ТАЛАНТ ТАС ЖАРАДЫ… БАС ЖАРУЫ ДА ЫҚТИМАЛ

Марат Қабанбай (1948 – 2000) аз ғұмырында қайталанбас талант қуатымен қазақтың көркемдік әлемін нұрландырып, құйрықты жұлдыздай ағып өткен дара бітімді дарынды тұлға еді. Ұлттық прозамызды тыңнан түрен салып сан бояулы суретпен сәндендіруі өз алдына, оның публицист ретіндегі ұшқыр қаламының құдіреті тіптен ерек. Азаттықтың алғашқы аласапыран жылдарында көркем туындыларын қаңтарып қойып, білек сыбана жауынгер жанрдың жалына жармасты. Жабайы капитализм мен авторитарлық жымысқы жүйенің қоясын ақтарып, қоғам өміріне кеңірдектеп енген рухани кеселдерді аяусыз шенеген уытты да отты туындылары сол тұстары қаншалық резонанс тудырғаны әмбе оқырманға аян. Кезінде Алаштың Ахаңы мен Жақаңы: «Оян, қазақ!» деп ұрандатса, Марат: «Ойлан, қазақ!» деп дабыл қақты. Өз тағдырыңа өзің салғырт қарама, сілкін, жұртым деді. Ол өз мектебін қалыптастырып, қазақ журналистикасын шеберлік тұрғыдағы жаңа бір көркемдік белеске көтеріп кетті. Өмірлік деректерді қалай дәйектеп, синтездеудің озық үлгісін көрсетті. Сондықтан оның туындылары уақытқа дес бермес өміршең.
Қаламға ден қойған үлкен-кішіге үлгі болар, ой салар деген ниетпен, жазушының мақала-эсселерін дәмдеп, жалғасты түрде жариялауды жөн санадық.

Редакция.

Талант! Ол – кім? Бұл – ескі рим сөзі. Таза алтыннан құйылған, су астына жүз жыл тастасаң да тат баспайтын ақша бірлігі. Кедей-кепшік алыстан көргеніне мәз, патша, патриицилердің қадірлі қалталарында ғана жүретін қымбат ақша. Қеле-келе бұл сөз біртуар, аса қабілетті адамдарға арнап айтыла бастады. Ондай жампоздар ұлт үшін алтыннан ардақты, күмістен салмақты деген ым ғой. Әйтсе де, әзірге кері бағып келеміз. Талантты төбеге көтерудің орнына, көбіне, көпе-көрінеу төбеден түйеміз. Әсіресе, қоғамдық ой санасы дамымаған елдерде оған деген өштік, қысастық қатты. Ерте замандарда Грекия Сократка у берді, біздің ата-бабаларымыз: «Бұдан гөрі жақсы өмір бар!» дегені үшін Анахарсисті жебе ұшына байлап жіберді. Рим «Жер – домалақ!» деген Джорджоне Бруноны отқа өртеді, әзірбайжандар ұлы ақыны Насимидің терісін тірідей сыпырып алды, өзбектер астроном-математик Ұлықбекті шоқпарлап өлтірді. Қазақ та қалыса қоймаған. Тек өткен ғасырды ғана алсақ, Махамбеттің басын шапты, Біржанды «жынды» деп байлап-матап өлтірді. Ақан серінің Құлагерін мертіктіріп, өзін иесіз көлге қуып тастады, тәмам халық алдында масқаралап, Абайдың басын жардық, Үкілі Ыбырайды теңізге тоғытып жібердік. Ит қоспаған талантымыз жоқтың қасы. Кеңес заманы таланттардан қызыл қасапхана жасады. Ақаң мен Жақаң бастаған зиялы топты жүздеп жаһаннамға аттандырды. Ол қасапханаға Қасым, Мұқағали бастаған тарландарды қоса тоғытқанымыз осы міне ғана. Қысқасы, орнатылған, болашақта орнатуды күтіп тұрған ондаған қазақы ескерткіш-тұлғалардың өз ажалынан өлгені, құрығанда өлімші боп таяқ жемегені бірен-саран. Танылғаны, танылмағаны бар, үлкенді-кішілі таланттарды әлі де қара суға қамап, қара нанға телміртіп отырмыз.
Жалпы, құдай талант дегенде еш ұлтты ренжітпеген. Біреуі соны қор еткен. Екіншісі төбесіне көтерген. Есесіне біреу дамымай қалды. Екіншісі ыршып алға шығып кетті. Талантқа төбетше ырылдап қарағандарды тағдыр өстіп жазалады.
Бұлардың жазығы не? Жазығы, айыбы – бойындағы бары мен сөлін туған халқына соңғы грамына дейін сығып бергендігі. Екіншіден, бізден, яғни халықтың 99%-ын құрап отырған қара тобырдан артық туды.
Артықтығымен біздің туасы арықтығымызды, ақымақтығымызды, жүдеулігімізді тарих алдында тайға таңба басқандай дәлелдеп келді, дәлелдеп те жатыр. Ең қиыны, мың-миллион рухани құлдар сан ғасыр бойы жабылып жасаған системаны әлгі 1% тұлпарлар сана гүрзісімен қойып қалып, быт-шытын шағарады, әлем алдында масқара етеді. Ендеше ісініп-кебініп, ақылдымсып жүрген нәсілі төмендердің қоясын ақтарып тастайтын мұндай қызыл көздер кімге керек? Негізін құлдар құрайтын қоғамға ма? Онсыз да тәлтіректеп тұрған қоғамның қисық суретін салып, өз мүдделеріне сай система жасап алған билеушілер мафиясына ма? Жоқ, әрине, жоқ! Ендеше 99% екеніміз рас болса, ол әспенсіген 1% немені дереу табан астына салып таптау, жанын шығара жаншу керек.
Тапталғандар, жаншылғандар – жоғарыда аты аталғандар. Мылтықсыз рухани «атылғандары», езіле-езіле «шықпа, жаным, шықпа!» деп, арамызда әншейін құр сүлдері жүргендері қаншама!
Өздерінде де обал жоқ. Өзгелер: «Өмір сүріп жатқан осы дүниеміз ең үздік үлгі ғой деймін, ә? Оны жетілдіріп қайтеміз» деп, алақан уқаласа, бұлар: «Жоқ, мына өмір – итқорлық, қытымыр өмір: оны өзгеше сәулетті, сұлу етіп құруға болады, оның жол-жобасы мынадай» деп, бүйректен сирақ шығарады да жүреді. Сонсоң әлгі 1% билеуші мафия, екі ортада құртша қайнап жатқан 99%-ды 1% талантқа айдап салады. Бастағы қиынды емес, қолдағы оңайды қанағат еткен бұл шала масаң 99% талантты ақыры көрге тығып тынады. Өзін тырапай асырып қана қоймай, қатын-баласын қаңғытып жібереді, туған-тумаларын таяққа жығады.
Бірақ ешкімнің айтқанына көнбейтін, пара алмайтын уақыт деген көкеміз бар. Бұл көкеңіз ғасыр өте ме, жоқ па, әлгі қызылкөздің – таланттың кезінде қан жылап жүріп айтқандарын түп-түгел растап шығады, Абайды бүкіл әлем болып, 150 жылдығын атап өткеніміз сондықтан. Көп ұзамай әлгі Біржан, Ақан, Махамбет, Үкілі Ыбырайға да ескерткіш орнатамыз, Атақты үш би, Абылай хан, Бұқар, орта ғасырдағы ақын-жыраулар, эпостағы батырлар, осы ғасырдағы көзелдер болашақта екі астананы да өз ескерткіштеріне толтырады, Өйткені қазақ осы 1%-тің арқасында алға жылжып келеді, Әлем атаусыз, жоқтаусыз кеткен мың миллионды емес, «қазақ» деп осыларды таниды, Біздіңше деймін де, жер бетіндегі прогресті мүлдем жаңа сатыға көтерген ағаш доңғалақты ойлап тапқан конструктор бабамызды алғашқы қауымдық құрылыстың миғұлалары таспен бастырып өлтірген болуы керек. Ол бабамыз әлі де бағасын анық алған жоқ – адамзат тарихындағы алғашқы, болашақ алтын ескерткіш ең әуелі ракқа қарсы ем ойлап тапқан кісіге емес, нақ осы доңғалақты түңғыш жасаған жанға қойылуы керек.
Тарих адаммен өстіп ойнайды, талант бізбен өстіп зілді «әзілдеседі».
Таланттар, әсіресе, қазаққа өкпелі, Қөшпелі қазақ алтын ұстамаған. Алтыны – алдындағы төрт түлік малы болатын. Ол төрт түлігі сонсоң бір жұттан қалмай ақсүйек болып, сағымға айналған, Қазақтың өз таланттарына деген көзқарасы да адам – малдың осынау айнымалы қарым-қатынасына лайықталып құрылған ба деп ойлайсыз кей-кейде. Талантын талапайға салып тұрып, көңілі түссе, сал-серілерін ауыл сыртынан ақ киізге көтеріп алып, еркелете білген, хан, сұлтандары от ауызды, орақ тілді би, шешен, жырауларына жүгінген. Әйткенмен, жүрекке қуаныш ұялататын мұндай сұлу суреттер біздің тарихта аз. Талантты табиғат сыйласа: «Е, Алла, бергеніңе шүкір!» деп бет сипап, бермесе оған да көп қиналмаған. Асылы, көшерін жайылым, қонарын қыстау белгілеген көшпелі тұрмыс, ауыз әдебиеті мен ән-күй болмаса, ми шаршатып, бас ауыртатын басқадай күшенулерді қажет етпеген. Осылайша өзге елдер талантын әр унциясына дейін таразыға тартып, ұлттың қазынасына қуана-қуана қосып, мемлекет арбасына жегіп жатса, біздің таланттар қу жағына сүйеніп, домбыра мен ауылдың алты ауызының аясында қалып қойған.
Бұл келеңсіздікті кәрия тарих бізге кешірмеді – ың-жың ХХ ғасырдың табалдырығын қазақ үмбеті феодал боп аттап, XXI ғасырдың салтанатты сарайына тым қазақы шапанымызды жарым-жартылай шешкен күйі кіріп бара жатырмыз. Бүтін феодалдықтың нәтижесі белгілі – халқымыздың тең жартысынан аспан ашық, жер жазықта айрылып қалдық. Ал, шала феодал, шала капиталистігімізден не шығады, оның төрелігін келер ғасыр айта жатар.
Талант қазаққа керек пе? Бүйтіп сұрақ қоюдың өзі ұят. Ең алдымен, біздің төрт аяқты айуаннан көш ілгері екенімізді білу үшін, адами, үлттық комфорттық сезіміміз үшін керек. Талантсыз ұлт – қараң қалған ұлт. Тарихты гегемон емес, талант жасайды. Жер бауырлаған адамзаттың еңсесін қалай көтеремін деп жынданып өлген Фридрих Ницше айтқандай, өресі биік адамсыз біз жануардан айырмашылығымыз шамалы, ішкен-жегеніне мәз қарабайлар мен майбасарларға айналамыз. Осы биік өрелілерге күнде көріп жүрген Абай, Шоқан ескерткіштеріне қарап, бой түзейміз, тәубаға келеміз.
Таланттарды адамзат тек соңғы ғасырларда ғана тәңір тұта бастады. Қазір қай ұлт озық, қайсысы тозық, оны білу үшін әлемнің ірі-ірі қалаларының алаңдарына көз салсаңыз жетіп жатыр. Даналары мен бабаларына орнатқан ескерткіші қанша болса, оның даму дәрежесі де сол шамада!
Таланттың қадірін түсіну мен демократия әрқашан да қатар жүреді. Демократияның ең басты заңы – адам бойында бұғып жатқан қабілеттердің жан-жақты барынша ашылу үшін жағдай жасау, адам жанын азат ету. Сондықтан ірі-ірі тұлғаларға ескерткіш ашу науқаны демократия алғаш бүр жарған ежелгі Элладада қау беріп, Рим империясында ұласып, қайта өрлеу заманында барынша шарықтады. Ол деген «болмасаң да ұқсап бақ» деген әдемі сілтеменің гранит тасқа, полотноға түскен жарық сәулесі болатын. Талантты бағалау сананың дамуымен қатар жүреді. Жерорта теңізі төңірегінде адам ойы бір кездерде сауда-саттық, тағы басқа сан қилы қарым-қатынастар арқылы шарықтай дамып, Афины, Александрияда пәлсафашылар мектебі қалыптасып, содан дәріс алған императорлар таққа мініп үлгірді. Олар өз пәлсафашыларының ілімдерін мемлекет басқаруда азық етіп, талант иелерін қамқорлыққа көміп тастады. Александр Македонскийдің император ағзам басымен бөшкеде бықсып жатқан Диогенге әдейі арнап барып, сәлем беруі, әне, сол заман. Өздері ой, өнер космосын жасай алмаса да, жасайтындарға жағдай туғызып, қорғап-қолпаштады. Түксиген-түксиген орыс патшалары да таланттарына тиіспеген, қайта Патша Лицейін ашып берген. Дүбәрә, шала таланттар тек: «Тақтан түс!» деп әкіреңдей бастағасын ғана қылышқа қол созған. Соның арқасында өзге істері былық болса да, осы қасиеттеріне бола ғана тарихқа алтын әріппен жазылды. Қерісінше, надан патша таққа мінсе, таланттардың қара аспанын су алған.
Таланттардың көзі тек соңғы бір-екі ғасырда ашылды. Ескерткіш енді қылышынан қан тамған императорларға емес, еліне еңбегі де, ерлігі де өткен төл таланттарға қойылды. Қай елде демократия күш алса, мемлекет басшылары ең әуелі: «Не арыз-арманы бар екен, не істеп жүр?» деп таланттарды іздеді. Демократияның ең «кәрі өкілі» Англияда, мәселен, Черчильден басқа бір де бір премьерге ескерткіш арналмаған, қойылғаны – ойшылдар, жазушылар, өнертапқыш, қолбасшылар.
Бразилияда – Пелеге, Швейцарияда 150-ге жуық адамды қар астынан аршып алған сенбернар итке ескерткіш тұр. Яғни ол жақтың талантты итіне дейін қадірлі. Қысқасы, үстіміздегі ғасырда таланттар тұңғыш рет қоғамдық құбылыс ретінде анық көзге көрініп, оның басты қозғаушы күштерінің бірі ретінде анық танылды.
Соған қоса талантқа да тәрбие керек екен. Тас емес, бас жарған талантың кім десең, ол – Гитлер, Муесолини… Яғни ерекше қабілетті адамдарды бала жастан гуманистік, патриоттық, т. б. ізгі сезімдерде тәрбиелейтін мықты жүйе керек. Адамның жаны дұрыс дамыса, таланты дұрыс түзілсе, мемлекет оны іске қоса білсе не болатыны Жапония мысалынан белгілі.
Қазір ғой, қаласақ та, қаламасақ та, артымызға енді қайрылып қарамастай, капитализмге апыл-тапыл басып көшіп жатырмыз. Оның ең басты шарты – адам факторын алға шығару, оның миын шаруаға жегу. Есебі, талантсың ба – тауға шық, емессің бе – еңіске түс! Кезінде Наполеон Бонопарт маңайына құл-құтан демей, таланттарды жинап, капралдан қолбасшы жасады. Феодализмді Еуропада түпкілікті қиратып, капитализмнің орнауына алғышарт жасады. Сол Наполеоныңыз талантты таразылауда бір-ақ рет қате жіберді және ол қатесі оны ақыры жер жастандырып тынды. Ата жауы – Англияға ауыр армиясын Ла-Манш бүғазы арқылы өткізе алмай, шаршап жүрген кезінде Фультон өзі ойлап тапқан бу кемесінің схемасын көлденең тартқан ғой. Сол пароходтың отыз шақтысын жасай салса, Англияға жүзіп өтіп, табанына салғандай екендей де. Мейманасы асып тұрған император Фультон талантын тәрк етіпті. Ақыры дер кезінде бу мен судың көмегімен жаулап алынбаған Англия атақты Ватерлоо ұрысында герцог Веллингтонның қолбасшылығымен императордың сазайын берді.
Сол сияқты, біздің ел де қазір өзінше «өтпелі дәуір» атты терең де жалпақ бұғаздың жағасында «келешек күніміз не болады?» деп қалтырап-дірілдеп тұр. Арғы жағада – капитализм, тәуелсіз Қазақстан! Міне, дәл осы тұста бізге қазақ, қазақстандық фультондар өте-мөте қажет. Және әр саладан, әр тұстан, әр ұлттан. Жоқ болса, халық ішінен құм арасынан алтын іздегендей қопарыстырып жүріп табу керек, қазақстандық күймемізге жегіп, аямай жұмысқа салу керек. Ал, талант дегеніміз мінезі өте қиын халық. Өзіне ғана тән түсініктің, өзгеге жұмбақ идеяның соңында миы ашып, көзі алайып жүріп, далада қалады. Түйенің таяқ жейтін жері – нақ осы тұс. Міне, дәл осы кезде мемлекет, қоғам оған көмекке келіп, қолтығынан сүйеп, қабілетіне қарай лайық орын тауып беруі, оларды ұйымдастыруға тұтқа, мұрындық болуы керек. Қезінде АҚШ, Еуропа, Жапония, Оңтүстік Шығыс Азия елдері солай еткен, Олар таланттарынан ақшасын да, атағын да, лауазымын да аямады, есесіне оның хиуазы он, жүз еселеп қайтты.
Талантарды қалай тәрбиелейміз? Он шақты жыл бұрын жапонтанушы, марқұм М. Цветовтың телерепортажын көріп ек. Токио базарының бір бұрышында алым-жұлым жас жігіт қышқырып тұрып, қайыр сұрап тұр. Сөйтсек, әлгі қайыршымыз Жапонияның жоғарғы бизнес мектебінде оқитын, жә деген байдың баласы екен. Ас та төк өмірдің ортасында бұлаңдап өскен бұл бозымды ұстаздары: «Қайыршы кім, тиын-тебен қолға қалай келеді, соны ұқсын, оны түсінсе қор болмайды әрі қайыршылықты өзі бастан кешкесін келешекте жапон тіленшісін аштан өлтірмейді» деген мақсатта базарға әдейі жіберіпті. Оның үстіне бұл бала король де, қайыршы да жүретін базарды – халықты зерттейді. Қысқасы, өмір сүруге икемі бар екенін дәлелдейді. Көрдіңіз бе, бір қайыр сұраудың астарында қаншама аспектінің тігісі жатқанын. Жер жүзін жұтуға айналған Жапония өз ұланын осылай тәрбиелейді!
Ал, бізде ше? Әке-шешелері кеше ғана номенклатураның мықтылары болған біздің шешектер өлдік десек те көк базардан қайыр сұрай ма? Күні кеше балалар бақшасына, мектепке кеңестік машинамен барған, бүгінде өздері иномарка мінген бұлар қазақ қайыршысының қолына теңге тастар ма екен? Қазақтың қайыршысына айналған әдебиет пен өнердің алға созған қолына теңге тастамақ түгілі, жалаңбұт ұлтының бойындағы бары мен жоғы – тіліне, тіні, діні, діліне ашық та, жасырын да күресіп жатқан жоқ па? Шетел «түкке тұрмайды» деп бағалаған Мәскеу поп «жұлдызсымақтарының» жолына қоржындап ақша шашып жүрген бұл «марқасқалар» қазақтың маңдай терінен жиналған осы капиталға ондаған таланттар мектебін ашуға болатынын білмейді дейсіз бе? Олар және номенклатура әдебиет пен мәдениет, өнер бірдеңе сұрап барса, неге екенін қайдам, қатты қуанып қалады. Ақыры, келемеждеп, сұрағанын бермей жібереді. Немесе, АҚШ миллионерінің жаз болса, бензоколонканың қасынан табылатын баласындай, қазақ байының жазғы демалыста қолына сыпырғы ұстаған перзентін көрдіңіз бе? АҚШ азаматы, бай болсын, кедей болсын, Америка туына адал баланы тәрбиелеуге тырысады. Ондай адалдық банкет үстелінде емес, бензоколонканың түбінен басталатынын жақсы біледі. Патриот емес балаға жұмсалған еңбектің бәрі рәсуа, оларша. Өз ұлтының тіліне бүгін тиіскен ұландар, күні ертең көк туымызға адал бола ма? Бүгін тілін, өз ұлтын сыйламаған бұл азаматтар күні ертең капиталын шет елге ойланбастан шығарып жіберетініне бәс тігуге бармыз. Шығарып та жатыр. Олар ұлт емес, өз төңірегінде ғана сәулетті өмір жасайды.
Ыңғайлы талантты табу бар да, одан патриот тәрбиелеу басқа мәселе. Бұл екеуі бір елде, тұлғада тоғысса, ол біздің бақытымыз. Бірақ жағдай басқаша. Өткен жазда «жолым болып», бір беделді дастарқанда болғаным бар. Келгендердің көбі «мәпе» қыз-жігіттер екен. Солардың біреуі қыза-қыза келе:
– Аппаратқа келуге қалайсыз? – деп жарылқап тастамасы бар ма.
Бұл «бақыттан» есім шығып кетіп:
– Ол соншалықты оңай іс пе? – деппін апалақтап.
– Жасаймыз.
Дәл осы жерде белді жерде қызмет істейтін, дастарқан төңірегінде мемлекеттік лауазымды көлденең көк аттыға қия салған қарақты патриот деп айта аласыз ба? Өзіне ол қызмет оңай келіп тұр ғой. Сондықтан оңай сыйлай салады.
Кезінде кеңес патриоты едік. Және оған қатты берілген біздей басқа халық жоқ. Кеңеске қуана-қуана айнала салып ек, енді қазақ патриоты болуға қауқарсызбыз. Кету оңай да, оралу киын екен.
Қазір Президент стипендиясына шет елде мындаған жастар оқып жатыр, солар болашақта ұшпаққа шығарады деп отырмыз. Олардың арасында үкілеген таланттар да аз емес шығар. Бірақ соның бәрі «елім» деп еңіреген патриоттар ма? Әлде тек білім-ілімге ғана жүйрік, қара қазақ десе жиырыла қалатын астаналық әлпештер ме?.. Қөбі сорпа бетіне шығарлардың отбасынан қалқып алған кілегейлер емес пе? Олай дейтініміз, біздің түске ғана кіретін бұл жоғары мәртебелі стипендияны 2000 долларға саудалап жүрген жымысқыларды білеміз. Сонда шет елде доллар оқи ма, талант оқи ма?
Онсыз да кедей казақтың қалтасынан қинала-қинала шығарған стипендиясына тек қана қазақ таланты әрі патриоты оқуы керек.
Қазақстанда қазір көбіне талант, адал еңбек емес, алдап-арбау, сауда-саттық, коррупцияның сөзі өтімді. Оған күйреп, күйзелмеу керек, өйткені, кез келген елдің өтпелі дәуірінің сиқы осы. Бұрынғы кадр таңдау жүйесі жаңа заманда талант таңдауға айнала алмады. Бармақ басты, көз қысты тұрғанда оған орын жоқ. Аға, орта буынды бұған беріп алдық, енді жас ұрпақты құтқарып қалуымыз керек. Талант пен адал еңбек алға шықпаса, Қазақстанның осы қалғаны қалған. Тұлпардың таланттысы Құлагер еді. Құлагерді өлтіріп ек, орнына басқа Құлагер табылды ма? Махамбеттің басы шабылғасын, талай жас Махамбеттер Махаң болудан безіп кетті. Мұқағали мен Асқардың өлімі болашақ талай мұқағалилар мен асқарлардың жолын кесіп тастаған жоқ па? Қазіргі Мұқағали, Асқар, Төлеген, Оралхан, Сағаттар базарда телмендеп жүр. Жас Қаныш Сәтбаевтар қой соңында.
Провинцияның Парижді жасағаны рас болса, алдымен халық арасына неге көз талғанша үңілмейміз? Аузы қисық болса да бай баласы сөйлесе, бұл – біздей мемлекеттің соры. Барлық трагедия әркімнің өз орнында отырмауынан туындайды Әркімнің қолдан жасаған «ағаш аты емес», табиғат шебер тудырған тұлпар озуы керек. Алғы елдер әркімді өз орнына коятын, талантты тауға сүйрейтін жүйе жасай білді. Бізде ондай нышандар жоқ емес, бар. Әйтсе де ілуде біреу. Таланттарды табу, тәрбиелеу, ұқсата білу үлттық сипат алуы керек.
Өткен жылы Саттар Ерубаев ағамыздың 80 жылдық мерейтойына қатысып қайттық. Той бойы жұпыны киімді бір жапырақ жас жігіт көлеңкедей еріп, қасымыздан шықпай қойды.
Баққаны – біз, біздің аузымыз, жүріс-тұрысымыз. Бір әредікте жөн сұрадық, Аты – Қанат. Оңтүстік Қазақстанның Алғабас ауданынан, Шымкенттің бір университетінде оқиды екен.
– Мұнда не ғып жүрсің?
– Ахмет бабаға, Саттар ағаға тәуеп етейін, сіздерді көрейін…
– Кім жіберді?
– Өз қаражатыммен келдім.
Ақыры қаражаты құрғыры қоналқыға жетпей, қасымызға түнеп шықты. Кейін іштей өз-өзіме ренжідім.
Қалтасын қағып, Саттар тойына келген сол қара баланың жанкештілігін ұға білсем, құрығанда, не жазатынын, фәмилесін сұрап қалмас па едім?
Дегенмен тәубе дедік. Мұндай құйма құлақ қара баласы бар қазақ өлмейді. Саттар тойында бұл баланы тиын-тебенсіз қалдырған халық тағы оңбайды. Осыны есте ұстайық.
Сөз соңы: талант шіркін ұлт таңдамайды. Ол – бүкіл адамзатқа ортақ қазына. Арғы ата-бабамыз ойлап тапқан доңғалаққа осы күні бүкіл әлем мініп, масайрап жүр. Сол себептен 100 ұлт пен ұлыс тұратын біздей елге талант дегенде «қазақ, қазақ» деп қақылдап қалғанымыз ұят. Әр қазақстандық талант – әр қазаққа ортақ. Оған қамқорлық жасау – өзімізге жасау болып табылады.

1994

Пікір қалдыру