Жалғасқали ДҮТМАҒАНБЕТОВ
1812 жыл: СОҒЫС ЖӘНЕ БЕЙБІТШІЛІК
(Қазақы нұсқа)
(Қысқартылып басылды)
Бірінші бөлім
Қыс пен көктем тоғысқан өліара тұс. Қайыршақтыны қыстаған ысық елі санаулы күндерден соң жайлауға көшпек. Көктемде Қайыршақтының құнарлы алқабына су жайылады. Мұндағы ел оған дейін киіз үйлерін жығып, алты жүз шақырым жердегі кең жазира Тұзтөбеге бет түзейді. Ысық елінің ықылым заманнан бергі айнымайтын, тұрақты дәстүрі осы. Алайда соңғы кездері оған да селкеу түскендей. Өзімен өзі болып тыныш жатқан елге Жайық казактары мен башқұрттар шауып, ара-тұра малын айдап әкететін болған. Ондай басынушылыққа кім көнетін еді! Құрманқұл бидің жігіттері түнде ұйқыға жатқанда да қылышын жастанып жататын болды. Әр үйдің алдында ерттеулі жорық аты, әр аттың қанжығасында қалқан мен шоқпар.
Бұл кезде Қазақстанның Ресеймен шекаралас аймақтарында өзара сауда-саттық бір ізге түсіп, қазақ пен орыстың арасында бір-бірімен тамыр болу үрдісі басталып кеткен. Дегенмен орыс қыстақтарының, казак станицаларының көбеюіне байланысты жайылымдық жердің көлемі тарыла бастады. Сөйтіп мал шаруашылығының ғасырлар бойы қалыптасқан жүйесі бұзылды.
Әліпті әріден бағатын көреген би көрші ел тарапынан болып жатқан мұндай оқиғалардың ішкі мақсатын өзгелерден ертерек сезіп, байыптап-бағамдап қойған. Әрі бұл үрдістің ұзаққа, тым ұзаққа созыларын ішіне түйіп қойды.
Биді бәрінен бұрын ақ патша шенеуніктерінің қазақтарды дінінен айырып, шоқындыруға әрекет етуі шошындырды. Ондай жымысқы әрекеттерді Астрахан маңындағы қазақтардың арасынан анық байқады. Сол төңіректі мекендейтін табындардың ауылына ара-тұра барып тұратын. Араласып-құраласып жүретін біраз замандастары бар. Сондай сыйласының бірі Бөлек би елге сөзі өтімді, айналадағы аймаққа белгілі кісі. Құрманқұл бидің өзі сияқты Бөлек те елінің, халқының басқа ұлттың ыңғайына көніп кеткенін қаламайтын. Сол Бөлек бидің Жақып деген баласы көрші орыс станицаларымен араласа жүріп, ақыры шоқынып тынды. Құдай аяғанда, соның алдында ғана о дүниелік болған Бөлек би іштен шыққан ұлының бұл қылығын көрмей өтті өмірден.
Сыйлас, мұңдас досы болған биді ақтық сапарға шығарып салуға Құрманқұл би де барған. Көп адамның басы қосылған қаралы жиында жаназа дұғасына қосылмай оқшау тұрған әскери киімдегі екі-үш қазақ жігітін көрді. Араларынан лампасты шалбар, басына орыс-казактардың күнқағары жалтыраған кепкасын киген Бөлектің ұлы Жақыпты байқап қалды.
Мұндайды көрмеген ел:
– О, сұмдық-ай! Шоқынды неме әкесінің жаназа дұғасына да қосылмады-ау! – деп жағасын ұстап жатты.
Бөлек биді жерлеп келген соң, аттанғалы жатқан Құрманқұл бидің қасына әлгі шоқынды Жақып келді. Әрине, би оны жақтырған жоқ. Соны сезген Жақып көзін төмен салып, төменшіктей береді.
– Ассалаумағалейкүм, – деді ол тіктеп қарамаған қалпы.
Шариғат бойынша мұсылман адам басқа діндегі адамның, оның ішінде шоқындының мұсылманша берген сәлемін алмаса да болады. Құрманқұл би де солай етті. Зілді көзқарасымен бастан-аяқ бір шолып шығып, үзеңгіге аяғын сала бергені сол еді, Жақып тұра ұмтылып, бидің етегіне жармаса кетті. Бұрылып қараса көз жасы сорғалап тұр екен. Енді болмаса еңіреп жіберуге шақ қалған.
Би кері бұрылып:
– Иә, не айтасың? – деді зілденіп.
– Мына халықтың ішінде сөз түсінер біреу болса сол сіз ғой деп жүгініп тұрмын, би аға. Рас, күнәм ауыр. Оны өзім де білемін. Бірақ менің шоқынуым амалсыздан болғанын түсініңізші, биеке. Соны өз аузымнан жеткізейін деп едім сізге, – деді Жақып көзінен жасы моншақтап.
Мұндайды күтпеген Құрманқұл би амалсыз райынан қайтып, сол жерге отыра кетті. Бұл енді Жақыпқа «сені тыңдаймын» дегенді білдірген ишарасы еді.
– Мойнымда крест, үстімде казактардың хорунжийінің киімі, – деп бастады ол әңгімесін. – Осы түріме қарап мені ешкім де қазақ, одан да бетер мұсылман демейді. Бірақ мен жан дүниеммен әлі де мұсылманмын. Оған бір жаратушы куә. Әуелі баста жоспарым былай болатын: келімсек орыстардың бәрінде от-қару бар, ал қазақ қарусыз. Тіпті қазаққа қару ұстауға рұқсат жоқ. Елді, жерді қайтіп қорғамақ сонда? Осыны ойлап, амалсыздан басқа дінді қабылдап едім. Тек сонда ғана от-қаруға ие болып, елімді қорғай аламын. Биеке, осының бәрі амалсыздан әрі әбден ойластырып жасаған ісім еді. Қазір мен казак әпесерімін. Қарамағымда өзім сияқты жиырма шақты шоқынған жігіт бар. Бәрінің де көңілі адал, амалсыз басқа дінге енген мен сияқты бейбақтар. Бірақ бізді қазақ қазір түсіне алмайды. Дегенмен, алдағы уақытта түсінетініне әсте күмәнім жоқ. Патша шенеуніктері өздері ұстанатын дінге өтпегендердің қолына қару ұстатпайды, казак әскерінің құрамына қабылдамайды. Қазір менің екі есімім бар. Азан шақырып қойған атым Жақып Бөлекұлы. Ал шіркеудің қойған христианша аты Яков Беляков. Амалсыздан мойнымызға крест таққан бейбақтар күндіз шіркеуге барып шоқынамыз. Ал түнде үйге келіп намазға жығылып, «ей, Алла Тағала, осы күнәмізді кешіре көр…» деп жалбарынамыз.
Енді әкемнің жаназа намазына қатыспауымның себебін айтайын. Қазақ арасында үкіметтің жансыздары бар. Алда-жалда намазға тұрғанымды көрсе бірден жеткізеді. Осының бәрін өзіңізге айтайын деп арнайы алдыңызға жүгініп тұрмын, биеке.
Жақыптың сөзінен кейін Құрманқұл би ойланып қалды. Әкесі Бөлек биді жақсы білетін, ондай кемеңгер адамның баласы мұндай әрекетке текке бармаса керек.
– Әлгі айтқан өзің сияқтылардың арасындағы сенімді жігіттерің кімдер? – деп сыр тартты би.
– Байбатырдың Әмені, Жанжігіттің Орынбайы деген табын жігіттері бар. Екеуі де хақ мұсылман.
Кемеңгер би Жақыптың сөзін ықыласпен тыңдады. Өлкедегі жағдайды өзі де жақсы біледі. Патша үкіметі қазақ даласын отарлауды мықтап қолға алған кез. Әсіресе кіші жүздің Ресеймен шекаралас аудандарындағы жағдай өте күрделі. Құнарлы жерлер мен жайылымдарды, сулы өңірлерді казактар тартып ала бастаған. Ондай ырысты өңірлерден тықсырыла қуылған қазақтар амалсыздан шөлейтке қарай көшуге мәжбүр.
Кезінде құнарлы жерлерді қайтарып алу үшін Сырым Датұлы бастаған көтеріліске ысық руының жігіттері де белсене қатысқан, алайда от-қаруы бар әскерге төтеп бере алмай жеңіліп тынды.
Осының бәрін бидің өзі де біледі, талай рет «шіркін-ай, жауынгер қазақтың қолына от-қару тиер кез болар ма екен?!» деп қамыға қынжылған. Жақыптың ішкі ойы мен мақсатын естігенде Құрманқұл би ұзақ ойға кетті.
– Қарағым Жақып, жақсының тұяғы едің. Ел-жұрт қанша күстәналаса да іштей жамандыққа қимайтынмын. Ақ-қарасына енді көзім жетті. Амалсыздан жасаған әрекетің екенін түсіндім. Бірақ есіңде болсын, оныңды қалың қазақтың бәрі бірдей түсіне қоюы екіталай. Осыны есіңнен шығарма. Халқыңа түбі бір пайдаң тисе соны қанағат ет. Алла жар болсын, айналайын Жақып.
Құрманқұл бидің шуақтанып айтқан сөзінен кейін Жақып балаша солқылдап жылады. Әрі онысына қысыла қойған жоқ. Ішіндегі бар өксігін, өкінішін төгіп-төгіп алды.
– Жыла, жыла, Жақып айналайын. Бұл сенің ғана емес, алты алаштың көз жасы. Құдай қазақты өстіп мәңгі жылата бермес. Өзгенің тепкісінен құтылар кез де келер. Бәлкім біз оны көрмеспіз. Бірақ сол аңсаулы күнге жету жолында әрқайсымыздың сіңірген азды-көпті еңбегіміз елеусіз қалмас. Жаныңдағы жігіттеріңе осы сөзімді жеткіз, – деді би қоштасар сәтте.
* * *
Мал ұстаған қазақ үшін жайылым тапшылығы әжептеуір қиыншылық туғызды. Оның үстіне казактар мен башқұрттардың шапқыны да үдей түсті. Ғасырдың бас кезінде қазақ даласының батыс өңірінде ашаршылық басталды. Бірақ Қайыршақтының құнарлы өңірін қыстайтын Құрманқұл бидің елі тарыға қоймады. Қатты ашыққан қазақтар Жайық пен Орынбор шекара шебіне жақын топтасып, егіні, астығы мол орыстарға еріксіз жалдануға мәжбүр болды. Шекара түбінде қазақтардың осылайша көптеп топтасуы Орынбор губернаторлығының назарын аударды.
1808 жылдың мамыр айында ақ патша Орынбор әскери губернаторы князь Г.С.Волконскийге жаңа жарлық жіберді. Онда Орынбор шекара шебіне жақын маңда көшіп жүрген қазақтарды ішкі жаққа жіберуге нұсқау беріліпті.
Ондағы мақсат қалың қазақты орыстарға, өркениетке, сауат ашуға жақындатпау болатын. Ішкі жаққа өткен қазақтар тек қана өздері сияқты сауатсыз, қараңғы башқұрттардың немесе басқа да мұсылмандардың ортасына орналастырылуға тиіс. Өлкедегі әр саяси-әлеуметтік жағдайды қадағалап отырған Құрманқұл би ақ патшаның зәлім саясатын бірден түсінді әрі қатты қауіптенді. Жарлыққа сәйкес ішкі жаққа өткен әрбір қазаққа жер телімі беріледі. Оған қоса ішкі жаққа өткен қазақтар алым-салықтан, басқа да төлемдерден ішінара құтқарылады немесе сол төлемдерді жеңілдікпен өтейді.
Құрманқұл би жаңа өзгерістерді Орынборға саудамен барған сапарында сондағы Управтың тілмашы болып істейтін өз руының жігіті, жастай жетім қалып, орыс қыстақтарына жалдана жұмыс істеп жүріп тіл үйренген, сауат ашқан сол заманның көзі ашық қазақтарының бірі Жанғабылдан естіді. Құрманқұл бидің оған іштартуының бір себебі Жанғабылдың дінін өзгертпеуі, шоқынбауы болатын.
Бұрын бір келгенінде Жанғабылдың төрінде ілулі тұрған мушкетті көрген. Бұл жолы сол мылтықтың жоғын бірден аңғарды. Бидің онысын Жанғабыл айтпай түсінді.
– Би аға, былтыр келгенде көрген от-қарудың жоқ екенін байқаған сияқтысыз. Мушкетімді шенеуніктер алып кетті. Қазаққа от-қару ұстауға болмайды дейді. 1808 жылы қазақтарды Жайықтың ішкі жағына жіберу туралы шығарылған жарлықта қазаққа аң аулауға ғана жарайтын садақ пен жебеден басқа қару ұстауға болмайтыны айқын көрсетіліпті. Орынбор басшылығы соған қарағанда қазаққа әлі де сенбейтін сияқты, – деді ол.
Бұл сөз Құрманқұл бидің есіне Жақыппен болған әңгімені салды. Орыс бодандығын алардағы қазақ пен ақ патша арасындағы келісімнің мазмұнын жақсы білетін би Мәскеудің жымысқы пиғылын бірден түсінді.
Іштей «осының арты қалай болар екен?» деген қаупі де бар. Бұл оқиға кемеңгер биді ұзақ ойға жетеледі. Мына заманда орыстың қолдауынсыз ел болу оңайға соқпайтыны анық. Бірақ олардың да ішкі пиғылы оңып тұрған жоқ.
Есіне тағы да Бөлек бидің шоқынды ұлының сөзі түсті. Содан соң ішінен «ел амалдап ес жиюы керек» деп түйді би.
Бұл кезде жайылымынан айырылып, ашыққан қазақ жаппай ішкі жаққа өтіп жатқан. Естуінше, келімсек қазақтарды негізінен кантон деп аталатын башқұрт қоныстарына орналастыратын болыпты. Башқұрт жерінде елден ауған қазақтардың Байсақал деп аталатын ауылы пайда болған көрінеді. Әрине, отаршы үкіметтің қазақты ұлттық қасиеттерінен, дінінен айыру пиғылын түсінген би үшін бұл оқиға ерекше-тұғын. Би ең алдымен орыстандыру, шоқындыру немесе басқа ұлттардың арасына қоныстандырып, қазақты ұлттық ерекшеліктерінен айыру әрекетінен қауіптенеді.
Осындай қауіп меңдеген Құрманқұл би күндердің бір күні сол башқұрт жеріндегі қазақтың Байсақал ауылына арнайы сапарлап барды. Ондағы ойы елден көшкен қазақтардың жағдайын анықтап білу. Қазақ арасындағыдай емес, мұнда келген қазақтар жаппай отырықшылыққа көше бастапты. Бұрынғыдай тігетін киіз үй жоқ, негізінен шым мен ағаштан бір-бір үй салып алған. Жазда жайлауға көшу деген ұмытыла бастапты. Тіліне башқұрт сөздері араласып, шұбарланып қалған. Дегенмен, әзірге қазақшылығынан толық айырылмағандар да бар көрінеді. Сондай қазақтардың бірі жырақтан келген мейманды үйіне шақырған. Орынбор төңірегіндегі кейбір шоқынған қазақтар сияқты емес, Байсақалда мұсылманшылық сақталған екен. Бірақ тілімен қоса діліне де өзгеріс ене бастағаны айқын байқалады. Жартылай башқұрттанған ақсақал татар, башқұрт, қазақ сөздерін араластыра отырып:
– Алыстан жол тартып жеткен мейман екенсіз. Біз қазақ арасынан бала кезімізде көшіп келдік. Осында медреседе башқұрт, араб тілінде дәріс алдық. Кейбіреуіміздің әйеліміз башқұрт. Бала-шаға қазақ тілін ұмыта бастады. Сондықтан біздің кейбір қазақта жоқ қылықтарымызға таң қалмаңыз, – деген.
Құрманқұл би әлгі қариямен бірге тізе қосып бесін намазын оқыды. Мұсылманшылықтарында мін жоқ сияқты. Алайда, кешкі дастархан басында көп нәрсенің беті ашыла бастады. Алдына тартылған бір табақ еттің малдың еті емес екені бірден байқалды. Оны Байсақалдың ақсақалы да сезді.
– Біз қазақ жеріндегідей мыңғыртып мал ұстамаймыз. Жер тырнап, егін егеміз, балық аулаймыз, құс өсіреміз. Сыйлы қонағым есебінде сізге үш жыл семіртілген тауығымды сойып отырмын, – деді Байсақалдың шалы.
Құрманқұл би ақ патшаның қазақты тегінен айыру әрекеті қаншалықты іске аса бастағанын осы Байсақал ауылында алғаш рет өз көзімен көріп, қатты түңілді. Қазақ даласындағыдай емес, мұнда келгендерге көп жеңілдіктер жасалыпты. 1731 жылы орыс бодандығын қабылдағаннан кейін қазақ балаларын әскери қызметке алмау туралы мәміле жасалған. Татар мен башқұртта олай емес, олардың дені сау, жасы жеткен балалары әскерге алынады. Ол кезде әскери қызмет жиырма бес жыл. Сарбаздыққа өрімдей жас күнінде аттанған бозбала орта жастағы, денсаулығы сыр бере бастаған дімкәс болып оралады.
Байсақалдан естігені жергілікті башқұрттар белгілі бір ақы төлеу арқылы қазақ жігіттерін өз балаларының орнына әскери қызметке баруға жалдайды екен. Содан соң әскери қызметтен босаған қазақ жігіттеріне жасалатын жеңілдіктер аз емес көрінеді. Бұл да Құрманқұл биге ой салды. «Орыспен бір деңгейде болмаса қазаққа теңдік жоқ екен-ау…» деп түйген би. Орыспен терезесі теңесіп, тең құқылы жағдайда өмір сүру үшін орыс оқыған оқуды бірге оқып, орыс соғысқан соғысқа бірге қатысып, бірақ дін мен тілді сақтап өмір сүргеннен басқа амал жоғын Құрманқұл би алғаш рет осы Байсақал ауылында түсінді.
* * *
Бидің түсінігінде орысқа қосылу үш жүзді сыртқы басқыншылықтан біршама қорғағанымен, оңды құбылыс емес. Қазақтардың шұрайлы жерлерінен айырылуы, кей өңірлерде күштеп шоқындырылуы қайдан жақсылық болсын! Әсіресе ғасыр басындағы кіші жүз жерінде жайылымнан айырылу салдарынан туындаған ашаршылық халықтың қабырғасына қатты батты. Қайыршақтының ырысты өңірін қыстап, малын аман-есен алып қалған, жаз-жайлауын Тұзтөбеде өткізетін жауынгер ысық елі мұндай алапаттан аман-тұғын. Оның үстіне ысық басқа біреуді басындырып көрмеген, елдің арқа тұтар азаматтары ара-тұра шабуылдап тұратын башқұрттарды айтпағанда от-қарулы Жайық казактарына да оңайлықпен алдырмайды. Ұзынқұлақтан жеткен дақпыртқа қарағанда, шекара шебіне жақын аймақтардағы қазақтар аштық салдарынан, ажалдан құтқару үшін іштен шыққан балаларын ел ішіне жиі келіп тұратын Хиуа көпестеріне сатуға да мәжбүр болыпты. Әрине, патша үкіметі өз бодандарының шетке сатылуын құптамайды. Сондықтан хиуалықтар сатып алған балаларын қарақалпақтар деп көрсетеді екен.
Бірде орыс кеденшілері жүз қазақ баласын сатып әкетіп бара жатқан хиуалықтарды ұстапты деген дақпырт тарады. Осы оқиғадан соң ақ патшаның Орынбор әскери губернаторының атына жолдаған жарлығы жарық көрген. Жанғабылдың айтуы бойынша, ол жарлықтың да екі ұшы бар көрінеді. Тіпті жарлықтың аты да күмәнді. «Ресейдің қол астындағы қырғыздардың балаларын сатып алуға немесе айырбас жасауға рұқсат ету туралы» деп аталады екен.
Бұл жарлық Құрманқұл бидің ашу-ызасын тудырды.
– Қазақ баласы орысқа бодан болғанда осылай болсын деп қосылды ма?! Біздің балаларымыздың малша сатылып, малша айырбасталатынына көнуге болмайды! – деді би ашуға булығып.
– Бірақ сол сатылып кеткен балалар жиырма бес жасқа толған соң бостандық алуға тиіс. Сондай бостандық алған қазақтарды Ресейдегі кез келген әлеуметтік топтың құрамына қосып алуға құқық берілген, – деді Жанғабыл тілмаш.
Құрманқұл би бұл шешімнің құйтырқылығын да бірден түсінді.
– Демек, ондай қазақ балаларын барлық әлеуметтік топ – помещиктер, казактар, офицерлер, көпестер, тіпті шіркеулер, дін қызметкерлері өз құрамына қосып алуына болады екен ғой?
– Солай, би аға, өз құрамына қосып алады.
– Ал олардың шоқындырылмауына кім кепіл?
– Ондай қауіп бар, – деді Жанғабыл.
Құрманқұл би Орынбор төңірегіндегі шоқынған қазақтардың көбінің мещандар тобына қосылғанын жақсы білетін. Тіпті солардың көбінің аты-жөні де орысша еді. Арасында казачество қабылдағандары да көп. Кейінірек ондайлардың көбі есін жиып, қайтадан қазақ арасына қашқан оқиғалар да ұшырасты. Жергілікті билік енді шоқынып, мещандыққа өткен қазақтарды шекара шебінен ішкі жаққа қарай ауыстыруға тырысты.
* * *
Қазақ-орыс шекарасындағы XIX ғасырдың басындағы оқиғалар драматизмге толы болатын. Соңғы дәуірдің идеологиясына сай қазақтардың орыс бодандығын қабылдауы бір жақты прогресс болып көрсетілді. Рас, еуропалық өркениетке қосылудың, орысша сауаттанудың прогресті жағы бар. Алайда, өзгеге тәуелді өмірдің ауыртпалығы мен қиындығы да жетіп артылады. Орысқа қосылып Қытайдың, Қоқан мен Хиуаның шапқыншылығынан құтылғанымен қазақтың қамсыз отыруына болмайтын. Әлбетте, сыртқы жаудан жағдайыңды жақсы білетін ішкі жау қатерлі. Бұрынғысынша Жайық казактары мен башқұрттар шабуылы ара-тұра болса да үзілмей жалғасып жатты. Әсіресе 1755 жылы башқұрттар мен кіші жүз қазақтары арасында болған қақтығыстар екі жаққа да үлкен соққы болды. «Бөліп ал да билей бер» қағидасын берік ұстаған ақ патша үшін бұл іздегенге сұраған дейтіндей жағдай еді.
Патша билігі тегі бірге, діні ортақ башқұрт пен қазақ арасындағы қақтығыстарды тежеудің орнына астыртын ши жүгіртіп ушықтыра түсті. Себебі орыстармен бұрыннан араласып-құраласып, әскерінде қызмет етіп, соғыс өнерін үйренген башқұрттар мен татарлар арасында отаршылдыққа қарсы әрекеттер қылаң беріп тұрды. Оның үстіне, байтақ империяның үрейін ұшырған атақты Пугачев көтерілісіне белсене қатысқан башқұрттардың дені үстемдікке түбегейлі қарсы-тұғын. Ақ патша олардың ашу-ызасын өзінен көрі қазақтарға қарай аударуға тырысты. Бірақ кіші жүз қазақтарының біраз бөлігі ішкі жаққа ауып, таразының қазақ жағы өздерімен теңесе бастағаннан бері башқұрттар біршама тынышталды.
Бәрінен бұрын Құрманқұл биді патша үкіметінің қазақтарды башқұрттардан да кем санап, адам құрлы көрмеуі қынжылтатын. Танымы терең би оның басты себебін де саралай келіп анықтаған. Башқұрттар мен татарлар ақ патша соғыстарының бәрінде орыстармен бірге жүріп шайқасады. Обалы қанша, орыс өкіметі өзі үшін соғысқан басқа ұлт өкілдерін өзімен барынша тең ұстау, өзіне ниеттес, жақын санау қағидасын ұстанады. «Бір жағынан ата-бабаның орыс бодандығын қабылдарда біздің балаларымызды әскерге алмайсың, деп қойған шарты дұрыс та шығар. Алайда өзімен бірге қан төгіп, ортақ мемлекеттің намысы үшін соғыспағандардың күні қараң екен-ау. Қазіргі қазақтың ұпайы ойсырап кеткен бір тұсы осы» деп ой түйген данышпан би.
Қалай десе де қазақты осы бір кемсітуден құтқару ниеті Құрманқұл биге жатса-тұрса маза бермейтін. Әрине, хақ мұсылман есебінде би өз халқының да, одан бетер өз ұрпағының да тегін өзгертуін, басқа дінді қабылдауын қаламады. Сонда не істеу керек?
Осы бір ауыр да жауапты ойдың әсерімен Құрманқұл би күндердің бір күні төрт ұлы мен жігіт болып қалған он алты немересін өз шаңырағына шақырды.
* * *
Қазақ арасында жансызы көп генерал-губернатор өзіне бағынышты ел арасында сыйлы, беделді Құрманқұл биді сырттай жақсы білетін. Ресей билігінің өзіне бодан елдерге байланысты жиған тәжірибесі мол. Соның арқасында өзіне тәуелді халықты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайды. Орынбор генерал-губернаторы князь Волконский тілмашы Жанғабыл арқылы Құрманқұл биге шақыру жолдады. Талайдан бері генерал-губернатордың тілмашы болып орыс билігімен аралас-құралас өмірі өтіп келе жатқан Жанғабыл князь Волконскийдің би ағасын еріккеннен шақырмағанын бірден сезді.
– Би-аға, жандаралдың сізді шақыруында бір сыр бар сияқты. Оны сөз ләмінен, әңгіменің ыңғайынан байқадым. Менің ойымша, сізбен тығыз қарым-қатынас орнатып, қазақпен байланысын нығайта түсуге тырысатын тәрізді, – деді Қайыршақтыға арнайы келіп, ақ патша наместнигінің сәлемін жеткізген Жанғабыл.
Би алдағы кездесудің өзі үшін де, елі үшін де тағдырлы болатынын сезді. Бірақ, жыланның аяғын көрген сұңғыла шенеуніктің ішкі ойын бірден ұға алмады.
Көп ұзамай, қасына екі-үш жігітін ертіп Орынбор қайдасың деп тартып кетті. Орынбор бұрын да талай болып жүрген қаласы. Шаһардың ой-қырына дейін тегіс таныс. Бірақ бұған дейін генерал-губернатор сияқты ақ патша наместнигінің алдында болып көрген емес. Сондықтан көңілінде біраз толқу да бар.
Генерал-губернатор кеңсесінің алдында баяғы Бөлек бидің ұлы Жақып пен әскери киімдегі екі-үш қазақ жігіті тұр екен. Биді алыстан байқаған Жақып жолдастарын ертіп алдынан шықты.
– Ассалаумағалейкум, Би-аға.
Би бұл жолы Жақыптың сәлемін ықыласпен алды. Жақыптың қасындағы әскери киімдегі жігіттер де жалпылдап амандасып жатты.
– Мына жігіттер кім? – деп сұрады Құрманқұл би.
– Мына жігіт Байбатырдың Әмені. Ол туралы өзіңізге айтқам, есіңізде болар. Ал мынау – Жанжігіттің Орынбайы. Ол туралы да айтқам.
Сол жолғы әңгіменің бәрі есінде. Би олармен де жылы сәлемдесті.
– Жақып, жандаралдың шақыртуымен арнайы келіп тұрмын. Сен орталарыңда жүрсің ғой, не болуы мүмкін деп ойлайсың?
Күтпеген жаңалықтан Жақып біраз ойланып қалды.
– Таяуда ғана Петрбордан арнайы жаушы келген. Естуімше, ақ патшаға француз деген ел соғыс ашқан көрінеді. Қазіргі жағдай ауыр сияқты. Жандаралдың жаны қысылмаса жәй жатқан қазақта не шаруасы бар? Соған байланысты болмаса…
Бұл шынында да ойланатын пікір еді.
Би генерал-губернатордың қабылдау бөлмесіне тілмаш Жанғабылмен бірге кірді. Соның алдында ғана Жанғабыл патша наместнигінің алдында өзін қалай ұстау керек екенін, қолын кеудесіне басып, иіліп бас июі қажетін айтып түсіндірген болатын. Өмірі тірі жанға бас иіп көрмеген тәкәппар биге тілмаштың бұл сөзі ұнаған жоқ. Бірақ ештеңе демеді.
Қабылдау бөлмесінде жандаралдың адъютанты оларды ұзақ кідірткен жоқ. Генерал-губернатордың ескертуі солай болған сияқты. Бұрын-соңды осыншалықты биік мәртебелі, лауазымды шенеуніктің алдына кім кіріп көрген? Жанғабыл губернатордың алдында би ағасы өзін қалай ұстар екен деп күдіктенген болатын. Бірақ жандаралдың кабинетіне кірер сәттегі бидің өзіне-өзі бек сенімді көңіл күйін бірден байқап, күпті көңілі жайлана түсті.
Аумағы ат шаптырым, еденіне алқызыл парсы кілемі төселген кабинетте отырған әскери киімді жандарал бұларды отырған күйі қарсы алды. Кішкене қозғалақтағаны болмаса орнынан тұрған да жоқ. Қазақша сәлемдесіп кіріп келген биге басын изеп қана жауап ишарасын жасады. Әлбетте, дала генерал-губернаторының бұл қылығы намысқой биге ұнай қоймады. Оқиғаны сырттай бақылап тұрған табиғатынан зерек Жанғабыл тілмаш бұның арты не болар екен деген қауіппен екеуіне де үрейлене қарап қалыпты. Жандарал мен би бір-біріне сынай қарап ұзақ тұрды. Бір сәтте би шенеуніктің жауабын күтпей қарсы алдына барып, креслоға отыра кетті. Өмірі ешбір адам өз ұлықсатынсыз бұлай жасап көрмеген губернатор бидің бұл әрекетін жақтырмай қалды.
Соның алдында Жанғабыл биге:
– Жандарал өте тәкаппар, кіді кісі. Бірақ ыңғайлы жерінде кішіреюге де ақылы, түсінігі жетеді. Сол есіңізде болсын, – деп құлаққағыс қылған.
Князь Волконский тегін адам емес, біраз үнсіз отырғаннан кейін дала тарланының өзіне оңайлықпен бас ие қоймайтынын бірден түсінді. Ізінше байырғы айлакерлігіне салып, жүзіне жылылық ұялатып сөзге тарта бастады.
– Құрметті би, сіз туралы естіп-білдім. Далалы өңірде құрмет-сыйыңыз бөлек, мәртебелі кісі көрінесіз. Ақ патша үкіметі сіз сияқты ақылды, беделді кісілермен сыйлас, жақын қарым-қатынаста болуға мүдделі. Аман-сау келуіңізбен, – деді губернатор аяқ астынан үнін де, өңін де өзгертіп.
Жанғабыл сырттай бәрін бақылап тұр. Алдына жан баласы батып кіре алмайтын губернатордың өзін иліктірген Құрманқұл бидің мысы басымдығын сезінгендей болды. Князьдің жаңағы ілтипатынан кейін ақылды бидің іші сәл жылыды да:
– Бейіліңізге рахмет, Жоғары мәртебелім! Ақ патшаның боданы есебінде біздің де сіздерге деген құрметіміз ерекше, – деді.
Генерал-губернатор бимен осылайша тілмаш арқылы сөйлесті. Бірақ әңгімелері көп ұзамай-ақ бір ізге түсіп, ортақ арнаға бет бұрған. Жандарал өлкедегі саяси-экономикалық жағдай туралы біраз айта келіп, далалықтардың ақ патша жарлықтары мен бұйрықтарына құрметпен қарауына ризалығын білдірді.
– Құрметті би, – деген губернатор. – Бізге өзімізге бодан халықты басқару үшін сіз сияқты беделді де, ақылды одақтас керек. Ұзақ ойланып, ақыры сондай құрметке өзіңізді лайықты көріп отырмын.
Губернатордың сөз ыңғайы түзелгенін білген ақылды би де сыйластық тәртібіне икемделе бастады.
– Дала халқы ұлы мәртебелі ақ патша ағзамның әр жарлығын, әр пәрменін орындауға қашан да әзір.
Бұл сөз бидің сауаттылығын, қарым-қатынаста білікті, мәдениеттілігін көрсететін. Князь Волконский оны бірден түсінді.
– Осыдан бастап мәртебелі патша ағзамның далалық өңірдегі ең сенімді өкілдерінің бірі болады деген үмітпен өзіңізге үлкен үміт пен сенім артып, сол сенімнің белгісі есебінде тартар сый-сияпатымыз бар, би.
Генерал-губернатор есік жақта тұрған адъютантына иек қақты. Сол-ақ екен, көрші бөлмеден сарыала киімді екі офицер шығып, ортадағы үстелдің үстіне биге сыйлық есебінде тартылуға тиіс күміс самауыр мен күміс сапты қылышты әкеп қойды. Иығына құндыз ішік жапты. Бұл енді Жанғабыл да, бидің өзі де мүлдем күтпеген тосын сый еді. Сыйлық рәсімін аяқтаған соң губернатор сөзін одан әрі жалғастырды.
– Құрметті би, артық айтсам айып етпеңіз, өзіңіз шау тартып қалыпсыз. Естуімше, елге тұтқа болып отырған төрт ұлыңыз бар екен. Сіз де, балаларыңыз да ұлы мәртебелі Александр патшаның бодандарысыздар. Әбілқайыр ханның ақ патшаға берген адалдық антына, адалдықтарыңызға әсте күмәнім жоқ. Сондықтан өзіңізге, отбасыңызға деген ілтипат құрметімізді қабыл алғайсыз, мәртебелі би.
Құрманқұл би ризашылық білдіріп, жымиып қойды.
– Ұлы мәртебелі патша ағзамның өзіңізге деген сенімі, құрметі есебінде тағы да бір құрмет-сыйымыз бар. Орыс үкіметі өз бодандарын ешқашан өзінен бөлектеп қарамайды. Өзіне бағынышты елдің басшыларына әскери шен, атақ береді. Бұл сіздерді мемлекет алдында әскери жауапкершілікке тарту емес. Ел арасындағы мәртебе, лауазым белгісі деп ұққайсыз. Сондықтан сізге, мәртебелі би, ақ патша әскерінің подполковнигі шенін, төрт ұлыңызға казак әскерінің есаулы шенін беруге шешім қабылдадық.
Жақыптың алдыңғы жылғы сөзі есінде ғой, губернатордың бұл сөзінен соң бидің жүрегі су ете түсті.
– Жоғары мәртебелім, мен де, ұрпағым да хақ мұсылманбыз. Құрметіңізге мың алғыс, бірақ сіздер берген әскери шен біздің дінімізге әсерін тигізбей ме?
Бұл сөзден кейін генерал күлімсірей тіл қатты.
– Жоқ, мәртебелі би. Бұл – тікелей әскери борышты өтеу емес. Лауазым, мәртебе белгісі. Сондықтан қай дінде боламын десеңіздер де өз еріктеріңіз.
Бұл сөзден кейін бидің көңілі біршама саябыр тартып, орнына түсті. Қоштасар сәтте губернатор орнынан тұрып, биді есікке дейін шығарып салды.
– Осыдан бастап, мәртебелі би, сіз де, ұлдарыңыз да ақ патшаның далалық өлкедегі сенімді адамдары, орыс офицерлерісіздер. Әскери шендеріңізге орай жалақы төленеді, – деді губернатор.
Ақылды би айлакер шенеуніктің бұл жолғы өзіне тартқан сыйлықтары мен әскери шенінің қайтарымы, төлеуі боларын жақсы түсінді. Елдің болашағы, ұрпағының келешегі үшін оған да әзір еді.
* * *
Бұл оқиға биді әрі-сәрі ойға қалдырды. Қазақ атасы мұндайда «Бұл не қылған батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық?» деп мәтелдейді. Қайыршақтыға қайтар алдында Жақып пен Жанғабылды арнайы шақырып, солармен ақылдасты.
– Қанша жыл тілмашы болып жүріп жандаралдың дала адамына осыншалық құрмет білдергенін көрмеппін. Шынымен ойланатын жағдай, – деді Жанғабыл тілмаш.
Жақып та біраз уақыт әскери қызметте болып, орыс билігінің өз саласындағы небір қитұрқысын өз көзімен көрген кісі ғой.
– Губернатордың бұл әрекеті тегін емес. Бізге жеткен хабарға қарағанда француздар орыс шекарасынан өткенге ұқсайды. Олардың Напалеон деген қолбасшысы мықты деседі. Өзіне көрші бүкіл елдерді бағындырып, солардан әскер қосып алып, орысқа шабуыл жасамақ сияқты. Ал ол дегеніңіз үлкен соғыс. Соғыстың тағдырын қару-жарақтан бұрын адам саны шешеді. Би-аға, сізге, балаларыңызға әскери атақ беруіне қарағанда, патша үкіметі алдағы соғысқа қазақтарды да тартатынға ұқсайды. Бұл – адам шығыны. Шынымен солай болса қайтер едіңіз, би-аға? – деді Жақып.
Құрманқұл би генерал-губернатор тарапынан өзіне көрсетілген құрмет-сыйдың астарын енді түсіне бастады. Ықылым заманнан бері соғыстан көз ашпаған көшпенді елдің ендігі соғыстан қаншалықты зардап шегері беймәлім. Дәл қазір қазаққа соғыс қажет емес. Алайда қазіргі өмір мен тұрмыстың ыңғайы басқаша. Қазақтың өз еркі өзінде емес, біреуге тәуелді ел.
«Кіріптардың күні құрысын!..» – деп ойлады Құрманқұл би. Алайда алда-жалда ақ патша қазақтарды соғысқа тартар болса, ал қазақ одан бас тартса, елінің одан арғы болашағы бұлдыр болары айтпаса да белгілі. Би соны түсінді. Жақыптың айтуынша, орыстар хранцуз деп атайтын ел аса қауқарлы, мықты ел сияқты. Оның үстіне, ана қортық патшасы керемет ақылды, шебер қолбасшы дейді. Ондай жаумен соғысу кімге де болса оңайға соқпайды.
Халқының амандығын өз амандығынан бетер ойлайтын биді осы мәселе қатты толғандырды. Ақыры Қайыршақтыға оралып келе жатып, бара салысымен, ер жетіп қалған балаларымен ақылдасуға шешім қабылдаған. Қайыршақтының әр қиырында әрқайсысы жеке ауыл болып отырған ұлдарын сирек шақыратын. Шаруақанды екендерін түсініп, негізінен атына мініп, балаларының ауылын өзі аралайды. Би әкенің ондай әдетін балалары да біледі. Іштей өздерін тегін шақырмағанын әрқайсысы-ақ сезген. Әкелері сауын айтып шақырғанда алдымен бәрі бір жерде бас қосып, әке қонысына топтанып енетін дәстүрлері бар.
Би әрқайсысы бір-бір ауылдың тұтқасы болып өз балаларын бастап жақындаған ұлдарын үйінің алдында күтіп отырды. Төрт ұлы мен он алты немересі бір-бір атқа қонып әке ауылына қарай желе жортып келе жатыр. Жалпы Құрманқұл әулетінің бір ерекшелігі – бұл тұқымда бәкене бойлы, ұсақ еркек кіндікті болған емес. Би атқа қонған ұлдары мен немерелеріне алыстан қолын қалқалай көз салып қарап қояды. Алдында төбедей болып төрт ұлы келеді. Немерелері олардың соңында, кәдімге бір түмен әскердің рухы бар сияқты оларда.
Әрқайсысының белінде қоқанның қайқы қылышы. Есік пен төрдей өңкей жирен қасқаға мінген төрт ұлы мен немерелеріне алыстан көз салып тұрып, би:
– Тәубе!.. Тәубе, – деп іштей шүкіршілік етті.
Құрманқұл бидің бір мінезі ешқашан бала-шағасына, ұрпағына өздеріне естіртіп мадақ айтқан емес. Бала-шағасына қатысты қандай ойы болса да өз ішінде, жүрек түкпірінде жатады. Төрт ұлдың соңына ерген немерелерінің ішінде әсіресе Байжігіттің балалары Назбек пен Қазбек, Намазқұлдың баласы Айдос, Қонақбайдың ұлы Құлынқара, Қарашақұбашаның баласы Атыбай ерекше көрінетін. Бір қызығы, осы немерелерінің бәрі он алты мен жиырманың арасында. Былтыр келгенде Қазбек пен Айдостың мұрты тебіндеп қалғанын байқаған. Бір жылдың ішінде әжептәуір есейіп қалыпты. Денелері іріленіп, күш жинағаны айқын байқалады.
Балалары мен немерелері аттарын кермеге байлап жатыр. Бәрі алдымен бидің алдына тізерлей жүгініп, қолдарын кеуделеріне басып:
– Ассалаумағалейкүм, би әке! – деп сәлем берген. Би балаларының сәлеміне ризашылықпен жауап берді.
Ізінше немерелері де биге дәл осы ілтипаттарын қайталады.
Би іштей тағы да тәубесіне келді. «Аллаға шүкір, жаман айтпай жақсы жоқ, ел басына күн туса ел мен жерге қорған болатын ұрпағым бар екен…» деп ойлады.
* * *
Қазан көтеріліп жатыр. Әрқайсысы балуан төрт ұл, он алты немересінің бір жолғы асына деп би ту бие сойдырған. Ысық елінде көп адам бас қосқан жиынның асын екібастан ер кісі пісіреді. Ошақ басында күйбеңдеп екі-үш еркек жүр.
Амандық-саулықтан соң би орнынан тұрып немересі Айдостың қынабындағы қылышын суырып алып, жүзін бармағымен басып, өткірлігін тексерді. Қылыштың жүзі қылпып тұр екен. Алдымен Айдостың қылышын тексеруінің де өзіндік себебі бар. Айдос шебер де даулескер қылышкер болатын. Әкесі Намазқұл табиғатынан ерекше осы баласын жастайынан әскери машыққа баулыған.
Тұзтөбенің жазғы жайлауында Намазқұл ауылы би ұрпақтары арасында башқұрттар мен Жайық казактарына ең таяу шеткері тұсқа орналасады. Себебі ол жақ қауіпті еді. Би ұрпақтары арасында соғыс ісіне ең бейім, шебері де осы Намазқұл балалары. Би Намазқұлды сол себепті де жау мен оттың өтіне орналастырады.
Бидің жиынды бастамас бұрын орнынан оқыс тұрып, Айдостың қылышының жүзін тексергеніне бәрі таң қалды. Би әкелері бұрын олай жасамайтын. Айдос он жасында Қайыршақтының жеңді білектей жуан нарқамысын қылышпен бір-ақ сілтеп шауып түсіретін қарулы бала болып өсті. Оның бұл қайратына куә болған бүкіл ел бастарын шайқап, таң қалатын. Немересінің осы ерекшелігін білгендіктен Хиуаға барған бір сапарында Құрманқұл би парсы шеберіне осы қылышты арнайы соқтырған.
– Немерем жуан нарқамысты қылышымен бір-ақ шауып құлатады. Бірақ содан кейін қылышының жүзі жасып, майырылып қалады. Немеремнің сілтесіне анау-мынау болат шыдар емес. Соған арнап жақсы қылыш соғып берсең еңбегіңді жемеймін, – деген би шеберге.
– Бір жұдырық алтын мен бір үйір жылқы берсеңіз байтақ Мәуреннақырдағы ең мұқалмас семсерге ие боласыз, – деді шебер.
Шебер қаруды асыра бағалап тұр еді. Би де:
– Тым қымбат бағалап тұрған жоқсың ба, шебер? – деген.
– Хиуа ханының Иран шаһына арнайы сыйлық ретінде соқтырған семсері бар менде. Соқтыруын соқтырғанымен, себебі белгісіз, хан сол қылышты алмады. Нарқамыс түгілі, жуан теректі шауып түсіре алатындай қауқары бар қылышымның. Сағағына арнайы сынап құйылған. Қарулы қол сілтеген кезде сол сынап қылыштың денеге тиер сағасына жылжып, қылышқа қосымша салмақ, күш береді. Ондай қылышты сіздің немереңіз сияқты қарулы жігіт қана игеріп ұстай алады, – деді шебер.
Ақыры Құрманқұл би шеберге қымбат та болса сұрағанын беріп, сол қылышты немересіне сыйға тартқан.
Алдыңғы жылы Орынбор жәрмеңкесінде болған оқиға бәрінің есінде. Жыл сайын қоңыр күзде Орынборда өтетін жәрмеңкеге сол төңіректі айтпағанда сонау түу-түу Сібірден көпестер келеді. Әлбетте қазақ жағы үйір-үйір жылқы, табын-табын қара мал апарады. Негізінен апарған малын тауар мен затқа айырбастайды. Сібірден бұлғын, сусар терісі, бал, шиті мылтық, ыдыс-аяқ келеді. Орыс пен қазақтың намысының бәсекеге түсетін бір жиыны болса ол да осы жерде өтеді. Ән-жыр, бәйге, ат жарыс, балуан бәсекесі дейсің бе, бәрі осында.
Балуан күресінде Құрманқұл бидің немересі Қазбек орыстың түйе балуанын жығып, орыс жағы намыстан жарыла жаздаған. Тіпті, орыстың түйе балуаны жеңілгенін мойындағысы келмей, төңірегіндегінің бәрін қиратып, үлкен айғай шығарды. Ақыры жанжалға әскерилер араласып, екі жақтың айқай-шуын әзер басты.
Орыстың дәурені жүріп тұрған заман. Орыстың қазақтан жеңілуі үстем халықтың көкейіне әсте көне қонбайтын оқиға. Қарсы жақтың балуанын қазақтардың жығып кетуі әжептәуір дау туғызды.
– Киргиздар, сендер адал күреспедіңдер! Орыс күресінде аяқтан тұсау деген жоқ. Балуан күресі әділетсіз болды! – деп даурықты қарсы жақ.
Өздерінің әспеттеп отырған түйе балуанының қайдағы бір қазақтан жығылып қалғанына намыстанған орыстар қайтсек те есе қайтарамыз деген ниетпен ортаға казактардың Бакланов деген атан өгіздей алып атаманын шығарған. Сібірден келген адам екен. Екі иығына екі адам мінгендей тым ірі, тұрпаты адам шошырлық.
Дүйім елдің алдына шыққан атаман Бакланов қынабынан қылышын жарқ еткізіп суырып алды.
– Киргиздар! Сендерді жаңа сайысқа шақырмақпын. Атан өгізді мына қылышпен бір-ақ шауып, ортасынан қақ бөлем! Ал сендерде ондай мықты бар ма? Егер ондай қылышкерлерің болмаса жеңілгендеріңді мойындаңдар! Алда-жалда сендерден де сондай мықты шықса жүлдеге тігілетін жүз сусар терісін сендерге тапсырамыз! Ал не айтасыңдар? – деді екі көзі ойнақшып.
Қапелімде орыстардан ондай шарт күтпеген қазақ жағы тосылып қалды. Қарсы уәж айта алмай, әркім-әркім Құрманқұл биге жалтақтай қараған. Құдайдың дес берісі, би осы жолғы жәрмеңкеге балаларымен қоса немересі Айдосты да ертіп келген. Атаман Бакланов жаңағы сөзді айтқанда бидің есіне батыр немересі мен оған арнайы Хиуадан алып келген қылышы түсті. Қылыштың жайын Құрманқұл балалары білгенімен, басқа қазақ білмейді. Намазқұл бастап бәрі Айдосқа қарады. Өзіне жүктелгелі тұрған міндетті Айдос та сезінді. Бір сәтте қылышын қынабынан жартылай суырып, қайтадан орнына салып қойды. Бұл оның сайысқа әзірмін деген ишарасы еді.
Ізінше орыс жағы ортаға алдымен атан өгіз шығарды. Өгіз болғанда да аса ірі еді. Жер тарпып гүжілдейді жануар. Мұндай бәсекені өмірі көрмеген қазақтар аң-таң. Бір кезде ортаға атаман Бакланов шықты. Әп-сәтте қылышын қынабынан суырып, арқандаулы өгізге жақындай бергенде мұндайды өмірі көрмеген қазақ жағы:
– Обал-ай! – деп шу еткен.
Алайда қарсы беттің обал-сауапта шаруасы жоқ. Атаманның дәл қазір жуан өгізді қылышпен бір-ақ шауып екіге бөлер сәтін күтіп шуласады. Шарттың аты – шарт. Қазақ жағы да үнсіз, жауапсыз қала алмайтын. Өйткені бұл намысқа сын.
Соны ойлаған Құрманқұл би:
– Кәпірдің обал-сауапта жұмысы жоқ. Оларға екі дүние бірдей. Бірақ қазақтың намысы сынға түсерде қарап қалуға болмас. Айдос балам, қазір ортаға сен шығасың! Обалы – орысқа, елдің намысын жерге қаратпа, балам! – деген.
Атаман Баклановқа қарсы бәсекеде қауқар көрсетер жалғыз қазақ Айдос екені онсыз да белгілі. Бозбаланың өзі де ата-баба аруағына сыйынып, ортаға шығуға әзір тұрған. Атаман Бакланов қылышын көтере бергенде қазақ жағы іштерін тартып тына қалды. Бір сәт Баклановтың қарулы қолының, өткір қылышының күшімен атан өгіздің шүйде тұсынан шабылған қылыш төсіне дейін жақындап, төс сүйегіне тіреліп қалғаны.
Бакланов уәдесінде тұра алмады. Өгізді өлтіргенімен, оның денесін бір шауып, қаққа бөле алмады. Ендігі кезек – Айдостыкі. Алып бозбала қылышын суырып ортаға шыға берген кезде қазақ жағы аспан астын жаңғырта:
– Аруақ! Аруақ! Аруақ! – деп шу ете қалды.
Қазақтың мәртебесін асқақтатар бәсекенің ендігі тағдыры Айдостың қолында. Бакланов өзі шапқан өгіздің жарты денесін жамбас тұсынан бастап Айдостың алдына қойды.
– Шауып көр, киргизенок! Өмірімде тұңғыш рет өгіздің денесін бір шапқанда бөліп түсіре алмадым! Оның да себебі бар шығар. Бірақ, боқмұрын неме, сенің де шауып тастай аларың екіталай! – деген Бакланов қабағын түйіп.
Намысты қолдан беруге болмайды. Айдос қайқы қылышын көтеріп сілтей берген тұста орыс-қазағы бар дүйім ел сілтідей тына қалды. Бір кезде бозбаланың қарулы қолы сілтеген қылыш көз ілеспес екпінмен төмен түсті. Іле-шала атан өгіздің жамбас сүйегіне дейін қаққа бөлініп, өгіз денесі екі жарылып жатты. Бұл енді қазақ жағы қанша тілесе де орындала қоюы екіталай оқиға еді. Себебі, қылышкерлігімен атағы шыққан атаман Бакланов жасай алмаған әрекетті бозбала Айдос жасай алады дегенге кім-кім де күмәнданып тұрған.
Осылайша Орынбор жәрмеңкесінде дала қазағының бағы басым болып, мәртебесі асқақтаған. Ең басты жеңіс Айдос Құрманқұл немересінікі болатын. Айдостың қылышкерлік машығы сол сәттен бастап дүйім қазақ еліне тарап кетті.
* * *
Би екібастан артық сөзді жек көретін кісі. Төрт ұлы мен немерелерін жинап алып, әңгімені төтеден бастады.
– Таяуда Орынбордың жандаралынан шабарман келді. Сендерді арнайы шақыруымның себебі сол. Алланың жазуы шығар, орыстың ақ патшасына бодан болып, соның қарамағында отырмыз. Ата-бабаларымыз осыдан сексен бір жыл бұрын ақ патшаның құзырына өткенде берген анты мен уәдесі бар. Ал антты бұзу – күнә! Жандаралдың шабарманы маған жарты патшаның өзінің жеке тапсырмасымен келіпті. Соның алдында Орынборға барып жандаралмен кездескенімде бір қулығын сезіп едім. Тілмаш Жаңғабылдың айтуынша, жандарал қарамағындағы халқына тегіннен-тегін ілтипат, құрмет көрсетпейді екен. Маған да, төрт ұлыма да шекпен жауып, шен бергені тегін емес-ау деп ойлағанмын. Көңілім алдамапты. Оның да өтеуі бар екен.
Орыстың офицері болып жүрген Бөлектің Жақыбы орысқа хранцуз деген ел соғыс ашқанын, ол елдің әскері де, қару-жарағы да мықты екенін айтқан. Соған қарағанда, ақ патшаның жаны қысылған сияқты. Орынбор жандаралы шабарманын маған сол мәселеге орай жіберіпті. Ақ патша төтеннен шабуыл жасаған жауына қарсы күресте қазақтан қолдау, көмек күтеді. Жандарал маған жазбаша жіберген хатында өзі бізге берген әскери шенін айтып: «Сіз де, ұлдарыңыз да ақ патшаның әписерлерісіздер. Сондықтан орыс тағына қатер төнген кезде сырт қалуларыңызға болмайды!» деп ескертті. Сендерді ел-жұртпен, халықпен кеңеспестен бұрын арнайы осы шаруаға байланысты шақыртып отырмын. Ал не айтасыңдар? – деген Құрманқұл би аңтарыла қараған ұлдары мен немерелеріне.
Бұл енді естіген құлақ үшін қыста күркіреген күндей оқиға болатын. Бидің орта жасқа тақап, ес жиып қалған ұлдары да, мұрты жаңадан тебіндеген немерелері де қапелімде не айтарын білмей, бір мезет дағдарып отырып қалды. Біраз үнсіздіктен соң үлкен ұлы Байжігіт қолын кеудесіне басып, әкесінің алдына жүгінді.
– Би әке, бізге жандаралдан да, ақ патшаның өзінен де сіздің пәрменіңіз маңызды. Басы ашық бір жайт бар – сіз не айтсаңыз сол болады. Бұған ешкімнің күмәні жоқ. Бірақ айтпаса сөздің атасы өледі, Әбілқайыр хан ақ патшаның боданына өтерде орыс пен қазақтың арасында жасалған келісім бар деп естиміз. Орыспен одақ ұзаққа созыларын ескергені болар, ата-баба сол келісім-шартты қағазбен жазылса өшіп қалады деп арнайы иттің терісіне жаздырған екен. Сол шарт бойынша орыс қазақты әскер қатарына алмайды. Бастапқы келісімде солай көрсетілген деседі. Ол туралы не айтасыз, би әке?
– Әбілқайыр хан ол кезде орыс пен хранцуздың арасында соғыс болуын, орыстардың қазақтан көмек сұрауын біле қоюы екіталай. Сондықтан ол жағы ескерілмеген. Ал қазір басына іс түскенде Ақ патша бізден көмек сұрап отыр. Одан бас тартуға қақымыз жоқ. Орынбор жандаралының пәрмені де солай. Одақтасқа көмектесуге тура келеді. Ұзынқұлақтан естуімше, Ақ патша қарамағындағы халқына түгел үндеу таратып, Ресейді ортақ жаудан қорғап қалуға шақырыпты. Жандаралдың жаушысы таяуда маған Ресейдің мұсылман халықтарына, соның ішінде қазақтарға да таратқан жолдау хатын алып келді. Ақ патша бізден көмек күтеді, сондықтан атсалысуымыз керек. Одан бас тарта алмаймыз, – деді Құрманқұл би.
Бұл әулетте Құрманқұл бидің айтқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Іле-шала соғысқа кім барып, кім бармайтыны талқыланды. Әулет мүшелерінің ешқайсысы бірін-бірі соғысқа айдап салып, өздері елде қала алмайтын. Қазақта он алты-он жетіге келген бозбала соғысқа жарамды деп есептеледі. Құрманқұл бидің ең жас немересі Айдос таяуда ғана он алты жасқа толған. Би атасының жаңағы сөзінен кейін табиғатынан батыр жаратылған Айдос қолын кеудесіне басып:
– Би ата, бір ауыз сөзім бар. Рұқсат етсеңіз, – деді.
Құрманқұл би айта бер дегенді аңғартып, басын изеді.
– Би ата, немерелеріңіздің арасында ешқайсысына жасамаған құрметті маған көрсетіп, Хиуа шеберіне арнайы алмас қылыш соқтырып бердіңіз. Сол пейіліңіздің қайтарымы есебінде өзге бауырларымнан бұрын соғысқа мені жіберуіңізді өтінемін. Шамам жетсе, үмітіңізді ақтауға тырысармын, – деді Айдос.
Төтеннен айтылған ұсынысқа не дерін білмей іштен тынып отырған ағайындылар Айдостың осы сөзінен кейін қозғалақтап қалды. Құрманқұл бидің үлкен ұлы Байжігіт мұндай жиындарда би әкелерінен кейін екінші болып сөз алатын ғадетімен өз пікірін ортаға тастады.
– Би әке, соғыс – той емес, адам қырғыны. Соғысқа аттанғандардың біразы оралмайтыны белгілі. Бұл жердегі әңгіме бір әулеттің еркек кіндіктісіне байланысты болғандықтан, басқа бауырларыма, немере балаларыма «сен бар, сен бар» деуге қақым жоқ. Бірақ, би әке, қарсы болмасаңыз, төрт ұлымды бастап алдымен өзім аттануға әзірмін.
Ағаларының мұндай батыл шешімінен соң қалған үш інісі де үнсіз қалған жоқ.
– Айдосым алғаш болып өз ниетін білдірді ғой, қалған үш ұлым Жананды, Амандос пен Байдосты бастап мен де баруға әзірмін, – деді Намазқұл.
– Ел намысы – ер намысы, басқа бауырларым атқа қонғанда бес ұлым: Құлынқара, Шынабай, Мәмбет, Қарабай мен Қосжанды қалай шет қалдырайын? – деді Қонақбай нығарлана үн қатып.
Бала-шағасы өзі айтқан істен бас тартпайтынын онсыз да білетін Құрманқұл би алқақотан отырған ұрпағын риза көңілмен айналдыра бір шолып шықты.
– Айналайындар, Алла берген ұрпақтарым! Пейілдеріңе разымын. Соғыс ойыншық емес, қырғынның аты қырғын, қазақ атаңның сан соғысты бастан кеше жүріп жинаған тәжірибесін есте ұстау парыз. Мұндай алапат соғыс бір-екі күнде біте қалмайды, оның арты орны толмас адам шығыны, қайғы-қасірет. Қазақ атам мұндайда болашақты, ұрпақтың жойылып кетпеуін есте ұстаған. Сондықтан төрт ұлым мен он алты немеремң қырғынға түгел аттануы шарт емес, болашақты да ойлау керек. Сол себепті бұл соғысқа Байжігіттен Назыбек пен Қазыбек, Намазқұлдан Айдос, Қонақбайдан Құлынқара, Қарашақұбашадан Ізтілеу аттанады! Қалғандары бала-шағаға қорған болып, қанды қырғында жүрген бауырларының амандығын тілеп елде қалады. Кесімді сөз – осы!
Би әкенің тоқетер сөзінен кейін әулет мүшелері ауылдарына тарап, соғысқа әзірлене бастады.
* * *
Ақ патшаның бодандығына өтіп, Жайық казактарымен, башқұрттармен ара-тұра болып тұратын шағын қақтығыстарды айтпағанда ауқымды соғысты көрмеген ел байырғы жауынгерлік дәстүрді ұмытып қалған. Құрманқұл би төңіректегі ысық еліне жаушы жіберіп, соғысқа әскер қамдау ісі басталды. Сан ғасырлық соғыс тәжірибесінің көшпенді қазаққа үйреткені көп болатын. Соғыс жағдайында тыл мәселесі, азық-түлік, қосалқы қару-жарақ мәселесі де маңызды. Құрманқұл бидің тапсырысымен жалпақ жұрт жұмылып соғысқа аттанатын әскерге бұзылмайтын тамақ, негізінен құрт, сары май, сүр ет, қуырылған бидай әзірлеуге кірісті. Айналасы бір аптаның ішінде ысық руының әскері жорыққа тап-тұйнақтай дайын болды. Құрманқұл би әскерді өзі бастап, көп ұзамай Орынборға қарай жолға шықты.
Тастүйін жиналған әскер суыт жүріп Орынборға үш күнде жетті. Жол-жөнекей кіші жүздің басқа руларының жігіттері де қосылып қатарлары көбейе берді. 1812 жылғы қыркүйек айының басы. Құрманқұл би бұған дейін де келіп-кетіп жүрген Орынбордың сырт сипаты кілт өзгергенін бірден байқады. Қаланың төңірегі, іші-сырты самсаған қол, қалың әскер. Казак әскерінен басқа қазақ қосындары да көп.
Орынборда ысық әскерін генерал-губернатор князъ Волконскийдің өзі қарсы алды. Иығында эполетті шинелі бар губернатор Құрманқұл бидің қолын алып сәлемдесті.
– Құрметті би, подполковник Құрманқұл мырза! Ақ патшаның құзырына бас иген адал боданы екеніңізге ешқандай күмәнім жоқ еді. Сол сенімім ақталғанын көріп, өзіңізге шын көңілден риза болып тұрмын. Алғысымды қабыл алғайсыз, мәртебелі би!
– Жоғары мәртебелім, пейіліңізге рахмет! Одақтастың басына күн туғанда үнсіз отыру – қазақ ұлысына жат қылық. Ақ патшаға берген антымыз өз алдына, бұл әрекетімізді өзіңізге көрсеткен құрмет деп те қабылдағайсыз! – деді Құрманқұл би.
Шынтуайтына келгенде князъ Волконский байырғы жауынгерлік рухын жоғалтып алды деп есептейтін қазақтардың соғысқа құлықтылығына онша сене қоймайтын. Сол себепті ысық қолы қалаға кіріп келгенде өз көзіне өзі сене алмай қалған. Қысқасы, бодан қазақтары Орынбор генерал-губернаторының пәрменін асыра орындап, жандаралдың өзі күткеннен де мол әскермен келді. Бұл ең алдымен Ақ патшаның далалық өлкеге тағайындаған наместнигі – Орынбор генерал-губернаторының мәртебесін асқақтататын оқиға болды.
Орынбор өлкесіне қазақтың басқа аймақтарынан да қыруар әскер жиналған екен. Бұрыннан Ақ патша әскерінің қарамағында болып, орыс-түрік соғысында ерлік көрсеткен, шоқынғаннан кейінгі аты Яков Беляков болып өзгертілген Бөлектің Жақыбы тәрізді ұлты қазақ, діні христиан орыс офицерлері атаман Платов корпусының құрамындағы қазақ қосындарының командирлері болып тағайындалды.
Жақып пен Жанғабылдың айтуынша, орыс әскерінің жағдайы мүшкіл көрінеді. Француз әскері әне-міне Мәскеуге енетін сияқты. Жағдай қиындағаннан кейін Ақ патша Орынбор губернаторына қайта-қайта жаушы жіберіп, бодан қазақтардан қанша әскер жиналғанын сұратып жатыр екен.
– Жасыратыны жоқ, қысылтаяң шақта қазақтан әскер жинатқанымен орыс қолбасшылары біздің жігіттердің соғыс машығына күмәнмен қарайды. Оны орыс офицерлерімен әңгімеден байқап жүрмін, би аға. Сондықтан бұл жерде қазақ қосынының алдына жүктелер міндет – қанға бітті жауынгерлік рухты көрсете білу. Жігіттерімізге соны ескерту керек, – деді есаул Яков Беляков.
– Жақып, қазақ баласының батырлығына қашаннан бері сенімсіздікпен қарайтын болғансың? Рас, қалмақ қырғынынан бері қан майданға қалың қосын болып кірген емеспіз. Бірақ ата-бабадан қалған жауынгерлік рух басыла қоймаса керек. Алла қаласа, үш жүздің баласы тегіс атқа мінген бұл соғыста да Алаш баласы өзінің кім екенін көрсетуге тиіс! – деп жауап берді Құрманқұл би.
* * *
Орынбор төңірегі ығы-жығы әскер, самсаған қалың қол. Ақ патшаның Мaнифесті бүкіл қазақ даласына таратылып, әр аймақта сұлтандар, орыс өкіметі тағайындаған старшындар әскер жинаған. Көптен бері соғыс көрмеген елдің астын-үстіне шығарған бұл оқиғаның дүбірі де зор болды. Тіпті кейбір өлкелерде «орыс үшін соғыспаймыз!..» деген пиғылдағы қарсылықтар да туындаған. Дегенмен ортақ мемлекеттің қарамағында болғандықтан, ондай толқу ұзаққа созылмай басылып қалды.
Князъ Волконский есаул Яков Беляковты яғни Бөлектің Жақыбын арнайы шақыртып алып:
– Есаул, қазақ әскері ертең соғысқа кіріседі. Менің алаңдап тұрғаным – бұлардың әскери дайындығы да, ұстаған қару-жарағы да жоқ. Әлде казак пен рекрут әскері сияқты оларды да әскери іске жаттықтыру керек пе? – деп сыр тарта сұраған.
– Жоғары мәртебелім, қазақ баласы туғаннан кавалерист, ат құлағында ойнайды. Оларға атқа мінуді үйретудің қажеті жоқ. Оны онсыз да жақсы біледі. Ал қылыштасу, жауына найза сілтеу әр қазақ баласының қанына сіңген дағды. Садақшыларының мергендігіне де күмән жоқ. Сондықтан бұл әскер қазірдің өзінде соғысуға әзір. Әскери құрылымға келсек, қазақ әскері онсыз да әр руға бөлініп, іріктелген. Әр рудың басшысы жүзбасы немесе мыңбасы болады. Қазақтарда бұл мәселе орайымен шешілген. Бұл әскерді қазірдің өзінде соғысқа салуға болады. Бұған сенімім кәміл, – деді есаул Жақып.
Князъ Волконский есаулдың сөзіне толық сенді. Орынбор төңірегінде лагеръ құрып жатқан қазақ әскерін аралаған кезде ондағы тәртіпті, ұйымшылдықты өз көзімен көрген. Ең кереметі, қазақтар орыс әскері сияқты арақ ішпейді екен. Сондықтан тәртіп бұзушылық жоқ. Оның үстіне, қол бастаған ру басшыларына бір ауыздан бағынатыны қатты ұнады.
Бұл кезде француз әскерінің алды Мәскеуге кіре бастаған. Тұрғындары жаппай көшіп кеткен қала қаңырап жатыр. Ол аз десеңіз, Мәскеу тұрғындары басшылықтың пәрменімен жауға баспана да, азық-түлік те қалдырмау үшін үйлерін жаппай өртеп кетті.
Қазан айында қазақ әскері башқұрт даласын төтелей басып өтіп, батыстағы майдан шебіне аттанды. Ысықтарды бастап барған, жасы жетпістен асқан Құрманқұл би еліне қайта берсе де болатын еді. Алайда би әскерді башқұрт даласына дейін шығарып салуға ұйғарды.
* * *
Құрманқұл би бастаған ысық әскері бидің өзіне бұрыннан таныс башқұрт жерінде шаңырақ көтерген қазақтың Байсақал деп аталатын ауылына тоқтады. Мұндағы халық та абыр-сабыр әрекет үстінде екен. Ақ патшаның әскер шығару туралы манифесті бұл жерде де күшіне еніп тұрған көрінеді. Сол жұмыстың басында Құрманқұл биге бұрыннан таныс осы ауылдың басшысы Байсақал Тілекұлы жүр.
Байсақал Құрманқұл биді құшақ жая қарсы алды. Киімі жартылай қазақша, жартылай татарша. Шұбарланған тілінде тиек жоқ. Тегінің қазақ екенін бет-әлпетінен ғана байқауға болады.
– Қош келіпсіз, Құрманқұл әбзи, – деп қалбалақтады Байсақал жартылай татарша мәнермен. – Қазақ әскері біздің ауыл арқылы өтетіні алдын-ала хабарланған. Жергілікті башқұрттар мен қазақтар сіздің әскерге қосылуға әзір.
Ондай бұйрықтың барын Яков Беляков Құрманқұлға алдын-ала ескерткен. Бір ұлттың арасына екінші ұлт сарбаздарының кіруі қашанда оқиғалы болатын. Себебі ділі, тілдері басқа. Соған орай әскер арасында алауыздық тууы да мүмкін. Әскер арасында ұшырасатын ондай алауыздықты орыс-түрік соғысында басынан өткерген есаул Беляков байыпты үнмен Құрманқұл биге айтып берді.
Байсақал ауылында бірер күн бел жазып, тыныққаннан кейін қазақ әскері батысқа жорығын одан әрі жалғастырды. Бұл жерде оларға башқұрт сарбаздары да қосылды. Бұлар негізінен Ақ патшаның мерзімді қызметіне алынбай, тылда қалған жігіттер болатын. Олардың да қаруы қазақтар сияқты садақ пен қылыш, найза.
* * *
Қазанның ортасында қазақ қолы қиян-кескі соғыс жүріп жатқан Бородиноға жақындады. Далалықтардың көмекке келе жатқанын білетін фельдмаршал Кутузовтың штабы алдарынан арнайы жаушы жіберген. Сондықтан көмекке келген әскерге бірден Раевский батареялары тұсынан француздарға соққы беру міндеті жүктелді.
Қазақ қосыны Бородиноға таң қараңғысында ілікті. Іле-шала екі жақтан да зеңбіректер атылып, қырғын басталған. Басында зеңбірек дегенді алғаш көрген қазақ әскері бір сәт тосылып қалды. Алайда мұндайдың талайын көрген есаулдар Жақып пен Сағит әскердің есін жиғызып, тікелей шабуылға бастады. Ең басты қиындық осы жерде байқалды. Зеңбірек оғынан өлердей үріккен қазақ аттары иесіне ырық бермей әлекке салды. Алайда қанында соғыскерлігі, жаугершілігі бар қазақ әскері оны да жеңе білді.
Таң қараңғысында көшпенділер әскері шабуылға шықты. Бұған дейін мұндай жабайы әскерді көрмеген француздар төбелерінен жай түскендей тосылып қалды. Қазақ әскерінің бір бөлігі атаман Платов корпусының 1-тептяр полкінің құрамында еді. Сол шайқаста бәрінен бұрын осы полк ерекше ерлігімен оқшауланып көзге түсті. Көшпенділер әскерінің көмегімен француздардың беті қайтып, көп ұзамай кейін шегіне бастады. Оны көрген орыс әскерлері рухтана түсті. Шегінген жауды қазақ сарбаздары қуып жүріп кескіледі. Кешқұрым француздар Бородино аймағынан толықтай ығыстырылды.
Бұл ерлікке фельдмаршал Михаил Илларионович Кутузовтың өзі дән разы еді. Кешқұрым штаб офицерлеріне пәрмен беріп, сол шайқаста көзге түскен қазақтардың атын анықтауды тапсырды. Шайқаста, әсіресе, есаул Яков Беляковтың шоқынған қазақтардан құралған бөлімінің ерлігі ерен көрінді. Көп ұзамай есаул Жақып бастаған қазақтан шыққан бірнеше офицер фельдмаршал Кутузовтың алдына шақыртылды.
Кутузовтың қарағайдан қиып салынған аласа ағаш үйдегі далалық штабы толған генералдар екен. Ортада бір көзін таңып алған фельдмаршал Кутузовтың өзі отырды.
– Жоғары мәртебелім, далалықтардың есаулы бастаған бір топ офицер келіп тұр! – деп мәлімдеді адъютанты.
Фельдмаршал кірсін деген белгі берді. Іле-шала орыс әскери киімін киген бес-алты қазақ офицер кірді. Әскери тәртіппен фельдмаршалға құрмет көрсетілді. Далалықтардың Бородино шайқасындағы ерлігіне разы фельдмаршал Михаил Илларионович Кутузов орнынан тұрып, Жақыпқа жақындады.
– Есаул мырза, ерліктеріңізге қанықпын. Императордың алдында берген анттарыңызға адал болдыңыздар. Соған сай сый-құрметке де лайықсыздар! – деген фельдмаршал есаул Жақыпқа марапат есебінде күміс балдақты қылыш тапсырды.
Іле-шала:
– Есаул, біздің офицерлер сіздерді киргиз деп атайды екен. Бірақ менің естуімше, сіздердің ұлттарыңыздың аты басқаша сияқты. Бұл туралы не айтасыз? – деп сұрады.
– Жоғары мәртебелім, мен казак офицері болсам да алдымен өз халқымның баласымын. Рас, барлық офицерлерге тән тәртіппен мен де православие дінін қабылдадым. Шіркеу соған сай маған орысша ат берді. Бірақ менің ұлтым – қазақ. Жергілікті казак-орыстар бізді киргиз деп атайды. Өйткені біздің халқымыздың қазақ деген аты казактардың қызғанышын оятады. Сондықтан бізді киргиз деп атайтыны рас, жоғары мәртебелім. Бірақ біз шын мәнісінде қазақ деген ұлтпыз, – деді есаул Яков Беляков.
– Қызық екен, шынында да қазақ пен казактың аты ортақ. Естуімше, екеуі де еркіндікті жақсы көретін сияқты. Ал сонда «қазақ» ұғымы нені білдіреді? Қайдан шыққан атау? – деп сұрады фельдмаршал Кутузов.
– Сізден жасырып қалуға қақым жоқ, жоғары мәртебелім. Орыс казактары әуелде крепостнойлықтан қашып, қазақ жағына ауған. Өздерін қазақпыз деп атаған. Ақыры олар «казак» деген тұтас бір сословиеге айналып, үлкен әскери күш болды. Біздің қазақ қосындары да тағдырдың дегенімен бүгінде атаман Платовтың казактарымен тізе қосып шайқасып, ортақ жауға қарсы күресуде. Әрі біздің ұлт оны өзіне көрсетілген құрмет санайды, жоғары мәртебелім, – деді есаул Беляков.
Бұл сөзден кейін фельдмаршал Кутузов ойланып қалды. Ізінше штабта отырған генералдарына қарап:
– Мәртебелі мырзалар, есаул мен оның халқының француздармен күресте қандай ерлік көрсеткеніне өздеріңіз куәсіздер. Мұндай ержүрек халықты тарихи атауынан айыру дұрыс емес! Осыдан бастап біздің әскердегі қазақ қосындарын киргиз деп атауға тыйым салынсын! Қазақ әскері казак әскерімен тең дәрежеде бағалансын! Бұны бас қолбасшының бұйрығы деп есептеңіздер! – деді Кутузов.
Фельдмаршалдың бұл сөзі штабта отырған казак генералдарының көбіне, солардың арасында атаман Платовқа да ұнаған жоқ, бірақ бұйрықтың аты бұйрық. Фельдмаршалдың бұл пәрменіне олар амалсыздан бас ұрды.
Осы оқиғадан соң майдандағы қазақ әскерінің жағдайы күрт жақсарды. Генералдар қазақ қосындарына орыс бөлімдерімен бір деңгейде қарай бастады. Ең басты қиындық әскерді тамақтандыруға байланысты еді. Орыс әскерінің негізгі қорегі – сұлы, қарақұмық ботқасы мен шошқаның еті, майы. Ал мұсылман қазақ қосындары шошқа етін харам санайды. Біразға дейін орыс әскерінің тыл қызметкерлері қазақ қосындарына «жесең де, жемесең де, өзің біл…» деген пиғылмен шошқа еті мен шошқа майын жіберетін. Қара мал немесе қой етін іздеп бас ауыртпайтын. Фельдмаршал Кутузовтың есаул Жақыппен және басқа да қазақ офицерлерімен болған кездесуінен кейін қазақ әскеріне шошқа етін беру күрт тоқтатылды. Оның орнына соғыста жараланған әскери жылқының, қара малдың еті беріле бастады.
Бұл да үлкен прогресс болатын…
* * *
Бородино шайқасында қоршауда қалған Раевский батареяларын құтқаруда көрсеткен ерлігі үшін фельдмаршал Михаил Илларионович Кутузов тарапынан қазақ қосындарына, әсіресе тептяр полктерінің құрамындағы қазақ бөлімдеріне үлкен құрмет көрсетілді. Есаул Яков Беляковтан басқа да марапатқа ие болған қазақтар көп еді. Атап айтқанда сарбаз Майлыбайұлы – күміс медальмен, старшина Қарынбай Зындағұлұлы6 – көгілдір ленталы медальмен марапатталып, жүзбасылар Мұрат Құлшаранұлы7 мен Еріш Азаматұлына8 хорунжий офицерлік атағы берілді.
Марапат алғандардың қатарында сарбаз Боранбай Шашубайұлы9, есаул Ықсан Әубәкірұлы да бар еді.
Ал башқұрт құрамасының қатарында ерекше дараланып, ерлік көрсеткен Нарынбай Жанжігітұлына10 «Георгий» ордені табысталды.
Тарихи деректерге жүгінсек, 1812 жылғы соғыста Бородино шайқасының маңызы зор. Бородинода орыс патшасы І Александр Мәскеуден айырылса, император Наполеон тағынан айырылды. Орыс әскері бұл шайқасқа 150 мың адам мен 587 зеңбірегімен қатысты. Наполеон бұл шайқаста жеңіске жетіп, орыс әскерін талқандап, Ресейді бітімге қол қойдыруға асықты. Кутузов болса шайқаста қорғанысқа көшіп, жаудың әскерін барынша шығынға ұшыратпақ болды.
1812 жылдың 26-тамызында таңғы 5-те басталған Бородино шайқасы 15 сағатқа созылып, түнде аяқталды. Орыстар 45 мың адамынан, француздар 35 мың адамынан айырылды. Бұл шайқасты «Генералдар шайқасы» деп те атайды. Орыс әскерінің 4 генералы өліп, 23-і жараланса, француздардың 12 генералы өліп, 38-і жараланды. Шайқас тең аяқталды десе де болады. Наполеон орыс әскерін жеңе алмады, Кутузов Мәскеуді қорғай алмады. Наполеон өзінің 18 мыңдық гвардиясын шайқасқа қатыстырған жоқ, шегіну үшін сақтап қалды. Кутузов та өзінің 9 мыңдық әскерін шайқасқа қосудан тыс қалдырды. Алайда екі жақ та бар күшін аямай сарқып соғысты.
Соғыста жараланған сарбаздар әскери-дала госпиталі – лазаретке жеткізіледі. Қазіргі дәрігерлер ондағы жағдайды көрсе есінен танып қалар еді. Дәрігер Н.Пироговтың наркозды ойлап табуына әлі 40 жыл бар. Денедегі оқты алып тастау үшін жаралыға бір стакан арақ берді. Аяғы мен қолын кесу үшін басына қапшық кигізіп, ағаш балғамен маңдайынан ұрып, есінен тандырып тастайды. Операциядан соң есін жиса аман қалып, әрі қарай өмір сүреді, кейбірі сол күйі есін жимастан өліп кетеді. Осыны білетін сарбаздар шабуылға шыққанда дала лазаретіне түскенше бірден өліп кетейінші деп Құдайдан жалбарынып сұрайтын.
Дала лазаретіндегі сарбаз бен генералдың жағдайы бірдей болатын. Атақты генерал князъ Багратион жамбасына тиген снаряд жарқыншағының зардабынан қайтыс болды. Ол кезде ешқандай антисептик ойлап табылмаған. Бас дәрігер Яков Виллие жарқыншақты алғанымен, Багратион гангренадан өліп кетті.
Халықаралық «Қызыл крест» ұйымы әлі құрылмаған. Жаралыларға екі жақ та айуандықпен қарайды. Смоленск қаласын тастап кетерде орыстар екі мың жаралы сарбазын, Бородино шайқасында жараланған сегіз мың сарбазын Можайск қаласындағы госпитальге тастап кетті.
Француздардың да жаралы сарбаздары жеткілікті болатын, сондықтан олар орыстарды госпитальдың екінші қабатындағы терезеден далаға лақтырып тастады. Бұдан соң Фили деревнясындағы әскери Кеңесте фельдмаршал М. Кутузов Мәскеуді жауға беру туралы шешімін айтып: «Мәскеуден айырылсақ, Ресейден айырылдық деген сөз емес, ал әскерден айырылсақ Мәскеуден де, Ресейден де айырыламыз» деген тарихи сөзін айтқан.
Наполеон Бонапарттың әскері бос қалған Мәскеуге ешқандай кедергісіз кірді. 275 мың тұрғыны бар қалада алты-ақ мың адам қалыпты. Олар да, негізінен, Ресейге жұмыс істеу үшін келген шетелдіктер. Қаладан шыққан жағдайда орыс мұжықтары оларды француздармен шатастырып өлтіріп тастайтын, ара-тұра ондай оқиғалар кездесіп қалатын.
Наполеон Мәскеуді алумен орыстарға бағытталған соғыс аяқталады деп аузынан қағынып, ақыры әскеріне ие бола алмай қалды. Мәскеу бай қала болатын, көпестердің жерасты қоймасында азық-түлік пен арақ-шарап жеткілікті еді. Мәскеуде 14-қыркүйек пен 19-қазан аралығында француз сарбаздары тонаушылық пен зорлыққа барып, әскери қабілетінен айырылып қалды. Осыны түсінген Бонапарт Мәскеуді тастап шықты.
* * *
Бородинодан еріксіз шегінген француздар алғашқы бетте мына жеңілісті мойындағылары келмеді. Сондықтан Маршал Мюрат шегінген әскерін тоқтатып, шұғыл далалық жиын өткізді. Орман іші. Қыс ауасы. Кешегі қанды шайқастан қатты шаршап қалжыраған әскер әр жерге топтасып, түтіндете от жағып жылынып отыр. Төңіректе шолғыншы драгун жасағы көз ілмей бақылап жүр. Маршал Мюрат генералдары өздерін тосып отырған лагеръге беттеді. Кешегі соғыстан қажыған әскерінің жағдайы ауыр екені көзге ұрып тұр. Әр жерде медбикелер жаралыларға ем жасап жатыр. Күні кешегі айдарынан жел ескен әскерінің осы бір аянышты жағдайын көрген маршал ауыр ойға батты. Наполеон жорықтарының бәріне қатысып, мол тәжірибе жинаған қолбасшы әскерінің мұндай ауыр шайқастардан кейін де бірер күн тынықса бұрынғы қалпына келетінін жақсы білетін. Бұл Бородинодан шегінген әскердің Вязьма түбіне шоғырланған сәті болатын. Сол сәтте сол жақ қанаттағы әскерінен шұғыл жаушы келіп жетті. Жүрісі өте суыт көрінді. Астындағы аты ақ тер-көк тер.
Жаушы офицер:
– Маршал мырза, сол жақ қанаттан бес мыңдай жау әскері жақындап келеді дейді. Маршал Ней сізден көмек сұрайды. Жаудың бет алысы қатты. Кілең атты әскер. Әрі орыс емес, кілең қысық көз, жалпақ бет адамдардан тұрады. Өздері қорқу-үрку дегенді мүлдем білмейді. Біздің алдыңғы шептегі бір жарым мыңдық гусар полкына тосыннан түре тиіп, әп-сәтте жойып жіберіпті! – деп мәлімет берді.
Кешегі қырғында маршал Мюрат басқа қолбасшылардай тылдағы тыныш штабта отырмай, әскерінің алдыңғы сапында жүрген. Француз әскері орыстарға шешуші соққы берер тұста күтпеген жерден тұтқиылдан шабуыл жасаған қысық көз сарбаздарды өз көзімен көрді. Наполеон жорықтарына Мысыр сапарынан бері қатысып келе жатқан маршал небір сипаттағы, әртүрлі ұлттардан құралған әскердің неше түрін көрген, бірақ дәл мұндай сарбаздарды ешқашан кездестірмепті. Өзі жақсы білетін орыстың байырғы әскеріндей емес, үстіне әртүрлі киім, негізінен тері шекпен, басына ортағасырлық дулыға киген бұл ерекше әскер маршалға о дүниеден оралған Аттилланың немесе Шыңғысханның әскеріндей болып көрінді. Бірақ Шыңғысхан мен Аттилла қайда, Кутузов қайда? Маршал Мюрат бұл қосынның Ресейдің Азиялық аймағынан келген жауынгерлер екенін бірден түсінді. Сан алуан ілімнен хабары бар білімді де сауатты қолбасшы азиялық көшпенділердің ерекше жауынгер халық екенін бұрыннан білетін. Алайда бұған дейін кездестіріп көрмеп еді. Орыс әскерінің азиялық жабайы қосыны соғысқа орыстар сияқты «уралап» емес, азиялық қайқы қылышын аруақтана суырып:
– Алла! Алла! – деп кіріседі екен.
Тәжірибелі маршал «Аллалаған» ұранды Наполеонның Мысыр жорығында да естіген. Оның үстіне өз әскерінің құрамында да Мысырдан қосылған мұсылман мамлюктер бар. Тәжірибелі қолбасшы Мысыр мамлюктерінің Бейбарыс Сұлтаннан қалған әскери машығы барын Мысыр жорығында-ақ байқаған. Мамлюктер шынында да қолма-қол шайқастың қас шебері екен. Көпті көрген Мюрат мамлюк қосындары атты әскер соғысының нағыз шебері екеніне көз жеткізді.
Пруссиямен соғыста ерекше көзге түскен мамлюк қосынын маршал резервте ұстайтын. Мамлюктер де орыс әскерінің құрамындағы далалықтар сияқты жалпақ бет, қысық көз. Еуропалық әскерге әсте ұқсамайды. «Аллалап!» ұрандатып шапқанда пруссактардың маршал Блюхер басқарған әскерін тоз-тоз қылып тентіретіп жібергеніне куә болған.
– Сол қанаттан шабуыл жасаған азиялық қысық көз әскердің саны қанша? – деп сұрады маршал жаушы офицерден.
– Бес мың шамасында. Зеңбірегі де, от-қаруы да жоқ. Кілең садақ пен қылыш, найза ұстаған. Атқан оқтан да, зеңбірек добынан да қорқу, беті қайтып қаймығу дегенді білмейді. Алапат шабуылмен біздің мақтаулы гвардиялық гусар полкын әп-сәтте жайпап тастады, – деп жауап қатты ол.
Көпті көрген, психологиялық соғыстың не екенін жақсы білетін маршал еуропалық әскер үшін өздері мүлдем көрмеген далалық қосынмен шайқасудың қаншалықты қиын екенін бірден түсінді. Өткен шайқастарда далалық жауынгерлердің атқа отырысы ерекше болатынын байқаған. Атқа қаққан қазықтай тіп-тік қонжиып, аттың денесімен дене болып отыратынына айырықша назар аударды. Далалық әскердің осы ерекшелігі француздарды тегіс таң қалдырды, тіпті әскер арасында «бұлар – адам емес, кентавр!..» деген аңыз тарап кетті.
Бәрінен бұрын маршалды далалық сарбаздардың жауына қылыш сермеу тәсілі қайран қалдырды. Далалықтар жауына қылыш сілтеген кезде денесінің салмағын аттың мінер жағындағы яғни сол жақтағы үзеңгіге еңсере түсіреді екен. Өзі де жастайынан кавалериялық соғысқа машықтанған маршал Мюрат еуропалық әскерде ондай тәсіл жоғын жақсы білетін. Басында далалықтардың осы тәсілін өз әскеріне үйретуге тырысып көрген. Бірақ бұл әрекеті нәтиже берген жоқ. Маршал Мюрат далалықтардың ат үстінде қылыштасуға байланысты осы ерекшелігін көргеннен кейін азиялықтардың қылышы еуропалық семсер сияқты тік емес, неліктен қайқы болатынын түсінді. Қылыштың қайқы жүзі шабудың, тілудің тиімділігін арттырады екен.
Ал қылыш сілтеген кезде салмақты сол жақ үзеңгіге шірене түсіру шабуыл қарқынына қауқар қосып, қосымша күш береді. Ондай шабысқа қалқан да, сауыт та, көлденең қойылған мылтық ұңғысы да кедергі бола алмайды.
Үнемі әскерімен бірге алдыңғы шепте жүретін батыр қолбасшы Мюратты қайран қалдырған тағы бір керемет бар. Маршалды бәрінен бұрын далалық әскердің астындағы атының сергектігі, ұғымталдығы таң қалдырған. Кәдімгі адам сияқты үстіндегі иесінің ыңғайын, мақсатын сезіп, түсініп тұратын далалық жылқының ұғымталдығы да ерекше. Еуропалық жылқы сияқты биік, ірі болмаса да жатаған келген даланың жабылары ең қиын сәттерде иесін жерге қаратпайды. Еуропалық кавалерия қолма-қол шайқаста алдымен жауының астындағы атын құлатуға тырысады. Семсерін алдымен жауының атының басына сілтейді. Соңғы кезге дейін осыны жақсы білетін еуропалық әскер жауынгерлік атының басына, маңдайына ауыр қалқан кигізіп келді. Іс жүзінде мұндай тәсіл соғыс атының көру қабілетін төмендететін әрі қосымша салмақ салып ауырлататын.
Ал далалық жылқыға оның қажеті жоқ. Себебі далалық жылқы өзіне қарсы сілтенген қамшы мен шоқпарды былай қойғанда қылышты да сезіп, басын алып қашады. Далалықтармен шайқаста Мюраттың одан басқа да байқаған ерекшелігі – атты әскер соғысында еуропалықтар сияқты емес, далалықтар жауының астындағы атына қылыш жұмсамайды. Олардың мақсаты – жауының өзін құлату, сосын шамасы жетсе жауының босаған атын өзімен бірге жетектеп әкетуге тырысады. Тағы бір кереметі, далалықтардың аласа болса да белі мықты жауынгер аты қолма-қол соғысқа әбден бейімделіп, үйренген сияқты. Қарсыластың әр қимылын бағып, қылышын сілтеген сәтінде басын оңды-солды алып қашады екен.
Маршал қолына мушкет орнына садақ ұстаған жабайы сарбаздардың тобымен шауып келе жатып қарсы бетке жебені жаңбырша жаудыратынын да көрді. Өзінің қарамағындағы баяғы тевтон рыцарьларының дәстүрімен темір сауыт киген кейбір жауынгерлердің денесіне мушкеттің оғы дарымайды. Дарыған күнде де мушкеттің қорғасын оғы темір құрсауды тесіп өте алмайды. Не кереметі барын кім білсін, қысық көз сарбаздар боратқан жебенің сол рыцарь сауытын тесіп өткенін көріп, есі шыға таңғалған.
Оның үстіне, далалық қосын қаша жүріп соғысудың еуропалық әскер мүлдем білмейтін ерекше тәсілін қолданады екен. Далалықтар жауына «Аллалап!» шауып келіп, алдыңғы шебін жайпап өтеді. Жауы кейін серпіліп, тығыздалып, жұмған жұдырыққа айнала бастағанда аяқ астынан кейін қарай күрт лықсиды. Яғни қашудың ишарасын жасап, жұмған жұдырыққа айналып, күшейе бастаған жауын өздерін қууға итермелейді. Еуропалық әскер ондай қулықты білмейді, қашқан әскерді қуып жүріп қыруға бейім тұрады.
Маршал Мюрат далалықтар мұндай тәсілді сонау Аттилла заманынан бері қолданатынын бұрын да естіген. Бірақ алғаш рет өз көзімен көріп, әскері арандағанда ғана оның қаншалықты тиімді маневр екеніне көз жеткізді. Қайта шапқан жау жаман, қайтара соққан кері толқын адам сенбестей қуатты болады әрі сұрапыл соққыдан қатары ыдыраған қарсы жақ қауқарынан айырылып, бәлендей қарсылық көрсете алмайды, ақыры тегіс қырылып тынады.
Маршал мұндай ұтымды соғыс тактикасын алғаш рет Наполеонның Мысыр жорығында мамлюк әскерімен қақтығыста көрді. Әрі оның соғыс өнерінде аса тиімді тәсіл екенін анық түсінді. Тәжірибелі қолбасшы осы тактиканы өз әскерінде қолданбақ болып талай рет әрекеттеніп көрді, бірақ еуропалық әскер оны игере алмады. Өйткені еуропалық психологияда бір шегініп, беті қайтып қалған әскерді қарсы шабуылға шығару әсте мүмкін емес.
Орыстармен соғыста маршал Мюрат алғаш рет далалық қосындарды көргенде-ақ Мысырда басынан кешкен сол оқиғаларды есіне алды. Маршалдың қарамағында француз әскерінше киінген мысыр мамлюктерінен жасақталған полк бар. Қолбасшы өзі резервте ұстайтын сол полкқа іштей үлкен сенім артатын.
Алайда жаушы офицердің суыт хабары жақсы емес еді. Гусар полкын әп-сәтте қырып тастаған қысық көз қосынның беті қатты көрінді. Оның үстіне, Мюрат әскерінің ең әлсіз тұсы – сол қанаты. Одан әрі күтудің еш қисыны жоқ еді. Маршал штаб офицеріне мамлюк қосынының командирі Абдуллаһты шақыруға пәрмен берді.
Көп ұзамай қасында екі сарбазы бар Абдуллаһ маршал Мюраттың алдында тұрды. Мамлюктар французша білмейді, тілдері арабша. Ара-тұра қыпшақ тілі дейтін, француздар өмірі естіп көрмеген әлдебір бөтен тілде сөйлеседі. Абдуллаһтың қасында ұдайы бірге жүретін екі сарбазының бірі – тілмаш. Пруссактармен соғыста француздардың қолына Прибалтика рыцарьларының құрамында соғысқан ұлты литвалық татар офицер түскен. Сол татар офицер қыпшақтілді мамлюктер мен француз қолбасшыларының арасындағы аудармашы-тілмаш қызметін атқарып жүр.
Ат үстінде қаққан қазықтай болып тік отырған көк мундирлі Абдуллаһқа барлай қарады. Киімі еуропалық болғанымен, түр-сипаты азиялық. Өзі орыс әскерінің құрамынан талай мәрте көрген далалықтардан аумайды.
– Сол қапталдан орыстардың азиялық әскері шабуыл жасады. Соны тоқтату мамлюк полкына жүктеледі. Қарсыластарыңыз ортағасырлық садақ, найзамен қаруланған жабайы әскер. Сізге жүктелер міндет – солардың бетін қайтару. Көріп отырсыз, тапсырма өте жауапты. Орындаңыз! – деп бұйырды маршал.
Маршал Мюрат өз шешімінің дұрыстығына әсте күмәнсіз еді. Себебі соғысу тәсілі еуропалықтарға мүлдем ұқсамайтын жабайы қосынның бетін бір қайтарса өздері сияқтылар ғана қайтара алады. Алайда маршалдың көкейінде себебін өзі де білмейтін бір күдік бар. Ол мамлюктер мен орыс әскерінің далалық қосыны арасындағы әлдебір ұқсастықты, ортақтықты сезінгендей болды.
Алдыңғы шайқастарда қолға түскен тұтқындардың арасында орыстардың далалық қосындарының жаралы сарбаздары да бар. Французшаны былай қойғанда, олар орысша да білмейтін болып шықты. Бірақ тілдері француздардың арасындағы бірлі-жарым татарлардың тіліне ұқсас. Мюраттың көкейіндегі қауіп соған байланысты туындаған – тілдері ортақ, түрлері де ұқсас екі әскер бір-бірімен соғыса қояр ма екен?..
* * *
Наполеон әскерінің тәртібі қатал, бұйрықты сөзсіз орындау міндет. Мюраттың пәрменінен соң Абдуллаһ өз полкын бастап орыстың далалық қосынына қарсы аттанды. Абдуллаһ олармен бұрын да шайқасып көрген. Орыстың еуропалық сарбаздарындай емес, олар мамлюк әскерінің қаша шайқасу тәсіліне алдырмайтынын біледі. Керісінше өздері де тура сондай тәсіл қолданып, біршама қиындық туғызған.
Абдуллаһ әскерін бастап Вязьма түбіндегі соғыс алаңына келгенде қарсы беттегі қарсыластары шайқасқа сақадай сай тұрған. Мамлюк қосынын байқаған олар бірден қылыш суырып, «Аллалап!» шабуылға шықты. Бұл енді еуропалық әскердің соғыс машығына мүлдем ұқсамайтын көрініс болды. Екі жақта да біреуі — француз әскерінің көк мундирін киген, екіншісі – тері шекпен жамылған азиялық әскер.
Осы бетпе-бет шайқаста екі жақ та «Алла! Алла!» деп ұран салды. Кәдімгі мұсылман әскерлерінің қақтығысы. Басында екі жақ бірдей ұрандатқандарын біліп, сәл аңтарылып тұрып қалды. Алайда «жауды аяған жаралы», бұл — бітіспес соғыс.
Орыстың далалық қосынының командирі 1-тептяр полкының есаулы Сағит Хамитұлы11 болатын. Сағит Хамитұлы есаул Яков Беляков яғни шоқынған қазақ Жақып Бөлекұлы сияқты емес, дінін өзгертпеген. Іскерлігімен, ақылымен, әскери істегі машығымен орыс қолбасшылығының көңілінен шығып, мейіріміне бөленіп, казак әскерінің есаул шенін алған ақылды адам. 1-тептяр полкін бастап Вязьма түбінде маршал Ней әскерінің тұтас гусар полкын қырып жіберген бұл қосын соғыс тәсіліне әбден төселіп, шеберлігін мейлінше арттырған әскери бөлім.
Осылайша Абдуллаһ басқарған мұсылман мамлюктері мен есаул Сағит Хамитұлы басқарған 1-тептяр полкының мұсылман қазақтары қарама-қарсы келіп жан алып, жан беріскен шайқасқа кірісіп кетті. Есаул Сағит Хамитұлы көк мундир киген француз әскерінің түр-сипаты еуропалық емес екенін бірден байқады. Екі жақ «Аллалап!» бір-біріне қылыш сілтесіп, қырғын қыза түсті.
Құрманқұл бидің немересі Қазбек тептяр полкының алдыңғы сапында еді. Алғаш кездескен бір-екі жауын шауып құлатқан соң қарсы жақ әскерінің де өздері сияқты қазақ бітімдес екенін аңдап, «шапсам ба, шаппасам ба?» деп тосылып қалды. Алайда қоян-қолтық шайқаста аңысын аңдып тұруға, ойланып жатуға уақыт қайда, жауыңды өлтірмесең өзің өлесің. Бір-екі қарсыласын құлатқан Қазбектің қарсы алдынан еңгезердей бір мамлюк сарбазы шыға келгені. Қолында ауыр семсері бар. «Аллалап!» ұрандатып Қазбекке ақыра ұмтылды. Мамлюктің сілтеген семсерін қағып жіберген, ағындап өте шыққан қарсыласы атын кері бұрып, қайта ұмтылды. Дәл осы сәтте Қазбектің есін шығарған бір оқиға болды. Бір-бірін аямай кескілескен екі жақтың аузынан да ұрандатқан айғаймен қоса шыққан боқтық аралас сөз құлағына жеткен.
Қарсыласы өзіне қарай:
– Әкеңнің аузын! – деп ұмтылғанда Қазбек бір сәт не істерін білмей аңтарылып қалды. Дегенмен мұндай боқтықтан кейін үндемей қалуға бола ма, Қазбек те:
– О, атаңның! – деп қарсы ұмтылған.
Сол мезет бір-біріне бетпе-бет келген мамлюк сарбазы да, Қазбек те қылыштарын жоғары көтерген қалпы тұрып қалған. Себебі екеуі де таза қазақ тілінде боқтасып тұр. Басында байқамапты, екеуі қылыштасып жүріп, кескілесе шайқасқан әскердің бір шетіне қарай ығысып кетіпті. Сол сәтте мамлюк сарбаз:
– О, сорлы! Мұсылмансың ба? – дегені.
Қазбек те:
– Иә, мұсылманмын, қазақпын! – деп жауына тесіле қарады да жаңа ғана өзін өлтіруге ұмтылған жауының қазақша сөйлегенін естіп, таң қалған күйі:
– Сен де қазақсың ба? – деп сұрап үлгерген.
Қылышын көтеруін көтерсе де Қазбекке сілтей алмай тұрып қалған қарсыласы:
– Жоқ, мен қыпшақпын! Мамлюкпін! – деді.
Бірақ тілі таза қазақша. Қазақша болғанымен, қазақ емеспін деп тұрған қарсыласын не шабарын, не шаппасын білмей аңырып тұрғанда кері лықсыған мамлюк әскері қайтқан толқындай әлгі қыпшақты өзімен бірге ілестіре лықсытып алып кетті.
Мамлюктер мен қазақ қосындары арасындағы кескілескен шайқас осылай қызыл іңірге дейін жалғасты. Ең соңында жаралылары мен өлгендерін майдан даласында қалдырып, мамлюктер кері шегінді. Кешке қарай соғыс қимылдары тоқтатылып, есаул Сағит Хамитұлы қолға түскен мамлюк сарбаздарын бір жерге топтастыруға бұйрық берді. Қазбектің жүздігі жинаған тұтқындардың арасында мамлюк полкының командирі, өлімші болып жараланған Абдуллаһ та бар еді. Есаул Сағит Хамитұлы Абдуллаһтың полк командирі екенін білгеннен кейін одан өзі жауап ала бастады. Оң жақ иығынан өкпе тұсына дейін қылыш шапқан Абдуллаһ шала-жансар болатын. Қазақ әскерінің емшілері жарасын жуып, байлағаннан кейін аздап тілге келді.
Есаул Сағит қолға түскендермен тілдесу үшін ешқандай тілмаштың қажеті жоғын шайқас кезінде-ақ түсінген. Сондықтан Абдуллаһтан жауапты тікелей өзі алды. Тұтқындарға қорлық көрсету, одан да бетер қысым жасау – күнә әрі шариғатқа жат. Есін жинаған Абдуллаһқа есаул алдымен қымыз бергізді. Башқұрт пен қазақтан басқалардың бәрі қымызды алғаш ішкенде мұрнын тыржитып ашырқанады. Абдуллаһ өзіне ұсынылған бір тостаған қымызды бір демде ішіп салып, қымыз құйып отырған сарбазға таза қазақ тілінде:
– Тағы да құй! – деді өктем дауыспен.
Жаралы мамлюктің қазақша сөйлегенін естіп, қызығуы арта түскен. есаул Сағит:
– Қазақсың ба? – деп сұрады.
– Жоқ, қыпшақпын, мамлюкпін! – деді Абдуллаһ.
Мамлюк дегенді бұған дейін естіп көрмеген қазақтар аңтарылып бір-біріне қарады.
– Тілің қазақша ғой, – деді Қазбек.
– Жоқ, мен өз тілімде сөйлеп тұрмын. Ал сендер біздің тілді қайдан білесіңдер? – деп сұрады Абдуллаһ таң қалғанын жасыра алмай. Ол да өзін тұтқынға алған әскердің өз тілінде сөйлеп тұрғанына таң. Бірақ өзін қазақ емеспін, қыпшақпын дейді. Мамлюк командирінің, қолға түскен басқа да мамлюктердің тілі мен қимылы қазақтан аумайтыны бұлардың да есін шығарды. Біртіндеп әңгімелерінің мәні кіре бастады.
Сөйтсе мамлюктердің арғы тегі қазақ даласынан шыққан қыпшақтар екен. Кереметі сонда, қанша ғасырдан бері арабша сөйлеп жүрсе де ата-бабасының тілін, әдет-ғұрпын әлі күнге дейін сақтап келе жатқан көрінеді. Әңгімелесе келе Абдуллаһ та, қолға түскен басқа мамлюктер де өз қандастарының арасына түскенін түсінді. Өздері мүлдем көрмеген, ата-бабасының әңгімесінен ғана білетін тарихи Отандары туралы қызыға сұрады, көп нәрсені біліп, естіп, көзіне жас алған мамлюктер де болды.
Таң алдында қаны тоқтамай әбден әлсіреген Абдуллаһ есаул Сағит Хамитұлын шақыртты. Абдуллаһтың өзін тегін шақыртпағанын есаул да түсінген. Қасына Қазбекті ертіп, Абдуллаһ жатқан шатырға кірсе мамлюк командирі әбден әлсіреп қалған екен. Ыңырсып әзер тіл қатады. Сағит пен Қазбекті көріп басын әзер көтерген Абдуллаһ арабша мен қазақшаны араластыра отырып тіл қатты.
– Сіздермен қандас, туысқан екенімізді енді біліп, кәпірдің соғысы үшін қан төгіскенімізге өкініп жатырмын. Бірақ бәріне Алла Тағала төреші. Бәрі де соның пәрменімен болған іс. Біздің шыққан тегіміз өздерің қазақ деп отырған ұлттан екеніне көзіміз жетті. Бірақ қазақ деген сөзді тұңғыш рет сендерден естіп отырмыз. Біз өзімізді қыпшақ деп атаймыз. Ол – біздің бабаларымыздың жастай құлдыққа сатылып, мамлюк атанып кеткен кезден қалыптасқан атауы. Одан бері де бірнеше ғасыр өтіпті. Ата-бабамыз сендердің елдеріңнен болғандықтан осыдан бастап біз де қазақ шығармыз. Әрине, қазір бізде арабқа айналу үрдісі басым. Соңғы кезде балаларымыз араб қызына үйленіп, ұрпақтарымыз арабтана бастады. Одан әрі қыпшақ боламыз ба, болмаймыз ба — ол да белгісіз.
Иықтан шабылған қылыштан қаным сарқылып, әне-міне ата-баба аруағының қатарына қосылудың аз-ақ алдында жатырмын. Бірақ ақтық сапарға өз қандастарымның, ата-баба топырағынан шыққандардың арасында аттанатынымды біліп, соған шүкіршілік етемін. Денем кәпірдің жерінде қалатыны ғана өкінішті. Туысқандарым, сендерге айтар бір аманатым болып тұр. Бүгінгі таңға жетпейтін сияқтымын. Өлгеннен кейін мені мұсылман рәсімімен арулап көмерсіңдер, – дегенді үзіп-үзіп әрең айтқан Абдуллаһ сәл-пәл кідіріп, алып тұлғалы Қазбекқа қарады.
– Батыр жігіт, сенің қылышкерлігіңді бірден байқадым. Сен сияқты шебер сарбаз өмірде сирек кездеседі. Осы соғыстан аман қалып, еліңе оралсаң саған айтар тағы бір аманатым бар. Топырағым кәпірдің жерінен бұйырарын біліп жатырмын. Бірақ арманда кетпейін, жігітім. Денемнің бір бөлшегі ата-бабам армандап көре алмай кеткен түп тамырымыз басталған тарихи Отанымызда жатсын. Тәнімді көмерден бұрын шынашағымды шауып алып, елге аман жетсең сол ата-бабаның мекеніне апарып арулап жерлерсің, туысым. Бұл менің саған Алла алдында жүктеген ақырғы аманатым, – деді Абдуллаһ Қазбекке.
Құрманқұл бабасының тәлімі мен тәрбиесін көріп өскен Қазбек құдайы аманаттың не екенін жақсы білетін. Би атасы да жастайынан немерелерін «аманатқа қиянат қылмаңдар» деп өсірген, сондықтан Қазбек әне-міне о дүниеге аттанғалы жатқан мұсылман сарбаздың ақтық аманатын шын жүрегімен сезінді. Оны орындауды алдына міндет етіп қойды.
Таң алдында Абдуллаһ бақилық сапарға аттанып кетті. Қазақ қосыны оны жау деп емес, өз бауырларындай арулап жерледі. Тіпті сарбаздар арасында қимастықпен көзіне жас алғандар да ұшырасты. Әсіресе бұл оқиға Қазбекке қатты әсер етті. Айтқанындай етіп арулап жерлер алдында Абдуллаһтың шынашағын қылышпен шауып алып, шүберекке орап, су тимес үшін сиырдың мүйізінен жасалған құтыға салып, қоржынының түбіне тығып қойды.
Абдуллаһты жерлегеннен кейін дұға оқылып, ас берілген. Есаул Сағит Хамитұлы сөз сөйлеп:
– Ал, бауырларым, мына мұсылман сарбазының қазасы бәрімізге ой салып кетті. Алланың дегені шығар, орыстың боданы болдық. Қиын-қыстауда бір-бірімізге қолдау көрсетеміз деп ата-бабаның аруағымен ант етіп, ит терісіне келісімшарт жазған екенбіз. Ол да Құдайы аманат. Одақтастың басына күн туғанда көмекке келіп едік, қанша адам елге ораларын бір Алла біледі. Мына иманды болғыр мамлюк сарбазының сүйегі жат жұртта қалды. Әйтеуір Құдайдың аяғаны шығар, мұсылман рәсімімен жерледік, қалғанымыздың жағдайымыз не болары Жаратушыға ғана мәлім. Берген сертке, Ақ патшаға адал боламыз деп айтқан анттымызда тұру – біздің парызымыз. Ең бастысы, босқа қырылудан сақтасын Алла! – деген.
1-тептяр полкындағы қазақ қосынының ұрымтал сәттегі бұл ерлігі командование тарапынан ескерусіз қалмады. Осы ерлігі үшін қосын командирі есаул Хамитұлына «Қасиетті Анна» ордені табысталды. Ал Нарынбай Жанжігітұлы «Георгий» орденімен, Әмен Байбатырұлы күміс медальмен, Майлыбайұлы, Қарынбай Зындағынұлы күміс медальмен марапатталып, оларға офицерлік хорунжий шені қоса берілді. Есаул Ықсан Әубәкірұлына Вязьма түбіндегі сол соғыста көрсеткен ерлігі үшін медаль табысталды. Осылайша қазақ қосындарының мың сегіз жүз он екінші жылғы соғыс кезіндегі ерлігінің жарқын беті ашылды.
* * *
Кутузовтың тапсырмасымен осы шайқастағы ерлігі үшін есаул Сағит Хамитұлына войсковой старшина атағы берілуге тиіс болатын. Алайда түсініксіз бір себептермен фельдмаршалдың бұл бұйрығы орындалмай қалды. Оның есесіне Яков Беляковқа осы атақ бірден берілді. Сағит Хамитұлы әу бастан даңққұмар емес, алайда, фельдмаршалдың өзіне қатысты бұйрығы орындалмауы оны да ойлантқан.
Соғыс қимылдары саябырлаған бір тұста полк командирлерін фельдмаршалдың далалық штабына шақыртты. Әскери кеңес аяқталған соң есаул Хамитұлы полкына қайтпақ болып, ординареці ұстап тұрған атына жақындай берген. Сол сәтте Хамитұлына кеңесте өзімен бірге болған есаул Яков Беляков жақындады. Екеуі де орыс тілін бір адамдай біледі, бірақ оңашада қазақша сөйлесетін.
– Есаул, жағдайың қалай? Полкың ше? – деп сұрады Беляков.
– Жаман емес, жаңа өзің де естідің ғой. Менің полкым Малаево Болото мен Левия деревнялары маңына баратын болды. Жақып, түсінген шығарсың, алдағы шайқас ауыр болатын түрі бар. Генералдар осындай қатерлі жерлерге әдейі біздің қосындарды жіберетін сияқты. Ондағы ойлары қырылса орыс емес, өзгелер қырылсын дегені шығар. Амал не, бас тартуға қақымыз жоқ. Себебі, бұл жерде қазақтың намысы сынға түседі. Бұған не айтасың? – деді есаул Хамитұлы.
– Иә, генералдардың ондай пиғылы бар, оны орыс-түрік соғыстарынан білемін. Сондықтан әскерді сақтау жағын ойластыруымыз керек.
– Осы соғыстан кейін ақ патша қазақтардың ерлігі мен еңбегін ескеріп, біздің халыққа деген бұрынғы астамшылығын, теріс пиғылын баса ма деп үміттенемін. Сенің ойың қандай?
– Орыстар қанды қырғында өздерімен тізе қосып бірге шайқасқандарды ғана бағалайды. Мұны жақсы білем. Қазаққа түк қатысы жоқ бұл соғысқа қатысуымыздың өзі болашақтың қамы ғой. Бірақ, қайдам, осы соғыстан кейін орыс билігінің қазаққа деген көзқарасы өзгере қоярына күмәнім бар, есаул.
– Бәрібір қазақтардың осы соғыста көрсеткен ерлігі ескерілмей қалмас. Бәрінен бұрын қазақтан әскери мамандар даярлау ісі қолға алынса дұрыс болар еді. Бірақ орыстар өз халқынан шыққандарды ғана көтеруге, ұлықтауға тырысады ғой.
Хамитұлының бұл сөзінен кейін Яков Беляков оған сынай қараған, есаулдың қабағынан әлденеге қамыққанын айқын байқады.
– Есаул, өкпеңді түсініп тұрмын. Фельдмаршал Кутузовтың жақсы соғысқан полктардың командирі есебінде екеумізге де войсковой старшина атағын беру туралы нұсқауы жартылай ғана орындалды. Маған сол атақ берілді. Кеудеме крест тақты. Ал сен екеуінен де құр қалдың. Өйткені мен сияқты христиан дінін қабылдаған жоқсың. Ал екінің бірі қол жеткізе бермейтін есаул атағын ерлігіңнің, еңбегіңнің арқасында алдың, – деді Яков Беляков. – Фельдмаршал Кутузовқа қояр кінә жоқ. Ол – әділ әрі текті адам. Қарамағындағы әскерін ұлтына, дініне қарап алаламайды. Мәселе сол бұйрықты орындаушыларда ма деймін. Маған кезекті әскери атақ беріп, кеудеме крест тақты. Ал сен мұсылмансың. Кеудеңе крест тағуға көнбейсің. Фельдмаршал пәрмен берсе де кезекті войсковой старшина атағының берілмеуінің басты себебі сол.
Есаул Сағит Хамитұлы Яковтың бұл сөзіне қосылатынын аңғартып басын изеді.
– Әрине, соғыстың аяғына дейін саған полковник, тіпті инфантерия генералы атағы да берілуі мүмкін. Ал мен соғысқа есаул болып кірдім, тірі қалсам осы атағыммен шығамын. Бірақ өз дінімде, өз атымда қалатыныма шүкіршілік етемін, Жақып. Бұл жерде сені табалап тұрған жоқпын. Әкең Бөлек би бүкіл табын руын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған айбарлы да текті кісі еді, жарықтық. Басында бөтен дінге өтуіңе қарсы болғандардың бірі мен едім. Бірақ оның артында үлкен мақсат барын енді түсіндім, Жақып. Бүгін бар, ертең жоқ адамбыз, қан майданның ортасында жүрміз ғой. Сенен бір жәйтті сұраймын деп оқталғаныма көп болды. Жасырмай айтшы, Жақып, дүниеден осы христаян қалпыңда өтесің бе әлде ата-бабамыздың ежелден ұстаған жолына қайтып ораласың ба?
– Түптің түбінде алдымнан осындай сауал шығарын білуші едім. Сол сауал тірі қалуымыз неғайбіл майдан даласында сенің аузыңнан екінші рет қойылып отыр, Сағит. Бұл сырымды осымен екінші адамға ашқалы тұрмын. Әкемнің жаназа намазына қосыла алмай қиналып, жылап тұрғанымда алғаш рет жүректе жатқан шерімді ысықтың Құрманқұл биіне айтқанмын. Данышпан, ақылды кісі ғой, жан сырымды, жүректің терең түкпірінде жатқан ауыр мұңымды бірден түсінді. Өйткені бөтен дінді қабылдауым еріккеннің ісі емес. Түптің түбінде қазаққа әскери мамандар қажет боларын түсіндім, ал патшалық билік әскери білімді діні басқаларға үйретпейді, офицерлік шен де бермейді. Сондықтан басқа дінді қабылдадық. Әмен Байбатырұлы екеуіміз шоқынып, христианша есімге ие болғаннан кейін бірден мешітке барып Алла-Тағаладан, Мұхаммед Ғалейкіссалам пайғамбарымыздан кешірім сұрадық, зар еңіреп жыладық. Мен саған шын сырымды айтып тұрмын, Сағит.
– Полкың «Аллалап!» шабуылға шыққанда делебең қозып, сол ұранға қосылып кететініңді қарамағыңдағы сарбаздар сыбырлап айтып жүр, – деді есаул Хамитұлы досына сынай көз тастап.
– Иә, бұл рас. Тағдырың қыл үстінде, оқ пен оттың өтінде тұрғанда, шайқас үстінде ұдайы бір Аллаға жалбарынып жүремін. Ішімнен ықылас сүресін оқимын. Оны қарамағымдағы сарбаздарымның біразы біледі. Бірақ оны орыс генералдарынан бүкіл полк болып жасырамыз. Мен жан дүниеммен мұсылманмын, Сағит. Сол есіңде болсын. Алда-жалда осы соғыста өліп кетсем жаназамды мұсылманша шығаруды саған аманат етемін, – деді Беляков.
Орыс әскерінің ұлты қазақ екі офицері осылайша ұзақ сырласты. Іштей бір-бірін толық түсінісіп, ұғысты. Осы әңгімеден кейін Яков Беляков бір жеңілдеп қалды. Сағит Хамитұлы ешкімге сыр ашпайтын адам екенін ол жақсы білетін.
* * *
Есаул Хамитұлының полкы Малаево Болотоға таң қараңғысында жетті. Екі жақ бір аптадай соғысып, бірін-бірі ала алмай тұр екен. Полк суыт жүріп жеткенде орыс әскері тынығып жатқан. Басында дүбірлетіп шауып келген қалың қолды француздар ма деп қалғанымен, соңынан далалық сарбаздар екенін білген ұйқылы-ояу орыс офицері алдарынан шықты.
Есаул Хамитұлын бірден таныған ол:
– Дер кезінде жеттіңіз, есаул. Бір аптадан бері текетіресіп тұрмыз. Күшіміз тең, бір-біріміздің соғысу тәсілімізді әбден біліп алғанбыз. Далалық қосындардың соғысу мәнерін Бородино шайқасында көргенмін. Ендігі үміт сіздерде, есаул, – деді ол.
– Таң енді атып келеді. Қазір жау әскері тәтті ұйқының құшағында. Дұшпанды дәл осы кезде басып қалу керек. Біз қазір шабуылға шығамыз, сіздер де қамсыз қалмаңыздар, – деді есаул Хамитұлы.
Іле-шала «Аллалап!» лап берген далалық қосын қаннен-қаперсіз ұйқыда жатқан француз лагерінің астын үстіне шығарды. Ұйқылы-ояу жау әскері қазақ қосынына бәлендей қарсылық көрсете алмады. Тек бір эскадрондай француз драгундары әлсіздеу оң қапталды бұзып, сытылып шықты да іргедегі орманның арасына сіңіп кетті. Есаул Сағит Хамитұлы оларды қууға хорунжий Мұрат Құлшоранұлының жүздігін аттандырды.
– Хорунжий, драгундар атты әскер соғысына машықтанған әскер. Сондықтан қарсы шабуылға бейім тұрады. Соны пайдалануың керек. Ата-бабаның ежелгі қаша жүріп соғысатын тәсілін дәл осы жерде қолдана аласың, – деп кеңес берді есаул Хамитұлы хорунжий Құлшоранұлына.
* * *
Хорунжий Мұрат Құлшоранұлының жүздігі негізінен далалық орта жүз қазақтарынан құралған болатын. Сондықтан олар ағашты өңірдің перзенттері есебінде орман арасында қылыштасудың, сойылдасудың тәсілін жақсы меңгерген.
Айтса айтқандай, француз драгундары кілең садақ пен найза ұстаған далалық әскерден бәлендей қаймықпай, оларды көрісімен тікелей қарсы шабуылға шықты. Драгундар шынында да қылыштасудың хас шебері екенін байқаған жүзбасы сарбаздарына ұзын найза мен бауырына қорғасын жүгіртілген ұзын сойылдарды қолдануға пәрмен берді. Драгундар орыс әскері сияқты далалықтар да қылыш қолданатын болар деп топшылаған. Алайда дала қазағының қарулы қолы сілтеген бауырына қорғасын жүгіртілген ұзын қайың сойылдарға қарсы қысқа қылыш қауқар көрсете алмады. Айналасы сүт пісірім уақыттың ішінде драгун эскадроны толық талқандалды. Құлшоранұлының жүздігіне көмекке келген орыс гусарларының командирі айнала сұлап жатқан драгундарды, қайың сойылын білеген далалықтарды көріп, өз көзіне өзі сене алмады. Өйткені ол француз драгундарының қандай шебер қылышкер екенін жақсы білетін. Алайда ұзын қайың сойылдар мен шашағына аттың қылы тағылған, күдері баулы қазақы найзаға қарсы қауқар көрсете алмапты. Мұндай ересен ерлікке разы болған эскадрон командирі Мұрат Құлшоранұлының алдына шауып келіп, әскери тәртіппен шекесіне қолын тақап:
– Жарайсыз, хорунжий! Біздің гусарлармен талай шайқаста дес бермеген француздың атақты драгундарын оп-оңай талқандапсыз! Сіздердің бұл ерліктеріңіз туралы басшылыққа мәлімдеймін, – деді қуанып.
* * *
Құрманқұл бидің ауылы Тұзтөбедегі жазғы жайлауынан Каспий теңізі табанындағы суы қайтқан қамысты Қайыршақтыдағы қыстауына көшіп келеді. Көш орта жолдан ауғанда алғашқы қар ұшқындары қылаулай бастады. Енді бірер күнде күн суытып, қалың қар түсуге тиіс.
Бұл жолғы көш бұрынғы көштердей емес. Жұрттың көбінің қабағы қатулы. Алыстағы соғыстан алғашқы суық хабар жете бастаған. Әсіресе, Намазғұл шаңырағы қаралы болатын. Орынбордан жеткен жаушы француз соғысында Намазғұлдың Ізтілеу деген ұлының қаза болғанын естіртті. Құрманқұл бидің әулеті қатты қайғырды. Әсіресе Намазғұлдың әйелі қан майданда көз жұмған ұлын жоқтап, күні-түні зарлаумен болды.
– Құлыным-ай! Ізтілеуім-ай! Сүйегің елде де емес, кәпірдің топырағында қалды-ау! – деп жылайды байғұс ана.
Атанның қомында келе жатқан Құрманқұл би де келінінің жоқтауына іштей қосыла егіледі. Баласы Намазғұлды да, келінін де іштей аяйды. Бірақ, амал не, болары болды, бояуы сіңді. Ізтілеу енді оралмайды. Бір жағынан немересінің қазасына өзін кінәлі санайтыны да рас. Жаманат хабар естілгеннен бері қайдағы бір күңкілдің шеті шығып қалғанын да аңғарып жүр. Тіпті, туған ұлының қайтыс болғанын естігеннен кейін баласы Намазғұл алдына жүгініп, күңіреніп тұрып:
– Би әке, осы соғыс қазаққа, бізге қажет пе еді? Тектен-текке қырылып жатқан жоқпыз ба осы? – деген.
Немересінің қазасынан кейін ондай ой Құрманқұл бидің өзіне де келген. Немерелерін оққа байлағандай етіп, қазаққа түк қатысы жоқ соғысқа өз қолымен аттандырып еді. Ойлана келіп, бұл ісі теріс болмаған деп тапты. Тілмаш Жанғабылдың айтуынша, орыспен соғысып жатқан француз деген ел орыстан да тәкаппар, орыстан да менмен көрінеді. Алда-жалда орыс жеңіліп, қазақтың күні оларға қарап қалса жағдай қазіргіден де ауыр болуы мүмкін.
– Би аға, бұл француз деген ел басқаның бәрін қор, кем санайтын жұрт сияқты. Бұл жағынан орыс та оңып тұрған жоқ, әрине. Қазаққа ол да тәкаппарлықпен қарайды. Алайда олардың бұл қылығы француздарға қарағанда ойыншық болып көрінуі мүмкін. «Үйренген жау атыспаққа жақсы», орысқа бағынған сексен жылдың ішінде бір-бірімізге үйренісіп қалдық. Рас, осы соғыста Ізтілеу сияқты сабазымыздан айырылдық. Бірақ, адам шығынынсыз соғыс болмайды. Мені сізге ұлы мәртебелі генерал-губернатордың өзі арнайы жіберді. Жандарал немереміздің қазасына қатты қайғырып көңіл айтады, – деген Жанғабыл тілмаш.
Құрманқұл би тілмаш інісінің бұл сөзін үнсіз тыңдап, ұзақ ойланып отырып қалды.
– Жанғабыл, сен басқа қазақтардай емес орыс билігіне жақын жүрсің ғой. Орыстар қазақтың осы соғысқа қатысуын, ерлік көрсетуін бағалайды деп ойлайсың ба? – деп сұрады би ұзақ үнсіздіктен кейін.
– Би аға, аузы түкті кәпірдің біз білмейтін сыры көп. Бірақ байқауымша, орыс – әділетті, тура халық. Әрине, отар болған елге үстемдік көрсететіні бар. Алайда, қажет жерінде жасалған жақсылықты да ұмытпайды. Бұған күмәнім жоқ, – деген Жанғабыл тілмаш.
Қазақтың «еркек тоқты – құрбандық» деген мәтелі ойына оралып, өз-өзіне қаншама басу айтқанымен сүйікті немересін ажалға қия алмай қатты қиналды. Бірақ онысын бала-шағасына, әулетіне барынша сездірмеуге тырысып бақты.
* * *
Орынбор генерал-губернаторы княз Волконскийдің өзіне жақсы таныс даланың аса сыйлы ақсақалы Құрманқұл биге қайтыс болған немересіне көңіл айту үшін тілмашы Жанғабылды арнайы жіберуі тегін емес еді. Көпті көріп, небір қулықты үйренген шенеунік көптен бері соғыс көрмей бейбіт өмір сүріп жатқан ел үшін алғашқы адам шығынының қандай әсері болатынын жақсы түсінді. Ең қиыны бұдан кейін далалық аймақта отаршыл үкіметке қарсы әрекеттер туындауы мүмкін.
Көп ұзамай Орынбордан Петерборға шұғыл депеша жөнелтілді. Онда дала халқының алғашқы адам шығындарынан соң соғысты қаламайтыны, оның арты қарсылыққа ұласуы мүмкін екені айтылған. Орыстың отаршыл үкіметі өзіне бағынышты бодандарының қарсылығына екі бастан таңсық емес еді. Сондықтан шамасы жеткенше қарамағындағы бодан елдерді алдап-сулап тыныш ұстауға тырысатын. Көп ұзамай патша сарайынан майдандағы әскерге нұсқау жіберілді. Онда соғыста жүрген дала сарбаздарын ішінара елдеріне қайтаруға бұйрық берілген.
Ерлікті бағалай білетін данышпан қолбасшы фельдмаршал Михаил Илларионович Кутузов қарамағындағы генералдарға, сондай-ақ қазақ әскері еліне қайтар жолдағы помещиктер мен байларға еліне оралған майдангер қазақтарға жолшыбай құрмет көрсетуді жүктеді.
* * *
Қазбек кеуде тұсынан мушкет оғы тиіп қаза тапқан бауыры Ізтілеуді мұсылмандық рәсіммен өзі жерледі. Ізтілеу ақтық демі шығарда қиналып жатып Қазбекке:
– Бауырым, Алланың бұйрығы осы шығар, соңғы демімді алатын сәтім жақын қалған сияқты. Амал не, арман көп еді. Әкем Намазғұлға елге оралысымен үйленіп немере сүйгізсем бе деген үмітім болған. Алла оған жазбапты. Ел-жұртқа сәлем айт. Тәнім кәпірдің жерінде қалса да рухым, ділім ұдайы еліммен, қазағыммен бірге. Елге аман жетіңдер, – деген Ізтілеу.
Бұл Ізтілеудің ақтық сөзі болды. Қазбек пен оның төңірегіндегі сарбаздар Ізтілеуді арулап жерледі. Мұсылманша жаназасын шығарып бет сипасты. Қанды қырғынның бел ортасында жүріп қысқа уақыттың ішінде небір оқиғаларды, қантөгісті көрсе де сабырын жоғалтпаған Қазбекке Ізтілеудің қазасы ауыр соқты. Алдымен Құрманқұл атасын, әкесінің ағасы Намазғұлды есіне алды. Тіпті солардың алдында өзін кінәлі сезінгендей. Алайда, қан кешіп жүрген сарбаз есебінде Қазбек соғыстың шығынсыз болмайтынын түсінеді. Енді оның ойында ел-жұртына, қазағына жеткізер екі аманаты бар. Алғашқысы – немере туысы Ізтілеудің елге, ата-анасына жолдаған аманат сәлемі болса, екіншісі — мамлюк Абдуллахтың ақтық тыныс алар сәтінде өзіне жүктегені. Ата-бабадан «аманатқа қиянат қылма» деген қағиданы жиі естіп, құлағына құйып өскен Қазбек Ізтілеудің де, мамлюк Абдуллахтың да аманатын елге жеткізуді өзіне парыз санады.
Көп ұзамай Смоленскі түбіндегі шайқаста Қазыбектің өзі де аяғынан жараланды. Құдайдың дес берісі, әскери дәрігерлер дәрі-дәрмегін беріп, емдеп жүріп ажалдан арашалады. Бірақ, бір аяғы бір аяғынан қысқа, кемтар болып қалды.
* * *
Көп ұзамай әскерді елге қайтару жұмыстары басталды. Басшылық бұл іске тікелей жауапты офицер есебінде есаул Ықсан Әубәкірұлын тағайындады. Реалды училище бітірген, өз заманының сауатты азаматы болған ол да есаул Сағитұлы сияқты ерлігінің арқасында әскери дәрежесі өскен кісі. Дінін де өзгертпеген.
Сол кезде Қазбек түс көрген. Қайыршақтының қамысты алқабында Ізтілеу екеуі қамыс шауып жүр екен дейді. Бір кезде Ізтілеудің шалғысы ортасынан қақ бөлініп, Ізтілеу сол сынған шалғысын көрсетіп Қазбекке: «Мен енді қамыс шаба алмаймын. Сен шап. Қайыршақтының қамысы сені сағынып, сарғайып күтіп тұр. Тезірек жет…» дейтін сияқты. «Ойпырмай, Ізтілеуді өзім жерлеп едім ғой. Неғып тірі жүр?» деп ойлайтын сияқты ма-ау…
Оянып кетсе енсаул Ықсан сарбаздарды жинап, жиын өткізіп жатыр екен.
– Кімде-кім елге ораламын десе, өз еркі. Оған ешкім қарсы болмайды. Біреудің елде кәрі әке-шешесі, бала-шағасы қалуы мүмкін. Қайтам дейтіндер болса айтсын. Қазір солардың тізімі жасалады. Қайтпаймын, одан әрі соғысамын дейтіндер болса оған да қарсылық жоқ! – деп жар салды ол.
Аяғынан жараланған Қазбек ағасын сүйемелдеп тұрған Айдос:
– Қазбек, сенен енді соғыскер шықпайды. Аяғың ат үстіндегі шайқасқа жарамайды. Сондықтан елге оралуың керек. Ал мен есаул Жақыптың полкымен қалып, шайқасты одан әрі жалғастырамын, – деді.
– Әрине, қазақтың намысы сынға түсіп тұрған бұл шайқастан мен де бас тартпас едім. Амал не, жаралы аяғыммен соғысқа жарамайтынымды өзім де білем. Ізтілеу бауырымыз опат болғалы мен де небір ойларға батып жүрмін. Сен де қайтсаң қайтеді, Айдос? – деді Қазбек.
Ізтілеудің қазасынан кейін елде қалған әке-шешенің жағдайын ойлаған Айдос та басында елге қайту керек деп ойлаған. Бірақ жаудан жалтарып көрмеген батыр елдің баласы қол-аяғы сау тұрғанда соғыстан қашуды өзіне ар санады.
Осылайша сахараға оралуға тиісті сарбаздар сапында Қазбек те жол қамына кірісті…
* * *
Елге қайтқан сарбаздар өздеріне іргелес тұрған көрші шептегі полковник, князь Юсуповтың аймағы арқылы өтетін. Өз шебі арқылы тылға өтіп бара жатқан қазақ әскерінің алдынан ақбоз атқа мінген князь Юсуповтың өзі шықты. Князь есаул Ықсанды бұрыннан жақсы білетін. Оның үстіне тегі ноғай бектерінен шыққан Юсупов қазақтарды іштей жақсы көреді. Князь өз шебіне келіп дамылдаған әскерді тамақпен қамтамасыз етіп, есаул Ықсанды өз штабына апарып күтті. Екеуі оңаша отырып біраз әңгімелесті.
– Қазақ сарбаздары жақсы соғысты. Ата-бабасынан қалған жауынгерлік дәстүрді одан әрі жалғастыра білді. Сол үшін сіздерге рахмет, есаул, – деді князь Юсупов. – Әрине, жат жерде соғысуды көшпелі жұрт басқаның намысын жырту деп те ұғуы мүмкін. Бірақ, олай емес қой. Есаул, менің арғы тегім, түп-тамырым орыс емес, олардан гөрі сіздерге, қазақтарға жақын. Біз христиан дінін қабылдаған ноғай бегі Жүсіптің ұрпағымыз. Бірақ, өз тілімізді, дінімізді, әдет-ғұрпымызды ұмытып, толық орыстанып кеттік. Дегенмен, тегімізді жақсы білеміз. Сондықтан осы соғыс барысында іштей болса да қазақ қосындарына тілектес болып жүрдім. Қазақтардың өздері де ерлікпен соғысты, бәрі көрді оны.
– Ниетіңізге рахмет, полковник. Сіздің тегіңіз бізге жақын екенін сарбаздар тегіс біледі. Сондықтан да біздің полк сіздермен қанаттас соғысуды бірауыздан қалады.
– Оны өзім де түсіндім. Елдеріңізге абыроймен қайтып бара жатырсыздар. Бұл да екінің біріне бұйырмайтын мәртебе. Жасыратыны жоқ, басында орыс офицерлері ортағасырлық садақпен, қылышпен қаруланған көшпенділердің бәлендей қауқар көрсете алатынына күмәнмен қараған. Бұл сыннан мүдірмей өттіңіздер.
– Әділ бағаңызға рахмет, полковник мырза.
– Еліне оралған далалық қосынға жолшыбай құрмет көрсетіп, азық-түлікпен қамтамасыз ету туралы фельдмаршал Михаил Илларионович Кутузовтың арнайы бұйрығы бар. Енді бірер күннен соң қосын майдан даласынан ұзайды. Бейбіт өңірге жетеді. Ал оған жеткен соң әскер азық-түліктен тарықпайды. Әзірге менің полкымның қорынан бірер күнге жететін азық-түлік аласыздар. Әскерді одан әрі тамақтандыру жергілікті помещиктердің мойнына жүктелген, – деді князь Юсупов қоштасарда.
* * *
Жаралысы, мүгедегі, сауы бар ауыр қол екі-үш күннен соң майдан даласынан ұзап, орталық Ресей аймағына жақындады. Кереметі сонда, орыс елі соғыстан оралған әскерге үлкен құрметпен қарайды екен. Халық жаппай алдарынан шығып, гүл шоқтарын жаудырып жатты. Қолдарындағы азық-түлігін аямай ұсынды. Соғыс барысында орыс елінің немен қоректенетінін, не жейтінін әбден біліп қалған мұсылман әскерге орыс халқының осы құрметі ұнағанымен, алдарынан ұсынған нан-тұзынан басқа тағамын жиіркеншектеп жей алмайтын. Біріншіден, қазақ сарбаздар шошқаның майы мен етінен жиіркенеді. Қай дәмін татса да көңілдерінде күдік тұрады. Оған қоса ұсынылған тұздалған қияр мен қырыққабат та қазақтың асқазанына жақпайтын тағам.
Үшінші күні қосын орталық Ресейге тегіс танымал атақты помещик дворян Борейконың усадьбасына жақындады. Федор Афанасьевич Борейконың өзі де ұзақ жыл әскер қатарында болып, небір қан-қасап қырғынды бастан кешкен кісі. Сондықтан қан майданнан шыққан жауынгерлердің көңіл-күйін, талғамын жақсы түсінеді.
Орыс-түрік соғысында тегі мұсылман, кавказ құрамаларының сапында болған Борейко мұсылман әскердің ерекшелігін де жетік білетін кісі. Соның алдында ғана басшылықтан еліне қайтып бара жатқан қазақ әскеріне құрмет-сый көрсету туралы нұсқау алған помещик қазақ қосындарын өзі бас болып қарсы алып, бірер күн тынықтырып шығарып салуды алдын-ала ойластырған болатын. Өз усадьбасына жақын жерден қаптатып шатырлар тіктірді. Қосынға арнайы келген помещик Борейко қазақтарды шын көңілімен ашық-жарқын қарсы алды.
– Хош келдіңіздер, есаул! Қан майданда көрсеткен ерліктеріңізді тылда болсақ та естіп-біліп жатырмыз. Өзім де бұрынғы әскери адаммын ғой. Шайқастың қызу ортасынан шыққан әскердің көңіл күйі, нені талғап, нені таңдайтыны, қалайтыны маған бесенеден белгілі. Қазір лагерге менің адамдарым келіп арнайы қонақасы береді. Бір нәрсені біліңіз, есаул, мен мұсылман жауынгерлерімен бірге шайқасқан адаммын. Сондықтан сіздерге арнап алдын ала семірткен бірнеше жылқымыз бен өгізіміз бар. Әскерді сонымен тамақтандырамыз. Ал өзіңіз, есаул, офицерлеріңізді алып менің усадьбама жүріңіз. Сізге арналған арнайы жайылған дастарханымыз, көрсететін құрмет-сыйымыз бар, – деді Борейко.
– Құрметті помещик, мұсылман әскердің талап-талғамын, тәртібін жақсы біледі екенсіз. Ниетіңізге рахмет. Сізге айтар менің де бір өтінішім бар. Естуім бойынша қарамағыңызда мұсылман татарлар да бар көрінеді. Біздің әскерге арнаған жылқыларыңыз бен өгіздеріңізді соларға сойғызғаныңыз дұрыс болар еді, – деп жауап қатты есаул Ықсан Әубәкірұлы.
– Құзырыңызға құлдық, есаул! Бәрі айтқаныңыздай болады, – деп ілтипат білдірді Борейко.
Көп ұзамай қазақ қосындарына үйір-үйір жылқы мен табын-табын өгіз айдаған помещиктің крепостной шаруалары келді. Арасында Борейконың арнайы тапсырмасымен қосылған мұсылман татарлар да бар. Қыруар мал сойылып, қазан көтеріліп жатты. Қан майданның ортасынан шыққан әскер де өздеріне көрсетілген ерекше құрметті сезініп бір масайрап қалды…
* * *
Есаул Ықсан бастаған қазақ офицерлері Борейконың усальбасына келгенде жергілікті тұрғындар соғыстан оралған әскердің алдынан ежелгі орыс дәстүрімен нан-тұз алып шықты. Іле-шала жергілікті өнерпаздар ән шырқап, би билеп, мұндайды көрмеген далалықтарды біраз таң қалдырды. Көл-көсір жайылған дастарханға Борейконың тапсырмасымен шошқа майы мен еті қойылмапты. Негізінен қара мал мен құс еті. Қазақтар соғыс барысында танысқан көкөніс те бар.
Дастархан басында помещиктің өзі алдымен сөз алып:
– Құрметті далалық сарбаздар! Соғыстың ең қиын кезінде орыс әскеріне көмекке келіп, ересен ерлік көрсеттіңіздер! Сондықтан орыс елінің сіздерге көрсетер құрмет-сыйы да ерекше болмақ. Қалағандарыңызша ішіп-жеңіздер, алаңсыз көңіл көтеріңіздер! – деді.
Есаул Ықсан Әубәкірұлы орыс мерекесі, дастарханы самогонсыз болмайтынын жақсы біледі. Жасырақ кезінде өзі де аздап ұрттап көрген. Қан майданның ортасынан шыққан соң аздап серпілгісі келді ме, помещиктің қасында отырған есаул аздап ішкен. Төңірегіндегілер Ықсанның бұл әрекетіне қарап таң-тамаша болды. Бірер кесе ішкен соң өздері бұрыннан білетін есаул Ықсан өзгеріп сала берді. Бетіне қызыл арай жүгіріп, масайрап шыға келгені. Тіпті Борейконың тапсырмасымен арнайы шақырылған орыстың биші қыздарының қасына күлімдеп барғаны да қызық.
Мұны көріп естері шыққан серіктері:
– Астапыралла! Мына Ықсан орыстан да асып барады ғой! – деп жағаларын ұстады.
Усадьбаға келген сыйлы қонақтардың арасында Қазбек те бар болатын. Өңкей кең иықты, кеуделі, іріктелген сарбаздардың арасында Қазбектің бой-сойы дараланып ерекше көрінеді. Қызып алған бір орыс қызы Қазбектің алдына келіп қиыла көз салып билеп тұрып алғаны. Қазбек түк түсінбей жан-жағына жалтақтай қарады. Бір шетте есаул Ықсан әлдебір орыс сұлуын белінен құшақтап алып тарсылдатып билеп жүр! Ақыры бұл ыңғай бермегесін әлгі қыз қайтадан өз орыстарына қосылды.
Бұл қызығы мен шыжығы мол, қазақы түсінікке мүлдем сәйкеспейтін отырыс түннің бір уағына дейін жалғасты. Ең соңында отырыс тарқаған соң меймандар әр үйге жайғастырылып, помещик Борейко есаул Ықсанды арнайы өз үйіне шақырды.
* * *
Ықсан мен помещик арасындағы әңгімені үнсіз тыңдап отырған Қазбек ішінен, «естімеген елде көп» деп, аталарымыз бекер айтпапты-ау деді. Содан біразға дейін есін жия алмай аңырып отырып қалды. Оны аңғарған помещик Борейко да Қазбекке мойнын бұрып:
– Жігітім, менің әңгімемді жартылай түсінсең де таңғалып отырғанға ұқсайсың. Есаулдың орыс арасында өсіп, біздің халықтың тұрмыс жайына, өмір салтына бейімделгенін байқап отырмын. Ал сіз олай емес сияқтысыз. Соғыстан ауыр жарақат алғаныңызды да көріп отырмын. Көп ұзамай өз еліңізге оралып, өз ортаңызға қосыласыз. Менің имениеме келген далалық сарбаздардың ішінен сіздің атқа отырысыңыздың өзгелерден ерекшелігін бірден аңғардым. Астыңыздағы атыңыз да өзіңізге лайықты екен. Менің жылқы шаруашылығым бар. Жақсы ат баптаймын. Бірақ, барлық сарбаздың ішінен сіздің астыңыздағы атқа ықыласым ауып, қызығып тұрмын. Атты қамшысыз тақыммен басқаратыныңызды да аңғардым. Сізден соның құпиясын, сырын білсем деп едім? – деген Борейко.
Қазбектің кешегі өткен соғыстың небір қанды қырғынының ортасында бірге болып, бірге шыққан тарлан шұбар аты Қайыршақтының өз жылқысы болатын. Жануарды Қазбек құлын күннен өзі баптап, өзі өсірді. Елде жүргенде көкпарға да салды. Шынында да жануардың белі мықты, жүрісі де ерекше. Қанша сырын ақтарып тастаған қарт помещиктің бұл өтінішін Қазбек жерге тастай алмады.
– Помещик мырза, тілім жеткенше айтып көрейін, жеткізе алмаған жерімнің олқы түсін есаул толтырар. Бұл тарлан шұбар ат қазақ арасында Адай жылқысы деп аталатын жылқының ерекше тұқымы. Бізде мініс атын құлын күннен тәрбиелеп баптайтын дәстүр бар. Сондай баптаудан шыққан ат қой, – деген Қазбек.
– Орыста соғысқа әскер дайындағанмен ат баптау деген жоқ. Біздің түсінік бойынша барлық жылқы бірдей. Сонда сіздер жылқының жақсысын жаманынан қалай айырасыздар? – деп суыртпақтай сұрады помещик.
– Қазақтың әр ауылының өз ат сыншысы болады. Әрі ол атадан балаға мұра боп қалатын мәртебе, бедел ретінде саналады. Ат сыншысы жылқы малын бір-бірінен өте жақсы айырады. Әр аттың артықшылығын, тұрқы мен тұрпатын, мінез-құлқын біледі.
– Сонда сіздердің түсінігіңізде адам сияқты жылқының да басқа аттардан ерекшелейтін мінезі бола ма?
Помещик бұл сауалды қатты таңқалып тұрып берді.
Осы жерде әңгімеге Ықсан араласты.
– Құрметті помещик мырза, біз, қазақтар – ат үстінде өскен, ат үстінде жүріп өмір сүретін халықпыз. Сондықтан жылқы малын адамнан ерекшелеп, бөліп қарастырмаймыз. Төрт түліктің ішінде жылқыдан ақылдысы болмайды. Адамның адамға жақындасуы сияқты жылқы да адамға үйреніп, бауыр басады. Өз иесін түрінен, жүрісінен бірден таниды. Мәселен, мына Қазбектің астындағы тарлан шұбар аты өте мінезді, асау ат. Алдына келген бөтен адамды тістейді, артына келгенін тебеді. Қысқасы Қазбектің өзінен басқа адамға бағынбайды. Басқа адамды үстіне мінгізбейді. Ол да жылқының мінезі, қасиеті. Ол да иесі Қазбектің жорық атын өзіне бейімдеп тәрбиелеуінің арқасы, – деді есаул Ықсан.
– Қазақ төрт түлік малдың ішінде жылқыны айрықша жақсы көреді. Жанына жақын тартады. Сондықтан «қазақ жылқы мінездес» деп, тіпті жақындата түседі, – деп Ықсанның айтқан ойын одан әрмен тереңдете түсті Қазбек.
Бұл сөзден кейін помещик ұзақ ойланып отырып қалды. Орыс арасында да жылқыны бір кісідей білемін дейтіндер көп еді. Бірақ мына далалықтардың әңгімесі оны есінен тандыра жаздаған.
– Бәрінен бұрын сіздердің ат сыншысы дегендеріңізге қатты таңырқап отырмын. Байқап отырсам, сіздер мына айтқандарыңызға қарағанда, жылқыны адаммен тең дәрежеде деп есептейтін көрінесіздер. Осы аттың сыны, ат сыншысы дегенді маған толығырақ түсіндіріп беріңізші, жігітім? – деп Борейко Қазбекке қараған.
Ықсан да айтсаң айт дегендей Қазбекке қарап басын шұлғыды. Ықсанның бұлай ыңғай білдіруінің өзіндік сыры, себебі бар. Ол заманның қазағы жорық атын, оның бапталуын, соғысқа, көкпарға бейімделуін құпия ұстайтын. Сол себепті Қазбектің де астындағы тарлан шұбарын қалай баптап үйреткенін бөтен елдің адамына жайын жайып салуына болмайтын.
Есаул Ықсан рұқсат еткен соң басында қазақтың әскери құпиясын ашқысы келмесе де Қазбек айтуға мәжбүр еді.
Қазақ екі бастан әскери іске, тактикаға, әсіресе ат үстіндегі соғыс тактикасына жетік халық. Ғасырлар бойы қалыптасқан жауынгерлік машықтың үйренгені де, үйретері де көп. Сонау ерте түрік дәуірінен қалған сол тәсілдердің көбі негізінен көшпелі қазаққа мұра болды. Ал қазақ баласы түрлі тарихи қиындық, кедергілерге қарамастан бабадан қалған игі дәстүрді одан әрі дамытып, жалғастыра білді.
Қазақ арасында әу бастан түрлі тәжірибе арқылы қалыптасып, қанға сіңісті болған бір қағида бар. Ол қазақтың үш жүзіне байланысты. Оның ішінде Қазбектің тегі кіші жүзге байланысты «кіші жүзді қолына найза беріп жауға ғой» деген түбегейлі түйін сан мәрте тарих жүзінде дәлелденді. Шынтуайтына келгенде қазақ тарихы мен тағдырындағы басқыншылықпен, жұмсартыңқырап айтқанда жауынгерлік ерлікпен ұлысқа қосылған ең үлкен өңір осы кіші жүз жерінде. Ол жауынгер адайлардың басшылығымен кіші жүздің басқа да рулары күш жұмсап жүріп қазаққа қосқан Маңғыстау түбегі. Жалпы, ішінде Қазбектің руы ысықтар да бар кіші жүз руларының жауынгерлік ерлігінің түп тамырын тарих сонау ноғайлы дәуірінен бастайды. Ой-хой, несін айтасың, қазақ, ноғай бөлінбеген сол ноғайлы дәуірінде ата-бабаның әскери рухы ерекше мықты болып еді ғой.
Бұл турасында Қазбектің атасы Құрманқұл биден естіген тарихи тәмсілдері де көп болатын. Бұл тұрғыда Құрманқұл бидің өзі де өңірдің басқа қариялары біле бермейтін деректерге кенде емес еді. Атасы Құрманқұл би айтқан өткен дәуірдің ғажайып ерліктері туралы ойлағанда да, қан майданның ішінде жүргенде де Қазбектің есінен Едіге батыр бабасының бір ғажайып ерлігі кетпейтін. Әрі Наполеон әскерімен соғыста қазақ қолының бір жүздігін бастаған Қазбек оны қарапайым сарбаздарының алдында үлгі етіп қоятын. Әрі оның осы тәмсілдері қанды қақтығыстарда сарбаздарға үлкен рух та беретін. Помещик Борейко өзінен қазақтың әскери атты баптау машығы туралы сұрағанда Қазбектің есіне алдымен сол Едіге бабасының ерен ерлігі түсті.
Қазбектің өзі де ретті жерінде осы батыр бабасының қолбасшылық дарыны туралы айтудан әсте танып көрген емес. Помещик өзіне сұраулы жүзбен қарап отырғанда бұл жолы да шамасы жеткенше орыс тілінде сол жәйді мақтанып тұрып айтып берді. Шынында да мақтануға толық татитындай әскери машық еді! Есаул Ықсан кейбір тұста Қазбектің айтқанын сол сәтінде сөзбе-сөз ілесіп, помещикке тәржімелеп беріп отырды.
– Құрметті помещик мырза, – деген Қазбек. – Осы соғыста бір байқағаным орыстар біздің халықтың жауынгерлік машығын, әскери шеберлігін білсе де қасақана көзге ілмейтінін аңғардым. Сол жағы ғана өкінішті, алайда француз әскерімен шәйқаста біздің сарбаздар өздерінің қолынан не келетінін толық көрсете алды деп ойлаймын. Рас, бізде орыс әскеріндегідей от-қару, зеңбірек болған жоқ. Бірақ жебесі жер түбіне жететін қазақы садағымыз бар еді. Қазақ әскері тізіле қалып жүздеген, тіпті мыңдаған жебесін жаудырғанда ондайды бұрын көрмеген француз әскерінің қоғадай қиылып ажал құшқанын талай мәрте өз көзімізбен көрдік. Тіпті, қазақы жебенің жау драгундарының темір төс қалқанын тесіп өткеніне де куә болдық. Себебі қазақ сарбазы ұдайы ат үстінде жүріп, ат үстінде шыныққан, бұлшық еті қарулы, қайратты болып келеді. Қазақ сарбазы тартқан адырнадан ұшқан жебе жер түбіне жетеді. Біздің садақтан атылған жебе орыстың от-қаруының оғы жетпейтін қашықтыққа жеткені де рас. Соның бәрін қазақ баласы ат үстінде отырып жасады. Әрі ондай әдіске астындағы пырағы да әбден машықтана бейімделген, – деді Қазбек.
Дала сарбазының бұл сөздері помещик Борейконы тәп-тәуір ойландырып тастады.
– Менің білуімше, сіздердің далаларыңызда ұлы мәртебелі патша ағзамның бодандығын қабылдағаннан бері соғыс, шайқас болмаған сияқты еді. Сонда сіздің сарбаздар, одан да бетер астындағы әскери аттары мұндай жауынгерлік шеберлікті қалайша ұмытпаған? Әлде оның да біз білмейтін өзгеше құпия-сыры бар ма? – деп сұрады помещик.
– Иә, көшпелі халықтың сіздер білмейтін құпиясы көп әскери машық қазақ баласының қанында бар. Әрі ол бәлен ғасыр өтсе де ұмытылмастай боп санасына сіңірілген. Көшпелі ел басқа жат-жұртпенен соғыс болмаған жағдайда да бес қаруын сайланып, түнде ұйықтарда қылышын жата жастанып жатады.
Осы жерде әңгімеге есаул Ықсан араласты.
– Біздің дала халқы осындай машыққа бала күнінен тәрбиеленген. Сондықтан қазақ баласын ешқандай соғысқа алдын ала даярлаудың қажеті жоқ. Әсіресе ат үстіндегі шайқасқа. Қазақ баласы туасылы кавалирист болып туады. Аттың құлағында ойнайды, – деді ол.
– Тамаша екен! Ал, еуропалық, оның ішінде орыс әскерінде жас солдаттар арнайы дайындықтан өткізіледі. Әйтсе де әскери тәсілді жөнді білмейді. Өйткені әскерге алынғандардың дені қарапайым еңбек адамдары болып келеді. Сіздердің сарбазды, оның жауынгерлік атын соғыс ісіне жастай тәрбиелейтін тәлімдеріңіз үлгі-өнеге боларлықтай екен! – деп еріксіз бас шұлғыды помещик Борейко.
Қазбектің ата-бабаның әскери машығы, тәлімі туралы әңгімесінің помещикке қатты әсер еткені айдан анық еді.
– Жігітім, өзіңіздің де, қарамағыңыздағы жүздігіңіздің де жақсы соғысқандарыңызға енді ешқандай күмән-күдігім қалмады. Оның үстіне аяғыңыздан ауыр жарақат алған екенсіз. Құдай өзі кешірсін, өмір бойы аяғыңызды сылти басып қалуыңыз да мүмкін. Маған бір ой келіп отыр, есаул мырза, – деп помещик Борейко Ықсанға қараған.
– Айтыңыз…
– Мына жігіттің әңгімесіне де, ерлігіне де қатты риза болып отырмын. Орыс халқы қашан да ерліктің бағасын біліп қадірлейтін ел. Әсіресе орыс жерінің тұтастығы үшін қан төккендерді ерекше төбесіне көтереді. Олардан сый-сияпатын, құрметін аямайды. Мен де өз отаным үшін жанын шүберекке түйіп ерлік көрсеткен, тіпті ауыр жарақат алған мына жігітке жөн-жоралғы жасасам деймін. Оған қалай қарайсыз, есаул?
– Пейіліңізге Жаратушы иеміз жар болсын! Ерлікті қадірлей білу – біздің қазаққа да тән қасиет, – деді есаул Ықсан.
– Алдыңғы жылы Еуропаға саяхаттағанымда Швейцария деген елден алған алтын баулы күміс сағатым бар еді. Менің қыруар байлығым бір төбе де, сол алтын баулы сағатым бір төбе. Осы бір қимас затымды елім, жерім үшін қан төккен мына даланың батыр ұлына сыйға тартпақпын. Қабыл алыңыз, жігітім!
Помещик Борейко төс қалтасынан алтын баулы сағатын суырып алып Қазбектің қолына ұстатты. Шынында да аса құнды, бағалы зат екен. Оның құндылығын Ықсан да, Қазбек те жақсы түсінді.
Кеше ғана қан майданның ортасынан шыққан есаул Ықсан мен жүзбасы Қазбектің әңгімесі Борейкоға өте қатты әсер еткені байқалып тұрды. Помещик біраз уақыт өзімен-өзі үнсіз ой үстінде отырып қалған. Ізінше тіл қатты.
– Қымбатты меймандарым, маған үлкен ой салып отырсыздар. Орыстар тарихы көшпенді жұрттың жауынгерлік рухын, жеңіске құштарлығын әуелден мойындаған ғой, бұл жолғы біздің отанымыздың басына ауыр күн туғанда көрсеткен ерліктеріңіз өлшеусіз. Оған менің еш шүбәм жоқ. Күні ертең башқұрт даласын басып, өз сахараларыңызға жетесіздер. Ол жақта да ел-жұрттарыңыз, бала-шағаларыңыз сарыла күтіп отыр. Сондықтан елдеріңізге аман-есен барыңыздар. Алдымен орыс еліне айтып келген ажалдың бетін қайтарып, азаттығын сақтап қалуға үлкен көмегі тиген сіздердің алдарыңызда басымды иіп, бүкіл орыс халқының атынан рахметімді айтқым келеді! Жаратқан жар болсын сіздерге!
Осыны айтып помещик Борейко есаул Ықсан мен жүзбасы Қазбектің алдында жуан мойнын бұрып, шашы әбден селдіреген басын иді.
* * *
Қазақ қосыны ертесіне атқа қонып, башқұрт даласына қарай жол тартты. Мұндағы халық та соғыстан қажып шыққан әскерді шама-шарқынша құрмет-сыйымен қарсы алды. Жергілікті бай-манаптар соғыстан жеңімпаз болып шыққан қосынға қолдарынан келгенше жағдай жасады. Есаул Ықсан басқарған полк Байсақал ауылына тоқтады. Ауылдың негізгі халқы табындар болатын, алайда башқұрттармен қыз алысып, қыз берісіп жүріп башқұрт ұлысының тұрмысына бейімделген байсақалдықтардың тілі қойыртпақтана бастапты. Басқаны былай қойғанда Байсақал қарияның өзінің де тілі шұбарланып кеткен, үстіне татарша қамзол мен басына татар тақиясын кигені есаул Ықсанға әуелде қызық көрінген. Байсақал шал сол күні есаул Ықсан мен жүзбасы Қазбекті өз үйінде күтіп, қазақы дәстүрмен қой сойып, алдарына бас тартты.
– Башқұрт жеріне көшіп келіп осы ауылды құрғанымызға елу жылдай уақыт өтіпті. Ол кезде жиырмадағы жігіт едім, қазір жетпістен астым. Ата-бабаның ғұрып-дәстүрі есімде сақталып қалған, шамам келгенше соны бала-шағаға дарытуға тырысып жүрмін. Біз кіші жүз ішінде табынбыз, бірақ, көбіміздің әйеліміз башқұрт қызы. Балаларымыз да жартылай башқұрт, жартылай қазақ, – деді Байсақал қария ойын жасырмай.
Әрине, бір қауым жұрттың басқа ұлттың құрамына ауып бара жатуы Ықсанға да, Қазбекке де ұнамаған. Алайда, Байсақал ұрпағының енді қазақ болмайтыны белгілі еді.
–Діні, тілі ортақ болса да бөтен халықтың ортасында отырсыздар. Орыс қыстақтары көп екен. Олармен қарым-қатынастарыңыз қалай? – деген есаул Ықсан.
Ықсанның бұл сауалына Байсақал қария бірден жауап берген жоқ. Терезеге ұзақ ойланып қарап отырып:
– Бұл енді ауыр сауал. Орыс бодандығында отырғандықтан соларға тәуелді жұртпыз. Заң да, зәкүн де солардың жағында. Несін жасырайын, сырттай тыныш көрінгенімен арамыз онша жақсы емес. Қақтығыс жиі болып тұрады. Кейде башқұрттар да солардың жағына шығып кетеді. Тас түскен жеріне ауыр, енді осы жақты жерсініп тұрақтап қалдық қой. Басқа барар жеріміз, басар тауымыз жоқ. Сондықтан үстем ұлттың кейбір үстемдігіне амалсыз көніп отырған жайымыз бар, – деді ойын жасырмай.
Бұл сөз Қазбекті ойландырып тастады. Күні кеше ғана орыс жері үшін соғысып өзі аяғынан ауыр жараланды, ішінде бауыры Ізтілеу да бар, біраз жерлесі опат болды. Қазақ қосыны жері үшін жанын пида етіп соғысқан орыс елінің бұратана халыққа жасап отырған мына қысас қылығы дұрыс па, бұрыс па?
Осындай ойдың әсерімен жүзбасы Қазбек те есаул Ықсан мен Байсақал қарияның әңгімесіне араласты.
– Ақсақал, өзгеге тәуелді болып өмір кешуден өткен ауыр не болмақ? Қазақ ұлысы орысқа жетіскеннен бодан болған жоқ. Жауы көп еді. Сол жауынан қорғайтын мықты одақтас керек еді. Біздің мына жүрісіміз сол одақтастыққа адалдықтың белгісі. Алайда қазақтың да дербес ел болып, еңсе тіктер кезі келер. Бірақ орыс пен қазақтың арасындағы ішкі дауларға жол беруге болмайды. Онда да қазақы мүддені жоғары қоюға тиіспіз. Осы сөзіме қалай қарайсыз, Ықсан аға? – деп Қазбек есаул Ықсанға қараған.
– Дәл қазір қазаққа ес жинау үшін уақыт керек. Ғасырлар бойғы қантөгіс шайқастардан қажып, әбден әлсіреген елміз. Шығын болған халықтың орнын толықтыру үшін де көп уақыт, жақсы жағдай қажет. Мықты одақтастың құрамында болып, сыртқы жаулардан қорғана білу ләзім. Еуропаның ғылымы дами бастады. Орыстың құрамында болып сол ілімді үйренуіміз керек, – деп жауап берді есаул.
– Иә, орыстың ілім-білімін үйрену қажет дегенді атам Құрманқұл биден де көп естідім. Бірақ әр жақсылыққа жамандықтың ілесе жүруі де жазылмаған заңдылық. Қазірдің өзінде кейбір қазақтарымыз орыстың ыңғайына жығылып, тіпті дінін қабылдап жатқанын көрдік, оны қаншалықты қауіпті деп ойлайсыз? – деген Қазбек көптен көкейіне маза бермей жүрген сауалын алға тартып.
– Ойыңды түсіндім. Арасында өзім де бармын, орысша білім алып, орыстың офицері болып кеткен біз сияқтыларды айтып отырсың ғой. Бөлек бидің баласы есаул Жақып солардың дініне өтті, есімін ауыстырды, ол қазір Яков Беляков. Ал мен дінімді де, аты-жөнімді де өзгерпей, мұсылман қазақ қалпында қалдым. Сондықтан соғыста қандай ерлік көрсетсем де маған қазіргі әскери атағымнан жоғары атақ та, қазіргі білгенімнен артық білім де берілмейді. Ал, Яков Беляковтың жағдайы басқа. Орыс генералдары оны орыс деп қабылдайды. Орыс офицерлеріне тиісті игіліктің, атақ-абыройдың бәрін үйіп-төгіп береді. Осылайша Яков Беляков орыс қоғамының барша игілігін толық меңгеріп, үйренеді. Оны ақыр соңында қазақ арасына таратады. Оның мақсаты — орыс билігінің бір қапталына қол жеткізіп, сол құзіретін өз халқының мүддесіне жарату, ойлағаны қазақтың қамы, – деді Ықсан.
Орысша сауатты есаулдың бұл сөзі Қазбек пен Байсақал қарияны ойлантып тастады. Орыстың өз ілімін өз болмысын қабылдағандарға ғана дарытатыны белгілі болып қалған заман еді ол.
Табиғатынан зерек, зерделі Қазбек көпті көрген, көкейіне көп нәрсе түйген есаулдың сөзін бірден түсінді. Әрі өздері майдан даласын тастап шығарда ғана подполковник дәрежесін алған Яков Беляковтың ниетінің тазалығына енді көзі жетті.
– Бірақ, біз, қазақтар, өзіміздің ұлттың болашағы үшін амалсыз жасап отырған осы әрекетіміздің мақсатын былайғы халыққа астыртын түрде түсіндіреміз. Себебі жаман нәрсенің бәрі жұқпалы келеді. Осылай басқа қазақтардың бөтен дінге еніп кетуіне жол бермеу керек, – деп түйіндеді есаул Ықсан.
Сөзге аяқ астынан Байсақал қария араласты.
– Ақ патша бірлі-жарым офицерлер болмаса қазақты әскерге алмайды. Ал башқұрттар мен татарлардың жағдайы басқа, олар орыс мұжығымен бірдей әскерге алынып, бақандай жиырма бес жыл ғұмырын шинел киіп өткізеді, – деді ақсақал.
– Әскерге жиырма бесінде кеткен жігіт үйіне елудегі азамат болып бір-ақ оралады екен. Қандай өкінішті! – деп басын шайқады Қазбек.
– Әрине, ауыр жағдай, бірақ қазақ сияқты емес, татар мен башқұрт ақ патшаның құзырына өз еркімен, екі жақты келісім арқылы қосылмады. Оларды орыстар найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен бағындырды. Сондықтан оларды өз қалауынша басқарып, өз қалауынша ұстайды. Ал қазақтың жағдайы басқа, ұзақ жыл өз елінің тәуелсіздігі, еркіндігі жолында орыспен де, қытаймен де соғысып, бағынбады. Тәуелсіздігін сақтай білді. Тек ең соңында ғана екі жақты келісім арқылы ақ патшаның бодандығын қабылдауға өз еркімен келісім берді. Сондықтан орыс билігі қазақтарға татарлар мен башқұрттардан гөрі басқаша қарауға мәжбүр. Қазақтар орыс бодандығына өтерде өздеріне пайдалы шарт қойған. Біз соғыстан қалжыраған, көп қырылған халықпыз. Сондықтан орыс бодандығына өтсек те балаларымыз әскерге алынбасын деп талап еткен. Қазақ баласының басты жетістігі сонда, – деді Байсақал қария. Бұл әңгіме үшеуін де ойлантып тастады.
* * *
Ертесіне Байсақал ақсақалмен қоштасып, жолға шыққан қосын ақыры қазақ даласына да жетті. Есаул Ықсанның қарамағындағы әскердің дені табын жігіттері болатын. Әскердің табаны табындар жайлаған өңірге тигенде біраз адам сол жерде бөлініп қалды. Есаул Ықсан қалған әскерді еліне аман-сау жеткізуді жүзбасы Қазбекке табыстап, өзі қимастықпен қоштасып елінде қалды. Алда ысықтардың кең жайлаған жері керіле көсіліп жатыр. Ел бұрынғысынша Қайыршақтыда еді. Соғысқа кеткен ысық қосынының оралар хабарын ондағы жұрт та асыға тосып, дегбірсізденіп отырған. Ел-жұрт, қатын-қалаш, бала-шаға қанды қырғыннан біреуі аман, біреуі мүгедек болып оралған әскерді улап-шулап қарсы алып, ыстық құшақтары қауышып жатты.
Осылайша ысық даласында жеңіс тойы жалғасты. Құрманқұл бидің пәрменімен соғыстан оралған әскерге қыруар мал сойылып, қазан-қазан ет асылып, қатар-қатар қойылған самауырлар қайнап тұрды. Молда соғыстан оралмаған қыршын жастарға бағыштап құран оқыды. Кешкісін әскерін таратқан жүзбасы Қазбек те атасымен, әкесімен, басқа да туған-туысқандарымен алты қанат ақ ордада мәжіліс құрып отырды.
– Ал, балам, Алланың арқасында қанды қырғыннан аман оралдың. Елде қалған әке-шешеңнің, бала-шағаңның тілегін Алланың қабыл еткені шығар. Құдайға тәубе, әзірге қазаққа төніп тұрған тікелей қатер жоқ. Бірақ «сақтықта қорлық жоқ» деген бар. Жат елдің соғыс әдісін, әскерін, қару-жарағын көріп оралдың. Жалпы жаңа жағдайдағы соғыс қалай екен? – деп немересіне сауал тастады болашақты алдын ала ойлайтын данышпан би.
– Би ата, бұл соғыстың бізге берген қызығы аз болса да, үйреткен сабағы мол болды. Көшпелі қазақ ойлағандай емес, қазіргі соғыс басқаша екен. Негізінен басымдық от-қаруға, зеңбірекке беріледі. Бірақ, соғысты жүргізу тәсілін қазақтың әдісінен озық деп айта алмаймын, – деді Қазбек.
Бұл сөз Құрманқұл биді біраз ойландырып тастады. Біраз уақыт үнсіз отырғаннан кейін:
– Қазақ даласына әзірге батыстың оқу ілімі келе қоймас. Соған қарамастан жат елден көріп, білгендеріңді ел арасында таратуың парыз. Рас, әзірге қазаққа шет тараптан төніп тұрған тікелей қауіп жоқ. Алайда «бөрі жоқ деме бөрік астында, жау жоқ деме жар астында», қазаққа сақтық керек, – деді Құрманқұл би.
– Жалпы, біраз адамымыз шығын болғанымен бұл соғыстың үйреткен сабағы мол, баба, – деген Қазбек.
Түнге қарай Құрманқұл би басқа балалары мен немерелерін үйлеріне жіберді де Қазбекті алып қалып, түн ортасы ауғанша әңгімелесті. Қазбек соғысқа байланысты басқаға айтуға болмайтын қорқынышты жайттарды, Ізтілеудің қалай өлгенін, мамлюк Абдуллахтың өзіне айтқан ақырғы аманатын, оның шынашағын қазақ жерінде жерлеу үшін арнайы мүйізге салып ала келгенін түгел айтып берді.
Сөз соңында Құрманқұл би Қазбекке:
– Абдуллах деген имам болғыр марқұм мұсылманның ақырғы аманатын елге арқалап келген екенсің, аманатты орындау – мұсылманның парызы. Бәріміздің мойнымызда ата-бабаның, оның жауынгер рухының аманаты жатыр. Ендігі міндет соны орындау болсын, – деді салалы саусақтарымен сақалын саумалап.
Бірінші бөлімнің соңы.
Жалғасы бар.