын аунатып,
Бейнетпен тер төккені,
Көктен нәсіп – жауды ақық.
Қызыр қонған Қызылқұм,
Ізі қалған бабаның.
Жұмағына әлемнің
Күнде жаяу барамын-
Егістіктің басында,
Әкесінің қасында,
Шайлада бір шай ішу,
Шаттығы еді баланың…
Сол күндерді еске алсам,
Жасаурайды жанарым!

Ұмытпайтын еш пенде,
Ерек сурет елдегі –
Көкте бұлт көшкенде,
Көлеңкесі жердегі –
Түйелердің керуені.
Қияға ұшу қиялмен,
Қой баққан ұл ермегі…

Қалың қамыс сыңсиды –
Естіледі Айдағы үн.
Жүрегімді шымшиды,
Мақпал самал – майда мұң…
Сол бір қызды кім сүйді…
Еске түсер қайдағың…
Қайда қалды балалық,
Қайда келдім – қайдамын?!.

Көлдің көркі – ән аты,
Көкіректі кернейді.
Көкала үйрек қанаты,
Көңіліңді тербейді…
Көп айтқанмен көріктім,
Енді қайтып ешқашан,
Көл жағалап келмейді…

Айта алмаған жан сырын,
Ақын ұлда бар ма айып?
Қайда дәурен балшырын,
Сары балаға сарғайып,
Сарсаң болған сары қыз?!.
Жаралы ғой жанымыз…
…Арқада бұл ақ боран,
Айналаның бәрі мұз…
Ал қызуын сақтаған,
Қызылқұмда әлі күз…

Бақыт туралы жыр

Бақыт деген мына сенің дәл қазір,
Бақыт жайлы жаза алмаған
шығармаң…
Мұқағали

Балдауренде қиялдауды қоймаған,
Көз талдырдым мұнаралы мұнарға…
Мен бақытты шығармын деп ойлағам,
Бақыт жайлы жазған кезде шығарма.

Шалдықтырса, шала ұйқылы түндерім,
Шақырады шаңқан сәуле бір нәзік.
Бақыт құсы қонбады ма, білмедім,
Бақыт жайлы жүрмін әлі жыр жазып…

Күнімменен күмістеліп күлкім де,
Күндей мұңды…
күндер күнде өтеді…
Жалғыз ғана білетінім, бұл күнде,
Бақыт деген байлық емес екені…

Жарқыраса жаныңдағы жақұтың,
Қолда барды қадірсіз ғып қойған-ау…
Бақытсыздар көп ойлайды Бақытын,
Бақыт деген – Бақыт жайлы
ойламау!.

Енді ешқайда бармаймын…

Неменеге жетісіп жиі күлем,
Өмір кешкім келеді бұйығы мен…
Шаруа жасап жүрейін шағын ғана,
Шайтан тірлік шаршатты күйігімен…
Өмір кешкім келеді бұйығы мен…
Құдай берген балалар,
баспанам бар…
Енді қандай өмірде басқа мән бар?..
Қара шайға қайғысыз қатық та бар,
Іздегенің табылар тас қаламда әр…

Неге керек бос думан, даурықпа көп,
Өспейсің ғой өнбесті дау ғып та ерек…
Ішіп кеткің келгенмен…
ішірткің – у,
Балаларға керексің…
Саулық керек!..

Желеу етіп, желікпей қаны азыңды…
Жазып жүре берсейші қағазыңды…
Құдіретті Құдайға құлшылық қыл,
Қаза қылмай бес уақыт намазыңды…

Енді ешқайда бармаймын,
Шақырмаңдар!
У ішкізіп ұйыққа батырмаңдар…
Жалған шаттық бір сәттік
жарға итеріп,
Айырылу не керек ақылдан бар?..
Енді ешқайда шықпаймын,
Шақырмаңдар!

Оңаша бір күн кешіп көрсем деймін,
Даңғаза мен дақпыртқа
белсенбеймін.
Жалған тірлік барлығы,
Мен сенбеймін!
Сертім осы! Сенбесең,
сенсең мейлің…
Бала күнді баяғы аңсап жүрмін,
Тек ауылға бір барып
келсем деймін!..

Парсы аруы

Шираздағы түркі аруы,
табындырды мені өңің, 
Бір меңіңе Самарқанд пен
Бұқараны беремін…
Хафиз

Шаганэм сол, қымбаттым, 
Қоштасудың қиын осы сәтінде, 
Дауысыңды ең соңғы рет
тыңдаттың…
Сергей Есенин

О, Теhран, 
секілді әсем кілемі, 
Айналасын қоршаған тау сілемі. 
Алматыдан аумайды екен ажары, 
Қызылқұмдай қыратының реңі, 
Енді сені еске алармын үнемі, 
Аруларын аялаған гүл-өңі, 
Ақындарын ардақтаған жыр елі!

Парсы аруы бір қарап-ақ арбап ең, 
Көз алдымда дөңгеленіп
қалды әлем… 
Есениннің қайтарар ем есесін, 
Тілін білмей тірелдім ғой жарға мен…

Тоқтата алар енді қандай күш мұны, 
Теhранның аз болғандай ыстығы, 
Қымтап алған хиджабыңдай
қап-қара, 
Көздеріңнің өртеп жатыр ұшқыны…

Тәкаппар қыз екенсің ғой сен де аса, 
Йілмессің Иран түгел толғаса. 
Шапур шах та шамасына қарасын, 
Шабыты зор мендей шайыр болмаса.

Хорасандық хор қызына ұнайын, 
деп ойлап па ем, 
енді қалай шыдайын… 
Низамидің Аппағындай шырайың. 
Тіл жетпесе… сезім тілсіз емес пе, 
Қол да жетер… 
Қолдаса егер құдайым…
Кездестік біз келелі бұл жиында, 
Қызға қарау жоқ болатын миымда. 
Қинады ғой қызыл тілім… қиырда. 
Шардарада* шалқып өскен
шайырға, 
Парсы тілін біліп алу қиын ба?..

Өр ақын ем, өлеңде өзге өрнегі, 
Сергелдеңге салмақсың ба
сен мені… 
Шарап ішіп кетер едім шарқ ұрып, 
Омар hаям одан пайда көрмеді…

Парсы аруын деп ойлаған қатал кім? 
Қара кеште қалың ойға батармын. 
Шах Нәдірдің шашылғандай тәспісі, 
Жарқырайды шамы түнгі шаhардың.

Суретші ақын сұлулыққа тойған ба, 
Кірпігіңді көтер, кәне, ойланба. 
Риза шахқа риза болып отырмын, 
Мен келгенше пәрәнжіні жойғанға…

Бір жымиып, білдірдің сен не белгі, 
Арқаланып кетемін ғой мен енді. 
Жанарыңда жазылса егер жан сырың, 
Тіл білмеу де… бола алмайды кедергі…

Қарамағын самайыма ақ қылау, 
Жамбылда да аз болмаған шапқылау… 
Көк көз ақын үшін көкте болсаң сен, 
Қаракөздің қарымы одан қаттылау…

Қос қаланы сыйлай салған зор мына, 
Хафиз ақын нағыз сақи болды ма… 
Алматыны бере алмаймын мен бірақ, 
Ташкентті ала қойғын орнына…
Түлеп тұрмын, түсіп тәтті күйге аз күн, 
Біраз енді қинайды ғой бимаз мұң… 
Құр сөзіңе құмартамын түсінбей, 
Құрмасын жеп отырғандай
Шираздың…

Бізді бірге көрсе өзгерер түр-өңі, 
Сәлделінің атарға жоқ сірә, оғы… 
Іздемеймін… Исфаханның анарын- 
Хиджабың да жасыра
алмай тұр оны…

Шексіздікке жетелейді шекер үн, 
Білсең егер қазақ жыры не екенін, 
Анық еді маған еріп кетерің… 
Айтпай-ақ қой, 
Ажарыңнан білемін, 
Атың Зиба – әдемілік екенін…

Кетсем бе алып…
қазақ құмар тойға аса… 
Күнә емес қой…
шариғатты ел ойласа… 
Күткін мені, 
Келер жылы келермін, 
Жәннат жеңгең «виза» бермей қоймаса…

Біз бәрібір біргеміз

Бегімайдың әнін тыңдап жүргенде,
Мен де бүгін саған, күнім, жолықтым.
Ғашық болған ақынды ақтап бір демде,
Жүрегімнің барын білдім – соны ұқтым…
 
Туылсақ та сен кештеу, мен ертелеу,
Бізді босқа жолықтырған жоқ құдай…
Еркем, саған жарасады еркелеу,
Аялаймын, бойымды өртеп от бұлай…
Түсінер ел –
асқан кезде арнадан,
Ақынды бұл сөзі құнды, көзі -мұң…
Біздер, жаным, тілейік бір Алладан,
Бегімайдың тағдыры емес, сезімін…
 
Жанғандарды Маxаббаттың отына
Неге өртеді тобыры өңкей түнектің.
Тап болмай біз соқырлардың сотына,
Өртенейік жалынына жүректің!..
 
Құлай сүйдім-
Түсе алмай бір байыпқа,
Кінәлайды ойлайтындар тым қысқа…
Ару болып тусаң айым, айып па,
Сұлулыққа ғашық болсам, қылмыс па?!.
 
Қиындықтың бәрін бірге жеңерміз,
Күллі әлемнен Күттім сені, біле біл…
Елігім-ау, кездеспесек егер біз,
Әділетсіз болар еді бұл өмір!..
 
Саған, жаным, алып ұшып жетейін,
Бір көруге кедергі екен тегі не?.
Еркем, сені ертіп алып кетейін,
Ел бармаған Ертегілер еліне!
 
Тосқауылдар жолымызда
жоқ емес…
Оның бәрін, жаным,
жақсы білеміз…
Көңілдерден кетпес мәңгі көп елес –
Біз бәрібір бірге өмір сүреміз!

Ақиқат

Қысылғанда қиналып бұл қыспақта,
Қайда барып жай табады
жаның да…?
Қайда сені шығарар күн
ұшпаққа?
Сайран салған күндер қалай
айналды енді сағымға?!.

Әрбір сағат құнды екенін көрсетуде күндерім,
Бір-біріңді бағалау ғой ең құндысы тіріде!
Бұл өмірдің ең бақыты – білгенім,
Көру екен бір-біріңді күніге!
Жақсы үмітпен күту үшін таңдарды,
Өтіп жатыр өзек өртеп күндерім!
Көру үшін жаныңдай әр жандарды,
Барлығына шыдай білу –
ерлік екен – білгенім!

Жарың қайда, жаным қайда,
жаны нұр?,
Кім іздейді? –
Қайда менің жақұтым –
Бұл өмірде індет болсын, міндет болсын бәрібір –
Ең бастысы – отбасы екен бақытың!

Жаның әбден қиналғанда,
әр сәтіңнің құны артып, 
Жан ұшырып қол созасың құдіретті
Құранға!
Ақиқаттың  айқындығы шын артық –
Құтқарады қай кезде де бір Алла!

Бақытым

Сезімнің бар екендігін сездірген әр уақытың,
Көрсетеді көркем дүние жақұтын…
Өткізсем де өмірде бұл қанша күн-
Сені көрген күнім менің – БАҚЫТЫМ!

Көрнекті боп жүрсем егер,
оның сыры бүгінде, 
Көркіңді әсем көрмей қалсам,
күнде еститін үніңде…
Кездеспесең, қалай өмір сүрер ем,
Қарашаның қайран сол бір
күнінде…

Көрдім сені!-
Кереметін мынау өмір 
келді ала,
Бізді жаным күтеді енді кең дала!
Бұл өмірде –
Жүрегімде із қалар,
Қиындықтың барлығынан
Құтқаратын Сен ғана!

Кездестірді сені маған тағдырым,
Содан бері әнге айналды әр күнім…
Ертегілер еліне алып кеткенде,
Мен өзіңе айтам әлі барлығын…
Көңілімді торласа да қаяу мұң,
Керегі жоқ шығар мені аяудың…
Күнім бар ғой күнде ойлайтын
өйткені, –
Мен сондықтан БАҚЫТТЫМЫН АЯУЛЫМ!

Жиырмасыншы қараша

Жиырмасыншы қараша –
жыр деген ек!?
20.11.2011. – бұл не дерек? 
Бірдей келген күн, ай,
жыл-бір керемет! 
Кездеспейді дәл бұлай күндер ерек. 
Осынау бір ғажайып қоңыр күзде, 
Қоңыр қызбен пойызда
бірге кеп ек!..

Жаратылыс жарқ еткен мүлде бөлек, 
Қайталанбас сол ғажап күн керемет,
Іңкәрлықтан тұратын інжу әлем, 
Келеді әлі біздерді нұрға бөлеп…

Аққуларға айтқызған аспанда әнді, 
Махаббатқа жазылар дастан мәңгі. 
Жәннат деген атыңды естігеннен, 
Жәннаты да өмірдің басталған-ды…

Көңілім бір күмбірлі күйге оранды, 
Келін күткен ойладым
үйде анамды… 
Түркістанға беттеген сол бір сапар, 
Сезімдерге қасиет сыйлаған-ды…

Иітетін иманды санасына, 
Даралығы лайық даласына, 
Төрт ғаламды шарласам
таппайтын қыз, 
Төрт баламның айналды анасына…

Жиырмасыншы қараша! 
Сыйың ба бұл?! 
Керім қызға керемет қиылған ұл… 
Қанат бітіп, қалықтап ұшатындай, 
Құйылған– ды көңілге
құйын дауыл. 
Бір-ақ рет болатын бұл өмірде, 
Біз кездескен бұл күнге –
жиырма жыл!

3 комментария

  1. Reply
    Молдагулова Алияговорит

    Қазыбек сіздің өлеңдеріңізді оқып отырып ауылға деген сағынышыңды жүректі тербетеді .Қазеке биіктен көріне беріңіз қазақ халқын,қазақтың тілін оилаимын азаматтарымыз көп болсын .

  2. Reply
    Серікжанговорит

    Бақытсыздар көп ойлайды бақытын
    Бақыт деген бақыт жайлы ойлану… əдемі жыр жолдары
    Осындай əдемі жырлар жазыла бергей

  3. Reply
    МОНЕБАЕВА ШАРАПАТ.говорит

    ОҚЫП ШЫҚТЫМ.КЕРЕМЕТ ЖАЗЫПСЫЗ. АУЫЛ ДЕГЕН ӘР АДАМНЫҢ САҒЫНЫШЫ ҒОЙ. АНАҢ ҚАРТАЙҒАНҒА ДЕИІН ЕСТЕН КЕТПЕС ТҰЛҒА. ЕҢ СОҢҒЫ ӨЛЕН СҮЙІП ҚОСЫЛҒАН ЖҰБАЙЫҢЫЗҒА БАЛАЛАРЫҢЫЗҒА АРНАП ЖАЗҒАН ЕКЕНСІЗ ӨТЕКЕРЕМЕТ ЖАЗЫЛЫПТЫ БАУЫРЫМ. АЛЛА ҚОЛДАСЫН. БАЛА-ШАҒАҢНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫН КӨР. ЕҢБЕК АРДАГЕРІ ЗЕИНЕТКЕР.

Пікір қалдыру