Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ
Алматының күншығысы…
«1-Кеңсай»…
«2-Кеңсай»…
«Кеңсай» ықпыл-жықпыл сай-саланы, қыр-жотаны біртіндеп иеленіп, кеңіп барады… Қаламен іргелес ауыл сияқты. «Итсіз ауыл». Қазекемнің зиратты осылай дейтіні бар. Жым-жырт жатады ғой.
«1-Кеңсайда» бос жер жоқ. Жабылғалы он шақты жыл.
«2-Кеңсайдың» қала жақ жотасында тұрмыз. 2011-жыл. Қаңтардың 24-күні. Қалаға көз тастадым. Бұрында бұл жерден аламыштанып көрінетін Алматы бүгін сәске түске жетпей-ақ бурыл-қошқыл бұлтты бүркеніп алып, бұғып жатып қалғандай. Арасында саңлау жоқ қою… бұлт емес, қала тірлігін мүлде тұмшалаған құрымкиіздей түтін. Қолқамызды қаптырып, өкпемізді ыстатып, қалайша төзіп жүрміз?..
Қадырдың төзімі таусылған екен. Міне, жербесігіне жатқалы келді. Жүздеген қаламдасы жылаулар халде алып келдік. Балалары, туысқандары, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бастап келген батысқазақстандық жиырма шақты жерлесі… бәріміздің жүзіміз сынық. Шынайы қимасымыз Қадыр Мырза Әлиді фәниден бақиға аттандырғалы тұрмыз. Алматының ысына емес, «бас-басына би…» көбейген, адамнан автөмәшін қымбат болған берекесіз, жылусыз жалтырақ өмірдің рухани тауқыметі төзімін тауысқан Ақын, Азамат Қадырдың жаназасына жиналдық…
«Өлім де – сын» депті қазекем. Бағана М. Әуезов атындағы драма театрының табалдырығын аттай бере есіме осы сөз түсті де, Қазақстанның, Қазақтың Қадырын соңғы сапарына шығарып салуға кімдер келетінін ойлап, ығы-жығы көпті көзсүзгімнен өткізе бастадым. Берісі Алматының әкімі Ахметжан Есімов, арысы республиканың бас министрі Кәрім Мәсімов келеді деп ойладым. Жоқ, олар көрінбеді. Мәдениет министріміз Мұхтар Құл-Мұхаммед елдің алдымен жетуге тиіс еді, ол да жоқ! Исі қазақ төбесіне көтерген, алақанына салған Қадырдың – Қазақстан Комсомолы және Мемлекеттік сыйлықтарының, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының, «Парасат» орденінің иегері, мемлекет және қоғам қайраткері, республика Ел әні (гимні) авторларының бірі, Қазақстанның Халық жазушысы Қадыр Мырза Әлидің – адамгершілік, қаламгерлік қасиетін Алматы мен Астанаға симай шіреніп жүрген шенеунік атаулы тани алмаған екен ғой?! Ай, рухани сорлылық-ай!
Иә, рухани сорлылық!
Өткен жылдың аяқ шенінде Алматыда В. Ни деген кәріс қайтыс болыпты да, «Егемен Қазақстан» бастаған газеттерден оқып, радиодан естіп, телеарналардан көргенімдей, оны жерлеуге Астанадан парламент сенатының төрағасы бастаған делегация ұшып келіпті. Марқұмның аруағы кешірсін, мемлекеттік-үкіметтік деңгейде соншалық құрмет көрсететіндей, В. Ни кім болып еді? Кеңес өкіметінің соңғы жылдарында, одан кейін де республика Министрлер Кеңесі құзырында Шаруашылық басқармасына еге болған. Жоғарғы басшылықтағы шенеуніктердің қарын қамын, яғни ішіп-жемін ойластырумен шұғылданды, үй-жайын жыл сайын жасартты, жиһазын жаңартты, тойын түгендеп, меймандарының көңілін көншітті. Ол, В. Ни, бертінде президенттің кадр-қаржы жөніндегі бейресми кеңесшісі болған деседі. «Қалауын тауып қарды жандырған» ғой. Қадырды Тау десем, Нилер оның етегінде шашылып жатқан тастар еді, бірақ олар ымдас-жымдастары үшін асыл тастар екен ғой!..
Қазекем: «Құрдастың құдайы бір» деген екен, сол бір құдайға бүгін нали сөйлемеске шарам қалмады. Құрдасым Қадырдан көз жаздырды, міне. Кездесе қалғанда, телефонмен хабарласқанда: «Қадырия, хал жақсы, иә?» дегенімде ол: «Шүкір, Ғаббасия!» деп алып, қашанда дайын қалжыңымен әрлеп, қысқа да нұсқа бір әңгіме айтып тастаушы еді. Бірде:
Желпінемін жолықсам жырласпенен,
Жырластарды ең жақын сырлас көрем.
Азаматтың бақыты – достар десем,
Ал қызығы – кәдімгі құрдас дер ем,
– деп жаңа өлеңінің бір шумағын оқып та жібергені бар.
Жамбыл көшесіндегі ақ үй мен сары үйде сегіз жыл іргелес болдық. Балаларымыз ержетті, немере сүйдік. Екеуіміздің: «хал жақсы, иә?» мен «Шүкіріміз!» бұрынғыдан да көңілді, әлдеқайда көтеріңкі айтылатын болды.
Шіркін қарттар шабытты,
Шұбыртады-ау батасын.
Немерелер бақытты,
Түшкірткенге атасын.
Қуат алып, күшейіп,
Мәз болады шал қанша!
Немересі есейіп,
«Насыбайсыз» қалғанша!
– дегені арғы-бергі шалдардың мерейін мейірленіп айтқаны емес пе?!.
Тірліктің талабына қарай бұрынғы бір пәтерімізді екіге, үшке бөліп, балаларымыздың отауларын тіктік. Іргеміз алыстады. Қалам құшақтаған күйбеңмен жүріп, кездесуіміз сиреңкіреді. Той-томалақта, анау-мынау жиындарда ғана жүздесетін болдық. Қадыр жылдың біраз уақытын өзі туып-өскен Орал өңірінде өткізіп жүрді. Мен болсам, «Шығысым, қайдасың?!» деп тартып тұрамын.
…Ауруханаға түсіпті дегенді естісімен іздеп бардым. «Қадырия, мұнда да жазып жатырсың, иә?» дегім келді. Оның оқыс әзіл айта жауап беретінін білемін. Әзіліне қарымта қайыра алмаған сәттерім көп еді, бұл жолы ол не дер екен, мен не десем екен деп іштей дайындалған болып бардым. Бірақ кезекші дәрігер келіншек мені есік көзінен қайтарды.
– Бұл реанимация бөлімшесі. Кіруге болмайды, ол кісінің халі ауыр. Инфаркт, обширный. Салтанат апай біледі. Кейін хабарласарсыз, – деді. Илікпеді.
– Палатасында, жанында кім бар?
– Ешкімге онда отыруға рұхсат жоқ.
Қадыр ерекше құрметтеген Оспанхан Әубәкіровтің өзім құрастырған «Анау мен мынау» атты әзіл-сықақ өлеңдер жинағын: «Қадырия, саған дәл бүгін күлкіден артық дәрі аз, иә?» деген қалжың қолтаңбаммен ала барып едім, соны дәрігерге ұсынып:
– Мына кітапты тумбочкасына қойыңызшы, оған керек кітап, басын көтерген соң оқиды, – дедім.
Дәрігер маған сөз ұқпаған баласына қараған шешенің кейпімен қарап сәл-пәл тұрды да, кітапты селқос алып, бұрылып кете барды. Көңілім құйындап, кеңсірігім ашып, көзіммен ұзатып тұра бердім. Ол ұзын дәліздің арғы шеті жақтағы бір палатаға кіріп шықты. Маған қараған сияқтанды. «Неге кетпей тұрсың?» дегені де…
Қадырия…
«Мотордың мәні болыңқырамай жүр» дейтін…
«Бар болғыр жүрек жұлқынуды үйреніп алды» дейтін…
«Кәрі жолдас жүрегіммен тіл табыса алмай жатырмын» деді бірде, ауруханада…
…«Қазақ әдебиеті» гәзетінің редакциясына қызметке орналасқаныма жарты жылдай болған. 1966-жылдың күзі. Бір күні, сағат 11 шамасында, бөлмеге аласалау бойлы, өзінен мұрны үлкен қараторы жігіт кіріп келіп, табалдырықтан бері бір аттап, тымпиып, жымиып тұра қалды да:
– Әй, ұзын Ғаббас, қысқа Ғаббасың қайда? – деді, төр жақтағы бос тұрған үстелді – жауапты хатшымыз Ғаббас Жұмабаевтың үстелін иегімен нұсқап. Бейтаныстың баса көктегені қитығыма тие қалып:
– Тауып ал да, өзінен сұра, – дедім, оқып отырған материалыма қайта үңіліп.
Бейтанысым әскери кісіше аяғын тақ-тұқ басып қарсы алдыма келіп тұрды да:
– Жолдас құрдас, таныс болайық, менің аты-жөнім Қадыр Мырзалиев. Хал-ахуалың қалай? – деп қолын ұсынды. Өзін алғаш көргенім болмаса, мақтау лебізбен аталып жатқан «Ой орманы», «Дала дидары» кітаптарынан біраз хабардар едім, тұрып қолын алдым. Бітімі шағын болса да, қол қысысы шатақ екен, әлде, «жолдас құрдасына» қыр көрсеткені ме?
– Атымды біліп тұрғаның жетер, арғысын қайтесің, – дедім.
– Сен бұ дүниеге қай айда келгенсің? – деді, жымия түсіп.
– Көкек айының басында.
– Ал мен қаңтар айының басында келіппін. Демек, жолдас Қабышев, сенен бақандай үш ай үлкен ағаңмын! – деді, жорта ежірейіңкірей қарап.
– Үш жаялықты бұрын тоздырғаныңды пұлдап тұрсың ба? – дедім.
– Міне, отыз бесінші жылы туғандар осылай болса керек-ті! – деп шапалақ ұра күлді.
Кейінде сол танысу тәсілімізді еске алғанда Қадыр: «Шыныңды айтшы, сонда сен қатты шошыдың, ә? Түрің сұмдық бұзылып кетті», деді. «Айтпа, әлі оңала алмай жүрмін» дедім.
Қадыр мен Оспанханның жаратылыстарында өзара ұқсастық бар еді. Оспанхан күлкілі әңгіме, не өлең жазар алдында рахаттанып күліп алатын.
Қашанда қапысыз, ұтқыр әзіл-қалжыңдарын айтқан сәтінде Қадырдың да бүкіл бет-ауызы күлетін.
– Өзің айтып, елдің алдына түсіп өзіңнің күлетінің қызық, – дедім бірде. Ол әдетінше оң қолының сұқсаусағын секите қарап:
– Сен сияқты ауыр артиллерияның атылуын тосып отырар уақытым жоқ болған соң сендер үшін күлмегенде қайтем? – деді.
Ол уақытқа ұқыпты болды, уақытты бағалай білді. Жеңіл-желпі жиынға жолаған емес. Мәртебелі жиындарға да құлшынбайтын. Өзінің жазғандары, басқа тілдерден аударғаны бар жиыны қырық шақты томын әзірлеп, баспаға тапсыра бастағаны сол өнегелі әдетінің айшығы-ау!
Халықтың қалауымен республиканың Жоғарғы кеңесіне депутат болғаны, 1986-жылғы Желтоқсан оқиғасының себептерін зерттеу жөнінде Жоғарғы Кеңес құрған комиссияның төрағалығына сайланғаны оған көрсетілген зор құрмет, мол сенім болса да, Қадырдың асығы алшысынан түскен жоқ. Сол жәйттерді екеуара әңгімеге арқау еткенімізде ол әдеттегі шапшаң жауапшылдығын тежеп, қабағын сәл шыта ойлана сөйлеп:
– Депутат болу, әлгі комиссияны басқару екінің біріне бұйыра бермейтін «батпан құйрық» қой, ал мен сонда кеткен уақытымның ең кемі жартысын рәсуа деп есептеймін. Бір «қызығы», Ғаббасия, бері қара, өзімді депутаттыққа сайлаған жұрттың мүддесі деп бір мәселені кең қамти қазбалап айтып, мен өзі нені айтсам да қазбалап, түк қалдырмай айтамын ғой, дәлелдеп беремін, онымды біраз депутат бірінен соң бірі қостап, қуаттап сөйлейді. «Әп, бәрекелді! Ондыққа тигіздім!» деп депутат Қадыр Мырзалиев жолдас өзіне-өзі өте риза болады. Ал ол мәселенің шешімі дауысқа салынғаннан кейін Қадекеңнің оғы, «ондық» қайда, тіпті нысананы маңайламаған болып шығады. Ол қалай? – деді, «оғын» орта жолда мен ұстап қалғандай-ақ, маған шұқшия қарап.
– Құрметті Қадырия, оны мен қайдан білем? Сенімен бірге депутат болған жоқпын ғой? – дедім, қорғанысқа көше қойып.
– Болмай-ақ қой, қызығатындай дәнеңе жоқ. Мен бір сөйледім, екі сөйледім, үшінші жолы өлеңімді жазуға кірістім, кейіпкерлерім сол залдан табылып жатты, – деп ол мұрнын сұқсаусағымен бірер сүйкеп, күліп алды да, қайтадан салмақтанып: – Комиссия десең… ол оқиғаның алды-артында, о жақ, бұ жағында болғандардан менің түсінік алғанымнан гөрі жоғары-төмендегі «жойқындарға» менің түсінік беруім көбейетінге ұқсады, ондайда өлең жазу қайда, Салтанатпен дұрыстап сөйлесуден қалдым. Әй, Ғаббасия, қояйықшы, сұрықсыздықты еске алуды суханым сүймейді, – деп қолын сілтей салды…
Әдеби гәзетіміздің редакциясында тосыннан, қызық табыстық дедім ғой. Құрдасымның сондағы айтуынан ба, немесе өзінен-өзі қалыптасты ма, әйтеуір, редакцияда содан былай: «ұзын Ғаббас», «қысқа Ғаббас» деп атау шықты. Аттас бастығым, жатаған Жұмабаев мені тек «ұзын Ғаббас» дейтін болды.
Сол тосын да жарасты сәттен беріде 44 жыл өтіпті…
Өмір дейміз. Заман дейміз. Қоғам дейміз. Қадырдың шығармашылық ізінен көз жазбағандар оның осы үшеуіндегі өзгеріс, жаңалық атаулының бәрін дерлік ой сүзгісінен өткізіп, өлеңімен төрелік айтып отырғанын көрді деп білем. Көне тарих пен жаңа тарих арасы, ауыл мен қала өмірі, орман мен дала дидары, бала мен қарт тірлігі, әдебиет пен ана тіл қадірі, жас ақын-жазушылардың жағдайы… Ол бірде сүйініп, бірде күйініп жазбаған тақырып жоқ-ақ, жоқ!
Аталған гәзет редакциясында қызмет істеп жүргенімізде кейде бір салмақты сыни мақалаға, немесе бір мәселені қамтыр топтама, бет берерде соған ортақ тақырып таба алмай қиналғанымызда Бас редакторымыз Сыр-аға – Сырбай Мәуленов – мұқыл басбармағымен добалдай мұрынын бірер сүйкеп алып: «Абекеңнен алмайсыңдар ма? Абекеңнің әрбір тармағы рубрика, шапка ғой!» дейтін. Абекеңі – Абай бабамыз. Шынында Абайдың сөздерінен, өлең жолдарынан талай тақырып, сан алуан айдар (рубрика) жасадық. Сол Сыр-ағаша айтуыма болса, Қадырдың өлең тармақтарынан қандай мән-мақсатты мақалаға болсын, өлең-дастанға, хикая-романға болсын… тақырып табуға болады! Оның үлкен-кіші туындыларының бәрінде көлеміне орай ой тұнып тұр. Қадыр – философ ақын! Ой өрнегі көнермес классик ақын!
Өкінішті
Көп нәрсені кеш білген.
Оқымысты!
Көмек күтпе еш тілден.
Тарих қымбат, қандай болса сол күйде,
Тәуір тарих сұрамаймыз ешкімнен!..
(«Іргетас»).
…Біз сенеміз,
Сен де бізге сенгейсің.
Дерті барды шипагердей емдейсің.
О, Наурызым!
Біздің Қазақстанға
Біздің тілде таза сөйлеп келгейсің!..
(«Наурызға наз»).
Сен, Аязби, – жемісі даналықтың.
Ойлап тапқан өзіңді Дала мықты.
Кемеңгерлік бейнесін қайдан алмақ,
Өзі сондай болмаса со халықтың?!.
(«Аязби»).
Байтақ дала – өрісім,
Барып тұрам сиретпей.
…Малсыз жайлау –
Мен үшін
Идеясыз суреттей.
(«Төрт түлік»).
Тегі таза аймақта
Түгі кетпес сау ұлдың.
Тыныштықтан кей уақта
Өзі жақсы дауылдың!
(«Дауыл»).
Әділетке тас аттық,
Тілсіз қалды мың мықты.
Өтірікті босаттық,
Қамап қойып шындықты.
(«Қолдан жасаған құдай»).
Қару аз ба?!
Бірақ та
Қылышқа тең жоқ дер ем.
Бұғып жатқан қынапта
Қанжарды мен жек көрем!
(«Қылыш пен қанжар»).
Күлкі буса,
Отырма сен қысылып,
Ұшыр оны көңіліңнің құсы ғып.
Өзгелерді әжуә ету – пенделік.
Өзіңе өзің күле білу – кісілік!
(«Күлкі»).
Ой дариясы. Ой мұхиты. Жүзе біл. Жүзе бер.
…Аспан үнемі бұлтсыз болмайды. Әзіл-қалжыңы жарасқан құрбы-құрдастар ғана емес, ес білгеннен бірге өсіп, төс түйістірген достар да қабақ шытыспай жүрмейді. Қымбат құрдасым Қадырия екеуімізде сондай сәт бір байқалды. 2005-жылдың жазында «Жас алаш» гәзетінің редакциясында жас журналшылармен кездесуде болдық. Үкімет гәзеттері жазатындай, кездесу жылы шырайлы, достық әңгімелесу жағдайында өтті. Тарасып, далаға шыққан кезімізде Қадыр:
– Ғаббасия, менің «Иірім» деген жаңа жинағымды оқыдың ба? – деді.
– Сен маған тарту етіп пе едің?
– Жоқ, етем ғой.
– Бәрібір оқымаймын!
– Е, неге? – деп, білегімнен ұстай тоқтатып, әдетінше жорта ежірейе қарады.
– Себебі сен ол кітабыңда, – деп бастап, әжептәуір реніш айттым. Соның алдындағы апта да кезінде менімен көп жыл аралас-құралас, бірақ арамыздан ертерек кеткен екі ақын, бір жазушының әйелдері үйге телефон шалып, «Иірімде» марқұм жұбайлары жайында орынсыз сөз барын айтып мұңайған. Екеуі қыстығып жылап та алған. «Орынсыз сөз» дегендері шынында қағазға түсірудің керегі жоқ жәйттер екен. Әрқайсысының әдебиеттегі емес, жеке тұрмысындағы анау-мынаулар: араққа үйірлік, жігітшілік… дегендей. Мен естігенімді қысқаша қайталап айттым да:
– Қадырия, дәл осыныңды құптамаймын, бекер жазғансың, – дедім. Ол қолымды қоя берді де, қырын қарап тұрып:
– Менің өз пікірім – өзімдікі. Жасымыз жетпістен асқанда бірімізге біріміз енді жүрер жолымызды сызып береміз бе? – деді, салқын үнмен.
– Менде ондай ой жоқ, құдай сақтасын, бірақ марқұмдарды кейіпкер етпестен бұрын, өзіңнің: «Ақын болып бірдеңе жазарымда халық болып алдымен ойлап алам» дегенің бар ғой, соны ұмытпасаң деймін, Қадырия! – деп әзілге сайдыра сөйлеп, қолтығынан ұстай беріп едім, ол тез бұрылып, ғимаратқа қайтадан кіріп кетті. Мен трамвай аялдамасын қарай аяңдадым.
Әрине, Қадыриямның ол қылығына қайран қалдым.
Арада айға жуық уақыт өте бере Қадырия телефон шалып:
– Ғаббасия, «хал жақсы, иә?» – деп әдетте өзіне айтатын сөзімді өзіме қайталап, біреу қытықтап тұрғандай ішек-сілесі қата күлгені. Мен еріксіз қосыла күлдім. Сөйтіп, екеуіміз «Қадырия – Ғаббасия» қалыбымызды қайтадан таптық!..
Ғинаятұлының өлеңдерінен тағыда бірнеше үзінді келтіргім келіп кетті-ау!.. Ренжімегейсіздер. Жақсы сөз жалықтырмайды ғой.
Туған елге алпыста да баламын.
Далам жайлы айтылады әлі әнім.
Бола алмасам маңдайалды,
Бірінші…
Ең ақырғы қазақ болып қаламын!..
(«Халық»).
Маған сыйлаған «Қылыш пен қанжар» жыр жинағының «ерекше беташарындағы» өлеңінің бұл шумағына орайластыра бір параққа:
Бірінші болу міндет емес,
Ең ақырғы болма тек.
Халық болып ойлай білсең,
Ақын болу оңай тимек»,
– деп әзіл жазып, алты бүктеп алып, үш күннен соң Жазушылар одағында кездесе қалғанымызда: «Қадырия, бұл менің бәйбішемнен сәлем хат, «шәйін ішіп отырып оқысын» деді», деп, пенжағының жанқалтасына сүңгітіп жібердім. Қадырия: «Сенің бәйбішең жазғанды әуелі менің бәйбішем оқиды ендеше! Айта бар», деп әдеттегісінше оң қолының сұқсаусағын безей қуақылана күлді. Ертеңінде телефон шалып: «Ғаббасия, бәйбішеңді менің бірайлық курсыма берсең, тәп-тәуір ақын болып шығар еді, шошыма, шошыма, ақысыз оқытамын, ақысыз!» деді. Екеуіміз күлкінің «тай бәйгесін» жасадық.
Біледі жердің парқын кім,
Білмегендіктен тозды адам.
Ақымақтығынан әркімнің
Аздың-ау біраз, Боз Далам!
(«Күні кеше»).
Ана тілің, біліп қой,–
Еркіндігің, теңдігің.
Ана тілің, біліп қой, –
Мақтанышың, елдігің.
Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!
***
Ақын көзі жұмылмас,
Жырдың көзі жұмылмай
Елдің туы жығылмас,
Тілдің туы жығылмай.
(«Ана тілі»).
…Алпыс жылдықтарымыздың алдында Тұмаш та, Қадырия да «Қазақ әдебиеті» гәзетінде шығарған жыр топтамаларына маған арнаған әзіл өлеңдерін қосыпты. Оқыған жолдас-жораларымыз телефон соғып: «Ай, құрдастар-ай, бәрекелді! Жүз жасаңдар!» деп риза болысты. Екеуінің де әзіл нысанасы менің жазмыштың бұйрығымен екінші рет үйленгендігім болды. Қадырия: “Ғаббас жасарды, енді бізге жолай қоймас”, деп сыпайыласа, Тұмаш: “Жас қатын алып, өрге озды”, деп төтелепті.
Сол күндері ақын құрдастар бір-біріне де әзіл өлең жазды, бірақ гәзетке ұсынбады. Қадырия маған көшірмесін берді, ал Тұмаш әне-мінелеп, өзі де ұмытты, маған да ұмыттырды. Қадырияның шығармасы былайша:
ПОРТРЕТ
немесе Тұманбай Молдағалиев басынан бақайына дейін
Мен айтсам,
Сен айтсаң да, дұрыс бүгін.
Қарымта қайыруға тиістімін.
Ұқсайсың сыртыңнан да,
Қырыңнан да –
Бар ма еді Винни-пухпен туыстығың?!
Су кешіп қара күзде толарсақтан
Өстік біз,
Жан емеспіз өнер сатқан.
Ақынсың,
Ақынсың ғой,
Дегенменен,
Ұқсайсың байып алған коммерсантқа!
Жыр бақтың,
Өнер бақтың,
Басқа бақпай.
Келесің тура тартып,
Босқа лақпай.
Құдайым аямаған сенен түк те:
Басың да бас емес-ау, –
Асқабақтай.
Қасқырдың тойып алған арланындай
Күржік дос,
Басқаларда бар ма мұндай?!
Көлбемей,
Әжімің де тіп-тік түскен,
Дурдомның темір шыбық шарбағындай.
Тұрады нөсер жырың кілең құйып,
Жасайсың дөңгелентіп өлеңді иіп.
Қалқиған анау екі құлақпенен
Қалайша болмай қалдың Тілендиев?!
Оқуға қай уақытта Ел ерінді?!
Силайды халық әсте өнеріңді.
Құдайым ерінді де берген саған,
Қамтитын бір сүйгенде он ерінді!
Жолықсаң айдай сұлу бір аруға,
Дайынсың көзіңді ұзақ суаруға.
Тақтайдай кластағы жауырының,
Болады бормен есеп шығаруға.
Жазбайсың сен өлеңді ерігіп құр,
Ерігіп.
Әйтпесе не зерігіп бір…
Айтпақшы, айналайын қарыныңнан,
Туғаның доңыз жылы көрініп тұр!
Толықтау болмысыңнан бәйтерегім,
Сен жайлы ұзақ әзіл айтар едім…
Әйтеуір екі аяғың түзу біткен,
Бергенде Бектің бұтын, қайтер едің?
Шүкір де!
Гүлдей бергін, солмағайсың.
Алпыста қызға күлкі болмағайсың.
Қоңыздай «Москвич» ең күні кеше,
Қазірде «ГАЗ-З1» – «Волгадайсың»!
Болмайды сұлу елдің шалы мұндай,
Сыптай ең ол кез, жаздың сағымындай.
Барасың күннен күнге жұмырланып,
Бүгінгі Сорбұлақтың балығындай.
О, ТҰМАШ! Ерекше бір таңдай қағып,
Өлеңнің ең сұлуын таңдайды уақыт.
Бұралған тал-шыбықтай жырларыңның
Өзіңе тартпағаны қандай бақыт?!
Қадыр МЫРЗАЛИЕВ. 1995, ақпан.
«Қарымта қайыруға тиістімін» дегені – Тұманбайдың әзіл өлеңіне жауап бергені. Тұманбай әзілінің түпнұсқасы қолыма тимеді, не Тұмаштан, не Қадыриядан көшірмесін алу ойыма келмепті. Екеуінің мұрағаттарында жатқан шығар.
Қадыр атаған Бек – жазушы құрдасымыз Бек Тоғысбаев. Марқұм ортадан пәстеу бойы бар, семізше, қомытаяқтау еді. Аюдың баласына ұқсатып, оны «Қонжықеке» деп қағытып жүретінмін. Жақсы әнші, ақкөңіл азамат еді. Әуелде аты Совхозбек болатын. Кейін «совхозын» алып тастап, «Бек» болып шықты. Алпыс жылдығын ауылында, Бақанаста, тойлап отырғанымызда, аянбай мақтаған құттықтау сөзімді: «Бұл өмірде неше түрлі қызық-шыжық болып жатыр ғой, қайсыбірін айтарсың. Совхоздың бір тышқақ лағын ұрлаған кісі сотталады да, совхоздың өзін тұтастай қылғып қойғандар дәріптеледі» деп аяқтағанымда Мәдениет үйінің залы толы жұрт ду күлді. Бек: «Әй, қысқа жігіт, саған дауа жоқ» деп қосыла күлді. Ол мені «Қысқа жігіт» дейтін еді…
Тұмаш пен Қадырдың маған арнаған әзіл өлеңдеріне, «ескі жынды шақырып» дегендей, өлеңмен қайтарған қарымтам мынау:
Мың тоғыз жүз отыз бес – керемет жыл,
Керемет жыл басында Қадекең тұр.
«Доңызымыз» Тұмашты сылап-сипап,
Шыр бітірмей Қадырға қыдиып жүр.
Ақша күреп Қадекең, ақыл бермек,
Өсиетті ағылтып тәтті, кермек.
Қызыл тілін – біз етіп сыпылдатып,
Салтанатпен жарысып тоқып өрнек.
«Балаусаның», шіркін-ай, үптері аз,
Жыл сайынғы бір жинақ етер ме мәз?!
Стипендия, бар болғыр, ол да біреу,
Бывший нардеп мәзірі – өкпе мен наз.
***
Бас – домалақ, бет – анау, көзі – сығыр,
Қарны ерек Тұманбай – ол да бір дүр.
«Жетім болып келіп ем дүниеге,
Өтем бе, – деп, – жетім боп?!» опынып жүр.
Шаш ағарды, сұйылды… қайтсін шіркін.
Ақша толып «көрген жоқ» қалта бір күн.
Төрт-ақ мәшін – астында ауысқаны,
Үш-ақ пәтер – алғаны дүркін-дүркін.
Ал жылына шығарып екі-ақ кітап,
«Қорлығына» заманның жүр ғой шыдап.
«Кәрі қатын» қасында тәулік бойы…
Қайсы бірін айтсын-ай тілін сылап!
***
Қос лауреат, қос Халжаз – «монғол», «ноғай»,
Екеуіңе еліктеп сыздым нобай.
«Бергеніне құдайдың шүкір!» десіп,
Бай пейілмен жүріңдер бұдан былай!
Мұндағы: «доңызымыз» – туған жылымыздың атауы; Салтанат – Қадырияның бәйбішесі; «Балауса» – Қадырия директоры болған баспа; лауреат – екеуінің «Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері» және Халжаз – «Халық жазушысы» атақтары. Ал үшеуіміз оңаша кездесе қалғанымызда Қадыр Тұманбайды «монғол, монголоид» деп, Тұмаш Қадырды «ноғай, ей!» деп әжуалай әзілдесетін. Екеуі бірін бірі кіршіксіз силап, қалтқысыз құрметтейтін.
…Қадыр дүниеге 1935-жылы келгендердің Көшбасшысы еді. Біз жасы 76-дан жиырма күн асқан сол Көшбасшымыздан көз жазып, көшіміз тығырыққа тап болып, жүгіміз ауып тұрып қалдық… «Қымбат құрдасым Қадыр! Қайран Қадырия! Ойың озық, өрең биік еді. Өнегелі өлеңдеріңді, тапқыр сөздеріңді, әзілмен өрілетін өткір қалжыңыңды сағынатын болдым. Екеуара болған сол қалжыңдардың, анау-мынау әңгімелердің әлдебір айналым-бұрылысында көңіліңе дақ түсіріп алған кезім болса, кешіре гөр! Жаның жәннәта болсын! Ғаббасияң» деп қала бердім.
Аяулы ақынымыздың ақырғы бір өлеңі «Жоқ, өлмеймін!» былайша:
Көк дауылмен жағаласып кемеміз,
Көк мұхитта қақпақыл боп келеміз.
Өстіп жүріп бір күні
Өлеміз-ау,
Өлеміз-ау,
Өлеміз!
Кейбіреулер соны неге ұқпайды? –
Қадалады жүрегіме мық-қайғы.
Мен де өлемін,
Менің, бірақ, есімім
Жазушылар тізімінен шықпайды!
Пендемін ғой,
Тау болсам да шөгер ем.
Гүлдей солам,
Бірақ, қайта көгерем:
Тірілердің көзіне оттай басылар
Талай-талай немерем мен шөберем.
Өліп-өшкен ғашық жігіт
Күніне
Мендік көзбен қарар сүйген гүліне.
Мен болмаспын,
Бірақ, сөзім оралар
Сайрап тұрған шешендердің тілінде.
Жүрек неге,
Өкпе неге алқынды?
Қимайды ма өте шыққан бал күнді?
Әдемі әзіл бір кездерде мен айтқан,
Әлі талай ду күлдірер Халқымды.
Амал қанша?!
Татар дәмім таусылды,
Қабірстан құшағымен қаусырды…
Жоқ!
Өлмеймін!
Елім талай естиді
Лентаға жазып алған даусымды!
Кейбір жырым дән ұшырып қырманда,
Кейбір жырым бақташы боп жүр маңда.
Жоқ!
Өлмеймін!
Правом жоқ өлуге,
Сөз силайтын Халқым аман тұрғанда!
Әрине. Халқы аманда Қадір тірі!
Халқы, Ел-жұрты Ақынының аруағын әспеттеп, ол туып-өскен өңірдің кіндік қаласы – Оралда «Қадыр Мырза Әлі атындағы Мәдениет және шығармашылық орталығын» салуды қолға алыпты. Аяулы Ақынның өнегелі өмірін баяндайтын әдеби-ғылыми шежіре сонда болмақ. Қадырдың отбасы: бәйбішесі Салтанат пен балалары – Қуаныш, Қазыбек, Ғазиз ол 57 жыл тұрған Алматыдағы ғажап бай кітапханасын сол Орталыққа тарту етті.
Бұл шапағатты, шарапатты шаралар көргеннің ғана емес, естігеннің де шүкіршілік сүйінішін еселеген игілікті іс болады!
2015-жыл, қаңтар айы.
ҚУАН, ҚАЗАҚ!
Егер менде ақындық дарынның тарыдай бір түйірі болса (ақындық дарымаған соң, міне, оның немен өлшенетінін де білмей отырмын), онда:
«Қуан, Қазақ, Ақ Жайықтай көсіле,
Көңіліңде Қадыр жыры есіле!
Ақ Ертіске қуанышың құйылсын,
Қадыр Нұры – баршамызға несібе!
– деп бір шалқыр едім. Алайда бүгін бәрі бір шат-шадыман күйдемін. Қадыр Мырза Әли елінің Әкім Нұрлан Ноғаев бас болған азаматтары қазақтың мәңгі-бақи жасар перзенті Қадыр есімі берілген Мәдениет және өнер орталығын ашып, ортасына ақынның асқақ ескерткішін орнатыпты! Уа, бәрекелді!.. Елі мен Ерінің егіздей болғаны қандай, шіркін!
Ау, ҚАДЫРИЯ! Осындай елі бар сен қандай бақытты едің! «Ғаббасияң сенің қоладан құйылған мүсініңді телеэкраннан, гәзет беттерінен көріп, Алтайының шыңына шыққандай, Орал өңіріне көз жіберіп, сені іздеп, тауып алғандай, қымбат құрдастық әдемі әзіліңді тыңдағандай болып, Көктем-қуаныш пен Күз-сағыныштың құшағында отыр. Кәне, басташы: «Ғаббасия!» деп, мен қостайын: «Қадырия, хал жақсы, иә?» деп. Дауысыңды естімегеніме, дидарыңды көрмегеніме төрт жыл болды ғой! Сағындым ғой!..
Ғаббасияң.
12. 06. 2015 ж.
Неге асықтың?..
Беу, Қадырия!.. Міне, 2020-жыл келді. Жаңа жыл. Жаңа болғанын қайтейін… сен жоқсың, Тұмашым да, Үмбекем де, Жұмекем де жоқ. Бір жылғы төл едік-ау!.. Ғұмырымдағы 85-ші қаңтар… бұл – сен дүние есігін іңгәләп ашқан ай ғой. 5-нші күнінде. Осы күні жыр жинақтарыңды кітапханамнан алдыма әдейілеп жинап қойып, шолып, оқып, сенің әзіл күлкімен көмкерілгендей жүзіңді бір сәт көргендей, қуақы әуенді ашық үніңді бір сәт естігендей тәтті мұңлы күй кешемін. «Бақиға неге асықты екен?» деген пендешілік сауал сыбырлайды. Оған: «Қадырдың «Жазмыш» атты кітабын оқымаған екенсің» деп жауап қайтарамын. Е, бақиға баруға асыққан адам болған ба екен?.. Асықтырған соң, аялдау қайда. Жазмыш.