Өтепқали ӨМІРОВ: «ШЕБЕР БОЛУ – АЛЛАНЫҢ СЫЙЫ»

Ежелден халық өмірі, тарихы, шаруашылығымен тығыз байланыста дамып келе жатқан өнердің бір түрі – зергерлік. Оны бабаларымыз ерте бастан-ақ тіршілігіміздің ажырамас бөлігі санап, темірден түйін түйген ондай адамды әрдайым қадір тұтқан. Өкініштісі сол, зергелік өнердің жолына түскен адамдар бүгінде сиреп кетті. Десек те, сирек те болса бабалар жолын жалғастырушы зергерлеріміздің әр аймақта бір-бірден болса да табылып жатқаны көңілге қуаныш ұялтады. Сондай жандардың бірі – облыс, республикаға белгілі зергер Өтепқали Жүндібайұлы Өміров. Ол Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Сағыз ауылының төл перзенті, қазіргі таңда, Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданының тұрғыны. Осы орайда, біз аталмыш азаматпен зергерлік өнер туралы сұхбаттасқанбыз.

– Өтепқали Жүндібайұлы, сіздің ауыл, аудан, облыс мәдениетінің өркендеуіне елеулі үлес қосқан дарынды дирижер, күйші Аманбай Өміровтың туған інісі екеніңізді білеміз. Әдетте, «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді» деуші еді. Сіздің ағаңызға ұқсап домбырашы болмай, зергерлікке бет бұруыңыздың сыры неде? Осындай бабаларымыздан қалған асыл өнермен қашаннан бері айналысып келе жатырсыз?

– Негізі домбырашылық та, зергерлік те қазақ үшін ортақ өнер. Сондықтан біздің әулеттің адамдары да ата-бабасынан бері қарай осы екі өнердің түрімен айналысып, ризық несібесін тапқан жандар. Мәселен менің әкем Жүндібай Өмірұлы шебер етікші, зергер болса, оның ағасы Кендірбай деген кісі домбырашы болған. Өкінішке орай, ол жастай қайтыс болып кеткен. Оның өнерін Аманбай ағам жалғады. Жалпы Атырау өңірін күй елі деп атауға болады. Қазақтың төкпе күй шеберлерінің кереметтері осы өлкеден шыққаны белгілі. Аманбай ағам талай балаға домбыра үйретсе де, менен домбырашы шықпады. Есесіне мен әкемнің жолын қудым. Жастайымнан шеберлікке бейім болып, сурет салуға әуестендім. Осы салада арнайы орта, жоғары білім алдым. Өзімнің туып өскен Сағыз ауылындағы №11 кәсіптік-техникалық училищеде (қазіргі Қызылқоға аудандық аграрлы-техникалық колледжі) еңбек жолымды мастер болып бастап, шеберхана ашып, сурет те салдым, ағаш бұйымдар да жасадым, сырға, сақиналар соғып жүрдім. Соның бәрінен жаныма ең жақын болған зергерлік іспен тұрақты айналысқаныма жиырма жылдан астам уақыт болды. Өнердің осы түріне біржолата көшуімнің себебі, сол жылдары еліміз тәуелсіздік алып жатты. Кеңес үкіметі кезінде кенжелеп қалған қазақтың қас өнерін дамытуға өз үлесімді қосқым келді. Оның үстіне сол кезде отбасылық жағдайыммен Маңғыстау облысының Бейнеу ауданына қоныс аударғанмын. Маңғыстау жұртшылығының зергерлік бұйымдарға, ұлттық киімдерге деген сұранысы, талғамы, әуестігі өте жоғары келеді. Сөйтіп бір-екі жүзік жасағаннан кейін-ақ тапсырыс берушілердің легі көбейді де кетті.

– Тарихи деректерге көз жүгіртсек, ХIХ-ХХ ғасырлардағы қазақтың зергерлік бұйымдары шартты түрде Батыстың, Шығыстың, Солтүстік және Оңтүстік Қазақстанның зергерлік әшекей бұйымдары болып төрт бөлімге бөлінеді. Осылардың ішінде, Сіз қай өңірдің зергерлік бұйымдарын жасайсыз? Әлде, зергерлік бұйымдар жасауда өзіңіздің қазіргі заманға сай қалыптасқан стиліңіз бар ма?

– Әрине, қазақтың зергерлік өнерінің Батыс мектебі бойынша ізбасарларының бірімін десем болады. Бұл мектептің туындыларын ХХ ғасырдың басына дейін Маңғыстау, Атырау, Жем-Сағыз өңірін мекен еткен кіші жүз қазақтары ғана қолданған. Ал қазақтың басқа аймақтары өздеріне тән бұйымдарын тағынғаны белгілі. Тіпті өткен сексенінші жылдары біздің өлкенің қалың, жалпақ, сіркелеп соққан білезіктерін басқа өңірдің адамдары ерсі көретін. Тіпті, әртістердің өздері таға бермейтін. Ал қазір Батыс мектебінің үлгісімен көшіріліп, соғылған зергерлік әшекейлер жалпы қазаққа ортақ бұйым болып, үлкен сұранысқа ие болып отыр. Осы күні сахнада жүрген эстрада әртістерін қарап отырсаңыз, бәрі батыс өңіріндегі бұрынғы зергерлер туындыларының көшірмелерін, үш қақпалы, бес қақпалы өңіржиектер мен үлкен жүзіктерді, жалпақ білезіктерді жасатып тағып жүр. Өз басым Батыс мектебі үлгісін жаңғыртушы болғаныммен өзімнің қолтаңбамды қалыптастыра алдым деп ойлаймын. Және бұрынғы үлгіні қазіргі заманға сай лайықтап үйлестіруді жүзеге асыруға мән беріп келемін.

– «Шәкіртсіз ұстаз тұл» – дейді халқымыз. Осы орайда, зергерлік бұйымдар жасаудағы шәкірттеріңіз бен жеткен жетістіктеріңізге тоқтала кетсеңіз?

– Жалпы, өнерге баулыған шәкірттерім көп. Қарасай, Қази атты ауылдас інілерімді сурет өнеріне баулып едім. Олар менің Орақ Күнжарықов атты мектепте сынып жетекшім болған ең ардақты ұстазымның егіз ұлдары. Бірақ, олар суретші болған жоқ. Бұл күнде фотоөнермен айналысып, Атырау қаласында үлкен фотостудияларын ашып, жеке кәсіпке бет бұрып кетті. Ал нағыз зергерлікке баулыған Болат Ұзақбаев деген жігіт қазір Алматыда тұрады. Маңғыстауда белгілі тамшы, домбыра жасаушы шеберлер Ермұхан Әлиев, Болат Салықов атты жігіттерді зергерлікке баулыдым. Қазір олар осы іспен айналысады. Сонымен қатар, оралман, мүгедек бір жігітті қасыма алып, отбасын асырайтын айлық беріп, әрі зергерлік шеберлікті үйретіп шықтым. Қазір бұл жігіт те зергерлік кәсіппен отбасын асырап жүр. Ағаштан түрлі бұйымдар жасаушы Досан Тәжмағанбетов деген жігітті де өнерге баулап едім. Ол қазір Сағыз ауылында тұрады.
Жеткен жетістік туралы айта кетер болсам – екі жыл қатарынан «Табыс» үздік тауарлар көрмесінде Маңғыстау облысының үздік кәсіпкері атағын иелендім. «Маңғыстау» жұлдыздары, тағы басқа өтіп жатқан байқауларға қоярда қоймай қатыстырып жатады, жүлдегер деп марапаттайды, диплом береді. Ол үшін мың да бір алғыс. Алайда, өз басым осындай шараларға қатыса беруді қош көрмеймін. Менің жасаған заттарым халықтың қолданысында жүр. Көрмем де барлық уақытта көпшіліктің назарында. Сол себепті мені зергер деп атап, ат сабылтып іздеп келіп, тапсырысын беріп-алып, алғысын жаудырып жататын халқымның ықылас ниетінен артық қандай марапат, қандай жетістік керек?! Құдайға шүкір, Маңғыстау, Атырау өңірінен емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінен, тіпті көршілес Ресей, Өзбекстан тұрғындарынан тапсырыс түсіп жатады.

– Тапсырыстардың көп болуының себебі неде? Зергерлік бұйым жасағанда қандай мақсат ұстанасыз?

– Не жасасам да қайталанбас бұйым жасауға, әрбір тапсырыс берушіні риза етуге ден қоямын. Зергерлік іс көп ізденуді қажетсінеді. Соққан бұйымың әлгі адам таққанда сәнін де салтанатын да бірден аңғартып тұруы қажет. Зергер адам тек қолы шебер болуымен қатар психолог та болуы керек. Кейде бұйым адамның мінез құлқына, табиғи болмысына, кескін келбетіне сәйкес, жарастықты үлгіде, тіпті оның өзінің ойына кіріп шықпаған пішімде соғылады. Қол өнер туындысы, үздік үлгілер осылайша туындап жатпаса зергердің несі зергер? Әлбетте, соғылу сапасы жоғары болуы керек. Сосын міндетті түрде ұлттық нақыш, өзіндік қолтаңба болғаны дұрыс. Сонда ғана қолыңнан шыққан бұйымың қадірлі болады. Қазір қай жерде де әшекей бұйымдар сататын дүкендер қаптап тұр. Халық өзіне қайсысы қажет екенін емін еркін қалай алады. Салыстырады. Қайталанбас бұйымды дүкеннен емес, зергерден іздеу осындай салыстырудан шығады.

– Бүгінде, темірден түйін түйетін зергерлер саусақпен санарлық. Ендеше, бабаларымыздан қалған осынау өнерді кеңінен насихаттау үшін қандай жұмыстар атқарылу керек деп ойлайсыз?

– Еліміздің арнайы өнер колледждері, өнер академиялары метальмен өңдеу мамандықтары бойынша жастарды оқытып шығарады. Зергер болуға талап қылған түлектер бар ғой. Бірақ зергер болып жұмыс істеу үшін арнайы шеберхана, құрал жабдықтар керек. Құдайға шүкір, біз іс бастаған мезгілдегідей емес қазір ақшаң болса керекті құрал жабдықтар үлкен қалалардың дүкендерінде толып тұр. Мәселе қаржыға келіп тіреледі. Енді зергерлік іске кірісіп кету үшін әлгі түлектер тәжірибелі зергерлердің алдынан өтуі керек. Бұл орайда әркімнің өзіне байланысты. Мен осы күнге дейін шәкірттеріме зергерлік өнерді тегін үйреттім. Әрі отбасының жағдайы жоқтарға айлық беріп тұрдым. Бұл мақтанғаным емес, ұлттық өнерде білетінімді өзгелер де үйренсін дегенім. Жастарға қамқор бола білуіміз керек деп ойлаймын. Метальды оқып шыққан жастардың бәрі бірдей зергер бола бермейді, неге? Өйткені бұл жұмыс, көп уақытты қажетсінеді, ерте тұрып кеш жатуды талап етеді. Ал қазір адамдар оңай жолмен тез әрі көп ақша тапқысы келетін әдет жұқтырып алды.

– Маңғыстау өңірі сіздің отбасыңызды өнерлі шаңырақ деп таниды. Ендеше отбасыңыз жайлы да айта кетсеңіз?

– Зайыбым Айнахан ақын журналист, бірнеше кітаптардың авторы, оның шығармаларын Маңғыстаулық әріптестері мен оқыған жұртшылық жоғары бағалайды. Маңғыстау облыстық «Маңғыстау» газетінде жұмыс жасайды. Үлкен ұлым Төлеген Т. Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының студенті. Қазіргі аяқ алысына ризамын. Суретті жақсы салады. Екінші ұлым Төремұрат Бейнеу гимназиясын биыл бітіреді. Қызым Гүлкенже осы гимназияның оқушысы. Балаларымның бәрі де өнерге бейім. Төремұрат пен Гүлкенже сөз өнеріне де жүйрік, домбыра да тартады, әртүлі ғылыми жобалардың жүлдегерлері. Бірақ екеуі де барлық өнердің ішінде сурет өнерін таңдап, бірі зергер, бірі дизайнер болу үшін талаптанып жүр. Шебер болу деген сөз Алланың ең үлкен сыйы, ешкімге бағынышты болмай, өз өнеріңнің арқасында тірлік кешу.
Ашық-жарқын әңгімеңізге көп-көп рахмет. Әрдайым, қазақ өнерінің туын көкке көтеріп жүре беруіңізге тілектеспін!

Сұхбаттасқан
Бауыржан АМАНҰЛЫ

Пікір қалдыру